Fariza Ongarsynova. Otkendi kaitalau

АУДАРМАЛАР

СЕРГЕЙ БАРУЗДИН

роман

Мен талтүсте ұшып келіп едім. Қапелімде туған қаламды өзім танымай қалдым. Ертеңгісін Камчаткадағы Петропавловскіде қарлы боран соғып тұр еді, біз алып машинамен аэродромға әрең жетіп, одан «ұшамыз ба, ұшпаймыз ба?» – деп біраз дал болғанбыз. Енді, міне, уақыт дегенді тоғыз сағатқа басып озып, көктемнің түнін де жол бойы жоғалтып алдық, ақыры күн шуағына малынып, жасыл желекке оранған, май мерекесінің қарсаңындағы Москвадан бір-ақ шықтық.

Үйге оралу – қашан да қуаныш. Ал Москваға оралу адамға екі есе қуаныш әкеледі, өйткені біздің қаламыз өзіне бір түрлі ерекше жылылықпен баурайды. Ал қазір...

Әлі шаң басып үлгермеген жасыл шалғын, жапырақ жайған үйеңкі, түрлі-түсті жеңіл киімді әйелдер, Гагариннің портреттері мен үйлердің қабырғаларына ілінген космос корабльдері бейнеленген қызыл маталар – осының бәрі тосын әсер еткені сонша, мен басқа планетадан келген шығармын? Камчатка, Командор, Курил... жоқ, жоқ, әрине!

Дегенмен, өтіп бара жатқандардың бәрі шолақ тон мен тері малақай киіп, иығыма дорба асып алған менің еңгезердей тұрпатыма таңырқай қарасады.

Осы сәтте мені, сәл де болса, көңілдендірген арқамдағы дорбаның ішіндегі нәрсе еді. Ал оның ішінде ғажайып дүниелер жатыр: итбалықтың екі күрек тісі; үлкендігі көже құятын тәрелкедей тасбақаның қауашағы; кеше кешкісін ғана пісірілген, қып-қызыл әрі инелері біздиіп, теңіз кереметіне ұқсайтын дәу краб; Сібір мен Қиыр Шығыста ғана сатылатын жарты литр таза спирт; сым тәрізді дөңгелектеп оралған женьшен тамыры мен қазір Москвада шырақ алып іздесең де табылмайтын бірнеше балық консервілері. Алайда осының барлығы сәуір айының космостық жаңалықтарымен салыстырғанда, бір тиынға да тұрмайтындай!

Мен жедел басып келемін.

Алдымда ең қуанышты да күрделі оқиға күтіп тұр. Ол – әйелімнің жұмысына соғып, үйдің кілтін алу. Қуанышты дейтінім – түсінікті ғой: Наташаны көрмегеніме айдан асып кетті, үйге оралғаным осы. Күрделі дейтінім мен Камчаткадан келген мына түріммен әйелім жұмыс істейтін архитектуралық – жобалу институты секілді әдемі де кең, сәулетті үйге орналасқан құрметті мекеменің абыройына нұқсан келтіруім мүмкін.

Жолым болғанда, киім ілуші әйел бұл жер зат сақтайтын орын емес деп әдетінше күңкілдеп алды да, ақыры дорбам мен тонымды қабылдады-ау, әйтеуір.

Енді тезірек жоғарыға, оның өзіне жетуім ғана қалды!

Мен лифтімен көтерілдім де, таныс есікті еппен аштым.

– Келдің бе?!

Наташа қып-қызыл болып кетті де, ұп-ұзын сызғышты ебедейсіз қоя салып, есік алдына келгенде ғана шеберханада бірге отырған әріптестеріне көз тастады. Мен дәл сол сәттегі оның жүзін көре алғаным жоқ, бірақ оның сасып қап әрі өзін кінәлі адамдай сезініп тұрғанын білдім. Қуанғанда не істерін білмей қалатын оның әдеті және сондайда мына әйелдердің алдында ылғи да ыңғайсызданады. Мүмкін бәрінің алдында болмас, дегенмен, көбісінің алдында солай. Бұл әйелдерде мұндай сәттер жоқ екенін ол біледі және өзінің бақытымен оларды ренжітіп алам ба деп қорқады.

