Кабдеш Жумаділов. Коныр куз

ҚОҢЫР КҮЗ

Ол ежелгі дағдысы бойынша тағы да таңғы сағат жетіде оянып кетті. Үй іші ала көлеңке. Терезеге ұсталған қоңыр ала қалың матаның жақтауынан болар-болмас қана сәуле түсіп тұр. Әйелі ерте тұрып сүтке кеткен болар, абажадай араб төсегінің бір жаты салқын тартып, бос қалыпты. Әбдірасыл көрпесін бүркене түсіп, әлі де болса көз шырымын алмақ болып еді, бірақ ұйқысы құрғыр келе қоймады. Жұмыстан титықтап, қалжырап келіп жатпаған соң, жөні түзу ұйқы бола ма, тәйірі?

Адамның жасы ұлғайып қартайған кезде миы құрғап, ұйқысы азаяды деуші еді. Сол сөздің рас болғаны ғой, сірә. Әбдірасыл үйде бос жатқалы, өмір бойы өтелмей жүрген ұйқының есесін қанша қайырайын десе де, сол күндегі уақытта көзі шырағдандай жанып, оянып алады. Баяғыда ауылда жүргенде, таң атпай қақаңдап тұрып алатын шалдарды көріп: «Осыларға не жетпейді екен? Жамбасынан су шыға ма? Неге жатып тыным алмайды?» — деп күлуші еді. «Күлгенге күле жетеді» деген осы. Мұның да қазір сол мазасыз, қазымыр шалдардан несі артық? Бұл тіршілік дегенің де кереғар құрылған-ау, шамасы. Бір кезде, шалқар түске дейін жатсаң да ұйқың қанбайтын жастық шақта өйтіп керіліп жатуға уақыт болмады. Ал енді қанша жатам десең де ешкім бөгет болмайтын кезде, сол ұйқының өзі қасқалдақтың қанындай.

«Қой, құрдан-құр жата бергенім болмас, тұрайын», — деп, Әбдірасыл орнынан көтерілді. Төсектің қасындағы орындыққа асулы тұрған халатын киіп, аяғына іші түкті, жұмсақ башмағын ілді. Сонан соң асықпай ілбіп барып, балконның пердесін ысырды. Күн бұлыңғыр екен. Жаңбыр жауғалы тұр ма, қалай, анда-санда терезе әйнегіне жетім тамшы қонақтап, мөлтілдеп сәл тұрады да, төмен қарай сырғи жөнеледі. Әбдірасыл үйге таза ауа кіргізбек болып, балконды ашты. Халатын қаусырынып, белдігін байлап, далаға шықты. Ауадан салқын сыз білінеді. Алматы күзі биыл ерте түсті-ау өзі... Бірте-бірте жиілей бастаған жаңбыр тамшысынан көше асфальты шұбарланып шалынады. Сегіз қабатты үлкен үйдің бесінші қабаты жердей әжептәуір биік еді. Әбдірасыл балконға сүйеніп, тротуарда әрі-бері өтіп жатқан адамдарға көз салды. Жұмысқа асыққан жұрт аяқтарын кере-кере басып, жіті қозғалады. Және бір қызығы, жоғарыдан қарағанда адамдардың бойынан гөрі аттаған адымы керемет ұзын болып көрінеді екен... Соны қызықтап біраз тұрды. Қарсы үйдің қалқасындағы арты үлкен көшеден толассыз ағылып жатқан машина гүрілі естіледі.

Ол өз еркінен тыс көрші үйдің терезесіне көз жіберді. Бір заматта бұған тұспа-тұс балконның есігі ашылып, тысқа жап-жас келіншек шықты. Ұйқысын аша алмай ұзақ есінеп, аппақ білектерін басынан асыра керілді. Келіншектің екі бөлмелі үйде жалғыз тұратынын Әбдірасыл осы соңғы күндері ғана байқап жүр. Байқағанда, сырттай торуылдап, бақылаған бұл жоқ, келіншектің өзі көлбеңдеп көзге жиі түседі... Жалғыз тұратын болған соң кімнен именсін, жас әйел өз үйінде қалай болса солай, кейде іш көйлекшең, кейде тіпті пляж формасында да жүре береді. Көлденең көзде жазық жоқ, соның бәрі шам жарығында қарсы жаққа ап-анық көрініп тұрады. Не сиқыры барын кім білсін, әйтеуір, сол бір қымбат люстра жанатын тап-тұйнақтай таза бөлмеден бұл әрқашан жанға жайлы бір жылы леп сезінгендей болады. Сол жаққа көз қиығы түсе берген Әбдірасыл өзінен-өзі қуыстанып, ішке кірді.

Ол енді халатын шешіп, жұмсақ түкті кілемнің үстінде керіліп-созылып, дене әрекетін жасауға кіріскен. Буындарын күтірлетіп, екі-үш рет еңкейді, екі-үш рет шалқайды. Тарбаңдап қол-аяғын қайшылады. Осы да жетер дегендей орнынан қозғала берді де: «Осы мен неменеге асығамын? Асықпайыншы... Менің физкультурам — ауылдағы дүмшенің намазға жығылғанына ұқсайды-ау!» — деп, өзін-өзі мысқылдады. Күндегісінен тағы бірнеше қимылды артық жасаған болды... Бұл инерция деген де қызық қой. Әбдірасыл өз бойынан бір асығыстықтың арылмай жүргеніне таң қалады. Сонда неменеге асығатынын түсінбейді өзі. Таңертеңгі шайын тым асығыс ішіп отырғанын байқап, Рахима бұған бірнеше рет ескерту жасады. Бойында бір кезде қатты бұрап тастаған пружина бар секілді. Сол пружинаны ептеп тарқату керек секілді. Шертілмеген домбыраның да құлағын босатып қояр болар... Бұған енді тыныштық, тағы да тыныштық керек. Адамның тыныштықты қабылдауы да бір қиямет екен-ау! Мұның өзі ағысы қатты өзеннің, бірте-бірте сабасына түсіп, айдын көлге айналуы секілді тым ұзақ процесс екенін Әбдірасыл әзірше ішкі бір түйсікпен аңғарғандай болады.

Халатын желбегей жамылып жуынуға бет алғаны сол еді, кенет сыртқы есік ашылып, қолында сүт құйған шелегі бар Рахима көрінді. Күйеуінің құлқын сәріден тұрып алғанын кәріп, ол да кейіп жатыр.

— Байғұс-ау, қайда асықтың? Жата тұрмадың ба? — дейді наразылығы мен қамқорлығы аралас мейірбан үнмен.

Әбдірасыл жауап қатқан жоқ. Ваннаға кіріп, салқын сумен жуынып, түкті орамалмен асықпай сүртініп, қайта шықты. Бойға сіңген әдет бойынша қазір қырынуы керек. Сонан соң таңертеңгі шайын асығыс ішіп, киінуі керек тәрізді. Сол бұрынғыша сағат сегіз жарымда үйдің қасына келіп тұратын машинаға отырып, кеңсеге қарай жөнелетін секілді. Өзін қанша тежесе де, күнде қайталанатын осы бір қобалжудан арыла алмай-ақ қойды.

Ол үлкен шарайнаның алдына барып, «Харьков» маркалы электрлі ұстарамен қырына бастады. Бұрын ол Рахимаға: «Әйелден еркектің бір артықшылығы — еркектер таңертең сақалын алып тұрып та, әйелден гөрі бір ойды артық ойлайды»,—деп қалжыңдаушы еді. Қазір мұнда асып бара жатқан ой да шамалы. Ол айнаның алдында тұрып, бір сәт өзінің түр-тұлғасына көз жіберді. Оның қарсы алдында шал деп айтуға да келмейтін, жігіт деп айтуға да келмейтін, сақал-мұртын жып-жылмағай қырып жүретін, осы заманның алпысқа жаңа келген қырқылжыны тұр еді. Шашы сұйықтау демесең, әлі дендеп ағара қоймаған. Тек самай тұсы ғана сабын жұғып қалғандай сәл-пәл бурыл тартыпты. Ал оң жағына келетін болсақ, Әбекең жас кезінің өзінде-ақ бәлендей өнді жігіт саналмайтын: міне, қазір де айнадан жапырақ танау, жалпақ бет, бұжыр қара кісі бұған самарқау қарап тұр. Осы бір айнадағы адамнан Әбекең соңғы кезде қарыз ақша алған кісідей қашқалақтап жүреді. Өйткені, оған көзі түссе болғаны: «Осы, мен, шынымен-ақ қартайып кеткен жоқпын ба?» — деген бір күдік ұры итше сүмеңдеп соңынан қалмайды.

