Fariza Ongarsynova. Otkendi kaitalau

1942 ЖЫЛ

Біз колхоз алаңы мен Колончавканың аралығындағы Владимир казармасына қарашаның бір түнінде келдік. Келдік те жас жағынан да, түр жағынан да әр түрлі, бірақ «Өмірге жолдама» атты фильмдегідей, әйтеуір бір-біріне ұқсас әскерге шақырылушылардың арасына сіңіп кеттік. Мен бұл картинаны соғысқа дейін ескі фильмдерді көрсететін кинотеатрдан көргенмін.

Енді бір таңқаларлығы, ертесіне үстеріне форма киген ақылды біреулер осы халықтың ішінен жүз елу тақыр басты «жоғары» білімді, яғни жеті-сегіз кластық білімі барларды жинап алып, есік алдына шығарды да:

– Сапқа тұр! – деп бұйрық берді.

Бізде әскери киім жоқ. Жақында ғана сатып алған кеудешемнің қалтасында почта жәшігіне тастайтын хат жатыр. Төменгі шетіндегі дала почтасының адресін мен осы казарманың ішінде отырып жазғанмын. Мұның бәрінің мен үшін үлкен маңызы бар. Хат бірнеше сөйлемнен ғана тұрады: «Енді мен де әскердемін. Жақын күндерде адресімді саған хабарлаймын. Бұдан былай үйге жазудың қажеті жоқ».

Алғашқы команда естілгенде, хатты қалтама сүңгіттім. Хатты жазғаным тамаша болды.

Менің ойымды қуаттағандай, шапшаң қимылды лейтенант:

– Түзу тұр! Бір бірден сана! – деп бұйрық берді. Біз де тездетіп жатырмыз. Енді лейтенант әлгі қаһарынан бәсеңсіп:

– Ал, жігіттер, енді оң жақтан төрт-төрттен сапқа тұрыңдар, – деп түсіндірді, сапқа қалай тұру керектігі бірден миымызға қона қоймаған бізге. – Міне, осылай, дұрыс! Алға емес, артқа қараңдар.

Түсіне бастадық.

– Оңға! Алға! – деп команда берді.

Колонна әуелі қақпаға қарай, содан соң бұрылысқа ойысты.

Көшеде едәуір салқын екен. Бәтеңкелеріміз қар басқан тас жолдың бойындағы кедір-бұдырға қақтығысып, сықыр-сықыр етеді. Көшенің тазаланбағанына бәрі де үйреніп алған. Өткен жылы қар Москвада бұдан әлдеқайда көп болып еді.

Көппен бірге қатарласып сапта келе жатсам да, почта жәшігін іздеп келемін, екі көзім далада. Қарап келемін, кездескен жәшіктің бәрін санап келем: оң жақта біреуі, одан әрегіректе көшенің сол жағында, содан соң тағы оң жақта... Бірақ саптан шығуға болмайды. Кейінірек салармын деп өзімді жұбатып келем. Тоқтамай жүре беру мүмкін емес қой.

– Сізден сұрайын деп ем, – деді жанымда келе жатқандардың бірі сыпайы үнмен.

Сол жақтағы көршіме қарадым. Біздің үстіміздегі алабажаққа қарағанда, ол ерекше киінген екен: әдемі тон, былғары бөрік, қоңыр бәтеңке. Көзәйнек киген, бет-жүзі жұқалтаң, балғын.

– Мен сізді қайдан кездестіруім мүмкін? Тіпті таныс сияқтысыз. Сіз пионерлер үйіне қатынасқан жоқ па едіңіз?

Қатынаспайтын мен бе! Қатынасқанда қандай және қатарынан бірнеше жыл. Ашылған күннен бастап! Бірақ ол соғысқа дейін еді ғой. Пионерлер үйіне бармағаныма қанша болды! Жолдастардың кейбіреулерін кездестірдім, бірақ өзім барғаным жоқ.

– Білесіз бе, мен бұрнағы күні ғана бардым. Әскерге баратынымды білгесін барып шығайын дедім.

– Көршім кінәлы жүзбен сөйледі. – Мен де ашылғаннан бері қатысамын, отыз тоғыздан. Көркем сөз студиясында. Сіз білетін шығарсыз ондай студия барын? Ол да үшінші қабатта...

Мен көршімнің сөзін тыңдаған сайын алыс балалық шақтың лебін сезінгендей болдым.

Курск вокзалы. Ол да басқалар секілді, адам көп гуілдеген араның ұясына ұқсайды. Бірақ қазір, басқа вокзалдар секілді, тіпті басқаша. Мұнда адамдар күтеді, қоштасады – мүмкін, мәңгілікке шығар... Кеткендердің бәрі бірдей орала бермейді ғой. Оралғандардың өздерін ертең не күтіп тұрғаны белгісіз.

