Мухтар Ауезов. Карагоз. 2-нуска

ҚАРАГӨЗ

2-нұсқа

Төрт актылы, жеті суретті трагедия

ҚАТЫСУШЫЛАР:

Қарагөз — бойжеткен.

Сырым — ақын сал, 25-те.

Ақбала — Қарагөздің жеңгесі.

Жарылғап — әкесі.

Мөржан (семіз бәйбіше) — Жарылғаптың шешесі, 70-те.

Жабай — Сырымның әкесі.

Нарша — Қарагөздің күйеуі.

Асан — ақын сал, Наршаның күйеу жолдасы.

Матай — Наршаның жолдасы.

Дулат

Қоскелді Сырымның достары

Дәулеткелді

Дулат — ақын.

Текті құдағи — Наршаның шешесі.

Тойсары — бас құда, Наршаның ағайыны.

Егінші шал.

Балықшы шал.

Тойға келген әйелдер, қыз-келіншек, табақшылар.

БӀРӀНШӀ АКТ

Бірінші сурет

Жарылғап ауылының сырты, дөң асты. Кешкі мезгіл. Жартас, өзен, қайыңды тоғай. Қоңырлатып айтып келе жатқан ән естіледі. Үш жігіт шығады. Алдында домбыра тартып келе жатқан Асан бұлғақ.

Асан.

Баянауыл басынан бұлт кетпес,

Қиядағы түлкіге құсым жетпес.

Ақбоз үйдің сыртынан аттандырып,

«Қош ағатай!» дегенің естен кетпес.

(Артына айналып қарайды. Нарша мен Матай үндемей салбырап келеді. Асан көтеріліп.)

Уһ... кең дүниеге шығып сергіп қалдым ғой!.. (Жолдастарына.) Ой, шіркін!.. (Өлеңдете сөйлейді.)

Теңселе басқан тең жігіт,

Бейілі мырза кең жігіт;

Уа, бірің — жаға болғанда,

Бірің — берен жең жігіт!

Күйеумін деп сызылған

Жеңгелерге жем жігіт.

Неге мұнша налыдың,

Қайыспас деген ер жігіт?

Нарша. Асан, сен бұл күнде еркесің. Тұнығы бұзылмас айдын судың ақ құсы емеспісің; көңілге жақса — отырдың, жақпаса — ұштың, кеттің. Біз уайым айтып жүдетіп жүрмесек?

Асан. Жарқыным, бас алып, құлақ тігісіңді ұнатпадым. Сөз сарыныңда кейіс бар ғой, мәнін айтшы!

Нарша. Біздей жанның кейісі не болу керек, сезбеймісің? Қол-аяғым сау, басым аман, өзім жас. Ағайынның аялаған баласымын. Тоқпақ жалды торының үйіріндей қалың Досан бірімін. Өзімдей салтанатты қайныма келіп жатырмын. Қыз... қызық... думан, той. Тек сонда да менде арман бар. Саған соны айтпақпын. Менің дертім — Қарагөз...

Асан. Қарагөз! Қарагөздің ақ жүзінде мін бар ма? Оны хор жігіт олқысынбаса, кім кемсінеді? Ер жігіт арман етер алтын тақ, иран бақ Қарагөздей-ақ болмас па? Не мін таптың?

Нарша. Рас, Қарагөзде мін жоқ. Қарагөздің ақылы мен көркі мен түгілі менен зор хан-қара, би-төренің қайсысына болса да олқы келмес.

Асан. Енді не жетпейді? Қарауылдың асылы, күміс бәйтеректегі бұлбұлы Қарагөз болғанда, сен оның алған жары екенсің, не тілейсің? Мен ұқпадым.

Нарша. Қарагөз ақылымен, мінезімен тұсау салып тұр ғой маған.

Асан. Ой, тәңірі-ай, ақ батамен қосылған, ақ адал малы төленген, күйеуі ұрын келген қалыңдық қайтып қана, не деп қана тұсаушы еді сендей — нардай жігіт күйеуін?!

Нарша. Өзге кебін айтып не қылайын. «Көңілімді ала алмасаң, қарамасаң қабағыма, мені құшпайсың, маған берген малыңды құшасың»,— деді ғой.

Асан

Матай Бұл қалай дегені! Қандай сөз бұл?

Нарша

Нарша. Бәсе қай қалыңдық аузынан шығатын сөз еді? Бірақ сол сөз шықты ғой Қарагөздің аузынан.

Асан. Е, салмайсың ба тыйымды? Тартқызбайсың ба ондай қырсық мінез сазайын?!

Нарша. Қара күш пе, зорлық па?.. Зорлап құшам деп келдім бе мен өз жарымды.

Матай. Е. ата-баба жолы кәне? Тіпті не деп тұрғанын түсінбедім-ау осы мырзаның! Сазайын тарттырып, жазасын беріп салмаушы ма еді түзу жолға?

Нарша. Оған қалса — ашудан, қамшыдан оңай не болушы еді! Бірақ Қарагөз ол құралды алып тұр ғой қолымнан.

Асан. Қалайша? Бұл қалай болғаны?

Нарша. Ол сондай мінезді, биязы, нәзік. Бір ауыз қатқыл мінез қатаң сөз қатпастан, үзіліп-талған, өзек жарған асыл сөзбен, әйел баласынан өз басым көріп-білмеген сыпайылық әдеппен жүйкемді құртып тұрған жоқ па?.. Тек бірақ... әттең, бірақ сөйте тұрып сұлу Қарагөздің өзі және мені жатқа балады ғой. Жаңылмасам, жаным деген жақыны бар. Менің қайғым — сол ғой. Алған жардың көңілінде, талассыз, зорлықсыз еркін көңілінде бірдің өзі болмасам, маған тірліктің несі сән. Бұл келген, күйеушілеген келістің несіне қуанайын?!

Асан. Осы елдің сенімен бақ-талайын таластырар асылы кім? Соны айтшы маған?

Нарша. Кім екенін білмеймін.

Матай. Кім екені белгісіз. Бірақ соны білу керек. Сен таппасаң табар жан жоқ.

Нарша. Аты-түсі белгісіз болса да, бақ-талайы асқан дұшпаным бар.

Асан. Қарагөздің елінде атағы шыққан жас пері — Сырым бар. Ол жаланған ер, жалындаған ақын, салтанатты сал Сырым... Өз ауылы «тентек» десе де, ол сұлудың албастысы.

Матай. Сырымың не? Оны не деп айтасың?! Ол да Өсердің бірі емес пе?

Асан (жарыса). Рас, Сырым болуға қисын жоқ. Ол қыздың ағайыны. Аралары неше ата екен осылардың? Тым жақын емес те ғой өздері.

Матай. Неше ата болса да, Өсер ауылы бір-бірінен қыз алысқан емес қой.

Нарша. Және шоқтай тұтас бір үйір емес пе бұл ауыл?

Асан. Солай... Жеті атаға жетпей, қыз алысар бұлар емес. Оған жеткенде де құда болыспайды ғой мұндай ауыл. Ал тегі (ойланып), бұл елде Қарагөздің сол Сырымнан басқа теңі жоқ. Сұңқарың қарға шықпаса, арғымақ — жабы болмаса, Қарагөздей бәйтеректің басын шалар қанат-қияқ жоқ. Мен мәнісін білмедім.

Матай. Өзге біреуді айтпасаң, Сырым деудің орны жоқ.

Нарша. Сырым демеймін. Бірақ «мен» деген дос — сендерден тілейтінім — осы жарамның атын атап, тегін танып беріңдер! Қарагөздей тектіге кез болмасам етті? Кез болған соң, оңынан келсем етті! Мына шерді зіл-қара тастай көтеріп жүргенше, шыққыр жаным шықса етті!

Асан. Асыл жігіт, азба! Жасырынған жау жатағы табылар! Тек қана сыр ұшығын берік ұста! Аруағың әлі-ақ басады.

Жүріп кетіседі. Аздан соң сахнаға сәнді киінген бір қыз, бір келіншек шығады. Екеуі де жұқа қара жібек шапан жамылған. Қарагөз бен Ақбала.

Ақбала. Ұшығыңа жеткізбеген бір баласың ғой, әйтеуір. Наршаны менсінбейді дегенді жұртқа не деп айтарды білмеймін. Осы елдегі бас көтерген жас жігіттің талайы тоғыз-тоғыздан жолын алып, сенен бір ауыз жылы жауап әпер дегенде, жалғыз сөзге зар болып едік. Аяғыңа бір күн отыртқан жоқ едің. Қашаннан келе жатқан іс еді мұның? Сені жолдан тайғызған кім? Соны айтшы.

Қарагөз. Кім екенін айтпаймын. Осы жерде бүгін түсін көресің. Бұл істің басталғаны кеше ғана... Қара түнді жамылып, жан сырын ашысқанға бір-ақ жұма. Содан бері екі-ақ көрістік... (Пауза.) Бізді қосқан жай желік пен құмарлық емес! Саған айтар ең үлкен шыным осы.

Ақбала. Атын аташы, ол кім?

Қарагөз. Ұзақ сапарға аттанарда өмір бойға, бір жолға жеңгелік қарыз өте дейтін тілегім болса, сол осы!

Ақбала (тоқтап тұрып). Жасыңнан сырың өзге жансың ғой, Көзжақсым! Мені шегелемей қоясың ба!..

Бес-алты сал келе жатады. Ортасында — Сырым.

Көзжақсым-ау, мынау Жуас қайнағаның баласы ғой. Молда жігіт келе жатыр, ойбай! Бұлар бірдеңе сезген бе? Аңдып жүрмесін бізді? Әлде әлгі келетіндерді аңдып жүр ме?

Қарагөз. Шыдай тұр... Бұлар жаулық қылмайды...

Сырым бізге жау емес.

Ақбала. Не дейді? О да біле ме? Бұл тентек еді ғой, бірдеме деп, пәле бастап жүрмесін?

Салдар бұларға тура жүреді... Тегіс сәнді киінген. Қарагөз Сырымға қарсы жүріп.

Қарагөз. Сырым... Жүрегім!..

Сырым (құшағын жайып қарсы келе жатып). Қара түндей қасірет ортасында жалғыз шырақ-жарығым, маңдайдағы жұлдызым! Торға түскен ақ тотым... келші, күнім! (Екеуі құшақтасады. Салдар күле қарасып, қосыла домбыра тартып қалады.)

Ақбала. Көзжақсым, мынау ойының ба, шының ба?! Алыстан тапқан ба десем, жаңа көрдің бе осы тентекті?

Сырым. Ақбала, айыбыңды ал, жаным, тек жазғырма! Ол — Қарагөз, мен — Сырым. Қарагөздің Сырымнан артық жары болушы ма еді? Сәулемнің менен өзге теңі кім? Мен жылап жүріп тілеп алған.

Қарагөз. Жеңеше, Ақбала... сүйгенім Сырым болмаса, мен жалғызбын дер ме едім? Сенен көмек сұрар ма едім?

Ақбала (төмен қарап). Білмедім, шырағым... Тек әжең мұны қарғағаны қайда?

Қарагөз. Әжемнің қарғағаны жетістіріп пе еді мені?

Ақбала. Тек түбін өзің біл, Көзжақсым!..

Сырым (Қарагөзге). Ақбала да біздік екен ғой, сәулешім! Сен жалғыз емессің! Салдарым, Қарагөз әні кәне?!

Ақбала төменде, Сырым мен Қарагөз құшақтасып тас басына

өрлейді.

Дулат (өлеңдете сөйлеп).

Күзетші біз отырған сыртта барлап,

Маңайда дұшпандар жүр жындай сарнап.

Екі асық, ынтық болған мұратқа жет,

Жау жатсын іші күйіп онда зарлап!

Қошемет сөз айтамыз сендерге арнап,

Қостайды салдар сізді асық жарлап.

Мақұлдар теріс десе, жолын алсын,

Береміз қалы кілем, қара нарлап!

Сырым күрсінеді. Салдар Ақбаланың айналасына жиналып, ақырындап ән салып отырады.

Сырым (Қарагөзге). Көрмесем деген зауал шаққа жетем бе? Не боламын сонда мен?

Қарагөз. Қайран, Сырым, жан Сырым!.. Жат тағдыр жат ететін шаққа жеткізді ғой мені саған.

Сырым. Не дейсің сен, Қарагөз? Арыздаса келіп пе ең менімен? Айрылысар шақ жетті деп тұрсың ба?

Қарагөз. Менде ерік қалды ма?

Сырым. Солай деп көнбіс боласың ба? Өртегелі келдің бе мені?

Қарагөз. Бірге өртенгелі келсем ше?.. Бізден аяған от бар ма?

Сырым. Соның үстіне өзің де көнермен боп, менің көңіліме тағы бір от тастап тұрған жоқсың ба?

Қарагөз. Жаным, Сырым қызғанышың балалықтай ғой.

Сырым. Я, мен қызғанамын. Мал қызғанбаймын, жер қызғанбаймын, жанып кетсін дүние-мүлік, барлық тірлік — бірін де қызғанбаймын! Бірақ бір сені бар әлемнен қызғанамын, бар дүние көзінен қызғанамын! Қорғағым, қоршағым келеді қанатым астында. Бөтеннің көзінен де қызғанамын. Бұл қызғаныш—табынатын тәңірім бүгін дәл менің! Сен не деп тұрсың? Менен сені айыратын жанның жазығы жоқ — Наршада айып жоқ демексің бе?

Қарагөз. Ол жанның дәл өз басында, шынымды айтам, әлі мен айыптар сұм-сұмдық мінез көргенім жоқ.

Сырым. Не дейсің, Қарагөз?! Қайтіп қана, қандай ғана отқа өртеп тұрғаныңды білемісің сен мені? Одан да салсаңшы мына сапыны менің жүрегіме!

Қарагөз. Олай деме, жаным Сырым!.. Менің бар дүниеден бөліп-жарып алғаным — бір ғана сен өзіңсің? Қандай азап көрсем де, қай қайғыда тебіренумен жүрсем де, жүрегімнің түбінде құпия боп тығылған жалғыз бір сәулем бар. Өз ішімде жанған сол күнім, сөнбес жарығым бар. Әр қайғыда, қауіпте, әр түрлі қыспақта «сол жарығым, сәулем бар ғой» деп күйінген жаныма жұбаныш табам... Соным — өзіңсің, сен ғанасың! Бірақ Наршаны кінәламаймын дегенім — айтқаным айтқан. Ол топас болса, озбырлық, зорлық, қара күш иесі болса, оңай еді барлық емі. Ол мені өзгеше бір момындық, жуастық майдалығымен тұсағандай болады (Екеуі айналып кетіп қалады.)

Дулат (Ақбалаға иіле беріп). Жаным-ау, әлі осы мен ай қарап тұрмын ба? (Өлеңдетіп.)

Күндіз-түні шарлап,

«Қыз-қыр-ай» деп жас парлап,

«Ақтамақ» деп жыл сарнап!» —

жүргендегі іздегенім — осы отырған Ақбала... Бәйтеректей жапанда, жалғыз біткен тақбала... емес пе еді? (Аймалайды.)

Ақбала. Адасып жүріп айға бата қылғандай, аяқсыз жүріп кез келгеніңді мен қайтейін (Құшағынан босанады.) Біз десең, бұрын көрмеп пе ең! (Күледі, Бұл топ сейіл қып құшақтасып өтіп кетеді.)

