Калихан Ыскак. Откен куннін окініші

ӨТКЕН КҮННІҢ ӨКІНІШІ

повесть

Бес биені місе тұтпай ойдан қырға, қырдан ойға қуалап тыным бермеген соң жирен қасқаның танауын тарс бітеп, бес құлынды желіге байлап тастап еді, сонда да күндіз-түні арқырап жалғыз өзі жайлаудың аюына дейін үркітті. Екі көзі елде, әлгінде ғана Таскүркенің жөн - арқасын күрсілдетіп Талдыбұлаққа қарай түсіп кеткен жынды неме ақ тер, көк тер боп қайтып келген екен, төпелеп тастаған өз тезегін өзі иіскеп, ұршыққа шыр айналып жүр.

— Ой, жалап - өй, бес биені азсынасың, бес қойды малданып мен де отырған жоқпын ба!..

Сол бес қойдың ен-таңбасы да жоқ, тұсағы мен токтысы аралас ала - ұла бір қора ұсақ малдың көлеңкеде жусап жатқанына да жарты күн, оны да үркіте салатын пейіл қайда. Сиыр сәскеден қотанға кеп тығылып еді, оты қанбаған соң күн қайта өріп, түнімен дарылдап тоқтамайтын болды. Желі басында дыриып ұйықтаған бес құлынды жирен қасқа танауымен түртіп оятқан. Бес биені бүйірінен иіскеп тағы бір түгендеп шықты да "мыналарды босатсаңшы" дегендей Веттехникті тауып алып жалынышпен оқыранып, изендеп иек қақты. Мырзекең бес құлынды ағытып, бес биеге салды да қайта байлады. Егеспен өтіп жатқан тірлік осы. Босатсаң қасқа айғыр "қош бол" дейді. Босатпасаң сағат сайын сауып отыратын қол жоқ, биелердің желіні жарылатын болды. Үйдегі ыдыс атаулы қымыз, саумалға толып біткен, оны ішетін ауыз да жоқ, жерге төгуге обал, әйтеуір бес құлынға құдай беріп тұр.

Жылқы екеш жылқы да жалғыздықтан жынданады екен. Мырзекең жирен қасқаның сайтанын қаға алмай-ақ қойды. Қуа бермесін деп қасқа маңдайына қайың тоқпақ байлап еді, соға - соға кеңсірігін жара қылған соң жаны ашып шешіп тастаған. Жайлауға келісімен елегзіген жануар Нұрбике кетісімен тіптен асқынып алды. Нұрбике Веттехникке ғана емес, малға да керек екен. Сауын иігенді қойды, ақ жаулықты іздеп қасқа сиыр күйісінен жаңылған сияқты. Қылаяғы Сырттан да таң атса болды, сонау көз ұшындағы төбенің басына шығып, жол торып жатқаны. Бәрінің күткені Нұрбике. Нұрбикесіз Веттехниктің ешкімге керегі жоқ секілді. Сонда Веттехниктің жалғыздығын кім көтермек? Қасқа айғырдан соң Веттехник жынданса мұны кім тоқтатпақ? Қасқаның да жетіскені шамалы, бес биенің жатырын бітеп тастаған соң іздегені үйір, түнде кісенде, күндіз желі басында шала жусап, байғұс төстабанын қаға - қаға жауыр қылуға айналды. Мал дейтін мал да емес, Шоңмұрынның шал-шауқандары алдына салып берген арық - тұрағы іңірдегі шық пен ертеңгі бозқыраудан сарып боп, ербиген әр шөпке еңкеңдеп сәлем берумен не өріске жете алмай, жетсе қотанға қайта алмай, Мырзекең тезек терген қатындай әр бұтаның түбінен түрткілеп жинаумен шаршады. Қара суық күрт сынып, шілденің шіліңгірінде де борай салатын қарлы жаңбыр толастаған соң малдың көбең тарта бастағаны да енді ғана. Бұлардың бабына көне берсең жиырма төрт сағат та жетпейтін шығар. Күн байымай жатып-ақ қойды қоралап, жирен қасқаға кісен салған, тұсамысқа шорқақ неме енді таң атқанша осы маңнан ұзай қоймас.

Самырсын аралас жас қарағайдан қиып салған жалғыз бөлме шайырдан тұншығып тұр екен. Еденге шыршаның бүрін төсеп, киізбен бүркеп тастап еді, оған ашыған сүт пен ашулы сабаның иісі қосылған соң адамды қарадай мас қылмағанда қайтсын. Бөренені кептіріп көтеруге мұрсат та болған жоқ. Қардың етегін қуалап келіп еді, пеш соғып, қазандық құрғанша ұлтарақ езіліп, тон созылып, тізе шор болуға айналған. Жарылқап тастаймын деген ағайын осы тоқал тамның өзін зорға шошайтып, төбесін толығымен қымтап, шыммен тепкіледі де тайып тұрысты...

...Қазандық қақпағының екі езуінен жалпылдаған жынды сәуле бөлме қабырғасын шимайлап бітірді. Үсік алып бара жатқандай отқа итініп, меңірейіп отырған Веттехник балағы күңірсіп бара жатқанда ғана кейін шегінді. Күңірсіген балағы емес, көк шәугімнің бөксесі екен, сусағаннан емес, әйтеуір ауыз жылысу керек қой деген уайыммен қоя салып еді, ішінде суының бар-жоғын аңғармапты. "Япырай, шыдай берсе адам аштыққа да үйренеді екен-ау". Үш мезгіл үш саптаяқ қымыз бен үш тал құрттан басқа нәр татпаған Мырза қашан тамақ жегенін де ұмытып қапты. Шық пен сыздан жасып кетпесін деп өредегі құртты шиімен көтеріп кіргізе салған, әйтеуір қол жететін жерде, бұған да қанағат. Адам итжанды деуші еді, бекер шығар, адам шыдағанға ит шыдай бермейтін көрінді. Осы үйде қазан көтерілмегеннен бері Сырттан да сыбағасынан құр қалып, іріген сүт, ашыған айранмен ауыз шайқап жүрген. Бүгіндік итаяқ иіскемегені есіне түсіп, Мырза бадейка толы божыған қоймалжыңды далаға сүйрей шықты.

Шақырайған жұлдыздар жерге жақындап, тау - таудың төбесіне қонақтап алған екен. Қалған ұсақ түйегі електің жыртығынан саулаған топандай көк күмбезінен төгіліп, жамырап келеді. Іргеде тулаған өзен сарыны аспанға шалқып, сол топанның сарнаған үрейлі шуылындай боп естілді. Тас қараңғы. Шарбақтағы екі жүз қойдың жап-жасыл төрт жүз көзінен басқа жылт жоқ. Сырттан да жоқ. Сырттан тұрмақ сайтан да жоқ. Ит адамға ес деуші еді. Бұл да өтірік боп шықты. Дұрысы — ит тойған жеріне. Битке өкпелеп тонын отқа лақтыратын қазақ итке неге өкпелемесін!..

Орман жиегінен қоңыраудың сылдыры құмығып жетті. Табылса құлын мойнына датчик те байлап жіберетін еді. Жирен қасқа ұзай қоймаған екен. Зорлық қой. Адамнан өткен зұлым бар ма. Зорлықтың да неше алуанын ойлап табады. "Қап, қашып кететінін білгенде төбетті де тас қып байлап тастайтын едім-ау!". Шарбақ ішіндегі жап-жасыл төрт жүз көз өшігіп қарайды. Қақпаны ашып жіберсе дүр етіп безе жөнелетіндей. Шетінен көкжөтел. Бірі қақалып, бірі өкіріп жөтеледі. "Өкпесі аузынан атып кетер ме екен?.." Мал да адамша жөтеледі екен-ау... Қамай - қамай қотан да қоймалжың болған. Белден саз. Шарбақты соныға ауыстырып қағуға да шама жоқ. "Жатасың! Жөтелмек түгілі қоймалжыңға шөгіп кетсең де жатасың!.."

Кеше ғана ақсақ тоқтының бақайы құрттаса қойшы байғұстың төрт аяғын бір кебіске тығып жіберетін еді, сол азап бүгін өзінің басына түскенде бір атым күкірт, бір шөкім күйдірген тотияйынға зар болып, буынып өлуге жіп таппай отырған жоқ па. Алты ай қыс айдалада қыстауға айдап тастап, жаз бойы ит арқасы қияндағы жайлауға машинамен апарып төгіп тастап, қайтып ат ізін салмайтын малшы дейтұғын жұрағаттың итке бергісіз өмірін кім ойлапты?! Зорлық қой. Қарақан басы емес, қатынды көптен, баланы мектептен қалдырып, бүкіл бір әулетті көктемнің көбік қарынан боқыраудың боранына дейін көшпелі түрмеге жіпсіз байлау зорлық болмағанда не? Қу тамақтың қамы ма?.. Онда да қазанның бетін қараға, төсегін төреге, құрт-майын өреге сақтап отыратын шопан жомарттыға қимастықтан емес, қарайғанға зар болған ішқұста жалғыздықтың мұңы екен-ау...

