КИССА СЕЙІТБАТТАЛ

«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН

ДІНИ ДАСТАНДАР

ҚИССА СЕЙІТБАТТАЛ

Өлеңде бисмилла етпек бұйрық жоқ,

Азырақ өлең айтсам, көңілім тоқ.

Намаз бенен рузаны күтсең керек,

Бір күні алдап тұрар, бұ дүния боқ.

Әуелі жад етелім Тәңірім атын,

Мен өлсем де, өлмей-дүр жазған хатым.

Қырық беске келе-дүр менім жасым,

Тобольский губерния – асыл затым.

Ялутар оязының туған жерім,

10. Синпольский болыс-дүр тұрған жерім.

Қазақта он екі жыл бала оқытып,

Семиполат, Омскі – жүрген жерім.

Жұмашық ұғлы Мәулекей болар атым,

Бұ қиссаны қазақтан көріп алдым.

Қазанға печат баспа үміт еттім,

Заказной почтальон айдап салдым.

Кейбір адам сөйлейді жалған сөзді,

Мен де айтамын көңліме алған сөзді.

Тыңласаңыз, жамағат, мен сөйлейін,

20. Сейітбаттал батырдан қалған сөзді.

Мұстафа пайғамбарға кітап енді,

Сахабалар баршасы оқып білді.

Жоқ-барды көп сөйлеп не қылайын,

Сейітбаттал қиссасы енді келді.

Сейітбаттал Миланаға барған жері,

Диюға қылышын салған жері.

Түркістаннан ақ пілді алып келіп,

Әмір Омар қызын алған жері.

Әбул Мұтхаф шаһының риуаяты,

30. Көп қылды Сейітбаттал ғиззаттары.

Үш ұғлы бар еді ол Сейіттің –

Ғажап, көркем, құб еді суреттері.

Бірінің аты – Бәшір, бірі– Әли,

Бірінің аты Нәзір дедім, бәлі.

Әмма Әли бек көркем жігіт екен,

Ұстазға берді ғылым үйреткелі.

Балаларын молдаға елтіп берді,

Бір күнде балалары қайтып келді.

– Әй, ата, жұмалық берші бізге,

40. Молдамызға бергелі керек, – деді.

Оңға, солға қарады Баттал ғазы,

Қандай Баттал палуан, ғаяр, ғазы.

Іздеп-іздеп таппады һешбір нәрсе,

Оны беріп, ұстазын қылса разы.

Таба алмай үйдің ішін ақтарады,

Шапан менен сәлдесін шығарады.

Үстіндегі шапанын шешіп алып,

Әли, Нәзір молдаға апарады.

Шапан менен сәлдесін берді дейді,

50. Балалар молдасына келді дейді.

Қуанысып екеуі алып барып,

Келтіріп, молдасына берді дейді.

Қатыны – Гүләндам Тарион қызы,

Ақылы кәміл, бойы зипа, гүлдей жүзі.

Көңліне келіп малының жоқтығына,

Айтады Батталға арыз сөзі.

– Әй, Баттал, дүниеде жоқ сендей адам,

Бұл істің лайығы жоқ енді саған.

Шапан менен сәлдеңді шешіп бердің,

60. Бар ма екен бізден пақыр, айтшы маған?

Бұ дүниеде өлім бар, тіріклік бар,

Боламын бұ ниетке мен енді зар.

һеш нәрсе жимадың дүние-малдан,

Өзіңнен соң балаларға нең қалар?

Сейіт айтты: – Әй, никарым, есіт менен,

Айтайын хикаятты Расулымнан.

Келер екен көп алтын Пайғамбарға,

Көп алымлар алар екен кәпірлерден.

Бәрін де пақырларға үлестірген,

70. Қайда пақыр бар болса, бәрі келген.

Пайғамбарым дүниеде мал жимаған,

Енді бізге мал жимақ харам екен.

Ол Хамза Расулдың ағасы еді,

Хазірет Әли һәм күйеу баласы еді.

Олар да жимаған дүние-малын,

Бұ дүние бәрімізден қаласы еді.

Ұрыста қолдарына көп мал түскен,

Малын алып, кәпірдің басын кескен.

Нәпсіге олар көңіл бермегенлер,

80. Алланың ризасына жаннан кешкен.

Әй, Гүләндам, айтайын есіт менен,

Мен дағы олардың нәсілінен.

Не қылсам да, Құдай үшін мен қылармын,

Қолыма мал жимақ келмес менен.

Қатыны айтты: – Асылың әмір Омар

Не үшін дүниелік көп мал жияр.

Мұнша қазына, бұйымы толып жатыр,

һәр күнде түрлі-түрлі киім киер.

Сейіт айтты: – Әй, қатын, сөзім болар,

90. Сұрасам әмір Омар қызын берер.

Қатын айтты Гүләндам: – Бір пұлың жоқ,

Падиша қызын саған қашан берер.

Аты-дүр Малатия – үшбу шаһар,

Шаһардың падишаһы – әмір Омар.

Баттал еді – шаһарда ләшкер басы,

һәммасына бар еді көп ғазылар.

Фатима – әмір Омар шаһтың қызы,

Туған айдай болады оның жүзі.

“Нәсіп болса сол қызын алармын” деп,

100. Сейіт айтты қатынға үшбу сөзді.

Сейіт айтты: – Ол қызды мен тілермін,

Осы малсыз үйіме әпкелермін.

Гүләндам айтады: – Барып көрші,

Берсе жақсы, мен дағы хош көрермін.

Сейіт енді орнынан түрегелді,

Әмір Омар үйіне жүре берді.

Қол қусырып құрметлеп, сәлем беріп,

Әмір Омар қасына кіріп келді.

Сейіт айтты: – Падиша әмір Омар,

110. Мен келдім, саған айтар бір сөзім бар.

Естідім дүние-малдан көп жиыпсың,

Аһл Алла малға мейіл қылмағанлар.

– Не болар, көп болса менім малым,

Бір қызым бар үйімде, менім жаным.

Жақсы күйеу табылса, мен берермін

Қызымменен ұзатып жүмлә малым.

Әй, Баттал, күйеу тап, мен көрейін,

Егер білсең хабарын келтіресің.

Бұ қызыма лайықтап күйеу тапсаң,

120. Тамаша етіп, жақсы той мен қылайын.

– Жақсы күйеу керек болса, мен табайын,

Іздеп тауып, мен саған білдірейін.

Әмір Омар айтады: – Жақсы болар,

Жарардай жақсы тапсаң, құп көрермін.

– Сейітбаттал сәруар, ғазы мен емес пе?!

Шаһымыз әмір Омар сен емес пе?!

Ол қызың маған берсең нешік болар?!

Ол қызыңа мен өзім тең емес пе?!

– Қатының – Тарион қызы бар үйіңде!

130. – Не болар жалғыз қатын мендей ерге?!

Сен маған екі қатын көп көресің,

Тоғыз қатын бар екен Пайғамбарда.

– һешқайда қыз бермеслер бір тіл бірлән,

Мен кеңес қылайын жұртым бірлән.

Әй, Баттал, осы жерде тұра тұршы,

Барып кеңес қылайын қатын бірлән.

Сейітбаттал сөзіні тамам қылды,

Әмір Омар тез барып, үйге кірді.

Қатынға мәлім қылды үшбу сөзді,

140. Естіген соң қатыны фариад қылды.

– Аһ, дариға, ол қызды нешік қарар,

Үйінде тұрмас өзі, ел қыдырар.

Өзі жарлы, малы да жоқ, пұлы да жоқ,

һәр жерде, жүрген жерде қатын алар.

Фатима қыз есітіп мұны білді,

Анасының қасына жетіп келді:

– Батталдай ер жаһанда теңі болмас,

Мені соған берің,– деп жауап берді.

Әй, ана, жаман сөзің неге керек,

150. Баттал-ғазы, ғаяр-дүр, өзі зерек.

Өзі ғалым мұнаууар, өзі көркем,

һәрбір буын сайын оған қатын керек.

Естіген соң анасы ашуланды,

Қол көтеріп, қызының жүзін ұрды,

“Араңызда бір сұмдық бар екен” деп,

Қызының аузы-мұрны қанға толды.

Қатынға сөз айтады әмір Омар:

– Қызым дағы Батталды жақсы көрер.

Палуанды қайтармақ жақсы болмас,

160. Ойласам, берсек бізге жақсы болар.

Қатын айтты: – Тез енді Батталға бар,

Көп сұрағыл қалыңға һәр түрлі мал.

Малы жоқ, көп сұрасаң малдан қашар,

Біз дағы құтылармыз, тілімді ал.

– Әй, қатын, олай болса мен барайын,

Қалың малға не шақлы мал сұрайын?

Таба алмастай мал сұрап амалменен

Батталдың бұ сөзінен құтылайын.

Қатын айтты: – Түркістан шаһарында

170. Бір ақ піл бар екен, білдім анда.

