Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

ЖАЛҒАН МАҚТАУШЫЛАРҒА

Апырым-ау, бұл не, мақтау ма,

Сенемін деуге сияр ма?

Тірідей әлде жоқтау ма,

Жоқтауға кісі қияр ма?

«Мақтау аз, мақтан етеміз,

Мақтасақ - мақтанғанымыз,

Мақтасақ - жақтағанымыз,

Ақ тұзын ақтағанымыз»

Деп тұр ғой мына сайрағыш,

Көңліміз шын - ақ толмас па?

Сөзбенен шебер ойнағыш

Жонглер десек болмас па!

Кетірді - ау әбден мазаңды

Үйде де есік қағылып.

Алпыстан асқан адамды

Ұйықтатар емес жабылып.

Бірі кеп басын иіп тұр:

Кемеңгер данышпаным деп,

Бірі кеп тағы ұйып тұр:

Азулым, арыстаным деп.

Соқты кеп бірі дабылын,

Трубач та қосты өз үнін.

Аяймын аға сабырын,

Тоздырар болды-ау төзімін.

Өкім бе, бұл не, түсім бе?

«Қойыңдар!» - десе көнбеді - ау.

Жырлайтын әлді кісіге

Ойланар мұрша бермеді - ау.