Fariza Ongarsynova. Otkendi kaitalau

1945 ЖЫЛ

– Қалай, тәуірсің бе? Жаңа жыл құтты болсын!

Міне, біз де кездестік.

Осылай боларын білгем. Ол маған келеді дегем. Қазіргі сөйлескеніміздей, бір-бірімізге қарап отыратынымызды білгем. Білдім бе? Жоқ, білгенім жоқ, мендегі осылай болса екен деген арман ғана болатын.

Қазір оған қарап жатырмын – қандай ересек болып кеткен!

Медициналық санитар батальонына да өзі келіп, енді міне, менімен қатар отыр.

– Сенің асығуың бекер. Дәрігер жата тұру керек дейді.

Яғни, ол дәрігермен де сөйлесіп үлгерген. Мен оған қазір ештеңе айтпаймын. Бәрін өзі біледі, өзі түсінеді.

– Мен сол жолы саған келе жаттым ғой, – дедім. Есімде қалғаны сол. Біздің батальон командирінің капитан Говоровқа жолдаған хаты, «Семенов шаруашылығына» жету үшін жол бойында қол көтеріп тұрғанымды, жүк машинасына отырғанымды айттым. Басқасы есімде жоқ.

– Яғни, сен мен үшін... Көрдің бе, мен қандай бақытсызбын...

Сүйдеді де ол қабағын шытып балшық-балшық етігіне қарады. Оның әбден шаршағанын сонда ғана түсіндім. Өңі боп-боз, көзінің айналасы көгілдір тартып, жанарында от қалмағандай. Бұрын оның көздері үлкен, жарқылдап тұратын.

– Сен шаршағансың, – дедім.

– Жоқ, мен шынында нағыз бақытсызбын.

Неге бұлай дейді?

– Сен Геннадий Васильевичті айтып отырсың ба? Ол үндемейді. Неге оны есіме алдым деп ішімнен өзіме өзім ұрсып жатырмын. Айтайын дегенім жоқ еді, аузымнан шығып кетті.

– Жоқ, ол туралы ғана емес, – деді ол. – Мүмкін, шаршаған да шығармын. Қазір жұмыс сондай көп.

Біз Москваны еске түсірдік, ол кішкене көңілденейін деді.

– Есіңде ме: құстар... айнала сондай әдемі – бәрі жарқырап тұр, адамдар да көңілді, бақытты, әдемі киінген, бәрі күлімсірей қарайды... деймін ертегіде жүргендей сөйлеп.

– Есімде, – деп көңілденді ол. – Мен кейде осыны түсімде көремін, әрине, жұмыс аз кезде. Ал, жұмыс көп болса, өлген адамша құлай кетесің...

– Есіңде ме, біз ақыры шомылуға бармадық?

– Берлинде шомыламыз! – Ол тағы күлімсіреді. Содан соң мұңды дауыспен: – Жалпы, жылылықты сағындым.

– Ал, қашан басталады?

Алдыңғы түндерде де, осы күндері де жол бойында өтіп жатқан техника дүрсілі санитарлық батальонның қабырғаларын зіркілдетіп, құлаққа тыным бермейді.

Шамасы, алдыңғы шепке әкеліп жатыр. Үлкен шабуылдың алдында осылай болатын шығар.

– Жақын арада, – деді ол. – Дәл білмеймін, бірақ әзірленіп жатыр. Әзірлік күшті.

Жоқ, мен, әрине, дұрыс жасадым. Госпитальға бармағаным ақыл болды. Қазір аяғым ауырмайды, оқ дегенің сүйекке жетпей етін ғана зақымдаған. Ал, арқамдағы жара жазылып келеді деп дәрігерлердің өздеpi айтты. Өмір сүруге болады. Басым ауырып, құлағым шуылдағаны да кетті, көзім де жақсы көреді. Кеше тексерген.

Ертең шығарыңдар деп сұраймын.

Ал, бүгін Наташа кеткен бойда, қағаз, қалам алып, оған хат жаза бастадым. Бүгін, өткен жылы айта алмағанымның бәрін жаздым. Білсін дедім. Білуі тиіс. Содан кейін хатты жыртып тастадым... Жәй бірдеңе болып шықты. Мұндай хатты оған жібере алмаймын.

Қыс дейтін қыс та емес, ал жерде сірескен тоң жатыр. Шамасы, ылғалдың молдығынан болар. Жерді де сыбап жүрміз. Күрек батпайды. Сүймен деген бізде атымен жоқ, солдаттың күрегі ғана. Дыбыс аңдитындар, фотоға түсіретіндер, біз де негізгі жұмысты бітіргеннен кейін дивизион командиріне жер үй қазып жүрміз. Соңғы кезде немістерден тыныштық кетті. Бақытқа қарай шығын болмағанмен, штаб машинасына да оқ тиіп үлгерді. Фотолабораторияның шанағын да мина зақымдады. Тіпті асхана да cay қалған жоқ – дұшпанның әуе шабуылы кезінде қазанды оқ тесіп кетті.

Біз Гура деп аталатын, елу шақты үйі бар түкпірде жатқан бір деревняның шетінде жұмыс істейміз. Күнде сағат түнгі екі жарымға дейін жүреміз. Екінші қатар бөрене жүргізіп болғанымыз сол еді, Володя:

– Несі бар, жігіттер! Тамаша болды! – деп мақтанып қойды. Шынында да тамаша болды.

Таң ата жер үйді аяқтауымыз мұң екен, «юнкерстер» көрінді. Үшеу. Бізге көрші тұрған танк колоннасы не батарея секілді маңызды объект болмаса да, «юнкерстер» бомбылау үшін айналып ұша бастады.

– Айтатыны жоқ, көрімізді қазып үлгердік, – деп әзілдеді Володя, жаңа ғана тұрғызған жер үйге топырлай тығылғанымызда.

– Әзіліңді қойшы осы! – деп Соколов зекіп тастады.

Самолеттердің біреуі айналып ұша бастады. Біз оның жақындап келе жатқан жан түршіктірер дыбысын, іле-шала бомбаның жарылысын естідік. Сол кезде взвод командирі менің иығымдағы автоматқа жабысты:

– Берші маған!

Майданда жүріп, біздің көбіміз неміс автоматын қолға түсіргенбіз. Подлесье деревнясының маңындағы біз бұрын көрмеген ұрыстан кейін мен де автоматқа ие болғам. Бұл заңсыз еркіндік болатын, өзіміздің мылтығымызды машинаға жасырып қойғанымыз үшін де сыбағамызды алатын шығармыз деп күтіп жүрміз. Алайда Соколов та, Буньков та, басқа офицерлер де, тіпті, дивизион командирі майор Катониннің өзі де бізге тіл қатқан жоқ, әрине, біздің басқаша қаруланғанымызды олар көріп жүр. Міне, Соколов менің автоматымды қараңғыда жұлып алды да, жер үйден шықты.

– Төмпештеп бітті білем, – деді көп сөйлемейтін Макака, бірақ оны қостауға мұрша болмады. Жақындап келе жатқан самолет үні мен жарылыстан ойымызды да ұмытып қалдық. Жер үйді теңселтіп жібергені соншалық, бейне буырқанған толқын арасындағы корабльге ұқсап кетті.

Қалай болғанын білмеймін, бір қарасам, Макака менің аяғымда жатыр. Саша қолын сермеп қалғанда, бөркі ұшып кетті. Тас қараңғы үйдің ішінде жұрттың бәрі абыр-сабыр болып қалды, тек Шүкірбектің даусы ғана бізді тоқтатты:

– Лейтенант сыртта қалды. Ол шығып кетті ғой, өз көзіммен көрдім! Қалай болды?

Шүкірбек бірінші болып үйден атып шықты. Оның соңынан Саша, мен, тағы біреу – балаларды кейін барып көрдік. Әуелі көзімізге түскен Соколов болды, содан ұзап бара жатқан «юнкерстің» құйрығын көрдік және үшінші «юнкерс» бізге елу метрдей жақындап қалған екен. Соколов сол үшінші самолетті көздеп тұр. Кенет «юнкерс» алғашқы бомбаны тастай бергенде, Соколов автоматтан оқ жаудырды.

– Жатыңдар! – деп айқайлады Соколов, біз көзіміз түк көрмей жерге жабысып жата қалдық.

Бомба жақын жерге түсті. Одан соң екіншісі. «Өртенді! Қараңдар!» – деген лейтенанттың айқайы мен самолеттің жарылған үні қатар шыққанда, біз басымызды әлі көтерген жоқ едік. «Юнкерс» жолға жақын жердегі Иисус Христос бейнеленген крест жанына құлады. Біз жапатармағай жүгіріп жеткенше самолет те, крес де қалмапты, тек бөлшектер ғана түтіндеп жатыр.

Таңғы сағат бесте қатты дүрсілден шошып оянған біз ұйқылы-ояу терезеге үңілдік. Жер сілкінгендей болды. Барлық жерде – оқтың ұшқыны «Катюшаның» отты жарқылы, бомба тастаушы самолеттердің жан түршіктірер гүрілі.

– Шабуыл ма? Артиллериялық әзірлік пе?

– Әзірше ұрыспен барлау, – деді лейтенант Соколов, таңып тастаған басындағы қоңыр дақты көрсетпегісі келіп. – Артиллериялық әзірлік кейін басталады.

– Барлау мынандай болса, артиллериялық әзірлігі қандай болады?

Соколов сөз арасында:

– Дыбысшылар мен көздеушілер біздің координаттарда көп нүктелерді белгілеген екен. Комбат сіздерді құттықтауды сұраған, – деді.

Ұрыспен барлау сағатқа жақын созылды, ал ертеңгі онда нағыз ұрыс басталды. «Катюшаның» от теңізінен кейін, іле-шала қуатты артиллерия, одан кейін түрлі калибрлі артиллерияның бәрі іске кірісті. Үйдің әйнектері дірілдейді. Жер үйлердің төбелері сықырлайды. Жер сарнап тұрғандай. Ағаштар қорыққаннан бұталарындағы қарды сілкіп түсіріп жатқан секілді. Бұдан кейін біздің әскерлер от тасқынын дұшпан қорғанысының түкпіріне бұрды. Түске қарай алдыңғы шепке танкілер шықты. Жолдың бәрі қозғалысқа толы. Әскери тыл да қимылдай бастады. Тек біз ғана ұмыт қалғандаймыз, «алға» деген де бұйрық жоқ, не басқа жоқ...

Кешікпей біздің деревняға алғашқы жаралылар әкеліне бастады.

– Ал, қалай, не болып жатыр? – Біз оларға жүгірдік.

– Жағдай жаман емес... Біздердікі алға кетіп барады...

Ал, танкілер ұлып барады. Танк колонналарының бас жағында аттары жазылған: «Орел колхозшыларынан», «Проскуровты азат етуші», «Орал жұмысшысы», «Сібірліктер – майданға»...

Біздің ұққанымыз: бір үлкен нәрсе басталған секілді, жұрттың бәрі күтіп жүрген, соған әзірленіп жүрген, сол үшін күн сайын біздер де жұмысқа шыққан үлкен нәрсе... Бірақ неге екенін біздің ешқайсымыз әлі толық білмейміз. Біздің майданның Сандомир плацдармындағы шабуылы ма? Әлде барлық Бірінші Украин майданы түгел шабуылға шықты ма? Мүмкін, бүкіл майдандардың шабуылы болар ма?..

Қып-қызыл болып, қуанған Буньков жүгіріп келді.

– Кешке митинг болады. Өздеріңді ретке келтіріңдер.