Қызыл-алтын үстінде күннен жалтыр,

Алтын таға құйылған аяғында.

Ол ақ пілді келтірсін, барсын дағы,

Жүз ақ түйе, жүз қызыл түйе дағы.

Жүз ат болсын рұми, өңкей қара,

Үстіне салып келсін бар жарағы.

Жүз бәдәуи һәм жүзі һинди болсын,

һәр қайсысы зинат бірлән ерленсін.

Алтынды ер-тоқым ерлетіп,

180. Үстіне жүз көркем қыздар мінсін.

Жарымына жүз бала тағы мінсін,

Аттанып қыздар бірлә бірге келсін.

Мұны есітсе Батталың таңға қалар,

Мұндай қылып сұрарды қайдан білсін.

Сен енді кешікпей-ақ Батталға бар,

Мұны естіп, Батталың таңға қалар.

Іздеп таппас жер жүзін қыдырса да,

Андан соң жанымыз тыныш қалар.

Әмір Омар орнынан түрегелді,

190. Сейітті көрейін деп жүре берді.

менен аттарын бәрін дағы

Сейітбаттал ғазыдан талап қылды.

– Жақсы сөз, раст айттың, мен кетейін,

Осы айтқан сөзіме мен жетейін.

Бұ аттарды пілменен, қыздарменен,

Іздеп тауып бәрін де келтірейін.

“Бір жылда келермін” деп уағда берді,

Амандасып үйіне қайтып келді.

Әмір Омар шаһтың айтқан сөзін,

200. Бәрін де қатынға мәлім қылды.

Қатын айтты: – Мен саған айтпадым ба,

Ол қызын саған бермес демедім бе.

“Қызын берер маған” деп кетіп едің,

Уа, мақтаншақ, сертіңе жетпедің бе?

Мұны естіп келділер жаранлары,

Мәлүл болып жиылды анлар бәрі.

“Сейітіміз, бұл іске қам жемеңіз” [деп],

Насихатты қылдылар баршалары.

Баршалары айттылар: – Иә, палуан,

210. Ол нәрселер табылар қашан саған?

Бізді тастап кетерсіз, панаһымыз,

Сен кеткен соң бізлерге – ақырзаман.

Сейіт айтты: – Уағдамыз болып қалған,

Айтқан сөзден айрылмас ер атанған.

Мен бұ малдың бәрін де мойныма алдым,

Ер болар ма, уағдасы болса жалған.

Қош қалыңыз енді сіз, жаранларым,

Мен енді һиндустанға сапар барам.

Хақ Тағала жазғанын мен көрермін,

220. Дұғада болыңызлар, жаранларым.

Жаранлар баршалары зар қылдылар,

Түн ортасы болғанша отырдылар.

Қасына шақырды балаларын,

Қатыны Гүләндамды келтірділер.

Гүләндамменен екеуі амандасты,

Балаларын құшақтап, көп жыласты.

Жаранлар баршасыменен амандасып,

Түн ортасы болғанда жолға түсті.

Тәуекел деп Құдайға, жолға түсті,

230. Аң аулап, таулардан өте кешті.

Отыз үш күн тоқтамай жүріп еді,

Бір теңіздің жанына келіп түсті.

Теңіздің жанында ағаш бар-ды,

Ағаштардың алдына келіп қонды.

Хош сахара, жасыл шөп, құстар сайрар,

Отын жағып, пісіріп тамақ қылды.

Ауқатын пісіріп, тамақ қылды,

Таһарат алып, сол жерде намаз қылды.

Мінәжат қылды жүзін көкке тұтып,

240. “Жәрдем қыл” деп, Құдайға зарлық қылды.

– Иләһим, құдіретіңнен қуат бергіл,

Тілеген тілектерім қабыл қылғыл.

Жүзіне қолын тұтып, зары қылды:

– Әй, Құдая, жәрдемің қыла көргіл.

Зарлық қылды Құдайға ол палуан,

Ұйқысы келіп жатыпты біраз заман.

Ұйықтаймын деп сол жерде жатып еді,

Құлағына дауыс кірді ат кісінеген.

Сескеніп, орнынан тұра келді,

250. “Кім екен?” деп жан-жаққа қарай берді.

Көрсе Хызыр пайғамбар келген екен,

Қарсы келіп Сейітке сәлем берді.

Хызыр келген екенін Сейіт білді,

– Уа аләйкумассалам,– деп сәлем алды.

Хызырдың аяғына келіп түсті,

Қолын өбіп, Хызырға қызмет қылды.

Хызыр айтты: – Білдің бе мені танып,

Айдалада жатырсың мұнда нағып?

Шапшаң бол, атыңа мін, қамшыңды ал!

260. Көзіңді жұм, кетемін сені алып!

Сейітбаттал орнынан тұрды дейді,

Шапшаң келіп атына мінді дейді.

Атына мініп алып, қамшы ұрып,

“Жұм” деген соң көзін жұмды дейді.

Қайтадан тағы да ашты көзін,

Теңіздің ар жағында көрді өзін.

Бір сахара һеш адам жүрген емес,

Шүкір қылып, сәждеге ұрды жүзін.

Бір сахараға келіп түсті ол палуан,

270. Сахараның оттары хош зағыпыран.

Қалампыр, санжаби бәрі сонда,

һәмма бәрін көрді де, болды қайран.

Баттал ғазы қарайды жоғары-төмен,

Хызырды көре алмайды, қалды қайран.

Ғайыптан әуез келді құлағына:

“Іздеп келген жерің-дүр бұ һиндустан”.

Аллаға тәуекелді қылады енді,

“Көп істерді қыларсың мұнда” дейді.

Сейіт енді бұ сөзді естіген соң,

280. Тәуекеллеп атына мінеді енді.

Аң аулап екі күн кетті дейді,

Бара-бара бір сахараға жетті дейді.

Көрінді бір шарбақ айдалада,

Жүре-жүре ол шарбаққа жетті дейді.

Ол шарбақтың ішіне кірді дейді,

Тамы биік бақты көрді дейді.

Ортасында тағы да бір сарай бар,

Сол сарайдың жанына келді дейді.

Есігін найза бірлән ашты дейді,

290. Ол бақтың ішіне кірді дейді.

һеш жанның өзі де жоқ, ізі де жоқ,

Айналып жан-жағына жүрді дейді.

Жемісті көрді, түсті ашқарақтан,

Жемістерді жеді һәрбірінен.

Атыны байлап қойып шарбағына,

Сарай таба келеді ол жерінен.

Дүнияда не көрінбес әзиз жанға,

Сарайдың басқышынан шықты тамға.

һешбір жан жоқ, хабарын сұрар еді,

300. һеш адам жоқ ішінде, қалды таңға.

Басқыш бірлән сарайға мінеді енді,

Сарайда һеш адам жоқ, кірді, көрді.

“Бұ неткен жәй жатқан сарай екен”,

Қайтадан басқыштан төмен енді.

Қойған жерде атын көре алмады,

Қайда кеткен екенін біле алмады.

Тысқа шығып, жолменен іздеп келді,

Ақшамғаша іздеді, таба алмады.

Келүр еді жолменен шам уақытында,

310. Үлкен шаһар көрінді тап алдында.

Бір тамның үстінде намаз оқып,

Құдайға дұға қылып, жатты сонда.

Ұйықтады, таң атқан соң түрегелді,

Таң намазын тағы да сонда қылды.

Қараса бір жақтан кісі келер,

“Бұ қандай шаһар?” деп хабар сұрды.

– Сұрасаң шаһар аты – Тантания,

Шаһар атын білмесең, келдің неге?

Сейіт енді орнынан түрегелді,

320. Жетіп келді шаһардың қапуына.

Сейіт көрді жиылған көп адамлар,

“Меһрасып – падишаның аты” дерлер.

Падишаның қасында уәзірлері,

Баршасы кеңеске жиылғандар.

Сол жерде Сейітбаттал тұрып еді,

Төрт құлменен падиша жетіп келді.

Көрсе қақпа түбінде бір адам тұр,

Жүзін, бойын Батталдың көркем көрді.

Таң қалды Батталдың тал бойына,

330. Көркемдігі бар еді падишаға.

Бір құлын қасына шақырып айтты:

– Сол кісіні алып бар біздің үйге.

Апарғыл біздің үйге ізет қылып,

Біз келгенше сақтай-дүр қызмет қылып.

Меһрасып жөнелді “Келемін” деп,

Батталға сөз айтты ол құл барып.

Батталға құл айтты: – Әй, кари адам,

Падишаһым жіберді мені саған.

Меһрасып өз үйіне шақырады,

340. Апарам деп мен келдім сені соған.

Сейіт айтты: – Сөзім бар менім сенде,

Меһрасып падишаңыз қайсы дінде?

– Падишаны сұрасаң пұт параст-дүр,

Қызыл-алтын пұттары бар алдында.