Сырым. Мен бұл шаққа дейін сағым қуған Сырым едім. Тек сені ғана тапқаным өмір таңым атқанын, ашық арай алтын күнім туғанын аңғартпап па еді маған? Кеше ғана сәтке ғана адасып жүрген жанымның бағы ашылып, күні туыпты. Сен емес пе ең сол жаным тапқан жәннәтім? Содан бері мен түк дүниені көрмеймін де сезбеймін. Бар-бар айналадан бір сені, сені ғана көремін. Мен сені үнемі көрем — далада, ауылда, қара түнде, иесізде, айдалада, елсізде, әрбір салған әнімде, тартқан күйімде ұдайы кез алдымда өзіңсің! Қарайсың да тұрасың... Солайсың сен, ару Қарагөз! Қарагөз ару асығым!..

Қарагөз. Есіл Сырым!.. Сен осындай болмасаң, мен мұндай зарлық болар ма ем?!. Жаңағы бар сөзің — менің аузымнан шықпаса да, жаныммен күнде құпия сыбырлап, жалбарына айтын жүрген жайларым ғой! Кеше ғана сыр ашысқан сорымыз да!

Сырым. Сені қара түнде, ақ боранда, қатер үстінде ажалдан айырғанда, адасқан далаңнан тапқанда, «енді айрылмас боп табыстық» демеп пе ем мен ішімнен!

Қарагөз. Маған да сен болмасаң, өзге кісінің басы қайғы болар ма еді?

Сырым. Маған барыңды айтын кет. Мені неге келтірдің? Кешегі қорғаншақтық болса, неге шақырдың бүгін мұнда?

Қарагөз. Сағындым, көргім келді, ынтыға сағынамын. Есім кете сағынамын, жан құштарым! Сол үшін шақырттым... Әйтпесе менен бір ой шығады дедің бе?

Салдар қайта келеді.

Дулат (өлеңдете сөйлейді).

Ақбала, мен қайтейін қабағыңды?

Әлі де ұмытқам жоқ баяғыңды.

Ұрысып келген сайын дарытпайсың,

Басасың қашан түзу аяғыңды?

Ақбала, мен кенейін тамағымды,

Ұмытам сендей қайтіп қарағымды?

Еріттің, елжіреттің, қызықтырдың,

Жан жанан, өзіңдей жан жананымды.

Өтіп кетіседі.

Сырым:

Сен менен кетсең, —

Антым болсын осы сөз:

Жас тілегім, құшағым,

Бірге кетсін сенімен!

Сол тірідей өлгенім,

Шала жанып сөнгенім.

Сенсіз маған дүние тұл,

Өрттен қалған денем құл,

Өртеймін десең өзін біл!

Сенсіз қалған Қарауылдың жайлауы көр. Жарық айлы түн, жұлдызды жарық кеш неге керек сенен соң?!

Салдар оралады.

Дулат (Қарагөз бен Сырымға сөйлейді).

Жас өмір сылдыр-күлдір әлі-ақ өтер,

Қызығың бірі қалмай, бәрі кетер.

Бүгінгі алмадайын Қаракөзім,

Сол күнде күйің не боп, күнің не етер?

Қарағым, көп күрсінбей сөзің бітір,

Күткен көп үйге қайтар кезің жетер.

Өтіп кетіседі.

Қарагөз. Мал бергеннің жетегінде кетіп, іші өртеніп зармен өткен қазақ қызы аз ба?.. Малға балап, батамен матап, мені де осылай көп қыздың бірі етіп қор етер деп ойласамшы осы шаққа дейін сорлы басым? Маңдайыма кеп тас тигенде — енді ғана бар қазасын, шер жарасын аңдаппын. Бүгін ғана сенің жаныңда, аяулы асық жарым жаныңда осы дүние сұмдығынан үркіп тұрған жүрекпен бауырыңа тығыла тұра айтарым: лағынет, лағнет болсын сол қызықсымақ, сауықсымағына!

Сырым. Қостадым, жаным, жаныңмен үріккен зарыңды!.. Лағынет, лағнет болсын сені тұтқын етем деген қаралық малы, арам малы, қалыңмалына! Қаңғыманың алды осы түннен басталсын!..

Қарагөз. Жоқ жаным... Атама оны!.. Сен ертең мені ұзатқан жерге келесің. Тіпті мені барар жеріме де апарып саласың. Әйтпесе бір емес, екі өлгенім...

Сырым. Жоқ... жоқ!.. Менің бармағаным артық! Мен елдің қызығын бұзып кетермін. Жаралы жас аюдай, дұшпан атаулының беті-басын жаралармын, мені босат!

Қарагөз. Мені сен апарып салмасаң, көзім жасын кім тыяр? Қайғылы басым кім сүйер? Тілеймін, жаным!..

Сырым (ойланып тұрып). Олай болса, жарайды! Біз келерміз (Қарагөзді сүйіп айырылуға айналып.) Қарағым-ай, Өсерден неге тудың? Тумағыр. басым неге тудым алтыншы атам Өсерден?! (Қайғырып тұрады.)

Салдар шығады. Ақбала мен Қарагөз кете барады.

Дулат (Сырымға). Не деп жүдетіп кетті Қарагөз?!

Сырым. Қарагөз шыдамады. Біздің енді не боларымызды құдай білсін. Бірақ Қарагөзді Досан ауылына апарып салатын болдық. Ертең — той, айтылатын «жар-жар» бар. Қарагөздің кетер күні Қарауылдың елі мен белін күңірентіп неге кетпейді?

Дулат (бекініп). Бәсе, Қарагөзімізді әкететін жауларға, тым болмаса, бір оқ атып қалайық. Барып-барып жығылмас па екен? Әкетсе де, соққы жеп кетсін. Неге қарап қаламыз?

Сырым. Рас айтасың.

Қоскелді. Бәрекелді, жақсы болды. Тілді безеп бір бағайын!

Дәулеткелді. Өзіміз Қарагөз кетеді дегелі жабы болып бара жатыр ек. Сілкінейікші бір!

Сырым. Жә, біздің жар тек болмайды. (Көтеріле серпіліп.) Біздің өлең:

Қарагөздің жанына

Жара салған жарына,

Күңіренткен зарына...

Дулат (іле).

Қайғылы болған халына,

Айырбас болған малына.

Қоскелді.

Артта қалған ағайын —

Туғаны мен барына...

Сырым (басын изеп)

Назалана, налына,

Бетін ашып тарыла.

Сөйлеген сөзін жыр қыламыз. Осыған тіл безеңдер (Аз тым-тырыс.) Егес болса — егес. Мен Қарагөзден қалмаймын. Күдерімді үзбеймін әлі де. (Салдар қосылып, ақырын әндете.)

Бәрекелді, сал Сырым,

Көрсетсеңші сән түрін,

Тарқатсаңшы ой кірін;

Айтушы едің сен бұрын,

Шырқатсаңшы ән бірін!

Сырым.

Баста олай болса, «Қарагөзге»!

Бәрі қосылып ән салады.

Серінің қыз құтылмас талабынан,

Қалқатай, бір сүйгізсең тамағыңнан.

Жеңгетай, тоғыз торқа толып жатыр,

Сілкіп ал шалбарының балағынан!

Қарагөз айым!

Қалдың кейін!

Кеткенде сен алысқа

Зар еңірейін!

Кетіседі.

Асан (жалғыз шығып, өлеңмен сөйлеп).

Қара шапан жамылып,

Қыз кетеді бір жаққа.

Ән шырқатып қағынып,

Сал кетеді сол шақта.

Салқын кеште сейіл ғып,

Кім келеді бұл тасқа?

Жолығуға ыңғайлы

Болғандай-ақ мұңдасқа

(Таңданып.)

Мәні-жөнін ұқпадым,

Сонда да мұнда сыр басқа.

Ойланып тұрып, ақырын ысқырып жүріп кетеді.

Шымылдық.

ЕКӀНШӀ АКТ

Екінші сурет

Той күні. Бір топ әйел оқшау тігілген отауды көріп жүр.

1-әйел. Қыздың отауы осы ғой. Анау дөдегелерінен танып тұрмын. Ұзынтұра қайнағаның бәйбішесі істеген. Ӏші қандай екен, кірсек қайтеді? (Үйге кіріседі.)

3-әйел. Алған малым түгел жұмсаймын деп отыр десіп еді семіз бәйбішені.

2-әйел. Түгел жұмсап құтырып па? Онда қыздан олжа қылғаны қайсы?

1-әйел. Бәсе, «бұл ауыл қыз сатумен байыған ауыл» деп сөйлейтін қауесет бар ғой.

3-әйел. Бәсе, тегін болмас сол сөз. Пәлен-батыр мол жасауы көрінбейді ғой.

1-әйел. «Бұл жолы бермеймін, жасау-жабдығы дайын емес», — дескен екен. Қарагөздің наразы боп жүргенін сезіп, тоқтатпай беретін болыпты ғой.

2-әйел. Қарагөзді жолдан аздырып жүрген кім екен, ей?

1-әйел. Досы кім екенін білген жан жоқ дейді. Әйтеуір мына күйеуге ырза емес деседі.

3-әйел. Көрейікші күйеуін! Бұл үйді «жар-жарға» дайындап қойған-ау, тегі.

2-әйел. Қыздың «жар-жарын» кім айтар екен?

1-әйел. Жүр ғой осында салдар. Сырым да жүр екен. Бұл жолы қайтер екен? Өзгенің қызын ұзатарда «күйеуіне ырза емес» деп, қайдағыны айтушы еді. Айтқыш болса, Қарагөздің наразылығын айтсыншы, көрейік!

2-әйел. Сырым тайсалар деймісің? Бұл күнге шейін ой-қырына қарап көрген жоқ (Тамсанып.) Осы біртүрлі-ау өзі. Бетің бар, жүзің бар демейді.

3-әйел. Мен тіпті жүзіне қарауға шыдай алмаймын кейде. Тек бір алмасы бар сияқты.

2-әйел (күліп). Құрып қалғыр, қызығып жүр екенсің-ау!

1-әйел. Қызықса — несі бар. Жас болмап па жұрт?

Табақшылар өтіп жатады.

1-табақшы. Ей, қатындар, кісісі жоқ үйді айналдырғанша, ана ізденіп отырған жігіттерге — күйеулер үйіне барсаңдаршы!

2-табақшы. Тым-ақ мөлдіреп тұр екен. Бұларды кім керек қыла қойсын?

2-әйел. Етіңді тасы жөндеп. Саған жігіт тауып бер, басымызды өткізе алмадық дедік пе?

1-әйел. «Жігіт қарамады» деп саған жалындық па? Сұқсырдай неме! (Күліседі.)

3-табақшы. Бүлінбей-ақ қойыңдар. Сендерге де өліп-талып тұрған кісі жоқ. Не қылсын өңшең ашамайдай қып арса-арса кәріні!

Бұл топ кетіседі. Екі келіншек ерткен Ақбала келеді.

Ақбала. Ол жібекті мына шымылдыққа іл, оңайға қой, жар-жаршы қыздар жамылады.

1-келіншек. Жігіт жағынан «жар-жар» айтатын Асан болады. Ол бір самар көрінеді. Қыздар ештеңе айта алар ма екен?

2-келіншек. Е, айтпай, бүгін туып па? «Жар-жарды» Еркемнің өзіне айтқызса, Асанның әдібін қолына берер еді! Ұзатылатын қыз болған соң, иба қылады ғой. Болмаса, Сырымнан екі елі айрылмай, өлең мен ән үйреніп, ойын-тойда тамам қыздың алдына түсуші еді.

Ақбала. Олар үшін айтатын кісі табылар. Молда жігіт дағдысынан жаңылмаса, жігіттерге қосылар деймісің!

1-келіншек. Әжемнен қаймықпаса, ұрсады деп!

Ақбала. Қаймығатын кісіні тапқан екенсің!

2-келіншек. Япыр-ай, әжемнен бай ауылының бар еркегі осы күнге шейін қорқып, сыйлап тұрады. Сырым неге соларша именбейді?

Ақбала. Жас күнінде өз шешесі өлгеннен бері жат бауыр болып кетті дейді ғой.

1-келіншек. Болса болар-ау! Өзі мына шешесінен өгейлік те көріпті ғой бала кезінде.

Қолында таяғы бар, жуан, семіз бәйбіше — Мөржан шығады. Жанында күтуші қыз.

Мөржан (отаудың есігінен қарап). Болдыңдар ма, түге? Ақбала, мұндамысың?

Ақбала. Болдық, әже!

Мөржан. Тысқа кілем әкеліп жайыңдар! Жұрттың бәрі үйге сия ма? Қарагөз аттанғанша, күйеулерді төбеңнен тік жүріп күт! Қарагөз қайда өзі? Ол үйінде неге отырмайды? (Ақбалаға оңашалап.) Мен бір суық естідім. Осындағы қатын-қалаштың аузына да жайылыпты. Ол тағы не сұмдық? Сен білуші ме едің? Ауылға, аруаққа нұқсан келтіретінін ойлаймын деймісің сен? Сезгеніңді айтпай, ішіңе тығып жүрсің-ау, дәу де болса!

Ақбала. Несіне тығайын. Көзжақсымның ырза еместігі Наршаға да мәлім болыпты. Білгенмен, мен қайтейін?

Мөржан. Нарша да біліпті дейді? Шынымен-ақ менің асыраған балам жаманатты болғаны ма? Мұның не білген ойы бар? Шақыр мұнда Қарагөзді! (Қыз кетеді.) «Жетім қозы — тас бауыр» деп, қанаттыға қақтырмай, туған шешесін жоқтатпаймын деп келсем де, бар қадір-қасиетімді басқа тепкені ме?! (Ақбалаға.) Мұны бұзып жүрген кім? Наршадан асып тапқаны қайсы, менсінбегенде?

Ақбала. Әже, «Наршаны жақтырмады» дегені болмаса, басқа бір кісі бар деп ешкім ешбір сөз айтпайды. Мен де түк білмеймін.

Мөржан. Я, сенгенім-ақ!.. Соның сенен жасырын қоймасы бар шығар! Баламның ойын бұзатын әзәзілді иіскемей-ақ білемін. Жеңгемін деп қас істемейтін істі сен сияқтылар істейтінін сезбейтін шығармын!? Тек қонақ аттансын, тап сенің ініңе су құярмын, бәлем! Білдің бе?!

Көп қыз-келіншек нөкерімен, сәукеле киген Қарагөз келе жатады.

Қарағым, неге жүдеусің? Мынау отауыңа «ұзағынан сүйіндір» деп оң аяғыңмен аттап кір. Атаң — күйеу, анаң — келін боп тілеу тілеп кірген ақ күмбезі осы болар!

Қарагөз кірмей, үндемей тұрады.

Кір, жарығым, жасық боламысың, шіркін, әлде немене?

Қарагөз. Әже-ай, кірерміз де, шығармыз да. Оның несін ырым қылдың? Қай қыз «сапарымды оңда» деп тілеу тілемейді дейсің? Соған қарап бағы ашылар болса, кім тілемес? Жылы ұядан шығып, жат қияға кетіп барам, одан да батаңды берсеңші!

Мөржан. Менің бата бермей жүрген балам ба.едің сен?.. Ана сүтті, ақ батамды ақтамасаң — саған серт, тілеуіңді тілемесем — маған серт! — дегенім қайда? (Пауза.) Басқан ізіңнен сынайтын жаттың ортасына барасың, сақ бол! Өркөкірек қып өсірген өзім едім, өлшеуіңнен аума, жаным!

