Fariza Ongarsynova. Otkendi kaitalau

1944 ЖЫЛ

Осыдан бір ай бұрын біздің погондарымызда «8» деген сан бар еді. Біздің Сегізінші артиллериялық оқу – барлау полкынан екенімізді көрсететін бұл сан да, жылдан астам таққан погон да бәрімізді де әбден жалықтырған. Бүкіл соғыс бойына курсант болып жүру – абырой емес!

Енді, міне, курсант емес, солдатпыз. Гороховецкінің лагері де артта қалды. Екі жұма жылы машинада Россия, Украина – менің өмірімдегі ұзақ сапарым. Смоленск, Брянск, Киев, Винница, Тирасполь, Львов, Перемышль. Бұл жерлерде соғыс жүріп өткен.

Біздің погондарымызда «103» деген жұмбақ үш сан бар. Қайда бара жатырмыз – білмейміз; білетініміз – майданға келе жатырмыз. Біз енді 103 артиллериялық барлау дивизионның жауынгерлеріміз.

Рас, басқалардан ерекшелеу соғысатын боламыз. Біздің соғыстағы ісімізді «жұмыс» деп атауға болады. Теодолит желісін тартамыз, стереотұрбалармен дұшпан қаруының оғын аңдимыз, неміс батареяларының дыбысы бойынша олардың тұрған жерін жазып аламыз, неміс қорғанысының орындарын суретке түсіреміз. Осының бәрі – біздің артиллерияның қызметі деп аталады.

Біз екі жүзге таяумыз. Солдаттардың бәрі – құрбылас москвалықтар. Сержанттар мен старшиналар олардан сәл ересек, дегенмен бәрі де жас. Тек офицерлер ғана отыз жасқа таяп қалған не отыздың ішіндегі «қарттар». Дивизион командирі майор Катонин болды. Біздің бақытымызға, батальон командирі болып жақында аға лейтенант атағын алған Буньков тағайындалды. Взвод командирі де бұрынғы, лейтенант Соколов. Не дегенмен өзіміз ғой!

Менде енді мылтық, противогаз, дүрбі, «вешка» деп аталатын ақ, қызыл жолақты, ұш жағы темір таяқ бар. Бұл – негізгі қаруым. Жаңа қызметім бойынша, мен ала таяғыммен жұрттың алдына түсіп, жүгіріп отырып, қай жерде барлау жұмысын жүргізуге болатынын зерттеймін. Көңілді, әрі тез ойлауды талап ететін жұмыс. Қалай болғанда да, теодолит жүргізгеннен не есептеуші болып ұзақты күн Брадис кестесімен әуреленгеннен артық.

Біздің эшелон түсініксіз әріптермен жазылған. «Іezajsк»1 деген станцияға келді. Келгеніміз поляк жері болғандықтан, бұл солардың тілінде жазылғаны даусыз, бірақ біздің ешқайсымыз орысшаға аудара алмадық. Неміс жазулары көрінбейді, тегі құртқан болу керек.

Эшелоннан жүк түсіру тез аяқталды. Біз түрлі әскери машиналарды: шаруашылық взводының жүк машиналарын, дыбыс өлшеушілер мен фотосуретшілердің арнайы машинасын, ең соңында соғыс кезінде шығарылған үстін тақтаймен жапқан өзіміздің жүк «газиктерін» платформадан түсірдік.

Асханамызды құртып, құралдар салынған жәшіктерді түсіріп болдық та, түскі астың пісуін күттік. Жолға шығарда берген құрғақ тағамдарды әлдеқашан тауысқанбыз. Ал, ыстық тағамды ең соңғы рет бұрнағы күні ішкенбіз.

Аспаз бен кезекшілер вокзалдың жанында тамақ дайындағанша біз емін-еркін рақаттанып станцияны сол жерде араладық. «Алысқа кетпеңдер» – дегеннен басқа команда болған жоқ. Көңіл-күйіміз де көтеріңкі. Бізді Смоленскіге дейін шығарып салған Гороховецкінің күртік қары мен аязынан кейін мұнда – поляк жерінде, желтоқсанның ортасында ауа райы ерекше көрінді: күн көзі шығып, жер балшық, лайсаң, көк шөп көрінеді, құстар сайрап жатыр. Шинельді машинаға тастадық та, омырауды ағытып, кеудешемен кеттік.

Вокзалдың ішінде буфет бар екен. Еңгезердей екі жігіт пен бір әйел сатушы. Олар бізге түсініксіз өз тілдерінде әңгіме соғып тұр, сатып алушылар жоқ екен, соған қарағанда шамасы біз де оларды қызықтырмасақ керек, әйтеуір бізбен ешкімнің ісі болмады. Буфетте үлкендігі әр түрлі бөтелкелер, аппақ кішкентай бөлкелер, ысталған колбасаның кесінділері бар.

– Шет ел! – деді Володя аузының суы құрып, тамақ жегісі келіп, әрі ызаланып. – Маңдайлары жарты қарыс, ал өздері соғысқа қатыспайды!

– Кімді айтасың? – дедім мен түсінбей қалып.

– Әрине, бізді айтып тұрғаным жоқ, – деп Володя буфетшілерге қарады.

Вокзалдан шығып, өзіміздің асханаға келіп едік, көңіл жұбатарлық ештеңе болмады.

– Әлі бір сағатсыз тамақ дайын болмайды, қыдыра тұрыңдар, – деді.

Қыдырғасын дұрыс қыдыру керек қой. Батальон командирінен рұқсат алып, қалаға кеттік. Алғашқы кездескен поляктан қаланың аты жайлы сұрап, түсіне алмай, біраз тұрдық.

– Ниц нима! Вшиско Герман забрал взишко, – дей береді ол біздің сұрағымыздың бәріне.

– Қала қалай деп аталады? Қалай? – дедік біз.

– Еайск? Цеайск?

– Лежайск? – деді ақырында поляк қолын шекесіне апарып. – Лежайск! Иә, пан, солай – Лежайск.

Содан соң ол асыға басып бұрылып кетті.

Соңымыздан дивизионның басқа балалары қуып жетті: жүзі сәбидің бетіндей дөп-дөңгелек, сондықтан біз Макака атап кеткен есептеуші Витя Петров, дыбысшылардан (дыбыс өлшеуші барлау батареясын біз осылай атап кеткенбіз) қырғыз Шүкірбек келді.

– Тып-тыныш, – деді Шүкірбек сәл мұңайып. – Біздің жайлау тәрізді... Қалада соғыс белгісі жоқ. Қираған, бүлінген де ештеңе көрінбейді. Үйлер таза, көше, бақ – бәрі бүлінбеген. Жеміс бағы, – деп Шүкірбек бірден байқады. Армияға бәрімізден бұрын алынып, бізге артиллериялық ерекше барлау дивизионы құрыларда ғана келген ол, шамасы, өзінің туған жерін сағынады. Шүкірбек Тянь-Шаньға ғашық болатын және дүние жүзіндегі ең әдемі қала Фрунзе деп ойлайды.

Қонақжай Шығыс адамдарына тән кең пейілмен біздің дивизионда бірге болған аз мезгілдің ішінде солдаттар мен офицерлерді түгел дерлік еліне шақырып үлгерді және қойдың етін қалай жейтінімізді айтып қызықтырып қойды. Қазір де Шүкірбек өз жерін есіне алып, армандағандай тіл қатты:

– Жоқ, бізде бұлай, бұл жердегідей емес. Біреу келсе, ол құрметті қонақ болады. Егер үйге кірмей кетсең, ең құрметті орын – төрге отырмасаң, не тамақтан бас тартсаң, өкпелейді. Ал Ыстық көлдің суы қандай көкпеңбек! Мүмкін, біреулерге ұнап қалар...

– Жарайды енді, деп әшейінде үндемейтін Витя Петров оның сөзін бөлді. – Тамақ жегім келіп, ішегім шұрылдап келеді.

Кішіпейіл Шүкірбек, тегі әңгімені басқа тақырыпқа бұру қажеттігін түсінді білем, ыңғайсыз жағдайды түзеуге тырысып:

– Қазір соғыс, әрине, – деді. – Бізде де тамақ жағы кем болса керек. Еркектер қалған жоқ деп жазады үйдегілер. Әйелдер мен балалар ғана қалыпты. Сенікі дұрыс, Макака! Енді айтпаймын!

– Ештеңе емес, балалар! Қыңқылдамауларыңды сұраймын! – деп Володя Шүкірбектің арқасынан қатты қаққаны сонша, анау құлап кете жаздады.

Лежайскінің көшелерінде жан жоқ. Поляктар да сирек кездеседі, біздің әскерлер де аз.

– Мен сенен мынаны сұрайын деп ем, – деді Саша. – Сен қалай ойлайсың, майдан бұл жерден алыс па екен?

– Кім білсін, жақын болмас...

– Қайдағы майдан? – деп Макака мені қостады.

– Сендер майдан дейсіңдер-ау, ал менің тамақ ішкім кеп келе жатыр! – деп сайрады Володя.

Біз келе жатқан аллея-көшелердің бойы самсаған алып каштандар.

Күн шығып тұр, көгілдір аспан төсінде ақ шарбы бұлттар қалықтайды.

Екі қабатты биік үйдің маңдайындағы «Bursa Gimnazyjna»1 деген жазуды біз қиналмай оқыдық.

– Қызық, Помяловскийдің кезіндегі секілді, – деді Саша. – Бурса!

Біз қала көшелерін айналып, бағанағы саяхатымызды бастаған жер – вокзалдан қайта шықтық. Асхананың түтіні бұрқырап, тамақ исі мұрын жарады. Әлі дайын емес, тек исі ғана шығады.

– Қыдырыңдар, славяндар. Қыдырыңдар. Енді жарты сағат. Оның есесіне тамақ ерекше – майдан нормасы беріледі! – деп қуантты бізді.

Майдан нормасы деген – жүз грамм арақ, ал қазіргідей қыстыгүні жүз елу грамм беріледі дегенді естігенбіз. Бірақ дәл осы жерде, Лежайскіде береді деп ойламап едік.

– Арақ беретін болғаны, яғни жақын болды ғой, – деп қуанды Володя, майданның не норманың жақындығы туралы айтқаны белгісіз.

– Жүр, шынында да, қыдыра тұрайық, – деді Саша. – Орталығын көргеніміз жоқ қой.

Орталықтың қай жерде екенін білмесек те кеттік. Барлық жақтан көрініп тұратын костелдің төбесін бағдарға алдық.

– Костел қайда тұрса, сол жер орталық болады, – деп түсіндірді Саша.– Кеттік!

