Fariza Ongarsynova. Otkendi kaitalau

1941 ЖЫЛ

Жексенбі – демалыс күні. Жалпы жақсы күн. Біз пионер лагеріне жүргелі жатырмыз. Кететініміз жақсы болды. Москвада тымырсық, ыстық басталды. Оқу жылы да әлдеқашан аяқталған. Менің зерігіп есім шықты.

Біз ертемен сағат сегізде Белорус вокзалынан кеттік. Пионерлерді бұрын жөнелткендегідей оркестр, тағы басқа салтанат болған жоқ. Тіпті, арнайы поезбен емес, Москва-Смоленск составына тіркей салған екі вагонмен кеттік. Әке, шеше, әже, аталар платформада тұрып шығарып салды, біз жәй бір кетіп бара жатқан жолаушы секілді болдық.

Лагеріміз де бұрынғы пионер лагерьлеріне ұқсамайды. Менің анам айтқандай, бұл санаторий іспеттес, мен секілді бозарған арықтарға арналған лагерь болып шықты.

Бұрын мен пионер лагерінде болып көрген емеспін. Кішкентай күнімде саяжайға барып жүрдім, бірақ есімде қалмапты. Содан кейін бірінші класқа барғанымда әке-шешем Ильинкадан ба екен, әйтеуір саяжай жалдап алды. Содан соң әр түрлі деревняларға барып, бөлме жалдап жүрдік. Әуелі бір айдай анам жанымда болады, екінші айда әкем келеді. Немесе керісінше... Осылай «жабайылар түрінде» бұдан екі жыл бұрын Қырымда, Судакта болғанымыз бар. Барлық жерде де мен достасып ойнайтын, орманға баратын балалар тауып жүрдім.

Дегенмен күнде керней үнімен оянып, керней үнімен жүгіретін, қызғылықты әскери ойындар ойнайтын, кеш сайын пионер алауы жанында билейтін балаларға қызығатынмын. Менің биыл лагерьге баруыма ұсыныс жасаған анам еді. Ол менің серейген бойым мен салмағымның арасындағы алшақтықты жоюдың жолын таппай, әбден шаршаған.

– Онда, не дегенмен, режим сақтайды, тамағы да жақсы. Ол жай ғана лагерь емес қой, – дегенді анам әкеме әлденеге өзін де сендіргісі келгендей жиі айтатын.

Мен шынында да жүнін жұлған балапанға ұқсайтынмын. Рас, бұған өзім онша қайғырмаймын. Ал, мен секілді балапандар толған вагонға кіргенде, тіпті көңілім өсіп қалды. Несі бар екен! Менен де ұзын әрі тыриған арықтар толып жатыр.

Бәрі тамаша болды: жалғыз өзім лагерьге кететінім, кеткенде Смоленск маңайындағы белгісіз бір Вопь өзенінің жағасына алысқа кететінім және жаз бойы сонда болатыным, яғни анам мені белгісіз бір деревняға апарып, ертеден кешке дейін піскен сүт ішкізіп, қия басқанымды қадағалап отырмайтыны.

Мен Вопь өзені жайлы Наташаға да айттым. Баратын жерімнің, өзім ешқашан көрмесем де, керемет сұлу табиғатын әңгімеледім. Бірақ ол жердің сұлулығына сенімім мол еді.

– Онда біздің бір туыстарымыз бар, – деп соқтым Наташаға. Пионер лагеріне барамын деп оған қалай айтайын! Мектепті тастап, үлкендерше жұмыс істеп жүрген оған айта алмаймын ғой!

Поездың қозғалмай көп тұрғаны-ақ жаман екен. Оның үстіне ата-анаммен қоштасудан, сонымен бірге ең кем дегенде елу рет айтылған мамамның ақылынан-ақ шаршап біттім:

– Тісіңді тазалауды ұмытпа:

– Ұмытпаймын.

– Басыңа күн өтпесін!

– Жарайды.

– Неміс тілін қайталап жүр, естідің бе! Келгесін, Эмилия Генриховна тексереді. Есіңде болсын! Маған өзі айтқан...

– Жақсы.

– Кешкілікте кеудешеңді киіп жүр!

– Білем.

– Барған бойда хат жаз.

– Жазамын...

Сондай ұят болды. Мен мамасының еркесі атанғандарды жек көретінмін, өзім ондай емеспін. Анам екеуміздің әңгімемізді естіп тұрған балалардың көзіне мен де сондай болып көріндім-ау. Әлде бұл менің алғаш рет сапарға жалғыз шығып бара жатқанымнан ба.

Жалпы мен жанталасып, у-шу болған вокзалдарды жек көрем. Адамдар осы шығарып салушыларсыз-ақ өздері неге кетпейді: вокзалға келді, поезға отырды, орын алды, сөйтіп тартып берді. Келгенде де солай жайбарақат оралса қайтеді? Бәрібір кеткен адамның бәрі үйлеріне қайтып оралады ғой.

Ал мұнда айқай-шу, жүгіріс, вагон терезелеріне үймелеу, гүл, ақыл айту, жылау, күлу. Не жоқ десейші! Неменеге керек?

Әкемнің ешқандай ақыл айтпағаны да жақсы болды. Ол платформада әрлі-берлі жүріп, шылым шегеді, оқта-текте маған күлімсіреп қояды.

Ақыры паровоз даусын соза айқай салып, біз де қозғала бастадық. Терезеден соңғы ақыл-кеңестер ұшып жатыр, бір жақсысы мен естіген жоқпын.

– Әзірге! Әзірге! Әзірге!

– Балалар, отырыңдар! Терезеден бастарыңды шығармаңдар! Отырыңдар! – Ақ кофтасына қызыл галстук тағып, басына көк берет киген әйел бізге кішкентай балаларға айқайлайтындай айқайлады. Мүмкін, балаларды алып бара жатқан отыздардағы вожатый әйелдің көзіне біз шынында да кішкентай көрінетін шығармыз. Бірақ біздің арамызда кішкентайлар жоқ. Бәрі мен шамаластар.

Поезд Москваның адам көргісіз шет жағымен жай жылжып келеді. Мыж-мыж болып құлап жатқан сарайлар, ескі үйлер мен барактар, лас-қоқыстар, қиқайып тұрған белгісіз бір қоймалар мен заводсымақтар – осының бәрі біз әлгіде ғана шыққан қалаға жанаспайтын секілді. Қала өзіне қажетсіз мына қоқыстың бәрін сыртқа лақтырып, жинап тастағандай әсер береді.

Ескі вагон доңғалақтары шиқылдап әрең келеді. Осындай сығылысқан вагонда біздің келе жатқанымыз күлкілі. Бұл саяхатымыз да ұзамай бітеді – кеш түскенше біз Ярцево станциясына жетуіміз керек, ал одан әрі лагерьге тартамыз. Аттай сегіз шақырым жаяу жүріп барамыз!

Вожатыйдың біздің аяқ киімдерімізді қарап, тағы сөйлеп отырғаны сондықтан. Ой, осы аяқ киім төңірегінде қанша әңгіме болды! Біз жүрер кезде апам да күнде қақсайтын. Соның бәрі станциядан лагерьге дейінгі сегіз шақырым жерге бола. Бала дейді – он төрт жастағыларды! Бұдан кішкенемізде Тушинодағы авиация парадына да бардық қой. Қайтарда да – жаяу! Ешқандай арнайы тігілген аяқ киім кигеніміз жоқ!

Бәріміз танысып үлгердік. Көршілермен, олардың көршілерімен. Бәрінен вожатыйға қиын болды. Ол тынымсыз жүгіріп жүріп біреуге шешін, екіншісіне киін дейді, енді біреуге терезені жап, біреуге аш, енді біреуге қатты сөйлеме, біреудің маңдайын ұстап қызуы жоқ па дейді – әйтеуір дамыл жоқ.

Біз адам білмейтін жақтарға ұзақ жылдарға кетіп бара жатқандаймыз.

– Нағыз папаниншылар мен маманиншылардаймыз!– деп әзілдеді менің қарсымдағы ұзын тұмсық бала.

Мен оның есімі Вадя, фамилиясы Цейтлин және біздің арамыздағы ең қарты – жасы он алтыға толады – сол екенін біліп алғам.

Енді біз терезеге қарауды қойып, алдағы лагерь өмірі жайлы кеңестік. Көршілерім де мен сияқты, пионерь лагеріне тұңғыш келе жатқандар болып шықты. Алайда мұның бәрі біздің күтіп тұрған өмір жайлы білгішсіне әңгімелесуімізге бөгет болған жоқ.

Жолдың алғашқы үш сағаты тез өтті. Вадя бірімізді-бірімізге қақтығыстырып, әзіл айтып, кез-келген тосын сұрақтар төңірегінде өзінің білімдарлығын көрсетіп отыр еді, кенет үндемей қалды. Таусылып бітті ме, әлде шаршады ма. Мен Вадяны да, ауыздары аңқиып оны тыңдағандарды да таң қалдырардай не айтсам екен деп азаптандым. Москваға келген Риббентропты, Вадя көргенмен, мен көргенім жоқ, менің әкем Манергейм сызығын да алған емес. Испан оқиғаларына ерікті совет азаматтары қатысқанын да білмеуші ем, әрине, Испаниядағы ерліктері үшін наградталғандардың ішінде менің туған-туысқандарым жоқ.

Ақыры, осыдан екі ай бұрын Жас Ворошилов атқышы значогін алғаным есіме түсіп, көруі нашар Вадя жақсы ата білмейтін шығар деген оймен, байқаусызда:

– Ал сен жиырма бес метрден қанша рет тигізе аласың? – деп сұрадым.

Вадя мұны әдейі істеп отыр деп ұқты да, бұл сұрақтың оған қатысы жоқтай түрмен терезеге қарады:

– Неменеге тұрып қалдың? Алдымыздан поезд күтіп тұрмыз ба әлде... Біздің поезд он минуттай болды – белгісіз разъезде әлі тұр.

Вагон терезелерінен күн сәулесі төгіледі, құстар сайрайды. Ауада көктеректің мамығы қалықтайды. Темір жолдың жанында ақ көбелектер ұшып жүр. Мұнда гүлдің неше түрі бар екен: шабындық, қалампыр, сарғалдақ, жоңышқа, түйе бұршақ. Әлде мен көптен қала сыртына шықпағасын ба, мүмкін әлгіндегі Москваның көңілсіз шеткі жақтарын көргеннен кейін бе – әйтеуір мына жер ертегідегідей сұлу көрінді.

– Поезд жүргенше көкорайға жатар ма еді, – дедім мен ойымда ештеңе жоқ.

– Иә, саған вожатый жатқызады, – деп Вадя терезеден басын шығарды да тың-тыңдады. – Шуылдайды. Қазір жүреміз. Жолдан поезды өткізіп жібереміз.