Қарагөз. Әже, мені бір шаруаға шақырттың ба? Әлде бір айтпағың бар ма еді?

Мөржан. Иә, қарағым, айтпағым бар екені рас. Сенде осы қызығын қызықтағысы келмеген жадаулық бар дейді. Мен сенің жолыңда жаным шықсын деген анаңмын. Саған жаманат тағылғанша, менің кәрі басыма ол қайғыны салғанша құдайдың алғаны артық деп жүрген адаммын.

Қарагөз. Мен сонша жаманатты болыппын ба? Не істеппін?

Мөржан. Сенің қабағыңа қарап, Нарша да жүдеп отыр дейді. Оның да көңілі сынық сияқты маған. Осыдан артық сұмдық бола ма? Бұл ма еді менің күткен күнім? Осыны тойға жиылған өсекші қатындар тобы сусылдап, ордалы жыландай ысқырып өсекке таңып, жұртқа жайып барды дейді. Қарағым, мен сенен мұның жай-жапсарын сұрамаймын.

Қарагөз. Неге сұрамайсыз? Мені бұл болмаса — құл болсын дегеніңіз бе? Әйтпесе қызының күйін шеше сұрап білсе, мін болар ма еді?

Мөржан. Жоқ, жаным, маған сұратпа! Маған ол күйігіңді тарттырма! Осы білгенім де жетер. Шешеңнің ауыр салмақ көтерер сиқы жоғын ойла! Мына тойыңды қуанышпен өткіз! Жабығып, жасытпа жолдасыңды. Ондағы мен мұндағы еліңнің жүрегін мұздатпа!

Қарагөз. Кім болса да қолынан келгенін істер...

Мөржан. Балам, жоқ сұмдықты бастама! Жұрттан естіп жатқан суық сөз де жетер! Салғыласпа енді менімен! Болды енді, үйге кір!

Қыздар үйге кіреді. Күйеулер тобы шығады. Бір бөлек құда-құдағилар.

(Мөржан Наршаның алдынан.) Қарағым Нарша, ұзағынан сүйіндірсін! «Қыз алғанша — қайын жуан, қыз алған соң — күйеу жуан» деген! (Күйеулер тәжім етеді.) Енді Қарагөзім де бір, сен де бірсің. Екеуің де қара өзегімді қақ жарып шыққан баламсың. Келші бермен! (Наршаның маңдайынан сүйеді.) Өмір-жастарың ұзақ болсын, қарағым!

Текті. Құдағидың мейірімі түскен бала еді Қарагөз. Нарша екеуі тек ақ батаңды ақтайтын болсын!

Жарылғап. Кемпір шешенің содан артық не тілегі болады? Бәріміздің де тілегіміз сол болсын!

Тойсары. Ақ батасын беріп, адал тілеуін тілеу — ата-ананың міндеті. Көл болған көп тілеуін тілеу, орындау — адал туған ұл мен қыздың борышы.

Мөржан. Балаларым, кеудеңде санаң болса, үлкеннің тілеуі де, батасы да осы болар!

Жарылғап. Кәне, ойындарыңды бастаңдар!

Дауыстар. Иә, енді ойын басталсын!

— Ойын басталсын!

— Жаршылар, шығыңдар кәне!

— Қыз-келіншек күтіп тұр!

Күлкі. Салдар мен ел жігіттері бөлініп шығады.

Жар-жар болса, жаршы біз,

Айтысам деген ақын қыз

Бой көрсетсін тығылмай,

Сауығыңа мақұлмыз.

Тәтті ауыздан дем кетпей,

Қысылып маңдай терлетпей

Айтысам десең, бастаймыз.

Тыңдаушыны шөлдетпей!...

Қыздар сыбырласып, жібек шәлі жамылып, төртеу-бесеуі топтанып, босағаға таман келеді. Сахнаға көп жолдасымен Сырым шығады.

Бәрі сәнді салдар.

Асан (өлеңдете сөйлеп).

Дауыстар. Салдар, салдар келеді! (Жол беріседі.)

Асан (Сырымға). Қай топқа қосыласың?

Жарылғап. Қай топқа қосылғаны несі? Бұл еркек емес пе, еркекке қосылады да.

Мөржан. Оны істесе, Сырым бола ма?

Сырым (өлеңмен сөйлейді).

Күлген кісі күлер,

Күлмегенің түнер;

Тілі орамды ілер,

Мұндайда ақын бір түлер;

Түлегенде не дер —

Оны Сырым білер.

Жалғыз-ақ топтан тілек бар:

Тентек атты Сырым ғой,

Не сөз айтса албырта

Қайнамасын жігер!

Дауыс. Әй, байғұсым-ай! Жүрек шерін тарқатар көсем серкем осы да!

Сырым жолдастарымен үйге кіреді. Үлкендер ұнатпайды.

Мөржан (Жарылғапқа). Осы сияқты ыбылыс-жынның жүрісін көрмесем деп ем! Бүгінгі күн тағы кез келтірді ме?

Жарылғап. Оның-дағы жүргені аруақтың арқасы шығар. Қайтушы едің жатша қуып, жат бауыр қып қайтесің?

Мөржан. Мен қойдым... Бірақ бұл жүрген жерден береке шықпайды. Айтпадың деме!

Сырым (Қарагөзге). Қалқашым, мен бүгін текке қалам деп келгем жоқ. Баласы жауға тұтқын боп, өзіне оқ тиген жаралы жыртқышың — мен бүгін. Сені қамаған топты қуанта алмасам, — ұрыспа!

Қарагөз. Мен сөзімді айтқамын, Сырым. Именерім жоқ. Өзің біл!

Асан (тобымен «жар-жар» бастайды).

Жар-жар айта біз келдік, еркем, сізге, жар-жар!

Айтысқан сөз жарассын сіз бен бізге.

Қуанышты тойыңды құттықтаймын,

Тілеу тілеп алдыңнан үй мен түзге, жар-жар!

Еркелетіп өсірген бетін қақпай,

Жар атын да айтпаған зорын таппай,

Көп тілеулес ағайын ортасында

Бетін аштық сол сөздің келген ашпай, жар-жар!

Сырым (өз тобымен).

Жар жақсы деп жаршылар көп айтады, жар-жар!

Өмір көркі жарменен деп айтады.

Жігіт айтса — күлкімен айтар сөзін,

Қыз жыласа уайым жеп айтады, жар-жар!

Мен жырласам — жылаймын қайғымды айтып, жар-жар!

Ӏштегі өртті тығамын айтпай қайтып?..

Мөржан (шыдамай айқайлап). Кер кеткеннің аузынан кеселді сөз шығады деп. Сырым айтып тұрған сөз ғой мынаның бәрі...

Тойсары. Ұрыспаңыз, бәйбіше, бұ да біралуан сөз шығар. «Жар-жарда» әйел бала «ырза болдым» деген сөз сөйлеуші ме еді, тәйірі? (Асанға.) Кәне, сендер неге тұрсыңдар? Айтыңдар!

Асан (тобымен).

Лайық шығар айтқаның ойда барды, жар-жар!

Не күйдірді, не жақты, көңілді алды?

Қандай шермен жас жүрек қапаланды,

Нені сүйіп, не нәрсе қайғы салды, жар-жар!

Сөйтсе-дағы мына күн — тілеу күні, жар-жар!

Қызық ет деп тосады ендігіні,

Қуанышты халайық арасында,

Шығуына орын жоқ зардың үні, жар-жар!

Сырым (тобымен).

Қуанышты күн болса — тілеу болар,

Тілететін тілекті тіреу болар;

Қуаныштың орнында қайғы болса,

Көңіл баяу, көз мұңды жүдеу болар, жар-жар!

Бүгінгі күн түрленген қынаулымын,

Айналамда көз де көп сынаулымын;

Ӏштегі дерт сонда да шықсын сыртқа,

Ырзалық жоқ мен зарлы жылаулымын, жар-жар!

Үлкендер қобалжиды.

Мөржан. Уа, мынау менің баламның сөзі емес! «А, құдай, оң сапарын бер, жолымды қыл!», — деп тілек тілеудің орнына, менің балам мұны айтпайды, бүйтіп азбайды. Жаңағы сөз — Сырым сияқты жынның сөзі. Оның адал ниет ақ батамен жұмысы бар ма? Шығарт бүлікті қарағымның қасынан! Ойын деп тұр ма, баламның тілек тілейтін сапарын?! Нені көкіп тұр өзі?!

Нарша (өз тобына). Шығар сөз шығып қалған соң, бүркенгенмен бола ма? Қайғылы — жалғыз Қарагөз емес, Сырым да қостайды екен. Екеуі қосылып айтқан соң, тыңдамасқа бола ма? Асан, айтқыза бер, арманымыздан шығып, тыңдап қалайық.

Сырым (Қарагөзге). Атқан оғым тиетін жерлеріне тиіп жатыр. Менің ендігі жұбанышым осы-дағы (Өлеңмен сөйлейді.)

Жаралауға жарасаң, —

Мұратыңа жеткенің!

Сайрап жүрген ол бұлбұл

Ерігі жоқ болды құл.

Ойланып артқа қарасаң —

Енді болдың сен де тұл!

Ерке тоты кеткенін

Аза салып қайғы қыл!

Жырла да жыла соны біл!..

Асан (жалғыз сөйлейді).

Тағы айтамын жылаудың орны бар-ды:

«Жар» үстінде шығармас іште зарды.

Ауру асыл болғанда, ойламас па,

Уақыт тығыз болғанда, орын тар-ды, жар-жар!

Сырым.

Басалқа сөз, өсиет кеңшілікте, жар-жар!

Ежелден менің басым кемшілікте.

Жиын-той бәрімізге бірдей болса, —

Мен де ортақ қолға тиген теңшілікке, жар-жар!

Мөржан. Жә, тоқтат енді, бүйтіп айтқан «жар-жарың» құрысын! Сол Сырымға қосылып тұрған әйел кім? Соны айтыңдаршы жалғыз-ақ маған?

Текті. Қой енді, мұнан арғыны тыңдар менің де жайым жоқ! Қарагөз айтса да, Сырым айтса да — жетер осы сыйымыз.

Тойсары. Ендігі ойынын балалар мен жастар өздері ойнай берсін. Біз үй жағымызға барайық.

Бұлар Асанмен бірге шыға береді. Сахнада, Мөржан, Жарылғап, Жабай, Сырым қалады.

Мөржан. Ей, Сырым, бермен кел! Кел алдыма! Жөніңді айтшы осы сен! Көзіме айт! Мына Жабай — сенің әкең, "Жарылғап — Қарагөздің әкесі. Мен Қарагөз бен Жарылғаптың шешесімін. Сенің өзің түгіл, әкеңе де шеше орнындамын. Исі, садағаң кетейін, Өсер аулында — құдай кешсін айыбымды, аруағымның атын атап отырмын келін басыммен, — арылайын деп отырмын, — сенің ішіңде жүрген қандай шер-шеменің бар осы? Атап берші сол арманыңды?

Сырым. Менен не тілейсіз, бәйбіше? Нені айтқызбақ боласыз?

Мөржан. Барыңды айт деймін! Сен кім? Саған осы Қарагөз кім, соны айтшы?

Сырым. Мен Қарауылдың жігіті, Қарагөз — Қарауылдың қызы, ардагері де аяулы сұлуы.

Мөржан. Сол-ақ па айтарың? Одан бергі атаң — Өсердің атын ұмытып тұрсың ба?

Сырым. Уа, ұмытқам жоқ, өлсем — ұмытармын ба, шеше! Отыз ауыл Өсердің он қос жылқысы бар, соның, кем қойса, бес қосын осы Қарагөздей асыл ару, балапан балаларын сатудан жиған! Соны айтайын ба?

Мөржан. Тілің кесілсін сенің! Малды ауыл бопты, со да жаман боп па?

Сырым. Жаман деуге кімнің аузы барыпты? Осы отырған семіз бәйбіше — дәл өзің жылатып берген қыздың саны да Қарагөзбен тоғыз бопты. Соны айтайын ба?

Мөржан. Бар Өсерден танығаның, тапқаның сол-ақ па? Өзің қайдан шықтың, көргенсіз?!

Сырым. Ә... аталас дейсіз ғой! Арғы баба Өсерден бері Қарагөз екеуміздің арамыз алты ата. Санап берейін бе оны да әлде?..

Мөржан (Жарылғап пен Жабайға). Естідіңдер ме мынаның сөзін, бұл заманның сұмдық бастар ұлының тілін?!

Жарылғап. Апа-ау, алты ата екені рас емес пе? Соны айтқаны да сұмдық па?

Мөржан. Сұмдық!.. Мен мынау Жабайдың шешесін «Ақ жеңеше» дейтұғым. Әкесін «Момын қайнаға» дем келем... Төрі түгіл, отының басынан ұзап көргем жоқ олардың. Бес ата, алты ата айырушы ма еді сендерді?!

Сырым. Аталас болса қайтеді? Алты атада қыз алып, қыз да беріспеуші ме еді?

Мөржан. Жеті атадан бері қай қазақ қыз алысып еді. Сұмдық қой мынау! Не пәле, не қаза көрдім мен бүгін! Кірсемші мен қара жерге!

Сырым. Ой, жарықтық бәйбіше, мұсылмандық шариғатыңыз алты ата түгіл немерені де қосады. Арада малмен шырмап, «бата» деп матап отырмасаңдар, Қарагөз маған, мен; Қарагөзге бұйырған болсақ та кәпір қауымында өтпес ек қой!

Мөржан. Тілің құрсын, жолың құрсын сенің!

Сырым. Менің жолым ендеше ол да емес. Сол қырсық бата, қарғыс қалың мал жылатып зарлатқан Қарауыл қызының тегіс қара өзегін қақ жарған қам-қайғысын жыр еткен, жар еткен Сырыммын мен! Қарагөз тұсында да солай еттім, солай еттім міне!

Мөржан. Жабай, Жарылғап, көрдіңдер ме мынаның сұмдық тілін, сорақы тілін?! Осы тілін кеспесең, аруақ атсын екеуіңді бірдей! Мен тіріде жаңағы Сырым аузынан шыққан сұмдықты енді қайтып Өсер баласы естімейтін, білмейтін етіп жерге тық! Тыйылмаса, тартынбаса — мына тұрған Сырымды бірге тық, бірге көм!

Жарылғап. Сырым, естір сөзді сен де естідің, біз де естідік. Исі Өсердің асқар таудай ақ шашты, аруақты анасының аузынан естідік. Жабай, сен екеумізге де бұл сөз жеткен болар, не дейсің?

Жабай. Мені тірі отыр деп отырсың ба осы күнде? Сырымның тағы бір өлтіргені десеңші мені! Кәрі әже айтқаныңнан, аузыңнан садаға кетейін! Лебізіңмен өлейін. Міне менің қос қолымның еркі өзіңде, құлдық, ана!..

Мөржан (Сырымға). Қуарған ұл, кет енді аулымнан! Қарамды көрме, жолама! (Тұрып кетуге айналады.)

Сырым. Бәйбіше, мен жалған сөз айтқам жоқ. Жарылсаң да және айтам: айтылған сөздің бәрі рас!

Нарша шығады.

Нарша (Сырымға). Сырым, сенің жалынды сөзіңді ажалдыға кез келсін деуші еді жұрт. Бірақ шарай топтың көзінше пұшпағынан ілінген ажалды киік мен болам ба? Азалы, қайғылы — жалғыз Қарагөз емес, сен де арманда дейім бе, мен не дейін?