Сашаның сөзіне сенуге үйреніп алдым. Ол көп білетін, мен тіпті оған қызығатынмын.

– Бастай бер, Иван Сусанин, – деп Володя да келісті.

Соғыс неше түрлі адамның басын қосқан десеңші! Мысалы, ақылды, адал Саша. Егер соғыс болмаса, бір пионерлер үйіне барып жүрсек те, біз бір-бірімізді танымас едік. Өсіп, ер жетіп, жан-жаққа кетер едік. Ал, қазір мен Сашадай болмасам да, дос болып жүрміз.

Алғашқы жылы Саша «губада» біздің бәрімізден көп отырды, жазаны да басқалардан жиі алатын. Және өзі үшін емес. Әділетсіздік көрсе, Саша, бірден әңгімеге араласып, керісіп қалатын. Сержант не старшина курсантқа жөнсіз тиісті ме – Саша да араласа кетеді. Командирдің бұйрығы – заң, алайда Саша үшін бұл формуланың бір ғана мағынасы бар: әділетті заң. Көп жағдайда Сашаның арашалағандары ескерту алады да, гауптвахтаға бұл отырады, не әжетхана тазалауға жіберіледі. Дегенмен күн өткен сайын Сашаның беделі арта берді. Неден де болса қорықпайтындығымен, адалдығымен артты. Ол, тіпті, комсорг болды.

Володя да беделді болатын. Оның қарапайымдылығы, қалжыңы, күштілігі үшін және... білмеймін, әйтеуір сыйлайды...

Ал мен ше? Мен де «губада» талай отырып, талай жазаландым, содан соң үлгілі курсант болдым. Бірақ дәл Сашадай беделге жете қойғаным жоқ. Егер мен беделді болсам, ол да Сашаның арқасы. Біздің достығымызды бәрі біледі. Біреулер: «Үш мушкетер», енді біреулер: «Қасиетті үшеу!» деп қағытады.

Ол екеуінің жанында мен өзімді еркін сезінетінмін. Олар ғана емес, мен Шүкірбекті, Витя Петровты және соғыс табыстырған басқа да жолдас балаларды сүйетінмін.

Бұрын мен дәл қазіргідей, адамдарды барлап, танып көрген емеспін.

Адамдар әр түрлі еді. Мен де олардың өздері қалай көрінсе, солай қабылдайтынмын! Алайда, мүмкін, адамдардың әр түрлі болатынын – олардың әрқайсысында жеке-жеке қасиеттер барын мен де енді ғана түсініп жүрген шығармын. Жалпы, әрбір адамда жақсы да, жаман да қасиеттер болады ғой. Мүлде жаман, мүлде жақсы адам болмайды. Қай қасиеті басым қалыптасады – ол адамның өзін-өзі игеруіне байланысты.

Қаланың ортасына жетіп үлгермей, біз қаралы марш үнін естідік. Марш әуені балалық шақтан, Москвада ақбоз атқа жегілген өлік салатын жайдақ арбалар жүретін жерлеу дәстүрі кезінен бізге таныс болатын. Бір кездері біз, балалар, олардың соңынан еріп, кейде бүкіл қаланы айналып шығып, зиратқа дейін баратынбыз.

– Біреуді жерлеп жатыр. Көрейік, – деді Володя. Біз бұдан 4-5 жыл бұрынғы Москвадағы кезіміздей музыка шыққан жаққа аяңдай беріп едік:

– Шопеннің маршы ғой, мүмкін поляк шығар, – деді Саша.

– Неге Шопеннің маршы дейсің?

Мен бұл Шопеннің маршы екенін білмейтін едім, жалпы Шопен қайғылы марштар жазды деп ойлаған да емеспін, бірақ өзімнің музыкадан хабарым шамалы екенін Сашаның алдында мойындауға батылым бармады. Біз асыға басып, костелдың жанындағы алаңға келдік. Өлікті салған ашық жүк машинасының соңындағы әскери оркестрден кейін біздің командирлермен бірге поляк офицерлері, жай киінген поляктар келе жатқанмен, поляк емес, қаза болған біздің адам екен. Өліктің жүзін алыстан айқын көре алмадым, бірақ үстіндегі формасын анық көрдім. Жәй қозғалған машина үстінде биік ақ маңдайлы, қоңыр шашты біздің офицер жатыр. Оның самал желмен желбіреген шашын машина қатарында келе жатқан гимнастеркалы қыз әлденеше рет қайырып қойды.

Жаңа қазылған ашық қабырдың жанына келгенде, машина тоқтап, музыка тынды. Кенет алаң үстінде жаңа бір ғажайып әуен ойналды. Мұндай әуенді мен естіген емеспін, еріксіз костел жаққа бұрылдым. Бұл оркестр емес, мұңға толы әуен шығарып жатқан белгісіз бір алып аспап болу керек. Асқақ жеке тұрғанының өзінен жұмбақ көрінетін костел үйі түгел күңіреніп тұрған секілді.

Мұңды әрі салтанатты, жаныңды түршіктіріп бір мезгіл көңіліңе медеу берер нәзік әрі күркіреген асқақ үн костелдың есік-терезесін бұзып шығып жатқандай, алаңды әуенге толтырып тұр.

– Польша капитан Смирновты соңғы сапарға аттандырып жатыр, – деді поляк офицері біздің полковникке қарап таза орыс тілінде. – Лежайск тұрғындары оны ешқашан ұмытпайды.

– Иә, – деді жанындағы полковник. – Геннадий Васильевич сіздер үшін де, біздер үшін де аз нәрсе жасаған жоқ. Егер біз бәріміз осылай...

Геннадий Васильевич! Мені біреу алға қарай итеріп жібергендей болды. Мен сығылысып, машинаға қарай өттім де алдыңғы жақта тұрған офицерлердің иығының үстінен өліктің жүзін көрдім. Шынымен сол ма? Қырық бірдің қазанында маған комсомолдық билет тапсырған біздің аудандық комсомол комитетінің секретары – Геннадий Васильевич болғаны ма? Сол! Әрине, сол!

Бұл қалай болғаны? Мен капитан Смирновтың қазасы жайлы, жалпы ол жайлы ештеңе білмеймін. Үш жыл өтті. Соғыс уақытында аз емес. Басқаларды майданға аттандырған оны енді алыстағы поляк жерінде жерлеп жатыр, жанында орыс, поляк офицерлері тұр.

Орган үні тынғанда, полковник қаралы сөз сөйледі. Геннадий Васильевичтің денесін жерге түсіргенде біреу:

– Қош бол, Гена! – деді жайымен.

Содан соң гимнастеркалы бір қыз оның бетіне еңкейіп, шашын түзеп қойды. Қыздың жүзін көре алмадым. Бірақ кім екен деп ойладым. Мүмкін, әйелі, не қарындасы болар.

Еркектер өлікті көтеріп, қабырға салар жерде, әлгі қыз менің жанымнан өтіп, скверге қарай жан ұшыра жүгіре жөнелді.

Оның гимнастеркасының төсінде Қызыл жұлдыз ордені бар, кіші лейтенанттың погонын таққан. Бетіне көзім түсіп кетті. Биік маңдай, үлкен көзі бірнәрсеге таңданғандай кең ашылған кішкене қыр мұрын...

«Наташа!» Мен соңынан жүгірдім, бірақ оның мені естімейтіні, осы сәтте ести алмайтын халде екені есіме түсті.

– Наташа!

Ол – сол. Бірақ бөтен адам секілді. Мен оны әскери формада және мұндай ересек күйде көрген емеспін.

– Наташа!

Ол көңілсіз бұрылды.

Алаң үстінде, менің сырт жағымда, гимн ойналып, салют беріліп жатты. Жас қабірдің басына солдаттар төбесіне жұлдыз қадаған тақтайдан жасаған белгі қойды.

Бір сағат өткенде, мүмкін одан кешірек пе екен Саша, Володя үшеуміз, біздің машинаның жанында отырдық. Қасымызда қалбырға құйылған көжеміз тұр.

– Осынша қайғыруға болмайды! – деп жалынды Саша. – Өтінемін сенен! Мен жаңа үйден хат алдым. Інілі болыппын. Игорь деп ат қойыпты. Жақсы есім ғой, ә?

– Жақсы, – деп келістім мен.

– Ал, саған хат жоқ екен, – деді Саша.

– Әй, қойшы! – деп Володя ақыл берді маған. – Саған қанша айтам. Сондай қыз аз ба? Әлі-ақ өздері жүгіріп келеді.

– Махаббат ше? – деді Саша.

– Махаббат! Ойдан шығарған бірдеңе. Жазушылар ойдан шығарып соққан, ал сендер, балалар, нанғансыңдар.

– Дұрыс емес, Володя, – деді Саша. – Жаным жек көреді...

– Қой әрі!

Шаруашылық взводынан басқаның бәрі моншаға кетті. Лейтенант Соколов кеш оралуға рұқсат берді.

Біз түскі асқа кешігіп келгенбіз, бірақ, неге екені белгісіз, ешкім ұрысқан жоқ. Соколовқа Саша айтып түсіндірді ме екен, не Шүкірбек пен Макаканың бірі ме, әлде Володя ма.

Мен арақтан сәл қызып қалдым. Басым дыңылдап, тамақ ішкім келмеді. Арақтан бензиннің исі шыға ма-ау, сондай жиіркенішті екен. Темекі бергендері жақсы болды. Мен шылым шектім.

Володя құтысын алып бір жақтан жүгіріп келеді. Біраздан бері көрінбеп еді, енді қолына ботқа және бөтелке алып келіп тұр.

– Қане, тағы!

– Қайдан алдың мұны? – деді Саша.

– Бәрі бір емес пе! Қане, – деп Володя маған қою шырын тәрізді сары сұйық бірдеңені құйды. – Сағатыма ауыстырып алдым. Сашок, саған да құяйын! Сен ұрса берсең де, мен қамыңды ойлап жүремін.

Володяның өзі, Саша екеуміз тамақ жеп болғанша, бір сапты аяқты басына көтерді де, екіншісін тағы құйып алды.

– Ішетіндер адамзат баласының ең нашар тобын құрамайды, – деді Володя, шамасы, мені көңілдендіргісі келсе керек. – Және еш нәрсені ойламау керек! – деп қойды, менің ішпей отырғанымды көріп. Ал мен сол сәтте ештеңе де ойлап отырғаным жоқ еді. Ауа райы бұзыла бастағанмен, маған жылы секілді. Жел күшейіп, күзгі ұсақ жаңбыр сіркіреді. Қала үстін тұман басты. Айналаның бәрі өткен, алыстағы балалық шақты: деревняны, таңғы өзенді, шаң басқан көкорайды, түнгі алауларды еске түсірді. Мен Наташаны есіме алдым: бүгінгі Наташаны емес, үстіне қоңыр көйлек киіп, менімен Утесовтың концертіне барған Наташаны...