Жауырыны бүріп тұр екен. Түнгі ызғырықтау жықпылынан ұрып тұр екен. Көк жота құрттаған кіршең қармен бөксесін бүркеп алып, көкпеңбек боп шіреніп отыр екен. Қырқып тастаған тырнақтың қылтырығындай шілпиген айдың сынығын иығына іліп алыпты. Тәкаббар болмасаң Алтай боламысың. Алтай болған соң да айға иық тірейсің де. Күндіз көркімен ыздиып, түнде ызғырығымен үрей тебетін әдеті. Етегіндегі көксау қой мен қойдан қоңыр бір қазақ оған пішту!.. Әлде қайдан қасқыр ұлыды. Көкжөта күңіренді. Веттехниктің тұла бойы тітіркенді. "Қап, жирен қасқаны бекер тұсаған екенмін - ау.."

Мырза қалың шықты белуардан кешіп жылқыға тартты. Бусанған сыздан қоңырау да сақау болып қалыпты. Тас қараңғыда таяқ ұстаған соқырдай түртініп жүріп жирен қасқаның оқыранған дыбысынан зорға тапты. Отқа бас қоймай елегізіп тұр екен, кісеннің кілтін ашқанша "тездет" дегендей иесін иегімен қағып мазасыздана берді. "Кетсең кетіп қаларсың, кетпесең тағы өзің біл, тек тұсамыста қор бол май ажалыңмен алысып өлсең де мен разымын!.."

Жап-жасыл көздер тырп етпей жатыр екен. Қотан торыған қызыл көздер жоқ па деп бір айналып шыққанша етек жақтан бір топ салт аттының дүбірі естілген. Жерді күрс-күрс ұрған жирен қасқаны тұяғынан таныды. "Е, байғұсым - ай, саған да ес кірейін деген екен!.." Иттен сақ, адамнан ақылды тентек айғырына разы болған Веттехник сонда ғана жылы төсек пен ұйқыны аңсаған...

Қайдағы ұйқы. Нұрбике кеткелі қол тимеген жүкті қозғауға ерініп, өшіп қалған қазандықты қайта тұтатты. Бұл неме де отынға шөлдеп отыр екен, қолаттан қорым көшкендей көмейі гүрілдеп жөнелді.

Ошаққа итініп отырам деп ойлап па. Ес білгелі тақымы кеппеген байғұс ат үстінде өлетін шығармын деуші еді. Көңілді көншітіп бір тоғайтпаған жайдақ тірліктің бір сәтте-ақ жаяу тастап кетуі боқтан оңай екен...

...Совет өкіметі құлады деп кім ойлаған. Құлауыш құлады - ау, бірақ соны жоқтаған да, боқтаған да ешкім жоқ. Өзімізше ел болатын, еркін көшіп-қонатын болдық дегенге де сенген ешкім жоқ. Таңғы тамақ тәңірден деп қарынның бір күндік буаздығынан арғыны ойламайтын бейғам қазақ елдің ертеңгісін уайымдап қайтсын. Әйтеуір, совет қулады дегенді өкімет жоқ деп түсінсе керек. Жетпіс жыл бойы қалай шыдап келгенін кім білсін, аяқ астынан ханталапай басталсын. Сондағысы көз алдындағы бір күндік қанағаттан аспайтын шайлықтың ұсақ-түйегі. Жетпіс жыл бойы күректен басқа құрал, боқтан басқа байлық көрмеген шырыш қол, шытынақ ерінді орыс жұрағатының өкілі басқаратын заң еді, сол "көсемдер" бір айдың ішінде бүкіл Қаратайдың барын сыпырып алып зым-зия жоқ болды. Жау кеткен соң жарақ іздейтін байғұстар бәленім қайда, түгенім қайда деп саусағын санағанмен жоғалған дәулет қайтып келмеді: алпыс мың қойды ауыз ашқанша жер жұтты, жылқы атаулы желге ұшты, көлік атаулы келімсектердің көтінде кетті, ойбайлағандар күлін сабап отырып қалған. Қап түбін қағып сілкігенде біреуге бес қой, біреуге бос қалған қора-қопсы, біреуге шұп-шұнақ шағылған трәктір — соның өзін ақшаға шағын алған, соның өзіне қарқ болғандар да бар. Ақсақ қой түскен кейін маңырайды деп, балық үлес біткенде "мен қайда қалдым" деп барған Веттехник ең болмаса сақалына қолын жеткізе алмай қор болды. Клиенттен босамайтын ветпункт совет құрыса да "общая недвижимость" дейтұғын статусын жоғалтпапты, қаптесерден басқа ие табылмаса да еш пендеге бағынбай қалқайып әлі тұрған шығар - ау. Тек тұрса де. Дәл осы кезде баяғы жиырма төрт мың Веттехниктің есіне түскен еді. Әйтеуір қалмақ дауындай қызыл кеңірдек айтыстан соң қасқа айғыр қасасымен жер сызып жалғыз басы Мырзекеңнің шаңырағына қайтып келген. Ұялды ма, бөліс басындағылар бес қойды қоса ертіп жіберген екен. Елге еңбегі сіңбеді деп құр ауыз қалған Өтеуге қарағанда бұл да байлық. Өмірбақи қой бағып, қой торыдан қоғанаяқ болғандардың да тай тұрмақ таяқ бұйырмай жетім қыстаудан ел шетіне жете алмағандары қаншама. Алпыс мың қойды аталас боп жағалаған өңшең тасмаңдайларға да ие табылмады: жарлықпен жазмышқа жаттығып алған көмпістерге көсеу де керек екен, "көсем" де керек екен, киерге ноқта іздеп, күрекке боқ іздеп дал болысқан.

Рәис шақырып жатыр дегенге желпініп бара қалған, өкіметті өлтіріп алып өкінген жетім шалдар, партиясынан айырылып аза тұтқан кәмонестер сықырлап кеңсеге сыймай отыр екен. Төрлет деп Құмархан құдасын көргендей сыйлай қалғаны. Байқаса, бір атаның Байы мен Жан көбектері екі жарылып, ортасындағы ел көшкендей жыртықтан ат жалдап амандасып жатыпты. Мырза сол шекараны қақ жарып майдан шебінің тылына қарай ұмтылған.

— Әй, Жанкөбеков... тойыс Байкөбеков, сен бырзидумға шық, — деп тағы жабысты.

— О ненің құрметі?.. Отан соғысына қатысқам жоқ, көмпескеге еңбегім сіңген емес, партияға да мүше болғаным жоқ.

— Не дейт?! — Бағжаң еткенде рәйс төрағасының ала көзі ұясынан атын кете жаздады.

— Ол кезде мен халық жауының тұқымы едім ғой.

— Әй, жазған – ау, әкеңнің ақталғанына да қырық жыл, содан бері қайда жүрсің?!

— Соның акталмағаны жақсы еді. Бүгінде көзге шұқитын да ешкім қалмады... Қадірімнің кеткені де.

— Япырай, үкімет саған қызметті қалай берген?!

— Ветпункттің боғын тазалап, қой қашырған да партия ма еді?.. Әлде марқұм болған партияны жоқтауға жиналып отырсыңдар ма?..

Байкөбек пен Жанкөбектің кепкен шалдары, кебісі бүгін кешегі әктіптер енді ғана бұрышқа бөкес батырған Веттехникті оқты көздерімен жалмап жұта жаздады. Партия үшін отыз екі тісін санап бергендей үңірейген қызыл иегін селкеу мұртымен жасырып отырған керең шал шар ете қалды:

— Әй, кәрәгім, жеті атаңнан аузы теріс біткен жуанның тұқымы едің, ауыз менікі деп бартияма тіл тигізбе!..

Сол-ақ екен, шарқайын сірісінен басып жүрген пұшық пен кереңдер, омпырайған ауыздар жетпіс жеті атасынан бері партияны мирас қып келе жатқандай жәрпілдесіп шыға келсін. Түрлеріне қарағанда совет өкіметін қайта орнататын секілді еді. Жоғарының жар Құдайдың Құранындай сыйлайтын рәйс торағасы сасқанынан шыр-пыр болып зорға басты да:

— Сен жүрген жерге шөп шықпайды! — деп бар пәлені Веттехникке жауып тынды.

Кереңі бар, кер ауызы бар, кері кеткені бар, Шоңмұрынның бүкіл өтелсериясын жиып алған рәйс төрағасы күрделі бір өкіметті мәселе шешпек екен, көп мәселенің ішінен Веттехниктің ұққаны — жер мәселесі, шаруа мәселесі, қоныс мәселесі, құдай-ау, тағы не еді?.. Қойын алдырып, қорасын бекіткен өңшең мұндар бөлісетін қара таппай, Алтайдың тау - тасына таласып, әлгінде ғана бартиям деп бақырып, өкіметім деп өкіріп маңдайын тоқпақтағандар Байкөбек болып, Жанкөбек болып бір-бірінің жағасына ал кеп жармассын. Қыз алыспайтын бір ауыл ағайын қызды - қыздымен Шоңмұрынға тоқтамай Қаратайдың желкесіне міне бастағанда басу айта ма, осы жұрттың кәрі иті ғой деп керең шалға сөз беріп еді, ол шіркін Шоққайыңды тастап Еуропадан бірақ шықты.

— Әлгі, мен керой болатын соғыста...

— Әй, бүгін жеңіс күні емес қой, ауылға қайтсаңшы, ауылға!..

