ОТЕГЕН БАТЫР

«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН

ЖҮЗ ТОМДЫҚ

ТАРИХИ ЖЫР

ӨТЕГЕН БАТЫР

Біздің қазақ халқы бұрын қалмақ, қырғыз, өзбек болып, төрт ұлтқа бөлініп, бірін-бірі әлі келгенін шауып алып, білегінің күші, найзасының ұшымен бірін-бірі езіп-жаншып жүрген еді. Содан қалмақты жаулап, қазақ жерінен қытай жеріне аударды. Содан қазақ бірбеткей болып, қазақ ішінде ұлы жүздің баласы қырғызбен өте жауласып, шабысып, бірін-бірі қуғын-сүргінге салып жүрді. Онан соң қазақ халқы үш жүздің баласына бөлініп, ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз болып, үш жікке бөлініп жүрді.

Ол уақыттағы билеушілер хандар болды. Ақсүйектің тұқымынан хан көтерді. Хандардың қабырғалы билері болып, олар өздернің білгенін істеп жүрді. Хандардың мақсаты әлі келгенін шауып алу, талау, қан төгу болды. Содан біздің қазақ халқы орысқа қарамай тұрып өздері: «Орыс деген жұрт бар. Әліміз келсе, орысқа қараймыз», – деп жүрген еді. Сол кезде қазақтың ұлы жүз руынан 1730. жылдар шамасында Өтеген деген батыр шыққан. Ол Өтеген ұлы жүз дулат нәсілінен, Сырымбет деген атаның тұқымынан шықты.

Өтеген батыр есі кіріп, ат жалын тартып мінгеннен кейін қоныс қарай бастаған. Ер жетіп, толық адам болғаннан кейін: – үбі осы Жетісу жеріміз бізге қонысқа жарамайды. Себебі,бұл жеді түбінде орыс деген халық алады. Оған қарсы тұра алмаймыз. Себебі, іздің қазақ халқы өте надан, айласы, күші жоқ. Сондықтан оған еркіміз кетіп қарағанша, бір оңаша жер-су тауып, әрісі қазақ халқын тегіс қоныстандыру, иә болмаса, тілімді алған қазақты құтқарамын», – деп жар салған. Тегінде «орысқа бағынбаймыз» деген Өтеген батырдың басқа қазаққа пікір-санасы қосылмаған. Себебі, азақ халқының бәрін бірдей көріп, қазақтың қамын жеген.

«Қамалда қалдың-ау!» деп көп зарлаған. Және өзінің кереметі – нақ төбесінде бір қарыстай екі мүйізіболған екен. Бірақ қан төгуді қаламаған кісі.

Жалғыз-ақ қоныс іздеуде болған. Содан өзінің Аюса деген баласымен, елу кісімен екі айғыр үйірлі жылқы айдап, қару-жарағын асынып, ел-жұртымен қош айтысып, әуелі күн шығысқа қарай бет алған. Сол жүргеннен жүріп Қытай тарапына барып, күннің шығысына жеткен.

Әмударияны көріп, одан төмендеп, күннің батысын көздеген. Одан Ақтөбе беттеп, бір Қазан деген жерді басып, қырық күншілік шөлден, қырық күншілік жолдан өтіп, Жиделі Байсын деген жерге барып қайтқан. Жеті қырғыздың Алатауын тегісінен аралағанға ұқсайды. Оны толық ешкім білмейді. Себебі, Атбасы, Нарын деген жерлерде Өтегеннің тасқа басылған мүйізді суретін көрген кісілер бар. Ақыры 17 жыл жер қарап келген. Сондағы көріп білген ғажайып әңгімесін Жамбыл қарт өлеңмен суреттеп айтады.

Жер танабын алғаннан,

Сөзім болмас жалғаннан.

Бұғыдай мүйіз көтерген,

Қасқараудан шыққан Өтеген

Төрт жақтан жер қараған,

Асыл нұрдан жаралған.

Барып қайтты Өтеген

Күннің шыққан жеріне.

Тегісімен аралап,

10. Қытай, Бежін еліне.

Одан қоныс таба алмай,

Орыстың кетті шебіне.

Орысты көріп тұра алмай,

Ішіне оның кіре алмай.

«Мұның жүзі құрысын» еп,

Одан қоныс таба алмай,

Қорқыттың түсті жолына.

Неше жылдай жол жүріп,

Аз ғана емес мол жүріп,

20. Сырттан жолды таба алмай,

Келіп түсті Өтеген,

Қарсықұзар жолына.

Жылқысы болса айдаулы,

Қымызы болса байлаулы.

