Fariza Ongarsynova. Otkendi kaitalau

Заикин де, Соколов та ештеңе білмейді.

– Одақтастар, – деп қабағын түйді Катонин бір аялдамада.

Енді біз Эльба жағалауымен солға қарай келеміз. Риза артта қалды. Айнала әдемі, бірақ, қайда тоқтайтының белгісіз болса, сұлулық та қабылданбайды екен. Тік, құлама жарлы жағалаулар. Қарағай. Құмды төбешіктер. Әдемі! Дегенмен...

– Немене – одақтастар?

– Не, не! – деп кейіді Заикин. – Орын беріп жатырмыз.

– Ал біздің шабуыл ше?

– Барлауды ұрыспен жүргіздік. Бәрін дайындадық. Немістер қаша бастады. Ал бізге бұйрық берілді: Эльбаға американдықтарды жіберу керек. Міне...

Біреу таңданды. Біреу естімей қалды. Біреу қалғып отырды. Біреу боқтап жіберді.

– Әңгімені қоялық! Жанды жаралай беріп қайтеміз! – деді шыдай алмаған Соколов жанында қалғып отырған Володяны оятып:

– He? – Анау атып тұрып, мылтығына жармаса бастады.

– Демал, демал, – деді Соколов жайымен. – Ештеңе емес.

Жаңбыр жауып тұр. Тұман. Таулар көрінбейді, бірақ олар бізге қашық емес. Таулар, қыраттар, жаздағы секілді биік шөптер. Су өтіп, шөп арасындағы біз әбден малмандай болдық.

– Мұндайда қандай жұмыс болады!

Жігіттер боқтап жүр. Офицерлер де ашулы. Алдымызда Мейсен. Онда фольксштурмшылар отыр.

– Мейсен деген не? – деп қызарақтайды Вадя. – Берлинді алдық – енді кенеттен?..

Оның сөзін Соколов естіп қалды:

– Күңкілдемеу керек! Онсыз да сыз өтіп барады. Ал, Мейсен деген, білгіңіз келсе, қала, үлкен қала.

Біз жаяу әскердің жұмысын атқарып жүрміз. Біз ғана емес, қатарымыздағы артиллерияшылар, өз бөлімдеріне жете алмай қалған, жиырма жетінші жылғы жаңа келген саперлар. Жолдың езуіндегі ылғалды шөптің үстімен алдымыздағы бірен-саран атылған оққа қарсы еңбектеп келеміз.

Жүз метр. Фаустпатрондардың атысы мен жарылыстары толастамады.

– Атпаңдар! Атпаңдар деген бұйрық болды! – деді Соколов. Оған, шамасы, салқын тисе керек, біз оның дауысын әрең таныдық.

Біздің ешқайсысымыз атқанымыз жоқ. Қараңғыда салқын әрі былқылдаған бірдеңені басып кеттім, бұрылып еңбектей бергенде ғана түсіндім.

– Фриц, шаруасы біткен, – деп жанымда еңбектеп келе жатқан Володя түкіріп жіберді.

Алдымыздан қала көрінді. Үйлердің төбесі, жарылыстың сәулесімен жылтыраған асфальт жолдар, кейбір терезелерде ғана әлсіз оттар. Ағаш жапырақтарының сыбдыры естіледі, тағы да жарқыл – бір, екі, үш. Жоғарыдан, қала беттен атып жатыр. Бізді атып жатыр.

Вадя мұрны пысылдап, әрең демалып келеді.

– Берлинді алғаннан кейін мұндай жерде өлу де ақымақтық шығар, ә? – деді ол біз взвод командирінің бұйрығымен бір тасада сәл аялдағанымызда. – Ал, мен медаль алғанымды мамама жазып та үлгергенім жоқ еді.

– Қайдағыны айтасың!

Вадя үндемеді, бірақ мен білдім, ол: «Ал, Саша ше?» – деп ойлап отыр.