Расында, жанымыздан салдырлап поезд өтті, бірақ жылдам поезд емес. Екі паровоз танк тиеген екі әскери эшелонды сүйреп барады. Жүк вагондарында жүздері күнге күйген танкистер отыр. Өздері көңілді, біреуінің қолында сырнай.

– Маневрға барады, – дедім мен салмақтана сөйлеп. Көрші екі қыз құптағандай бас изесті.

– Менің папам қазір маневрда, – деп біреуі растады.

– Міндетті түрде маневрға барады дейсің бе? – деді Вадя эшелон дыбысы саябырлаған кезде. – Жаңа жерге көшіп барады. Қазір біз де қозғаламыз.

«Ғажайып бала» деп ойладым. – Бәрін осы біледі!..» Қоңыр көбелек біздің вагонның терезесіне қонды.

Қонды да, қанатын жайып жіберіп, қатты да қалды.

Мүмкін демалғысы келді ме екен, әлде бізге қарағысы келді ме?

Бес минут өтті, он, жиырма минут, біз әлі тұрмыз. Вагонда бұлай отыру жалықтырады екен. Балалардың көбісі, вожатыйдың жүйкесіне тиіп, вагонда жүріп, тамбурдан тамбурға өтіп, мазасыздана бастады:

– Қашан жүреміз? Әлі көп тұрамыз ба? Мұнда станция да жоқ, неге тоқтап тұрмыз?

Вожатый жауап беріп әрең үлгеріп жүр, ұрысып, өтініп, вагон ішінде тыным таппайды. Ол ашуланып мазасы кетті. Жалпы дәл жоспарлары бұзылғанда жұрттың бәрі де сүйтеді ғой.

Вагон терезелерінің сыртында ғажайып тыныштық. Тіпті, аралардың ызыңы, шегірткенің шырылы, самал желдің қайың жапырағын сыбдырлатқаны, алыста, көрінбейтін деревнядағы сиырдың мөңірегені – бәрі естіледі. Ұшып кеткелі тұрған әдемі қанатты, жеп-жеңіл көбелек әлі жайбарақат отыр.

Поезд қозғалғанша, күннің ыстығы сезіле қойған жоқ еді. Енді күн көзі қыздырған аядай вагон бірте-бірте өртеп барады.

Кенет, Вадя емес, терезенің жанында отырған мен Москва жақтан тағы да келе жатқан поезд дыбысын естідім.

– Тағы біреуін өткізетін болдық!

Көбелек, оянып кеткендей, терезеден қопарыла тұрып, тізбектің арасына қарай бір жаққа ұша жөнелді.

Бұл жолы зеңбірек пен автомашина тиеген ауыр эшелон қатардағы жолмен дүрілдеп барады.

Мен қуанып кеттім:

– Әрине, маневрға бара жатыр! Қараңдар!

Вадя бәсеңсіп қалыпты:

– Несі бар. Маневрға болуы да мүмкін.

– Сенің Маневрға барғың келер ме еді? – деп сұрадым Вадядан.

– Неменеге? Мен қызыл әскер де, командир де емеспін.

Вадя ойланып терезеге қарады да жәй айта салды:

– Мен мұндай маневрді кинодан он шақты рет көргем. Несі бар дейсің!

Эшелон өтіп кетті, біз разъезде әлі тұрмыз. Бұл тұрысымыз ешкімге ұнамады. Тіпті, арамыздағы салмақты дегендер де тыпырши бастады.

Вожатый, алғашқыдағыдай емес, біздің жанымыздан кетпей, биязы кейіппен сөйлейді.

– Біз жүргенде, ыстық басылады!

– Келесі қандай станция! – деп сұрады Вадя бізді таңдандырып. Біз Вадя бәрін біледі, ол сұрақ қою үшін емес, сұраққа жауап беру үшін жаратылған деп ұғатынбыз.

– Қазір білейін, балалар, білейін, – деп, неге екені белгісіз вожатый қуанып кетті. – Жол бастаушыдан сұрайын...

Біздің купе вагонның ең соңында болатын, вожатый тепкішекке жүгіріп шығып, тағы да:

– Қазір сұрайын, – деп сөйлеп бара жатты.

Біз әңгіменің бәрін тауысып, жай терезеге – алыс созылып жатқан көкорайлы шалғынға, анау екі ақ қайың мен жанындағы кішкене үйеңкілерге, одан әрі созылып жатқан жасыл далаға қарап отырмыз.

Айнала тым-тырыс. Тымырсық вагоннан шыға салып, көкжиектің қасындағы анау жасыл алқап, кең далаға кетіп қалғың келеді. Қазір орныңнан ұшып тұрып, бір керіліп алып, «а-а-а!» деп айқайлап жіберіп тыңдай қалсаң, сенің үнің елсіз жазықты жаңғырықтырып жатқанын естір едің.

Вадя чемоданын алып қопарды да, қыздарға қарап:

– Алыңдар! «Дорожные», «Алло» конфеттері. Апам салып жатыр еді, – деді. Қыздармен қабаттаса мен де алдым. Жай әншейін қиылып тұрғасын, Вадяны ренжітпейін дедім.

– Балалар! Не болды өзі? Бұл не? Біз түкке түсінбей, жалт қарадық.

Біздің вожатый өңі құп-қу болып, есі шығып кеткендей вагон босағасына сүйеніп, аң-таң бізге қарап, былдырлады.

– Бұл қалай болды? Қалай? Бір жұма бұрын ештеңе болмайды деп әдейі хабарлап еді ғой. Енді, міне, – соғыс деседі!..

– Қашан?

– Немене?

– Соғыс? Қандай соғыс?

Бәрі есік алдына үймелеп қалды.

– Соғыс! Ур-ра! – деп біреу қуанғандай айқайлап жіберді де, вожатыйдың жүзіне көзі түсіп, тілін тістегендей үнсіз қалды.

– Ал менің Васяткам Бресте болатын... – деді вожатый. – Бұл қалай болды... Осылай болуы мүмкін бе?

Бізде сағат жоқ еді. Ешкімде де, тіпті, Вадяда да. Сонда да біз соғыс басталғаны туралы вожатыйдың қашан хабарлағанын біліп алдық. Жол бастаушы әйелден білдік: бірден жиырма бес минут кеткенде. Ал соғыс таңғы төртте басталған екен. Төртте біз де, туғандарымыз да ұйықтап жатқанда. Сағат алтыда, біз оянған кезде соғыс жүріп жатыр екен. Сағат жетіде, біз Белорус вокзалына барғанда да соғыс жүріп жатқан болды. Біз поезға отырып, Смоленск жаққа жүріп кеттік, ананы-мынаны айтып күліп келеміз, ал соғыс тоқтамаған.

«Егер ертең соғыс болса» деген фильмді төрт рет көргем. Мақтанышпен, рақаттанып көрем. Соғыс туралы бәрін білетінмін. Немен бітетінін де білетінмін. Бірақ неге екені белгісіз дәл осылай басталатынын білмеген едім. Соғыстар осылай басталатын болғаны ма?..

Тиіспе біздерге,

Біздер де тимейміз!

Тиіссең -

илейміз, талмаймыз

Біз суға да батпаймыз,

Отқа да жанбаймыз.

Бұл әннің сөзін жатқа білетінмін. Шынында да, біз ешкімге тиіскеніміз жоқ. Өздері тиісті. Енді байқаңдар! Біз аямаймыз. Біздің суға батпайтынымыз, отқа жанбайтынымыз өзінен-өзі түсінікті.

Және бізге шабуыл жасаған – немістер.

Менің білетінім: немістер – бұл Маркс пен Энгельс, Люксембург пен Цеткин, Тельман мен Либкнехт. Оларда батыстағы ең күшті коммунистік партия бар.

Мен Германияны «Балшық солдаттар» мен «Профессор Мамлок» арқылы білемін. Бұл фильмдердің кейіпкерлері күрескер, әрі олар көп болатын. Яғни бізге шабуыл жасап жүрген азғантай шәртік қарындар. Балшық солдаттарды атқандар. Профессор Мамлокты қорлағандар. «Жыртық башмақтар» фильмінде балалар алдап кететін сұмырайлар.

Оған қоса, Германияда революция болды. Біз оның бүге-шігесіне дейін тарих пәнінен білеміз. Ол тақырыпты «өткенбіз».

Әрине, бұл бір түсінбестік қой. Түкке тұрғысыз бірдеңе. Керісінше: олар бізге тап берген екен, енді немістер қайраттанып, өздерінде революция жасайды. Бір кезде бізде болғандай, нағыз революция.

Осы ойлардың бәрімен және жайбарақат өмір ағысын бұзған жаңалықтан мен өзімді басқаша, тіпті, көңілді сезіндім.

...Біз Москваға сағат бестерге таман оралдық.

Вокзалда күтіп тұр екен. Біз бейне о дүниеден оралғандай бәрі жамырасып жатыр.

Анам мені құшағына қысып, жылап алды:

– Папаң әскери комитетте. Не боларын білмеймін... Үйде радио тыңдадым. Солдатқа алу, шекаралық аудандарда әскери жағдай орнағаны туралы әр хабардан кейін марштар мен әндер беріледі.

Олар соншалық салтанатты, шатты естілгесін бе, мен анамның неге көзіне орамалын жиі апаратынын, дүкенге жүгіріп неге тұз, сабын, сіріңке алу керегін түсінбеймін. Бірте-бірте өзімнің де көңілім жүдеп бара жатқанын сездім.

Кешікпей әкем келді.

– Алмады, – деді шаршаған үнмен. – Менің жасымдағыларды әзірше қалдырып жатыр. Қажет болса, шақырады деседі.

Анам қуанып кетті:

– Бұл жақсылықтың нышаны ғой. Яғни бәрін алмай жатса, соғыс ұзақ болмайтын шығар...

Әке-шешем маған түсініксіз бір жайларды әңгімелеп, әлденеге келісе алмай, біраз отырды.

– Бұл – барып тұрған оңбағандық! – деді әкем. – Кімге сенгенбіз? Қол қысысып, мәз болысты. Шабуыл жасамау жайлы келісімге болайын. Олар шекараға тиісіп жатыр, ал біз...

– Яғни солай ету керек болғаны да, – дейді апам. – Егер келісім болмаса, бұдан бұрын шабуыл жасар еді.

– Бұрын! Неге бұрын! Қол қойған қағаздарының сиясы да кепкен жоқ...

– Бірақ Алеша, – деп қарсыласады апам, – Сталин не істейтінін өзі біледі. Ол – Сталин ғой.

– Егер білмесе? – дейді әкем сенімсіздеу. – Немене, ол әулие ме?

Осы жерде мен де шыдамадым:

– Папа! Не деп отырсың? Солай деуге бола ма екен?

– Сен одан да тыңда! – деді әкем. – Кішкентай емессің. Бәрін өзің түсінуге тиіссің.

– Сенің есің дұрыс болмас! – деп сыбырлады анам. – Мұндай сөздердің ақыры немен тынатынын білмейсің бе? Отыз жетінші жылдың азабын аз тартып па ең! Құдай ақына, жайлап сөйлесші! Жалпы осы тақырыпта үндемей-ақ қойшы.