– Вагондарға! – деген команда естілді.

Біз жылы вагонға жайғасып алдық. Ешкім шығарып салған да жоқ. Соның өзі жақсы!

Біз жүз елу едік. Баяғыдан бері ерлік жасауды армандап естері кетіп, жаудың талқанын шығаруға құлшынып жүрген москвалық жүз елу бала. Біз революция жайлы, азамат соғысы жайлы және Павлик Морозов жайлы жазылған алғашқы кітаптардан бастап-ақ күреске әзір едік. Біз «Пионер правдасындағы» Абиссиния мен Испаниядағы уақиғалар туралы мақалаларды да оқып өскенбіз. Хасан көлі мен Халхин-Голдағы ұрыстарды да білеміз... Қырық бірінші жыл да басталды. Майданға аттануды қанша күтуге болады!

Бізді Москва маңындағы шағын қалаға, оның шет жағындағы мектеп үйіне әкеліп моншаға түсірді, битіміз жоқ па деп тексерді, содан соң киім берді де:

– Енді сендер АИР мектебінің курсанттарысыңдар. Яғни, артиллериялық инструментальді барлау мектебінде оқитын боласыңдар, – деп хабарлады.

– Қанша оқимыз? – деді біреу батылсыздау дауыспен. Қарасам, бағанағы көркемсөз студиясынан келген көзәйнекті бала екен. Ол сұрақ қойды да, көзәйнегін сүртіп, гимнастеркасының етегін жөндеді.

– Қажет болғанынша!

АИР мектебінің не екенін біз білмейтінбіз. Артиллериялық инструментальді барлау деген не – оны да білмейміз. Жүздеген ғылымның түбіне жеткендей сезініп, мектепте мыңдаған күнімізді өткізгендей әбден жалығып әрі данышпансып жүрген біз, тіпті, қарапайым шындықты білмейді екенбіз. Мәселен, дәл координаттары белгілі жағдайда тұрғанда ғана зеңбірекпен көздеген нүктеге тигізуге болатыны да бізге қараңғы еді. Мақсатты жерге тигізу үшін алдымен ол нүктені көздеу керектігін айтпағанның өзінде... Артиллерия шебінің координаттарын анықтау үшін және жаудың оғын дарытпау үшін артиллериялық инструментальді барлаудың болашақ қайраткерлері ретінде біз айналыса бастаған соғыс құдайының миы дегендей өз алдына тұтас ғылым, арнайы жұмыс саласы бар болып шықты!

Мен сол күні Москвада жібере алмаған хатымды почта жәшігіне салдым. Мұным жақсы болды. Әйтпесе, келесі күні қайта жазған болар едім. Ертесіне біздің толық адресімізді айтты. Майданнан хат жазам деп жүргенде адресім, тіпті, масқара болып шықты: Москва облысы, Ногинск, почта жәшігі...

Мектеп жанында орман бар. Нағыз қарағайлы орман. Биік ағаштар сым тәрізді ызыңдайды. Бұтақтан-бұтаққа секірген ақ тиіндер қарды жерге түсіріп жүр. Әрбір секірген сайын манаурай демалып алып, мұздақ қардың бетінде қарғып ойнаған әп-әдемі бұлтиған нарттай суықторғайларды бейне аяздан қызарып кеткен бе дерсің. Арасында жан-жағына қарап қойып, қанатын тазалайды, бізді көргенде жақтырмағандай түрмен жоғары көтеріліп кетеді.

Біз бұл орманға күнде барамыз. Арқамызда шиті мылтық, противогаз, теодолиттер мен стереотұрбалар, буссолдар. Белімізде – оқ дәрі. Аяғымызда – шаңғы. Орманда жақсы болғанмен, біздікі қыдырыс емес. Біз бір түсті әскери форма киген жүз елу баламыз. Жүз елу гимнастерка, шалбар, шинель. Жүз елу жасанды теріден тігілген құлақшын-бөрік, үш жүз бәтеңке, қолғап. Бізде бес оқу класы, он ұйықтайтын бөлме, жүз елу төсек бар. Мінез-құлқымыз да жүз елу.

– Не деген халық! – деп таңданады бір кезде консерваторияның мұғалімі болған мектеп бастығы капитан Катонин. – Әр қайсысы тұрған творчестволық тұлға дерсің!

Шынында да біз тұлға едік. Біреуміз түннің бір уағына дейін кітап оқуды ұнатамыз да, ертемен төсектен әрең тұрғызады. Мектептегі мезі қылған сабақтарды қалғып отырып тыңдауға үйреніп кеткен біразымыз мұндағы сабақта да мүлгіп-шұлғып отырамыз. Үшінші біреулер... Бір сөзбен айтқанда, біздің арамызда бәрі бар: кітап оқығыштар, ұйқысырайтындар, мамасының еркелері, айқайлауықтар, ұяңдар, «әділетті» сүйетіндер, – бәрі де жақсы жігіттер!