Біздің арт жағымыздағы жолдың бойынан ат тұяғының дыбысы мен арба дөңгелегінің салдыры естілді.

– Енді бәрі де дұрыс болады, – деп взвод командирі көңілденіп кетті.

– Ол не, жолдас лейтенант? – деді Вадя.

– Қазір біздің батареялар ұрады, содан соң автомат басталады! – деді Соколов.

Соның арасында батарея атқылай бастады. Артиллериялық әзірлігімізге қарағанда әлсіз атыс. Әзірліктің талайын көрген біз үшін бұл әлсіз соққы. Жеңіл төрт зеңбірек жаңғақ шаққандай біздің төбемізден қалаға снаряд жіберіп жатыр. Алайда Мейсен тез тынышталды. Тұманды ауада әлдене ағараңдағандай болды. Терезелерде, шіркеу қоңырауларында ақ жалаулар көрінді.

– Енді алға!

Біз атып тұрып, қалаға бет алдық.

– У-р-ра!

Алайда қала көшелеріне өткен сайын, біздің уралағанымыздың ертерек екенін түсіндік. Қала үнсіз, тек қолдарына ақ шүберек ұстаған жалғыз-жарым тұрғындар ғана: «Капут! Аллес капут! Капут!» – деп қайталай береді.

Кенет орталық алаңға терезелерден автомат оғы төпей жөнелді.

– Солай қарай! – деп айқайлады бізбен қатарласа берген кіші лейтенант Заикин Вадя екеумізге. – Тез, екінші қатарға!

Ол алға түсіп, жүгіріп үйге кірді. Біз – соңындамыз.

Екінші қабаттағы үйдің есігін ашып қалған Заикин бізге бұйрық берді:

– Тез жоғарыға! Үшіншіге! Мен өзім!

Үшінші қабаттағы үйдің есігі жартылай ашық тұр. Есіктің арғы жағынан сатыр-сұтыр дыбыс, автомат үні естіледі.

– Жай! – Мен Вадяны тоқтаттым. – Пысылдама! Вадя ырс-ырс етіп, паравозша дем алады.

– Пысылдап тұрғаным жоқ... Бірақ...

– Үндеме!

Қараңғы бөлмеде атып жатыр. Атыстың арасында әйелдің шыңғырған дауысы шығады: «Что-то!» дей ме, «Отто! Отто!» дей ме – мен ұға алмадым. Соның арасында басқыштың тырсылы естілді. Заикин жүгіріп келеді.

– Қане! – Мен айқайлап жіберіп, Вадяны жеңінен тартып қалдым да, есікті аяғыммен теуіп жібердім. Үйдің іші көзге түртсе көрінгісіз. Менің автоматым жұмсақ бірдеңеге тірелді, Вадя менің сол жағымдағы ашық есік жақты атып қалғанда, әйелдің шыңғырған даусы тағы шықты.

– От-то! Майн готт, От-то! – деп айқай салды. Толық денелі, кеуделі әйел сүйдеді де, ашық терезеден іші жарықтау көрінген келесі бөлмеге жүгірді.

– Мен оны өлтірдім... Өлтірдім білем, – деді Вадя, кінәлі адамдай міңгірлеп еденнен тұрып жатыр.

Терезенің алдында пижама киген неміс сұлап жатыр, жанында автомат, еденде, терезе алдында шашылып жатқан автомат оқтары.

Қолында фонары, екінші қолына пистолет ұстаған күйі Заикин жүгіріп кірді.

– Не? Не болды? – Ол айқай салған әйелді қағып жіберіп, фонарьдың жарығын өліктің бетіне түсірді. Ақ шашты шал екен, содан соң бізге қарады.

– Мен өлтірдім, – деп қайталады Вадя. – Өзі атты, жолдас кіші лейтенант! Түсінесіз бе?..

– Тоқтай тұр! – деп сөзін бөлген Заикин бақырып жылаған әйелге айқай салды: – Кетіңізші сіз!