Әкем қолын бір сілтеді.

– Дұрыс, үндемей-ақ қойған артық... Әйтпесе, шайтанның қайдан түртері белгісіз.

Олар үндемеді. Қабырғадағы радиодан марш ойнап жатқанмен, үйдің ішінде ауыр тыныштық орнады. Өзімді қайда қоярымды білмей, неге екені белгісіз, портфелімді алдым да оқулық, дәптерлерімді мәніссіз қопарыстыра бердім.

– Одан да мынаны ойлайық, – деп апам мен жаққа қарады. – Қайда жібереміз? Не дегенмен жаз ғой.

– Ойластыру керек, – деп әкем де келісті.

– Папа! Маған жұмысқа орналасқан артық деп ойлаймын, – дедім кенеттен.

Әкем маған таңдана қараған секілді.

– Сен неге үндемейсің? – деді әкем апама қарап. – Ол жұмысқа барады, ал оның орнына мен оқимын. Бәрібір мені армияға алып жатқан жоқ. Міне, қандай шаруа!

– Мен шын айтып отырмын, – дедім. – Сен әзілдейтінің не?

– Мен? Әзілдеймін? – деп қарсыласты әкем. – Сенікі дұрыс шешім болуы да мүмкін, – деді содан соң, тіпті, басқаша үнмен.

– Жоқтан өзгені айтпашы! – деді апам дауысын көтеріп. – Не деп жүректі айнытып отырсыңдар! Қыркүйекке дейін соғыс та бітеді. Немене соғыс жаз бойы болады деп отырмысың?

Мен ештеңе ойлағаным жоқ. Жұмысқа орналасу туралы ой басыма жаңа ғана келді, тіпті, өзім қуанып кеттім.

Жұмыс жасаймын! Міндетті түрде. Басқа ештеңені де білмеймін. Иә, маған дәл қазір жұмысқа тұру керек. Нағыз кезеңі келіп тұр! Қайда, кім болып – бәрібір. Сонда мен оның – Наташаның алдында ұялмаймын. Ол жұмыс жасап жүр ғой. Әкесі қаза тапқаннан кейін ол машинисткалар курсын бітірген, қазір теңіз флоты халық комиссариатында жұмыс істейді. Ал мен ше? Осылай оқушы болып қала бермекпін бе? Өмір бойы оның алдында бала болып жүремін бе?

Келесі күні күн ұзаққа Москваны кездім. Жәй, әншейін. Бұрын Наташа екеуміз шарлаған көшелермен жүрдім, қайдағы бір кішігірім заводтар мен шеберханалардың қақпаларына, қорғандарға ілінген плакаттар мен хабарландыруларды оқыдым.

Әскери комитеттер маңы абыр-сабыр – әскерге шақырылғандар, шығарып салушылар, әшейін жүргендер, радиодан да мерекедегідей музыка үні шалқиды, аптап күн де жарқырап тұр. Алайда мейрам емес еді.

Плакаттар мен хабарламалардан түрлі мағлұмат алуға болады. Әскерге баратындар, Москва – Волга каналы арқылы саяхатқа шығуға болатыны немесе жауды талқандауға барлық күшті жұмсау жайлы. Жаңа ұрандардың арасында маған әбден танымал, сарғайып қалған би үйренушілер мектебі туралы хабарлама әлі тұр. Соғысқа дейінгі, бүгінгі – бәрі араласып кеткен. «Қиыршығысқұрылысқа» жұмысшылар керек екен. Қызықтырады. Бірақ тым алыс. Соғыс жүріп жатқанда, ит өлген жерге кету ме? Жоқ! Асханалар тресіне даяршылар, аспаз көмекшілері мен әр түрлі жұмыс жасайтындар қажет. Галантерея артеліне зат буушылар керек, жазу машинкасы заводында бірінші, үшінші разрядты слесарьларға орын табылады. МОГЭС-ке электр монтерлары, ағаш бұйымдары фабрикасына күзетшілер...

Менің қолымнан не келеді? Менде арман ғана бар. Бір кезде Наташаға айтқанымдай емес, басқа, өскенде кім болатыным жайлы. Бірақ бұл арман қазір іске асатын емес, соңыра үлкен болғанда болмаса... Әлі де талай жыл миымды шірітетін мектепті бітіргеннен кейін. Институтты бітіргесін. Ол арманым іске асарда бүгінгідей соғыс болмайды.

Хабарламаларды оқып тұрып, өзімді слесарь да, токарь да, шофер да болып елестеттім.

Мүмкін үлкен заводқа бір-ақ тартсам ба екен? Әскери заводқа! Жұмыс жасағасын, танк пе, самолет пе, болмаса зеңбірек пе, винтовка ма – әйтеуір бір ауыз толтырарлық нәрсе жасау керек қой.

Пятницкая көшесінен трамвайға отырдым да, көп ұзамай автозаводқа жеттім.

– Жұмысқа ма? – деп сұрады кадр бөлімінде. – Алдымен кәсіптік училищеге. Осы жерге жақын, мына бұрышта, жігітім.

Екі жыл оқу үшін училищеге бару керек! Кәсіптік училищеде оқимын деп Наташаға айта алмаймын ғой!

Ертең басқа заводтарға барып көрем деген оймен үйге келе жатыр едім кенет ойыма сап ете түсті: үйдің жанында баспахана бар ғой. Соған неге барып көрмеймін?

– Дұрыс жасағансың, – деді әкем үйге келгесін. – Әлі-ақ бітеді бәрі, содан соң оқисың. Қорқатын ештеңе жоқ. Гимназияны мен де дұрыс аяқтаған жоқ болатынмын.

– Кім боламын дейсің? – деп анам қайталап сұрады. – Катошник? Ол немене?

Мен түсіндірдім.

– Күні ертеңнен бастайсың ба?

– Жоқ, бүрсігүні. Таңғы алтыда шығуым керек.

– Тым ерте ғой. Қалай тұрасың?

– Ештеңе емес. Алаңдама!

Мен анамның жанына келіп, ебедейсіз қимылмен анамның бетінен сүйдім.

– Мені ше? – деді әкем.

– Сені де. – Әкемді де сүйдім.

Ата-ана!

Мен сендерді бұрын білдім бе? Білген шығармын. Әлде бауыр басқаннан ба? Мынау үйімізге, бөлмемізге қалай бауыр бассам, сіздерге де солай бауыр басып кеткен секілдімін. Біздің үй болмаса, не болар еді? Ал сендер болмасаңдар ше? Рас, кейде сендердің айтқандарың маған ұнамайтын. Маған ақыл айтып, үйретіп сілікпемді шығаратынсыңдар. Бұл кімге ұнайды дейсің?!

Бірақ мен ақымақ екем. Түкке түсінбеппін. Бұрын, тіпті кеше, арғы күні де ештеңе ұқпаппын. Мен жұмыс басты сендерге маған уақыт бөлмейді деп өкпелейтінмін. Мен мектепке, пионерлер үйіне баратынмын, өлең жазатынмын және Николай Степановичпен достасып кеткем. Мен ғашық болдым, ал сендердің істерің жоқ-тын. Тек оқта-текте ғана мектеп, баға жайлы сұрап қоятынсыздар.

Ал қазір, мына соғыс жүріп жатқан кезде... Сендерді бұрын осыншалық білмегеніме ұялдым. Кейде сендерден қорыққаныма, кейде қарсы сөз айтып тастағаныма қазір ұялып тұрмын. Сендер мені кәдімгі үлкен адамдай тыңдап отырсыңдар. Мен өз қалауымша өмір сүрмекпін, ал сендер қоштап отырсыңдар.

Енді ғана көзім жетті. Осының бәрі үшін – өткендегі мен бүгінгі және алдағы болашақтар үшін – сендерді жақсы көремін.

– Бәлкім, әлі де болса кәсіптік оқуға барған дұрыс шығар? – деді апам ойына бірдеңе түскендей.

– Неге кәсіптік оқуға? – дедім түсінбей.

– Міне, шақыру қағаз. – Апам ертең менің № 21 көркем-өнер кәсіптік училищесіне баруым керектігі туралы хабарланған қызғылт қағазды ұсынды.

– Жоқ, одан да жұмыс жасасын! – Әкем осыны айтты да маған қарады. – Дұрыс қой?

Москва аспанын прожектор сәулесі тынымсыз шарлайды. Кеш сайын ауаны қорғайтын аэростаттар әуеге көтеріледі. Оларға да үйреніп алдық. Дегенмен, сақтық шаралары да қабылданатын көп нәрсеге үйрендік.

Соғыстың алғашқы айы көңілге медеу тұтар ештеңе әкелмегенмен, Үлкен театрдың жанындағы алаңда бұрынғыша қалампыр гүлдеп тұрды. Таза тоғандардағы қайың станциясы да жұмысын тоқтатқан жоқ, ал «Эрмитажда» Утесов ән салады.

Мен екі билет алдым да, әскери комиссариатқа телефон соқтым. Ол Утесовты тыңдағанды жақсы көретін, бірден келісе кетті.

– Рас па, менің кезегім еді, біреумен ауыстырайын. Өзің қалайсың? Үлкейген шығарсың?..

Соңғы кезде оны көріп жарымайтын болдым. Соңғы кезде емес-ау ол жұмысқа тұрғалы. Мен оның үйінің маңына келіп, жұмыс аяқталар кезде әскери комиссариат жанындағы Петровкада сандалып жүремін, бірақ көбіне бос жүріс. Не оны кездестіре алмаймын, кездестірсем де ол жалғыз болмайды. Мен оның алтын жағалы форма киген жұмыстастарынан қорқамын. Наташамен бірге шығатын әйелдерден қорқамын. Бәрінен қорқыныштысы – оның анасымен кездесу. Ал анасы, қырсық шалғанда, жұмысқа көбіне Наташамен бірге кетеді және кешкісін бірге қайтады. Ксения Павловнамен екі рет кездестім. Екеуінде де танысқанмен – қорқатынмын. Ол халық комиссариатында сыпырушы болып жұмыс жасайды, ол Наташаның анасы, ол...

Менің түсінігімше, Наташаның әкесі қаза тапқан кезден бастап, жылдан астам мезгілден бері, олардың жағдайы қиын. Соғыс басталғалы тіпті қиындап кетті.

Міне, мен «өстім» бе? Бұл сұраққа әрі қуанып, әрі аздап өкпелеп қалдым. Қалай өстім? Мен бұрын да кішкентай емеспін, ал қазір... Ол ештеңе білмейді ғой.

Келісуіміз бойынша, біз Петровкада жолықтық. Пассаждың жанында. Мен осылай болғаны дұрыс дедім. Менің комиссариат жанында күтіп тұрғым келмеді және оны «крабтардың» қоршауында не жұмыстас әйелдермен, анасымен бірге көргім келмеді. Наташа келгеннен кейін, «мүмкін ол да мені жұмыстастарына көрсеткісі келмеген шығар? Неге Пассаждың жанында кездесуге тез келісе кетті?» – деп ойладым.