Күн сайын теориялық және практикалық түрде өтетін ішкі істер қызметінің Уставымен танысу ерекше тұлғаларға алғашқы соққы болып тиді. Қысқасын айтқанда, өзіміз «губа» деп атайтын – біздің гаупвахтамыз бос тұрмайтын, ал жаза дегеніңіз мүйізден шашылған байлықтай бірінен соң бірі шығады да тұрады.

Маңыздылығы жөнінен біріншіден кем түспейтін екінші соққы солдат асханасында басталады. Күн сайын тәбетің оянып, № 1,2,3 постылардың жанында қақшиып кезекте тұрудың орнына асханада қалып, қазандардың маңында тамақ пісіруге жазаланғың келіп тұрады.

Ақырында, үшінші соққы ә дегеннен емес, кейінірек, тұтқиылдан, күтпеген жақтан ақыл-ой тұрғысынан келеді. Жалпы алғанда ерекше тұлғалардың барлығы дерлік ақыл-ойға кенде емес болып шықты, ескерту алғанның жақсы емес екенін, командирмен керісу – ақымақтық екенін, «губада» қыздырынғаннан гөрі, ішің пысса да, сабақта мүлгігенің не жергілікті орманда теодолит жүргізгенің артық екенін ерекше тұлғалар күн өткен сайын түсіне бастады.

Бұлардан маңыздырағын да түсініп қалды.

Егер сен шыныда да майданға барғың келсе, қыңқылдай берме – солдат жүгін арқала да сабырмен күт. Солдат жүгіне келетін болсақ, ол – шиті мылтық, сапердің күрегі, противогаз, теодолит, буссолдар немесе стереотұрбалар – әркімнің мамандығына қарай соңғы екеуінің біреуі беріледі.

Бізді мушкетерлер деп атаған жоқ, дегенмен өзіміз үшеу едік. Фамилияларымыз тізімде қатар да тұрмайды. Алайда, сапта қатар жүреміз, сабақта қатар отырамыз, ұйықтағанда аяқтарымыз түйісіп жатады. Сондықтан ұйықтайтын мезгілде мектеп бойынша кезекші мен старшина бөлмемізді тексеруге қалай есік жабылса солай біз көпшіктерімізді түйістіріп алып мылжың соғатынбыз. «Мылжың» деген – менің сөзім. Володя «салғыласамыз», Саша «әңгімелесеміз» деп жұмсартады. Біз дегенім – Володя, Саша және мен. Саша – өзінің сыртқы түрінен көрініп тұрғандай, үндемейтін ұялшақ. Володя – керісінше, мығым, қызыл шырайлы, кескінді, көңілді және өзіне сенеді.

– Қане, қане, балалар! Біз өле қоймаймыз! – деп ол арқамыздан қағып қояды.

Ол жұрттың бәрін, тіпті, командирлерді де «балалар» дейді. Бірақ көздерінше емес, әрине, сырттарынан.

– Біздің балалар бүгін қимылдап жатыр, – дейтін ол командирлер мектеп бастығының кабинетіне жинала бастағанын көргенде. – Бірдеңені сыпсыңдасады. Басқалар майданда жүр! Бұлар жылы жерге жайғасып алған. Бұйрық береді.

– Яғни сен өзің? Бізден бір жас кішісің?! – деді Саша, әскери комиссардан қырық бірде майданда болғанымды айтып, майданға болмаса да, әскери мектепке жіберуін өтінгенімді баяндап бергенімде. – Екінші рет өзің барғың келді! Ал мен солай істей алар ма едім деп ойлап отырмын...

– Өй, немене, істей алар ма едім деген, – деді Володя.

– Дұрыс істегенсің. Қарның шұрқырап үйде отырғаннан осында жүргенің артық та, жылы жер, сый-құрмет, тамағың тоқ дегендей.

Енді мен Саша мен Володя туралы бәрін білемін. Тек Сашаның пионерлер үйінде көркем сөз студиясына барып жүргенін, ал Володяның спортпен айналысып, оқушылардың жеңіл атлетика жарыстарында жүлде алғандарын ғана емес. Сашаның анасы бұдан біраз бұрын қайтыс болғанын, әкесі авиация инженері, өткенде екінші рет үйленгенін, енді Сашаның жақсы өгей шешесі барын, кешікпей інісі не қарындасы болатынын білемін. Ал Володяның іні-қарындастары жоқ, анасы жұмыс істемейді, әкесі шаруашылық қызметкері. Жалпы мен аз ба, көп пе – әйтеуір шама-шарқымша білемін, өйткені біздің өмірбаянымыздың өзі бай емес: папамыз мынандай, анамыз мынандай, осымен бітті.

