КАМБАР БАТЫР (Ш.КАЛМАГАМБEТOВ НУСКАСЫ)

«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН

ЖҮЗ ТОМДЫҚ

ҚАМБАР БАТЫР

Бұрынғы өткен заманда,

Ескілікті адамда

Әзімбай атты бай болды

Нашарлар келген саламға

Бұл секілді адамды

Нашарлар іздеп табар ма?!

Жатар екен осы бай

Ақ теңіз деген аралда.

Жан-жағына хат жазып

10. Жіберді кісі шабарға.

Үш жүзді тегіс шақырды

Ақылдаспақ адамға.

Алты ұғлы бар арландай,

Жалғыз қызы ардақты

Жақсы порым бағар ма?!

«Таңдауыңа бердім, – деп,

Жалғыз қыз осы балама.

Малым көп, бәрің билесең,

Малымды айдап көріме

20. Өліп кетсем сала ма.

Ерік бердім қызыма,

Үлкен-кіші, жан аға.

Не дейсің мына сөзімді,

Кеп отырмын араңа».

Әзімбай жаяуға ат, жалаңашқа киім болатын жомарт адам еді. Жалғыз қызын мал үшін қызығып тең емес адамына беруге қарсы еді. Әзімбай бай «қызым кімді сүйсе, соған барсын, мал алмаймын» деуші еді.

Әзімбай деген бай болған,

Төрт түлігі сай болған,

Жегендері жал-жая,

Ішкендері шай болған.

Қызығын көріп дәулеттің,

30. Жалғанда көңілі жай болған.

Бұл секілді жоқ па үлкен бай

Ниеті түзу бар болған.

Жақсы етіп үйді салдырып,

Үйінде жақсы шам болған.

Дастарханын көргендер

Ішіп-жеп, тойып таң болған.

Алты ұлы бар еді,

Алтауы бірдей бөрі еді,

Күрсілдеген неме еді,

40. Нашардың ақын жеп еді.

Ең кенжесі Алшыораз

Тәуірсымақ деп еді.

Бес ағасы бес тентек,

Әрбірінде бір келтек.

Бірінің аты – Арыстанбек,

Құдай ұрған ду тентек.

Бірінің аты – Қараман,

Бойын өрге балаған.

Тентектігі болғаннан

50. Жуымайды әр адам.

Мінезі жаман неме еді,

Өсек айтқан жаламен.

Бірінің аты – Оймауыт,

Нар түйедей бойлауық.

Арамға жақын неме еді,

Жаман жұмыс ойлауық.

Бірінің аты – Есқара,

Бұ да тентек масқара.

Батырсынып өзінше

60. Сөйлейді екен қасара.

Кішісі – тентек Ақтабан,

Ешбір адам жақпаған.

Күң-күң етіп әркімді,

Көрінгенді боқтаған.

Бұ да бір мылжың оттаған,

Дәулеті бар деп сыйлайды,

Бұл секілді жоқ па адам?!

Ең кенжесі – Алшыораз,

Секілденген шын қораз.

70. Жаман менен жақсының

Арасын жігіт білетін,

Қатарымен жүретін.

Таланты бар неме еді,

Жайдарысынып күлетін,

Құлаққа сөзді ілетін.

Жігіттіктің дәуірін

Өткізбейтін мүнетін,

Тәуірлеп киім киетін,

Жаратып жылқы мінетін,

80. Сұлу іздеп сүйетін.

Адамшылық ойлаған,

Халыққа бөлген ниетін,

Көпшіл жігіт мырза еді.

Алты ұлының ішінде

Назым деген жалғыз қыз,

Нұр секілді пішіні,

Адам тоймас түсіне.

Өз табында, қатарда

Елден озған сұлу еді,

90. Пар келмеген өзіне

Пішін менен ісіне.

Назым сұлу ер жетті,

Күйеуге бермей күні өтті.

Әкесі оның Әзімбай

Тоты құстай түлетті.

Жорғадан басқа мінбеді,

Торқадан басқа кимеді.

Табаны жерге тимеді,

Маңдайы күнге күймеді.

100. Білімі қыздың бар еді,

Сабақ оқып білгені.

Секілденген қырғауыл

Сілеусінде жүргені.

Ат кекілін термекке,

Адамдарын көрмекке,

Елдің бәрі қимылдап,

Табылды бір іс өрмекке.

Аққудай мойны құрықтай

Назым сұлу ер жетті.

110. Елдің бәрін шақырып

Порымдарын жөндетті.

Ешкім қалмай келсін деп,

Әзімбай кәрия сөйлепті.

Әзімбайда сөз мынау:

– Ноғайда сәлде бек, – деді,

Назым, тұр мұнда кеп, – деді,

Назым қыздың алдынан

Бәрің тегіс өт, – деді.

Қызым сүйсе біріңді,

120. Мал алмай берем тек, – деді.

Елдің бәрі таласты

Алдынан шулап өткелі.

Не мырзалар қылтылдап,

Маңызданып бектері.

Тәртіп қылды бір адам,

Сарамжалды ептеді.

Белі кеткен бүкшиіп,

Көзі кеткен түкшиіп.

Таяғы бар қолында

130. Қарттар келді түксиіп.

Таяқтарын таянып,

Сақалы аққа боялып,

Қалмаймыз деп аянып,

Көкірегі кірілдеп,

Көзінің алды іріңдеп,

Буындары дірілдеп,

«Көтере гөр, пірім», – деп,

Қақыранып қояды

Қызға қарап күлімдеп.

140. «Атаңыздың жолы осы,

Осы қыз болды мұңым», – деп,

«Өтірік емес, шыным», – деп.

«Айналайын, Құдай-ай,

Көтере гөр», – деп күбірлеп.

Қарамады бұларға,

Сүйгенімен қосылмай

Назымның көңлі тынар ма?!

Жиылды молда, қожалар,

Сүйегі асыл тазалар.

150. Сәлделерін қиғаштап,

Назымға қарай бой тастап,

Жан-жағын қарап байқастап,

Аяңдайды жай тастап,

Көрініп жүр ойқастап,

Ақ шапаны көлкілдеп,

Сақал-мұрты желпілдеп,

Тәсбиғы бар қолында,

Әулие болып селкілдеп,

Жеңілсініп елпілдеп,

160. Бұлар да жүрді еркіндеп.

«Секілді екен нұр қызы,

Тілегімді берсін», – деп,

«Тисең маған, теңсің», – деп,

«Секілді жұпар исің», – деп.

«Ішің мені білсін», – деп.

«Баяғы қожаң мен едім,

Танымай қойма кімсің?!» – деп.

«Сенің аман жүргенің,

Назымжан, менің ырысым», – деп.

170. «Қылқиған жаман қожа», – деп,

«Керегі жоқ, құрысын», – деп,

Елдің бәрі айтып тұр:

«Назымға да бір сын», – деп.

Қиғаштап басып бұттарын,

Іреңдетіп сырттарын,

Жоғары таман таңқитып,

Тастаған түріп мұрттарын.

Неғылар екен құтбаным,

Қарамай қойды қыз Назым,

180. Бұларды көргін құртқанын.

Болыс пен датқа, би келді

Ат құйрығын түйініп,

Аламыз деп сүйініп,

Тәуірлеп киім киініп,

Назым қыздың алдынан

Өтпек болды жиылып.

Өзінен басқа кісі жоқ,

Тұр ғой дейді бұйырып,

Назым қыз мұны жек көрді

190. Қасы-көзі қиылып.

Бұлар тағы жақпады,

Бұларға Назым бақпады.

Бұлар озып кеткенде

Жас жігіттер қаптады.

Келе жатыр мырзалар,

Қоңыр қаздай ырғалар.

Бәйшешектей түрленген,

Опасы жоқ дүниеден

Ойланшы, ерлер, кім қалар?!

200. Жете алмаған арманда

Ішінен қатты мұңланар.

Бедеу атын мінісіп,

Қатарын түзеп жүрісіп,

Қалжыңдасып күлісіп,

Ат үстінен бұраңдап,

Бірін-бірі ілісіп,

Жігіттік жолын білісіп,

Қолтықтарын көтеріп,

Ат үстінде шіреніп,

210. Құйрығынан тіреніп.

Қыздың жайын білейік,

Қалжыңдап сөйлеп тиелік,

Бұйырса мұны сүйейік.

Мырзалар тағы жақпады,

Бұларға Назым бақпады.

Өзбек келіп қаптады,

Кеудесінде жүні көп,

Омырауын атқаны,

Өмірі бөрік кимеген

220. Тақияшаң бастары,

Кілең айғыр мінгені

Үш жерден тартқан тартпаны.

Қызға қарап қиғаштап,

Олар да өлең айтқаны.

Назым бұны парықтады,

Келгенін бұлар анықтады.

Бұлар да көзге ілінбей

Санаусыз боп қалып қалды.

Қызыл шапан жауырында,

230. Белбеулері сауырында

Бар еді мырза аулында,

Маған келсең тоясың

Әңгелек пенен қауынға.

Моншақпен атын тұлдаған,

Өзбектер де өтті қатарлап,

Бұны да көңіл қылмаған.

Қайсыбірін айтайын

Мұнан да пайда қылмаған.

Біреуі де жақпады

240. Сорлы екен деп қураған.

Жігіттер де боп жатыр

Өкпелеп қатты тулаған,

Басында талас көп болды

Біріне-бірі қимаған,

Жаман қыз деп ойлады,

Атадан жақсы тумаған,

Шалдарда да көп болды

Көзін қысып ымдаған.

Мұнысын айтсам бола ма,

250. Бұған көңілің тола ма?!

Жек көрсең деп жолама.

Бұлар тағы өтеді,

Жақтырмай бәрін кетеді,

Кедейлер келіп жетеді,

«Біз де шұбап өтелі,

Нәсіп болса, Назымжан,

Бұйырса алып кетелі».

