Fariza Ongarsynova. Otkendi kaitalau

Мен басымды изеп, мыжырайған былғары креслоға отырдым.

– Жоқ, түсінбейсің! – деді ол шынымен. – Жарайды, енді басқа әңгімеге көшейік. Неге өтірік айттың? Өтірік айттың ғой? Көзіңнен байқап қалдым.

– Қалайша? – деп ақталған болдым.

– Бұлтақтама! Уақыт жоқ! Майдан жайлы өтірік айттың. Папаммен дедің, содан соң әкеммен дедің. Өтірік қой? Тек шын болсын, комсомолдық сөзің...

Мен не дейін? Үндемедім.

– Баспаханада жұмыс жасайсың ғой?

– Иә.

– Ендеше, – Геннадий Васильевич орнынан тұрды. – Біз саған билет бердік. Менің ойымша, дұрыс істедік. Егер дәл бүгін келмегенде, біз бермеген болар едік. Өзің Москвалықсың ба? Осында тудың ғой?

– Ылғи да Москвада болдым, әке-шешем де...

– Москвалық болсаң, – деді Геннадий Васильевич, – қырық бірінші жылдың он алтыншы қазанын өмір бойы ұмытпа. Ал, өтірік айтудың қажеті жоқ. Келістік қой?

Мен жүгіріп үйге келсем, анам мен Николай Степанович чемодандарды машинадан түсіріп жатыр екен.

– Қайда жоғалып кеттің? Қане, көмектес! – деп анам дүрсе қоя берді.

– Қалай? – деп мен түсінбей қалдым. – Кетпейтін болдық па?

– Иә, кетпейміз. Папаң әлгіде ғана телефон соқты, жүкті түсіре беріңдер, қазір келем деді.

Қуанғаннан екі чемоданды бірдей көтере жөнелдім – өзіміздікі және Николай Степановичтікі.

– Мұның не сенің?! – деп айқайлады анам. – Күшке түседі ғой.

– Ештеңе емес, өзім көтеремін! Мен комсомол билетімді алдым!

– Көрдің бе, бәрі оңға бастағанын! – деді Николай Степанович.

Анам мені құттықтап, содан соң баспалдаққа көтеріле бергенде:

– Айтпақшы, саған Наташа деді ме бір қыз телефон соқты, – деді. -Сәлем айтты. Майданға бара жатыр. Кім ол? Менің есімде жоқ.

– Наташа? Майданға? – Мен қос чемоданды есік алдына қоя салдым.

– Қашан?

– Уақытын айтқан жоқ. Ол кім?

– Жәй, таныс қой.

Басқа не дейін? Мен ол туралы айтқан емеспін.

Наташаның үйінде телефон жоқ болатын. Мен Пятницкаяға жетуге ұйғардым. Мүмкін үлгерермін. Жұмысына хабарласу мағынасыз – алты болып қалды.

Заттарды кіргізіп, машинаны жібергесін.

– Менің бір шаруам бар еді барып келетін. Бір сағатқа, – дедім.

Трамвай да, метро да жұмыс істемейтіні есіме сонда түсті, яғни, жаяу баруға тура келеді. Ал көпірден қалай өтем? Көпірден өткізбейді деген.

– Өзің біл, – деді анам. – Тек кідірме. Папаң қазір келеді. Ең болмаса бүгін бірге болсайшы. Мүмкін ол аз ғана кідірер.

Мен радионы бұрадым.

– Әлі жұмыс істемей ме? Анам басын шайқады.

– Сол сәтте, мен бөлмеден шығып үлгермей-ақ, музыка ойнады.

Бұл жақсы! Яғни, ең қауіпті сәт өткені.

– Хабар онша жақсы емес, – деді анам.

– Бәрібір Москва ешқашан берілмейді.

– Айтқаның келсін...

Көшеге шықтым. Радио даңғырлап Москваны жаңғыртып тұр. Күні бойы тоқтап қалған трамвайлар да жылжи бастапты. Метролардың есіктері де ашылып жатыр. Москва өзенінің көпірлерінде қарауыл тұрғанмен, транспорт та, жаяулар да өтуде. Светофор сәулелері де жаныпты. Олардың маңында милиционер көрінеді. Жаяулар көше тәртібімен қозғалуда. Күндіз кез-келген жерден өтіп жатқан еді. Көше тәртібінің қайнаған жері -Дзержинский алаңында да бағана солай болатын.

Мен трамвайға қыстырылып, әрең іліндім.

Не болғанын болжай қою қиын еді, бірақ әйтеуір бір өзгеріс барын сезіп келемін.

Тек Наташа ғана ойландырады. Ол шынымен майданға кетіп, мен кездестіре алмаймын ба?

Наташаның терезесі барлық үйлердікі секілді жабулы екен.

– Олар үйде жоқ, – деді есік ашқан көрші әйел. – Ксения Павловна қызын шығарып салуға кетті.

– Қайда кетті?

– Ол жағын білмеймін. Заттарын жинастырды да, кетті.

Аудандық комсомол комитетінде айтқан өтірігім шындыққа айналады деп кім ойлаған. Мүмкін ол өтірік емес, болар істі алдын ала сезінгенім шығар?

Қазір Геннадий Васильевичті тым болмаса бір минутқа көргім келіп кетті.

«Мен шынында да әкеммен майданға бара жатырмын, – деген болар едім. – Мен өтірік айтқаным жоқ. «Міне!»

Алайда, бір минут уақыт жоқ еді. Тіпті, аудандық комитетке телефон соғуға да мүмкіндік жоқ.

Ал майданға бара жатқаным рас! Рас, рас! Менің бұған қанша күшім кетті дейсің!

– Әкем бірге әкетемін деп тұр ғой! – Мен папамды әдейі әкем дедім. Солай десем айбаттылау көрінетін тәрізді.

– Шынында да, Лена, – деп қостады әкем. – Ойыншық емес. Неміс деген Москваның түбінде. Бұл жағдай басқалар секілді, бізді де неге ойландырмасқа? Және бұл кішкентай емес қой. Азамат соғысы басталғанда мен неше жаста едім. Есіңде ме?

– Ылғи да, – «мен», «мен».

– Мен өзім туралы емес, ол туралы айтып тұрмын. Үп-үлкен Комсомол билетін алыпты.

Анам жылап-еңіреді, жалынды, тағы жылады, содан соң маған айқайлады – мен сонда да берілмедім! Оған жаным ашығанмен, тістеніп отырып алдым да, дегенімді істедім. Мүмкін, тіпті, мен оны үгіттеген шығармын. Маған солай көрінді.

Енді ол бізді жылап-сықтамай, қиын сәтте майданға аттандыру салтымен шығарып салды.

– Ештеңе емес, бір жөні болар, – деп сыбырлады әкем маған, анам ас бөлмеге шығып кеткенде.

Барлық ер балалар секілді мен анамнан гөрі әкеме жақындау едім. Мен әкемді соғысқа дейін де, қазіргі соғыс кезінде де сирек көретінмін, бірақ біз үлкен істе де, кішкене істе де тіл таба кететінбіз. Әсіресе, әкем анама да айтпайтын кейбір сырларын маған айтатынына, сенетініне мақтанатынмын.

Ертеңіне жиналатын жерде бізге осовиахимнің оқулық ескі винтовкалары мен противогаздарын үлестіріп жатқанда мен әкемнен сұрадым:

– Он алтысында не болды? Көпірлердің бәріне мина салғаны несі және сен үйдегі жүкті машинаға неге тиеңдер дедің? Біз шынында да кетуге тиіс пе едік?

Әкем көп сөзділігімен көзге түспейтін адам еді. Ол өзінің отыз жеті жасынан ересектеу көрінетін, оның үстіне әжімді жүзі мен шашы сиреп тақырлана бастаған басы, анамның айтуынша, ылғи жұмыстан қатып жүреді. Шашының түсе бастауы бұған ғашық әйелдердің көптігінен емес, күнінен бұрын қартайып жүргені – жұмыс бастылығынан деп анам әкеме әзілдейтін (мүмкін, шынында солай шығар?) Мұндайда әкем үндемейтін.

– Яғни, солай болуы керек болғаны, – деді әкем.

– Ал сен ше?

– Жақсы, өзіңді мылжыңдауға ертіп шықпасам да айтайын. Мұны ескер! Егер немістер Москваға кірсе, мен қойманы өртеген болар едім. Міне, қандай шаруа.

