ДУКЕНБАЙ ДОСЖАН. КЫДЫРДЫН КУБЫЛЫСЫ.

ҚЫДЫРДЫҢ ҚҰБЫЛЫСЫ

Оразәлі өз қатарының алды, алғыр, зейінді дәрігер екенінде ешкімнің күмәні болмайтын. Әсіресе кейінгі бір жылдың көлемінде аса қатерлі екі-үш ауруға операция жасап, аяғынан тік тұрғызғалы бері «қолы жеңіл» дәрігер аталып аты дабырайып қалған. Газеттер де интервью алып, суретін басты. Енді міне ойда жоқта маңдайы тасқа тигендей ошарылып отыр. Оған себеп – жазушы досы Қыдырдың оқыстан ауырып қалғаны. «Мені де ғылым кандидаты, жоғары білімді хирург дейді-ау» деп қамырықты іштей. «Мені шаршата бастаған жедел жәрдем. Бейне станокте тұрып алып темір жонған адамша алдыма әкелген аурудың бет-жүзіне қарамай жәукемдей жөнелемін. Әйтпесе досыма келген қатердің алдын алуға болатын еді ғой».

Оразәлі столға еңсесін салып жіберіп терең күрсінді. Осыдан аттай екі ай бұрынғы өткен оқиғаны көз алдынан өткізді. Қазіргідей есінде.

Сол... жексенбі күні ертемен төсегінен телефон қоңырауы көтерген: ерініп тұрды, сымның келесі ұшында қарлығыңқы, әйтсе де жұмсақ әйел үні естілді. Қыдырдың келіншегі екен. Жазушы досың жұмаға дачаға кеткен еді дейді. Жазып жүргенін аяқтауға. Кеше оралуы керек-тін, содан ұшты-күйді жоқ. Дүйсенбіге баспаға жаңа дүниесін тапсырамын деген уәдесі бар. Түнімен уайымдап көзі лмей шықтым. Білмеймін тегі. Кейінгі кезде я жазып жүргені, я тынығып жүргені белгісіз, томаға тұйық болып алды. Барып халін білсең қайтеді. Сізге құлақ аспаса, біз тілдесуден қалдық. Келіншектің дауысы біртүрлі іріп дірілдеп шықты. Тап қазір жуынып, киініп, қала сыртындағы жеке меншік демалыс үйінен Қыдырды тауып қайтуға уәдесін берді. Әрине кешікпейді. Сау болыңыз әзірше.

Құлағынан телефонды алғанда тұла бойын әлдебір суық леп қуалап өткендей болды, денесі тітіреді. Әлгі келіншек үніндегі үрей өз бойына ауысқандай ма қалай. Сәрілік шайға кідірмеді. Жуынып-шайынып, көнетоз жолақ костюмін жүре иығына іліп сыртқа шыққан.

Астананың терістік батысынан сирек соғатын өкпек тұрыпты. Аузында құм қышырлады. Көше жиегіндегі зау дарақ шулап үдеріп тұр. Сылдырап ағып жататын арықтағы су жылтырап жіңішкеріп қалыпты.

Жеңіл машынасының от беретін ток көзі азайыпты: бұранда темірмен иығын бүлкілдетіп жұлқылап әрең от алдырды. Шаншудай қадалған жел, отырып қалған ток көзі жаманшылыққа бастамаса игі деп қаупайлады. Қаланың түстігіне шығатын Қарғалы тас жолы айнадай жалтырап жатыр. Көше сыпырған кісі сыпыртқыны жыланша ысқыртып алдын орады. Әйнектің ішкі жақтауындағы шаңды үрледі. Жүрегі өрекпіді.

Қыдырмен соңғы рет қашан ұшырасқан еді?.. Иә, онда да қала сыртындағы дачада болатын, қонаққа шақырған. Таза ауа жұтып сейілдеп қайтуға шыққан. Әні-міні әңгімемен отырғанда күн батып, кірпік үйірілген.

– Бүгін осында қонасың, – деген Қыдыр бұған.

– Үйге жетуім керек, – дейді бұл. үні қапелімде қатқыл шыққаны әлі есінде.

