Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

БІЛДІРМЕН ӘЛСІЗДІГІҢДІ

Білдірмен әлсіздігімді.

Білдірмен әсте жат жанға.

Көтере берем жүгімді,

Күдіктен көңлім жасқанба.

Дұшпаным маған үңілме,

Іздеме жұқа жерімді.

Әлсіздік бар ма түрімде,

Көре ғой ырғап белімді.

Белімді саған бермеймін,

Намысым берік шойыннан.

Сенімсіздерге сенбеймін,

Сыр алдырман бойымнан.

Әдейі жүрем айбарлы,

Дұшпаным сезік алардай,

Тауымның қарлы шыңдары

Асылсам қирап қалардай.

Достардың жөні бір бөлек,

Олардан сыр жоқ жасырын.

Белгілі құрбы – құрдасқа

Асылым менен жасығым.