Сырым (салқын). Шырағым, мені шенеп қайтесің? Жол мен жөннен адасқан әуре жанмын мен. Менің елім — жылаған қыз бен соның көз жасын жырлаған жігіт; тіл алсаң — мені қажама! Сенімен шиеленіспей-ақ қояйын.

Нарша кетеді. Жабай шығады.

Жабай. Әй, Сырым, бері кел!

Сырым (тақап). Не айтасың?

Жабай (ашулы). Не айтатыным сол: әке-шеше болып айтқан сөзім даритын болса, сен мына бейбастықты істемес едің ғой! «Әке не дейді?» деп қымсынудан кеткен екенсің. Жатқа істеген ісің белгілі еді. Бүгін күйінген кісі боп келіп, Қарагөзге де мынаны істедің бе? Басқан із көрінбейді екен деме!

Сырым. Әке, атаң Өсер болғанмен, бұл ауылдың малдысы да, әлдісі де емес ең. Қайта сол Жарылғаптан «қонысымды ап қойды, пішенімді жеп қойды» деп өзін де тізе көріп, опық жеуші ең неше рет! Тек Өсердің Жарылғаптай жуанының шылауында, ығында кеткен басың бар ғой, сорлы әке! Соныңды істеп тұрсың ғой!

Жабай. Керегі жоқ ондай әреке сөзіңнің! Мен Өсер намысын айтам, осы жөнінде тағы айтам: әйтеуір ізденген бір пәлеңе ұрынғалы бара жатырсың! Тек бірақ аяғыңды байқап бас! Аяйды екен деп ойлама! Біліп қой осыны!

Сырым. Сол ма?

Жабай. Сол... Сол, айттым — болды! Жеткен жерің — сол, ұғар болсаң! (Кетеді.)

Сырым (өлеңмен сөйлейді. Толғау).

Қайғы басқан қаяулы

Жарасын ашсам, жақпайды —

Ұрсады маған бай аулы,

Шер жесе де шығарма,

Болмаса жаза таяулы,

Маған да қалған күн қараң:

Аттысы атпен шапқанда

Жаяуы қуды жаяулы.

Шымылдық.

ҮШӀНШӀ АКТ

Үшінші сурет

Наршаның ауылы. Келінді тосып отырған жиын.

Асан. Келін келе жатыр, жақындап қалды. Енесі мен абысын, қайнаға, қатарыңды түзей бер!

Текті. Қатарымды түзеймін деп Қарагөздің алдында мен сызылушы ма едім? Енді Қарагөз бізге сызылсын! «Жар-жар» айтамын деп өлеңші ағасына ойындағы бар арманын айтқызған жоқ па еді?

Тойсары. Ол үшін кекті болсаң, келінің қолыңа келе жатыр ғой, жазығын мойнына алып жаяулап (Күледі.)

Текті. Қалай емексіткеніңмен, Сырым айтқан сөзді не қып ұмытайын! «Е, тәңір, игілігін көрсет!» деп жүрген баламнан, «Мен менсінбеймін, ырза емеспін!» деген сөзді есітіп алып, енді мен немен жұбатайын өзімді? Тіпті сол жұқалағандарына ырза емеспін әуелі.

Нарша. Олай болса, Асан сенің өкпеңді қазір-ақ алдыңнан өлеңмен білдірейін деп тұр. Оны қалай көресің?

Текті. Ол қай өлең? Беташар ма?

Асан. Тіпті беташарды да қазір айтамын.

Тойсары. Айтам десең — айт. Қарагөздің жанына еріп Сырым да салдарымен келе жатқан шығар. Шымылдық ішінде бар болса, оның да бетін аш! (Күлкі.)

Нарша. Мен білген Сырым болса, осы шымылдық ішінде сол да бар.

Үлкен шымылдықты екі жағынан екі келіншек ұстап әкеле жатады. Шымылдықтың ар жағында, Қарагөздің қасында Сырым да келеді.

(Асанға.) Сырым ойын-сауықтың перісі болып кетсе де, өткеннің қаруын бір қайырып қалшы.

Сырым (Қарагөзге). Өз.елім дер елім жоқ, туысқан-туған менде жоқ; осы сені қуантқан жерде қуанып, сені уатқан жерде уанып жүрсем, жетпей ме? Тек мына шымылдық осы күйінде алдымда желбіреп отырсын да! Ақыретке апарса да, соның жетегімен өте берем.

Дулат (қасындағы келіншекті сүйіп). Мына қалқалармен қайда барсақ та арман емес. Шұбата бер шымылдықты.

Асан (өлеңдете сөйлейді).

Уа, қызыл жібек шымылдық бет пердеңіз,

Асыл келін олжалы, жек көрмеңіз!

Қасында жігіт болса, бас жақсысы,

Бөтенсіп әлдекім деп шет көрмеңіз!

(Күлкі.)

Бет пердең толқынады майда желдей,

Қуанттың ел-жұртыңды келер-келмей,

Болғанда жасау басы — басты жігіт

Ел жоқ-ау Қарагөзді берген елдей!

Қарагөз (Сырымға). Сөзін жесір жібермей жауап бер!

Сырым (өлеңдете сөйлейді).

Қызыл гүл дауыл ұрып жерге соқты,

Ақ тоты бүгін саған тұтқын бопты

Айдынның ақ құсындай қарағыма

Кез қыпты құзғындайын бассыз топты

Қарагөз Қарауылдың ақ маралы

Болғанда бетке сұлу, ой саналы,

Жеңбесе бойын тежеп өз көңілін,

Ешкімнің әкелген жоқ айла-амалы.

Кісі түгіл жасаусыз келсе-дағы

Сендерде сырт беретін күш шамалы!

Тойсары. Сырым сөйлесе, шеттігіне іліндіріп сөйлейді-ау! Өрге айдамаса, көңілі көнши ме! Асан, Сырым екеуің әлі де талай шекісерсің! Енді мына қуанышын күтіп отырған ата-ененің алдында Қарагөздің бетін аш!

Жарылғап. Елдің баяғыдан жол қып айтып жүрген сөзін айтшы! Осы қоспа сөздерің мірдің оғындай болып, құлағымызға жат тиіп жүр. Тіпті біз. елемесек те, мына құдағиларыңды жүдететін көрінеді.

Асан (беташарды бастайды).

Келіннен енді сөйлейін,

Көп дабырлап шуламай,

Құлағыңды саласың,

Қатесі болса сөзімнің,

Осы отырған әлеумет

Сынға салып қарасын.

Құлағың сап тыңдап тұр,

Келінжан, менің тілімді!

Әдет жолын үйренбек,

Жас кісіге білімді,

Ақылсызға айтқан сөз

Дала кеткен шығын-ды,

Бәрі саған керек іс

Тыңдасаң, келін, жырымды,

Жырға қосып айтамын

Бар өсиет сырымды.

Бұрынғы күнің— балалық,

Ержеткен күнің — бүгін-ді.

Келін боп келген қиын іс

Жаңа өспірім балаға,

Қызмет қыл иіліп

Ата менен анаға;

Өзіңнен үлкен адамның

Бетіне тікке қарама!

Үлкен кісі келгенде

Қатарласып отырмай,

Кейін отыр панада.

Лажы болса шығып тұр,

Қайтқаныңша далаға.

Бұрынғыдай ойламай,

Сабыр етіп шыдам қыл

Аштық пенен тоғына;

Отырған адам көзінше

Әр жеріңді қасыма,

Жаулығыңды шұбатпай,

Дұрыстап ора басыңа.

Астынан шығып жүрмесін,

Ие боп жүр шашына,

Біреу жаман айтты деп,

Болымсыз іске жасыма.

«Пәлен сүйдеп айтты» —

Жарыңа сөзді тасыма,

Естісең де жаман сөз

Жүргенің жақсы жасыра.

Сендерге енді келейін:

Қарт-қария, аталар,

Жапсарласа отырған

Жастары үлкен аналар —

Ақылы артық даналар,

Біздерге енді қуаныш —

Жасы кіші балалар,

Бұрынғының бір жолы —

Келінді көрген адамнан

Көрімдікке мал алар,

Қайын енеге бір сәлем!

Шымылдық төмендейді. Қарагөз қасындағы үш-төрт келіншегімен бірге иіліп сәлем етеді. Шымылдық түрілгенде, Сырым жолдастарының қасында. Келін сәлем еткен соң, шымылдық қайта құрылады.

Текті. Тәңір жарылғасын, абыройлы, бақытты бол, балам!

Асан (келін сәлем еткенде Тектіге). Көрімдігін айтыңыз! Балаларыңның ішінде көркемдігі көп, ақылы артық келінің! Жалғыз қара болмасын. Түйе болса — боталы, бие болса — тайлысы.

Текті. Қалағаның болсын! (Жұрт күледі.)

Асан.

Тым болмаса ен салдыр,

Түйенің кенже ботасы,

Биенің кіші тайына.

Малға шамаң келмесе

(Күлкі.)

Берсең де ырза боламыз

Қаптағы құрт пен майыңа,

Қайнағаға бір сәлем!

Шымылдық түріліп сәлем етіледі.

Тойсары. Ауданыңа атақты, ағайынға қадірлі, аулыңның көркі бол, қарағым! Қосағыңмен қартаятын күнге жеткізсін! Үбірлі-шүбірлі бол!

Көп даусы. Бәрекелді, айтқаның келсін! Айтқаның келсін!

Асан (Тойсарыға).

Келін-келін, келіңіз,

Көрімдігін беріңіз;

Ала-құла демеңіз,

Түсін айтып беріңіз!

Тойcаpы. Ентелеткеніңмен, саған мал берем деп өлең айтқызғаным жоқ. Ақ тілеуіммен Қарагөзді ырза қылсам — болғаны. Атын айтпай-ақ айта бер қалған сөзіңді!

Асан.

Қойды берсең — қоңырдан,

Өсеріне оңынан;

Абысынға бір сәлем.

Бұрынғыдай сәлем етіледі.

Текті. Асан, балаларды шаршаттың ғой деймін. Өлеңің де бітті ғой. Енді рұқсат қылайық, үйге кірсін.

Бұл уақытта сахнаға Мөржан бәйбіше де нөкерімен келеді

Асан. Өлең біткеннен құдай сақтасын! Әншейін өздерің үйге кірсін демесеңдер, мен ала қаптың аузын жаңа ғана аштым.

Келіндер үйге қарай жүреді. Асан өлеңдете сөйлеп:

Жаңа өмір, міне, туды атқан таңдай,

Балалық дәурен өтті, кетті шалғай.

Қызыл жібек шымылдық мұнда әкелді,

Ақ үйің алтын сарай енді болғай.

Ағайын тілеуіңде бірі қалмай,

Көп тілеуі қалған жоқ сірә болмай.

Атта да оң аяқпен босағаңды,

Тілеп кір «бере гөр» деп өмір балдай!

Тойсары. Бәрекелді, жақсы айтасың, айтқаның келсін! Қарағым, келін, осының тілегін сен де тілек қыл. Артыңды онда көгертіп, алдыңды мұнда жасартсын!

Келіндер мен салдар үйге кіреді.

Мөржан. Қарагөзім ақылымен толғанса, кімнен кем болар дейсің. Қойнымдағы алтынымдай сақтаған асылым емес пе?. Құдай бұйырып, аруақ қолдаса, әлі-ақ аулыңның басы болар! (Кетіседі.)

Нарша (төмен салбыраған қалпынан көтеріліп, Қарагөзді оңаша ертіп бері шығады). Қарагөз, ондағы — ол еді, бүгін міне — мұнда келін көріп тұрғаным тағы мынау! Осындай оттай шарпыған ұят тегі жалғыз мені ғана ұялта ма, әлде саған да шарпи соғары бар ма? Шынымен-ақ осының бәрі үшін мен ғана күйіп-жанып жерге кірейін бе?

Қарагөз. Рас, сіз шын қиналыпсыз! Сізге солай батқаны маған да батады.

Нарша. Бәсе, біз ерлі-зайып, ер мен жар болсақ, ортақ емес пе еді мұндайлық жара-жаза дерттері!

Қарагөз. Тек жазықты сіз де емессіз, мен де емеспін! Дерттің шыны сонда ғой...

Нарша. Сырымның аузынан шыққан ащы сөзді мен айтқызғам жоқ қой. Айтқызбақ түгіл, өзіме сермелген сондай қанжар сөзді жатқа да тілемес едім, Қарагөз!.. Бірақ сенің ықтиярыңнан тыс, сен тілемеген, сенің рұқсатың болмаған жай болса, оны айтуға қай ауыздың жөні бар еді?!

Қарагөз. Оныңыз рас болғанмен... жөні-шыны, мәні-сыры басқа күй тағы бар ғой! Мен тұсаулы болғандығым үшін күйікті болсам — қайтейін!..

Нарша. Ойпыр-ай, Қарагөз-ай, не дедің? Бұлай болғанда, біз ақ тілеу, ақ бата, жазықсыз ата-ана қосқан жас зайыптар емес, тұсау мен бұғаудағы, айдау-жазадағы сорлылар екеміз ғой!.. Осы ма еді айтпағың?

Қарагөз. Сол айтқаныңыздың бәрі болмастан, түу бастан тек өзіңізбен өзім болып ұшырассам... басқа болар ма еді менің жұлдызым! Жаңағы атағанның бәрінің аты, жиын аты, еріксіздік болса, менің бүгін үріккенім, жатырқаған қарсылығым, сізден де тітіркене тартынуым — бәрі сол зорлықтан болып жатса— не дейін? Сіздің адамшылығыңыз, маған сонша ерік беріп, осындай сөйлетіп тұрғаныңыз да мені өлердей ұялтады. Жанымды жегендей қапа-қайғыға салады. Міне — мен өз алдыңызда... бар шыным, бар сырыммен аян боп тұрғаным осы. Сұрадыңыз — айтпасқа амалым жоқ. Мен шын дерттімін!..

Нарша. Қарагөз, аяулы ару Қарагөз!.. Сені мен мендей шермендені қазақ баласы білмеген-көрмеген де болар. Бірақ енді мен жетер жеріме жеттім! Сен менің, адал тілеу, ақ бата қосқан жарымсың! Сол жетті, болды! Енді шектен аспайық. Бұдан арғыға Наршаны сынама! Осыдан ары майысар мұршам қалған жоқ, енді тек сыңарым ғана қалды. Естідің бе — сол-ақ! (Қарагөзді қоя беріп, Асанды шақырып алады.) Жұрт тарқаған ба? Асан, менің жайымды сұраймысың, жоқ па?

Асан. Не дейсің, не қыл дейсің? Тыныштық таба алмай-ақ қойдың-ау, сен де!

Нарша. Бүгін таңда тыныштық табар түрім жоқ. Жүрегімнің түбінде зіл қара тас басып жатқандай.

Асан. Қарагөзге енді кімнің ортағы бар? Өтер күн өтті. Қарауыл Қарагөзін ұзатты. Қайғының не орны бар?

Нарша. Маған Қарагөз бір қайғы болса, Сырым тағы екі қайғы болды. Мені найзалағанын қоя ма, жоқ па осы? Сырым менің жайымды ескеруі былай тұрсын, тіпті күннен-күнге жау болып барады ғой. Қарагөздің. бар сырын осы біледі. Маған соның білгенін біліп бер. Жасырса — менімен жау болғаны. Досым ба, жауым ба, соны айырын берші!