Пұтының үлкендігі қырық батпан,

Інжуден көзлеріне гауһар таққан.

һеш патшаның мұндайын тәңірісі жоқ,

Біздің патша сондайын Құдай тапқан.

Сейіт айтты: – Бұ сөзің қатты жаман,

350. Пұтты құдай деп айттың, ғапыл надан.

Адам қылған пұт қашан құдай болсын,

Бұ сөзіңді есіттірме енді маған.

Әй, ақымақ, ақылсыз, бермен қара,

Ол пұтты құдай дейсің, жүзің қара.

Сол пұтты балтаменен біреу ұрса,

Сынып кетер ол, болар екі пара.

Әй, ақымақ, айтайын, сөзімді есіт,

Ақылменен бұ сөзге құлағың тұт.

Біреу ұрып, сындырса балтаменен,

360. Құдайлыққа не жарар, ол шірік пұт.

Құдай ол-дүр, тыңдашы, болмас оның,

һеш жан бірлән кеңесі болмас оның.

Жер мен көкті, ай мен күнді ол жаратқан,

Сипатын тілмен айтып болмас оның.

Кәпір-дүр падишаң, мен көрмеймін,

Кәпірдің қапуына мен бармаймын.

Падишаның пұттарын адам қылған,

Ол пұттардың қасына мен бармаймын.

Ашуланып, жаман құл боқтап салды,

370. Мұны естіп Сейіт һәм ашуланды.

Сейітбаттал орнынан тұрды дағы,

Құлдың екі құлағын үзіп алды.

– Неге сен боқтадың мені бұлай,

Адам жонған тақтаны дедің құдай.

“Алып бар” деп құлақтарын құлға берді:

– Құдай болса түзетсін бұрынғыдай.

Құл бұ халді көрді де, фариад қылды,

Құлды көріп, жамағат көп жиылды,

– Неге үздің бұ құлдың құлағын? – деп,

380. Халайық жан-жағынан ғауға салды.

Сейіттің ашуы енді келді,

Қолыменен он сегіз кісі өлтірді.

Құлағын қолына алып құл жөнелді,

Падишаға хабарды тез келтірді.

Құл жүріп, падишаға жетіп келді,

Келді де уақиғаны мәлім қылды.

Құлақсыз құлын көргеннен соң,

Сейітбаттал қасына шапшаң келді.

Сейіт сонда кісілерді ұрар ерді,

390. Бір қолменен бәрін де қырар ерді.

Көп адамлар өлтірді ол күн Сейіт,

Бір ұрғанда, он кісі өлер ерді.

Меһрасып сол арада келіп көрген,

Сейітті көрген жерде қайран қалған.

Қайсысының аяқ-қолы сынып жатыр,

Көп кісі сол арада өліп қалған.

“Оқ атың!” деп бұйырды Меһрасып:

– Неге бұлай тұрасыз жәй қарасып.

Оқпенен өлтірмесе, сірә, болмас,

400. Өлтірді ғой бәріңді басып-басып.

Кәпірлер баршасы оқтар атты,

Сейіттің денесіне келіп батты.

Барша жері Сейіттің жара болды,

Қандары кеудесінен судай ақты.

Не амал бар, әл-қуат кеткеннен соң,

Қашпақ болды қараңғы болғаннан соң.

Кеш болғаннан соң ләшкерден Сейіт шықты,

Тұла бойы қызыл қан болғаннан соң.

Сейіт кетті, кәпірлер білмей қалды,

410. Жүріп барып бір дәреге жақын барды.

Тамам тәні ауырып, науқас болды,

Жалғыз тамның түбінде жатып қалды.

Қарайды шаһар халқы іздеп аттан,

Шам жанып, іздеділер шындан-шындан.

Қанша іздеді болмады, таба алмады,

Меһрасып падиша болды қайран.

Падиша ордасына жүрді дейді,

Бір уәзірі бар ерді, көрді дейді.

Падиша ордасына кіргеннен соң,

420. Уәзір келіп, қасына кірді дейді.

Падиша уәзірі Банһам атты,

Ол келіп Меһрасыпқа сөзін айтты.

– Иә, падиша, бұ қандай адам екен?

Дүниеде көре алмадым мұндай затты.

Білмеймін бұ кісі дию ма екен,

Болмаса дию түгіл пері ме екен?

Адамзаттан мұндай жан көргенім жоқ,

Адам болып танытпай жүре ме екен?

– Көре алмадым мұндай жан тіпті, – дейді,

430. һәй бұл адам қай жерге кетті, – дейді.

“Көрсем, білсем, танысам мен оны” деп,

Қайтып келіп үйіне жатты дейді.

Уәзір сол кеш үйінде жатыр ерді,

Расул хазіретті түсте көрді [дейді].

Пайғамбардың алдына жақын барып,

Мұсылман болып, иман арыз қылды дейді.

Түсінде уәзірге айтты Расулымыз:

– Сіз менім әуладыммен ұрыстыңыз.

Жігер-күшім Сейітбаттал ол күн келген,

440. Сізлер оның үстіне оқ аттыңыз.

Тамда жатыр ол ауырып, тез барыңыз,

Оның халін, хабарын тез біліңіз.

Ұғлың менен екеуің бірге барып,

Іздеп оны шаһарға келтіріңіз.

Орныңыздан тұрған соң, жылдам барың,

Дәру қылып, байлаңыз жараларын.

Таңда мақшар күнінде шапағатымнан

Мақрұм қалмағайсыз, балаларым.

Оянып тұра келді уәзір Банһам,

450. Қараса үйдің іші нұрға толған.

Таң қалып үй ішінде отыр еді,

Баласы келіп кірді қапусынан.

– Әй, әке, бұ кеш бір түс көрдім,

Түсімде Пайғамбардың жүзін көрдім.

Ұрыс қылған Пайғамбардың баласы екен,

Пайғамбар хабар берді, айта келдім.

Бұ да көрген әкесінің көрген түсін,

Бәрін көрген әкесінің көрген ісін.

Әкесіне айтқан сөзді бұған да айтқан,

460. Келіпті әкесіне айтпақ үшін.

Уәзір дахи түсіні баян қылды,

Көргенін баласына аян қылды.

Ұғлыменен екеуі үйден шығып,

Шаһардың қапуына таман келді.

– Әй, жамағат, тыңдай көрің, ғапыл қалма,

Уәзірменен екеуі келді тамға.

Бір тасты жастық қылып жатқан екен,

Бұл екеуі көрген соң қалды таңға.

“Алланың Расулының ұғлы”, – дейді,

470. Алдына сәлем беріп келді дейді.

Сейітбаттал орнынан тұрды дейді:

– Сіз кімнен білдіңіз мені? – дейді.

Айттылар: – Түсте көрдік Пайғамбарды,

Пайғамбар түсімізде хабар берді.

Атыңызды, затыңды содан білдік,

“Осы тамның түбінде жатар” деді.

Сейітті алып шаһарға келтірділер,

Байлап ол жараларын бітірділер.

Гүл майын сүрттілер жарасына,

480. Алдына түрлі тағам келтірділер.

Сейіт ол тағамдарын татты дейді,

Ас жеген соң ұйқыға батты дейді.

Таң атқан соң қараса денесіне,

Барша жерін саламат тапты дейді.

һеш ауруы қалмады, таза болды,

Құданың хүкіміне разы болды.

Аллаға шүкірін қылып енді,

Сол заман таһарат алып, намаз қылды.

Бір уақытта уәзірі анда келді,

490. Сау-саламат Батталды анда көрді.

Бір түнде оңалғанын көргеннен соң,

Бұрынғыдан Батталды жақсы көрді.

– Білдім енді, Құдай-дүр сенің жарың,

Бұйырсаң падишаға мен барайын.

Хақ Тағала тұғры жол нәсіп етсе,

Оны һәм кәпірліктен шығарайын.

Уәзір жүріп, патшаға келді дейді,

“Пал аштым” деп хабарды берді дейді.

“Кешегі адам Пайғамбар нәсілі екен,

500. Палым сондай хабарды берді” дейді.

Меһрасып патша айтты: – Бұ заманда,

Ол нәсілдер табылар қайсы жанға.

Уәзір айтты: – Пұтқа олар табынбайды,

Табынар жер-көкті жаратқанға.

Патша айтты: – Сөзіме құлақ тұтың,

Жаратпады ма бұ көкті менім пұтым?

Ол пұттардан басқа да Тәңірі бар ма,

Растығын айырып маған айтың.

Уәзір айтты: – Ол пұтты кісі жасар,

510. Тілеселер аяққа салып басар.

“Мені аяқпенен бастың” деп, айта алмайды,

Тілсіз пұт құдайлыққа нешік жарар.

Құдай ол-дүр ілгері-соңы жоқ-ты,

Ақылды пенде Құданың хүкімін тұтты.

Құран енді Мұхаммед пайғамбарға,

Мұхаммедтей пайғамбар, сірә, жоқ-ты.