Жоқшылыққа өкпелеп

Бүйірден қайтып нетелі.

260. Мәлім болған халыққа

Таңлау берген екені.

Сүйтіп ақыл салады,

Аты шабан байғұстар

Аулақта атын сабады.

Назым қыздың алдынан

Қойқаңдап өтіп барады,

Жан-жағына қарады.

Бұл секілді сұлу қыз

Іздесе қайдан табады?!

270. Қатқан тоны қаудырлап,

Ілгері аты бауырлап,

Құйысқан мен жүгені

Шегелері саудырлап,

Қарамаса қыз Назым

Қалады көңілі ауырлап,

Жиылды сонда ақсақтар.

Бір бөлек болып арт жағы

Жоғары басы қақшақтар,

Соқырлар да келеді,

280. Оның да көзі бақшақтар.

Бәрі тегіс өтіпті,

Жақтырмай Назым кетіпті,

Киініп келген көбісі

Жұмысы келмей орынға,

Қарыздар қылып орынға,

Тимей қойды біріне,

Өзін мұнша бекітті.

Сонда Назым ешкімді жиылған адамдардан сүймеген соң, әкесі Әзімбай ашуланып: «Осынша көптен бір тең адамы табылмай ма? Қызым ақымақ, адам кәдірін білмейді» деп, қызына қарай айтқаны:

– Мұсылманның бәрін жидырдым,

Тамаша ойын қылдырдым.

290. Осынша көптен тең таппай,

Ақылсыздық білдірдің.

Бұл Ақарал қалаға

Көрсін деп бәрін шақырдым

Сіз сияқты балаға.

Өтіп кеткен күніне

Ішің толар сәнаға.

Бәрі тегіс жиылды

Үлкен-кіші, жан аға.

Атасы бөлек халықтан

300. Ноғай менен өзбек,

Түрікпен де кірді араға.

Тойға келді сап басқа,

Көзің түсті әр жасқа,

Ақылсыз болып туыпсың

Бір ерді таңдап таппасқа.

Сонда Назым әкесіне қарай айтқаны:

Құйрық-жалым күзеліп,

Базарға түстім байталдай.

Еркін аузым бармайды

Сізге жауап айтарға.

310. Бәрін тегіс біз көрдік,

Қалған жігіт байқалмай.

Мырзалар келді бұралып,

Әр жерден басы құралып,

Осы келген мырзаның

Бәрін де байқап сынадық.

Әйел де болсам, жан ата,

Ешбіреуін бойыма

Көре алмадым ылайық.

Ішінде ешбір батыр жоқ

320. Шауып шығар төбеге.

Ешқайсысы, жан ата

Ылайық емес денеме.

Тіліңізді алмадым,

Назарымды салмадым

Нәсілі жоқ немеге.

Мұсылман аз, қалмақ қау,

Бір күні келер қалмақ жау.

Жаман болса барғаным,

Екі ноқта өріліп

330. Қалмай ма басым пәлеге.

Сонда әкесі қайталап айтқаны:

Айқайлап кәрия ақырды,

Ашуланып бақырды.

«Келмеген тойға кім бар?» – деп,

Шақырушыны шақырды.

– Қалдырма деп біреуді

Айтып едім ақылды.

Шақырушының жауабы:

– Алпыс үйлі арғын бар,

Жетпіс үйлі жебір бар,

Тоқсан үйлі тобыр бар,

340. Тама, қыпшақ, қоңырат бар.

Бес жүз үйге толады,

Бекқожаның баласы

Қамбардың елі болады,

Қалмаққа барып жылқы әкеп

Бес жүз үйге сояды,

Кедейлері тояды,

Талай қалмақ ұрысқан

Абыройын жояды,

Батырларын өлтіріп,

350. Найзасын қанға бояды.

Шақырдым барша жандарды,

Шақырмадым бұл тойға

Кедейдің ұлы Қамбарды.

Шақырушының бұл сөзін

Отырған адам аңғарды.

Бұны естіп ер Қамбар

Қалғанына ыза боп,

Бір шатақты салмаққа

Ойланып батыр қамданды.

360. Қамданбақ түгіл арланды,

Жолдастарын жиып ап,

Бұлар айтты арманды.

Бес жүз үйге жетеді

Төңірегі ауданды,

Ескермеді адам деп

Қамбар батыр балуанды.

Бұл ісіне Әзімбайдың

Естіп Қамбар шамданды,

Жүгірмек болып өлген жөн

370. Мұнан құры қалғанды.

Мылтығын салып мойнына,

Қылышын байлап беліне,

Барайын деп еліне,

Тұйғын салмақ көліне,

Жүріп кетті Қамбар ер

Көрінбек болып Назымдай

Қатар өскен теңіне.

Келерсің деп жөніңе,

Көрсетермін көзіңе,

380. Нан пісіп тұрған деміңе.

Бір жігіт ерді қасына,

Атын ұстап еріне,

Әзімбайдың ауылының

Қасынан жүрді көріне,

Қаттырақ басып қарамай

Қиналған аттың теріне.

Жолықпады бір кісі

Еңгізбек еді көріне.

Мінгені жүйрік өкімді,

Сұлу Назым сүйкімді,

390. Алтын құмған қолында,

Қамбардың келер жолында

Дәретке шыққан секілді.

Жеңгесі жоқ қасында

Сөйлесе алмай өкінді.

Ғашық болып Қамбарға

Мазасын жаман кетірді.

Тұра тұр деп батырға

Жөнін айтып өтінді.

Қоғадай болған шашы бар,

400. Алтын түйме басы бар,

Ақ маңдайы жалтылдап,

Әйнектей көзі жалтылдап,

Қиғаш біткен қасы бар.

Назым сұлудың Қамбардың жолын тосып, Қамбар келіп қалғанда айтқаны:

– Қара қасқа атты Қамбар-ай,

Қара атыңда жал бар-ай,

Біздің үйге түсе кет,

Көбікті саумал іше кет,

Қайнап тұрған шай бар-ай.

Батыр, саған сақтаған

410. Жарылмаған май бар-ай.

Қамбар батыр, келе кет,

Келіп мені көре кет,

Ақ төсімнің үстінде

Бір кісілік жай бар-ай.

Замандас Қамбар батырсың,

Қай жаққа бара жатырсың?

Көңлім қошы шатымсың.

Қарамай Қамбар жөнеді,

Назым үйге келеді,

420. Өкпелеп қалған тойына

Намысы бар ер еді,

Кедейлігі болмаса

Несі кімнен кем еді?

Назым қылды өкпені:

– Қамбар маған не үшін

Бір қайрылып кетпеді?

Мен ойласам Қамбарды

Ішсем тамақ өтпеді,

Бақайыңнан келмейді

430. Ноғайлының бектері.

Қаршығасы сен құсың,

Мен – бөдене кептері.

Көшкенде көшті билейді

Қомы сиған түйелі,

Көк орайға қонады

Саумал ішкен биелі.

Жібектен қылған киімді

Тапқан кісі киеді,

Менсінбей Қамбар кеткенге

Ішім оттай күйеді.

440. Қол ұстасып жолдас боп

Қандай адам жүреді?

Ақылы бар адамдар

Айтпай сырды біледі.

Сөйлесе алмай арманда,

Бір оңаша күн еді.

Не болды менің өзіме,

Күндей болған дүзіме,

Қанша зарлап айтсам да,

Елікпей кетті сөзіме.

Қисыны кетсе қашады,

450. Келсе жұмыс кезіне.

Айнамды алып қарайын,

Айнаға көзім салайын,

Кешке қайту жолында

Бір жолығып қалайын.

Батырдың көрдім талайын,

Әруағыңды бағайын,

Өзіңдей берен болмаса,

Назымды кімге шағайын.

Алты құлаш ақ өрмек

460. Ақ өткелге құрады,

Сол жерде Назым тұрады,

Ғашық боп көңлін бұрады.

Бір сөйлесіп қалсам деп

Қыз Назымның мұрады.

Он сегізде жасы бар,

Пісіп тұрған уағы.

Судың қуат ағындай,

Өзен-судың құрағы.

Қамбар мергендіктен қайтып, төрт құланды екі жағына бөктеріп, бір түлкіні қамшы етіп қолына ұстап, жолда өрмектің үстіне жетіп келеді. Құрулы тұрған өрмекті аттан түсіп жіберіп қылышпен кесіп өтіп жүре береді.

Аттан түсіп батыр кеп,

470. Өрмекті бөліп турады,

Мойнын қызға бұрмады.

Қанша зарлап тұрса да,

Ешбір назар қылмады.

Мың күн тұрған шөлмектің

Бір-ақ күн болар сынбағы.

Әр сөз айтса бақпады,

Назымның жаны тынбады.

Айбынды туған ер Қамбар

Сыртынан мас боп Назым қыз

480. Ішкендей арақ улады,

Арыстандай сүйегі

Түбірлердің буданы.

Көрді Назым батырды,

Өткіздім деп ғапылды.

Аң-таң болып Қамбарға,

Тағы да Назым шақырды.

– Мен сияқты, батыр-ау,

Табасың қайдан жақынды.

Бес жүз үйдің қамқоры,

490. Естуші едім атыңды,

Бекқожаның баласы,

Білуші ем арғы затыңды.

Жиырма беске келгенше

Алмапсың, мырза, қатынды.

Қара қасқа атты Қамбар-ай,

Қара атыңда жал бар-ай,

Қамбар десем қайтпайсың,

Бейәдеп өскен заңғар-ай.

Айтпасам да білмейсің,

500. Ашпағанды көрмейсің,

Некелі жұпты адал деп

Жол қылған жақсы жандар-ай.

Келмесең, батыр, қайтейін,

Мен сырымды айтайын,

Тағы біреу табылар,

Кедейде қалың сор бар-ай.