Осы ауылдың кәриті екені рас, герой екені де рас. Түзге отыра шықса да омырауынан алтын жұлдызын тастамайтын байғұс шалды аудан басшылары иттің арты тырқ етсе ала жөнелетін, бөз бермесе де салтанатта сөз беретін әдеттен ас пен тойда көсем болып, екі кісінің басы қосылса шешен болып сөйлеп үйренген ауыздың елірме дерті бар екені де рас. Әскерге аттанғанда да құлаққа онша жарымаған екен, оның үтіне бомбаның астында қалып, контузиядан соң тарс жапты. Қара танымайтын қазақ түгілі қаратаяқты аямаған соғыс оның құлағын тексеріп қайтсын. Кезекті бір шабуылда батальон жау дзошнан бұршақтай бораған оқтың астында жатып қалса керек. Тас керең байғұс бұйрықты естімей: "Отан үшін! Сталин үшін!" деп далақтап безе беріпті де комбат амалсыз батальонды қайта көтеруге мәжбүр болған екен. Әйтеуір, тас кереңнің бақытына қарай немістің бірінші траншеясын басып алған батальонға полк командирі келіп: "жауға жалғыз шапқан батыр кім?" деп сұраса, Байкөбеков деп мұны ұстап берген деседі. Алла абырой берем десе кейде кемістік те пәндасына бақ боп қонатын көрінді ғой. Кереңдіктің арқасында герой боп, оқ түгілі туда бойын битке де тестірмей жұлдыз тағып аман - есен оралған Байкөбеков сол алтынның буымен құлақсыз - ақ ауыздан түспеп еді. Ел ішінде пашотный ғыраждан боп көрінгеннің көлігіне жармасам деп жүріп жұрт секілді шолақ байтал да бұйырмай бүгінде жаяу қалған. Еуропаны жаяу шарлап Шоққайыңға оралғанша кепкен шалдар мен кебісті кәмөнестер жекешелендіру саясатын бір қырдан асырып тастап, қалжасы жаққан қатындарша қамау терді сығып та алған. Әншейінде тектіміз деп күпінетін еді, бір бірінің ине батпайтын ұңғыл - шұңғылын түгел қазғанда бір атаның ішінде қалмақтан туғандар да бар екен, тоқалдан туғандар да бар екен, еріп келгендер де, есіріп келтеңдер де бар көрінді, тек атадан туып ерлікпен келгендер де бар деп ешкім айтқан жоқ, ортадағы жалғыз жұлдыз да атаусыз қалды. Төрт жыл мүңкір-нәңкірді көзімен көрсе де құлақпен естімеген бейбақ жарпылдаған от ауыздардың не оттап жатқанын қайдан білсін. Көрпесін көкірегіне тартқанда бисмиллаһи деуді білмейтін кейбірі аруақ сыйлай қалыпты. Ары өтіп, бері өткенде бір аят құранын қимаған бабасының моласына дейін таласып, ата жұртқа еншілеспін дегенді мойындату үшін: анау жерде пәленшемнің сүйегі жатыр, мынау жерде түгеншемнің мүрдесі бар деп бірі көзіне жас алды, бірі сақалын жұлды. Өртке су сеппек болған рәистің төрағасына: "сен пәмиляң Байкөбеков болған соң тұқымыңа тартып отырсың"! деп кепкен шалдар, ағайын аға басу айтқысы келгенде: "сен помиляң Байкөбеков екенін ұмытып, Жанкөбековтерге ішің бұрады!" деп кебісті кәмөнестер жанын жағасынан алғанда Құмарханның көзі атыздай болып екі оттың ортасында табағы түскен шабақтай шоршыды. Ақыры шақырғанда бармаған бырзидумына Веттехниктің өзі шықты.

— Сен ғой, Байкөбексің?

— Байкөбекпіз.

— Сен ғой, Жанкөбексің?

— Жанкөбекпіз.

— Бірің бәйбішеден, бірің тоқалдансың, қалмақ қатыннан туғандарың да бар.

— Бар.

— Араларың неше атаға жетті?

— Ойбай-ау, жеті атаға да жеткеміз жоқ қой.

— Жетпегендерің қандай жақсы болған. Жеткенде дүние жүзілік үшінші соғыс басталып кеткендей екен-ау!..

— Әй, мынау қай соғысты айтып тұр? — деп керең шал Веттехник қорасына кіріп кеткендей атып тұрды.

— Ойбай, сен герой болған соғысты айтып тұр! — деп біреу зорға тоқтатқанда ғана, "е, бәсе!" деп керең шал қайта шоңқиды.

— Әй, осының саңылауы бар!

— Е, саңылауы болмаса сары кемпірді алпыс бір мүшелісінде буаз қыла ма?!

Ол да рас. Алпыстың біріндегі бәйбішесі: "осы іші құрғыр бүлкілдей береді" деп дәрігерге барса: "ойбай, апа, құрып қапсың!" — деп перзентханаға қамап тастапты. Он бір ұлдың бес кило тоғыз жүз грамм кенжесін тапқанда жұлдызын тағып, шіреніп барған шалына терезеден айқайлап:

— Әй, аузыңа сиейін кәрі ит, жоғал әрман, жоғал! — деп содан қайтып қасына жолатпай қойғаны да рас болса керек.

Әрине, бұл да еңбек. Әлдеқашан сүйегіне қына шығып кеткен бабасының атағын малданғанша жарық дүниеде бас көбейткен де ерлік қой. "Тегін адам таз болмайды" деген осы да.

— Сонымен, соғыс басталып кетпей тұрғанда бітімге келелік, — деп Мырзекең билігін тартып алғанына кешірім сұрағандай рәистің төрағасына еңкейе көз тастап еді, мұның да төбесі қой жеп қойған жайлаудың сары жұртындай төбел тазға айналыпты. "Жеп қойды ғой, жеп қойды" дегендей Құмархан Веттехниктен мүсіркеу дәметіп, құйқасын кекілімен жабулаған, бірақ онысы тайғанақтап қоныс таппады. Екеуі өмірі түзу сөйлесіп көрген жоқ-ты. Тұзы жараспағандықтан емес, араларында үш-төрт жас айырмашылық бола тұрса да ағасының аңқаулығы мен есіксіз жерден тесіп кіретін туралығы Веттехниктің тіліне азық, рәистің төрағасы Веттехниктің осы мінезін туасынан біткен қырсықтығы деп қабылдайтын.

— Сонымен, бітімге келсек мәмле былай: аруақтардың ендігі жерде бөліп берер еншісі жоқ. Ақыры бастарың қосылмайды екен, Байкөбегің бір бөлек, Жанкөбегің бір бөлек, екі шаруа қожалығын құрыңдар.

— Әй, ол тағы не пәле?

— Кезінде ТОЗ болдың ба? Болдың. Тозып бара жатқан соң қалқоз болдың ба? Болдың. Қожалықта соның ары жақ — бері жағы. Айырмашылығы — ішкен - жегенін өзіңдікі. Ішің кеуіп өлсең — өз обалың өзіңе... Тапқан-таянғаныңды бөлісесің, бөліспесең — өлісесің.

— Ау, сонда үкімет қайда?

— Үкіметтің қамын жеп қайтесің, қарын ашса, құрсағыңдағыны да құстырып алады. Сен өлмес күніңді көр.

— Ойпырай осынша басты бұған кім берген?! — Кекеткені белгісіз, келістіргені белгісіз, шалдардың бірі керексіз сабан көпшігін лақтыра салды.

— Сонда ол қожалықты кім басқарады?

— Соқасыз қалған агроном, соқыр тайлағы жоқ зоотехник аз ба, солардың біріне бар бел керек те. Тағы бір айтарым — Байкөбектерді Жанкөбектің тұқымы, Жанкөбектерді Байкөбектердің ұрқы басқарсын.

— Сонда қалай?

— Сонда қызғаныш та, қырғын да болмайды, басың аман, жаның тыныш, малың түгел.

— Сен өзің неге басқармайсың?

— Менің қатыным қалмақ қой. Билік берсеңдер бар байлығыңды Ойманға көшіріп кетіп жүрмейін.

Нұрбикенің қалмаққа ешқандай қатысы жоқ еді. Кәмпескеде ойманға қашып кетіп, кейін қаңғып оралған біраз түтінді жергілікті "ақсүйектер" қалмақ атандырып, арақ пен айғайға жақындығымен "бандиттер" көшесіне бөліп тастаған. Тегін ақылын тегін лақтырып тастаған Веттехник бүкіл Қаратайдың дауын өшіргендей тайып отырды.

