ТОПОНИМДІК АНЫЗДАР

Сол күні қыздың әкесі түс көреді. Түсінен шошып оянып, жолға жинала бастайды. Жолда қызына кездеседі. Қызы әбден арып-ашып, жүдеген. Азапты көп көргенін кескіні-ақ айтып тұр. Қызынан ханның істеген қорлығын естіп әкесі бармағын тістейді. Қызын жетектеп ханға қарай бет алады. Ханның алдына келіп: «Қызымның қолын шауып, бұрымын кесіпсің. Кінәсін мойнына қой», – дейді. Хан тұрып: «Қызың менің жоқтығымды пайдаланып, жеңіл жүріске түскен, ұрлығы сол. Мен өмір бойы соның азабын тартсын деп, осындай жаза қолдандым», – дейді. Қыздың әкесі ойланып тұрып-тұрып қызының ақ-қарасын жұрт алдында тексермек болады. Халыққа қарап: «Егер менің қызым адал, күнәдан пәк болса, онда осы жерде қызымның бұрымы мен қолы орнына бітер, егер күнәсі болса, осы күйінде қалар», – дейді. Осыны айтуы мұң екен Бегімананың бұрымы мен қолы орнына кері бітеді. Қызының ақтығына көзі жеткен соң ханға қарап: «Менің қызымды осы кезге дейін азапқа салдың. Жанын бекер күйдіріп, істің ақ-қарасын тексермедің. Сен де осының көрген қасіретін тарт. Еліңді жылан сорсын», – дейді. Осы кезде Бегімана құсқа айналып ұшып кетеді. Ол аспаннан бір дорба топ етіп түсіреді. Әлгі дорбаның көлемі үлкейіп келіп аузы ашылып, ішінен ирелеңдеген жыландар шығып, қара құрттай қаптап, ханның елін шаға бастайды.

Хан да, бәйбішесі де, уәзірі де өледі. Жыландар жазықсыз халықты да шаға бастайды. Елдің үлкендері жиналып Бегімананың әкесіне келіп: «Хан азапты қызыңа көрсетті. Қара халықтың жазығы не? Өлер хан өлді. Енді айтқаныңнан қайт, дұғаңды қайтып ал», – дейді. Шал осы жерде дұға оқып: «Жыландардың уын қайтардым. Енді олар залалсыз. Бірақ жыландар елдеріңнен кетпейді», – дейді. Сөйтіп хан жазасын тартады. Бегімана осы ұшқанымен елсіз далаға барып қонады. Қонған жерінде үлкен мұнаралы үй пайда болады. Бегімана осы үйде тұра береді. Ханнан азап көрген қыз: «Өмір бойы еркек көрмеспін» деп, ер адамға ренжіген дейді.

Қазір бұл мұнара Каукейден он шақырым қашықтықта орналасқан. Алыстан-ақ мұнартып көрінеді. Бұл жерді «Бегімана» деп атайды. Ер адам бұл жерге бармайды екен. Мұнараға жиырма метр қалғаннан-ақ жер жұмсартып жүргізбейді екен. Бегімананың мұнарасы өте биік, әлі күнге сыны кетпеген. Мұнараның ұшар басына қарағанда биіктігі сондай, бас киімі түсіп қалады екен. Халық аузында «Бегімана әрбір жұма күні терезесінен сыртқа көз салып тұрады екен» деген аңыздар бар.

82. БЕҒАЗЫ

Бұл таудың Беғазы аталу себебін қазақ-қалмақ жауласқан уақыттарда Бегайым атты қазақтың қара көз батыр қызының атымен байланыстырады. Халқымыз қыздың ерлігіне, биіктігіне сүйсініп, бірақ осындай қыздарымыздың аздығына нали, «бектеріміз көбейсе, азаймаса» деген арман-тілекпен Бегайымды еркелетіп Бек-аз деп атап кеткен екен. Сонымен ұзыннан-ұзақ созылған таудың бір үңгіріне батыр қыз жасауын жинапты деседі. Шын батыр бір ұйықтаса алаңсыз ұйықтайды демекші, кыз бір жорықтан шаршап келген бойда ұзақ ұйқыға кіріседі. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» дегендей, бабаларымыздан бері сақталып келе жатқан жаман әдет «алауыздық» сол кездерде де болады. Бұны естіген жау қолы қуана келіп бір түні Бегайымды сол үңгірде өлтіріп, ешбір асыл бұйымдарына тиіспей, үңгірдің аузын берік таспен бекітіп кетеді. Содан халқымыз батыр қыздарын өз үңгірінде емес, жау қолында өлді деп есептеп, құрметіне Арқаның ұзыннан-ұзақ созылған сол тауын «Беғазы» деп атапты.

83. БЕКТАУ АТА, ӘУЛИЕ ШОҚЫ

«Жерұйықты» кезген Асан Қайғы Арқа жерінің бір тау маңына келіп, желмаясын шөгеріп, сол жерге қонып шығады. Таң алаң-құлаң болып атып келе жатқанда шырт ұйқыдан оянған екен. Қөзін ашып қараса, жұмбақ екі бәйтерек өсіп тұр екен. Сол екі жұмбақ бәйтерек өсіп тұрған тауды «Бектау ата» деп атапты. Әлгі таудан шығып, түс ауа келесі бір тау шетіне келіп түседі. Асан Қайғы тау төбесіне шығып, жан-жағына қараса, айналаның бәрін бір әулие қолмен алып келгендей болып, анық қөрінген екен. Бұл тау Асан Қайғыға әулие сияқты елес қалдырады. Сондықтан бұл тауды «Әулие шоқы» деп атаған екен.

84. БЕКТАУ ATA

Ертеректе осы таудың маңын жайлаған екі рулы ел өзара жауласып шапқыншылыққа ұшырайды. Бірі жеңіліп, босай бастағанда, Бек ата деген қария таудың қара үңгірінде паналап қалып қояды. Ол назаланып, «Ел-жұртымды ата-мекеніне қайтара көр!» деп Аллаға жалынады. Тілегі қабыл болып, ауылы жауын жеңіп, тұрағына қайта оралады. Сонан осы ел «Бұл жерде аруақты Бек атамыз қалған» деп тау Бектау ата атанып кетіпті деген аңыз бар.

85. БЕЛГІБАЙ ТАУЫ

Биік тауды ертеде батыр тұлғалы, палуан адам мекен етіпті-мыс.

Белгібайдың өмірі барымташылықпен өткен екен. Ешкімге өзінің есесін жібермепті. Бір сапарында Белгібай сол маңайға аты шулы айғырды қолына түсіріп, таудағы үңгірге әкеп қамайды. Айғырды кім алғанын бірден білген ел, Белгібайға келіп:

– Малдың киесі жаман болады. Ол қасиетті мал, бостандыққа жібер, – дейді. Белгекең ел сөзіне құлақ аспайды.

Үңгірде қамаулы айғыр, үңгір аузын жапқан тасты құлатып, мертігіп өледі. Айғырдың касиеті атқан Белгібай алжып, өздігінен атқа мініп-түсе алмайтын халінде жаяу қой қуып жүрген кезінде Белгібай тауының етегінде көз жұмады. Таудың Белгібай аталуы, міне, осыдан екен. Бұл күнде біреу біліп, біреу білмейтін, біреу көріп, біреу көрмеген Белгібай бейітін сол жерден табасыздар.

86. БЕРДІБАЙ-БЕРДЕН ТАУЫ

Жоңғар-қалмақ шапқыншылығы кезінде екі ағайынды Бердібай және Берден деген жауынгерлер болыпты. Ағайындылар негізі Кіші жүздің жігіттері екен. Сонау Кіші жүздің жерінен бастап, қалмақтармен соғысып, біздің жерге дейін келген екен дейді. Құланөтпес өзенінің бойында соңғы шайқас болыпты, өзеннің бойында өткел бар екен, ал қалған жерлері өте терең болғандықтан адам өтіп кете алмайтын болыпты. Сол өзен бойында бері қарай өткізбей, соңына дейін шайқасып, қалмақтарды жеңіп, өздері де сол жерде қайтыс болған екен. Сол жердегі екі тауды екі батырдың атымен атап кеткен екен. Қазіргі таңда сол екі таудың етектерінде молалары орналасқан.

87. БЕСБАТЫР

Найман мен үйсін руларының бір топ атқа мінерлері Орта жүзге жататын қаракесек руының бір ауылына үстемдік жүргізіп, біраз жылқыларын айдап алып кетеді. Орта жүздің Жанболат деген батыр жігіті шамалы қол бастап барып барымташылардан жылқыны айырып алады. Мұны естіген найманнан шыққан қос батыр бірін-бірі ала алмай жүргенде Донақты Жанболаттың Жайпақ деген мергені мылтықпен атып өлтіреді. Донақтың қолы жеңіліп, бір ұрыста бес батырынан айырылып, қалғандары қашып құтылады.

Осы оқиғадан соң Донақ батырдың Қаламқас деген қызы сауын малы мен біраз жұмыскер әкеліп, ағасы мен оның жолдастарына мазар соққызады. Сол бейіттің бүгінде болар-болмас белгісі тұр.

88. БЕСБОЙДАҚ

Теміршінің шығысында «Бесбойдақ» атты қуыс бар. Онда үңгір бар. Сол үңгірде ертеде бір қыз, төрт жігіт мекендеген екен. Елдің айтуы бойынша бұлар керей-төлеңгіт руынан болыпты. Қыздың аты – Жібек. Жаңағы жолдас болған төрт жігіттің біреуі Алдаберген байдың қызы Жібекке ғашық болады, бірақ бай кедей жігітке қызын бермейді.

Жігіттерде туған-туыс жоқ, әке-шешесі өліп, жетім қалған төртеуі байда жалшылықпен күн кешкен. Сөйтіп жүріп байдың жылқысынан ат мініп, қызбен келісіп, қоңыр күзде алып кетеді. Қар түспей, осы Теміршіге келіп, үңгірді мекен етеді. Тепсе темір үзетін төрт жігіт, бір қыз қыста аң аулап күн көреді. Келер жылы жаз шығып, жер аяғы кеңіген кезде із-түссіз жоғалып кеткен байдың қызын іздеп қуғыншылар да шығады. Ақыры сұрау салып іздеп табады да, қалың қуғыншы қызды өлтіреді, төрт жігіт амалдап қашып кетеді. Жігіттерді таудың тасын сүзіп, іздеп таба алмай қуғыншылар үйіне қайтады. Жібектен айрылған төртеу Теміршінің шығысындағы қуалай ағатын Шақабай өзені бойында мекендеп, кейін Жібекке күмбездеп бейіт салады. Мұны кейбір үлкендер кезінде ешқандай қабірі жоқ қыздың жалғыз саусағына салынған деп келген-ді. Ал біреулер сол Жібекті жігіттер өлген соң тастап кете барады да, сол түні сүйегін қасқыр жейді. Жігіттер іздеп тапқанда оның жалғыз саусағы қалады. Шақабай өзенінің бойындағы осы бейіт жалғыз мола аталынады. Осы өзенді қуалай салынған төрт бейіт бар. Бұлар Айуан, Лайқан, Нұрақ, Таймас бейіттері. Қызды сүйген жігіттің аты – Таймас. Жібектің сүйегін жалғыз тастамау үшін осы өлкеде мекендеп, кейін барлығы да осы өлкеде қалған деген аңыздың ұзын-ырғасы осындай.

