Fariza Ongarsynova. Otkendi kaitalau

Біз жерге жабысқан бетімізде сіресіп жатырмыз. Тағы бір минут. Мотор үні, тіпті, жақындап қалды.

– Сабыр, ең бастысы – сабыр, – деп сыбырлайды капитан.

Мен Заикинге қарадым. Кіші лейтенанттың бар назары жол бойында. Машина жылжып келеді. Міне, тіпті, жақындап қалды. Жиырма бес метр, жиырма, он бес, он метр...

Жол бойы ажылдап барады, капитан да, біз Заикин екеуміз де шыдамсыздана күтіп жатырмыз.

– Жат! – деп айқайлады капитан, сүйдеді де екі гранатаны лақтырып жіберді.

Тиді! Металл үні!

Капитан автоматын алып ата бастады. Транспортерден немістер секіріп түсе бастады. Бір, екі, үш. Құлап жатыр. Заикин екеуміз де атып жатырмыз: ол пистолетпен, менде мылтық.

Машина өртене бастады. Алты неміс қасында сұлап жатыр. Біз күтіп жатырмыз. Тағы түсетін шығар? Бірақ ешкім түспеді.

Заикин бірінші ұсыныс жасады:

– Қарайын...

– Тоқта! – деп кесіп тастады капитан. – Демала тұр...

Өзінің қозғалуға шамасы жоқ. Ол күлімсіреді, тіпті, жас адам секілді көрініп кетті.

– Жарайды, бар! – деді содан соң Заикинге. – Тыныш қой.

Заикин жолға шықты. Менің құтымда арақ бар-ды.

– Алыңыз, – деп ұсындым капитанға.

– Ой, рақмет, қымбаттым! Рақмет! – Капитан рақаттана жұтты. – Тағы бір жұтайын... Міне, енді дұрыс болды.

– Маған да бер, – деді Заикин қайта оралып. – Жүргізуші бар екен. Шаруасы бітті.

Ол құтыны алып, қылғыта жұтты да: «Дәмінің жаманын-ай!» – деп өзіме қайырды:

– Ал сен ше?

Енді маған да болады. Екі жұттым – құты сарқылды. Беліме іліп алдым.

– Қозғалдық па? – деп сұрады капитан. – Біздердікі қалай екен?

Біз жолға шықтық. Бронетранспортерден екі жүз метрдей ұзағанда, капитан:

– Ал документтер ше? Жүгіріп барып кел! Бір кәдеге жарап жүрер. Біз күте тұрайық, – деді маған қарап.

Мен машинаға оралдым. Шинельдерін ағытып, қарап жатырмын. Алтауын қарап шықтым. Жетіншісі кабинада. Енді соған жүгірдім.

Мен офицерлерге келсем, әңгіме соғып жатыр екен.

– Ал соғысқа дейін ше? – деп сұрады Заикин.

– ВУАП-та істегем. Мұндай мекемені естіп пе едіңіз?

– Естігем жоқ...

– Бүкілодақтың авторлық правоны қорғау басқармасы. Сондай болған.

– Нешедесіз?

– Елу жетідемін.

Ол мені байқап қалды:

– Алдың ба?

Содан соң кінәлы адамдай Заикинге қарап қойды да:

– Кіші лейтенант, сіз қарсы емессіз бе, егер мен алсам?..

Сіздер соғысып жүрсіздер, бәрі бір ғой. Ал мен бірінші және соңғы рет болар... Заикин келісе кетті:

– Өлгендердің документтерін капитанға бер, – деді. Бердім.

– Сіздер ренжімеңіздер, – деді капитан қалтасына салып жатып. – Түсінесіздер ғой...

Біз өзіміздің адамдарға келіп, қаза болғандарды жерлей бастадық. Сержантты және екі солдатты. Үшеуі жаралы екен. Істі жеңілдету үшін моланы қазбауға ұйғардық. Өлгендерді окопқа салып, көме бастадық.

Немістердің бұл су-су окопы енді ешкімге қажеті жоқ. Содан соң қоштастық.

– Сау боп тұрыңдар!

– Хош!

Олар бір жаққа, біз екінші жаққа кеттік.

Қараңғы түсе бастады. Жел көтеріліп, өңменімізден өтіп барады. Су-су шинель, шалбарымыз сіресіп қата бастады. Командирдің етігі, менің бәтеңкем судан шылқып келеді.

– Фамилиясын сұрамағанымды қарашы, – деді Заикин.

– Кімнің?

– Капитанның деймін.

Сол кезде екеуміздің де ойымызға сап ете түсті.

– Ал үшінші посты қайда?

Қайта оралдық. Жолдың қиылысы бақылауға жақсы жер екен. Орман алаңқайындағы жаңа қазылған бейіт – жақсы белгі. Картаға белгілеп қойдық. Алыста Бреслау да көрініп тұр.

– Сен өкпелеме, – деді кенет Заикин. – Мен сендерде шын сезім екенін білгенім жоқ еді. Онсыз да сыбағамды алдым. Соколов жеп қояды екен деп едім. «Бар, кешірім сұра, оңбаған!» – деді. Ашуланба! Келістік пе?

– Келістік.

Кенет Заикин, тіпті, балаға ұқсап кетті:

– Сенде оның суреті жоқ па? Көрсетші!

– Жоқ. Шынында да жоқ еді.

Өрттің жарығы Бреслауға қайтар жолды айқын көрсетіп тұр. Міне, соңғы соқпақ. Біз балшықты шалпылдатып әлі жүріп келеміз.

Бағанағы өлген ат жатыр. Арба жоқ. Шамасы, старшина кетіп қалған болса керек.

– Мен сені күні бойы іздеп жүрмін, – деді Вадя Цейтлин, біз оралғанда. – Маған бір тапсырма беріп... Сенімен оңаша ақылдасайын деп...

– Не боп қалды?

– Саяси басшы наградаларды жазуды тапсырып еді. Менің қолым тимейді, сен бәрі бір боссың дейді. Тізімі мынау. – Вадя бір қағазды көрсетті. – Ерліктерін суреттеп жазу керек дейді. Не жазарымды білмеймін. Ақылдасатын да адам жоқ. Көмектесіп жіберші!

Қағазға көз жүгіртіп ем, неге екені белгісіз, бірінші Протопопов тұр екен.

– Білмеймін, Вадя! Білмеймін! Жазғың келгенін жаза бер!

Ал мен ұйқыға кеттім! Өліп барамын!

Лейтенант Соколов екеуміз барған медициналық санитар батальонында біздің жарамызды таңған дәкелерді алды. Оның басынан, менің кеудемнен және аяғымнан. Келесі күні лейтенант мазасыз жүрді. Яғни, бір ойлар іштей тыным бермей жүр деп ұқтым.

Біз жұмысты бітірген бойымыз еді және тез бітірдік, тіпті, шаршаған да жоқпыз. Ал взвод командиріне не болып жүргенін түсіне алмадым.

Бүгін ауа райы жақсы. Күн көзі жарқырап тұр, жып-жылы! Командир екеуміз кең даламен жүріп келеміз. Наурыз айының таза ауасы көкірегіңді ашып жібергендей. Өзеннің арғы жағалауында жабайы ешкілер жүр екен.

Оларға қарап келе жатқан мен, ал лейтенант шашын сипап қойып, өзімен-өзі болып келеді.

– Қазір аң аулар ма еді, жолдас лейтенант, – дедім мен үнсіздікті бұзғым кеп қашып бара жатқан қоян мен жабайы ешкілерді көрсетіп.

– Аң дейсің бе? – деді Соколов. – Ал мен басқаны ойлап келемін. Жарайды, мә, оқы! – Ол жанынан хат алып, маған ұсынды. – Сен туралы да бар...

– Аға лейтенанттан ба? – Буньковтың жазуын бірден таныдым.

– Иә, содан, содан. Сен оқы әуелі, – деп қайталады Соколов тоқтап.

«Мишка, менің қымбаттым! Сенің хатыңды алғандағы менің қуанышымды көрсең ғой, дудар бас. Рақмет саған, үш жүз рақмет. Осы кезге дейін мені ешкім есіне алмағаны күлкілі ғой. Арамыздағы қашықтық 100 – 300 шақырым. Бастық рациямен де сөйлесуіне болар еді. Жарайды, мейлі, құдайы жар болсын. Ал, бастық істі біледі, бұл қазіргі бірінші мәселе. Басқасын қойшы. Соғыс!

Сен жан-дүниеңмен бәрін түсінесің! Мен бастықтан да, басқаларынан да өтініп ем ғой, ал сен әлі күнге өз орныңда жүрмеуің қалай? Жалпы, түсінемін, әрине. Сен де түсінесің. Бірақ, құдай ақы, әр нәрсені көңіліңе ала берме! Жұрттың бәрі бірдей емес қой. Ал, менің орнымдағының комсомол жиналысындағы сөзі – ақымақтықтың соңғы шегі деп есептеймін.

Ал, мен осында бір қыздармен таныстым. Ауыр жаралыларға көмектесу үшін корпустан қыздар келіп тұратын. Біреуі – сол екен! Біздің Ромео қателеспепті. Біз Ромео туралы да әңгімелестік. Бұл да адал екенін түсіндім. Ал, қыз байсалды, сүйкімді.

Мен аманмын. Жүре бастадым. Дәрігерлер «тыныштық» дейді. Бәрібір кешікпей шығамын, Берлинге бірге барамыз. Мені ұмытпа, ашуланба, ақымақтық істеме!

Егер қолың тисе бір сағат, бір минутқа келіп кетерсің? Ромеоны да ала кел. Ол өзінің Джульеттасын көрер еді. Осында госпитальда біздің Петров та жатыр. Есіңде ме, балалар Макака деуші еді ғой?

Солай.

Құшақтаймын, әзір ешкімге сәлем айтпаймын. Мені кім есіне сақтап жүргенін білмеймін.

Сенің Максимің».

– Оқыдың ба? – деді Соколов.

– Оқыдым, жолдас лейтенант...