– Мен сенен бір нәрсе сұрайын деп едім... – Саша менімен, Володямен, тіпті, басқа біреумен әңгімені осылай бастайды. Өзінің әдеті солай.

Ол бізден Востоковты, Полонскийді, Веневитиновты, Давыдовты, Гнедичті білесіңдер ме деп сұрайды, өзі олардың өлеңдерін жатқа соғатын. Мен де білетінмін, Николай Степановичпен бірге талай оқығам, бірақ бәрі есімнен шығып кетіпті.

Володя ашық мойындайды:

– Тұңғыш рет естіп отырмын. Содан соң, балалар, өмірге жақындасаңдаршы! Бүгін түскі тамаққа не береді өзі? Міне, бұл іскер сұрақ. Ал, Гнедич деген кім? Дворян ба, яғни қарны тоқ болған? Қанаушы тап!

Бір кеште Саша бізге дәптерін алып оқи бастады:

– «Сіздің жанарыңыз менің противогазымның көзіндей, жарқылдайды, түнгі ұрыс кезіндегі ракетадай, дүниені сәулелендіріп жібереді. Сіздің нәзік үніңізді кезекшінің «тамаққа», «ұйқыға» деген жанға жайлы даусымен салыстыруға болады. Менің махаббатым 1930 жылы жасалған тұңғыш оқтың жылдамдығымен азимут бойынша ұшады деп үміттенемін»...

– Бұл не?

– Бұл солдат фольклоры, – деді Саша. – Жаяу әскердің хаты деп аталады. Қызық емес пе? Мен мұны көшіріп алдым. Көшіргенде қате жіберіппін. Ұят, әрине. Бірақ кейін түсіндім...

– Қате деген не, тәйірі! Міне, осындай әдебиет маған ұнайды! – деп қуанып кетті Володя. – Маған бер, көшіріп алайын!

Біз бәріміз де қате жіберіп жазатынбыз. Жеті, тоғыз кластық біліміміз бар. Егер біздің шығармаларымыз бен қабырға газетіне жазған мақалаларымызды, хаттарымызды мұғалімдеріміз көрсе ғой! Алайда, бақытқа қарай, бүгінгі мұғалімдеріміз біздің сауатымызды тексермейді. Тек бір күні лейтенант Буньков менің жазған ұзын-шұбақ түсініктемемді оқып:

– Біздің кезімізде сауаттырақ жазатын едік, – деді. Ол менен үш жас үлкен еді.

Бір күні Володя, Саша және мен үшеуміз көшеге қарауыл қызметіне шықтық. Мектеп курсанттары үшін бұл едәуір бақыт еді, өйткені, олар комендатуралық тапсырмаға жіберіліп жарымайтын. Көше тәртібін бақылауға шығу бақыты зенитшілер мен десанттардың үлесіне тиетін. Майданда бұлардың көрмегені жоқ деп қалада оларға оқ пен оттың арасында жүріп тірі қалған адамдарға лайық құрметпен қарайтын.

Біз кездескен командирлермен сәлемдесіп, сирек ұшырасқан солдаттардың жанынан үнсіз өте бердік. Мен балалардың алдында көзге түсуге тырысып, әсіресе, Сашаның көзінше әдебиеттен құралақан еместігімді білдіргім келіп, Гайдар бізге «Барабаншының тағдырын» қалай жатқа оқығанын, «Жабайы ит Динго» – деген повесінің жазылу тарихы жайлы Фраерман қалай әңгімелегенін айта бастадым. Пионерлер үйіне Ираклий Андрониковты таксимен алып келу маған тапсырылғанын, содан соң оның түрлі адамдарды айнытпай салып сөйлегенін соқтым.

– Ал, мен Гайдарды алыстан ғана көрдім, – деді Саша. – Тегі ол сендерге келе жатты ғой деймін. Бізге жазушылар көп келмейтін.

– Атақтылардан мен кімді көрдім? – деп қойды Володя. – Жалғыз Циолковскийді ғана болу керек. Иә, иә, Константин Эдуардовичи! Газеттегі портретін. Көрдіңдер ме, мен өлең-жырдан аулақ емеспін. Сендердің Ганевичтеріңнен кем емес.

– Ганевич емес, Гнедич. Қалай ұялмайсың? – деп Саша тас-талқан болды.

– Ганевич, Гнедич – бәрі бір емес пе, балалар! – деп келісті Володя. – Қараңдар, қыздар кетіп барады – міне, бұл – шаруа!

Біз кинотеатрдың жанынан өтіп барамыз. Жұрт тарап жатқан. Кенет...