Жау-жарағы тегіс сай,

Қылыш болса қайраулы.

Жетіп келді батырлар

Ақтөбенің өзіне.

Үстне шығып шатырлар,

30. Жатты біраз сол жерде.

Сондықтан Өтеген батыр жерді шалып, біраз күн Ақтөбеде жатады. Сол жерде бір айдаһарға кез болады. Енді сол айдаһардың әңгімесі сөйленеді.

Өтеген батыр өткен заманында,

Заманның біраз жүріп қамалында.

«Жақсы қоныс жер жүзінен табамын» деп,

Қыдырған жаһан кезіп аманынында.

Жан білмеген Өтегеннің ақылын-ай,

Кез болып замананың тақырына-ай.

Ат жалын тартып мініп ер Өтеген

Өткізді дүниені сапырып-ай.

Өтеген Ақтөбеде жатты дейді,

40. Ас құйып, түрлі тамақ татты дейді.

Ішіп-жеп болғаннан соң төсек салып,

Ұйықтап бейхабарсыз жатты дейді.

Ел көзі тегіс ұйқыға батқан кезде,

Шаршағандар демалып жатқан кезде.

Жылқы үркіп, ел ұйықтаған жерге келді,

Тамаша бір іс болды көрер көзге.

Жылқылар үркіп келді қасына енді,

Оянып көтерді олар басын енді.

Бір жаман күлімсі иіс пайда болды

50. Азыды қорқып қанды жасын енді.

«Бұл неткен жаман иіс, ой, тоба!» деп,

Шуылдап қалды бәрі сасып енді.

Бұрын мұндай қысылшаң көрмегендер

Сескеніп олар қалды жасып енді.

– Не пәле болды, Өтеген батырым-ай,

Бастан кетті қорыққаннан ақылым-ай.

Қарашы жан-жаққа көзің салып,

Бір ажал келді білем, япырым-ай!

Өтеген өзі батыр, өзі мерген екен,

60. Мехнатты осы жерде көрген екен.

– Жолдастар, сабыр қылып, қорықпаңдар,

Бұл жерге бір айдаһар келген екен.

Байқаса бір айдаһар келген екен,

Келгенін Өтегеннің білген екен.

Зиянсыз айдаһардың келгендігін

Ақылмен ер Өтеген білген екен.

– Жолдастар, енді мұнан қорықпаңдар,

Тәуекел, не де болса сақ тұрыңдар.

Егер де зиян қылса қылар еді.

70. Бұл да бір мұқтажына келген шығар.

Таң атсын не де болса көрелік біз,

Мәнісін таң атқан соң білелік біз.

Құтылсақ аман-есен мақұлықтан,

Жол тартып жөнімізге жүрелік біз.

Бұл жерге бұл айдаһар бекер келмес,

Келгеннің жай-мәнісін білелік біз.

Егер де қастық қылса аямайды,

Сендердің ажарына қарамайды.

Күтелік сабырлықпен істің артын

80. Қорықпайық бекер қорқу жарамайды.

Егер де қастық қылса көрген заман,

Ешқандай біздерге бермес аман.

Ендігі бізді қоймай жұтар еді,

Мұнымен күресуге келмес шамаң.

Өтеген ақыл айтып, тоқтау салды,

Сонда да аз тоқталып, қайғыланды.

Ішінен қатты қорқып жолдастары,

Зар жылап түніменен күйіп-жанды.

Қорқысып бейшаралар жатты сонда,

90. Таң бозарып біразда атты сонда.

Қараса, бір айдаһар қоршап алған

Жолдасы қатты қорқып састы сонда.

Достары буыны құрып тұра алмады,

Бейшаралар не қыларын біле алмады.

Қараса айдаһардың түсі суық,

Маңына ешкім батып келе алмады.

Қан сиіп жылқылар тұр жерді тарпып,

Жолдастары жылайды қайғы тартып.

«Батыр, енді күніміз не болды?» деп,

100. Көзінен қанды жасын сорғалатып.

Атына ер Өтеген мінеді енді,

Үстіне қару-жарақ іледі енді.

«Сабыр» деп жолдасына тоқтау айтып,

Аяңдап айдаһарға келеді енді.

Жақындап айдаһарға келді дейді,

Көрдің бе Өтегендей ерді дейді.

Бүктеліп, есіліп, жүз бұралып,

Жарқырап екі көзі жатыр дейді.

Боз шұбар айдаһардың түрі дейді,

110. Ала теңбіл үстінде түгі дейді.

Дуалдай Өтегенді қоршап алған,

Тыныш жатыр, шықпайды үні дейді.