Оның құлағына әнеугүні пенсияға шығарып салар жиналыста жұрттың сөйлеген сөзі самбырлап қайтадан естілгендей болды. Бәрі де Әбдірасылды сол күні ғана көргендей сұқтанып: «Елу — ердің жасы болғанда, алпыс дегеніңіз қазір орта жасқа айналды. Құрметті демалысқа қайратыңыз қайтпаған жап-жас қалпыңызда кетіп барасыз. Шашыңызда бір тал қылау жоқ», — дегенге дейін барысып, тіпті мұның жағдайына қызыққандай сыңай танытты. Бірақ «қайраты тасып тұрған адамның неге пенсияға шығуы керек екенін ешкім айта алмады... Бәрі де көңіл үшін ғой, әрине. «Жақсы сөз — жарым ырыс» дегендей, солардың жұбатып айтқан жылы сөзінің өзі неге тұрады. Қызмет болған соң әр түрлі жағдай кездеспей тұра ма? Жұрт алдында қаншалық қадірі бар екенін адам пенсияға шыққанда біледі екен. Коллективте мұны шын көңілден тілектес болып қимай ұзатқандар да, «бәлем, сенен де құтылдық па?» деп қыр көрсеткендер де болды...

Әбдірасыл қырынып алған соң, шай қайнағанша уақыт өткізбек болып «кабинет» деп аталатын бөлмеге беттеді. Ұзыншалау келген үлкен бөлменің төрінде бейне қолтығы сөгіліп, ащы тері алынбаған ат тәрізді әлі қылауы түспеген жазу столы тұр. Бір жағына диван, журнал столы, креслолар қойылған. Журнал столының үстінде преферанстың сызулы қағазы мен су жаңа карта жатыр. Әбекең бұрын бұл бөлмеге әлдеқалай бір баяндамаға әзірленгенде, не бір қонақ келіп, карта ойнағанда болмаса, кіре бермеуші еді. Демалысқа шыққаннан бері уақытының көбін осында өткізетін болып жүр.

Бұл күнде үйдің көркі — кітап, әрине. Кітабы жоқ үйді мәдениетті кісілер қатарына қоспайтын көрінеді. Әбекең бұл туралы ана жылы осы үйге қонаққа келген бір үлкен кісіден ескерту алғаны бар. Содан бері тірнектеп кітап жинай бастады. Бірнеше рет көп томды басылымдарға жазылып еді, соның өзі екі шкафты майыстырып тұр. Сөйтсе, жұрт кітапты тегін жинамайды екен ғой. Кітап дегенін өз алдына жатқан бір дүние екен. Әбекең бұрын өз мамандығы: құрылыс, архитектура туралы кітаптар болмаса, әдеби шығармаларды көп оқи бермейтін. Кейін қол тигенде оқырмын деуші еді, соның сәті енді түскен секілді. Жақында ол бір ай бойы Толстойдың «Соғыс пен бейбітшілігін» оқып шықты. Бұрын ел аузынан: «ұлы жазушы», «классик» дегенді көп естігендіктен бе, «жығылсаң нардан жығыл» — деп, кітап оқуды Толстойдың өзінен бастап еді. Сөйтсе, Толстой дегеніңіз жатқан бір патшалық екен. Ақыл да сонда, сезім де сонда, кемеңгерлік те сонда... Толстой арқылы мұның алдында бүгінгі жазушылардың да беделі өсіп қалды. Бұрын Әбдірасылда, өзі ашық мойындамаса да, ақын-жазушыларды белгілі мамандығы жоқ, сөз сатып, тіл безеген біреулер ретінде көретін бір астамшылық болушы еді. Содан бері бұл жұртқа аса бір құрметпен қызыға қарайтынды шығарды. Кейде өзінің жазушы болмағанына өкінеді. Ешкім орнынан алып тастамайтын, пенсияға кетем деп те қынжылмайтын, бұл бір рахат жұмыс қой, шынында. Қаламыңды қолыңа ал да, өмір бойы жаза бер, жаза бер... Әсіресе пенсияға шыққан соң таптырмайтын ермек болар еді-ау адамға. Мұның бір танысы пенсияға ана жылы шығып еді. Содан бері екі-үш кітап жазып тастапты. Құдай қор қылғанда, Әбдірасылдың қолынан ол да келмейді.

Ол бүкіл бір қабырғаға сән беріп, көк, қызыл, жасыл түспен құлпыра көз тартқан кітаптарды тамашалап көп тұрды. Қайсысын оқысам екен деп сәл бөгелді де, басқы бір қатарда Лермонтовтың төрт томдығы тұр екен, соның бірінші томын суырып алды. Әбекеңнің бұл жолы да классиктен төмен түскісі келмеді. Баяғы мектеп программасынан кейін, Лермонтовтың бетін ашып отырғаны осы. Шұңғыл креслоға белшесінен бата жайғасып алып, алдымен шағын лирикаларға көз жүгіртті. Маржандай тізілген сұлу жырлар Әбдірасылды бірте-бірте өз тереңіне қарай тарта берді, тарта берді. Әй, бұл ақын дегендерінде керемет жандар-ау! Адамның басына келмейтін дүниелерді қалай-қалай қиыстырады? Бәрі қолымен қойғандай, бәрі рас... Бұл құдірет Лермонтовта ғана ма? Әлде барлық ақындар осылай жаза ма? Өзіміздің қазіргі ақындарды бір байқап көретін екен... Өткен жылы бір ақын жерлесі алпысқа толғанда, бұл мекеме атынан папка тапсырғаны бар. Соңынан банкетіне де қатысты.

Бір мезгілде Әбдірасыл селт етіп басын көтеріп алды. «Қауіп» деп аталатын өлең мұны жағасынан алып, сілкіп-сілкіп жібергендей болды.

Бедел кетіп, бетіңнің бояуы оңып,

Жастыққа, не столға мықтап қонып.

Дидарын кемпіріңнің іш пыстырған

Мөлиіп отырарсың көзбен шолып, —

депті бір жерінде. Әбекеңнің көзі атыздай болып, мәңгіріп қалды. Апырай, не деп кетті мына Михаил Юрьевич Лермонтов?! Бұл ақынды қыршын кетті демейтін бе еді? Кәрілік уайымының дәмін қайдан татып жүр, жаным-ау? Өлең 1830 жылы жазылыпты... Мәссаған! Сонда бұл өлеңді Лермонтов он алты жасында жазғаны ма? Әлгі күн ілгеріні болжайтын данышпандық дегеніміз осы екен ғой. Лермонтовты да жұрт «классик» деуші еді. Әй, классик болса классик-ақ шығар! Шіркін-ай, осы өлеңдерді бұл неге ертерек оқымады екен?! Ертерек оқыса, дәл бұлай ісегінде қартайып отырмас па еді, қайтер еді? Жаны жай тауып, жасаңғырап қалды ғой.

Кабинеттің есігі баяу ашылып, ішке Рахима кірді. Бұл күнде толысып, егде тартып қалған әйелі ана қаздай мамырлай басып келіп, жазу столының үстін жинастырған болды. Мұнда бейберекет шашылып жатқан да ештеңе жоқ еді. Оқшауырақ қалған бірер журналды, газетті реттеп орындарына қойды. Қолындағы шүберек пен терезенің алдын, шкаф пен столдың бұрыш-бұрышын сүрткіледі. Бір кезде күйеуінің сырт жағын айнала беріп, қолындағы кітапқа көзі түсті де:

— Көкесі-ау, қашаннан бері өлең оқитын болғанын? — деді таңданғандай.

Әбдірасыл кітаптан көз алмаған күйі жауап берді.

— Оқымаған дүниеміз көп екен ғой, бәйбіше.

— Оқымасаң — оқы, қолың босады ғой... Кітап оқымағанда енді не бітіресің? — деп қағытты Рахима шкафтың әйнегін түрткілеп жатып.

— Иә, оның рас. Бірақ бізді бұдан гөрі де ертерек босату керек екен, — деді Әбдірасыл қулана езу тартып. — Үкімет алпысқа толғандарды пенсияға неге шығарады? Сен осыны ойландың ба?

— Кім білсін? Ол жағын пенсияға шыққан өзің ойланбасаң, бізге әлі ертерек қой, — деп Рахима сыңғырлай күлді. Жас шамасына қарағанда күлкісі әлі де жас еді.

— Ендеше, біліп қой: бұл жұртты демалысқа кәрілігі жеткендіктен шығармайды. Бұрынғы балалығын, шалалығын түзетсін, кем-кетігін толтырсын деп шығарады. Әркімнің жас кезінде арманда қалған, қоғамдық жұмыстан қолы тимей жүрген көп әттегенайы болуы мүмкін. Бұл демалыс дегеніңіз — адамның шашылып жатқан шаруасын жинап, жыртық-тесігін бүтіндеп, қапы кеткен жерін қалпына келтіріп алуға берілген соңғы мүмкіндік емес пе? Мен жақында бір кітаптан оқыдым. «Адамға ойлану үшін де уақыт керек», — депті.