89. БЕСҚЫЗ

Бір байдың болып толған бес ерке қызы көрші ауылға тойға барады. Той қызығымен жүріп, кеш болғанын байқамай да қалады. Ауыл арасы жақын болғандықтан түнемеге қалмай қайтып кетеді. Даланы қою қараңғылық басып, жылдам жүрулеріне мүмкіндік болмайды. Орта жолда жортқан бөрілердің арасында қалады. Содан үйлеріне оралмаған қыздарды іздеуге шыққан топ қыздардың шашылған киімдерінің үстінен шығыпты. Уақыт өте бес рудың тынысы үзілген жерден жалғыз тал өсіп шығып, бұл ер ақтық байлайтын қасиетті орынға айналыпты. Сол жер «Бесқыз» аталады.

90. БЕСОБА

Аңыз бойынша ерте кезде ерлігімен көзге түскен ағайынды бес батыр болған деседі. Елдің басына қауіп-қатер, қиын-қыстау заман туған кезде елін, жерін сыртқы жаудан қорғауда осы ағайынды бес жігіт күресетін болған.

Бір жылдары осы елге қалың қол кіріп, баланы бала, әйелді әйел демей, барлық елді қыра бастаған көрінеді. Сол кезде ағайынды бес батыр артынан бес мың қол бастап, бір төбенің басында жауына қарсы соғысады. Жау қолының күштілігі сонша, бес батырдың соңынан ерген бес мың адамнан бес адам да қалмайды. Сол кезде жау қолына түскен ағайынды бес батырды күлін көкке ұшырып өртейді. Ал осы бес батырдың орны ұсақ төмпешіктерге айналған көрінеді. Осыған байланысты бұл жер «Бесоба» деп аталған.

91. БЕТБАҚДАЛА АҢЫЗЫ

Қазақ-қалмақ шапқыншылығы кезінде жоңғар әскерлері бас қосып жиналып, қазақ жерін толық жаулап алу үшін жорыққа шығады. Көптеген күндер бойына сапар шеккен әскерлер қарсылық көрсететін қалың қосын кездесе қоймапты. Бірте-бірте қажыған жау жасақтары алдымен ас-су таба алмай қиналыпты. Өздерінше мәслихат құрған олар он мың жасақты арнайы аттандырып, қалғандары қос тігіп, кең өлкеге жайғасыпты. Арада айдан астам уақыт өткенде сол қосыннан екі-ақ адам қайтып оралыпты. Қалмақтың батыры: «Қазақ жасақтарына кезігіп, осындай күйге душар болдыңдар ма?» дегенде, жаңағы екеуі былай депті: «Біз ешқандай жасақ кездестіргеніміз жоқ, бірақ бір ен далаға түсіп, оның шеті мен шегін таба алмай ішерге су, жерге тамақ болмай, аштықтан-шөлден екеумізден басқасы майып болды». Осы әңгімені естіген қалмақ батыры бір мергеніне бес жүз жасақты қосып беріп, жаңағы екі адамды алдарына салып, өлгендерді көріп келіңдер деп жібереді. Қосын даланы тапқанымен өлген адамдарды кездестіре алмайды. Сөйтсе қырылған әскердің үстінен құм басып тастаған екен. Қайтып келген жаңағылар қалмақтың батырына: «Өзі құм дала екен, өзі жазық екен, өзі бетбақ екен. Қырылған әскерлерді көре алмадық», – дейді. Содан бері жаңағы өлке «Бетбақдала» атанып кетіпті.

92. БОТАГӨЗ

1713 жылдардың шамасында Еділ қалмақтарының сырттан торуылдап, тосыннан шабуылдап жүрген кезі. Есет батыр Әбілқайыр ханның шақыруымен Орынборға аттанып кеткен. Ауылда қару ұстайтын еркеккіндік санаулы екенін барлап білген қалмақтың қолбасшысы Қонды тайшы кенеттен шабуыл жасап, мал атаулыны айдап кетеді. Есет батырдың ауылы бөлек, Ботагөздің ағасы Ақшал суық хабарды кейіндей естіп, шағын қолмен қалмақтардың соңынан қуады. Саны мол қалмақтар қуғыншылардан басым түсіп, Ақшал қаза табады. Қалмақ қолы қорғансыз қалған қыз-келіншектерді айдап кетеді. Осы сәтте жылқышылар мен малшылардан қайратты жігіттердің басын құрап үлгерген 18 жасар Ботагөз ерлерше киініп қалмақтарға тұтқиылдан тиіседі. Жеңістеріне масаттанып, бейғам жатқан жау абдырап қалды. Қонды тайшыны қазақтар қамап, кеудесіне найзаларын тіреп, қозғалтпай тұрған кезде Ботагөз оның басына дәлдеп бұғалық тастап, қыл шылбырмен ат мойнына байлап, тақымына басып шауып ала жөнелді.

Басшысынан айрылып, берекесі қашқан жау қолын қазақ жігіттері тас-талқан етіп, малдарын елге қайыра айдап қайтарады.

Арада бір жыл өткен соң шайқаста қаза тапқан боздақтарға ас беріледі. Есет батыр мен Әжібай би бәтуаласып, көп ұзамай Барсай мен Ботагөз отау құрады.

Әжібай бидің алты ұлы бар екен. Сол алты ұлына көшті кезек басқартып, үміт етіп көрсе, олар жер ыңғайын байқай алмай, көшті ыңғайсыз жерге қондыра беріпті. Содан көңілі қалған би көшті Ботагөзге басқартыпты. Көш тоқтап үйлер тігілген соң Ботагөзге «Атаң шақырады» деген хабар жібереді. Есіктен кіре иіліп сәлем етіп, тізе бүккен келінге төрде шынтақтай жантайып жатқан атасы: «Жер ыңғайын дұрыс болжағандайсың, қызым, рахмет, тек мына құдықшылар ауыз суды шығара алмай жатқан көрінеді, күрек салар жерді өзің көрсетерсің», – дейді. Атасының осы мінезінің өзі ибалы келінге қатты әсер етеді. Ботагөз қамыс пен ши өскен ойпаңға тізе бүгеді де, қамшысының сабын жерге тіреп, жұмсақ жерге былқ етіп кіріп кеткен жерден бүлк-бүлк етіп мөлдір су шығыпты. Бұл осы күнге дейін ағып жатқан Ботагөз бұлағы деп аталады.

93. БОТАҚАРА

(І-нұсқа)

Ерте заманда Нұра суының бойында осы таудың етегінде мал дегенде жалғыз інгені бар бір кедей адам мекен қылып отырыпты-мыс. Әлгі адам інгенді байлап сауып ішеді екен де, түйе сауынға байланған кезде, бос қалған ботасы ұзап-ұзап өрістеп жайылып кетеді екен. Сонда әлгі адам баласына ана тауға шығып «ботаңды қара, ботаңды қара» деп қайта-қайта қақсай беретін болса керек. Сонан болып тау аты Ботақара аталып кетіпті дейді десе, екінші бір аңызда ерте қалмақ заманында осы өңірді Ботақара атты қазақтың батыр жігіті мекен етіпті. Бір кезде сол батыр қалмақтың Цеценхара атты қызына ғашық болып, оны еліне алып қашыпты. Қызды алып қашқан батыр елінің шетіне іліне бергенде, дәл Нұраның жағасында осы үш биіктің арасында алып қашып келе жаткан калмақ қызы Цеценхараның сүйген жігіті, калмақ батыры Хоянқара қуып жетіпті. Осы арада қызды жайына калдырған екі батыр жекпе-жек шайқас салыпты. Осы айқаста қалмақ батыры Хоянқара мерт болады. Ал Ботақара бір жақ санынан ауыр жараланып, содан бейнет тартып жатып, Нұраның бойында дәл осы таудың етегінде дүниеден өтіпті. Сөйтіп, қатар тұрған үш таудың Ботақара, Шешенқара, Қоянқара деп аталуы осыдан. Ортадағы таудың Шешенқара аталуы қалмақтың Цеценхара деген сөзін қазақтар өзінше Шешенқара атап кетуінен болса керек.

94. БОТАҚАРА

(ІІ-нұсқа)

Қазақ пен қалмақ елдері бір-біріне жақын жатқан кез екен. Бірде «Ботақара» деп аталатын тауға қазақтың қалың қолы келіп, сәл ғана ат суытуға тоқтайды. Төңіректі бақылау үшін тау басына қарауылшылар шығады. Осы таудың басында отырған қарауыл бір кезде көз ұшындағы биік тау басынан қараңдаған бір нәрсені көзі шалып қалып, анықтай келгенде Қарақұс деген тоқтамға келеді. Төмендегі қалың қолға жау қарасы көрінбейтіндігін айтып, бейқамдыққа жол береді. Сөйтсе, әлгі караңдаған жау барлаушысы екен, алыстан қараған қазақ барлаушысын бірден біліп, жаудан байқатпай, шапанының етегін екі жаққа желпіп құс болып байқатпай түсіп кетеді. Осы жағдай қазақ қолына сәтсіздік әкеліп, «жау жоқ» деген ойға берілген қалың әскер ертеңіне өздерінің қоршауда қалғанын бір-ақ біліпті.

Дәстүр бойынша айқас әуелі жекпе-жектен басталады. Қалмақ жағынан бір батыр, қазақ жағынан Нарбота есімді батыр шығады. Екі батыр бес қаруы майысып, аттары әбден жүруге жарамай қалғанша айқасады. Ақырында жаяу айқас үстінде оңтайлы бір сәтте Нарбота қарсылас батырдың дулығасын жұлып алады. Сөйтсе, қарсыласы қыз екен.

Содан екеуі де айқасты доғарып, бір сәт бітімге келеді. Бұны ұнатпаған қалмақтың бір батыры Нарботаны атып түсіреді. Есіл ер қапылыста қаза болады. Ал батырға ғашық болып қалған Қиқан қыз да өз жүрегіне қанжар салып, Нарботаның қасына құлайды.

Ақырында, екі жақ бітімге келіп, екі ғашықты бірге жерлеген екен. Қос ғашықты мәңгі ұмытпас үшін Нарботалар тұрған тауды Ботақара атауға, ал Қиқан қыздың құрметіне қалмақтар қарауыл қараған тауды атауға келісіпті.

Қазақтар Қиқан есімін өз тілдері заңдылықтарына қарай «Шешенқара» атап кетіпті.

95. БӨЛКЕН САЙЫ

Ертеректе Бөлкен деген адам жолаушылап келіп осы сайдың аузында тыныстайды. Сонда бұларға қарама-қарсы бір жылан келіп тоқтайды. Бұны көрген Бөлкен жолдастарына: «Мен мына жыланды тарымдаймын (тілін байлаймын), егер бұны өлтірмесем, кейінгі ұрпақтарға зиян жеткізеді» деп жыланның жатқан жерінің сыртын айналдыра шеңбер сызып, арбасуға кіріседі. Жолдастары қорқып қашып кетеді. Соңында Бөлкен жыланнан жеңіліп мерт болған екен. Содан бұл сайдың аты Бөлкен тарымшының атымен аталып кеткен.

96. БУРАБАЙ

Арқадағы Көкшенің өңірінде елі мен жұртын әулиедей санаған ақбас бура мекен етіпті дейді. Ол бураның әсемдігі, сипаты көрген адамды таңырқатпай қоймайды екен. Соның сұлулығына қызыққан бір батыр аңдып жүріп жаңағы бураны қос жебемен атады. Ауыр жарақат алған бура биік тауды айнала қашып барып бір тұстарға жеткенде шөге кетеді. Боздаған дауысын естуге, көзден аққан жасын көруге дәті бармаған батыр да, ел де көп уақытқа дейін жаңағы тұсқа жолай алмапты. Бураның үні тоқтап, елдің көңілі басылғаннан кейін батыр бір топ серіктерімен әлгі жерге келсе, сол бура тасқа айналып, көзінен аққан жасы көлге айналыпты. Содан бері көпшілік сол көлді «Бурабай» деп атап кетіпті.