Әйел қорқып, үнсіз жылаған күйі, бұрышқа тығылды.

Батальон командирі өлікті аударып, содан соң үйдің ішіне жарық түсірді, бірдеңе тапқан секілді болды да, шалдың денесіне қайта жақындады:

– Қараңдар, генерал ғой. Суреттерде генерал киімімен отыр, өзі де ұқсайды. Мұны тірі алу керек еді, балалар, тірі.

Вадя ақталып жатыр.

– Ол өзі атты ғой, жолдас кіші лейтенант! Және қараңғы. Генерал екенін қайдан танисың. Өзі пижама киген...

– Шет ел деген, міне, осы, балалар! Егер шет ел деген бар болса, ол – осы жерде!

Әрине, Володянікі дұрыс. Қазір мен оның өзі түгілі, даусын естігім келмесе де, айтып отырғаны рас. Гарта, Гарта деген курорт. Ғажайып жер.

Біріншіден, бұл – тыныш тұрған табиғат. Екіншіден, мұнда үйлер емес, қамалдар. Үшіншіден, бұл жерден біз емес, керемет деген тарихшының өзі де соғыс ізін таба алмайды. Төртіншіден...

Жалпы алғанда, төртіншіден деп айтудың қажеті не, біздің бұл жерге келуіміз түс сияқты, ойламаған жерден болды. «Дрезден он сегіз шақырым», «Атақты Дрезден галереясы» деген сөздер Вадяны одан сайын таңдандырады:

– Соғыс! Дрезден галереясы! Мынау Гарта! Ертегі!

Өткендегі генерал тарихынан кейін Вадяның есі кетіп қалған. Генерал атақты біреу емес, теміржолшы, отставкадағы генерал болса да, жұрт Вадяны қүттықтап, әзілдеп жүрді. Ал, Вадя бәрін шын көріп қабылдап, өзінше мақтаныш сезіммен жүрген.

– Үйге кірген бойда, мен бірден сезе қойдым, – деп қояды Вадя жұртқа. – Қарапайым тұрғынның автоматы болуы мүмкін емес деп ойладым... Және әйелі де айқай салып... Мен де бөлмеге ендім... Атқалы жатыр... Өзі кеудіреген шал екен. Мен мылтығымды алып жіберіп, тарттым ғой... Қараңғы, бірақ тигіздім әйтеуір. Кіші лейтенант Заикин кеудесіне дәл тиіп жауырынынан өтіпті дейді. Содан соң кіші лейтенант жарық түсіріп, генерал деді...

Гартаның сұлулығы өз алдына, бірақ қазір жұрттың ұйқысы келіп отыр. Дегенмен кім де болса, біреу кезектегі күзетке тұруы керек қой.

Біз кезекпен бақылауға тұрамыз. Вадя штаб дивизионының жанында, мен каналдардың айналасында. Айнала таулар, машиналардың жарығымен сәулеленген асфальт жолдар, ал аспанда жұлдыздар мен өзінің салқын сәулесін шашып біздің бәрімізден биік тұрған Ай.

– Қайырлы түн, жолдас кіші лейтенант!

– Cay бол!

– Қайырлы түн болсын, жолдас лейтенант!

– Жарайды. Қарап қой. Орныңа кім келеді? Айттым.

– Сен неге ақсап жүрсің?

Мен расында да бір айдан бері сылтып жүрмін. Аяғым шаншыды, бірақ мен оны елегім келмейді. Мүмкін, Польшадағы жарақаттың салдары шығар? Оқ па екен?

– Ақсамаймын...

– Жарайды, cay бол!

Мен Наташа туралы ойлап тұрмын. Көргім келіп, бірге болғым келіп кетті...

Мен оның қайда екенін білмеймін – қайда екен? Ризада ма? Онда, тегі, біздің одақтастар келген болар...