Әкем мені халық комиссариаттарының немесе, жұрт айтатындай партия-шаруашылық активінің Москвада қалған қызметкерлерінен құрылған ерекше батальонына өзімен бірге ертіп алды. Ыңғай бермеген үлкен бас-тықтардың алдында қорғады. Тіпті, маған бір жасты қосып айтты.

– Мен ол үшін толық жауап берем. Жігіт, кішкентай емес.

Өткен кездерде әкем көп жыл бойы запастағы комсоставтың мүшесі ретінде әр жаз бойы әзірліктен өтетін, сондықтан да оны бірден штаб бастығының көмекшісі етіп тағайындады.

Бізге арнаулы киім берген жоқ. Кім қалай келсе, сапқа солай тұра берді. Көбі жылы кеудеше, мақталы шалбар киіп, белбеумен буынып алған, құлақшын бөрік пен керзі етік киген. Жауынгерлердің жас шамалары да әр түрлі. Егер мені және бірнеше баланы қоссақ, он алты-он жетіден бастап (мен он алтыдамын деп, тіпті, өзімді де сендіріп қойғам) елулермен аяқталады.

Біз таңертеңгі тоғыздан кете Ленинград тас жолымен жаяу жүрдік. Мен Ленинград тас жолын соғысқа дейінгі балалық жылдардан – ипподром мен «Динамо» стадионы, су станциясы мен Химинск өзен вокзалы, авиация мейрамы күндеріндегі Тушинск аэродромы мен Москваның тымырсық жазғы күндерінде талай барып суға түскен «Щукино деревнясының жанындағы канал арқылы білемін.

Мүмкін сондықтан болар, осындай соншалық таныс жолмен майданға бара жатқанымызға, оның үстіне бұл майдан жақын болғандықтан жаяу бара жатқанымызға бір түрлі сенгің келмейді.

– Қалай, тірісің бе? – Әкем колоннаның бас жағынан қалып, маған келді.

– Тірімін. Немене?

– Білесің бе, қандай нәрсе? Мен бұл жолмен бірінші рет келе жатқаным жоқ, – деді ол. – Сендерде мектепте қалай еді әлгі, өткенді қайталау деуші ме едіңдер?

– Мен де көп қайталағам...

– Ол туралы айтып тұрғаным жоқ, – деп әкем сөзімді аяқтатпады. – Он жетінші жылы революция күндерінде әкемді шығарып салдым. Он тоғызыншы жылы, азамат соғысында өзім. Енді, міне...

Әке! Қызық, мен оны бұрын мақтан етіп көргенім жоқ. Керісінше, менің әкем тым қарапайым секілді көрінетін. Ол жұмысқа барады, ылғи қолы тимей, түсініксіз шаруашылық жұмыстарымен айналысып жүреді, кейде кейіп, көбіне үндемейтін.

Енді, міне, қазір әкем біздің колоннамен қатарласып келе жатыр, оның сөзіне, бұйырығына бәрі құлақ түреді. Бір кезде әп-әдемі өлең жазған, бірақ, шамасы, ол өлеңдерін анамнан өзге ешкім оқымаған менің әкем, Азамат соғысына (Геннадий Васильевич секілді, маған да азамат соғысы деген алыс бір дүние секілді, мүмкін – анадағы аудандық комитетте болған әңгіме есімде – револьвер иесінікі дұрыс шығар?) қатысқан менің әкем Шатурадан әрі Москвадан шығып көрмеген, үйде сирек болатын, бұрын мен оқта-текте бір көретін әкем. Жазда менің жанымда болу үшін емес, ұйқысын қандыру үшін – оның ылғи да ұйқысы қанбайтын – демалысқа шығатын әкем.

Қазір маған ол соншалық қимас қымбат көрініп кетті.

Біздің қаруымыз онша жалт-жұлт етпейді, тіпті, оғымыз да жоқтың қасы. Командирлер жағы әлдебір жаңа пистолеттер алды да, бізге бергені оқталмаған винтовка. Оқты барған жерде береміз десті.

Оның есесіне біздің батальонның алдыңғы жағында басында алтындаған үшкір жезі, «Ауыр өнеркәсіп халық комиссариаты қызметкерлерінің социалистік жарыстағы жеңімпаздарына» деген жазуы бар қызыл ту желбіреп барады.

Ленинград тас жолының бойы, күзгі сарғая бастаған ағаштар арасындағы көгал алаңдары, солдаттардың көпшілігі тамақ пісіретін орындары бықсыған окоптар мен зенит батареяларына толы.

Біз майданға келе жатырмыз. Бізбен қатарласып, қабырғалары көгілдір ақ табличкаға маршруттары жазылған, соғысқа дейінгі троллейбустар келе жатыр. Ленинград тас жолы – қорғаныс шебі, троллейбустар және майданға бара жатқан біздер – осының бәрі бір түрлі қабыспайтын тәрізді.

Біздің жанымыздан біз секілді жартылай азаматтық киім кигендер емес, нағыз қызыл әскерлер және қару-жарақ тиелген әскери машиналар өтіп барады. Біз оларға қызыға қарадық. Сонда да, майданға бет алған осынау үлкен қозғалыста өзіміздің жалғыз еместігімізге қуандық.

Бұдан бірнеше күн бұрын, он үшінші қазанда, «Қазіргі жағдай туралы» мәселе қараған Москваның партия активі болып өткені туралы әкемнен естігем. Қазір Ленинград тас жолының бойымен майданға ағылып бара жатқанның бәрі, солай қарай жаяу келе жатқан мына біз де – сол актив шешімінің орындалуы болар. Мұның бәрі үлкен күш қой.

Біз майдан хабарларын күніне үш рет тыңдайтынбыз. Мүмкін, олар бізді қуантпаған да болар, шынында да жақсылығы аз болатын. Қатал да ауыр хабарлар. Алайда он алтыншы қазаннан кейін, бұған дейінгіге қарағанда, ол хабарлар басқаша қабылданатын болды. Москва маңында елеулі өзгеріс болмаса да, өткен жолғы қорқыныш енді артта еді.

Мүмкін менің жанымдағы жорық сапында келе жатқан, менен сегіз, он, он бес, тіпті, жиырма бес жасқа дейін үлкендері де бар интеллигенттік мамандық иелерінің көңілдері көтеріңкі болуы сондықтан да болар. Троллейбустар бос келе жатқанда, біз жаяу шұбырамыз, қаруымыз Александр Невский кезіндегіден де қарапайым, бұдан да қылыш, найзамен қаруланған артық еді деп солдаттар әзілдесіп қояды.

– Бәрі де болады, – деп әкем маған ғана емес, біздің батальонның барлық жауынгерлеріне айтып келеді.

– Бәрі болғанда біз болмаймыз, – деп әзілдейді, маған шал көрінетін, халық комиссариатының жоспарлау қызметкері, бүкіл жол бойы гитлерді және біреуді барынша сыбап келе жатқан менің көршім. – Наполеон болғысы келеді! – деп оқтаусыз винтовкасын иығына көтеріп қояды. – Тек академик Тарле ол туралы еш уақытта жазбайды! Москваны алмақшы! Тапқан екен!

Бірақ кешікпей ол да бәсеңдеді.

«Қыран» метросынан өте бере біз ойлағандай оңға емес, Волоколам тас жолмен солға бұрылдық. Тағы да ұзақ, бір жарым сағаттан астам, канал мен Тушинск аэродромына шыққанша жүрдік.

Қаладан әлдеқашан шықтық. Деревнялар мен егін алқаптарынан өтіп, тас жолымен кетіп барамыз. Бір жақтардан жарылыстар естіледі, төбемізге тие жаздап самолеттер өтеді, қар аралас жаңбыр сіркірейді.

Шағын орманның бірінен өте бергенде командирлердің бірі:

– Жатыңдар! Танкілер! – деп команда берді. Танкілер жақын келгенде, қызыл жұлдызбен орысша жазуларды айыру қиынға түспеді. Танкілер алқапты басып өтіп, орманға қарай зулап барады. Өз күшімізді көріп қуанған біз балшықтан тез-тез атылып шықтық.

Танкілер колоннасы орманға өтіп кетті де, біз олардың соңынан жаңбыр жуған жолмен келе жатырмыз. Сол жерде алғашқы кідіріс кезінде, жұрттың көбінің солдат өмірінің не екенін біле бермейтіндігі анықталды. Әрине, барлық уақытта асфальтты жолмен жүре береміз деп ойлау ақымақтық болуы мүмкін, алайда жиегіне шыққанның өзінде:

– Саңырауқұлақ теруге адамша шығатын едім, көшеге киетін жалғыз бәтеңкемді бүлдіргенімді қарашы!

