КИССА ТАЖБАКЫТ-ХOРШАХРА КЫЗ

«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН

ХИКАЯЛЫҚ ДАСТАН

ҚИССА ТӘЖБАҚЫТ-ХОРШАҺРА ҚЫЗ

قصه تاج بحت خورشهراه قز

Бисмилла деп қаламды алдым қолға,

Өзің сал біз ғаріпті тура жолға.

Жаратқан құдіретімен қанша ғалам,

Сиынбай пендесі де келмес жөнге.

Көңіліме келген сөзді аянбайын,

Өнерге Тәңірім берген кеудем дайын.

Жамағат, құлақ салып тыңласаңыз,

Сөйлейін Хоршаһра қыздың жайын.

Бір патша Жаһанабад болған екен,

10. Мүкәммал дүниелік толған екен.

Өнерпаз үш баланы Құдай беріп,

Қолына дәулет құсы қонған екен.

Ол патша өзі дана, ақылы кең,

Өзіндей бір патшадан болмайды кем.

Құдайдан үш баланы алған тілеп,

өлсем малым біреуге болар деп жем.

Падиша соныменен дәурен сүрді,

Барынша ғұмырының қызық көрді.

Аң аулап сейіл құрар шаһзадалар,

20. Патшаның балаларға көңілі толды.

Үлкені баласының Сағит атты,

Ортаншы – аты Сәбит асылзатты.

Кенжесі Тәжбақыт деп қойған атын,

Өзі дана, сөздері балдан тәтті.

Жетіпті шаһзадалар кәміл жасқа,

Құдайым, берме қайғы ғаріп басқа.

Падиша науқас болып жатып алды,

Көңілі һеш соқпайды ішер асқа.

Науқасы күннен-күнге қатты болды,

30. Ғаріп жан науқас батып тәтті болды.

Науқас хали жанына батқаннан соң,

Шақырды балаларым келсін деді.

Шақырған соң келіпті балалары,

Бәрі де ақылы кәміл даналары.

Өсиет сөз тыңлатып балаларға,

Былайша жауап қылды бабалары.

– Құлақ сал, балаларым, айтқан сөзім,

Дүниеден аударылды менің жүзім.

Анадан туғаннан соң өлмегің хақ,

40. Дүниеден кететұрған болды кезім.

Жақсы бол, жаман болма, балаларым,

Бірлік қылсаң бұзылмас қалаларың.

Бірлік қыл, тілімді алып, шырақтарым,

Ашылмас ынтымақпен араларың.

Орныма патша болсын Сағит, – деді,

Уәзір бол сен ағаңа Сәбит, – деді.

Бау-шарбақ Тәжбақытқа болсын, – деді,

Осыған көніңіздер жә деп, – деді.

Тәжбақыт жасы кіші, ақылы мол-ды,

50. Білетін жас та болса оң мен солды.

Қисап жоқ бау-шарбақта дүние-малға,

Тәжбақыт оны көріп көңілі толды.

Бау-шарбақ “бағ нәғим” болар аты,

Падиша шынжыр балақ асылзатты.

– Артымнан мен өлген соң оқыңдар, – деп,

Мөһірлі балаларға берді хатты.

– Қағазға көз салыңдар, балам, – деді,

Болмаңдар дүние үшін алаң, – деді.

Өсиет үшбу айтқан сөзім сізге,

60. Амал қыл сол қағазбен тамам, – деді.

Қабыл көр, балаларым, менің сөзім,

Жасартып қайғыменен екі көзін.

Ғаріп пенен пақырға мархабат қыл,

Өтетін дүниеден келді кезім.

– Ей, ата, сөзің қабыл көрдік, – деді,

Ақылға сіздің айтқан көндік, – деді.

Біріміз патша, біріміз уәзір болсақ,

Тәжбақытқа бау-шарбақты бердік, – деді.

Падиша оны естіп қуанады,

70. Балалары соныменен жұбанады.

Әзірейіл салды қармақ шыбын жанға,

Дүниеден ақыретке жөнеледі.

Дүниеден патша сонда кетті өтіп,

Құданың бұйрығымен тағдыр жетіп.

Жалғаннан кімдер өлмей қалар дейсің,

Ризық таусылған соң дәмі бітіп.

Дүниеден патша өтіп кетті енді,

Бұйрықпен ажал қуып жетті енді.

“Соңымнан мұны ашып оқыңдар”, – деп,

80. Қағазға бәрін жазып кетті енді.

Қағаз тастап кетеді мөрін басып,

Падиша өлемін деп көңілі жасып.

“Атамыздың қағазын көрейік”, – деп,

Бір күні басын қосты ақылдасып.

Қағазды балалары ашып көрді,

Асылзат атасының ақылы мол-ды.

Өсиетін атасының қабыл көрмей,

Сағит патша Сәбитпен көңілі солды.

Қағазында атасы: – Балам, – дейді,

90. Мен енді ақыретке барам, – дейді.

Жетім менен жесірді жылатпаңыз,

Жылатып алған малың харам, – дейді.

Үш нәрсе мұсылманға парыз, – дейді,

Бұл сөзім сізге айтқан арыз, – дейді.

Ақыретпен ісі жоқ надандарың

Тар лахатқа түскенше мал іздейді.

Сөзімді менің айтқан тастамаңдар,

Және де [жамандыққа] бастамаңдар.

Елде біреу бұзушы залым болса,

100. Мал үшін оның сөзін қоштамаңдар.

Екінші – сабырлықты әдет әйла,

Балалар, тілімді алсаң, осы[ны] ойла.

Жаным ашып айтамын өсиет қылып,

Бұл сөзім сізге айтқан үлкен пайда.

Үшінші – кісі хақын алмаңыздар,

Қызығып харамға көз салмаңыздар.

Өлген соң ақыретте пұшайман боп,

Жаһаннам ортасында қалмаңыздар.

Патша Сағит бұл сөзді жөн көрмейді,

110. Айтпаса да бұл сөзді кім білмейді.

Құданың ақылсыз қып жаратқаны,

Атасының айтқанын ем көрмейді.

– Ойлап ем бір патша қызын ал, дейді деп,

Әр жерге асыл орын сал, дейді деп.

Жас уағыңда жаныңды тәрбиеле,

Қартайған соң боласың шал, дейді деп.

Айтпаса да білуші ем мұның бәрін,

Бұл сөзді қалай жазды, жарандарым.

Атасының айтқанын жөн көрмейді,

120. Түбінде тартпай қалмас мұның зарын.

Ортаншы Сәбит айтты: – Мен ойлап ем,

Бір жерде көмген малым бар, дейді деп.

Өлер халде сендерге айта алмадым,

Ажалдың жері жақын, тар, дейді деп.

Бұл сөзін жазды бізге атам несін,

Байғұстың тірі күнде алған ба есін.

Білмесек патша болып тұрамыз ба,

Өтетін дүниенің ерте-кешін.

