ДУКЕНБАЙ ДОСЖАН. ТАСБАКА КОЗІНДЕГІ МУН.

ТАСБАҚА КӨЗІНДЕГІ МҰҢ

Желке тұсында су сұрап маңыраған мал шыбын жанын шырқырата түседі. Шілденің аптап күні шекесін тесіп барады, паналайтын бұта жоқ. Жорғалаған сары кесіртке өзінің сұйық көлеңкесіне тұмсық тіреп қалт кідірді, үшкіл басын қисайтып қарады, аузын ашып, тілін шығарды. О, тоба! Осынау мүскін жәндік заманы жүріп тұрған кездегі алып динозаврдің азғындаған тұқымы дегенге кім сенеді. Шынымен-ау, ендігі бір кезеңде өзінің тұқымы жұмыр жердің бетінен таза су таппай, бойына жұқ боларлық нәрлі тағам таппай, кеуде керіп жұтатын ауа азайғандай халге тап болып кішірейгеннен-кішірейіп қайтадан маймылға айналып кетпес пе екен. Маймыл болмағанда несі қалды-әй.

Өткен жұмада болар, орталықтан құмда қайықша жылжитын вездеход машинасына мініп мал дәрігері Мамырайхан келген. Қасында қуық шалбарлы, қақпақ жауырыны қалқанға ұқсаған, кірпішаш қойған бозбаласы бар, аздап ұрттап алған ба, танауының астынан «отта құмған-ай, көзін ашып-жұмған-ай» деп әуелде әндетіп, әулекіленіп сөз тыңдар болмады. Бұл айтады: басеке, қоныстың оты тықырланып қалды, скважын құбырынан су әзер тамады, қайда бас сауғалаймыз?.. Мамырайхан айтады: отта тұрған-ай, көзін ашып-жұмған-ай... құм ішіне көшіңіз... баяғы: керуен жолының бойынан көне шыңырау көзін іздеңіз... оған дейін дария табанындағы лай суды ішіңіз... Бұл айтады: ау, басеке, жоғарғы сағадағы күріш ұжымдары гербицид, у дәрі шайған лас суын дарияға қайыра құйған білем, қоймалжың ылғалды мал татып алмайды. Мамырайхан маңдайын жұдырығымен тоқпақтайды: енді маған не қыл дейсің! Мына әртіс қызбен осы қазір қолға күрек алып жіберіп құдық қазып бер деймісіз, ойбай!.. Абылай қойшы аң-таң. Әлгіде қаладан келіп сандалып жүрген бозбала шығар деп ойлағаны қасын сүрмелеп, бетін опалап, шашын қидырған қазақ қызы екеніне қайран қалады баяғы. Артист болса болар-ау дейді. Бөксесін билетіп жүргені қызық, сөйлегенде аузы-басы жыбырлап кетеді, былдырлап, орысшалап әлдене сұрайды. Мамырайхан пәрмен жүргізеді: бір бағланды домалатып сойыңыз, ән айтып сауық құрып береді. «Өмірі артист көрмейміз, жазушы дегенді естіп-білмейміз» деп жоғарыдан келген өкілге арыз айтып қоймайсыз, ал ендеше, бір басыңа тәулік бойына концерт қойғызып қарық қылайын деп әнші келіншекті әдейі алып келдім, ағасы. Абылай айтады: ау, есің дұрыс па өзіңнің?.. мына су іздеп маңыраған малды иіріп қойып, жас етке тойып, бөкселі бикештің әніне ауыз ашқанымыз әруақтан ұят шығар. Мамырайхан: әйда, вездеходты орталыққа жіберемін де су таситын машинаны шақыртып келтіремін, өзің де, кірпияз қойың да ауыз суға қарық болады!.. Әбдіреңді аш! Сақтаған, тыққан ащыларыңды шығар. Бұл еңді бастықтың алдында көп қасарыспады, «су келеді» деген сөзді естіген соң ырсыңдап мәзденіп, үйіне бір кіріп, бір шығып тірсегі тоғысып маймаң қақты. Әйеліне «қазан көтер, мал соямын, құдай қаласа бүгін майрампаздың ойынын көріп мәз болатын шығармыз» деп жарлық жасады. Әрәдік осы мен бастықтың алдында маймыл болып бара жатқан жоқпын ба деп көңіліне кірбің ұялатты. Ол ойын лездің арасында ұмытып үлгерді.