– Иә, аяқ киіміміз мұндай жолға жарамсыз екен.

– Шайтан алғыр, аяғымды қысып барады.

– Бәтеңкеге келгенде, қателік жасаған екенбіз, – деп біреулер күңкілдеп қояды.

Қаттырақ айтып жатқандары да бар. Жолдағы мазасыздық пен балшықта үндемеген біреуі бір мезгілде кімге екені белгісіз:

– Соғысқа дейін сынды да, сыйлықты да, қонаққа шақыруды да қабылдаймыз деуші едік! – Кенет өзіне өзі таңданып: – Қызық, соғысқа дейін, – дегені.

Әркім өз ойымен өзі еді.

Орман алаңқайындағы бағанда «Аң аулауға пропуск бойынша рұқсат етіледі» – деген хабарлама тұр. Жанында снаряд қиратып кеткен қақпа жатыр. Шамасы аң шаруашылығына кіретін қақпа болса керек. «Шылым шектің бе, сөндіріп таста! Орманды өрттен қорға! Орман біздің бай...» деген жазуы бар, оқ тесіп быт-шыт болған тақтайша жатыр. Төменгі жағы жұлынып кетіпті.

Бізге граната, патрондар берген екінші кідірістен кейін де жолсызбен бірнеше сағат жүрдік. Менің байқауымша, жиырма шақырымдай жүрген сияқтымыз.

– Сегіз, – деді әкем, – асырып сөйлеме.

Орман мен жер жақын маңдағы жарылыстардан дірілдеп кететіндей. Жарқ-жұрқ еткен ұшқындар. Атыс жақын жерде болғанмен, бізге дыбысы ғана жетіп тұр. Іңір қараңғылығы түсіп келеді.

Арамыздағы шинелі мен әскери дүкеннен жаңа алынғандай қара жиек жүргізген фуражкасы бар батальон командирі команда берді:

– Шылым шегуге бес минут беремін! Кейін уақыт болмайды.

– Бес минут! Кейін уақыт болмайды. Шылымды жең ішіне тығып тартыңдар! – деген сыбыр взводта қайталанып жатты. Шылым шегетіндер еппен түтіндете бастады. Папиросын жеңіне жасырып әкем келді:

– Ішің пысып отыр ма?

Бірдеңе есіне түскендей қалтасын қарап, маған бір сәбіз ұсынды:

– Шайнай отыр. Анаң айтқан, витамині көп деп, құлағыңды орап ал. Салқын.

Күлкім келді. Анам әкеме сәбіз салыпты да, қолғап беруді ұмытып кеткен. Әкеме қолғабымды ұсындым.

– Сен ал. Әкем алмады:

– Мен шылым шегемін. Маған салқын емес. Жарты сағат өткенде біз талқаны шығып бос қалған деревняға жеттік. Бізді қызыл әскерлер қарсы алды. Таң қалғанымыз, олар, тіпті де, қуанған жоқ:

– Кимелеп қайда барасыңдар? Жатыңдар! Не болып жатқанын көрмейсіңдер ме?!

Болып жатқан ештеңе жоқ. Деревняның арғы жағында атыс жүріп жатыр.

Мен әкемді жоғалтып алдым. Оны ғана емес, барлық командирлер көрінбей кетті. Қалай болса солай жата қалыстық.

Атыс күшейе бастады.

Біреу окоп қазыңдар деп айқайлады, бірақ бүкіл батальонда бір де бір күрек жоқ. Біз шұңқырлар мен жыраларға ыңғайлырақ орналасып, винтовканы дайын ұстап жаттық. Қызыл әскерлер біздің алдымызда жатыр. Тегі, біздегі жауынгерлік тәртіп тәртіпке ұқсамаса керек, бірақ басқа амал жоқ. Снаряд, миналар айнала жарылып жатыр, әсіресе, қызыл әскерлер жатқан окоп айналасында жарылыс күшті.

Жиілей бастаған қалың қар жапалақтары лас жерге түсе еріп жатыр. Жерге ертегідегідей жайлап әдемі түседі. Тек оттары жылтылдаған шырша мен Аяз Ата ғана жоқ. Жарылыс оттары, батпаққа бұғып жатқан біз, содан соң алдымызда жатқан қызыл әскерлер ғана бар.

Ақыры от саябырлады. Мен әкемді, құлағын уқалаған батальон командирін, жандарындағы тағы да біздің екі командирді көрдім. Олар бейіттің жанындағы сарай түбінде әскери киімді біреумен, тегі деревняны қорғап тұрған бөлімнің командирі болу керек – сөйлесіп тұр. Байқауымша, олардың әңгімесі біз туралы. Бірнеше минуттан кейін біз еңбектеп сәл жылжыдық та, қызыл әскерлермен қатар, солардың окоптарына жайғастық.

Мен әлі бір де неміс көргенім жоқ, бірақ олар жақын жерде, деревня сыртында екенін сезіндім. Менің көршім, жас қызыл әскер, өздерінің кеше таңертеңнен осы жерде қорғаныста тұрғанын айтып және енді немістер өте алмайды деп сендірді.

– Оңбағандар, қатты атады! Әйтпесе, біздің күшіміз басым! – деп қойды. Содан соң: – Жауда қалғансыңдар ма?

– Жоқ, неге! – деп қарсыластым. – Біз ерекше батальонбыз.

– Ә-ә, ерекше!.. – деп түсінгендей жауап берді. – Дұрыс, дұрыс!

Біз әзірше жау оғының барлық күшін сезінгеніміз жоқ, қорғанған жеріміз шынында да жайлы еді. Деревня төменде, бізге жақсы көрініп тұр. Біз бейіт маңында, биікте тұрмыз ғой, ол жерде ілгері өтем деген кез келген немісті тоқтату түк емес. Тек күн кешкірмей тұра тұрса ғой. Қараңғы түссе не боларын елестете алмай-ақ қойдым.

Немістер көрінбейді. Артиллериялары да үнсіз. Менің көршім су мен балшыққа жабысып қалмас үшін аяғын кезек-кезек қозғап қояды. Окопта лас қана емес, саз балшық. Мен әбден су болдым. Алайда қозғалуға бата алмадым. Бата алмаған себебім, қызыл әскер көршімнің алдында ыңғайсыздандым. Ол өте сақ қой. Бірақ мен қателесіппін. Көршім, тіпті, басқа жай туралы ойлаған екен.

– Мен осындай тыныш тұрғанда көз іліндіріп алайыншы, – деп етігін сарт еткізіп маған бұрылды. – Ал сен қарап жат. Бірдеңе болса... Әйтпесе, үшінші түн ұйқы жоқ.

– Әрине, әрине! – деп қуанып кеттім. Қызыл әскер бір түрлі еппен тізерлеп отырды да, көзін жұмды.

Мен қолымда винтовка, окоптың шетінде, деревняның қисайған қорғанды, жартылай қираған, кейбіреулерінің төбелерін шөппен жапқан, кейбіреуі темірмен жабылған қыраулы үйлері бар ирелеңдеген көшесіне қарап қақшиып тұрмын. Деревняның аты деревня.

Ярослав, Иванов, Тверь, Москва облыстарында мұндай деревнялардың қаншасын көрдім мен. Соның бәрі белгісіз бір ортақ қасиетімен бірін бірі еске түсіреді және мен олардың бәрін бірдей сүйемін. Оларды қоршаған даланың кеңдігін, ормандарын, үлкенді-кішілі өзендерін сүйемін. Ең бастысы, ондағы бұрын мені құшағына алатын еркіндікті сүйемін. Мұнда қалада істей алмайтынымның бәріне рұқсат етіледі: есімнен танғанша шомыламын, балалармен түнгі алау жанында отырамын, орманның жан бармайтын қою ортасына дейін кетем, атқа шабамын, қырманда жүремін, бөтен бақшалардан алма тасимын.

Міне, қазір сондай деревняда тұрмын. Бірақ уақыт басқа. Жанымызда немістер. Тіпті түбімізде деседі.

Бұрын мен мектеп бойынша және аудандық жарыстарда ағаш гранаталарды соншалық қызығып лақтырушы едім. Противогаз киіп те көргем. Ал қазір қызығу да, тіпті, мақтаныш сезім де жоқ, тек күмән мен мазасыздық. Шынымен кеудешемнің қалтасында жатқан гранаталар жарыла ма екен? Егер мен лақтырғанша жарылып кетсе ше? Винтовка ше? Ол жарыстардағы секілді оқтаулы ғой, бірақ кіші калибр емес. Егер қажет бола қалса, атылар ма екен? Кенет атылмай қалса?