Ал, әзірше, басқа жұмыстармен қоса, жаралыларды қабылдаңдар. Қазір алғашқы топтар келе бастайды. Миша, саған, командирдің тапсырмасы осы, – деді ол лейтенант Соколовқа, – байқа, тентек болып жүрме!

Соколов қуанбады ғой деймін:

– Тәуірірек ешкімді таппадыңдар ма?

Олар жаралыларды тасымалдау туралы келісті. – Біздің штаб тұрған көрші деревняға дейін оларды біз апарамыз. Одан әрі -: шаруашылық взводы мен фото взводы.

Жаралылардың алғашқы тобы дәрігерлердің тікелей көмегі қажет болатын жағдайда келді. Тұтқындар төртеу екен – артиллерия шабуылынан қансырап, құлақтары бітеліп қалған, – аузы-мұрындарынан қан сорғалап, ештеңемен ісі жоқ, әзер тұр.

Саша олармен немісше сөйлесуге тырысып көрді. Ол немісше білетін сөздерін есіне түсіру үшін қиналғаны өз алдына, оларға естіртудің өзі күш болды.

Олардың бірі, шамасы түсінгіштеу болса керек, басын қуана шұлғып, бізге таныс сөздерді қайталай береді:

– Гитлер капут! Сталин – гут!

Басқа немістер бірдеңе деп еді, бірақ мен оларды ести алмадым.

– Мыналар не дейді? – деп сұрадым Сашадан. Қызық жағдай: біз мектепте қаншама жыл неміс тілін оқыдық, мен тіпті жақсы бағалар да алып жүрдім, артикльдерді жатқа білетінмін, құйттайымда жаттап алған өлеңді (Айн меннляйн штеет им вальде, ганц штиль унд штум»...) де оқи алатынмын, алайда. «Гитлер капут!» дегеннен басқа күрделірек бірдеңе айтқан немісті түсіну түгілі, ең қарапайым сөздерін де айта алмаймын. Эмилия Генриховнаның керемет деген мектебі де көмектесе алмапты.

– Олар айтады: бүгінгі бастан кешіргеніміз – соншалық қорқынышты, жан түршігерлік дейді, – Саша маған түсіндірді.

Саша төрт тұтқынның біреуі прибалт, біреуі австриялық екенін де біліп алыпты.

Бірінші топты Саша жалғыз алып кетті. Макака оған:

– Мүмкін бірге апарармыз? – деп ұяңдау тіл қатқанына қарағанда немістерді жалғыз өзі әкеткісі келмеді білем.

Екінші топта тұтқындар көбірек – жетеу екен. Іле-шала үшінші топ алты неміс әкелінді. Сөйлесетін мезгіл жоқ. Макака екеуміз тездетіп екеуінің жараларын байладық та, штабқа әкеттік. Макака екеуміз қатар келе жатқанда Паташон мен Патқа ұқсаймыз. Тұтқын немістердің жанында Макака Геркулес боп көрінбейді. Мылтықты көлденең ұстаған ол тұтқындар колоннасының біресе алдында, біресе соңында жүгіріп жүр. Немістердің кейбіреуі ақсаңдап келеді, екеуі жалаң аяқ, қандары шығып тұр. Мен колоннаның қатарында келемін.

Тұтқындар бастарын салбыратып, тәртіппен келеді. Бір-бірінен қалғысы келмей, ілесе алмағандарды өздері асықтырады. Штабқа дейін онша алыс емес – үш шақырымдай. Тек біресе жоғары көтеріліп, біресе төмен түскен жол жаман. Біз жай жүріп келеміз. Қырсық шалғанда, мен де сәл сылтып қоямын.

Шағын алаңқайдың жанына келгенде жалғыз аяқ жол кілт оңға бұрылды да, біз сәл-пәл кідіріп қалдық. Бір неміс сүрініп кетіп, аяғындағы су-су шарығын байлау үшін тізесін бүкті.

Біз күттік. Макака менің жаныма келді.

– Біздің тіл білмейтініміз ақымақтық, ә? Мыналармен сөйлесіп көрер ме едік.

Осы кезде алаңқайдан біздің офицер шыға келді. Біз оның атағын байқай алмадық – үстіне кеудеше киіп алыпты. Бірақ құлақшыны, гимнастерка мен шалбарынан таныдық: біздің офицер.

– Кімсіңдер? Қайда барасыңдар? – деп сұрады ол, пистолетін қолына ұстаған күйі қатқыл үнмен.

Біз жауап бердік.

– Штабқа өзім апарамын, ал сендер келесі топты алып келіңдер! – деп бұйырды ол сөзге келмей.

Мен сасып қалдым да, Витяға қарадым.

– Біз олай істей алмаймыз, – дедім батылсыздау үнмен. – Штабқа өзіміз апаруға тиіспіз, ал сіз...

Офицер сөзімді бөліп жіберді.

– Әңгімені қойыңдар! Бұйрықты орындаңдар! Әйтпесе ит секілді атып тастаймын! Түкке түсінбеген немістер де аң-таң. Сол сәтте күтпеген оқиға болды – офицер Макаканы атып қалды да, немісше айқай салды:

– Лауфен, Эзель?!1

Мен не болып, не қойғанын, оның немісше не дегенін түсінбедім, бар болғаны бір жағына атылып түстім де, екі рет әуеге оқ аттым. Біздің тұтқындар орындарынан қозғалмастан не істерге білмей тұра берді, тіпті, біреуі де қашайын деген жоқ, керісінше, офицер ағаштың артына тасаланып, енді мені көздей бастады. Оқ жанымнан өте шықты. Осы сәтте немістердің бірі:

– Герр офицер! – деп айқайлап жүгіре бергенде, Макаканың жанына келіп құлап түсті. Шамасы, Витя жаралы ғой деймін, бірақ мен оның жанына баруға шамам жоқ. Ағашты екінші рет көздеп аттым да, ол жерде офицердің жоқ екенін білдім. Граната лақтырдым. Көздемей жіберіп ем – ағаш арасынан айқай шықты. Немістер ойымда жоқ. (Ақымақ! Құр қол мені олар ұстап алса қайтер едім!) Мен алаңқайға жүгірдім. Офицер қанға бөккен күйі жан даусы шығып, домаланып жатыр. Оқ оның көзі мен бетінің біріне тисе керек.

Жаралы Макака ойыма түсіп артыма қарап едім, екі неміс оны сүйемелдеп тұрғызып жатыр. Басқалары қарап тұр.

– Саған не болды, Макака. Не? – Мен оның шинелін шеше бастадым.

– Ештеңе емес, – деп Макака бүйірін ұстай берді.

– Жырып кетті білем. Сен ананың пистолетін, пистолетін ал!..

Офицер айқайлауын қойып, қан жуған бетін басқан күйі ауыр дем алып, ыңқылдап жатыр екен. Пистолет қасында. Мен шүріппесін басып алармын деп қорқақтап қолыма алдым. Бұл өмірде бірінші рет пистолет ұстауым ғой.

Енді не істеу керек?.. Витя жаралы. Тұтқындардың бірі өліп қалды. Он екісі қасымда тұр. Және мына офицер... Кім өзі? Бізше киінген фриц пе? Барлаушы ма, әлде бандеровшы ма? Ол тірі және тірі тұрғанда штабқа жеткізу керек.

Біздің взводтан гөрі штаб жақындау жерде. Макака орнынан әрең тұрды:

– Кеттік.

Жүгіріңдер, есектер! (немісше)

– Мына түріңмен қайда барасың?

– Кеттік, кеттік! – деп сыбырлады түсі құп-қу болып, еріні көгеріп кеткен ол. – Жүре аламын.

Біреуге өлген немісті, басқаларына жаралы офицерді алып жүру, енді біреулеріне Витяға көмектесу керектігін тұтқындарға түсіндіре алмай тұрғанымызда, бақытымызға қарай, Саша шыға келді.

Ол штабтан келе жатыр.

– Қалайша сен осы жолмен алып өттің? – деп сұрадым мен, болған уақиғаны айтқаннан кейін.

– Осы жолмен алып жүрдім. Ештеңе болған жоқ.

– Қайта немістер момын болып жанымыз қалды, – деп сыбырлады Макака. – Ол бұларға немісше бірдеңе деп айқайлады, шамасы, қашыңдар деген болар, ал бұлар орындарынан қозғалмады...

Саша немістердің бірінен сұрап еді, анау басын изеп, қызына сөйледі:

– Лауфен, эзел! Лауфен, эзель!

– «Жүгіріңдер, есектер!» – деп айқайлапты бұларға, – деп аударды Саша. – Бандеровшы не власовшы ғой.

Жарты сағаттан кейін біз штабқа жеттік. Тұтқындарды тапсырдық. Біздің Макаканы медсанбатқа апардық.

Жаралы офицерді көруге майор Катониннің өзі келді.

– Анықтаймыз. Ал сендер менің «газигіме» мініңдер де өздеріңе жетіңдер. Лейтенант Соколовқа сағат жетіде осында болатын жиынға бәрі түгел келулері керектігін айтыңдар.

Кешкісін біз штабқа оралдық. Деревня көшесінде дивизион түгел сапқа тұрды. Қызыл ту желбірейді. Біздің арамызда фото взводының командирі кіші лейтенант Фекличев жоқ болатын – ол өз минометінің отына өртеніп қаза тапқан. Госпитальға жіберілген Макака да жоқ...

– Бүгін біздің майданның ең шешуші шабуылдарының бірі басталды, – деді майор... – Корпус командирі, жауынгерлер, сендердің бәріңе, сержанттарға, старшиналар мен офицерлерге осы шабуылға өте жақсы әзірлік үшін алғыс айтуды сұрады.

– Совет Одағына қызмет етеміз! – деп хормен жауап бердік.

Радионы қашаннан бері тыңдамағаным есімде жоқ. Кенет – хабар. Москвадан. Және қандай хабар! Бізге тікелей қатысы бар хабар.

– Советтік Информбюродан, – көптен естімеген Левитанның даусы. – Он үшінші қаңтардағы жедел хабар. Сандомирдің батыс жағында шабуылға шыққан Бірінші Украин майданының әскерлері, ауа райының авиацияның жауынгерлік қолдауына мүмкіндік бермеген қолайсыздығына қарамастан, жаудың қырық шақырымға созылатын майдандағы мықты қорғаныс шебін бұзды. Жау шебін бұзуда ойдағыдай ұйымдастырылған күшті артиллериялық шабуыл шешуші роль атқарды. Екі күн бойы жауынгерлік шабуыл жасай отырып, майдан әскерлері қырық шақырымға ілгері кетті және майдан аумағын алпыс шақырымдай жерге кеңейтті. Шабуыл кезінде біздің әскерлер жаудың Шидлув, Стопница, Хмельник, Буско-Здруй (Буек), Висьлица, сонымен қатар үш жүзден астам басқа пункттерге ұрыспен кірді...»

Содан соң Левитан Жоғарғы Бас командашының бұйрығын оқыды. Онда біздің корпус командирінің және корпусқа қарайтын дивизиялар командирлерінің, басқа да көптеген дивизиялардың және маған таныс Наташаның дивизиясы командирінің аттары аталды.

«Бүгін, он үшінші қаңтарда, – деген үнді естідік, – 21 сағат 30 минутта біздің Отанымыздың астанасы Москва неміс қорғанысын бұзған Бірінші Украин майданының ер жүрек әскерлері құрметіне Отан атынан екі жүз жиырма төрт қарудан жиырма рет артиллериялық салют береді...»