Асан. Қазір осыны не деп айтамыз оған? Келмей жатып кінәласу лайық бола ма?

Нарша. Тәйірі, Сырымға ой-қыры бар ма? «Кеше келдім, бүгін кеттім» дей ме екен ол? Сөйлесіп бер! (Нарша кетеді.)

Асан (отаудың есігінен қарап). Сырым құда, бері шығып кетші: жалғыз ауыз сөзім боп тұр.

Сырым (өлеңдете сөйлейді).

Асан сал, сал ішінде бір алуаны,

Тозған заң, азған заман балуаны,

Сал болмай, көбінесе жеңге болып,

Жүрген түрі мінекей қалып әні!

Жеткіз деп қандай сөздің тасымалын,

Қандай жан жіберді екен бозбаланы?

Асан. Уай, Сырым, қой, жаным! Сен менің соқтықпайтын кісімсің. Сенің сөзің асау қандай, басқа шапшитын болған соң, мен жырақ жүремін. Саған мен жол бердім ғой, көп таласпаймын. Бірақ сөйтсе де, сөз барымтасы жаман, жаман болады.

Үйдегі салдар. Олай болса, айтып жібер: ер шекіспей — бекіспейді!

Асан. Жоқ, мен Сырыммен шайқаспай-ақ, тыныш жүрем (Сырым шығады.) Сырым, саған белгісіз жай жоқ. Сен дағдыңнан жаңылмайсың, бір бетсің ғой.

Сырым (салқын қарап). Иә, Сырымға сый істеп-ақ жатырсың. Аңдадық.

Асан. Сен Қарагөзді жылаған қыз деп шашпауын көтердің, наразылық мұңын да айттың. Жүзі жүдеу, көңілі жадау күйінде жырлап келесің. Бірақ бұл сөзің екі жүзді семсердей болды. Екі басы бірдей ыстық темір болды. Бір жағы Қарагөздің қайғысын шығарса, тағы бір жағы Наршаны күйдіріп жатыр. «Әнеугі сөз — анау, бүгінгі сөз — мынау. Сірә Қарагөздің қайғысы Сырымнан жасырын емес, Қарагөз өзі айтпайды. Сырымның мен де туысқанымын ғой, сезген-білгенін айтса қайтеді? Көптеп-көмектеп Қарагөздің көңілін жазсақ не етеді?» — дейді. Бұған не дейсің?

Сырым. Мен айтсам, Қарагөздің жұртқа білінген наразы көңілін айттым. Ол Наршаға да белгілі болса, менен несін сұрайды. Жігіт сияқты жігітке сол білгені жетпей ме? Одан ары бірде-біреудің атын сұраймын десе, менен оны біле алмайсыңдар. Мен Қарагөздің басын былғап, бұлдық сатып алмаймын.

Асан. Сырым-ай, маңайыңды бастырмайсың. Бірде-бір жанға құрбы болмағандай жат тұрасың-ау! Наршаның басы бір әйелге тең емес пе? Екеуінің тұз-еңбегін жарастырып жіберсең, аз көмек етемісің?

Сырым. Сырым — теріс біткен бір бұтақ. Қалай өсіп, қалай басып бара жатқанымды мен өзім де білмеймін. Алдымда менің не күтіп тұр! Қайда-қайда тартып бара жатқан тағдырым бар?.. Бұл сәтте оны да білген, аңдаған мен емеспін. Сол Сырым сенің еліңе келгенде, қайта туам деп келген жоқ. Жат елдің адамы болғанда, Қарагөзді жолға салып, жөнін түзеймін деп, мен балуан шығатын орын жоқ. Бұл сөзді өздерің ақылдас.

Жүре береді.

Қарагөз, Ақбала шығады. Қарагөз Сырымның қасына келеді.

Қарагөз. Мені тұншықтырып барады мынау ауыл. Тынысым біткен сияқты. Шатасып барамын. Есімнен айырыламын ғой деймін. Қайтермін, жаным, айтармысың бірдеме?!

Сырым. Мені сөзден тыйған жоқпысың? Арман айтардан қалған кісі емеспін бе мен!

Қарагөз. Рас, рас, жаным!.. Сенің жүдеген жүзің, шытынған қабағың менің үзілмес уайымым боп барады. Жаңа Нарша келіп тіл қатып еді, оның да іші толған азап, шер...

Сырым. Сен енді соны қорғамақ боласың ба? Оны да түсінбек, аямақ болғаның ба? Жанашыр, мейірбан Қарагөз жүрегі енді барды кешірер әулие-жүрек болғалы тұрғаны ма?

Қарагөз. Ол емес, олай емес, жаным Сырым! Ол жан қатаң болсашы! Бүйткенше топас, тоңмойын болса етті! Өз ойында жазықсыз ғой, сонысы қинайды. Оның басындағы уайымның қаншалық көп екенін білмейсің бе? Бір жағынан намыс... намыс... «Қалыңдығы менсінбеді», — дегенді намыс көріп, ішіне бар дертін тықпақ болады. Ол от өн бойын шарпиды; оның үстіне, беріп қойған малы, «алам, алдым» деген жесірі... бата... қырсық бата!..

Сырым. Лағынет болғыр арамның малы! Лағынет болғыр сор бата!.. Ендеше, соның бәрін айта кеп, арылғалы, айырылғалы тұрсың ба тағы менен?

Қарагөз. Жоқ, мен айырыла алмаспын сенен... Осы сәтте, әсіресе бар жан-тәніммен сезіп тұрмын. Сенен айырылу менің сол жан-тәніме бірдей түскен жарадай... Дәл бір ауыр терең жара — қаны сорғалап тұрған жарадай! Тек «айырыламын-ау» деген ойдың ғана өз жарасы. Қазір жер тар! Сөйлескім келеді. Мені тастама, шыдауға дәрменім жоқ... Ақбаламен ақылдасып, жақында оңаша кездесетін орын байлаңдар.

Сырым. Рас па? Тағы да айнитын болсаң, өзіңді де, бізді де әурелеме!

Қарагөз (әлсіреп бұрылып бара жатып). Айттым ғой!

Асан Қарагөзбен бірге кетіп бара жатып, артта тұрған Сырымға қарап өлеңдетеді.

Асан.

Сұлу қыз бен келіншек — елдің сәні,

Сұлу кеткен елдің де болмас мәні,

Сұлу қыз тоғайлы өзен бұлбұлындай,

Бұлбұл кетсе тоғайдың жоғалды әні.

Сырым. Рас... рас...

Жүректің жатқа кетсе — қалағаны,

Үміттің қайта үзілсе — жамағаны,

Бетінен жат боп кеткен оралмаса,

Жас төгіп егілмеске шама қаны!

(Аһ ұрады.)

Асан. Әй, азамат, мына түрің тегін емес-ау (Басын шайқап.) Білмедім... білмедім!..

Шымылдық.

Төртінші сурет

Жарық айлы түн. Нарша ауылының сырты. Өзен, тоғай. Алысырақта күзетшінің әні естіледі. Сырым, Дулат шығады.

Сырым. Өзгелер қайда? Аттар дайын ба екен?

Дулат. Дәулеткелді мен Қоскелді аттарды дайындатып, кешегі ақ қайыңның түбінде тосып тұрамыз деп кетті (Пауза.) Бірақ бұл күнге дейін бір жұмысты бұл қалай деп сұрап көрген жоқ едім. Ал осы жолы дәл осы істің лайығын сұрайын деп тұрмын. Өзге болған жүрістің жолы — бір басқа. Мынауымызды жұрт не дейді осы?

Сырым. Осы сөзді шын айтып тұрмысың?

Дулат. Шын айтам. Сен істеген істен бойым тартып қалмаймын. Ӏстеймін. Бірақ мәнін ұғындыр.

Сырым. Қоскелді мен Дәулеткелді сұрамай-ақ еріп жүр ғой. Соларда ең болмаса сұрай білетін ақыл бар емес пе? Сен олардан тартымды. сақ кісі болғаның ба? Неменеге қобалжыдың? (Пауза.) Бірақ сұрадың — айтайын. Сен жұрт құптайтын лайығы десең, «ол қандай жұрт?» деп мен сұрасам — қайтесің? Жұрттың да жұрты бар емес пе? «Жұрт» деп менің аталасым — Өсер ауылын айтсаң, менің бұл ісімнің де лайығы жоқ.

Дулат. Өсектеймін, жаманатқа ұшыратамын деген Өсердің жау жандары аузына келгенін айта береді ғой. Мен оны өзіңдей-ақ елемеймін. Тек өзімізше не деп жориық? Соны білдір деген едім.

Сырым. Ендеше, мен Қарагөз жоқ жерде өз басыма тірлік жоқ дейтін күйге жеттім. Жолында жаным шықсын деп сүйгемін... Бүгінгі бар тірлігім де, тынысым да — сол!.. Жаның құрбы жассың, досымсың. Жазығым болса — осыным ғана.

Дулат. Осы жасқа келгенше, талайдың талаймен жақындасқанын көрген ек. Өз басымыздан да көпті атқардық, бірақ дәл сен екеуіңдей жалындап, үзіліп тұрған жандарды көрген жоқ ем. Бұл дүниеде болар деп ойлаған да емес екем. Жаңағы сұрағаным — сондай бір сыпатыңды сезгендей болған ем. Өзің де өзек жарған барды айттың.

Сырым. Жә, біздің осы күйімізде, осындай жалын атқан шағымызда не жазық бар? Не сұмдық бар?!. Қарагөздің басын мен сияқтанып қандай әке сүйеді екен... Олардың «жан ашығаным», «жақсы көргенім осы» деген сөзінің бәрі жалған. Ол бітпес жараны тілмен жалау. Маған айтқызбай, Қарагөздің өзіне айтқызып көрші! Бірақ керегі не? Бұған қарайтын дүние жоқ. Мен сондықтан да ойдағы-мұндағы ауылдың бар әлеміне жатпын. Көріп тұрсың, ендеше, міне — жалғыз осы-ақ жол қалды.

Қарагөз бен Ақбала шығады. Сырым қарсы қозғалып:

Күнім-ай, мұнша неге жүдедің?.. Аппақ шөлмектей өңің қалай еді, не болған?! Ауырып тұрмысың әлде?

Қарагөз (Сырымның мойнына білегін арта салып). Ауру емеспін... Бірақ менің бұл күнгі саулығымда не баға бар? (Жылап, Сырымды құшақтап.) Сәулем!.. Мен су жүрек болуға айналдым. Өне бойым, жаныммен бір жаманшылықты сезгендей боламын.

Сырым. Не сездің — айтшы, күнім, айым?! Білдірші маған!

Қарагөз. Білмеймін... Өзім де білмеймін. Не осы қайғыны көтере алмай өлемін. Не жұртқа бар сырымды өзім ашып, соның ұятынан өртенемін. Уланып елтіген кісідей маспын. Сенің кететініңді ойлаған сайын, ақыл-естен айырылып, езіліп барам, қуатым!:'Біз ор жағалап жүрміз ғой, құлаймыз ғой бір күні осыған. Не боламын, қайтып адам боламын? (Пауза.) Әттең, мына тор!..

Сырым. Сен тіліңмен айтпасаң да, тек жүзің мен көзіңнен ұқпаймын ба, оқымаймын ба барыңды. Жүзіңді көрмесем, өз көңілімнің қайғысынан және де сенің жан сырыңды жаттай оқимын. Енді міне —бұл қалыпта қалудың өзі өлімнен артық азап болды екеумізге де. Осыны ойлайық (Қарагөз құшақтап жылайды.) Жыламай, ойланып жол табайық. Мен әуелі сен ойлансын деп тұрмын.

Екеуі үндемей сүйісіп, сахнадан шығып кетеді. Сахнаға Ақбала мен Дулат шығады.

Ақбала. Құдай-ау, өмір бойы маңына ешбір жанды дарытпай, ешкімге көзін салмай, жұрттың бәрін менсінбей келгенде, мұны Молда жігітке кез қылып, мұндайлық қасіретке душар етер ме!.

Дулат. Ақбала, Қарагөз бен Сырым ақыл-ойға ешкімнен кем емес. Кінәластырсаң, осы күнде де ешкімнен жеңілмейді. Біз бұл жағын қояйық. Өздеріне берейік те ерейік. Шын асықтың адамнан жауы ғана болмасын, досы да болсын. Ол — біз болайық. Бұл өз алдына. Ал жаңа сен «сезіктеніп жүрген кісі бар» дедің, сол кім — соны айтшы?

Ақбала. Бірдемені білген кісі сияқтанып жүрген бірен-саран кісі бар. Бәрінен де маған сезікті көрінетін Асан мен Матай. Әсіресе Асан! Соның құйқылжыған тұспалында бір нәрсені ішіне тығып жүрген жан сияқты.

Дулат. Талай шытырманның ішінен бойымызды көрсетпей, аман шығушы едік. Бүгінде білініп бүлінсе, кім біледі?

Ақбала. Жай кісі сезбегенмен, Асандар алаяқ сырқынды ғой. Өз басынан да талайды атқарған, жер танып алған жырынды қу емес пе?

Дулат (күліп). Ақбала-ай, айналайын-ай, ақылшы болуға қандай жақсысың?

Ақбала (күліп). Е... бізді қыз болмады, жас болмады деймісің! Өзің сияқты жол-жобаны үйреткен жандар да болған шығар (Күліп.) Жә, оны қой, мына жайларыңды айтсаңшы!

Дулат. Мен білсем, Асан да басқадан жырындылығы асып, бірдеме сезіп жүрген жоқ. Осы тұста біздің бозбала мен бойжеткеніміз өздері олақ боп кетті.

Ақбала. Қайтсін!.. Күні, бітіп, құмарлығы асқан сайын сүлдер құрымас па!? Бұл екеуінікі әншейін емес, шын асықтық қой. Баяғының асықтары дейтін осылар екен ғой. Қалқам-ау, сынайын деп айтқаным емес, осы соңғы бір жұманың ішінде Көзжақсым Молда жігіт жоқ жерде жады болған кісідей есінен, сөзінен жаңылып, жай сөзімнің өзін ұқпай кетеді. Мүлде ақылынан шатасқандай боп та отырады.

Дулат. Рас айтасың. Сезіктенген жұрт сондайдан сезініп жүр.

Ақбала. Осыны сен Молда жігіт пен Көзжақсыма айтсаң, сақтандырсаң не етеді?

Дулат. Жай-күй оған қалса айтармыз. Тек қазір тұра тұр. Сырым Қарагөзбен осы кеш басқа сөз сөйлескелі келді.

Ақбала. О не сөз?

Қарагөз бен Сырым шығады.

Сырым. Мен сенімен уәделесіп сөйлескенім жоқ. Бірақ қазір осы уақытта Дәулеткелді, Қоскелді бізді ат ерттеп тосып тұр. Мен сені алып кетемін деп келіп тұрмын.

Қарагөз. Не дейсің?.. Қайда, жаным-ау?