– Тұра тұрыңдар, – деп сыбыр еттім балаларға, белдігімді түзеп қойып. Сүйттім де кинодан шыққан топ халықтың ортасына қойып кеттім. Қызды қалай қуып жетіп, шинелінің жеңінен қалай тартып қалғаным есімде жоқ:

– Наташа!

– Ал, Наташамын. Немене? – Қыз маған таңырқай қарап, қолын тартып алды.

Ол емес екенін сонда ғана түсіндім. Содан соң қарауылда жүрген солдаттың кіші лейтенанттың жеңіне жармасуы сорақылық қой! Неге? Себебі бұл қыз басқа, мен білетін Наташаға ұқсас көрінді маған! Бірақ ол Наташаның бұл жерде жүруі мүмкін емес, ол десанттық бөлімдерде емес, майданда болатын.

Мен қызарып кеттім:

– Кешіріңіз мені... ойлап едім...

Алайда кеш қалыппын. Қыз жалғыз емес екен. Жанында капитан мен аға лейтенант болып шықты.

– Қай бөлімненсің? – деді капитан, содан соң ақырып қалды: – Қане, дұрыс тұр! Бөліміңнің номері?

Саша жүгіріп келіп, әрең дегенде маған жақындады. Бізді көшеде жүргендер қоршап алып қызықтап тұр.

– Қолына қызыл байлап алыпты. Кезекші солдат болды ғой. Сүйте тұра қызға жармасады, – деді біреуі.

– Ол көше тәртібін бақылап жүр, – деді әйел даусы. – Тәртіп бұзса, кімді болса да тоқтатады.

Әркім әр түрлі долбарлар айтып жатыр.

Мына әңгімелерді естігесін, капитан мен аға лейтенант әбден қызынып кетті.

– Қане, жүр бізбен! – деді капитан.

– Кеттік, кеттік, – деп аға лейтенант күректей алақанын менің иығыма салды. – Боқмұрындар! Осындайларды қайдан жинап алады!

– Боря! Мүмкін қажет емес шығар, – деді қыз, – өзіміз де...

– Наташенька, – деп капитан сөйлетпеді, – сен араласпа!

– Сіздердің праволарыңыз жоқ, – деп Саша алға ұмтылды. – Біз қарауылда жүрміз ғой...

– Ә, сен де бар ма едің? – Бойы аласа аға лейтенант серейген Сашаның жүзіне қарады. – Қане, сен де жүр! Қорғаушы табылды!

Біз қанша қарсыласқанмен, еруге тура келді. Әйтпесе жағдай мүлде қиындауы мүмкін ғой! Мұндайлардың алдында өзіңнің кінасыз екеніңді дәлелдеп көр! Жалғыз өтінішіміз – бізді комендатураға апаруларын сұрадық. Яғни, бақылауға жіберілген жерімізге. Бұл да көмектеспеді.

– Володя қайда осы? – дедім жолай Сашаға.

– Білмей тұрмын соны. Жанымызда жүр еді, зәресі ұшып қашып кеткен ғой.

Бізді авиация десанттарының бригадасына әкелді, қызыл әскер билетін, бәтеңкеміздің бауына дейін сыпырып алды да, «губаға» жауып қойды.

«Губалары» қаңырап тұр екен. Саша екеуміз бірімізге біріміз қарап отырдық. Саша көзәйнегін сүртті де:

– Түкке тұрғысыз бірдеңе болды ғой, а? – деді.

– Иә, – деп келістім мен де. – Ақымақтық болды.

– Сен білесің бе, – деді кенеттен Саша, – мен қызығып отырмын. Оларды түсінемін. Десантшыларды айтам. Олардың көрмегендері жоқ, енді келіп өзіміздің қалада... біз, тәртіп сақтаушылар! Күлкілі! Солай емес пе?

Саша философ болатын, ойлануды, пікір айтуды ұнатады. Мұндайда мен оған ештеңе айта алмаймын.

– Солай шығар...

Ол көзәйнегін алып, тағы сүртті. Содан соң:

– Мен сенен сұрағым келіп еді... Сен... қалай десем екен... Сенің біреуің бар ма?.. Кімді сүйесің? – деді.

Мен үнсіз басымды изедім.

– Өте сүйесің бе? Шынымен?

– Өте...

Өзім, шамасы, нағыз мылжың болып шықтым ғой деймін.

Наташа жайлы ұзақ сөйледім. Менің әңгімем бойынша, Наташа маған ғашық, менің еркекке тән сабырлылығымнан азап шегеді, менсіз өмір сүруге жоқ болып шықты. Майданнан жиі-жиі хат жазып тұрады...

Саша бұрын менен бұл жайлы сұраған емес. Мен де одан сұрауға ұялатынмын.

Енді Сашаның өзі айтты:

– Маған да біздің студиядағы бір қыз ұнайтын. Әрине, ол ештеңе сезген емес. Кейіннен оның Венька Холодилинмен сүйіскенін білдім. Міне, мұндай да болады...