Біз ол салюттің дабылын естігеніміз жоқ. 14 қаңтарда Бірінші және Екінші, оларға ілешала Үшінші Белорус майдандары әскерлерінің шабуылға шыққанын да естімеп едік.

Соғыс деген біз елестеткендей болмай шықты. Рас, ол бұрынғы, алғашқы күндердегіге де ұқсамайды. Қырық бірде Москва түбінде өткізген бірнеше сағаттар арқылы соғыс менің есімде қалған. Мен ол жайлы жиырма екінші маусымда басталған соғыс жайлы біз секілді бірнеше апта ғана емес, үш жыл бойы майданда жүрген Наташадан да естідім! Қазір соғыс жеңіске жақын, сондықтан да ол қуанышты сезіледі. Күш пен техника басымдылығының айқындығы соншалық, шешімді түйінге аз қалғанын әркім де түсінеді. «Берлинге жетеміз!» деген ұран да бұрынғыдай көңіл түкпіріндегі тілектей қабылданбайды.

Дегенмен соғыстың аты – соғыс. Соғысты батырлық пен даңқтың даласы деп елестеткен біздің түсінігіміз, Гороховецк лагерьлері секілді, тым жырақта қалды.

Біз әскерлеріміздің ең соңында келеміз. Жол езуінде қираған неміс техникасы. Даланың беті быт-шыты шыққан окоптар мен жер үйлерге толы... Темір жол маңы қисайып қалған эшелондар. Топырағы ескіріп үлгермеген туысқандар бейіттері де қалып жатыр. Біз бірнеше ондаған шақырымдарды өтіп, көп кешікпей бізге дейін азат етілген Краковке жеттік. Бізде қазір ауыз толтырарлықтай жұмыс жоқ, өзіміз қарамағына берілген корпустан қалмау үшін соңына ілесудеміз.

Краков жалауларға малынып тұр екен: советтік қызыл тулар, поляктың қызыл жолақты ақ жалауы, кейбір терезелерге ақ жайма ілулі тұр. Батысқа қашып үлгермеген немістер өздерінің ниеті түзулігінің белгісі ретінде ақ жалау іліп қойған. Ал, мені Краков тағы бір жақсы хабармен қарсы алды – бірнеше үйлердің төбесінде, көше бұрыштарында «Семенов шаруашылығы» деген көрсеткіштерді байқадым.

Біздің дивизион қаланың шетіне тоқтады.

Ұзақ мерзімге ме?

Аға лейтенант Буньков:

– Шыдай тұрыңдар! Қазір біліп келемін... – деп уәде берді.

Кешікпей ол да оралды:

– Жүкті түсіріңдер. Қонатын болдық. Бізге берілгені әне ана біреу үй.

Мені бірден кезекшілікке қойды. Яғни, кешке дейін күтуге тура келеді.

Кезекте тұрғанда көргенім – Краков көшелерінде шұбырған машина: қару-жарақ тиеген ауыр машиналар, танктер, жаяу әскер тиеген жүк машиналары. Үйлеріне оралған тұрғындар да шұбырып келеді: жаяу, аттылы, қолдарында қап, сөмке. Олардың кейбіреулері көңілді, кездескен біздің солдаттар мен офицерлерге қуанышпен сәлем береді. Енді біреулері еңсесі түсіп, айналаның бәріне немқұрайды қарайды. Дәкемен таңып ескі-құсқы шүберекке ораған кіп-кішкентай ауру, әлсіз балаларын көтеріп келеді. Бет-әлпеті сәбидің жүзіндей жүдеу әйел баланың табытын арбаға салып сүйреп келе жатыр. Дәл менің жаныма келгенде, әйел тоқтап, табыттың бетін ашты да, баласының жүзіне үңіліп көңілі тыншығандай тағы ілгері кетті. Мүмкін, ана сәбиін туған жеріне жерлеуге әкеле жатқан болар...

Кезекшіліктен кейін мен Наташаны іздеуге жүгірдім. Қаланы алу үстіндегі ұрыста қаза болғандардың бейіті жанындағы алаңдардың бірінде балалар ойнап жүр, біздің көзіміз үйренбеген қара, ақ киімді монашкалар әңгіме соғып отыр, олардың қасында ақ шашты шал дұға оқып, «Матка боска» деген сөзді қайталай береді.

Маған біреулер саяси бөлімнің қыздары тұрған үйді көрсетіп:

– Егер ол кетіп қалмаса... Жиналып жатырмыз, – деп ескертті.

Асығып келем. Жас шамасы елулердегі кісі есік ашып, бірден бөлмеге кіргізді:

– Саламатсыз ба! Иә, иә, олар бізде болған! Өте сүйкімді бойжеткендер... Иван, қызыл әскер мырзаға орындық берші, – деді таза орыс тілінде.

Көрші бөлмеден жабырқау жүзді жігіт шығып, үндемей орындық ұсынды. Мен қайталап сұрадым:

– Көп болды ма кеткендеріне?

– Бір сағаттай болған шығар, – деді үй иесі. – Сіз отырсаңызшы, отырыңыз! Мүмкін, тамақ ішерсіз, бір рюмкаға қалайсыз?

– Жоқ, жоқ. Ал мынау кім? – дедім күтіп тұрған жігітті нұсқап.

– Ә! Бұл менің қызметшім. Өте сүйкімді жігіт! – деді үй иесі. – Иван, қызыл әскер мырзаға неге сәлем бермедің?

Иван бір түрлі ебедейсіз қимылдап басын иді де:

– Қайырлы күн, – деді полякша.

Мен таңырқап үлгермей, Володя жүгіріп келді:

– Сені іздеп жүрмін! «Машинаға отырыңдар!» деген команда болды кеттік! Кеттік!

Жолдар, жолдар... жолдар... Тамаша. Асфальт. Орман мен даланы жарып, ескі замоктармен қазіргі заманғы виллалардың жолымен жеміс бақтарының, жәй деревнялардың арасымен зулап келеді.

Деревня әдетте жолдан жырақтау жасырынып тұрады, бірақ біз көріп келеміз. Қазір олардың жасырына қоюы қиын – ағаш бұталары сидиып тұр, жасыл шөп атымен жоқ, ал қар – осы да қар болып па?! – не тасалайды. Қар шамалы. Жыралар мен сайларда қалғаны да еріп жатыр; көпірдің астында, ағаш түбінде өзінің соңғы сәтін жасырынып өткізуде.

Ал, деревнялар тым жадау. Бірақ тіршілік нышаны бар әйтеуір. Тұрбалардан түтін шығып жатыр. Бірен-саран адамдар көрінеді. Оқта-текте сиыр мөңірейді.

Жолға жақын жерлерде тірлік белгісі жоқ. Әдемі жеке үйлер мен виллалар да жансыз. Бақша, бақ та тымсырайып тұр. Волейбол алаңдары мен теннис корттары да жым-жырт. Бәрі әдемі, әрі үнсіз, бейне сурет секілді. Кейбір бай үйлерге қадалған қызыл жолақты ақ жалаулар да желбірейді. Желсіз, айналаны бозғылт тұман басып тұр. Жол үстінде тұманды түтін көрінеді.

Жол бойында түк көрінбейді. Түрлі жерлермен зулап келеді. Біздің дивизион еш жерге аялдамады. Алдымызда Катониннің «газигі», одан кейін штабтың, дыбысшылардың, топографтар мен фотосуретшілердің жабық, шаруашылық взводының жүк машиналары... Сынған машиналарды жөндеп үлгерген. Тегіс асфальттың үстінде скаттар зулауда.

Мотор дүрілдейді. Краков артта қалды. Бір сағат жүрдік, екі. Үшінші сағатқа айналды білем.

...Біздің машина бесінші болып келеді. Кенет бірден тоқтай қалды. Алдыңғы машиналардың тормозы шиқылдап қоя берді. Түсініксіз айқай. Жарылыс. Мина білем.

– Қорғанысқа көшіңдер!

Взвод командирі Соколовтың даусы. Біз жапа-тармағай секіріп түсіп, бетон көпірдің астына тығылдық.

Екінші жағымызда шағын орман мен завод тұрбалары көрінеді. Сол жақтан атқылап жатыр.

– Алтыатар. Және біреу емес, – деді Соколов. – Қазір білейін... Үшеу екен.

Біз бәріміз қорғанып үлгердік. Бос машиналар ғана жол бойында қалды. Оларға тығылатын жер жоқ: Миналар қатарымызда жарылуда. Мен машиналарға, әйтеуір айнала доңғалақтарға қарап отырмын.

Мина біресе бізге жетпей, біресе асып барып түседі. Кенет мина көпірге, дәл маңымызға түсті.

– Бұлар неге бастамайды? – деп Соколов кейіп сөйледі. – Кәне, кеттік!

Ол бесеуміздің атымызды атап, ертіп алды, біз пластунша еңбектеп, біздің машиналардың тасасымен жолдан өттік.

– Гранаталар! Сақ болыңдар! – деп сыбырлады лейтенант. – Тек еңбектеңдер!

Біз завод тұрбасы көрініп тұрған шағын орман жаққа еңбектеп келеміз. Соколов басқа офицерлер секілді «пластунша» демейді, «еңбекте!» – дейді.

– Менде граната жоқ, – деп міңгірледі жанымыздағы Володя. – Не істеу керек?

– Еңбектей бер, – дедім оған. – Ештеңе емес. Бірдеңе етерміз. Біз орманды оң жақтан айналып өттік. Ағаш арасынан заводтың кірпіш қабырғасы мен қақпасы көрінді. Қақпа ашық тұр. Миномет қақпаның арғы жағынан атылуда.

Соколов үш гранатаны байластырды да:

– Қабырғаға жеткесін, мені басына шығарыңдар, – деп бұйырды.

– Неге сізді? Сіз онсыз да жаралысыз... – деп Саша қарсылық білдірді. – Мен... Біз де...

– Үндеме! – деді Соколов. – Айттым ғой... Мені шығарыңдар.

– Біздің адамдар, қараңдар! – деп Володя айқайлап жіберді.

– Айқайлама! – деп түртті оны взвод командирі. – Көріп келемін...

Қабырғаның екінші жағынан біздің дыбысшылар, олардың арасында, неге екені белгісіз, Буньков еңбектеп барады. Олар қабырғаға таяп қалыпты.

– Тезірек! – деп асықтырды бізді Соколов. Миномет әлі атқылауда. Оң зулап төбемізден өтіп жатыр, ал мина алыста жарылып жатқан секілді. Бірақ бізге солай естіледі, әйтпесе немістер жол бойындағы біздің машиналарды атқылап жатыр. Ал жол деген, ағаш бұталарынан көрінбейтіні болмаса, тиіп тұр.

Біз қабырғаға таяп қалдық.

Соколов пен Сашаны шығардық. Қақпаның екінші жағынан Буньков пен екі солдатта қабырғаға шығып үлгерді. Гранаталар ұша бастады.

– Енді қақпаға! – деп айқайлады Соколов қабырғада тұрып. – Тез!

Біз қақпаға жүгірдік.

Минометтер қирап қалыпты. Жанында өліктер. Бір, екі... Бесеу ғой деймін. Штаб бастығы мен біздің комбат үш немістің қаруын алды.

Бір неміс қарсыласып, айқайлап жүр.

– He дейді? – деп сұрадым.

– Жарайды, жарайды, – деді Буньков. – Алып жүріңдер, – деп бізге көңілдене қарады. – Жүйкелерінің жұқасын көрдің бе! «Бізді сатып кетті» деп қояды өздері...