Бірақ анадағы екеуміз көргендер емес, басқалар. Дегенмен біздің шын мәніндегі одақтастарымыз келген шығар. Ал, енді келетіндерді алдымен байқап алу керек. Бұрынғылар біздікі болатын, өйткені олар да соғыс дәмін татты және біздің әскерлердің арқасында тірі қалды. Басқалар – бұл екінші майдан, ал, ол туралы әзіл-сықақ әңгімелердің көбеюіне қарағанда, онша болмас.

Алайда, түсініксіз бір жәй – «олар» туралы ойлап отырасың да, өзіңді ылғи бір ойдан арылта алмайсың: «Ал неге бұлай? Әскери тұтқындардың лагерьлерінен, концлагерьлерден босатылған олар ғой адам бейнелерін сақтап қалды. Ал, басқалар, біздердікі ше? Освенцимде? Онда ғана емес. Фридлянд түбінде, Ламсдорфта және басқа да жерлерде? Олар – біз Ризада көрдік қой – әскери форманы алып, өз адамдарының келуін күтіп отыр, ал біздердікі, өзіміздің адамдарымыз, тақтайдың үстінде жатыр, адам сиқы жоқ оларды біз жарыққа шығардық. Азаттық қуанышынан бірқатары өліп жатыр. Барлық азаптың біткенін көріп өліп жатыр...

Сүйткенше болмай, атыс басталып кетті. Автоматтан, пистолеттен атып жатыр. Көк жүзінде түрлі түсті ракета сәулелері – қызыл, сары, жасыл. Әрқайсысының әскери мәні бар, бірақ олар неге соншалық көп?

Біздің әскерлер далаға жүгіріп шығып, не болды деп сұрады. Мен не болғанын өзім де білмеймін. Солдаттар, офицерлер, киінген, шала киінген. Іш киімшең. Бірақ бәрінің қолында қарулары бар.

Ал, Гарта айнала бұрқанып жатыр. Және атып қана жатқан жоқ, неше түрлі дауыспен айқай салып жатыр:

– Капитуляция! Капитуляция!

– Жолдас лейтенант! Шын ба екен? – деп айқайладым жаныма келген Соколовқа.

– Иә, иә... – деді ол. – Біткен болар тегі... Бітті!

Атыс, айқай-шу, ракеталар – бәрі араласып, адам ұғып болмайтын тұтас бір дыбысқа айналды.

– Сен неғып тұрсың? – Володя бас салып мені құшақтады.

– Жеңіс, балалар, жеңіс! Вадя жүгіріп келді.

– Шынымен бе? Бұл деген... Сені әлі ауыстырған жоқ па?

Мына сапырылыста мені ауыстыруды ұмытып кеткен болулары керек. Вадя босапты, мен әлі тұрмын.

Бір жерлерде сырнай, баян, аккордеон үні естіледі. Егде солдаттар жылап жүр:

– Бұған да жеттік-ау! – деп қояды. Офицерлер солдаттармен, солдаттар офицерлермен сапырылысып жүр. Бастық кім, бағынышты кім – біліп болмайды.

Әлдеқайдан үрмелі аспаптар оркестрі ойнап жатыр. Таныс әуенге жамырай қосылған дауыстар естіледі:

Белоруссия туған жер.

Украина алтыным!

Біз қорғаймыз құрыш найза ұшымен

бақытыңның әр күнін!..

Оркестр бір топ солдатпен көше бойлап келеді. Міне, жақындап қалды. Оркестр – үш солдат екен: екі труба мен бір барабан. Көшеде қосылып жатқан солдаттар ғана санын көбейтіп келеді.

Енді тек музыка ойнады, мен де өз-өзімнен күбірлеп қоям:

Біз қорғаймыз құрыш найза ұшымен

бақытыңның әр күнін!..

Міне, ғажап, Гороховецкіде әбден мезі етіп болған ән қазір басқаша естілгендей. Айқай-шудың арасынан біреу менің фамилиямды атады.

Мен автоматымды жоғары көтеріп:

– Мен мұндамын! – дедім.

– Қара, анау кім!