Ертемен кезекші бізге қоймалжың балық сорпасы мен бір-бір үзімнен нан әкеліп берді.

– Күш жиып алыңдар, жігіттер, – деп күлімсіреді. Қарнымыз ашып отырған. Екеуміз де котелокқа бас қойдық. Қасық бермеді: ұмытып кетті ме, әлде десанттар «губасында» қасықпен тамақ ішуге болмай ма. Содан соң кешегі аға лейтенат келіп, күтпеген жерден жылы шырай білдіріп, қамқорси сөйледі:

– Heci бар, балалар. Қалыңдар. Бізде бөлім ғой. Сендерде не: винокль қарау. Біз ертең қайта жасақталамыз, содан соң іске кірісеміз. Документ жағын қатырып береміз – қаланың коменданты өзіміздің адам. Ал мектеп бастығымен келісеміз.

Біз үнсіз бір-бірімізге қарадық. Мүмкін дұрыс та шығар?

Аға лейтенант біздің үндемегенімізді келістіге жорып, қуанып кетті:

– Міне, дұрыс. Сендер ақылды, жауынгер балаларсыңдар! Көрініп тұр. Өкінбейсіңдер. Бүгін біз сендерді секіртіп жаттықтырамыз. Самолеттен секіріп көріп пе едіңдер?

Біз тағы бір-бірімізге қарадық.

– Жоқ. Мәдениет паркіндегі мұнарадан секірдім, – дедім.

– Ол түк емес. Алғашқыда күрделі болмайды, – деп аға лейтенант жұбата сөйледі. – Жайымен кідіріп секіру, бәрінен көздеген жерге дәл түсу қиындау. Ал, жалпы секіру оп-оңай...

Аға лейтенант бізге сеніммен, күлімдей қарады.

– Ал, кеше, балалар... Ашуланбаңдар Капитан екеуміз ептеп... Өздерің түсінесіңдер ғой, қызулау едік. Ондай-ондай кімде болмайды!

Бұл күнгі оқиғалар көзді ашып жұмғанша бірінен соң бірі өтіп жатты. Бір сағаттан кейін бізді ешқандай жаттығусыз парашюттан секіру үшін әуеге көтерді, ескі трамвай секілді селкілдеген «Дуглас» аэродромнан бір айналғанда, есікті ашты да:

– Секір! – деді.

Біз қорқып не қуанып үлгерместен, өзінен өзі жайылған парашюттың астынан бір-ақ шықтық.

Жерге түскен соң, өзіміздің тірі екенімізді сездік. Тағы да ауаға көтерілдік, енді екеуміз емес, өзіміз секілді он шақты баламен бірге. Қызық болғанда – балалардың біреуі қорықты, оны самолет есігінен итеріп те шығара алмай қойды. Біз ойланбастан және аман-есен қардың бетіне түстік. Бізге ұнады.

Түске қарай бізді іздеп лейтенант Буньков келді.

– Жолдастар, сендер мазасызданбаңдар. Бұлар мына істері үшін жауап беретін болады. Протопопов кеше бізге бәрін айтты. Бұлардың аздап ішіп алғаны да анықталды...

Біз үйге, мектебімізге оралғанда, Буньков бізді капитан Катонинге апарды. Буньков қалай болғанын баяндап болғанша, біз мектеп бастығының алдында, күнаhap адамдай, иығымыздан су кетіп, тұра бердік.

– Балаларға сену керек, – деді ақырында Буньков, анау пәлендей ештеңе демесе де. – Сену керек және тексеру де керек, әрине. Бірақ міндетті түрде сену керек.

Бізді ешкім ұмытпапты, іздеп мазалары кетіпті, қаланы аяғынан тік тұрғызыпты. Ал, біз... Біздің десантшыларда қалғымыз келгенін ешкім сезбесе де, өзіміз бір түрлі қысылып тұрдық.

– Балалар, ойда жоқта байланысып қалғандарыңды-ай! – деп ұйықтар алдында төсегімізде рақаттана керіліп жатқан Саша екеумізге Володя тіл қатты. – Ал, мен сендерді көрген бойда қарауыл бөлмесіне тарттым. Осылай да осылай, мектеп басшысына хабарлау қажет дедім. Содан соң мектепке келіп, Буньковқа да емес, бірден Катонинге кірдім. Буньковты шақыртқан сол. Мен болмағанда, «губада» арқаларыңды біраз күнге қыздыратын едіңдер...

Біз тағы да әр түрлі таңырыпқа әңгіме соқтық, сол кезде Володя:

– Балалар, тегі маған да комсомолға өтетін уақыт болды-ау деп ойлай берем. Қалай қарайсыңдар?