Сәбит күлді бұл сөзді мақұл демей,

130. Атамның бұл айтқаны ақыл демей.

– Патша болып тақытқа мінгеннен соң,

Кісі жүрмес кісінің хақын жемей.

Кішісі айтты: – Құлақ сал, ей, ағалар,

Әділ болып жол құрсаң жұрт сағалар.

Атаның сөзін тұтпай жаман болсаң,

Дұшпан боп көрінген жан, жұрт табалар.

Атаның бізге пайда бұл сөзі айтқан

Өлген соң пенде бар ма кейін қайтқан.

Ұжмақта болсын орны атамыздың,

140. Мұсылманға әділдік жөнін таратқан.

Үлкені теріс, кішісі оң көреді,

Теріс көрген қызықты соң көреді.

Тәжбақыт ата сөзін асылдаған,

Түбінде бақ пен тақты меңгереді.

Тәжбақыт дұға қылды атасына,

Ағасының бұл айтқан қатасына.

Атамның бұл айтқаны керек сөз деп,

Қағазын салып алды қалтасына.

Осымен шаһзадалар тұра тұрсын,

150. Көңілін әр тарапқа бұра тұрсын.

Үндістанның сөз айтам патшасынан,

Жамағат, қандырамын құлақ құрышын.

Хат жазып: үш мырзаны келсін, – депті,

Атасымен достығым білсін, – депті.

Қонақ боп көңіл ашып жатып кетсін,

Азғана сый-құрметім көрсін, – депті.

Құдайым бақ берген соң жастарына,

Кигені алтыннан тәж бастарына.

Жөнелді шақырған соң ата досты,

160. Ертіп қанша әскер қастарына.

Бәрінен Тәжбақыттың ақылы артық,

Сараңдықпен қалмайды қолын тартып.

Үндістан шаһарына келді бұлар,

Салтанатпен келеді шеру тартып.

Алдарынан шығарды патша кісі,

Не қылса да келеді бардың күші.

Біреу бай, біреу жарлы, біреу төмен,

Бәрін де сол жаратқан Хақтың ісі.

Үшеуі патшаменен амандасты,

170. Жөн сұрап бастан-аяқ тамамдасты.

Патшасы Жаһанабад келіпті деп,

Халқы ол шаһардың хабарласты.

Сағит мінді патшамен бірге таққа,

Тәңірінің кім таласар берген баққа.

Бұл қиссамды бар шығар естімеген,

Ақырын бір тақайын тиянаққа.

Патшада неше күндей көрді қызық,

Қызығын қисса қылдым хатқа сызып.

Ақылы Тәжбақыттың екі есе артық,

180. Бұл екеуін кетіпті шайтан бұзып.

Үшеуі қонақ болды салтанатты,

Мейман боп бұл патша[да] көп күн жатты.

Қандай патша болсаң да бір өлерсің,

Болмаңыз дүние үшін жаманатты.

Патша бір күн оларға айтты сөзін:

– Мен шақырып, қонаққа келдің өзің.

Атқа мініп сайранға шығыңыздар,

Патшалық бау-шарбағым көрсін көзің.

Патшалық салтанатым көр, – деп айтты,

190. Сөзіме менің айтқан көн, – деп айтты.

Бар нәрсемді сендерден аямаймын,

Ойға алған нәрсеңді алып кет, – деп айтты.

Мырзалар бау-шарбақты аралайды,

Мұқтаж боп дүние-малға қарамайды.

Сайран қып бау-шарбақты кезіп жүрді,

һешбір нәрсе алуға жарамайды.

Ағып жатқан бақшаның бұлақтары,

Ат асайтын һәр түрлі құрақтары.

Бақшадағы бұлбұлдың назымындай,

200. Бір дауысты есітті құлақтары.

Қайран боп бұл дауысқа тұрды бағып,

“Мұндай ғажап бір жерге келдік нағып.

Патша болып тақытта отыр едік,

Әкелді ме, апырым-ай, Тәңірім қағып”.

Сағит патша адасты ақылынан,

Ақыл сұрар адасып жақынынан:

“Жаһанабад шаһарында патша едім,

Кем болдым ба мүсәпір, пақырынан”.

Жігіттің не болмайды ақылсызы,

210. Адамның Аллаға аян басқан ізі.

Неше жылдай зарығып тілеп алған

Хоршаһра – патшаның жалғыз қызы.

Қасына қырық қыз нөкер алған екен,

Байлықпен бақшаға орын салған екен.

Ән салған сол қыздардың дауысымен

Сағит патша қайран боп қалған екен.

Пендеге не қылса да Құдай күші,

Құдай салса кім көрмес мұндай істі.

Сағит патша жан-жаққа қарап тұрса,

220. Шынар ағаш басына көзі түсті.

Сағит келді шығам деп сол ағашқа,

Көңілі інісінен болды басқа.

Биік жерден қарайын көзім салып,

Балалық қылмайтын келдім жасқа.

Шынар ағаш басына шықты барып,

һәр түрлі тамашаға қайран қалып.

Биік жерге шыққан соң Сағит патша,

Жан-жағына қарайды көзін салып.

Жарандар, падишаның есіт сөзін,

230. Тамаша қып көп қызға салды көзін.

Ішінде Хоршаһра көзге түсіп,

Дәл өлімге байлайды сонда өзін.

Құс ішінде аққудай,

Жан-жағына қыз қаранды.

Нәзік белі бұралып,

Тоты құстай таранды.

Екі көзі жалтылдап,

Наркескен асыл қанжардай

Ішті жарып барады.

240. Қыз бетінде кіршік жоқ,

Айдын көлдің қуындай.

Екі көзі жарқырап,

Патшаның алтын туындай.

Сөйлеген сөзі асыл-ды,

Ақ зәмзәмнің суындай.

Аузынан шыққан лебізі

Сары алтынның буындай.

Құралайын секілді

Екі көздің қарасы.

250. Тізікте меруерт секілді

Отыз тістің қаласы.

Сымға тартқан күмістей

Он саусақтың саласы.

Сондай-ақ боп туар да

Мұсылманның баласы.

Бақшада жүрген бір қызға

Патшаны әкеп көрсеткен

Құдіретіне қарашы.

Сағит патша бұл қызға болды ғашық,

260. Қапа болып түсті ғой қадам басып.

Тақта отырған патшаның баласына

Кету қиын болды ғой еліне асып.

Желігіп патша келіп шықты ағашқа,

Түсті ғой мұндай мүшкіл ғаріп басқа.

Ақылынан адасып сонда Сағит,

Қайран болып отырды келіп тасқа.

Соныменен [ол] келді үйге қайтып,

Ғашық болып келді көңіл байытып.

Сағит патша ауру боп жатып алды,

270. Ішінде қыз күйігі қайғы тартып.

Сәбит уәзір сұрайды нағылды деп,

– Қайтайық, бізді халық сағынды, – деп.

Қонақ болып бұл елге келіп едік,

Не атақ бойымызға тағылды, – деп.