Сонда Қамбар батырдың Назымның сөзіне қарай, атының басын бұрып тұрып айтқаны:

– Сен бір жүрген жек, – деді,

Ноғайлы бәрі бек, – деді,

Саған қалың беруге

510. Менің малым жоқ, – деді.

Сандалған сіздей мас пенен

Сөйлеспеймін көп, – деді.

Кедейліктің зарпынан

Тойыңа тобыр кеп пе еді?

Әзімбайдың үйінен

Ешбірі тамақ жеп пе еді?

Кедей деп бізді шақырмай,

Кедей заңғар депті енді.

Шақырмасаң тойыңа

520. Кедейден көрер тепкенді,

Білмесең пасық сөккенді,

Көрерсің абыройын төккенді.

Ақырында байқарсың

Іскен менен кепкенді.

Сонда керек қыларсың,

Түбіңе қалмақ жеткенде,

Жанған отың өшкенде,

Басыңнан бағың көшкенде,

Нәсіп берген Жаратқан,

530. Ескермесең, ескерме.

Ақылы жоқ сасық бай

Көрерсің арттан жеткенде.

Қарамай Қамбар жөнелді,

Сонда Назым сөйлейді,

Сөйлегенде бүй дейді:

– Рас айттың, жұртқа бас,

Ерінбеген ұйықтамас,

Қосылса сауап екі жас,

Батыр, сізге не қылдым

540. Көңілімді қылдың мұнша мас.

Не демейді дұшпан-дос,

Қайратың тиген кедейге

Сен бір жарық гауһар тас,

Тым болмаса, қалқам-ау,

Жақсы сөйлеп көңілді аш.

Сонда да Қамбар батырың

Қарамай кетіп барады.

Бұны көріп Назым қыз

Мұңайып көзден төкті жас.

550. Қарамай Қамбар жөнелді.

Назым үйге келеді,

Әзіл қылып тұрғанын

Ағалары көреді.

Ызаланып жиналып

Сырттан даттап сөгеді.

Әзімбайдың бес ұлы

Күрсілдеген неме еді.

Ашуланды Арыстанбек,

Балдарына бас тентек.

560. Қолына ұстап бір келтек,

Айқайлады жерді өртеп.

Ашуланды Қараман:

– Соғысуға Қамбармен

Артынан іздеп барамын,

Түбірге ойран саламын.

Жалғыз атты Қамбардың

Атымен өзін жарамын.

Осылай кегімді аламын,

Есебін сүйтіп табамын.

570. Түбірлерді құл қылып,

Сүйегін иттің шағамын.

Қараманның соңынан

Ашуланды Оймауыт,

Нар түйедей бойлауық.

Зіркілдейді Есқара,

Ашуы келіп масқара

Ойнай ма ол, шындай ма

Секілденген жас бала.

Жүгіріп келді Ақтабан,

580. Тентекті көрсе жақтаған,

Қамбардан асып қайраты,

Ызасы келіп қаптаған.

Озып жүрген елінде,

Ешкім тура жақпаған.

Өңкей тентек жиылып,

Шоқпарына сиынып,

Алшыоразға айтады

Мына сөзді баяндап,

Дірілдейді тұтығып

590. Тұралмайды аялдап:

– Қамбар келіп нағып жүр

Жүрегім келді қаяулап,

Атын тартып алғанда

Кететін еді жаяулап.

Алшыораз сөзі:

– Арбаңдаған бесеуің

Жиылып келдің елеңдеп,

Адырайып жүресің,

Сөйлемейсің төмендеп,

Дірілдейсің талқан боп

600. Бура құсап шөмеңдеп.

Әкем қылған уәде,

Назымдай жалғыз қызымды

Сүйгеніне берем деп.

Ауылда жүріп сандалма, –

Айтады сөзді шеберлеп.

Кет,– деді, – бәрің жөнеліп.

Қамбардай батыр табылмас,

Сол себептен сөгем, – деп.

Енді келсең қасыма,

610. Абыройыңды төгем, – деп.

Ақылсыз туған ағалар,

Ер қолынан мал тайса,

Өзен-суды жағалар.

Жақсы менен жаманды

Жаратқан бәрін Құдайым,

Жақсыны жаман табалар,

Ірі қылып сөйлесең,

Ғаріптің көңлі шамалар,

Қамбарға Құдай бақ берсе,

620. Әр жерден дәулет жамалар.

Алла бағын тайдырса,

Байдың көзі ағарар.

Қалмақтар келіп жай салған,

Сүйдім деген қала бар,

Мақтым деген ханы бар,

Оның ерлік дабысы

Қамбарменен барабар.

Олар да есітіп қалыпты

Әзімбайда бір сұлу

630. Назым деген бала бар.

Назымның атағы қалмақтың ханы Мақтымға жетті. Мақтым Назымның атағына ғашық болып, қалай алу жағын қарастырды. Әуелі алдынан сұрап, беделімен алайын, егер бермесе күшпен тартып алармын деп, елші жіберуді мақұл көріп, өзінің тілмаш молдасы шалақазақ Келмембетті шақырып айтқаны:

– Су атасы бұлаққа,

Жол атасы тұяққа.

Әзімбай деген бір байдың

Назым деген қызы бар,

Сөйлесіп маған әпер,– деп,

Қалмағын, – деді, – ұятқа.

Он жігіт ал қасыңа,

Дәулет құсым басымда.

Қорықпай сөйле тартынбай,

640. Нашарлық қылып жасыма.

Бірнеше күн жол жүріп,

Аз ғана емес, мол жүріп

Келіп қалды Келмембет

Әзімбайдың жұртына.

Жалғыз келді Келмембет,

Жолдасын қойып сыртына.

Мұны көріп бес тентек,

Нағып жүрген адам деп,

Шыға келді алдынан

650. Қаһарланып жұлқына.

Сөйлейін деп Келмембет

Жауап қылды ұмтыла.

Келмембеттің сонда айтқаны:

– Аманбысың, жарандар,

Өздеріңе белгілі

Сүйдім деген қала бар,

Сүйдім елдің патшасы –

Мақтым деген дана бар,

Әзімбайдың үйінде

Назым деген бала бар,

660. Айттырып келдім бұл қызды,

Қалай дейсің, ағалар?

Арғымақ ат бізде бар,

Алтынды кежім сізде бар,

Жаптыртқалы келгенім.

Ханды қабыл көрмесең,

Қыздарыңды бермесең,

Ноғайлының бәрін де

Шаптыртқалы келгенім.

Бұқара қылып бәріңді,

670. Қасқитқалы келгенмін,

Ерегіссең көзіңді

Бақшитқалы келгенмін.

Алмас кездік бізде бар,

Піскен қауын сізде бар,

Тілдіргелі келгенім.

Ханның айтқан жауабын

Білдіргелі келгенім,

Жақтырмасаң сөзімді,

Бүлдіргелі келгенім.

680. Құда болып сіздермен

Бір жүргелі келгенім.

Қылыш түспей білектен,

Аузы кетпей тілектен,

Үйде отырған Алшыоразға

Өтті сөзі сүйектен.

Алшыораз да ер еді

Талайларды жүдеткен.

Шыға келіп Алшыораз

Жағадан келіп алады,

690. Келмембетті білектен.

– Не дейсің маған, Келмембет,

Малайлық пен күні өткен.

Аударып алып атынан,

Тепті келіп жүректен.

Талып қалды Келмембет

Жігіттерге сүйеткен.

Құлағын кесті құнтитып,

Мұрнын кесті шұнтитып,

Сақал-мұртын күзеді,

700. Он жігітін өлтіріп,

Қалмақты мықтап түзеткен.

Алшыораз он қалмақты өлтіріп, Келмембеттің құлақ-мұрнын кесіп, «бар, елдің ханына сәлем, Назымнан дәметпесін, кет» деп Келмембетті қайтарды.

Ер Келмембет қайтады,

Беті-басын уалап,

Маса, шыбын келеді

Соңынан қалмай қуалап,

Амалы жоқ бейшара

Көзінің жасы домалап.

Арада неше қоныпты,

Өзінен-өзі торықты,

710. Сөйлеймін деп сандалып

Шерменде мұндай болыпты.

Құлақ пенен мұрны жоқ

Мақтымға келіп жолықты.

Мақтым хан көріп шошып, жолдастарың қайда деп Келмембетке қарай сөйлегені:

– Келдің бе, Келмембетім, бөрі болып,

Басында жүруші едің сері болып,

Құлақ пенен мұрын жоқ жолдасың мен,

Тіріден әрі, өлімнен бері болып.

Өздеріңнен болды ма осы жұмыс,

Болмаса жабылды ма елі болып?

Келмембет пұшықтың берген жауабы:

720. – Мен де бір бұл жалғанға үлгі болдым,

Кей жерде бөрі, жортатын түлкі болдым.

Бөрің де құрсын, түлкің де құрсын,

Айрылып құлақ-мұрнымнан күлкі болдым.

Құлақ пенен қарашы мұрынымды,

Кіржиген анық сорлы кірпі болдым.

Сөзімді айтқаннан-ақ жақтырмады,

Қарсы алып айтқаныма тақ тұрмады.

Әзімбайдың құрысын балалары

Мылтықпен он жігітті атқылады.

730. Өзім жалғыз бұл жаққа қайтарғаны,

Жігітім қаза тауып жатты бәрі.

Мақтым хан Әзімбайдың бұл ісіне қатты ашуланып; «Жиырма жігіт қасыңа қоса тағы бар, ер кезегі үшке шейін деген, егерде енді қош алмай тағы да өлтірсе, онда елін барып шауып алам, аттан, Келмембет», – деді.

Жиырма жігіт жөнелді жолдас алып,

Келмембет қапаланған көңілі жарық.