– Әрине, уақыт болды, – деп келістім мен.

– Сендер маған кепілдеме бересіңдер ме? Мен Буньковқа айтып ем, ол қолдайды.

– Мен беремін, – дедім мен. – Әрине, беремін.

-Саша үндемей қалды.

– Саша, сен ше? – деп сұрады Володя.

– Мен бе? Беретін шығармын.

– Міне, жақсы болды, балалар, – деп қуанды Володя. – Сенімдеріңе рақмет! Ал мен ақтауға...

«Оңтүстік-Батыс және Дон майдандарының әскерлері Сталинград түбінде батыл қарсы шабуылға шықты»...

Радио мен газеттер қуанта бастады.

«Соғысқа бәріміздің етіміз үйреніп келеді. Ертелі-кеш жұмыстамын. Бәрі де жақсы. Қапаланба. Тек қаңыраған үйде түнде қиын-ақ. Қазір өзіміздің үйде де емес, Никифоровтар тұрған үйде тұрамыз. Нонна есіңде ме? Олар эвакуацияда ғой. Қалғандарымызды төменгі қабаттарға көшірді. Сақтық үшін ғой. Майдан хабарлары қуантып жүр. Бәрі тезірек бітсе екен. Сен неге хат жазбайсың, тамақтарың қалай? Бос мезгілде не істейсіңдер? Пионерлер үйіндегі достарыңнан хат алып тұрасың ба? Әлгі бір майданға кеткен қыз, аты Наташа ма еді, хат жаза ма?..»

Ол маған хат жазбады. Тіпті, менің алғашқы хатыма да жауап берген жоқ.

Үйден хат күнара, кейде күнде келеді. Мен де анама жазып тұрдым. Содан соң Наташаға сирек жазуға тырыстым.

– Қойсайшы өзің соны! – Володя менің ылғи Ленин бөлмесіндегі өзіме келген хаттардан басқа бір хат күтетінімді білетін. – Әйел заты үшін басыңды қатырып... Оның үстіне өзі әскерде жүрсе! Өзің көріп жүрсің ғой оларды... Сенімен ісі жоқ болар!

Мен шынында да көріп жүрмін. Неге екені белгісіз, менің көргенім біреу: кинотеатрдың жанынан капитан мен аға лейтенанттың қоршауында кеткен басқа Наташа. Үшеуі де көңілді. Менің Наташам да солай жүрген болар. Маған хат жазбауы да сондықтан...

Демалыс күні Володя екеуміз қалаға шығуға рұқсат алдық.

– Бүгін сен менімен боласың! – деді Володя. – Бір үйге барамыз...

– Білесің бе... Саша да кезекте...

Менің барғым келмей тұр. Дегенмен кеттік.

Тоқыма комбинатының жанындағы тар үйден картоптың, тұзды балықтың, жуаның, әтірдің және белгісіз нәрселердің исі шығады.

– Мен саған айттым ғой: қыздар деген – мінеки!– деп Володя бас бармағын шошайтты.

Әзілқой Володя қыздармен тез тіл табады екен. Тегі екеуміз тұңғыш рет бүйіріміз шыға тойдық. Үш бөтелкедей адамның құсқысы келетін бірдеңе іштік.

– Сен неге маған бұлай қарайсың? Әдемі емеспін бе?

Қыз маған қарады – дөңгелек жүзінде шешек дағы бар, қысық көз, қасын қап-қара етіп бояп қойған.

– Өзің сүйісе алмайсың, – деп мұңайды ол. Содан соң: – Басқа біреу жайлы ойлап отырсың ба? Мен де сен туралы ойлап отырғаным жоқ... Бірақ ол жоқ... Қаза тапқан.

Өзің дайындалуға берілетін сағаттардан артық ештеңе жоқ!

Сыртта боран. Далада қаншалықты салқын екенін білеміз. Күнбе-күн таңертеңгі сағат алтыда көйлекшең денешынықтыруға далаға шығамыз. Дәл қазіргідей тас қараңғы әрі салқын болады. Ал, класымыз жылы. Сыртта боран ұлып тұрғасын, іште одан сайын жылы секілді көрінеді. Біз гимнастеркаларымызды шешіп, рақаттанып отырмыз. Жағамызды тіктік.

Өзің дайындалуға берілетін сағаттар, былай қарағанда, мағыналы өткізілуге тиіс. Өткен материалдарды қайталау, қару-жарағыңды тағы да тексеріп қою, киімдеріңді реттеу үшін беріледі.

Алайда бұл – өзіңді басқа уақыттағыдан гөрі еркін сезінетін кез. Ішкі және бақылау қызметтерінің уставынан басқа, Конан Дойльды, Шпановтың «Алғашқы соққы» деген көп тараған романын немесе Василевскаяның «Кемпірқосағын» оқуға, жәй өзіңше әңгіме соғуға болады.

