Fariza Ongarsynova. Otkendi kaitalau

1943 ЖЫЛ

Москва үстінде салют беріліп жатты. Оңтүстік-Батыс, Калинин, Солтүстік-Кавказ, Оңтүстік, Орталық, Прибалтика майдандары шабуылға шықты. Күн сайын – азат болған қалалар. Кеш сайын – жаңа салюттер.

Мені бәрі жалықтырды. Хирургия бөлімшесінің ұзын коридорындағы ең түкпірде тұрған қара көлеңке мына палата да, тақыл-тұқыл тамақ беріп, ертелі-кеш қызуыңды өлшейтін госпитальдың бірсарынды көңілсіз тірлігі де, мен ылғи казарма үйлерімен қоршалған ayлаға қарап отыратын бұлыңғыр терезе де, екі ай бойы бітпей гипс салынған аяғым – бәрі мезі қылып жіберді. Бір жұмадан бері балдақпен жүргенім де сергітпейді. Жалғыз балдақпен қалай және қайда секіресің.

Күнтізбе қазанның аяғын көрсеткенмен, Москвада қыс түсіп кетті. Госпиталь Сокольникиде – университеттің бұрынғы жатақханасында. Бұл өзі кішігірім қала, бұрын қандай болғанын елестету қиын. Мен бұрын студенттер жатақханасы дегенді көрген де емеспін. Қазір бұл жатақханаларды оңып кеткен халат киген, көңілсіз, ештеңемен ісі жоқ жүздеген жаралылар мекендейді. Ауыр жаралыларды көзден таса ұстайды. Оларды дәрігерлер, сестралар, күтушілер және палатадағы көршілер ғана көреді. Олар өлгенде де денелерін жауып, көрсетпей, бұрынғы қойманың бөлмесіндегі моргке алып кетеді.

Менің армияға келгеніме бір жыл болды. Бұл майданда үлкен оқиғалар болған жыл еді. Жаралылардың ішіндегі нағыз жауынгерлер (менің сыңарым емес) майдандағы жаңалықтар жайлы жарыса айтып, дуылдасады.

Нағыз жаралыларды мен сирек көрдім. Дәлізде аз ғана қыдырыстап жүрген кездерімде, жара таңатын бөлмеде ғана көрем.

Бөлімшедегі біз жатқан екі орындық жалғыз палатаға өзім секілді жауынгерлер түседі: шығып кеткен, сынып қалған, онда да ұрыс даласында емес, Москва көшелерінде, денешынықтыру сабағында.

Олар өздерінің махаббат майданындағы жүріс-тұрыстарын мақтан етіп, содан соң маған қосылып тылда жүргендердің қайғылы тағдырын айтып мұңаяды.

Бірде жасамыс старшина көршім болды. Мен әбден зерігіп кеттім. Старшина жарға қарап жатып алады, мені ғана емес, жалпы ешкімді көргісі келмейтіндей.

– Сен таңданба, – деді маған менен басқаның бәрі Верочка деп атайтын медициналық сестра Вера Михайловна. Ол менен он жастай үлкен. – Бұл кісінің өз қайғысы бар. Өмір сүргім келмейді дейді. Екінші рет «қара қағаз» алыпты – кіші баласы қаза болған. Үлкені қырық бірінші жылы қаза тапқан. Саған қарағысы келмейтіні сондықтан. Мүмкін, сен ұлына ұқсас шығарсың не құрдас боларсың... Ал, басқа ешкімі жоқ білем.

Мен Вера Михайловнадан қорқатын едім, әлде ұялам ба. Ол маған кішкентай бала деп қарайтын секілді.

Госпитальдағы дәрігерлер ауруларды түрліше қарайды. Көбіне емдеуші дәрігер мен сестра, кейде бөлімше бастығы толған дәрігер, сестралармен бірге жүріп тексереді.