— Қалай, қапы кеткен жерің көп пе екен? — деді Рахима күйеуіне, сыны кете бастаған ұялы көзін төнкеріп. — Бәлкім, кем-кетігіңді толтыру үшін төсек жаңғыртып, жас иіс алатын шығарсын? Қазір шалдардың құтырған заманы ғой.

Мына сөзді естігенде Әбекең көңілденіп, орнынан тұрып кетті.

— Несі бар? Алсақ алып та жібереміз. Бұрын ғой қызметімізден, мансабымыздан қорықтық. Енді тайынатын не қалды? Бәрін сызып тастап, басынан қайта бастауға да болады.

— Әй, қайдам! Қазіргі келіншектер де есепті білетін шығар. Қашанда шал-екең алмайды, мал-екең алады...

Екеуі зілсіз қалжыңға қосыла күліп, қолтықтасқан күйі ас үйге қарай бет алды. Рахима столды жасап та қойған екен, біріне-бірі қарама-қарсы жайғасып, шай ішуге кірісті. Әбдірасыл ауық-ауық әйелінің жүзіне қарап қояды. Бұл уақыт деген итің еркек түгіл, әйелді де аямайды екен ғой... Кезінде Рахима сұңғақ бойлы, ақсарының әдемісі еді. Қазір ақша жүзін әжім басып, самайы ағарып дегендей, көз тартар ештеңе қалмапты-ау өзінде... Жаңағы өлең қалай еді?

Дидарын кемпіріңнің іш пыстырған

Мөлиіп отырарсың көзбен шолып...

Қандай қатал, қандай дәл айтылған! Осы Рахималарды күні кеше солқылдаған сұлу қыз болды дегенге кім сенеді? Қыздардың арасында «көп жұлдыздың ішінде ай секілді» дара тұрушы еді. Әбекеңдер соғыстың алдында ғана институт бітіріп, қызметке шыққанда Рахима ҚазПИ-де оқып жүрді. Жігіттердің аузының суын құртқан сұлу қызға сырттай қызыққаны болмаса, Әбдірасыл оған үміт артып көрген емес-ті. Өйткені не бір қасқа мен жайсаңның қолына түспей жүрген қыз, маған бұйырады деп қалай ойласын. Ақыры Рахима көп жігіттің ішінен тандап Ермектің етегінен ұстады. Оған ешкім таңданған жоқ. Себебі, сол дәмелі жігіттердің арасында Ермектің алдына түсетіні кемде-кем еді. Әлгі көп айтыла беретін «сегіз қырлы, бір сырлының» өзі еді ғой Ермектер. Институтта бірге оқыған сабақтас әрі жақын жолдас ретінде Ермекке ілесіп, ҚазПИ жаққа Әбдірасыл да барушы еді. Рахимамен сол кезде танысқан. Онда «осы қызды түбінде мен алармын-ау» деген ой кімнің басына келіпті? Бұл, бар болғаны, Рахиманың қасындағы құрбы қыздардан үмітті еді. Ермек пен Рахиманың уәделері пісіп, алдағы күзде той жасауға сөз байласып та қойған.

Сөйтіп жүргенде 1941 жылдың ойраны басталды. Ермек те, Әбдірасыл да алғашқылардың бірі болып майданға аттанды. Әбдірасыл 1944 жылы аяғынан жараланып елге аман оралды да, Ермек Москва түбінде қаза тапты. «Өлі арыстаннан тірі тышқан артық» дейді бұрынғылар. Арыстан өліп қалған соң, тышқанның қадірі артпай кайтушы еді? Бұрын екінші қатарда тұратын кейбіреулер бірінші қатарға шықты. Жеңіс мерекесін өздері үшін де, өлгендер үшін де тірілер тойлады. Әрине, Ермектің өлімін тілеген жоқ Әбдірасыл. Бірақ ол өзі де қан төккен адам ретінде, өлілердің алдында тірілердің қаншалық қарыздар екенін жақсы біледі.

Әбдірасыл келгенде, Рахима Қаскелең жақтағы бір мектепте мұғалім еді. Білетіндерден адресін алып, іздеп барды. Бұл барғанда Рахима Ермектің өзін көрмесе де көзін көргендей болып, ағыл-тегіл жылағаны әлі есінде... Содан кейін де Әбдірасыл ол жаққа жиі қатынап тұрды. Келесі жылы Рахима Алматыға ауысты. Тірі кісі тіршілігін жасамай тұра ма, көп кешікпей екеуі той жасап, үйленіп те алды... Бірақ Ермектің қайғысын Рахима көпке дейін ұмыта алған жоқ. Талайға дейін, тіпті балалы болғаннан кейін де, кербез келіншек Әбдірасылды бойына тоғытпай, менсініңкіремей де жүрді. Кейін жас ұлғая келе ерлі-зайыптылар біреуінің тілеуін бірі тілейтін күйге жетіп, тағдырға амалсыз бой ұсынған-ды. Қазір Рахиманың анда-санда көкірегін қарыс айыра күрсінетіні бар. Өткенді еске түсіретін жалғыз белгі осы... Жылдар өтіп жатыр. Рахима да бұл күнде бетінің нұры тайып, кемпір болуға айналды. Жастықта арасы алшақ, сыйымсыз болып көрінетін сұлулық пен жұпынылықты қарттық теңестіреді екен. Қазір екеуінің айырмашылығы шамалы. Қайта өмірде көп қасірет шегіп, бірнеше баланың анасы болған Рахимадан гөрі Әбдірасыл жастау көріне ме, қалай?.. Рахима қазір қаладағы орта мектептердің бірінде сабақ береді. Анда-санда сыр алдырып: «Оқушылар жылдан-жылға қиындап барады. Келер жылы елу беске аман-есен жетіп, немерелерімді бағып үйде отырсам-ау», — деп қояды. Пенсияны да әркім әр түрлі қабылдайды екен: Әбдірасыл қызметтен кеттім деп қынжылса, Рахима соған жете алмай шаршап жүр...

— Сенің сабағың жоқ па? Асықпайсың ғой өзің, — деді Әбдірасыл шайын қайта демдеп жатқан әйеліне.

— Бүгін екі-ақ сабақ... Сағат он бірде басталады, — деді Рахима жайлана түсіп. — Өзін не істейсің? Қарап отырғанша машина тауып, Қаскелендегі қойды алып келсейші. Мына суықта жас сорпа ішейік.

— Анадағы қойдың еті таусылып қалды ма?

— Таусылмағанда... Бір-екі рет қонақ аттандырдық. Біраз ет қалып еді, «қызылсырап отырмыз» деген соң жартысын қыз бен келінге бөліп бердім.

Иә, үйде отырған екенсің — отбасының осындай ұсақ-түйек күйбеңінен босамайсың. Бұрын Әбдірасыл мұндайға мән бермейтін. Бәрінін реті өзінен-өзі табылып, қойдың еті де, тайдың еті де бір жақтардан келіп жатушы еді. Сілтеп қалса бәрі дайын болатын «сиқырлы таяқша» қазір Әбекеннің қолында жоқ. Қажетті азық-түлікті: ет дейсің бе, қазы-қарта, шұжық дейсің бе, Рахиманың өзі машинамен барып, арнаулы складтан алып кайтушы еді. Әбекең қызметтен кеткелі, ол бастаудың да көзі бітелді. Енді кекірелеуді қойып, жұрт қатарлы күнелту керек. Балалары сол баяғы молшылыққа үйреніп қалған. Үйіміз, ошағымыз бөлек демейді, бірдеңелері жетіспесе, осы үйде барды көтеріп кетеді. Бұрын әке-шешені баласы асыраушы еді, қазір керісінше, тапқан-таянғаныңды соларға тасып жүргенің... Қалай еді әлгі бұзып айтатын әнде? «Мен сенің пенсияңа жармасамын» — дейтін бе еді? Соның кері...

— Ноябрь мейрамына дейін шыда. Қойды сол кезде әкелерміз,—деді Әбекең қабағын қарс жауып. — Оған дейін дүкеннен бірдеңе ала тұрарсың.

— Біраздан бері балалар да хабарласпай қалды. Тұмау-сұмаудан аман ба екен өздері? — деді Рахима қоңырқай тартып. — Үйде болсаң, қызметтеріне телефон соғып хабарын білсейші.

Әбдірасыл езу тартып күлді:

— Айтпақшы, бүгін жұма емес пе? Сағынып отырсаң балалардың бәрін танауларынан тізіп берейін. Кешке қазаныңа асты молырақ сал.