97. БҰҚА ТЫШҚАН ТАУЫ

Ертеде бұл жерді Әйтімбет деген аталы, рулы ел жайлаған екен. Кейін Кеңес одағы орнап, жаппай байларды конфискациялау жүргенге дейін, шашты руынан шықкан атақты Спанның Әміресі деген байдың жаз жайлауы болған еді. Сол Әміре бай небір атқамінер, болыс-шонжарлар мен ояз-уезнойларды осы жайлауда қарсы алып күткен көрінеді. Бірақ қанша бай болса да, Әміренің ұлы болмапты. Үш қызы болған екен. Алайда оларды балаға санағысы келмесе керек.

Сөйткен Әміре бай етегінен мөлдір бұлағы бұрқырап ағып жатқан, жан-жағы жағалай таулармен қоршалған бір дөңнің үстінен малайларын жалдап, балшықтан кірпіш құйғызып қора салуға кіріседі. Бұл жаппай елде қонфискация жүріп жатқан кез болғандықтан, оған келіп:

– Сен бәрібір ертең қонфискеленіп, ит жеккенге жер аударылып кетесің, саған бұл қораның керегі не? Ертеңгі күнгі кызығын өзің көрмейсің, – дегендерді тыңдамайды.

– Менің үш қызым бар. Құдай маған ұл жазуды көп көрген-ау деймін. Ол қыздар маған не әпереді. Ертең-ақ бір-бір байларына тиіп, сайда саны, құмда ізі қалмай, бөтен адам боп өз жөндеріне кетеді. Ал, менің атымды атап жүретін артымда ұлым жоқ болғандықтан, кейін осында қалған халық атымды атап жүрсін, өз игілігіне жаратсын деп салдырып жатырмын, – дейді.

Салдырған қорасының асты-үстін түгел тақтайлатады. Соған жұмсалған ағаштарды қораның арт жағындағы биік таудан айналып отпей, төтелей асып, тасытқан екен. Бұл ауыр-ауыр тақтайлық бөренелерді тасуға дәу-дәу бұқаларды жегеді. Күннің ыстығында ауыр жүкті сүйреген семіз бұқалар биік тауға шыға алмай тышқақтап зорығады. Содан бері осы биік тауды «Бұқа тышқан» деп атап кетеді. Оны кейбіреулер «Бұқашыққан» деп те атайды.

98. БҰЛҚАЛАЙ

Бұрынғы өткен заманда бір аңшы болыпты. Ол аңнан қайтқан сайын ылғи бір әулиенің қасынан өтеді екен. Әулиенің қасынан өткен кезде мола басында күбір-күбір сөйлескен дауысты естиді. Бір күні сол әулиенің қасынан өтіп бара жатса, баяғы дауысты тағы естиді. Аңшы жақын жердегі ауылға барады да, бірінші жолыққан адамнан сұрайды:

– Осы әулиенің қасынан өткен сайын күбірлеп сөйлескен дауысты естимін. Олар кімдер?

Сонда жаңағы адам:

– Е, бұл жер «Бұл қалайдың ауылы» деп аталады, – дейді.

– Неге? – деп сұрайды аңшы.

– Қашан осы әулиеге барсаң, күбірлеп сөйлескен дауыстарды естисің. Бірақ кім екен деп молаға кірсең, сөйлесіп отырған жан көрмейсің. Сондықтан «Бұл қалайдың ауылы» аталады, – деп жауaп беріпті әлгі адам.

Келесі жолы аңнан қайтқан аңшы сол баяғы дауысты тағы естиді. Ол біраз тұрады да, не де болса кім екенін байқап көрейінші деп ат басын әулиеге бұрады. Дауыс шыққан тұсты жағалай келсе, бір моланың басында өзімен өзі сөйлесіп отырған бір жігітті көреді. Аңшы қасына жақындап келеді. Жігіт аңшыны көріп, орнынан тұрып сәлем беріпті. Аңшы:

– Сен бұл жерде не істеп отырсың? Кіммен сөйлесіп отырсың? – деп сұрайды. Жігіт:

– Сенің келгеніңді байқамай қалдым. Енді сен мені көрдің ғой. Мен саған бұл жерде отырған себебімді айтайын. Мен бір кемпір мен шалдың жалғыз ұлы едім. Өлгеніме бір жыл болды. Ол дүниеде Құдай мені өзінің есепшісі етіп қойды. Мен әр жұма күні тіріліп, осы мола басында қасымдағы жатқан адамдармен сөйлесемін.

– Құдайға есеп бергенің қалай?

– Мен пенденің есебін беремін.

– Қалайша?

– Мен осы жерде отырып әлемде не болып жатыр бәрін көріп, біліп отырамын.

– Олай болса менің өмірімді айтып берші.

– Өзің үйленбеген, бойдақ жігіт екенсің. Аңшылықпен күн көресің. Сен үйленетін қыз осы ауылда. Кеше ғана өмірге келді. Ол қыздың ажалы аттың ер-тоқымынан. Перзент көрмейсің.

Аңшы жігіттің сөзіне сенбейді. Бірақ біраз әңгімелесіп кеткеннен кейін екеуі сол жерде Құдай қосқан ажырамас дос болып қол алысады. Аңшы кететін кезде жігіт:

– Достым, сенен сұрайтын бір өтінішім бар. Мені көргенің туралы ешкімге тіс жарма. Егер менің тірі екенімді әке-шешем білсе, олар сол мезетте осында мені көруге келеді. Ата-анам мені көрмеуге тиіс.

Көп ұзамай үйленген жігіттің әйелі ер-тоқымның үзеңгісі кіріп кетіп құлаған жерінде қайтыс болады. Әйелінің өлгенін естіген аңшы артында тұяқ қалмағандығын бір-ақ біледі. Көп ұзамай артынан аңшы да қайтыс болады. Сөйтіп, «Бұлқалайдың ауылы» жұмбақ күйінде қала беріпті.

99. ГҮЛШАТ

Ертеде Ташкент қаласында мыңғырған малы бар Бекмет деген көпес бай өмір сүреді. Әйелімен екеуі бақытты өмір сүргенімен, бір перзентке зар болады. Бір күні көпес байдың түсіне бір әулие кіріп, мынандай аян береді: «Күндердің күнінде әйелің жүкті болып дүниеге бір қыз келеді, осы қызыңның атын Гүлшат деп қой», – дейді де, өзі жоқ болып кетеді. Бірақ бай көп күнге дейін түсіне сенбей жүреді. Бірақ түсінде айтқан сөз расқа шығып, әйелі жүкті болады.

Сөйтіп дүниеге бір қыз сәби келеді. Байдың қуынышында шек болмай, қырық күн той жасап, қызының атын Гүлшат қояды. Енді үйде үш адам тұрады. Байдың қызы күн санап, ай санап, толысып, әкесінің байлығының арқасында еліктей еркелеп, бойжеткен сұлу қыз болып өседі. Қыздың сұлулығы соншалық, ай десе аузы бар, күн десе көзі бар, сөйлесе көмекейінен күн көрінер, ақылды да шешен, ділмар қыз болады. Қызға сыртынан ғашық болған жігіттер қыздың алдына келгенде сөйлей алмай, келген іздерімен кері қайтқан. Қыздың ақылдылығы соншалық, өзіне дәмелі жігіттер алдына келген кезде, оларды майда сөзбен шығарып салған.

Сөйтіп Гүлшат әкесінің байлығының арқасында мәнді де, сәнді өмір кешіп жатты. Бекметтің бай болғаны соншалық, ол қызы Гүлшатқа да қызметшілер береді. Қызметшілер қыз не айтса соны орындайтын болған. Гүлшат қайда барам десе де, өз еркі өзінде болған. Қызметшілерімен қайда той, қайда ойын-сауық сонда барып жүре береді. Қыз сөйтіп, өмірін баршылықтың арқасында қызықты өткізеді.

Күндердің күнінде қыз айықпас дертке шалдығады. Әкесі қызын жақсы көргені соншалық, қызының асты-үстіне түсіп бәйек болады, алыс жақтардан әулие-әмбиелерді алдырып емдетеді, бірақ қызына ешқандай ем қонбайды. Сөйтіп әкесі не істерін білмей әлекке түседі. Құдайға жалбарынып: «Қызымның орнына өзімді ал, қызымды алма. Қызыма денсаулық бере көр, сенен тілейтінім сол», – деп, не түнде, не күндіз ұйқы көрмейді. Сөйтіп қызының қандай ауpy екені белгісіз болады.

Бір күні қыздың түсіне ақсақалды қария кіріп: «Қызым, бұлай жата берме, түрегел, басыңды көтер, қызметшілеріңмен бірге әкеңнің малын айдап жолға шық», – деп аян береді.

Сөйтіп қыз басын көтеріп, қызметшілерімен және малышларымен Ташкенттен қой айдап, жолға шығады. Ол уақытта қой жәрмеңкесі Ақтоғай жерінде болатын. Түйе арба мен қыздың өз алдына ат арбасы болатын. Талай жерлерді қонақтап, Тарғыл тауының баурайына тоқтап, сол жерге қонып, таңертең ерте жолға шығуға дайындалады. Малшылар үш-төрт тастың басын қосып, от жағып, қойдың сүтін пісіреді. Сол уақытта тастар қорытылып қалады. Оны келіп қызметшілері қызға айтады. Қыз: «Тастарды алып келіңдер де, арбаға салыңдар», – деп бұйрық береді.

Сонымен қойларын айдап, жәрмеңкеге келіп, қойларын сатып, Ташкентке аман-есен оралады. Қыз тастарды әкесіне әкеліп береді, ал әкесі оны ағылшындарға апарады.

Ағылшындар тасты көріп, таста руданың барын біліп, қайдан алғанын, қай жер екенін көрсетуін сұрайды. Содан қыз ағылшынның адамдарын ертіп, Тарғыл тауының баурайына келеді. Олар сол жерді қазып, екі құлағы бар дәу қазандай ыдыстың екі құлағына арқан байлап, түйемен тартып, қазылған тастарды түгел алып шығып, елдеріне барып, оны зауытта айырып, мыс рудасының барын анықтайды. Содан ағылшындар қызға риза болып, рахметтерін айтып, енді бұл жер сенің атыңмен «Гүлшат» аталады дейді. Сөйтіп, қыз аман-есен еліне қайтып, әкесін қуанышты хабарын жеткізеді. «Ағылшындар Тарғыл тауы бар жерді менің атыма берді, енді менің атым тарихта қалады, атымды бүкіл дүние жүзі халықтары естиді», – деп мақтанып калады. Көп ұзамай Гүлшат қыз дүние салады. «Бірақ оның өзі өлсе де, аты өлмейді», – деп әке-шешесі Құдайға тәубашылық қылады.

100. ДӘН АЯҒЫ ҮСІГЕН

Ертеде табын деген елді әлі келген байлар жерінен қуып, олар үдере көшкен екен. Осы көшу кезінде қатты құтырған боран соғып, Табын елінің ақылына көркі сай қыздарының бірі Дәннің аяғы үсіп қайтыс болған екен. Сол Дән қайтыс болған жер бұрын «Белқұдық» деп аталса керек. Кейіннен «Дән аяғы үсіген» деп аталып кетіпті.