Осындай үлкен тексерудің бірінде:

– Гурий Михайлович, мені басқа палатаға ауыстырыңызшы, – дедім.

Басқа палаталардың бәрі біздікінен үлкен, сонда барсам тезірек жазылып кетердей көремін. Және палатаның бәрінде құлаққа қойып тыңдайтын радио бар, соның өзі-ақ зеріктірмейді. Бір кезде кір қоймасы болған біздің палатада радио нүктесі де жоқ. Тіпті майдан хабарларын да тыңдай алмайсың! Шоқша сақалды, аласа бойлы бөлімше меңгерушісі аяушылықпен жүзіме қарады:

– Болмайды, көгершінім! Қарай гөр! Одан да тағдырыңа алғыс айт, мұндай сынықтардың жазыла қоюы... қайта бақытты екенсің. – Гурий Михайлович менің гипсті аяғыма қарап қойды.

Мен бақыттымын деп жүргенім жоқ.

Қырық бірінші жылы майданға ене бергендей болып едім, алайда онда бірнеше сағат қана болдым. Қырық екінші жылы өлдім-талдым деп әскери мектепке кезігіп ем, ол да оңбай шықты! Мектепте жүргенде жаным жек көретін логарифмдер мен синус, косинустарға тағы жолықтым. Құдай бергенде, үш ай өтпей бізді жылы машинаға тиеп алды да кетті. Соғысуға келе жатырмыз деп мәзбіз. Келе жатқан жеріміз – Гороховецкідегі оқу полкы болып шықты! Кәсібіміз – масамен күресу, баяғы баспахана жұмысы. Енді, міне, госпиталь. Бір жылдан астам болмаған Москваға екі күнге барып келуге сұранып шығып ем – сол күні машинаның астына түстім. Қалай деңіз? Көше тәртібін бақылайтын солдаттың кесірінен – көшемен неге жүресің деп жармаса кеткені.

Ол өзінше мыжып ақылын үйретіп жіберіп еді, енді көшенің арғы бетіне шығамын дегенше болған жоқ – тіземнің сынып кеткенін бір-ақ көрдім.

Бақытты дейді.

Қазір Гороховецкідегі лагерьді, өзіміздің полкты, батареяны, взводты, Саша Баринов пен Володя Протопоповты, Буньковты ең бір үйреншікті жақындарды еске алғандай елестетемін. Олардың даусын естігендей, жүздерін көргендей боламын. Міне, старшина взводты тамаққа әкеле жатыр, әдеттегіше «Ән шырқа!» – дейді, бұрын мен бастайтын едім. Енді кім екен? Әрине, біреу тапқан болар. Өзіміз айтатын әндерді естігендей болам, өйткені олардың бары екеу: «Белоруссия аяулым, Украина алтыным! Сендердің жас бақытың...», – деп басталатын біреуі. Екіншісі – «Қиыр шығыс, тойтарыс бер! «Қызылтулым, батылырақ ұрысқа!» Міне, батальон командирі лейтенант Буньков үйдің ішіндегі тәртіп мәселесін қарап жүр: старшинаны қолға алып жатыр, анау көздерін жыпылықтатады. Бұл оның абыройымды айрандай төккеніңіз не, жолдас батарея командирі, – дегені. Ал батальон командирі мұны жақсы біледі, бірақ ол тықаңдаған бастықтарды жақтырмайды, қайта балаларды ұнатады. Володя әдеттегіше қалжыңбастанып жүр. Ал, Саша мұрнын тартып қойып, көзәйнегін сүрткен күйі қабырға газетін шығарып жатыр. Сол үшін оны асханадағы кезекшіліктен босатқан. Саша қазір – батареяның комсоргы.