Семізін көтеріп сойып, басын үйітіп, ішек-қарнын тазаласып, әйеліне жоба көрсетіп аяғының ұшынан басты. Әбдіресін ашып күзге қарай саулықты қолдан ұрықтандыруға керегі болады деп тығып жүрген спиртін шығарды. Мамырайхан «спиртке су қоспай ішемін» деп шеке тамыры білеуленіп, беті шоқтай қызарып, сөзінен жаңылып, мас болып қалды. Түкпірдегі бөлмеге барып тырапай асып қорылға басты. Әртіс келіншек әуелгіде сызылтып ән салып құлақ құрышын қандырды. Қойшының әйелі алып келген үйеме табақ астан ауыз тиді де қойды, «ішім күйіп барады»,- деп қатық сұрап ішті, «сіңлім-ау, тілдесетін жан баласы жоқ жапан далада қалай ішің пыспайды»,- деп есіркеп, мүсіркеді. Су тасығыш алып келген жылы суға түсемін деп маңыраған малмен иін тіресті, көйлегін шешіп суға малып қайыра киді; ұшқасып-тіркесіп кіріп-шығып күнді батырды.

Абылайдың әйелі айтты: ау, спирттің бәрін сарқып ішті, әуітке бас қойған қойды тыржалаңаш жүріп үркітті, мал дәрігерін құлатып тыңды, түнемесі өзіңді иектемей тұрғанда құтыл әртіс қатыннан. Бұл көкең басы былғаңдап жүріп әлгі былқ-сылқ әртісті жас балаша итшілеп киіндірді, аяқ-қолына ие бола алмай төрде талып түсіп жатқан Мамырайханды сыртқа сүйреледі, самаурыннан қалған суды басына құйды. Әрең дегенде есін жиғызды. «Бүйтіп шілденің күнінде қонақ күткен, әртіс келіншектің су тегін ойынын көрген не теңім, құрып қалсын-ай бүйтіп итшілегенім» деп Абылай ішінен іриді. Машинаға мінгізе алмай қиқалақтап, әртіс келіншекті қолтықтап, жұмсақ мүшесінен, ол жер, бұл жерінен мытыңқырап кабинаға тыққыштап жатса, ит-ай, ол шіркінің шынымен бұрылып құлағына сыбырлайды. «Көптен әйел болып көрмегем: сіздей ағайдың арқасында әйел екенімді еске түсірсем деп едім»,- деп қылымсып көзін қыса ма-ау, әлдебір әннің нотасын ыңылдап соза ма-ау, есінен таңдырды. Мына тұста кабина текпішегіне аяғын іліндіре алмай жатқан Мамырайхан ойбайын салады. «Аттандырып жібер!.. Тізгінді ұста!..» - деп айқайлайды. Абылай мәшинені айналып жүгіріп жетеді. «Басеке, бұл бәйге күреңнің үзеңгісі емес, вездеходтың кабинасы»,- деп түсіндіреді. «Аттандырып жібер!»-деп барқырап бұйырды бастығы. Ана жақта шофер бала кабинадан сыпырылып түсуге айналған әртіс келіншекпен әлек. Мамырайханның дауысы мұншама зор болар ма. «Шилі өзен қамыс-ай, бізді ойлай жүр, таныс-ай»,- деп алқапты көшіреді, ит үреді, мал үркеді. Мына тұстан машинаны айналып шофер бала жүгіріп келеді. «Ағай,- дейді енігіп,- әлгі артист келіншек кабинадан шыға қашып құм ішіне сіңіп барады, ұстамасақ шибөріге жем болады».