– Тамаша сөздер айттың, шын сөз бе екен,

Бағанағы жігітті көрсем екен.

Ол жігіт болса, бір сөз айтар едім,

520. Андан дахи бір хабар білсем екен.

Уәзір ұғлын жіберді, жүгіріп барды,

Сейітті Меһрасыпқа алып келді.

Сейітбаттал есіктен кіргеннен соң,

Уәзір Банһам орнынан тұра келді.

Сейіт берді сәлемін, уәзір алды,

“Жоғары оз” деп Сейітке орын берді.

Дағыменен падиша отыр екен,

Падишаның жанына бірге отырды.

Бас көтеріп, патшаға сөзін айтты,

530. Айтқан сөзі Батталдың балдай тәтті.

Көп уағыздар сөйледі падишаға,

Падиша бұл сөзіне құлақ салды.

– Ол құлыңнан бір құлды сатып алсаң,

Сақтасаң кішкенеден, асырасаң.

Қадірлі заттан кигізіп түрлі киім,

Түрлі тағам жегізіп, сыйлап жүрсең,

Соңынан ол сенен жүз өкірсе,

Сенен безіп, екінші шаһқа барса.

Сенен безіп, қасыңнан кеткен құлың,

540. Қайтадан қолыңа дахи келіп кірсе.

Қайтадан қолыңа түссе қайтер едің,

Қандай сөздер ол құлға айтар едің?

Патша айтты: – Қайтадан қолға кірсе,

Терісін сойып, қанын төгер едім.

– Алла сені жаратты топырақтан,

Падишалық, бақ берді түрлі жақтан.

Алла сені сыйлады, біле алмадың,

Білмесең, түсерсің алтын тақтан.

Нығмет берген Алланы өзің қойдың,

550. Кәпір болып, өзіңді өзің жойдың.

Мүмін болып қайтпасаң ол Аллаға,

Бір күні бағланұр сенің мойның.

Өз қолыңмен ол пұтты сен түзерсің,

Тілесең таспен атып сындырарсың.

Бір адам жерге көмсе, шіріп қалар,

Сол пұтты Құдай деп жүз ұрарсың.

Сейітбаттал сөзіні тамам қылды,

Мұны естіп, падиша қайран қалды.

“Қызық сөздер сөйлейді осы жігіт,

560. Пұтымды келтірің!” деп айғай салды.

– Менім пұтым тағы да не сөз сөйлер,

Шапшаң барып, пұтымды келтіріңдер.

Падишаның жарлығын қабыл қылып,

Пұт алмаққа бардылар жұмыскерлер.

Пұт үйіне бардылар жұмыскерлер,

Ол пұтқа жақсы тондар кидірділер.

Қызыл-алтын атластан перде қылып,

Көтеріп падишаға келтірділер.

Меһрасыпқа шауып келіп көп уәзірлер

570. Пұт жүзінен пердені көтерділер.

Падиша пұттың жүзін көргеннен соң,

Табындылар, жүздерін жерге ұрдылар.

Сейіт бақты көзлерін, гауһар көрді,

Ерні лағыл, тістері інжу ерді.

Ішіне хош бой қылып, қуыс қылған,

Сейітбаттал көрді де, қайран қалды.

Меһрасып сөйледі: – һәй, Тәңірім,

Бір сөзді сұрамаққа мен келемін.

Қанша жылдар уәзірлер, беклерменен,

580. “Құдай” деп, мен саған табынамын.

Осы күнде бір кісі келді маған,

“Кәпір, дейді, табынба” дейді саған.

“Ол маған кәпір дейді”, не айтарсың,

Не жауапты берейін енді соған?

Меһрасып бұ сөздерді айтып ерді,

Көтерілді, сол заман пұт сілкінді.

Падиша сөзін тыңдар, пұт сөйлейді,

Батталға қарады да жауап берді.

– Әй, Баттал, қатал деп сені білдім,

590. Аярлықпен Рұмды хараб қылдың.

Рұмның шаһарларын аздырған соң,

Бұ жерді аздыруға тағы келдің.

Пұт сөйледі, Сейіт һәм естіп тұрды,

Аятул күрси сөзін оқып тұрды.

Алланың әмірі бірлән пұт сөйлемей,

Сейітбаттал алдында тітіреп тұрды.

Балшықты пұттың жүзі түсті төмен,

Пара болды, мың сынды күлдей күйген.

һәр бөлек сынығынан әуез келді,

600. “Лә илаһа илла Алла, Мұхаммед расул Алла” деген.

Меһрасып бұ халді көрді дейді,

Уәзірінің қасына келді дейді.

– Әй, уәзір, бұ кісі не сөз айтты?

Менім пұтым не үшін сынды? – дейді.

– Алланың атын оқып тұрды, – деді,

Оқыған соң пұт сынып, түсіп қалды.

Падиша айтты: – Белгілі, олай болса

Бұ кісінің діні хақ болып қалды.

Отыр еді құлақсыз құл анда және,

610. Келіп түсті Сейіттің аяғына.

– Әуелі сол пұтқа оқыған аятыңды

Оқы-сәна бұл менім құлағыма.

Бұ құл енді Сейітке ғұзыр қылды,

Сейітбаттал әлхамдоқып, бір дем салды.

Қара-сәна Құданың құдіретіне,

Құлағы бұрынғыдай бүтін болды.

Бұ құлдың құлағы жақсы болды,

Патша енді Сейітті жақсы көрді,

Бұ құлдың құлақтары түзелген соң,

620. Халайықтар, уәзірлер қайран қалды.

Сейіт айтты: – Иә, падиша, не тұрарсың,

Енді менен тағы да не сұрарсың?

Иман келтіргіл енді, мұсылман бол,

Дүния ақырет, азаптан құтыласың.

– Әй, Баттал, саған айтар бір сөзім бар,

Дахи сенен бір қиын тілегім бар.

– Тілегенің бар болса, маған айтшы,

Тілесең Құдай өзі жәрдем қылар.

Патша айтты: – Үшбу-дүр, менім сөзім,

630. Бар еді үйімде жалғыз қызым.

Сол қызымды бір залым дию алды,

Бейшара болып қалдым енді өзім.

Мен бейшара болып қалдым, не қылайын,

Сол қызымды келтірсең мен көрейін.

Сол қызым көзіме бір көрінсе,

Ел-жұртымменен мұсылман мен болайын.

– Қай жерде екен ол дию, мен барайын,

Жолдас тауып берсеңіз, мен жүрейін.

Уәзір Банһам Сейітке келіп айтты:

640. – Ол диюға мен сені апарайын.

Екі зәңгі бар жолда мислә пері,

Бірісі Ғазраф атты, Ғанжаф пері.

Жолымыз зәңгілерден өтіп барар,

Зәңгілерді өткен соң – дию, пері.

Сейіт айтты: – Ендеше мұнда қалма,

Үйретуші Қадір-дүр, өзі Алла.

Менім бірлән бірге жүр, уәзір Банһам,

һешбір қайғы, көңліңе уайым алма.

Төрт күн жүріп, жеттілер жаман жерге,

650. Екеуі уәзірменен жүрді бірге.

Келер еді зәңгінің жолы бірлән,

Жолықтылар сол жерде ол кәпірге.

Уәзір фариад қылады: – Құдауанда,

Жетіп қалдық зәңгіге енді мұнда.

Сейіт айтты: – Құдайым жолықтырды,

Мен барайын, сен отыр осы жерде.

Тұрып еді сөйлесіп анда бұлар,

Естіділер бір адам фариад қылды.

– Менен қорқып, бұл жерден құс өтпейді,

660. Келдің бе қаныңызға сусағандар.

Сейіт көрді бір зәңгі қара жүзді,

Қырық аршын бойы бар, жаман сөзді.

Бір таудай тас қолына көтеріпті,

Уәзір көріп, жанынан үміт үзді.

Ағаштан бір қолында күрзі бар-ды,

Көтеріп, Сейітке табан тұрды.

Сейітбаттал уәзірге атын беріп,

Өзі Ғанжаф қасына жаяу барды.

Ғанжаф зәңгі күрзісін қолына алды,

670. Сейітті ұрамын деп жерге салды.

Сейітбаттал шашырады кейін секіріп,

Зәңгінің күрзісі тимей қалды.

зәңгі жерге ұрды дейді,

Сейітбаттал кейін секіріп тұрды дейді.

Уәзір Сейіт есенін білмей қалып,

“Сейітбаттал өлді” деп, жылап тұрды.

Шоқпары жетпеді, Сейіт тұрды,

Жасындай дауыс қылып, қайшы барды.

Екіншілей күрзісін көтергенше,

680. Жұмырықпенен мұрнына салды дейді.

Жеті адым жер басып құлап қалды,

Арқасы билән жығылып, құлап қалды.

Көкірегінің үстіне Сейіт шығып,

Сақалыны қолына шұлғап алды.