Тағы төрт тәулік жол жүрдік. Жол бойы сәл аялдап аламыз, бір сағат, екі сағат. Біз тағы батысқа келеміз. Корпус ұрыс салып барады, оған біздің көмегіміз әзір керек емес тәрізді. Біз корпусты қуып жеттік. Корпусты емес, оның соңғы жағын деуге болады. Санитарлық батальон, шаруашылық бөлімі, арбалар. Тіпті штабтар да алға ұзап үлгеріпті.

Ұйқысыз өткен бірнеше тәуліктен кейін Берут Старый деген қалаға тоқтадық. Барлық жерден жақында өткен ұрыстың ізі байқалады. Тұрғындар дүкеннен азық-түлік алып, қабырғалары қақыраған үйлерден заттарын шығарып жатыр.

– Бүгін ұйқыны қандыратын шығармыз, – деді батальон командирі Буньков.

– Орын іздеңдер, орналасыңдар.

Біз – Саша, Володя, үшеуміз бір үйге кірдік. Тап-таза. Қабырғада Лениннің портреті! Бізді екі әйел және бізден сәл ересек жігіт қабылдады.

– Кетейік, – деп асықты Саша. – Одан да бір қаңыраған үй тауып алған жақсы.

Үй иелері қонуға шақырды.

– Мына портретті қайдан алдыңыздар? – деп сұрадым.

Жігіт поляк тілінде бір нәрселерді қызына түсіндіріп жатыр.

– Не! Немене! – деп Володя түсінбеді. Мен түсінген секілдімін:

– Бұл портрет немістер ұстап әкеткен әкесінен қалыпты.

– Қандай адам болған! – деді Саша. – Ендеше қалайық!

Біз орын таптық деп айтуға келсек, «машинаға отырыңдар!» деген команда болып жатыр екен.

– Бәрің де жауынгерлік әзірлікте болыңдар, – деп ескертті майор Катонин, біз машиналарға жайғасқасын. – Оқ-дәрі, граната – бәрі дайын болсын.

– Ештеңе емес, славяндар, ұйқыны қандырамыз әлі. Бәрі алдымызда, – деп әзілдеді Буньков. Содан соң лейтенант Соколовқа қарады: – Қалай, Миша, дұрыс па?

– Дұрыс, – деп келісті Соколов.

Соңғы кезде біздің лейтенант көңілденіп кеткен секілді. Дәлірек айтсақ – шабуыл басталғаннан бері. Тіпті, қазіргі біздің жұмыс жасамай келе жатқанымызға да риза тәрізді. Оның жан-дүниесінде не болып жатқаны бізге қараңғы.

Біздің машиналар Берут Старый қаласынан орман жаққа қарай жүріп келеді. Бұл маңда, өткенде біз көргендей емес, нағыз аралас орман көп екен.

Алыстан атылған оқ даусы шығады. Ракеталар жарқылдайды. Іңір қараңғылығы түсіп келеді.

– Сендерге айтуға ұмытып барады екем. – Бізбен бір машинада келе жатқан лейтенант Соколов Саша екеуміздің фамилиямызды атады. – Сендердің атқан «офицерлерің» власовшы болып шықты.

Германияға өткісі келіпті. Сасып қалмай, сендер дұрыс жасапсыңдар.

– Бұлар деген біздің қырандар деп Сізге баяғыда айттым ғой, жолдас лейтенант, – деді Володя.

Мен үндемедім. Әрине, мұның Сашаға қатысы жоқ, бірақ Макака екеуміз сасып қалдық. Егер баяғыда-ақ әбден жалығып біткен тұтқындар болмағанда, біздің шаруамыз бітетін еді. Қазір бұл машинада отырмаған да болар едім, ал Макака госпитальда жатпас еді.

Ақыры шағын деревня көрінді.

– «Ярошевице», – деген жазуды оқыды біреу. Шамасы, жақын маңдарда ұрыс жүріп жатқанға ұқсайды. Миномет үні ғана емес, пулеметтің винтовканың, тіпті, пистолеттің дауысы шығып жатыр. Біз деревняның шетіне тоқтадық. Тұрғындардан, көрші әскерлерден естігеніміз мынау: орманда немістердің жаяу әскер дивизиясы, артиллерия полкы, бронемашина полкы қоршауда тұрған көрінеді. Біздің артиллерияшылар оларға біржола соққы бергісі келгенмен, мұнда біздің әскерлер аз. Негізгі бөлімдер ілгері кетіп қалған көрінеді. Сондықтан ормандағы неміс тобын құртуға штабтағылар, шаруашылық қызметкерлері, тіпті, кір жуатын қыздарға дейін қатысуда екен.

Кеш түсті, бірақ неміс артиллериясы әлі атып жатыр.

Деревняға бірнеше снаряд, мина түсті. Біздің үйдің жанына түскен болванка жерге кіріп кетті.

Біз бұйрық күтудеміз.

Түнге қарай оқ толастап еді, сол бойда:

– Шығыңдар! – деген команда болды. Әр взвод тапсырма алып жатыр. – Қоршаудағы топ, – деді дивизион командирі, – біздің артиллерияның оғынан тоз-тозы шықса керек, енді мүлде құртуға болады. Оны қазір, немістер өзді өзіне келмей тұрып жасаған дұрыс.

Біздің взводтар орманды оңтүстік-батыс жақтан бастап тазалауы керек. Біздің взводты Соколов орманға қарай бастап әкетті. Сегіз адамбыз, бәрімізде де үн жоқ. Ауа райы бұзылып тұр. Аспанда ай да, жұлдыз да жоқ. Көзге түртсе көргісіз. Тек аяқтың астында құрғақ бұтақтар сықырлайды, артиллерия қиратқан ағаштар қатты жел екпінімен ауыр дем алып тұр. Орманның сау тамтығы қалмапты, түрі қорқынышты, қатты ауырып, қиналған күйі ыңырсиды.

Басқа взводтар және батальон командирі Буньков та жақын жерде, қатарымызда келеді. Онан әрі Катонин келе жатқанға ұқсайды, оның саяси орынбасары мен штаб бастығы да сол маңда.

Майданда болғалы байқағаным, Катонин барлық операцияларға өзі тікелей қатысады. Бірде майордың саяси орынбасары:

– Степан Василич, саған болмайды ғой... – деп көріп еді.

Бұл Низины деревнясында неміс машиналары штабқа қарай өте бастаған кез болатын.

– Тоқта, тоқта, кедергі жасама, – деді Катонин. – Одан да екі бөтелке ала салшы. Әне, әне. Біз онсыз да көп емеспіз.

Біз майорды көптен, армиядағы алғашқы күнімізден бері білеміз. Әуелі мектеп басшысы, содан соң полк штабының бастығы ретінде білеміз. Алғашқыда ол біз үшін жәй басшы ғана болатын. Қазір де солай, тіпті үлкен дәрежеде. Дивизион командирі, оның үстіне кез келген әскери бөлімге тең түсетін өз алдына дербес дивизион. Бізге одан үлкен бастық жоқ. Дегенмен майорды тағы бір қырынан танығандаймыз, алдымен оның батылдығы...

Біз орман ішімен жүріп келеміз: мен, жанымда Саша, бірнеше адамнан кейін Володя, содан соң тағы да біздің балалар.

Орман ішіне енген сайын снарядтан қираған ағаштар, аяқ асты толған жаңқа, тұңғиыққа құлағандай аяғымыз шұңқырға түсіп кете береді. Біздің автомат, карабин, противогаз сөмкесінде салған гранатамыз бар.

Әскери заңның бәрін бұзып, біз противогазды әлдеқашан машинаға жасырып тастағанбыз. Орындықтардың астыңғы жағындағы жәшіктерде жатыр.

Орман іші тып-тыныш. Қараңғы. Орман өсіп қалған тәрізді. Не адам даусы, не мылтық үні жоқ. Ал, бұдан бір сағат қана бұрын осы орманда тарсыл-гүрсіл еді. Шынымен біздің артиллерия оты немістер тобының бәрін құртып жібергені ме? Бүтін жаяу әскерлер дивизиясын, артиллериялық полкты, бронемашиналар мен басқа да машиналарды? Ол бөлімдер әуелден тұтас болмағанның өзінде түк қалмағаны ма?

Енді біз де лейтенантпен қатарластық.

– Жолдас лейтенант, сіз соғыс біткесін қайта мектепке ораласыз ба, жоқ әскерде қаласыз ба? – дедім мен бас жоқ, аяқ жоқ взвод командиріне.

Расында да, ақымақтық болды білем. Әлде мынау құлақ-мұрын кескендей үнсіздік пен алдымызда не боларын білмегендіктен бе – мен бір түрлі болып кеттім.

Біз ішімізден солай деп үміттенсек те, бұған сене қою қиын. Қоршауда қалған неміс тобының тағдыры алдын ала шешіліп қойған, өйткені ол біздің әскерлер тылында қалып тұр ғой. Алайда әрбір неміспен кездесу – мейлі ол біздің тылда болсын қауіпті. Қоршауда қалған немістің оғынан өлу – ақымақтық.

– Бірдеңе жылтырайды, – деп сыбырлады Саша. Алдыңғы жақта шынында да бір жарық бар. Ағаштар сирей бастады да, алдымыздан аппақ бірдеңе көрінді. Қар болғаны ма? Біз жұқа қар басқан және ойдым-ойдым қазылып қалған алаңға шықтық. Алаңда қап-қара күйеге малынған неміс машинасы мен қарулары қисайған шағын калибрлі артиллериялық батарея тұр.

– Сақ болыңдар, мен алға кеттім, – деді взвод командирі.

Бәрі тыныш. Лейтенант неміс машинасының қасына барып, бізге қол бұлғады.

Біз ілгері кеттік. Машина өртеніп кеткенге ұқсайды. Тіпті кресі де әрең көрінеді.

Алаңнан әрі тағы орман екен, әбден быт-шыты шығыпты. Кейбір ағаштар тамырынан қырқылып, енді біреулері қирап қалған. Бейне алапат дауылдан кейінгі көрініс.

– Бұл жерден тезірек жүруге болады ғой! – деп, взвод командирі асықтыра бастады.

Шынында да еш қауіп жоқ. Ал біз дұшпан дәл жанымызда жатқандай ілбіп келеміз.

Саша менің ойымды оқығандай:

– Сен қорқып келесің бе? – деді.

– Ал сен ше?

– Аздап...

– Білмеймін, – деп жауап бердім мен.

Ал взвод командирі менің сұрағыма жауап берместен әлі үндемей келеді. Ақыры тіл қатты:

– Білмеймін, білмеймін...

Біз ешқандай неміс көріп тұрғанымыз жоқ, бірақ алдымыздан, оң-солымыздан:

– Хенде хох! – деген дауыстар шықты.

– Тұр, оңбаған! – деп Соколов ақырып жіберді де, біреуін жерге ұшырып түсірді. Біз жүгіріп келсек, бір неміс жерде, екеуі қолдарын көтеріп тұр екен.

Енді ағаш арасынан немістер анық көрінді: біреулері біздің даусымызға шықты, енді біреулері қарсыласып, жаралылары ыңыранып жатыр. Қараңғы жерде біз өліктерге сүрініп жүрміз. Оларды жерлеп үлгермепті, біреулері тірі адамдардың арасында жатыр. Жақын маңда немісше, орысша балағаттаған дауыстар естіледі. Тұтқындардың біразын біздің жігіттер алып кетті. Қарсыласпағандарын бір топқа бөлді. Володя жиырма шақты адам жинапты.

