Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

ЖАСАСЫН

Тілеуші ем - ұлымның, қызымның өскенін,

Көрмесем деуші едім бірінің өшкенін.

Бірақ мен көзіммен көрем деп сенбеуші ем

Үйімнен үй шығып, енші алып көшкенін.

Ғажайып, ағайын, бұл неткен ғажайып,

Шаңырағым ордалы - үлкен үй атанды.

Молайдым, кетпедім құлдырай азайып,

Кәдімгі киелі егделер қатарлы.

Асиям үй болды, Зепуным үй болды,

Рүстем де мінеки, отауын көтерді.

Түп-түгел өзімнің ұрпағым үйленді,

Ал кәне, бастаңдар күйлерді, билерді.

Балалар! Қорықпаңдар болдық деп балалы,

Түспейді сендерге нәресте салмағы.

Кемпір-шал бәрін де алады, бағады

Сонымен тарқайды қарттықтың толғағы.

Көбейсін, көркейсін, гүлденсін ұрпағы

Бүгінгі қартайған Әбділда, Сараның!

Жасай бер, жауынгер тарланбоз кәрілер,

Көбейткен Отанның өр кеуде адамын.