Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

АҚ СӘУЛЕ

Қара жер, көк құрақ, қызыл гүл,

Көк аспан, көк теңіз мөп-мөлдір,

Жарық күн жарқырап жанып тұр

Дүниені ақ сәуле жауып тұр.

Ақ сәуле жайнатты жерімді,

Көгертті көгімді, көлімді.

Қып-қызыл қызартты гүлімді,

Күлдірді қызымды, ұлымды.

– Күн! - дейді құстар да сайраған,

– Күн! - дейді сәби де ойнаған.

Жердің де тілі бар: - Күн! - дейді,

Шөптің де тілі бар: - Күн! - дейді.

Ақ сәуле жарығы жетпеген,

Ақ сәуле жылуы өтпеген

Бар ма екен биіктер, тереңдер?

Қорқамын, бар екен демеңдер.

Бар екен, қорықсам да айтамын,

Сүймеймін сөздердің жалтағын.

Бар екен: кеуделер, көңілдер

Қараңғы, қап-қара көмірден.

Ақ сәуле, жібіттің жерімді,

Көгерттің көгімді, көлімді.

Жылытшы мұп-мұздай жүректі,

Ағартшы қап-қара көңілді!