Ал, Сашаның қызметі күлкілі және содан өзі кереметтей қысылады. Каптенармус – жазушы... Әрине, мектептегідей емес, қазір жұрттың бәрінің мамандығы әр түрлі. Мен, мәселен, таяқпен барлау жасаймын. Лейтенант Буньков – біздің топографиялық барлау батареясының командирі. Ал, лейтенант Соколов – біздің взвод командиріміз. Бізде фото барлаушы взвод деген пайда болды. Ал бұрынғы мектеп бастығы Катонин – енді полк штабының бастығы. Қазір мектептегідей емес, полкта адам көп, бірақ Катонин «өзімнің балаларым» деп бізді ұмытпайды. Мысалы, осы сәтте майор түскі тамақтан кейін жеркепедегі «өзінің балаларын» аралауға кірген шығар – түскі үзіліс кезі, арбиған екі қабат жер үйдегілер түгел, штабта да тыныштық. Жалпы мен әр минут, әр сағатта олардың не істеп жатқанын елестете аламын.

Біз Гороховецкіге бірінші қаңтардың қарлы таңында келгенбіз. Ильино станциясында қарт солдат-кезекші бізді қарсы алғаны әлі есімде:

– Ох, сүмелектер! Сендерді жел айдап келді ме?! – деді. Гороховецк лагерьлері туралы әр түрлі аңыздар бар. Жетпіс бес метр құм, құмды шұқып қалсаң бүрге. Қыста бүргелер жеркепелерге жиналады, тіпті, солдаттар ұйықтайтын жусаннан да жасқанбайды. Айналада тірі жан жоқ, біраз жерде Гороховецк қаласы ғана бар.

Бүрге мен құм өз алдына. Құмның айналасы – батпақ.

Бұған қоса масасы тағы бар. Маса деген бүргеден де жаман ғой. Бүргеден қышыма болсаң, масадан безгек боласың. Лагерьдің тамағы да... Әрі кетсе үш ай төзерсің, одан әрі – әй, білмеймін.

Ал қазір мен сол Гороховецк лагерін қызығып есіме аламын. Сонда қайта барып, балалармен тағы бірге болу үшін не сұраса да берер едім...

Қысқы боран тұлданып

терезені қағады.

Солдаттар сәл мұңданып

ыңылдап ән салады.

Пеш өртеніп тұр жанып,

жылы төсек – мекенің.

Ұмытады сонда жұрт

сыртта соғыс екенін.

Еске алады тамсанып

үйді, сонау өмірді.

Олар тойды қарсы алып

жүрген болар көңілді.

Тастай түнек бұл жерде,

өлім тұнған бір ғалам:

жалын кешіп жүргенде,

төбеңнен оқ зулаған.

Қайрат беріп сонда да

бір-біріне сөйлейді:

– Жығылармыз орға да,

бірақ бақыт өлмейді.

Қысқы боран тұлданып

терезені қағады.

Солдаттар сәл мұңданып

ыңылдап ән салады.

Онда маған хат та келген болар ендігі. Үйден емес – анам күнде дерлік госпитальға келіп кетеді, жазуы, сөзіне дейін маған өте таныс хаттарды айтам...

Қазан мейрамынан кейін мен тағы жалғыз қалдым. Старшинаны операция жасамай-ақ шығарып жіберді.

Менің жағдайым тәуір сияқты, Гурий Михайлович аяғымды қарап:

– Енді, көгершінім, аунап жата берме! Жүру керек, жүру. Емдік бағыттағы жаттығулар жасау қажет. Екі кезек, жоқ, үш. Сестра, жаралыны қадағалаңыз, – деді.

Госпитальда аурудың бәрін жаралылар дейді.

Мен жүрдім, жаттығу жасадым, палатада жалғыз қалғанда тағы жалғастырамын. Гипсті алып, сынған жерімді қатты етіп байлап тастады. Тезірек бітсе екен, тезірек!

Бір кеште, жатар алдында палатада жаттығу жасап жатыр едім, Вера Михайловна келіп қалды. Мен аяғымды қозғап тұрып есіктің ашылғанын да байқамаппын.