Кешкісін мен Сашаға айттым:

– Біз бәрібір онымен кездесеміз. Өзі айтты...

Неменеге?

Оған хат жазып, хат күтіп, бір-бірімізді көрмей жүргенде бәрі басқаша еді. Ойдан шығарылған махаббат... Онда қиялдауға, сенуге, қол жетпейтін бір нәрселерді армандауға болатын.

– Енді мен бәрін білемін. Геннадий Васильевич жоқ, бірақ оған деген маған таныс емес махаббат қалды. Оның маған жазғаны осы екен. Мен балалықпен сенбей жүргем. «Бәрі бір сүйемін... Бәрібір»... – деп жазғам.

Мүмкін, мен мұның бәрін ойымнан шығарып жүрген болармын. Мүмкін, бәрін естен шығару керек шығар?

Балалық шақты жек көріп кеттім. Пионерлер үйі, конфет, балмұздақ, екеуміздің Москваны аралайтынымыз – бәрін көңілімнен ысырып тастағым келді. Күлкілі! Ол кезде маған басқа қыздар ұнамап па еді? Ұнаған. Бірақ мен оларға айтқан емеспін. Олар менің сөзіме сенбейтіндей көрінетін. Ал, ол ше? Ол да сенбейтін, дегенмен әйтеуір тыңдайтын.

Махаббат дегеннің не екенін түсінем бе өзім? Қайда көрдім оны? Мүмкін, Володянікі дұрыс шығар! Алайда білемін, білемін. Анам әкемді сүйетін. Әкем – анамды. Оларда қалай болып еді? Анам сүйді, ол сүйді. Олар таңертең, кешке бірге болатын және демалыс күндері. Содан соң жылдық демалыстары сәйкес келгенде, бірге болатын. Сөйлесетін, ұрсысатын, кейде сүйісетін. Сол үшін де олар – әке мен шеше ғой. Махаббат жайлы бұдан басқа не білемін? Павка Корчагин де сүйді. Сондай кезеңде, бірақ махаббат болды! Ересектерше дұрыстап қарағанда, махаббат деген не өзі? Енді біз де үлкен адамдармыз ғой... Мен махаббат жайлы оқитынмын, бірақ оның бәрі кітаптағы. Кинодан да махаббат көрдім. Бірақ бұл – кино. Кинода Чапаев, Максимдер болатын. «Біз Кронштадтанбыз» деген фильмде балалар болатын. «Жоғары награда» фильмінде барлаушылар, «Ерлік», «Истребительдерде» ұшқыштар... Мұның бәрі орындалмайтын арман ғана. Мен бір кездерде болса да кинодағы адамдардай бола алам ба?..

Моншада ыстық, көшедегі секілді дабырлаған кісі көп екен. Мектеп оқушыларына ұсап, бір-біріне су шашып, ойнап жүрген өзіміздің балалар. Үндемейтін Саша ғана үстін сабындай береді. Володя келіп, оның арқасынан қағып қалып еді, Саша селк етіп шошып кетті де, Володяға емес, мен жаққа қарады:

– Жуын, мен арқаңды ысайын, жарай ма? – деді маған.

Көп жылдар өтеді, соғыс басылады, содан соң Геннадий Васильевич Смирнов туралы қазір білмегенімді білетін боламын. Қырық бірінші жылдың он алтыншы қазаны күні Геннадий Васильевичтің партизан отрядына кеткенін білемін. Ол маған билет тапсырған күні он алтыншы қазан еді ғой. Сол күні ол менің өтірігімді біліп қойған. Мен онда аудандық комсомол комитетінің хатшысы екеуміз, бос жер табылмай, шаруашылық меңгерушісінің бөлмесінде болған кезде ол маған «ешқашан өтірік айтпа» деп отырғанда, мен оның өзі де бірер сағаттан кейін ең қауіпті жерге кететінін білгенім жоқ.

Оның неміс тілін өте жақсы білгенін, оған баяғыда Старосад бұрылысындағы «Петропауле шуле» мектебінде оқыған өз әкесі үйреткенін білетін боламын. Мен оның түрлі фотосуреттерін көрем. Москва маңында үстінде кеудешемен қолына автомат ұстап тұрғаны; партизан достарының арасында; аға лейтенант погонымен Сталинград түбінде; Курск доғасында неміс офицерінің формасын киіп тұрғаны, азат етілген Киевте, жау қолындағы Львовта, ең соңғысы – Лежайскіде, өзі қаза тапқан жерде...

Мен Смирновтың Москва түбінде неміс жаяу әскер дивизиясының штабын адамдарымен қалай өртеп жібергенін, Курск ұрысының кезінде неміс танк армиясының командашысы генерал-полковник фон Шмидтің карауында «қызмет» істегені, шабуыл жоспарын оның өз қолынан қалай алғаны, Львовта бандерашылар отрядын жалғыз өзі құртып жібергені, Лежайскіні азат еткені, содан соң азат етілген Лежайскіде сатқындардың оғынан қаза болғаны – осының бәрін кейін білемін.

Оның хаттарын, тіпті, бала кезінде жазғандарын оқимын, хат жазып отырған адамына деген оның нәзік сезімі мені онша қобалжытпайды.

Сарғайған маркалы конверттер арқылы, тіпті, қазіргі өлі күйінде де маған әрі қымбат, әрі алыс болып кеткен Геннадий Васильевич жайлы, оның нәзік сезімі жайлы білетін боламын.

Айнала қолдан еккен қарағайлы орман. Бәрі бірдей өсіп, аспанға өрлеп барады. Қарағайлар көп болғанмен орман деп атай алмайсың. Қолдан салған сурет секілді, бәрі бірдей ағаштар ғана. Өздері сансыз көп болса да, әрқайсысы өз алдына тұр. Шетінде жалғыз қайың тұр. Қайың жанымызға үйіміздей жақын.

Бұйра шашың желбіреген,

Сұлу қайың, тұрсың неғып?

Сағыныштан елжіреген

жас жүрегім дүрсіл қағып –

елестеді ормандарың

менің алыс жерімдегі...

Тұрсың жалғыз, тоңған жаның,

бұйра шашты жел үрледі.

Сен ұқсайсың

көзі жайнап

жалғыз қалған ақ бөкенге...

Тағдыр желі сені де айдап

әкелді ме жат мекенге...

Өлең жолдары өзінен өзі келді. Бірақ жалғыз қайың да орман емес қой...

Орман деген емен, қайың, шырша, үйеңкі – бәрі аралас өскен, алаңдары, бұлақтары, балшығы бар. Біз орманды бала кезден білеміз. Әрқайсымыздың өз орманымыз болса да, олардың бәріне тән ортақ қасиет бар секілді. Орманда қыдыруға, адасып кетуге, арасындағы өзеншелерде шомылуға болады. Жаңғақ шағып, саңырауқұлақ тересің, жабайы алманы кеміріп көкорайда жатасың! Орман тамақтандырады, еркелетеді, тоңдырады, жылытады, мас қылады, емдейді.

Ногинскідегі ең қимас жыл жарым мезгілімізді өткізген біздің лагерьдің маңындағы да кәдімгі орман болатын. Солдат жеркепелері, әскери ойындар – ешқайсысы оны құрта алмаған.

Ал, мына қазіргі келе жатқанымызды да орман дейміз. Бұта да, шөп те жоқ, теп-тегіс біркелкі ағаштар ғана.

– Ормандағы үзіліс, – деді майор Катонин.

– Өзі бір парк қой! – деді Соколов.

– Меніңше, жаман емес, тек сиректеу екен, – деді Саша.

– Орман болғаныңа болайын! Селдіреп қалған! – деп әзілдеді аға лейтенант Буньков.

Орманнан әрі қарай ашық жер. Қарсыз далалық. Дала дегенде жолақтанған өңсіз жер әйтеуір. Сосын жұрт, қарасақ шет-шегіне көзің жетпейтін, жасыл шөп, көк шалғынды біздің дала жайлы әңгімеге кетті.

Ертесіне:

– Машинаға! – деген команда естілді.

Бәрі асып-сасып жатыр. Бұрынғыдан тез жиналдық. Машиналар жолға шығып, батысқа ма, солтүстік батысқа ма – кетіп барады.

Ақыры Тарнобжег қаласынан шыға бергенде «Өткелге» деген жазу көрінді.

– Неден өтеміз??

– Ол не өткел?

Алдымызда шағын өзен бар екен. Машина, арбалар, танк, «катюшалар» өтіп жатыр. Біз де шұбалған кезектің соңына тұрдық.

Біздің машинада он тоғыз бала бар. Лейтенант Соколов шофердің қасында, кабинада.

Түс деген бұйрық болмағасын, тезірек жүрсек екен деген жалғыз оймен бір-бірімізге тығылысып отырмыз.

Соколов шығып бізге қарады:

– Қалай?

– Бәрі жақсы. Жолдас лейтенант, мынау не деген өзен?

– Бұл – атақты Висла. Естіп пе едіңдер? Түссеңдерші, бой жазыңдар, – деді Соколов.

Бәрі қуанып, секіріп жатыр. Бірден туысқандар бейтіне бет алдық.

«1944 жылғы тамызда Висла өзенін алудағы ұрыста қаза тапқан батырлардың даңқы арта берсін!»

Бір минуттан кейін машинаға келдік. Енді ешкім үндеген жоқ. Шамасы, бәрі де ойланып отырса керек. Міне, қазір он тоғызбыз, шофер мен взвод командирін қосқанда – жиырма бір. Ал кейін бәрі біткенде нешеуміз қаламыз?

– Немене, славяндар, қыдырмайсыңдар ма? – деді Буньков келіп.

– Енді тезірек қозғалсақ екен, жолдас аға лейтенант! – деді Шүкірбек. Оны көпшілігі қостап қойды.

– Тұрып қалдық қой!

– Жүріп келе жатқанда, бір түрлі көңілдірек тәрізді.

Висладан өткенше ешкім үндеген жоқ. Бәріміздің ойымыздан туысқандар бейіті кетпеді. Өлім деген соншалық тез, жаныңда жүретін, сезілетін нәрсе ме?

