КАМБАР (EРТEГІЛІК НУСКА)

«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН

ЖҮЗ ТОМДЫҚ

ҚАМБАР

Бұрынғы заманда бір бек жарлы Уақ деген ел бар екен. Сол уақытта он төрт жасар Қамбар деген бала құлан, киік атып беріп асырап тұрады екен.

Уақ елінің жел жағында алты күншілік жерде Әзімбай деген ханның елі бар екен. Сол ханның он екі жасар Назым сұлу деген қызы бар екен.

Бір күні Әзімбайға бір жақсы көретұғын уәзірі келіп сөйлейді. Сөйлегенде не дейді?

– Әзімбай сынды ханымыз,

Ақылға диқан данамыз,

Құлақ салып тыңдаңыз.

Он екі жасар Назымның

Бекер күнін өткізіп,

Күйеуге неге бермейсің?

Сонда Әзімбай он ақ үй тігіп, жұртын жиып, айтты: – Кімге қызым тиемін десе, соған қалың малсыз беремін, – деді.

Назым сұлу ешбіреуін де жаратпай әкесіне келіп айтты: – Бұл жиылған кісілердің ішінде жылқыдан асау ат ұстап міне алатыны жоқ, – деп.

Сонда бір қарт кісі келіп айтты:

– Уақ деген елді асырап жүрген Қамбар деген бала бар. Қу кедей демесеңіз, сол сіздің қызыңызға ылайық.

Сонда хан оған ашуланды: – Мен қызымды қу кедейге беріп құтырдым ба, – деп.

Назым сұлу әкесінің қасында тұрып Қамбардың атын жазып алды.

Бір күні Қамбар батыр құлан, киік атып, бір өткелден өтіп, арғы жағына шыға келсе, Назым сұлу өткелдің аузында қырық қызбен сейілге шығып, шатыр тігіп отыр екен. Қамбарды көріп айтады:

– Хан сүйекті Қамбар-ау,

Қара қасқа тұлпардың

Өкпе, бауыр, жалы бар-ау.

Біздікіне келе кет,

Қант пен мейіз, шай бар-ау.

Қамбар батыр оған қайрылмай өтіп кетеді.

Әзімбай ханның елінің ық жағында бір жауы бар еді. Армамбет деген байдың елі еді. Армамбет Әзімбайға Жалмамбет деген уәзірін жіберді:

– Маған Назым сұлуды берсін деп. Әгарда бермесең, тартып аламын деп.

Сонда Әзімбайдың кенже ұғылы жіберген кісілердің баршасын өлтіріп, Жалмамбеттің құлақ-мұрнын кесіп қуып жібереді.

Сонда Жалмамбет өзінің ханына келеді. Хан мұны көріп айтады:

– Уәзірім, сен Назымды көріп, көрімдігіне құлақ-мұрныңды кесіп бердің бе? – деді.

Жалмамбет айтты:

– Жіберген кісілеріңізді бәрін өлтірді, менің құлақ-мұрнымды кесіп алды, – деді.

Армамбет бек қатты ашуланып, көп әскер жиғызып, Әзімбай ханның еліне таман жүрді.

Сонда Әзімбай бек қатты қорқып, Қамбарға екі уәзірін жіберді. Екі би Қамбарға келіп айтты:

– Сені Әзімбай хан жауымды мұқатып берсін деп шақыртқалы бізді жіберді. Әгарда жауын мұқатып берсең, Назым сұлуды саған береді.

Бұлардың сөзін естіп болған соң, Қамбар қара қасқа атына мініп, Әзімбайдың еліне келіп, жауын жеңіп беріп, Назымды аламын деп Әзімбайдың отырған үйіне келіп кірді.

Әзімбай: – Сендей қу кедейге қызымды бермеймін, – деп айтты. Сонда Қамбар ханға ашуланып «жұртыңды шабамын» деп, атына мінді.

Мұны көріп, ханның бұрынғы жақсы көретұғын уәзірі келіп ханға айтты: – Сіз қызыңызды Қамбарға беріңіз, мұнан жақсы күйеу таба алмассыз, – деп.

Сонда хан бермек болып, ат шаптырып той қылып, көп жылқы айдатып жөнелтті.

Сөйтіп Қамбардың арқасымен Уақ елі байыды.