Біз дәлізге шықтық та, мен бас салып оның маңдайынан, көзінен, шашынан, ернінен, шынтағында тыртығы бар қолынан сүйе бастадым. Ол болса оқушы қыздай қызарып; бұлқынған күйі: «Айнала адамдар ғой... қарап тұр... ыңғайсыз...», – деп қысыла тағы бірдеңелерді сыбырлайды.

– Қалайсың? Риза болып қайттың ба? – деп құшағымнан әрең босанып, менің жағамды дұрыстап қойды. Оның әдеті осылай: жағамды не мойын орамалымды жөндейді, немесе ілгегімді ағытып, қайта салады – мұның не екенін тек екеуміз ғана білеміз...

«Ризамын ба?» Мен оған қайда барып, не көргенім туралы нешебір әдемі сөздермен айтып берер едім және ең соңында сол барып қайтқан жерлерге тағы да баратынымды қосар едім. Бірақ мен оған ештеңе де айтпаймын. Кейін, бір реті келгенде, айта жатармын... кейін... Ол менің бір жаққа кеткенімді жақтырмайды. Ал мен сапарға шыққанды ұнатамын. Өмірді көру, ойлау керек деген қағидадан емес.

Мен жолға шыққанды жақсы көремін. Кейін сағынып оралу үшін. Міне, осы қазіргі тәрізді! Өзім көп-көп жылдар білетін Наташамды осы қалпында тағы да көру үшін, көрген сайын оның да, өзімнің де бойымнан бұрын білмеген, сезбеген жаңа бір нәрселерді сезіну үшін кеткім келеді.

Мен оған қадала қарап тұрмын. Дәл сол бұрынғы қалпы, бұрынғы... Бір айдың ішінде ешқандай да өзгермеген. Бір айдың емес-ау, сол мен білетін көп-көп жылдардың ішінде, тіпті де, өзгерген емес. Әрине, ол бұл күнде он бес жасар қыз емес, отыз сегізге таяп қалды. Құдайым-ау, мен оны қанша жылдан білемін! Және оны қандай сүйемін десеңші!

Ол шашын да, көйлегін де талай өзгертті. Оқыды, соғыста да болды. Босанғаннан кейін тағы да оқыды. Ол ең жақын адамдарынан айрылды. «Біз» дегім келіп тұрса да, «ол» деймін. Жоқ, мен «біз» демеймін. Мен тағы да «ол» дей беремін.

Ол ылғи да осындай болған, енді бұрынғыдан да сүйкімді болып барады.

Мен оны құттықтадым.

– Оқыдың ба? – Ол менің немен құттықтап тұрғанымды білсе де таңдана қарайды. Басын шайқады. – Рақмет. Ой, сен білесің бе, қалай болғанын. Бәрі бітті деп қойғам. Кенеттен Буньков келе қалды. Әуелі сәл үнсіз тұрды, содан соң: «Қыздар! Өздерің бүгін тымсырайып үндемейсіңдер ғой!» – деп бір шампан шығарып жатыр. Сонда барып біле қойдық. Ал келесі күні «Правда»...

Мен Камчаткада жүргенімде «Правдадан» қысқа хабар оқығам, алайда өзім бұрын бәрін білетінмін: олардың жобасы барын, оны әлі туынды дегендер болғанын. Балалар бақшасы, дүкен, шаштараз, асхана, тұрмыс қажетін өтеу комбинаты мен клуб – осының бәрін бір үйге орналастырамыз дегенге, тіпті, менің өзім де күдіктенемін. «Қажет болады, ыңғайлы» деп ол отырып алып маған түсіндіретін. Бұдан бір жыл бұрын жобаны жаңа ойластырып жүргенде де, кейін үйде түнімен отырып жоба сызу үстінде де осылай дейтін. Енді мен дәл өзім жасағандай қуанып тұрмын.

