Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

МЕН БОСҚА АЛПЫСҚА КЕЛГЕМ ЖОҚ

Біреуге бас ұрып, зорсынып,

Біреуге үстемсіп, қорсынып,

Біреуді тең көріп менсініп,

Біреуді өзімнен кемсініп

Тіпті мен көргем жоқ.

Төзбедім сезінсем кемшілік,

Тіленіп алмадым кеңшілік,

Жұқарта алмадым таршылық,

Құтырта қоймады молшылық,

Сонда да өлгем жоқ.

Талайлар алдады, арбады,

Еркімді сиқырлап алғалы,

Талайлар желкелеп зорлады

Талдырып құрбанға шалғалы,

Еркімді бергем жоқ.

Міне енді алпысқа таяумын,

Ұққышпын сырларын бояудың.

Білемін кімнен жөн сұрауды,

Білемін кім үшін жылауды,

Мен босқа алпысқа келгем жоқ!

***

Кейде мен сезгенмін бойымның салмағын

Теңіз бен таулардан ауырдай.

Соны мен қалайша көгере алғанмын

Сүйегім майыспай, ауырмай.

Кейде мен сезгенмін бойымның салмағын

Түтілген түбіттен жеңілдей.

Сон да мен қалайша ап - аман қалғанмын

Жел айдап шашылмай – төгілмей.