Мүмкін мен қорқып тұрған шығармын. Жоқ, жоқ. Жұрттың бәрінде осындай винтовка, осындай граната мен патрондар. Бәрінде! Олар мен секілді ойлап тұрмаған болар.

– Тосыннан бір түрлі шығар? – деді көршім кенеттен.

– Оянып та қалдыңыз ба?

– Ұйықтап кетіппін! Жақсы! – деп жауап берді. – Тосыннан бір түрлі ме деймін?

Мен бәрін түсініп тұрмын, бірақ сыр бермеймін.

– Немене бір түрлі? Түсінбеген сыңай танытамын.

– Жәй, – деп рақаттана есінеп қойып сыбырлайды. – Жаурадың ғой, сезіп тұрмын. Қалтырап кеттің.

Шынында да қалтырап тұрған болармын. Салқын. Аяғым су-су, тісім тісіме тимей сақылдап тұрмын.

– Тоңып тұрғаным жоқ, қайдағыны айтасыз, – дедім. Сенімдірек болу үшін винтовкамды көлденең тастап, мақталы шалбарымды көтеріп қоям. Окопта тұрып, қалтамдағы гранатаны алып, салмақтап көрем, содан соң қайтадан қалтама салам. – Сіз көптен майдандасыз ба?

– Алғашқы күннен, – деп жауап береді көршім. Маған қарайды да, сәлден соң кімге айтып тұрғаны белгісіз – Шылым шеккім келіп тұр... міне, қырсық, – дейді.

Шылым шегетіндерді түсінген емеспін. Содан қандай ләззат алады? Рас, әкем өмір бойы шылым шегіп, анам айтқандай, бәрімізді түтін сасытып болды.

Анам бір күні поликлиникаға барса, дәрігер оған: «Сізге шылым шегуге болмайды», – депті. «Мен шылым шекпеймін, мұныңыз не, доктор!» – дейді анам. «Темекінің исі аңқып тұр», – деп дәрігер сенбей қарайды, «Күйеуім тартады», деп анам әрең сендіріпті.

Енді мына қызыл әскер көршімнің жанында мен де әкем секілді көрінуім керек.

– Мен де шылымға зауқым кетіп... – деп келісемін де: – Сіз қандай папирос тартасыз? – деймін.

Папирос маркаларын, оның ішінде әкемнің «Беломорын» жақсы білемін. Көршім сұрағыма түсінбей таңдана күңкілдеп қояды.

– Қайдағы папирос?! Қара темекі болса да мейлі ғой.

Мына адамға бір жақсылық істегім келеді.

– Мен қазір алып келемін, – деймін. – Кідіре тұрыңыз.

– Қой, әрі! Есің дұрыс па! – Окоптан қарғи бергенімде, көршім аяғыма жармасты. – Жай айтқаным ғой...

– Мен әкемнен «Беломор» алатын едім...

– Әкеңмен жүрсің бе?

– Иә.

– Кейін, кейін аларсың. Қазір қажеті жоқ. Шыдаймын.

Айнала, майдан маңы дейтін емес, тып-тыныш. Бір жерде әтеш айқайлайды, қар ұшқындайды, сиыр мөңірейді, дызылдаған тауықтың үні естіледі. Сидиған ағаштардың басында жас қарғалар ұшып-қонып жүр. Жан баласы көрінбейді, бірақ олар жақын жерде, деревняда. Біресе ана жердегі, біресе мына жердегі мұржалардан күлгін түтін қылаң береді, есіктің сықыры естілді, біреу деревня көшесімен жүгіріп өтті.

Қар жапалақтары біз жатқан сыз окоптың ернеуіне түсіп жатыр. Менің көршімнің бөркі мен шинелі де қар-қар. Ал баспахананың сыры мен майы сіңген менің кеудешем су болғаны соншалық, мен осы киіміммен өзенге түсіп шыққандаймын. Қар үстіме қонып үлгермей еріп жатыр.

Жаңа қазылған окоп маңы әлі сембеген шөптерге толы. Көк шөптің, жапырақ пен қарағайдың, қарамайдың исі келеді. Соғыс шыршаның бұталары мен сырғаларын қырқып тастаған, енді аз ғана күнде олар қар астында күбірге айналады.

Мен жылдың бұл мезгілінде жерде осылай жатып көрген емеспін. Қазан айында, тіпті, қала сыртына шығып көрмеппін.

Мүмкін, Москваның асфальтты көшелері мен тастарының арасында өскендіктен бе, жазғы каникул кезінде аз ғана күнге орман, далаға шығып, қаладағыдай «Жұлуға болмайды!», «Жүруге болмайды» деген қорқынышты табличкалары жоқ, кәдімгі жер мен көк шөпті, ағаш пен бұтаны көргенде керемет қуанатынмын.

Тіпті, қазір де балшық пен лас, соғыс пен немістер жайлы ұмытып кетіппін. Тіпті, тұла бойым жылынғандай рақаттанып жатырмын. Айнала шаршап келіп ұйқыға кететін үйдегі тыныштықтай. Мен шошып кеткенім сондай, көршімді қолыммен түртіп қалыппын.

– Сен немене? – деп сыбырлады. – Ұйықтап кеттің бе?

Күтпеген түсініксіз жайлар енді басталды. Менің алдымда да, қатарымда да атыс. Мен көршім де атып жатқанын байқамаппын. Менімен ісі жоқ, атып жатыр. Ал, мен ше?

Деревняға қарап едім, енді көрдім – үш аяқты мотоциклге мінген немістер! Киношежірелерден, газеттердегі суреттерден көргенімдей, тірі немістер. Екі мотоцикл, төрт неміс.

Мен атып жіберейін деп оқталып ем, мотоциклдер бір орнында тұрмайды. Біреуі шарбақ жанына, екіншісі сарайдың қабырғасына тасаланады. Мүмкін, көздемей ату ақымақтық болар. Дегенмен, мен басып қалдым. Есімді енді жинадым-ау деймін. Патрон алып, сарай қабырғасының шетінен сәл көрініп тұрған мотоциклды көздедім. Көрініп тұрған дөңгелегі мен рульдің жартысын көздеуге тырыстым. Шүріппені тағы басып жібердім, алайда не болып жатқанын білу қиын. Оңымнан да, солымнан да, алды-артымнан да зуылдап жатқан оқ. Мотоциклдің дөңгелегі мен рулі көрінбей кетті. Екінші мотоцикл де жоқ.

Яғни, немістер шегінген болар? Осыны ойлағанымша, көршім:

– Жексұрындар, деревняны алды! Енді бекем бол! Бері шықпаса жарар еді... Фрицтер түнгі қараңғылықтан қорқады.

Атыс он минуттан аспады. Тағы да тыныштық. Алдыңғы жақта бірнеше рет мина жарылды. Маған көршім осылай түсіндірді.

– Минометтен ұрып жатыр!

Бұл да ұзаққа бармады. Осындай тыныштықта неліктен немістер деревняны алып қояды? Әрине, менің көршім қателесіп айтты.

Біздің қорғаныс шебіміздің ұзындығы үш жүз метрдей жерге созылды. Ол бейіттің арғы жағынан басталып, деревняның біз жатқан шетімен төмендегі тоғанға ұласады. Бұталар мен орман ағаштарының тасасынан тоған көрінбейді, бірақ көршім мазасызданып қайта-қайта сол жаққа қарай береді.

– Естілмейді...

– He естілмейді? – деймін мен.

– Онда біздің петеэровшылар бар. Танкіге қарсы қару дегенді естігенмін. Бірақ аз. Түс кезінде айтқан. Қырықаяқтылар батареясы жетуі керек.

Немістер Москваға қарай өте алатын бірден-бір жол тоғанның жанынан өтетінін көршімнен білдім. Жақын маңда басқа жол көрінбейді. Қырықаяқсыз қиын соғатын болар.

– Деревня ше?

– Жол деревня арқылы өтеді. Содан соң көрдің бе, солға, тоғанға бұрылады.

Деревня үнсіз. Немістер бар дегенге сенгің келмейді, оқтың не басқаның дыбысы жоқ.

Кешкі аспанның сүт түстес бұлттарының арасынан ай көрінеді. Оның күлгін сәулесімен қар да, окоп жанындағы су-су шөп те жылт-жылт етеді. Деревняның шетіндегі қисайып қалған шарбақтың жанында қос шырша қарауытады. Шыршалар қисайып өскен, төбесі жұлынып қалыпты. Бала күнгі ертегідегі билеп жүрген адамдарды елестетердей.