Геннадий Васильевич ше? Тірі еді ғой. Содан соң өлігі машинада жатты. Жұрттың бәрі оны шығарып салды. Ол да шығарып салды, шашын жөндеді. Ол Геннадий Васильевичті сүйді.

Өлім. Бұрынғы кездерде де өлім болған ғой. Әкемнің өлімі – мен үшін ең ауыры болды.

Осы ойлардың бәрін қалай басымнан шығарып тастасам екен. Балалар үндемейді, шамасы алдағы ұрыстар жайлы ойлап отырған болар. Мен де сол соғыс, ұрыс жайлы ойлауым керек. Бұл бүгінгі өмірдегі ең маңызды мәселе ғой. Алда, бір жерлерде немістердің талқаны шығып жатыр ғой, яғни төрт жыл бойы жұртты зарықтырған азаптың ақыры жетті деген сөз. Менің жанымда машинада отырған балалардың бәрі, әрине, осыларды ойлап үндемей отыр.

Мен неге туысқандар бейітін және Лежайскідегі Геннадий Васильевичтің бейіті туралы есіме ала берем? Біз Наташа екеуміз кездескенде ол жайлы сөз қозғағанымыз жоқ қой. Содан соң: «Біз кездесеміз», – деді. Және де өзін қалай іздеу керек екенін айтты.

Ал мен Наташаның оны сүйетінін бұрын білгенім жоқ...

Кеш түсе бастады. Жол бойы шұбырған әскери колонналар, азық-түлік, снарядтар тиеген «газиктер», жеңіл зеңбірек, миномет сүйреткен «студебеккер», «шевроле» аталатын машиналар, арбалар. Жасамыс ат айдаушылары бар, ентікпемен ауырғандай ырсылдап ауыр дем алған шаршаңқы аттар жегілген. Кері қарай, өткелге келе жатқан машина сирек. Санитарлық машиналар және жеңіл «эмкалар» мен виллис секілді «газиктер» жиі ұшырасады. Міне, енді бәрі жиналып, ілезде жол бойы ұмар-жұмар болып кетті.

Жақын жердегі шағын орман үстінен «мессерлер» шыға келді де, жол бойындағы колонналарды бетке алып, төмен зулады. Төмен ұшқандары сондай, кабинадағы ұшқыштар көрінеді. Аттар осқырып, адамдардың «Ауа! Ауа!» деген айқайы естіледі. Бірнеше солдат автоматтан «мессерлерге» оқ атты.

Біздің машинаның шофері құлап түсті. Ол радиатордың жанында бір шелек су алып тұрған – кенет тас жолға отыра қалды, шелегі тарс етіп құлап түсті де, сайға домалап кетті. «Мессерлер» көрінбей кетті. Біз шоферға жүгірдік. Қозғап жатырмыз. Кенет Саша:

– Қараңдар, басын қараңдар! – деді.

Екі оқ басынан өтіп кеткен екен. Денесін көтеріп жолдың шетіндегі ылғал көк шөпке салдық. Оң жақтан, сол жақтан өліктерді әкеліп жатыр.

– Көзін жабу керек еді, – деді Саша, – Тиын ақшамен жабу керек дейтін.

Өліктің қабағы әлі жылы екен. Мен көзін жапқанымда, оның таңырқай қадалып қалған көздерінен жас көрінді.

...Әкемде де осылай болып еді. Қырық бірдің он сегізінші қазанында. Біз Москваға келіп қалдық. Қазір бірінші кездескен госпитальға жеткіземіз, бәрі жақсы болады. Әкем үнсіз, кенет қырылдады. Содан соң терең дем алды. Ол ысқырған үн шығарып, көздері бақырайып кетті.

– Папа! Папа! – Мен оны қозғап жатырмын. – Папа...

Машина госпиталь қақпасына келіп тоқтады.

– Қалай? – деп шофер маған қарады.

Содан соң менің жауабымды күтпестен, түсіне қойды.

– Қайда барамыз? – деді кішкенеден кейін. – Осында ма, әлде бірден үйге ме? Сен москвалықсың ғой?

– Үйге.

Мен адресті айттым. Әкем сол көзі ашық күйінде жатыр.

Үй жанына келгенде шофер айтты:

– Көзін жап. Жаман болады және қорқынышты. Үйде біреу бар ма?

Қараңғы болатын. Мен сипалап, әкемнің көзін жаптым, сонда саусағым сболғанын сездім. Әкемнің соңғы салқын көз жасы...

Біз енді Висланың сырт жағында, Завислянск немесе Сандомирск деп офицерлер түрліше атайтын жердеміз. Бұл жердің жаудан қалай азат етілгенін көргенім жоқ. Мүмкін бұл маңды алуға қатынассам, не тым болмаса картасын көрсем, құрбан болғандардың бағасын да түсінген болар едім. Деревнялар мен шағын қалалар, қыраттар мен далалықтың бәрі толған мола – біздің солдаттар мен офицерлердің бейіттері. Картадан қарап білуге – карталар да ескі әрі дәл емес. Майор Катонин, аға лейтенант Буньков, біздің взводтың командирі бойы менен де ұзын серейген, бұрын Орелде мұгалім болған көзілдірікті лейтенант Соколов – бәрі солай дейді. Өзі бір түрлі түсініксіз болғанмен маған ұнайды. Карталарда артиллериялық нүктелердің негізгі тіректері көрсетіледі: күрделі және қарапайым белгілері мен пирамидалары, түрлі қадалары мен қондырмалары бар геодезиялық пункттер тізбегі. Ал іс жүзінде олар жоқ. Және керісінше көптеген село, жол, өзен, костелдар, су айдайтын қондырғылар және басқа да қазіргі бар табиғи бағдарлар тіпті белгіленбенген.

Біздің жұмысымыздың алғашқы күндерінде біршама ыңғайсыздықтар болды. Командованиенің жалпы ойларын түсіне бермейтін бізге, солдаттарға, солай көрінуі де мүмкін. Біз теодолит жүрісін алдыңғы шептің маңында тарттық. Бірақ неміске қалай жақындасақ болды – қармағымызды жиып алып, көршілес шепке өтіп аламыз, онда да бәрі дәл сол күйінде қайталанады.

Лейтенант Соколов күңкілдеп, ашуланып, онсыз да бұйра шашын одан сайын ұйпалап, батареялар мен взводтарды жаппай алдыңғы шепке жайып қойғаны үшін дивизион штабын сырттай сыбап алады.

– Корпус келгенде біз дивизионымызды орнықтырып алуымыз керек еді, – дейді ол Буньковқа. – Қазір анда-мұнда шапқылаумен уақыт өтіп жатыр. Содан соң жанталасу басталады.

Айтып тұрғаны қай корпус екенін білемін. Біз қарамағына жіберілген артиллериялық корпус, ол әлі Висланың арғы жағында. Ол корпустың саяси бір бөлімінде Наташа жұмыс істейді. Корпус енді келуі керек. Ол келгенше, шынында да, біз дивизионның дәл координаттарын картаға түсіріп біліп алмасақ, артиллерияның бақылау пункттерін анықтай алмаймыз. Ал онысыз фото бақылау, оптикалық, дыбыстық бақылау жүргізу мүмкін емес.

– Түсінемін, Миша, – дейді Соколовқа батальон командирі, – ойласаңшы, бұйра басым-ау, Катонин болашақ артиллерия дислокациясын әлі білмейді ғой. Кенет жауынгерлік жоспар өзгеретін болса, дивизионды орналастырғаннан не пайда? Ал балалар жұмыс істеп үйрене берсін.

– Сендер Катонин екеуің стратегсіңдер, – дейді взвод командирі. – Ал мен мұғаліммін. Балаларды аяймын. Ұрыспай-соғыспай жолай үш адамнан айырылдық. Және алдағы шепте жүрміз.

– Сенікі дұрыс дейік, – деп келісті Буньков. – Жүр, майорға барып сөйлесейік.

– Өзің сөйлес. Мен бармаймын.

Офицерлердің қарым-қатынастары бізге түсініксіз. Буньков пен Соколовтың дос екенін білемін. Бірақ дивизион командирі мен Соколовтың арасында не болғаны белгісіз. Әйтпесе, Соколов бармаймын демес еді ғой. Шамасы, бір себебі болды ғой, бұл жайды Буньков білетін сияқты және Соколовқа жаны ашиды. Келесі күні Соколов көңілді келді және әдейі таранып сұлуланып кеткендей көрінді.

– Жиналыңдар, бірінші дыбыс барлау батареясының орталық станциясына жүреміз! – деді.

Бір сағат өткенде взводымыз бірінші дыбыс барлау батареясының орталық станциясы ауданына келді. Дыбысшылар Подлесье деген шағын деревняның шетіндегі ашық алаңға бекінді. Түннің бір уағы еді, лейтенант ұйықтауға бұйрық берді.

– Шеттегі үйлерге қонасыңдар. Ал таңертең іске ерте кірісеміз, – деді.

Біз – Саша, Володя, үшеуміз, ластау үйге тап болдық.

– Бола ма?

Ұйқылы-ояу үй иесі тіл қатпастан еденді нұсқады. Пеште екі бала ұйықтап жатыр. Үй иесі терезе алдында жыртық көрпенің үстінде.

Саша екеумізге қарағанда Володя поляктармен еркін сөйлесетін.

– Әйел қайда? – деп сұрады Володя, үй иесі бір құшақ сабан алып кіргесін. – Аналары қайда? – деп балалар жақты нұсқады.

– Әйел жоқ, жоқ! – Үй иесі сабанды жерге төседі. Біз шешінбестен сабанға шинелімізбен жата кеттік.

Тек белбеуімізді ғана ағыттық. Бірнеше минут өткенде ішке Макака мен Соколов кірді.

– Қалай орналастыңдар?

– Бәрі ойдағыдай, жолдас лейтенант! – деді Володя.

– Ендеше демалыңдар.

Біз әрі-бері дөңбекшіп ұйықтай алмадық. Содан соң Володя ұйықтап кетті. Пештің үстіндегі үй иесінің балалары да қорылдап жатыр.

– Өздері кедей тұрады екен, – деп сыбырлады Саша. – Шет ел деген осы болса!..

Үй иесі ғана оқта-текте күрсініп, төсегі сықырлап ұйықтай алмай жатқан секілді.

Шамасы көзім ілініп бара жатыр екен, шыңғырған дыбыс шықты да, дәл құлағымның түбінен екі рет мылтық атылды.

Саша екеуміз мылтығымызды ыңғайлап тұра бергенімізде, Володя есік алдында бір немісті ұстап үлгеріпті. Екінші неміс бізге кезене берді де, баспалдақтан құлап түсті. Автоматы ұшып кетті де, өзі менің аяғымның астында көзі жыпылықтап, қолын көтеріп жатыр.