– Айтайын бұл сырымды енді саған,

Күн өтті сол бақшада қатты маған.

Ауру мұнан басқа бойымда жоқ – [деп],

Жасырып ішкі сырын айтпас тамам.

Уәзір ойлар жалған деп мұның сөзі,

280. Шынар ағаш басына шықты өзі.

Жан-жаққа мойын бұрып қарағанда,

Шуылдаған дауысқа түсті көзі.

Бұл да келді шығам деп сол ағашқа,

Не келсе де көрем деп ғаріп басқа.

БҰ да көріп хан қызын ғашық болды,

Осындай түсті қайғы жігіт жасқа.

– Келмесем жолықпас ем мұндай дертке,

Өзімді-өзім салдым жанған өртке.

Құдай-а, бұл пәледен құтқара көр, – деп,

290. Мінәжат қып жылайды Құдіретке.

Сағит патша қасына бұ да жатты,

Бұлардың ғашықтығы болды қатты.

Тәжбақыт екеуінен ақылы мол,

Еш нәрсе ойына алып қозғалмапты.

Сонда да сабыр қылып жата алмады,

Бұл жерде жанға айтуға бата алмады.

Болған соң қыз атасы үлкен патша,

Бұл сөзді оған батып айта алмады.

Үшеуі тағы келді басын қосып,

300. Келетін Хоршаһра жолын тосып.

Шынар ағаш басына шығамын деп,

Сағит патша жөнелді жоғары ұшып.

Өрмелеп ол ағашқа тағы шықты,

Ғашығы Хоршаһраның жерге тықты.

Бірі уәзір, бірі патша болса дағы,

Ұстаған Тәжбақыттың ісі мықты.

Салды ғой ғашықтықты мұндай ерге,

Қарайды жоғарыдан әрбір жерге.

һеш нәрсе бұрынғыдай көрінбейді,

310. Сырғанап қайта түсті Сағит жерге.

Сағиттан соң ағашқа Сәбит шықты,

Екеуін Хақ Тағала былай қыпты.

Патшаның балаларын бұлай қылған,

Алланың не қылса да өзіне еп-ті.

Тәжбақытқа айтты: – Шық ағаштың басына, – деп,

Шықпай кетпе, келген соң қасына,– деп.

Шығар болсаң, кешікпей тезінен шық,

Көңілің соқпай отыр ғой несіне, – деп.

– Біз патшаның баласымыз салтанатты,

320. Патша қызын көргеннің көңілі тәтті.

Балаша ағаш басына шығамыз деп,

Көрген жанға болмайық жаманатты.

Неге шықтың ағашқа рұқсатсыз,

Түбінде пәле болар бізге осы қыз.

Тәжбақыт ақыл қылып айтса дағы,

Бұл сөзіне түспейді екі ақылсыз.

Мен бармаймын біреудің бақшасына,

Тыңламайды ағасы қақсаса да.

Тәжбақыттан көрмейді ағалары,

330. Тайып кетіп аяғы ақсаса да.

Бұл қызға екі ағасы бірдей ғашық,

Қызды тастап кете алмас еліне асып.

Үшеуінің бұлайша сөйлескенін

Хоршаһра есітіпті хабарласып:

“Бұлар не деп сөйлейді шуылдасып,

Көзіне көрінгенге болып ғашық.

Сағит, Сәбит екеуін арыз қылып,

Атама өлтіртейін дарға асып”.

Ұнатты Тәжбақыттың айтқан сөзін,

340. Сыртынан қыз ғашық боп салды көзін:

“Патшалыққа лайық бұл емес пе,

Патша болған ағасы құл емес пе?!

Үшеуін бір базарға парлап салса,

Екеуінен үш есе бұл емес пе?!”

Қыз ғашық боп көзінен ақты қаны,

Бұрынғыдай болмайды енді сәні.

Осыменен Хоршаһра тұра тұрсын,

Сағит ханнан сөйлейін біраз мәні.

Сонда үшеуі келеді кешке қайтып,

350. Бұл сырды білдірмей кісіге айтып.

Сағит, Сәбит екеуі бірдей ғашық,

Ғашықтықпен жатады қайғы тартып.

Тәжбақыт мынау іске жетті көзі,

Бұлардың қонақ болып келген кезі.

Ғашығын ағасының білгеннен соң,

Не қыларын білмейді өзін-өзі.

Үндістан патшасының ісі мықты,

Аң аулауға бұларды алып шықты.

Шаһзадалар шығады деп естіген соң,

360. Көремін деп хан қызы о да ынтықты.

Сағит, Сәбит шығады әуел бастан,

Патша болып бұзылды болмашыдан.

– Айырып әрқайсысын танып бер, – деп,

Хоршаһра сұрайды жолдасынан.

– Үлкені анау Сағит тақта отырған,

Сәбит уәзір оң қол жақта отырған.

Тәжбақыт ең кіші[сі] солындағы,

Жұлдызы не қылса да бақта отырған.

Хоршаһра Тәжбақытты тұрды бағып,

370. Ғашықтықтан көзінен жасы ағып.

Осындай асыл туған шаһзаданы

Патша қылып қоймайды екен елі нағып?!

Ғашық болып қыз қалды қарай-қарай,

Хан қызын ғашық қылған Хақ Тағала-ай.

Сағит, Сәбит патша боп жүрсе дағы,

Түбінде не болары екіталай.

Сағит хабар сол қыздан алған екен,

Дертіне ғашықтықтың қанған екен.

Тәжбақыттың атынан қағаз жазып,

380. Алтын құты ішіне салған екен.

Барады ғашық оты ішін жарып,

Жібереді Хоршаһраға қағаз салып.

Бір қыздан он алтын беріп жіберіп еді,

Хоршаһраның қолына тиді барып.

Қағазды оқып көрді құтыны ашып,

Тәжбақыт деп жазыпты мөһір басып.

Ғашығының қағазын оқыған соң,

Жақындық сөз айтады ыңғайласып.

Қыз дағы “Тәжбақыт” деп қағаз жазды,

390. “Патшаның балалары өнерпаз-ды,

Көзіме, Тәжбақыт, көрінбесең,

өткізем қайғыменен қыс пен жазды”.

Қағаз жазды осылай “Тәжбақыт” деп,

“Мен саған жақындықты көремін еп,

Мен саған бір көргенде болдым ғашық!”

Барлық зарын жазыпты осылай деп.

“Жіберген сәлем айтып келді сөзің,

Ғашықтық қасіретіне түскен кезім.

Болғанда түн жарымы бақшаға кеп,

400. Ғашық жар[ым], көрсетіп кет маған жүзің”.

Мұны жазып құтыға қыз да салды,

Тәжбақытты сағынып ойға қалды.

Елшілікке жүретін бір қызы бар,

Тура Сағит патшаға алып барды.

Хатты оқып патша Сағит шаттанады,

Бұл сөзім түбінде бір жатталады.