Келмембет Әзімбайға Мақтым ханның хабарын айтқаны:

– Амалым жоқ, кеп тұрмын бұйрықпенен,

Байлаулы қызметте мен бір ғаріп.

Азар болса қоярсың мені өлтіріп,

Қалмақ келіп шаппасын мазаңды алып.

Қызыңды беремісің, бермеймісің?

Айт деген ханның сөзі хабар салып.

Ноғайлы елінің жақсылары кеңесіп, «бір қыз үшін елі-жұртымыз қырыламыз ба, Мақтым ханға Назымды берейік» деп тоқтам етіп, «құда боламыз, ханың келсін»,– деп Келмембетті разы қылып кейін қайтарады.

740. Келмембет пұшық қайтады,

Ноғайлының сәлемін

Мақтым ханға айтады.

Келіп қалған жүйеге

Сөз мәнісін байқады.

Басында қазақ тасса да

Басылған екен сайтаны,

Екі жүз жігіт жиып ап

Керней-сырнай тартады.

Күйеу болып барам деп

750. Құмары жаңа тарқады.

Дүрсілдейді жүрегі

Көрсем деп Назым қалқаны.

Бармаққа енді жиналып,

Мақтым хан мінді арбаға,

Парды жегіп жорғаға.

Екі жүз жігіт қасында,

Бұлар келіп түседі

Ақарал деген ордаға.

Шақырды тегіс жақсысын,

760. – Жаманшылық ойлама,

Жұмысым бар артымда

Тезірек алып қайтамын,

Некесін қисын Назымның, –

Деп айтады Мақтым хан, –

Жібер кісі молдаға.

Аттарын жайып далаға,

Тиісе жатты қалаға.

– Келтірсін, – деп, – Назымды,

Жеңгесіне хабар ет,

770. Күйеудің көңлін таба ма,

Барып кел, – деп бұйырды

Бір жасауыл балаға.

Мұны естіп қыз Назым

Көңілі қалды налада.

Қамбарға жаман өкпелеп

Қамығып келіп жылайды:

– Хабарсыз Қамбар қала ма?!

Жеңеше, тезірек айт хабар,

Жіберсін кісі Қамбарға,

780. Айтқын барып ағама.

Несібеме жазбаған,

Қалмақ Мақтым шынымен

Мені енді ала ма,

Колтығына сала ма,

Елі-жұртым қайда жүр,

Обалыма қала ма?!

Ақылдасып бұл жерге

Үлкен-кіші жиналды,

Қыздың зары тыңдалды.

790. Қайтеміз деп бұл істі

Кеңінен шешіп ойланды.

– Бүгін мұны қалдырсақ,

Қамбар мұны есітсе,

Салар бізге думанды.

Мақтымнан да жаман іс қылар,

Салар елге ойранды.

Қазақта Қамбар ер еді,

Жауға лайық бөрі еді,

Қамбардың ата-бабасы

800. Бекқожа батыр дер еді.

Мақұл көрді көпшілік

Шікіліктеп жылқыдан

Қамбарға тарту берелік,

Халықтың батыр көмегі,

Нашарға тиген себебі,

Өкпесі бар басында

Ел екен бізді демеді.

Жығылмаққа алдынан,

Мың жылқыны алға айдап,

810. Отыз кісі жақсыдан

Қамбарға қарай жөнелді.

Мұны есітіп қыз Назым

Қайғы тарап бойынан

Күлімсіреп келеді.

Үйде жатып Мақтым хан

Екінші хабар салады,

Жеңгелерін шақыртып

Күйеудің қылған хабары.

Не қыларын біле алмай

820. Тарылып отыр танабы.

Назымды көру мақсатым

Қазіргі жігіт талабы.

Қасында бар мұның да

Ақылдасар адамы.

Қыз Назымды көргенше

Іші оттай жанады.

Қызды барып әпкел деп,

Жеңгесіне ақшиып

Зәресін жаман алады.

830. Қыз келгенше қасына

Ашылмай отыр қабағы.

Ғашықтық өртеп жүрегін

Батпайды ішкен тамағы.

Қолына тисе осы қыз

Не қылмақ еді арамы /күлкі/.

Қыз бикешке жүгіріп

Жеңгесі келді асығып,

Бетінен қанын қашырып:

– Айналайын, қыз бикеш,

840. Айтамын саған жасырып,

«Бикешіңді әпкел» деп

Зәремді алып Мақтым хан

Мазамды алды асығып.

Аюдай қара күржиген,

Таңқы мұрын, бұжыр бет,

Көргенде көңілім суыды,

Жүрегім қалды басылып.

Садаға кетсін Қамбардан,

Болса да айтам асылық.

850. Арбаңдаған неме екен,

Қисық көзі ақиып.

Айналайын, қыз бикеш,

Әзіріне көнейік,

Қамбар да келер тезірек,

Болып қалар жақсылық.

Жеңгесіне айтады:

– Дұрыс екен жауабың,

Түк көрмеген боламын,

Күймелі арба жегіңдер,

860. Соған мініп барамын,

Қайтқан жоқ еді талабым.

Жеңгесіне ер деді,

Есебін өзім табармын.

Қамбар келіп болғанша,

Ақылыммен айлалап

Қалмақты алдап қарармын.

Әйнектей көзі жалтылдап,

Жүрегі шошып тарсылдап,

Күймеге мініп түймелеп,

870. Атпен жүрді аршындап,

Не болып кетер жолым деп,

Қорқыңқырап қалшылдап,

Сырғытып келді күймемен

Қалмақ жатқан ордаға.

Сырттан жауап қылады,

Жымия күліп толғана:

– Мен сіздік болдым ғой,

Кешікті деп ойлама.

Тоқтатты Назым жүрегін,

880. Арыз айтып Мақтымға

Сұрап алды тілегін.

– Сыртыңыздан құмар боп

Бір көрсем деп жүр едім,

Сүйдім де сізді, хан, – дейді.

Сыртыңыздан білемін,

Қасына таман кел деді,

Жеңгесінің біреуін.

Мақтым көріп мас болды

Шыныдан аппақ иегін,

890. Қол алысып көрісіп

Ұстамақ болды білегін.

Назым айтты: – Мақтым хан,

Алдыңа келді жалғыз жан,

Құдай біреу, дін басқа,

Сен қалмақ, мен мұсылман.

Қай жаққа қашып кетемін,

Бұйрық болса басынан.

Сүйегі зат хан болсаң,

Кейін тұр, тақсыр, қасымнан.

900. Біздің елге келдіңіз,

Несібеңіз шашылған.

Құс төресі – бидайық,

Күндіз келмек күйеуге

Біздің заңда көп айып.

Бұл жерден, Мақтым, кеткен соң

Сіздің заңды қылайық,

Сайтан жолды ойламай,

Сабыр қылып тұрайық.

Хан жолымен іс қылу

910. Болар бізге ылайық.

Мұндай болар біздің жол –

Күйеу іштен, қыз тыстан

Ұстар еді білсең қол.

Кеткенше күйеу қыз келмес,

Осыған, тақсыр, разы бол.

Бұдан кейін әкеміз

Отыз күн ұдай той қылып,

Аз ғана емес, мол қылып.

Қызды күйеу шақырмас

920. Бері кел деп ой қылып.

Некесін қиып молдасы

Береді қызын жөн қылып.

Отыз күн тойы біткен соң,

Қыз күйеуді жаттырып,

Ұзатады атамыз

Алтын-күміс арттырып,

Өз заңыммен бұл жерде

Көңілімді көтер шат қылып.

Білгіш екен ақылың,

930. Сабырыңыз мол екен,

Қаладым сізді жақтырып.

Көңілі тасып бұл сөзге,

Мақтым жүрді керіліп,

Сыпай мырза боп қалды,

Айтатын сөзге ерініп,

Жүрегі кетті еліріп.

Разы боп қыздың сөзіне

Кетті көңілі беріліп,

Керіліп Мақтым сөйлейді

940. Көтеріліп желігіп.

– Назым, менің қатыным,

Қатынымның көрдің бе

Ұшан-теңіз ақылын.

Әдейі іздеп келгенде,

Осы болар сұрауың.

Бердім, қалқам, жарқыным,

Нәсіп етпес әр қызға

Мендей мырза батырын.

Жұрт айтқан соң ғашық ем,

950. Айтқанындай бар екен.

Жаңа толды тақымым,

Бердім тілек, жүре бер,

Күттім сабыр ақырын.

Назым қайтты күлімдеп,

Мақтым қалды дүрілдеп.

– Мүшел болар адамға

Жазым болып сүрінбек.

Орнына келді, – деп айтты

Арман менен мұңым, – деп,

960. Жұмыстың көрсе шынын кеп,

Кім болжаған бұл істі,

Кім байқайды бұрын деп.

Әзімбай бұны есітіп,

Той қылады қуанып,

Көңлі қалды жұбанып.

Ақыл ойлап қыз Назым

Үйінде отыр бұралып,

Ойын-сауық сырнаймен,

Мәжіліс болып құралып.

970. Бұлар тұрсын осылай,

Азғантай әңгіме Қамбардан

Бастап енді құралық.

Басында қалды байланып,

Жұмысы келіп орнына

Көңілі бітіп жайланып,

Отыз би барды Қамбарға

Ауылдан шыққан сайланып.

Тартуға барған жылқы алып,

Мың қаралы айдалып,

980. Қорқып қалған ноғайлы

Көңіліне бұрын қайғы алып.

Кеңшілікті таба алмай

Жүрген қулар сандалып,

Бұлардың ісі осылай,

Қамбар отыр олжа алып,

Ноғайлының ісіне

Дос-дұшпан отыр таң қалып.

Ат-айғырды жетелеп,

Келді билер төтелеп.