– Мен дивизион командиріне бармаймын, батальон командирімен сөйлеспеймін. Ал, Буньковқа барып шығу керек. Біз – шошқамыз. Айта берсең Лигниц дәл жанымызда ғой, егер барғың келсе, Катонинге кіріп сұра. «Біз шошқалармыз, Буньковты ұмытып кеттік» де. Буньковты білмейтін, жаңа адам ғой, комбатқа, кіші лейтенант Заикинге соқпай-ақ қой. Мен рұқсат етейін. Егер ерткің келсе, Бариновты ал қасыңа. Ол не дегенмен, комсорг қой. Байқаймын – жақсы жігіт...

– Егер майор сізді неге сұрамайды десе ше? – деп күмәндана сөйледім.

– Мені жамандай бер. Оған айту ойыма келмепті де, әйтеуір ойыңа келгенді айта сал. Буньковтың хаты жайлы айтпа...

– Барамын майорға, жолдас лейтенант. Келген бойда кіремін!

Мен Соколовқа, Буньков жазғандай, қалайша батальон командирі болмадыңыз деп сұрақ қойғым келсе де, батылым бармады.

– Білесіз бе, кіші лейтенант Заикин батыл адам болып шықты. Ана жолы біз фрицтермен бронетранс-портермен қақтығысып қалғанда... – дедім аузымнан неге және қалай шыққанын байқамай.

– Қымбатты досым менің! – Соколов маған бейне класс партасында отырған оқушыдай қарады. – Жақсылық пен жамандық кейде қатар өмір сүреді. Мұны мен кіші лейтенант хақында айтып отырғаным жоқ.

Ертесінде біз теодолит жүрісіне әзірлік жасадық. Жер таныс. Кіші лейтенант Заикин екеуміз жүріп өткен жер.

– Өте жақсы! – деді Соколов.

Байқауымша, таңдаған жерімізге де, маған да риза тәрізді. Мен вешканы алысырақ қойдым.

Саша, Шүкірбек, Володя және Соколов соңымда келеді.

Әрине, біздің жұмысымыз – ұрыс емес. Сашаның айтқаны да шын – нағыз ұрыс басталғанда, бізге былай тұрыңдар дейді. Бірақ өз жұмысыма ризамын. Өзімнің қызыл, ақ жолақты таяғымды алып, жұрттың бәрінен бұрын бақылауға шығамын және басқалардың жұмысы маған байланысты екенін білемін. Олардың есептеуші машинаның көмегімен теодолит көрсеткен координаттары, олардың дәлдігі тек қана менің дұрыс жерге орналастыруыма байланысты. Содан соң барлық артиллерияшылар, фото барлаушылар, тіпті, штаб қызметкерлері де сол координаттар бойынша жұмыс жасайды.

Біз бұзылған қораның, зират пен бос үйлердің үстімен өттік. Алдымыздағы алаңда екі мотоцикл тұр да, ал немістердің өлігі жоқ. Қайда кеткен?

– Үшінші қайда? – деп Соколов мотоциклдің біріне жақындады. – Мынау солар ма?

– Солар. Бірақ... біреу фрицтерді жерлепті...

– Үшінші посты қайда? – деп сұрады взвод командирі.

– Ана жерде, жолдас лейтенант, орманның маңында. Жас қабірді көрдіңіз бе?

– Көріп тұрмын.

Трофейшілер командасының бір сержанты мен екі солдатты жерлеген зират жолдан анық көрінді.

– Теодолитті жолдың қиылысына қоялық, – деді лейтенант. – Көріп қалар ма екен?

– Көреді ғой.

Саша, Шүкірбек, Володя теодолитті алып жолдың қиылысына жеткенше, мен зираттың сол жағындағы төбеге барып үлгердім.

Взвод командирі де кері оралды. Балалар менің вешкамды белгілеп алған секілді. Мен оларды жақсы көріп тұрмын. Яғни, олар да мені көріп тұр.

Шынында да, болды, қайта бер дегендей белгі берді.

Мен төбешіктен түсіп, жолға шықтым. Күн шығып тұр. Көктемгі ауа, әр жерде жасыл шөптің белгісі бар. Мен моланы айналып өтіп, жол бойында теодолитті көрдім. Жанында ешкім жоқ. Кенет алдыңғы жақтан атыс естілді. Соның арасында автомат үні...

Мен әуелі Соколовтың сорайған бойын көріп қалдым. Оның соңынан Саша. Олар жолдың жағалауымен үйлерге қарай жүгіріп барады. Тізерлеп атып жатыр.

Мен келгенше атыс басылды.

– Не болды?

Володя өлген немістің автоматын алып жатыр. Екінші неміс есік алдына сұлап түсіпті.

– Жауыздар, Шүкірбекті өлтіріп кетті, – деді Саша.

– Хайуандар! Өздері азаматтық жәй киім киіп алыпты! – деп Соколов басын қасыды. – Ақымақтық болды...

Біз Шүкірбектің денесін жаңағы мен таяғымды алып шыққан төбенің баурайына, біздің солдаттардың кабірінің қасына қойдық.

Саша сия қарындашпен жазды: «Шүкірбек Ахметалиев, 1926-45. Және екі солдатпен бір сержант». Біз трофейшілер командасының осыдан екі күн бұрын қаза тапқан сержанты мен солдаттарының фамилиясын білмеуші едік.

Олар осыдан бір сағат бұрын қаладан қашып шығыпты.

– Қалай?

– Ой, сұрамаңыздар! – біресе күліп, біресе жылайды, тағы күледі. – Өзіміздің адамдар! Туғандар!

Бәрінің үстінде лас киім, аяқтары су-су, көздеріне дейін орамалмен байлап алған, аттары да, жастары да белгісіз. Тек біреуі ғана үндемейді, қорыққан жүзбен шеттей береді. Оның көздері бір орынға тұрақтамай тек қорқынышты жаутаңдайды.

– Ал сен немене? – деп Володя оған жақындады. – Немене қуанғаннан тілің байланып қалды ма?

Қыз шарбаққа қарай жүгіріп барып, біреу оны ұрайын деп жатқандай, дірілдеп кетті.

– Ұмытып кетіппіз, – деді әйелдердің бірі. – Бұл Хильда, немістің қызы. Жақсы өзі. Тек бақытсыз. Анасы қаза тапқан, әкесінің қайда екені белгісіз. Бреслауда олардың солдаттары... Қыз ақылынан адасатын болды. Екі жұма жер үйде отырдық. «Бұл жерде қалмаймын, сендермен кетем» дейді. Фюрхте нихт, «Хильда! – деді әйел оған қарап. – Зи лассен дих ин ру! Дас зинд дох унзере, унзере!1

– Немісше білесіз бе? – деп таңданды Заикин.

– Азапқа түскеніміз бірінші жыл емес, – деді әйел. – Үйретті ғой.

– Көп болды ма немістерде болғандарыңа?

– Үш жылдай.

– Қай жерденсіз?

– Брянскіденмін мен...

Қорықпа, Хильда! Бұлар саған тимейді! Бұлар біздердікі ғой, біздердікі!

– Мен Псковтан, Никольск селосынан.

– Мен Орелдан...

Олар неміс қызынан басқа үшеу. Кіші лейтенант Заикин оларды тамақтандырып, үйге орналастыруды бұйырды.

– Біз жуынсақ деп едік.

Біз оларды жуынуға апардық. Содан соң олардың тұратын үйін көрсеттік.

Володя да олармен жағаласып үйге кіріп кетті.

Олар біз кешкі тамақ ішіп жатқанда келді. Бәрі өзгеріп, адам түріне еніп қалыпты. Заикин орындық ұсынып еді:

– Их данке инен2– деді неміс қызы. Келгендер өздерін таныстыра бастады:

– Люся.

– Клава.

– Ал сіздің атыңыз кім? – дедім отыздар шамасындағы келіншекке.

– Валя.

– Әкеңіздің аты?

– Әкемнің атын айтып қажеті не, Валя деп атай беріңіз.

– Ендеше, – деп Заикин біздің сөзімізді бөліп жіберді. – Мына тосты біздің әйел жолдастардың аман-есен оралғаны үшін, содан соң Сіз үшін, – деп Хильдаға қарады, – қазіргі кезде біз жау болғанмен, неміс халқының болашақ ұрпағы – сіздер түсінер деген үміттеміз...

– Кешіріңіз, – деп сыбырлады Валентина маған, – мен Хильдаға түсіндірейін...

Содан соң ол сыбырлап Заикиннің сөзін аудара бастады.

– Ал, Сіздер үшін! – деп қайталады кіші лейтенант.

Заикин орнына отырғасын Хильдаға бірдеңе айтқысы келді, бірақ немісше түсіндіре алмағасын қасындағы Клаваға қарап:

– Енді қайда барып, не істегісі келеді? – деді.

– Ол айтады: жұмыс жасаймын, Германияның күнәсын жуу үшін көп жұмыс жасаймын дейді, – деді Клава. – Мүмкін, госпитальға не наубайханаға жұмысқа орналастыруға болар. Бреслауға кері барғысы келмейді.

Стол басындағылар көңілдене бастады.

– Біздің Валька сұлу, біз секілді емес, – деді Люся. – Ол неміс солдаттарының көзіне түспес үшін бетіне күйе жағып та жүрген. – Содан соң Валяға қарап біраз ойланып отырды. – Ой, Клава екеуміздің көрмегеніміз жоқ қой... – деді.

– Сендер көптен таныссыңдар ма? – деп сұрадым Валядан қыздарды көрсетіп.

– Жоқ, жақында, – деді ол, – Бреслауға шабуыл басталарда ғана. Бұрын әр жерде жүрдік.

_________________________________

2 Рақмет сізге.

Мен кезекте тұрған Сашаны ауыстыруым керек еді. Көшеге шықтым. Тыныштық. Саша мені күтіп тұр екен:

– Қалай, онда көңілді ме?

– Бар, жаңа басталып жатыр.

– Барайын. Әбден тоңып кеттім.

– Бар, бар...

Шамасы бір сағаттан кейін үйдегі отырыс аяқталып, балалар сыртқа шыға бастады.

– Тағы балшық.

– Ертең ашымал жасаймыз. Балалардың біразы әйелдерді шығарып салуға кетті. Хильда жайымен соңдарынан еріп барады.