Өтеген айдаһарға мынадай жауап айтады:

– Ей, мақұлық, сен бізді алдың қоршап.

Біз келдік алыс жолдан арып-шаршап,

Қыдырған жаһан кезген біз – жолаушы,

Таба алмай жайлы қоныс, жүрмін аңсап.

Қоршап бізді ортаңа алғаныңыз,

Қорқытып, қайғы басқа салғаныңыз.

Қоршадың не себепті біздерді енді,

120. Бар болса білдіріңіз арманыңыз.

Бір жүрген жаһан кезіп мен – бір сері,

Жүреді мұндай жерде ердің ері.

Мекен қып айдаланы еркін жүрген

Жаратқан бір Алланың сен бір шері.

Мен келдім жаһан кезіп соның үшін,

Қыдырып жүрген менің бұл жұмысым.

Халқыма жайлы жерден қоныс табам,

Жол ашып бізге рұқсат бергін енді,

Жылаған көздің жасын көргін енді.

130. Сен де шерлі болғанда, мен де шерлі,

Қамалтпай жолаушыны жүргіз енді.

Айтқанын Өтегеннің білген енді,

Жақындап Өтегенге келген енді.

Жиырылып бір уақытта тыржың етіп,

Бір-екі саржадай жол берген енді.

Қуанып, жол берген соң бейшаралар,

Босанып қамауынан жүрген енді.

Көңілден қорқыныш үрей кетті,

Қысылып қалған екен бейшаралар,

140 Қатты жүріп, бірқатар жерге кетті.

Жолаушы жүре берді елбелеңдеп,

«Құдайдың салғанына бір көнем» деп,

Бес-алты шақырымдай жер барғанда,

Айдаһар ұшып түсті алдына кеп.

Айдаһар көлденеңдеп қалды жатып,

Қойды ғой жолаушыны таңырқатып.

«Құтылдық қой, – деген кезде, – бір бәледен»,

Көңілді тағы қойды жабырқатып.

Өтеген сонда батыр сөйлейді кеп:

150. – Не себептен жолды бізге бермедің? – деп.

Айтшы маған көңілдегі арманыңды,

Осынша қыр соңымнан қалмадың еріп.

Айдаһар сол уақыт ысқырды енді,

Жер сабап құйрығымен ышқынды енді.

Құйрығымен жіберді жерді ұрып,

Бұларға мұндай істі тұс қылды енді.

Қан сиіп сонда аттары жата қалды,

«Не мұқтажың бар?» деп Өтеген айта қалды.

Қара қазан, сары баланың қамы үшін

160. Өтеген бір басына шатақ алды.

Көзі тұр айдаһардың оттай жанып,

Айтуға тілі жоқ, тұр іші жанып.

Айдаһар жолға түсті ажағайлап,

Айдаһар жүріп берді тауға қарап,

Жарқырап екі көзі оттай жайнап.

Бес кісімен ер Өтеген келе жатыр,

Ойлайды «бұл қалай?» деп тамашалап.

Айдаһар келді таудың етегіне,

Өтеген қалмай, жүрді жетегіне.

170. Бес кісімен Өтегенді ертіп алып,

Өзінің келіп жетті мекеніне.

Таудан шығып екі айыр су ағып жатқан,

Мекені айдаһардың батыс жақтан.

Өзінше қазынасы болмақ керек

Отан ғып бұрыннан да бағып жатқан.

Өтеген таң қалады ерің енді,

Үңгірді тамашалап көріп енді.

Жер екен шаңдақтаған ойнағы бар,

Бұрын мұндай нәрсені көрмеп еді.

180. Айдаһар үңгірге кеп тұра қалды,

Мойынын Өтегенге бұра қалды.

Өтеген ишарат қып «тартынба» деп,

Көңіліне айдаһардың қуаныш салды.

Айдаһар үңгіріне кетті кіріп,

Өтеген қарап тұрды келген еріп.

Біраздан соң әлгі айдаһар шыға келді,

Қараса үсті-басы қан боп кеткен.

– Тартынба, тағы қайта кіргін, – деді,

Алланың не салғанын көргін, – деді.

190. Алысқан сен жауыңды алып шыққын,

Сонан соң ерлігімді көргін, – деді.

Қайтадан таудың асты дүрсілдеді,

Өтеген «Не болды?» деп күрсінді енді.

Өтеген ыңғайланып күтіп тұрды,

Намысты қолдан бекер берсін бе енді?

Бір уақытта екі айдаһар шыға келді,

Шыққанын ер Өтеген көзі көрді.

Тіресіп бірін-бірі тістелесіп,

Беттесе қатарынан тіке тұрды.