101. ДӘНБҰЛАН

Ағайынды Дән мен Бұлан бір ауылдың баскөтерер азаматтары болса керек. Үнемі Дән халқына сыйлы, сабырлы, алдынан ешкім кесіп өтпеген беделді кісі болыпты.

Жаздың бір жаймашуақ күнінде ойламаған жерден жау шабуыл жасайды. Осы шайқаста Дән ауыр жараланады. Ауылы қонысын тастай беті ауған жаққа жөңкіле көшеді. Көш ешбір тоқтаусыз үш күн, үш түн жүреді. Жолды көтере алмаған Дән үшінші күні көшті тоқтатып: «Осы жерге аялдаңдар, мен де бұдан әрі бара алмаспын, мені сонау көрініп тұрған қызыл шоқыға қойып, басыма күмбез соғыңдар, өлсем денем жауымның аяғының астында қалмасын», – деп аманатын айтып дүниеден кеткен екен.

Ел-халқы ақ жауып арулап қойған соң, биік шоқыға күмбез тұрғыза алмай әбден тығырыққа тіреледі. Сонда інісі Бұланның әйелі: «Бұл күмбезді мен қалай аламын, бірақ бейітті қалап болған соң мен де осы жерде көз жұмамын, өйткені қайнағамның әруағы мені басына шыққаным үшін кешпейді. Мені осы кісінің аяқ жағына жерлеңдер», – деп іске кіріседі. Бейіт қаланып біткен соң келіншек те дүниеден өтеді. Ағайын-туысы оның өтінішін орындап өзі көрсеткен жерге қойып, басына төртқұлақ бейіт соғыпты. Содан бері бұл жазық «Дәнбұлан» аталып кеткен екен.

102. ДОС ӨЗЕНІ ЖАЙЛЫ АҢЫЗ

Қазақ-қалмақ жауласқан, барымта алып дауласқан заманда Дос деген батыр өмір сүріпті. Елін, жерін жаудан қорғап, талай шайқастарда жеңіске жетіп жүреді.

«Аңдыған жау алмай қоймас» дегендей күндердің күнінде қалмақтар Дос батыр мен баласы Қожаназарды қолға түсіреді. Тігілген көп шатырдың бірінің ішіне байлап тастап, өздері ақыл-кеңес жасайды. Олардың сыбыр-күбірін естіген Дос батыр:

Атаңа нәлет қалмақтар

Сыбыр, сыбыр етеді.

Сыр құлаққа жетеді,

Сөз сүйектен өтеді.

Сыйласпаған жат, шіркін

Әлде не етіп кетеді?

Баласына мұсылман

Не жамандық қылдым-ай?

Өзім өлсем боғым-ай,

Қожаназар құлыным-ай, –

деп зарлап жылайды. Сол уақытта жаудың бірі тұрып: «Біз бұларды өлтірмелік. Таңдауды өздеріне беріп бірін еліне қайтарайық, екіншісін тұтқын етіп қолымызда ұстайық», – депті. Сонда Қожаназар әкесіне:

Айналайын әтекем,

Жау пиғылы жат екен.

Құмарлығың болайын,

Жау қолында қалайын.

Сақалыңның ағында,

Өлеріңнің шағында

Қалмақтың қаласында қалмай,

Қазақтың қаласында қала гөр, –

дейді. Дос былайша жауап беріпті:

Ит қалмаққа шал емес

Қылшылдаған жас керек,

Ұрпақ құрар бас керек.

Терімізді берсек те

Тегімізді бермейік.

Қазы-қарта асадым,

Жетпіс сегіз жасымда

Мен несіне сасамын.

Шырылдап жауда сен қалсаң,

Сопиып елге мен барсам,

Екінің бірі айтпай ма,

Егіздің бірі айтпай ма

Қажыған шал екен деп.

Бірақ қалмақтар екеуін де жібермей, өлімге душар етеді. Сөйтіп, батыр жерленген жердегі ағып жатқан өзенді ел «Дос өзені» деп атап кетеді.

103. ДӨҢГЕЛЕК КӨЛ

Бір жас жігіт көрші ауылдың қызына ғашық болыпты. Олар қосылғысы келеді, бірақ қыздың әке-шешесі қарсы болыпты. Қыздың сүйген жігіті кедей, ал қыздың ата-анасы қыздарын бай жерге бергісі келеді. Содан қыз бен жігіт қашып кетуді ұйғарады. Соңдарынан шыққан қуғыншылар қуып жетейін дегенде қыз аттың үстінде отырып, қолындағы білезігін лақтырып жібереді. Сол жерде көл пайда болады. Қыз бен жігіт көзден таса болып, ал қуғыншылар көлдің ар жағында қалып қояды. Сол заманнан бері көл «Зеренді» аталып кеткен екен.

104. ЕДІГЕ ТАУЫ

Бұл Едігенің қартайып, сырқаты меңдеген кезі екен. Сырқаты меңдеп көз жұмар шағы жақындағанын сезген ол үлкен ұлын шақырып, қол астындағы елін жинауды бұйырыпты.

Ел тегіс жиналғанда Едіге басын көтеріп:

– Уа, халқым, қалың жұртым! Ажал менің иығымды басты. Ендігі өмірім де санаулы. Әттең, жаумен жағаласып жүріп, қан майданда өлсем, арманым жоқ еді. Жасымаңдар, жұртым! Менің бұл халімді естіген жау да кешікпес. Тұлпарым белдеуде тұрсын, сауыт-сайманымды оң жақ керегеге іліңдер, – депті. Арада аз күн өткенде ауылға «Аттан, аттан жау келді!» - деген дауыс естілді. Дауысты естіген Едіге қолына қара сүңгісі мен алдаспанын ала тұлпарына мініп, тауға қарай тұра шабады. Ол кезде батырлар жаудың бағытын, қолын білу үшін ең биік жерге шығып қарауыл қарайды екен. Шапқан бетте таудың ұшар басына жеткенде Едіге атымен қоса мұрттай ұшады. Ел жиылып сүйегін сол жерге жинапты. Міне, содан бері аты жоқ тау «Едіге тауы» деп аталыпты. Денесін таудың басына алып шығады. Бозғыл тасты тау жықпылынан қашап, қуыс жасап Едігені соған қояды. Үстін таспен бекітті. Соңынан жұрт үстіне төбедей етіп тас үйді. Арқаның ең биік тауы – Ұлытаумен ұшар басын таластырғысы келгендей қостар тұрған Едіге жатқан кіші тауды жұрт енді көбіне «Едіге тауы» деп атайтын болды.

105. ЕДІЛ МЕН ЖАЙЫҚТЫҢ ҚҰДАЛЫҒЫ

Қазақтың Алау батырының заманында болса керек, аттары Еділ, Жайық деген екі адам болыпты. Еділ Еділдін арғы бетін, Жайық Жайықтың шығыс бетін қоныстаныпты деседі. Еділдің ұлы бар екен, Жайықтың қызына құда түседі. Еділ келінін алмақ болып, баласын бір жыл бұрын жіберіпті. Қайынына келіп бала аттанарда, қалыңдығы күйеуінен сұрайды: «Енді қашан келесің?» – деп. Күйеуі: «Алдағы жылдың көктемінде қазбен бірге келемін», – депті. Көктем шыға Жайық келіндеріне ақ отаудың киізін тіктіреді, жеңгелері киіз тігіп жатқанда қастарында ұзататын бикеші отыр екен, мырс етіп күліп жіберіпті. Өмірінде бір күлмеген қыз екен. Жеңгелері жабыла сұрапты: «Айналайын, бикеш жан, күлгеніңді көрмеген едік, не нәрсеге күлдің, айт?» – деп. Қыз айтпайды. Ақыры кіші жеңгесіне айтады. «Былтыр күйеу шіркініңізден аттанарда енді қашан келесіз?» деп сұрағанымда, «Алдағы жыл көктем қазбен бірге келемін» деп еді. Қаз-қанатты құс, жердегі адам ұшқан құсқа ілесе ала ма екен? Ал, келсең көрейін, қазір бір топ қаз өтті. Соған күлдім», – депті қыз.

Сол мезетте біреу: «Анау төбе басындағы атын ұстап отырған адам бағанадан отыр, не қылған адам?» – депті. Білуге барса күйеу екен. Ауылдағы қыз-қатын алдынан шығыпты. Күйеу: «Мен әзір отырамын, менің өзіме бір отау, атыма бір отау тіктіріңіз, сол біткен соң барамын», – дейді. «Аттың отауының ішіне сирақтап екі астау жасағайсыңдар, біріне сүт, біріне су толтырыңыздар», – депті. Бәрі де бітіпті, күйеуді апарыпты, аттың бір жағына бір астау сүтті, екінші жағына бір астау суды қойып суытады. Күн тумай ойын-тойдан үйіне қайтып бара жатып бір сусылдаған қатын арнайы отау тіктірген неғылған ат, көрейінші деп сабау мен туырлық етегін көтеріп қалғанда ат шошып кетіп ышқынғанда, кеңірдегі үзіліп кетіп өліпті. Аттың сүбелігінде артқа қарай біткен қысқа екі канаты бар екен, суығанда бірін сүтке малып, бірін суға малып тұр екен.

Атты тау басына апарып адамша жерлеп, басын нар өркеш топырағына орнатады. Мұнан кейін күйеу отауда теріс қарап жатып алған. Атасы Жайық күйеуіне: «Тұрсын, болып болғанда сырты түк, іші боқ бір айуан ғой, мен оның орнына бір ат беремін, сол атпен ертең шығып бір күнде аулына жетсін бір қонып қайтып, бір күнде мұнда жетсін. Бару-келуінде жолында не көрсе де маған баян етсін», – депті. Күйеуі орындапты, ат та сондай жүйрік жақсы ат екен. Атасы амандасып болған соң күйеуінен жолда көргенін сұрапты. Күйеуі: «Баруда ештеңе көрмедім, қайтуда жапан түзде адамсыз қосақта тұрған көп қойды бір жетім қозы емеді, бірақ тоймайды, мұны онан кейін ми далада тұрған аппақ отауға келіп, айқайлап едім, дыбыс бермеді. Атымнан түсіп есігін ашсам адам жоқ, іші тола сасыған өлімтік. Онан өткенде жөніне қарай кетіп бара жатқан бір топ қыз-келіншек көрдім, жетейін деп қаттырақ жүрсем де жете алмадым, ақыры ұзай-ұзай ғайып болды», – депті. Атасы Жайық: «Жапан түздегі қосақта түрған көп қой – халық, еміп жатқан жетімек қозы әкімдерге мысал, халықты қанша жесе де тоймайды, ми даладағы ақ отау осы күндегі адам – біз, сыртымыз сондай әдемі, ішіміз өлімтіктей арам ой, алдында жөніне карай жүріп бара жатқан бір топ қыз-келіншек осы келудегі мақсатың еді, бұл мақсатың саған жеткізбей кетсе, мақсатыңа жете алмай, бос қайтады екенсің, шырағым», – депті.

Күйеу кейін ауылына кеткен күні қалыңдығы «ауырдым» деп жатып қалған екен, бүгін ауруы қатап жатыпты, бір-екі күннен кейін дүниеден қайтыпты. Күйеу қалыңдығын қолынан торы аттың қасына қойысып, жылап-жылап еліне қайтыпты. Осы күні Орал қаласының шығысындағы «Торат-басы, Қыземшек, Шыңғырлау» деген жар аттары содан қалыпты деседі.