Қалмаққа қаны түгілі сорпасы қосылмайтын, Нюра, Нюрка боп кеткен Нұрбикені орыстан зорға қайтарып алып еді, қатын деген қасиетті тұйтылға ие болғаннан бері де қадірін танып, қас-қабағына қарап көрмепті. Заман құбылысының бір сәтінде қатыннан басқаға керексіз болып қалған Веттехник ендігі күнім соған түсетін шығар деп ақыл қосып еді, бұл шіркін өзің білесіңнен артпады. Бар айтқаны — басынды күт, балалар ер жетті, мал керек болса өздері бақсын, дәулет керек болса өздері тапсын. Расында солай екен-ау... Қыз байға тиіп балалы болды, ұлдың үлкені қатын алып қалаға кетті, кенжесі келін түсіріп қара шаңырақта отыр. Бұдан артық Алла саған не береді. Мырзекең түнімен ұйықтамай, ертеңгісін Шоңмұрынның "игі - жақсыларын" жинап алып: Бас-басыңа би болма, бас-басыңа барға ие болма, көлік атаулыны түгел жинаңдар, бірің трәктрге, бірің машина, бірің комбайнға мінсін, бірің соған жанармай тап, шал-шауқан қаласа атарбаға отырсын, қалғандары егін салсын, диірмен тартсын, шөп шапсын, қала мен ауылға делдалға біреу жүрсін, тапқан талқанына көз іздесін, бірің отын жақ, бірің мал бақ. Бәріне көнген жұрт мал бағуға келгенде таяқ ұстауға тірі пенде шықпады. Тайдың тісеуін, құлынның сақауын өзің білесің ғой дегендей Веттехникке телмірген. Сорына көрінді ме, Нұрбике де елп ете қалып еді. Алпыс мыңның сілекейі — әр түтіннің бес қойынан бір отар жинап алдына салған. Ең қиыны қасқа айғыр болды: үйірдегі неме күндіз-түні арқырап аузын отқа салмай, екі көзі қарайған иен далада, өрістен мал көрсе тұра шауып, есік көзінен құйрықты көрсе қуып кетіп, Шоққайыңның төрдегі шаңын етекке қосқан соң қамап ұстап отыр еді. Пішіп тастауға аяды, сат деп келгендерге қимады, жалғыз-жарым шипың байтал шалдардың тақымынан артылмады. Ақыры сауынға жоқ, бағуға жүк бес биені ел болып жирен қасқаға тоқалдыққа зорға тауып берген. Ел болып "ұлы көшті" баптаған, Веттехник жаяу жүрісті үш күндік Таскүркеге кеп тоқтаған...

...Қалғып кетіпті. Енді болмағанда танауын қазандықтың қып-қызыл бүйіріне басып алғандай екен. Тоқтап қалған қол сағатын жұлдызға қарап түзей салып еді, шамасы түн ортасы боп қалған сияқты. Жылу қашады деді ме, жарымағырлар есікті де жыртитып жіп-жіңішке әрі тапал тескен екен, алпамсадай Веттехник екі бүктетіліп, кәсекке кептеліп зорға шықты. Аңдығаны Көкжота еді. Соқыр тұман сейіліп, Көкжота басына сәлде киіп алыпты. Көкшағыр мұнартқа да ылпа керек екен-ау. Көкжота сәлде кисе тау да жұмсарады. Шақырайып тұрса — күн қапырық, түні тастай. Бетіңді отқа қақтап, жауырыныңды мұзға төсегендейсің. Баяғыдан осындай. Сеңгір – сеңгір таулардың түйе тайы жайдары, қойнауы мен құзары үрей, желсіз күні де күңіренеді де тұрады, ұлы тарихты бауырына басып алған ұлы тау өткеннің зарын ыңыранып кеп жатқаны. Алтай алыстап кетсең сағынтады, қойнына кірсең қорқытады. Қаншама тау көрсе де Веттехник дәл осындай сұсты басқа жерден байқаған емес. Алтайда жүйке түршіктірер зират пен бейіштің үні бар.

Жасыл көздер жылт-жылт ұшқындап, көл бетіндегі күнге шағылысқан майда толқындай жыбырлап жатыр. Қазықтағы бұзауын иегіне жастанып, былш-былш күйсеген қасқа сиыр бірдеме дәметті ме, созылып тұрды, керіліп арқасын жазды, күрсініп алып сарыды да сатырлап жапалап, "ал енді қайт дейсің" дегендей иесіне нәумез қарады. Жалғыз үйдегі уәйімсіз жалғыз мақұлық осы. Мұның да ашы көрмегені көп болды. Сүті у жапырақ татып, Сырттан да сырт берген соң үш мезгіл бұзауын жамыратып еді, оның іші бұзылып ұятты боп жүр.

Жирен қасқа дыбыс берген жоқ. Құлын мойнындағы қоңырау жайбарақат. Аю келсе алдымен құлынды ұрса керек - ті. Анда-санда қосауызды күмпілдетіп, орманның көлеңкесін үркітетін. Нұрбикені жарақаттап алған соң оны да қолға ұстауды қойған. Веттехник түн тыныштығын қозғамай күркесіне қайта кірді.

"Бір күн қой баққаннан мың күн ақыл сұрама" деуші еді. "Осы мен мал бағуға міндетті ме едім". Бұл да маңдайға жазған тағдырдың тоқпағы шығар. Бірақ мал екеш жирен қасқа да тоқпаққа көнбегенде адам малдан көмпіс болғаны ма?.. Жатыр ғой жапандағы жалғыз үйде күңіреніп. Көнбегені осы ма?..

Өмірі отбасына байланып көрмеген Мырза шаңырағында кім бар, кім жоқ деп іздемеуші еді, отыз жыл отасқан жарын да дәп бүгін жоқтағандай. Көрпенің жылуы, жастықтың иісі де қайта-қайта Нұрбикені есіне салып, мынау қоңсыз тірлік, қоңылтақ көңілге содан басқа жұбаныш таппай, бөтеннің босағасында кеткен шешені, Магаданның топырағында қалған әкені де оның қасына апарып қоя алмады. Бұл да қартаяды - ау, алда қайырымсыз уақыт, қарекетсіз күн бар-ау деп ойламапты. Қырықтың ішінде де қылшығынан қылау түспеп еді, соңғы рет Көктасқа барып қайтқанда аурухананың тұтам керуетіне тұрқы жетпей бір уыс боп шөгіп кеткен мүсәпірден бұрынғы туырылған дөнен қатынды танымай да қалды. Бір аяқты аспанға керіп тастап, ақ дәкенің астында оңған шүберектей бозарып жатқан жарының мұңды жанары көз алдынан кетпей-ақ қойды. Ортан жілікті бұрғылап тесіп, темірмен құрсаулап жалғаған екен, өзін-өзі зорлап өтірік күлген болды да:

— Ағаш аяқты көрдің бе, көрмедің бе, есесіне темір аяқты құшақтап жататын болдың, — деді, боталаған көзі жылағысы келгенін жасыра алмады.

— Сөз бе екен, біздің тұқымның әр буынында бір-бірден ақсақ қатын ежелден болған.

Айта салғаны да, әйтпесе зәу - затында қанша ақсақтың болғанын Веттехник көрген де, естіген де емес, еркек кіндіктінің арасына нағашы - жиенді боп әзіл жүгірткені болмаса, өзін-өзі сыйлаған жұрт бұл тұқымның әйел жұрағатына жіп тағып көрмеген. Алланың жазғаны шығар, абысын ажарымен, келіндер келбетімен сүйкімді болған.

— Шыныңды айтшы, сен осы баяғыда маған неге қызықтың? — деп заман өтіп кеткенде байға тигеніне енді өкінгендей Мырзаға өтіне қарады.

— Өй, әнәу бір қортиған мәстегін үстіңе шыға алмай қор қыла ма деп...

Ара-тұра қасында отырып көңілін ауласа да үлкен ұлдың қалада тұрғаны да жақсы болды-ау деп ойлаған. Бірақ Нұрбике ере келген Қадыржанды онша жақтырған жоқ. Келін бет -аузын әлі көрсетпепті. "Малый бизнес" дейтұғын мардымсыз кесіп шыққан екен, екеуі бірдей күндіз-түні соның соңында көрінеді. Үйін де көрсетпей автобустың бекетінен қарсы алған. Ұлының қалжадай дәстерлеп көтеріп келген түшпарасынан да дәм татпай қайтарып тастап, ол аз болғандай:

— Осыдан өле қалсам, әкеңе бір ауыз тіл тигізсең, мен көрде де тыныш жата алмаспын! — деп салды. Сөз сыңайына қарағанда шеше мен ұлдың арасында әке туралы бір гәп болса керек.

Қадыржан үрген тұлыптай екі иығы қомпайып үнсіз кетті. Әкесіне жүре ғой демеді. Бұл ере қояйын демеді. Өмірі біреудің дастарханына көз сатып, бөтеннің бөстегіне қисайып көрмеген Веттехник қалаға еру боп барғанда Нұрбикенің қасына бір түнеп, ұлының есігін ашпастан қайтып кеткен. Дүрде араздықтың кілтипанын да Нұрбикенің қабағынан түсінген.

— Тергеушіні ертіп кепті, — деді. — Әдірем қалғыр бір сұрағын мың қайталап... Мен есінен адасып жатыр деді ме!..

— Алақанымен мұның қолынан сипап еді, қызуы әлі басылмапты, бұл да әдетіңде жоқ қылық - ты, сипап отырып:

— Үйге қайт, жұрттың өсегін қыстырма, менің туыстарымды маңайыңа жолатпа, — деді. — Бір аяғыңнан екіншісі қысқа болады десіп еді, ақсаңдап болса да артыңнан жетермін. Құлағым бүгін, көзім соқыр емес, тоқал іздеген шалдарға өте қоймаспын.

Жарлы тыныш, жан түгелде жаман ырымды бастаған Веттехник Қызылкөзге тоқал әперем деп шешесін қорқытып, ақыры ақсақ қосарды Алладан өзі сұрап алғандай болды. Қотыр қойға қортық қошқар, бірде жетіп, бірде кетіп жататын ақсақ дүниеге кетік ғұмыр жұп шығар. Әйтсе де бәріне өзі кінәлі...