Қанжарын бұғазына қойды дейді,

Ғанжаф зәңгі көз ашып көрді дейді.

“Жұмырықпенен бір ұрып, мені жықтың,

Әй, палуан, сен кім?” деп тұрды дейді.

“Баттал ғазымын мен” деп қылды аян,

690. Мұсылман болды зәңгі айтып иман.

– Әй, палуан, мен сенің құлың болдым,

Бұ жерге неге келдің, айтшы маған?

– Малатия шаһарым алыс қалған,

Меһрасыптың бір қызын дию алған.

Сол диюды мен іздеп, мұнда келдім,

Адам ұғлы бар ма екен онда барған?

–Құдауанда, ол диюды адам көрмес,

Кари-дүр, ол диюды кісі көрмес.

Құдай саған жәрдемін қылса қылар,

700. Бұ жердегі адамлар анда бармас.

Ол кеште Сейітбаттал анда қонды,

Таң атқан соң, “жүрем” деп, атқа мінді.

“Арыз сөзім бар менім, әй, палуан”,

Ғанжаф келіп Сейітке жауап берді.

Ғанжаф айтты: – Барарсың енді анда,

Бір інім бар, тұрар тап алдыңда.

Аты – Ғазраф, оны да дінге шақыр,

Иманын таза қылсын өз алдыңда.

Сейітке жол көрсетті, жүре берді,

710. Уәзірменен екеуі бірге барды.

Үш күнгеше тоқтамай жол жүрділер,

Төртінші күн Ғазрафқа жетіп келді.

Ғанжафтай Ғазраф дінге кірді,

Мұсылмандық дініні қабыл көрді.

Сейітке құл болды қайратынан,

Банһам уәзір Сейітке дұға қылды.

Андан соң жүрділер айдалаға,

Сегізінші күн жеттілер бір қалаға.

Қаланың ортасында бір сарай бар,

720. Биіктігі жетіпті ол һауаға.

Жеткеннен соң кірділер ол қалаға,

Жақын жүріп келділер ол сарайға.

Қараса, бір қыз көрді терезеден,

Көркемдігі ұқсайды толған айға.

Сарайға Сейіт жақын келді дейді,

Терезеден қыз қарап көрді дейді.

Түсінде Пайғамбар айтқан екен,

Сейітбаттал екенін білді дейді.

“Сейітбаттал екен” деп, төмен түсті,

730. Бұ сарайдың қақпасын түсіп ашты.

Қақпаны ашып, алдына қарсы шығып,

Сейіттің аяғына келіп түсті.

– Раст айттың, иә, Расул, мұны маған,

Есен-аман келдің бе, иә, палуан?

Бұ малғұн дию басын сен кесерсің,

Асирлар құтылар есен-аман.

Сейіт айтты: – Сен білдің мені қайдан?

– Пайғамбар түсімде айтты, қалдым қайран.

Қарун патшаның қызы-дүр мен,

740. Бұ диюдың қолында асир қалған.

Жеті жыл бұ диюда тұтқын болдым,

Құдайыма бүгін кеш көп жалындым.

Жылай-жылай, ұйқыға кетіп едім,

Мұхаммед пайғамбарды түсте көрдім.

“Жылама” деді маған ол Пайғамбар,

– Көрерсің, ертең ұғлым Баттал келер.

Көрсет оған диюдың тұрған жерін,

һеш қорықпа, диюды ол өлтірер.

Қыз Сейітті сарайға алып жүрді,

750. Уәзірменен үшеуі бірге кірді.

Қырық қадам басқыштан жоғары шығып,

Жеті қабат есіктен өтіп келді.

Сейіт көрді екі тақ анда тұрған,

Шаддад пенен Сүлеймен оны құрған.

Бөлек-бөлек үйлер жан-жағында,

Алтын менен күміске бәрі толған.

Сейіт сұрды: – Ол дию қайда тұрар?

Қыз айтты: – Тақ астында бір құдық бар.

Сол құдыққа кіреді келген сайын,

760. Біле алмаймын, ол жерде неме қылар.

Сейіт тақтың астына келіп кірді,

Тақ астында құдық бар, оны көрді.

Қырық қадам басқыштан төмен түсіп,

Бір заман ол тұрып ойлап тұрды.

Сейітбаттал жан-жағына қарай берді,

Алдында бір үлкен дария көрді.

Дарияның үлкендігі сондай екен,

Бір шеті бір шетінен көрінбейді.

Үлкен дария алдында көрді анық,

770. Бұ дарияны һеш адам көргені жоқ.

Бір жағы бір жағынан көрінбейді,

Дарияда мініп өтер кеме де жоқ.

Қараса да һешбір кеме табылмайды,

Сейіттің көңілі бек мәлүл болды.

“Иләһи карамыңнан кері қайтсам,

Қорықты деп айтар” деп, ойлап тұрды.

Құдаға көп мінәжат қылды дейді,

Сол заман дария қайнап толды дейді.

Сейіт көрді бір үлкен таудай балық,

780. Дарияның жағасына келді дейді.

Әдеппенен Сейітке сәлем берді,

Сейіт “қандай балық” деп қарап тұрды.

– Иә, Сейіт, мені білсең, сол балықпын,

Жүніс менім қарнымда қырық күн тұрды.

Жүністің тәсбихы бірлән қарным толды,

Құдайдың құдіреті сондай болды.

Соның үшін балықтың пірі болдым,

Барша балық өзіме хадим болды.

Дауыс келді отырсам су түбінде:

790. “Сейіт келді, дарияның жағасында.

Шапшаң барып, дариядан оны өткіз,

Диюды өлтірмекке келді мұнда”.

“Кел, менім арқама мін енді” дейді,

Сейіт балық жанына келді дейді.

Естіген соң сүйініп Сейітбаттал,

Ол балықтың үстіне мінді дейді.

Балыққа мініп алып жүрді дейді,

Алдында бір сарайды көрді дейді.

Ол сарайдың тұсына жеткеннен соң,

800. Есік ашып, ішкері кірді дейді.

Басқышпенен сарайға кірді дейді,

Он сегіз қыз отырған көрді дейді.

һәрқайсысы диюдан қорыққаннан,

Гүл жүзі зағыпырандай солды дейді.

Көрділер Сейітті қыздар бәрі,

Алдына келділер баршалары.

– Кім боласың? Сен келдің мұндай жерге,

Келмейді мұнда адам балалары.

– Тұтылыпсыз диюға, сізді білдім,

810. Құтқарам деп сізлерді мұнда келдім.

Атымды Сейітбаттал ғазы дерлер,

Диюды өлтірмекке мұнда келдім.

Бұлар айтты: – Келіпсің мұнда бұлай,

Кари дию емес сен ойлағандай.

Жүзіні көрген болсаң астық оның,

Шәррінен сақтасын Жаппар Құдай.

Бұлар бұ сөз үстінде тұрып еді,

Аңсыздан бір дауыс пайда болды.

Бұ дауыс диюдың ауазы екен,

820. Қорқудан қыздардың жүзі солды.

Құлақтары ол пілдің құлағындай,

Бармақтары бұл барыс бармағындай,

Басы доңыз басындай Сейіт көрді.

Дауыс қылып, Батталға қарсы тұрды.

Құйрығын айырмассың аждаһадан,

Тырнақтары арыслан тырнағындай.

Екі қолына екі арыслан тұтып тұрды,

Аяқтары өгіздің аяғындай.

Қолындағы арыслан екеуін де

830. Бірісін біріне кетіріп ұрды.

Батталға келіп айғай салды дейді,

Пәре-пәре бөлініп өліп қалды.

Батталға келіп айғай салды дейді,

“Өлтірем деп келдің бе мұнда” деді.

– Мен саған көрмегенің көрсетейін,

Өлтірермін мен сені мұнда, – деді.

Бір қолына бір таудай тасты алды,

Бір қолына күрзісін ұстап алды.

Жерге салды Сейітті ұрамын деп,

840. Сейітбаттал кейін шашырап тұрып қалды.

Күрзі тимей Батталың қалды аман,

Тимегенін білмеді дию надан:

– Өлтірем деп келіп едің, өзің өлдің,

Әй, Баттал, сол керек енді саған.

Сейітбаттал бір нағра ұрды дейді,

Аң-таң қалып ол дию тұрды дейді.

“һәй, Баттал, өлмегенсің” дегенінше,

Қолтығынан қылышпенен ұрды дейді.

Қылышпенен сондайын шалды дейді,

850. Екі пәре бөлініп қалды дейді.

“Әй, Баттал, сен мені жалғыз ұрдың,

Тағы да ұр” деп бір дауыс қылды дейді.

“Саған біреу жетер” деп айғай салды,

Заманнан соң ол дию өліп қалды.

Бұ диюдың өлгенін көргеннен соң,

Бұ қыздардың ақылы келіп қалды.