Қыдырдың сол күні үстінде ақ жейдесі жоқ, тор көз жеңсізі, басында күнге оңған шетен қалпағы болатын.

– Айтатын сөз бар, – дейді ол.

– Жеті түнде қандай сөз? – деп Қыдырдың келіншегі ара түскен. – Кісіні жолдан қалдырма.

– Бүгін осындай түнейміз, – дейді Қыдыр.

– Қалайда қалада болғаным жөн, – деп өзеуреген өзі. Қойшы әйтеуір, ары тарт, бері тарт дай-дай ырғастан соң қалаға жүріп кеткен. Көңлінде бөтен ой жоқ. Әлгі кикілжіңді аздап жұтқан шарапқа жауып ертесіне-ақ тарса есінен шығарған.

Түнімен шоқ боп жанып, енді күлге айналып бозарған сексеуіл томарындай жартыкеш ай маңдай тұсқа ілініпті. Суырыла аққан жүйріктің ырқын сап-сап тежеп сол жолғы Қыдырдың «айтар сөз» не екен деп ойлады. Қолқасына неге көне кетпедім десеңші. Жол жиегіндегі зәулім теректің теңге жапырағы үздіксіз судырайды. Тас жол қырқаға қайқайған. Терек таусылып алма бағы басталды. Гүлін жақында төгіпті. Арық жиегін құ қауырсыны секілді аппақ үпелек жауып кетіпті. Гүл төккен ағаш құрсақ көтерген келіншектей сөлі сыртына теуіп солқылдай тербеледі. Бұтақ бойы бүр жарыпты.

Демалыс үйіне апаратын тас жол «Чапаев» совхозының дөң үстіндегі орталығына үш жүз метрдей жетпей солға бұрылатын. Қос меңіреу соқпақ қалың алма ағышын жарып өтеді. Машина әйнегін жиектегі сәмбі тал сабалады. Төбеде теңселіп шөже торғайлар отыр, үркетін емес тегі. Бақ құшағынан сытылып шыққасын-ақ алдынан жіңішке жасыл жиек көсіледі. Жасыл жиекті Қыдыр екеуі «ай алқабы» деп атайтын. Ай алқабының бойы шүпірлеген демалыс үйлері. Сол жиектің арғы етегін көктей суы тастай Тентек өзені сақылдап жатыр. Тентек – совхоз бөлімшесі мен демалыс үйлерінің шекарасы іспетті, екі шоғыр ауылды қақ бөліп жарып ағады.

Кең тынысты таза ауаны құныға жұтты. Көк майсада шық көрінбейді. Мотор үні қойынға тығылып еркелеген бала мысықша пырылдайды. Ылдиға құлап және солға бұрылған. Бұл жолмен бүгіндікке дөңгелек өтпеген. Қыдырдың жұмыртқадай үйі... маңайы ағашқа малынып тұр, тым-тырыс. Машинасын өшіріп, жаяу аяңдады. Дауыстап дыбыс бергісі келіп оқталды да өзін-өзі тежеді.

Жіңішке соқпақ көмескі тартыпты. Жабайы шөпті көп отамайтын Қыдырдың қашанғы әдеті: жалқаулығынан емес, жазушылығынан. Көкті де аяйды. Жұрттың маңайы жаз айында жылан жалағандай жалтырап жатқанда, мұның есік-терезесі бақбақ, өлең, алабота, қоян оты, шырмауыққа батып тұралы. Сыртқы есігі жабық. Тұтқаны ұстағаны сол еді, ашылып жүре берді. Ауызғы үйдің еденін солайымен ақ қағащ жауып кетіпті. «Кіре берә, – деген Қыдырдың үні селк еткізгені мұны.

Досы төргі бөлмедегі жатаған кереуетте шалқасынан жатыр. Шеке тамыры көгеріп көрінеді. Әлденеге ұшырап қалды ма деп зәресі ұшты, жанына жетіп барған. Дәрігерлігі ұстап Қыдырдың білегін қармады, сұп-суық. Тамыр соғысын есептеді, дұрыс секілді.

– Ұшты-күйлі жоғалып, жатып алғаныңа жөн болсын?!