Шайдан кейін Рахима мектебіне кетті де, Әбдірасыл үйде жалғыз қалған. Өзін қоярға жер таппай, төрт бөлмелі үйдің бұрыш-бұрышын кезіп көп жүрді. Біреулер хабарласып қала ма деп, анда-санда телефон жаққа қарап қояды. Қара телефонның «тіл-аузын қойып» үндемей тұрғанына да біраз уақыт болды. Бұл жұрт Әбдірасылдың дүниеде бар екенін ұмытқан секілді. Әншейінде сағат сайын сөйлем беріп, хал-жай білісіп тұратын атайын күйісінен жаңылып, тым-тырыс жатып алды. Бұрын телефон үсті-үстіне шырылдап маза бермегенде: «мен үйде жоқпын» дейтін Әбекең әйеліне. «Бір тоқтықтың бір аштығы да болады» деген осы. Бұған ешкім телефон арқылы өтініш айтпағанына, ешкім қонаққа шақырмағанына да бір айдан асып барады. «Әбеке, бұл әлгі бәленбай деген ініңіз ғой», — деп тұратын жылпос жігіттер де ғайып болды. Күн сайын мұнын денсаулық жағдайын сұрап, әйелінің, балаларының амандығын түгендеп, тіпті кішкентай немерелерінің қалай қаз басып жүргеніне дейін тәптіштейтін сұңғыла қарттар да сап тыйылған. Жайшылықта жерлеспіз, жақын-жанашырмыз деп, шүпірлеп маңайынан шықпайтын көп жандайшап ағайын-жегжаттың да қатары лезде сиреп кетті. Олардың өздерінен бір мезіреті болмаған соң, бекершіліктен іші пысқан адам болып көрінбейінші деп, Әбекең де жалпылдамады. «Өлсем-ау, қайтып келіп көрсем-ау!» — дейтін баяғыша ауылдың бір ақсақалы. Сол айтқандай, бұл дүниенің құбылып тұратын баянсыздығын бір есептен көзі тірісінде көріп кеткені де дұрыс сияқты. Бұрын бәрін білдім, түсіндім дегені бекер екен. Көп нәрсеге көзі жана жетіп, ақылы енді кіргендей.

Сырт көзге сыр бермегенімен, соңғы бір ай Әбдірасылға өтe ауыр тиіп еді. Онда да аштан өліп, көштен қалам деп уайымдаған жоқ, жаңағыдай жайлар жүйкеге тиеді. «Қарнымның ашқанына жыламаймын-ау, қадірімнің қашқанына жылаймын» — депті ғой баяғыда бір жетім бала. Сол сөздің мәнісін Әбекең осы соңғы кезде түсінді. Алғашқы екі-үш күн құттықтаушылардың, көңіл білдірушілердің ырду-дырдуымен білінбеп еді. Кейін ел аяғы сиреп, осылайша үйде жалғыз отырып қалатын мезгіл жеткенде, жанын қоярға жер таппай құлазып кетті. Космосқа ұшқан адам да салмақсыздық жағдайына көпке дейін көндіге алмайды екен деседі. Әбекеңде соған ұқсас бір күйге ұшырады. Өйткені оның демалысқа кетуі ешқандай психологиялық дайындықсыз, аяқ астынан болып еді. Жуық арада пенсияға шығармын деген ой қәперіне де келмеген. Жеке бұл емес, өзі қатарлы жауапты жұмыста жүрген біраз «шалдардың» әлі де мұрттары бүлінбей, өз орындарында мығым отырғанын көріп-біліп жүр. Оның үстіне өткен жылы жасы алпысқа толып, грамота алған тұста басшылардың бірі: «Әлі тұғырдан тайып тұрған жоқсын ғой. Қызметіңді алаңсыз атқара бер», — деген-ді. Осыдан кейін көңілі мүлде орныққан Әбдірасыл қызметке жаңа бір қарқынмен, жан сала кіріскен. Көп жыл істеген жұмысы өзіне бес саусақтай белгілі. Ал мұның іскерлігіне, табандылығына, енбек сүйгіштігіне ешкім шек келтірген емес. Кызметі орынбасарлық болса да, білдей бір министрліктің ұлы-ғаусар үлкен шаруасы осының мойнында еді. Соңғы он жылда бұл жерге бірінші бастық болып, бірнеше адам келіп кетті. Бірақ Әбекең қозғалған жоқ, өз орнында қала берді. Бір қызық нәрсе, Әбдірасыл өмірінде бірінші бастық болып көрген жоқ. Қай мекемеде істемесін, «екінші скрипка» — орынбасарлықпен шектелді. СМУ — бастығының орынбасары, трест бастығының орынбасары, комбинат бастығының орынбасары т. б... Бірінші басшы болуға қабілеті жетпегендіктен емес. Әсілі, қызметте де спорттық бақыт тәрізді өзінің орайы, сәті болады. Кейде аузымен құс тістеген атақты спортшының өзі күміс жүлдені қанағат тұтады. Әбекеңнің не бір таңасуы артық, не бір таңасуы кем болып жүрді ме, әйтеуір, бірінші орынға көтерілудің орайы келмей-ақ қойды. Бірақ ол өзінің осы тірлігіне де шүкіршілік етуші еді. Себебі, өзінің осы жұрттан асып тұрған ештеңесінің жоқ екенін біледі. Мұның сол СМУ-дің, не трестің маңында жай инженер болып жүре беруі де мүмкін еді. Өзін екі орап кететін кейбір жігіттер қазір де өндірісте, сол баяғы орындарынан ұзай алмай жүр. Бұл жағынан келгенде Әбекеңнің тағдырға өкпесі де жоқ. Сондықтан құрдастары кейде мұны ортаға алып: «Әбдірасыл, осы сенің орынбасарлықтан ары аттайтын күнің бар ма?» — деп қалжыңдағанда, Әбекең саса қоймайды: «Естерінде болсын, тегінде, орынбасарлық бастық болудан әлдеқайда қиын. Өйткені онда бастықтың тілін таба білетін айрықша талант болуы керек», — деп жауап береді. Құрдастар оған да тоқтамаса, біреуден естіген екі жол өлеңді келтірер еді. Ана жылдары бір орынбасарды бастығымен қоса орнынан алғалы жатса керек. Сонда әлгі жігіт тұрып:

«Орынбасар ойын ба екен,

Бас кетсе, бірге кетер мойын ба екен?

Түсірсеңдер бастықты түсіре беріңдер», —

деп жұртты ду күлдіріпті. Өзіне ұнап қалған осы сөзді Әбекең отырыстарда біразға дейін айтып жүрді.

Иа, Әбдірасыл биыл да өзінің орынбасарлық қызметін алаңсыз атқарып, ел қатарлы жүріп жатқан-ды. Ойында дәнеңе жоқ, тамыз айында демалыс алып, Рахима екеуі Қырымға барып кайтты. Бірақ бұл оралғанда жағдай өзгеріп қалған екен, жұмысқа кіріскеніне бір апта өтер-өтпестен пенсияға шығу хабары бұрқ ете қалды. Әбдірасыл сыр берген жоқ. Әр түрлі сылтау іздеп, бұлтаққа да салмады. Өткен жылы мұны қабылдаған үлкен кісі бұл кезде сапарда жүр еді. Сол адам келгенше жал тауып, ауруханада жата тұрсам қайтеді деп бір оқталды да (соғыстан қалған ескі жаранын орны сыздап жүргені де рас еді), ол ойынан да тез қайтты. Жоғарының нұсқауына тақ тұратын әдетімен айналасы жұманың ішінде документтерін реттеді де, қызметін өткізіп жүре берді. Олай істегеніне қазір өкініп те жүрген жоқ. Несі бар? Алпыстан асқаны рас па — рас. Алпыстағы шалдың отыздағы жігіттей бола алмайтыны әлмисақтан бері белгілі. Құдайға шүкір, бұл күнде кадр мәселесі шешілген. Жастарға жол беру керек. Кім біледі, тағы бір талантты орынбасардың маңдайы жарқырап тұрған шығар... Түбінде кететін болған соң, төрт-бес жылдың арысы не, берісі не? Адам табиғаты қызық қой. Әбекең алғашқы кезде, өзіне келді-кетісі жоқ болса да, орныма кімді қояр екен деп тағатсызданды. Қазірше ол орынға ешкім келе қойған жоқ. Біреуді біреу етектен тартып, жібермей жатыр ма, кім білсін. Сен кете салысымен орнына біреуді жалп еткізіп отырғыза салғаннан гөрі лайықты адам таппай, біраз іздестіргені дұрыс сияқты...