Осылай ойлауым мұң екен, әңгімеміз бұзылып сала берген тәрізді көрінді.

– Өсіп қалыпсың, – деді ол.

«Яғни ол мені бала санайды!» – деп ойладым.

– Пионерлер үйінде қалай? Не болып жатыр? «Яғни ол мені әлі күнге дейін пионерлер үйіне барып жүр деп ойлайды», – деп қойдым ішімнен.

– Кетпегенің жақсы болды. Папаңның туыстарына баруға жиналып жүрген сияқты едің ғой? – деп сұрады.

«Папа! Енді менен неге сақал-мұртың жоқ деп сұрауы қалды!»

Ал мен әкемнің ұстарасымен екі рет қырындым. Рас, үйде ешкім жоқта және әдейі Наташа үшін. Бір рет иегімді кесіп алғаным бар. Қылтанақты қырыққанымен, орнына ештеңе шықпай-ақ қойғаны.

Қырыну туралы сөз болған жоқ.

– Туғандарың аман ба? Мамаң қалай?

Оларды көрмесе де, туғандарымды және міндетті түрде анам туралы ылғи сұрайтын.

– Москва – Волга каналы да сіздерге қарай ма? – дедім кенеттен.

Бұл қулық еді.

– Оны неге сұрадың? Иә, – деп қостады, – бізге бағынады.

– Жәй, Москва – Волга каналының газеті бізде шығады, – деп барынша байсалды түсіндірдім.– «Сталин правдасы» деп аталады. Білесің бе?

– Қайда – сіздерде?

Күткенім де осы сұрақ болатын.

– Баспаханада. Мен сонда жасаймын ғой. «Москва большевигі», «Вечерка» басылатын жерде, «Советтік метрополитен», тағы басқа газеттер шығады, – деп салмақтандым.

Ол есінен танып қалғандай көрінді маған. Жақсы! Өзімнің ойлағаным да оны таң-тамаша қалдыру еді. Егер мен үлкен адамша жұмыс жасамасам, мүмкін, «Эрмитажға» Утесовты тыңдауға бармаған болар едік. Утесовқа билет те қымбат-ақ қой, мен алғашқы айлығымның ақшасына алдым.

Паркте әскери адамдар көп екен. Мен «Эрмитажға» өмірімде екінші рет, кешкісін тұңғыш рет келіп тұрмын. Мұны айтқым келмей тұр еді, ол өзі:

– Мұнда қандай жақсы! Дәл осындай деп ойламап едім, – деді.

Москвада тамақ жағы қиындай бастаған, ал «Эрмитажда» балмұздақ, май жағылған не балық қосқан нан сатылады. Қымбаттау. Біз бәрінің дәмін таттық.

Утесовты да тұңғыш көруіміз.

– Саған ұнай ма? – деп сұрадым екінші бөлім бітер кезде.

– Өте ұнайды!

Оның риза болғанын өзім де сезіп отырғам. Дидарынан, біз парктен шыққанда концерт программасын еппен бүктеп сумкасына салғанын сезгем. Яғни қыздарына да көрсетеді.

Содан соң біз қара көлеңке басқан кешкі Москваны шарладық. Бір кездегі, соғысқа дейінгі, пионерлер үйінен келе жатқандағыдай. Москва қазір бұрынғыдай емес, бірақ сол баяғы ығы-жығы халық, мазасыз әрі сүйкімді қалпы.

Наташа екеуміз оның есігінің алдында асығыс қоштастық: радиодан әуе дабылы хабарланып жатты. Мен асықтым. Пятницкая көшесімен Қызыл алаңға қарай жүрдім. Климент бұрышына келгенде шыдай алмадым, – бәтеңкемнің бауын ағыттым. Бүгінгі кешке әдейі киген әкемнің ботеңкесі қысып, жанымды шығарды.

Әуе дабылы Москвада бірінші рет емес-ті.

Есік алдына жете бергенімде, Боря Скворцов ұстап алып, ұрсып сыбады. Бұған Боряның хақы бар-тын. Әуе дабылы кезінде біздің үйдің шатырында күзетте тұруым керектігі мүлде есімнен шығып кетіпті. Бір жұма бұрын бізді өрт сөндіру ерікті қоғамына мүше етіп жазып кеткен. Бастығы үй меңгерушісі де, орынбасары Боря Скворцов болатын. Шатырда екі рет күзеткем, бүгін... Дәл бүгін әуе дабылы болатынын қайдан білейін!

– Неменеге айқайлайсың, онсыз да әрең жеттім! – деп Боряға бұрқ еттім. – Қазір келемін...

Наташаны шығарып салып, үйге шынында да әрең жеттім.

Жасақшылар бірнеше рет кідіртті, әуе дабылы кезінде көшеде жүгіруге болмайтынын айтып ескертті. Мен үйге тез жетуім керектігін және нанымдырақ болу үшін бірдеңені ойдан шығарып бәрін сендірген болдым. Бақытыма қарай әйтеуір ұстап қалған жоқ.

Боря түсіне қойды:

– Қызбен кездесу ме? Роман? Онда болды! Үндемеймін! Түсінем. Және мән-жайды сұрамаймын...

Боряда мен табынатын қасиеттердің үстіне түсінік болатын.

– Ал енді күзетке бар, – деді Боря жай ғана. Күзет орны, яғни, шатыр, дәл біздің пәтердің үстінде болатын, мен бір сәтке жүгіріп үйге кірдім. Анам сыбағамды бергелі жатыр еді, мен сөзін бөлдім.

– Бәрін білемін. Уақыт жоқ! Күзетке кеттім! Дәлізге секіріп шығып, жасырын баспалдақпен жоғары көтерілдім.

Дәл осы кезде әуе дабылы сарнап қоя берді – бір кеште осымен үшінші рет. Мұндай болып көрген емес-ті.

Аспан да бүгін бұрынғыдан басқаша. Жылы, жұлдызды, жазғы аспан. Прожектор сәулелері оны сызғылап жатыр. Бір-бірімен түйісіп, содан соң жан-жаққа тарайды, қайта қосылады. Әлдеқайдан зенит үні келеді. Біресе әрең естіліп, біресе дәл көрші шардақтан шығып жатқандай.

Төменде, есік алдында, бұрыштарда, көрші үйлерде айқайлаған дауыстар:

– Үшінші терезе, оң жақтағы жарықты сөндіріңдер! – Пердені! Екінші қабаттағы терезе пердесін түсіріңдер! – Жарықты сөндіріңдер! Кімге айтып тұрмыз! Тойы несі?! Ақылдарынан алжасқан ба?

Мен өзімді тамаша сезіндім. Ұп-ұзын кең шатырда жалғыз өзім, айналаның бәрі жарқ-жұрқ! Бұл төменде, қақпа түбінде күзетте тұрғаннан әлдеқайда жақсы ғой! Рас, онда кезекшілер көп, оны-мұны әңгіме соғуға да болар еді, мұнда мен жалғызбын. Сонда да жақсы. Мен бүкіл шатырдың, бүкіл үйдің қожасы сияқтымын, менің қазір көріп отырғанымды ешкім де көре алмайтын сияқты.

Зеңбірек үні бірте-бірте толастай бастады. Прожектор сәулелері де алыс көкжиекке ығысты. Алыста тарс-тұрс дыбыстар естіледі, ал менің төбемде жұлдыздар жымыңдайды. Дөңгелек ай өзінің солғын сәулесін көрші үйлердің шардағына түсіріп тұр. Жаз күндері біздің үй маңында көп болатын жылтырауық қоңыздар шырылдайды. Кездейсоқ па, қайдам, әйтеуір біз тұрған жер «Жылтырауықтар бұрышы» деп аталады. Біреуі дәл менің жанымнан шырылдады. Дыбыс шыққан жаққа шатырдың терезесіне қарай жүрдім. Аяғымның астынан темір салдырлап еді, жылтырауықтың үні өшті.

Кенет шатыр терезесінен таныс дауыс естілді:

– Қайдасың? Жүр енді құдай үшін!

Аспан алтын шапаққа оранып, прожектор сәулелері шарлайды...

– Мам, неменеге келдің мұнда? Ұйықтай берсейші! Мен біраз отыра тұрайын. Мүмкін тағы...

– Таң атпай тұруың керек қой! – деп анам қоймады. – Айтпақшы, туған күніңмен құттықтаймын!

– Қазір қанша болды?

– Он екіден жиырма кетті...

Яғни, жиырма екісі. Мен он бес жасқа шықтым! Олай болса, тіпті де, үйге барғым келіп тұрған жоқ. Бүгінгі кеште қанша дабыл қағылды, бірақ әзір айнала тыныш.

– Бара бер, бара бер, қазір келемін!

Мен оны әзер көндіріп, үйге жібердім де, жұлдызды аспан астында қайтадан жалғыз қалдым.

Соғыс кезіне ұқсамайтын тыныш минуттар. Соғысқа дейін түнде неге осылай шатырға шығып отырмадым екен деп ойладым. Айналаның әдемісін айтсаңшы!

Түн тымырсық еді, мен салқын темірге отырдым. Кішкене отырам, содан соң ұйықтауға кетем. Біздің бәріміз өрт сөндіру ерікті қоғамының мүшесі болғанымызбен, әрқайсымыз өзімізге өзіміз қожамыз.

Міне, мен қазір өлең шығарамын. Жалғыз өзің отырып алып, күбірлеп өлең жолдарын айтқанға не жетсін.

Өтеді, өзгереді бәрі жерде,

Қыс өтер, көктем келер нұры тамған.

Бәрібір сен жақсысың бәрінен де,

Ұмытуға болмайды сені мүлде.

Өзіңді ешқашан да ұмыта алман.

Бұл Наташа туралы. Бірақ әрі қарай ештеңе шықпай қойды, енді басқа жолдарды күбірлеймін.

Ұмытпаймыз: тілінген дала, маңды,

Көкшалғынды көмілген тасқа, шаңға,

Ауылдарды, күл болған қалаларды –

Ұмытпаймыз біз мұны ешқашан да!

Бірдеңе шыққан тәрізді. Ертең, жоқ бүгін Николай Степановичке оқып беру керек.

Көршіміз Николай Степанович Позняков – менің үлкен досым. Дос деуім, мүмкін, күлкілі шығар? Николай Степанович жетпіске таяп қалды. Мен бүгін он бестемін. Алайда, біз шын мәніндегі достармыз.

Николай Степанович консерваторияда фортепьяно класы бойынша профессор, әрі Үлкен театрдың балетмейстер!. Оның музыканы ма, жоқ балетті ме қайсысын көбірек ұнататынын мен білмеймін. Бірақ мен оған қызығамын. Өз басым музыканы түсіне бермеймін, балетті де көрген емеспін.

Мен үшін Николай Степанович басқа жағынан қымбат. Өзгелер оның ақындығы мен кітапқұмарлығын білмейді. Ол өлеңді ескіше жазады: сонеттер, романстар.