Қыдыр құяңы ұстап сіресіп қалған кісіше аса қиналып басын көтерді, сұйық шашының арасынан ақ шалынды. – Іздеп келгенің жақсы болды, Оразәлі... Жайғасып отыршы... Жеңілтек мінезің-ай осы... Түнде оқиға болды... – Қыдыр әр сөзінің арасына тыныс қосып, ентігін басқан адамша аз-кем үзіліс жасайды.

Оразәлінің күре тамырын қуалып кішкентай мұз түйірі жүгіріп өткендей тітіреді. Әлдебір суық сауал санасын сығып, көмейіне еріксіз бұғынды. Қарсы алдындағы шарасы кең қос жанардан әлсіз мұң оқыған.

– Анада менімен бірге қона кет дегенде бекер бұлдандың.

Оразәлінің бойынан салқын леп уетсінші қане. Әйнек сыртынан шырмауық шөбініңғ нәзік саусағы дірілдеді.

Түсіндіріп, жөн айтудың орнына әлденені жұмбақтап, жолдасы тізесін жазып тұрып кетті. Жлектр плитасын қояп шай қамдады. Столды, еденді қағаздан арылтты. Қолы болар-болмас қалтырап нан турады, шай демдеді. Терезе алдындағы тырбиған пәкене орындыққа бұлар қатар жайғасты. Күн төбеден ауыпты. Жылқышы құстың ысқырығы да, жел уілі де саппа тынған. Үнсіз-түнсіз отыру қантсы шай ішкеннен де жаман қиын көрінеді. Әлден уақытта тыныштықты дастарқан иесі бұзды.

– Студенттік өмірімнен арғысын білмейсің әрине, – деп бастады ол әңгімесін.

«Неге білмесін?.. Жетім өскенін, ФЗО-да жүріп өлең жазғанын талай естіген!»

– Түсінікті болу үшін әріден бастайын, – деді Қыдыр. – Дүниеде жоқтан бар пайда болмайтыны, бар жоғалып кетпейтіні секілді, осы тіршілігіміз кешегі өткеніміздің заңды жалғасы, соның табиғи қарымтасы ғой. Жазымыштан қашу жоқ. Төрт жасымда шешем сусамыр дертінен дүние салыпты. Әкем соғыстан оралмады. Қолына алып, бауырына басар жанашыр ағайын болмаған шығар – жетімдіктің кермек дәмін ерте таттым. Кіндік шешемнің үйінде өстім. Кіндік шеше мен үшін әке де, шеше де болды. Қуанышқа тасып, қайғыға жасып кетпейтін бір тоға берік жан еді. Белін шартта буып алып ылғи шаш етек шаруадан қолы босамай қимыл үстенде жүретіні қазір де көз алдымда. Кей-кейде жаны жоқ не ағаштан, не тарамыстан жаралған ба деп ойлаушы едім. Ақ-қарасы айқын жанарын кір шалмайтын. Ылғи жылы шуақ шашып тұрушы еді.

Сол кісі айтатын: күйеуім күнгей елінің белгілі шабандозы еді деп. Атақты бір жиында өкпесі күйіп өліпті. Қара жамылып жыл жүреді. Артынан ағалары келіп: «қарындасымызға енді босаға бақтырмай, я әмеңгер тауып қосыңдар, я төркініне босатыңдар», – депті. Кіндік шешемді түскен елі жақсы көреді екен. Мол мәслихаттан соң кесіп-пішіп ештеңе айта алмай, шешімін шешемнің өзіне беріпті. Сонда ол кісі: «Жиырма бесімде жесір қалдым. Он алты жасымда түскен алтын босағам ғой бұл: енді бөтеннің төсегін жылытамын, босағасын көркейтемін деп ойламаймын, төркініме де қайтпаймын. Қалған ғұмырым осы шаңырақта өтсін», – депті. Кіндік шешем сонымен біржола ел бәйбішесі болып отырып қалыпты. Әйтеуір шаңырағына шаң жұқтырып, етегіне сөз ертпей ғұмыр кешіпті.