Сестраны көргенде, сасып қалдым.

Жамылғыны тартқыштап:

– Сестра, аяғымды жетілдіріп... Гурий Михайлович айтқан жаттығулар... – деп міңгірледім.

Мен не деп тұрмын, дәрігердің не дегенін Вера Михайловнаның өзі де естіді ғой.

Алайда Вера Михайловна үндемеді. Тіл қатпастан төсегімнің жанында, өзіме қадалып тұра берді... Қарағаны бір түрлі, күнде дәрігермен келіп жүргендегі қарасы емес: онда градусник салады, алып кетеді, халың қалай деп сұрайды.

Қазіргі бет-жүзі де әдемі. Бала кезімде көріп, қол жетпестей армандайтын сұлу әйелдерге ұқсайды. Мен оларға өлердей ғашық болатынмын, бірақ бұл туралы өзімнен басқа ешкім білмейтін.

Менің түрім онша болмаса керек.

– Сен не, айналайын? – Вера Михайловнаның дауысы да әдеттегіден басқаша шықты.

Кенет мен оның жүрегінің тарсылдап тұрғанын естідім. Әлде өз жүрегім бе екен? Ернім де құрғап қалды.

Мен не дегенімді өзім де білмеймін, бірдеңе деп міңгірлеп, көрпемді кеудеме тарта түстім.

Ол менің төсегіме отырып, менің қолымды ұстады да:

– Қорықпа, ақымақ, қорықпа! – деді.

Мен бәрін білем және түк білмеймін. Сол сәтте не болғанын түсіне алмадым.

Ол менің бетімнен, тамағымнан сүйіп, қолымды өзінің өрттей ыстық бетіне тақады, мен бұрын-соң басымнан кешпеген бір рақат күйде жата бердім.

– Құшақта мені, құшақта! Сен бала емессің ғой... Сенің таза, пәк екеніңді білемін. Басқалар өздері жүгіреді... Мен олай істегім келмейді... Мені құшақта, ақымақ! – деп жалынды.

Сол сәтте оның даусы Наташаның даусына ұқсап кетті. Тек сөздері ғана оныкі емес.

«Наташа! Наташа! Үндеме! Сөйлеудің керегі жоқ!» – деп ішімнен айтып жатырмын.

Маған жақсы болғанмен, кенет өзімнің құшақтай алмайтынымды сездім. Құшақтау түгілі, жақындай алатын емеспін.

Ал, ол кенет жылап қоя берді – қызға ұсап селкілдеп жылады:

– Мен бәрін білемін. Білемін! Менің сәбилі болғым келеді, таза, пәк, құйттай... Сол үшін өмір сүріп, еркелеткім келеді...

Ол палатадан атып шықты. Мен әрі ұялып, әрі жаным ашыды...

Ертесінде Вера Михайловна күндегісіндей палатаға келеді. Қолтығыма градусник салды, терезе пердесін ысырып, желдеткішті ашты. Содан соң менің жаныма кідіріп, қызуымды байқайын дегендей, қолын маңдайыма басты.

– Кешегіні есіңе алмай-ақ қой! Жәй, бәрі өтеді, – деді де, шығып кетті.

«Қымбатты достым!

Сен госпитальдан шықпай қойдың ғой. Саған келейін деп жиналып едім, Катонин мен Буньков та жіберген. Комсомол жұмысынан шыға алмадым. Бүгін сенің қуанышты хатыңды алдым: гипсті алса, жақын арада келесің деген сөз!

Бізде бәрі жақсы. Ұсақ-түйек оқиғалар жайлы кездескенде айтармын. Ең басты мәселе – майданға жіберу туралы сыбыс жоқ.

Солдат ғылымынан бас алмай жүрген жай бар. Сен мазаланба, оқып жатқанымыз – баяғыда өзің бардағылар. Саған үш хат жіберіп отырмын. Сенің күтіп жүргеніңді білемін. Басқа хаттарды, өзіңнің бұйрығың бойынша, алып қойдым. Тезірек жазыл. Сенсіз ішім пысып жүр.