– Протопопов, апар! – деді взвод командирі! – Мыналарды да ала кет! Әлің келе ме?

– Келеді! – дейді Володя көңілді. Біз ілгері жүрдік.

Алаңда бірнеше бронетранспортер және өртенген машина тұрды. Бронетранспортердың біреуі пулеметін бізге қарай бұрды.

Алаңда біздің адамдар. Қоршап үлгеріпті. Бәрі жиналып жатыр: екі взвод командирі, сержант және батальон командирі Буньков.

– Жат! Граната! – деп бұйырды комбат. Бронетранспортерға бірнеше граната қатар ұшты.

Біреуі қатарына барып түсті, екіншісі әуеде жарылды, бірақ бәрібір машиналап етіп өртенді. Біреуі бензин багіне дәл тигізді.

Алаңда тағы тыныштық орнады.

– Өліп қалыпты, – деді лейтенант Соколов. Ол жанып жатқан машинаны қарап үлгеріпті.

Алдымыздан мен танымайтын солдаттар мен офицерлер немістерді алып келеді. Екеуі бір жаралы немісті сүйемелдеп алыпты, тегі старшина білем.

– Ілгері, ілгері, немістер толып жатыр! – деді олар кідірместен.

Орман араның ұясындай шулайды. Әр жерден қалта фонарының жарығы көрінеді. Бізде фонарь болмайды, Буньков жанымызда. Көріп келеміз.

Бірнеше жарылыс үні естілді, біз тағы жата қалдық.

– Фаустпатрондар! – деп айқайлады Буньков. Жарылыс. Тағы біз жерге, ағаш діңгегіне жабысып жатырмыз. Жерде жатқан салқын әрі ыңғайсыз. Шинель, шалбар, тіпті, шұлғауымызға дейін былшырап кетті. Орманда ызғарлы. Менің желке жағымнан Соколовтың даусы шықты:

– Комбат! Максим!

– Қарасам, Буньков тізерлеп отырып қалыпты және теңселіп кеткендей ме, бет-жүзін көре алмадым, қараңғыда тек денесі ғана көрінеді.

– Не болды саған? Не? – деп Соколов қасына жүгіріп келді.

– Үндеме, үндеме, – деп сыбырлайды Буньков. Соколов қол фонарын жағып еді, Буньковтың түсі өзгеріп, ернін тістеп алыпты. – Үндеме, Миша... Үндеме!

– Келіңдер! – деп шақырды Соколов біз жанында тұрсақ та. – Қане, көтеріңдер!

Әрең дегенде батальон командирін Соколовтың шинеліне салдық, үсті-басын түгел қан жауып жатыр, беті-қолына дейін қан, ал өзі қайта-қайта:

– Үндеме... үндеме... – деп сыбырлайды. Соколов өзінің орнына аға сержантты қалдырды да, біз үшеулеп Буньковты кері деревняға алып жүрдік.

Комбат бір сәтке талықсып кеткендей, содан соң біз тыныс алып жатыр ма деп тыңдадық. Біз өзіміз де дем алмауға тырысып тыңдап едік, аға лейтенанттың дем алғанын естідік. Ол бізге көмектескісі келгендей, көзін ашып, күлімсіреді.

Енді Соколовты көріп:

– Егер бірдеңе болса, батарея сенікі, Миша... Мен майорға бұрын да ескерткенмін. Сенікі, естимісің...

– Естіп тұрмын, бірақ жоқтан өзгені айтпа! – деді Соколов демін әзер алып.

Біз деревняға келсек, көшенің бәрінде тұтқын немістер екен. Енді біз батальон командирін Соколов екеуміз көтеріп келеміз: Саша взвод командирінің бұйрығымен санитарлық инструктор іздеуге жүгіріп кетті.

Алғашқы үйдің жанына кідіріп, Буньковты жерге түсірдік. Ол бұрынғысынша ауыр демалып, тісін қайрап жатыр.

– Өкпесі сау болса жарар еді, – дейді Соколов. – Әлгілер қайда ұшып кетті?

Жанымыздан шинель киген қыз жүгіріп өтті.

– Сіз дәрігер емессіз бе? – деді Соколов оны менен бұрын көріп.

– Жоқ, бірақ менде дәрі-дәрмек бар. Қане, байлайық, – деді қыз.

– Наташа!

Ол да мені бірден танымады:

– Сен осындамысың?

Біз комбаттың денесіне үңіліп тұрмыз.

Наташа оның көйлегін айырып жіберіп, дәкемен кеудесін таңа бастады. Оқ сол жақ кеудесіне тиіп, бүйірден шыққан екен. Буньков ыңқылдап жатыр, біз таңуға ыңғайлы болсын деп кеудесін сәл көтердік.

– Бұл қорқынышты емес, – деді Наташа. – Тек тезірек госпитальға жеткізу керек. Мен расында да дәрігер емеспін. Мүмкін дұрыс таңбаған шығармын. Сіз де жаралысыз ба? – Ол Соколовтың таңулы басына қарады.

– Баяғыда болған, – деді лейтенант. Кешікпей санинструктор ертіп Саша да жетті.

Ал орман жақтан ағылып келе жатқан тұтқындар. Солдаттар, офицерлер. Балалар, шалдар. Кәдімгі балалар мен шалдар: соңғы уақытта немістер қолына қару ұстайтын адамның бәрін әскерге ала бастаған.

– Мен осында тұрамын, – деді Наташа жанымыздағы үйді көрсетіп.

Біз кездестік, бірақ таңға жақын. Төбесін кірпішпен жапқан, поляк үйінен гөрі неміс мекеніне ұқсаңқырайтын шағын үйде Наташа, саяси бөлімдегі оның жұмыстас қыздары тұрады екен. Әуелгіде бәріміз сөйледік, әріберіден соң, жұрттың ұйқысы келе бастады:

– Біз кетейік... – деді қыздар. Демалуға берілген уақыт ертеңгі онға дейін. Ал қазір сағат бес жарым. Мен де тұрып жатыр ем, Наташа тоқтатты:

– Сен кідір! Біз көріспегелі қашан...

Ол сыртқы есікті және ас үйді жауып, кілттеп алды.

– Неге? – деп таңдандым мен.

– Жәй, әншейін...

Біз екеуміз немісше «сөк», «күріш», «ұн», «шай», «тұз», «бұрыш», «қант» деген жазулары бар қораптар ұқыпты қойылған аппақ шкафтар тұрған тап-таза ас бөлмеде отырмыз. Ол термоспен ыстық су әкелді. Екеуміз шай ішіп отырмыз. Менің хатымды алдың ба деп сұрағым келеді. Жаңа жылдың алдында мен оған ақыры хат жібердім ғой.

Мен сол жайлы ойлап, өзім оның көзіне қарадым, ал сұрағым тіпті басқа туралы болды:

– Краковта сендер тұрған үйдің иесі және оның қызметшісі Иван қандай адамдар өзі? Мен сені іздеп барып едім...

– Ой, бұл деген өз алдына бір тарих! – деді Наташа. – Онда көп кідірмегеніміз жақсы болды.

Тіпті мазамыз кетті. Оның ұлы – ұшқыш, неміс авиациясында. Сондықтан оған Киев маңынан келген Иван деген біреуді берген. Біз одан: «Сізге қызметші бергені несі?» – деп сұрадық. «Мен неміс әскеріне ұлымды бердім, яғни, олар маған қызметші беруге тиіс. Біліп қойыңдар, менің ұлым орыстарға қарсы соғысқан жоқ. Ол Англия майданында», – дейді. Ал әлгі Иван деген жігіт әбден қажып біткен. Біз оған Украинаға, үйіңе қайтуың керек қой деп, олай айтамыз, былай айтамыз, ал ол көзін жыпылықтатып үй иесіне қарай береді. Үй иесіне: «Сіз өзіңіз неге түк істемейсіз, бәрін Иван жасайды?» десек, «Иван шаршамайды. Мен сендерге айттым ғой, балам әскерде, менің қызметші ұстауым заңды деп», – дейді.

Ол аздап жылынған секілді. Үй салқын болғанмен, ыстық су едәуір қыздырды. Бойым жылынғасын мен де маужырай бастадым.

Екеумізде де үн жоқ. Осылай шинельді жамылып, үнсіз отырғаннан артық ештеңе жоқ секілді.

Бір кездері, соғысқа дейін, менің оған үлкен адам боп көрінгім келетіні әлі есімде. Бірде мен оған анекдот айтқанымда, ол менің сыбағамды беріп: «Айтпа, өтінемін. Маған ұнамайды», – деген.

– Сен жазатын едің ғой? Өлең оқышы, – деді. Мен үндемей қойдым. Оған не айтарымды білмедім.

Ол туралы өлең жазғаным жоқ еді. Жалпы, бір жол да жазғаным жоқ болатын.

– Оқығың келмей ме? – деді ол.

– Жаңа ештеңе жазғаным жоқ, ал бұрынғылар...

– Сен, шынында да, өзгеріп кетіпсің, – деді. – Ересек болыпсың.

Есік қағылды.

– Ашайын ба? – деп орнымнан тұрдым.

– Жоқ, өзім, – деп Наташа асығыс есікке беттеді.

– Кім екен? – дедім ол қайта келгенде.

Мен оны біреу жұмысқа шақырып кете ме деп қорықтым.

– Жәй, әншейін...

Кенет біреу ас бөлменің есігін соққылап, Наташаның фамилиясын атады.

– Өтінемін, ашшы. Сен мені осылай балаға ұқсатып қоясың ба!

– Наташа есікке жақындады да:

– Мен айттым ғой сізге, Георгий Фролович! Жүз рет айттым! Өзіңіз ұялмайды екенсіз, жолдас полковник... Егер қоймасаңыз, Әскери Советтің мүшесіне айтам, егер сіз... Болды енді! – деп қатты ашуланып қалды.

Сыртта кетіп бара жатқан аяқ дыбысымен қоса балағат сөздер естілді.

Наташа стол жанына қайта оралды. Екеуміз де аузымызға су толтырып алғандай үнсізбіз.

– Бұл кім? – дедім шыдай алмай. – Дауысы таныс секілді.

– Сен оны Лежайскіде көрдің, – деді Наташа. – Былай, жерлеу кезінде. Тіпті жүргізбейді. Білмеймін не істерімді. Былай қарасаң ақылды, батыл адам, ал ішіп алса болды кез-келген юбканың соңынан жүгіреді. Міне, осылай біздің өмір...

Біз тағы үнсіз қалдық. Мен шай іштім. Наташа тағы өзіне де, маған да құйды. Содан соң орындықтан тұрып, иығындағы шинелін жөндеді де, жаныма келді.

– Мен бәрін білемін және сенемін, – деді менің басымнан бөркімді алып (өзім неге алмай отырғанмын!), – бірақ кідіре тұр. Ашуланба! Қазір ештеңе айтудың қажеті жоқ. Жақсы ма?

Күн аяз. Ақшыл аспандағы күн сәулесі де жылусыз. Өкпек жел сай-сүйегіңнен өтердей. Ақпан айы қаңтардан да қақап кетті. Алайда, біз әйтеуір көптен күткен Германиядамыз. Мүмкін ауа райының осыншалық жағымсыз көрінуі біздің ілгері қозғала алмай, бір орында тұрғанымыздың да әсерінен болар. Көптен күткен жаныңды жадыратар ұзақ шабуылдан, бір орнынан екінші орынға көшіп-қонып, енді Берлиннің өзіне жеткенше осылай бола береді деп ойлаған біздің кенет ілгері аттай алмай тұрып қалғанымыз көңілсіз-ақ. Тым болмаса Волауда тұрғанымыз артық еді. Қирап, өртеніп бүлініп қалса да, қаланың аты қала ғой, ал мұнда қыбыр еткен жан жоқ, аядай белгісіз деревня.