Сол кісі айтушы еді: бұл өмір жылдың төрт мезгілі секілді деп. Қадамың құтты, жолың болғыш кезің – жаз күндерің: алдыңда қуаң тартып келетін күзің бар. Апшыңды алып азынаған аязды қысың тағы тұр. Ендеше уақытша табысқа мастанбай, қысылтаяң күндерден ықпай, бірқалыпты сартап, сарабдал мінез сақтаған жөн. тағдыр қысына қолыңды үсітіп, өкпеңе суық өткізіп күйреп кетуге және болмайды: өйткені қыр асында жаймашуақ тыныстап көктемің келе жатыр. Ең дұрысы – қайғының да, қуаныштың да да сырын сабырмен ұғу, содан тәлім алу.

Кіндік шешемнің сөзі әлгіде сен келгенде құлағыма қайта істіліп жатқан. Ендеше бұл ай менің қуаң тартып қасарысып келіп қалған күзім болмаса неғылсын.

– Қияли-қияли дегенге қайдағыны соғады екенсің сен де, – деп Оразәлі дүрсе қоя берді. – Басыңдағы дәулет мынау! Үй, семья анау! Не ішем, не жеймін демейсің!..

Қыдырдың даусы өзеннің арғы жағынан естілгендей талып жетті.

– Сөзімді алыстан қайырып жатқаным – кешелі бергі ішімдегі арпалысты сезсін дегенім ғой.

Енді байқады. Қыдырдың жанарының астында бармақ басындай көгіс қалқыпты. Кісі ұйықтамаса өстетін. Еңсесін салып стол үстіндегі нан қиқымын үрлеп жіберді. Басын тасқа ұрып сақылдап ағып жатқан Тентектің сарыны құбылып естіледі. Жел көтерілді ме, әйнек сыртынан телміріп тұрған шырмауық басы және қалтырай бастады. ұлтанынан еден сызы сезілді.

– Бүгін осында қон. Бәрін түсінесің, – деді Қыдыр.

– Қой, көкешім. Осы сандалғаным жетеді! Қалада үй-ішің үдеріп уайымдап жатқанда бұл не жатыс?!

Даусының қалайша сап-сап басылып қалғанын өзі де ұқпады. – Ертең жұмыс. Жуынып-шайыну керек. Машина сүртусіз...

Көзіне көзі түскен. Сүйек-сүйегі сырқырап, денесін қалтырата салқын леп соғып өтті. Досының жанары тереңдеп кетіпті: сол тұңғиықтан не көрді дейсіз ғой – ақ-қарасы айқын жанардан үзіліп түсуге қалған тамшы жас, тым алысқа ұмтылған тірлік толқыны, құлшыныс, ішкі құбылыс, ерік күші, сыр бермеу секілді мінез қыры елес берді. Имандай шыны, кісіні көзінен танитын жазушы емес, хирург қой. Бұрын-соңды дос жанын түсіндім, ұқтым дегені бекер болып шықты. Қыдырдың салалы саусағын қысты.

– Мақұл, қалаға барып үйіңе телефон соғайын. Уайым етпесін... Тамақ та таусылыпты... Көп кешікпеспін...

***

Көңілге болмаса Оразәлі қалада көп кідірген жоқ-ты. Әуелі досының үйіне телефон соқты, өз келіншегіне қағаз қалдырып, жолай кешкі шайға деп піскен ет, қой сүтінен қатырған ірімшік, бәліш сатып алды. Күн көкжиекке жанасқанда Ай алқабына қайтып оралған. Тентектің жарлауыт қос жағасы қара қошқыл. Құрақ басы салбырап түсіп кетіпті. Қыдыр қол күрекпен ағаш түбін қопсытып жүр екен, мұны көріп еңсесін жазды, ыржиып күлді. Қолынан азық-түлік салынған сумканы алды. «Ірімшікпен шай ішкенді ұнатамын», – дейді. «Іңір үйірілмей тұрып электр есептегішін жөндеп қойшы, қолыңның ебі бар ғой, түнде жарықсыз жаттым». «Фолкнердің «Августағы ай жарығы» атты романын оқып бітіре алмадым», – дейді және. Оразәлінің бар зейіні досының қимыл-қалпында, әлдебір күдік іздеп көзінің астымен ішіп-жей қарайды. Сәл нәрсеге сезіктене қалады, сәл дыбыстан секем алады. «Шайды сыртта ішсек қайтеді?» – дейді бұл. «Үйдің едені тым салқын сезіледі, құяңым ұстап сіресіп қалармын».