Бәрінен сәлем! Айтпақшы, Володяны құттықтауыңа болады, ол – ефрейтор болды.

Құшақтаймын.

Өзіңнің Сашаң».

«Саламатсың ба!

Сенің бес хатыңды бір күнде алдым. Неткен байлық! Жанымдағылардың бәрі қызығады: хат алудан бірінші орындамын. Бұл үшін саған рақмет! Мамам да жазады, бірақ сендей жиі емес. Ол да аман көрінеді. Мүмкін, мен мамама сенің анаңа барып тұр, қажет болса көмектес деп жазармын? Жазып жібер, жарай ма? Ұялма. Мен сенің тек хат жазғанда ғана батыл екеніңді білемін.

Ойнап айтам ғой. Ал сенен шындап өтінетінім – ойыңа келгенді жаза берме бұдан былай. Екеуміз жақсы достар болып қалайық.

Хатым қысқа болса кешір. Көптен жазбағаныма да ренжіме.

Сау бол!

Наташа».

«Саламатсың ба!

Хаттарың үшін рақмет! Қателеспесем, мен саған хат жазып жібергелі тағы екі хат келді ғой деймін.

Мен сенен хат алғанды жақсы көрем. Оларда балалық шақтың елесі бар, – сен ашуланба – шынында да баланың хаты тәрізді. Ал сенің майданға барсам дегеніңнің өзі – баланың арманы. Мұнда сен ойлағаннан гөрі басқарақ. Сенің қауіпсіз жерде болғаныңа қуанамын.

Өзім туралы саған не айтам? Жұмыс істеймін. Біздің шаруа, былтырғыға қарағанда (қырық бірді айтпағанның өзінде) едәуір жақсы. Соғыс кешікпей бітеді деп үміттенеміз.

Сен өсіп кеткен боларсың.

Аман бол.

Н».

«Саламатсың ба!

Сенің хатың мені әрі қуантып, әрі таңдандырды. Қуантқаны – сенің хатың болғаны. Ал таңдандырғаны – сен орден алғаным, жараланғаным жайлы бәрін қайдан білесің? Мүмкін сен Москвада шығарсың, үйге барып мамамнан естідің бе?

Құттықтағаның үшін үлкен рақмет!

Жараланғаным туралы, тіпті айтуға тұрмайды. Баяғыда, ақпанда болды ғой. Қолымды оқ жырып кеткен. Сол кезде орны үлкен тыртық болып қалады-ау деп уайымдағам. Тыртық онша үлкен емес. Бір жаманы көрініп тұратын жерде.

Сен көптен менен хат алғаным жоқ деп жазыпсың. Ашуланба! Енді жиі жазамын. Хат алмағанда көңілсіз екенін мен түсінемін, сондықтан сенің мені ұмытпай жүргенің үшін рақмет! Енді өзің жазған бір жәй туралы. Иә, сүйемін. Бір адамды ұнатамын. Мен қатыгез болғым келмейді. Өзің сұрағасын саған өтірік айтқым да келмейді.

Мен саған біздер нағыз достар болып қаламыз деп айттым да, жаздым да ғой. Дұрыс емес пе?!

Хаттарыңды күтемін!

Ұмытпа және ашуланба!

Наташа».

Неге?

Комиссия – бітті деген сөз! Комиссия әдетте жаралыларды босатып, ауруларды үйлеріне қайырады.

Комиссия екі жұмаға демалыс берді, мен үйге тарттым. Әуелі трамваймен Сокольникиға жеттім де, әрі қарай метромен кеттім. Арқамдағы қапшығымда екі жұмаға берілген тамақ бар. Анама құр қол келмейтініме қуандым.