Түн жарымы болғанша шыдамайды,

Қас қарайып іңірде аттанады.

Келеді қадам басып айтқан жерге,

410. Қызды тастап кете алмас қайтып елге.

Келеді жарқ-жұрқ етіп бау-шарбақты,

Алтын қылыш әсеммен тағып белге.

Қуанып түнде келді қадам басып,

Ғашықтықтан келеді көңілі тасып.

Үстінде падишалық киімі жоқ,

Айтысқан жерге келді сөз байласып.

Түн ортасы болғанша тұрды бағып,

Патшалықтан келген жоқ белгі тағып.

“Келемін деп хат жазған патша қызы,

420. Кешігіп келмеді ғой, жатыр нағып?!”

Жалғыз келіп тұрыпты Сағит батыр,

Белде қылыш, Ұстаған қолда шатыр.

Хоршаһраның нөкері аңдып жүрген,

Жалғыз тұрған Сағитқа келе жатыр.

Келіп қыздар Сағитпен амандасты,

Амандасып сөздерін тамамдасты.

Хоршаһраның мұнымыз құрметі деп,

Табақпенен үстіне гауһар шашты.

Тәжбақыт деп Сағитты қайтты алып,

430. Патша екенін білмейді қыздар танып.

Шуылдасып көп қыздар келе жатыр,

һәрқайсысы һәр түрлі әнге салып.

Хоршаһра амандасты келіп жуық,

Тану үшін сөйлейді сөзді қуып.

Тәжбақыт емесін білген соң,

Қыздың қалды жаман боп іші суып.

Сағит жақын келеді қызға таман,

Бір-бірін көрісті есен-аман.

Қыз да танып Сағитты, жоламайды,

440. Қапа болып көңілі болды жаман.

Қыз Сағитты көрген [соң] алыстайды,

Қағаздағы айтқаны болыспайды.

Ғашық болып сыртынан жүрсе дағы,

Бір-біріне жақындап барыспайды.

Сағит патша һәр ойды көп ойлайды,

Баяғы келмеді ауратым деп ойлайды.

Қара қазақ болғаным ар екен деп,

Патшамын деп айтуды еп ойлайды.

– Тәжбақыт боп мен саған жазып ем хат,

450. Патша десем бола ма деп бір сөзге мат.

Қағазымды құп алып шақырған соң,

Болып еді сонан соң көңілім шат.

Ақырында көрсеттің мұндай істі,

Көңіліңе Тәжбақыт деп қайғы түсті.

Танымасаң, мен патша Сағитпын,– деп,

Осылай деп Хоршаһраның мойнын құшты.

Қыз сонда жолдастарын алдырады,

Ұрып-ұрып Сағитты талдырады.

Сүйреттіріп шығартты падишаны,

460. Сөйтіп көңілін байғұстың қалдырады.

Бақшасынан шығарды иттей теуіп,

Әрең жетті үйіне ерні кеуіп.

Ақылсыз қып Құдайдың жаратқаны,

Патша болып жүрсе де жұртты жиып.

Қорлық көріп адасты ақылынан,

Жалғыз шығып ағайын, жақынынан.

Жаһанабад елінде патша еді,

Кем болып жүр мүсәпір, пақырынан.

Сандалып әрең жетті жатқан үйге,

470. Сағитты Тәңірім салды мұндай күйге.

Екі көңіл бір жерден шықпаған соң,

Аяғыңнан біреуге өзің тиме.

Сағиттың тұра тұрсын бұл кеңесі,

Патшаның жас баладай болмады есі.

Сәбиттен біраз ғана сөз сөйлейін,

Болмайды игіліктің ерте-кеші.

Сәбит жүр ғашықтықтың тартып зарын,

Патша қызы қор қылды мұның бәрін.

Шаһзададан бір-бірлеп сөз айтайын,

480. Бұл сөзімді құп тыңла баршаларың.

Хоршаһраның бар еді нөкер қызы,

Жолығуға Сәбиттің келді соған өзі.

Падишаның баласы ғашықтықтан

Сарғайып қайғы-қасірет тартқан кезі.

Қызға келіп жүз ділдәні “алшы” деді,

– Сөзіме менің құлақ салшы, – деді.

Тәжбақыт сізге берген қағазы деп,

Апарып қыз алдына салшы, – деді.

Қағаз бен жүз ділдәні алды дейді,

490. Қуанып Сәбит сонда қалды дейді.

“Тәжбақыт сізге қағаз жіберді”, – деп,

Жүгіріп қыз қасына барды дейді.

Қыз сонда бұл қағазды алды қолға,

Артын ойлап қарайды оң мен солға.

Қанша хайла құрса да Сағит, Сәбит,

Істері екеуінің келмес жөнге.

Қағазды оқып көзінен төкті жасын,

Тәжбақыт деп жастыққа қойды басын.

Жүз ділдәға қызығып басын сатып,

500. Қарашы нөкер қыздың қылған ісін.

Қағазды Тәжбақыт деп қыз да жазды,

Сағит, Сәбит екеуі жолдан азды.

Соған шейін аузынан сөз шықпаған,

Тәжбақыттай көрмессің өнерпазды.

Қыз жазды: – Сен де ғашық, мен де ғашық,

Көретұрған күн бар ма дидарласып.

Қолыңа бұл қағазым аман тисе,

Бақша ағаштан бір жолық хабарласып.

Нөкер қыз бұл қағазды қолына алды,

510. Оны дағы теріс жолға Тәңірім салды.

Ақысына жүз ділдә алғаннан соң,

Тура Сәбит уәзірге алып барды.

Сәбит көріп қағазды ашқан екен,

Қуанғаннан бауырына басқан екен.

Хоршаһраның хабарын естіген соң,

Алтын-күміс аямай шашқан екен.

Сәбит уәзір қамданып киінеді,

Елші қыздың ісіне сүйінеді.

Ағасы Сағит патша таяқ жеген,

520. О дағы жатқан жерде күйінеді.

Сөз байласқан ағашқа келді жетіп,

Хоршаһраның барады қадірі өтіп.

Қасына қырық нөкерін ертіп алып,

Түн ортасы болғанда қыз келді жетіп.

Тәжбақыт деп Сәбитпен амандасты,

Ғашық болған қоспай жүр екі жасты.

Қасындағы қыздары алып келіп,

Алтын табақ үстіне гауһар шашты.

Үйіне ертіп келді күйеудей-ақ,

530. Тәжбақыт ағасынан көңілі ақ.

“Ақ пейіл ат арымас” деген сөз бар,

Түбінде оған орнар бақ пенен тақ.

Сәбит уәзір бұл іске қайран қалды,

Ғашық оты сандалтып естен танды.

Хоршаһра орнынан тұра келіп,

“Тәжбақыт” деп мойнына қолын салды.

Сәбит қызға ғашық қой, жақындайды,

Өз ісін өздері мақұлдайды.

Сабырсыздық шайтанға жарасады,

540. Патша қызын “тез бол” деп тақымдайды.