Өзімді жарылқаймын демеген. Өзгені жарытамын демеген. Ертеңді-кеш аула тұрмақ ауылға симай, жалақ іздеген бұғыдай елегізіп, Алтайдың басына қарап кешегі ат үстіндегі арқансыз желігін, алаңсыз күнін аңсады да тұрды. Нұрбике түсінді. Түсінді де: "Жаз шыға қойшыны көшіремін деп, жаз бойы қой қашырамын деп үйде қатын барын да ұмытып едің, бошалауың әлі таусылмаған екен, ерік сенде, еретін мен" деген соң төр жайлаудан бірақ шыққан. Адасыпты. Малшының төлін санау мен малға жалшы болу төркіні бөлек "бақыт" екен. Оны бір-ақ түнде сезді.

Мал құрып, жайлау тусырап, жыртқыш адам иісін жатырқап қалған соң ба, ашықса да тірі жанға тиіспейтін Алтайдың ақтөс қоңыр аюы сол түні қотанға шашы. Дүлейге үркіткеннен басқа қайрат жоқ, апалаң-топалаңның үстінде Мырза мылтыққа жүгірген, Нұрбике қос ауыздың ұңғысын өзіне қаратып құндағын ұсынған екен, шүріппені әлдене іліп кеткенде гүрс еткен мылтық даусы мен Нұрбикенің шар еткен жан айқайы жарыса шықты. Аюға арналған жақан ортан жілікті қақ бөлсе керек, ойда жоқта атша желіп жүрген бәйбішесі шойырылды да қалды. Қас пен көздің арасында отбасына қасірет кірді, қас қаққанша Веттехник жанның да, жардың да тәтті екенін сезді. Сол сәтте Нұрбике өлсе көрге бірге кеткендей болып еді, жоқ, кете алмайды екен. Одан бергі азабы да аз емес, тек шаршағанын бүгін ғана білді. Алдымен шаршатқан — ұрпағы. Қыз — жатта, ұл — бөтен. Кімнен туғандарын ұмытқан тәрізді. Онан соң — өсек. Жұрттың бәрі пенде екен: "ойбай, Веттехник қатынын қызғанып атып тастапты" деп шу ете қалысты. Айдалада аюдан қызғанбаса, қарап жүріп қағынып албасты басып па?! Баяғыда қызымызды алып қашып зорлады, қорлады деп туысқандары екеуі тұңғышын көргенше қыр соңдарынан қалмап еді, мынау оқиғадан соң тағы да өре тұра келді. Милициясын бір әкелді, тергеушісін сан әкелді, кран асып кететіндей ешқайда тапжылмайсың деп тұсау салып тағы кетті. Бәрінен де жанға батқаны осы. Кезінде өз туыстарымен өзі соттасып, арашалап қалған Нұрбике еді, қазіргі оның ғаріп боп жатқаны анау. Сүйеу болған жалғыз сөзі: "Менің туыстарымды маңайыңа жолатпа" дегені. "Ақсақ болсам да артыңнан қуып жетермін" дегені. Бай үшін баладан да безіп жатыр. Жеме-жемге келгенде ол шіркін байдан мықты боп шықты. Әуелде Мырзекең: "Осы мен не істеп жүрмін, кім үшін жүрмін, мен кімге керекпін, жұрт неме керек" деп іштей тас-талқан болып еді, тоқтай келе, өткен-кеткенді жоқтай келе жар үшін өмір сүруге болады екен-ау деген ойға қалды...

.. .Малшы деген ел тор жайлауға қарды қуалап жетіп, тамыз туа қардан қашып ойға жылжитын әдеті. Енді көшейін деп отырғанда үш-төрт саяқ үшті - күйді жоғалды. Неде болса арғы жақ әкетті деп жылқышы байғұс шыр қаққан соң зоотехник ағасы Қалибек екеуі Қатынсудан өтіп Ойманға тартқан. Ойман, Найман дейтұғын екі рудан тұратын таулы өлкенің алтайлық жұртын бергі жағын қазақтары Ойман деп атайтын. Үш ғасыр империяның арағымен алдауынан азып бара жатқан ол да бір сорлы халық. Мал ұрламақ түгілі малын ұрлатпай отырса оларға ол да олжа. Ұрлық кімнен келсе де шығарып берген қатынның арғы бетін жиектеп жайлайтын қазағымыз, түбін қусақ - бір Қаратай.

Қалибек ағасы қырға шықса да Мырзаны қасынан тастамайтын. Ішсе де, жесе де зоотехниктің ветврачсыз күні жоқ, оның үстіне екеуі бірдей жамбасы жерге тимеген палуан, егіздің сыңарындай серік еді. Жүген - ноқта тимеген небір асауларды құрықсыз құлағын тұқыртып, шалмаға түскен тағыны тақыммен - ақ сүйреп кете беретін. Әсілі бұл жолғы саяқтар ұрлық емес, қарымға болса керек. Өйткені Қалибектің тек жүрмейтінін Мырза біледі, қаншама қолын қаққанмен қойдыра алмаған соң жігіттің бұл да бір ермегі шығар деп қолды бірақ сермеген. Шеміршек мұның да қазанына түсіп кетіп жүрген соң інісі аталас ағасын көз түрткі қылмаған.

Жұмаға созылған жауыннан соң қатын құтырып жатыр екен.

— Сәтін салған шығар, — деді Қалибек.

Қатынның құтырмайтын кезі бар ма, оның не сәті боушы еді деген таңданысына ағасы аңғалдығы бейғамдығы деп түсінді де:

— Артыңнан қуғыншы түспейді, — деп тәптіштеді. — Қатыннан жүрегінің түгі бар ғана ат жалдатады.

— Біз ше?

— Бізге бәрібір емес пе, өлмесең — өтесің, өлсең — кетесің!..

Ағасының сөзінен берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан дегенді сыңайын таныған Мырза дәп бүгін бір топалаңның боларын сезді де күні бұрын өзін шатаққа әзірледі.

Кешкі апақ-сапақта екеуі Қатынды жарып өтті. Жүрек жұтты деген осы екен. Асау өзенді талай-талай шарлап жүріп дәл осындай айға шапшығанын көрген жоқ-ты. Әйтеуір аттардың мықтылығы, өліспеймін деген өлермендік арғы беттен ағызып бірақ шығарған. Жайылымдағы жылқыларды ұрлана ымырттап, өз малының ен-таңбасын танымаған Қалибек:

— Ұрлықтың малын жарқыратып ұстамайды, бірақ жымысқы қол осыларда, ендігісіне түн жамылсын, — деп бір топ қысырдың саяғын өзен бойының тоғайына қарай беттетіп жіберді.

Қалтасында бола тұрып жолай кезіккен бір - екеуден темекі алып қалды, ағайын боп жөн сұрасты. Тойға барамыз десті. Қыз ұзатамыз десті. Қыздың ауылы анау көрінген десті. Қызға тонын, тойға торпағын қоспаған екеуінің бөтеннің қызығында несі бар. Түнді күтті де тас қараңғыда бір топ жылқыны бергі бетке айдап тастап:

— Ал енді тойға барамыз, — деп Қалибек атын кері бұрды.

— Тойы несі?

— Тойдың аты той... Ақшаң бар ма өзі?

— Бар.

— Әкел де қақ бол. Барған кезде көде деп той иесіне лақтырып тастаймыз.

— Ол ненің ақысы?

— Әдейі келді десін. Малын іздей қалса бізден көрмейді. Елең - аланда тәспидәния деп жайбарақат аттанып кете береміз. Сенің түбі тесік қалтаңның тиын-тебені бес биенің қуана татитын шығар...

...Бұлардың тойлары да қызық екен, домаланған қу басқа дейін ішетін зәһәрін қойындарына тығып келеді екен, тойға деген ырымын да бөтелкемен есептейді екен. Қыз әкесі түйе көтеннің өліп піскен томалағындай нарттай қызыл шал алдына ақша тастағанда танымайтын ей жатқа әуелі тандана қарады да, артынша құдалары келгендей маңайын әбігерге салды. Сол-ақ екен, былайғы жұрт та қудалар жағының кешіккен нөкері десе керек, қол-аяқтарын жерге тигізбей хан көтеріп әкетті. Қалибек саркідіктердің сапында қалған, Мырза күйеу жолдастардың ортасынан бір-ақ шығыпты. Бірақ жамбас та жоқ, құйрық-бауыр да жоқ, әркімнің қолында бір-бір сүйектің мүжуірі ербейіп жүр, ас жаулықсыз, самырсын тақтайдан қурай салған ұзын столдан шайырдың иісі танау қабады, үстіндегі "зокүске" дейтұғын орыстың шөп-шаламы, қаймаққа шылаған картоп пен қызылшаның қойыртпағы түнгі салқын желемектен сынысып қатып қалған сияқты. Орындықтары томарға шегелей салған ұзын тақтай екен, Мырза күжірейіп келіп отыра бергенде аунап кетіп, столдың бір қанатыңдағылар жапырыла тоңқайып түсті. Түрегеп қалған Мырза мен қалындық еді, екеуі тұңғыш рет бір-біріне еміне қарасты. Мырзаның көзіне ұрғашының әлемдегі сұлуы боп елестеген. Әкесінен қарызға алғаны — қызыл шырайы, шешесінің қандай екенін кім білсін, әйтеуір қысыр байталдың құйрығындай шорт кесіп тастайтын бұл өңірдің шаш атаулысынан тұңғыш көрген бұрымы. Айыбы — көзі көкшілдеу екен, осы бетте анау қылдырықтай белден бас салып құшақтай алғысы келген. Әлдекім "горка" деп бақырғанда ұмтылып барып тоқтады. Есесіне тоңқайып жатқан күйеу жігіт тұра салып қып-қызыл ерінге ал кеп жармассын. Аяқ астынан Мырза қызғаныштан жарылып кете жаздағаны. Сонан - ақ байғұс күйеуді ит етінен жек көріп, атарға оғы жоқ Мырза бейкүнә жанды қорлауға кірісті. Бойы шарғы екен, онысы да жақпады. Түбіт мұрт, пісте мұрын, қоян көз, әжептәуір беті бар еді, онысы да жақпады. Шағын басқа қалқан құлақ жараспайды екен, сол құлақты көтере алмағандай қылқиған мойын былқылдап, қайта-қайта шұлғығанын көргенде стол басынан көтеріп алып лақтырып жібергісі келген. Амал жоқ, ауыл бөтен, бар тапқан амалы — қот - қоттап, өтірік мақтап, арақты еселеп құйсын. Өзі де өлшемді білмейтін сорлы екен, әрберден соң сілекейі шұбырып қылжия бастады. Қазақ: "тойға барсаң тойып бар" дейтін, бұлар тойға дейін бөтекесін араққа кептеп келе ме, Мырза дені сау ешкімді көре алмады, тек қалындық қана мелшиген қалпы бұдан көз алмай, жанары жалтылдап қадалды да отырды.