Ең соңынан Валя мен Володя шықты. Володя оның қолтығынан ұстап алыпты.

– Ә, жас жігіт, сіз мұнда екенсіз ғой! – деді Валя. – Адью! Зай гезунд, кнабе!1

Валя да, Володя да біраз қызу.

Олар әйелдер қонатын үйге қарай кетті.

Мен олардың даусын естіп тұрмын.

– Жоқ, қазір болмайды. Кейінірек. Жұрт жатқасын... – дейді Володя.

– Мен ұйықтап қаламын. Мен сондай шаршадым.

– Жарты сағат күте алатын шығарсың?

Мен жаныма штабта кезекшіліктегі лейтенант Соколовтың қалай келіп қалғанын байқамаппын.

– Протопопов кіммен сөйлесіп тұр?

– Кешіріңіз, жолдас лейтенант! Бреслаудан біздің үш әйел қашып шығыпты, бұрын Германияға айдалған. Қастарында бір неміс қызы бар. Бірге тамақ ішкенбіз... Енді қонуға бара жатыр.

– Мұны естідім. Ал Протопоповтың қасындағы кім, аты кім? Естімедің бе? – Соколовтың даусынан мазасызданғаны сезілді.

– Валя деген, Валентина, – дедім. – Орелдан ғой деймін.

– Валентина?

Мен жауап бергенше, Соколов жылдам басып Валя мен Володя тұрған жаққа аяңдады.

Содан соң мен әйелдің шыңғырғанын естідім. Зәресі ұшқан Володя менің қасыма жүгіріп келді:

– Оның есі дұрыс па? Не болды? Жынды! Мен ештеңе түсініп тұрғаным жоқ.

– Аты кім деді, айттым...

Володя өкпелеген бала секілді. Жылап жіберуге жақын тұр.

– Қой енді! – дедім. – Одан да шылым шегейік.

______________________

1 Сау бол, балақай (немісше)

– Саған айтуға оңай... Ал мен... Бәрін құртты... Болған оқиға мені де Володядан кем толқытқан жоқ.

– Лейтенант келеді, айтатын шығар неге, қалай болғанын.

Люся мен Клаваны шығарып салған балалар келді.

– Не болды? Валя бақырып, жүгіріп барады. Соколов соңында:

«Тоқта! Тимеймін! Тоқта!» – деп айқайлайды. Володя әлі күңкілдеп тұр.

– Көрдің бе осындай сәтте...

Ертеңіне Люся мен Клава келді.

– Мүмкін, әуелден таныс шығар? Валямен?

– Кеше қашып кеткеннен келген жоқ, бізбен қонған жоқ!

– Сендердің лейтенанттарың ештеңе деген жоқ па?

– Енді ол қайда барады? Қалайша жалғыз кетті?

– Немістермен шатасып жүрмесін...

– Ондайлар да болған...

– Сұлу ғой!

– Жоқ, басқа бірдеңе... Олай болуы мүмкін емес...

– Өзі қалай бейшара болып отырды!

Біз де әйелдерден кем таңырқағанымыз жоқ. Лейтенант Соколов кеше де, бүгін де, тамақтың үстінде де тіл қатпады.

Бір кезде, үндемей әйелдердің қасында тұрған Хильда:

– Зи вар ди фрау айнес дойчен СС оффициере!

Зи загте мир зелбст унд бат швайген! Абер их каннте зи фрюер бис цум айнтритт дер руссеп!1

Екі күн өткесін лейтенант Соколов екеуміз әрең деп Лингмицке баратын болдық. Жолай кездескен машинаға отырдық, взвод командирінде үн жоқ. Тек оқта -текте тіл қатады:

– Қол көтерейік!

– Отыр!

– Осы жерде түсеміз!

– Енді жақын!..

Мен Соколовқа қарап, еңсесі түсіп кеткенін байқадым. Көзінің алды әжімденіп, шашына ақ кіріпті. Бұрын жоқ болатын, өзі отыз екіде ғана ғой!

Біз келесі машинаны ұстау үшін бұрылысқа түскенімізде Соколов ұзақ уақыт көзін уқалады. Шамасы, ұйықтамай жүргендіктен ауырған болса керек. Содан соң, Лигницкіде де уқалай берді. Көзі содан қып-қызыл болып, ісініп кетті де, тіпті кәрі көрінді.

Мен, шынын айтсам, Соколовты білмеуші едім. Бірақ оның бойындағы бір жұмбақ мені өзіне тартатын. Бір көргеннен түсінікті адамдар онша қызық емес шығар.

_________________________

1 Ол СС офицерінің әйелі болған! Оны маған өзі айтты, айтпа деді. Алайда мен оларды орыстар келместен бұрын да көргенмін (немісше)

Ол не туралы ойлап келеді? Валя. Валентикамен кездесуін қалай түсінуге болады.

Госпитальда, Буньковтың жанында отырғанда, мен қазір айтатын шығар деп отырдым. Достар ғой... Бірақ әңгіме күнделікті өмір, дивизион жағдайы, одақтастар жайлы болды.

Содан соң маған қарады:

– Миш, жігітті несіне азаптаймыз? Жіберейік. Ертең қайтасыңдар ма?

– Ертең таңертең, – деді Соколов. – Бүгін қайда барады?

– Иә, кеш түсіп кетті, – деді аға лейтенант. – Ал, сен жүгір. Адресін алып қойғам.

Ол тумбочкадан газеттің жыртындысын алды.

– Мен Петровка кіріп шығайын деп ем, – дедім.

– Ә, Петров па, ол үшінші бөлімшеде, жиырма жетінші палата.

Біз Соколовпен таңертеңгі сегізде госпитальдың жанында кездесеміз деп уәделестік.

Макака, мені көргенде жылап қоя берді.

– Бір сағаттан кейін саған лейтенант Соколов келеді, – дедім, – ол да осында.

Витя госпитальдың көжесіне семіріп, толысып кетіпті.

Он шақты күннен соң шығарамыз дейді. Ал, Буньков деген! Мен оған ғашық болып қалдым! – деді Витя. – Оны осындай ғажап адам деп, тіпті, ойлаған емеспін!

Оның жарасы, менікіндей емес, қауіптірек, ал ол маған күнде қағаз жазып жібереді. Күлкілі қағаздар: уайымдама, Макака, біз екеуміз операциядан кейін де ұрысқа шығамыз әлі, – дейді. Кейін келіп-кететін болды. Аулада да күнде көрісеміз. Мен оған қандай алғыс айтарымды білмеймін. Оны дәл осындай адам деп ешқашан ойлаған емеспін!

Макака бәрін асығыс айтып жатыр, сұрап жатыр, содан соң тағы айтады.

– Ал бізде Шүкірбек... Ақымақтық болды, – дедім.

Терезеден, өткен ауыр күннен тыныстап жатқандай, ұйқылы-ояу қала көрінеді. Соғысқа бүлінбеген үлкен қаладан заводтар мен фабрикалардың тұрбасынан қошқыл түтін будақтайды, солдат тақасының тықылы естіледі, жалаушалар желбіреп, сыпырғыш сырылдайды – немістер көпірлер мен тротуарларды тазалап жүр. Көшелерде адамдар келеді – үлкендер және балалар. Жұмыс жасап жатқан дүкендер жабыла бастады. Штаб машиналары зулап өтіп жатыр. Торғайлар шырылдайды. Көп жылдық ағаштарға қонған қарға қарқылдайды. Тұрғындары бар үйлердің терезе перделері түсірілді. Қазір электр станциясы жарық береді.

Үш қақпасы бар госпиталь ауласына машиналар кіріп-шығуда. Келген машиналардан жаралыларды түсіріп, кейбіреулерін шығарып жатыр.

– Байқа! Көтердік. Солға жүр. Абайла, абайла! Қане! – Аула іші осындай әңгімеге толы.

Бос санитарлық машина әскери колонналарды басып озып, қаланың ортасымен Бреслау – Берлин тас жолына қарай қайта кетіп барады. Бос санитарлық машиналар да, әскери колонналар да майданға асығуда.

Лигницк үстіне кеш түскенде, госпиталь қақпасынан беті жабық машина шықты. Оның іші толық екенін, қолдарына фонарь және күрек алған үш солдат оның шанағына отырғанын ешкім көрген жоқ. Қала сыртына шыққан бұл машина тас жолдан бұрылып, шағын төбешіктің жанына тоқтады.

Мұнда окоп секілді қазылған жер әзір.

Үш солдат пен жүргізуші машинадан қап сияқты бес денені түсіріп, қазылған орға жайымен бірінің үстіне бірін салды. Содан соң күрек алып, топырақпен жапты.

– Қағаз қайда? – деді ордың ішіне түскен біреуі.

– Мында, – деді жоғары жақтан. – Мә!

Әлгі кісі қағазды жерге салды да, таспен бастырды.

– Фонарьды беріңдер, тексерейін.

Оған фонарьды берді. Солдат қолымен топырақты тегістеп, шашы көрініп жатқан өліктің бетіне тағы құм септі де, қағазды қайта оқып шықты: «4.03.45 ж. Комсомолецтер Хомутов, Анжибеков, Свирилин, с-т Савинков, кіші с-т Сойкин. Орындары бос».

– Бәрі дұрыс қой деймін. Шығуға көмектесіңдер. Солдат ордан шықты, содан соң бәрі үнсіз тұрып шылым шекті. Шылым қалдығын етікпен таптап, машинаға қарай жүрді.

– Бүгін осымен болды ғой.

– Көрерміз әлі. Таң атқанша әлі қаншасы бар!.. Мен Наташаға таңға дейін боспын деп айтқым келді. Алайда еркімнен тыс оның шаршаулы жүзіне және қолына қарадым. Сағат он. Оннан жиырма минут кетті. Он бірге... он минут қалды. Он бірден он бес минут кетті. Жиырма бес минут...

Үш сағаттың қалай тез өткенін байқай алмай қалдым. Біз қаңырап тұрған үлкен әдемі үйде екеуміз ғана отырмыз және маған қазір ғана көріскендей, ештеңе айтып үлгермегендей көрінді. Ол мынау бөтен үйдің иесі болуға тырысып, маған шәй беріп, қайта-қайта ас бөлмеге жүгіріп қонақ етуде. Ал, менің ойлап отырғаным; уақыт өтіп барады, уақыт өтіп барады, өтіп барады.