– Деревнядан әрі, оң жақта бір нәрсе өртеніп жатыр. Сарғышқызыл ұшқындардан аспан тітіреп тұрғандай. Бейіт жақтан окопқа қорғаныс шебінде бізбен бірге тұрған қызыл әскерлер взводының командирі келіп, даусы қарлыға: «Қалай? Ішектерің жабысып қалған болар?» – деді менің көршіме. Содан соң «кухня түтінін бұрқыратып жатыр», – деп қуантып тастады.

– Қырықаяқтылар келді ме? – деді көршім.

– Бәрі ойдағыдай!

– Онда өмір сүруге болады.

Оқта-текте алыстан дыбыстар естіледі.

– Тынышталып келеді, – деді көршім. – Біз де дем аламыз. Біз деревня көшесінің шетіне қарап жатырмыз. Сол жақтағы төбесі сабанмен жабылған үйдің есігі сықырлады. Тағы бір сықыр етті де, есік ашылып, басында құлақшыны бар құйттай адам шықты, өзі жалаңаяқ, үстінде жұқа көйлегі ғана бар.

– Баланы қара! – деп таңданды көршім. – Міне, керемет! Тыр жалаңаш, құлақшын киіпті.

Бала жан-жағына қарап алды да, басқышпен түсе бастады. Артына қарап, шарбақтың есігіне келді.

– Қазір мамасы емін береді. Салқын тиеді ғой! Қарашы өзін! – деп көршім ыза болды.

Алайда мамасы да, басқа да көрінбеді. Балақай жолға шықты да, бақырып жылап қоя берді. Айдың жарығымен енді анық көрінеді: үш жастың шамасындағы бала.

– Не істесек екен? Өлтіреді ғой оны! Өлтіреді! – деп көршім жаны шығып жатыр.

Басқа окоптарда да баланы байқаса керек. Күрсінген, қорыққан дыбыстар естіледі: «Жүгірсеңші, балақай! Кері кет, кері! Үйге бар! Салқын тиеді!»

Соның арасында артиллерия оқ себе бастады. Артынша автомат зырылдап қоя берді. «Балақай біз жаққа тұра жүгірді. Жолмен жүгіріп келе жатыр, өзі бақырып келеді.

– Қара, қара! – деп көршім мені иығымен түртті. Бейіт жақтағы окоптан біреу атып шықты да, бүкшеңдеп төменге жүгірді.

Мен оның кеудешесі мен қара құлақшынын байқап қалдым. Яғни, біздің адамдардың бірі. Етігі балшыққа тартылып жүгіріп барады, бейіт жақтан: «Тоқта!» деген айқайлар естіледі. Бірақ ол жолға қарай жүгіре берді. Кенет ұшып түсті. Жолға бір аттам қалғанда, алдынан оқ гүрс етті.

– Өлтірді! Шынымен өлтірді ме! – Енді көршімді мен мазаладым.

Әлгінде ғана бала жүгірген жерде түтін бықсиды. Басқа түк жоқ. Мені жөтел қысып барады. Жөтелі несі? Тіпті тоқтата алар емеспін.

– Тоқтай тұршы сен! – деп көршім қолын сермеді. – Ол тірі, қара, еңбектеп келеді.

Баланы құтқаруға жүгірген жауынгер шынында да еңбектеп келеді. Бір кезде орнынан атып тұрды да кері окопқа қарай, жанұшыра жүгірді. Қолындағы пистолетін байқап қалдым, құлақшынсыз басы көзіме түсті – шынымен әкем бе? Сүйткенше таныс мүсін жүгіріп өтті. Әрине, әкем!

– Сол, сол! – деп көршіме айқайладым, бірақ менің айқайым мен көршімнің дауысы жақындаған мотор үніне көміліп қалды.

– Танкілер! Граната әзірлеңдер! – деген команда естілді. Бейіт жаққа өткен әкемді енді көре алмадым. Қарсы алдымызда деревня көшесімен алып танкілер келеді.

От! Атылды! Тағы атты! Бас танк біздің шебімізді атып келеді. Оның артынан шұбаған танкілердің гүрілі құлақты жарып барады. Тағы атты, сол жақтан ұрды. Енді оңға бұрылды. Бізге тура келе жатқан бас танк әлгі балақайды да өлтірген ғой.

– Сен немене, есіңнен тандың ба? Граната бер!

Көршім маған айқай салды.

Танкілер кілт бұрылып жолға түсті. Бірден бұрылып кетті! Бүйірінде қап-қара кресі бар бас танк әлгінде ғана түтін бықсып жатқан жерден өтіп барады. Соңынан екінші, үшінші, төртінші, жоқ, оның орнында бронетранспортер, одан кейін мотоциклшылар отряды келеді.

– Граната бер дедім ғой! Граната! – деп айқайлады көршім, гранаталарды жол жаққа лақтырып жатып.

Мен «лимонкаға» жармасып, танкілер келе жатқан жаққа лақтырып жібердім.

– Не істеп тұрсың өзің?! Жаяулар жаққа тастасаңшы! Бұл граната танкінікі емес қой! – деп, екінші «лимонканы» кезей бергенімде, көршім тағы ақырды.

Шынында да! «Лимонканың» жарылысына танкінің қыңқ етпейтінін ойламаппын. Көршімде танкіні құртатын гранаталар.

Мен үшінші, төртінші гранаталарды лақтырдым. Сол сәтте оң жағымыздан керемет атыс басталды.

– Айтпадым ба!? Біздің қырықаяқтылар! Батареялар жұмыс жасады! – Көршім қуанғаннан ұшып кете жаздады.

Мотоциклшылар жол бойында пышырап кетті. Алдыңғы танкілер мен бронетранспортер оларды кідіртіп тастады. Танкілер тоқтап қалды. Бас танкі жол жиегінде, жынданғандай, ажылдап айналып тұр. Тағы екеуі алдыңғыдан өтіп кете алмай, дірілдеген күйі бір орында қалды.

Жол бойында не болып жатқанын түсініп болар емес. Атыс, снарядтан атылған металл сатыр-сұтыр түсіп жатыр. Мотоциклдер мен автомат оғының үні. Бронетранспортердің түтіні аспанға атты. Немістер айқай салып команда беріп жүр.

– Бұқ! Еңкей деймін, көрдің бе бізді көздеп жатыр!

Көршімнің айқайын естіп еңкейгенмен, оқ пен оттың арасында бізді кім, қай жақтан атып жатыр – біліп тұрғаным жоқ.

Сол кезде біреу оң жақтан менің атымды атағандай болды. Мен бұрылып оңға емес, арт жағыма қарап ем:

– Мұнда кел! Байқа, еңбекте! – деген дауысты естідім.

– Кімге айтасыз? Маған ба? – деп айқайладым.

– Саған, саған! Байқа, байқа!

Мен винтовкамды қысып, окоптан секірдім де:

– Шақырған сияқты... – дедім көршіме бұрылып.

– Жат, миғұла! – деп көршім жан даусымен айқай салды, мен балшыққа жалп етіп құладым. Дәл сол сәтте жанымнан оқтар зуылдап жатты. Шынымен мені көздеп жатыр ма?

Мен балшықтың үстімен еңбектеп, арт жақтағы окопты винтовканың дүмімен қаза бастадым. Ескерткішке ұсап серейіп тұра келгенше, бірден осылай етуім керек еді.

Окоптан өте беріп, таңертең Ленинград тас жолының бойында өзіммен қатар жүрген қарт есепшінің аяғына сүріндім. Сүйемелдеп мені тізерлеп отырғызып:

– Болмайды бұлай. Жалаңтөстіктің қажеті не. Қане,бірге болайық, – деді жаймен.

Біз еңбектеп бейітке қарай жылжыдық. Бейіт төбенің ең басында, ол жақта да біздің адамдар бар. Енді оларды анық көрдім. Бірнеше жауынгер немістерден әдейі жасырып қойғандай екі жағы бейіт және теректермен тасаланған жолдың бойында тұр.

– Мені шақырған кім? – дедім бейітке жетпестен бұрын, қарт есепші үндемеді. Естімеді ғой деймін.

Әкем ылғал шөптің үстіне оң қолын созған күйі, құлақшынсыз, кеудешесінің омырауы ағытылып жатыр. Қан ішінен ағып жатқанда, қолы жансызы несі... Мен ештеңеге түсіне алмадым.