990. Ит жүгіртіп, құс салып,

Батыр Қамбар жүр еді

Шамбол көлде бопалап.

Тобырмен келді ноғайлы

Сөйлесе алмай жекелеп.

Сонда Қамбар ноғайлы елінің келген кісілерін кекетіп: – Мырзалар, қай жаққа жылқы айдап барасыңдар, сатуға әкеле жатқан мал болса, маған да біреуін сата кетіңдер, – дейді. (Қамбар ноғайлы елінде болып жатқан уақиғаларын тегіс біліп отырған еді).

Қамбардың айтқаны:

– Ақарал еді жерлерің,

Сәлем бердім, ерлерім,

Жылқы айдаған бегілерім,

Сыртта жүріп есіттім

Еліңе қалмақ келгенін.

1000. Қайғылы болып қалды ма

Қатын-бала, елдерің?

Жөндеріңді айта тұр,

Жоқ еді бұрын көргенім,

Өзім тірі тұрғанда,

Далаға кетпес еңбегің.

Азырақ өкпем бар еді,

Аяғын келіп жөндедің.

Хабардар едім сыртыңнан,

Алшыораз деген сен бе едің?

1010. Сонда бір би сөйледі:

– Рас айтасың, Қамбаржан,

Қорлық көріп біз қалдық

Қалмақтың өкім хандардан.

Уайым-қайғы көбейді

Кемпір менен шалдардан.

Қайрат кетті бұл күнде

Балуансынған жандардан.

Несін айта берейін,

Біледі сөзді аңғарған.

1020. Ат-айғырды жетелеп,

Келдік сізге төтелеп,

Үміт қып батыр даңғардан.

Сонда Қамбар сөйледі:

– Сіздердің бәрің бек, – деді,

Қанша жылқы берсең де,

Дүние сізде көп, – деді.

Кедейліктің жөнінен

Ауылыңа түбір кеп пе еді?

Елдің бәрін шақырып,

1030. Атың бізге жетпеді.

Алшыораз сонда сөйледі:

– Олай деме, Қамбаржан,

Жалған дүние айланар,

Кедейге де бақ қонса,

Алдына әрне айдалар.

Дін қылышын шапсаңыз,

Бір жаныңа пайда бар.

Тарту тартып кеп тұрмыз,

Қайтсек көңіл жайланар.

1040. Білмегенді кешпесең,

Білгендігің қайда бар?!

Елдің іздеп келгені

Ақыл сенде, айла бар.

Билердің айтқан бұл сөзін

Құлаққа, батыр, алыңыз,

Сізден көмек болмаса,

Қалмақ болды ханымыз.

Қатынымызды алып кетсе де,

Ұрсуға жоқ боп әліміз,

1050. Алдыңызға сәлемге

Жығыла келдік бәріміз.

Қалмаққа ойран салыңыз,

Жәрдем болса бабаңыз,

Сұлу туған қыз Назым

Болмай да қалмас жарыңыз.

Адасқанда айып жоқ,

Бұл жұмысқа наныңыз.

Сонда Қамбар сөйледі:

– Қонақ болып кетіңдер,

1060. Қаз еті бар қақтаған,

Құланның етін сүр қылып,

Мейман үшін сақтаған.

Жүріңіздер ауылға,

Кедейім көрсін ақ табан.

Саяпкер жігіт менде бар

Айтқаныңдай мақтаған,

Кедей де болса бұларды

Әркім келіп жақтаған.

Көмегім менің осылар,

1070. Сыртымнан дұшпан батпаған,

Ынтымағы кетпеген,

Жауды көрсе қаптаған.

Мақтанды деп айтарсың,

Бәрің өзің көрдіңдер,

Қалмағым бар ма шаппаған.

Тікіленсем шынымен

Қашып жолын таппаған.

Жеті күнде барайын,

Қалмады сөзің айтпаған.

1080. Алшыораз сонда сөйлейді,

Разы болып сөзіне,

Көңілі тасты бәрінің

Жолыққан соң өзіне.

Татуласты айқасып

Келіп жұмыс кезіне.

Қош айтысып Қамбарға

Қайтпақ болды еліне.

Малды тастап жеріне,

Жылдамырақ кел деді,

1090. Реті келсе жөніне.

Кетті Қамбар жылқы айдап,

Құсты тастап көліне.

Мың сан жылқы алдында

Келді ауылдың шеніне.

Ойланып Қамбар келеді,

Жан-жағындағы кедейге

Малды бөліп беруге.

Келген малды кедейлер

Бірдей бөліп алады,

1100. Жарымай жүрген сорлының

Көңілі толып қалады.

– Қалайша келді мұнша мал,

Жөнін айтшы, – деп, – Қамбар,

Білмек үшін мән-жайын

Жігіттердің талабы.

Мына сөзге ер Қамбар

Толғана мойнын бұрады.

Жолдастарын жинап ап

Көлденең қарап тұрады.

1110. «Ноғайлыдан келген тарту» деп

Батырдың берген жауабы.

– Мұның жайын айтайын,

Жолдас-жобам, құлақ сал,

Тыңдап мұны, ұғып ал,

Ноғайлының елінде,

Той қылып жұртты шақырған

Әзімбайдың баяғы

Сұлу Назым қызы бар,

Даңқы кеткен әр жерге

1120. Есіткен жан қызығар.

Әр атаның ұлы бар,

Айтып тұрған сөзімнің

Кейінгі жақта түрі бар.

Қалмақ кепті алғалы,

Білмегенің біліп ал,

Шақырмаған тойына

Біздің елдің құны бар.

Сасып кепті қалмақтан,

Жәрдем тілеп біздерден,

1130. Қарап тұрсаң, мырзалар,

Бізден басқа кімі бар?!

Назымды беріп отырған

Құда түскен сыры бар.

Аттарыңды суытқын,

Өткен істі ұмытқын,

Жұртым үшін туыппын,

Өзім үшін күйіппін.

Тезірек жүріп кетуге,

Баратын қалмай түрі бар.

1140. Аттарыңды жаратқын

Дайындалып қамданып,

Назым қызды алуға

Қалмақ кепті дегенге,

Отырмын қатты шамданып.

Азық-түлік дайында,

Жүрмеңіздер сандалып.

Жұрт үшін жүрдім намысқа,

Білдің бәрің аңғарып.

Осыны айтып ер Қамбар

1150. Шамырқанды, шамданып.

Уәде қылды баршасы:

– Сіз бастасаң, біз дайын,

Жаным, сізден қалмалық,

Кедей едік, бай болып,

Арқаңызда толдық, – деп,

Қой орнына жылқыны

Қонаққа әкеліп сойдық, – деп,

Уәде қылды баршасы

Артында батыр болдық деп.

Қамбар жолдастарымен бармаққа уәде етіп, әзірлік жасап, дайындықты істей берді.

1160. Отыз кісі риза боп

Аулына қарап барады,

Көңілденген бұл билер

Жүйріктей қызған табаны.

Жол үстінде бұлар да

Ақылдасқан шамалы.

Әзімбайға келіп Алшыораз

Міне берген хабары:

– Ісіміз болды оңынан,

Жеті күннен соң ер Қамбар

1170. Қалмақты келіп шабады.

Мақтым келіп жатқалы

Ноғайлының елінде,

Болған екен бір жұма,

Ұзаңқырап барады,

Жұмыс болды жылжыма.

«Жатамын ба мен мұнша,

Кетемін енді тезірек.

Той-тамаша қылды ма,

Қатуланды Мақтым хан,

1180. Шаруаларың тынды ма?»

Назым қыз жоқ қасында,

Қабағы отыр түнеріп,

Алшыоразды шақырды

Жасауылын жіберіп.

Жылдам келсін деп айтты

Кешігіп қалмай кідіріп,

Жұмысы келмей орнына,

Ішінен отыр бүлініп.

Қандай жұмыс болды деп

1190. Ұйықтамай көзі ілініп,

Жасауылдың сөзімен

Сыртта жүрген Алшыораз

Атпен келді бұрылып.

Отырды келіп қасына

Әңгіме-дүкен құрылып.

Сонда Мақтым сөйлейді:

– Жатамын ба, жүрем бе,

Тойларыңыз әлі жоқ,

Мәнісін бұның білдің бе?

1200. Артымда талай жұмыс бар

Мені көзге ілдің бе,

Шабандап кеттің қалайша?

Осыны Мақтым айтады,

Ойланып басын шайқады,

Ұстап отыр сайтаны.

– Тезірек істі бітіргін,

Бүгін-ертең қайталы.

Келіп едім күйеу боп

Ноғайлының халқына,

1210. Кімдер ғашық болмаған

Қыз Назымның даңқына.

Апта-күн жатып кешігіп,

Қарай алмай артыма,

Ақылсыз шатпақ ел екен,

Жетпейсің бе парқыма.

Үлкен-кіші сөйлесіп

Жасы үлкен қартыңа.

Кешіктіру күйеуді

Қазағыңның салты ма?!

1220. Асыл туған Алшыораз

Жауап қылды осындай,

Айтатұғын жер келсе

Сөйлеуші еді шошынбай.

– Қазақтың бәрін шақырдық

Той болсын деп осындай.

Қамбар деген ақын бар,

Шақыртып соны алыңыз

Қолыңыздың босында-ай.

Шақыртып мұнда ақынды алдырыңыз,

1230. Келмесе үкім қылып жазғырыңыз.

Жұрт көрмеген көрсетіп жақсы ойын,

Халықты тамашаға қандырыңыз.

Мақтым хан айтқан сөзін қабыл көрді,

Қасына Келмембетті шақырды енді.

Екі қоржын, қос көзді жамбы беріп,

«Қамбар деген ақын бар барғын», – деді.

– Тоқталмай Қамбар ақын келсін мұнда,

Халқына тамақ болар мынау ділдә.

