Бауыржан Момышулы. Кара жигит

ҚАРА ЖІГІТ

әңгіме

Кең бөлме, кілем перделі екі үлкен терезе, бөлменің дуалы сұрғылт, бозара көгілдір сырмен сырланған. Бөлменің бір қабырғасында қолдан істелген ілмелерде екі әскери алтын түймелі сұр шекпен, сабалақ қодас жүнінен басқан қара кебенек, қызыл жиекті, жалтыр маңдайшалы фуражка, бұйра көк елтірі папахалар ілулі тұр. Олардың қатарында үш қақпалы жалтыр сарғылт биік шифоньера, екінші қабырғадағы биік этажерканың іші толған мұқабалы кітаптар. Сол терезенің алдында көк нақысты дастарханмен бүркелген шағындау үстелдің үстінде ашылып жатқан бірнеше дәптер, кішкене қол мәшинесі. Ортада үлкен үстелдің үсті қобырап жатқан қолжазбалар, әртүрлі қалам, сия құтылары, темекі құтылары күл табақшаның папиростың сорындылары. Жерге екі қызыл кілем төселген. Орындықтардың үстінде ұқыпсыз тастай салған жеңіл киімдер. Оң жақтағы терезенің текшесінде төрт бұрышты сағат соғып тұр. Сол терезе мен шифоньердің арасындағы қабырғаның бұрышына бас жағын тірей орнатқан аласа жалтыр төсек...

Қара жігіттің төсек тартып жатқанына төрт күн болды. Екі биік жастыққа басын жоғарылата, кеудесін көтере шалқасынан жатыр. Ақ астарлы қызыл көрпені кеудесінен төмен жамылған. Үстінде қоңыр кереге көз шәйі сорочканың түймелері ағытулы. Түрі солғын, бет-аузы осы аптада ұстара тимеген, сақал-мұртының түгі өскен. Қара жігіт ыңырсымайды да, күрсінбейді де, тып-тыныш жатыр. Оған ешкім де келген жоқ. Ол ешкімді күтіп те жатқан жоқ. Бұл қалада оған келетін, иә жақын, иә тамыр-таныс, жора-жолдастары жоқ. Ол жап - жалғыз. Басының алдындағы орындық үстінде бір-екі кітап, бірнеше газеттер жатыр. Олардың беті ашылған емес. Қара жігіт оқымайды да, жазбайды да. Еш нәрсені ойлап та жатқан жоқ. Ол бәрінен де зеріккендей. Кешелі бері нәр де татқан жоқ. Бүгін азанда бір папиросты тұтатқаны ғана болмаса, тартқан жоқ. Қолына біраз ұстап жатты да, сөнген папиросты жердегі кілем үстіне тастай салды.

Қара жігіттің жүрегі ауырады. Оң қолын жүрегінің үстіне қойып, алақанымен соққанын сезбеген соң, ол өз тамырын өзі ұстайды. Тамырының соғуы байқауынша бас жағындағы тықылдап тұрған сағаттың соғуынан шабандау. Төрт күннен бері орнынан тұрған жоқ. Тек дәретке отырғалы барғандағы бес-алты қадамы болмаса — ол қимылсыз сылқ түсіп жатыр.

Қара жігіт бұрын көп ойлаушы еді. Одан да зеріккендей. Төрт күннен бері ойсыз жатыр. Ойлауға ол тырыспайды да. Не жалығып, не шаршағандығын өзі де ажыратуға талаптанған жоқ. Ешкімді есіне түсіріп, көксемейді де, аңсамайды да, сағынбайды да. Жалғыздығына не мұңайып, не ашынбайды. Басқаларды да, жоқ басқаларды да, бір өзін де аңғармайды, аңғаруға ерінгендей бір сезім басып жатқандай. Көзін жұмып ұйқылы -ояудың арасында жатқанына өзі таң қалмайды да. Көзі ілініп кеткенде, көрген түстеріне де тоқтамайды.

Қара жігіттің бұл жатысын жатырда жатқан баламен, әйтпесе, шала жансар өлікпен теңеуге де аузымыз бармайды. Ол екеуіне де ұқсамайды. Қара жігіт уланған, оның бойы у тұтқынында. Удың аты — өмір толқындары. Судың беті толқынғанымен, түбі тұнық болады. Қара жігіт өмірдің түбінде — тұнығында жатыр.

