Алемдік саясаттану антологиясы.Томас Пейн. Адам кукыктары

АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ

(1737-1809) – Америкалық саяси қайраткер және ағартушы. Англияда дүниеге келген. Осында өзінің радикалдық саяси көзқарастары үшін ресми билік таранынан қуғын-сүргінге ұшырады. 1774 ж. Пейн "бақыт іздеп" Америкаға аттанып, онда ағылшын метрополиясына қарсы революциялық күреске қатысушылардың біріне айналды. Оның "Естілік " (1776) атты еңбегі американ халқының саяси және экономикалық бостандығы үшін ағылшын монархиясына қарсы әділетті соғысқа шақыру болды. Тәуелсіздік үшін соғыстан (1776-1783) кейін Пейн Еуропаға келін, Франциядағы революциялық күреске қатысты. 1792 ж. француз Ұлттық конвентіне сайланды. Осы кезде 1789-1794 d/с. dtc. француз революциясының принциптерін қорғау үшін "Адам құқықтары" атты кітап жазады. 1793 ж. якобишілдермен тартысы үшін абақтыда қамалды. Абақтыда өзінің "Парасат ғасыры " деген аса маңызды философиялық еңбегінің екінші бөлігін жазады. Абақтыдан шыққан соң ол өзінің радикалдық республикалық көзқарастарын насихаттауды жалғастырын, француз феодальдық-монархиялық топтарымен тартысқа тусті. 1802ж. Пейн Америкаға оралды. Бірақ оның радикалдық республикалық көзқарастары, ірі меншік иелеріне айтылған сыны жаңа мемлекеттің билеуші топтарынан қолдау таппады.

Бірінші бөлім

Адам құқықтары

Берк мырза ара-тұра ағылшын ұлтына ғана емес, Француз революциясы мен Ұлттық жиналысқа да қарсы өзінің сұмдық принциптерінен (оларды принциптер деп ахау сол сөзді қорлау болмаса) туындаған ойларын жолдап, осынау жоғары, білікті әрі ағартушы мекемені узурпаторлар жиналысы деп атап, қорлап тұратындықтан, мен өз кезегімде оның жүйесіне sans ceremonie [бәлсінусіз] өзге принциптер жүйесін қарсы қоямын.

1688 жылғы ағылшын парламент! өзі және өзінің сайлаушыларының істеуге құқығы болған және оларға дұрыс көрінген нәрсені істеді; бірақ, өкілеттілігі бойынша парламент арийларға тиесілі сол құқықтың үстіне ол өзіне өзі берген басқа бір құқықты – ұрпаққа міндеттеме жүктеп, ғұмыр бойы оған әмірін жүргізу құқығын енгізді.

Сонымен, мәселенің екі жағы бар: біріншіден, парламентке жағдайы бойынша тиесілі құқық, және, екіншіден, оның өзіне өзі берген құқық. Бірінші құқық дау туғызбайды. Ал екіншісіне келсек, менің жауабым мынау.

Ешқашан ешбір елде ұрпаққа міндеттеме жүктеп, "ғұмыр бойы" оған әмірін жүргізу, немесе барлық замандарда дүние қалай басқарылуы керек екендігін міндеттеу, немесе оларды кім басқаруы тиіс екендігін шешу құқығы яки билігі бар парламент, немесе адамдар ұйымы, немесе адамдар ұрпағы болған жоқ және болуы да мүмкін емес; сондықтан барлық бұл тектес баптардың, актылардың және декларациялардың - барлық осынау құжаттардың заңды күші жоқ, олардың авторлары солардың көмегімен өздерінің құқығы да, билігі де жоқ, тіпті, олар жүзеге асыруға да дәрменсіз нәрсеге қол жеткізуге тырысады. Бұрын өткен дәуірлер мен ұрпақтарда болғанындай, әрбір дәуір мен әрбір ұрпақтың барлық жағдайда өз тағдырын өзі шешу құқығы болуға тиісті. Көрде жатып та басқармақтық бейшара дәме – тиранияның барлық пошымдарының ең күлкілісі, ең әдепсізі. Адамның басқа адамға меншік құқығы жоқ; сол секілді бірде бір ұрпақтың келер ұрпаққа меншік құқығы жоқ. Парламент пен халықтың 1688 жылы немесе заманның қандай болсын басқа кезеңінде де, бүгінгі күндегі парламент пен халық жүз және мың жылдан кейін өмір сүретіндерді билеп-төстеуге құқықсыз екендігі секілді, біздің замандастарымызды билеп-төстеуге, қандай да болсын пошымда міндеттеуге немесе оларды бірдеңеде шектеуге құқығы жоқ болатын. Әр ұрпақтың өзіне қатысты барлық мәселелерді шешу құзыры бар яки құзыры болуға тиіс. Әрқашан да өлгендер емес, тірілер жайын ойлау керек. Адам дүние салғанда оның билігі мен ниеттері өзімен бірге өледі; ол енді бүл жалғанның тірлігіне қатыспайды, сол себептен де оларды кім басқаруға тиіс, басқару қалай ұйымдастырылуға тиіс және ол қалай жүзеге асырылуға тиіс екендігін оның міндеттеу пәрмені жоқ.