– Маған кету керек шығар, – дедім ақыры сағатыма қарап. – Он екі жақын...

– Жарайды... – Ол орнынан тұрды. – Келгеніңе рақмет. Сен білесің бе, мен сондай қуаныштымын!

Біз бөлмеден ауыз үйге шықтық, ол бір нәрсе есіне түсті білем:

– Ой, осы мені-ай! Әдейі сақтап қойып едім. Ұмытып барамын.

Мүмкін, жолға шығарда?

Шинелімді шешпестен, онымен ілесіп қайта кірдім. Ол әлгі «бірдеңені» әкелді:

– Кездескеніміз үшін... біздің, – деді ол стаканды көтеріп. – Менің осындай екенім үшін ашуланба!..

– Көріскеніміз үшін және тағы кездесуіміз үшін! – дедім.

Біз есік алдында тағы қоштастық. Ол мені шығарып салуға шықты.

– Шылым шегесің бе? – Ол менің темекі орап тұрғанымды көріп, таңданды. – Сен қазір қайда барасың? Түннің бір уағында кері кетесің бе?

Мен не дерімді білмей, тұрып қалдым. Қайда барам?

Таңға дейін көшеде қаңғуға түнгі кезекшілер ұстап алуы мүмкін. Әлде бос тұрған бір үйге кіріп, жата кетсем бе екен? Ондай бос тұрған үйлер қазір көп. Бірақ түннің бір уағында қалай табасың.

– Сен неге үндемейсің? – деді ол.

– Мен қайда баратынымды білмеймін, – деп мойындадым. Таңға дейін боспын. Солай келіскенбіз.

– Есің дұрыс па? – Ол мені кері, үйге сүйреледі. – Сен қандайсың өзің? Мен де сұрамаппын. Бос тұрған бес бөлме бар! Маған да қорқынышты болмайды... Мен қорқақпын ғой!

– Бірақ сен жалғыз емессің ғой, – дедім оның қыздары бар дегені есіме түсіп.

Олар кезекшілікте. Ал мынадай үйде жалғыз зәрем ұшады.

Шинелімді шешіп, мені бөлмеге кіргізді.

– Осы жерге саған төсек салып берем. Қазір, бір минутта!

Miнe, күлсалғыш. Шылымыңды шек!

Күлсалғыш қолымда. Темекі тарту үшін күлсалғышты қайда қоярымды білмей тұрмын. Ал, темекі тартқым кеп өліп барамын.

– Қойсаңшы, – деп, ол менің қай жерге қоюды білмей тұрғанымды сезіп күлсалғышты қолымнан алды да, тумбочканың үстіне қойды.

Ол менің көзіме ұзақ қарап қалған секілді көрініп кетті, әлде мен іштей соны тілеп тұрғасын ба.

– Ярошевицкіде, ас бөлмеде отырып айтып ем ғой саған, есіңде ме? Сен ашуланба, мен саған шын айтам: мен сені бұрын сүйген жоқпын ғой. Ал қазір... білмеймін. Екінші махаббат шын махаббат болады дегенді бір жерден оқып едім. Мүмкін солай шығар... Тек қазір ештеңе айтпай-ақ қой... Жақсы ма?

Мен үндемедім.

Ол маған «Қайырлы түн» деп, көрші бөлмеге кетті. Менің есім кетіп қалғаны сонша, аппақ төсектің жанында қақшиып әлі тұрмын. Ақ жайма, құс жастық... Шынымен мына төсекке көйлек, шалбарыммен жатамын ба деп тұрмын.

Мен Гороховецк лагерінен кеткелі күні бүгінге дейін шешініп ұйықтаған емеспін.

Ал егер шинелімді шешіп жатсам, бұл адам төзбейтін еркіндік болып жүрер. Мұндай еркіндік үшін мен және взводтағы достарым да түнгі дабыл кездерінде талай сазайымызды тартқанбыз.

– Сен неге жатпайсың? – деп айқайлады ол көрші бөлмеден, шамын сөндіріп. Арамыздағы есік ашық.

Мен Наташаны көріп тұрмасам да, оның төсекке сүңгігенін білдім.

– Жаттым! Не болса ол болсын деп, гимнастерканы шеше бастадым. Бәрі бір түрлі, үйренбеген төсек, көрші бөлмеде ол... Менің ұйқым келген сияқты, бірақ ұйықтай алмадым. Дөңбекшіп жатырмын. Ып-ыстық құс жастықты қайта-қайта қозғай беремін. Ол ұйықтап қалды ғой деймін, жәй, бірқалыпты демалысы естіледі. Мен Наташа туралы, екеумізді алыстағы Лигницте, бөтен үйде кездестірген тағдыр туралы ойлап жатырмын. Содан соң лейтенант Соколов туралы ойладым. Мүмкін, ол да маған белгісіз ойларымен алысып ұйықтай алмай жатқан болар. Біздің бәрімізден де ересек болып келген Макака – Витя Петров та есіме түсті. Және аға лейтенант Буньков...

Дүниеде қайырымды және әр түрлі адамдар қандай көп. Және біз олардың әрқайсысына жақсы болса екен деп, тым болмаса іштей тілеп, ойланбаймыз. Міне, Буньков, ауыр жараланған Буньков, аға лейтенант Буньков қатардағы солдат Витя Петровтың көңілі құлазымасын, госпитальдан тезірек жазылып шықсын деп оған күлкілі қағаз жазып жібереді. Немесе Соколов, жан-дүниесінде қандай соғыс жүріп жатқаны белгісіз лейтенант Соколов өзінің батальон командирін есіне алады, оған хат жазады, дивизионда оны ешкім ұмытпағанын жұрттың бәрі оны жақсы көретінін білсін деп жазады. Ал, Соколовтың өзіне, мен бұл жайды біліп алдым, неге екені белгісіз сенбейді... Әлде одан қорқа ма? Болмаса, оның өмірбаянында бір кемшіліктер бар ма? Бірақ ол адам ғой және адам болғанда қандай!..

Мен ойлап жатырмын. Ол ұйқыда. Ұйықтап қалғаны жақсы болды. Өзі биыл нешеде – жиырма бірде ме? Иә, қырқыншы жылы ол он алтыда, мен он үште болатынмын. Қазір мен он сегізде, ол жиырма бірде. Жаста тұрған не бар! Мен оның жүзінен шаршағандықты көрдім. Басынан кешкені қанша! Ұйықтасын, мейлі ұйықтасын.

– Мен де ұйықтай алмай жатырмын... Қасыма кел... – Бұл – соның дауысы ма? Тани алмай қалғандаймын.

– Қазір... қазір, – дедім сасқалақтап.

Маған киіну керек, ал мен, оңбаған, бөтен үйде киімімді таба алмай, сипалап жүрмін...

– Сен мені сүйесің бе, шынымен? – Ол сыбырлайды, ал мен бірдеңе деп күбірлеймін, содан соң мың рет армандаған белгісіз әлемге батып барамын және ештеңе айтуға шамам жоқ, тек:

– Наташа! Наташенька! Наташка, – деп сыбырлаймын.

Таңертең оянсам, ол ұйықтамай, жанымда тізесін құшақтап отыр екен. Бөтен адам сияқты. Кенет оның мендік екені ойыма түсті! Мен ұйқылы-ояу оған қарадым. Ал оның маған бұлай қарағанын мен ешқашан көрген емеспін. Оның көзінде қымсыну, ұят, қорқыныш тұрды...

– Әрі қарашы, – деді. – Мен киінейін.

Мен теріс қарап жаттым. Және өзімді соншалық рақат күйде сезіндім.

– Сені тамақтандырайын.

– Өзің ше?

Сен кететін уақыт жақын ғой, жеті болып қалды. Ол ас бөлмеде тамақ дайындап жүр.

– Наташа!

– Немене?

Ол маған бұрылып қарағанда, мен оған өкпелеп қала жаздадым.

– Сен неге бұлай қарайсың?

– Енді не болатынын сен ойладың ба?

– Қалай – не болатынын? Соғыс бітеді, біз ораламыз...

– Мен ол туралы емес... Енді түсіндім.

– Наташенька! Соғыс енді аяқталды ғой. Өзің білесің...

– Жақсы ғой, егер...

– Бітеді соғыс, бітеді! Және мен сені сүйемін! Ал менің сені қалай сүйетінімді білсең ғой...

Біз Лигництен оралғанда, алғашқы кездескен Володя болды:

– Саламатсыз ба, жолдас лейтенант!

– Саламат па, ефрейтор! – деп Соколов солғын жауап берді.

Соколов кеткесін Володя:

– Тыңда, сен түк білмейсің! Анадағы қатын – Валя, есіңде ме, Валентина – мынаның әйелі екен! Әйелі! Ал ол эсэс! Түсінесің бе! Тамаша екен офицер Соколов! Совет офицері, ал қатыны эсэс! Сеніп көр бұл адамдарға! Ал, біз осындайлардың бағыныштысымыз!

Мен түкке түсінбедім. Бір нәрседен басқа...

– Ал, сен неменеге қуанып тұрсың? Біреудің басында қасірет, ал сен екі езуің құлағыңда...

– Мен қуанып тұрмын ба? Неменеге қуанамын – әкемнен хат алдым, – деді Володя ренішпен. – Не деген иттік десеңші! Сенің жіберген посылкаңды алдық, ішін ашсақ – екі кірпіштен басқа дәнеңе жоқ дейді! Почташы оңбағандарды ма осы! Екінші, үшінші жібергендерімді әйтеуір түгел алыпты, оған да шүкір. Біздің есебімізден қалай байып жүр оңбағандар.

Одер мен Бреслаудан кейін біз қызмет етіп жүрген артиллериялық корпусқа демалыс берді. Бізге де демалыс.

Соғыстағы демалыс қызық. Жағамызды тіктік. Киімімізді тәртіпке келтірдік. Бос жатқан бөшкеден бит өлтіретін жасадық. Барғанша алты шақырым, келгенше де сондай жүріп барып «Арайлы алқап серенадасы» фильмін көрдік. Саша бастама көтеріп, үш рет саяси хабар жасады.