Бастасын мына тойды сәніменен,

1240. Деп айтты, – менен сәлем, – Мақтым мырза.

Айтады Келмембетке: – Шапшаң барғын,

Айналып кетпейсің бе, мұнда тұрма.

Қамбарды жақсы ақын деп ел айтады,

Тура келсе көрерміз біздің сынға.

Жылдам кеп Қамбар ақын ойын қылсын,

Алдымда қызмет қылып шайым құйсын.

Менмендігі болмасын көңілінде,

Есі болса сөзімді пайым қылсын.

Шақырғанға келмесе жалқауланып

1250. Сол себепті нәсіптен тайып жүрсін.

«Жалқау адам еріншек» жақсы болмас, –

Даңқын да осылайша жайып жүрсін.

Біз де есітіп қалалық қызықтарын,

Жұртында көрінгені қалып жүрсін.

Осы сөзді тура айтқын барысымен,

Көзіне іліп бізді де танып жүрсін.

Адамды есіртеді қолда барлық,

Жоқшылық ұзатпайды жолы тарлық.

«Қамбар ақын кешікпей жылдам келсін» –

1260. Осылай деп бұйырды етіп жарлық.

Күрсілдеп, ашуланып қылды паңдық,

Қамбарды дереу барып әкелмесең,

Көзіме көрінбестен кеткін қаңғып.

Келмембет анық «пысық» жігіт еді,

Ханның айтқан сөзін қорқып кетіп,

Атына мініп алып, кетті заңғып.

Кешікпей жүріп арада

Жылдамдатып барады,

Атқа қамшы салады,

1270. Көз жіберіп жолына

Қараса мойны талады,

Атты бұтқа сабады.

Жылқы аралап жүргенде

Қамбарға келіп кез болды,

Ауылдан аулақ далада:

«Амансың ба, ақын?» – деп,

Елшінің берген сәлемі,

Мақтымның сөзін қалдырмай

Бәрін айтып қарады.

1280. Қоржындағы жамбыны

Алдына төгіп салады,

Жамбыны ақын «нәсіп» деп,

Бәрін жиып алады.

«Екі күнде барам», – деп

Ақынның берген хабары.

Есітіп алып сөздерін

Келмембет қайтып барады.

Нәсібі зор Қамбар ер:

– Жамбы берем сіздерге,

1290. Жеңгелерім, бәрің кел.

Қаладан қашық біздің ел,

Сіздерге берген олжаны

Ынтымақ етіп түгел бөл.

Тілеулес болған, жеңгелер,

Тәуекел болды осы жол.

«Аман бол!» – деп бәрі де

Бата беріп, созды қол:

– Қайырлы сапар, болсын жол!

Қамбар айтты: – Жеңгелер,

1300. Бәрің тегіс ырза бол!

Жамбыны алды бөлмелеп,

– Батыр қайным, өлме, –деп,

Бата қылды баршасы:

– Ісіңді Алла жөнде!–деп.

Жабдықтарын түзетіп

Талабы мықты өрмелеп,

Біріне-бірі сынатып

Тәртібін түзеп жөндемек.

Сайманын түгел дайындап

1310. Жиып алған термелеп.

Аттарын тегіс суытып

Саяпкерге көр демек.

Қара қасқа тұлпарын

Қамбар бағып күттірген,

Саяпкерге бақтырып,

Асылдан жабу жаптырып,

Сұлы менен сүт берген,

Тұлпардың көңілін шат қылып.

Ащы терін шығарған,

1320. Таң асырып шаптырып,

Тобыры қалмай артынан,

Талаптарын жақтырып,

Атағы шыққан ер еді,

Дұшпанын жеңген азамат,

Қаратпай бетке сап қылып.

Үйреткен жолдас-жобаға

Садақ тартып аттырып,

Жабдығын алды таптырып.

Түзетіп тобыр кедейді,

1330. Састабын түзеп сап құрып.

Киімін түгел киюге

Шығарып алды аштырып.

Атына тегіс мінеді

Асықтырмай састырып,

Жігіттерін байқады

Әрі-бері бастырып.

Жүрмек болды жігіттер

Жанын Хаққа тапсырып.

Қатын-қалаш жылап тұр,

1340. Екі көзін жас қылып.

Қамбар үйден шыға кеп

Аттың терін сүртіпті,

Соғысуға Мақтыммен

Қамбар батыр ынтықты.

Қару-жарақ асынып,

Мойнына ілді ер Қамбар

Атасынан қалған мылтықты.

Атасынан қалған бұл мылтық

Талайды жоқ қып құртыпты.

1350. Сарамтал етті жұмысты,

Сайланып салу ұрысты,

Аш беліне байлады

Балдағы алтын қылышты.

Киді қымқап мауытты,

Сиынған пірі Дәуіт-ті.

Киіп алды ер Қамбар

Айналасы бес қабат

Атасынан қалған сауытты.

Атадан қалған мирасқор

1360. Талайды бұрын шауыпты.

Жақтыратын ер еді

Ойын-күлкі сауықты.

Ескермейтін ер еді

Жүрмейтұғын қауіпті.

Кететінін білген соң

Анасы жылап зарықты.

Беруге бата ұлына

Әруаққа тапсырып

Екі қолын жайыпты.

Қамбар кететін болған соң шешесі жылап тұрып, баласына бата бергені:

1370. – Хақ Жаппар-ай, Жаппар-Хақ,

Хандар мінген алтын тақ.

Жалғыз ұлым Қамбарға

Жау жерінде бергін бақ!

Атадан жастай жетім қап,

Қамбарым жетім құлыншақ!

Шүкір қылдым, Жаратқан,

Астына мінді арғымақ,

Әруақтар, сенен тілеймін

Қамбар үшін зар жылап!

1380. Сүрінсе қолдан алып жүр,

Адаспас жолға салып жүр.

Жаман емес талабы,

Тәуекелдеп барып жүр.

Жас көдек балам ержетті,

Бекқожа батыр келбетті.

Аман қылып ел-жұртын

Абиыр бергей нәубетті.

Орната көр, ғайып ерен,

Қызыр түнеп дәулетті.

1390. Ат үстінде ер Қамбар

Анасының сөзіне

Жүрегі кетті елжіреп.

– Не болса да көреміз

Соғыс майдан жерінде,

Ноғайлының елінде.

Бір жақсы түс көріп ем,

Жолбарыспен алысып

Өлтіріп едім бір күні,

Жүрмеген дұшпан шеніме,

1400. Талғардың шықтым басына,

Байлап қылыш беліме.

Дұшпанға бой бермейім,

Жүрсе де ол сенімде.

Жар болса бабам әруағы,

Енгізермін көріне.

«Тәуекел түбі – жел қайық,

Мінесің де өтесің;

Уайым түбі – тұңғиық,

Түсесің де кетесің».

1410. Талабым алда ілгері

Жау түбіне жетемін.

Өлсем басым сүйейтін

Жолдас-жоба ертемін.

Қара қасқа тұлпарын

Беренменен белдіктеп,

Жонаменен желдіктеп,

Мақпалменен терліктеп,

Жібектен айыл салады,

Байлап қамшы алады.

1420. Күн тимеген бауырдан,

Жел тимеген сауырдан

Қара қасқа тұлпарды

Қамшыменен салады.

Атымен «шу!» деп кеткенде

Тау жаңғырып қалады.

Айбынына қарасаң

Тіктеп көзің талады.

Бес жүз жігіт жолдаспен

Алды-артына қарады.

1430. Қылыштарын асынып,

Байлаулы жанда садағы,

Жолдастары арынды

Артынан қалмай барады.

Түгелдеп алған қолында

Құрал-сайман жарағы.

Ойпаң жерден орғытып,

Жарлау жерден сырғытып,

Арынын аттың баса алмай

Келе жатыр сорғытып,

1440. Ат үстінде алысып,

Бірін-бірі қағытып,

«Жай жүр» деп Қамбар бұйырды,

Желіңкіреп сырғытып,

Аттары суып жараған

Келе жатыр жылжытып.

Алабыртқан жігіт көп

Құрыстап жауырыны жын бітіп.

Көбік шығып сауырдан,

Тер тамшылап бауырдан.

1450. Қарауылдап Назым қыз

Шыққан екен ауылдан.

Амандасты Қамбарға,

Жақсы көзбен қарайды

Тәрізденіп сағынған.

Аққудай мойны созылып,

Қайысқандай қабырғаң,

Екеуі де сымбатты

Қалай сәйкес табылған?!

«Аман ба – деп, – анаңыз» [сұрады]

1460. Жері жоқ сөзден жаңылған,

Батырға қолын қусырып

Мінезі майда жібектен.

Жалт етіп көрсең жаныңнан.

Қайырылып Қамбар сөйледі,

Мойнын бұрып Назымға:

– Тоқтамас көңлім әзілге,

Кетпесін тілеу жазымға,

Жаманға жүрмес базына,

Лайық туған кісі едің,

1470. Замананың сазына.

Жауға кетіп барамын

Соғысуға қалмақпен,

Тілеуіңді бұзба, – деп,

Амандасты қызға кеп, –

Аман-есен жүрмісің,

Қу қалмақты мырза деп

Бет алып кетіп барамын, –

Деп айтады ер Қамбар,

Жолыма менің тұрма, – деп.

1480. Мен сенікі түбінде,

Тілеуіңді бұрма, – деп,

Қош айтысып жөнелді.

Алам деп сені кеп жатқан

Мақтым қалмақ шын ба? –деп.

Қыздан әрі өткенде,

Ордаға таман жеткенде,

Ысқырады аспанға

Садағын тартып шерткенде,

Алдынан шығып Келмембет

1490. «Осынша жұртты күттіріп»

Кейіп келіп сөккенде,

Батырдың аты осқырып,

Жолдастары қасында

Келмембетке ақырды,

Шығарып есін састырып.