Сырым. Қаракесекке — менің нағашыма. Бұл ел саған да ел болмайды. Сен мені сүйгелі, арсыдағы арманыма жеткелі мен тыныштықтан айрылғам. Сені ұзатарда «қайтын көрмейін, енді мен қаңғып кетейін. Бұрынғы маған жоқ болсын!» деп едім. Мені елге тастамадың. Мен сонда енді өзіме екі-ақ жол қалды дегем. Бірі — көз көрмес, құлақ естімеске сені әкету. Сенің жолыңда, сенімен бірге құшағымды айырмай өлу. Бір қабырға бірге түсу. Енді біреуі — бөтендігім бөрідей болып, жұлысып-жұлқысып кету жау жұртпен. Бүгін де міне — сол екеуінің бірінен басқа таңдау қалған жоқ. Қай жолыма түс дейсің — өзің биле, өзің нұсқа! Құдірет әміріндей күтем мен сенен!..

Қарагөз (ойланып). Не деймін?.. Не айтармын?.. Содан басқа істер шара қалмағаны да рас! Не бүгінгі күн бір-бірімізден айрылу, жат болысу... өлемін, үзілемін десем де, бүгін саған «ере алмаймын» деген жауабымды беру керек. Не болмаса — етегіңнен ұстау, еру!.. Мезгілдің өлім сағатындай бұйрық сағатына жеткені рас.

Сырым (құшақтап тұрып). Ойлан!.. Ойла да қазір бекін, байла! Екеумізге берген тағдыр таңдауы ешкімнің басына берілмеген. Қадірлей білейік қасиетін!

Осы шақта Матай ақырын бұғып келіп, бір ағаштың түбіне баспалап тұрады.

Осы сырымыз ашылмаған бетте бізге лағынет, қарғыс айтқаннан басқа, бүгінгі айналамызда аяйтын, есіркейтін, жай ұғатын жан жоқ. Ал іштегі сәулені, қос кеудедегі күн-сәулені бітеу жара қып сақтап жүрер шама жоқ. Біз жасырын жүрсек, жалын үдеп тағат қылуға, бойды жеңуге ырық бермес болды. Не маған «бетіңмен кет!» де, болмаса ер маған!.. (Тым-тырыс.)

Матай (сыбырлап, өзіне). Ә... сұмдық мұнда ма еді! Бәсе, сал-серілік жөні бір басқа. Асанның айтқаны келді ме? Енді мұны жалғыз мен білмеймін... (Сырымдарға қарап.) Сендер сөздеріңді пісіре беріңдер! (Жүгіріп кетеді.)

Қарагөз. Мені сен жеңдің. Сен биледің! Дүниеге тоқтауы жоқ, тойымсыз еттің! Енді адасқанды бетінен жарылғасын! Өзі берген қасіретін құдай өзі жеңілдетер әлде. Әлде бізге де жарық күн бар шығар? Екеумізді де жетімдіктің үстінде, аналарымыз қатар өліп жылап қалған күнде бір-біріңді уат деп, әуелі бауыр етіп үйір қылып, артынан асық деп, жан дескен асық етіп қосып еді ғой. Бізді жаман ниет қосқан жоқ-ты. Мен саған еремін. Сырым! Ермеске жолым тар. Тыным бітті. Тәңір бетімізден жарылғасын!

Сырым (қатты құшып, сүйіп тұрып). Олай болса, бүгін кетеміз. Біз жалынды ыстық жар өмірін сүретін боламыз. Қазір кетейік, сәулем!.. Аттар тосып тұр.

Қарагөз. Сырым, құдай қосса, бұл байлау нық байлау. Енді көңілге күдік кірмес. Бірақ шыдау керек. Бұл ниет бүгін орындалмайды.

Сырым. Енді қашан? Неге орындалмайды?

Қарагөз. Бізді аяйтын туған-туысқан болмаса да, мына ауылда біздің ауылдың бар үлкені жатқанда кеткеніміз лайық емес. Солар кеткен соң болсын болар іс!

Сырым. Бізді қуса, жаулық қылса, солардан үлкен жау, солардан әрі кететін жат жоқ. Бірақ Қарауылдың елін елемей, белін сындырғандай болармыз. Бұл сөзіңді теріс дей алмаймын. Солар кеткен соң-ақ бетті түзерміз. Келші енді, кел, сәулешім!.. Құшақпен қоса, тілек қосайықшы мәңгіге!

Қарагөз. Мәңгіге!..

Дулат пен Ақбала шығады.

Дулат. Уа, шіркін шерменделер... Дүниеден осы құшақтарың айрылмай өтіңдер.

Сырым. Кәне, Дулат, енді жаңа ниетке бір тілеу тілеп, сөйлеп жібер! Біз емін-еркін екеуіңнің батаңды алып тұрып сүйісейік. (Қарагөзді құшақтап тұрады. Дулат өлеңмен сөйлейді.)

Дулат.

Жолды оңғар, тілекті бер, о, жасаған!

Қашсақ та, қусақ тағы сендік саған

Болғанда дұшпандар көп, біз әлсізбіз,

Сол үшін жүрек қорқақ, үміт шабан.

Сақтай гөр қара күннен аты жаман!

Дегендей тілек бітті, қызық тамам.

Екі жас арманына жолды оңғарып,

Мақсатқа енді жеткіз есен-аман!

Қарагөз (жылап, Сырымды құшақтап). А, құдай, осы тілек шын тілегім! Жолымды оңғармайтын болсаң, осы тілеудің үстінде ал!

Бұл сәтте сахнаға жылдам басып Нарша, Асан, Матай, Жарылғап, Мөржан, Жабайлар шығады.

Нарша (шыға бере сөйлеп келеді). Аталы ұлдың азғаны мінекей... Мынау серілік емес, осалдық! Бұл жасырынның ашылып, абыройдың шашылғаны. Міне, әкелері — балаларың! (Еңіреп жылайды.)

Жабай (ақырып). Құдайдың қарғысы тиген жүзі қаралар!.. Не қып тұрсың?! Құдай-ау, мынаны көргенше, көр көзім неге шықпайды менің?! (Сырымға.) Сені өлтірмесем, кәпір болайын! Байла екеуін де!

Сырым (ұмтылғандарға қарсы қанжар суырып алады. Жасқап жуытпайды). Тарт! Мен өлсем, өз бетіммен өлем!

Мөржан (Қарагөзді ұстап алып), Жүзіқара, жерге кір! Жүзің неге күймей тұр, арсыз! Өлтір, өлтір екеуін де!

Жабай. Ұста! Ұста арсызды!

Көп жұрт жабылғысы келеді. Сырым әрқайсысын қағып ұшырып, сахнадан шыға жөнеледі.

Жарылғап. Мылтық әкел, ат итті! Өлтір осы жерде.

Көп жұрт шулап қуып кетеді.

Мөржан (Қарагөзді екі кісіге ұстатып). Сал кісенді! Табанын тіліп, күн қылыңдар! Бетің тіліңгір,/ қайтіп шыдап тұр мына бетің?!

Қарагөз (есі шығып жүдеген, өңі қашқан, әлсіз). Мен... мен... өлтірт мені, тірі; қойма! Мен... бәрібір өлім... Ал... құдай!.. Ал мені ақ өліміңмен!

Екі жігіт қолын байлайды.

Мөржан. Кеселді, өл енді! Не бетім, не дейін енді ел-жұртқа!?

Кеткендер кайтып келеді.

Жабай. Жерге кірсең қоймаспын, Сырым! Жаратқан, мұндай итті бергенше қу бас қып, сорлы қып неге қоймадың? Жерге кірсе — қоймаймын. Қуамын, қолымнан бауыздап өлтіремін!

Асан. Ойпыр-ай, мынау не пәле боп кетті?

Жабай. Мына қызды кісенмен босағаға таңыңдар! Екеуін бірге өлтіреміз. Қайда, қайда мылтық?..

Жүріп кетеді.

Нарша (жерге құлаған Қарагөзге тақап). Өзіне не болған мынаның? (Қарагөзге қадалып.) Неғып жатыр?

Жарылғап. Не болғанын қайтуші едің? Енді бұл өлсін, қарасы өшсін! Қара жерге қара басым кіргенше, кетпес таңба болды ма?! (Жылап.) Мендей де сорлы әке болар ма екен?

Мөржан (талықсып отырған жерінен). Жердің үстімен келіп, астымен қайттым ба? Менің көзім тіріде менен туған арам қыз мұны істеді ме? Әкет, Жарылғап, мені таң атпай. Қара түнді жамылып, қара тұтып күңіреніп кетейін!

Бәрі кетуге беттейді. Қарагөзді сүйемелдеп, сүйретіңкіреп екі жігіт пен Нарша әкетуге айналады.

Қарагөз (көйлегінің омырауы жыртық. көзі аларып, жүзі есінен шатасқандай бұзылып, шашы дудырап). Мен өлдім... өзім де өлдім... Шуламаса да өлдім... Ә... ә? Не боп қалды осы?.. Дулат неге ән салмай қойды? Сырым неге қанжар ұстады?.. Мені өлтірді. Өлім...

Нарша (тоқтап, шошыған күйде). Мынау не дейді?.. Жынданған кісіше не дейді?.. Құдай-ау, не болған мынаның өзіне?..

Кетіседі.

Пауза

Қоскелді, Дәулеткелді шығады. Қарбалас. Қарсы алдынан Дулат келе береді.

Дулат. Не болды, жандарым? Не деп шуласып жатыр?

Қоскелді. Не болсың? Өрт... Артымыз қалың шу, өрт дерсің!

Дәулеткелді. Келді ғой бұл дүниенің асты үстіне! Бәрінен жаманы — Қарагөз! Есіл Қарагөз!..

Дулат. Не бопты Қарагөз? Оны не деп аяп жатыр?

Қоскелді. Сорлы Қарагөз... Жынданып кетіпті жаңа.

Дулат. Не дейсің... Сұмдық... Жап-жаңа ма?

Дәулеткелді. Жынданыпты, қайран асыл Қарагөз.

Сырым шыға бере естіп қалады.

Сырым. Қарагөз айым!.. Ай сәулелі Қарагөзім! Не дейді, ойбай, мыналар?.. Сәулем, сәулешім Қарагөз!.. (Еңіреп жылап жібереді. Өзгелер үнсіз ұзақ жылап, өксіп-өксіп зар етіп алып, ұзақ тым-тырыстан соң.) Лағынет! Лағынет, лағнет болсын саған. Өсер ауылы! Лағынет сұм қадам жұрағатыңа сенің!.. (Кекете.) Өсер... Өсер... не өсер? Тек зұлымдық өсер нөсер болып сенен! Сор өсер, ар өшер!.. Өскенде тек зар өсер сенің лағынет табаның астында (Пауза). Алдың ба тартып барымды? Аяулы сәулем, күн сәулелі сәнімді? Өшірдің бе әнімді? Жә-жә... кетістік те кешпеске! Кешпес кекке кеттім мен де келмеске! Білем сенің де шымбайыңа батады. Алам, шашам, Өсер, сенің қалтырай құшқан малыңды!.. Судай төгем өзгені зорлау-қорлау үшін құрал еткен барыңды!.. Айрандай төгем «ақты-бозды» дейтұғын, Өсер таңбалы құтыңды! Құртам мен де, аузы қанды бөрің болам! Шайқаймын, қарғыс атқыр мүлкіңді. Кегім... кегім... Қарагөзім! Аяулы ару ардақтарым! Арнадым саған сол әділ ашу-кегімді!..

Сахнадан жөнеліседі.

Шымылдық.

ТӨРТӀНШӀ АКТ

Бесінші сурет

Сырымның ендігі мекені. Қатарласа тігілген бірнеше қос ұранқайлар. Белдеулерде айбалта, шоқпар, найза. Сырым шығады. Қасында Дулат, егінші шал, балықшы шал. Сырым мен Дулат қару асынған.

Егінші шал. Қарағым Сырым! Уа, Сырымжан!

Сырым. Е, немене, қартым?

Егінші шал. Уа, бір нәрсенің мәнін сұраймын, жөнін айт!

Сырым. Ненің жөні, қария?

Егінші шал. Жә, осы сен беріп жатырсың, төгіп жатырсың? Мені «Егінші шал» деп, мынаны «Балықшы шал» деп, беріп-беріп келесің. Ал енді осы ненің орайы, өтесіні не болмақ? Өзің айтшы, мүлдем сұрамасқа мұршам бар ма осыны?

Сырым. Е, балаң сұрамай-ақ алатыны қане? Соны жіберсең не етті?

Егінші шал. Бәсе сол, соны айт... Сонада кеп бір алды сенен, анада кеп тағы алды... Бүгін тағы шақырыпты. Жөнін сұрасам: «Ол неге берді, сен неге алдың» десем, балам жауап айтпайды. Содан соң бүгін «тәйт былай, өзім барам, өзім сұраймын» деп келмедім бе?

Балықшы шал. Күйі бірдің — күні бір деген-ау... Мына егінші шалдың сөзі — тас-түйін менің сөзім. Топа-торсақ болса да, тура сөз осы. Мен де соны сұрап қалдым, Сырымжан! Уа, неге шашасың, неге бере бересің осы қыруар мал-мүлкіңді? Бізден не қайыр күтесің?

Егінші шал. Бәсе-бәсе, міне — бәсе, осы деймін! Біз бір өңшең қатқан кедей емеспіз бе мына теңізді сағалаған? Титығы құрығаннан кеп паналап сағалаған өңшең бір шыр бітпеген аш-арық емеспіз бе?

Дулат. Уа, сол үшін, сендер сондай болғаныңнан «ал» деп жүрген жоқ па Сырым.

Егінші шал. Бірақ менің берерім, қолқаға жарарым жоқ қой. Мынау балықшы шал болса, түп жоқ тұңғиыққа қармақ салады. Көрінген көзі, кесілген ізі жоқ көлеңкедей балықтан бұл тілейді. Қара жерге тарыны көміп-тығып, ертеңі не болары белгісіз, түп-тұғиянсыз бір меңіреуден мен тілеймін.

Балықшы шал. Айтса айтпады, екеуміз де қайыптан қайран күткен біз емес пе? Неге шашып жүрсің деймін дүниені біздер үшін?

Сырым. Ой, тәңір-ай, мен дүние қуып жүрмін бе? Уа, дүние мені қуып жүрген жоқ па, қартым-ау?

Егінші шал. Ал бізді айтсаңшы! Біз тегіс «кедейліктің уын жесек те, арам жемейік» деген кер кедейміз. Имандай сырымыз бұл. Әлде шашып-төгіп жүргенің кісінікі ме, жаттың дүниесі ме?

Сырым. Қоймадың ғой мүлдем, қайран адал бақырларым! Енді жөнімді айтпай болмас! Шашып-төгіп жүрген дүнием өзімдікі болмаса да, жаттікі емес.

Егінші шал. Ол қалай?

Балықшы шал. Мәні қалай мұның?

Сырым. Нәсілі жеті-сегіз атаға жеткен Өсердің бір жұрағаты — менмін. «Отыз ауыл Өсер дейді...» Содан менің алмаған үлесім, ортағым, еншім бар.

Егінші шал. Ендеше, ақы-адал мүлік екен, неге оны алмай шашасың?

Сырым. Адал деп ақтамаймын.

Балықшы шал. Уа, неге? Ата-мүлкің адал емей немене?

Сырым. Арғы атадан бүгінгі балаға дейін жинағандары он қос жылқы болған. Санын атасам — он бес мыңға тартады. Соның көбі, бағып тұрсам, жылаған нәсілдің көз жасы дедім де жирендім.

Егінші шал. Кімнің көз жасы дейсің?