Маған оның жазғандары ұнайтын:

Алтын, жиһаз жинамадым,

Ұмтылмадым мансапқа,

Ақ шашыммен мақтанамын

Жүрегім жас бал шақта.

Жоғалтпасаң жастығыңды –

Даналығы өмірдің.

Ақын болсаң, жаз шыныңды

Сезімімен көңілдің.

Немесе, мына өлең:

Жас жігіт барады

бетке алып жағаны,

жыбырлап тамағы

арақты жағады.

Жас сұлу қарады,

шақырды жігіттің

жанары.

Екеуі

қайыққа барады:

жас сұлу

қарады,

қайықта

жаңағы

тұр екен жігіттің

қорегі -

арағы.

Біз оның өлеңдерін оқып қоймаймыз. Мен күн сайын Николай Степановичтің кітапхана секілді бөлмесінде ұзақ боламын. Біз көне кітаптарды таңдап оқимыз, көбіне өлеңдерді.

– Поэзия – әлемнің ең ұлы құпияларының бірі, достым! – дейтін Николай Степанович. – Шын поэзия адам жанының мәнін түсіндіреді және жандүниесін жаңартады. Ал поэзиядағы сезім ше! Жалпы өнер – шабыттың жемісі және ләзаттың қайнар көзі, ләззат эликсирі деуге болады, достым! Өнер болмаса адам баласы малмен бірдей. Өнер – әрбір адамға ауадай қажетті тағам. Осыны түсінген кезде ғана адам болған: өркендеген, алға ұмтылған. Және керісінше, инквизация кезінде өнерді де тұншықтырды. Ал бұл инквизацияның өзінің түбіне жетті. Алысқа бармай-ақ мына мысалды алайық – қазіргі Германияда өнер туындыларын өртеуде. Барлық топас адамдар секілді Гитлердің де суреттен хабары жоқ болып шықты. Ал топас, дарынсыз адамдар, достым, қашан да қатыгез әрі оңбаған болады. Өздерінің дарынсыздығы үшін, өздерінің творчествоға келгенде бедеулігінің кегін жұрттан алады. Гитлердің бедеулігі адамзат мәдениеті үшін қымбатқа түседі. Бүгін Германияда ғана емес, фашизм аяқ басқан жердің бәрінде өнер құрыды. Ал, енді, досым, фашизм осы топастығымен өзін құртады.

Өнерді өлтірген өзі де өледі. Жоқ! Өнер өмірдің, өлімнің өзі секілді мәңгі! Поэзия – өнердің, ойдың бейненің абыройлы бөлігі.

Николай Степанович қызынып, әдемі әрі сенімді, кейде түсініксіз сөйлейтін, сонысымен маған одан сайын ұнайтын.

Мен Николай Степановичпен дос болғаныма мақтанатынмын. Онымен бірге болған қызық. Және ол мен үшін даңқты тұлға. Николай Степановичтің жас кезінде Серов оның портретін салған, Третьяковкадан портретті өз көзіммен көрдім. Жақында, соғыстан бір-екі жұма бұрын, Николай Степанович мені Афиногеновпен таныстырған. Мен оның пьесаларын көрмесем де есіміне қанықпын. «Машенька», «Ақымақтар» «Қорқыныш», «Жырақта» туралы да көп естігем. Александр Николаевич Афиногенов Николай Степановичтен бір кітап алуға келген екен – әзілдеп, күліп отырды, мен бізде, өзіміздің театрымыз барын айтқанымда, бір ретін тауып пионерлер үйіне келуге уәде берді.

Үйімізде семья мүшелері – әкем, анам – түгел жиналғанның өзінде, мен Николай Степановичтің жанынан шықпайтынмын. Әкем үндемейтін де, анам ашуланатын. Мен Николай Степановичке ата-анамнан артық сенетінмін. Мысалы, Наташаға арналған өлеңдерімді. Ол жайлы әкем де, анам да ештеңе білмейді. Ал Николай Степановичке өзім оқып берем.

Мен әлгі шығарған жолдарды тағы күбірлеймін:

Өтеді, өзгереді бәрі жерде,

Қысқы қар көктем гүлін сыпырады...

Жоқ, әрине, бұлай жазбау керек. Ал нағыз поэзия деп Николай Степановичтің өлеңдерін айт. Тютчев, Брюсов, Сологуб, Тредиаковскийлердің өлеңдері секілді.

Мынау немене? Прожектор сәулелері біздің үйдің, төбесін тағы шарлай бастады. Зеңбіректер де бұрынғыдан бетер гүрсілдеп жатыр. Оқ ұшқындары шатырды тысырлатып кетеді. Бұл – біздің зеңбіректердің ұшқыны. Мен басымды, бетімді басамын. Енді өлең туралы да, Наташа туралы да, үй немесе Николай Степанович туралы да ойлап тұрғаным жоқ, аспанға қараймын.

Осы кезде!.. Прожектор сәулесінің арасында ойыншық тәрізді самолет көрінді. Жаныңды түршіктірер ұлыған үн мен дүрс еткен жарылыс естілді. Соның арасында шатыр терезесінің жанынан жылт етіп от көрінді де, әлде не ысылдағандай болды. Оттық па? Сонда әлгі оқу плакаттарынан әлденеше рет көріп, естіп жүрген оттық болғаны ма? Ол неге ысылдайды? Оқулық дабыл ма?

Мен шатырдың терезесіне ұмтылдым, бірақ стабилизаторды жалаң қолмен ұстауға болмайды деп үйреткендері есіме түсті. Ұстауға болар еді, әрине, алайда ұшқын атып алаулап жатқанда қорқынышты көрініп кетті. Тегі алаудың ортасында жанып жатқан шаланы қолға алу да дәл осылай қорқынышты шығар.

Тұла-бойым күйіп-жанып барады. Маңдайымнан шып-шып тер шығып, жауырыным шымырлап кетті.

Аспан жыртылып-айырылып, жарқ-жұрқ етеді, ал әлгі оттық әлі ысылдап от шашады. Неге екенін білмеймін аяғыммен теуіп-теуіп жібердім. Оттық шатырдан есік алдына бір-ақ түсті.

Қуанып үлгергенім жоқ – шатырдың екінші басында тағы от шығып, түтіндеп жатыр. Шамасы, сыр өртеніп жатса керек. Мен жүгіріп барып, сасқанымнан күртешемді шешіп, отты бүркедім.

– Есің ауысқанба! – деп ақырды маған Боря Скворцов, жанындағы екі адам менің күртешемді аяқпен таптап жатыр.

– Ақымақ! Мына құм не үшін!

– Сен немене өзің? Оқымысты маубас... Мұндайларға сенсең...

Үй басқармасының даусын танып қалдым.

Олар үйдің төбесіне қайдан шығып кетті – ойлауға шамам жоқ. Құм? Шелек, жәшіктерге салынған құм төбеде емес, аулада болатын. Бұл жерде құмның қандай қажеті бар!

Біз төртеулеп жүріп күртешені, оттықты сөндірдік, тілі жалаңдай бастаған өртті тоқтаттық.

Немен тынғанын білмеймін. Біреу бір шелек құм мен бір кастрюль су әкелді.

Кейін Боря маған біраз ұрысты, үй басқармасымен де шекісіп қалды. Ақыр аяғында мені тіпті мақтады.

– Жалаң қолмен жармасуға бола ма екен! Брезент қолғаптар қайда? Қысқыштар ше? Әйтеуір сасып қалмағанына шүкір...

Ал менің әбден есім шыңты. Қорыққаным өз алдына, мына күртеше бір жағынан...

Ертесінде сағат алтыға қарай, күндегіше баспаханаға келдім. Күндегіше дейтінім, екінші жұма болды – жұмыс істеймін ғой.

Жұмысым пәлендей мықты да, нашар да емес – сырғанатушымын. Атынан-ақ бір нәрсені сырғанататыным көрініп тұр. Ол рас, бірақ ең бастысы бұл емес. Дәу-дәу қағаз орамдарын ротация машинасына домалатып әкелу кез-келген адамның қолынан келеді. Мен сіңірім шыққан арық әрі керемет күшті болмасам да, бұл жұмысқа әлім келеді. Қағаз орамдарын рельстің бойымен арнайы арбашаларға салып сырғанатамыз. Орамды басу машинасына әзірлеу әлдеқайда күрделірек: сыртқы қабатын тез сыпырып алып, машинаға бекіту керек. Басылып жатқанда, қағаз кездейсоқ үзіліп кетсе, тіпті, шатақ. Мықшыңдап, қапелімде түзеп жібере алмасаң, басушылар да, цех бастығы да, тіпті, цехты сыпырушыға дейін ұрсады. Және қалай ұрсады. Алғашқы күндері есім шықты. Жұмыс қызып жатқанда, кедергі бола қалса, әйелі де, еркегі де жақсы сөз таңдап тұрмайды.

– Темір жолда кеселдің бәріне жол бағыттаушы кінәлы болса, ротацияда, әрине, сырғанатушы ғана.

– Егер қағаз осындай болса, мен не істеймін! – деп ақталдым. Маған бәрі қағаздың нашарлығынан секілді.

Қағаздың сапасы кереметтей емес екендігі рас. Көптеген орамдар дымқыл, сап-сары жолақтары бар, лас келетін.

Менің міндетім қиын-ақ: машинаға салынған орам басушылардың қолын бөгемеуі керек және қағаз шығыны болмауы тиіс. Қай-қайсысы үшін де бірдей ұрсады.

– Қағаз қағаз болсын, ал сенің иығыңда басың тұр ғой, қолың да бар! Әлде сенде мидың орнында су ма? – деседі маған.

Мен жыным келіп, маған әдейі тиіседі деп ойлаймын. Жалпы ілкі күндері өзім өз болмай жүрдім. Тіпті, көңілімнің бір түкпірінде күдік оянды: ақымақтық істеген жоқпын ба, асығыстық етпедім бе? Мүмкін кәсіптік училищеге барғаным дұрыс па еді?

Қазір істің бәрі маған байланысты екенін түсініп алдым, қағазды игеруге болады екен.

Бұдан екі күн бұрын цехтың қабырға газетінде мені мақтады. Рас, менің негізгі жұмысым үшін емес, басушылар мен цинкографтарға көмектескенім үшін. Менің жұмыс күнім, барлық жасы жетпегендер секілді, алты сағат. Жұмыс соңынан құйылған беттерді цинкографияға тасимын не өзіміздің ротация цехындағы жөнделген беттерді алып қайта құюға апарамын.

Енді мен сырғанатушы екендігіме ұялмайтын болдым. Үйде де, таныстарыма да қысылмай айта берем. Наташаға да өз жұмысым жайлы айтамын.