– Целиноградта құрылысты сала бастады, ал келесі жылы – Москвада! – деп қояды – Тамаша емес пе, ә?!

– Ал үй қалай?

Үй дегенім – Надюша мен Люба.

– Бәрі жақсы, – дейді ол. – Надюшка мектепте, Люба балабақшада. Екеуі де сені күтіп жүр...

– Ертерек кетіп қалшы. А?

– Тырысып көрем. – Ол менің жағамды ұстады. – Шашыңа ақ кіре бастапты-ау. Ой, келгенің қандай тамаша болды! Жарайды. Кешке дейін.

Шырылдап жатқан біздің үйдің телефоны екенін баспалдақпен көтеріліп келе жатқанда-ақ біле қойдым.

– Тыңдап тұрмын, – дедім тонымды шешпестен. – Бұл кім екен? – деп сұрады әйел дауысы.

– Сізге кім керек еді?

– Надяның әкесі емессіз бе?

– Иә.

– Қызыңыз қайда?

Мен ыстықтап тұрсам да тұла бойымды бір салқындық қарып кеткендей болғанын сездім.

– Қайдасы қалай? Мектепте...

– Мектепте жоқ.

– Жоғы қалай?

– Солай, жоқ! – деп әйелдің дауысы қатқыл шықты. – Сіз қазір мектепке келе аласыз ба?

Мен тонымды қалай лақтырып тастағаным есімде жоқ, көшеден бір-ақ шықтым. Мектеп үйдің жанында – кіреберістен үш жүз метрдей болатын. Мектеп қақпасының жанында қолдарына сөмкелерін алып топырлаған бір топ баланы анадайдан байқадым.

Мүмкін, мен оларды байқамаған да болар едім, бірақ олардың өздері маған таңырқай қарап, күтіп тұр екен. Соның арасынан Надюшка шыға келгені – жанып тұрған қалпы, қызарып кетіпті, шашы да ұйпа-тұйпа.

– Папа, сенбісің? Келіп қалдың ба! – Содан соң даусын өзгерте қойды: – Ал біз сабақтан кетіп қалдық... Сені шақыртты ма?

Мен көңілім орнына түсіп, демімді алдым.

Сол сәтте менің жаныма бойы Надюшкадан сәл ұзындау бала жігіт («өзін қайдан көріп едім?») келді де, байсалды жуан дауыспен:

– Оған ұрыспаңызшы! Бәріне мен кінәлімін, – деді.

– Өте жақсы.

Мектепке қарай аяңдадым. Надюшка мен оның жанындағы балалар қақпаның қасында қалды.

Бес жасар шамасындағы балғын философ мектеп есігінің алдында мысықтың баласымен әуре боп жүр. Мені көрді де:

– Аға, сен мұның өзі туа қалған деп ойлайсың ба? Оны мамасы туды. Солай! – деп өз шешімін айтты.

Сол күні бұл оқиға жайлы үш рет естідім.

Мектеп директоры Антонина Ивановна бірінші болып айтты. Ол 8 «Б» класы оқушыларының ата-аналарымен жеке-жеке әңгімелесіп отыр екен. Мен үшінші болып кірдім. Маған дейін екі әйел кіріп шығыпты.