Ол кабинетінде отырып, тек бір нәрсені қазыла ойлаумен болды. Жоғарғы жақ бұл туралы неге бұлай шұғыл шешімге келді екен? Қай тұстан сүрінді? Соңғы жылдары құрылыс жұмысы өрге баспай, жоспар орындалмай, артта қалыңқырап қойғаны да рас. Қызметі ақсаған мекемеде бірер басшының «ұшып» кететіні де ежелден бар әңгіме. Солай істеу керек те... Бірақ сонда шетке шығарған «оққағар» — Әбдірасыл болғаны қалай? Елден ала бөтен таңдау неге бұған түсті?

Бірақ менен басқа адамның ыңғайы да жоқ екен-ау, — деп ойлады Әбекең сәлден кейін. — Бірінші бастық болса жас, әлі елуге де келген жоқ. «Қашайын деп тұрған қоянға қазық тиген соң не сорым» дегендей, таңдау бұрыннан бір аяғы пенсияда тұрған маған түспегенде кімге түсуші еді».

Өтер іс өтті. Енді қасарыспай мойындаса да болады. Әбекеңнің соңғы жылдары тым жалтақ, солқылдақ болып кеткені де өтірік емес қой. Бұрынғы табандылықтан, талап қойғыштықтан айрылып, пенсияға жасы таяған сайын көңіл жықпас, көйлек жыртылмас әрі-сәрі бір күйге түсіп алмады ма? Өтірік ақпар, жалған баяндама дегенге де бой алдыра бастаған. Бұл жайды коллегия мәжілісінде бетіне басып айтқандар да болды. Әлгі төмендеп кеткен басқарма бастығынын аты кім еді? Мақсұт екен ғой... Сол тұрып бір жиналыста: «Әбекеңмен жұмыс істеу қиындап барады... Жоғарғы жаққа біздің қиыншылықтарымызды, кемшіліктерімізді дәл жеткізбей жасырып қалады. Табысты дабырайтып, кемшілікті бүгіп, жақсы атты болғысы келеді. Ол түсінікті де. Өйткені Толыбаев жолдас жұмыс жағдайынан гөрі, пенсияға дейін осы қызметінде қала тұруды көбірек ойлайды», — деп, бір беткей нойыс неме бетін бар, жүзің бар демей, көпшіліктің алдында сойды да салды. Әбдірасыл осы сөзді көпке дейін ұмыта алмай жүрді. Бірақ «жалған ісі ақиретке кетпейді» деген рас екен, көп кешікпей сол Мақсұт мұның қолына өзі келіп түсті. Былайша, мінезі қисықтау демесең өте білімді, талантты инженер еді. Сол білімін көрсеткісі келе ме, жиналыстарда суырдың айғырындай шақылдап, маза бермейтін. Сөйтіп жүргенде қара басып, теп-тегіс жерден омақасты. Айдың, жылдың аманында есі бар кісі әйелінен ажыраса ма? Ақыры ол партиядан шығып қала жаздап, кызметтен құлдырап, облысқа кетіп тынды. Бұл да пенде ғой, әрине, Мақсұттың ісі асқынып, шаруасы шатаққа айналып, төмендеп кетуіне Әбекеңнің де септігі тимей қалған жоқ. Өзінің саналы өмірінде бір адамға ашық қиянат жасаса, сол Мақсұт-ақ шығар...

Әбдірасылдың ойын телефон шырылы бөліп кетті. «Осы ит бұзылып қалған жоқ па екен?» — деп күдіктеніп жүрген қара телефон, безілдеп әкетіп барады. Әбекең телефонның қасына қалай барып қалғанын өзі де аңғармады.

— Алло, тыңдап тұрмын. Бұл кім екен?

Бір беделді мекемеде әжептәуір қызмет істейтін Елдос деген жігіт бар еді. Сөйлеп тұрған сол екен. Денсаулығын, демалыстың қалай өтіп жатқанын сұрайды. Сөзі де, үні де жып-жылы. «Жоғарғы жақ сізге лайықты жеңілдеу бір жұмыс қарастырып жатқан көрінеді. Оған дейін ұйқыны қандырып, демала беріңіз», — деп көңілін мүлде жайландырып тастады. Бір сөзінен бір сөзі майдай жағып барады. Елдостың келіні босанған екен. Алғашқы немересі... Ертең соның шілдеханасына шақырады.

— Бөтен ешкім жоқ. Сол өзіміздің компания... Қалайда келіңіз, — деп қиылады.

— О-о, немереңнің бауы берік болсын! Барамыз, сөзсіз барамыз, — деді Әбекең қуанғанынан трубканы екі құлағына кезек тосып. — Апыр-ай, жақсы болған екен... қуа-пыштарыңа ортақпыз!

Бұрын Әбекең қонаққа баруға онша құштар болмайтын. Шақырған жерлерге талғап-таңдап қана баратын-ды. Бара қалған күннің өзінде де у-шуы мол, көп адам жиналған жерді ұнатпай, ертерек қайтып кетуге тырысушы еді. Дәл қазір әлдекімнің келіні босанып, соның шілдеханасына баратын болғанына неге сонша қуанғанын өзі де түсінбейді. Бар ойлағаны — өзінің әзірше санаттан қалмағаны, жолдастарының мұны әлі де болса ұмытпай, елеп-ескергені еді. Адам баласының кейде жоқтан өзгені талғажау ететіні бар-ау. Әбдірасылдың аяқ астынан көңілі көтеріліп, кәдімгідей өсіп қалды. Сол ет қызумен қалалық ауруханада дәрігер болып істейтін қызына телефон соқты:

— Қарлығаш, амансың ба, балам? Хабарласпай кеттіңдер ғой... Сендер үндемей қалғанға шешең алаңдап, отыра алатын емес... Кешке үйге келіндер, жарай ма? Нұрландарға, Жұманға өзің хабарларсың... Сөйт, айналайын!

«Бұл да бір біткен іс болды» — деп, Әбекең әйелінің тапсырмасын орындағанға онан ары көңілдене түсті. Енді не істесем екен деп, алақанына түкіріп, жаланып тұр. Сағатына қарап еді, сағат әлі он бір жарым. Рахиманың келуіне әлі біраз уақыт бар. Кітапты ұзақ оқып дағдыланбағандікі ме, көзі талып, басы зеңіп қалыпты. Әбдірасыл үйде отыра бермей, таза ауада кыдырып қайтуға бел байлады.

Дала жайма-шуақ, көңілді екен. Айналадан жаңбырдан кейін болатын бір тазалық, жасаңдық байқалады. Әбекең тротуарға төгілген сары ала жапырақты былқ-былқ басып, баяу аяндап келеді. Төңірегіне жіті кез тастап, дүниеге жаңа келгендей шөліркеп қарайды. Көп жылдан бері тұратын сыралғы қаланың осынау күзгі көрінісін бұрын-соңды дәл бүгінгідей түстеп танымаған тәрізді. Кілең бір аттың жалы, түйенің қомында зулап өткен жылдар... Үйіне тап-таяу жерде тұрған мына бір жас шынарды, алтын теңгедей сары жапырақтары күн нұрына шағылған aнa бір аппақ сұлу қайыңды қасынан талай өтіп жүріп қалай байқамады екен? Көшенің оң жақ қапталына жаңадан сегіз қабатты үлкен үй түсіпті. Шеткі бір балконда қазақтың қара ала сырмағы, жас баланың жөргегі жаюлы тұр... Мынау — ұша жөнелетін аққудың қанатындай керілген «Алматы» қонақ үйі. Осы үйлердің әрбір қышына Әбдірасылдың тері төгілмегенімен, мысқалдай да болса үлесі бар. Құрығанда көзінің майы, қаламының сиясы кеткен. Талай үйдің жобасын бекітіп, сүйкектете қойған қолы бар. Ал қол қойылмай, бекітілмей жатқан жобалар қаншама? Қағаз атаулы тек қол қойылған соң ғана күшіне енеді... Иә, мұның өмірі де ізсіз-түзсіз өтпеген екен. Әбдірасыл жүз жасамас. Бірақ мына тас үйлер ұрпақтан ұрпаққа өшпес белгі болып қала береді.

Ол опера театрының алдындағы жаңадан жасалған фонтан маңында сол кідірістеді. Тар түтіктен аспанға атылған мөлдір су жерге қадап қойған күміс таяқшалар тәрізді екен, соны тамашалап біраз тұрды. Сонау биікте, күл-күл болып, маржандай шашылған су тозаңының үстінде доғадай иіліп, кішкентай кемпірқосақ ілініп тұр. Соны бірінші рет байқап, таңданып қалды. Алпысқа келген жасында аттан басқан сайын жаңалық ашқаны өзіне бір түрлі қызық көрінген. Бұрын машинаның әйнегінен жалт-жұлт етіп, жылдам сырғып қалып жататын көріністер мұның көз алдын да бүгін ғана бар болмысымен ашылғандай...