Мен енді, өз ойымша, газетті жұрттан бұрын оқимын. Байырғы баспахана жұмысшылары секілді, алдымен дайын болатын төртінші бетті, содан соң үшінші және екінші, ақырында ең маңызды, материалдары баспаханаға соңғы сәтте түсетін бірінші бетті қарап шығам. Әдетте, қай газеттің де бірінші бетінде ең маңызды, ең қызық материалдар басылады.

Газеттер, сенің қолыңнан шығып жатқасын ба, қымбат та қадірлі болып кетеді екен. Исі де жағымды. Бүгін бізді бірінші бет әбден кідіртті. Материалдар таңғы сегізде келді. Бұрын-соң бұлай болып көрмеген.

Егер сен таңғы бесте оянып, алтыда жұмыста болсаң, сағат сегізден асқанда саған түс болғандай сезіледі. 22 шілде күні еді. Менің туған күнім. Соғыс күні. Баспахананың шулы цехтарынан тыс жерлерде адамдар жаңа тұрып жатқан кез. Олар жұмысқа бара жатып газет киоскаларының жанынан өтеді, үйлеріндегі почта жәшіктеріне үңіледі, ал газет жоқ.

Не болған? Бізді осынша кешіктірген бірінші бет не айтады?

Мен бірінші бетке көз жүгірттім де, түсіне қойдым. Бүгін түнде неміс авиациясы Москваға жабық шабуыл жасамақ болған. Яғни, бүгін түнде болғанның бәрі, түнгі кезекте отырып менің көргендерім – әлгі ысқырып от шашып үй төбесінде жылтылдаған оттықтар – осының бәрі неміс авиациясының шабуылы екен! Шабуыл тойтарысқа ұшыраған.

Мүмкін сол жерде, біздің ротация цехында, мен соғыс деп аталатын маңызды оқиғаға алғаш рет қатысқан шығармын.

Бірақ оттықтар? Шабуыл және оттықтар! Немістің екі жүз елу бомба тасушы самолет!! Олар Москваға оттықтар ғана тастады ма? Егер бомба болса ше! Жарылыстарды өзім естідім ғой. Біздің зеңбіректердің үні ғой деп ойлағанмын. Ал, егер...

Түскі үзілісте асханаға барудың орнына цех бастығының бөлмесіне жүгірдім.

– Телефон соғуға бола ма?

– Ол жоқ, – деді маған Наташаны сұрап едім.

Он екіде, смена біткесін үйге келдім де, жалма-жан киініп: Пятницкая қайдасың деп тарттым. Жолым болды. Есікті Наташаның анасы ашты. Үйде екен.

– Наташа жұмыста, – дейді ол байсалды түрде.

– Телефон соғып едім...

– Ендеше бір жаққа кеткен ғой. Бүгін райкомга барамын деп отырған.

Ксения Павловна, байқауымша, маған сенімсіздеу қарайтын тәрізді. Міне, қазір де...

– Ал жалпы мен саған айтқым келгені... – Ол маған қалай сөйлессем жөн екен дегендей бақылай қарады.

– Айтсам, жігітім, оның басын текке айналдырып жүрсің. Ол ұялшақтау болғанмен, кішкентай емес. Егер саған айта алмай жүрсе... Ал оның адамы бар. Біреу емес, оған күйеу болардай адам көп.

Осымен күн кешкірді. Кешкісін басымыз қосылғанда апам жаңалық айтты:

– Бәрібір саған жұмысты тастауға тура келеді.

– Қалай тастауға? Неге?

– Екі күннен кейін біз эвакуацияға кетеміз. Біздің наркомат Куйбышевқа, папаңдікі – Горькийге. Кететін болдық. Өзің таңда! Менімен болғаның дұрыс деп ойлаймын.

Жетіспегені осы еді!

– Мен ешқайда да кетпеймін. Жұмыстан кетпеймін.

– Кетпеймінің қалай? – деп күйіп-пісті анам.

– Қажет болса кетесің, – деп қойды әкем, содан соң, – Лена, мен жайлы бекер айтасың. Оны алдаудың керегі не: мен саған айттым ғой... Ол менің қасымда қалуына болады...

– Жалғыз ба?

– Мен жұмыстан кетпеймін! Кете алмаймын, кеткім келмейді! – деп бұрынғыдан бетер қатая түстім. – Мен он бестемін және мен...

Мен Николай Степановичке оның кітаптарын сатуға уәде бергем, кеш бойы оның кітапханасын қопардық, қайсысын көп саудаласпай бере салуға болады, қайсысына көбірек ақша сұрау керек.

Бір қапқа таңдап толтырдық. Эсхил, Сумароков, Гомер, Бальмонт, Сафо, Тредиаковский, Лафарг, Апулей, Тагор, Саша Черный, Дидро, Гумилев...

Москвада тамақ қиындап кетті, базарда сағат сайын қымбаттап тұр. Карточка бойынша алатын тамақ жаратымсыз. Ал базарда бәрін алуға болады. – Әрине, бірақ ақшаға, затқа да ауыстырады, карточканың талонына сабын, ішімдік, нан алуға болады.

– Кітаптарды сатқасын, той жасаймыз, – дейді Николай Степанович тақтаның үстінде бүрісіп. – Мен саған жаңа бірдеңе оқиын, жарай ма?

Ол шкафтан ескі дәптерді алып оқи бастады:

Жырлар жаздым шабытты

шын жаныммен.

Өмір менен жарықты

жырладым мен.

Жырладым мен түндердің

мұңын, демін,

Үлбіреген гүлдердің

дірілдерін.

Қанат қақтым шыңдарға

бала құстай.

Қарсы жүздім сындарға

жаға құшпай.

Күрестерге шақырдым

жырымменен.

Шын бақыты ақынның

ғұмырлы өлең.

Тыншу емес, от-жалын

өмір мәні.

Жастық отын сақтадым

көңілде әлі.

Кәрілік пен мұңдарға

берілмедім,

жүрегімде тұрғанда

сенім менің!

Біздің үйде от жағылмайтын. Тұрбалар алғашқы аязда жарылып кеткен. Сыртта салқын. Қазанның ортасы, күн қақап тұр.

Жұмыстан кейін кітап толы қапшықты арқама салып алып, жақын жердегі букинистік кітапханаға тарттым. Жабық екен. Келесі кітапхана да, сәл әрегіректегі үшіншісі де жабық. Нан және тамақ дүкендері ғана ашық. Олардың алды кезекке тұрған ығы-жығы халық: карточкаға бір пұттан астық беріп жатыр.

Бұл күтпеген жағдай еді. Жарытымсыз нан үлестерін күні бұрын алып үйренген адамдар кенеттен бір пұттан астық алып жатыр. Шылқыған байлық!

Маған солай көрінді.

Бірақ кезекте тұрғандар мәз емес, қабақтары түсіңкі.

– Астық беріп жатқаны, жағдай онша болмағаны ғой, шамасы. – Кеше, Тачанкада, дәл магазиннің түбінде екі адамды атып тастады.

– Немістер Москваны қоршап алыпты деседі.

– Астығы құрысын! Немісті баса-көктеткенше, аштан өлген артық.

– Заставаларда не болып жатыр десейші! Дүние-мүліктерін тиегендерді жүк машиналарынан лақтырып жатыр. Бала-шаға, қариялар кете алмай жатқанда, біреулер мүліктерін арқалайды.

Бірінен бірі өткен сыбыстар жан түршіктіреді, сондықтан қапшығымды арқалап үй жаққа беттедім.

– Мүмкін, ертең тапсырармын, – дедім Николай Степановичке сенімсіздеу үнмен. Оның көңілін қалдырғым келмеді.

Ал, Николай Степанович болса күтпеген жерден қуанып қалды:

– Жақсы болған, достым! Тапсырмағаның жақсы болды. Сен кеткесін ішім удай ашыды. Кітаптар ғой. Қимаймын. Әсіресе, Саша Черный. Кейін мұндай кітаптар таптырмайды ғой...

– Қайда жүресің осы сен? – Анам ашулы қарсы алды. – Жүгіруге уақыт тауыпсың! Үйде отыршы құдай ақына!

Анамның келгеніне айдан асты. Куйбышевтен бізбен бірге болайын деп қайтып оралған.

– Таза тоғандарда қорған жасап жатыр деседі, сен көрмедің бе?

– Жұрт не демейді, – мен оны мазалағым келмейді. – Мұның бәрі – ОБС – бір кемпірдің айтқаны. Түк емес!

– Біріншіден, былапыт сөз айтпа! Ал, екіншіден, түк, түк емесі жоқ – үйде отыр! Мен ұнға барамын!

– Жоқ, мен барамын!

Ақыры көндірдім, үшеуміздің карточкамызды, қапшықты алдым.

– Үшеуін бірдей алғаның не? – деп ашуланды анам. – Сен үш пұтты көтере алатын ба едің?

Осы жерде мен әбден ыза болдым-ау деймін.

Дегенмен нан дүкеніне барудың орнына Таза тоғандар жаққа тарттым. Осы маңнан қашық емес болатын. Шынында да мұнда окоп қазып, танкке қарсы тікенек қорғандар жасап жатыр екен. Және тек ол жерде ғана емес. Бульвар айналымының бойы, Садовое мен округтік темір жол линиясы – бәрінде де қорғаныс шебі жасалуда.

Ертесінде таңертеңгі радио хабарын тыңдамап едім, жаңалықтарды баспаханаға келіп бір-ақ білдім.

Бүгін алғаш рет метро жабылыпты.

Көпірлерді солдаттар мен ұшқыштар батальондарының жауынгерлері қорғап тұр.

Арандатушылар мен қорқақтарды, ел игілігін талаушыларды ұстаған жерде атып тастау туралы бұйрық шығыпты.

Қару-жарақ шығаратын Москва заводтарының бәрі көшіріліп жатыр.

Майдандағы жағдай ауыр.

Цехтарда халық қорғанысына еркімен баратындардың тізімі жасалынуда.

Не істеу керек?

Есігінің алдында жасамыс жұмысшылар кезекте тұрған цех бастығының кеңсесіне келдім. Стол жанында кеудеше киген ер адам оқушының қиғаш көз дәптеріне өз еркімен баратындарды жазып алды.

– Болды, Митяев. Сағат он екіде заттарыңмен аупарткомның жанына кел, қаруды сол жерде аласыңдар. Келесі кім?

Менің алдымда жиырма шақты адам отыр. Мен де кезектің соңында тұра бердім. Әлгі қабылдаушының жұрттың бәріне беретін жауабын жалықпай тыңдаймын.

– Жарайды, Савельев. Сағат он екіде заттарыңмен аупартком жанында бол. Қаруды сол жерде аласың.

– Мен ішімнен айтатын сөздерімді қайталап тұрмын. Фамилиям, аты-жөнім, туған жылым, комсомол мүшесі екендігім, аудандың комитеттен комсомолдық билетімді алып үлгермегенім ештеңе емес шығар. Қызыл Армияда қызмет еттің бе деген сұраққа мылтық ата алатынымды, «Ворошилов атқышы» нормасын тапсырғанымды айтам.

