Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

ҚЫЗ БЕН КҮЙШІ

Көрген бір айналып қарардай,

Сұлу қыз қылықты ерке еді

Талайлар маңына бара алмай,

Көбінің жанын ол өртеді.

Әйтсе де шоқ, жоқ қой жастыққа,

Қашанғы ол өзін ұстасын.

Әуелі берілді бастыққа

Мазасыз махаббат қысқасын.

Ләззәтін татты да өмірдің,

Кетті ол тізгінін жия алмай.

Желігін баса алмай көңілдің,

Қызығын кештердің қия алмай.

Жалықты ақыры жастардан

Шаршады десек те болардай.

Сұхбатқа қашанғы басталған

Жүрді қыз қашқақтап оралмай.

Күндерде кездесіп танысты

Бір кәні күйшімен әйгілі.

Көздер де күлімдеп қалысты,

Ұмытты кәрілік қайғыны.

Қутыңдап сұлуға қарайды,

Көзінде сыр жатыр көптеген.

Мұндайда домбыра қолайлы

Шертуге сол сырды еппенен.

Қос ішек қосыла зарлаған

Махаббат зардабын жұқтырды.

Сұлуға жүрегін арнаған

Сездірмей өзгеге ұқтырды.

Күй жеңіп сұлудың сезімін,

Қалғыған хиялын оятты.

Кәріге берді еркін өзінің,

Табуға тағы бір тоятты.

Түн өтті, күн өтті, ай өтті,

Ыстығы басылды кәрінің.

Шошиды ол жастықтан құдіретті,

Сезеді ол кеткенін әлінің.

Мұңайып сұлуға ол қарады,

Көзінде сыр жатыр көптеген.

Мұндайда домбыра қолайлы

Шертуге сол мұңды еппенен.

Күледі сиқыр қыз ұрланып,

Жақын ол байғұсты аяуға.

Кәрі отыр күйіктен ыңыранып,

Ұқсайды адасқан жаяуға.

Сақтай көр, құдайым ондайдан

Киліккен мазасыз бейнеттен.

Қызық қой отырып одан да

Қызыңа даналық үйреткен.

***

Жасында жаны дүлей, сотқар еді,

Қызыл көз, қисық маңдай қошқар еді,

Адал мен әлсіздерді сүзіп берсе

Әрең деп арашаға тоқтар еді.

Білмейтін ұят, обал дегеніңді,

Кірлейтін ерлігіңді, өнеріңді.

Айтатын ағайынға мақтан үшін

Желкеңнен сығып алса жегеніңді.

Қарашы, енді міне тұлғасына:

Қадалған қарақшыдай қыр басына.

Жарбиып жапалақтай жалғыз қапты,

Жоқ оның сырласы да, құрдасы да.

Жоқ оның құрдасы да, мұңдасы да,

Қорқады сырын ашып шыңдасуға.

Кешегі жаны дүлей сотқарыңның

Жетпепті жақсылығы бір басына.

Аяңдар, о, достарым, бұл ағайды,

Мүсәпір мысқылға да шыдамайды.

Үйінде жатсын тыныш, өтсін тыныш,

Енді ешкім одан жауап сұрамайды.