Володя келді. Оның соңынан – аға лейтенант Буньков пен Макака.

– Біз, Петров екеуміз, кешігіп қалдық білем... Ал, құттықтаймын! – деп Буньков мені құшақтап үш рет сүйді. – Лейтенант қайда? Соколов?

– Қазір ғана осы жерде болып еді...

– Сен бар! Мен тұрайын, – деді Володя. – Ұмытып кетіппін. Біз, Буньков, Макака үшеуміз, солдаттардың арасымен әзер өттік.

– Біз сендерге екі тәулік бойы жете алмай келеміз, – деп сыбырлады Макака.

– Мен оны іздейін. Мүмкін, осы маңда болар, – дедім мен біздің взвод орналасқан үйге жақындағанымызда. – Күте тұрыңыздар...

Жүгіріп үйге кірдім. Бөлмелерде жан жоқ, бірінші, екінші, үшінші. Әрине, қазір жұрттың бәрі көшеде. Екінші қабатқа көтерілдім. Соколов, Заикин, батарея старшинасы сонда орналасқан-ды. Заикиннің бөлмесі бос. Келесі бөлмеде...

Есікті ашып қалғанымда, лейтенант Соколовты көрдім. Ол төсекте көзін ашып жатыр екен.

– Жолдас лей...

Соколов өліп жатыр. Төсектің қасында пистолеті жерге түсіп кетіпті.

Мен мұны күтпеп едім.

– Жолдас аға лейтенант! Жолдас аға лейтенант! Өлтіріп кетіпті! Оны өлтіріп кетіпті! – төменге түскенде, не деп айқайлағанымды білмеймін.

Буньков, Макака – үшеуміз бөлмеге кірдік. Төсектің жанында қақшидық та қалдық.

– Ей, Мишка, Мишка... – деді Буньков даусынан өкініш пен діріл естіліп. – Қалайша сен...

Столдың үстінен асығыс жазылған қағаз тауып алды: «Менің өліміме ешкімді кінәламауды сұраймын.

Өзім ұнатқан әйелден басқа және бекер...» Қағаз аяқталмаған.

– Міне, қараңдар, – деп Буньков бізге ұсынды. – Егер өлтірсе... Одан да жау өлтіргені жақсы еді...

Терезе сыртында оркестр ойнап, уралаған дауыстар естіледі.

Үрмелі оркестр Гарта көшелерін бойлап барады. Оған өз еріктерімен ерген солдаттар таныс әнді шырқайды:

Белоруссия туған жер,

Украина алтыным!

Әуенге ілесіп барабан соққылайды, қос труба сарнап барады. Жалғыз әуенді қоймастан шырқайды. Мүмкін, оркестранттар басқа әуенді білмейтін де шығар, мүмкін, қазір оларға бәрі бір болар.

– Ура! Ура! Ура! – Гарта дуылдап тұр, тегі мұндай шуылды бұрын көрмеген шығар. – Ура! Ура! Ура!

Бізді дивизион командирі шақыртты.

– Жолдас майор, кешіріңіз, – деп Буньков бірінші сөйледі. – Неліктен лейтенант Соколовты менің орныма қоймадыңыз... Ол неге бірде-бір награда алмады?

– Тоқта, тоқта, Буньков! – Катонин оның сөзін бөліп тастады. – Сен мені ақымақ деп ойлайсың ба? Қажет жерінде ақылдастым. Ешкім ұсыну жайлы ақыл бермеді. Неге екенін өзің білесің ғой. Жалпы, біздің дивизионның атына кір келтіретіннің барлығын қызған темірмен күйдіру керек.

– Әйелінің қатысы қанша? Соколов қой...