Біреулер Одер жақын жерде дейді. Немістің қорғаныс шебін бұзу үшін біздің техника келе жатыр екен деседі. Ал, бізге ауыр миномет бригадасы жету керек.

Түн сайын Соколов екеуіміз біздің постылар үшін қолайлы жер іздейміз. Айналаның бәрін түгел шарлап шықтық – ылғи жазық жер, теодолит жүрісіне ыңғайлы болғанмен, бекініске, барлауға жарамсыз. Атыс бола қалған күнде, бірден оқ астында қаламыз. Әлі келіп үлгермеген бригадада ертеден кешке дейін бекініс іздейміз. Сәл аялдайтын үзілістер кезінде жаны кеткен қолымызды пешке қыздырамыз, әбден су болған киімімізді кептіреміз.

Күтпеген жерден бізге қосымша күш келіп қосылды: училищені жаңа ғана бітірген бірнеше офицер мен отыз шақты солдат.

Жаңа келгендердің арасында, міне, ғажап! – Вадя Цейтлин жүр!

– Тау таумен кездеспейді!..

Вадя, 1941 жылдың 22 маусымында пионер лагеріне бірге аттанған күлкілі де қызық бала – Вадя. Бұрынғысындай емес, өзгеріп кетіпті.

– Білесің бе, мен дәл осылай болады деп күткен емеспін, – деп мойындайды ол. – Анам да ыңғай бермей жүрген, дәл сол кезде маған шақыру қағаз келе қалғаны! Анам жұмыста еді, мен кете бардым. Міне, бір жыл алты айдай болды, әскердемін. Енді сендерге қосымша күш ретінде жіберді: есептеушімін. Ал сені кездестірем деп тіпті де ойлаған емеспін...

Вадя! Қымбатты Вадя! Сен қосымша күшсің бе? Тамаша болды! Әскерде жаныңда жерлес досың! Оның үстіне әуелден таныс адамың!

– Мен сенен сұрағым келіп еді. Біздің тағдырымыз қызық, сен ойлап көрдің бе? Күнделікті жұмыс жасап жүргенде, кәдімгі қатардағы адам сияқтымыз. Ал нағыз ұрыс басталғанда, біз қажет емеспіз.

Былай тұрыңдар, жол беріңдер! Үй қызметшілері секілдіміз...

Саша екеуміз басымыздан аяғымызға дейін балшық болып біздің машинаны итеріп жүрміз. Миномет бригадасы келіп, біз белгілеген орындарға орналасып алды, енді біз тағы жолға қозғалдық.

Күн салқын болғанмен, Одерға баратын жол бойы аттап жүргісіз балшық. Тура машинаны иығыңмен арқалауға тура келеді. Тегершіктер мен доңғалақтар, бомбалар мен снарядтар, солдаттардың етігі мен аттың тұяғы жердің астан-кестеңін шығарыпты. Бәрі Одерға, белгі беретін ракеталар аспанды шарлап, өзеннен өткізуге алдын ала әзірленіп жатқан, саперлардың балтасы тықылдап жатқан, немістердің есі шығып біз жақ жағалауды автомат оғының астына алып тұрған Одерға ұмтылып барады. Әскерлер мен техника бұрынғыдай түнде ғана емес, күндіз-түні бірдей жүре береді. Дұшпанның «мессерлері» біздің жол үстінде жиі-жиі ызыңдап, колонналарды атқылағанмен, неміс артиллериясы оқ жаудырып, біздің солдаттардың арасынан бізше киінген власовшылар мен бандеровшылар жиі шыға бастағанмен; солдат құтысын ұстап бір сәтке отыра қалып не жүріп келе жатып әр нәрсені әңгіме етіп, немістердің құпия жиналыста Гитлердің өзі хабарлаған соғыстың ең соңғы сәтінде қолданылуы мүмкін аса қорқынышты жаңа қаруы жайлы сөз қозғалғанмен, салмағы жеті жарым килограмнан тұратын әлгі ғаламат қарудың біреуінің өзі жан-жағы алпыс төрт шаршы шақырым жерді күл қылып, ол түскен жерде он шақырымдай биіктікке жететін от бағандары лаулап, ал адамды сәл шарпып кеткеннің өзінде азаппен өлтіретіні жайлы әңгіме соққанмен – бәрібір от пен оқтан өтіп келе жатқан, фашистердің құлдығынан гөрі өлім артық көрінген солдатқа қорқынышты ештеңе жоқ.

Ол кезекті неміс шабуылынан кейін балшық арасынан бас көтеріп, шинелін қағып-сілкіп алады, содан соң өлгендерге жаны ашып, жаралыларды таңады да:

«Өтті білем, әйтеуір...» – деп күрсіне дем алады,

Немесе әлгі ғаламат қару жайлы әңгімені шын көңілімен тыңдап уһлеп алады да, қайтадан орнынан тұрып, қасығын жалап қойып қонышына сұға салып, жолға көз салады:

«Әлі келе жатыр... Ашықтан-ашық қаптап келеді. Тегі біздің күшіміз Германнан басымырақ болуы керек!» – дейді.

Одердан екі шақырым жердегі біз аялдаған Домбзен деревнясы бұл жолы аузы-мұрнынан шығып тұр. Немістер иек астында, ал мұндағы көшелер мен аулаларда сапырылыс, сырнай мен шетел аккордеонына дейін бар. Байланыс батальонының не кір жуатын жердің жанында лирикалық көріністер де болып тұрады.

Артиллерия шетке орналасты, біз машинадан секіріп түсіп, бірден іске кірісіп кеттік. Тез бітіру керек: бір сағаттан кейін біздің қарулар ұрысқа дайындалуы тиіс.

Біз ең соңғы минометшілер батареясының координаттарын белгілеп бітіруден бұрын-ақ артиллериялық әзірлік басталды.

Саперлер мұз басып жатқан Одердың үстімен өтетін жолды әзірлеуде. Біздің және жаудың артиллерия отынан өзен мұзы сынып, сапырылысқан мұз кесектері саперлардың жұмысын жоққа шығаруда. Алғашқы екі танк су астына кетті. Әуелі сасып, абыр-сабыр болып қалдық. Ілезде понтондар да көрінді. Оларды өте тез тауып алды. Бір қарт солдат бұрын дайындалып қойған «Одер өзені» деген жазуды жағаға қадап үлгеріпті.

– Балалар, мынау тамаша сервиз болды! – деп көңілдене дауыстады Володя біз өзеннен өтер жерге жете бергенде.

– Мынау не деген білімсіз еді, айтшы, – деп сыбырлады маған Вадя. – Солай дей ме екен? Дұрыс сөйле деу ыңғайсыз...

Саша оның алдын орап кетті:

– Мен саған бір нәрсе айтқым келеді, Володя... Сен өзің мағынасын түсінбейтін сөздеріңді айтушы болма. Тіпті қалай айтылуын да білмейсің...

Госпитальға жіберілген Буньковтың орнына ақыры Соколов тағайындалмады. Біздің лейтенант неге взвод командирі күйінде қалып, батальон командирі болып Заикин деген кіші лейтенанттың неге тағайындалғанын біз түсінген жоқпыз. Ешкімнен сұрай алмаймыз. Дивизион командирінен қалай сұрайсың...

Кіші лейтенант Заикин үндемейтін, жуас адам екен. Әлде бұрынғы бірге жүрген офицерлердің алдында ыңғайсыздана ма, әлде өзінің кішіпейілділігі ме, өзін сыпайы ұстайды, жұрттың бәрімен тіл табысады және әрбір істе Соколовпен, басқа да взвод командирлерімен ақылдасып жүреді. Сондықтан бір күні Саша менен:

«Мен сенен сұрағым келеді, біздің жаңа командир тәуір адам ба – қалай ойлайсың?» – дегенде:

– Меніңше, солай, – деп ойланбастан жауап бердім.

Шынында да, кіші лейтенант Заикин жайлы басқаша ойлайтындай себеп жоқ еді. Оның үстіне, Буньков тірі, сауығып келеді, яғни ерте ме, кеш пе, батареяға оралады ғой.

– Ал, сен қалай ойлайсың? – дедім Сашаға. Саша соңғы күндері бір түрлі қызық болып жүр.

Одердағы артиллериялық әзірлік кезінде көзәйнегін жоғалтып алды. Және өзі әлде неден қысылып жүргендей ме... Ол көзәйнексіз өте нашар көреді және онысын сездірмеуге тырысады. Ал, бізде жұмыс өте көп болатын, әсіресе Бреслаудың оңтүстік-шығыс жағында. Рас, лейтенант Соколов Сашаға Бреслау секілді үлкен қалада көзәйнекті тездеп жасатып алу оңай болар деген. Алайда әлі табылған жоқ. Қоршаудағы Бреслау беріле қоймады. Қала өртеніп, снаряд пен бомбаның жарылысынан астан-кестеңі шығып жатса да, қарсыласуын қояр емес. Ақ жалаумен жау бөлімдеріне беттеген біздің елшілеріміздің бірнешеуі неміс автоматшыларының оғына ұшты.

Біз Бреслаудың оңтүстік-батыс шетінде екі жұмадай тұрдық, ақыры Наташаның да осы маңда екенін естідім. Одан хат та жоқ. Ештеңе түсініп болмайтын бір-екі ауыз сөз жазылған бір хат алғам. Өзім хат жаздым, кенет немістердің бұрынғы аэродромының маңынан оның дос қызын ұшыраттым.

– Ол да сені іздеп жүрген, – дегенін естідім. Өзіміздің адамдарға жетіп үлгерместен (мүмкін сұранармын деп ойлағам), мені дивизион штабына шақыртты.

– Тез тапсырма бар. Міне. – Майор Катонин маған блокноттар ұсынды. – Менің машинамды алыңдар да, лейтенант Соколов екеуің Лампенсдорфқа, содан соң Поршовицке барасыңдар. Біздің болған жеріміз. Немістердің Одердағы қорғаныс схемасын сызасың. Келгеннен кейін калькаға түсіресің. Есіңде болсын, мен саған сенемін, саған! Бұл өте маңызды. Түсіндің бе?

«Есіңде болсын, мен саған сенемін, саған!» Дивизион командирінің осы сөздері, неге екенін білмеймін, басымнан шықпай қойды. Мүмкін, маған сенім көрсеткендіктен бе – мен бақытты сезіндім. Сондықтан шығар, дегенмен тағы бір себеп бар секілді...

«Мен...саған...» Неге маған ғана? Біздегі басқа балалар менен кем бе? Жоқ, мұнда тағы бірдеңе бар...

Сенім. Жәй сенім емес, адамға деген сенім. Бір кездері әкемнің «Мен саған сенемін...» – дейтіні есімде болатын. Мен ол кезде бұл сөздердің мағынасына үңіліп жатпай-ақ бақытты болатынмын, өйткені бәрі түсінікті еді. Содан соң: «Балаларға сену керек! Сену керек, тексеру керек, әрине. Бірақ сену керек!» – дегенді бір жерде естідім. Ә-ә, бұл Ногинскіде, АИР мектебінде жүргенде екен ғой. Буньковтың сөзі. «Адамдарға сену керек. Бәріне. Тек балаларға ғана емес...» Осы сөздерді кім айтып еді? Пионерлер үйінде ме? Бірақ бұл сездерді Вера Ивановна айтқан жоқ қой. Жоқ, бұл Соколовтың сөзі ғой деймін. Иә, иә, Соколовтың сөзі! Есімде, есімде, медсанбатта айтқан. Анада, Жаңа жылдың қарсаңында...