Абылай аяғындағы қолпылдаған керзі етігін сыпырып тастап бала сілтеген жақты бетке алып ұша жөнелді, көп ұзамай безіп бара жатқан келіншекті қуып жетті... Ол шіркін алақ-жұлақ жалтақтап бұлт-бұлт қашып уысында тұрмайды, үстіне сылап май жағып алған секілді. Алақанын құмға малып ысып-ысып жіберді, келіншекті қармай ұстап, үй жаққа сүйреледі. «Мына шіркін маймылдан айнымайды-әй, кабина айнасынан көрді - өзімнің жетісіп тұрғаным шамалы... омырауы жыртылған, бетіне құм жұққан, шашына шөңге жабысқан... әрі итеріп, бері жығып дегендей шофер бала екеуі қолдасып бетіне опа жаққан әнші маймылды, сосын қорбаңдаған бастық маймылды әрең дегенде кабина ішіне кептеп тықты. Шофер бала есігін сыртынан жіппен шандып байлап тастады. «Ал, көке, хош, мыналарды төгіп-шашып алмай орталыққа жеткізсем болды, машинасының ішін ұрайын, дөңгелегін бір теуіп ауданға кетемін, мынадай көр бейнеттен беземін»,- деді. Алып машина сар-гүр етіп ышқына ыңыранып түн түнегіне сіңіп жөнеле берді. Бұл көкең әлгілердің артынан состиып қарап тұрып-тұрып, іш әлемі босай құлазып, күні бойғы сүркіл бейнетіне өкінді ме, әлде ит жеп кеткендей семіз бағланның етіне, әбдіресінде әспеттеп сақтап жүрген қос шөлмек спиртінің текке құрығанына іші күйді ме, ол арасын өзі де білмейді, жұртта қалған күшікше көмейінен құмыға үн шығарды.

- Маймыл болмағанда неміз қалды! Әлемтапырақ азынаған үн түнгі даланы тіліп өткендей сезілді.

- Маймыл болмағанда неміз қалды!

Осы оқиғадан кейін-ақ Абылай бойына оңбастай ғып бөтен мінез жамады. Жер бетінде жорғалап, тіршілік етіп жүрген тірі жәндік-мақұлық атаулыдан өзі білетін кісілердің кейпін іздейтін мінез ашты. Мақұлықтың ішінен «мен пәленшемін ғой»,- деп ересек кісі үн салып, өзін таныстырып тұрғандай сезіледі. Әр хайуанаттың табиғатынан адамның арғы аңғарын, өзі білетін кісілердің мінез айбарын танығандай болады. Көріпкелше пәленше, түгеншелерді танып алады... Шындығында ғой, дәл мына жорғалап құмға сіңіп бара жатқан кесірткенің ішінде жекеменшік екі жүз қой жинаған, жасына жетпей тырапай асқан, орденді шопан, серігі Амантұр бардай!..

ІІІөл тасбақасы ауыл дүкенінде бақырайып сауда жасап, таразының бір табағының астына магнит қыстырып, қасақана ауырлатып, кісіден жеп үйренген Оңғарбайға ұқсайды; баяғы әнші келіншек - маймылдың жер бетіндегі, осы елдегі көрінісі. Мүләйім, мүскін Қалтақ қойшы ерте көктемде жүні түсіп, көзі кіртиіп, қыр басында мөлиіп отырған ши бөрінің ішінде жүрген секілді; ана жылы жоғалып құрыды деп қойған, кейінше жардай болып семіріп, көзіне түскен кісіні сүркектетіп қуып ауылға өкіріп оралған бұқаның ішінде деміне нан піскен Мамырайхан жүрген тәрізді. Ендеше өзі ше?... бұл ше? ...көп қалбақтап, ұшамын деп ұша алмай қалған, қанаты сынған, сары сахараның саршұнағын аңдып қорек айырған, мойын жүнін үрпитіп молаға қонған бұйығы мінез бүркітіне келеді. Жаны сол бүркіттің қанатының астында секілденеді. Момын ауылдың жылы-жұмсағын талғамай қылғытып, қырға қарап ұлып, ши түбіне бұғып, қысқа қарай жоны жылтырап қоң жиып масайраған арлан бөрінің ішінде Ергенбай жүр ме; алғашқы қар түскенде аяқты жылқыға мініп, қыр беткейде бүлкектеп бара жатқан қасқырды көрсең... тізгініңді тарта шап, аяғыңды үзеңгіден шығарма... соғып алам деп соңынан сүркектетсең - оңбай қателесесің -ол-дағы осы ауылдың оқымысты дәрігері Ергенбай.