– Ханыңа барып хабар қыл,

Жолдас қылған жақтырып,

Тез барғын, – деп жекіріп

Алдынан жіберді шаптырып.

1500. Мақтымға барды Келмембет,

Пұшық мұрны қасқиып:

– Батыр деп Қамбарды есіттім,

Ақын емен, батырмын,

Сәлем айт, – деп жіберді,

Маған мұны тапсырып.

Мұны естіп Мақтым хан:

– Қазағыңды мақтайсың,

Көрінбе, – деп, – көзіме.

Ашу қысып еліріп,

1510. Қуып шықты ордадан

Келмембетті басқа ұрып.

Келмембет сонда сөйледі:

– Хан емессің, қабансың,

Тамам ханнан жамансың.

Жақсылықты білмеген

Адамзаттан надансың.

Бет-аузыма қарашы,

Мендей көзің ағарсын.

Жолдасыңды сабайсың,

1520. Жақсылық қайдан табасың?!

Хан емессің, қасқырсың,

Қара албасты басқырсың.

Көк есектей тепкілеп

Қамбар сені басқа ұрсын.

Абиырыңды кетіріп,

Өзіңді ұстап өлтіріп,

Жаныңды жаһаннам жіберіп,

Тиісті жерге тапсырсын.

Құлақ-мұрның кестіріп,

1530. Абиырыңды мендей аштырсын.

Келмембет шықты сілкініп,

Қорықпай сөйлеп іркіліп.

Қамбар келді күркіреп,

Елдің бәрі жүгіріп

Алдынан шықты дүркіреп.

Қамбарға келіп Келмембет,

Өксіп сонда жылады:

– Тегі жаман ит қалмақ,

Соқты деп мені сілкілеп,

1540. Осындай итке тілмаш боп

Болдым жұртқа күлкі, – деп.

Камбар: – Жарайды, Келмембет, екі жүзді қарабет адам болмасаң, сенің зарыңды, теңдігіңді алып берермін, асықпа, сабыр ет,– деді. Қамбардың жолдастары ауылды қоршап тойға келген кісідей түсіп жатты.

Ордаға түсіп Қамбар ер,

Отырған соң жайланып,

Ақтабанды шақырды,

Осылай істеп ақылды.

– Ақын деп бізді шақыртқан

Мақтым ханға хабар ет,

Көрсін мендей батырды,

«Шайымды құйып берсін», – деп,

1550. Тапты қайдан қатынды?

Ноғайлының еліне

Мұнша неге басынды?!

Ақтабан, тезірек барғын, – деп,

Қамбар қылды ашуды:

– Барып айтқын, Ақтабан,

«Келдің, қалмақ, алыстан,

Сені сөзбен тоқтатқан –

Алшыораз біздің данышпан.

«Қоян өлер қамыстан,

1560. Ер өледі намыстан»,

Сізді іздеп келіпті

Бекқожаның баласы

Батыр Қамбар дабыспен.

Онан да басқа жерлерде

Көп жүйрікпен жарысқан.

Әнжімен де соғысып,

Оның да ақылын тауысқам.

Екі күнде барам деп,

Айламенен аңдысқам.

1570. Әркімнің ата-тегі бар,

Ел ішінде бегі бар,

Батырды «ақын» деп айтқан

Жүрегімде кегі бар.

Қарамайсың өзіңе,

Бұл сөзімнің жөні бар.

Батыр болсаң шабысып,

Найзаменен қағысып,

Ғашық болсаң Назымға,

Күшіңменен жеңіп ал. –

1580. Деп айтты, – де, – ер Қамбар»

Енді бар, – деді, – Ақтабан!

Ақтабан барып Мақтымға

Ер Қамбардың сөздерін,

Турасынан қақсаған.

Бұны естіп Мақтым хан,

Ашуланды, арланды,

Шамырқанды, шамданды,

Айқай салды әскерге:

– Алып кел, – деп, – тарланды,

1590. Алдап мені шақырған

Ноғайлының еліне

Қылайын енді ойранды.

Тобыңменен қырайын,

Енді салып жанжалды,

Көрмеген шығар Қамбарың

Мақтым батыр палуанды.

Құтырған екен ноғайлы,

Қандайын бүгін найзамды,

Шықсын Қамбар шапшаң, – деп,

1600. Әзірленіп сайланды.

Барады сөзім төтеге,

Ер болса шықсын жекеге,

Күшім бүгін кетпесе,

Тиермін майдай шекеңе,

Қамбарды бүгін жоқ қылмай,

Мақтым тегін кете ме?

Тобыр менен ноғайлы

Ынтымағы бір болды,

Неғып кетер екен деп,

1610. Екі жағы кеңесіп

Бір құпия сыр болды.

Жиналысып екі жақ

Орта ашық ду болды.

Жиылып батыр келгенше

Майдан жерге екі ел

Жабырласып шу болды.

– Жеке, батыр, жеке, – деп

Қамбар батыр алдында,

Артында бес жүз әскері

1620. Ортасында ту келді.

Қара қасқа тұлпары

Арандай аузын ашады,

Ілгері қарай басады,

Түрін көріп Қамбардың,

Мақтымның тұрған әскері

Таңырқап жаман сасады.

Әскерін тастап артына,

Жеке тұрған Мақтымға,

Іркілместен Қамбар ер

1630. Қасына келіп Мақтымның:

– Тегіңді айт, кім болдың?–

Деген сөзді қатады.

Мақтым:

Толғанып мойнын бұрады,

Адырайып тұрады:

– Маған қарсы келгендей,

Кім едің? – деп сұрады.

Қамбар:

– Бекқожаның ұлымын,

Алланың сүйген құлымын.

Қамбар батыр мен едім,

1640. Көрінбей ме түрімнен

Қарсы келіп тұруым.

Мақтым:

– Қамбар деген сен бе едің,

Екі күн өтті уәдеден,

Тәуір ме енді өлгенің?!

Майданға неге шақырдың,

Не қайратқа сенгенің?!

Менен бұрын майданды

Бар ма еді сірә көргенің?

Алайын ба басыңды,

1650. Кешігіп неге келгенің?!

Сонда Қамбар сөйлейді:

– Мақтым деген сен болсаң,

Қамбар деген мен едім,

Екі күн уәде деп едім.

Егер сенің қолыңда,

Ажалым жетсе өлемін,

Сен сияқты бұл жерде,

Асылық сөз демейім.

Қайратым сенен пәс болса,

1660. Желкеңнен шығар көмейің.

Айналғаным бұл болды:

Бір әдемі қырғауыл

Алдымнан шықты жорғалап,

Бір бүркіт шапты алдынан,

Тығылды маған қорғалап.

Және топтап қара құс

Жиылған екен қамалап.

Тағы жалғыз бидайық

Ұшып келді қасыма,

1670. Қос қанатын сабалап.

Қырғауылды тастадым

Қай жеңгені ілсін деп.

Бүркіт те шапты күрсілдеп,

Сабыр қылып отырдым

Екеуіне бір сын деп.

Бір уақытта бүркіттің

Желкесін қиды бидайық,

Жерге түсті денесі

Аяқ-басы қылжайып.

1680. Қара құстар жиылды

Бидайыққа қоңқайып,

Оның да қиды желкесін,

Әр жерде қалды тоңқайып.

Оның бәрін қырған соң,

Қасыма келіп тұрған соң,

Қырғауылды мен көрдім

Бидайыққа ылайық.

Мақтым:

– Қара бүркіт мен, – деді,

Бидайық құс сен, – деді,

1690. Көтерілме көкиіп,

Бұл ісің болмас жөн, – деді.

Қырғауыл құс дегенің –

Назым қалам қас жарым,

Көп қара құс дегенің

Менің мынау әскерім.

Талайдың қанын шашқаным,

Сен болғанмен бидайық,

Келмейсің маған ылайық.

Осыны айтып Мақтым хан

1700. Қамбарға қарай шабады,

Айқасып екі батырлар

Қылыш, найза салады.

Тозаңы аттың бұрқырап,

Айқайласып, салысып

Ұлы майдан қылады.

Қылышпенен салғанда

Мақтым ханның найзасы

Ортасынан сынады.

Найзасы Мақтым сынғанда,

1710. Қамбар салды найзаны.

Найзамен Қамбар салғанда,

Мақтым ханның атының

Табаны жерден тайғаны,

Қоя салып найзаны,

Қылышты қолға алғаны.

Желкеден қылыш шапқанда

Басы кетті домалап,

Аты шауып жөнелді,

Аударылып қалады

1720. Қалмақтың Мақтым палуаны.

Сүйегіне ат қойды

Қалмақтың жолдас қалғаны.

Қазақ та шауып жабылды,

Келмей қалды дәрмені.

Тобырлар шапты айқайлап

«Бекқожа» деп ұран шақырып,

Талқандады қалмақты

Бет алған жерін жапырып.

Майдан іші қан болды,

1730. Шошынған адам көп болды,

Садақ, мылтық атылып.

Қалмақ қашты жеңіліп,

Жүректің оты басылып,

Қашқанын қуып ұстады

Көңілі тасып ашылып.

Бірін қоймай қырады

Көрінгенін басынып.

Олжалаған көп болды,

Аттарын ұрлап жасырып.

1740. Басшылыққа алмаққа

Келмембетті шақырып,

Алшыоразды ертіп қасына,

Сүйдінге қарай жөнелді,

Батыр Қамбар тасынып.

Қалмақтың атын түсіріп

Атқа жарып кенелді.

Аралаған Келменбет,

Жоғары мен төменді,

Естімей қазақ қалған жоқ

1750. Қамбар батыр дегенді,

Турашыл болып уақтында

Басқарып өтті көп елді.