Ақыры күткен команда естілді: «Машиналарға!» Быт-шыт болған жолдармен біраз жүргеннен кейін, кешке қарай тас жолға шыққанымызда, өз көзімізге өзіміз сенбедік. Алдымызда үлкен көрсеткіш тұр: «Берлинге 331 ш»

Күнтізбе бойынша көктем шығысымен, Германияда ауа райы бұзыла бастады. Наурыз айы бізді ұлпа қар, түнгі аязымен қарсы алды. Бұл, әрине, ешкімге де ұнамады. Сәуірде жаңбыр басталды. Қайда барсақ лас, салқын сызды ауа. Дегенмен адамдардың көңіл күйі үшін басты нәрсе ол емес еді. Берлинге дейін үш жүз отыз бір шақырым қалғаны – ғажайып керемет болып көрінді. Ал біз ілгері жүріп келеміз, жүріп келеміз. Сапарға шыққанымызға екінші күн.

Шабуыл күндері біз арнайы барлау артиллериялық дивизионынан (енді бұл ұзақ атауға «РГК-ның – Бас Командованиенің Резерв!» деген сөздер қосылды) қарапайым жаяу әскер бөліміне айналдық. Біз бағынған артиллерия дұшпанды тікелей нысаналап атады. Сондықтан біздің жұмысымыздың бұл ретте ешкімге қажеті жоқ. Ал, енді осынша асығыс алып бара жатқандарына қарағанда, не дегенмен біз қажет болғанымыз ғой.

Әзірше жаудың бөлініп қалған кейбір топтарымен ұрыс жүргізіп, тұтқынға түскендерді жинау пунктіне апарамыз, немістердің арасында саяси-ағарту жұмысын жүргіземіз, содан соң соғыс жағдайында әбден ішіңді пыстыратын жұмыс – дивизиялар мен артполк штабтарында калька мен карта сызамыз. Өйткені көбінесе өздерінде топографтар жетіспейді.

Және осының бәрін жол бойында жүріп келе жатып, хабарларға қарағанда, Бірінші Белорус майданы солтүстік батысты қусырып бара жатқанда істеудеміз.

Маршрут болса болды, ал оны талқылау – біздің шаруамыз емес. Міне, тағы да Форст, Госта, Дрешниц, Шефенберг, Котбус деген қала мен деревня аттары. Артымызда – Нейсе, алдымызда кіп-кішкене, бірақ қатты ағысты Шпрее.

Күн сайын қала, селолардың талайы артымызда қалады: Бунцлау, Рейзихт, Гайнау, Гроткау, Нейлштадт, Фридлянд, Эндерсдорф, Кальке.

Тынышы картаға қарамаған: біз біресе алға, біресе кері, одан қайтадан ілгері жүреміз.

Бақтарда алма ағаштары, өрік гүлдеді. Жерде гүл жайқалады. Аспанда біздің «петляковтар» мен немістің «мессерлері» шарықтайды. Жерде біздің танктер, машиналар, «катюшалар». Бір колоннаның қай жерде басталып, қайда аяқталатынын түсіну қиын. Жолдардың бойы, ашық далалықтар қозғалысқа толы. Ауада неше түрлі иіс бар: көктемнің, күйенің, бензиннің, қанның, гүл мен металдардың...

– Тез арада біздің одақтастарымызбен кездесеміз, – деді кіші лейтенат Заикин біз көпірден өткенде. – Олар Дессауда.

Ол мұны жиырма екінші апрель күні таңертең айтты.

Бір сағаттан кейін біздің маршрутымыз өзгеріп, солтүстікке қарай бет алдық.

– Бірінші Белорус майданына барамыз, – деді майор Катонин. Майдан деген тек карталарда ғана, ал жерде оның қайда екенін анықтай қою қиын.

Дивизиямыз Баратқа тоқтады. Көшелерде біздің солдаттар жүр. Күн кешкіріп келеді. Жаңбыр сіркірей бастады.

Саша екеуміз артбригаданың штабына карта сызуға кеттік.

– Жігіттер, Бірінші Белорус майданынансыздар ма? – деп сұрадық өтіп бара жатқан солдаттардан.

– Бірінші Украин майданынанбыз. Әрі қарай кеттік.

– Славяндар, қайдан – Бірінші Украиннан ба? – дейді Саша.

– Бірінші Белорустан.

Кешкі қараңғылық түсті. Әскери колонналар жылжып барады. Ал қала шағын болғанымен, тыныш, әдемі.

Алдымызда колонна келеді. Неміс сөздері естіледі. Саша мылтығын, мен автоматымды әзірледім.

Осы кезде ойыма түсті:

– Тоқта, бұлар тұтқындар...

Тұтқын немістер сапта келеді. Алдында офицер. Енді біреуі колонна қатарында, фонарьды жарық еткізіп, аяқтарды санайды:

– Айн-цвай!

– Айн-цвай!

Біз оларға қарап күлкіміз келді.

– Гитлер капут! Аллес капут! – деп немістер біздің жүзімізді көре сала айқайлайды.

Біз тағы алға кеттік.

– Славяндар, қайдансыздар?

– Бірінші Белорустан...

– Жігіттер, Бірінші Белорустансыздар ма?

– Бірінші Украин майданынан...

Екі қатарлы үйдің жанында – кезекшілер, толған солдат, офицерлер.

– Бір жүз тоқсан төрттің штабы осында ма? – деп сұрадым.

– Сенсің бе?

Топтың арасынан жүгіріп Наташа шыға келді. Біз, не істерге білмей, үнсіз күлімдей бердік.

– Берлинге қырық шақырым қалды! – деді кенет ол.

...Саша екеуміз кеш қайттық.

Қалада біздің адамдар жоқ екен. Дивизион орманға, Нейхоф деген жерге, көршілес маңға, қоныс аударыпты.

Орманда бәрі ұйықтап қалыпты. Тек түнгі күзеттегілер ғана малмандай болып тұр. Володя да, үстіне су өтіп кеткен ғой деймін, постыдағы тудың жанында дірдектеп тұр екен.

– Берлинге қырық шақырым қалды, – деді Саша Володяға.

– Берлині құрысын! Келгендерің жақсы болды. Әйтпесе, мен әбден жаурап қалдым!

Жауынгерлік тәртіп тағы өзгерді. Жаңа ғана стереотұрбамен қарағанбыз: үйлер, бақша және қолдарына құты ұстап жүрген немістер, ал біреуінің үрмелі сырнайы бар екен, үй қабырғаларында фолькстурм қатарына кіруге шақырған ұрандар ілініпті, ал тұрбаны сәл солға бұрып едік – немістің танк батареясы, мұнда түскі тамақ, шамасы, немістер мезгілінде тамақтанатын болса керек. Бізге жақынырақ көгалды алаңнан музыка үні естіліп тұр. Жанға жақын таныс әуен: «Далам, кең далам», «Кетті жолдас алыс аймаққа» – Бернестың дауысы, содан соң Лемешевтің орындауында – «Сұлулардың жүрегі айнымалы».

– Бұлардікі не?

– Немене? – Саша түсінбеді.

– Музыка ойнайтын уақыт тапқан екен!

– Өкінішті, еңбегіміз... – Вадя мұңдана сөйледі. Расында да, өкінішті! Біз қазір ғана бітірген жұмыстың (өзіміз тіпті тез бітіріп тастағанбыз) Зая кеткені: ауыр артиллерияның орнына енді жеңілі ұрысқа кіретін болды. Оған алдын-ала теодолитпен бағдарлаудың қажеті жоқ – жауды бірден көздейді. Содан соң әлгі әндерді тыңдап үлгермегеніміз де өкінішті. Бәрімізден бұрын Вадяның есі шықты. Ол музыка тыңдап отырғанда, соғыс ол үшін соғыс емес.

Бізді Тельтовқа алып барды. Тельтовтың өзін көре алмадық.

Ол әлі алынған жоқ дегенді естідік, оның есесіне түтіні будақтап, өрт пен жарылыстан дірілдеп тұрған Берлин жанымызда тұрғандай көрінді. Берлин туралы айтқанда «ана жерде» деседі, шынында да ана жерді, Берлиннің үстін күндіз де қап-қара түтін басып тұр. Ал бізде көгілдір аспан ашық, күн көзі шақырайып, ағаштар жапырақ жаяды. Күйенің, бензин мен өліктің иісі шыққанмен, көктемдегі таза ауа басыңды айналдырады.

Екі жүз үш миллиметрлік қарулар бригадасын жалғағаннан кейін – оның өзі көпке созылады: фауст-патроншылар іске кедергі жасады.

Вадя екеуміз бір буда сым мен төрт тұтқынды алып біздің дивизионның штабына кеттік. Тұтқындардың бірі – бойы бір қарыс арық кісі – жол бойы біресе Вадяның, біресе менің жеңімнен тартқылап аузы тыным таппады.

– Не керек екен өзіне?– дедім Вадяга, біздің машина кезекті шұңқырдан секіріп өте бергенде.

Шофер қатты айдап келеді, орға түсіп кетеміз бе деп қауіптеніп қоямыз.

– «Мен – полякпын, мені де өлтіре ме?» – дейді, – деп түсіндірді неміс тілін өте жақсы білетін Вадя. – Қайдағы поляк! Немісше қалай сөйлейтінін сен түсінсең ғой.

Әрі қарай біз үндемедік.

– Ал, сен, – деді ақыры Вадя, – осы мезгілдің ішінде ешкімді өлтіріп көрдің бе?

– Қалай? – Мен түсінбей қалдым.

– Осында, майданда деймін?

– Жетеу... Өзімнің санағаным.

– Сен білесің бе, әрине, түсініксіз, – деп мойындады Вадя, – бірақ мен, тегі жүрегім дауаламайтын сияқты. Тіпті мынау секілді жиіркеніштілерді де. – Ол «полякты» көрсетті. – Неге екенін білмеймін, қолымнан келмейді...

Шайтан алсын осы бір қоршауда қалған неміс әскерлерінің топтарын! Берлин қол созым жерде, ал біз кері оралып, фрицтерді аңдып орман тазалап жүреміз.