– Бізде бір қолайсыз оқиға болып тұрғаны, – деді Антонина Ивановна. Алғашқы сөздерінен-ақ менімен телефон арқылы сөйлескен ол емес екенін біле қойдым: – Оқу жылы аяқталып қалды. Кластағы балалардың көбі комсомолға өтуге әзірленіп жүр. Оған қоса, өткенді қайталау жүріп жатқан кез. Ал, менің байқауымша, әңгіме былай болған. Оларда төртінші, бесінші сабақ тарих пәні болатын. Оқушылардың біреуі себеп-сылтаусыз мұғалімге жаман сөздер айтып, тіл тигізіпті. Бұл төртінші сабақтың үстінде. Лидия Викто-ровна әлгі оқушыны маған жіберіпті. Мен одан класқа қайта барып мұғалімнен кешірім сұрауын талап еттім. Ол кеткен. Содан класс болып түгелдей соңғы сабаққа келмей қойыпты. Бас болып отряд советінің председателі және староста – сіздің Надяңыз да келмеген. Шереметьево аэропортына ма, бір жаққа тартып отырған. Сіздің Надяңызды және кластағы балалардың біразын мен білемін. Олардың басқаларға қалай ықпал жасай алмағанына түсіне алмаймын. Рас, – деп күлімдеді Антонина Ивановна. – Екі оқушыны класқа қалдырып кетіпті. Ол екеуі де бірге кеткісі келген екен, сендердің бұрын ескертулерің бар, енді кетсеңдер, мектептен шығарыласыңдар деп күшпен қалдырыпты. Ол екеуіне кетуге болмайтынын өздері біліп тұр. Ақымақ емес екенін көріп отырсыз, менің сізден өтінерім – Надямен сөйлесіңізші. Балалар ересек, өз дегендері болмаса, көне қоймайтын кездері ғой. Біздермен, педагогтармен, ашық әңгімеге бармаулары мүмкін. Сіздерге, ата-аналарға, айтып көрейік дегеніміз осы еді. Балалармен сөйлесіп көріңіздер. Біз, әрине, бұл оқиғаға байланысты белгілі бір шаралар аламыз. Ертең пионер линейкасын өткізгелі отырмыз. Оқушылар комитетінде де бәрімен сөйлесетін шығармыз.

Бөлмеге арықша келген, сәл еңкіштеу жас әйел кірді. Маған барлай көз тастады.

– Міне, Лидия Викторовнаның өзі де келді, – деп түсіндірді директор. – Ал, мына...

– Иә, иә, білем, маған айтқан, – деп Лидия Викторовна оның сөзін бөлді де, әлгінде ғана Антонина Ивановнадан естіген әңгімені дәл сол күйінде айтып шықты. – Жалпы, – деп қосты содан соң, – сіздің Надяңыз соңғы кезде тіптен тұйық боп кетті. Бұл әлгі Игорь деген ұзынтұраның әсері екеніне күмән келтірмеймін. Кластағы ең ересегі сол және өзінше ақылды көрінуге тырысады. Ол, тіпті, бүгін бір жақтан делегация келетінін де білген, көрдіңіз бе! Ал Надя екеуінің арасында мен айтар едім, бір қарым-қатынас бар деп, Міне...

– Ол не дегеніңіз! – Антонина Ивановна столдан тұрды. – Асырып айтудың қажеті жоқ, Лидия Викторовна. Және әділін айтсақ, Игорь...

– Мені сендірем демеңіз! Сенбеймін! – Мұғалім қайсарлана қайталады. – Сіз Игорьді қабілетті дейсіз, ал ол мен үшін бүкіл класқа, оның ішінде старостаға да жағымсыз әсер ететін, екі жыл қатарынан орнында қалған ересек бала ғана. Жасыратын түгі де жоқ...

Мен не істерге білмедім.

– Егер шындығын айтатын болсақ, – деп Лидия Викторовна сөзін жалғастырды, – он бес жасар қыз бен он жетідегі ұзынтұраның арасында, Антонина Ивановнаның тілімен айтқанда, қандай достық болатынына мен түсінбеймін.

