Мустай Карім. Кар устінде кара комір

ҚАР ҮСТІНДЕ ҚАРА КӨМІР

әңгіме

Тоқсанның үстіндегі Кіші шешем бір күні таңертең тым тұйық көрінді. Хәл - жағдай сұрасқанымда "жақсымын" деді, тіпті сәл езу тартып, жымиғандай болды. Қылқылдап сұрай берген соң:

- Бүгін таң алдында жылап алдым, - деді.

- Неге жыладың?

- Жай, әншейін... Кәріліктің әсері шығар. Анасының көз жасына баласының самарқау қарауы мүмкін емес: әсіресе анасы тоқсаннан асып, баласы алпысқа таяп қалған болса.

Мен қайта - қайта сұрадым:

- Әлде біреу ренжітті ме? Әлде ауруыңды жасырып отырсың ба?

- Мен аяныштан жыладым.

- Кімді?

- Бұйра шашты жалаң аяқ қызды. Сегіз жасар сәбиді...

- Кімнің қызын?

Кіші шешем бұл сұрауды елемегендей, бір әңгіме бастады:

- Ошаққа от жағуға үйде шырпы болмаған соң қыстың таңертеңгі сықырлаған сары аязында қолына қалақ ұстатып, шешесі оны көйлекшең күйінде көршінің үйінен шоқ әкелуге жіберді. Шоқты ала салып, қайта жүгірді қыз. Тап есіктің алдына жете бергенде аяғы тайып кетіп, жерге жалп етті де, қалақтағы көмірдің шоғы қар үстіне шашылды. Аппақ қарды қап - қара көз жасы күйдіріп, өртеп кеткендей. Қыз бала сол отырған жерінде еңіреп жылап жіберді. Жалаңаш өкшесі мұзға жабысып қалды. Сол қыз - мен едім. Бүгін таң алдында оянып, сол сәбиді аяп, жылап жібердім. Көзімнен ыршып шыққан жасты тыя алмадым. Қолымнан келсе, оған ең жылы киімдерімді кигізіп, ең тәтті тағамдарымды сыйлар едім. Жоқ енді сол... Мүмкін емес. Қанша өкінсең де мүмкін емес.Тағы да... сол дәрменсіздігіме ызаланып, жылап жібердім...

Бәсе, солай екен ғой. Бақытты болса да, бақытсыз болса да біздің бала шағымыз талай жылдардан бері ізімізден еріп келеді. Анығырақ айтқанда, көкейден кетпейді. Кіші шешемді айтам, сексен жылдан астам уақыт өтсе де, қар үстінде жалаң аяқ жүгірген балғын шағын аяп жылайды - ау. Осының өзі сәбилік емес пе? Сәбилік шығар. Ал сәбилік, бәлкім, пәктік шығар.

Шашылып кеткен көмірдің шоғы ақ қарды қараға айналдыра алмайды...

1972-1978.