Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

КЕҢЕСУ

I

Сақалыма, шашыма қарайды да,

Білгірсымақ ағаға санайды да,

Ақыл сұрар жас жігіт, білмеймін мен.

Қолайсыз ба айтарым, қолайлы ма

Дейді маған: «Ағатай, үйленемін,

Үйленемін десем де именемін.

Сыйластыққа қандайы жақсы болмақ,

Кәрі шешем бар еді үйде менің?»

Не деу керек осындай жігіттерге,

Жарар ма шал қыздарды іріктеуге!

Сүйгеніңді ал десем үйреншік сөз,

Тың ақылым тағы жоқ үгіттеуге.

Ал, әкелер, шешелер қыз өсірген,

Аңғарыңдар, бірдеңе кеңесімнен.

Ащы тілді адуын қыз ұзатып,

Жатпайықшы ұятқа белден батып.

II

Бір келіншек балдырған алдыма кеп

Ақтарыла ағынан айтты тілек:

– Қайту керек, жасырмай айтыңызшы,

Сүйгеніңнен суынып қалса жүрек!

Ант ішкен-ді, ағатай, сүйемін деп,

Сенсіз жерде жанамын, күйемін деп.

Оған мен де жаныммен беріліп ем,

Таңдап тапқан талайдан күйеуім деп.

Ай өтпей-ақ бұзылды сабындай боп,

Өткен қызық жоғалды сағымдай боп.

Сыйласынан қызғанып келіп кеткен

Шауып алар қарайды жауымдай боп.

Ішіп алса еліріп бөседі де,

Жынданғандай жатпайды төсегіне.

Ақ ит кіріп, аузынан қара ит шығып,

Қиратады шайнек пен кесені де.

Өз тапқанын шашып кеп арағына,

Үйде жейтін жетпейді тамағына.

Кеткен сайын есікке құлып салып,

Жібермейді оқитын сабағыма.

Енді кәйттім, ағажан, өлейін бе,

Тағдырыма талансыз көнейін бе?

Сеніп сізге қалайша сыр айтпаймын,

Зарым сайрап тұрған соң көмейімде.

Көп оқып ем ақынның өлеңдерін,

Жастай досым боп еді өлең менің.

Мені неге бар болса сүйемейді,

Қайда әлгі махаббат дегендерің?

Не деу керек, жас ақын? Білмедім мен.

Махаббатты жырлаушы ең күнде өлеңмен.

Жауап қайтар, жас досым, ойлан – дағы

Тұрып қалды бір сұрақ көлденеңнен.

Сүю деуші ең көбін - ақ жаласқанның,

Алдын кесіп айтпаушы ек адасқанның.

Сезімдерді сайтандық тез тұтантып,

Ұятына отырмыз енді батып.