Иен дала, жапан өлкеде жүріп іші пысып, тілдесетін адам іздесе, сөзді сағынса маңайына жалтақтай қарап, көзіне көрінген түз мақұлығымен адамша сәлемдесіп, адамша тілдесіп кететін ерсілеу әдет жамады. Күбірлеп кеңесетін болды. «Құрып қалсын, ешкім сезбесінші, біліп қойса әжуаға айналдырар» деп іштей қуыстанып жүрді. Көбіне мақұлықты көре салып сөйлеп кеткенін өзі аңдамай қалады, жүрелеп отыра кеткенін кеш аңғарады.

Аптаның басында болар, түс ауған кезде, Абылүйгеннің күнгей баурайындағы жіңішке сай табанын жүлгелеп келе жатып үлкен құм тасбақасын ұшыратты. Сауыты шыт-шыт жарылып кетіпті. Сай қабағына тырмысып тіске басатын қылтанақ іздеп, өлместің қамын жасап тырбанады кеп. Қарсы кездесіп көзіне көзі түскенде қозғалыссыз қалды. Бұл көкең топырақты бұрқ еткізіп шөкелеп отыра кетті. Шәкіртіне кейіген мұғалімге ұқсады, қарлығыңқы үні ұсқынсыз естілді.

- Әй, Оңғарбай, қайтсем жұрт үстінен күн көріп, таразыдан жеп, байимын деп жүргенде шалдардың қарғысына ұшырап тасбақаға айналдың. Өзіңе де обал жоқ. Пейіліңді кеңге салғаныңда бүйтіп қор болмас едің.

Әлгі мақұлық жұмыр басты пендеге қарап бақырайғаннан бақырайып тырс етіп үндемейді.

- Рабкоопқа оңбай екі рет қарызданып, ісің сотқа түсетін болған соң шалдарға жылап барып: «қол ұшын беріңіздер»,- дедің. - Жаманбайдан қалған жалғыз тұқым едім, тұқымым тұздай құрымасын дедің, зар еңіредің, шалдар байғұс бас құрап жиналып «мына байғұсты жылатпайық» деген пәтуаға тоқайласты: орталарынан бөліп, қырық үй қырық залының әр түтініне бір тоқтыдан салып жылу жинап қарызыңнан құтқарып жіберді, сөйткен шалдарға не істемедің сен. Құмшекер салған дорбасына «орап беретін қағазым жоқ» деп үстіне үстемелеп сабын салдың, үш теңгенің табағына өтпей тұрған айырдың сабын тіркеп саттың, таразы табағының астына көзге көрінбейтін магнит қыстырып көпе-көрнеу ауырлаттың; өмірі ақшаға, дүниеге тоймадың, ақыры адал адамдардың оңбай қарғысына ұшырадың.

Оңғарбай-тасбақаның жанарына жас үйіріліп, осы мезет кемсеңдеп тілге келеді.

- Он бір баланы, қатынды рабкооптың мың теңге айлығымен қалай асыраймын, ағатай-ау! Киімнің бәрі удай қымбат, тіске басатын көкөністі аудан орталығынан әкелеміз; кросовка деген аяқ киімнің жеті парын аламын деп жарты жылғы жинағаным кетті, үлкен ұлды үйлендіруге алдымыздағы малым жетпеді, үйіліп келген құдалардың бас-басына жағалы киімнен киіт кигіземін деп күллі дүкенді көтеріп үптедім... білмеймін, күйеуге кеткен үлкен қызымның артынан «төсек орын апаруымыз керек, шет елдің ағашын тап» деп әйелім құлағымды жейді. Әнебір есеп шығарғыш қарадомалағым астанаға барып оқуға түсемін, жол пұл тап, көке, деп қыңқылдауын үдетті. Әскердегі тентегім ауылдың асын сағындым, қазы, қақ салыңдар деп сәлем соңынан сәлем ызғытып ол жатыр, өл дейсіз бе енді.

- Үйелменіңді адал ақы, маңдай термен асырасаң болмас па, жүрген ізіңнен «жегіш, жымқырғыш» деген өсек көлденең ілесіп қалмайды, бұл не қылғаның енді.