200. Қып-қызыл, жылтыр шұбар бір айдаһар,

Аузынан отты жалын, шығады зәр.

Мекенін айдаһардың тартып алып,

Жатқан екен ие боп, пейілі тар.

Бір кез басы анадан озып тұрды,

Батырдың ашуы кеп, қозып тұрды.

Қараса жас айдаһар күші басым,

Кәріні көп алысып зорықтырды.

Мылтығын ер Өтеген қолына алып,

Бұрыннан қойған еді оғын салып.

210. Атуға айдаһарды ыңғайланып,

Мылтығын тұра қалды бетіне алып.

Сол жерде айдаһарды атып салды,

Оқ тиіп маңдайынан жатып қалды.

Соғысын екеуінің көргеннен соң,

Азамат қызығына батып қалды.

Айдаһар шалқасынан құлады енді,

Қимылдаған жерінің бәрін бәрін шайнап.

Көңілін кәрі айдаһар тындырды енді,

Ерлігін ер Өтеген білгізді енді,

220. Хош қылып жолдастарын күлгізді енді.

Айдаһар суға аунап тазаланып,

Қайтадан төмен қарай жүргізді енді.

Жолымен қайта жүрді төмен қарай,

Айдаһар бастап келе жатыр қалмай.

Кейінгі жолдасына алып келді,

Айдаһар тағы жүрді тыным алмай.

Артынан кешке шейін ерген енді,

Ақылға ер Өтеген зергер енді.

Ілесіп айдаһармен келе жатыр,

230. Бір үлкен ну тоғайды көрген енді.

Айдаһар сол тоғайға кіріп кетті,

Артына қармастан жүріп кетті.

Жолдасын ертіп келген адастырып,

Бұларды таң-тамаша етіп кетті.

Сонда Өтеген батыр: «Бұл қалай?» – деп, қайран қалды да, – бұл жерге тегін алып келген жоқ қой. Бір ғажайып нәрсе бар ғой» – деп жан-жағына көзін салып қарайды. Сонда қараса бір жалғыз ақ үй көрінеді.

Ер Өтеген ал сонда,

Атының басын бұрады,

Әңгіме-дүкен құрады.

«Бұл тоғайда не бар?» деп,

Олай-бұлай қарады.

240. Қарап тұрса тоғайдан

Бір үлкен ақ үй көрінді.

«Айдалада отырған

Үй екен, – деп, – не қылған?»

Үйге таман барады.

Үй артына жетіп кеп,

Сөйлес хабар қылады.

Сол уақытта бір адам

Үйден жауап қылады.

Үйдегі адам мынандай жауап береді:

– Ер Өтеген сенбісің,

250. Қосын тартып жүрісің,

Бейуақытта келіпсің.

Осынша жерге келгенде,

Қасыңдағы жолдасың

Тұра қалсын далада.

Өзің аттан түсіп кеп,

Жайыңды айтқын, жан балам.

Әдеппен жүріп ақырын,

Үйге кіріп, сәлем береді.

Жол болсын айтып танысып,

260. Жай-мәнісін біледі,

Ол үйде қожа отыр екен.

Сонда Өтеген сөйлейді.

Сөйлегенде бүй дейді:

– Мен ғаріп айтқан сөзіме,

Қожам, құлақ сал, – дейді.

Арып келген жолаушы

Өтеген деген мен едім,

Жаһан кезген ер едім.

Қатын-бала қамы үшін

270. Қоныс іздеп кеп едім.

Мекен қылып отырған

Жетісу деген жер еді,

Үш Алматы кері еді,

Қазақ деген ел еді.

Көнелердің айтуы

Осы Жетісуды

Орыс алар деп еді.

Сол себептен бұл жерге

Өтегендей ғарібің

280. Қоныс іздеп кеп еді.

Жақсы қоныс бар болса,

Айтып бер, қожа, сен, – дейді.

Сонда қожаның жауабы:

– Ей, Өтеген батыр-ау,

Ел тіліңді алмайды-ау.

Айтқаныңа бағынып,

Назар соған салмайды-ау.

Әуре болып ел үшін,

Еңбегің сенің жанбайды-ау.

Шөлдегенің ел үшін,

290. Сусының сенің қанбайды-ау.

Қамы үшін еліңнің

Құрбан қыпсың жаныңды.

Өтеген, сен ер едің,

Қоныс іздеп кеп едің.

Қамы үшін еліңнің

Еңіреп туған ер едің.

Іздеп кепсің алыстан

Елің үшін, батырым.