Мен кезек күтіп тұрғанда, сырт жағымнан баспахана машиналары жұмыс жасай бастады. Бүгін онда ылғи әйелдер...

– Мен сізден кейінмін! – деп ескерттім де өз машинама жүгірдім. Ең болмаса қағаздарды әзірлеуім керек.

Меніңше, ешқашан қағаз бумаларын дәл сол күнгідей тез жыртпаған сияқтымын! Төрт бума қағаз әзір болды. Екеуі машинада, артық қалған екеуін арбаға тиеп қойдым.

Менің кезегім де жетті.

Фамилиямды, аты-жөнімді айттым. Кеудеше киген кісі қаламын сияға малып маған қарады да, жаза бастады. Жүрегім дір етіп кетті.

– Әрі қарай!

– Жиырма алтыншы жылы туғанмын, комсомолец. Армияда болғаным жоқ...

– Жиырма алтыншы? – Жазып отырған адам маған қарады да:

– Болмайды! – деді.

– Қалайша болмайды? Комсомол мүшесімін, мылтық ата аламын...

– Бәрібір. Жиырма алтыншы жылғылар туралы нұсқау жоқ. Өзің армияда болмағансың.

– Армияда қай уақытта болайын.

– Болмайды. Кәне, келесі кім?

Столдан жаңа ғана ұзай берген жұмысшы маған қарап жаны ашып кетті.

– Қайғырма, інім, қағаз цехына бар, онда да жазып жатыр.

Қағаз қоймасында да өз еркімен сұранғандарды тізімдеп жатыр екен, бірақ майданға емес, қорғаныс шебін жасау құрылыстарына баруға. Мен Сходня жақта окоп қаздым ғой.

Не болса, ол болсын! Мені тізімдеді де, сол бойда күрек берді. Он минут өткенде баспахана қақпасынан Таза тоғандар жаққа шықтық. Біз жас-кәрісі, әйел-еркегі бар, жүз шақты адам болдық. Үстімізде май сасыған киім, аяғымызда жыртық бәтеңке. Баспахананың едені аяқкиім атаулыны жеп қояды, сондықтан біз ескі-құсқы киіп келеміз.

Бульвар жағалап мал айдап барады. Тегі алыс жол жүріп қалжыраған сиыр, қой-ешкілер естілер-естілмес, әлсіз мөңіреп, маңыраған болады. Тротуар бойындағы жалғыз-жарым жүргендермен, сирек өтіп жатқан ма-шиналармен істері жоқ.

– Бүгін радионың да үні өшіп тұр. Жақсылық емес қой, – деді жанымда келе жатқан қыз.

Біз жасырын тұрған зенит батареясы мен аэростаттың жанынан ені бір метр, ұзыны елу метр траншея қаздық.

Радио шынында да үндемей тұр. Үй төбесіндегі, бульвар аллеяларындағы репродуктордың бірде-бірі сөйлемеді. Әдетте олар тек әуе дабылы кезінде ғана үндемейді.

– Иә, түсініксіз жай...

Сиырлар кетіп барады. Екі жүз бе, үш жүз бе, мың ба?.. Асфальт бойымен қабырғалары ырсиып, дәл адамдар секілді шаршаған кейіпте Покров қақпалары жаққа кетіп барады.

Ұсақ жаңбыр сіркірей бастады. Күн желкем еді. Шөп пен жапырақтан баттасқан жерді бар күшімізбен қопарып жатырмыз. Күрек өтпей ме, елде қолымыздың икемі жоқ па – жер қапелімде бола қоймады.

Жанымызды сақтап тұрған салқын мен ыза. Ызаланатын себебіміз – түсініксіз үнсіздік, басыңа қым-қуыт ойлар келеді.

Зенит батареясы мен аэростатты сұр шинель киген, өздері де шинель секілді бозарған ылғи қыздар күзетіп тұр. Мен оларды немесе оларға ұқсас қыздарды Москва көшелері мен бульварларда көп кездестіргем. Олар соншалық бақытты, көңілді көрінетін. Мен олардың әскери тағдырына, тіпті, үстеріндегі киіміне де қызыға қарайтынмын. Олар бүгін неге соншалық үнсіз әрі қатал көрінеді?

Бір кездері осы Таза тоғандарда анам мені арбаға отырғызып алып, қыдыртатын. Бір кездері осында алғаш тәй тұрып жүре бастағанмын. Әкем түрлі-түсті шарлар әкелетін. Бір кездері осы жерде балалармен бірге қызыл, шалбар киген цыганның жетегіндегі аюдың соңынан жүгіретінмін. Коньки тебетінмін. Қайық есетінмін. Мейрам сайын түрлі түсті ысқырғыш, қанттан жасап таяқшаның басына жапсырған тауық кәмпит алатынмын. Тегі менен аз-маз үлкендеу мынау қыздар да осы жолдармен жүгіріп жүргенде, Таза тоғандар бір кезде қорғаныс шебі болады деп ойламаған болар. Біз, оқушылар, тіпті, бульвардың бойымен противогаз киіп, осовиахим маршына қатысқанда да ойымызға ештеңе келген емес. Пионерлер үйінен келе жатып осы жерлермен Наташа екеуміз қанша жүрдік. Күні кеше сияқты. Өзінің армандары туралы да ол маған осы жерде айтты. Оның армандарына қызығатынмын. Мына біз қазып жатқан окоптар, қалаға сұғынып ентелеген немістер, зениттер мен аэростат шынымен көңіл аударарлық нәрселер болғаны ма.

Москваға төнген қауіп ешқашан – кеше, оның арғы күні, тіпті, біздің үйдің шатырында, оттықтар жарқылдап, бомба жарылысы естілген түнде де – дәл бүгінгідей сезілген жоқ еді.

Күтпеген жерден келген қауіптің маңыздылығы сонша, жұрт ол жайлы, тіпті, бір нәрсе жайлы, сөз етуді қойды.

Біз үнсіз, қанымызды ішімізге тартып, жұмыс істеудеміз. Бір бірімізді солай да түсініп жатырмыз. Москваның іргесінде не болып жатқанын бүгін, ертең, бір аптадан кейін қаламыздың тағдыры не боларын біздің арамызда біреулер біле ме екен? Білмейтін шығар. Біздің арамызда қолбасшылар да, әскери операциялардың тағдырын шешер стратегтер де жоқ. Біздің білетініміз: қатерлі жай болмауы тиіс.

– Басқалар секілді қаладан кетіп қалмай, ақымақтық істеген болармыз?

Соңғы күндері мамам осыны қайталай береді.

– Сандырақ, – дейді әкем. – Оның үстіне мен қандай жағдай болса да, кете алмаймын.

Әкем екі жұмадан бері казарма жағдайында, үйге келуі тым сирек. Мен көбіне анаммен сөзге келіп қаламын, Москваға ештеңе де төніп тұрған жоқ деп үсті-үстіне дәлелдеймін. Ол келіседі. Өзі де сенгісі келеді.

Ал қазір ше? Шынымен ол дұрыс айтып отыр ма? Жоқ, мүмкін емес! Бәрібір мен ешқайда кете алмаған болар едім. Наташа да Москвада ғой. Жалпы, одан да басқа қанша адам жүр. Москвада, содан соң бұл – Москва, тіпті, қазіргі менің Таза тоғандарға окоп қазып тұрғанымның өзі маңызды. Әсіресе бүгін маңызды және жанымдағы, сосын басқа көше, бульвардағы окоп қазып тұрғандар секілді, мен де мұны түсінуім керек.

Біз жұмыстың қызуымен қарсы үйдің маңдайындағы, бульвардағы репродуктордың қырылдағанын байқамаппыз. Диктордың үні шыққанда ғана, күректі лақтырып тастап, бір-бірімізге қарап:

– Тыныш, тыныш! – дестік. Бірақ ештеңе де ести алмадық.

Біз жер қазуға бұрынғыдан да батылырақ кірістік. Қол мен күрек қана тоқтаусыз қимылдауда.

Жаңбыр басылды. Ауадан түтіннің бе – бірдеңенің күйген иісі шығады. Есік алдарында қағаз, документтерді өртеп жатыр.

– Сен мұнда не болғанын білмейсің ғой! – деп үйге келгенімде Боря Скворцов бас салды.

– Иә, не болды?

Боря мені оңаша шығарып сыбырлады.

– Білесің бе, сенің Эмилия Генриховнаң үйдің Tipкey кітаптарын ұрлап әкеткісі келді!

– Қалай? Неге?

– Қайдам неге екенін! Шамасы, немістерді күтіп жүрген шығар. Содан кейін жұрттың бәрін көрсетейін дейді ғой. Тек онысы болмай қалды! Ұстап алды да, алып кетті оны. Ал, немістер листовка тастап жатыр! Самолеттен. Көрдің бе, не болып жатқанын.

Эмилия Генриховна – бесінші пәтердегі момақан әйел, кенеттен тіркеу кітаптарын ұрлаған. Эмилия Генриховна мені неміс тіліне оқытқан. Анам еді қоймаған. Қосымша сабақтар деп аталады. Ал анам Эмилия Генриховнаны мұғалім әрі жаны жайсаң адам деп жер-көкке сыйғызбайтын. Эмилия Генриховна екеуміз неміс тілінің жалғау, жұрнақ, жіктелуін жаттаймыз, тіпті, балшық солдаттар туралы әнін де қосылып айтатынбыз. Міне, енді – кітаптар, үйлерді тіркеу кітаптары! Жұрттың бәрін, яғни әкемді, анамды, мүмкін мені де неміске ұстап беру үшін шығар? Жексұрын! Біздің үйдің іші тас-талқан. Анам заттарды салып жатыр.

– Не болды?

– Жинал тезірек. Біз кетеміз!

Анам бір түрлі сасып жүрген секілді.

– Қалай кетеміз? Қайда?

– Ештеңе білмеймін! Білмеймін! – деп анам диванға отыра кетті де, жылап жіберді. – Папаң телефон соқты, жиналыңдар деді. Машина жібереді...

Бір сағаттан кейін біз ең қажетті нәрселерді жинақтап болғанда, машина келді. Таныс, жасыл «Эмка». Номерін де баяғыда жаттап алғам МБ 24-10. Бәрі екі чемоданға сыйып кетті, бұрын болмаған жағдай. Әдетте анам жақын жерге барғанда да ыбырсытып затты көп алып жүретін.

– Алексей Александрович затты тиеп, менің хабарымды күтіңдер деген, – деді шофер.

Есік алдында адам жоқ. Мен чемодандарды машинаға салдым.

– Енді не бар? – деді апам.

Ойыма сап ете түсті. Жоғарыға шықтым да өлең жазған дәптерімді және Николай Степановичтің өлең дәптерін алдым. Ол маржандай тізілген жазуымен өзінің өлеңдерін маған көшіріп қойыпты.

Содан соң кітап алдым – Гайдардың мен үшін аса қымбат «Мектебі». «Мектепті» осыдан бір жыл бұрын маған Наташа сыйлап еді және оған Аркадий Петрович қол қойған. Пионерлер үйінде «Барабаншының тағдырын» оқып берген күні.