- Он бір баланы асыраймын, жеткіземін, жетілдіремін деп иығым бүтінделмей өтті, әйел екеуіміз ойлаушы едік: балалардың алды жетілген соң бір жағымызға шығар, қолымызды ұзартар деп. Баяғы қоқанның салықшылары секілді «тап, бер, ішкіз, кигіз, көрсет» деген зәрені алған пәрменнен құтылармыз, сірә деп. Қайда-а-а!.. бала ержеткен сайын мұң-мұқтажы еселеп көбейе түседі екен; бұрындары қатыным астанаға бармадым, алшаң басып жүріп театрын көрмедім деп қырға қарап маңыраушы еді, бұл күнде етегіне сүрініп ауылға сирек келетін киноның өзін тамашалауға мұғдары жоқ, ертеден қара кешке салпылдап майдалардың тамағын пісіреді, жыртылған киімін жамайды, ауырғанын емдейді, тіпті бірде кештетіп келген өзімді есеңгіреп танымай қалды.

- Кейде басың былғаңдап мас болып жүретінің қалай, көкешім, құм санаған есепқой, жыланның күйіс қайырғанын білетін сезгір пысық жігіт те сөйте ме екен?

- Бір пұшпағынан тартсаң келесі пұшпағы үзілетін, өмірі жетпейтін, үнемі жеткізбейтін дүниеге күйгеннен ішемін ғой, күйік басар болсын деп жұтамын дағы. Жұрттан жеген ақшаның бәрін сандыққа басып байып жатыр деп ауылдас ойлайды; «өсіміңнен, түсіміңнен демалысқа шыққанда қараспайсың, жең ұшынан жалғаспайсың, орныңды алып басқаға беремін» деп рабкооп бастығы қоқаңдайды; «жұрттың әйеліне ұқсатып киіндірмеді; жүргізбеді» деп қатын қыңқылдайды; жекжаттарым шақырмады, жұрт көзіне атымызды дабырайтпады деп олар ренжиді, «арақты суша сіміртпейді, қоймасына ұры жіберіп тонатып, үптетіп құртар ма еді» деп құрдастарым кіжінеді... Қайда барып жан сақтаймын сонда, ойлаңызшы!..

Оңғарбай тасбақаның жан дауысы шыққан мүләйім жанарына тіктеп қарай алмады, өз-өзінен торығып Абылай төмен қарады... қайтсін-ай, осынша сұмдық шындықтың астарын ашамын деп тегі ойламаған-ды. Оңғарбай тасбақа жер астынан шыққандай көмескі үнмен былай деп былдырлады.

- Шалдардың қарғысы қатты тиіп, Оңғарбай адамнан осынау тасбақаға айналып кетті деп жобалап отырсыз, шындығы олай емес. Сабыр сақтап тыңдап көріңіз: үйдегі әлгі зар, әлгі ойбай, сырттағы жаңағы салмақ, зілзала жала аз болып жүргендей-ақ кешелері шекем шағып, басым былғаңдап үйіме барсам - Жезқазғанның бұйра басына күйеуге шыққан қызым қолында балпанақтай нәрестесі бар, қайтып келіп отыр. Отымыз өрелі жанбады, махаббатымыз тұтанбайды дейді-әй қар... Күйіп кеттім-ау, Сол бұйра басыңмен ілесіп неге қараңды батырмадың мүлде, маған өңге апан ауыздарың аз болып жүр ме деппін. Қызымның мінезі кіділеу еді, әлгі күйіп айтқан сөзіме қитығып, балпанақтай баласын былай ысырып, ас үйге барыпты да шыныдағы сірке қышқылын ішіп алыпты, а, бүйтіп қор болғанша өлейін депті. Содан дүрлігіс түнімен, Ергенбай келіп қарысып қалған жағын қамшының сабымен ашып аузына сүт құйсын, ауданнан қызыл жағалы жетсін. Көзім бозарып қызымның басын сүйеп өлейін деп отырсам «неге бұлай?.. арақты жиі ішесіз бе?.. балаларға қол тигізесіз бе?.. бұл істі жылы жауып қоя алмаймыз!..» деп тегі тістеніп тергеуге алғаны. Қызым көзін ашып, есін жинап арашаға түспегенде бар ғой, анық абақтыға алып кететін түрі ыңғай, содан оңбастай етіп айып сома салды, әлгі тік мінез қызымды, мына көкеңді ұжымның көпшілік жиынына, талқысына саламыз деп нығыздады... сол түні көз ілмей шықтым, бүйтіп сүрген тіршіліктің тап ішін ұрайын дедім!.. екі аяқты адам болып осыншалық зәбір, нала көргенімше, күйеуден қайтып келген қызымның бажылдаған балпанақтай баласын бағамын деп тесік өкпе болғанша тасбақаға айналып кетейін, ә, деп Абыл батырдың аруағына жалындым-ай... екі қолымды төбеме қойып, зар еңіреп барып батырдың моласын құшақтай құладым: уа, қасиетті бабам, бүйтіп елге көзтүрткі, балаларға жеккөрінішті қылып, шөре-шөре тіршіліктің соңында сүмеңдетіп қойғанша ештемеге қабырғасын қайыстырмайтын, басын қатырмайтын, жиған-тергені айдаладағы қызыл жағалының, сауықшыл сайқымазақ құда-жекжаттың аузында кетпейтін... кәдімгі кеңкелес, жер бауырлап жүріп екі жүз жыл жасайтын тасбақаға айналдыра сал деп ал жалынайын... ал бас ұрайын... Сізге өтірік, маған шын, осынау қызыл иек таң алдында тілегім қабыл болып Оңғарбай дүкеншінің кейпінен ауысып ілезде тасбақаға айналып шыға келдім. Мұншалық қуанбаспын! Сендер осынау тіршіліктің есебін ойлап, малына су іздеп, басшысына жағамын деп, шекелеріңнен күн шағып, іштеріңнен қан өтіп итшілеп жүре беріңдер, мен Абылүйгеннің арғы қабағынан тіске басып қалғитын көкемарал іздейін.