Ғашықтықпен елінен бұлар безді,

Патша қызын алам деп дүние кезді.

Бір ауыз сөзге келмей бүйтеді деп,

Бұл Тәжбақыт емес деп тағы сезді.

Қыз шегініп кетеді кейін қайтып,

Сәбит тұр ойдағы бар сөзін айтып.

Аламын деп ғашық боп келсе дағы,

Рахат көре алмайды бір күн жатып.

Сонда Сәбит һәр ойды көп ойлайды,

550. Ісім жөнге келмеді деп ойлайды.

Тәжбақыт деп ұрлыққа кіргенімше,

Сәбит уәзірмін деуді еп ойлайды.

– Хоршаһра, өзге қыздан артық затың,

Әуелден патша еді жұрағатым.

Тәжбақыттың атына[н] жазсам дағы,

Сәбит уәзір болады менің атым.

Қыз естіп бұл сөзді ашуланды,

Сәбит уәзір мұны көріп естен танды.

Сағитқа қылғанды бұған да қыл деп,

560. Шақырып жендеттерін айғай салды.

Бақшадан шығарыпты ұрып-ұрып,

Артына қаратпапты мойнын бұрып.

Қыздардан таяқ жеген Сәбит уәзір

Үйіне барып жетті зорға жүріп.

Хоршаһра ашуланды елші қызға:

– Сен неге мұндай қылдың татқан тұзға?

Ұстаттырып зынданға салдырады,

Үйретпесе болмайды ақылсызға.

Хоршаһра Тәжбақытқа қағаз жазған:

570. – Екі ағаң бұлайша боп жолдан азған,

Мен саған ынтызармын, ғашық жарым,

Өзіңдей үмітім бар өнерпаздан.

Бұл қағазды алыпты және бір қыз,

Қағазбенен сөйлесті жаз бенен күз.

Сағит, Сәбит екеуі патша еді,

Осы қыздың жөнінен болды ақылсыз.

Сонда қыз қағазды алып барған екен,

Тәжбақыттың алдына салған екен.

Ғашығының қағазын көргеннен соң,

580. О дағы бек шаттанып қалған екен.

Қағазында жазыпты: – Тәжбақыт, – деп,

Сеніменен жүруді көремін еп.

Неше күннен көзіме көрінесің,

Ғашықтықтың мен жүрмін қайғысын жеп.

Бақша ағаштың қасынан табыс, – деді,

Бір тілдеспей кетуің намыс, – деді.

Сағит, Сәбит екеуі ғашық болып,

Арамызды қылып жүр алыс,– деді.

Тәжбақыт қағаз жазды: – Көңілім сенде,

590. Сен үшін болып жүрмін мен шерменде.

“Сабыр түбі – сары алтын” деген сөз бар,

Ғашықтықтан қор болған тірі пенде.

Хоршаһра, тілімді алсаң сабыр әйла,

Сабыр қылған һәр нәрсе жанға пайда.

Асыққан ер мұратқа жете алмайды,

Бұрынғы өткен ғашық кетті қайда?!

Тәжбақыттың қағазын кетті алып,

Хоршаһраға көрсетті алып барып.

Ғашығының қағазын көргеннен соң,

600. Ғашықтықпен жылайды күйіп-жанып.

Тәжбақыт уағда еткен келді жерге,

Мұны тастап кетуі қиын елге.

Тәжбақыт ақылменен іс қылады,

Сағит, Сәбит істері келмес жөнге.

Ақырын түнде келді бақша ағашқа,

Ақыл табар келді ғой кәміл жасқа.

Түн ортасы болғанша тұрды тосып,

Іздеген жұмысы жоқ қыздан басқа.

Қыз да келіп бір мезгілде амандасты,

610. Көзінен ғашықтықпен төкті жасты.

Тағдырда жазбаған соң амал бар ма,

Аламын деп Сағит, Сәбит қылды қасты.

Қайғыдан құтылды екі ғашық,

Ағасынан алып тұр ақылы асып.

Тағдырда бұған Алла жазған екен,

Екеуі жатып қалды құшақтасып.

Қосылып екі ғашық сөз байласты,

Бір-біріне жақындасып ыңғайласты.

Таңертең Тәжбақытпен амандасып,

620. Басынан алтын табақ гауһар шашты.

Хоршаһра – тілеп алған жалғыз бала,

Зарыққанда беріпті Хақ Тағала.

Іздеген мұратына жаңа жетті,

Болып еді неше күн көңілі ала.

Тәжбақыт сонымен қайтты үйге,

Түсті ғой екі ағасы түрлі күйге.

Қыз өзіне тимесін білгеннен соң,

Өзің барып пәлеге тидің неге.

Сағит патша бір ойды ойлайды енді,

630. Тек кетуді еп бойға көрмейді енді.

Патшадан Хоршаһраны сұрайын деп,

Ойланып бір ақылды жөндейді енді.

Сағит келді патшаға сәлем беріп:

– Тақсыр, мені күйеу қыл, қызың беріп,

Мен сізге жағамын деп мақтанбаймын,

Өзің де патшалығым жүрсің көріп.

– Қызымның кімге тисе, еркі өзінде,

Сағит патша, қата жоқ бұл сөзімде.

Ата орнын ұстаған шаһзадалар,

640. Сендерді жаман демен бұл кезімде.

Өңгеден, Сағит, сені көрем жақын,

Атаңдай боп мен саған айтам ақыл.

Жалғыз қызым өзіне таңдау бердім,

Жылатып не болады алған хақым.

Сағит мұны есітіп кетті қайтып,

Патшаға ойдағы бар сөзін айтып.

Артынан Сәбит келді ол да сұрай,

Патшаның балалары кетті ұлғайып.

– Тақсыр, сізді көруші ек атамыздай,

650. Теріс болса кешіңіз қатамызды-ай.

Күйеу ғып, тақсыр, бізге қызыңды бер,

Егер жөні келмесе – жазамызды-ай.

– Хоршаһра – жалғыз балам тілеп алған,

Өзіне кімді сүйсе де ерік салғам.

“Болсын ердің малы алам” деген сөз бар,

Нәрсені [не] қыламын оннан қалған.

Мен сені, Сәбит уәзір, жек көрмеймін,

Хоршаһраны беруге көп көрмеймін.

Зарыққанда көргенім жалғыз бала,

660. Жылатып беруімді еп көрмеймін.

Мұны естіп шығып кетті Сәбит қайтып,

Патшаға ойдағы бар сөзін айтып.

Сағит, Сәбит екеуі бірдей ғашық,

Қасіретімен жатады қайғы тартып.

Патшаға барып жүр деп ағаларын,

Тәжбақыт та біліп жүр мұның бәрін.

Айтайын мен де барып маған бер деп,

Өз-өзімнен айтайын қайғы-зарым.

Тәжбақыт падишаға о да келді,

670. Қол қусырып алдына сәлем берді.