Екі жұма! Қамсыз еркіндік! Әскери форманы шешіп, жәй азаматтық киіммен жүруге болады. Ал, бас ше? Тықыр бас бәрібір ұстап береді. Әскери бақылаушылар жай адамдарды да тексереді. Сондықтан формамен жүре беруге тура келеді.

Бүгін міндетті түрде үйде болам. Оның үстіне күн демалыс. Үйде анама көмектесемін. Ал, ертең ше? Мүмкін, ертең Наташаның үйіне кіріп шығармын? Жоқ. Өткендегі хаттан кейін... Жоқ, онда бармаймын. Одан да Москваны аралаймын. Мүмкін, киноға кірермін. Ал, егер пионерлер үйіне кіріп шықсам? Саша да қуанып қалар еді. Пионерлер үйіне ертең-ақ барып шығуға болады. Жолдастарды тауып алған жақсы болар еді, бірақ кімді? Біреулері әскерде, енді біреулері эвакуацияда. Москвада қалғандардан ешкім хабарласты ма деп анамнан сұрармын. Ал, бүрсігүні ше?

Мен сылтымауға тырыссам да, аяғым көнбейді. Трамвайда түрегеп тұрдым. Метрода маған орын берді. Отырмаймын десем де, ішімнен «жаралы жауынгер» деп қабылдады деп мақтанып тұрмын.

Анам күтіп отыр екен. Маған бидай ботқа пісіріп, америкалық колбаса сақтап қойыпты.

– Қанша күнге? Көп уақытқа ма? – деп анам бірден сұрады. – Неше күнге жіберді?

– Көп уақытқа, мама, – дедім. – Екі күнге, бүгін және ертең. Бүрсігүні – бөлімге!

Лагерьге кеш жеттім. Біразын көріп үлгердім, Буньковты, Соколовты, тек Саша және Володямен ұйықтар алдында ғана кездестім. Олар кезекте екен – Саша бақылауда, Володя асханада. Екеуі де жұрт ұйқыға жатқан кезде оралды.

Біз баяғыша төсекке шығып алып, әңгіме соғуға кірістік. – Келгеніңе ырым жасайық, – деп сыбырлады Володя. – Мен аздап сақтап едім.

Ол жастығының астынан ба, құтыны алып, аузын бұрады да:

– Мә, жұт! – деп сыбырлады.

– Іш, – деді Саша.

– Бұл не?

– Бол, іш, – деп Володя тағы сыбырлады.

– Ендеше сенің жоғарылағаның үшін! – дедім Володяға.

– Сенің аман оралғаның үшін! – деді Саша. Мен көбірек ұрттап жібердім де, дем ала алмай қалдым. Менен кейін Саша ұрттады.

– Таза спирт, 96 градус, – деп қойды Володя. Coдан соң не болғаны есте де жоқ. Түнде біз кезекшінің жанына барғанымыз, ішкөйлекшең көшеге шыққанымыз – бірі есімде жоқ. Бізді төсегімізге әкеліп старшинаға «жазаламаңдар!» – деп бұйырған Бунковпен де не жайлы сөйлескенімізді білмеймін.

– Батальон командиріне рақмет айтыңдар, – деді кезекші старшина. – Егер кезекші Буньков емес басңа біреуі болғанда, далада, қарда қалатын едіңдер!

Таңертеңгі денешынықтыру мен кезекті тексеруден кейін Володя бізге бос құтыны көрсетті:

– Бәрін таусыппыз! Және құр өзін ішіппіз!

Анамды алдап, демалысымды түгел үйде өткізбегеніме ішімнен өкініп, ойлап жүрдім. Тылдағы солдаттық өміріме қайта оралғанда ойладым. Анамнан хат келмегенде өкініп жүрдім.