Фрицтер қаусаған. Өте кәрілер және тым жастар. Фольксштурм! Бірақ олардың ішінде де қызулары бар екен.

– Меніңше, олар бізден қорқады, – деді Саша. – Сен қалай ойлайсың? Жылдар бойы бізді оңбағандар деп миларына құйып тастаған ғой! Бұларға қалай түсіндірсек екен?

Түсіндіруге уақыт жоқ еді.

Біз автомат, карабинмен ағаш арасында келеміз. Содан соң жүгірдік – алдымызда немістер көрінді.

– Ур-ра! – Саша айқайлап жіберді.

– Ур-ра! – Мен де қосылдым.

– Ур-ра! – Орман іші жаңғырығып кетті.

Вадя жүгіріп келеді. Атып келеді. Қалай екенін білмеймін, әйтеуір атады.

Атыстан гөрі айқай көбірек. Құстардың даусы да естілді. Олар түк болмағандай сайрайды. Барылдақ торғай мен шымшық шырылдайды. Соғыстан қашып орманға тығылған қарға мен ұзақ қарға да қанаттарын қомдап жүр.

Саша екеуміз бес немістің қаруын алдық. Автомат, пистолет, гранаталар жерде жусап жатыр.

Қасымызда мыж-мыжы шыққан «мерседес-бенц». Артқы орындығында – офицер. Өліп қалыпты. Фуражкесі иығына түсіп кетіпті.

– Өзі, – деді Саша, машина жақтан келіп.

– Не өзі?

– Өзін өзі атыпты.

Берлин маңайы. Тап-тұйнақтай үйлер, шағын газондар. Асфальт жолдар, сары топырақ төселген жолдар. Бір екі машина сиятын гараждар, ит қоралар. Біреулерінде балық жүзген, екіншілерінде балық жоқ фонтандар. Сыраханалар мен бөтелке, басқа да заттар ұқыпты жиналған дүкендер. Теннис корттары, автобус аялдамалары, бейне әдейі көрініске қойғандай. Америка үлгісіндегі бензин колонкалары, француз үлгісіндегі бактар, голланд үлгісіндегі гүлзарлар... Және бәрі құлпырып, жасыл, сары қызыл түстерімен көз тартады – аса ұқыптылығымен қорқытатындай. Және бәрі сүйкімді, соншалық әдемі, соншалық жат. Үй альбомдарында, қабырғаларда – желімделген, айналасы өрнектелген фотосуреттер. Біз олардың қаншасын көрдік! Ері мен әйелінің үй маңында, гүл алаңында түскені. Екеуі балаларымен машинаның жанында. Ол әскери формамен және жәй киім киіп тұр. Әйелі әскери форма киген де, ол қарапайым киінген. Содан соң альбомда да, қабырғада да екеуі тырдай жалаңаш...

Берлин маңайы. Соғыс мұнда да жетті. Осы жерде, мынау жып-жылмағай етіп ұқыпты жиналған жерде, украин мен орыстың жері өртеніп жатқанда гүлзарлар мен фонтан жанында суретке түсіп қызықтап жүргендер бастаған және мынау гүлдер мен бақтарды әдемілеп, бензин колонкалары мен автобус аялдамаларын әшекейлеп сырлап жүргендер қолдарына автомат алып алыстағы шығысқа жол тартқан, онда – өртеген, атқан, азаптаған, қорлаған, зорлық көрсеткен және тағы да атып, асып, азаптаған осының бәрі басталған Берлин жеріне де соғыс келді.

Жоқ, соғыс біздің жерімізге әкелген азабының кішкентай бөлшегін де бұл жерге әкелген жоқ. Мұнда сынған шынылар, ұрыста қарсыласқандардың өліктері, кездейсоқ әуе шабуылына ұшырағандар, содан соң қорқыныш, большевиктер армиясының алдындағы есі шығардай қорқыныш қана бар. Ал, большевиктер армиясы ұрыс аяқталысымен бір сағат өтпей-ақ жергілікті тұрғындардың нан мен тамақ іздеп солдаттардың «қызыл» асханасына баруларына, қашан су жүретінін білу үшін «қызыл» комендантты іздеуіне, өлейін деп жатқандар мен жаралылар толы медсанбатқа іші ауырған балаларын әкелуіне тиым салған емес.

Берлин маңайы. Тап-тұйнақтай шағын үйде біз концентраттарды шығара бастадық – бұршақ сорпасын, бидай көже, екі күнге берілген қант – бәрін үй иесі әйелге беруді ойладық: оның екі баласы бар екен, күйеуі соғыста.

Ал бұл кезде эсэсшілер бізді оқ астына алғанына қарамай, Вадя екеуміз әйелдің жаралы кішкене қызын медсанбатқа әкеттік.

Біз бір кезде Россияда тұрған неміс кемпірге бізде ортақ әйелдер болмайтынын және оларды карточка бойынша – әуелі большевиктерге, содан соң партияда жоқтарға бермейтіндігін айтып түсіндіріп жатқанда, елу метр жерден фаустпатронды бала бізді көздеп тұрды. Біз немістер су жіберген қоймадан бағалы, құны бізге белгісіз ескі кітаптар мен қол жазбаларды шығарып жаттық, ал қарсыдағы үйден немістің үш мергені бізді атқылай бастады...

Жиырма төрті күні таң ата біз постыны барлауға шықтық та, екі сағаттан кейін ауыр батареяның байланысын жүргізіп жаттық. Берлинді «катюшалар» атқылай бастағанда, отты батареялар позицияларын белгілеуге кірісті. Ақыры біздің батарея да от берді.

Берлин маңы ызы-шуға толды. Аспан күркірейді. Жер селкілдеп тұр. Танкілер алға ұмтылуда. Мотоциклді әскерлер де қозғалды. Тылдағылар да жолға ыңғайлана бастады.

– Машиналарға! – деген дивизион командирі майор Катониннің даусы шықты.

– Машиналарға! – деп қайталады батареялардың командирлері.

– Машиналарға! – Взвод командирінің командасы естілді.

Алдымызда Тельтов қаласы, одан соң Тельтов каналы арқылы жүретін соңғы өткел бар еді.

Мен бұрын велосипедке отырып көрген емеспін. Ұят болса да, солай еді. Менің үш жасымда туғандарым үш аяқты велосипед әперген, мектепке барғанға дейін сонымен әуре болдым. Болды. Велосипед спортымен айналысуым осымен біткен. Менде басқа велосипед болып көрген емес.

Бірақ құдайға шүкір, мен қолдау таптым.

– Мен сенен сұрайын деп едім, – деді Саша әдетінше, – велосипед тебе аласың ба?

– Жоқ, ал сен ше?

– Мен де тебе алмаймын. Ал шаңғы болса...

О, шаңғы болса, мен де самғар едім. Ногинскіде, содан соң Гороховецк лагерлерінде біз шаңғыны көп тептік. Шаңғымен жүру техникасын үйрендік, тіпті, жүгіріп те көрдік. Топографиялық жаттығу. Арқамызға теодолит және басқа да солдат саймандарын іліп алатынбыз. Қамқорлыққа алған колхозға да тізіліп шаңғымен баратынбыз.

Қазір шаңғыны еске алу күлкілі.

Бүгін 25 сәуір. Тельтов қаласынан өткесін тез жету үшін бізге велосипед керек болды. Велосипедтер бар болатын. Бірақ бізден кім тебе алады? Немесе, Саша айтқандай, қыдыра алады? Саша екеуміздің білмейтініміз анық.

– Ал, мен тебе аламын, – деді Вадя. Неге екені белгісіз, кінәлы кейіппен. – Менің соғысқа дейін... Маған мамам велосипед әперген еді... Тез үйреніп кеттім.

Кіші лейтенант Заикин бізді үміттендіріп қойды:

– Түк емес, отырасыңдар да, теуіп жүре бересіңдер.

– Түу, балалар, басқа-басқа, ал велосипед тебе алмау – масқара! – деп Володя күлкі етті.

– Сіз бекер әзілдейсіз, Протопопов, – деді лейтенант Соколов. – Мәселен, мен де білмеймін, бірақ оның күлкі ететін ештеңесі жоқ. Қажет болды ма – үйренеміз.

Бізге үйрену қажет. Берлин көшелерінде теодолит желісін тартуымыз керек. Жаяу әскерлердің алдыңғы бөлімдері, жеңіл артиллерия ілгері кетті. Ұрыс қалада жүріп жатыр. Біздің артиллерия корпусына дәл координаттарды анықтау қажет болды.

Велосипедке Соколов отырды. Таяғымды ебедейсіз ұстап мен де отырдым. Кеттік. Көшелерде басқа балалар да келеді. Білетіндер де, білмейтіндер де теуіп келеді.

– Қуып жет, – деді Соколов. – Анау бұрылысқа алғашқы белгіні қоямыз.

Мен бұрышқа вешканы қою үшін ілгері кеттім. Соколов тоқтап қалды.

Теодолитшылар менің вешкамды өлшеп, тағы да әрі қарай дегендей...

Мен велосипедке тағы қондым. Көшенің оң жағын ала жүріп келем. Енді артымдағы Соколовты көре алмадым, ол бұрылыста болса керек, бірақ кенет оның дауысын естідім:

– Тезірек, тезірек қимылда!

Төбемнен оқтар зулай бастады. Мен де шатырлар мен үйлердің жоғарғы қабаттарынан атқылаған неміс автоматшыларынан тасаланғым келіп, педальға бастым.

Бұрылыста тыныш екен. Мен таяғымды қойып айналама қарадым. Атып жатқан көше анық көрінеді. Көшемен үш велосипедші зымырап келеді: Соколов, теодолитті алған Саша және Вадя.

Әне, олар үйдің жанында кідіріп, мені өлшеді. Содан соң тағы маған қарай жүрді. Мен ілгері зымырап барамын. Арт жағымнан оқ зулап жатыр, жан-жағыма қарап қоям. Жоқ! Біздің жігіттер аман өтті! Мені мақтаныш сезім билеп келеді. Шайтан алсын, велосипедке отырғаным осы, бірақ жақсы теуіп келемін! Мен вешканы көтеріңкіреп, ерге оңтайланып отырдым. Велосипед сәл қисаңдап қояды, бірақ мен басқарып келемін, ол да мені тыңдап келеді. Өте жақсы!