106. ЕДІРЕЙ ТАУЫ

Ертеде қалмақ-жоңғарлар қазақ еліне шабуыл жасап, елімізді, жерімізді басып алған. Сол шапқыншылықта Балқаш арқылы солтүстікке қарай қоныс аударады. Біраз уақыттан соң, ел естерін жинап, бас біріктіріп, қалмақтарға қарсы үлкен соғыс ашады. Қалың қол, айбынды да жігерлі, кекті қазақ батырларының шабуылына төтеп бере алмай, жеңіліске ұшырап, қатты қырылады. Қалмақтар шегініп, қазіргі Қу өңіріне барады. Осы жерде тағы да үлкен ұрыс басталады. Ұрысқа қалмақтың Едірей, Бедірей деген екі батыры қатысады. Едірей сол жерде өліп, соғыс болған өңір оның атымен аталып кеткен. Сүйегі сол таудың маңына қойылған деседі.

107. ЕКІБАЙ

Бабық адайда Мыңбай, Сенбай деген екі батыр болады. Бірде Мыңбайдың бір бөлек жылқысын ұрылар айдап кетеді. Мыңбайдың баласы Екібай батыр жеті кісіге бас болып, жылқысын іздеп шығады. Сол кезде Майдан шырдай Қарасудағы Қамыскөлді жайлап отыр екен. Жылқыларын солар алыпты, танып сұраса бермейді. Содан Екібайлар жылқының бір шетін бөліп алып еліне қарай қуады, Шырдай Арда іле қуып, көп ұзатпай Еспай деген батыры Екібайды найзамен шаншып өлтіреді. Қалған алтауы жан сауғалап өзінің еліне қашып кетеді. Ол кезде Қайнар мен Сағыздың арасында Бабық адайлар бір өлген кісіге ас беріп жатыр екен. Кісі өлтірген оңай емес, Екібай өлгесін Майдан шырдай үркіп қазіргі Шұбаршиге келеді. Келіп Шырдайдан он алты кісі өлтіреді. Еспайды тірілей ұстап алып кетеді. Оны жаздай басын шығарып түйенің терісіне тігіп қойып азаптайды. Күзге қарай адайлар Маңғыстауға қарай көшерде теріден шығарып алып, төрт-бес қылышты көрсетіп, соның қайсысымен шабуын сұрапты. Мыңбай батырдың наркескен деген қылышы бар екен, жанын қинамай, сонымен шабуларын өтініпті. Келер жылы адайлар шырдайдың Пышық деген байының жалғыз баласын өлтіріп кетеді. Бір Екібай үшін шырдайдан адай он сегіз адам өлтіреді. Майдан шырдай адайларды заңға тартады.

Қазіргі Қамыскөлде Екібайдың шошақ тамы тұр. Тасты биенің сүтімен жылқының қылымен араластырып басқан.

Бұл оқиға шамамен 150-160 жыл бұрын болған.

108. ЕКІБАСТҰЗ

Ел мен елдің арасында сауда-саттықтың кеңінен таралған кезінде, бір саудагер адам өзінің мүліктерін бірнеше түйеге қамдап артып, адырлы даламен сапар шегіп келе жатады. Ұзақ жолдан шаршаған, қалжыраған керуен бір тұстарға келгенде аялдап, ас ішіп, ауқаттанбақ болады. Кепкен еттерін алып, пісірмекке дайындық жасайды. Бірақ от жағатын отын таба алмай, дағдарысқа душар болады. Жинап әкелген шөп-шалам мен шөпшектер тез жанып кетіп, ет пісіруге мүмкіндіктері келмейді. Біраз адамдар даланы шарлап, тезек іздеп кетеді. Сөйтіп жүргенде бір тышқанның інінен шығып жатқан түйір-түйір қара домалақ тастарды көреді. Әлгіні қызық көріп жинап, қап түбіне салып алған тезек теруші керуен жайғасқан жерге қайтып келіпті. Шамалы жиналған тезекпен от жағып, дөңгелене отырған бір топ адам әлгі қара тастарды қолдан-қолға өткізіп тамашалап қарайды. Шамалыдан соң уыстаған күйінде біреуі жанған отқа қарай лақтыра салады. Отқа түскен бір уыс қара тастар қызуы күшейіп, жана бастайды. Соны көрген керуеншілер: “Жанатын тас шығаратын жер екен мынау. Бұл жерге біз белгі қойып кетейік, елге барғаннан соң көпшілікті ертіп әкеліп, өнім алармыз”, – деді де, саудалауға әкетіп бара жатқан үлкен-үлкен тұзды бірінің үстіне бірін қойып қалдырып кетеді. Кейін көпшілік жиналып келерде жаңағы жерді екі қос тұз қалған жер деп іздеп, соңынан “Екібастұз” аталып кеткен екен.

109. ЕРЕЙМЕНТАУ

Сонау ерте заманда «Ақтабан шұбырынды» кезінде қанжығалы деген ел Сырдың бойын мекендеген екен. Бірақ жаугершіліктің әртүрлі ауыртпалығының әсерінен мал мен жанға қолайлы жер іздеп сары даланы бетке ала көшеді. Көш жүре-жүре Арқаның айтулы көкшалғынды таулы аймағына келіп, ат басын тірепті. Бір тасты таудың басына шығып байқаса, тастары ыстық екен. Сонан бұл тауды «Күншалпын» деп атайды. Келесі бір таудың беткейін аралап жүрсе ірі-ірі әр жерде жатқан тастарды көреді. Бұл таудың атын «Сандықтас» деп атайды. Күндердің бір күнінде жоңғарлар ойда-жоқта шабуыл жасапты. Белгілі батыр Бөгенбай бір топ сарбаздарымен жоңғарларға қарсы шығады. Жекпе-жек сайысы болып, жаудың батырын найзамен шаншып түсірген Бөгенбай жеңіске жетеді. Қалмақ батырының мінген аты тұлпар болса керек. Бөгенбай қашқан жауды түре қуып тастап жаңағы атты бір жігітке іздетіпті. Арада бірнеше күн өткенде әлгі жігіт күрең атты Кәрі тау деген жерден тауып, жетекке алып ауылға келеді. Сұрағандарға атты «ерімен табылды» деп жауап беріп отырады. Осыдан жаңағы Кәрітау Ерімен тау, кейін келе «Ерейментау» аталып кеткен екен.

110. ЕРТІС

(І-нұсқа)

Алтай қарттың қоймасындағы байлық бүкіл төңіректі таң қалдыратын. Оның алтыны мен күмісін, мысы мен темірін сұсты құз жартастар күндіз-түні кірпік кақпай күзететін. Осындай күндердің бірінде Алтай қарт өз көршісі Тянь-Шаньға:

– Әттең, ұлым болса, өзіме көмекші болып, осы байлықтың барлығын суық көздерден қорғар еді ғой, – деп өкінішін білдіреді. Сол Алтай қарттың арманы орындалып, тау құздарының терең шатқалының саңылауынан тамшылаған судан пайда болған мұздай суық ұл дүниеге келеді. Ол күн сайын емес, сағат сайын өсіп, қайратты алып батыр болады. Ол осы Ертіс өзені. Күші бойына сыймай тұрған Ертіс, тау аңғарларын бұзып-жарып, тесіп тастайды. Сондықтан оған Жертесер – Ертіс деген ат беріпті. Бұған қатты ренжіген жартастар Ертістің әкесіне шағым айтқан екен. Ұлына көңілі толмаған Алтай қарт, баласының күш-қайратын әке байлығын қорғауға жұмсау керек екенін айтып ақыл береді. Сонда ұлы:

– Әке, маған мына таулардың арасы өте тар, қысып барады. Байлығыңыз да маған қажет емес. Одан да мені өз еркіммен жіберіңіз, – дейді. Осы кезде аспанда қалықтай ұшқан бүркіт төмендеп, су бетіне жақындап:

– Жарайсың, батырым! Өзіңнің күш-қайратыңды сынайтын кезің келді. Сені алыста сұлу қыз Обь тосуда!..

Қараңғы түнде Ертіс тау құздардан қашып шығып, тар шатқалдан өтіп, жолында кездескен жартастарды жан-жаққа домалата ағыза отырып, алға екпіндей жылжиды. Таң сәріде ұйқысынан оянған Алтай, ұлын таба алмай, таң-тамаша калады. Қашып кеткенін білгеннен кейін ашуға булығып, борандатып, қашқынның соңынан үлкен-үлкен жартастарды жан-жаққа лақтырады. Бірақ ұлына жете алмайды. Алды артына қарамай, буырқана аққан Ертіс кең далаға тап болады. Сұлу Обьті қайдан іздерін білмей, көз жасы көл болған Ертіске үш шағала кездесіп, Обь сұлудың мұзды теңіз мұхитқа бет алғанын хабарлайды. Қуанған Ертіс кең даланы өзінің суымен нәрлендіріп, көңілі жадырап, жайлы болады. Көптен іздеген Обьті алыстан көріп, оның өзіне қарай иілгенін байқайды. Осы кезде Ертіс алып судың өзіне тең екеніне көзі жетеді. Сөйтіп, екі өзен қосылып, бір арнаға түсіп, мұзды теңіз мұхитқа жол тартады.

111. ЕРТІС

(ІІ-нұсқа)

Қазақ пен қалмақтың арасындағы жаугершілік заманда жорыққа аттанған калмақ әскері ұзақ жүріп, бір өзеннің жағасына келіпті. Жол соғып қажыған болу керек, қалмақ қолбасшысы әскерін тоқтатып, «Ертіс» деп қолын көтеріпті, яғни «аялда» дегені еді. Сол кезден бастап бұл өзен «Ертіс» деп аталып кетіпті-міс.

112. ЕСЕНБАЙ АСУЫ

Табиғаты сұлу Едірей өлкесі өзінің тарих, шежіре, аңызға да бай жерлердің бірі. Тау қойнауына барар жолдағы Едірей ауылының шыға берісінде Есенбай асуы бар. Осы жерде Есенбай деген әулие кісі өмір сүрген. Атау да соған байланысты қойылғанға ұқсайды. Осы кісінің өз басына қатысты түрлі қызықты аңыздар жетерлік. Табанын тіліп жіберіп, бізбен тесіп, терісін қайыспен қайырып тігіп отыратын болған.

Есенбай әулие ел жайлауға көшкен кезде бәрін көшірісіп, өзі жұртта қалып қоятын көрінеді. Ел Есекең айтқан қонысқа келіп, енді жетіп жайласпақшы болғанда, алдынан оларды өзі қарсы алып шыққан. Ауыл адамдары болса Есекеңнің қалай жеткендігіне қайран қалысып, әулиелігін аңыз етіп айтып, ел ішіне таратып жіберген. Сол Есенбайдың әулиелігі турасында ел ішінде сақталып келген тағы мынадай бір қызықты жайт бар.

Есенбай әулие ел жайлауға көшкен кезде иесіз жұртқа ешкілерін тастап кетеді екен. Ешкілерді қалдырған кезде, мал ішіндегі үш-төрт текелеріне атап-атап «сен ие бол, сен ие бол» деп тапсырады екен жарықтық. Содан кейін еш алаңсыз ешкілерін қалдырып, жаз жайлауда болып, асықпай қысқа қарай бірақ оралады екен. Ал ешкілері болса «қой да аман, қасқыр да аман» демекші, бір тұяқ шетінемей бастары түгел болған. Оның сыры былай екен: жаңағы «сен ие бол, сен ие бол» деген текелер ит-құс немесе сырттай көзі түсіп қызыққан ұрылар жақындап келгенде, текелер ешкілерді бағып жүрген оның иелері болып көз алдына елес береді екен. Содан әлгілер болса тайсақтап жолай алмаған. Міне, жоғарыдағы Есенбай асуы сол әулие адамның атымен аталып қалған. Осы әулиенің атымен байланыстырыла қойылған бұл жерде Есенбай бұлағы, Есенбай сайы деген атаулар да кездеседі.