Театрдың шығыс жағындағы гүлзармен бұрын бір-екі рет өткені бар-ды. Әбдірасыл солай қарай бет алып, Әуезов ескерткішінің түбіндегі бос орындықтардың біріне жайғасты. Әр жерде шуақтап отырған қарттар, балаларын ойнатып жүрген әйелдер көзге шалынады. Мұның дәл алдынан арба сүйретіп, жап-жас келіншек өтті. Арбаның үстінде ойыншығын құшақтап отырған шекесі торсықтай ұл бала Әбдірасылға қолын созып, «ата-ата» деп былдырлап сөйледі.

Әлден уақытта көрші орындыққа екі-үш қарт келіп орналасты. Басына пұшпақ берік киіп, қолына таяқ ұстаған шоқша сақалдысы — жетпісті мол аралап кеткен адам. Қасындағы қырма сақал қара одан гөрі жастау. Ал басына татар тақиясын киген көк көз, шикіл сары кісі екеуінің аралығында болар. Шоқша сақалдының құлағы ауыр ести ме, қалай, үшеуі гүлзарды басына көтеріп, әлденеге келісе алмай дауласып отыр. «Мына ара қолы бос қарттардың бас қосатын мекені болды-ау, шамасы, — деп ойлады Әбдірасыл, — Өзі бір зеріккенде келіп тұратын жер екен».

Еріккен шалдар тыныш отырмай, бірін-бірі қалжыңмен қажай бастады. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, олар үшін өлім дегенің үйреншікті нәрсе секілді. Іштеріндегі жасы үлкені кім? О дүниеге аттану кезегі кімге келіп тұр? Дегенді жай бір күнделікті шаруадай-ақ сөз етіп отыр. Қырма сақал қара қиялап келіп, пұшпақ бөрікті шалға жармасты:

«Арық мал өлсе союға кісі шықпас. Кедей адам өлсе қоюға кісі шықпас» дейді бұрынғылар. Мені алға салғанда қайбір қарық болам дейсің? Бір аяқ қара сорпамды ішерсің де қайтарсың... Ал мына сенің жөнің басқа: қыршын кеттім дейтін емес, жасың болса жетті. Өзің жуан атаның баласысың. Балаларың шетінен дәу қызметкер... Кететін болсаң, жер тоң болып, тесенің жүзі қайтпай тұрғанда ойлан! Қазы-қарта, жал-жая жеп, тәбәрікке түлкі ішігіңмен пұшпақ бөркіңді алып, мына қара суықта біз де қаужаңдап қалайық...

Ту-у, мына шалдарға дауа болмас! — деп Әбдірасыл орнынан тұрып кетті. — Басқа әңгіме құрып қалғандай, өздерінің бата оқырын саудаға салып отырғандарын қарашы». Әсіресе, өлім туралы айтқан сөздері құлағына түрпідей тиіп, қырсық шалдардың қасынан кеткенше асықты.

Тал түс. Қоңыр күздің май тоңғысыз жылы күні соңғы шуағын аямай төгіп тұр. Бұрын жаяу жүріп дағдыланбағандікі ме, шляпа, плащ киіп алған Әбекең пысынап терлеуге айналды. Көшенің бергі бетінде бұрын қол астында істеген бір жігіт әйелін қолтықтап, осылай қарай келе жатыр екен: Әбдірасыл сәлемдесетін шығар деп күтіп еді, анау мұны байқамағансып, сары тәмпіш қатынын жаңа көргендей сонымен әлденені сөйлескен болып, қырын қарап өте шықты. Осы жігіт бір кезде көш жерден сәлем беріп, қолыңды бермесіңе қоймай қуып жүріп алатын көп жағымпаздың бірі еді... Амал қанша, Әбекеңнің мұндайға да еті үйрене бастады.

Оны лезде естен шығарып, жол-жөнекей жастар театрының алдындағы афишаға үңіліп тұрған-ды. Кенет дәл қасынан біреудің:

— Әбеке, ассалаумағаликум! — деген даусы естілді.

Әбдірасыл «бұл кім болды екен» дегендей бұрылып қарады да, сұрланып кетті... Баяғы басқарма бастығы қызметінен алынып, облысқа ауысып кететін Мақсұт тұр қарсы алдында. Тойға баратындай жасанып киінген, Әбекеңе қарап жымиып күліп қояды. Семей жақта комбинат бастығы болып жүр деп еді. Бұл қайдан сап ете қалды тағы да? Баяғы Мақсұт екені рас болса, қадалған жерінен қан алмай қоймас. Ащы тілін аямай сұққылап бағар... Бәсе, көзі күлімдеп, бұған қарай жақындап келеді.

— Әбеке, халыңыз қалай? Денсаулығыңыз жақсы ма? — деп қолын ұсынды. Қолы қайратты, ұстаған жерін үгітіп жібере жаздайды.

— Шүкір, жаман емес, — Әбдірасыл солғындау амандасты. Бейне өзіне қарай көтеріле берген қамшыдан не оқтаулы мылтықтан жасқанғандай, тайсақтап көзін төмен түсіріп әкетті. Мақсұт улы тілін қай жерімнен сұғып алар екен дегендей, тағдырға бой ұсынып күтіп тұрды.

Қалай демалып жатырсыз, Әбеке? Үй іші, бала-шаға аман ғой?—деді Мақсұт іші-бауырына кіріп. — Жігіттер сәлем айтты сізге... Сәлімгерей, Жұмахан деген кісілерді білетін шығарсыз. Солар: «Әбекеңді көрсең сәлем айт. Біздің жаққа келіп, қонақ болып, аунап-қунап, дем алып қайтсын» — деді.

Әбдірасыл жігіттің жүзіне енді ғана тіктеп қарады. Мақсұттың өңінде бұл күткендей кекесін де, мысқыл да жоқ, еді. Арада ештеңе болмағандай, жас жігіт еш бүкпесіз ағынан жарылып тұр. Сыр жасырмас үлкен қоңыр көздерінен бұған деген құрмет, ептеген аяушылық сезімі аңғарылады. Әбекеңнің қарап тұрып көңілі босады.

— Рақмет, Мақсұт айналайын... Сені бұлай сөйлесер деп ойлаған емес едім. Мені мүлде қуантып тастадың ғой! Жұмахан сол орнында істеп жатыр ма? Сәлімгерей қалай, қартайып қалған жоқ па? — деді өзінің майдандас достарын есіне алып.

— Бәрі де аман, сау-саламат шапқылап жүр... Сәкен әлі де айтулы балықшы. Демалыс күндері қармағын қолына алып, Ертістің жағасында отырғаны...

— Солай де... Ой, ерің-ай, ә! Менің оларға барып қайтуым керек екен. Көріспегелі қанша уақыт өтті... Ал өзің қашан келдің бұл жаққа ?

— Кеше... Елде демалыста жүр едім, аяқ астынан шақыртып алғаны.

— Жайшылық па?

— Қайдан жайшылық болсын. Осында қызметке кел дейді.

— Несі бар, келу керек, — деді Әбекең. Сонан соң ойына әлдене түскендей, — ол қандай қызмет? — деді елең етіп.

Мақсұт асықпай темекі тұтатты. Әлденеге ыңғайсызданып, сәл бөгеліп тұрды да:

— Олар маған тым жауапты қызмет ұсынады, — деді қабағын кіржитіп. — Анау-мынау емес, тұп-тура сіздің орныңыз... Сіз сияқты үлкен адамның орнын өгейсітпеу қолдан келсе жақсы. Келмей жүрсе ұят болады ғой.

— Бекер тартынасың. Бұл қызмет сенің қолыңнан келіп тұр, — деді Әбекең ойланбастан. — Тіпті ол орынға сенен артық кандидатураны іздеп табу қиын. Иә, сонымен не болды? Бекітті ме?

— Бекітіп жіберді. Қабылдаудан шыққан бетім осы, — деді Мақсұт езу тартып. — Ойланып көрейін дегеніңе қарайтын емес. Көмектесеміз дейді...

— Ойбай-ау, манадан бері осылай демейсің бе? Тіпті жақсы болған екен! — деді Әбекең балаша қуанып. — Шын жүректен құттықтаймын, айналайын!

— Рақмет, Әбеке! Сіздің қолдайтыныңызды біліп ем... Жаман ініңізден енді ақыл-кеңесіңізді аямассыз.

— Шырағым-ау, ақылымыз жетсе, ол орыннан кетер ме едік?—деп Әбдірасыл лекіте күліп алды. — Қалжың ғой бәрі де... Құдайға шүкір, ақылдан өзің де жүген ұстап жүрген жоқсың. Ал алда-жалда қажетіміз бола қалса, осындамыз ғой, хабарласып тұрарсың, — деді қолын ұсынып.