Тағы да аялдама, тағы, тағы. Менің жанымнан «катюша» дивизионы өтті. Көз үйренбеген дивизион, өйткені күнде көріп жүрген «студебеккерлер» емес, біздің өзіміздің үш тонналықтар. Сыртында жазу бар: «Москваны қорғаушылар». Яғни, бұл «катюшалар» қай жерден бастаған! Аспанда біздің жүгері-самолеттер ызыңдайды. Кенет олардан, қар жауғандай, листовкалар ұша бастады. Мен жүріп келе жатып біреуін қағып алдым. Немісше жазылған. Фамилияларды ажыраттым: Сталин, Черчилль, Трумэн. Шамасы, немістерге үндеу болар.

Біз жұмыс жүргізген көшелер бір шама тыныш. Бірақ алдыңғы жақтарда өрт жарқылы көрінеді, шынылар қирап, үйлердің қабырғасы құлаған дыбыстар естіледі. Ол жақта ұрыс жүріп жатыр.

Тағы бір секіріп ілгері кеттік те, теодолит жүрісінің соңғысын тартып бітірдік. Мен вешканы үлкен бір завод қақпасының жанына қойдым. Завод бос. Кейбір үйлері қираған, тұрғын үйлердің де быт-шыты шыққан, кесектерді үйіп бүлінген үйлерді қоршапты. Яғни, бұл бізге дейін болған. Біздің не одақтастар әуе күшінің жұмысы.

Мен тағы алға кеттім, тағы да...

Бір кезде Соколов қолын бұлғады: болды, кейін қайт!

Мен қайта оралдым. Біз бәріміз қаланың көрші кварталына орналастық. Картада белгіленген темір жолды іздеп біраз әуреленгенмен, таба алмадық. Сонан соң трамвай, троллейбус станциясына қарай жүрдік.

– Ана жерге, – деді Соколов үлкен парктың қорғанын нұсқап.

Паркте және екі көшенің қиылысында үш постыға орын таптық.

Келесі, жиырма алтыншы сәуір күні жұмысымызды тағы қайталап шықтық. Жиырма жетісінде, жиырма сегізінде және жиырма тоғызында...

Екінші мамыр – демалыс. Демалыс күні, алайда қала әлі жанып жатыр: бомбаның жарылысы мен артиллерия отынан үйлер дірілдеп тұр.

– Қыдырып қайтамыз ба? – деп ұсыныс жасады Саша. – Тамаққа дейін. Мүмкін, көзәйнек...

Біз Сашаның көзәйнексіз азаптанып жүргенін білетінбіз. Котбуста біз оған көзәйнек тауып едік, бірақ әйнектері екі түрлі екен.

– Бір көзі жаман емес, ал екіншісі... – деді Саша.

– Табамыз! – деп мен Сашаны сендіріп қойғам. – Содан соң мыналарды да қараймыз...

Мыналар – Гитлер мен Геббельс. Әр түрлі лақап бар. Геббельс семьясымен газға уланып өліпті. Гитлер атылыпты деседі. Және керісінше де айтады. Біреу олардың өлігін көріпті-мыс. Мүмкін, шын Гитлер тайып тұрған болар? Олай да, бұлай да әңгіме көп...

Біз үшеуміз кеттік – Саша, Вадя және мен. Володя кезекте. Біздің кезегіміз кешке.

Парктерде шабдалы гүлдеп тұр. Гүлзарлар жап-жасыл. Ниеті түзу немістер әйел-еркегі бірдей солдат асханасында кезекте тұр. Кастрюльдер, кастрюльдер, кейбіреулерінің қолында – құты, бәрінің жеңінде ақ мата байланған. Біздің солдатар құтылар мен кастрюльдерге көже, сорпаны көңілдене құйып жатыр. Үйлердің төбесінде ақ жалаулар, жаймалар, тіпті, көрпе тыстары мен орамалға дейін желбірейді. Айнала аппақ. Тізе бүгу. Тізе бүкті!

– Солдат мырзалар! – деп шақырды жасамыс еркек. – Сіздерге менің көмегім қажет емес пе?

Біздің алдымызда неміс деуге – неміс емес, орыс дейтін орыс емес, жеңіне ақ байлаған біреу тұр. Құтысын артына жасырып ұстайды.

– Рақмет, – деді Вадя, – біз жай...

– О, сіздер білесіздер ме, орыстардың Берлинге келгеніне мен қандай қуандым! – деді әлгі еркек. – Мен өзім Одессаданмын ғой. Иә, иә, Одессадан. Мен шетке шығаратын тері маманымын, орыс сауда бөлімінде істегем. Мен Россияны сондай жақсы көремін және сағынамын! Енді отанға оралуға мүмкіндік болар деп үміттенемін.

– «Мүмкіндік болар!» -деп мырс етті Саша. Кенет қызуланып: – Ал, сіз білесіз бе... – бірақ басылып қалды да, бұрын байқалмайтын дөрекілікпен: – Шайтан алсыншы соны! Қайдағы Отан!

Екеуміздің ойымыз бір жерден шыққан тәрізді.

Біз терең мағыналы, жан толқытарлық сөздерді іретті, іретсіз жиі қолданамыз, сондықтан олардың мағынасы кетіп, жүрегіңе емес, құлағыңа ғана жетеді. Біреулер бұған бала кезден үйреніп кетеді де, қасиетті сөздер оларды толқытпайды. Қағаздан өрілген гүл немесе мақтадан жасалған қар сияқты және осылай ғұмырын өткізуге болады, содан соң жасы келген шақта, мына берлиндік «мырза секілді» Отанға оралар мүмкіндік туды деседі.

Алайда сенің халқыңның, еліңнің басына сын түскенде, мағынасы кете бастаған бұл сөздер қайта тіріледі. Адамдар сол сөздермен өлімге қарсы аттанады. Сол сөздермен сынның бәрін жеңеді. Сол сөздермен жеңіске қуанып, өлгендерді жоқтайды. Сол сөздермен жаңа туған сәбиді әлдилейді.

Және сол сөздерді дәл қазір дауыстап айтудың қажеті жоқ сияқты. Сашаға да, Вадяға да, маған да және біз секілді туған жерден мыңдаған шақырым жердегі Берлинге келген басқаларға да айтудың керегі жоқ. Бұл сөздер біздің жүрегімізде, ал дәлірек айтсақ, бұл, тіпті, сөз емес. Бұл – отанды сезіну...

Станция жанында біздің санитарлар мен дәрігерлер жұмыс жасап жатыр. Жердің астынан адамдардың – қарттардың, әйелдердің, балалардың – денелерін шығаруда. Қаланы алу кезіндегі ұрыста метроға тығылғандарды немістердің өздері суға батырып жіберген.

– Өздерінің адамдарын! Бұл қалай! – деп Вадя таңданды.

– Сен Освенцимде және Фрейдланд түбіндегі Ламсдорфта болған жоқсың, – деп жауап берді Саша. – Ал біз болғанбыз...

Үйлердің қабырғаларында неміс жазулары қағылған: «1918 вирд зих нихт виедерхолен!», «Зиег одер Зибириен!», «Фюрер! Вир верден дир бис цум енде, трой заин!»1

Бұл сөздер үй қабырғаларына, шарбақтарға майлы сырмен жазылған, қапелімде жуып кетіре алмайсың.

Кейбіреуінің үстінен бормен сызып тастапты. Олармен қатар солдаттың қолымен асығыс жазылған біздің сөздер де тұр: «Біз Берлиндеміз!», «Бітті!», «О дүниеде денің сау болсын, фюрер!»

– Көзәйнекті қайтеміз? – деді Саша.

– Иә, иә, көзәйнек бар екен ғой!

Біз дүкендердің сынған көрмесіне үңілдік. Бұларда да біздің оптика немесе аптека тәрізді бірдеңелер бар шығар. Бір көше, екінші... Бірақ бізге ештеңе кездеспеді. Тағы да солдат асханасына, суға кезекке тұрғандар... тағы да гүлзарлар. Тағы да бізді ұстап алып: «Капут, Гитлер капут! Аллес капут!» – деген адамдар.

– Ана жаққа барайық, – деді Саша. -Мүмкін сол жерде...

Алдымызда қаңыраған үлкен көше. Үйлері – биік, ақшыл-сұр төбелері конус тәрізді жабылған. Көпшілігі бүтін. Қираған үйлердің айналасындағы шыны, тас қиыршықтар ұқыпты жиналып қойылған.

– Мынау атақты Унтер-ден-Линден ғой! – деп Вадя көшедегі жазуды көргенде дауыстап жіберді.

Унтер-ден-Линден болса болсын! Көше, шынында, бас көше тәрізді. Мүмкін осында болар? Бірінші квартал, екінші.

– Міне, – деп байқап қалды Вадя. Быт-шыты шыққан көрмеде көзәйнектер.

– Таңда!

Саша бірінен соң бірін киіп қарап жатыр. Ақыры біреуін тапты білем:

– Дәл екен.

– Дұрыстап қарадың ба?

– Қарадым, шап-шақ. Тіпті қайта туғандай болдым.

– Шынында да, Берлинде болып тұрып, ештеңе көрмеу ақымақтық қой, – деп Саша да көзәйнек кигесін көңілденіп қалды.

Біз Рейхстагты әзір көргеніміз жоқ. Бірақ атыс үні мен өрт түтінінен сезіп келеміз: алдымызда ұрыс қызу жүріп жатыр. Шамасы, Рейхстаг маңында болса керек.

– Ал, мен, – деді Саша, – біздің Берлинде жүргенімізге таңданамын! Ә? Балалар, қызық емес пе?

– Түк түсінбеймін, неге мына жерде түк жоқ, қараңдаршы, – деп Вадя сақтана сөйледі.

– Мүмкін, ілгері бармай-ақ қоярмыз?

Саша оның сөзін естімегендей:

– Қандай жылы, а? Шинельді тастап кету керек екен...

Шынында да жылы. Аспан бұлтсыз. Тек өрт түтіні ғана күн көзін жасыра береді. Бірақ бұл алдыңғы жақта.