113. ЕТІК ШЕШКЕН

Кеңес өкіметі келіп, байларды тәргілеген шақта осы әрекетке Мақтағұл деген бай да ілігіпті. Алдымен мал басын ауылдағы кедейлерге бөліп бергізеді. Соңынан үйіндегі дүние-мүлкін бөліске салады. Ақыры қарайлайтын ештеңесі қалмаған Мақтағұл елінен безіп, бет ауған жаққа жол тартады. Соңына түскен қуғыншылардың алғашқы тобы жеткенде астындағы атын беріп құтылыпты. Келесі біріне жолыққанда үстіндегі оқалы шапанын шешіп береді. Сөйте-сөйте іш киімімен қалған ол бір таудың басына шығып отырса ауылының тағы бір адамы келеді: «Сенің осында отырғаныңды айтамын, сөйтіп ұстаттырамын» деген әлгі адамға аяғындағы етігін шешіп берген екен дейді. Сонан осы тау кейін келе «Етік шешкен» аталып кетіпті.

114. ЕТІК ШЕШКЕН ТАУЫ

Ертеде елді бір орынға жинап, колхоздастыру кезінде бір жігіт бір қойшыны қыстаудан жайлауға көшіріп апарады. Қойшыны жаңа қонысына қондырып, қайтадан кейін қарай жолға шығады. Жүріп келе жатып, жолда машинасы қирап қалады. Тура таудың басында. Бұл тау өзі оңтүстіктен бастап жоталанып солтүстікке қарай созылып жатыр. Содан машинасын далаға тастап, жаяу ауылға тартады. Ертең келерінде машинаны тез тауып алу үшін, белгі ретінде етігін шешіп, машинаның үстіне қойып кетеді. Содан ауылына жетіп, машинаны алып келуге баратын кісілерге машинасын етігін шешкен жерде екенін айтады және сол жердегі таудың маңында дейді. Содан бастап бұл тау «Етік шешкен» аталып кеткен екен.

115. ЕШКІӨЛМЕС ТАУЫ

Осы таудың етегінде ескі қыстақ орны бар. Бұл қыстақты кезінде бір бай мекендепті. Бір жылы қыс қатты болып, малдарына шөп тауып беруге мүмкіндік болмаған жұт болыпты. Осы жұтта бай да малынан айрылатын болған соң қолындағы ұсақ малдарын далаға айдап жібереді. Күн жылына есеңгіреген ел шөп тамырын қазуға кіріскенде, жайылып жүрген ешкілерге кезігеді. Ешкілер шөлдеп, аман-есен лақтарымен бірге жайылып жүреді. Оларды енінен жаңағы байдікі екенін таниды. Ақ сөңке болып қырылған малдың ішінде Сексек ата түлігі ғана осы таудың қасиеттілігінен қалды деген аңыз бар. Содан бері осы күнге дейін бұл тау "Ешкіөлмес" тауы деп аталады.

116. ЖАБАЙ ҰІІІҚАН

«Жабай ұшқан» деген жерді ертеректе Жабай есімді қария жайлаған екен. Өзі ит жүгіртіп, құс салған аңшы, шағын ауылдың күн көрісін айырып отырған қайырымды жан болса керек. Оның ат құлағында ойнар ептілігі, құс, аң тілін түсініп, олардың үнін аудармай салатын шеберлігі төңіректегі елге аңыз болыпты. Әкелі-балалы аңшылардың ерте көктемдегі кәсібі осы биік шыңға барып бүркіт, лашын сияқты қыран құстардың балапандарын алып, тәрбиелеп өсіріп, аңшы құстарды баулып шығарады екен. Жұмыртқасын шайқап жаңа өсірген енесі жас балапанының жылда орнын сипап қалатын болған. Бұл қасірет жыл сайын жалғаса берген.

«Тұйғын» деп аталатын бүркіт балапан құс, қан түбіт, тастүлек, мұзбалақ болып қалыптасып өсіп, көк түбіт күнінде алғашқы жұмыртқасын салған болатын. Содан бері жыл сайын ұядан балапанын жоғалтумен келеді.

Осы құла құзды мекендеген ұзақ өмірінде қатар ұшар бір балапанын өсіре алмаған өкініш сезім өзегін өртей береді. Тәңіріне өзінің жалғыздығын шағып, мұңайып жылайды: «Бұл адамнан қалай құтылуға болады. Солардың көзінен аулақ боламын деп сусыз, елсіз шөлге, биік тау-құзға ұя салдым. Соның өзінде де олар бәрібір жыл сайын ұрпақсыз жетімдікке душар етеді».

Биыл да бұрынғы дағды бойынша Жабай қарт баласын ертіп, сол ұяға келеді. Әр жылғы дәстүрі бойынша түйе көнінен өрілген қайыстан жасалған ұзын арқанмен баласын белінен байлап биік құздағы құстың ұясына түсіреді. Төмен қараса, бас айналдырар терең шатқал. Арқанның ұзындығы шыңның орта тұсына жетер-жетпес. Балапандарды қойнына салған бала «тарт!» деп белгі береді. Ұлын тарта бастаған кезде қайыс құздағы екі үшкір тастың арасына қыстырылып, шықпай қояды. Ширығып оңға, солға бұралған арқан үшкір тасқа қажала береді, кажала береді.

Баланың бір кезде арқанға көзі түссе, бір тіні қиылып кеткен екен. Екінші тіні де қажалып барады, үзілуге шақ қалған. Енді бір сәтте шарт етіп үзіліп арқан дыбысы мен баланың «өлдім, әке!» деген жан айқайы қатар естіледі. Жан ұшырған әке не жасарын білмей жан дауысы шығып, «қазір жетем, балам!» деп айқай салады. Осы жасқа келгенде жалғыз ұлдың артында қалып өмір сүрудің мәнсіздігін түсінген ол жүгіріп жетіп арғымақтың басын босатып, көзін байлайды да, тұрған орнында шыр айналдырып, оған ырғып мініп шың-құзға қарай тебініп, атты сауырлап жібереді. Арғымақ бауырын жазып екі секіргенде құздан құлдырай құлайды. Ұшпадан ұшқан жалғыз ұлдың жан айқайы, әкенің алас ұруы, арғымақтың шыңғыруы тауды жаңғыртып жібереді. Осыдан бастап бұл биік "Жабай ұшқан" аталады.

117. ЖАБАЙҰШҚАН ТАУЫНЫҢ АТАЛУ ТАРИХЫ

Бұл Сенек тұспаның бер жағында, батыстан күншығысқа қарап тұрған Ұшпа тауы. Ұшпа Жабай деген қазақ жерінде қалып қойған түрікпен көрінеді. Ертеде осы таудың басына ұя салатын қыран бүркіттің балапандарын аулап, Бесқалаға апарып сатады екен.

Жабай өзі түрікпен қанына шыққан, жаужүрек адам екен. Бірде сол Жабай жалғыз баласын арқанға байлап жіберіп, балапан алдырғысы келген. Жан-жағы теп-тегіс Ұшпа таудың ажалына кезігіп тұрған бір тастарына ілігіп қалған арқан қиылып кетіп, бала ұшып өлген. Баласынан басқа қызығы қалмаған бейшара Жабай атының көзін таңып, өзі де ұшып өлген екен.

Содан халық аузында бұл тау «Жабайұшқан» деп аталып кетіпті.

118. ЖАҚСЫ ҚАРТ ЖӘНЕ ЖАМАН ҚАРТ ТАУЛАРЫ

(І-нұсқа)

Баяғыда Айшуақ деген батыр болған. Ол қандай шайқас болмасын жеңіп отырған. Сол Айшуақ батырды жаулар қалың қол болып жиналып өлтірмек болған. Айшуақ батыр соны біліп қаша жөнеледі екен. Қашып келе жатса, алдынан бір қарт шығыпты. Батыр қарттан жол сұрайды. Қарт оған дұрыс жол көрсетеді. Содан қартқа алғысын айтып, әрі қарай жүре береді. Жүре-жүре алдынан тағы бір қарт шыға келеді. Қарттан жол сұрайды. Қарт оған жол көрсетпей, жаудың қолына ұстап береді. Міне, таудың аталуы осында.

119. ЖАҚСЫ ҚАРТ ЖӘНЕ ЖАМАН ҚАРТ ТАУЛАРЫ

(ІІ-нұсқа)

Кертінді Қолаң деген қызға ғашық болады. Туған-туысқандары қарсы болғандықтан, екеуі қол ұстасып қашуға серт байласады. Екеуі қашады. Қашып келе жатқанда, бір таудың етегіне келіп тасалайды. Сол уақытта оларға бір қарт адам кездеседі. Сол қарттан жөн сұрайды. Ол қарт дұрыстап жөнін айтпайды. Сондықтан сол тауды «Жаман қарт» деп атаған. Сонымен екеуі тағы біраз жол жүріп, бір таудың етегіне келіп тоқтайды. Сол кезде тағы бір қартқа кездеседі. Ол қарт бұларға дұрыстап жол көрсетеді. Ол тауды «Жақсы қарт» деп атаған.

120. ЖАҚСЫ ҚАРТ ЖӘНЕ ЖАМАН ҚАРТ ТАУЛАРЫ

(ІІІ-нұсқа)

Ертеде Әния деген сұлу қыз болған екен. Атастырылған жігітіне көңілі толмай, көңілі сүйген Алмас деген жігітпен көңіл қосады. Әнияның ата-анасы Алмаспен көңілі бар екенін біліп, қызын бермеуге бел байлайды. «Егер көңіл қосқан жігітке барсаң, ата атына дақ салғаның», – дейді. Әния әке-шеше сөзіне келісе алмай, сүйген жігітімен бір түнде қашып кетеді. Соңдарына қуғыншылар түсіп, әке алдына әкелмекші болып аттанады. Бірін-бірі сүйген екі жас «Жақсы қарт» тауына тығылғанда, құғыншылар қолына түспей, аман құтылады. «Жаман қарт» тауында куғыншылар қолына түсіп, армандарына жете алмады. Содан бүгінгі күні екі тау «Жақсы қарт», «Жаман қарт» деп аталды.

121. ЖАЛАҢТӨСТІҢ ҮШ ҚОРЫҒЫ

Шапқыншылық кезінде жоңғарлар қазақ жерінің малға жайлы шұрайлы тұстарын жайлап қоныстанып алыпты. Үлкен қорық деп аталатын жерде жатқан жау әскерлеріне не сауыты жоқ, не найзадан басқа қаруы жоқ ақ көйлекті бір батыр ойда жоқта жалғыз өзі жауға тиеді. Жоңғарлардың атқан оқтары, шапқан қылыштары жаңағы батырға дарымапты. Әулие батырдың аруағынан қорыққан жоңғарлар үлкен қорықты тастай қашыпты. Орта қорыққа келіп паналаған жау әскерлері жаңағы батырдың Жалаңтөс екенін әңгімелей айтыпты. Сөйтіп отырғанда әлгі Жалаңтөс орта қорыққа да қырғидай тиіп қуып шығады. Барлық жоңғарлар жиналып келіп кіші қорықта бас қосыпты. Сол сәтте жаудың батырына бір хабаршы жігіт келіп: «Жалаңтөс батыр осында келе жатыр» деген хабар айтыпты. Соны естіген қалмақ батыры: «Үлкен қорықты бердік, орта қорықты бердік, кіші қорықты да бәрібір алмай қоймас. Аман-сау тұрғанымызда кеткеніміз жөн болар, бұл үш қорықтың үшеуі де Жалаңтөстікі екен ғой», – деп әскерлерін бастап қайтып кетіпті дейді. Содан бері жаңағы қорықтар «Жалаңтөстің үш қорығы» аталып кетіпті.