Қыздардың бәрі көрді, өліп қалған,

Екі пәре бөлініп жатып қалған.

Диюды өлтіргенде бұ қыздардың

860. Бастарына ақылы келіп қалған.

Қыздар келді Сейіттің жандарына,

Сейіт сұрады: – Меһрасып қызы қайда?

Арадан бір қызды көрсеттілер,

Келіп түсті Сейіттің аяғына.

Диюдың бас терісін сойып алды,

Қыздар бәрі мұсылман болып қалды.

Он сегіз қызды алып өзіменен,

Сол дарияның бойына келді дейді.

Құдірет бірлән ол балық шығып келді,

870. Қыздарменен баяғы жерге келді.

Балық айтты: – Аманат сөзім бар-ды,

Сейітбаттал ғазыға арыз қылды:

– Мұнан енді үйіңе сен жүрерсің,

Пайғамбардың қабіріне сен барарсың.

Қиямет күн шапағатынан ұмытпасын,

Менім бұл сәлемімді тигіргейсің.

Сейіт балық сөзіні қабыл қылды,

Балық енді дарияға рауан болды.

Сейіт ол қараңғыда басқышпенен,

880. Бағанағы сарайға шығып келді.

Отыр еді Банһам уәзір мәлүл болып,

“һәй Сейітке қандай хал болды екен” деп.

“Келмеді” деп, уайым жеп отырғанда,

Он сегіз қызбенен келді шығып.

Уәзір көрді он сегіз қыздың түсін,

Сойып алған диюдың бас терісін.

Уәзір Банһам қуанды көргеннен соң,

Ақылын басына алды жиып есін.

Сейіттің аяғына түсті Банһам,

890. – Бұ істерді сен қылдың, иә, палуан.

Дүнияда һешбір адам мұндай қылмас,

Уәлаятты құтқардың ол залымнан.

Сейіт айтты: – Ат керек енді мұнда,

Қыздар атсыз қайтіп барсын анда.

Қарадылар сарайдың жан-жағына,

Бір қақпаны көрділер бір жағында.

Ол қақпаны ашып, әуел анда кірді,

Бір сахара жасыл шөп анда көрді.

Жүздеп ат бар ішінде оттап жүрер,

900. Арасында Асқарды бірге көрді.

Қуанды Асқарды анда көрді,

Асқар Сейіт алдына таман келді.

Сейіт сүйді Асқардың көзлерінен,

“Мұнда нешік келді?” деп қайран қалды.

Бұ аттарды тұттылар, жүк салдылар,

Көтергенше һәрқайсы мал алдылар.

Артып андан алдылар бар жарағын,

Он тоғыз қызбенен жөнелділер.

Келділер Ғазрафқа тоғыз күнде,

910. Диюдың басын көрді найза ұшында.

Сейіттің аяғына келіп түсті,

Көп дұғалар қылып, ол тұрды сонда.

Кеминер қызын Ғазраф көрді дейді,

“Әй, тақсыр, маған бер” деп тұрды дейді.

Қыздың көңлі дағы сонда екен,

Некаһ қылып, Ғазрафқа берді дейді.

Андан соң Ғанжафқа жүріп жетті,

Ол дахи аяғына түсті дейді.

Ол дағы Қаруан қызын сұрап,

920. Сейіттен тілек тілеп тұрды дейді.

Қуанып қалды, ол Ғанжаф қызды көріп,

Олар дахи қосты некаһ қиып.

Уәзірді ілгері жібереді,

“Меһрасыптан сүйінші ал, алдан барып”.

Уәзір енді ілгері жүрді дейді,

Тантания шаһарына келді дейді.

“Келе жатыр Сейіт пенен қызыңыз” деп,

Падишаға хабарды берді дейді.

Падиша көп шаттық қылды дейді,

930. Бай, пақыр алдына келді дейді.

Барша халық жиылып қуанысып,

Сейітбатталдың алдына қарсы жүрді [дейді].

Меһрасып падиша өзі күшті,

Сейіттің аяғына келіп түсті:

“Сен қылғанды Құдайым өзі қылар,

Адам ұғлы қылмайды мұндай істі”.

Сейітті шаһарға келтірділер,

Жан-жағынан құрметлеп отырдылар.

Келтірділер әуел кәрі дию басын,

940. Астылар, жоғары көтерділер.

Он тоғыз қыз тұтқында болып еді,

Баршасының жұртына хабар берді.

Сейітбаттал қызын келтірген соң,

Он сегіз падишаға хабар барды.

Келділер қыздарын алмақ үшін,

Дию басын тамаша қылмақ үшін.

Он сегіз падишаның бәрі келді,

Сейітбаттал ғазыны көрмек үшін.

Қанша патша, уәзірлер бәрі келді,

950. Иман айтып, мұсылман бәрі болды.

Екі патша қызын беріп еді,

Олар да риза болып, қабыл көрді.

Уәзір Сейіт қасына келді дейді,

Сейітке арыз аян қылды дейді.

– Бұнлардың тілеуі бәрі болды,

Менім де бір тілеуім бар-ды, – деді.

– Не-дүр сенің тілеуің тілейтұғын?

Уәзір айтты: – Балама қайғы толған.

Бір ұғлым бар еді, Мағас атты,

960. Меһрасыптың қызына ғашық болған.

Не болар сол қызды тілесеңіз,

Біздің үшін патшаға иласаңыз.

“Әй, падиша, сен енді бұ қызыңды,

Уәзір ұғлы Мағасқа бер” десеңіз.

Сейітбаттал патшаға жүрді дейді,

Үшбу сөзден хабарды берді дейді.

Жеті күндей той қылып ол падишаһ,

Меһрасып қасына келді дейді.

Андан соң Сейітбаттал тұрды дейді,

970. Ол қызды Мағасқа берді дейді.

“Бұ жерге ақ піл үшін келіп едім,

Ол ақ піл қайда екен?” деп сұрды дейді.

Меһрасып айтады: – Әй, палуан,

Бір падиша бар мұнда, аты – Милан.

Ол ақ пілді сонда деп есітемін,

Анда барсаң, аларсың оны деген.

Сейіт айтты: – Барармын ол шаһарға,

Падиша айтты: – Барармын мен де бірге.

Мен дағы ләшкер жиып бір жүрейін,

980. Жалғыз сені жібермен ол шаһарға.

Сейіт айтты: – Барармын өзім жалғыз,

Жалғыз жүрмек біздердің әдетіміз.

Соңымнан таза жолдас жіберіңіз,

Тілесеңіз, өзіңіз соң барыңыз.

Сейіт енді амандасып жолға кірді,

Жеті күндей тоқтамай жүре берді.

Сегізінші күн бір төбеге шығып алып,

Төбенің үстінен қарап көрді.

Төбеден қарап көрсе екі ләшкер

990. Қарсыласып екеуі ұрысарлар.

Екі жүз мың ләшкері бар біреуінің,

Және бірінің сексен мың ләшкері бар.

Қарап тұрса аз ләшкер мұсылманлар,

Кәпірменен ұрысқа келген олар.

“Аллаһу акбар” деп, тәкбир көтерділер,

Дауысы он шақырым жерге барар.

Бір кісіні алдында Сейіт көрді,

Көрген соң, сөйлесем деп оған барды.

Ілгері барып оған сәлем берді,

1000. “Бұ қандай ләшкер?” деп, онан сұрды.

– Бұл Мысыр падишаһы мынау келген,

Кәпір Милан шаһ-дүр қарсы тұрған.

Жеті жүз мың ләшкері бар ол кәпірдің,

Мысырдың патшасына қасадты қылған.

Кәпірлер құлдығын пұтқа қылған,

Хасад қылып падишаға мұнда келген.

Бұ падиша ол кәпірдің келгеніне

Сексен мың ләшкер жиып қарсы барған.

Сейіт енді бұнларға қарап тұрды,

1010. Кәпір жақтан майданға біреу келді.

Ол кәпір лағнет сондай күшті екен,

Он жеті мұсылманды шаһид қылды.

Мұсылманнан Халуд деген біреу келді,

Ол Халудты тағы да шаһид қылды.

Ішегін шығарып, қарнын жарып,

Мұсылманлар алдына тастай берді.

Сейіттің қаһары келді оны көріп,

Ат секіртіп, майданға келді кіріп.

Жасындай дауыстап шығып келді,

1020. Айғай салып жер-көкті тебірендіріп.

Екі ләшкер мұны көріп қайран қалды,

Сейіт қалың кәпірге қарсы барды.

“Малғұн адам жүрегін жаймақ керек,

Көрсетейін саған” деп, хамла қылды.

Найзасын қарсы тұтып, нағра ұрды,

Найза ұшынан от шықты, жалын болды.

Қап-қара күйдірді ол кәпірді,

Піл менен екеуі де күйіп қалды.

Кәпірлерге Сейіттің қаһары қатты,

1030. Бір-бір жетпіс кәпірді отқа жақты.