– Сенбісің? Міне... – деп маған көздері шарасынан шыға жаздап қарады. – Міне... Сенің де алғашқы сынағың... Сәбиді айтсайшы... Құтқара алмадым... Қорқынышты... Бөріктің ішінде басы ғана... Денесі жоқ. Аузы ашылып жатыр. Сен немене? Қапаланба? Мен өмір сүремін. Маған тек су бермеңдер. Болмайды! – деп ернін тістеп ыңқылдады.

Жанымда батальон командирі тұрған.

– Не істеуге болады? А? – деп оның жеңіне жармастым.

– Ештеңе етпейді, досым, бәрі де реттеледі, қазір зембіл әкеледі, содан соң дәрігерлік көмек жайын білеміз. Егер дәрігерлік батальон алыста болса, артиллеристерден машина аламыз. Сен әкеңмен бірге кетесің.

– Ал анда ше? – деп ұрыс жүріп жатқан жақты көрсеттім.

– Анда деген не? – деп комбат шатынай қалды. – Айттым ғой әкеңмен кетесің деп! Түсінікті! Болды.

– Мен ол туралы емес...

– Мен сол туралы! – деп қаттырақ айтты да, сәл жұмсарған жүзбен: -Немістерді тоқтаттық. – Балаға жүгірген кезде ештеңе жоқ еді, кенет жете бергенде...

Біз санитарлық машинамен шарламаған жеріміз жоқ, бірақ дәрігерлік батальонды таппай қойдық. Бейіттің жанында әкемнің жарасын таңған дәке әбден шылқып кетті, сондай аянышты көрінді. Әкем қырылдап ауыр дем алған сайын, менің де жаным шығып отыр.

– Сен ойлама... Мен саған шын айтамын, – деп күбірлейді. – Шын айтам – мен өмір сүремін. Сен білесің ғой, мен оның алдында кінәлімін... Сен... Сен жігітсің... Балаға жаным ашиды. Оңбағандар. Танкімен сәбиді атып...

– Бір нәрсе жасау керек! Бұлай болмайды ғой! – деп машинамыз батып шыға алмай жатқанда кабинадағы шоферге бардым. – Дәрігер табу керек!

Шофер кабинадан шығып, шанақтағы әкеме қарады да:

– Мүмкін Москваға тартармыз? Дұрысырақ болар! Кешікпей Ленинград тас жолына шықтық. Енді тезірек қалаға жетсек екен!

Бесінші тәулік өткенде әкемді жерледік. Адамды жерлеудің осынша қиыншылығын мен ойлап па екенмін? Кездейсоқ, көшеде тап болған бір кезде әкеммен қызметтес болған кісі екеуміз төрт күн бойы бейіттерді араладық. Ақшаның да, ақылдың да көмегі тимеді. Үш бөлке нан, екі жартылық, бір айлық тамақ карточкасы – бәрі таусылды.

Әкемді неміс бейітіне жерледік. Неміс бейітіндегі жүздеген неміс фамилияларының арасында енді неміс минасынан қаза тапқан орыс фамилиялы адам жатыр. Рас, бұл қауымның басқа, орысша да аты бар. Введен таулары...

Бірнеше күн өтті. Әскерге қайта оралу туралы ойымның бекер екенін түсіндім. Екі тәулік іздесем де, біздің адамдарды таппадым. Әскери комиссариатта мені тыңдағылары да келмеді. Біздің ерекше батальонды жіберген пунктте көңіл жұбатарлық ештеңе айтпады: батальон быт-шыт болған, тірі қалған жауынгерлер армияға қосылған. Егер мен сонда винтовкамды ұмытып кетпеген болсам... Иә, онда басқаша болар еді.

Мен баспаханаға қайта оралдым. Жұмыссыз сандалып жүрмес үшін келдім. Анамның мойнына мініп отыра алмадым. Жұмыс жасамағанмен, анам донорға қан тапсырып тамаққа қосымша карточка алады.

Түн сайын үй төбесіндегі шардақта күзетте тұрамыз. Неміс самолеттері бұрынғысынша түнімен Москваға шабуылдайды. Немістер қалаға жүз, екі жүз, кейде, тіпті, үш жүздеген машинамен топ-топ болып келе жатады. Оларға Москва маңында жерде де, әуеде де тойтарыс береді. Аман қалған «юнкерстер» мен «хейнкельдер» қала шетіне Москва маңындағы саяжайларға бомба тастайды. Анау бір кездері орман сыбдырлап, өзендері сылдырлай ағып, адамдар демалып жүретін Москва маңы бомбалануда. Соғыстың санаулы айлары өткенде бомбалар ол жерлерді арса-арса етіп жыртып кетті.

Біздің баспаханада жау басып алған жерлер үшін листовкалар мен газеттер шығарылатын: Смоленскінің «Рабочий путь», Брянскінің «Брянский рабочий», Калуганың газеті, аудандық газеттер. Олардың әрқайсысында «Неміс басқыншыларына өлім келсін!» деген сөздермен қатар «Оқы да, жолдасыңа бер!» деген жазу болады.

Бұл газеттер ротация машинасында басылып жатқанда, біз өзімізді бір түрлі, басқаша сезінетінбіз. Москваның үйреншікті өзге газеттерін басқандағыдай емес. Бұл газет-листовкалардың әр саны ерекше маңызды. Баспаханадан шыққан бойда ол листовкалар мен газеттерді бума-бума күйінде бірнеше сағаттан кейін немістер жайлап жүрген біздің жерлерге тастау үшін әскери адамдар аэродромдарға әкетіп жатады. Бұл листовкалар, газеттер фашистерге де жетеді ғой, дегенмен, біздің адамдардың да қолына тиеді, оларға орыс сөзімен қоса оларды ұмытпайтындар бар екені жайлы үміт пен сенім апарады.

Немістер үшін біз арнайы листовкалар басатынбыз. Көптеген баспахана жұмысшылары секілді, мен де неміс тіліне мықты емеспін. Бірақ листовкаға немісше ғана емес, орысша да жазылған «пропуск» деген сөз керемет көрінетін. Листовка қолына түскен неміс бірден беріледі. Листовкалардың осынша көп басылуы, соғыс жуық арада бітеді деген сөз. Мен енді соғыстың аяқталар күні туралы ойлайтын болдым.

Он алтыншы қазанның өткеніне бас-аяғы екі жұма болса да, Москва дәл сол күнгідей емес, өзгеріп кетті. Мәліметтерге қарағанда, майданда да көп өзгеріс жоқ. Немістер қаланы жартылай қоршап алды. Қорғаныс жайы күн өткен сайын қаталдана бастады. Салқын да, аштық та жағадан алуға айналды.

Ал, көңіл-күй ше! Адамдардың көңіл-күйі деген үлкен нәрсе екен. Біздің адамдар, егер біреу немістер Москваны алуы мүмкін десе, оны дереу дұшпанындай талап өлтірер еді. Бірақ ешкім де бұлай айту түгілі, ойлаған да жоқ. Он алтыншы қазаннан кейін орнаған темірдей тәртіп қаланың өмірін өзгертіп жіберді.

Көптеген мекемелер Москвадан көшіп жатты. Сонда да қалған адамдар көп-ақ. Көшірілген заводтардың орнында әуелі шеберханалар, біраз күн өткесін самолеттер мен танк, машина мен қару-жарақ жөндейтін цехтар жұмыс жасай бастады. Бұрынғы консерв заводтары енді снаряд, граната, ал сүт, лимонад, сыра құйылатын жерлерде өртенгіш зат құйылған бөтелкелер шығарылады.

Орталық автомат лабораториясы секілді, керемет деген ғылыми лабораториялар қарапайым автомат тетіктерін жасады. Жүздеген сырт киім ательелері бір ай бұрын жабылуға әзір болса да, майдан киімдерін тігуге көшті. Ішкі киім, әсіресе, жылы заттар жетіспейтін. Қалада армия үшін сыйлық жинау басталды. «Майдан үшін жылы киім – жеңіс кепілі». «Сен майдандағыларға сыйлық жібердің бе?», «Отанды қорғаушылар сенің қызуыңмен жылынады!» деген плакаттар ілінді. Газеттер өлең жариялады:

Жауынгер жаумен алысып,

Талықсып келген кезінде,

Жүргендей елмен табысып,

Жылынар сендік сезімге!

Сезімге біздің оранып,

Жылынар қыста тоңғанда.

Аттанар сосын ол анық

Алдағы жеңіс жолдарға.

Халық комиссариаттары да жұмыс жасап жатты: түгелдей басқа жаққа көшірілген олар бұрынғы орындарына қайта келді, әуелі жекелеген қызметкерлер, содан соң бөлімдері.