Елдің сиқы алты ауыз,

300. Болмады-ау сенің көмегің.

Елің үшін туыпсың,

Жұртың үшін күйіпсің.

Әуреге сап басыңды:

«Тие ме, – деп, – жұртыңа

Тіршілікте себебің».

Ер Өтеген батырым,

Қырық шілтен, біз қосылып,

Бағып енді жатырмын.

Ел күзетіп олар жүр,

310. Дүниені аралап

Елдің біліп мәнісін.

Соныменен елсізді

Мекен қылып отырмын.

Ер Өтеген батырым,

Ауыр бейнет көріпсің.

Барсакелмес жолына

Құдай айдап түсіпсің.

Қауіп-қатер жолында,

Толып жатыр көрерің.

320. Зияндасты көргенде,

Сонда, батыр, сезесің.

Сонда Өтегеннің жауабы:

– Ешкім бұзып жөндемес

Тағдырдың салған қармағын.

Не болса да, қайтпаймын,

Көңілімде көп алғаным,

Ішімде кетер арманым.

Өтеген едім елімде

Туғаннан-ақ жағымды.

Дұшпан менің сындырып

330. Көрген емес сағымды.

Жаһан кездім ел үшін,

Қонысқа жайлы жер үшін,

Осынша жерге келгенде

Бір сынайын бағымды.

Жатыр дейді дос қылып,

Көңілім әбден хош қылып.

Қожаның жауабы:

– Ей, Өтеген, құлақ сал,

Бір ақыл саған айтайын.

Сол ақылды ұғып ал,

340. Асылыңды байқайын.

Дегеніңе жеткізсін,

Орындлып талабың.

Алғыр бүркіт секілді

Көрінеді қабағың.

Түнде барма үйіңе,

Күндіз барғын, шырағым.

Айтқанымды ұғып ал,

Сөзімді екен құлағың.

Әр іске сабыр ет,

350. Ақылменен жалғанның.

Жандырарсың шырағым,

Осы сапар көрерсің

Бұл жалғанның қыспағын.

Ашуың келсе егер де,

Арашалап сол қолың,

Оң қолыңды ұстасын.

Қош айтысып қожамен

Өтеген батыр кетеді.

Сәскелікке озып жүретін

360. Өтегеннің әдеті.

Жолаушылар жол жүріп,

Мезгілінде жерге жетеді.

Бірқатар күн жол жүріп,

Аз ғана емес мол жүріп,

Шықты қоңыр беліне.

Адам жақын жүрмейді

Өтегеннің шеніне.

Мақсұты оның көңілінде

Қоныс тауып бермекке,

370. Іздеп жүріп еліне.

Аз дамылдап бұл жерде,

Тағы да атқа мінеді.

Қосын тартып ілгері,

Тәуекелмен жүреді.

Кент аралдың жолына

Өтеген батыр түседі

Кент аралды аралап,

Одан дағы өтеді.

Тас аралға тағы кеп,

380. Оған дағы тоқтамай,

Құм аралды аралап,

Байқап барып шамалап,

Кендірлінің тұмсығын,

Басып өтіп Өтеген,

Қасқа жолға жетеді.

Қасқадан да асады,

Бірқазан таудан аяңдап,

Жолын келіп басады.

Батыр туған Өтеген

390. Көңілі судай тасады.

Бірқазан құсты атып ап,

Қызыққа әбден батып ап,

Көз ұшында көрінген

Бір үлкен ну тоғайға

Соған қадам басады.

Тоғайға кіріп, тынығып

Біраз сонда жатады.

Осы жолда Өтеген бейнетті көп көреді. Бір қалың тоғайдың ішінде айдаһарды өлтірмек болып жатқан әбжыланды өлтіреді. Сол тоғайға түнегенде, өлімнен құтқарған айдаһар бұларды түнімен қорғап, күзетіп шығады. Таңертең айдаһардың сыйлыққа тығып кеткен кесек алтынын тауып алады. Өтеген одан ай жүріп, тағы қалың шеңгелді жерге келеді. «Тар жер» деп ұнатпайды. Мұнда бір жезтырнаққа кездесіп, айласын тауып, оны өлтіреді. Бірақ тұрақтап дем алып жата алмайды.

Одан шығып Өтеген,

Қосын тартып жөнеді.

400. «Тәуекел, – деп, – Құдайға»

Жолға түсіп келеді.

Неше түрлі көрмеген

Жолын олар көреді.

Қырық күншілік бір көлге

Соған жетіп келеді.

Көлден жолды таба алмай,

Жағадай өрге жүреді.

Көлдің басын айналып,

Неше күндер болғанда,

410. Суы жоқ көлге келеді.