«Соғысқа үйреніп келеміз ғой, – деген бұрынғы хаттарын есіме алдым. – Тек түндерде қаңыраған үйде қорқынышты». Үй шынында да қаңырап тұр екен, көрдім. Басқа үй, басқа бөлме. Анам да бөтен үйде жүргендей сезінетін тәрізді.

Жұлдыздар жоқ аспанда,

дала сырлы.

Тұрмын жалғыз еске алып

анашымды.

Мені өмірде өзіңдей

сағынар кім...

Анашыма мәңгілік

қарыздармын.

Бәрі өтеді көктемдей -

таң да, үміт те...

Ана ғана қалады мәңгілікке...

Мен ешқашан ана туралы өлең жазған емеспін. Енді жаздым. Анамның бөтен диванға жатып, бөтен столдан тамақ ішіп жүргенін білемін. Қабырғаға ілінген әкем мен менің суретімнен басқасы да бөтен суреттер.

Анам түндерде диванға отырып, біздің суреттерімізге қарап отырады.

Мүмкін, анамның сол бөлмеде тұрғаны да жақсы болар. Әкем мұнда болып көрген жоқ. Сонда да ол анамның да, менің де жанымда...

Клуб – біздің лагерьдегі жер бетіне орналасқан үйлердің бірі. Жеркепелерде солдаттар мен офицерлер тұрады. Жер үйлерде – оқу кластары мен штабтар, содан соң дәрігерлік пункт пен Ленин бөлмесі. Асхана жоғарыда, бірақ азынаған баракта.

Ал, клуб үйі – шынында кәдімгі үй. Сыртынан қарағанда үп-үлкен бөренеден жасалған үп-үлкен құрылыс, іші де едәуір; жиырма үш қатар орындықтары бар, сахнасы, тіпті, кинобудкасы да бар.

Біздің жауынгерлік рухымызды көтеру үшін және болашақ ұрыстарға дайындау үшін (яғни, біз не дегенмен ұрысқа қатысамыз деген сөз) бізді батарея, взводымызбен майдангермен кездесу өткізуге клубқа әкеледі.

Майдангер, орден және үш бірдей медалі болғанмен, сөзге шешен емес екен.

– Келе жатырмын... Ал, олар сол жерде... атып жатыр. Біз де бастық. Олар тағы...

Орманмен келеміз... Шегіндік. Тағы атты... Мені жаралап кетті. Қоршап алды. Біздердікі атып жатыр... Партизандарға кезіктім. Бірде келе жатыр едім...

Зал толып отыр. Біз соңғы қатарда отырғанбыз, үзік-үзік сөздерін ғана естиміз. Сахнадан қызарып қысылған адамды көрдік, содан соң қайта-қайта:

– Келе жатырмын... Ал біз келе жатырмыз... – деген сөздерін ғана естідік.

Кенет ойламаған оқиға болды. Еңбегі сіңген майдангер қолын бір сілтеді де, президиумға бұрылып:

– Міне, Буньков жолдас отыр. Біз онымен басынан бастап бірге болдық. Қалай болғанын сол айтсын, – деп жүре берді.

Біз, топографтар, бірінші болып қол соқтық (Буньков майданда болған), содан соң бүкіл зал дүрілдей қол шапалақтады.

– Неге мен айтамын, Савелий Карпович? – Буньков орнынан тұрды. – Залда лейтенант Соколов отыр. Ол майдан жолдарында біз екеумізден аз жүрді ме? Ал, майор Катонин ше? Жолдас майор, сізді екінші атағаныма кешіріңіз. Гроднодан Москваға дейін және Ленинградты қорғауда болды. Президиумда, залда мұндай адамдар қаншама!

Буньков әрбір фамилияны атаған сайын зал қол соғып отырды. Буньков отыра бергенде, зал одан сайын дуылдап кетті.

– Володь, Володь, мен көршім Протопоповты түрттім. – Ал сен? Анада не дегенің есіңде ме?

– Ал, айттым: Несі бар екен? Мен дәл солай дегенім жоқ...