Жұрт күнде таңертең жұмысқа барады, кешкісін үйге оралады. Терезелерін қараңғылайды, кешкі тамаққа ол-пұлды қорек етіп, содан кейін түнгі кезекшілікке немесе үйлерінде жас балалары болса, метроға барып түнеуге кету үшін оралады. Трамвай, автобус, троллейбустар да тоқтаған жоқ. Жер астымен метроның ылғи да адамдарға лық толы вагондары зырлауда. Көше қиылыстарында светофорлар жымыңдап, милиционерлер де тұрады. Көшелер мен бұрылыстарда әскери тексерушілер жүреді. Дүкендерде карточкаға тамақ береді. Жабылмаған кино, театрларға бас сұғу қиын еді: буфеттерінде қымбатқа болса да колбаса, ірімшік қосқан нан сатылады!

Анам қайта жұмыс жасады. Халық комиссариатына орналасты. Онда карточкасыз суфле беріледі екен. Біреулер суфле деген тамақ емес деп соғады. Бірақ бұл сөздер менің миыма кіріп-шықпайды. Аштығыңды тез басып тастайтыны үшін мен суфлені ұнатамын. Баспахана асханасындағы күн сайын жейтін бір қасық бидай көжеден кейін суфле дегенің маған қол жетпес тамақ көрінеді.

Бүгін анам телефон соғып, суфле бар деді, содан соң кішкене кідірді де:

– Ерінбесең мені қарсы алшы,—деді.

Кешкі жетіге таяу, мен Ногин алаңы мен Разин көшесінің бұрышына келдім де, халық комиссариатына кіре берісте анамды күттім. Жұмыс аяқталуына екі-үш минут қалды. Келесі үйдегі радиодан... «үшінші белгі Москва уақыты бойынша он тоғыз сағатта беріледі» деп хабарлап жатыр.

Менің алдымда автобус, автомашиналардың көгілдір жарығымен көмескі жалт-жұлт еткен кешкі күңгірт алаң, Москвада әлі қар жоқ. Кейде жаңбыр аралас жауғанмен сол бойда еріп кетеді. Қазір салқын, бірақ ауа райы ылғал емес. Ильинск скверінің жазық бойымен аузы-мұрнынан шыққан трамвайлар ерсілі-қарсылы ағылуда.

Радиодан «уақытты тексерудің» соңғы үшінші белгісі естілгенде, анам да шықты. Дәл сол сәтте жан шошытар күшті соққыдан жер дірілдеп кеткендей болды. Қара түтін, от пен шаң Ильинск скверін тітіретіп жіберді, шыңғырған дауыс, қираған терезелер... Ногин алаңымен төмен түсіп келе жатқан екі трамвай аударылып, скверге аунап қалды.

Жай жарылыс па, бомба ма – не болғанын түсіну қиын еді. Біз Разин көшесімен жүгіріп отырып Қызыл алаңға беттедік.

– Тезірек, тезірек, үйге жетейік! – дейді анам.

– Онда кері жүру керек қой. Мұнда неге келеміз? Анам тоқтап:

– Иә, иә, кері қарай екен ғой... – деп күбірледі. Ногин алаңында ығы-жығы халық. Сол жақтағы скверден жүргізбей жатыр. Біз оң жағынан өтіп, әрең дегенде екі жүз метрдей ұзадық.

Көпір алаңында қып-қызыл қан, адамдар! Өліп жатқандар, жараланғандар, тірілер.

– Папа, папажан! Кетейікші, папажан! Қорқам! Ой, қандай қорқынышты, папа! – Қызыл галстугі пальтосынан шығып кеткен бала есі шығып айқай салып тұр. Ол галстугін түзеп, әкесін көтеріп тұрғызғысы келгенмен, әлі жетпейді. Әкесі тротуар үстінде, тамағын оқ қиып кетіпті.

Қарт кемпір ауыр денесін әрең қозғап, бес-алты жасар жаралы қызды – шамасы немересі болар – көтеріп барады.

– Хайуанаттар дүкені ше? Әже, тасбақа әперем дегенің қайда? Өзің айттың ғой? – деп немересі шырылдайды.

Шыңғырған адамдар – бала, ерлер, әйелдер. Саулары да, жаралылары да шыңғыруда.

– Мен жүре алатын емеспін, кейін кетейікші, – деп сыбырлады да, анам мені жетелеп ала жөнелді.

Біз кері жүгіріп, қызыл әскерлер қоршауынан әрең шықтық. Скверді түгел қоршап алған. Санитарлық машиналар бірінен соң бірі ағылып жатыр, олардың дыбысы сарнаған, айқайлаған адам үнімен қосылып жатыр.

– Солянка арқылы кетейік, – деп анам мені әлі жетелеп келеді.

Соңымыздан сирена азынап қоя берді, іле диктордың дауысы естілді:

«Азаматтар! Әуе дабылы! Азаматтар! Әуе дабылы!» Біз үйге таянғанда да радиодан әуе дабылы жайлы тынымсыз хабарлап жатты. Жүгіріп жүрген біз ғана емес, көшеде біздің үйдің бұрышында да әуе дабылынан қашып үйлеріне жүгірген адамдар. Осынша күшті жарылыс пен кешігіңкіреп хабарланған әуе дабылы үйреншікті тәртіп пен бейқамдықты қуып жібергендей.

– Ал, бидон қайда? – деді кенет анам.

– Білмеймін.

Ол қолын сермеп:

– Садақа болсын! Не деген сұмдық! – деді. Қақпа алдында «жедел көмек» тұр екен. Мен оны алыстан байқап, асыға басып келем.

Не болып қалды?

Ақ халатты адамдар зембілдерді машинаға салып есіктерін жауып кетті.

– Кеттік.

– Не болды?

– Не болсын, – деп басқа тұрғындармен қатар тұрған үй басқармасы үмітсіз кейіппен қолын сермеді. – Осындай ақымақтық болар ма! Дабылсыз, ештеңесіз! Аяқ астынан!

– Кімді әкетті, кімді? – деп, не болғанын түсінбеген мен қайталап сұрадым.

– Скворцовты, сенің досың Бористі...

– Боряны? Қалай?

– Шардақта құмды байқап жүр еді. Сол кезде... Жарылыс толқыны соғып... Біз келгенше ол...

Анам екеуміз үйімізге көтерілдік. Дәлізде жын ойнағандай. Сылақтар түсіп қалған. Ac бөлмеде терезенің қорғаны сынған, әйнектер еденде жатыр. Бөлменің есігін әрең аштық, онда да быт-шыт, жел ұлып жүр. Әйнегі қираған терезе жақтауы қисайып қалыпты.

– Николай Степановичті естіген шығарсыздар? – Көрші кемпір есіктен қарап, бір түрлі кейіппен сөйледі. – Әлде білмейсіздер ме?

– Не болып еді?

– Ой, сұрамаңыз!

Мен жүгіріп Николай Степановичтің бөлмесіне бардым да, не болғанын қапелімде түсіне алмадым.

– Шкафтың астында қалды. Білесіз бе, шкафтың астында, – деп түсіндірді көрші.

Николай Степановичте дем жоқ. Кітап толы шкафтың астында қалған қарт өліп кетіпті. Бұл шкафта Николай Степановичтің өтініші бойынша мен сатуға жинақтаған, бірақ сатып үлгермеген кітаптар да бар.

Шкаф қозғалар емес. Ақыры қалай екені есімде жоқ, әйтеуір орнынан жылжытып, Николай Степаневичті суырып алдым. Жанында дәптер жатыр. Өзінің өлеңдері жазылған дәптер. Моншақтай тізілген жазу. Өзінің жазуы. Көзімді жүгіртіп ем, менің атым мен фамилиям жазылыпты. Бұрын оқымаған өлең, өлең жолдарын да шолып өттім.

Қалқам, ертең оянады ормандар,

Кешікпей-ақ оянады

Барлығы.

Бұталар да әлі-ақ, ертең құлпырып,

Бүр атады,

Нұр құяды санаға.

Жазира бел дидарында күн тұнып,

албырайды – гүлге айналып бара ма...

Сонда мен де – көптен күткем ынтығып,

Тартып кетем – жер жанатты далама.

Маған айтқаны ма? Бұл өлеңдерді Николай Степанович бұрын оқыған емес. Мүмкін соңғы өлеңдері болар? Соңғы!

Боря Скворцов... Николай Степанович... Анау скверде қырылып қалғандар... Бір сәтте осынша өлім!