Деді де әлгі тасбақа жорғалағаннан жорғалап сайдың қабағына көтеріліп, жотаны кесе көлденеңдеп кете барды. Шөкелеп отырған Абылай шын таң қалды. Өмірде осындай да керемет болады екен-ау деп жағасын ұстады. Тасбақаны жаратқан иенің қарғысына ұшырап саудагерден мақұлыққа айналып үлгерген жұмыр басты пенденің бір тұқымы деп ойлаушы еді. Сөйтсе, бәрі керісінше екен ғой!

Тірі жәндік зар еңіреп екі аяқты адам болудың амалын таппай жүрсе, әлгі ауылдасы Оңғарбай ызығуыт рахымсыз мына өмірге қолын бір-ақ сілтеп, түңіліп тасбақа болуды өзі сұрап алыпты. Мазасыз әйелінен, күйеуден қайтып келген шайпау қыздан, «бер, бер, бер» дегеннен өзге сөзді ұмытып қалған салықшы балалардан, тілінің түрпісі бар құрдастан безе қашыпты. «Осымен адам болып азаптанып жүргенім жетер»,- депті, құба дүз иен өлкеге сіңіп жоғалыпты. Құдайдың қаһарына ұшырап өле-өлгенше қыр басына тас домалатумен өкпесі өшіп, табаны тесілген Сизиф тіршілігіне ұқсайды. Тау басына етектен тас домалатып шығару оңай ма. Оңай болса домалатып көріңіз. Сизиф байғұстың мандайынан тер тамшылап, жүрегі атқақтап аузына тығылып, өкпесі тұз сепкендей ашып «ал, жеткіземін... ау, демеп жіберемін» деумен діңкесі құрып әбден сілелейді. Үлкен тасты шошақ басына шығару, шығарып ап маңайына тер тұтқан көзбен назар салу, аспанда отырып жердегі бұған пәрменін жүргізген құдайларға іштей қыр көрсету, бейнетқор мінезін таспен бастырып жоғалтып алмау мақсаты еді. Өлдім-талдым шошақ басына аяқ іліктіргені сол, астында тиегі болмаған тас ылдитөмен домалай жөнелер, Сизиф байғұс басын екі иығының арасына тығып, еңкеңдей басып, тас соңынан адымдап ілесер. Етектегі тасты бара сап тағы өңгерер, қырға итерер... тағы өкпесі түсе өңмеңдер... Сол Сизиф жүрегі дүрс-дүрс соғып, бейнетқордың ата бабасы болып әлі күнге дөңбек тасты қырға итеріп өліп-өшіп жүр деседі. Мына қыр беткейде шөкелеп отырған Абылай қойшы, ана жорғалаған тасбақаға айналып үлгерген Оңғарбай дүкенші сол Сизифтің бүгінгі үрім бұтағы секілді. Жаны жаман құлазып Абылай орнынан атып түрегелді, қолындағы таяғын төбесінен асыра көстеңдетіп, үйездеп тұрған малына қарамай, айдалаға, құла дүзге құлапәре жүгіре жөнелді. Аяғына тас байлағандай болдырып қарадай жүріп титығы құрып, ілбіп басып үйренген шіркін демнің арасында желаяқтанып шыға келгеніне өзі де қайран. Қыр асып жорғалап бара жатқан тасбақаның соңынан салып жетіп келеді, аузына қапелімде сөз түспей ентігеді.