«Сенім» – не деген жақсы сөз! Ол адам баласына қанша қуаныш әкеледі! Барлық адамдарға!

Сол кезде комсомол жиналысы болмағанда, мен бес минутқа болса да «Семенов шаруашылығына» тартып кеткен болар едім. Алайда Саша жиналысты сағат 18.00-ге белгіледі және күн тәртібіндегі мәселе де маңызды еді: «Бреслау қаласын біржола алу үшін ұрыстағы дивизион комсомолецтерінің ролі туралы». Осы бір «Бреслау» деген бәрімізді жалықтырып болды, енді, тіпті, комсомол жиналысының күн тәртібіне іліккені батыл соққы беру әзірлігі екенін түсіндік.

Бұл майданға келгелі біздің бірінші комсомол жиналысымыз еді. Дивизион солдаттарының тоқсан тоғыз проценті – комсомолецтер. Егер бұған тоқсан бес процент офицер комсомолецтерді қоссақ, жиналысқа дивизионның неге түгелге жақын келгенін түсіну оңай. Тек жараланған біраз адамдар мен госпиталь, медициналық санитар батальондарында жатқандар ғана келген жоқ.

Саша Баринов жиналысты салтанатты түрде ашты да, әрі қарай көп толқи бермеу үшін бірден дивизион командиріне сөз берді. Майор Бреслау маңындағы жағдайға тоқталды. Ол бұл қаланы алу фашистердің ордасы Берлинді күйретуге көмектесетінін хабарлады және әр батарея мен взводтың алдында тұрған міндеттерді қысқаша шолып өтті.

Жұрттың бәрі жағдайды түсініп отыр, сондықтан айтатын да ештеңе жоқ еді. Тәртіпке орай үш комсомол мүшесі сөйлеп, Катониннің сөзін толығымен қолдады, содан соң:

– Біз дайынбыз! – дегенді қосты.

Жиналыс енді аяқталып келе жатқандай еді, кенет біздің комбат – кіші лейтенант Заикиннің батылсыздау үні естілді.

– Айтыңызшы, жолдас комсорг, сіз қалай ойлайсыз: адамгершілік мәселесі тұрғысынан біздің дивизионда бәрі ойдағыдай ма?

Саша сұраққа жауап берудің орнына, не дерін білмеген адамдай, жоқ көзәйнегін мұрнының үстіне көтеріп қойып, Заикиннің даусы шыққан залға емес, жанында қатар отырған майор Катонинге қарап қалыпты.. Дивизион командирі сұрақты естімеді ме, әлде әңгіменің не туралы екенін түсінбеді ме, әйтеуір таңданған жүзбен Бариновқа қарады.

Даусы қаттырақ шыққан саяси орынбасар Сашаны құтқарды:

– Кіші лейтенант Заикинның не туралы сұрап отырғанын дәлірек айтуын сұраңыз.

Саша Заикиннен сұрап еді, ол келісе кетті. Ол алдыңғы қатарда сабанның үстінде отырған президиум жаққа өтті де:

– Дәлірек айтуыма болады. Рас, мен дивизионға жаңадан келген адаммын, бірақ бірнеше рет естіген жай туралы айтып тұрмын және бұл маңызды жиналыс болғандықтан айтуды парызым деп санаймын. Бізде майданның қызу жағдайында махаббат, кешіріңіздер мені, шатағына шырмалып жүрген жауынгерлер, анығырақ айтсақ, комсомолецтер бар. Мен оларды нашар жауынгерлер дей алмаймын. Бірақ біз алға қарауға, әрбір жауынгердің, тіпті, жақсы жауынгер болса да, адамгершілік тұлғасы жайлы ойлауға тиіспіз.

Жиналыс тына қалғандай болды. Жұрт демін ішіне тартып, қатып қалыпты. Міне, сәл қобалжу басталды. Комсомолецтер сыбырласып кетті де, майор Катонин ыңғайлырақ отырайын дегендей орнынан тұрып, қайта отырды.

Заикин жалғастыра берді:

– Қосып айтарым, бұл көріністер жоғары жақтарда, қалай десем екен, қолдау таппай отыр, мәселен, көрші артиллерия дивизиясында. Сонда менің жолдасым бар. Сол айтады, дивизия штабының полковнигі біздің дивизион солдатының сондағы кіші лейтенантпен, айтқандай саяси бөлімінің қызметкер қызымен кездесіп, ол қызметкерді алаң етіп жүргеніне қатты ашулы көрінеді.

Сол жерде Заикинді әрі қарай сөйлетпей қойды, он шақты дауыс жиналыс тыныштығын бұзып жіберді. Соколов бірінші болып айқайлады: «Дәлірек!» Біреу түсінбеген дауыспен: «Кімді айтып тұрсыз?» – деді. «Бұлай болмайды ғой! Фамилиясын айтыңыз!» – деген бірнеше дауыс қатар шықты.

Саша да осыны талап етті. Соколов оны тағы қостап қойды: «Адамның зығырданын қайнатасыз! Бұл деген өсек айтатын базар емес, жиналыс қой!»

Заикин және айтты:

– Кешіріңіздер, артдивизиядағы саяси бөлімде істейтін кіші лейтенанттың фамилиясын білмеймін және оның қажеті де шамалы. Бірақ маған ыңғайсыз болса да, біздің комсомолецтің, өзі осы жиналыста қатысып отыр, фамилиясын атаймын. Тек мені дұрыс түсінер деп ойлаймын...

Кіші лейтенант фамилиямды атады.

Мен қасымда отырған көршім Вадя Цейтлинге кездейсоқ жалт қарадым. Ол қабырғаға ыңғайсыздау сүйенген күйі таңданған жүзбен президиумға қарап отыр. Шамасы, Вадя түкке түсінбеген сияқты.

– Сен туралы ма?

– Естідің ғой...

– Ойыма келген емес, – деп мойындады Вадя. Мен оған ашулануға әзір едім: онсыз да көңіл-күйім жоқ кезде, Вадя да ақыл айтқысы келеді.

– Қойшы сені!

– Тіпті түсініксіз, – деді Вадя тағы. – Соғыс, майдан, кенет мынандай оқиға. Бұл деген масқара ғой! Ол неге кіріседі? Заикиннің шаруасы қанша? Айтшы! – Содан соң сыбырлады: – Сенде шынында да махаббат па?..

Жетпей тұрғаны осы сұрақ еді! Балалық аңқаулығыңмен бірге жоғалшы, қымбатты достым!

Жиналыс мені айыптаған жоқ. Керісінше, Соколов та, Саша да, тіпті, Катониннің өзі де Заикинді кінәлағандай болды. Сонда да менің жағдайым онша емес еді...

Бұл деревня Гремсдорф деп аталады ғой деймін. Әңгіме оның қалай аталатынында емес. Біздің тамаша бір жерге тап болғанымызда. Төбелерінде оңтүстік, солтүстік, батыс, шығысты көрсетіп тұрған әтештің суреттері бар көне ағаш үйлер, еменнен жасалған сарайлар, үлкен бөшкеге ұқсатып салынған сырахана, Карл дей ме – әйтеуір ағаштан ойып би залының кіре берісіне қойған уақытпен сарғайып кеткен папаның мүсіні. Бұл жерде кім еске түспеді десеңізші! Шиллер, Гейне, ағалы-інілі Гриммдер, гномдар – бәрі алыстағы балалық шақтан таныс. Және бізге, Гремсдорфтың уақытша тұрғындарына, жұрт таңырқап қарайды.

Деревня жанындағы жол бойы біздің әскерлердің тылына, тіпті, қарауылсыз аяңдап, шұбырып бара жатқан тұтқын немістерден көрінбейді. Көп жылдар «немістің еңбек майданында» болып, енді біздің тылға келе жатқан француздар, чехтар, поляктар, мадьярлар. Олар бізге қолдарын бұлғап, қуанышты үнмен дауыстайды, бірақ біздің атам заманғы неміс деревнясында неге былтырдан қалған лас пен қарды, ағаш жапырақтарын тазалап, көшелерді тегістеп, кей жерлеріне құм төгіп жүргенімізді түсінді деймісіз. Таза киінген біз шетімізден сап-сары болып бірден көзге түсеміз:

– Мен Соколов үшін қуаныштымын, – деді Саша. – Өткендегі ол атып түсірген самолет үшін оған, сөз жоқ, орден береді ғой. Мүмкін, «Қызыл ту» орденін берер?

Кешікпей артиллериялық корпус бастығының саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары келді. Біз етігімізді жылтыратып, жағаларымыз тап-таза күйімізде жауынгерлік бабымызда, өзіміз төсеген сары топырақтың үстінде полковниктің алдында сапта тұрмыз.

Полковник наградалар тапсырды. Сандомирдегі, Оппельндегі және Одердегі ұрыстар үшін.

– Майор Катонин.

– Совет Одағына қызмет етемін!

– Аға лейтенант Федоров.

– Совет Одағына қызмет етемін!

– Аға лейтенант Буньков.

– Госпитальда!

– Кіші лейтенант Фекличев.

– Ерлікпен қаза тапты!

– Қатардағы Петров.

– Госпитальда!

– Қатардағы Ахметәлиев.

– Совет Одағына қызмет етемін!

Ал, лейтенант Соколов ше? Взвод командирінің аты аталмады.

Жұрт бір-біріне әділетсіздік жасайды. Олар басқа, үлкен істерде ғана әділетті – біздің ортақ ісімізге сенуде, махаббатта, балаларына деген үмітте, көзсіз ерліктерде, азаматтық борышын ақтауда.

Алайда өмірде күн, сағат, минут дегендер бар ғой. Адам өмірі солардан тұрады – соншалық күрделі, қасиетті қысқа өмір! Сол өмір үшін медициналық сәулелер күреседі, ал соларды көбінесе біз, адамдар, үземіз. Ойламай тұрып үземіз.

Жерде жаралы жылқы жанталасып жатыр. Жанында – қисайып қалған санитарлық кресі бар екі аяқты солдат арбасы, бірінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі «Егістік» деген суреттегіден аумайды. Арбакеш жоқ, бірақ біреу атты арбадан босатып кетіпті. Жалынан қан сорғалаған ат дір-дір етіп, өзінің өмір сүргісі келетінін дәлелдегісі келгендей, орнынан тұруға ұмтылып, азапты көзқараспен бізге қарайды.

– Атып тастау керек! – деді Володя шешімді кейіппен, сүйдеді де мойнындағы автоматын ыңғайлай бастады.

Біз төртеу едік – лейтенант Соколов, кіші лейтенант Заикин, Володя және мен. Дивизионды Бреслаудың солтүстік жағына көшірген болатын. Біз қолайлы жер іздеп шыққанбыз.

– Мүмкін... – Соколов бір нәрсе дегісі келіп еді, бірақ ойланып қалды ма, әлде айтып үлгере алмады ма, үндемеді. Маған ол Заикинмен сөйлескісі келмейтіндей көрінді.

Володя атып салды. Ат ышқына басын көтерді де, көзі шарасынан шыққан күйі қимылсыз қалды.

– Не істедіңдер! Тоқтаңдар!