Бұл кезде мен тағы бір өлім болғанын білгенім жоқ. Неміс торпедасы түскен Орталық комитеттің үйінде Николай Степановичке келіп жүретін ақылды да көңілді адам, белгілі драматург Александр Николаевич Афиногенов қаза болыпты.

Осының бәрі бір кеште – 1941 жылғы 29 қазанда, әкемді жерлегеннен кейін алты күн өткенде болған еді...

Біз үш күн бойы Солтүстік өзен портында баржыдан жүк тасыдық.

Қыс болса келіп қалды, үлгеру керек болды. Аяз түссе болды, су қоймасы мен канал қатып қалады. Ал баржалар қысқы кеме жөндеу орнына жетіп үлгерулері қажет.

Біз көп емес едік: түрлі мекемелерден жіберілген қырық шақты адам, ал жүк тиеген алып баржа екеу болатын. Тайғанақ темір баржалардың үсті адам айтқысыз суық.

Мені және тағы екі жас жігітті баспаханадан осында жібергенде, біраз адам қызығып қараған:

– Онда, тым болмаса, тамақтарыңды тойғызасыңдар. Тегі азық-түлік не жеміс-жидек түсіретін шығарсыңдар.

Шынында да аштықтан көзіміз қараятын.

Бірақ Солтүстік портта қарнымыз қарық болатын ештеңе жоқ екен. Біз баржадан қап-қап тұз бен тігін фабрикасына келген бума-бума маталар түсірдік...

Таңғы сегізден кешкі сегізге дейін жұмыс жасаймыз да, сол портта ұйықтаймыз: біреу директордың бөлмесінде, біреулер дәрігерлік пунктте, көп тиражды газет редакциясында.

Менің жолым болған секілді – екі баржаның «Альбион» деген әдемі аты бар біреуіндегі шкипер каютасында ұйықтайтын болдым. «Альбион» дегеннің не екенін біліп жүргенім жоқ. Өмір бойы кепкен балықтай баржыда жүрген үндемейтін шкипер шал да білмейді екен.

Каютада жылы, құрғақ. Аяз бен жел өтінде күні бойы суық сорған денең каютада бір рақаттанады.

Таңертең және күндіз бізді порттың шағын асханасында тамақтандырады.

Кешкісін шкипер екеуміз шай ішеміз.

Сидор Кузьмич нанды сындырып, шошқаның майын кеседі, содан соң екеумізге шай құяды:

– Тамақ ал!

Нан мен майды өзі жейді де, маған шай береді. Мен ыстық шайды ұрттап, күндізден қалған нанды жеймін. Шкипер әуелі май жағып, содан соң варенье жағып нанды соғып алады. Сөйтеді де:

– Жатарда көп жеген зиянды, – деп қояды. Сидор Кузьмич менімен кешке ғана бірге ішеді.

Күндіз біз жұмыста жүреміз.

Үш күн ішінде мен бұл жайға да үйреніп алдым. Тіпті Сидор Кузьмичқа да өкпелемейтін болдым. Ол өз тамағын, мен өз тамағымды жеймін. Маған жатар орын мен шай бергені жаман ба.

Мен шкиперді үстімдегі жап-жаңа бәтеңкем мен әкемнің жүннен тоқыған мойын орамалын майға айырбаста деп айналдырып көрдім. Шкипер келіспеді:

– Ал менің ештеңем жоқ. Не бар менде? Тапқанымды ішемін...

Шкиперде не бар екенін көріп жүрмін: май бар, жарма бар, төсектің астында 8-10 килограмдай бұршақ жатыр.

– Мен сізге жақсы заттар беріп тұрмын ғой, – деп Сидор Кузьмичқа жалынамын. – Жалынамын. Көп бермей-ақ қойыңыз, аздап май, бір кило жарма, содан соң анау бұршақтан... Бәтеңкемді не орамалымды алыңыз.

Міндетті түрде тамаққа айырбастаймын деп бұл заттарды анамнан әдейі алып шыққам. Портта жұмыс істеймін, ол жерде киім алушылар болуы мүмкін ғой дегем.

Бірақ шкипер көнбеді. Бүгін теңіздегі өмірімнің соңғы кеші. Бүгін түн, ертең үш сағаттай жұмыс істеген соң, үйге қайтуға болады.

– Сонымен, Сидор Кузьмич, не айтасыз? – деп шай ішкесін тағы сұрадым.

Шкипердің жүзінен мейірім сезілгендей болды:

– Қане, көрсетші, өзіңде не бар?

Бәтеңкені де, орамалды да ол бірнеше рет көрген, дегенмен оларды Сидор Кузьмичқа тағы ұсындым.

– Қараңызшы, жақсы нәрселер ғой.

Сидор Кузьмич орамалды алып майшамның жарығына ұстап көрді, бәтеңкенің біреуін салмақтап ұстады да, мен енді шаруа бітті деп ойлағанша:

– Жоқ, болмайды, – деді. – Азық бере алмаймын. Ақша аласың ба?

Жоспарым әбден бүлінді. Ертең үйге бара жатқанда жолай орталық базарға соғып ақшаға бірдеңе қарастырмасам...

– Қанша бересіз?

– Жүз елу, – деді шкипер. – Немесе екеу.

Келіссем бе екен? Мен ертең темір пеші қақап тұрған үйіме келетінімді, содан соң анам жұмыстан оралғанша дәмді бірдеңелер, мысалы, базардан бидай таба алсам, көже, немесе картоп пісіріп әзірлеп қоюды елестеттім.

Ойланып қалдым: базарда картоптың килосы жүз – жүз жиырма, ал қызылша – елу сом. Яғни...

– Неге үндемейсің? – деді Сидор Кузьмич. – Өзің ғой ал деген!

– Келістім...

– Жарайды. Ұйықтайық. Ал ертең...

Ертесіне таң сәріден жүк түсіруге кеттім. Сидор Кузьмич ұйықтап жатыр. «Ұйықтай берсін, кейін келермін», – деп ойладым.

Баржадағы жүкті түске қарай бітірдік. Мен тамаққа бармай «Альбионға» келіп, шкипер каютасына түстім.

– Сидор Кузьмич, біз бітірдік. Мен...

– Иә?

– Ақшаны... Сіз маған ақша бережақсыз ғой.

– Көп сөйлеме! – деді шкипер. – Ақшаны мен кеше бердім ғой.

– Қалай кеше бердіңіз?

– Сен, немене, менен екі рет ақша алғың келіп тұр ма! – деп айқайлады Сидор Кузьмич. – Бүйтетін болсаң, мен қазір милиция шақырамын! Қарай гөр өзін!

...Мен Москваға қарай жаяу тарттым. Өкпек жел өршелене түсіп, тас жолдың бойындағы қарды бұрқыратып жатыр. Мен желге қарсы қалың қарға омбылап келемін. Никольск селосы, теміржол көпірі, Войков заводы, троллейбус паркі, «Сокол» метросы – бәрі артта қалды. Қанша сағат жүрдім екен. Екеу, үшеу?

Москвада қар қалың екен. Үйдің төбелерін, тротуарларды басып қалыпты. Оны мұнда ешкім тазаламайды. Машиналардың дөңгелегі, москвалықтар мен майданға бара жатқан солдаттардың аяғына ғана ілеседі. Майдандағы жағдай жаман емес. Москва түбінде немістердің сазайы берілді. Москваның айналасы немістердің өлігі мен қираған техникасынан көрінбейді.

Ленинград тас жолының және Горький көшесінің бойында әскерлер кетіп барады. Үлкен қала, бейне тоңып жатқандай, қыстың салқын тұманына оранып тұр. Терезелер қымтаулы. Көшелерде еңкейген, жүздері қатулы адамдар кездеседі.

Мен үйге қараңғы түскесін келдім. Шешінбестен, салқын пештің жанына отыра кеттім.

Анам жұмыстан келіп, пешті өзі жақты және тездетіп тамақ дайындады.

– Ауырып калған жоқсың ба?

Мүмкін мен шынында да ауырған шығармын?

– Жоқ, – дедім мен. – Аздап шаршадым. Заттар мен тамақ жайын сұраған жоқ. Бұған да шүкір.

Мен бірнеше түн бойы түсімде айқайлап жүрдім.

– Не болды? – деп сұрады анам. – Мүмкін, сені ұрылар, бандылар қорқытқан болар? Айқайлайсың, дөңбекшисің, – деді анам қызарып, – кешір мені, тіпті, боқтайсыңба-ау...