Бағанағы піл мінгенді ішін жарып,

Кәпір жаққа найзаменен алып атты.

Сейіт ол кәпірлерді шапты дейді,

Кәпірлердің қандары селдей ақты [дейді].

һешбір адам алдына келе алмайды,

Ләшкерден Сейітбаттал енді қайтты [дейді].

Ақшам болды ләшкерден Сейіт шықты,

Бір таудың етегіне келіп шықты.

“Мұндай неткен палуан жан екен!” деп,

1040. Ләшкердің екеуі де тамаша етті.

Сейіт жүріп ол тауға келді дейді,

Асқарды бір жерге қойды дейді.

Мысыр патша[сы], аты – Қайсар екен,

Жүріп Қайсар шатырына келді дейді.

Түнделетіп шатырға жаяу келді,

Падиша тақта отырған оны көрді.

Сейітбаттал ерлігін сөйлейді екен,

Шатырдың тыс жағынан тыңдап тұрды.

Бәрі мақтап, Сейітті сөйлер еді,

1050. “Жәрдем бүгін мұсылманға болды” дейді.

Қайсар патша бұл іске қуанғаннан,

Көзінен аққан жасқа жайды қолды.

Қайсар айтты: – Ол жігіт адам болса,

Қолға түссе ол жігіт, мұнда келсе.

Тәж-тақтымды, бәрін де берер едім,

Мүлкімнің бәрін де қабыл қылса.

Білмеймін, бұ кісі адам ба екен,

Болмаса адам түсті пері ме екен.

Я болмаса бұ кісі періште ме,

1060. Не болса да Құдайдың жәрдемі екен.

Бұларды тыңдап-тыңдап тұрды дейді,

Андан Милан шатырына келді дейді.

Ол малғұн ұзын басты, қара жүзді,

Шатырда отыр екен, көрді дейді.

Сейіт көрді оның да бір пұты бар,

Жүзін түсіріп, ол пұтқа сәжде қылар.

– Әй, Тәңірім, мен сені Құдай білдім,

Табындым мен саған қанша жылдар.

Маған келді бір кісі мұнда, – деді,

1070. Отқа жақты беклерім, бәрі күйді.

Ертең дағы майданға кірер болса,

Не жауапты берейін оған, – деді.

“Дию ма” деп, ол Милан жылап тұрды,

Сейітбаттал тысқарыдан тыңдап тұрды.

Енді өнер көрсетер уақыт болды,

Найзасын қолына алып, үйге кірді.

Ол пұттың арасы қуыс еді,

Найза бірлән бір қабат оны ұрды.

Ұшынан от шықты найзасының,

1080. Миланға тұтасты, фариад қылды.

Милан тез тонын шешіп, пұтқа жапты,

Сейіт шықты, сонда пұт күйіп қалды.

Түніменен жүреді шатыр сайын,

Түн ішінде бәрін де отқа жақты.

Сейітбаттал үш қабат нағра ұрды,

Ләшкердің бір-бірін біріне ұрды.

“Мұсылманлар келді” деп, қылыш тартып,

Таң атқанша біреуі бірін қырды.

Таң атқан соң кәпірлер бәрі өлген,

1090. Мұсылман жоқ, бәрі де кәпір өлген.

Атасы баласын өлтіріпті,

Ағайынды біреуін бірі өлтірген.

Милан мұны көрген соң, ашуланды,

Ол ақ пілді ерттеп мініп алды.

Ол Милан қаһарына мініп алып,

Ол Қайсар патшаға қарсы жүрді.

Қайсар тағы бұнларды көрген екен,

Түнде ұрыс болғанын білген екен.

Түнде бұнлар бір-бірін қырғанында,

1100. “Бұ не дауыс, ғауға?” деп тұрған екен.

Милан енді майданға өзі келді,

Сейтбаттал тағы да таудан енді.

Миланға қарсы жүріп келгенінде,

Кәпір жақтан қарсы жүріп, біреу келді.

“Әй, палуан ғазы” деп қызмет қылды:

– Мұсылманмын, төрт жүз жыл тамам болды.

Әмирул мүмінин хазірет Әли,

Төрт жүз жыл бар бұ жерге келді, – деді.

Осы пілдің үстіне мінді,– деді,

1110. Қырық күн жүріп соғыс қылды,– деді.

Қайсардың ағасы – Ғанқа һинди,

Ол Әлидің алдына келді, – деді.

Хазірет Әли алдына Ғанқа келді,

Иман айтып, мұсылман таза болды.

Ғанқа һинди мұсылман болғаннан соң,

Хазірет Әли бұ пілді сыйлап берді.

Миланның әкесі кәпір еді,

Мәнкүш һинди атыны дерлер еді.

Пұт парасттық ол өзі кәпір еді,

1120. Ғанқаны өлтіріп, пілді алды.

Мәнкүш өлді, Миланға мирас қалды,

Сейіт енді бұ сөзді естіп алды.

Ол кісіден бұл сөзді естіген соң,

Жүзіні пілге қарап дауыс қылды.

– Әй, піл, сол кісі – мен, таны, – деді,

Менім атам арқаңа мінді, – деді.

Қырық тоғыз күн үстіңе мініп еді,

Сол Әлидің ұғлы мен-дүр, – деді.

Әй, піл, маған жар бол сен енді, – деді,

1130. Мұны естігеш құдіретпенен піл сілкінді.

Ол пілің сонан соң қаһарланып,

Көтерді де Миланды жерге ұрды.

Мұрныменен һауаға лақтырды,

Келіп жерге түскен соң пәре болды.

Аяғының астында паймал қылып,

Сейітбаттал алдына келіп тұрды.

Сейітбаттал атынан түсіп алды,

Пілді көріп, үстіне мініп алды.

Жасындайын күркіреп, айғай салып,

1140. Шағырды, кәпірлерге хамла қылды.

Милан ұғлы әкесінің халін көрді,

Және ләшкер тұрмады кері төнді.

Баршасы қашпаққа жол тұттылар,

Мұсылман ләшкері қуып қырды.

Бұ жақтан сұлтан Мысыр хамла қылды,

Қылышпенен алпыс мың кәпір өлді.

Сейітбаттал ұрыстың арасында,

Миланның ұғлын тұтып, байлап алды.

Қайсар шаһ уәзірге хабар қылды,

1150. Баршалары Сейітке қарсы барды.

Шат болдылар Миланның ұғлын көріп,

Сейіттің қолын өбіп, хабар сұрды.

“Құдауанда, дүнияда сен қандай жан”,

Сейітбаттал өзіні қылды аян.

Жасырмай өзінің атын айтты,

Баршалары есітіп, қалды қайран.

Милан ұғлы мұсылман анда болды,

Қайсар сұлтан қызын оған берді.

Сейітке мың жүк алтын, күміс, жүз құл,

1160. Жүз қарабас ат-тұрман тамам берді.

Меһрасып сол арада шығып келді,

Сейітке қайран қалып, тахсин қылды.

Сейітті үйіне алып жүре берді,

Тахайырсыз жеті күн қонақ қылды.

Және берді Сейітке көп малдарды,

Жөнелмекке кемелер әзір қылды.

Меһрасыппенен амандасып жолға кірді,

Жеті күн су ішінде өтті дейді.

Жеті күн-түн суменен жүрді дейді,

1170. Сегізінші күн құрғаққа шықты дейді.

“Бұ қандай жер екен?” деп ойлап тұрса,

Шығып келді бір кісі анда, көрді.

Сейітбаттал ол кісіден жол сұрады,

“Малатия шаһарым қайда болды?”.

Андан көшіп жүрділер әуел жол бірлән,

Малатия шаһарға жақын келді.

Сейіт енді ілгері жүріп еді,

Шаһарды жағылған келіп көрді.

Жалғыз ағаш, жалғыз адам шаһарда жоқ,

1180. Сейітбаттал көрді де қайран қалды.

Шарбақтардың ішінде Сейіт жүрді,

Әбулфатих деген бір кісі көрді.

Сейіт сұрды хабарды ол кісіден,

– Не уақиға шаһарға бұлай болды?

Жауап берді: – һиндустан өзің барған,

Сен кеткен соң, Қайсарға хабар болған.

Екі жүз мың кәпірді жиып алып,

Бұ шаһарды жағып, ол хараб қылған.

Жаранлар ұрыстан жүз өкірді,

1190. Әмір Омар шаһтан жүз төндірді.

“Сәруарымыз палуанды жібердің” деп,

Ашуланып, бәрі де жүз төндірді.

Тұрып еді сөйлесіп анда бұнлар,

Алдына жиылды бар жаранлар.

Уақиғаны сөйледі Сейітбаттал,

Баршалары қылдылар көп дұғалар.

Әмір Омар шаһқа хабар барды,

Сейітбаттал алдына жүріп келді.

У-шуласып көрісті Сейітпенен,

1200. ”Келдің бе, палуан” деп зарлық қылды.