– Үшінші фриц қашып кетті. Есіктен шықты! – деп Володя немістің автоматын алды. – Әкел мұнда! Аттың ғой, оңбаған! Әкел қане! Балалар, ананы қуып ұстау керек.

Саша атылып сыртқа шықты. Сыртта да мылтық дауысы.

– Не болып қалды? – Үйге Соколов пен Макака кірді.

Саша да оралды.

– Қашып кетті, – деді Саша. – Тас қараңғы... Володя Соколовқа шардақтан немістер түскенін, біреуінің қашып үлгергенін айтып жатыр.

– Жексұрындар! – деп Соколов немістерге қарады. Содан соң біздің артымызда тұрған үй иесіне: – Сен де жақсы екенсің – фашистерді жасырып қойып, үндемейсің! – деді.

Үй иесі кінәлі кейіппен төмен қарады. Бір кезде өкіріп жылап лейтенанттың аяғына жығылды. Пеш үстіндегі балалар жылай бастаған, соларға барып, бізге бір нәрселерді айтып түсіндіре бастады.

– Жарайды, болды... – деп Соколов қолын сермеді.

– Мыналарды не істейміз, жолдас лейтенант! – дедім немістерді нұсқап. Енді байқадым: екеуі де жалаңбас, шинельсіз. Біреуі тіпті жас, біз шамалас, екіншісі – сақал-мұртын қырмаған егде унтер-офицер.

– Оларды ма? – деп қайталап сұрады Соколов. – Үйдің сыртына шығарып, атып тастаңдар! Ал, ұстап алғандарың үшін рақмет!

– Жүріңдер, жүріңдер! – деп Володя бұйрықты орындауға асықты.

Сол жерде Макака.

– Тұра тұрыңдар... Бұлай болмайды... – деді.

– Жолдас лейтенант, бұлар тұтқындар ғой, – деп мен де қосарлана кеттім.

– Тұтқын болса несі бар екен! – деп Володя мылтығымен немістің біреуін нұқып жіберді. – Талқыға салатын ештеңесі жоқ.

Үй иесі Соколовтың жанына жүгіріп келіп өз тілінде бірдеңелерді айтып жатыр. Түсінгеніміз: немістер өзін де, балаларын да қорқытқан көрінеді; өздері шатырға тығылған кезде, орыстарға ұстап берсең, атып тастаймыз деп зәресін алған.

Соколов бізге ашумен қарады:

– Боқмұрындар, ауыздарыңнан сілекейлерің шұбырып, неменеге жерге қарай қалдыңдар? Мүмкін, бастарынан сипап қоя берерміз бұларды?! Біздің жерімізде бұлардың не істегені естеріңде ме? Ұмытып қалдыңдар ма? Ендеше, өзім-ақ...

Соколов пистолетін суырып алды да, немістерді сыртқа шығарды. Володя соңынан кетті. Біз – Саша, Макака, мен дал болып тұрмыз.

Екі рет пистолет атылды. Володя күлімдеп, ризалық көңілмен оралды:

– Бітірдік шаруаларын!

– Мүмкін мен дұрыс айтып тұрмаған шыгармын, Володя, – деді Саша. – Бірақ Соколов екеуің дұрыс істемедіңдер. Тұтқындарды атуға болмайды.

– Олар деген жексұрындар ғой тұтқындар емес! – деп таңданды Володя. – Содан соң командирдің бұйрығы – заң, балалар! Қойыңдар сендер!

Лейтенант бізге келген жоқ.

– Кетейін. Әйтпесе, жаза алып қалып... Қайырлы түн. Мен түнгі кезектемін ғой, – деп Макака да шығып кетті.

Бұдан кейін түн болатын ба еді. Біз басымыз жастыққа тиместен көрер таңды көзімізден атырдық. Жалғыз Володя ғана қатты ұйықтағаны соншалық, таң ата оны оятуға тура келді.

Ертесіне біз машинадағы теодолит пен буесольдарды түсіріп, мен өзімнің үйреншікті таяқшамды қосып алдым, түнде атқан немістердің өлігінің жанынан өттік те, арғы жағындағы далаға тарттық. Даладан әрі арғы баурайынан оқта-текте жау пулеметінің үні мен минометтердің сатыры естіліп тұрған шағын төбешік бар-ды.

Соколов өткен түндегі оқиғаларды есіне алмады, өзі сабырлы да іскер калпында. Картадан тік тұрып жүргізіп тартатын нүкте координаттарын белгілеп, әрқайсымызға тапсырма берді. Төрт сағаттың, ішінде біз бірінші дыбыс барлау батареясының орталық станциясын, оптикалық барлаудың екі постысын байлап үлгердік, немістер орналасқан бағыттағы бірнеше нүктелерді айқындадық.

– Кездейсоқ жағдай бола қалса, тірек нүктелер болсын, – деді Соколов. – Егер шабуылға шыға қалсақ қажеті болады.

Түскі үзіліске таяу есептеушілер біздің жүрісіміздің материалын дәлелдеді де, Соколов мені есептеу қорытындысымен Буньковқа жіберді.

Батальон командирі бізден бес шақырымдай жерде басқа взводтармен бірге болатын. Мен жаяу оларға жеткенше, іңір қараңғысы түсіп кетті. Аспанда неміс ракеталары жарқылдап, алдыңғы жақта атыс күшейе түсті. Күндіз тым-тырыс жатқан жол бойы жандана бастады: машиналар, қару-жарақ, миномет сүйреген ауыр жүк тартқыштар шұбырып жатыр. Әлде Висланың арғы жағынан өтіп келе жатқан артиллерия полкы ма екен?

Біреуден сұраудың мәні жоқ еді, бірақ дірілдеп, сырылдаған машиналар тасқынының арасынан Наташаны кездестірем бе деген ой басымнан кетпеді. Мен ашық жүк машиналарының шанағына қарап, жабық фургондардың есігіне үңілдім, штабтың жеңіл машиналарының әйнегіне де көз салумен болдым. Алдымнан жеңіл «газик» шығып, біреу мені шақырғанша осылай жүре бердім.

«Газикте» Катонин, Буньков және бір подполковник отыр екен. Мен, шамасы, атағы жөнінен ең кішісі – аға лейтенант Буньковқа қалай дерімді білмей сасып қалсам керек. Батальон командирі осыны сезді білем, өзі сұрады:

– Қане, немене қолыңдағы?

Мен мәліметтерді бердім, бірақ олардың қажеті де болмай қалған секілді.

– Лейтенант Соколовка бар, – деп бұйырды ол, – команданы жинақтасын де. Біз Низиныда он тоғыз сағатта күтетін боламыз... – Буньков сағатына қарады да: – Он тоғыз отызда күтеміз. Жүгір! Үлкен оқиғалар әзірленуде дерсің...

Қараңғылық ерте түсті. Подлесье маңына іңір түскені сол еді, деревня тұрғындары – олар онша көп те емес-ті – терезелерін жауып жатыр. Біреулер терезе жабатын арнайы перделермен, көпшілігі жай ескі-құсқы шүберек, жаймалармен. Деревня үйлерінің терезелері қайбір үлкен дейсің.

Сағат алтыға таяу мен өзімізге келіп Соколовқа батальон командирінің бұйрығын жеткізгенде, деревняда түннің бір уағы болғандай қараңғы еді. Үйлер жым-жырт, көшеде құлақ-мұрын кескендей. Тек біздің машиналардың жанында үнсіз қараңдаған күзетшілер көрінеді.

Біртіндеп айнала жандана бастады. Үйлердің есіктері сартылдап, етік, бәтеңкелер сыңыры естілді, адамдар күбір-күбір сөйлеп, шоферлар машина жанына келе бастады. Біздің батареяның заты қандай көп – солдат иығына бәрі сиып кетеді, дегенмен бәрін тиеу керек.

Біз дивизион штабы орналасқан Низины деген жерге жиналдық. Мүмкін, жол жүрген солдатқа ылғи да қуаныш әкеліп, ал жолға жиналудың абыр-сабыры көп болғандықтан ба – офицерлер де, күзетшілер де, машиналарға техниканы тасып әкеп жүрген біз де – біреуіміз байқайтын нәрсені байқамаппыз да, естімеппіз де.

Әуелі деревняның сол жағынан, кеше біз алдыңғы шепте жұмыс жасаған жерден немістің белгі беруші бірнеше ракетасы аспанға көтерілді. Олар бейтарап алаңды, біздің алдыңғы жақтағы окоптарымызды жарық қылып барлап өтті.

Содан соң немістер минометтен оқ жаудыра бастапты, бірінші снаряд Подлесьеге түскенше, осының бәрін біз көрмеппіз. Снаряд, бақытқа қарай, қаңырап бос тұрған үйге түсіпті. Түтін бұрқ етті де, үй сатыр-сұтыр жанып, оң жақ бүйіріне құлап түсті.

– Бәрің де орындарыңнан қозғалмаңдар! – деп бұйрық берді Соколов. – Моторларды өшіріңдер! Петров пен Ахметәлиев, маған еріңдер!

Олар аула арасымен еңбектеп алғы шепке кетті. Он-он бес минуттан кейін, біз қорғаныс шебінің екінші қатарындағы окоптарда неміс автомашиналарымен атыс бастап кеттік. Неміс артиллериясы төбемізден біздің артымыздағы деревняны атқылауда. Подлесье жанып жатыр. Біз өз көзімізбен көрдік, взвод командирі де солай деді: әйтеуір шоферлер әрең дегенде біздің машиналарды аман алып шыққандары жақсы болды. Өйтпегенде...

Немістердің пиғылын түсіну қиын болды. Алдынала әзірленген, ойластырған шабуылға шығу жоспарлары бұзылған болуы керек, өйткені біздің шағын бекініс алаңымызға қарсы аз ғана автоматшылар тобы мен артиллерия ғана. Танк, машина, мотоцикл – жалғызы болған жоқ. Шамасы, немістер артиллерияның күшімен біздің алғы шептегі окоптарды алып, енді бізді атқылап жатқан болса керек. Мүмкін, бұл шабуылдың психологиялық бір мәні бар шығар?

Әлде бізге шабуыл жасаған дұшпанның қоршауда қалған бір тобы болар ма? Бірақ мұның да реті жоқ: немістер біз бірнеше күннен бері белгілеп жүрген өздерінің атыс шебі жақтан келе жатыр.