– Патшаның еркелеткен кенжесімін,

Сізге арыз, қош көрсең айта келдім.

Кенжем деп атам мені еркелеткен,

һәр тарапқа жасымнан атым кеткен.

Күйеу қылып маған бер Хоршаһраны,

Бұл жырым қызыңа және жеткен.

– Таңдауды бердім қызым бір өзіне,

Тәжбақыт, жалғаны жоқ бұл сөзімде.

Қызымның кімге тисе, өзі білер,

680. Екі айтып сөйлемеймін бұл кезімде.

Патша ойды сол жерде көп ойлайды,

Бұларға қыз бермеуді еп ойлайды.

Үшеуі бірдей сұрап талас қылған,

Бұлар ақымақ екен ғой деп ойлайды.

Падиша неше күндей салды миға:

“Бұларды шақырып ем әуел сыйға.

Бірі айтпай, үшеуі бірдей айтып,

Кез болдым осындай бір ақылсызға”.

Патшаның ойлап тапқан бұл хайласы,

690. һәркімнің ойлағаны – өз пайдасы.

Бір патшаның мүлкіндей бағасы бар,

Тылсымды патшаның бар бір айнасы.

Әкелсең берем деп сондай айна,

Бұларға осындай бір тапты хайла.

Тапқаныңа берейін қызымды деп,

Иншалла, осы ақылым болар пайда.

Шақыртып патша үшеуін алдырады,

Алдына айнаны әкеп салдырады.

“Берейін осындай бір айна тапсаң” – деп,

700. Бұлардың сөйтіп көңлін қалдырады.

Бірің айтсаң, мен де ойлап көрер едім,

Айтқаныңның сөзіңе ерер едім.

Үшеуің қабаттаспай, бірің айтсаң,

Бұйрық болса Құдайдан берер едім.

Бұл хабар Хоршаһраға жетті барып,

Патша жүр жалғыз қызын көңліне алып.

Атасының айтқанын естіген соң,

Ғашығым деп жылайды қайғыланып.

Бұл сөзді шаһзадалар көрді мақұл,

710. – Падиша, бұл айтқаның бізге ақыл,

Алайық өнері асып алғанымыз,

Көрсек те құр көңілмен қызды жақын.

Падиша сөз байласты қолын беріп:

– Қонақ бол деп шақырдым ішім еріп.

Бұйрық болса, беремін тапқаныңа,

Тылсымды сол айнаны алсаң келіп.

Әлде болса ерік бер біреуіңе,

Екеуің жүр біреуіңнің тілеуіңде.

Қонақ бол деп шақырған шаһзадалар,

720. Ренжимін сіздердің жүдеуіңе.

Бұл сөздің басы әуелі әзіл еді,

Бірі патша, біреуі уәзір еді.

Бұл қыздың жөні маған келеді деп,

Таласуға үшеуі әзір еді.

Қайтты еліне патшамен амандасып,

Уағда қылып сөздерін тамамдасып.

Сағит, Сәбит екеуі қор боп қайтты,

Барам деп қызға түнде жамандасып.

Құдайым, һәр пендені өзің оңда,

730. Көп қызық көріп қайтты осы жолда.

Хоршаһрадан айтайын біраз кеңес,

Құлақ салып, әлеумет, сөзім тыңда.

Тәжбақыттан айрылып

Хоршаһра қалды күйініп.

Ерлігіне неше күн

Жүріп еді сүйініп.

Атасының уәзірі

Бар еді бір баласы,

Шақырып алып бұл сөзді

740. Соған айтты қиылып.

– Көп беремін, аласың,

Бір хат жазып беремін,

Бір сауытқа саласың.

Тірі болсаң, бір көрсет

Тілеп алған патшаның

Тәжбақыт деген баласын.

Патша қызы Хоршаһра

Бұлайша қылды хайланы.

Жүз ділдә алып ақыға,

750. Жігіт қылды пайданы.

Жаһанабад шаһарына

Құдай аман жеткізсе,

Хоршаһра берді саған деп,

Тәжбақытқа бергейсің

Осы берген айнаны.

Айнаны беріп Тәжбақытқа,

Сәлемді қыз көп айтты.

“Аман Құдай жеткізсе,

Дұғай сәлем”, – деп айтты.

760. “Атам білсе өкпелер,

Қылған ісім ұрлық”, – [деп],

Өз қамын да жеп айтты.

Елшіге жүрген ер жігіт,

Ділдәні алып кетеді.

Неше күндей жол жүріп,

Жаһанабад шаһарына

Тура барып жетеді.

Терезені ашып қойып,

Патша Сағит отыр екен.

770. Танымайтын жігіт қой,

Жанынан [келіп] өтеді.

– Мойныңды бұр, жігіт, – деп,

Патша Сағит шақырды.

Қарамай жүре бердің, – деп,

Ұрсып айтты ақылды.

Мойныңды неге бұрмайсың,

Әперетін патшамын

Кісідегі ақыңды.

----------- -------- ------------

780. Патша сөзді жігіттен көп сұрайды:

– Танымайтын жігітсің, түсің басқа,

Қай жердің адамысың? – деп сұрайды.

– Патшамның жұрттан артық салтанаты,

Жерім алыс, Үндістан – шаһарым аты.

Жаһанабад шаһарына алып бар деп,

Бар еді Хоршаһраның берген хаты.

Патша Сағит орнынан ұшып тұрды,

Жігітке “хатың бер” деп мойнын бұрды.

Ақы алып, хат алып келген елші жігіт,

790. Тәжбақытқа жеткізбей Құдай ұрды.

Патша еріксіз қағазын көрді ашып,

Тәжбақытқа жазыпты мөрін басып.

Хоршаһраның қағазын көргеннен соң,

Падиша қамданады асып-сасып.

Жігітті алып барды оңаша үйге,

Падиша тағы түсті мұндай күйге.

Көңілі Хоршаһраның Тәжбақытта,

Жақындап қарамайды мырза-биге.

– Мен саған көп пұл берем, ал, – деп айтты,

800. Бұл сөзіме құлағың сал,– деп айтты.

Тәжбақытқа бердім деп қағазыңды,

Хоршаһраға мұны айтып бар,– деп айтты.

Патшадан бес жүз ділдә алмақ болды,

Ақы алып бір жағына салмақ болды.

Тәжбақытқа бердім деп қағазыңды,

Мұны айтып Хоршаһраға бармақ болды.

Екеуі сөз байласты ыңғайласып,

Ақы алған соң патшамен жақындасып.

Тәжбақыт боп барам деп Хоршаһраға,

810. Падиша қамданады асып-сасып.

Орнына патша болып Сәбит қалды,

һәр пендені һәр жолға Тәңірім салды.

Хоршаһраның жіберген елші жігіт

Тәжбақытты көре алмай қайғыланды.

Қасына бір жүз жігіт әскер алған,

Айдап Құдай бейнетке алып барған.