Ұрғашысы бар, еркегі бар орыстың частушкасына шетінен мәстір екен, әуелде шарылдап, дарылдап бастаған дастархан әлдеқайдан жетім гармошка ырылдап шыға келіп еді, бүкіл той топырлап секеңдеді де кетті. Күйеу жігіт бір табақ винегретке танауын тығып қорылға басқан, әркім биге шақырғанда бармай стол басында жалғыз қалған қалыңдықтың алақанынан ұстауы мұң екен, лып етіп соңынан ере жөнелгені.

Екеуі жылыстап оңаша шықты.

- Атың кім?

— Нюра... Нюрка дей сал.

— Шатың ше?

— Нұрбике.

— Жасың нешеде?

— Он жетіде.

— Менің жасым отызда.

— Мен сенің жасынды сұрадым ба?

— Айта салғаным ғой... Сен неге маған қарай бердің?

— Жақсы көріп қалдым...

— Онда анаған неге тиесің?

— Әке-шешем берген соң тиемін де.

— Танысқандарыңа көп болды ма?

— Құда түскенде бір көргем, содан кейін кездесіп отырғаным осы.

— Егер мен де ғашық боп қалсам қайтер едің?

— Саған еріп кетер едім...

— Әйедің бар ма деп неге сұрамайсың?

— Соны сұрауға қорқып тұрмын.

— Онда қорықпай-ақ қой.

— Енді қайттік?

— Қашасың.

— Ішім сезіп еді... солай боларын... Мен сені түсімде көргем...

— Дәл осы қалпымда ма?

— Жоқ, адамша сөйлейтін бір қасқыр мені арқалап қашқан.

— Онда не тұрыс.

— Сен мені неге сүймейсің.

— Анау қортығың ерініңді былғап тастаған жоқ па?

— Ерінім былғанса да етегім таза...

Мырза алғаш рет қыз ерінінің тәтті екенін білген. Қыз құшақтап тұрып жылады. Еріннің тәттілігінен жылаған шығар...

...Сол түні екеуі қашты. Қалибек ағасы жылқыны айдап бөлек кетті. Кетерінде ақыл айтып:

— Елді-мекенге соқпаңдар, оқысқа ұшырап қалмаңдар деді. Арттарыңнан қуғыншы болмайды, мен Қосағаштанбыз деп беттерін теріс-қағыс бұрып кеттім, ауылға бұрын жетсем, ағайындардан сүйінші сұрап дүрліктіре берем, — деп қатыны ұл тапқандай қуанып кетті.

Шығыс көкжиек сызат берген. Сабалақ орманның ұшпасы таң мезгілін қамап тұр екен. Қатын әлі құтырып жатты. Құтырса да күтетін уақыт жоқ еді. Алтай шымылдығын түре бастаған, асықтыра бастаған.

— Бір ат екеумізді су ішіңде көтере алмайды, — деді жігіт.

— Енді қайттік? - деді қыз.

— Бір амалын табармыз, — деді жігіт.

— Екеуміз екі үзеңгіден ұстап малтимыз, — деді қыз.

— Үзеңгі темір, суға батып кетеді, - деді жігіт, — сен атқа мінесің, мен құйрықтан ұстаймын. Құйрық су бетінде қалқып жатады.

— Жоқ, мен де құйрықтан ұстаймын.

— Мейлің, тек мені Қатын жұғып қойса үйіңе қалай қайтасың?

— Қайтпаймын, мен де құйрықты қоя берем...

Осындай да болады екен. Бүгін соған өзі де сенбей жатыр.

Бүгінде еріннің тәттілігін сезетіндер бар ма екен?.. Әлде өмірдің тәттілігі қожыраған соң еріннен де тәттілік қаша ма екен...

... Қыз — жатта, ұл — бөтен. Екі қыздың бірі де шешесін іздеп келген жоқ. Ұлдың түрі анау, әкенің қадірін, шешенің қасиетін біліп пе?.. Мүмкін қатынның тәттілігі жеңіп кеткен шығар... Үзеңгіге аяғы жетпеген соң әр нәрсенің құйрығына жармасып жүрген шығар. Әйтеуір қолынан шығып кетпесе жарады да.

Кеуілін әлдебір сағыныш кернеді. Сағыныш мынау шайыр мүңкіген жалғыз тамға симай жатыр еді, сағыныш қымызға тұншыққан сабадан есіп тұр екен, сабада Нұрбикенің қолы мен өңірінің иісі қалғаны да... Шыдай алмай тұрып кетті. Шыдай алмай далаға шықты.

Алтайдың шыңы ұзарып кетіпті. Алтайдың көкшағыр музартын ұзартып тұрған таңғы шапақ екен, таудың қылыштай қиясынан аспанға тік шаншылған күміс сағым көк күмбезін жырым-жырым тесіп тұр екен. Мұзтаудан кепешін оздыра алмаған Көкжота монтиып өкпелеп отырды. Мұзтау тәкәббарлық көрсеткен жоқ, Шірену — аласаның әдеті, Көкжота деген аты болмаса, басқаның құзарынан мысы биік. Аласасын ардақтап, биігін аласартпайтын елінің көркіне қарап қоя салған аты да.

Қорадағы көк - жасыл көздер өшіп қапты. Ертеңгі шыққан астында қиядан ағып түскен тас қорымдай сығылысып шөгіп жатыр. Мыналарыңды байла дегендей қасқа айғыр бес биені құлынымен түгендеп желі басына айдап келген. Түн қатып ұйықтамай, күндіз желі басында тұрып қалғитын жануар ол да көз шырымын сағынан болар. Ай бойы ала шапқын болған Веттехник те алғаш рет Алтайдың зәмзәмдай кәусәріне шөлін бір қандырды...

Қойын қарсы беттегі күнгейге салып қойып, қыр асып кетпесін деп анда-санда айқайлап қойып отырған. Қолыңды жұмсасаң аяғың тұсаулы, аяғыңды жұмсасаң қолың қоса ереді.

Бір адамды қақ бөлу Алланың да қолынан келмес. Ойлана келе қасқа бұзауды қазыққа тас қып байлап, бес құлынды ағытты да қасқа айғырға саусағын шошайтты.

— Қанағат! Ұқтың ба, қанағат! Басынды тасқа ұрсаң да бес байталды басқадан таба алмайсың! Отырмыз ғой, бесеу тұрмақ жалғыз бәйбішеге жете алмай!..

"Байғұс-ау, біреуді сен көпсінбесең, бесеуді мен азсынып қайтейін!". Қасқа айғыр иланғандай иекті бес рет қағып пленнен құтылған бес биені суатқа айдап кетті. Веттехник тақасын киіп өріске кетті. Ангор, ангор деп Ерғали жалғыз ешкісін тықпалап қоймап еді, мұнысы ангор емес аң ғой! Күн қызса сумаңдап тыным таппайды, күн суыса кіретін тесік таппайды, тау-тасқа өрмелеп табан тоздырды, азабы бір отар қойдан озды. Мырзекең тағы да қыр асып бара жатқан жалғыз ешкіні егіз лағымен емпеңдеп жүріп зорға қайырған. Қолына іліккен қолақпандай тасты атып ұрып еді, бір мүйізін қағып түсті. "Қап, әдейі көздесем ғой әсте тимес еді". Ақ ешкі бақ етті де бізден деп жөнелді. "Жә, өз сорыңнан көр! Бұл дүниеде бүтін нәрсе жоқ, өлмейсің!".