Сырым. Өңшең қыршын жас — қор болған қыз көз жасы... Бұл ауылда қызды «қырық жылқы» деп атады. Менің көзіме де көңіліме сол он қос жылқыда күңіреніп кеткен көп қыздың қайғы-қасіреті шұрқырап, шер күңірентіп жүргендей. Қысқасы, осындай сан жайдан өртендім де өшіктім. Өсер мүлкіне... Сендерге адал, бұл дүние, ала беріңдер!.. Көңілің соқса — көлік ет, қарның ашса — азық ет, түге!

Балықшы шал. Несін айтайын, Сырымжан, бұл теңіздің мынау өңірінде аты жоққа— ат, асы жоққа — ас болдың ғой, қайран жас! Бірақ бәр-бәріңнен сенің әнің, өнерің бізге қандай сый болды! Үйлеріміздегі бала-бақырларымыз боп, сенен естіген ән мен сөзге имандай ұйып отырғанымыз жоқ па?

Сырым. Ой, қадірлі қартым-ай!.. Оның да менде бүгін қалып жүргені тек тамтығы ғой.

Дулат. Бәсе, бізде бүгін ән қалып па еді?

Егінші шал. Неге? Неден опық жегенсің осы сен? Қыршын жас! Дос дедің, елім дедің бізді, «Ерім» дедім мен-дағы, міне. Енді сол сыр-шеріңді айтып бер бізге, шерлі жас.

Сырым. Не деп айтам онымды... О-о-о! Жарам бар, ата-аналар. Жазылмас жарам жатыр. Сырт жарасы емес, іш жарасы. Найза жарасы жазылады, жан жарасы жазылмас... Жалғызым, жарым жарасы. Жарымды алма, жанымды, ал дедім! Оны алмай, жарымды алсаң, есімді қоса ал дедім тым құрса... Бірақ бұл тілекті менен бұрын ол тілепті, жарығым... Қарагөзім!.. Қарагөзім!.. Дариға-ай!.. (Еңіреп жібереді. Пауза.)

Дулат (шалдарға). Ал естімегеніңді естідің бе, екі қарт?

Шалдар. Естідік... естідік...

Егінші шал. Бөлекше туған да бөлек шер буған-ау деуші ем... Жүрейік, шал, жүрейік...

Шалдар кетеді.

Дулат. Жә, тағы да бейнетпен алған мол жылқыны бейнетсіз таратып беріп шықтық де?

Сырым. Алсын, алсын... Біз мал жиямыз деп жүр ме ек?

Дулат. Демесек те, өлісіп, қырқысып жүріп зорға аламыз да, мұнда әкеліп бере-бере саламыз...

Сырым. Я, сөйтеміз. Өсердің жанына батса, мұндағының аш-арығына сеп болса — бізге одан артық не керек?

Дулат. Сол үшін жаннан кешсек те, түк емес пе?

Сырым. Не қып жаннан кештік?

Дулат. Дәл осы соңғы сапарда көп жылқышы қуғыншының ортасына, соққысына түсіп зорға құтылмадық па? Өзің болсаң, жан мұрынның ұшына келген керді көрдің. Қандайлық көз жоқ ер боп кеткенсің осы?

Сырым. Ой, қойшы, тәйір, не қылған ерлік?

Дулат. Жоға рас, Сырым!.. Осы жолы бір кесел қуғыншы Қарасақал қатты қыспады ма, бәрімізді? Қолында мылтық, өзі дамылсыз атады. Тіпті, тіпті арсылдаған арыстан аузындай ажал оққа қалай қарсы бардың?; Бетпе-бет, құр қол бардың да, тартып алдың ғой қаруын! Ерлік емес, осы не? Жә, қайдан ғана туды осы ерлік?

Сырым. Ой, ол ерлігім сыры сәл-ақ та! Кімде-кім өлімнен қорықпаса, тірліктегі басқаның бәрінен қорықпайды! Мен болсам, осы өмір бітсеші деп, өлімді өзім шақырып жүргем жоқ па? Ерлік емес, өлермендік те мені жегелеп жүрген. Сен мені айтпа, қайта Дәулеткелді, Қоскелдіні айтсаңшы, өзіңді айтсаңшы! Төртеу-ақ бола тұрып, он бес кісі жаудан жылқы тартып алдық қой. Сендер неткен ерсіңдер?

Дулат. Уа, біздікін қоя-ақ қой! Оның сырын ескі бір нақылдан аңдадым мен. Айтыпты ғой баяғыда: «Арыстан тобын ит бастаса — бар арыстан ит болады» деп (Күліседі.) Бәрін айт та бірін айт, күні-түні таңырқайтыным ол емес-ау. Осы кешегі ән мен сән, ойын-сауық, сыңқыл-сылтың, сәкәкумен жүрген біз қані?.. Қару асынып, айдынды жортуыл, атүсті азамат боп қалай кеттік?.. Ән қайда? Ән қайда?..

Сырым. Бәсе, ән қайда? Қайда қалды сонау, сол? Бізді теңіз елі «әнші, өнерпаз» дейді осы күні. Ән мен жыр қалды ма бізде?

Дулат. Әттең десеңші! Күні туар ма екен бір сол сорлы саздың бір кезек?.. Әлде кеткені ме, Сырымжан, осымен?!

Сырым. Қайдан... қайдан білейін, қайран Дулат-ау?.. Сол түннен, Қарагөзден мені айырған сұмдық түннен бастап, ыстық асау жүрегімді тастай суық мұз боп қатқан бір қатал қол уыстап қысып, бүріп алды да қойды. Жүрегім мұз, жаным мылқау болмады ма сол суық қолдан?..

Дулат. Айналайын аузыңнан, лебізіңнен, есіл Сырым-ай! Асыл жаның, ақын жаның үн салып тұр ғой, мінекей! Кішкентай көзеп-көзеп қана жіберсе, көзін құм басқан тас бұлақтай қайнар сөз кернеп тұр ғой көмейді!.. Әттең, әттең!.. Бар қайғы-шер — бір Қарагөз. Қайран, Қарагөз ару!.. Ару Қарагөз! Ол — ару, сен арыс ең! Әттең, ару—арыс қам көңілдер, армандылар. Қарғыс атсын, сендердің шерлерің атсын, қарғыс атқыр қалың мал, қу бұғау атаулыны!

Қару асынған Дәулеткелді, Қоскелді қолы байлаулы Матайды алып келеді.

Сырым. Матай? Бұл не?

Дулат. Матай?.. Бұл қайдан?..

Қоскелді. Тұрғыда отырсам, қасында өзіндей бір жансызын ертіп келе жатыр тағы да.

Дәулеткелді. Тағы кепті, тағы дұшпан көзімен көздестіргелі, үстімізден тағы бір мол жауды түсіргелі кеп жүр ғой!

Дулат. Олай болса, былтырғы түн жоқ титығымызды құртқан. Түбімізге тағы жеткенше, мұны тізерлеп кісендеп тұрып байлап салыңдар.

Сырым. Айтары бар ма? Шынын айтқызыңдар әуелі.

Матай. Уа, бәсе, шынымды біл! Тілге келтірші әуелі!

Дулат. Не шының бар еді сенің?

Матай. Ендеше, Сырым, сөзім сенде, өзіңде.

Сырым. Айт, менде болса!

Матай. Мені саған Нарша жіберді.

Қоскелді. Бәсе, «ұстап бер ұлыққа», «Өсер ауылына ұстап бер!» деп жіберді ғой?

Матай. Жоқ. «Ауылыма келсін. Шақырып кел, жауға бермеймін! Азамат сертім — сол. Тек ауылыма бір ғана келіп, көрініп қана кетсін. Айтар арыз-мұң бар», — деді.

Дулат. Мынау тор-шырға ғой тастап отырған. Өзі ұстай алмаған соң, осылай шақыртып отырған Өсер ауылы ғой.

Сырым (Матайға жақындап). Қарагөз тірі ме? Бар ма Қарагөз?

Матай. Бар, тірі Қарагөз. Сол үшін, соның науқасына сен көрінсе, шипа бола ма деп шақырамын. Менің де жазығым жоқ еді Сырымға. Бірақ мен үшін келмесін. Қарагөз үшін бір келсін.

Дулат (жарыса). Жалған ғой мұның бәрі. Құрулы тор, қанды қақпан ғой, Сырым-ау, мынау!

Сырым (Матайға). Қарагөздің көзі тірі ме?

Матай. Тірі... Қарагөз үшін шақырам деді Нарша!

Сырым. Қарагөз мені көрмек пе? Әлі де көрем бе Қарагөзді?

Матай. Көресің, еріп жүр. Бастап әкел деді маған!

Дулат. Қастық... дұшпандық, алдамшы аяр мына тұрған антұрған.

Сырым. Жаның кепіл, апарасың ба алдамай Қарагөзге?

Дулат. Сенбе, Сырым, алданба!

Матай. Қыршын жасым садаға болсын, апарам!

Дәулеткелді Жалған алдайды!..

Тойсары. Қайтесің, қарағым... Сені де күйзелткен жар жолдасың шығар. Ағайын:

Қоскелді

Сырым. Жоқ, жоқ... Қарагөз атымен қастық келсе де, қарсы алдым! Қарагөз — айым, менің әміршім! Әр зауалда табынар тәңірім. Менің бар өмірім — сол, бар махаббатым — өзі ғана. Ажал келсе де, қабыл алдым барыммен. Босат! Босат!

Матайды босаттырады.

Шымылдық

Алтыншы сурет

Наршаның отауы. Нарша науқас. Оның бас жағында жер төсек.

Қарагөздің төсегі. Үйде: Нарша, Тойсары, Асан.

Тойсары. Шіркін-ай, елу жылда — ел жаңа, қырық жыл — қазан...

Асан. Дүние-ай десеңші... Былтырғы жылдар Қарагөз қандай еді? Аяғы, Наршаны қоса науқас қып қойғаны мынау! Сырым — ол анау!

Тойсары. Сырым содан бері өз ауылының бетін көрмей-ақ кетті ме екен?

Асан. Өз ауылы дейтін ауыл қалды ма Сырымда? Күні осы күнге шейін «Сырым пәлен жерде жүр» десе, Жабай мен Жарылғап иісі Өсерді бастап, қол жиып аттанып барып, бір шарлап қайтады дейді.

Тойсары. Осының жаралысы тіпті бөлек-ау өзі! Жаманатты қылып қаңғыртып жіберетін жас емес пе еді. Өр боп біткен кеудесі мен жалындаған жүрегінде көптен біралуан от, өнер бар еді-ау!

Нарша (оянып). Уһ... Сырымнан хабар бар ма? Неге кешігіп жатыр? Келуге сенбей жүр ме, әлде?

Тойсары. Әлде жеткенше сол болып жүр ме, кім білсін?

Нарша. Келгісі келмей, бұл жақтағы сарғайған дерт, сарылған уайымды көргісі келмей жүрмесе... (Пауза.) Бұ да бір далбаcалық та. Ол ем-дом істеп, бақсы-құшнаш боп жүрген жан емес. Уүһ.. неге душар қылдың, не болдық?..

Тойсары. Басы Сырымнан басталған дерт әлде болса, Сырымнан жазылар да!..

Нарша. Қарагөз жазылмаса, маған да жазылу жоқ...

«Қарагөзді төркініне жібер, төсек жаңғырт, еңсеңді көтер», — деді. Ол қолдан келмейтін болды.

Нарша. Қарагөзден айрылар шамам жоқ еді. Әруағымды, бағымды аман сақтаймын деп шыдап көрмедім бе, отты бүркеп етегіммен?.. Оның бәрінің үстіне, қандай ынтық ем мен өзім де Қарагөзге. Ол сұлулық гауһары емес пе еді?! Қа-а-ай-тейін?!

Қарагөз кіреді. Өлердей жүдеу, зорға қозғалады. Шашы тал-тал боп бетін жапқан. Ыңырсып ән салып келеді. Жүзінде мағына жоқ. Көзі белгісіз қыдырып қарайды. Қолында жапырағы бар ағаштың бұтағы. Қарагөз жынданған.

Қарагөз (айнала қарап тұрып, өз-өзінен). Тоғайға бардым... Тағы барам ба?.. Тоғайды қуалай кете-кете барып... азынаған көрге барам ба?! (Күліп.) Тоғай да ән салады екен. Жібек шапаны бар... Біресе жел боп кетеді. Торғай болып кетеді. Жоқ-жоқ... шөп боп кете ме?.. Әлденеме боп кетеді. Ұйқым кеп кетеді... Тоғай... жапырақ... тоғай түн... (Шошып.) Ойбай... пышақ... кісен... әже!

Нарша. Қарагөз, қиналмасаңшы, бишара!.. Әлің біткен жоқ па еді? Не шамаң қалды?.. Жүруге де жарамайсың... жатсаңшы!..

Қарагөз (сәл селт етіп). Жат деймісің, тіліңді алайын ба?

Нарша. Ал тілімді! Байғұс, сенің менен басқа жанашырың бар ма? Керек десе, менің шешем де мені де жынданды деп, екеумізден құтылғанша асық болып отыр.

Тойсары. Шешеңе ой түсті ғой.

Нарша (Қарагөзге). Қарагөз... шаршадың, шамаң бітті. Жат енді!

Қарагөз (ақырын ілбіп жүріп). Қазір... қазір... (Бетіне жапырақты ұстап.) Тоғай ішінде көрге жатқалы келем (Төсегіне отырып). Ақыретке оранайын ба? Ән салайын ба?

Өз бетімен ыңырсып ән салып отырады. Аздан соң қайта шығып кетеді.

Нарша. Құданың құдіреті, ауырғаннан бері аузынан «тоғай, көр» деген сөз бір түспейді. Бетіңді суыққа салып, жүрегің мұздай жат болып жүргенде де ибамен «сіз» деп сөйлеп, иіліп күткеніңнің өзі-ақ мені ұйытып еді. Ерекше болып туып, ерекше болып сөнгенің бе? Шынымен жарық күндей болып басталған өмірің қара түндей болып құлазып, жүдеп біткені ме?!

Тойсары. Бәрі рас... Жалғаны жоқ сөз. Бәрі арманды дүние!..

Нарша. Әй... болмайды! Шама жоқ. Мен де ұзамайтын жанмын. Жазылса, Қарагөз мені де жазар. Ол жазылмаса, тілер тілек, етер үміт жоқ. Тыныс бітіп келеді.

Қарагөз (қайта кіріп). Жығылып барам... Ұйықтайын ба? Өлсем бе?.. Құлап кетсем, тау басынан ұшып келем... жерде тоғай... тоғай... көп тоғай?.. (Сыбырлап, төрге қарап ақырын жүріп, қолымен ишарат қып.) Шақырады... иә, иә, барам... Келе жатырмын... тоғай... (Асанның үстіне келеді.) Ә... қайда кетті?..

Асан. О не, қарағым, Қарагөз? Шатасқаның ғой.

Қарагөз. Солай ма? Шақырған жоқ қой... (Тойсарыға қарап.) Ұят-ай! (Бетін басып. Асанға) Асан?..

Асан. Жаңа кісі таныдың. Кей уақытта танымай қоясың. Танып жүрсеңші осылай!

Нарша. Кісіні таниды, бірақ елемейді. Танығанын білдірмейді. Әйтпесе оңашада «кім келді, кімді көрдің» десең, бәрін айтады. Біралуан қылып берген дерті ғой.

Қарагөз (Асанға) Асан... маған... (Наршаны көрсетіп.) Ана кісіге ән салып берші. Ән... ән... (Төсегіне сүйенеді.)