Ебін тауып Өтеген,

Қырық бес күндер болғанда,

Шөлден әрең өтеді.

Шөлден шығып өткен соң,

Қалың қара шеңгелді

Аспанменен сөйлескен

Тоғайға келіп жетеді.

Сол шеңгелдің қасында

Біраз күн тынығып

420. Өтеген батыр жатады.

Өтеген сонда сөйлейді,

Сөйлегенде бүй дейді:

– Қалың қара шеңгелдің

Ар жағында көрмеген

Бір жақсы жер бар, – дейді.

Сол жерге енді баруға

Енді қайрат сал, – дейді.

Енді қарап тұрмалық,

Бұл шеңгелден кіл қалың

430. Көңілімізді алаң қып,

Басқа жаққа бұрмалық.

Қазірден бастап қиялық,

Күшімізді жиялық.

Аман болсақ, жігіттер,

Қырқып шығып шеңгелді,

Абиырды алайық.

Содан қырық күн болғанда қырқып шығып, ар жағындағы Жиделі Байсын дегн жерге барады. Бір жылдай аралап, тегіс көріп қонысқа жаратпай қайтады.

Шеңгелді қырқып, жол салып,

Өтіп шықты Өтеген

Жиделі Байсын жеріне.

440. Кім шыдаған ол күнде

Өтегендей еріңе?

Құлақ құрышың қанбайды

Батырдың көрген кебіне.

Айтарлықтай не деген

Жиделі Байсын жер екен.

Өз әлінше Өтеген

Көзі ашық туған ер екен.

Заманында ер туған.

Жүректі туған ер екен.

450. Жиделі Байсын жеріңіз

Ағашы қалың жер екен.

Жиде менен пістесі,

Жемісі оның көп екен.

Уылжып піскен жемістен

Дәмін татып, жесеңіз,

Алуан шекер, бал екен.

Неше түрлі көрмеген

Хайуанат, құстар көп екен.

Топ-топ болып шіліктер,

460. Отан қылған жер екен.

Лақтай болып қояны,

Қарақұрт, шаян мысықтай,

Төл болып өскен жер екен.

Жылқыдай болып құланы,

Екі еседей бұланы.

Домбай деген тағы аң бар,

Төрт есе үлкне лағы.

Қарасақа деген бір киік,

Пілдей болып тұрады.

470. Жайылған жылқы секілді

Аңдарының көптігі

Салбыраған бұғағы.

Жер шырайын қарасаң,

Түбімен біткен шөптері.

Жұпардай аңқып иісі,

Іштен шығар дерттері.

Таусылмайды бұл жердің,

Айта берсек кептері.

Неше аралға бөлініп,

480. Жалпақ болып кеткені.

Жаңа дүние тапқандай

Өтегендей батырдың

Іштен шері кетті енді.

Алып келіп елімді,

«Қондырам, – деп, – бұл жерге»

Өтеген сонда серт берді.

Байсынның батыс жағында

Тұмандай болып көрінеді,

Мана деген дариясы.

490. Дариядан бөлінген

Толып жатыр жылғасы.

Батысқа қарап бет алып

Дарияның ағысы.

«Әттең сені, дүние-ай,

Дариядан су алып,

Көшіп келсе елімнің

Жарасар еді қонысы.

Шаруасы көбейіп,

Өрлер еді табысы.

500. Екпей шыққан ол жерде

Жабайылап шыққан арпасы.

Сол арпаны көргенде,

Өтегендей батырдың

Іштен шықты-ау данасы.

Әттең сені, елім-ай,

Көшіп мұнда келмейді-ау,

Қадірімді білмейді-ау,

Айтқаныма көнбейді-ау.

Осы жердің қадірін

510. Біздің қазақ білмейді-ау.

Ақыл айтқан кісінің

Тілін ешкім алмайды-ау.

Жол бастаған ерлердің

Соңынан елім ермейді-ау.

Ел тілімді алмаса,

Бұл жерге көшіп келмесе,

Қайтіп жүрем денім сау?

Алып келсем елімді

Жиделі Байсын жеріне,

520. Қалмас еді-ау арманым-ау!

деп, Өтеген жұрттың қайғысын жеп, жылдай жатып, аңдарын атып, қызыққа батып, бұдан оңаша жер таба алмай, қайта тартады. Содан неше айлар жүріп, еліне келеді.

Өтеген аман-есен келді дейді,

Аралап талай жерді көрді дейді.

Жер қарап, он жеті жыл өмір сүріп,

Ел-жұртын аман-есен көрді дейді.