Мен біздің елде де, қандай болсын басқа елде де қайсыбір партияның қайсыбір басқару пошымын жақтамаймын да, қарсы да шықпаймын. Егер бүкіл ұлт бірдеңе істеуді шешсе, оның бұны істеуге құқығы бар. [...] Өткен замандарда корольдер өз тәжіне ажал төсегінде жатып билік айтып өз халқын өздері тағайындаған мирасқорына мал сияқты өсиетпен тапсыратын. Қазір бүл салттың ескіргені сонша, оны есінде сақтағандар ілуде біреу, және оның сұмдық болып көрінетіні сонша, сондай салттың болғанына сену қиын [...] Әрбір елдің заңдары қандай да бір біртұтас ортақ принципке сәйкес болуға тиіс. Англияда ата-аналар да, қожайындар да, өзін құдіретті деп атайтын парламенттің бүкіл беделі де 21 жасқа толған жеке адамның жеке бостандығын да матай немесе шектей алмайды; 1688 жылғы парламент немесе қандай да болсын басқасы кейінгі ұрпақтарды қандай негізде немесе қандай құқықпен барлық заманға бірдеңеге міндеттей алды?

Дүниеден қайтқандар мен дүниеге әлі келмегендер арасының алшақтығы соншалық, пенденің қиялы жалпы елестете де алмайды: бұл жалғанда ешқашан ұшыраса алмайтын қағидалар осы дүниеде ешқашан кездеспейтін екі функцияның – дүниеден қайтып кеткен адамдар мен дүниеге әлі келмеген адамдардың арасында қандай міндеттеме қабылдануы мүмкін, жарық дүние таусылғанша сақтау міндеттелетін қандай ережелер яки принциптер орнатылуы мүмкін?

Англияда халықтан оның келісімінсіз ақша алуға болмайды дейді; бірақ 1688 жылғы парламентті кейін келетін ұрпақтарды шектеп, бостандығын тартып алуға және олардың белгілі бір жағдайлардағы қарекет бостандығына құқығын біржола шектеуге кім уәкілеттік берді, кім уәкілеттік бере алатын? Сол ұрпақтар әлі өмірге келген де жоқ болатын, демек, олардың бұған өз келісімін беру немесе бермеу мүмкіндігі де жоқ болатын. [...]

Адамның иманы, революциялар кезеңдерінде әрқашан болатыны секілді, енді ғана бекіп келе жатқан кезде, өзара күдіктер және бір-бірін теріс түсінуге бейімділік туындайды; түптеп келгенде мүлдем кереғар көзқарастарды ұстанатын партиялардың өзі көбіне-көп бір қозғалысты қолдайды, бірақ бұл орайда мүлдем басқа-басқа мақсаттарды көздейді және басқа-басқа нәтижелерді күтеді. [...]

Адам қоғамға кіргенде бұрынғымнан жаман болайын немесе бұрынғымнан құқықтарым кем болсын деп емес, сол құқықтарымды жақсырақ қамтамасыз етейін деп кірген. Оның барлық азаматтық құқықтарының негізінде жаратылыстық құқықтар жатыр. Бірақ осы айырмашылықты дәлірек айқындау үшін жаратылыстық және азаматтық құқықтардың айырмалық ерекшеліктерін көрсету қажет.

Олардың арасындағы айырмашылықты бір ауыз сөзбен түсіндіруге болады. Жаратылыстық құқықтар шындап келгенде адамға оның өмір сүру құқығымен тиесілі құқықтар. Бұған барлық интеллектуалдық құқықтар, яки рух құқықтары, сондай-ақ кісінің өз берекесі мен бақыты үшін күш жұмсау құқығы жатады, себебі бұл басқалардың жаратылыстық құқықтарына нұқсан келтірмейді. Азаматтық құқықтар шындап келгенде қоғам мүшесі ретінде адамға тиесілі құқықтар.

Әрбір азаматтық құқықтың негізіне индивидте бар, бірақ осынау құқықты пайдалануға оның күші әрдайым жете бермейтін жаратылыстық құқық алынған. Бұған қауіпсіздік пен қорғануға қатысты барлық құқықтар жатады.