– Үйде ішейік, – деді Қыдыр.

Күн көкжиектегі тырбық ағашқа түйреліп қалыпты. Оразәлі ләм деген жоқ. Ауыз айбандағы есептегіштің қорабын ашқан, жоғарғы өрісті ұстайтын сақтық сымы күйген екен. Көп шұқылап жаңа сым тартты. Бөлмеде жарық жанды.

Оразәлі бос шелекті салдырлатып су әкелуге жөнелген. Жар жиегіндегі тікенек қоршаудың астынан еңкейіп өтті. Сай ұлтанында Тентек; күндізгі сақылдаған ашық үні басылып, танауынан ыңылдап мақам айтқан әншідей міңгірлеп қалыпты. Ағыс алдына шелегін тосқан, қолынан жұлып әкете жаздады. Жаңа байқады, мойнында галстугі салпылдайды. Мана ертеңгісін асығыс байлай салғаны, сол алашапқынмен ұмытып кеткені, кісі күлерлік ыздима киіммен жүргені енді есіне түсті. Өзінің тұзы жеңілдігіне күйді содан. Дачаға түнеріп оралған.

Қыдыр манағы столдың үстін жиып, газет жайып, шағын дастарқан жасап қойыпты. Буы бұрқылдап шайнек келді. Салқын сыз еденді бөлме ішіне аздап жылу жүгірген секілді. Бірауық үнсіздікті кесе мен қасық сыңғыры бөліп тұрды. Осы мезет бұл оқыс Қыдырдың жанарына назар салған: қаншама масайраған мерекелі ортада отырып қуанар-ау, қызмет деп, міндет деп зыр жүгірген тіршілікке ілесер-ау, қайсыбір алыс жағалауға тағдыр айдап апарар-ау, тыншыр, жер бауырлап жылжып жеткен кәрілікке де көндігер, жылдар өтер, жаңа ұрпақ жетілер, әйтсе де осы бір жанарды ұмыта алмас.

– Естимісің? – деді Қыдыр. – Салдыраған арба даусын.

Бұл үнсіз-тілсіз басын шайқады.

– Кіндік шешем айтушы еді: ажалдың арбасы болады деп. Ажал арбасы адам дүиеге келгеннен салдырап соңына түседі екен. Бала кезінде кісі жүйрік болады, құлындай ұшып қырқалардан асып, арбадан қара үзіп кетеді. Өлім туралы ойламайды. Жігіт болады. Ентігін басып бір жерге тыныстайын десе, біледі, артындағы өкшелей қуған арба жетіп қаларын. Бұл тіршілікте адамның дамыл таппай жүгіре беретіні содан. Жер ортасына келеді, қартаяды. Бір күндері кеудесі сырылдап аяңдауға әзер шамасы жетеді. Енді жер басып жылжудың өзі мұң. Ажал арбаның салдыры үдей түседі. Тақап қалады. Соңғы мәрте ышқынасың; бұрылыстан салдыр-гүлдір шыға келген әлгі арба үстіңнен езіп өте шығады.

Әйнектен толық айдың шекесі сығалады, бөлмеге суық сәуле құйылды.

– Ырымшыл, не діндар емеспін. Жақсы білесің. Әйтсе де жас күнімнен санама сіңіп қалған осы әңгіме кешелі бері ойыма оқыс оралды. Дачада жұмыс істеп жүргем. Кешқұрым. Қас қарайған кез. Осы демалыс үйлерінің қарауылы есек арбасын жегіп алып түнделетіп совхоз базасынан тыңайтқыш ұрлауға бара жатыр екен. Арбаның тастақты жолмен салдыраған дауысы құлағыма түрпідей тиді. Содан бері, мінекей, екінші рет арба салдырын естіп отырмын.