Сегіз күн бұлар жол жүріп,

Сүйдін деген қалаға

Қаптап тобыр барады,

Түнде келіп қамады

Бейқам жатқан қаланы

Келістіре шабады.

Қазынасын ханының,

1760. Алтын-күміс көп екен,

Қалдырмай бәрін алады.

Өрістегі малдарын

Қалдырмай айдап барады.

Төрт кісісі өліп тобырдың,

Бұлардан шығын шамалы.

Мақтым хан өліп майданда,

Тарылды қалмақ заманы.

Ойран болып қаласы,

Көңілдері жаралы.

1770. Жиып алып жолдасын

Батыр елге қайтады.

«Есебін ал, – деп, – бұл малдың»

Батыр Қамбар тобырға

Өсиет қылып айтады.

Қайнап, өршіп қайраты,

Құмары ердің тарқады.

Қазақ, қалмақ – екі жақ

Қайратын ердің байқады.

Қалмақтың сүйтіп дәулетін

1780. Судай төгіп шайқады.

Бұлар қалмақты шауып өз елдеріне жақындағанда тобырдың Тоқмамбетін батыр мен Алшыораз елге хабар беруге шаптырады.

Әзімбай жазған жолдас қып

Елу кәрия қасында,

Қарауылдап отырды

Бір төбенің басында.

Қамбар менен Алшыораз,

Жолдас-жоба баршасы

Аман келсе осында,

Шет жерге жақсы үй қондырды

Қолымыздың басында.

1790. жігіт көрінді

Тамаша мен пошымға.

Қамбар менен Алшыораз

Тоқмамбетті жіберді,

«Амандықты айтқын»,– деп,

«Қалмақты шауып қайттым»,– деп,

«Бізден сәлем айтқын», деп,

«Біз барғанша дем алып,

Тыныштық алып жатқын», – деп,

Мақтанбайды ер Қамбар

1800. Дұшпанның көңлін бастым деп,

Сүйдіннің халқын қаратып,

Сөз кірісін аштым деп.

Әзімбай ертеменен тұрып, көңілі тасып жақсылықты сезгендей, жүрегі алып-ұшып тыныштық ала алмай, төбенің басына шығып қарап тұрғанда, шауып келе жатқан бір адамды көреді.

Ертемен тұрып Әзімбай,

Ұйқысынан оянып,

Тұрғанында төбеде,

Біреуді көрді алыстан

Келе жатқан шапқылап,

Аты терге боялып.

«Сүйінші!» – деді келді де,

1810. Әзімбай қалды қуанып.

Бастан-аяқ сөйледі

Көргенін тегіс қалдырмай,

Тоқмамбет те ер екен

Екпіндеп сөйлеп сыбанып.

– Қимылдағын, кәрия,

Енді болды құдалық.

Қуанғанның белгісі,

Айтып салды Әзімбай:

– Той тамаша қылалық,

1820. Қалағаның ал! – деді,

Тоқмамбетке сұранып.

Қимылдаңдар, ағайын,

Кетпесін бұл іс шұбалып.

Әзімбай келіп қарсы алды

Екі жүз кісі шығарып.

Жүремін десе ауылына,

Жібермеді батырды

Үлкен-кіші жабылып.

Жеңгесі мен балдызы

1830. Алдынан шықты бұралып,

Қыз-келіншек шулайды

Жан-жақтан келіп құралып.

Емшегі шыққан балдыздар

Төсін басып ұялып,

Жақсы-жаман жігіттің

Бәрі де болды сыналып.

Кілем төсеп есікке,

Кіргізді үйге құрметтеп,

Ізеттік іс бір өрге?

1840. Назым келіп қол алды

Ғашықтарша бұрынғы,

Солардан қалған сүндет деп,

Дастарқан жайып сылдырлап

Жеңгелері көлбектеп,

Құйылып қымыз, ет келді,

Үстін-үстін өрнектеп,

Қыз бен күйеу қалжыңдап,

Отыра берді ермектеп.

– Шаршап келдім, ұйықтаймын,

1850. Төсек сал, жеңге, жөндеп, – деп.

Тамашамен таң атты,

Күлкіменен күн баты,

Батыр көріп құрметті,

Үш күн өтті сәулетпен.

Әзімбай балаларын қасына алып, қызын дәулетіне сәйкестеп жөнелту қамына кірісті. «Барлық не дегізбейді, жоқтық не жегізбейді» деген емес пе, барлықтың арқасында жұрт сүйініп, дұшпан күйінгендей етіп, батыр мен қызын ел көшкендей етіп еншісін толықтап жөнелтті. Осындай дәулетпен батыр еліне келіп, тоқсан үй тобырын қуантып, алып келген дүниесін ортаға салып, аяқ жетер жердегі елге хабар беріп, бір үлкен ат шауып, жамбы атқызып, сайыс-күресі бар – тамашалы той істеуге кірісті.

Қамбар айтты: – Алшыораз,

Сендер маған той қылма.

Үш күн жаттым күйеу боп

Назым сұлу қойнында.

Қайтамын, – деді, – еліме.

1860. Көңлімдегі өзімнің

Бір той қылмақ ойымда,

Өзің білгін, тобырым,

Қанша мал жетер союға.

Еліне хабар береді

Әзірленіп тұруға.

Қимылдаңдар, тобырлар,

Той қылмақ болса ойыңда,

Батыр қашан келед деп,

Тосып жүр тобыр жолында.

Күйеу мен қызды байдың қайтаруы:

1870. Назымға тіккен отау деп,

Кең сазға жайлап қондырып,

Жасаймыз деді бір үлкен

Ел көрмеген той қылып.

Мың үй тікті қатарлап,

Арасын көше жол қылып,

Мейманды тосып тұрсын деп,

Парлап жігіт қойдырып.

Тобыр сондай той қылды,

Есепсіз мал сойдырып,

1880. Риза қылды көп елді

Сыйлауменен тойғызып.

Батыр Қамбар елге айтты: Ат қонаға жіберіліп, тарту сый болады, тоғыз күндей тамаша болады деп айтты:

– Тоғыз күн қонақ болады,

Қонаға атты жөнелтіп,

Есебін аттың алады.

Тура бес жүз шамалы.

Тоғыз жүз алтын, жүз жамбы, –

Бас аттың болды бәйгесі,

Тоғыз құндыз, он бір сілеусін,

Арыстан, жолбарыс терісі

1890. Алдыңа алып салам деп,

Алтайы түлкі тоғыздан

Қарасаң көзің талады.

Отыз атқа бәйге бар

Озғандары алады.

Осылай болды батырдың

Жұртқа берген хабары.

Атты былай жөнелтіп,

Күреске шықты сайыспен,

Қандай қиын күресу,

1900. Қабырғасы сытырлап,

Бақайшағы майысқан

Талай палуан келіпті.

Күреспекке алыстан.

Тоқмамбет деген жығыпты,

Жігіт екен арыстан.

Он түлкі берді алтайы,

Ел сүйініп қалысқан.

Бес құндыз болды бәйгесі

Қатындардың жарысқан.

1910. Сайысшылар да сайысып,

Тобырдан шығып Ақпамбет

Алыпты оның бәйгесін.

Найзаменен қағысып,

Бұған да тіккен бәйгесі

Жеті құндыз болыпты,

Бес тай, тағы сілеусін.

Төртіншіде кезекпен

Мергендер келді талаппен,

Байлаулы тұрған ағашта

1920. Жамбыны бұлар қарапты,

Жамбыны атып алмаққа

Ысқыртады садақты.

Тигізе алмай көбісі,

Көріп жатыр азапты.

Табан тіреп тұрғызбай

Аттарын қуып сабапты.

Тоқмамбетпен немере

Жобадай атып түсірді,

Жігіт еді талапты.

1930. Сырттан қасқыр терісі

Он екі болған бәйгесі,

Бұған да жұрты қарапты.

Ертеңгі күн түс қайта

Бір шаң шықты бұрқырап,

Бөкендей ағып зырқырап.

Елдің бәрі «қайсы ат?» деп,

Асығып тұрды шұрқырап,

Шыңылдаған дауысқа

Сай-сүйегі сырқырап.

1940. Көрінді сонда қасқаның

Маңдайы күндей жарқырап,

Сауырдан тері тамшылып,

Төрт аяқтан шыққан от

Шақпақ тастай жалтылдап.

«Бекқожа» деп ұрандап

Баланың даусы шаңқылдап.

Маядай мойнын созады,

Шү дегенде жануар

Ұшқан құстан озады.

1950. Келе жатыр арындап

Бұрқылдаған тозаңы.

Тастағанда құлаштан

Арқаң жаман қозады.

Төрт тұяғы шарадай,

Ерні кеткен салпылдап,

Аузында тісі арадай.

Кекілі сұлу жібектей,

Шырақтай көзі жанады,

Алдынан зулап өткенде

1960. Батырдың көңілі болыпты

Сүйсінгеннен баладай.

Дауыстап қуып барады

Аттары жетіп шаба алмай.

Енді артына қараса,

Тағы бір ат көрінді

Бұлаңдаған шабысы.

Оны байқап қараса,

Мақтымнан түскен Тарлан ат.

Тоқмамбет көріп мұны да,

1970. Жете алмай атқа қамшылап,

«Ия, Әруақ!» – деп қуанып

Тоқаң да айғай салады.

Екіншінің артынан

Үшінші қылып Алшыораз

Күреңін қуып барады.

Ендігі атты шұбатып

Даяшы қосып санады-ай,

Бірқатар ат зорығып,

Көбі жолда қалады-ай.

Ұрыс-жанжал жоқ болып,

Жақсы болып тойы тарады-ай.

Дабысы шығып Қамбардың

Мұнша жұртқа білініп,

Қалмаған сөзден сүрініп,

Дұшпаны сырттан түңіліп,

Басшы болып тобырға

1987. Көрсетті жұмыс ірілік.