– Папочка! Сен қалай ғана түсінбейсің! – деді Надюшка маған үйге келгесін. – Лидия Викторовнанікі тіпті де дұрыс емес. Игорь «ақымақ» деп оған айтқан жоқ. Ал Лидия Викторовна қараптан-қарап оған тиісті де, дәптерін тартып алды, өзін кластан қуып шықты. Игорь қайтып келіп кешірім сұрады, ал ол «ақымақ» деп оған айтпағанды айтты. Лидия Викторовна сонда да қоймады: әдетте «ақымақ» деп әйел адамға айтылады, сондықтан кімге айтып тұрғаныңды түсіндім деді. Игорь: «Класта әйел жынысынан жалғыз сіз емессіз ғой, неге бұлай дейсіз?» – деп еді, Лидия Викторовна: «Әрине, мен ғана! Осы жерде менен басқа әйел қайсы, көрсетші?! – деді. – Ақымақтық! Класта қыздар толып отыр ғой! Сол жерде Игорь дұрыс істемеді. Партаға отырды да: «Шынында да ақымақ!» – деді. Лидия Викторовна естіп қалып: «Шық кластан! Жылдың аяғына дейін сені сабағыма қатынастырмаймын!» – деп айқай салды. Игорь әдейі айтқан жоқ! Шын айтам! Байқаусызда аузынан шығып кетті. Соңынан бізге өзі айтты. Сабақ біткеннен кейін, қалай болғанын білмеймін, әйтеуір кластағы оқушылардың бәрі ендігәрі тарих пәніне бәріміз де қатынаспайтын боламыз деп келісті. Рас, біз, Люся екеуміз, – ол біздің отрядтың председателі – бұлай істегеніміз қалай болар екен деп ақылдасып көріп ек, балалардың бәрі: «Егер класта қалсаңдар, біз сендермен сөйлеспейтін боламыз!» – деді. Бәрі осылай деп тұрғанда, біз қайтейік. Сен қалайша түсінбейсің? Содан соң біз беталды қыдыруға кеткеніміз жоқ. Біз Шереметьевоға...

– Қандай балалар өзі?

– Қандай болушы еді, кәдімгідей-ақ...

– Сонда да олардың қайсысы?

– Мысалы, Игорь, – деді Надя, содан соң тағы қосты: – Басқаша істей алмадым, рас айтам, шыным осы.

– Игорің әлгі мұғалімді ақымақ деген бе?

– Иә... жоқ, жоқ, – деп түзетіп қойды Надюшка. – Ол мұғалімге айтқан жоқ, айттым ғой саған. Ол бізге кейін айтты.

– Ол өзі көше алмай қалған бала ма?

– Неге көше алмай қалған? Ол бізден екі жас үлкен. Бала кезінде полиомиелитпен ауырып, екі жыл оқи алмаған. Оның қолы қазір де нашар қимылдайды...

– Ал өзің бұған қалай қарайсың?

– Қалай? Ешқандай. Біз жай доспыз. Шын айтам, ол жақсы бала. Тек өте ашық. Бәрін айтып салады. Білгің келсе, газеттерде Сталинді сынап жүргенде, ол мұғалімге сұрақ қойып еді, мұғалім: «Білмеймін», – деді. «Сіз газет оқисыз ғой? Культ туралы қалай ойлайсыз?» – деп қалды Игорь. «Бұл тақырыптың сендерге қатысы жоқ!» – деді мұғалім. Содан бері Игорьді жаратпайды. Игорь да оны онша жақсы көрмейді. Сен босқа мазасызданба...

– Мен мазасызданып отырғаным жоқ.

– Жоқ, мен бұлай дейтінім... – деп жалғастырды Надюшка.– Біз тарихтан жаңа тақырып өтіп жүргеніміз жоқ. Жәй, өткенді қайталау.

– Қазір нені қайталап жүрсіңдер?

– Тарихтан ба? Қырық бірінші – қырық бесінші жылдардағы Отан соғысын.

– Қалай?

– Не қалайы бар? – Надюшка түсінбей қалды. – Немене қалай дейсің? – деп ол қорқынышпен сұрады. Шамасы, бүгінгі болған оқиғадан қобалжып отыр.

– Лидия Викторовна өткенді қайталауды қалай түсіндіреді? Мысалы, саған қызықты ма?

– Жоқ! – деді Надюшка. – Оқулықтағы секілді... Өзіміз де оқимыз. Тек сен, папочка! Мамама айтпай-ақ қойшы!.. Жарай ма?..

– Жарайды, айтпаймын, – деп уәде бердім. – Ал өткенді қайталау туралы...