Содан соң ол жайлы ойлауға болады.

Қиял – ұлы нәрсе! Мен оның маған деген махаббатын, оның ойларын, үмітін, тіпті, маған жолданбаған хаттарын қиялдаймын. Өзіңді дайындау сағаттары! Қиялдаудың, өзіңді өзің талдаудың, кейде өзіңді-өзің түкке тұрғысыз деп санайтын ұлы сағаттар!

Газеттер мен радио майданнан қуанышты хабарлар жеткізді – бұл трагедия! Бұл, әрине, қуаныш қой, бірақ ол жерде біздің болмауымыз – трагедия. Көңілсіз хабарлар келіп жататын жақта тағы да біз жоқпыз, ол сол жерде жүр. Басыңнан шықпай қоятын ойлардан құтылу үшін жағаңды қайта-қайта тігіп, мылтығыңды да тазалай бересің...

Жаңа жыл қарсаңындағы осындай бір кеште мектепте күтпеген жерден команда берілді:

– Тұрыңдар!

Біз бөлімше, взвод, батарея бойынша сапқа тұрып, екінші қабаттағы залға түстік. Мұнда бастықтың бәрі жиналыпты. Олардан басқа иықтарында қара сызықшалары бар, бейтаныс командирлер бар екен. Артиллерияшылар!

Біз «тік тұр» деген команда бойынша қатарласып тұрдық.

Кезекші лейтенант Буньков бастыққа біздің тұрғанымыз туралы баяндады.

– Еркін тұрыңдар! – деді капитан.

Мектеп басшылары бейтаныс командирлермен қатар жүріп, бізге қарап қойып, өзара әңгімелеседі. Бәрі біз көрмеген салтанат әрі жұмбақ жай секілді. Тіпті осынша бастықтың алдында «еркін» тұрудың өзі ғажап қой!

– Ал, жігіттер, қалай? Жаман емес қой деймін? – деген бейтаныс командирлердің бірінің үні естілді.

– Жақсы. Жақсы жігіттер, – деп мектеп бастығы күлімсіреді.

– Шынымен кетеміз бе? – деп сыбырлады Саша маған. – Ал саған десантшы керек болса!

«Әрине, майданға барамыз! – дегенді қабағымнан танытамын. – Басқа қайда? Және Жаңа жылдың алдында! Тылға бармаймыз ғой енді!»

Жүз елу баланың бәрі осыны ойлап тұрды білем.

Ақыры Катонин тоқтап, алға шықты.

Кезекші лейтенант Буньков «түзу тұр» деп команда бергелі жатыр еді, мектеп бастығы қолын сермеді:

– Керек емес. Жолдастар! – деді ол бізге қарап. – Біз ертең жаңа жерге бет аламыз. Сағат 17°°-де станцияға эшелон келеді. Ертемен қару-жарақ, құралдарыңды тағы бір тексеріп алыңдар. Батальон командирлері мен взвод командирлері қалсын. Басқаларыңа демалуға рұқсат. Жайлы түн болсын!

Жайлы түн! Мұндай түнде жайлы жататындай есалаң біздің жүз елу баланың арасында жоқ сияқты.

Арамызда кертартпалар да болды, бірақ біз мектеп бастығының сөзін айтып олардың үнін шығартпай қойдық. Қару-жарақ, құралдарды тексеру – бұл немене? Ойын ба?

– Иә, балалар, бұл тегін емес! – деді Володя. – Таңға дейін тірі болайық, қайырлы түн!

Қайырлы түн! Дегенмен Володя мықты екен – қор ете түсті. Ал мен бұл түні Сашаға Наташа туралы айттым. Оның қырық бірден бері майданда екенін, жалпы ол туралы ойларымның бәрін айтып шықтым.

– Ол менен үш жастай үлкен – деп мойындадым Сашаға.

Саша жастығын аударып салып, көзәйнегін түзетті содан соң. Ол қазір мен күтпеген бір нәрсе айтатындай көрінді.

– Несі бар, – деді ақырында Саша. – Жалпы жаста тұрған не бар екен!

– Мен де солай ойлаймын...

– Дегенмен маған оның қашып кеткені ұнамайды, – деді Саша кенет. – Ұйықтап жатқаны да. Осындай түнде!

– Кім?

– Мынаны айтам. – Саша ұйықтап жатқан Володяға қарады.

– Анада... Ал біз оған кепілдеме бердік. – Жарайды, қайырлы түн!

– Оның не, Саша! Володя жақсы жігіт. Қарашы, жұрттың бәрі оны жақсы көреді. Тіпті Буньков та...

– Буньков, рас, жақсы. Жарайды, жарайды. Жақсы ұйықта, – деп қайталады Саша. – Мен жай өзім ғой...