Ешкімге бұрылмастан жүріп кепті,

Ауыр бейнет азапты көріп кепті.

Сағынып қатыны мен балаларын,

Үйіне күндіз келмей түнде кепті.

Ұйқыға елдің көзі кірген екен,

530. Малдары бырт күйіске кірген екен.

Кетерінде батырдың бір жас күшік

Еркелеп батыр алдына жеткен екен.

Сағынып сары далада қаңғып жүріп,

Үйіне батыр енді келді кіріп.

Ақырын төсегіне көзін салса,

Жанында бәйбішенің жатыр жігіт.

Жатқанын бір жігіттің көзі көрген,

Сазандай аппақ жігіт түрі келген.

«Мені тоспай бұл байға тиіпті» деп,

540. Батырдың көңіліне ашу кірген.

Сапысын жанындағы суырып ап,

Ойланды кесуге енді оңтайланып.

Сапысын шабайын деп көтергенде,

Сабыр қып біраз тұрды ой ойланып.

Қожа айтқаны есіне кеп түсе қалды,

Сол қолы оң қолын кеп ұстай алды.

«Әттеген-ай, үйіме күндіз келмей!»

Деді-дағы батырың теріс айналды.

Оянып бәйбіше де сезіп қалды,

550. «Бұл үйге ешкім батып кірмеуші еді.

Батырым келген екен, – деп оянды.

Мені сынап батыр үйге кірген екен,

Тарпаңды жанымдағы көрген екен.

Шамасы мені байға тиді ғой» деп,

Өкпелеп кейін қарай жүрген екен.

Деді дағы, бәйбіше түрегелді,

Артынан Өтегеннің жүре берді.

Далаға бәйбішесі шыға келсе,

Батырды келіп тұрған көзі көрді.

560. Батырмен амандасып көріседі,

Хал-жайын бір-бірінің біліседі.

От жағып, үйдің ішін жарық қылып,

Батырды үйге алысып келіседі.

– Батыр-ай, көңіліңе бір іс келді-ау,

Сол ісің көңіліңе теріс келді-ау.

Шамасы, мені байға тиді деген

Көңіліңе осындай бір жұмыс келді-ау.

Жерік болып сен кеткенде қалмап па едім,

Уәде аузымнан алмап па едім?

570. Сондағы ішімдегі туған бала

Сақтаған жәрдем беріп Құдай пана.

Туған соң атын Тарпаң қойдым,

Ер жетіп жігіт болды, міне, қара.

Мінеки, он жетіге жасы толды,

Айырды жақсы-жаман, оң мен солды.

Қайғымды қанша көрген ұмыт етіп,

Көрген соң аман-есен көңілім толды.

Есітіп батырдың да көңілі тынды,

Баласын жанына алып, бетін сүйді.

580. Жол бейнетін ұмытқандай болды батыр

Көрген соң баласын Тарпаң сынды.

Қаншама қауіп-қатер бәрін көріп,

Еліне қоныс тауып келген жерін.

Айтады, түк қалдырмай бастан-аяқ

– Ел үшін ауыр бейнет қатты көріп,

Жалғанның қыспағынан жедім таяқ.

Мен келдім сіздерге ел-қоныс тауып,

Көп көрдім жүрген жерден қатер-қауіп.

Жиделі Байсын деген жақсы жерге,

590. Көшелік, тіл алсаңдар, жерден ауып.

Оңаша Жиделі Байсын жақсы қоныс,

Қазаққа қысылғанда болады тыныс.

Егер де айтқаныма көнбесеңдер,

Бұл жерді ақырында алар орыс.

Бір жұрт бар орыс деген көздері көк,

Бір жерде бекер қарап тұрмайды тек.

Келеді осы күнде жерді қаптап,

Өзінің қайрат-күші айласы көп.

Сол келіп шұрайлы жеріңді алар,

600. Қаратып тегісімен еліңді алар.

Көнбесең, басың түгіл, тілің кесіп,

Аузыңда сөйлеп тұрған сөзіңді алар.

Жайылған өрістегі малыңды алар,

Басың байлап, аяғыңа тұсау салар.

Егерде оныменен қарсы келсең,

Бір шыбындай тәніңдегі жаныңды алар.