Сейітбаттал қасында жылап тұрды,

Әмір Омар сол жерде зарлық қылды:

– Қызымды саған уағда қылып едім,

Қайтейін, кәпірде тұтқын болды.

Сейіт айтты: – Мен келдім көп малменен,

Шаһарды жасатыңыз бұ мал бірлән.

Бұрынғыдай таза қылып түзетіңіз,

Тағы да ұрыс қылам оларменен.

Рұм қайсар жеріне мен жүрермін,

1210. Кәпірлерді қырармын, өлтірермін.

Алып кеткен кәпірдің басын кесіп,

Әлбетте, болса қызыңды келтірермін.

Рұмша киім киіп, Рұмға кетті,

Жетпіс екі қалғаны қыдырып өтті.

Он алты шаһардан іздеп тауып,

Барқия шаһарына келіп жетті.

Барқия шаһарына келді дейді,

Шаһарда ғауға шығар, көрді дейді.

Атын, тонын бір жерге қойды дағы,

1220. Өзі жалғыз шаһарға келді дейді.

Сейіт көрді, алдында кісі келер,

Ол кісіден сұрады: – Бұ не хабар?

Көп ғауға шаһарыңызда есітемін,

Не себепліден мұндайын дауыс қылдылар.

Сұраған соң ол кісі жауап берді:

– Қайсар барып Малатияны хараб қылды.

Сейітбаттал айттырып қойған екен,

Әмір Омар қызыны алып келді.

Барып анлар Малатияны сындырдылар,

1230. Ұстап алып, ол қызды келтірділер.

Уәзір ұғлы Паһминге беріп оны,

Тамаша етіп, жақсылап той қылдылар.

Бұ ғауға – сол ғауға-дүр, оны білсең,

Алдыңнан кімлер келер қарап тұрсаң,

Бүгін кешке қосылар екеуі де,

Бүгін әлі қызықтар болар көрсең.

Сейіт көрді, келінді келтірділер,

Ойыншы, домбырашы ап келділер.

Түрлі қызық, тамаша, ойын қылып,

1240. Сейітбаттал алдынан жөнелділер.

Қыздың көзі Сейітке түсті, білді,

Сейіт қызға көз қысты “сабыр қыл” деді,

Жүре берді қыз енді үндемейін,

Соңынан Паһмин күйеу келді енді.

Қыз өтті, артынша күйеу келді,

Сейіт күйеу қасына жақын жүрді.

Рұмша Сейіт бір өлең айтты,

Әуезі Паһминге хош көрінді.

Жүрді ол Паһмин таңға қалып,

1250. – Бұ жігітті апарың сарайға алып.

Барған соң өлеңді айттырамыз,

Сейітті келтірділер сарайға алып.

Сейітті сарайға келтірділер,

Бәрісі асап, ішіп отырдылар.

Жамандап-жамандап ғайбат қылып,

Сейітті сөйлесіп отырдылар.

Қара-сәна бұ ақымақ надандарды,

Білмейді арасында Баттал бар-ды.

Арасында Батталдың барын білсе,

1260. Мақтамаса қояр еді жамандауды.

Біреу айтты: – Сейітбаттал – жәй тұрмас адам,

Қандай зерек, дүниеде өлмес адам.

Бірі айтты: – Оның жары сен екенсің,

Не үшін мақтап қойдың оны, надан.

– Мен Ғақбаның ұғлымын – Уәлид зерек,

Баттал менім нем-дүр, неге керек.

Кітап ашып, кітапта көріп едім,

Баттал енді үйіне келсе керек.

Сейіт үшбу сөзлерді тыңлар еді,

1270. Уәлид бұ сөзді айтып жүре берді.

Сейіт дағы соңынан бірге шығып,

Уәлидтің артынан бірге келді.

Артына қарады Уәлид, көрді,

Сейітбаттал екенін танып-білді.

Сейіттің келіп түсіп аяғына,

Қызмет қылып, Сейітке ғұзыр қылды.

Аяғына түсіп айтты: – Әй, палуан,

Мен мұсылман, құл болдым енді саған.

Мұсылмандық дініне мені көндір,

1280. Азап қыла көрмегіл енді маған.

Сейіт айтты: – Мен сені раст білейін,

Тұғры жол маған көрсет, мен қылайын.

Маған бір қызмет қыл осы жерде,

Жақсылықты мен сенен бір көрейін.

– Қызметің бар болса бұйыр, барсам,

Сейіт айтты: – Сол қызды қолыма алсам.

Паһминның басын кесіп, қызды алып,

Малатия шаһарға қайтып барсам.

“Уағдасы маған” деп Уәлид жүрді,

1290. Сейітті алып сарайға тез келтірді.

Сейітті есікте, тысқа қойып,

Өзі сарай ішіне келіп кірді.

Жәрдем қылса, адамзат қылар істі,

Уәлид көрсе, Паһмин жатыр мас-ты.

Мас болғанын бұ Уәлид көрді дағы,

Паһминның сол жерде басын кесті.

Паһмин басын Сейітке алып келді,

“Қыз анда жоқ екен” деп жауап берді.

Қызды іздеп, ол жерде көре алмай,

1300. “Қайда екен?” деп, Сейіт һәм мәлүл болды.

Бұлардың сөйлескенін естіді қыз,

Отыр екен бір үйде өзі жалғыз.

Сейіттің дауысынан танып-білген,

Айтайын, құлақ салып есітіңіз.

Қыз бір үйдің ішінен шығып келді,

Сейіт пенен Уәлидті бірге көрді.

Келіп түсті Сейіттің аяғына,

Ғұзыр қылып, Сейітке зарлық қылды.

Қанша жиған сарайда мал бар еді,

1310. Алтын-күміс, бәрін де теріп алды.

Үш атты жетелеп келтірділер,

Біреуіне қыз өзі мініп алды.

Сол малды жүктеттілер және бірге,

Келділер ол Асқарды қойған жерге.

Сейіт енді Асқарды мініп алды,

Уәлидпенен үшеуі жүрді бірге.

Сейітбаттал Асқарды мініп келді,

Уәлидпенен үшеуі жүріп келді.

Он жеті күн тоқтамай жүріп еді,

1320. Малатия шаһарға келіп жетті.

Естіп келділер жаранлары,

Алдына қарсы жүрді анлар бәрі.

Сейіт пенен Уәлидке көрістілер,

Қуандылар көрген соң жұрттың бәрі.

Көрген соң баршалары қуандылар,

Жеті күн тамаша етіп, той қылдылар.

Әмір Омар Сейітке қызын беріп,

Некаһ қылып, екеуі қосылдылар.

Екеуінің тілеуі қабыл болды,

1330. Хақ Тағала жәрдемі уасил болды.

Хақ Тағала бізге де жәрдем берсін,

Нешік Сейітбаттал ғазыға жәрдем берді.

Көп заман бұныңменен өтті дейді,

Сейітбаттал ол пілді тұтты дейді.

Көп малменен жіберді халифаға,

Піл барып, халифаға жетті дейді.

Халифа ол пілді көрді дейді,

Көрген соң шат болып тұрды дейді.

Көп тұхфалар жіберді Сейітбатталға,

1340. Тағы да көп дұғалар қылды дейді.

Бихамдилла, бұ қисса тамам болды,

Біздей шариф жанменен ғалам толды.

Білер-білмес жазғаным қатасы көп,

Ғаріп басқа тағы да жаман болды.

Сейітбаттал ғазыдай адам қайда,

Зұбанылық ғаламда болды пайда.

Бір көңлім сағынғанда оқи көрсем,

Жүрегіме болар-ды осы пайда.

Әуелі, Құда, жарылқа ата-анам, ұстазымды,

1350. Дін мұсылман жарылқа аға-інімді.

Оқығанлар бір дұға қылып қойың,

Бұны жазған күнәһар бейшараны.

Сондай-сондай өтіпті жақсы заман,

Сенерміз бар сұм заман бізге қалған.

Оқығанлар,– дұғадан тастамаңыз,

Бұ қисса осылайша болды тамам.

Кітапқа жазған сөзді рас білің,

Оқығандар бұ сөзден ғибрат алың.

Атымды не жазайын, не жазбайын,

1360. Бұны жазған адамға дұға қылың.

Байғабыл Бөкеевте үш жыл тұрдым,

Бұ кітапты әуелде сонда көрдім.

Оқығандар бір дұға қыла ма деп,

Әуелінде, ақырында атым салдым.

Балалары Ахмет, Салых, Нұрахмет-ті,

Үш жылда бірталай сабақ оқыды.

Құдайым сол кісіге ұжмақ берсін,

Өзімді сондай қылып жақсы күтті.

Мұны жазған Мәулекей болар атым,

Жұма күннің түнінде жазып болдым.

Сол түнде он бір сағат, бес минутта,

1372. Март жұлдыз алтысында тамам қылдым.