— Сөз жоқ, хабарласамын, Әбеке. Мен мына қонақ үйде жатырмын. Нөмерге кіріп, менімен бірге тамақтануға қалайсыз?

— Жоқ, рақмет, айналайын! Асығыс едім, — деп Әбекең бұдан ары ішкерілеп кетуді жөн көрмеді. — Алдымен қызметіңе орналасып алсайшы. Дәм қайда қашар дейсің.

Екеуі шын достарша қол алысып, разы-хош болып ажырасты. Бұл Әбдірасыл күтпеген жаңалық еді. Үйіне жеткенше осы туралы ойлаумен болды. Өз орнына өзге келсе де, дәл Мақсұт келіп отырар деп ойлаған емес-ті. Мүмкін, әлдекімдерге тәуір қызмет қажет болған шығар деп, орнына келер адамды басқа бір жақтардан күтіп жүрген. Ал мына Мақсұттың келуін жақсылыққа жорыды ол. Жазықсыз жігітке пендешілікпен обал жасап алдым ба деп, соңғы кезде іштей қиналып жүруші еді. Бүгін сол жүктің біразы иығынан сыпырылып түскендей, бір түрлі жеңілейіп қалды.

Адамды түсіну қандай қиын еді. Мақсұттың қарапайымдылығына, ақ көңіл адалдығына бүгін ғана көзі жеткендей сүйсініп келеді. Бұрынғы кикілжіңнен, өкпе-араздықтан ештеңе де сездірмеді-ау, сабазың! Егер астамшылық жасап, өш алып, есе қайтарам десе, оның ыңғайы келіп-ақ тұрды ғой жаңа. Өзгелер сияқты сыздануға, ыңырануға, кекеп-мұқап қағытуға да болатын еді. Бірақ ол ондай ұсақтыққа бармады. Мінезі қатал, бір беткей болғанымен, жүрегі үлкен, жан дүниесі кең екен. Мұндай адамдар алысқа сілтейді. Өз орнының әлдебір көлденең көк аттыға қор болмай, іскер де адал, білімді жігітке бұйырғанына разы болды.

«Желі оңынан тұрып, бағы жанып тұрған жігіт менімен тіктесіп қайтсын. Аяған шығар», — деп те ойлады Әбдірасыл. Басқасын былай қойғанда, ол бұдан жиырма бес жас кіші ғой. Соның өзі неге тұрады?! Алдында бүкіл бір өмір жатыр-ау керіліп! Бұл саудасы бітіп, базардан кайтқанда, ол енді келіп араласты. Қайран отыз бес! Бұл — ер жігіттің нағыз толысар шағы емес пе?!

Әбекең үйіне көңілді оралды. Рахима да үйде екен. Дүкенге түсіп жатқан семіз жылқы етінің үстінен шығып, соның жылы-жұмсағынан біраз ет ала келіпті. Бұрын тай сойып тастасаң да таңданбайтын Рахима соған әлдеқандай болып, қуанып жүр. Кейде қиындықсыз оңай табылған қазы-қартадан, қиыншылықпен келген қара нанның өзі дәмдірек көріне ме, қалай? Рахима ас үй жақта самбырлап сөйлеп жүр:

— Таза ауада жүріп қайтқаның жөн болған екен. Үйде көміліп отыра бермей, өстіп бір уақыт шықсайшы жарық дүниеге... Балаларға хабарластың ба? Аман ба екен өздері?

— Аман... Барлығы аман-есен, — Әбекең зал жақтан дауыстады. — Кешке осында Толыбаевтар түгел жиналатын болды. Күтіп аларсың.

— Айналдым балаларынан! Армашканы ала кел дедің бе? Ол күшікті де көрмегелі көп болды, — деді Рахима немересін еске алып.

Айтқандай-ақ, күн батуға айналып, жұрт жұмыстан тарайтын мезгілде тұс-тұстан Әбекеңнің балалары да келе бастады. Алдымен бала-бақшаға барып жүрген кішкентай Арманды жетектеп, үлкен ұлы Нұрлан жетті. Жұмыстан қарны ашып, оптығып келсе керек. Әке-шешесімен асығыс амандасып, баласын солардың құшатына итере салды да, шешінуге мұршасы болмай, ас үй жаққа кіріп кетті. Бір үйдің иесі, бір баланың әкесі дейтін емес, дүниені көшіріп мектептен келетін баяғы қалпы. Ыдыс-аяқты салдырлатып, шкафты тінтіп жүр. Аздан соң:

— Ура! Мамам бүгін ет асып жатыр екен! — деп алақанын ысқылап, ұрты бұлтыңдап қайта шықты. — Тү-у, иісін қарашы, танауымды жарып бара жатыр.

— О, түрінен айналдым. Үрпиіп жүдеп кетіпсің ғой өзің, — деп шешесі оны жас баладай әуектетіп, бетінен сүйді. — Осы сендердің әйелдерің тамақ бермей ме? Не бәле бұл?

— Бермейді, мама... Келініңіз Арман екеумізді бәйгеге қосу үшін жаратып жүр.

Бұлармен әбігер болып жатқанда, кішкентай Ардағын көтеріп, күйеу баласы мен қызы кірді үйге. Қарлығаш сол баяғы ерке-шолжың қалпымен, әке-шешесінің мойындарына кезек асылып, маңдайынан сүйгізді. Күйеуі Жұман дейтін журналист жігіт еді, жағасын кір шалмаған, галстугі қисаймаған қалпында әдеп сақтап, иіліп тұр. Не тындырып жүргенін кім білсін, әйтеуір, Қарлығаш оның басынан құс ұшырмайды. «Біздің Жұман очерк жазып жатыр. Біздің Жұман әңгіме жазып жатыр. Біздің Жұманға тыныштық керек!» — деп өз күйеуіне өзі тең таппай аузының суы құрып жүреді. Жұман да — Алматыда көп ұшырасатын «домашний классиктердің» бірі еді.

Барлығы төргі бөлмеге жиналып, жайғаса бергенде, ең соңынан Нұрланның келіншегі Әдия келді. Кітапханада істейтін орта бойлы, ақ құба келіншек жүгіре басып, асығып жетсе керек, бетінің ұшына қан ойнап, ентігіп тұр.

— Келін деген осылай ырғалып-жырталып жүре ме екен? Ертерек келіп, дастарқанды дайындап қоймайсың ба? — деп Қарлығаш оны одан арман қызартты.

Сонымен, қазір Москвада архитектура институтында оқып жүрген кіші ұлы Ерланнан басқа Әбекеңнің бүкіл әулеті түгенделіп те қалып еді. Үй-іші адамға толып, оған Арман мен Ардақтың мәре-сәре ойыны қосылып, абажадай кең бөлмелер әп-сәтте думанға айналды. Бұл үйде жақыннан бері пайда болған, көзге айқын көрінбесе де, қас-қабақтан білініп тұратын олқылықтың, орны уақытша болса да толғандай, көңілдегі сызат бүтінделгендей еді. Әбекең де бүгін балаларын қарапайым қарт, мейірімді әке болып қабылдады. Бұрын онда, қанша дегенмен, бала-шаға бата алмайтын бір сұстылық, көзге көрінбейтін бөгет болушы еді. Бала деген де тамыршы ғой. Арман мен Ардақ бүгін Әбекенді «дедушка» деп бадырайта атап, кезек-кезек арқасына жабысып, бір жасап қалды. Ұлы, қызы, келіні де жайшылықтағыдан гөрі ойлы, ілтифатты болып көрінді Әбекеңе. Бұрын оларда әлдеқандай бір асқақтық, буға піскендік, алшаңдай басушылық, шолжаңдай сөйлеушілік секілді артық бірдеңелер болушы еді. Бүгін бәрі де қарапайым, іскер, кішіпейіл жағдайда танылды. Олар да енді өздерінің бұдан кейін әлдеқандай бір үлкен бастықтың ұлы, қызы немесе келіні деген лауазымнан түскенін, дүниенің бір қалыпта мәңгі тұрмайтынын, маңдайларына жазылған тағдыр тауқыметін бұдан былай өздері көтеруге тиіс екендігін түсінген тәрізді.