Ал, біздің төбеміз – көкпеңбек. Көк аспан жердегі шалшықтан, сынған шынылардан, тіпті, Сашаның көзәйнегінен де көрініп тұр.

Кенет көзәйнек ұшып кетті, ал Сашаның өзі үйдің қабырғасына соқты.

– Саша! Саған не болды? Саша!

Біз оны ұстай беріп едік, ол жылжып құлап барады.

– Көзәйнегім... – деп сыбырлайды.

Біз не болғанын және қалай болғанын түсінбей қалдық.

– Бірдеңе зу еткендей болып еді, – деп Вадя Сашаның шинелін ағытайын деп еді, бірақ Саша кеудесін ұстап бүгіле берді...

Ол қолымен кеудесін басып, қайталай берді:

– Көзәйнек, көзәйнек... Шап-шақ... Тағы... Мен енді кезекшілікке қалай?.. Тағы кезәйнексіз бе?

– Әйтеуір тыныстайтын болдық! – деді Володя. Ол, басқа балалар сияқты, әлгіде ғана кешкі тамақты ішіп алған.

– Біраз қыдырып қайтыңдар, – деді кіші лейтенант Заикин.

– Маған мына тыныштық ұнамайды, – деді взвод командирі Соколов.

Мен өзіміз машиналардың жанында күзетте тұрмын. Вадя маған штабтан тушь әкеліп берді. Балалар тақтай тауыпты.

– Мә, қараңғы түспей тұрғанда...

Шынында да, қараңғы түспей тұрғанда. Мен фотовзводы машинасының жанында тұрып қара тушьпен жаза бастадым:

«Бұл жерде артиллерия барлаушысы, комсорг Александр Иванович Баринов жерленген, 1925 жылы туған. 1945 жылы 2 мамырда Берлинде қаза тапты».

Сол күні біз Сашаны жерледік. Сол түні радиодан берілген Москва хабарынан Берлиннің толық жеңілгенін естідік.

– Ал, егер біз некеге барсақ ше, немесе, әлгі қалай деп аталатын еді? Сонда...

________________________

1 «1918 жыл қайталанады!» «Жеңіс немесе Сібір! «Фюрер! Біз саған өміріміздің соңына дейін адалмыз!»

Мен шынымен айтып тұрмын. Мейлі соғыс жүріп жатсын, мейлі біз майданда жүрейік. Бірақ бұл жерде де біздің өкімет бар ғой. Менің ұғымымда өкімет – майор Катонин. Ал, Наташа үшін...

– Шын айтам. Біздің дивизия командиріне барайық! Немесе сенің полковнигіңе, фамилиясы қалай еді – Шибченко ма?

Мен оны тынышталдыру үшін ғана немесе «ал, енді не болады? – дегеніне жауап беру үшін айтып тұрғаным жоқ. Ол маған бұл сұрақты екі рет әуелі Лигницте, енді, міне, Ризада қайталады. Соғыс бітіп келеді. Берлин артта қалды. Ол тізе бүкті, яғни... Қанша күтуге болады? Әңгіме, сыпсыңдаған сөз, әзіл-оспақ дегендер жетті енді.

Қала одақтастарға толы, бірақ олар Европаға көп күткен екінші майданмен келгендер емес. Бұлар неміс лагерьлерінен біздің әскерлер босатқандар, олар үстеріне форма кигенмен, ешқандай әскери қосылыстарға кірмей, күтуде. Біздің кезекті шабуылмен Эльбаны алуымызды күтуде. Әйтеуір өз адамдарына жету үшін күтуде.

– Сен неге үндемейсің?

– Мен екеуміздің тағы кездескенімізге қуаныштымын... Сенің аман-сау жүргеніңе... – Ол күлімсіреді. – Ал сен тамашасың! Біздің некеміз қиылған жоқ па?.. – Ол өзенге қарады; – Қарашы, қандай әдемі!

Эльбаның үстіндегі алып көпірден әскерлер мен техника өтіп жатыр. Біз өзеннің арғы бетіндеміз. Біз Берлиннен осы жерге бірден келдік. Оны осында да кездестіргенім жақсы болды. Наташаны Берлинде кездестіре алмадым да ғой!

– «Вильгельмина». – Наташа өзі жүретін баржалардың біріндегі жазуды оқыды. Олар көп еді, бәрі де байлаулы тұр: «Вильгельмина», «Любек», «Дрезден», «Валькирия», «Росток», «Барбара». – Ал қала қандай... – деп қойды содан соң.

Иә, Риза қаласы жаман емес, бірақ Наташа қазір ол туралы ойланып тұрған жоқ.

Москвада бәрі қарапайым және күлкілі еді – онда қарапайым, жәй нәрсе болып көрінбейтін. Оған телефон соғу да, пионерлер Үйінің жанында оны тосып тұру да немесе Пятницкая көшесіне бару, Петровкадағы халық комиссариатының жанында жолығу – бәрі жәй болмайтын. Ал, бүгінгі күнмен салыстырғанда, соның бәрі түк емес екен-ау. Біз бір-бірімізді апталап көрмейміз, қандай күйде жүргенімізді білмейміз... Міне, ол: «Сенің аман-сау жүргеніңе...» – дейді. «Тірі жүргеніңе», – дегісі келген болар. Ал, мен ше? Мен оған қарап тұрып, өз көзіме өзім сенбеймін, тіпті, өзіме де. Біз екеуміз, осы Ризадағы ең жақын адамдар шығармыз.

– Сендерде қазір қалай? – деп сұрады ол.

– Жаман емес, тәулігіне он рет жиналып, он рет қайта жайғасамыз, – дедім. – Тек Саша мен Шүкірбек...

Мен оған екеуі туралы да айтқам. Ол бәрін біледі. Соныма өзім өкіндім: неменеге тағы айттым? Мен Саша мен Шүкірбекті, ол Геннадий Васильевичті ойлап тұр... Неге айттым, неге?

– Сен немістердің жаңа қаруы жайлы естіген жоқсың ба? – деді ол.

Құдайға шүкір, ол басқа туралы айтып, мені құтқарды.

– Қандай қару?

– Бомба дей ме... Қалай аталатын еді, уранның қуатымен бе...

Ол біз талай естіген нәрсе жайлы айтып тұр. Анада, Одердің алдында, одан кейін де естігенбіз. Бірақ жұрт не демейді? Ол кезде қанша сыпсың сөз болмады?

– Естігем. Иә?

– Есіме түсіп кеткені. Атом бомбасы. Гитлер жақында: «Соғыстың соңғы төрт күні үшін құдайдың өзі кешіргей мені», – депті ғой.

– Иә, иә, – дедім. Шынында бұл туралы да естігем.

– Міне, сол атом бомбаны айтқаны көрінеді. Ал, американдықтар ұрлап алыпты, бомбаны және оны жасағандарды!

– Енді олар неміс бомбасын немістердің өздеріне қарсы қолданады ғой! Ғажап!

Мені дауыстап шақырды.

Кіші лейтенант Заикин Наташадан кешірім сурады :

– Кешіріңіз, әріптес кіші лейтенант!

– Дивизионды тұрғызып жатыр. Дивизия командирі бұйырды. Корпустан да болады. – Заикин жұмбақтап айтты.

Он бес минуттан кейін біз алаңда тұрдық. Корпус командирі фамилияларды атап жатыр:

– Майор Катонин.

– Совет Одағына қызмет етемін!

– Капитан Сбитнев.

– Совет Одағына қызмет етемін!

– Капитан Викулов.

– Совет Одағына қызмет етемін!

– Аға лейтенант Федоров.

– Совет Одағына қызмет етемін!

– Қатардағы Ахметәлиев.

– Ерлікпен қаза тапты!

– Қатардағы Цейтлин.

– Совет Одағына қызмет етемін!

– Ефрейтор Протопопов.

– Совет Одағына қызмет етемін!

– Қатардағы Баринов.

– Ерлікпен қаза тапты!

– Сержант Кочемасов.

– Ерлікпен қаза тапты!

– Совет Одағына қызмет етемін! – Ерлікпен қаза тапты! – деген екі сөйлем алаңды жаңғырықтырды.

Бұлардың арасында тағы да бір фамилия – лейтенант Соколовтың фамилиясы болмады.

Ол сапта бізбен қатар тұрды, командирдің сөзінен кейін ол да біз секілді «Ура!» деп айқай салды. «Тараңдар!» деген команда соңынан ол біздерді құттықтады...

Ал біз... Біз көзімізді тайдырып әкетуге тырыстық...

– Сен қалай ойлайсың, біз ертең де осы жерде боламыз ба?

– Кім білсін оны. Немене? Бірдеңе болып қалды ма?

– Жоқ. Пәлендей ештеңе емес. Мамыр, үйге бір нәрселер салып жіберетін уақыт болды. Қазір кезекке барам... Ертең таңертең салып жіберсем бе деп едім... Володяның көзі де, «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалі да жарқылдап тұр.

– Қарттарды Берлинмен қуантатын кез болды. Содан соң, сен қалай ойлайсың, мен Сашаның атағынан да салып жіберсем деп едім? Оның «қара қағазы» жеткенше, менің әке-шешем заттарды алып та үлгереді. Оған енді бәрі бір ғой.

– Өзің оңбаған, ит екенсің! – дедім. Шыдай алмадым. – Дүниеқоңыз!

– Машинаға отырыңдар! – деген команда естілді.

– Машинаға отырыңдар! – деп қайталады Заикин. Көшеге Соколов жүгіріп шықты:

– Тез жиналыңдар! Тез! Жиналыңдар!

Біз Эльбаның арғы жағына өтеміз деп ойладық. Расында да, жағалауға шықтық, бірақ көпірдің қасында түсініксіз бірдеңе болып жатыр: біздің әскерлер қайта Ризаға қарай келеді. Неге? Алдыңғы жақта шабуыл бастауға тиіс едік қой. Онда бәрі әзір болатын: біз үш тәулік бойы әзірлеп қойған қорғаныс тізбегі бар.

Бұрынғы тәжірибелер бойынша, мұндай тізбектер тек үлкен шабуылдың алдында жүргізіледі. Не болып қалды енді?