Біздің үй қаңырап қалды, тұрғындардың бәрі эвакуацияға кетті.

– Дұрыс, кеткендерің дұрыс, – деді Николай Степанович. – Кел, сені бір құшақтайын, достым.

Екеуміз құшақтастық.

– Мүмкін, ешқайда кетпеспіз. Папам күтіңдер депті...

– Әлдеқалай болады деп айтқан ғой, достым...

Қартайған, әрі жапа-жалғыз қалғалы тұрған Николай Степановичтің көзіне тура қарай алмадым. Оны қалай тастап кетеміз?

– Егер біз кететін болсақ, сіз де бізбен жүресіз, – дедім мен. – Қане, Сіздің заттарыңызды жинақтайық. Мама, біз Николай Степановичті бірге алып кетеміз, әйтпесе мен...

– Жинал тезірек... Аламыз... Әрине, Николай Степанович!

Николай Степанович бас тартып еді, мен шкафтың үстінен алып, чемоданын машинаға салғанымда, аудандық комитеттен комсомол билетімді әлі алмағаным есіме түсті. Қалай кетем? Ал, баспахананы не істеймін? Мен жұмыс жасап жүрмін ғой. Машинаға отырып алып, ата-анаммен үн-түнсіз тартып берем бе?

– Мам, мен аудандық комитетке, содан соң баспаханаға барып келейін, – дедім ұяттан өртеніп. Қалай есіме келмеген?

Мен оның ұрысқанына да қарамай, жүгіре жөнелдім. Аудандық комсомол комитетінде вокзалдағы секілді у-шу, аяқ басатын жер жоқ.

Бөлмелер мен кабинеттердің есіктері ашық, баспалдақ, дәлізде толған қыз бен жігіт. Бәрі ығы-жығы, телефонмен айқайласады, бір-біріне әлде нені дәлелдейді, түсіндіреді. Мұның бәрі дәл жүрердің алдындағы қапылыс емес екенін түсіне қойдым! Майданға, батальондарға кетіп жатыр, тапсырма, әлде бір документтер алуда. Винтовка, пистолеттер, граната мен жарылғыш шынылар, плакаттар мен брошюралар да осы жерде беріледі. Бұрыштардағы милиционерлерге дейін жоғалып, жым-жырт бола қалған Москва көшелерінен кейін аудандық комитеттегі мына шулы өмір мені көңілдендіріп тастады.

Мен бірнеше бөлмеде болдым, түсіндірдім – нәтиже жоқ.

– Сен керек болған кезде, өздері-ақ шақырады, – деді маған бір бөлмеде.

– Аудандық комитеттің бюросынсыз билет алмайсың, – деді енді бірінде.

– Кететін болсаң жүре бересіңдағы, – деді енді біреулері.

– Әй, шырағым, қолымызды байламашы, – деді төртінші бөлмедегілер.

Мен ең соңғы шешімге бел буып, «аудандық комитет хатшысы» деген жазуы бар бөлмеге кіруді ұйғардым.

Есік ашық екен. Қару-жарақты, қолдарында бір қағаздары бар адамдар кіріп-шығып жатыр.

Жолым бола кетті. Кабинетке кіргенімде, хатшы ақ халаты бар кіп-кішкентай бала жігітке билет тапсырып тұр екен. Бала жігіттің арқасында автомат, өзі хатшының алдында ерекше салтанатты маңызданып, қаздиып қалыпты, өзінің бойы менен сәл аласалау ма. Бет әлпеті шаршаңқы болғанмен, сұлу екен.

– Құттықтаймын, Женя! Әрқашан биіктен көрінгейсің!

– Рақмет, Геннадий Василич! – деді жігіт билетті алып жатып.

– Рақметің не! Шайтанға көрінсін деу керек! – Хатшы күлді. – Жақсы жер! Тек орынсыз қызбалық етпе!

– Рақмет, Геннадий Василич, – деп қайталайды жігіт. – Жарайды, айтқаныңызды орындаймын.

Жігіт есікке бұрыла бергенде, мен де столға ұмтылдым.

– Геннадий Василич, мен де билетімді...

– Қазір, қазір, кідіре тұр, – деді Геннадий Васильевич, – мына адамдарды жіберейін, содан соң сөйлесеміз.

Комсомол жасынан шығыңқырап кеткен жасамыс адам стол жанындағы мені итеріп тастап, хатшының алдына ұзын стволды ерекше үлкен револьверді қойды.

– Міне, Геннадий Василич, өткенде айтқаным.

– Вася ағай, мынау қай заманның дүниесі? Тіпті, жазуы бар ғой? Блюхерден? – деп хатшы таңдана қарады.

– Бұл дүние азамат соғысын басынан кешірген, – деп әлгі револьвердің иесі сәл өкпелеп қалды.

– Азамат соғысы өткелі қашан, Вася ағай, – Геннадий Васильевич қаруды мұқият қарап жатыр. – Горох патшаның кезінде осындай пушка болған.

– Біреуге баяғыда көрінгенмен, енді біреуге күні кеше секілді. Жастар, сендерге Горох патшаның кезі, ал бізге кеше ғана. Алыңыз, алыңыз, Геннадий Василич, өкінбейсіз. Бұзылмаған, оқ-дәрі салуы да оңай. Он тоғыз жыл көздің қарашығындай сақтап келдім.

– Алам, алам. Ренжи көрмеңіз, Вася ағай, – деп келісті хатшы.

Ол келіп-кетіп жатқандардан босамай қойды. Арасында телефонға жармасады, арасында сыртқа шығып кетеді.

– Оңбаған жексұрындарды ату керек! – деп жатты телефонмен. – Естіп тұрсың ба, табанда атып тастау керек! «Ата алмаймын» деген не? Ата алмасаң, әскери патрульге бер.

Мен терезеден оқта-текте жауынгерлер мен жарылғыштар салынған жәшіктерді тиеген, жеңіл пушкалар мен минометтер тіркеген әскери машиналар өтіп жатқан жым-жырт көшелерге қарап тұрмын.

Геннадий Васильевич мені ұмытып кеткен жоқ па? Хатшы столының жанында адамдар сиреген кезде, бір дем жұтып алып, тағы алға кидірмеледім:

– Сіз маған...

– Иә, иә... Қазір... – деді Геннадий Васильевич. – Айта бер. Жігіттер, кішкене кідіре тұрыңдар, әйтпесе, мына кісі бағанадан күтіп тұр. Иә, айта бер.

Мен аудандық комитетке неге келгенімді түсіндірдім.

– Неге асығасың? – деп сұрады Геннадий Васильевич. – Сен бір жаққа кетіп барасың ба?

Мен «иә» дегім келді де, кенет өзім де күтпеген жерден:

– Майданға кетіп барамын... – деп қалдым.

– Кімнің жолдамасымен? Біздің бе?

Тегі мен қызарып кетсем керек. Қазір менің өтірігім ашылып қалады. Не де болса, басқа жол жоқ:

– Жоқ, әкеммен кетемін...

Шайтан түртіп, «папаммен» деуге шақ қалдым!

– Жарайды, қазір қарайық! – деп Геннадий Васильевич есікке беттеді. – Маған Светованы шақырып жібере қойыңызшы?

Қыз келіп кірді. Хатшы оған менің іс қағаздарымды әкелуін тапсырды. Мен өзімді өзім ұстап бермеу үшін хатшы жаққа қарамауға тырысып тұрмын.

Әйтеуір, іс қағазым табылып, Геннадий Васильевич оқи бастады.

– Қайтеміз. Сіздің өтінішіңізді орындауға тура келеді, – деп ол кенет «Сізге» көшті. Содан соң байқауымша, маған тура қарады: «Демек, жиырма алтыншы болдың ғой?

– Не жиырма алтыншы?

– Туған жылыңды айтамын.

– Иә, жиырма алтыншы жылғымын, – деп сәл тұттығып жауап бердім.

– Лидажан, – деп ол қағаз әкелген қызға бұрылды. – Мына жолдастың документтерін толтырып, билетін қол қоюға әкеліңізші. Бүгін таңертеңгі бюроның протоколына қосарсыз.

Мен өтірік айтқаныма өкіндім: егер хатшыға майданға кеткелі жатырмын демесем, шынында да армияғa не партизандар отрядына сұрануыма болатын еді ғой. Міне, мен секілді, тіпті, бойлары менен аласа комсомолецтерді жіберіп жатыр. Ал мен билетті аламын да ең жігерсіз қорқақтай Москвадан тайып тұрады екенмін. Баспаханадағы қызықты да қажетті жұмысты тастай сала, қауіпсіз жаққа кетемін?

Бүгін менімен бірге Таза тоғандарда траншея қазған баспахана жұмысшылары қазір Москва көшелерінде қолдарына қару алып, немістердің шабуылын тойтарып жатыр. Олар Москваның әр метр жері мен әрбір үйі үшін жанталаса ұрыс жүргізіп жатқанда, мен ма-мам, папаммен тып-тыныш тылға тартып отырмақпын. Комсомолец айтатыны жоқ!

Жоқ, мен жұмыстан кетпеймін. Біреу күшпен зорласа да, ешқайда бармаймын. Болмай бара жатса, жұмыстан жібермейді дермін. Шынында да жүмыстан жібермеуі мүмкін. Біздің ротация цехында ылғи әйелдер мен қариялар ғана қалды. Ендігі жерде әр адам қымбат болатын түрі бар.

Мені әуелі карточка дұрыс толтырылды ма деп тексеру үшін, содан соң Геннадий Васильевичке шақырды.

– Ал енді билетіңді қабылда. Қүттықтаймын, – деді райком хатшысы – Тоқта, тоқта! Сөйлесуіміз керек. Бұл жерде тыным бермейді. Басқа бір жерге барайық. Тыныштау жер іздейік.

Түкке түсінбеген күйімде Геннадий Васильевичтің соңынан ере бердім. Біреу артымыздан жүгіріп келіп, хатшыдан бірдеңе сұрады, өзі оның кеудешесін тартып қояды.

– Шыдасаңдаршы, ағайындар. Қазір келемін, – деп уәде берді Геннадий Васильевич.

Екеуміз әр бөлменің есігін ашып, оңашалық іздеп едік – бәрінде толы адам.

«Ерлер үшін» деген жазуы бар есіктен өте беріп, Геннадий Васильевич әзілдеп қойды:

– Осында кірсек пе екен! Айтпақшы, кідіре тұршы, тіпті, осыған кіруге де мұрша жоқ.

Ақыры транспаранттар үйілген шағын бос бөлме таптық-ау.

– Шаруашылық меңгерушісінің патшалығы ғой, – деді Геннадий Васильевич. – Айтқандай-ақ, осы көрнекті үгіт құралдарының арасында бір адам отыратын еді, оңбаған болып шықты. Сондайлар да болады. Түсінесің бе? Ал, отыр.