Қара жігіттің жанынан кейде жылжып, кейде өрттей өршіп, кейде борандай бұрқырап жылдар өткен. Бірі сұлу, бірі сүйкімді, бірі жақын, бірі жат адамдардың көбімен кездескен. Өмірдің берген таза суы мен ащы уларын да жұтқан. Шынның шапанын жамылған, жалғанға көп рет алданған. Көз көргенде күлімсіреген сиқыр күлкіге малданып, жылтыр жасықты асылға санап, ұмтылып ауға түскен...

Қара жігіт көптен жап - жалғыз. Қасында да көптен бері көрмеген, елінде де достары жоқ. Қара жігіт қайғылы. Оның қайғысы үнсіз, мылқау қайғы. Қара жігіт жалғыз жатыр. Ол ауырып жатыр...

***

Таң ата бергенде Қара жігіт оянды. Таңдайы кеуіп, ерні кезергенін сезіп, екі-үш рет тамсанып еді, аузынан тамағын жібітерлік түкірік шықпады. Орнынан тұрып, күңгірт сәулелі бөлмеден шығып барып, алдындағы үйден жарты стакан суық су ішіп, орнына қайта келіп жатты.

Қара жігіт сағат он бірде оянды. Оған бүтін бөлмесі бұрынғыдай жарық көрінді. Ол бұрын елемеген заттарға назарын салды. Әрқайсысын танып, олармен тілдескендей болды. Басын көтеріп, әйнектің текшесіне қарап, онда тырсылдап соғып тұрған сағаттың төменгі орта шеніндегі ойма төрт бұрышты тесіктен жиырма сегіз деген санның астындағы жексенбі деген жазуды оқып, бір аптаның қалайша оған байқаусыз өте шыққанына таң қалды. Бес күннен бері өзімен де бірінші рет тілдескені осы еді. Біраз жатым есінеді, қол-аяғын созып керілді, бет-аузын сипалап, сақал-мұртының өскендігін сезді. Көрпесін қайырып тастап, төсектен түсіп, аяғына кебісін іліп, сол терезенің алдына барып қарап тұрды.

Алдымен көзіне Еділ түсті. Салалы жайпақ ағып жатқан ұлы дарияның көк айнасына жадыраған ашық күн шағылысып, жарқырап, Еділдің бойындағы биік үйлерді сәулесіне бөлеп, аймалап тұр екен. Судың беті қатпарлана жылбысқа елтірідей құлпыра бұйраланғанына қарап, Қара жігіт ішінен «Е, жел тұрған екен ғой» деді өзіне-өзі. Өзен шетіндегі кілегей - қаймақтай ақ жиекті көріп «Бүгінгі түн салқын болып өткен екен ғой» деді тағы да өзіне-өзі. Асфальттанған жағада жылы киініп демалыс күні серуендеп, ерсілі-қарсылы шулап жүрген халыққа бесінші этаждан аспаннан қарағандай болды. Ешкімнің бетін ажыратып қараған жоқ. Оның тамыр-таныс іздемеген көзіне адам шұбырынды аққан Еділмен бірдей көрінді. Тағы біраз қарап тұрғыдағы стол үстіндегі газеттерді алып, төсегіне қайта барып жатты.

Қара жігіттің бес күннен бері сыртпен қатысуы осылай басталды.

Кеш батып барады. Қара жігіт әлі орнынан тұрған жоқ. Ол әлі алған газеттерін оқып үлгерген жоқ. Жауырын астындағы биік жастықты оқта - санда түзегені болмаса, басқа көп қозғалыс істеген жоқ.

Қара жігіттің күні бойы бұрылмай оқып жатқан газеттері елден келген газеттер еді. Жер алыстықтан өте кешігіп келіп, ауру болғандықтан, кешігіп қолға алынған газеттер еді. Әйтсе де «Естімегенге ертегі де жаңалық» болғандықтан, барлығын ол бүгінгі саныңдай оқып жатыр. Шынында, оқып жатқандарының көбі оған жаңалық емес те еді. Бұрын айтылған пікірлердің, жорыған ойлардың дәлелдемелері, су түбінен қалқып бетіне шыққан айғақ есебіндегілеріне қызығып оқып жатыр.