– Соколов, Соколов! Сен совет офицерінің әйелі эсэсшіге тиіп кеткенін дұрыс деп қарайсың ба? Бұл жайлы – бітті. Мен сендерді бұған шақырғаным жоқ. – Катонин біз жаққа қарады. – Сендер ештеңе көрген жоқсыңдар. Лейтенант Соколов қаза тапты. Өзін өзі өлтірді деген сөз болмасын. Дивизионның абыройы қымбатырақ. Ал, мынаны... – деп ол Буньковтың берген қағазын ұсақтап жыртып тастады, – міне, осылай... Егер бір адам біліп қойса, жауап беретін сіздер. Түсінікті ме?

– Дәл солай? – дедік Макака екеуміз.

– Түсінікті, – деп күңк етті Буньков.

– Жақсы. Енді жолға дайындалыңдар. Екі сағаттан кейін біз Прагаға жүреміз.

– Әлі біткен жоқ па? – деп таңданды Макака.

– Біреулер үшін бітті, ал біз үшін біткен жоқ. Прагада – көтеріліс. Рыбалконың әскері жүріп кетті. Корпус және біз, – ол сағатына қарады, – бір сағат елу бес минуттан кейін солардың соңынан шығамыз.

Соколовты салтанатты түрде жерледік. Майордың өзі сөз сөйледі. Лейтенанттың батылдығы туралы айтты.

«Біздің Отанымыздың азаттығы үшін қаза тапқан батырлардың есімін мәңгі ұмытпайық!» – деп аяқтады сөзін.

Жерлегеннен кейін Буньков екеуміз оңаша қалдық.

– ...Ол соғыстың дәл алдында үйленген, – деді батальон командирі. – Өте сүйетін адамына үйленген білем. Жақсы көргендігі сонша, оның қандай, не адам екенін де ажырата алмаған. Содан соң соғыс. Бұл әскерге кеткен. Әйелі Орелда қалған. Немістер келген. Содан соң өзінің сүйікті әйелі эсэсшімен байланысқан, бұл білген. Әйел неміспен Германияға тартып отырған. Оның жанында қандай қасірет болғанын сезесің бе? Мұнда ақылсыз біреулер Соколовқа сенімсіздік көрсете бастаған: әйелі сатқын, анау-мынау деп. Ол өзінің қасіретімен өмір сүре берген, борышын, азаматтық парызын орындаған. Жеңіс келгесін... Ол үшін борышы бәрінен биік болатын.

– Кешіріңіз, жолдас аға лейтенант, ана жерде... Бөлмеге Макака жүгіріп кірді. – Анда біздің бір жігітті... Сондай жаман жарақаттап кетті... Қалай еді әлгі... Құйрығынан, содан соң аяғынан.

Біз екінші қатардан жүгіріп келдік.

– Вадя!

Мен өз көзіме өзім сенбедім. Вадя мәрмәр еденде бағанға сүйеніп отыр. Жан-жағы қан. Бозарып кеткен Вадя қатты қиналып отыр.

– Вадя!

– Медицина батальонына! Тез! Машина! Петров, дивизион командирінің машинасын! – деп айқайлады Буньков.

– Көрдің бе, ақымақтық... – деп сыбырлады Вадя. – Мен анда... Атып қалды... Мен де ата бастап ем... Мына жеріме...

Катониннің газигімен Вадяны алып келеміз. Макака, Буньков үшеуміз қолға алып отырдық. Вадя көзі жарқылдап маған қарады:

– Білесің бе, өлтіруі де мүмкін еді... Шын айтам. Олар жексұрындар... Мен ондайларды ешқашан аямас едім...

– Вадя, бәрі жақсы болады! Рас айтам, Вадя... Мен бұл сөзіме өзім де сенбедім.

– Егер мен, Саша сияқты... – деп күбірледі Вадя. – Саша сияқты... Мен қорықпаймын. Тек... өлгім келмейді!

– Қандай ақымақтық десеңші, – деді Володя. – Құдай басқа бермесін бұндай...

– Нені бұндай? – деді Макака.

– Вадька секілді деймін. Ақымақтық өлім. Мен тағы да шыдай алмадым:

– Неге ақымақтық өлім? Ал, сен Вадя үшін, Соколов үшін, Саша үшін, Шүкірбек те бар – бәрі үшін үйіңе зат салып жібере бер! Жібер!