Патша Сағит осыменен тұра тұрсын,

Хоршаһрадан айтайын кейін қалған.

Әскерменен патша Сағит сол елге асты,

820. Қолға айна келген соң асып-састы.

“Тәжбақытқа жібердім айнаны”, – деп,

Хоршаһра қырық қызбен ақылдасты.

Бұл хабарды білмейді екен жалғыз адам,

Аллаға аян, не қылса да барша ғалам.

“Айнаны құр далаға жібердің”, – деп,

Қыздардың шуылдайды бәрі тамам.

Осы елдің кем болдым ба пақырынан,

Бір күнде ақылды едім мағқұлынан.

Қыздың бәрі шуылдап айтқаннан соң,

830. Хоршаһра тағы адасты ақылынан.

Құдайым қызға бір ой салдырады,

Шуылдап қыздар көңлін қалдырады.

Патшаның әскербасы бір құлы бар,

Жіберіп бір күн соны алдырады.

Хоршаһра соған айтты халі-жайын:

– Бір теріс жолға салды бір Құдайым,

Айнам жаңсақ Сағитқа түспеді ме,

Өзің ойлап таппасаң мұның жайын.

Ақыңа бес жүз ділдә ал,– деп айтты,

840. Келетін жолын тосып қал,– деп айтты.

Сағит пенен Сәбиттің бірі түссе,

Ұрып-ұрып зынданға сал, – деп айтты.

Ділдәні құл көп алып кетті дейді,

Қайраты көп, һәр іске епті дейді.

Қанша әскер қасына ертіп алып,

Келетін жолын тосып кетті дейді.

Жолында келетұғын тұрды бағып,

Кешігіп келмеді ғой, жатыр нағып.

Қасында қанша әскер шыға келді,

850. Пар-пардан ат жегісіп қоңырау тағып.

Қосылып екі әскер соғыс салды,

Бұларды көрген адам аң-таң қалды.

Сағиттың қолын қырып көп болған соң,

Патшаны өлтірместен ұстап алды.

Ұстатпай елші жігіт кетті қашып,

Сағит патша қор болды қара басып.

Елші жігіт бара алмай өз еліне,

Жаһанабад еліне кетті асып.

Алып қашты айнаны ұстатпастан,

860. Бұлардың ісі оңбай жүр әуел бастан.

Сәбит уәзір тақытта отыр екен,

Тура соған кіріпті бұрылмастан.

Тағы апарып Сәбитке берді айнаны,

Мынау жігіт тауып жүр көп хайланы.

Алтын менен күмісті бірдей алып,

Не қылса да қылды ғой көп пайданы.

Сәбит сонда құтының аузын ашты,

Алтын-күміс қуанып жұртқа шашты.

Қанша әскер қасына ертіп алып,

870. Үндістан шаһарына қарай асты.

Ісімді, жалғыз Құдай, өзің оңда,

Сағит, Сәбит қорлықты көрді жолда.

Хоршаһрадан айтайын біраз кеңес,

Құлақ салып, жамағат, сөзім тыңда.

Құл мақтанып барды да: – Ханыша,– деп,

Сізге қызмет қылуды көрдім ғой еп.

Өзің айтқан сөзіңіз бар емес пе,

Ақыңыз бізде алты жүз ділдә ғой, – деп.

Елші жігіт ұстатпай кетті қашып,

880. Жаһанабад шаһарына кетті асып.

Әскерінің бәрін де қойдай қырып,

Патша деген Сағитты қалдым басып.

Зындандағы Сағитты көргізеді,

Құлды алып біреуіне кіргізеді.

“Бұл сырды тірі жанға айтпаймын”, – деп,

Хоршаһраны солай деп сенгізеді.

Ақысына ділдәні алмақ болды,

Ділдә алып қалтасына салмақ болды.

Тағы айнаны Сәбитке береді деп,

890. Әскерменен жол тосып қалмақ болды.

Қызық қызмет ханшадан көріп жатыр,

Сұраған-қалағанын алып жатыр.

Жұмысының бәрі сонда қалған соң,

Хоршаһра құл айтқанға көніп жатыр.

Жолына Жаһанабад жатты барып,

Алты жүз ақысына алтын алып.

“Ақыры осы ісімнің не болар?” – деп,

Хоршаһра зарланады қайғыланып.

Қасына әскер алған қанша кісі,

900. Келеді не қылса да байдың күші.

Сәбит те шыға келді көп әскермен,

Кісіменен жолындағы болмай ісі.

Далада екі әскер соғыс салды,

Ағызды судай қылып қызыл қанды.

Ақы алып, айна апарған елші жігіт

Жаһанабад шаһарына қашып барды.

Сәбитті сол арада ұстап алды,

Екеуін теріс жолға Тәңірім салды.

Патшаның балалары ақылы [аз] боп,

910. Сағит түскен зынданға алып барды.

Елші де қолға түсті қашып жүрген,

Жаһанабад шаһарында асып жүрген.

Қолға түссем, Хоршаһра өлтіред деп,

Бұ дағы жаннан қорқып сасып жүрген.

Жігітті алып келді жаяу айдап,

Мойнына шынжыр салып қолын байлап.

Өзіңнің қылған ісің өзіңе ем,

Зынданға салып қойды орын сайлап.

Қолына Хоршаһраның түсті айнасы,

920. һәркімнің ойлағаны – өз пайдасы.

Білдірмей жұртқа, қырды қанша жанды,

Жарайды қыздың қылған бұл хайласы.

Жалынды құлға тағы: – Айнаны ал, – деп,

Сөзіме менің айтқан құлақ сал,– деп.

Апарып Тәжбақытқа бергейсің, – деп,

Ақыңа не алсаң де менен ал, – деп.

Құл сонда қыз сөзіне көнді дейді,

– Сіздің айтқан сөзің[із] жөн-ді, – дейді.

Айнаны Тәжбақытқа апарам, – деп,

930. Даярланып атына мінді дейді.

Қызға да бұл ақылды Тәңірім берді,

Ақылы асылзаттың болмас кем-ді.

Жол жүріп неше күндей айнаменен,

Жаһанабад шаһарына құл да келді.

Шаһарда жүре тұрсын келіп құл да,

Сөйлейін Тәжбақыттан сөзім тыңда.

Екі ағасы Үндістан кеткеннен соң,

Тәжбақыт ие болды мұндағы елге.

Тәжбақыт орнын ұстап қалған екен,

940. Иелікті сол шаһардың алған екен.

Екі ағам айнаны іздеп кетті ғой деп,

О дағы зейін миға салған екен.

Тәжбақыт қор болдық деп көп жылайды,

Бізден бақыт кетті ғой деп жылайды.

Тағдырдағы жазғанға тәдбір бар ма,

Айрылдық патшалықтан деп жылайды.

Тәжбақыт бау-шарбағын аралайды,

Мұқтаж боп дүние-малға қарамайды.

Бірі патша, бірі уәзір ағасының

950. Қылған ісі көңілге жарамайды.