– Тыңайтқыш ұрлауға шыққан сол қарауыл жігіт болар тағы! – деді Оразәлі өз-өзінен өтірік желпініп. – Баздағы үюлі жатқан тыңайтқышты өз бағына керегінше тасып алмақшы ғой иттің баласы. Айтайын оған! Аулақ жүр деп!

Қыдыр сазарған күйі тапжылмастан отыра берді. Бұл артықтау кеткенін жаңа сезді, басылып қалды. Өйткені іште де, тыста да ұйыған тыныштық-тын. Әрәдік шілделіктің шырылы сызылып шығады.

– Қарауыл жігіт ертемен қалаға кеткен. Әлі қайтып оралған жоқ, – деді Қыдыр.

Мазақ қылып отырған жоқ па осы деген ой келді Оразәліге. Бұрқ етіп ашулануға шақ қалды.

– Шілделік шырылынан өзге дыбыс жоқ, көкешім.

– Шынымен дәнеме естімегенсің бе? – деді Қыдыр сыбырлап қана. – Ендеше кіндік шешем айтқан арба болды бұл. менің арбам.

Екеуінің де бұл жәйтке енді қайтып оралғысы келмеді, көңіл іріді. Шайдың сәні кетті. «Августағы ай сәулесі» туралы қысыр кеңес қозғаған. Оразәлі көркем әдебиетке тым шорқақ шықты. Кенішті пікірдің көзі ашылмаған соң одан да тиылды. Енді даудырап студенттік кездің естен кетпес қызықтарын қайыра бір елестетіп өтті. «Мереке сайынғы кештің ұйтқысы өзің болатынсың», – дейді Оразәлі. «Түрі-түсін, атын, кездесетін мезгілін дереу жазып қоймасам бір-бірінен шатастырып аламын деп қағазға түсіріп тізімдеп жүретінсің...» «Сенің де жетістіргенің шамалы», – дейді Қыдыр. «Әне бір ақсары қызға ғашық болып өлең жазып бер деп миымды шағатынсың. Ақыры не болды: сен мастерлік норма орындаймын деп дедек қағып жүргеніңде, ол киношыл сылыңғыр қара жігітке шықты да кетті. Тойына шақырып күйдірді-ау сені». «Енді ойласам – балалық екен-ау бәрі. Өзім медицина институында оқып жүріп жүгіруден рекорд жасаймын деп тақымымды созушы едім; қайда жарыс, қайда крос – екі өкпемді қолыма алып сонда құлдыраушы едім». «Жас дәурен сонысымен тәтті ғой». Әлдебір алыс арманы есіне түскендей Қыдыр үні дірілдеп, жуасып, тобарси қалды.

– Демалайық, – деді. – Түннің бір уағы болды.

Студенттік шақты және жаңғыртып екі дос кең төсекке қатар жайғасты. Оразәлінің жуғарақта аяғы жылымады. Неге екенін қайдам, көпке дейін ұйықтай алмай дөңбекшумен болды. Қатар жатқан досын ойлады. Осыған айкезбе ауруы жабыспаса деп іштей қауіптенген.

Айкезбе – ай сәулесінен қозатын жүйке дерті. Ғылымда әлі түбегейлі зерттелген емес. Дертті кісі әдетте жеке жатуға жүрексінеді, жанына серік іздейді. Былайғы уақытта өзге жұрттан ешбір айырмасы жоқ, ісіне ұқыпты, ақыл-есі түзу жан. Дерті түнде ғана қозады, онда да ай толып туған шақта. Айкезбе кісі ұйықтап жатыр делік. Дала сүттей жарыққа малынады. Бір мезетте ұйықтаған қалпы айкезбе төсегінен тұрып кетеді. Ай бағытын бетке алып, аяғын аңдап басып, су кезіксе айналып өтеді, жар кезіксе өрмелейді, қыдырады содан. Таң сызы біліне сілелеп төсегіне келіп жатады. Тәуіптер айкезбені сол ұйықтаған қалпы оятпай, қолынан жетелеп әкеп орнына жатқызған. Оянып кетсе шошитынын білген. Өзге ем жүрмейді... Айкезбенің жүйкесінде ай сәулесінен қозатын құбылыс бар деп ойлайды өз басы.