– Жоқ, балалар, мені түсінбедіңдер... Оның өзі де түк түсініп тұрған жоқ еді. Ақымақтық па?

Өлім әрқашан да ерте келеді. Мен жүз елу немесе жүз жастағылардың қалай өлетінін көрген емеспін. Менің көргенім – елуге, қырыққа, отызға, жиырмаға жетіп үлгермегендердің өлімі. Өмір сүріп үлгермей, сүйіп үлгермей, балаларын адам етіп үлгермей, жұмысын аяқтап үлгермей өледі.

Тірілер осыны естерінде сақтасын.

Біз тоқтамастан жарты түн, жарты күн жүрдік. Біздің асыққанымыз сонша, бүгін Москва Жеңіс күнін тойлап жатқанын да естімеппіз.

Прага көшелерінде ұрыс жүріп жатыр. Ең ауыры – дыбыссыз ұрыстар. Терезеден, шарбақтан, подвалдан, бұрыштан үнсіз атады. Рыбалконың әскері үлгеріпті, біз үлгере алмадық.

Тоғызыншы Майда азат Прага шаттыққа бөленді.

– На здар! На здар! На здар!

Енді бәрі де біткен тәрізді. Соғыс аяқталды. Алайда тағы:

– Машинаға!

– Қайда? Неменеге?

– Тауға! Онда – немістер!..

– Бәрі біткенде, не қылған неміс?

– Жоқ, әлі аяқталған жоқ...

Иә, әлі аяқталмапты. Оныншы, он бірінші, он екінші, он үшінші мамырда біз тау ормандарын тазарттық. Немістердің үлкен бір тобы Чехословакиядан американдықтарға өтіп кетпекші болған. Ұрыстар кездейсоқ басталып, кездейсоқ аяқталды. Біз тұтқындарды жинау пункттеріне тапсырудамыз.

Он төртінші майда соңғы жеңіл ұрыс, соңғы тұтқындар болды. Бұл бүкілхалықтық мереке емес, бірақ соғыс аяқталды. Мен Наташаны құттықтағым келді, алайда мұның жалғыз-ақ жолы бар. Ол – хат. Соғыста бізді шақырымдар бөліп тұрды, енді елдер бөліп тастады. Наташа Германияда қалды, біз Чехословакиядамыз. Тағы да қозғаламыз. Олар Чехословакияға, біз Австрияға, Вена маңына. Макака екеуміз машиналарға түрлі ұрандар жазып болғанша, олар Австрия шекарасынан өтті. Ал, біз? Машиналардағы бояу да кеуіп үлгерген жоқ, кенет – команда: «Отырыңдар!» Біз Венгрияға келе жатырмыз.

– Ақша бер! – Бізді алғашқы қарсы алған цыган балалары болды.

Қарт цыган скрипка да «Алтын от» және «Катюша» әндерін ойнап отыр.

Ал, балалары біздің машинаны қоршап билейді, дөңгелегіне жармасады:

– Ақша бер! Сұлу жігіт, ақша бер! Жеңіс үшін бер!

«Жаным!

Сені туған күніңмен құттықтаймын. Біз көріспегелі қанша күн... Соғыс аяқталды дегенге сене алмайсың. Ол әлі бітпеген болар. Бүгін біз алысқа, еліміздің екінші шетіне кетіп барамыз. Егер сен «Цусиманы» оқысаң, менің қай жерде екенімді білесің. Мен екеуміздің соңғы әңгімемізді, содан соң сенің:

«Жүр, некеге барайық!» – дегеніңді есіме алам.

Менің ақымағым!

Мүмкін біз көрісерміз. Мен саған екеуміз үшін ең басты нәрсені жазбай отырмын. Қазір керегі жоқ шығар...

Аман жүр, өзіңді сақта! Бәрі де жақсы болғай! Ашуланба!

Құшақтаймын.

Н.»