Ол да бір жарымаған ит. Ешкі асыраған екі жылда бай болады дейтұғын қазақтың қырт сөзіне шынымен сенді ме Омырық жылда бір ешкі сатып алып, жылда жеп қояды да таңқиып қала береді. Екеу емес, үшеу емес, бесеу емес, ол неге біреу?.. Өсімі жоқ шыбыш та қып-қызыл шығын, соған кеткен жыл сайынғы пұлға түйе сатып алса, ендігі құрығанда есігінің алдында құмалақ жататын еді ғой. Елуден асқанда езуін жібіте алмай құрап отырғаны анау. Әй, ит - ай!.. Ұрпағым сұлу болады деп Өтеуден кейін орыстан қатын алған Шоңмұрын әулетіндегі екінші сері осы. Сазандай аппақ қатынды тек бөксесі үшін көрмеге қоюға болатын. Ара-тұра моншасын сылтауратып барғанда жайдақтаған жорға жүрісіне, еркектің тынысын қарадай тұншықтыратын көріктей көкірегіне қарап отырып: "ой, осыдан түбі айырылып қаласың - ау" деуші еді, айтқандай-ақ Омырықтың үш қыздың ортасында жесір қалғанына екі жыл. Жапан түздің жалғыз адамның есіне салмайтыны жоқ, Тып-тыныш ойда жатқан Омырықта несі бар еді? Ешкі де болса тұяқты, оның мүйізін қағып несі бар еді? Айдалада албасты адам көзіне ешкі боп көрінеді деуші еді. Өтірік -шынын кім білсін, Адайхан деген бір ағалары йен қыстаудың тұсынан өте беріп, маңырап жүрген бір лақты көріпті те көштен қалып қойған шығар деп алдына өңгеріп алыпты. Мал десе тісіне дейін тексеретін қазақ емес пе, ұрғашы ма, еркек пе деп артына саусағын жүгіртсе: "ойбай, ұят болды - ау" деп секіріп кетіп жоқ болыпты.

Әлгінде ғана қой ішінде қайырып салған жалғыз ешкі тағы да жоқ. Осы пәлекет ешкі емес албасты шығар. Әлгі Омырық ешкі емес, албасты сатып алып жүрген болар. Әйтпесе жыл сайын жалғыз ешкінің жоғалып кетуі қалай?.. Орнынан тұра беріп етектен әлдебіреудің ербейген төбесін көрді де ел көшіп келе жатқандай қуанды. Ербейген аттың басы екен, артында адам тәрізді бірдеңе қараңдайды. Ақымақ па, тағы да албасты ма, ат тұрып жаяу салпақтаған, тақым тұрып көліктің көтін иіскеген кім болды екен?..

Кімді айтсаң сол келеді. Ерғали Омырықтың өзі екен. Жөні түзу біреудің келмегенін қарашы. Албастыдан адам жасай алмай отырғанда осыған да құдайға шүкір. Аяз қысып бара жатқандай үстінде қолтығы жыртық шолақ қара тон, басында елтірі тымақ, аяғында көшеге киетін шандыма шарқайдан күс-күс бақайы ерінін шығарып тұр. Басы қыс, аяғы жаз. Бүйтпесең Омырық болармысың!.. Бұрлығып қалыпты. Байталы өзінен бетер шаршаған. Өзінен де кәрі ырсиған байғұсты етекке тастап, ырсылдап зорға көтерілді. Баяғы сол Омырық қалпы.

— Ащалаумағалейкүм, — деді.

— Ей, сен осы тісіңді неге салдырмайсың?

Менің кетігімді жаңа көріп тұрмысың дегендей сәлеміне қайтарым күткен Омырық ағайыны Веттехникке сығырая қарап, ұзақ сынады.

— Әлде жұтып қойдың ба, — деп Веттехник оның ауыз проблемасын дәп қазір шешіп беретіндей қайта қадалды. — Ауылда алтыннан азу байлаған жалғыз сен едің, байғұс-ау, тезегіңді ақтарып, тексермедің бе?

Омырық Веттехниктің қасына тізе бүкті де иегін сауып отырып жайбарақаттана:

— Иегіме тұрмады, — дей салды. — Аузыма щимаған щоң алдырып тащтадым. Адамнан айырылып отырғанда менің аузымды щанап нағыласың.

— Е, не боп қалды?

— Өтеуден айырылып қалдым.

— Не дейді?!

— Өтеу өліп қалды деймін.

— Неге өліпті?

— Өлген адамнан неге өлдің деп кім сұрапты.

— Көзіңмен көрдің бе?

— Көргем жоқ.

— Көрмесең не оттап отырсың?

— Мәмидің Қайыркөні айтты. Шыбынды бұлақта шөп шауып жатыр едім, хабарды щаған жеткіз деді. Арамқатқыр әнеу трақыны жетелеп жеткенім ощы.

— Ол көріп пе?

— Ит біледі, Қараңқағыр айтты дейді ғой.

— Қиянға қашып кетсем де Қараңқағырдың құрығынан құтыла алмайтын болдым - ау, — Веттхник уһ деп демалды. — Өтеудің өлгені бірінші ме еді...

Қараңқағыр айтыпты деген соң ғана көңілі орныққан Веттехник темекісін алып тұтатқан, өмірі қалтасына сынық шырпы салмайтын Омырық қолын қоса созғанда күбіртке жеп қойған тырнақ көбесі көн қазған тауықтың тұяғындай екен.

— Тұла бойыңда бүтін бір мүше жоқ. Қалай тірі жүргенсің?

— Жүрміз ғой, жүрміз... Әлде жүргенімді көпщініп отырщың ба?

— Жүр, жүр... Сенің жүргеніңнен жер қайысып кетпес. —Мырза сигареттің бір сабағын қимастықпен ұсынып еді, Омырық қасқа тісінің үңірейген кетігіне шошайтып қыстыра салды.

Өтеу өліп қалды дегенге әуелде жүрегі лүп ете қалған. Қараңқағырдың кезекті жанжалын көз алдына елестетті де ит үрсе де айқай қосатын абысын - ажынның ошақ басындағы айқасын көрді. Біреуге тәтті, біреуге қатты, қатын дейтұғын қасиеттің төсектен озса болды, шынжырдан босаған аюдай ауылды басына көшіріп, абыройын ашып, зәрін шашып, еркекті жерге қарататын әдеті емес пе. Веттехник суық хабарды қаперіне де алған жоқ.

— Жә, екі-үш күн жатып демал, құлағыңнан күн көрініп қапты, жыртылып кетпей тұрғанда жамап қой, — деді. — Tic қана емес, құлақта керек.

— Өзім де щөйтейін деп келдім.

— Ендеше ана егіз лақтың бірін сой.

— Е, ол ненің ақылы.

— Бәрібір жеп қоясың. Жеудің ерте - кешінде тұрған не бар. Кәзір лақ пісті, еті дәрі, ойға түскенше арықтап кетеді.

— Мейлі, - деп Омырық көне салды да қойнына тыққан бөтелкенің төбесін көрсетті. — Щаған деп әдейі әкелдім.

— Өзің не ішесің?

— Бар ғой, — деп екіншісін шошаң еткізді де, ыржиып күліп еді, расында тіс тоқтайтын қызыл иегінде кемер қалмапты.

— Тіпті жетістік. Сенің арқанда мен да ауыз шайқап қалайын, — деп Веттехник бұл жолы зәуімен шынын айтып орнынан тұрды. — Шыбышына тиіспе, еркегін ұста. Танымасаң артына саусағыңды тығып байқа.

— Құдайға шүкір, қатынщыз жүрщек те еркек пен ұрғашыны ажырататын хәлден кеткенім жоқ.

— Айтпақшы, ана байталыңды үй маңына апарып арқанда.

— Ұрщығы тарщылдап зорға жетті, қайда қащар дейщің, — деп Омырық әлі күнгі отқа басын салмай меңірейіп қалған байталына мүсіркей қараған.

— Айғыр шайнап тастайды, — деп бөтен иісті сезіп осылай қарай ойқастап келе жатқан жирен қасқаға иек қақты.

— Не, бұ немең еркек - ұрғашыны айырмайтын болған

ба?

— Сенің сарпайы сідіктен тозған трақынды қайтесің.

— Әй, щенің ощың жылқы емещ.

— Албасты деп пе едің?

— Албащты болмаща да адамнан азған бірдеме. Әйтеуір қазымырлығы мен ақылы щенен артық.

Албасты ма, адамнан азды ма, құлағын жымырып, мойнын салып жіберіп байғұс байталға тап берген жирен қасқаны көргенде Омырық та жаны шырқырап етекке домалай жөнелген. Қашанда сорлыға сойыл бұрын тиеді, өзі сіңіріне ілініп жүріп, ағайын деп жанашырлықпен іздеп келген Омырықты аяп кетті де Веттехник іштей өзін-өзі біраз сөгіп алды. Атқа мінгенге мәз, астың буына қарқ боп, жер ортасына жеткенше ағайынның мұңымен ауырмапты - ау. Аталас бір ауылдың әр түтінін санап отырса, не сүйеу болатын ешкімі жоқ, не сүйей қоятын еті тірі ешкімді сүйремепті. Кеше өкімет өлтірмейді, партия өгейсітпейді деп сол өкіметте жалда жүргенін аңғармай, аяғына сүйреткен жыртық шарқайын да қанағат тұтыпты. Бүгін байқаса, әйелі қам, еркегі аң, бірі ерге қараса, бірінің жерге қарауға да шамасы жоқ, өткеннің жұртында қап кеткен енсіз азбан сияқты, не көш бастауға жоқ, не көшке ере алмайтын, тобырдан төбесі озбаған өңшең бір аласа. Азаматтың түрі әлгі, ауылдың түрі Өтеу ме? Өтірік өлгеннен басқа қолынан не келеді? Өлгеннен басқа несі қалды? Өзінің содан несі артық? Елден қашып, елсіз жайлауда жалғыз жатқанда қай кетігін толтырыпты, кімнің кетігін толтырыпты? Омырық дұрыс айтады: мал екеш мал — қасқа айғырдың да бұдан ақылы артық, жабыны жолатпайтын, жауырды жаратпайтын онда да қасиет бар. "Әттен, сәбет өкіметінің құлайтынын білгенде ғой!". Иә, білгенде не істейтін едің... Көп болса әлдекімдер сияқты көпті зар еңіретіп ортақ қазанды қарпып қалар ма едің? Көп болса бабаңның байлығына жетер едің. Ол да бір жұттан аспайтын, бүгін бар, ертең жоқ, жоқшылықпен қоңсы отырған ойнамалы дәулет болатын. "Әкең!.. Мал екенбіз - ау! Қасқа айғыр адамнан азбаған, біз малдан азған екенбіз - ау!"..