122. ЖАЛАУЛЫ

Жем өзенінің шығысындағы Сарысайда табын Құламан ерді жазым еткен қалмақ батыры Бірекенді Құрсайынның терістігінде ұзыннан созылған жол үстінде Қаракесек ай балталы Тәйтәй батыр маңдайынан шауып өлтіреді. Содан ол Бірекен жайы аталды. Сонда жеңілген қалмақтардың біреуі оқ тисе де құламай, атының жүйріктігінен қолға түспей құтылып кетеді, ол биік бір төбеге жетіп, құрыққа шүберек байлап, белгі есебінде шаншып, соның түбінде қаңсырап жатып өледі. Оның қашқаны қалмақ екендігіне шек келтірмейді. Содан Жалаулы аталады.

123. ЖАНБАУЛЫ ҚАУЫМЫ

Жанбаулы деген атақты кісі адайдың бейімбет деген руынан шыққан. Заманында ол атағы шыққан, мыңғыртып жылқы айдаған, халқына мырза болған байлардың бірі екен. Ол жылқысына жалшы, қосшы жалдамай, өзі бағады екен. «Өз малыма өз терім сінбесе, қалайша өзімдікі болмақ?» дейді екен. Сондықтан қайырымды байдан ағайын, ауылдастары да көмегін аямаған. Бірде осындай бір өзі мырза, өзі бай Жанбаулы деген кереметтті көрмекке сонау Арқадан Байбақтының атақты Сырым батыры келіпті. Жылқы ішінде жалғыз жүрген Жанбаулыға келіп, сәлемдесіп болғасын Сырым батыр:

– Байеке, осыншама мал мен дәулеттің қызығын көріп жатпайсыз ба? Балаларыңызға, малшыларыңызға сенбейсіз бе, әлде? – деп сұрапты. Сырымның әкесі Дат мінезі нашар, шадырлау кісі болса керек. Сонысын білетін Жанбаулы:

– Менің атымды шығаратын осы жылқы емес пе? Сол үшін мен оған борыштымын, – дей келіп:

Қасқа айғырдың баласы қасқа туады,

Ұқсамаса да бір көзі алғыр туады.

Жорға айғырдың баласы жорға туады,

Ұқсамаса да бір аяғы шадыр туады.

Жаман адамның да баласы жаман туады,

Ұқсамасаң да әкең Дат-ау,

Әйтпесе соны сұрар ма едің? –

деп Сырымды сөзбен тоқтатып тастаған екен. Сол Жанбаулы өлерінде халқына ас беріп, өсиет айтып кетіпті:

Той жасасаң, қазаншыңды бір көтер,

Көкпар тартсаң, жігітіңді бір жібер.

Ас бергенде ағайынды ұмытпа,

Ағайынсыз дүниеден қыр кетер.

Бұл күнде Жанбаулы зиратының айналасын ағайын-туған, ауылдаспен үлкен бір қауымға айналып, ол «Жанбаулы қауымы» деп аталады екен.

124. ЖАУЫРТАУ

Жетпіс жыл баққан малының жеті жапырақ етін тісіне басуға қимайтын Қарабай әкесі өлген Қозыны қомсынып қаша көшеді. Ұзақ көш жолында қырық нары арып өліп, Аякөзге келгенде ноғайлы Шақшақ байдың баласы Қодар Баянға ғашық болады. Кешікпей-ақ тоқсан мырзасын жалшылыққа берген Қодар Қарабаймен әмпей болып алады. Сонда әбден шарасы таусылған Баян Айбас деген жігітті қанатты қара биеден туған Бақа айғырға мінгізіп, алыста қалған ғашығы Қозыға жібереді. Сәлемдеме деп алтын сандыққа домбырасы мен моншағын, басындағы қарқара қадаған топысын салып берген екен.

Қарабайдың қырық нарын жалмаған ұзақ жол Айбастың арғымағына да оңай тимепті. Шексіз-шетсіз сары дала Айбастың өзін де, астындағы тоқпақ жал Бақа айғырды да титықтатса керек. Алайда қаншалықты қалжырап, қажыса да Айбас Баянның өтінішін орындау үшін Қозы Көрпештің елін бетке алып жүре берсе керек. Бірақ амал қанша, елсіз-күнсіз сары дала астындағы аттың титығына жетіп, бір жерлерге келгенде болдырып, тоқырап тұрып қалыпты. Айбас алған бетінен сонда да қайтпайды. Бақа айғырды Тоқырауын бойының сонысына тынықтырып алып, тағы да жүріп кетеді ғой. Ай жүреді, апта жүреді, бір жерлерге келгенде мінген атының тұяғы сөгіліп, арқасы ошақтай жауыр болып, мүлдем міністен қалған екен. Осынау жауыр аттың қалған жері содан бері «Жауыртау» атаныпты.

125. ЖЕКЕ БАТЫР

Кедей ауылда асқан күшті, әрі арманшыл бір батыр тұрыпты. Жас кезінде уайым-қайғы дегенді елемей, өзінше думандатып өмір сүреді. Ер жеткенде жоқшылық пен халық мұңын көріп, қабағын кірбің шалады. Туған жеріне шығыс пен оңтүстіктен жоңғарлар шапқыншылық жасап, батыстан Еділ қалмақтары шабуылдап тыным бермейді. Сүттей ұйыған ауылдардың шаңын аспанға шығарып, астан-кестен қиратып, жау қолы төрт түлік мал табындары мен қорғансыз адамдарды айдап әкетеді. Ал ел іші бір-бірімен қалыңдық пен жайылымдыққа таласып, күнде қырқысып, ауызбірлікке келе алмайды. Жас батыр бәріне қолын бір сілтеп, ауылдан кетуді ойлайды. Еркін жүріп, бақ пен байлық іздегісі келеді. Өзіне қылыш пен дулыға, үстіне сауыт соғып киіп, бақыт іздеп жолға шығады.

Жол үстінде оған басқа жұрттың батырлары жолығады. Олар да бақыт жолына жалғыз шыққандар екен. Жас батыр оларды күш біріктіріп, қол болуға шақырады. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау араз болса, ауыздағы кетеді» деп ата-баба нақылын айтады. Бірақ оны өзгелер тыңдамайды. Әркім өз жолымен жеке дара жүре береді.

Жаумен бірінші болып жас батыр кездесіп, жалғыз өзі қарсы шабады. Қаптаған қалың қол. Оның алдын бөгеп, қоршауға алады. Ол қанша күшті болса да, қисапсыз жауды құртып бітіре алмайды. Дұшпан қара масадай құжынап, шегірткедей үймелеп, батырдың үстіне шығып кетеді. Оның көзі көрмей, құлағы естімей қалады. Сонда ғана ол бақыт үшін жалғыз күресудің қате екендігін түсініп, аһ ұрып өкінеді. Алып тұлғалы батыр әл-дәрмені құрып, туған даласына шалқасынан құлап түсіп, тасқа айналады, мәңгілік ұйқыға беріледі. Жеке батыр тауы, міне, осылай пайда болған деседі.

126. ЖЕТІ ҚҰДЫҚ

Баяғыда осы таулардың ортасында Ортау ауылында жеті ағайынды емші өмір сүрген. Олардың емдемеген емі, жазбаған ауруы қалмаған. Күндердің күнінде ауылға үлкен дерт келіп, ауыл жаппай ауруға ұшырайды. Осыдан бастап жеті ағайындарға келген жандардың қарасы көбейе түсті.

Барлық халықты емдей алмайтынын түсінген олар енді бар халықты бір сәтте емдеуге болатындай емдік шөп іздеп тауға кетеді. Бірақ сол түні олар оралмайды. Ауыл адамдары сол тауға қарай іздеу салады. Алайда ол жерден қатарынан тұрған жеті құдықтан басқа ешкімді таппайды. Содан бері кім де кім сол жеті құдықтың жетеуіне де түссе бір жыл бойы ауырмайды екен. Міне, осыдан бастап Жеті құдық ел ауызына аңыз болып ене бастады.

127. ЖЕТІБАС

Сол маңайды мекен еткен Сәрсенбай байдың желдей жүйткіген жеті жүйрігі болыпты. Сәрсенбайдың ат құмар, серісымақ бір немере ағайыны болған екен. Сол бір күні Сәрсенбайға:

– Бір атадан туған, қарындас ағайын едік, қолымды қақпайсың деп ойлаймын, мен ана үйірде жүрген жеті арғымағыңның біріне қолқа сала келдім, – дейді. Сараңдығы ұстаған Сәрсенбай ағасына атын бермейді. Шық бермес Шығайбайдай ағайынына әбден көңілі қалған ол: «Жетеуінің бірін маған қимағанда, соның біреуін де аман қоймаспын», – деп жеті атты бір түнде жоқ қылады. Жан-жаққа ат шаптырып іздеткен Сәрсенбай аттарын ешқайдан таппайды. Бірақ ол өзінің аттарының тұмсық астында жайрап жатқанын білмеді. Жеті арғымақты алған ағайыны сол маңдағы үңгірге барып паналайды. Бірақ үңгірдің елеусіздігі сондайлық, жай қараған көзге қалың қарағай өскен қожыр тас болып көрінеді. Үңгір ішінің кеңдігі кішкене бір бөлмедей, адам ішінде еркін жүре алатындай таспен құрсауланған.

Тірідей аттарды ешқайда ұстай алмағандықтан, бір түнде жетеуін де сойып, ауылдың жарлы-жақыбайларына бөліп беріп, тек бастарын ғана үңгір ішінде қалдырған. Қураған жеті жылқының басы әлі сол жерде көрінеді. Осы жеті қураған басқа байланысты үңгір «Жетібас» аталған. Содан бері ғана халық бұл үңгірді аңғарып, біле бастаған.

128. ЖЕТІМ ТОЛЫБАЙ

Ертеректе қазақты қарақалпақтар жаулап, мал-жанын, мүлкін тонап алып кетіп отырған. Бір ретте қарақалпақтың Нұртай деген батыры өз еліне «Қазақтарға аттанамыз» деп жар салған. Қарақалпақтар дайындала бастаған. Сол елде Толыбай дейтін жетім бала бар екен. Жауға мінер аты болмай, нағашысына барып: «Халық қарақалпаққа аттанғалы жатыр, менің атым болмай, қатардан қалып қоямын деп тұрмын. Қатардан қалып елде жүргенім менің де қатын болғаным ғой», – деп айтқаннан кейін астыма мінуге ат сұрай келдім депті. Нағашысы балаға бәлен сөз айта алмай, атын мінгізген екен. Толыбай халық қатарлы аттаныпты. Елдің бір шетінен қарақалпақтар тиісе бастағанда елдің батыр, билері қашықтау ауылдағы тойға кетсе керек. Бос жатқан елді оңай жаулап, мал-мүлкін, қатын-бала, қыздарын алып кетеді. Сол елде жас жаңа батыр бала бар екен. Сол бала аттанып, қарақалпақтарды быт-шытын шығара жеңіп, мал-жандарды елге қайырған екен. Бір жерде аты оқпанға құлап шыға алмай жатқанда қарақалпақ батыры найза салып кеудеден шаншады.

Сонда Толыбай: «Батыр, қате жасадың. Жекпе-жек найзаласу керек еді, енді болмайды. Найзаңды алмай кідіре тұр, бір-екі ауыз өтінішімді айтайын», – депті. Қарақалпақ батыры сөзін тыңдайды.