Алай да дәл қазір немістердің ойы не деп жатқан ешкім жоқ. Немістер бірнеше рет окоптан тұруға ұмтылып көрді, біздің артиллерия өз оғын дәл окоптарды емес, басқа алыстағы жау бекінісінің түкпірін көздеп атып жатыр.

Бақытымызға қарай, жау артиллериясы бізді емес, деревняны атқылай берді. Деревняның өртеніп жатқаны соншалық («Тұрғындар қалай екен?», «Түндегі үй иесі балаларымен құтыла алды ма екен?», біздің окоптарымыздың іші жарық болып тұрды. Біз олардың окоптарын ғана емес, өздерін, мылтық, каскаларына дейін анық көріп жатырмыз.

Оларға қарай біз де оқ жаудырып жатырмыз. Мен соншалық тырысқанмен, далаға атып жатырмын және де мен жалпы шиті мылтық деген онша ыңғайлы нәрсе емес деп есептеймін. Рас, құралайды көзінен атқан мерген болсаң бір сәрі... Ал бұл жерде – көздеп ату қайда, өзің окоптан басыңды шығара алмай жатқанда, қай немістің қайда жүргенін шайтан білсін бе (гитлершілер брустверден оқты жаудырып жатыр), сен әрбір атқан сайын мылтығыңды оқтап, әбігерге түсіп жатқаның.

Жанымда Саша бар. Ол сол жағымда, одан әрегіректе және менің оң жағымда – жаяу әскерлер. Олардың қолында автомат, қызығып қарап қоямын. Немістер тыныштала бастаған секілді. Окоптарынан каскалары да көрінбей қалды. Мүмкін таусылып біткен шығар?

Осыны ойлап үлгергенімше болған жоқ, Саша иығымнан тартты:

– Менің көзілдірігімнен бе, әлде елес пе... Қара, қара! – деді. Алдыңғы жаққа қарап едім – немістер окоптарынан атып тұрып бізге қарай тіке тартып келеді. Қолдарында автомат. Осы сәтте мен өзімді жалғыз жатқандай сезіндім, мына фигуралардың бәрі біздің окопқа емес, маған келе жатқандай көрініп кетті. Өздері қанша? Тегі, он екісін санап үлгердім де, содан соң есептен жаңылып қалдым. Мен көздей бастадым. Мылтығым ыңғайсыздау жатқан, түзеп алдым да, иығыма мықтап тіреп, біреуін нысанаға алдым. Бір кезде оқып жүргенде үйренгеніміздей ыңғайлана беріп ем, команда естілді:

– Атпаңдар! Жақынырақ келсін!

Мен алған нысанамнан басқа түк көрмей кеттім. Көздегенім жақындап келеді. Немістердің неге атпайтынын да ойлап жатқаным жоқ. Олар автоматтарын қысып ұстап, бір оқ атпастан, ілгері жылжып келеді.

Әлгі менің көздеген адамым бірте-бірте жақындай түсті. Каскасы маңдайына түсіп кеткен, шинелінің етегі жалпылдаған жыртық, бір иығында ғана погоны бар, белбеуін – бәрін ап-анық көргендіктен қорқып кеттім: қазір бармағымды басып қаламын. Алайда шыдап бақтым. «Тоқта! Сабыр ет!»

Шамасы осы жерде шыдамым бітті ғой деймін. Немістің тұлғасын тағы да бір көздеп алып, шүріппені басып жібердім. Мені бәрі таңқалдырды. Алдымен әлгі немістің шалқасынан құлағаны, дәл сол минутта «Атыңдар!» деген команда берілгені, қасымдағы жаяу әскердің: «Шиті мылтықпен әдемі сұлаттың!» – дегені... Осының бәрі тез болғаны сондай, мен есімді жия алмай қалдым.

Саша қайта-қайта: «Сен ғой алғашқы немісті сұлатып түсірген! Сенен күтпеп едім!» – деп арқамнан қаға берді.

Немістер еңбектеп кейін қарай кашып барады, мен ата алмадым: әлгі «өз немісімді» іздедім. Шынымен мен өлтірдім бе деген ойдамын. Мүмкін ол жай құлап қалған болар? Мүмкін кері қашып бара жатқан шығар? Жаралы күйінде өздеріне қарай еңбектеп бара жатуы да мүмкін-ау? Осындай сан қабат ойлардан денем бір суып, бір ысып, кейін қашқан немістерді қадағалаумен болдым. Қайда кетті өзі? Әлгі фрицті сағынып қалғандай, көргім келіп есім шығып жатыр. Қайда? Бұл ол емес. Мына біреу ме екен? Бұл да емес. Ақыры таптым. Далада қалған өліктердің арасынан. Оның етігінің жылтыраған табанынан таныдым – өрттің жарығымен жарқылдап әуелі көзіме етігі түскен.

Немістер шегінді, шегінгенде өздері жаққа емес, біздің окоптарға орналасып алды.

– Дайындалыңдар! Қазір шабуылға шығамыз! Бірақ ескертемін – сақ болыңдар!

– Бұл – біздің лейтенантымыз Соколовтың сөзі. Оның жанында тұрған капитан да жаяу әскерлеріне осындай бұйрық берді.

Мен өмірде шабуылға қатысып көрген емеспін. Ал, ендігі шабуыл деген әлгі немісті өлтіргеннен кейін түкке тұрғысыз бірдеңе болып елестеді. Мына неміс жатыр. Мен оған қарап қоямын. Ол жатыр...

Міне, біз окоптан шықтық. Саша көзәйнегін түзеп алды. Жаяу әскерлер де орындарынан тұрды. Олардың арасынан Володя мен Макака көрінді. Ал Шүкірбек қайда? Ә, мұнда екен ғой!

Шүкірбек Саша жатқан сол жақта емес, оң қолда екен. Ол жерде жаяу әскерлер. Яғни, біз көп екенбіз.

Соколов Саша екеуміздің ортамызда. Қолында пистолет. Менің көзіме оның қолы сәл дірілдеп тұрғандай көрінді.

– Оларда граната бар, қорықпаңдар, – деп қояды Сашаға.

– Кімдерде? – деп сұрайды Саша.

– Жаяу әскерлерде.

Немістер үнсіз. Олардың да, біздің де окоптарымыз жым-жырт. Тек біздің артымызда Подлесье әлі өртеніп жатыр, ілгеріде неміс бекінісінің түкпірінде от көрінеді. Лейтенант Соколов бізден бұрын жаяу әскерлерді жіберіп:

– Асықпаңдар! Жәй-жәй! – деп бұйрық берді. Бірақ біз бәрібір окоптардың жанында тұрмыз.

Немістер оқ атып еді, бірақ автомат үні біздің «урамызға» көміліп қалды.

Жаяу әскерлер алдымызда жүгіріп барады. Олар окоптарға жетті. Біз жүгіріп жеткенше айқай-шу, атыс үні естілді. Саша окопқа сүріне құлады, бір немісті окоптың ішінде басынан соғып жатыр. Соколов атысуда. Менің жанымда жалғыз да неміс жоқ. Тек біздің жаяу әскерлер, Соколов және Саша ғана. Біздің басқа адамдарды көре алмадым. Қарауға мұршам да жоқ. Мен Соколов атып жатқан окопқа жеткім келді – онда немістер бар. Өздері екеу. Міне, біреуі құлады, екіншісін де жаяу әскердің бірі сұлатып салды.

Окоптар алынды. Қорғаныстың бірінші қатары іске қайта қосылды. Жаяу әскерлер капитаны да бұйрық беріп жатыр:

– Мыналарды бір шетке апарып тастаңдар! – деп окоптағы немістердің өлігін көрсетті. – Егоров пен Костерин, санитарлық бөлімге! Тезірек!

Соколов бәрімізді жинап алды да, сағатына қарады:

– Уақыт болды. Тезірек жүріңдер!

Біз окоптан шыға беріп едік, артиллерия тағы да оқ ата бастады. Екі жақтыкі де.

– Жат! – деп бұйрық берген батальон командирі құлағын ұстай алды.

– Сізге не болды?

Мен Соколовпен қатар жатқам, қолына көзім түсті – қан сорғалап тұр.

– Түк емес. Үндеме!

Қорғаныстың екінші қатарына – бағана неміс автоматшыларын атқанда өзіміз жатқан окоптарға жете алмадық.

Айнала жарылып жатқан снаряд пен мина. Біздікі ме, немістікі ме – ажыратып болар емес. Екі жақ та атып жатыр.

– Сол жақтағыларға жеткіз: окопқа еңбектесін! – деп айқайлады Соколов. – Тез!

Мен бұйрықты орындадым. Командир оң жақ қанаттағыларға әлгі бұйрықты өзі айтып жатыр. Енді біз ылғал әрі салқын жермен еңбектеп келеміз. Мен басымды көтеріп ем, бір ыстық леп шарпығандай болды және арқамды біреу ұстарамен осып өткендей сезіндім.

Окоптарға келіп қалдық.

Атыс та тоқтады. Орнымыздан тұрып, шинельдерімізді қақтық, содан соң адамша аяғымызды тік басып өзіміздің машинаға қарай кеттік.

– Сенің арқаңдағы не? Қане, шинеліңді шеш! – Соколов оқ жырып кеткен құлағын ұстаған күйі жаныма келді.

– Ештеңе емес, – дедім.

– Сен шинеліңе және кеудеңе қарашы! – деді Соколов. – Шеш, шеш, гимнастерканы да. Жаралысың ғой. Шайтан алсын!

– Низиныға келгесін, санбатқа тез жету керек! – деді Соколов, балалар менің арқамды спиртпен сүртіп (әрең шыдадым), кеудеммен қоса таңып тастағасын.

– Мені санбатқа дейсіз, ал өзіңіз ше? – дедім Соколовқа батылырақ сөйлеп.

– Менде ештеңе емес, құлағымды жырып кеткен.

Оның құлағын да балалар байлап жатқан.

– Менде түк емес, жолдас лейтенант! – дедім өз сөзіме өзім сенбей. – Ешқандай санбатқа бармаймын. Бармаймын!

– Бітті! – дейді Соколов, бөркін алып, шинелінің жеңімен маңдайын сүрткен күйі. Шашы қобырап кетіпті, көзі ұшқын атып тұр.

– Мен әуелі оның бетіне мылтықпен қойып қалдым, – дейді Саша көзәйнегін сүртіп, – содан соң ол құлағанда барып аттым. Ал ол тайып кетті.

Саша біз үстінен аттап кеткен неміс жайлы айтып тұр.