Ерғали бір лақты жайратып салып, Веттехник кешкі малды жайғап болғанша кешкі асты жайнатып қойған. Көптен білтесіне от тимеген аспалы шамды қасқа маңдайға іліп, аласа жозыны қазандықтың бүйіріне тақай жасаған екен, Мырзаның алдымен көзіне түскені — көк бөтелке, көк те болса үш-төрт түйектен мен таңсық қияр, сабақты сарымсақ Омырықтың қоржынымен келсе керек. Торсиып бүйенге құйған қансоқта келгенде Веттехник кәдімгідей мәз боп қалды.

— Е, қатынын неге тастады десем, бір үйге екі аспаз артық болған екен-ау!.. Әй, ит - ай, жатқа қуғанда жақынға аспаздыққа қимадың - ау!

— Қатынды мен тащтадым ба, қатын мені тащтады ма, өзім де білмеймін. Әйтеуір қайта-қайта қыз таба берген щоң көнілімнің щуығаны ращ.

— Барған жерінде жаңа байынан ұл тауыпты ғой.

— Құдай берем деще, алмаймын дещең де үйіп-төгетін көрінеді, оның бұрынғы қатынынан да төрт ұлы бар еді.

— Сенен шыққанда сол ұрық іште кетіпті деген рас па? Мордасы да біздің әулеттен аумайды дейді.

— Ит біледі, баланың кімнен екендігіне анадан басқа әрекет жоқ қой.

— Сен соны қайтадан сұрап алсаң қайтеді? Екі жылдың амортизациясын дауламай-ақ қой. Өзі де жетісіп жүрген жоқ дейді.

— Жоғалған пышақтың щабы алтын, өлген қатынның ауы алтын деп... Щодан бащқа ұрғашы құрып қап па?

Ұрғашыдан үй тұрғызсаң да жетеді-ау, бірақ елуден асқан Омырыққа онды қатын қайдан табыла қойсын. Қылшылдап тұрмасаң да баяғыдай батып жейтін де, сатып жейтін де мәйегің жоқ. Импорт пен загатскоттың заманында гуртоправ болып ту сонау Семейдің ет комбинатына мал айдаған шағында бетіңнің майы бес елі еді, Мың қол мал бермей загатскот құрдымға кеткен соң "көртопырақ" боп отырған түрің мынау. Өзінен он бес жас кіші уыздай жетім қызды комбинатта қарынның боғын аршып жүрген жерінен жетелеп келгенде ағайын жиналып бата берген. Қатын семірді ме, әлде қайрат кеміді ме, кім білсін, әйтеуір жер ортасына жете беріп жетім қалды. "Бақпасаң мал кетеді, қарамасаң қатын кетеді" деген осы шығар. Мал бітіп көрген жоқ, қатынға жарыды - ау дегенде оны да ұзағынан сүйіндірмеген тағдырына өкпелесін де. Әуелде - ақ көзін ұрлықпен ашқан бейбақ еді, талай рет сотталып кете жаздап, талай рет ағайынның арашасымен аман қалған. Есесіне сан дүркін соққыға жығылып, бүкіл тісті саудаға беріп Омырық атанып шыға келді.

— Әй, ращында қатынға барщам қайтеді, үйге қайт дещем қайтеді?..

Веттехник кеңсірігі түскенше кеңкілдеп күлді. Қалжыңды қайрады деп түсінген қайран Омырығым - ай! Алжасайын деді ме, ақыл кірейін деді ме?.. Бір қағынған қатын таяқтасаң қайтар ма?! Қайтқан күнде де қаймана жұрт сауырлап тастаған қатында қасиет қала ма?! Заман қайтып келмейді, қатын бір аттаған босағасын екі рет қайтып көрмейді, Омыры-ғе-ем!..

...Төбесінде де түк қалмапты. Бүйірдегі пештің қызуына бір-бірден тастап жіберген айғыр стаканның буы қосылған соң қадау-қадау қылшықтың түбінен тесіп шыққан қара тер қайыс боп кеткен құйқаның шел - майыңдай бышырап, самайға қарай боздап келеді екен, Веттехник жүкке қол созып, таза орамал тастап еді:

- Өй, мынауың жаңа ғой, — деп арзан шүберекті "қымбат" құйқасына қимай майлықпен терін сүртті. Көнені қия алмаған, жаңаны жия алмаған қайран бас. Осының ғой, құлдан төмен, қулықтан құралақан қалғаны. Бұл ит баяғыда ұрлықты қалай жасаған?..

Құлазыған көңілге серік бола ма десе дертін қозғаған Омырыққа қарап отырып қаңғып кеткісі келді. Астан да, арақтан да ләззәт алған жоқ. Кеужіріне дейін омырып тастаған лактың қалақтай басы көз сүйегі үңірейіп бажырая қалған екен, атып тұрып безе жөнелетіндей көрінген. Бүгінде әркімнің ішінде бір албасты. Оның үстіне албасты жеген соң Алтайдың басына шығып кетпей аман отыр де. Ac қайырғанша Омырық далаға он кіріп он шықты. Ат дүбірі естілген сайын аузындағысын жұтпастан сүріне - қабына жөнеледі, сүрініп-қабынып қайта кіреді. Шолақ өмірде шолақ та болса бір байтал керек екен.

— Ит асырамағаның қандай жақсы болған.

— Немене, ит қапқан ауруың бар ма еді?

— Жоға, қасқа айғыр тұрғанда иттің не керегі бар. Ит екен ғой!

— Ит те болса қазына емес пе, оқасы жоқ, екеу болдыңдар.

— Талащар жайым жоқ, ащырауы менен жақщы көрінеді. Тек жаман байталымды жарып тащтамаща болды.

Ерекең келген шаруасын есіне де алған жоқ. Жарты ғұмырын ат үстінде, малға еріп, малмен бірге өріп, жайдақ тірлікке отығып алған салт жүрісті пенденің от басының уәйіміне құлқы да жоқ болса керек. Ит арқада жатыр ма, ит кірмеде отыр ма, мынау жалған дүниенің есік пен төрі, рахаты мен көрі бөрі бірдей. Лыпаның сәнін сиғанымен мөлшерлеп, тамақтың нәрін таңдайымен таңдамай, қарынның қанағатымен өлшейтін қасқыр құрсаққа қатын ұстаудың да қажеті шамалы сияқты. Білмейтін ісі жоқ, бір нәрсені білмеймін деп айтпайтын, білгенін бұлдамайтын және оған пұл тілемейтін Омырықтай жарық дүниеде сірә да бір адам жоқ шығар. Күндіз қой қамайтын шарбақтың төрт бұрышынан жерошақ қазып жатқанда Веттехник сойған малдың қан-жынын, тамақтың қалдығын көметін шығар деп ойлаған. Төртеуіне де от жағып, шорымықпен бастырып тастады да:

— Жылтылдаған от пен түтін иісіне аю өлсе де жоламайды, қасқырға да жан керек, — деді. — Байғұс-ау, о баста осыны істегенінде қатының қасында жататын еді ғой.

Қарағайдың шорымығы ай жатса да таусылғанша өшпейді. Терең қазылған жерошақтан еш уақытта от кетпейді. Қашанда қара қостың ережесі осы. Мал көрдім деген Веттехниктің бұл миына да кірмепті - ау.

Веттехник жылқыны ымырттап қайтқанда Омырық ыдыс - аяқты жылан жалағандай тазартып, осы үйдегі барды - жоқтыдан төсек те салып қойған екен, шешінбестен киімшең қисая кетті. Түнгі күзет сенің міндетің деп айта ма деп қипақтап отырған Өмекең:

— Ал енді қасқа айғыр тыныштық берсе қасқайып тұрып ұйықтаймыз, — деп айтып ауыз жиғанша болған жоқ, түп - тұра іргеден қасқыр ұлыды.

Мырза қосауызға ұмтылған.

— Әй мынау ит, — деді Өмекең.

— Қайдағы ит?

— Сенбесең шамды алып тысқа шықшы.

Расында ит екен. Сырттан қайтып келіпті. Әншейінде еркелеп иесінің аяғына оралатын маңтөбет тапжылмай күресін басында отырып алды. Аш болар деп Мырза итаяққа ас құйып еді, оған да қараған жоқ, екі аяғын иегіне жастанып мөлиіп кеп қарасын. Көзі жаман екен. "Япырау, бұл неге кетті? Неге келді? Неге ұлыды?"... Сонда ғана Мырзаның миына бір жамандықтың үрейі сарт етті... Өтеу!.. Өтеу!..