Осы қысқаша шолудың негізінде адам қоғамға кіргеннен кейін де сақтап қалатын және ол қоғам мүшесі ретінде ортақ қорға тапсыратын жаратылыстық құқықтар тобы арасында айырма жасау оңайға түседі.

Ол сақтап қалатын жаратылыстық құқықтар шындап келгенде жүзеге асыру қабілеті құқықтың өзі секілді жеке адамда соншалық мінсіз болатын барлық құқықтар. Бұл топқа, жоғарыда айтылғандай, барлық интеллектуалдық құқықтар яки рух құқықтары жатады; демек, оларға дін де жатады.

Сақталмайтын жаратылыстық құқықтар шындап келгенде жүзеге асырылуы адамның толық билігінде емес, бірақ құқықтың өзі оған табиғатынан тән құқықтардың барлығы. Ол тек оларды пайдалана алмайды. Адамға, мысалы, табиғатынан өз ісіне қазылық ету құқығы берілген; және әңгіме рух құқығы туралы болып отырғандықтан, ол одан ешқашан безбейді; бірақ оның түзетуге күші жоқ болса, қазылық етуден оған не пайда? Сол себепті ол оз құқығын өзі бір бөлігі болып табылатын қоғамға береді де, өзінің жеке күшінен қоғамның күшін артық көреді. Қоғам оған ештеңені тарту етпейді. Әрбір адам - өз қоғамында меншік иесі және құқығы бойынша оның капиталын пайдаланады.

Осы барлық шарттардан екі яки үш шүбәсіз қорытынды шығады:

Бірінші: әрбір азаматтық құқық жаратылыстық құқықтан өрбиді, яғни басқаша айтқанда, жаратылыстық құқықтың бірімен алмастырылып алынған.

Екінші: тап осылай қарастырылатын азаматтық өкімет – кісі өз бетінше жүзеге асыруға шамасы жоқ және сонысымен ол үшін пайдасы жоқ, бірақ біртұтас етіп жиналса, баршаға пайдалы болатын жаратылыстық құқықтар тобының біріктірілуі.

Үшінші: жеке кісі жүзеге асыра алмайтын жаратылыстық құқықтарды біріктіруден алынған билікті кісінің жүзеге асыру қабілеті, құқықтың өзі секілді соншалықты мінсіз кісі сақтап қалатын жаратылыстық құқықтарға қол сұғу үшін пайдалануға болмайды.

Осылайша, біз бір ауыз сөзбен адамның жаратылыстық кісіден қоғам мүшесіне дейінгі дамуын ізерлеп шығып, сақталатын құқықтар мен азаматтық құқықтарға алмастырылатын құқықтардың сипатын көрсеттік немесе көрсетуге тырыстық. Енді бұл принциптерді үкіметтерге қолданайық.

Дүниені шолып шығып, біз қоғамның қойнауынан немесе қоғамдық шарттан шыққан үкіметтерді, олай пайда болмаған үкіметтерден оңай айыра аламыз; бірақ жүгірте шолу кезінде қол жетпейтін анықтық енгізу үшін үкіметтер өсіп шығатын және олар арқа сүйейтін бірнеше қайнар көздерге тоқталу керек.

Бүл қайнар көздің барлығын үш айдарға біріктіруге болады: біріншісі – соқыр сенімдер; екіншісі – күш; үшіншісі – қоғамның ортақ мүдделері мен адамның ортақ құқықтары.

Біріншісі дінбасылардың, екіншісі – жаулап алушылардың және үшіншісі – парасаттың үстемдігі болды. [...]

Енді бізге соқыр сенімдер мен жаулап алудың жемісі болып табылатын үкіметтерге қарама-қарсы және олардан өзгеше, қоғамның қойнауынан өсіп шығатын үкіметтерді қарастыру керек.

Үкімет басқарушылар мен басқарылатындардың арасындағы шарттың нәтижесі деген байлам бостандық принциптерін орнықтырудағы маңызды қадам деп есептелді; бірақ бүл дұрыс емес, өйткені бұл салдарды себептен бұрын қою деген сөз: үкіметтердің пайда болуына дейін адам болуға тиіс қой, демек, ешқандай үкімет атаулы мүлдем болмаған, яғни, осы шарт жасасатын билеушілердің де болуы мүмкін емес заман міндетті түрде болғаны ғой.

Сондықтан индивидтердің өздері, әркім өзінің жеке және егеменді құқығына сәйкес үкімет құру үшін бір-бірімен шартқа отырды деп ұйғаруға толық негіз бар; және бұл үкіметтердің құрылу құқығы бар жалғыз тәсіл және олардың тіршілік ету құқығына жалғыз негіз.

Үкімет дегеніміз не яки ол қандай болуы керек екендігі туралы анық түсінік алу үшін оның бастауларына оралу қажет. Бұл орайда біз үкіметтердің не халықтан шығатынын, не халықтың үстінен орнайтындығын анық аңғарамыз. [...]