Көзі ілініп кеткен білем. Ай алқабының етегіндегі тастақ жолмен қарауыл жігіттің қаңсыған арбасы жосып барады. Бұл қуып жетіп қапталдаса береді, әлгінің тізгінінен ұстайды. «Тыңайтқышты неге ұрлайсың?» – дейді бұл. «Қазір табаныңды жалтырат, әйтпесе совхоз бағбанына айтамын». Қарауыл қыңатын емес, мұны қамшымен кеудеден нұқиды. Темекісін езуінен түсірмей ыржиып күледі. Енді қараса арба үстіндегі ауруханада бірге істейтін сұлу сестра: бетін опалап, қасына сүрме жағып алыпты. Қылымсып көзін қысады: «тыңайтқышты қайтем, жүрек ұрлап жүрмін», – дейді жәудіреп. «Сенің жүрегің керек», – дейді сүйріктей саусағымен мұның жүрек тұсын түртіп-түртіп қалады. Оянып кетті.

Оятқан жанындағы Қыдыр екен. Бөлме іші тастай қараңғы.

– Не болды? – дейді бұл шошынып.

– Жарық жақшы.

Оразәлі атқып төсектен түсті, жарды сипалап жүріп тетікті басып, жарықты жағып жіберді. Қыдыр тырп етпестен шалқасынан жатыр. Жүзі оңған шүберектей құп-қу. Серейген қалпы:

– аяғымды ашшы, – деді. Бұл кібіртіктей басып кеп көрпесін көтерді. – Қарашы. – Үңілді бұл. – Қара санымды шырмауық буып жатқан жоқ па? – Көзіне ештеңе түспеді.

Оразәлі жеңіл көрпені жұлқа серпіп тастады.

– Түсім екен ғой онды. – Үні іріп шықты. – Нақа өңімдегідей. Кеше түнде де аяғымды шырмауық буған. Және қайталаса, дәрігерсің ғой, себебін айтар деп сені әдейі қонуға қалдырғаным еді.

Оразәлі ит тиген қамыстай түтеді. Медицина да қос көріну, түстің шарпу шағы болатынын айтты. Төбеден ұрғандай етіп әлгі елестің бәрі қағазға көп шұқшиғаннан, мұндайда біраз уақыт тыныққан құп деді. Әйтпесе өстіп серейген қалпы жүйке ауруханасынан бір-ақ шығасың деп қорқытты. Жазуың да, атағың, ақшаң да аллау акбар сосын.

Қыдыр бейне еті ағып, сүйегі қалған су қаңқадай сықыр-сықыр етіп сүлеленіп басын көтерді. Ілініп-салынып отырып жейдесін киді. «Поыесімді бітіре алмадым», – деп қабағын кіржитеді. «Нағыз түйініп шешер жерге келген едім». «Ойбай, повесть– бассын сені, повесть басқыр! Мүйізің шықса тау-тау қағаз шимайлап, көлдей сия сарықтың емес пе!» «Ең әуелі керегі денсаулық, саулығың болмаса – повесің де, кісілігің де көк тиынға тұрмайды. Қырмауық па... әлгі не пәле еді?.. Арба ма... бәрі күндіз-түні бас көтермей, дүниені ұмытып етпетіңнен түсіп қағаз шимайлай бергеннен жабысқан ауру!»

Өң жоқ, түс жоқ: «шығарманы уақтылы баспаға тапсыра алмайтын бодым», – дейді. Әлгіде шошытқан түсін баяндайды. Ұйықтап бара жатыр екен дейді. Тұтаса өскен қалың шырмауық әуелі үйдің есік-терезесінен андыздай енген. Жер бауырлай жылжып төсегіне жеткен. Соншама нәзік, соншама суық сөздері. Дір-дір етіп қаптай қалтырайды. Әуелі аяғының басына шыққан, сосын санын буған. Сүйегін сығып сырқыратқан. Тас кенеше жабысып солқылдатып қанын сорып жатқандай бейне. Тынысы тарылып, жаны ышқынып оқыстан оянып кеткен.

