Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

ТӨРТ ЖОЛДАР

О, аспанның аласапыран бұлттары,

Түнермеңдер, төндірмеңдер уайымды.

Жетпей жатса сайтанға атар оттарың

Алсаңдаршы менің нажағайымды!

***

Жүрсем де кейде күйсіз көңілім мұңды,

Достардан табам іздеп бақытымды.

Сол бір кез - досым үшін сергіген шақ

Ашқаны зор бақыттың маған құшақ.

***

Кейде отырсам сыпайы, жақсы болып,

Кейде кеткім келеді бақсы болып.

Қиын істер бастауға қиналамын

Керегінде шабытым тапшы болып.

***

Тірек болам деп жүрсем теректей-ақ,

Барлық жұртқа мен ғана керектей – ақ.

Құдай емес, қоянның бірі екенмін,

Әуре болып әншейін жүр екенмін.

***

Ағасы жаратылса бардан - жоқтан,

Інісі жаратылған жанған оттан.

«Аға ақылды болуға тиісті», - деп

Үлкенсымақ кішіге айтар тоқтам.

***

Білемін – адам оңай жыламайды,

Ешкімнен арзан құрмет сұрамайды.

Ерліктің түзім менен анасы жер,

Жер басып тұрғанда адам құламайды.

***

Біреулер - манаурап шуаққа жылынғыш

Біреулер - сұранып боранға ұрынғыш,

Біреулер - берілгіш тыншытпас ойларға,

Біреулер - бақытты мысықша тойынған.

***

Біреудің әсем көңілі құштарлықта,

Біреудің бәсең пейлі іштарлықта.

Жақсының жарқылдаған жаны жомарт,

Жаманның жаны бейім дұшпандыққа.

***

Мен жерімде тауымның бір тасымын,

Орманымның бірге өскен құрдасымын.

Сыбырлаған құрақтың сырласымын,

Күбірлеген бұлақтың мұңдасымын.

***

Ағады өзендер тұнғанша,

Шабады семсерлер сынғанша.

Жанады жарықтар сөнгенше

Қимылдар алыптар өлгенше.