[...] Конституция мемлекеттік өкімет жөнінде, кейін осы мемлекеттік өкімет шығаратын заңдар сот жөнінде қандай рол атқаратын болса, тап сондай рол атқарады. Сот заң қабылдамайды және оларды өзгерте алмайды; ол тек қабылданған заңдарға сәйкес қарекет етеді, үкімет те осыған ұқсас түрде конституциямен басқарылады. [...]

Француз конституциясынан үйренетін нәрсе бар. [...] Француз конституциясы былай дейді: ұлт өкілдерінің жемқорлығына жол бермеу үшін Ұлттық жиналыстың бірде-бір мүшесі үкімет шенеунігі болмайды, мемлекеттік кызметте отырмайды яки мемлекеттік зейнетақы алмайды. [...]

Француз конституциясы былай дейді: соғыс жариялау және бітім жасау құқығы ұлтқа тиесілі. Бүл құқық соғыс шығындарын төлейтіндерге тиесілі болмағанда, басқа кімге тиесілі болуы керек? [...]

Соғыс дегеніңіз [...] отан ішіндегі жаулап алу өнері, оның мақсаты кірісті еселей түсу, ал оны салықсыз еселей алмайтын болған соң, шығыстар үшін сылтау ойлап табу керек. Ағылшын үкіметінің тарихын, ол жүргізген соғыстарды, енгізген салықтарды зерделей отырып, сырттағы қалыс бақылаушы соғыс жүргізу үшін салықтар жарияланған емес, салықтарды енгізу үшін соғыстар жарияланған дер еді. [...] Деспоттық үкіметтер соғысты тәкаппарлықтан жүргізеді; бірақ соғыс алым-салық жинап алу құралына айналатын үкіметтерде неғұрлым тұрақты қоздырғыш себептер болады.

Сондықтан, жамандықтың екеуінен де құтылу үшін Француз конституциясы соғыс жариялау құқығын корольдер мен министрлерден тартып алып, оны шығын шығаратындарға берді. [...]

Соғыс туралы мәселеге орай үш сәтті қарастыру керек. Бірінші: оны жариялау құқығы. Екінші: оны жүргізуге жұмсалатын шығындар. Үшінші: ол жарияланғаннан кейін оны жүргізу тәсілі. Француз конституциясы бұл құқықты шығындануға тиіс болатындарға берді, мұның екеуі де тек ұлтта ғана тоқайласады. Соғыс жарияланып қойғаннан кейін оны жүргізу тәсілін конституция атқарушы биліктің қарауында қалдырады. Егер барлық елдерде солай болса, соғыстар сирек кезедесетін құбылысқа айналар еді. [...]

Француз конституциясы барлық титулдардың күші жойылады, демек, бір елде "аристократия", ал екіншісінде – дворяндық деп аталатын, шыққан тегі күмәнді осы таптың бәрі жойылып, пэр (Англия мен Франциядағы ең жоғарғы дворяндық титул) адам дәрежесіне көтеріледі дейді. [...]

Расын айтқанда, титулдардың сойқаны аласталғаны үшін Францияның асқақ рухына қарыздар. Ол графтар мен герцогтардың ит көйлегінен өсіп шығып, еркектің киімін киді. Франция теңгерген жоқ, биіктеді. Ол адамды биіктету үшін ергежейліні төмендетті. "Герцог", "граф" немесе "эрл" тәрізді мағынасыз, бейшара сөздер өзінің тартымды күшін жоғалтты. Оларға ие болғандардың өзі осы сандырақ сөзді серпіп тастап, балалық-шалалық жастан өтіп, шылдырауықты лақтырып жіберді. [...]

Француз конституциясы заң шығарушы билікті атқарушы биліктен жоғары қояды; заң корольден жоғары: La Loi, Le Roi. Бұл да орынды, өйткені, заңдарды орындамас бұрын, олардың жасалуы керек. [...]

Француз конституциясын қарастыра отырып, біз одан парасатты реттілікті көреміз. Принциптер пошымдармен, оның екеуі де - шығу тегімен жарасады. Нашар пошымдарды ақтап, олар пошымдардан басқа ештеңе емес делінуі мүмкін, бірақ бұл қате. Пошымдар принциптерден өсіп шығады және солардың сақталуына қызмет етеді. Нашар пошым оның негізінде жатқан принцип те нашар болғанда ғана мүмкін. Жақсы принципке оны таңуға болмайды: қандай да бір үкіметте нашар пошымдар нашар принциптердің де анық белгісі болып табылады. [...]

"Пейн Т. Избранные произведения. М., 1959" басылымынан қазақшалаған Асхат ӘБІШЕВ.