Оразәлі өмірінде мұндай қиын түсті естіп-білмеген.

Досының мүшкіл халіне ой жүгіртіп терең үңіле қоймады. Қалжыңға шаптырып, бар бәлені жазу-сызуға, шаршағанға жауып дудырады-ау кеп. Сүйрелеп жүріп киіндірді, дачаны құлыптатты. Ағарып таң атты. Жүйрігіне отырғызып алып қалаға түсті.

Қайқаң жолда жүйткіп келе жатып байқады, еңістің еңсесін басып тұратып түтін мен тозаңды жел шайып кетіпті, ақ шағаладай үйлер айқын көрінеді. Ауа мақпалдай жұмсақ. Жол жиегіндегі үйеңкі жапырағы нілге малғандай қарақошқыл, қыбырсыз қалпы. Жанындағы ұнжырғасы түсіп, жүні жығылған досын желпіндіріп сергітуді ойлады. Қиялға келмеген желікшілік есебінен бір күнге мәулет алды. Машинаға қайыра отырып, угәй-ай, угәй-ай, төри-төри, төри-төри даңғазамен Көктөбеге шықты, сейіл құрды.

Алда түйе тауықша қаздаңдай басқан Оразәлі, соңында елден жаңа келген кәрияға ұқсап қос қолын артына ұстап Қыдыр ереді. Кірмейін десе де болмай астынан су ағып жатқан саялы кафеге сүйреген. Екеуі бұрыштағы бос столға жайғасқан. Дастарқан мәзіріне Оразәлі жүйрік, шұбатып беріп жатыр, беріп жатыр. Қыдыр зіл батпан ойдан мүмкін арылармен деп ойлаған. «Ішімдік жақпайды, атаңа нәлет асқазаныма тікенектей қадалады, әйтсе де аздап көруге болады», – дейді Қыдыр. Балықтың майын жұтқандай тыжырынып бірер көтергенде жанары боталады. Дүниеге өзге жанармен қарай бастады.

Екі дос жаңа әлгіде жолай қаза шығарған қаралы шерудің тұсынан өткен. Қыдырдың жасынан әдеті, өзгенің орына өзін қойып елестетіп үйренген. Иә... әлгі марқұмның орнында бұл болса ше: көмеді де салады, сыз топырақ, ұмытылу, жоғалы сосын. Ал сыртта, жарық дүниеде күлкі, әңгіме, сұқбат, қан қызуы, достық. Баршасы қосылып: «Ау, жаңа ғана базарымыз болған жазушы азаматтан айрылып қалыппыз ғой, әттеген-ай, жақсы кісі еді», – деп өкінері хақ-ты. Содан жылуы мол осынау өмірді қиғысы келмейді, тіршіліктің бал дәмін таңдайына басқандай болады. Өстіп отырып қызып қалмайын осы деп тағы тосылады.

Көкжиекке күн еріп батты. Әп-сәтте тау төсіне өріп жұлдыздар шықты. Түстіктен лықылдап жұмсақ самал соғады. Тау басындағы мәңгі жазушы тынысы сезілді.

Оразәлі түннің бір уағында жазушы досын шаршатып үйіне әкеліп салған. Ертесіне министрліктің шұғыл шаруасымен Өскеменге ұшып кетті. Курсанттарға бәріс оқыды ма-ау, жаппай егу жүргізді ме-ау, әйтеуір, диірмен бақалағына түскен дәндей қауызы ұшып, әні шап, міне шап машақаттан күз түсе әзер босаған. Астанаға екі айдан соң барып оралды. Ағаш жапырағына сарғайып күн жұғыпты. Келе досының үйіне телефон соқты. Қыдырдың келіншегі көтерді. Уайым аралас үнмен кеше ғана күйеуінің ауруханаға түскенін айтты.

Баяғы дачада көрген түстен кейін аттай екі ай өте қара санынан паралич соғыпты. Иә, «оны айкезбе ауруы деп жүргенімде, өзім «айкезбе» бола жаздаппын-ау... Қыдырға келген қатердің сөз жоқ алдын алуға болатын еді. Кезінде мән бермегеніне әлі өкінеді.