Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

МЕН

Мен сырымды көргем жоқ бүркеп бұлтқа,

Күн сияқты айқынмын барлық жұртқа.

Жүрегім де соғады ұрланбастан!

Өмір сүріп келемін пұлданбастан.

Мен тойынған емеспін несиеге,

Әзірлігім тағы жоқ пенсиеге.

Қой бағатын өрісте ұзақты күн –

Қойшының сақ құлағы сияқтымын.

Міндетім жоқ ешкімге асырарлық,

Күнәм да жоқ күмілжір, бас ұрарлық.

Екі көзім ақылшым, бақылаушым,

Екі қолым - қаруым, асыраушым.

Іздемедім жеңілдік, іздемеймін,

Жағу үшін ешкімге «сіз» демеймін.

Білем жөнін өмірдің, сауаттымын,

Өз көзіме, қолыма жауаптымын.

Біреу жүйрік жел жетпес, біреу жортақ,

Ажал, бейнет, қуаныш әмбеге ортақ.

Озған озсын, қызғанып күндемеймін,

Бейнет тартса басқаны кірлемеймін.

Өз балғам бар соғатын болдырғанша

Кәрілік ит тұғырға қондырғанша.

Қаға берем шегемді тындырғанша,

Білегімді ажал кеп сындырғанша.