Оқып болған газеттерін асықпастан жинап, терезенің текшесіне қойып, екі қолын желкесіне қойып, шаңыраққа біраз қарап жатты да, орнынан тұрып асықпай киінді. Сүлгіні алып, жуынып келді. Айнаға қарады. Түймелерін салып, орындыққа отырды. Қағазға қара қаламмен сурет салды. Суретті ұқыпты салған жоқ. Сызбалап, «Басым ойлағанда, қолым бекер тұрмасын» дегенмен салды. Суретке қарап отырып:

— Асқындырып алған екенсіңдер, — деді де орнынан тұра беріп — Ақыры қайда барып соғар екен? Қайда барып тоқтар екенсіңдер? — деп сұрап, шекпенін киіп тұрып — Түзеу ше... Бұзу ше... Бүлдіру ше... деп өзіне-өзі айтқандай — Иә, кейінгілері жаман қораны қаптаған сорадай өскіш келеді, — деп артына қарамастан бөлмесінен шығып кетті.

Қара жігіттің бес күннен бері сыртқа бет алуы осы еді.

***

Қара жігіт төсегіне барып құлай кетті. Сұлық түсіп жатты. Әлде көзі ілінгендей болды ма, әлде ой билеп кетті ме, ол әйтеуір үлкен сапардан қайтқандай, оянғандай болды. Ол орнынан тұрды. Терезенің алдына барды. Ол Еділ бойында шұбырып жүрген ерсілі-қарсылы топты көрді. Ол оларды танымады. Олар оған су ағынымен қатар аққан адамдар ағыны болып көрінді. Қара жігіттің ойы алыста сағымданған елінде, туған жерінде болды. Қара жігіт өзі сезбестен Мәдидің әнімен жай дауыстап өлең айтты:

Немене көрген қызық көрмегендей,

Жоғары жауар бұлт өрлегендей.

Жігіттік көк семсердің ұшы емес пе,

Қайрап aл, қарсы жауға сермегендей, —

деп біраз тұрып:

—Бұл кімдікі еді? — деп өзінен-өзі сұрады.

Кімдікі екенін таба алмады. Тағы біраз тұрып, жаңағы әнге салып:

Атыңнан айналайын Қарқаралы,

Сенен бұлт — менен қайғы тарқамады.

Саяңнан сойғақ құрлы пана таппай,

Болдым ғой бір қуғын жан Арқадағы, — деді де:

—Иә бұл кімдікі еді тағы да? — деді ол.

Кімдікі екенін ол таба алмады, ұмытты.

—Не болса да дұрыс айтқан екен сабазың, — деп ол өзінің ұмытшақ болғандығын жұбатты.

Тоска! Тоска! Ты меня умертвляешь как самый сладостный и сильный яд! — деп қара жігіт терезеден қайтып келіп, орындыққа отырып, қаламды алды да жаза бастады. Қара жігіт ойына келгенді жазды. Ол ойын салмақтаған жоқ. Ол жазған жоқ — оның қаламы жазды. Ойын өзі айтпай, оның қолы айтты.

Мой образ в моем одиночестве — деп точка қойды да:

—Если бы я был настоящим поэтом... — я бы имел право написать:

Моя страсть таится — как жар в золе...

Мой гнев таится — как гром в грозе...

Мои слезы таятся — как дождь в туче...

Моя печаль скована — как вода во льду...

Моя радость — в сумерках предутренней зари...

Моя улыбка — в сияниях яркого солнца...

Мое горе — на дне тьмы-тьмище —

деп жазды дағы оқып қарады.

Тағы оқыды жазғанын.

«Осым орысша ма, жоқ па», - деп ол өзінен-өзі сұрады. «Жоқ, орысша емес» — деп жауап беріп, қателерін тауып, қарқ-қарқ күлді. Күлді де:

Мен күлемін, күлемін,

Мен күлмей неге жүремін.

Құсаланам, қайғырам,

Күлемін де, сүйемін де мен өлемін! –

деп жазды да, қаламын тастады.

Ол күлгенде, өзінің дауысын бірнеше күннен бері бірінші рет естіді. Өзін дауысынан таныды да:

— Молчание — самый древнейший способ общения (разговора)... Страшен тот гнев, который молчит, — деп кім айтып еді? — деп өзінен-өзі тағы сұрады.

Темекі тартып болған соң, екі қолын артына ұстап, ары-бері жүрді. Ойына өткен жексенбі түсті. Ап-айқын сергек ойлар бойын билеп кетті, бірақ ол бұл жолы орысша ойланды. Тағы бір темекіні тұтатты да, отырып жаза бастады.

Она.

Оның жазуын біразырақ өзгертіп, түсініп отырмын. Оның «Мен» деп жазғанын «Ол» деп өз атымыздан әңгімелеп айтпақпыз. Оның жазуына «Она» (Ол екеуі) деп ат қойдық.