- Мені де ілестіріп ала кет, достым, су іздеп безектеген қойдың азынағанын естігім келмейді, шұбап алдымнан шықса-ақ жаным шырқырап кетеді, шыдай алатын емеспін!

Тапырақтаған аяқ дыбысынан жасқанып қабыршағын бой таса жасап бұғына қалған тасбақа бас бағып үн шығаруға мұғдары жоқ.

- Үкі қыласың ба, молаға қонған бүркіт жасайсың ба, бәрібір, құдіреті күшті жаратқан иеге жалбарынышымды жеткізе гөр. Я адамнан қалай тасбақаға айналған айлаңды айта кет. Құлазыған қу медиенде жалғыз қалдырып шерменде қылма.

Қаңсыған қабыршаққа бұғынып үлгерген қылқи мойын тасбақа тырс етіп үндейтін емес, қара бұршақтай жанарын жыпылықтатып тұра берді. Соңынан қиқу салып тапырақтап жеткен қойшыдан қорқып қалған сыңайлы.

- Әйелімді, қос бүлдіршін баламды қимаймын, әрине. Бүркіт болып ұшып кетсем ғой олардың күні не болар-ау. Мына үйезде жатқан уақ малға Мамырайхан иелік етер, қоңсылар қойшы Есенбай жаңа туған саулықтың уызына тойып алып, қызықмас қыз іздеп, қатынына «қой бағып кеттім» деп малын ылғи біздің қораға қарай қаптатып жүрсе қайтемін, ол неме бір қырындамасын, әйел затына бір қырындаса - ыңырси сөйлеп, маймақтана басып жүріп жуықтамай тынбайды.

Әлгі тасбақасы құрғыр қарсыласып тұра беруге шыдамы таусылды ма, қыбырлап, қиыс бұрылып жорғалай басып кетуге айналды.

- Қайда жөнелдің? Бір жауабын беріп кет! Ау, Тасбақа! Оңғарбайшы, Оңғарбай!- деп кең алапты көшіріп, үні тарғылданып айдалада аңырап қала берді. Адам кейпінен мақұлық бейнесіне ауысқан тасбақасы құрғыр алды-артына қарамай безіп жоғалады.

Қапелімде құм астына үңгіп еніп кетті ме, әлде құрдым оппаға кезігіп соған түсіп құрыды ма, зым-зия жоғалды. Сағым көтеріп кеткен секілді. Төбе баурайында сілейген күйі аңырып тұрып қалды. Ойпаңнан су іздеп маңыраған малдың әлсіз сарыны еміс-еміс жетті.

Мына сары сахараның бетімен лықылдай жүзген шикіл сағым ертедегі Мидас патша секілді жүрген, жүзген жерін алтынмен аптап, күміспен күптеп түрлендіріп жіберетін қасиеті бар; қасиеті болмаса арнасы ашылып, сиыртаңдайланып жатқан Сырдарияның жар қабағын тандыр пешінен шыққан нандай етіп мейіздей қатырар ма еді, ана әкесінің моласына қонған кәрі бүркітті, құм жотаға қата жармасып бұтағын теңселткен сіңірлі сексеуілді тіршілік үшін төзімін сынап жанталастырар ма еді; алысты жақындатып, жақынды алыс қылып қырық құбылтар ма еді... ой-хой, дүние деген!.. көз ұшында шеңберленіп мөлдіреп жатқан көл ме десе, жүре-бара, жақындай келе баяғы Мидас патшаның иығына жамылған алтын сағымына айналдырып жібереді. Көз алды бұлдырай түседі.