Өзінің бау-шарбағын жүрді кезіп,

Ағасының бұл ісін көңлі сезіп.

Сағит пен Сәбит ғашықтықтан

Мал мен жан, бақ пен тақтан кетті безіп.

Тәжбақыт екеуінен туған зерек,

Бар екен бау-шарбақта жалғыз терек.

Қасына сол теректің келіп еді,

Түбінде жатыр екен жалғыз шелек.

Шелекте көрді жазу жазып қойған,

960. Құдіретімен сол жерге қазып қойған.

Тәжбақыт ақылды боп ағасынан,

Туғаннан-ақ олардан озып қойған.

Жазыпты: – Көзің сал деп мынау сөзге,

Атаң айтқан өсиеттен күдер үзбе.

Ғұмырыңа жеткендей қазына бар,

Азар болса жетерсің екі жүзге.

Кісі әкеліп теректің түбін қазды,

Не қылса да құдіретімен жазу жазды.

Ата сөзін тұтпаған Сағит, Сәбит,

970. Сол реттен екеуі жолдан азды.

Қазып біраз барған соң шықты бір жол,

Тәжбақыт салды ақылға, зейіні мол.

Сол жолменен біраз жүріп барып еді,

Көрінді алтын сандық үш кездей зор.

Тәжбақыт мұны көріп қалды қайран,

Сол жердің бәрін көріп қылды сайран.

Сағит, Сәбит екеуі ақылсыз боп,

Бір елге тыныш жатқан салды ойран.

Алып шығып сандықтың аузын ашты,

980. Бір Алла Тәжбақытқа берген бақты.

Сандықтың іші толған гауһарменен,

Ішінде бір құтымен айна тапты.

Айнаны қолына алып көп қарайды,

Сондай жақсылардан сөз тарайды.

Үндістан патшасында көріп еді,

Апырым-ау, сол айна ма деп қарайды.

Қарап-қарап айнадан тапты жазу,

Жігітке қиын емес жолдан азу.

Екі ағасы қас қылған өзі түсті,

990. Кісіге жарамайды құр ор қазу.

Қазынаны сол жердегі алды жиып,

Екі ағасы кетті ғой жанын қиып.

Дүниеде қанша хайла болса дағы,

Баршасы сол айнаға тұрған сыйып.

Әркімнің ойлағаны – өз пайдасы,

Патшаның қымбат екен ол айнасы.

Мұндай айна бұларға табылмас деп,

Патшаның ойлап тапқан бір хайласы.

Біреуін патша тауып алған екен,

1000. Біреуі жер астында қалған екен.

Тәжбақыт ата сөзін ұстаған соң,

Құдіретімен сол жерге салған екен.

Тәжбақыт айнаны алып қуанады,

Жылаған жас баладай уанады.

Сағит, Сәбит қас қылған екі ағасы,

Түбінде оның көзі суалады.

Айнаны бұ да қолға алды дейді,

Сандыққа алтын-күміс салды дейді.

Қасына қанша әскер ертіп алып,

1010. Үндістан шаһарына барды дейді.

Құл дағы Хоршаһраға қайтып барды,

Тәжбақыттың келгенін айтып барды.

Берсем дағы айнаны алмады деп,

Қайғылы боп қызға ішін тартып барды.

Хоршаһра қуанады көңлі тасып,

Ішінде ғашық оты араласып.

Сол күні қуанғаннан той қып шықты,

Сүйіншіге һәркімге алтын шашып.

Тәжбақыт падишаға кіріп келді,

1020. Қол қусырып алдына сәлем берді.

– Неше айдай іздедім осы айнаны,

Бармаған жер қоймадым елден-елді.

Патша сонда айнаны көп қарайды,

Осы айна өз айнам ба деп қарайды.

– Мен сіздің айнаңызды ұрламадым,

Мехнатпен көріп келдім бірталайды.

Падиша Тәжбақыттың сөзін ұқты,

Патша ғой жұрт ұстаған ақылы көп-ті.

Алдырып өз айнасын салыстырса,

1030. Екеуі айырықсыз бірдей шықты.

– Айнаны тауып алып келдің маған,

Қызымды берем, – деді, – енді саған.

Табылмас деп айнаны ойлап едім,

Тағдырда жазған шығар Хақ Тағалам.

Оқып неке қосылды екі ғашық,

Патша жатыр қуанып дүние шашып.

Хоршаһра гүл-гүл жанып бара жатыр,

Қосылып ғашығына көңлі тасып.

Неше күндей той қылып болды қызық,

1040. Өлең қылдым қызығын хатқа сызып.

Патша болған ағалары таппаса да,

Алып келді Тәжбақыт қамал бұзып.

Екі ағасын зынданнан алып келді,

Бір жасауыл алдына салып келді.

“Енді бізді дарға асып өлтірер”, – деп,

Көңілі жандарынан қалып келді.

Патша оларға сөз қатып қарамайды,

Өздерінің қылғаны жарамайды.

Болса да бұ да өзіндей бұрын патша,

1050. Кісі екен деп бойына баламайды.

Шақыртып патша оларды көп ұрысты,

Қамдарын өздерінің жеп ұрысты.

“Бірің патша болғанда, бірің уәзір,

Ақылың жоқ надандар”, – деп ұрысты,

Падиша ұрсып-ұрсып айтты ақыл.

– Тақсыр-ау, ұрыссаңыз да бәрі мақұл.

Әуелі ата сөзін тұтпаймыз деп,

Бұл күнде болып тұрмыз біздер пақыр.

Тәжбақыт падишаның алды қызын,

1060. Жұрт білді ағасының ақылсызын.

– Асар едім сендерді қорлықпенен,

Атаңыздың қимадым татқан тұзын.

Тәжбақыт, сен патша бол орын алып,

Риза болдым ісіңе көңлім толып.

Ата сөзін асыл деп алған үшін,

Дәулет құсы басына жатыр қонып.

Тәжбақыт патша болып мінді таққа,

Тәңірім бермей қалмайды көңлі аққа.

Тағы да Үндістанды тұрды билеп,

1070. Жүргізіп әділдікті екі жаққа.

Тәжбақыт осылай қызды алды дейді,

Елге қайтып қызық той салды дейді.

Екі елге жалғыз өзі патша болып,

Екі ағасы уәзір боп қалды дейді.

Сөйледім Үндістанға барған жерін,

Айнамен қызды барып алған жерін.

Жаһанабад, Үндістанға патша болып,

Екі ағасы уәзір боп қалған жерін.

Жаратқан қанша жұртын Хақ Тағалам,

1080. Қарай[ды] бір өзіңе күллі ғалам.

Оқыған, айып етпеңіз біз ғаріпті,

Ішінде жазылмаған көп-ті шалам.

Бұрын дағды қылғаным жоқ қисса жазып,

Азғана еріккен соң алдым қалам.

Қатасы болса, ағалар, кешіріңіз,

1086. Аяғы осыменен болсын тамам.