Біз тағат таппай үлкен оқиғалар күту үстіндеміз. Дәл осындай кезде жетпей тұрғаны санитарлық бөлімге бару еді! Бақытыма қарай, Буньковтың айтқанына да көнбей қойдым. Өйткені жанымда біздің взводтың командирі лейтенант Соколов бар ғой. Ол маған қабағын түйіп, ұрысқан болғанмен өзі де мен секілді, жаралы халде. Егер снаряд жарықшағы менің арқамды жарақаттаса, дәл сондай оқ оның оң құлағын жырып кеткен.

Ол да, мен де ақыры өзіміздің дивизионда жарамызды таңумен тынышталдық.

Біз күнде жұмысқа шығамыз, кейде тіпті күніне екі-үш мәрте, бірақ майданның біз тұрған бөлігінде ешқандай ерекше оқиғалар болмағасын, кеш сайын ішіміз пысып, құлазып қаламыз. Әрине, әдеттегі жұмысымыз күнде қайталанып жатады және оған, бір таңданарлық жай, тез үйреніп кеттік. Әдеттегідей алдыңғы шепте кейде неміс оғының не бомбасының астында еңбектеу, үйреншікті жайға айналған ұйқы қанбау. Рас, мұның бәрінің орны біз майданға келгенше көрмеген, басқа нәрсемен толтырылады: ол – тамақтың орасан көптігі. Иесіз қалған мал деген қаптап жүр – таңдағаныңды ұста да сойып ала бер. Ал Володя сияқты кейбіреулер үшін «майдан нормасы» тағы бар. Бұл норма әжептәуір болатын. Тапсырмаға шығар алдында бір стакан яғни екі жүз грамм немесе біздің шаруашылық взводы арақтың орнына спирт берген күндері жарты стакан таза спирт.

Күнбе-күн атыс шебі мен артиллерияның барлау пункттерін байланыстыруға, жауынгерлік тәртіп осы желтоқсан күндерінде талай өзгерген, біздің дивизионның постылары мен пункттерінің координаттарын анықтауға шығып жүріп, соғыс қорытындысын шешуде белгілі бір дәрежеде бізде үлес қосып жүрміз деп ойламаппыз. Былайша алғанда, біздің жұмысымыз, тіректі артиллериялық тізбекті құру деп аталады. Ал, топограф мамандарының тілімен айтқанда, бұл тізбекті топографиялық негізде, карта бойынша, тік сәулелер, секунд өлшеуіш арқылы жасаймыз. Ал, біз алған осы мәліметтерді есептеушілер аналитикалық, сызықтық және аралас әдістермен жөндейді.

Егер бір жағдай болып қалмағанда, осының бәрін, мүмкін, айтпай-ақ қоюға да болар еді. Әңгіме бұл күндері бізге АИР мектебінде, запастағы оқу полкының жалықтырған оқу сағаттарында өткеннің бәрін ғана емес, мәселен, әуе базасы бойынша топографиялық дайындық секілді ешқашан оқымаған, өтпеген нәрсенің бәрін еске алуға тура келгенінде.

Осының бәрі тез өтіп жатқасын, біз шынында да алдымызда ерекше бір оқиғалар күтіп тұр деп сенетінбіз.

Дегенмен біз осында, өлім мен өмір алдында бәрі бірдей майданда да бәріміз ұқсас әрі сан түрлі едік.

Алдымен Саша жапа шекті: оған комсорг ретінде Володя үшін сөгіс беріліп қала жаздады. Әңгіме солдат ағайын туралы болса, Сашаны либерал дей беріңіз. Бірақ дәл осы жағдайда Саша да оның өзі секілді солдат оның үстіне комсорг болғанмен, солдат ағайын Сашаның либерализмімен санаса бермейді.

Володя оңбағандық істеп, аты шықты. Біз қонған үйлердің бірінде ол он бес жасар поляк қызына тиіскені. Ұрлығының үстінен түсіп дегендей, оны ұстап алды. Ұстап алған Саша.

Саша Володяның кешірім сұрауын талап етіп еді, анау қылжақтап, әзілге шаптырды:

– Жә, қойшы, Сашок, ақымақ қылмай! Егер мен шын мәнінде көңілім кеткен болса, ретін табар едім ғой...

Саша үндемей, басылды да қалды. Ал, қыздың туғандары үндемей қалмады. Ертесіне, біз оянып үлгермей болған оқиға дивизион командирі мен батальон командиріне де жеткені белгілі болды. Анық-қанығын білуге Буньковтың өзі келді. Қыздың туғандары «мынау көрді» деп Сашаны нұсқады.

– Мен оған айттым... – деп міңгір етті Саша. Сол жерде Володяның ақымақ бола қалмасы бар ма:

– Бәрі де комсорг Бариновтың көзінше болды. Болғанда не болды? Түк те емес, әшейін бос сөз!

Комсомол мүшесі Протопопов жәй ғана жаза алды, өйткені майдан жағдайында бес тәулік тұтқында отыру – нақты нәрсе емес.

Комсорг Саша Бариновты бастықтарға біраз сүйреледі. Дивизион командирі дивизион дақ түсіретін әрекеттің бәрін тамырымен құртып жіберетінін барлығымызға көрсеткісі келді.

– Мен сенен сұрайын деп ем, – деді Саша маған, – бұдан былай сен Володяға қалай қарайсың?

– Сен не, Володяны әлі білмейсің бе? – Менің бар айтқаным осы болды.

Жаңа, 1945 жылдың қарсаңында, отыз бірінші желтоқсанда, бізде тыныш күн болды. Ертеңгі жұмыс – артиллериялық атыс бекінісін бақылау – ерте бітті, содан соң взвод командирі Сашаны, Макаканы және мені көрші деревняға азық-түлік, спирт алып келуге жіберді. Онда дивизион штабы және біздің шаруашылық, фотобақылау взводтарымыз бар еді.

Немістер бұл күні тыныш жатқан. Біздің барар және келер жолымызда бір ғана бомба тасталды, онда да психологиялық шабуыл «юнкерс» әуеде салдырлаған болат болванканы тастады. Екі рет жау минометшілері атты. Болды.

Бұл өлкеге келгісі келмесе де, бәрібір қыс белгі бере бастады. Жаңбыр жаумағалы үш күн болды, жерге түсе бастаған қар ұшқындары даланы, үйлердің төбесін, жол бойларын жауып қалыпты. Ауаның қызуы минус сегіз градус.

Біз азық-түлік, спирт алып келдік, мен жаңа жылдың алды екенін ескеріп:

– Жолдас лейтенант, батальон командиріне бір өтініш айтуға рұқсат етіңіз? – дедім.

Взвод командирі лейтенант Соколов таңырқаған жоқ:

– Рұқсат, рұқсат. Қандай сұрақ?

– Мен бүгін кешке сұрануым керек болып тұр, – дедім. – Саяси бөлімге барып келуім керек, – деп артиллерия дивизиясының номерін айттым.

– Әрине, рұқсат сұрауға болады, – деді де кішкенеден кейін: – Тек... Жарайды, – деп үндемей қалды.

– Не айтайын деп едіңіз, жолдас лейтенант?

– Сенен сұрайын деп ем. Мүмкін бұным ыңғайсыз болар? – деп, взвод командирі күмілжіп қалды. Түсі бір түрлі екен. Қаталдық та, әшейіндегі түйықтық та көрінбейді, қайта қысылу бар.

Соколов маған ұнайтын. Үндемейтін, тіпті, бір қарағанда қатал адам секілді болғанмен, ол қатып қалған әскери қызметкер емес. Қайта, басқа офицерлердің арасында ол әскери емес қарапайым адамға көбірек ұқсайтын. Біреуге айқайлап ұрса қалса, сол сәтте басыла қалатын.

– Нені айтасыз, жолдас лейтенант? – деп қайта сұрадым.

– Сол қыз екеуің... Өздеріңде шын сезім бе? – деді ақыры. Яғни, ол бәрін біледі. Қайдан? Лежайскіде көрді ме екен?

– Сен әлі жанып тұрған жассың, сондықтан сұрап отырмын, – деді батальон командирі. – Таңданба. Мұндай шаруада тез алданушылар көп болады...

Мен не дерімді білмей, үндемедім.

«Иә, иә, біздікі шын», – деп айтуыма болар еді. Бірақ шын болғанда не шын? Менің оны көргім келетіні ме? Оның маған, тіпті де, таныс емес басқа махаббаты, Геннадий Васильевичке деген махаббаты болғаны ма? Соны айтам ба? Ақымақтық!

– Айтқың келмесе, айтпай-ақ қой, – деді жайымен. – Мен әшейін...

– Ол екеуміз баяғыдан доспыз, жолдас лейтенант, басқа ештеңеміз жоқ, – дедім. – Бүгін жаңа жыл, құттықтағым келіп еді...

– Бар! Бар! Әрине! – деп келісті лейтенант.

Буньков та жіберді, тіпті, ақыл берді:

– Жолға шық та қолыңды көтер. Әйтпесе бүгін жете алмайсың. Оларға дейін жүз жиырма шақырымдай ғой. Тоқтай тұр, капитан Говоровқа қағаз жазып берейін. Саған ешкім тиісіп жүрмесін. Менің ескі танысым.

Бәрінің реті келе кетті. Осыдан бірнеше сағат бұрын, біз азық-түлік алуға барғанда, дивизияның саяси бөлімі қайда екенін біліп алғам. Енді, міне, Буньков, тіпті, қағаз жазып жатыр.

Батальон командирі қағазды берді де, тағы ескертті:

– Қолыңа мылтық ал. Сақтықта қорлық жоқ. Содан соң ертең таңертеңнен қалмай келетін бол, – деді.

– О не дегеніңіз, мен бүгін-ақ ораламын, – дедім қып-қызыл болып.

– Жарайды, ендеше.

Жол бойында машина сирек екен. Ыңғайлы жүк машинасын күтіп тұрып (ыңғайлы деп үстінде офицерлер жоқ машинаны айтам. Офицерлер келе жатқан машинаны тоқтату ыңғайсыз ғой), мен қағазға қарадым. Буньков не деп жазды екен?

«Саламатсың ба, қымбаттым! Қалайсың? Саған бір жігітті жіберіп отырмын және Жаңа, 1945 жылмен құттықтаймын! Хат жазып жібере сал! Мына жігітті өкпелетпе. Өзінің жеке шаруаларымен бара жатыр.

Максим Бунъков», -

деген сөздерді оқыдым қарындашпен асығыс жаза салған қағаздан, оқып алып қызарып кеттім-ау деймін. Буньковқа ештеңе айтқаным да жоқ қой. Ал, ол...