Нарша. Асанды көрген сайын «ән сал» дейді. Ескі күннің бұлдыр бір ұшқыны да.

Тойсары (Асанға). Көңілдері сергісін, салып бер бір әнді.

Нарша. Уһ... Асан, айтшы бір ескі әніңді?

Асан (ән салады).

Жігіттің бар тілегі — алдағы өмір,

Бозбала, әнге салсаң — қайғың кемір.

Құданың бергеніне сансыз шүкір,

Көңілім былтырғыдан биыл тәуір.

Нарша. Былтырғыдан тәуір болған көңіл адыра қалсын да!

Асан. А... Олай болса, мынаны тыңда!

Шүкірлік бергеніңе зұлжалалым,

Ойында еш нәрсе жоқ бозбаланың.

Тарқатып жас дәуреннің жәрмеңкесін,

Шетіне шығып қалдық ду базардың.

Текті кіреді.

Текті. Сен не деп ән салып отырсың? Бұл үйге ендігі жетпегені ән бе еді?

Тойсары. Бәйбіше, әдейі айтқызып отыр.

Нарша (Асанға). Дәурен өткен соң, ән де ажарынан айрылады екен-ау. Тіпті бұрынғы тәтті ән сияқты болып селт еткізбейді.

Текті. Ән еститін бізде не көңіл қалды? (Күрсінеді.)

Нарша. Жаратқан ие, айығар ма, бұл тұман сергитін күн болар ма? Мен де адам санатына қосылам ба? Жоқ па? (Күрсініп.) Неге келмей жүр, келмей ме әлде?

Текті. Қарағым, тыныштық ал. Жаңа бір-екі атты келе жатыр еді. Асан, білші, кім екен?

Тойсары. Асан, білші, кім екен?

Асан шығады.

Текті. Қарагөзге істемеген ем жоқ. Бақсы-балгер, қожа-молдалардан келмегені, бақпағаны жоқ. Біз де тоздық. Бишара — бұ да тозбай ма? Шошитыным — нағашы шешесі осындай науқастан өліпті ғой... Бір жағы, — қайғы десеңдер, шошынғанынан болса да, сол ана жағынан келген дерт те бар ғой...

Нарша. Апа, қойсаңшы! Мен ауырлаймын. Осындайды әдейі айтамысың, бишара? Онсыз да тынысым тарылып, үміттен арылып болғам жоқ па?!

Сырым, Асан, Дулат кіреді.

Сырым (Қарагөзді көріп). Жалғызым!.. Сені бұл күйде көргенше, шыққыр көзім шықса етті!.. Нені күтіп жүргемін мен! (Қарагөз ыңырсып ән салғандай болады.)

Қарагөз (Сырымды көріп). Жылайды екен... Иә, иә... (Қадалып қарап.) Қызыл шапан қайда? Тоғайда... тоғай!..

Дулат (Тойсарыға). Оңалайын дегені бар ма?

Тойсары. Осы қалпы ғой басынан. Ендігі күнде төмендеп бара ма, қалай?

Нарша. Сырым, заманың бір құрбысың. Құдай кешсе, мен кештім... Кешпейтін не шамам бар? Бұл күнде қайғылы, дертті — жалғыз Қарагөз емес, мен де осының ауруынан екіталайдың үстіндемін. Естіп жатқан шығарсың. Сен екеуің өзге жаннан бөлек жаралып ең. Қарагөздің сау күнінде айтқан сөздерінен сезуші ем.

Сырым. Жас күнімізде бір аурудан екеуміздің де шешеміз өлді. Өлген анамызды жоқтап, екеуміз оңаша жер болса, үн қосып жылаушы едік. Сол күймен ересек болдық, ер жеттік. Бір жылы қыстыгүні Қарагөз ауыл қыдырамын деп, қатты суық боранға кез болып адасты. Ӏздеген жұрт таппады. Боран үш күн, үш түн айықпады, Қарагөзден ел күдерін үзді. Ауыл іздеуден қалды. Сонда сол күндер күні-түні тыным алмай мен ғана іздедім. Үсіндім, таптым. Аман алып қалдым. Өлім аузынан алып келдім. Сол жолы мен ішімнен Қарагөзді өзім үшін таптым деп ем. Ол жыл былтырғы өткен жылдың қысы еді. Бірақ өзімнің ешкімге мойынсұнбаған көңіліммен: «біз ақыреттен табысып келдік» — дедім. Ақырында, ұшырадым, ұшыраттым!

Нарша. Бұл күнде Қарагөз — мынау! Екеуің бір-біріңе қайғы үстінде сүйеу болып едің. Өзіңді танытып көр. Ескіні есіне түсіріп көрші!

Тойсары. Иә, есіне салса, бірдеме болар ма еді? Енді бауырыңа тартып, ой салып көрші!

Асан. Сырым, шақырып көрсең қайтеді?

Текті. Иә, шақырып, қасыңа алып көрсең... Атыңды айтсаң, бірдеме дер ме еді әлде?

Дулат. Есіл алмадай перизат! Жүзіне қарауға жан шыдамайтын болғаны-ай! Сырым! Қарагөздің көзін көріп отырсың ғой!.. Бірдеме десейші!

Сырым. Не дермін?.. Қарагөз есінен шатасып, мен тентіреп құшнаш болам деп, бойы сергек кісі болып, тірі қалып өмір етем деп ойлап па ем? Жаратқан ие, неге ұшыраттың мені? Не қылдың? (Тоқтап отырып.) Сәулем Қарагөз, мені танимысың? Мен қасыңа барайын ба? Мен — Сырым... ұмытқан жоқпысың?

Қарагөз (қолындағы бұтағын бетіне ұстап). Тоғай... мынау әжем... сен Сырым... ән салшы! (Қадалады.)

Сырым (қасына келіп, қолын ұстап). Ән салсам, мені есіңе аламысың? Сөйлесемісің менімен?

Қарагөз (мағынасыздау). Иә, иә... Ән салшы. Мен сені білем.

Сырым. Сәулем, көлеңкем!.. Қайғылы, дертті қарлығашым!.. (Жылап.) Сен кеткен соң, менен өлең мен ән де кетіп еді... Айтсам — жылау үшін айтушы едім... (Жылай отырып, өлеңмен сөйлейді.)

Дариға дәурен өтті, күнім бітті,

Оқ тиді; ұшырадық — қарғыс жетті,

Бұл күнде сор қамаған қаралы боп,

Көңілді қайғы басып зар еңіретті;

Лашын ем құйқылжыған, дерт күйзелтті,

Айрылдым асық жардан күн сәулетті.

Семген гүл, өлген бұлбұл қайғысынан

Қайырылып қос қанатым, ажар кетті.

Қарагөз аңырып, өңі қашып, қарап қалған.

Мен келдім зарға толып, күнім, саған,

Бір ауыз сөзің бар ма айтар маған?

Жылайын, жырлайын да тілейін мен,

Көзімде жас қалмасын ағызбаған;

Бұлбұлдай сайрауменен өтейін мен,

Сор басып, айықпаса қара тұман;

Бір кезде сері болсам ерке бұлан,

Бұл күнде қайғы оралды қара жылан.

Қарагөз (Сырымға төніп, үні әлсіреп қалады). Иә, иә... Осылай... осылай болатын.

Сырым (Қарагөздің қолын сүйіп, көзіне басып).

Боялсын омырауым етек толып,

Қайғыдан мен де өртендім — міне солып;

Тілеймін маған-дағы сол күн келсін,

Тоғайда, сондай қара түні болып!

Қарагөз (қатты шошынып, айқайлап). А... тоғай, Сырым... Түн... ән... әне — әжем шақырады... шақырады... (Шалқасынан сіресіп жығылады. Сырым шошып отырып қалады.)

Тойсары. Өңі бұзылып кетті ғой. Қарагөз бишараның әлі құрыды ғой деймін. Енді қинамасақ та болатын ба — немене?..

Нарша (төсегінен басын көтеріп). Құдай-ау, үзіліп барады ғой (Жылап.) Бір ауыз жылы сөз... жалғыз ауыз ғана «кештім» деген сөзді естімей қалғаным ба?

Талықсып жығылады. Қарагөз үзіліп бара жатады.

Тойсары иман айтады.

Текті (ақырын жылап). Сорлы, шын-ақ сорың қалың, сор маңдай екенсің ғой. Маңайыңда жыламаған жан қалдырмағаның не? Я, құдай, әлде осының қарғысына ұшырадым ба?

Тойсары. Үзілді... Қарагөз қайтпас жолға сапар шекті.

Сырым (үндемей түнеріп отырған қалпынан қозғалып келіп, Қарагөздің басын құшақтап). Сәулем, есіңнен айрылған күнде де тілеуің менде екен ғой. «Басымда Сырым отыратын күнге жеткіз!» деп тілек тілеген бе едің? Мен де ақтайын енді тілегіңді. Өмір бақи мен де «бір сен» деген тілеумен өтейін! Дулат, сен менің қару-сайманымды ал да, теңіздегі елге қайт! Үміт үзіліп, тілеу кесіліп, белім сынған күйімді айт! Әлде тірінің қатарында жоқ болармын. Ал егер адам боп қатарға қосылсам — табар елім сол болар! Бүгін мені қуған жау енді мені Қарагөз қабырының басынан табады. Енді Қарагөзде ешкімнің ортағы жоқ, Қарагөз менікі! (Еңіреп жылап, үстіне жығылады.)

Нарша (шұғыл түршігіп, қозғала беріп). Неге?! Неге?! Неге олайша дедің сен, Сырым!? Ортағы жоқ! Бәсе, ортағы жоқ ешкімнің? Тек саған ба, маған ба? Жетпеп пе еді?.. Енді де менен бөлмек пе ең? Жетті!.. Же... (Ұмтыла беріп, булығып жастыққа сұлқ құлайды.)

Шымылдық.

Жетінші сурет

Кеш батқан бейуақ: Анда-санда алыста күн жарқылдайды. Елсізде жалғыз мола — төрт құлақты бейіт. Бейіт ішінде жалғыз қабыр.

Сырттан дауыс:

Жасымда шешемді алдың қуат берген,

Өмірде бір жетімдік — барым көрген;

Қуанышым, жан серігім, Қарагөзім,

Сүйенішім — оны да алдың жаныма ерген.

Арманда күнім өтті қайғы-зармен,

Қалған жоқ жанда қуат, бойда дәрмен;

Бейуақытта түн жамылып тілейтінім, —

Өлейін, орын берші қара жерден!

Бейіттің есігі ашылады. Келген — Сырым.

Сырым (жүдеп сарғайған, жалаң бас, есіктен қарап бірталай тұрып). Қырық күн!.. Қаралы қайғымен, жылаумен қырық күн өтті. Алдақашан өлермін... ит өмірден кетермін деп едім, әлі күнге мен арсыз тірімін... Кімді күтем, нені медеу қылам, не тілеймін? (Бейіттің ішіне кіреді.) Баяғы қабыр, әлі де баяғыдай нық басып бітеуленіп жатырсың. Бір топырағың шашылған жоқ. Бір жеріңе жік түсіп, жалғызымның бір тырнағын көрсеткен жоқсың. Өткеніне жеті күн толғанда түсімде көріп ем. Енді белгі беретін күні бүгін шығар... Қырқы толған күні бір рет ескермес пе екен. Өтті дәурен... Тарқады той. Той үстіндегі әннің арты қаралы дауысқа айналды. Сен көтере алмадың, көштің! (Қабырды құшақтап жығылып.) Жарығым, енді мен қайтейін?.. Қайтейін, бірдеме десеңші! Міне, екі үзіліп бүктеліп жатқан жатысым. Бүгін таңда бірдеме айтпасаң, осы қалыпта қабырыңды құшақтап жатып, аштан қатып өлемін. Бар тілегім — өшемін!

Қабырды құшақтап жабысып жатып қалады.

Ұйықтап кетеді. Түсіне Қарагөз кіреді.

Қарагөз (баяғы сау, сұлу қалпында. Нажағай, күн күркірейді). Ей, Сырым!.. Жалғыз-ақ сөз тапсырамын. Сен еркексің. Еркек бол да екеуміздің басымызды ақта! Сенің бойыңда оған жетер қуат бар. Сен жалындаған жанды сөздің иесісің. Қөңіліңді бекітіп, күйіңе түссең, сенің аузыңнан өрттей ыстық сөз шыққалы тұр. Бу беліңді бекемірек!.. Шеш күрмелген тіліңді! Мені де, өзіңді де ақта! Тапсырамын осыны! Сынған ер жамалады, сыны біткен көңіл қайғысын сөзбен жазады. Сенің дауысың биік қалың тоғайдың басын теңселткен қатты дауылдай аңқып ессін! Сенің бетіңе тура қарар жау болмас. Дауыл мен жауында жай ұшырған жапырақтай болып өшеді, жоғалады. Шеш тіліңді! Оян, серпіл! Сөйле!.. Сөйле!.. (Жоғалып кетеді. Сырым ұйқыдан оянған. Түс айыққан. Бірақ күңірене толқып отырып.)

Сырым. Рас па, күнім, рас па? Жалғызым!... (Көтеріліп.) Айтқан сөзің ем болар ма? Күздің суық қара түнінде ішімде күн туғандай болғаны қалай? Жаз исі шығып, қара тастай қатып-семген көңілім, мұз боп қатқан жүрегім жібігені қалай?.. Бойым балқып игендей, жас жанымның қайғысы қаралы жүзімен ағарғандай! Діріл қағып, елбіреген домбыраның шегіне ілінген күйдей болып, ішімде қайғылы, мұңды күй оянғаны қалай?.. Қара түнде қара жыландай қайғы оралып, қара көрді тілегенімде алды-артымда шам жанып, басыма кеп сөз қатты. (Өлеңмен сөйлей бастайды.)

Көк сөгіліп от төкті,

Жай отымен нұсқар ма?

Баратұғын сол бетті.

Сен жарық ең, мен — көлеңкең,

Құдірет қуып сорлы етті!

(Серпіліп түрегеліп.)

Құйыл сөзім, құйыл сөзім, қиылман,

Таудан аққан тас бұлақтың суындай;

Ортқып ойнап, көбіктен де аспанда,

Ӏшін тартып аласұрған құйындай.

Жалынындай түндегі өрттің жаланшы,

Жансын жаным, ақсын қаным тыйылмай.

(Қабырға қарап).

Қара түнде қабырыңның басында

Ант етемін бұлт басқан айыма;

Сертім осы, куә болшы, суық көр,

Енді өлмеймін тіпті қарап жайыма!

Кепілім бол, кереметті қуанышым,

Қару ұстап аттанамын жауыңа!!

... Менің қамшым оқ жыланнан өрілген,

Қолда найзам жай отымен үштелген,

Кесілгенше, кесілгір тіл, сөйлеп бақ!

Құдіретім, қылығыма куә болшы, суық көр.

Енді өлмеймін тіпті қарап жайыма!

Кепілім бол, кереметті қуанышым,

Қару ұстап аттанамын жауыңа!!

... Менің қамшым оқ жыланнан өрілген,

Қолда найзам жай отымен үштелген.

Кесілгенше, кесілгір тіл, сөйлеп бақ!

Құдіретім, қылығыма куә бол!!!

Есеңгіреп, шалқайып барып бейіттің қабырғасына сүйеніп, сәл тұрып қалады. Аз тым-тырыстан соң шығып кетеді.

Шымылдық.

Соңы