Әсіресе Қарлығаштың әкесіне деген ықыласы ерекше. Ол дәрігерлік аспаптардың біразын сумкасына салып ала келген екен. Әбекеңнің қажеті жоқ дегеніне қарамай, шайдан кейін оның өкпесін, жүрек соғысын тыңдап, қан қысымын өлшеп әуреге түсті. Бір жақсысы бәрі де ойдағыдай, сәтті болып шықты. Қарлығаштың сөзіне сенсең, заман ақырды таятып қояды: оның ойынша Әбекең қазір аумалы-төкпелі сын сағатта тұр. Тіршілік ырғағының өзгеруі, өмірлік қам-қаракеттің азаюы, ішкі реніш пен күйзеліс кейде адам организміне кері әсер етуі мүмкін. Мұндайда адамның жүрек ауруына шалдығуы да оп-оңай. Егер бұрыннан дімкас адам болса, ішкі күйзелістің салдарынан қан айналысы бұзылып, тіпті өлім қаупіне дейін әкелуі ықтимал. Қарлығаш өзі білетін бір-екі кісіні мысалға да келтірді.

— Қой, қызым, мені өйтіп қорқытпа, — деді Әбекең көңілденіп. — Сенің әкең соншалық сіңіріне ілініп жығыла кеткелі тұрған өлмелі шал ғой деп пе едің? Ал реніш, күйзеліс жайында сөз болуы да мүмкін емес. Неменеге күйзелемін, балаларым-ау? Тақ бір мені осы қалпымда бастық болып туа қалды деп ойлайсыңдар ма? Мен де күні кеше жалаң аяқ студент, қатардағы инженер болатынмын. Сол қатардағы қалпымда жүре беруім де мүмкін еді, үкімет пен партия сенім артып, жауапты жұмыстарға жекті. Мен Ұлы Отан соғысының жауынгерімін. Кешегі қанды шайқаста фашистер мені де жер жастандыруы мүмкін еді. Бірақ су ішерлігім бар екен. Үш жыл оқ астында жүріп одан да аман қалдым. Мына сендерді не ішем, не кием дегізбей тәрбиелеп, адам қатарына қостым. Енді маған не жетпей барады? Құдайға шүкір, кемпір екеуміздің пенсиямыз күн көруімізге жетіп жатыр. Тіпті жетпей бара жатса, мына сендер асырамайсыңдар ма? — деп Әбекең қарқылдап тұрып күлді. Көптен бері емін-еркін рахаттана күлгені осы еді.

Жастар «рас-ау» дегендей бір-біріне қарасты.

— Да... Онда тұрған не бар, шынында? — деді Нұрлан әкесін қостап.

— Қызмет істеген, еңбек сіңірген бір адам болса, біздің папамыздай-ақ болсын! — деді Әдия келін.

— Дегенмен, мен қорғап алғанша, бір-екі жыл отыра тұруың керек еді, папа! — деді Қарлығаш еркелеп.

— Қорғайсың, балам, қорықпа! Әкеңнің әлі де болса сені қорғауға шамасы келеді, — деді Әбекең.

— Е-е, сөйтіп бір серпілші, — деп Рахима да жадырап қалды. — Сенің қабағыңа қараймыз деп жүдеп кеттік қой, түге.

Толыбаевтардың соңғы бір айда қабақтары ашылып, емен-жарқын отырғандары осы еді. Алдарына келген үйме табақ етті де түшіркене түсіп, жақсы тәбетпен жесті. Бірер шөлмек коньяк пен шараптың да ыдыстары босап қалды.

Ет пен шайдың аралығында әйелдер жағы ас үйге шығып, еркектер залда отырып шүйіркелесті. Әке жолын қуып, асханадағы үй құрылысы комбинатында прораб болып жүрген Нұрлан жұмыс жағдайын сөз етті. Заказдардың мерзімінде орындалмайтынын, күрделі қаржының ұқыпты игерілмей, комбинаттың қарызға батып қалғанын ашына әңгімелейді. Күйеу жігіт Жұманға осы туралы газетте мақала ұйымдастырып, басшылар алдына мәселе қою қажеттігін ұғындырып отыр.

Бұрын Әбекең қызметте жүргенде, оның көзінше мұндай ештеңе айтылмайтын-ды. Әбдірасыл құрылыс жайындағы әңгімені өз үйінде бірінші рет көлденең құлақ болып тыңдады. Осынау өмірдің қам-қаракеті, жақсылық үшін, ізгілік үшін күрес мұнан кейін де тоқталмайды екен. Соны мықтап түйді көкірегіне. Қарсы алдында кескін-келбеті өзінен айнымайтын, кесек тұлғалы, еңгезердей жас жігіт қызулана сөйлеп отыр. Үнемі күн қақты болып, құрылыс басында жүретін баласына көзі түсіп, осыдан отыз жыл бұрынғы өз бейнесін көргендей масаттанды. Осылардың қалай ержетіп, қалай тез үлкейіп кеткеніне Әбекең қайран қалады. Кейде бір балаларын еркелетіп, маңдайынан сүйейін десе, дөңбектей болып бірде-біреуі құшағына сыймайды. Осы күнгі балалардың кеудесі аяқ қаптай, аяғы талыстай боп шыға келетіні несі екен? Ен кішкентайы Ерлан еді, ол күшік те сорайып өсіп барады. Барынша еркелетіп өсірдім деген Қарлығаш та бұл күнде біреудің әйелі, бір баланың анасы болып отыр... Әбдірасыл күнделікті күйбеңмен «жұмыс-жұмыс» деп жүріп, балаларының қалай өскенін де аңғармапты-ау! «Әттең, дүние-ай, осыларды кіп-кішкентай, монтиып тұрған сүйкімді кезінде бауырыма қысып, еркелетіп, беттерінен мейірім қанғанша сүйе алдым ба екен, жоқ па екен?! — деп армандады Әбекең. — Әй, сүймеген шығармын... Бұлар да мен сияқты балаға суық бауыр болып шықпаса жарады. Өздерінің бір-бір баламен қаңтарылып қалғанын көрмейсің бе? Келіні де, қызы да қашан көрсең сыптай болып жүргені...»

Шайдан кейін тағы біраз отырған соң, он бірлер шамасында жастар өздерінін үйі басқа, ошағы басқа екенін танытып, қайтуға қамданды. Әбекеңнің арқасында бұлар пәтер қиыншылығын көрген жоқ. Үйлене салысымен әрқайсысы екі-үш бөлмеден үй алып, өз алдарына тіршілік құрып кетті. «Орбита» жақта тұратын Нұрлан такси шақырып, Қарлығаштарды жол-жөнекей түсіріп кететін болып жатыр.

— Күйеу балаңыз — барып тұрған Шығайбай. Бұлардың такси пұлы қашан да менің мойнымда, — деп қояды қалжыңдап.

Жастар киініп жатқанда, Рахима:

— Арманды тастап кетіңдер. Бір-екі күн атасының қасында болсын, — деп еді. Әдия келін ертең циркке баратындарын айтып, баланы қалдырғысы келмеді.

— Бәлем, тұра тұрындар! Ерланым оқу бітіріп келсін. Құдай бұйырса, кенже келінімді қолыма түсіріп, балаларын өзім бағармын-ау! — деді Рахима ренжігенін білдірмей сөзге жұбатып.

— Біздей емес, ол балаңыз келіншекті Мәскеуден әкелетін шығар? — деп Нұрлан қасындағыларға көзін қысты.

— Сөйлеме! Келінді өзім осы арадан тауып та қойдым. Қыста каникулға келгенде бір қызбен атастырып қоям, — деді шешесі.

Барлығы дабырласып далаға беттеді. Жатар алдында таза ауада жүріп қайтпақ болып, үлкендер де ере шықты. Балаларын машинаға отырғызып, олар көше айналып көрінбей кеткенше, әке-шеше соңдарынан қарап тұрды.

Әбекең кемпірін қолтықтап, тротуарда жүр. Адам өмірі: балалық, жастық, егделік, қарттық деген тарауларға бөлінетін болса, өзінің сол соңғы бөлікке қарай қадам басқанын біржола мойындаған қалпы бар. Ой жүгіртіп қараса, сол бөліктердің бірін артық, бірін кем деп, алалауға болмайды екен. Қайратын қабыңдап тұратын, жалынды жастық шақ жақсы болғанда, кемеліне келіп, кемеңгерлікке қол созған қарттық неге жаман болсын?! Әрқайсысының өз артықшылығы, өз ләззаты мен өз қызығы бар. Тіпті бұл тіршіліктің кем, қор саналатын кезі бар ма? Осынау жарық дүниеге бір мезет келіп кеткеннің өзі неге тұрады?! Адам баласы өз өмірінің биік тұғырына қай кезде көтеріледі? Жастық шағыңда ма? Әлде қартайған кезіңде ме? Оны кесіп айту киын. Әсілі, адамның адамшылық, қасиеті оның қызмет орнымен, қолындағы билігімен өлшенбесе керек. Бәлкім, Әбекең өз өмірінің шұғылалы шыңына енді ғана көтерілген болар. Өйткені ол өзін ешқашанда дәл қазіргідей парасатты, қазіргідей ақылды сезініп көрген емес.

1976 жыл.