Ақыры жартылай азық-түлік тиеген үш тонналықты тоқтаттым. Шофер «Семенов шаруашылығына» дейін (дивизияны солай атайды екен) апарып салуға келісті.

– Олармен көрші тұрамыз. Бізден екі аттап жетесің. Отыр шанаққа, – деді. Үстінде екі қарт солдат бар екен. Біреуі, өзі айтқандай, «бастықтар үшін жаңа жылға тамақ әкеле жатыр», екіншісі – госпитальдан шығып келеді.

Машина кедір-бұдыр жолмен бұлталақтап ұзақ жүрді. Шағын деревняға жеткенде жол тегістеліп, машинаның жүрісі де дұрысталды. Ерте туған ай төбемізден қарап тұр. Әр жерден тұрған машиналар көрінеді. Аспанда әр жерде шарбы бұлттар, олардың ара-арасынан жұлдыз сығалайды. Қар қиыршықтары ұшқындап ай мен жұлдыздың бұлыңғыр сәулесімен жылт-жылт етеді. Шофер жылдамдықты үдеткен сайын, жол бұрылыстарындағы қар мен мұздаққа доңғалақтар тайғанап, бізді соға бастады. Айнала тып-тыныш. Аспан да, ай да, оның салқын сәулесінде жылтылдаған қар да, маңайдағы дала да – бәрі қосылып адамды тербетіп тұрғандай.

Мен екеуміздің кездесуіміз, әңгімеміз туралы ойлап келем. Әуелі саяси бөлімге кіріп, кезекшіден сұраймын. Оны тауып аламын да, адам аз жерге барамыз. Мен оны Жаңа жылмен құттықтаймын, содан соң мен оны бәрібір сүйетінімді айтамын. Ылғи солай сүйе беремін деймін. Капитан Смирновқа менің де жаным ашитынын, мен оны жай Генадий Васильевич ретінде білетінімді айтам.

Жоқ, бүгін Генадий Васильевич туралы айтпаймын. Жәй, өзін көремін, құттықтаймын, штабқа кіріп капитан Говоровқа қағазды беремін. Мүмкін, әуелі хатты беріп, содан кейін іздесем бе екен? Сол дұрыс шығар.

Менімен қатар отырған солдаттарда үн жоқ. Жалпы майданда қарт адамдардың көп сөйлемейтінін мен көптен байқап жүргем. Мен де үлкен болып көрінгім келетін. Кенет біреуі:

– Госпитальдан келесің бе, әлде жаңадан шақырылдың ба? – дегенде, қуанып кеттім. Өзімнің бірінші болып сөйлемегеніме қуандым.

– Жоқ, жұмыспен келемін. Батальон командирінің қағазын әкеле жатырмын, – дедім салмақты түрде.

– Ә-ә! Жаңа жылдық құттықтау әкеле жатыр екенсің ғой, – деп, түсінген адамдай кейіп көрсетті де, солдат ұйқыға кеткендей көрінді.

Мен де ұйқы басып, қалғи бастадым: соңғы кезде біз тәулігіне екі-үш сағаттан ғана ұйықтап жүргенбіз.

...Оянып көзімді ашқанда, түкке түсіне алмадым. Еденде бағанағы жолаушы солдаттың бірімен қатар жатырмын. Алдыңғы жақта ақ жайма жамылған адамдар жүр. Әлде ақ халатты дәрігерлер ме екен? Біз қайдамыз өзі? Шынымен арқамдағы жараның кесірінен госпитальға әкелгендері ме? Көз алдымда дөңгелек ай сәулелері секілді сызықтар, басым дыңылдайды. Сол аяғымды тізеден жоғары тастай етіп байлап тастапты. Тағы сол аяғым... Қазір Гурий Михайлович пен сестра Вера... Вера... Вера... Қалай еді әлі? Вера... Вера... Жұрт оны Верочка дейтін. Мен ғана аты-жөнін айтатын едім ғой. Біз де Гурий Михайлович Вера... Вера... секілді, содан соң шанақта қатар отырған мына солдаттар секілді ересек болдық па? Саша да, Шүкірбек те, Витя да – бәріміз үлкенбіз бе?

Енді балалықтың оралмайтыны жаман. Анам да маған жақын келмей тұр... Әкем де... Неге екенін білмеймін, қазір соншалық құлазып, әрі қорқып жатқан секілдімін.

Мен басымды көршіме қарай бұрайын деп ем, құлағымнан ып-ыстық қою бірдеңе ағып жатқандай болды.

– Ештеңе емес, бауырым. Ең бастысы, әйтеуір тіріміз. Ал, соғуын жаман соқты – шофер де, жолсерігіміз де санитарлық батальонға жете алмады, – деген сөздер құлағыма күңгірлеп келіп жатыр. Мұның бәрі түс деп ойладым.

Содан соң мені біреулер жерлеп жатыр екен. Түсімде емес, кәдімгідей өңімде. Саша, Шүкірбек, Макака, Володя – бәрі жиылып, маған көр қазып жатыр. Шұңқырдан құп-құрғақ, сұрғылт топырақты лақтырып, арасында тершіген маңдайларын сүртіп қояды. Тіпті Володя: «Балалар, тездетейік!» – деп асықтырды.

Катонин, Буньков, Соколов қысқы құлақшындарын алып, мен жатқан машинаның соңында келеді. Ал, оркестр болса, қайғылы әуен тартып сарнатып келеді. Бірақ бұл Шопеннің қаралы маршы емес, басқа ән. Кенеттен мен, әннің сөзін ешкім айтып келе жатпаса да қандай ән екенін есіме түсірдім.

Кездім талай жердің жүзін,

дүниені шарладым,

Жер үйлерде, окоптарда,

бұрқағында тайганың...

Бірақ қазір бұл әннің әуенін оркестр өте жай орындап келеді, оны костел үйіндей алып орган қостайды.

Ал, Наташа, менің ып-ыстық маңдайыма қолын салған күйі, қатарымда келеді. Оның қолы мұздай, ал мен сол салқын қолдың маңдайыма тигеніне рақаттанып жатқан секілдімін. Ауадан Лежайскідегі тәрізді және дәл кешегі Жаңа жылдың алдындағы секілді, шырша мен қарағайдың иісі шығады. Бейне үйдегі сатып алынған әлі ойыншық ілініп, әшекейленбеген шыршаның жанында тұрғандаймын.

Содан соң қайдағы бір шұңқырға құлап барамын.

Әлде ұйықтап кеттім бе, әлде жай сандырақ па – ажырата алмаймын.

«Папасының бұл күнді көре алмағаны өкінішті», – дейді анам. Анам қайдан келіп қалған? Және әкем неге көре алмады дейді? Қайдағы күн? Қандай күн? Біз әкем екеуміз сызды окопта қатар жатырмыз, мен анама әкем тірі деп айқайлағым келеді. Тірі! Өлген менмін! Мені достарым және Наташа жерлеп жатыр. Ол (Наташаны айтам) енді менің тірі кезімде сүйемін деп айтпағанына өмір бойы азап шегіп өкінетін болады. Жоқ, ол азап шекпесе екен, өкінбесе екен. Енді ол бәрі бір менің өзін қаншалықты сүйгенімді біледі ғой...

Бір мезгілде орган үні баяулай бастады. Оркестр де үндемейді. Алаңға немістер шығып келеді. Өздері көп-ақ. Олар маған қарай ұмтылып, жүгіреді. Саша олардың жолын бөгеп, көзілдірігін сүртеді де:

«Меніңше, бұл... Мен сенен сұрағым келіп еді, сен қалай ойлайсың – бұлар немістер ме? Оларды атуға бола ма?» – деп сыбырлайды.

Мен олардың немістер екенін біліп тұрмын, бірақ лейтенант Соколов менің мылтығымды жұлып алып:

«Атуға болмайды! Болмайды! Бұлар тұтқындар! Тұтқындарды атуға болмайды!» – деп айқайлайды.

«Меніңше, балалар, мына оңбағандарды атпау деген барып тұрған ақымақтық!» – деп сыбырлайды Володя.

Володяның ұсқыны сондай қорқынышты. Алайда ол күлімсіреп, менің арқамнан қағып қояды:

«Есіңде болсын, бауырым, Соколовқа сенуге болмайды. Оған әлі де байқап қараңқырау керек. Бұл менің ғана пікірім емес, бауырым, есіңде болсын! Дивизион командирінің өзі солай ойлайды. Міне, қандай мәселе!» – дейді.

Мен шыдай алмай кеттім:

«Сен оңбағансың, Володя! Мен Соколов үшін...»

Ал, Наташа өзінің сұп-суық қолын менің маңдайыма басады.

«Сенің лейтенантың аналарды бекер мүсіркеді, – дейді ол. – Олар сені өлтірді ғой, жексұрындар. Өлтірді! Түсінесің бе?

«Түсінемін, – деп сыбырлаймын мен, – сен сондай жақсысың. Мен бәрін де түсінемін!»

Лейтенант Соколов қабағынан қар жауып маған жақындайды да, неге екені белгісіз, Наташаға қарап сөйлейді:

«Кешіріңіз, жолдас кіші лейтенант!»

Содан соң ол маған бұрылып:

«Ал сен санитарлық батальонға ақыры бармай қойдың ғой», – дейді.

«Сіз ше? Сіздің құлағыңыз қалай, жолдас лейтенант?»

Соколов жауап беріп үлгере алмайды. Буньков келіп қалады:

«Миша, қойшы сен! Жұртқа үйретесің, ал өзің...»

Келемін асып белдерден,

Көрінбейді жол алда.

Қар жамылған жерлерден

бір қарасын табам ба.

Келем ұқсап жетімге,

Үрей жайлап сананы.

Көк аспанның бетінде

бұлттар жүзіп барады.

Ызыңдайды жел түзде,

Дала бірақ таскерең.

Қорқыныштан елсізде

дірілдейді жас денем.

Мен неге өлең оқып, күбірлеп жатырмын? Пионерлер үйі қайдан пайда болды? Қалайша мен майданда жүріп, балалық шаққа оралдым?

«Сіздердікі дұрыс емес, балалар, – дейді Вера Ивановна. – Бұл мұңды өлең емес. Және оның бұдан басқа да өлеңдері көп... Дұрыс қой, жолдас Соколов?»

«Адамдарға сену керек, – дейді взвод командирі бұйра шашын сілкіп қойып. – Бәріне сену керек. Тек балаларға ғана емес...»

Қайтадан оркестр ойнай жөнелді. Бірақ енді орган үні естілмеді. Ойнап жатқаны гимн емес, «Интернационал»...