Кешегі шетелдік жұмысшылар, бүгінгі азат адамдар бара жатқан жол жақтан қолын сермелеп біреу жүгіріп келеді.

– Тоқтаңдар! – Егде адам екен, жанұшырып жүгіреді.

Бірақ кеш қалды.

– Ой, не істегенсіңдер, ал мен... – Бізбен қатарласа берген ол бірдеңе деп міңгірледі де, офицерлерді көpіп ыңгайсызданып қалды: – Кешіріңіз, жолдас лейтенант!

Солдат етегін кескен шинель, жыртық құлақшын киген жасамыс старшина екен. Ол атқа қарап қатты да қалды, біз жаққа көз салмайды. Бір қолында автомат, екінші қолында ескі-құсқы шүберектер, дәке.

– Сенің биең бе? – деп сұрады Володя. – Неменеге азаптайсың?

– Азаптаған мен емес, «мессерден» оқ жаудырған фриц, – деп старшина бұрыла берді. Жарасын таңайын деп ем. Жолға жүгіріп кеткенім де сол еді. – Дәкесін сермеп қалды. – Өмір сүруі де мүмкін еді. Москвадан шыққалы бірге...

– Ағай, бір орам дәкеңіз жоқ, дәрігерлігіңіз күшті екен, – деп мысқылдады Володя.

– Иә, жоқ екені рас, өйткені өзім дәрі-дәрмек алуға келе жатыр едім, – деп жауап берді старшина. – Енді айтып та керегі жоқ...

– Әрине, айтуға тұрмайды, – деп қойды Володя. Кенет Соколовтың даусы қаттырақ шықты:

– Жетер енді, Протопопов! Істеріңді істедің бе – үніңді шығарма! Саған неміс те бір, ат та бір! Әкей, сіз өкпелемеңіз. Дұрыс болады ғой деп едік... Көрдіңіз бе...

Кешікпей біз екіге бөліндік. Володя Соколовпен, мен Заикинмен бірге кеттім.

Бреслау үшін ұрыстар табысты болмады. Немістер қорғанға айналдырған қаланы бірнеше рет оқ астына алғанмен, нәтижесіз болды. Енді бұл жерге бұрын ілгері кеткен біздің жаңа бөлімдер келе бастады. Қаланың оңтүстік-батыс шетінде артиллериялық мықты тізбек құрып алғаннан кейін, мұндай тізбектерді біздің артил-лерия жақындап қалған солтүстік пен солтүстік-батыста да құру қажет болды. Шамасы, Бреслауды қоршауға алуды ұйғарған болса керек.

Қала енді біздің сол жағымызда қалды – біз оны қап-қара түтін мен снаряд, миналардың жарқылынан көріп тұрмыз. Қала үстінде шұбап бара жатқан қошқыл бұлттар көрінеді.

– Тоқта, – деді Заикин, біз жіңішке соқпақпен мал қорасына жақындай бергенде. – Қарайық...

Ол қалтасынан карта алды:

– Тас жолы қай жерде екен осы?

Бреслау – Берлин тас жолы бізден шеткері, бірнеше шақырым жерде болатын. Кіші лейтенантқа оның қандай қажеті болғанын түсіне алмадым.

– Бағдарды білу үшін, – деді ол менің ойымды оқып алғандай.

Бағдарлау үшін ана шіркеу бар ғой, міне, картада да тұр. Бұл жер қала ғой деймін. Қант дей ме... Ол да картада, міне, – деп түсіндірдім мен. – Және шағын орман жанында екі жол түйіседі, содан соң бейіт және орман. Бұлар картада жоқ, тек орман ғана белгіленген.

– Байқаймын, ойың жүйрік екен, – деді Заикин достық кейіппен. – Тегі бұрынғы батальон командирі үйретіп тастаған ғой.

– Неге бұрынғы?

– Жарайды, жарайды, ашуланба!

Жарты сағаттан кейін біз бірінші және екінші постыларға орын белгіледік те, енді үшіншіні ойластыру үшін жолдар қиылысына қарай жылжыдық.

Жол бойында ешкім жоқ екен. Біз орман жақтағы шеткі соқпақпен жүрдік. Қабырғаларын оқ тескен, ырым-жырымы шығып, қаңыраған үйлердің, бейіт пен жартылай қираған көпір тұрған лас өзеншенің үстімен келеміз.

Кенет соңғы жағымыздан автомат үні зырылдап қоя берді.

Мен әдет бойынша жолдың езуіне жата кеттім де, Заикин артына таңдана бұрылып тұра берді.

– Жатыңыз, жолдас кіші лейтенант, – деп сыбырладым.

Заикин жыраға бұғып үлгерместен, әуеде тағы оқ зуылдай бастады.

Оқ әлгінде ғана біз жанынан өткен үйлерден не бейіттен атылып жатқан секілді.

– Бұл не сонда? – деп таңданды Заикин. – Майордың өзі... – Арғы жағын айтпады.

Сол сәтте орман алаңқайынан біреу қолын бұлғап, орысша бірдеңе деп айқайлады.

– Шайтан алсын сендерді, мұнда келіңдер!– дегенді естідік ақырында, алдымызға қарап.

Орман түбімізде және онда біздің адамдар барды.

– Еңбектейміз бе? – деп ұсыныс жасады Заикин.

– Еңбектейік.

Бізді онша жақсы қарсы алған жоқ. Окопқа түсіңдер!

– Батылдарын көрдің бе, жоқ жерде!

– Жол бойы қаптаған неміс, бұлар қыдырып жүргендей аяңдайды!

– Балалар ғой!

Заикин ақтала сөйледі:

– Бірақ бұл маңда дұшпан болмауы керек еді.

– Біз де бұл маңда болмауымыз керек еді, – деп ашуланды арық капитан. – Бірақ таңсәріден бері атысып отырмыз!

– Трофейлерді күтіп отырмыз, – деді біреуі.

Біз окопта, белуардан суда отырмыз. Солдаттар мен капитан және сержант бұл жерге ойламаған жерден тап болыпты. Олар жаяу әскер полкының штабына кетіп бара жатып, таң ата немістерге кезігіпті де, содан бері бекініс жасап, қорғанып отыр екен.

– Біз трофей командасынанбыз, – деп түсіндірді сержант, – Ал, капитан полктың финанс бөлімінен.

– Бұл қайдан келе қалған қарсыластар? – деп Заикин таңдана берді. – Өздері көп пе?

– Екі взводтай, – деді капитан. – Және бронетранспортер бар, анау үйдің артында. Бейітте де біраз отыр. Қазір тағы, таңертеңгідей, ата бастайды...

Бұл, шамасы, біздің шабуылымыздың кезінде отырып қалған неміс әскерінің көп топтарының бірі болса керек. Мүмкін тағдыры шешілгелі тұрған немістер кете бастаған шығар.

– Біз қалай аман өткенімізге түсіне алмаймын, – деді Заикин.

Біз окопта тағы да екі сағаттай отырдық, немістер шабуылға шығуды ойламаған да секілді. Оқта-текте автоматтан оқ жаудырып қояды. Ол оқтар біздің окопқа жетпей, жол ернеуіне түсіп жатты.

Менің кіші лейтенантым тықырши бастады. Қарнымыз ашып барады, бірақ бізде де, трофейшілерде де тамақ атымен жоқ. Окопта малмандай болып отыра бергеннен де ештеңе шығатын емес. Бұл немістерді қанша күтуге болады? Бір-бірімізді аңдысып отыра береміз бе!

Заикин капитанмен күбірлесті де, маған қолын сермеді:

– Кеттік! Орман арқылы арғы жағымен қайтайық. Біздің өз тапсырмамыз бар дегендей...

Мен кіші лейтенанттың соңынан окоптан шықтым. Еңкейе жүгіріп сирек ағаштардың арасымен келеміз. Соңымыздан атқылай бастады. Біз бұрылдық.

– Қайта оралу керек шығар, – деп сыбырлады Заикин, содан соң: – Сен қалай ойлайсың? – деді.

– Меніңше де, сол дұрыс секілді.

Бірер минуттан кейін әлгі окопқа қайта келдік. Немістер мен атыса бастадық. Жол бойында оғын тауысқан бронетранспортер үнсіз ілбіп келеді. Оның соңынан үш мотоцикл, он-он екі жаяу неміс әскері келеді. Немістер біздің жаққа қарай автоматпен атып қояды, бірақ мақсатты атыс емес, әйтеуір құтылып кетсек деген оймен ғана болу керек.

– Міне, бізге де ортақ іс табылды, – деп қойды бізге қарап капитан. – Ал, менің де өз тапсырмам болатын...

Заикинде үн жоқ.

Біз бронетранспортерді өткізіп жіберіп, немістерді атып жатырмыз. Қаруымыз – автомат пен винтовка және екі пистолет. Немістер сасып қалды. Жаяу немістер атыса жүріп, жолдың арғы жағына ығысты, алға өтіп кетуге тырысуда.

– Мүмкін қуып атысармыз? – деді сержант. – Әйтпесе, біреулерін құлатқанмен, машинадағылары...

Шынында да бронетранспортерда тығылып отырғандары болар деген ой басқамызға келмепті. Тіпті, басқасын өлтірген күнде де, машинадағылары кете барады ғой.

Капитан менің кіші лейтенантыма қарап еді, анау түсіне қойды.

– Кеттік пе, сержант! – деп айқайлады. – Көлденеңінен. Граната бар ма?

Заикин шинелінің жанынан екі граната алып бір қолына ұстады.

Сержант үндемеді. Оның денесі окоптың түбіндегі суға жылжып барады екен. Қызыл қоңыр қанға малынған басы жер окоптың қабырғасына қисайған күйі қатты да қалды. Басынан қан әлі сорғалап жатыр.

Капитан сержантқа ұмтылды да:

– Мен барамын, әкел гранаталар... – деп автоматын ыңғайлады.

Заикин тіл қатпастан гранаталарды берді, капитан окоптан атылып шығып, орманға қарай тартты.

– Мыналарды сендер жайратыңдар! – деді ол кетіп бара жатып окопта қалған солдаттарға жол бойын нұсқап.

Заикин шыға берем дегенде окоптың қабырғасына маңдайын соғып алды да, капитанның соңынан кетті. Мен де ілестім.

Біз орман арасымен еңкеймей жүгіріп келеміз, біздің соңынан жүгіріп келе жатқанымызға капитан да таңданған жоқ.

– Қане тезірек, алдын орайық! Анау бағанаға қарай! Үлгере алсақ!

Орман алаңына шыға бере ол гранаталарымен автоматын жоғары көтерген күйі төмен сырғанап құлап түсті.

Заикин екеуміз оның соңынан әрең ілесіп келеміз. Міне, біз бағана тұрған жолдың езуіндеміз.

– Жәй демалыңдар, шайтандар! – деп сыбырлады капитан, өзі де біз секілді ентігіп жатып.

Сол жағымызда жол бойымен бронетранспортер жылжып келеді. Жүз шақты метрдей қалды. Ал мотоцикл ше? Артында ілесіп келе ме? Біз барлап қарап едік, мотоцикл көрінбеді. Жаяу немістер де жоқ. Яғни біздің жігіттер жайратқан ғой! Немесе әлі атысып жатқан болулары керек – алыста атыс естіледі.

Бронетранспортер жақындап қалды.

– Атпаңдар, әуелі мен, – деп сыбырлады капитан, тісін қайрап.

Күтіп жатқаннан ба, әлде қорыққаннан ба оның денесі дірілдейді.