Содан кейін Өтеген батыр көрген-білгенін айтып, жұртымен тегіс ақылдасады. Жұрты: – Бұған баруға болады екен. Оған қалай жетеміз? – дейді. Сонда Өтеген айтады: – Оған бір жылда жетеді. Биеге айғыр салмай, ту сыртын семіз қыл. Қойға қошқар салмай, сиырға бұқа салмай, түйеге бура салмай, тура бір жылда жетеміз. Қырық күн шөлі бар. Одан қысты күні өтеміз. Қалың қара шеңгелді қырық күнде қиып өтеміз. Содан соң жетеміз. Жері кең, бір айрығына бес мың үй сыяды. Айырығы көп сол жерде емін-еркін жатамыз. Мен ел үшін он жеті жыл жер қарадым. Сол көрген бейнетімнің арқасында осыны таптым. Ақылдасып, тілді алыңдар, – дейді Өтеген. Содан жұрт олай-бұлай ақылдасып, Өтегеннен: – Қандай малға жайлы екен? – деп сұрайды. Сонда Өтеген: – Малдың бәріне жайлы, тек жылқыға жайсызырақ, – дейді. Сонда Ерсары, Байсары деген кісілер: – Ой, олай болса, жылқы – адамның қанаты, еті – бал. Жылқыдан айрылып, адамның күн көруі кем болады. Оған бара алмайды екенбіз, – деп жұртқа ылаң сап, бұзған дейді. Ақырында жұрт Өтегеннің тілін алмасқа шығады.

Сонда Өтеген елден күдер үзеді. Өтеген бармағын тістеп: – Әй, әттеген-ай, «жылқыға да жақсы» деп айтпағаным-ай! – деп өкініп қалады, – қайыр жұртым, менен кінә жоқ, кейінгі қара қазан, сары баланың обалы Ерсары, Байсарыға болсын, – деп, Өтеген батыр Құдайға зарланып, жерімен амандасып, Түркістанға кетеді.

– Жеті қыс, бес жыл дегенде,

Осы сенің жеріңе

Орыс келер, – деп еді.

610. Орыс келсе бұл жерге,

Ерік кетер, –деп еді.

Билік кетіп басыңнан,

Береке кетіп асыңнан,

Дұшпан шығып қасыңнан,

Сенімдік кетер, – деп еді.

Орыс келсе бұл жерге,

Түймелі шекпен кидірер,

Түрегелтіп сидірер.

Аралда жатқан қамалып,

620. Қазақтың қара халығын

Бытыратып бүлдірер.

Орыс келсе бұл жерге,

Малға жұқпас, – деп еді

Қаратаудың шалғыны.

Сары алтындай сөзімнің

Келеді енді балғыны.

Елден шығып залымдар,

Тазыдай-ақ мойнына

Тағып алар қарғыны.

630. Орыс келсе еліңе,

Би-болыс шығып сол кезде,

Өтірікті шын қып жандырған.

Сөйлеп кетсе би-болыс,

Есіңді алып тандырған.

Ау, елім, елім, елім-ау,

Айтсам тілімді алмадың,

Дегеніме болмадың.

Аралда қалдың қамалып,

Көрерсің енді залалын.

640. Солдатқа беріп балаңды,

Міндеткер болдың, білдің бе,

Бәлеге басыңды ілдің бе?

Әжібектің жайлауы

Балды берік бас еді,

Өркештенген тас еді.

Қымызы бар арақтай,

Ішкен кісі мас еді.

Орыс келіп алады-ау,

Билік бастан қалады-ау,

650. Қайран жерім, қош енді!

Ой, Сарыағаш, Ташкент-ай,

Елдер үшін жаралған.

Ортасында бұлардың

Келес деген су ағып.

Талай адам егін сап,

Сол дариядан таралған.

Әулиеата жерім-ай,

Әулиенің бірі едің!

Бектауата, Бекәлім,

660. Ықыласпен барған кісіге

Көрінеу шығып сөйлескен.

Одан бері келейін,

Аспара мен Меркім-ай,

Жатушы еді еркін-ай!

Аспара басы – Аршалы

Елім тілім алмады,

Айта-айта шаршадым.

Судың басы – Арша тау,

Шүкіршілік денім сау.

670. Қырғыз, қазақ елдерім

Кейде тату, кейде жау.

Бір жағым қырғыз болғанда,

Бір жағым, қазақ, сен едің.

Судың екі жағынан

Аппақ үйді тіккенде,

Жарасушы еді сәндерің.

Орыс алар бөлектеп

Ағып жатқан суыңды,

Құлатады туыңды,

680. Шығарар бастан буыңды.

Берекесін кетірер

Тоғай болған нуыңды.

Елім, тілім алмадың,

Айтқаныма болмадың.

Ата безер күн болар,

Ене безер күн болар,

Білімсіз келіп сөйлесе,

Үн шықпайтын күн болар.

Атаның тілін ұл алмас,

Ананың тілін қыз алмас,

691. Осындай заман кез болар.