«Нұртай батыр бастаған халық осылай аттанбақшы болды. Мен де қалмайын деп нағашымнан атын сұрап келген сапарым еді. Атым Толыбай, әкем жоқ, жетім адам едім. Үйленгеніме бір жыл болып еді. Шешем екеуі елде қалды. Ендігі өтінерім денемді қарға-құзғынға жем болмасын, замандас екенбіз мені бір белгілі жерге қоярсың. Ең болмаса атым қалсын. Өтінішім осы. Енді найзаңды суыра бер», – депті. Найзаны суырғанда Толыбай жан тапсырыпты. Қарақалпақтар қазақтың жас батырынан соққы жеп, елдеріне оралады. Толыбай келмей қалады.

Екі күн өткеннен кейін, үшінші күні шешесі келінін ертіп Нұртайға кіріп, баласын сұрайды. Нұртай: «Қол ыдырап бір қатары кейінде қалып еді, келетін шығар», – деп күмілжи жауап береді. Осы кезде сыртта тыңдап тұрған келіні енесіне: «Ене, шық! Батыр жауда қалды, қатын елге оралды», – деп дауыстайды. Осы кезде әйел баладан бұндай сөз естіп көрмеген Нұртай батырдың жүрегі жарылып өлген екен.

Ал енді біздің жас батырдан әңгіме қозғайық. Жауды қайтарып елге аман-есен оралып, Толыбайды ала келіп, осы біздің жерге белгілі төбеге қойған екен. Бұл қорым «Жетім Толыбай» атанып кеткен. Сонан бері қарай көз жұмған жанның бәрі «Жетім Толыбай» қорымында жерленеді.

129. ЖИДЕБАЙ ҚЫСТАУЫ

Жоңғарлармен жауласқан баяғы заманда Жидебай деген батыр болыпты.

Абылай Жидекеңді айрықша құрметтейді екен. Үйсін елінің тұлпарларының тұқымынан шыққан ақ шабдар атты алғызып сыйға тартыпты. Жидекеңнің көріпкел қасиетінің сырын ханнан басқа ешкім білмейді екен. Сұрағандардан хан: «Оның қызыл түлкісі бар» дейді екен. Бірде сенбеген біреуге Абылай хан: «Ұйықтап жатқанда өзің барып қара» деген екен. Сол адам аңдып жүріп, ақырын барып қарапты. Сөйтсе, тура кеудесінің үстінде қызыл түлкі жатыр екен. Жалт қараған түлкіден қатты қорыққан ол қаша жөнеліпті. Көп ұзамай екі көзі суалып, су қараңғы болып қалыпты.

Ханның кезекті мәслихатында отырғанда жоңғарлар жайында әңгіме қозғалды. Батырлардың бірі: «Жауымыз іргелі екен», – депті. Сонда Жидекең: «Іргелі болса жағдайы белгілі болды, өйткені іргесіз жау емен ағашқа емінеді, іргелі жау күнде семіреді», – дейді.

Үлкен бір шайқаста әскерлер жеңіске жетіп, той жасалады. Абылай хан батырларын мақтан тұтып әңгіме айтады. Сонда Жидекең былай депті: «Уа, хан ием. Алған алшақ, маңдайың шалқақ тұр екен. Күшіңе қарай мақтан, найзаң мақұл емес пе, садағың тұқыл емес пе, қамаған жауыңнан сақтан».

Батыр билік айтқан осы жер кейін келе «Жидебай қыстауы» атанып кетеді.

130. ЖОРҒАТАУ

Баяғы өткен заманда Базарбай деген бай болыпты. Байдың Төлеген деген батыр баласы бар екен. Жігіт болып, ер жетіп, өзіне лайықты жар табуға ел ішін аралап кетеді. Күндердің бір күнінде Шекті деген елде Жібек деген сұлу қыз бар деп естиді. Көп күндер жүріп, іздеп барған Төлегенге Жібек үш түрлі шарт қояды. Ол шарттар балуан күрес, ат жарыс, жамбы ату. Осы үш шарттан да мүдірмей өткен Төлегенді Жібек ұнатыпты дейді. Бірақ араларында жер дауы мәселесі шешілмеген екі елдің байлары балаларына рұқсат бермепті. Арада көп күндер өтеді. Әбден амалы таусылған екі жас бір күні түнде Жібектің жорғасына мінгесіп, қашқан екен. Соңынан шыққан қуғыншыға жүйрік жорға жеткізе қоймайды. Бірақ қанша мықты болғанымен аттың аты ат емес пе, бір таудың биігіне шыққанда болдырып өледі. Кейінгі ел-жұрты осы Жібектің жорғасы өлген биік тауды «Жорғатау» деп атап кетеді.

131. ЖҰМБАҚ ТАС

Қазақ-қалмақ шапқыншылығы кезінде қалмақтың бір сұлу қызын қазақ батыры қолға түсіріп, алып кетіпті. Сонан осы олжаны кімге береміз деген әңгіме туғанда жаңағы қыз: «Мен үш түрлі жұмбақ айтамын, соның шешуін тапқан адамға мені беріңіз» деп өтініш жасайды. Мақұл көрген көпшілік қыздың жұмбағын тыңдайды. «Мен он екі ағайынды, отыз буынды, жеті қырлы жерден келгенмін» деп жұмбағын айтады. Жиналған жұрт көпке дейін осы жұмбақтың жауабын таба алмай, дағдарыпты. Сонан жұмбақ шешуін жаңағы қазақ батырдың өзі былай деп айтқан екен: «Он екі ағайындысы бір жылдағы он екі ай, отыз буындысы бір айдағы отыз күн, жеті қырлысы аптаның жеті күні». Сөйтіп қалмақтың қызы қазақтың батырына беріліпті. Ел жаңағы жерді сонан былай «Жұмбақ тас» деп атап кетіпті.

132. ЖҰРЫН

Қазақтар мен қалмақтар соғысқан, жаугершілік заманда жекпе-жекке шыққан қазақ пен қалмақтың Жұрын есімді батыры осы жерге дейін шайқасып келеді. Осы жерде қатты шаршаған екеуі де демалуды ұйғарады. Ұйқыдан бірінші болып оянған қазақ таң қалып: «Неғып мені өлтірмедің?» – дегенде, қалмақ: «Маған әділ күрес керек», – деген екен. Сол жерде қалмақтың бұл ісіне риза болған қазақ қалмақпен достасып, төс түйістіріп, «Енді шайқасуды доғарайық» деп бәтуаласқан екен. Сол кезден бастап осы жерді Жұрынның есімімен атаған.

133. ЖЫҒЫЛҒАН

Маңғыстау жерінің тарихы мол. Әрі тау, әрі тасы мол. Сондай жерлердің бірі Жығылған деп аталады. Бұл жер ертеде биік-биік тауы бар, шыңырау құз болған. Бір күні Мұхамбет пайғамбар есекке мініп, сол жерге келеді. Өтейін десе өте алмайды, ашуланған пайғамбар: «Адам жүре алмайтын неткен жер? Жығылғырдың тауы жығыл!» – дегенде биік таулар бөлшек-бөлшек болып жығылып, пайғамбарға жол береді. Сол жерден өткен пайғамбардың есегінің ізі әлі бар көрінеді.

134. ЖЫЛАҒАН АТА

Бір кісі бай болғанымен перзенті болмапты. Әулие-әнбиелердің басына әйелі екеуі түнеп жүріп, бір күні әйелі құрсақ көтереді. Айы-күніне жетіп, толғатып, әйел іркілдеген мес туыпты. Мұнан соң әйел түн ішінде: «Құдайдан күндіз-түні тілегенім бұл емес еді ғой!» – деп жылап-еңіреп месті құшақтап үйден шығып кетеді. Тау-тастың арасында месті көтеріп, он екі жыл бойы көзінің жасы көл болып, қаңғып жүре береді. Күндердің күнінде әйелдің қолындағы мес жерге түсіп кетіп, жарылып, ішінен бала жылап шығып, жартастар арасымен қаша жөнеледі. Анасы да: «Балам, тоқташы!» – деп жалынып соңынан жүгіре береді. Бала: «Артымдағы анам шөлдеп келе жатыр ғой» деп асасын жерге бір ұрып бұлақ ашып кетеді. Сол қашқан бойы бір үңгірге кіріп кетеді. Анасы ары шақырады, бері шақырады, бала тек үңгірдің ішінен: «Ана, мені іздеме, үйге қайта ғой», – деп үн береді, бірақ өзі шықпайды. Анасы оны қимай, сол үңгірдің жанынан кетпей жүре береді. Бір кезде бала үңгірден шығып: «Ана, мен ақыреттік баламын, бұл жерде жүре бермей, еліңе қайт, мен бәрібір енді жоқпын, менің мекенім – осы жер, осы үңгір», – дейді. Анасы жалынғанмен, бала көнбеді. Анасы: «Құдайдың жазғаны осы шығар» деп ойлап, баласына «Жарайды, мен кетейін», – дейді жүрегі қан жылап тұрып. Бала айтты: «Тек артыңа қарама, жалғыз тілегім сол», – дейді. Анасы ақыры күдер үзіп, таудан шыққан соң, әлі де қимай, артына жалт қарайды. Артына қараса, қызыл су оны өкшелей басып келе жатыр екен. Әйел артына қараған заматта қызыл су жерге сіңіп кетеді. Егер әйел артына қарамағанда, сол құла түз дала жайқалған жасыл желек болады екен. «Жылаған ата» деп бала кіріп кеткен үңгір сол уақыттан бері аталып келеді. Қазіргі күнде ол жерге көп адамдар зиярат етіп барады. Мұны аңыз десек те, сол үңгірдің кіре берісінде жалаң аяқ баланың іздері тасқа басылып қалған. Үңгір кәдімгі сарқырама секілді. Бірақ сарқырамадан үнемі су ағып тұратын болса, «Жылаған атадан» су үнемі ақпайды. Басына барып Құран оқыған адамға ағады. Онда да кей адамға аққанымен, кей адамға ақпайды. Оның себебін «Ниеті таза адамдарға әулиенің суы ағады, ал ниеті қарау адамға ақпайды» деп түсіндіреді ақсақалдар. Сол үңгірді жағалап жүре берсеңіз, бір жартас тік болып келіп, одан тамшылап су ағып тұрады. Оны «Жылаған атаның анасының көз жасы» дейді. Жылаған атаның местен шыққан жері, мес түскен жер «Мес әулие» деп аталады. Ол жерді де жергілікті халық киелі жер деп санайды. Жылаған атаның суы бір адамға ағып, екінші бір адамдарға ақпайтыны не дегенмен де жұмбақ құбылыс.

135. ЖЫЛАНДЫ БҰЛАҚ

Жаугершілік заман болса керек. Төрткүлтөбеге қоныстанған елдің іргесі сөгіліп, жау жайлап алады. Тұлымдысын күң, тұғырлысын құл етеді. Ата жаудан арылудың жалғыз жолы бар. Ол – ханды өлтіру. Бірақ қалай? Осы сауалға жауап іздеп сабылған елден жылан тілін ұғатын, онымен еркінше сөйлесіп, өз айтқанын істете алатын Сәді деген ер шығады. Ол Төрткүлтөбеге жақын маңдағы үлкен үңгірге үш күн түнеп, ордалы жыланға жолығады.

– Ей, адамзат, маған не айтар тілегің бар? – дейді Ата жылан. Сәді ұста:

– Тыныш жатқан елді жау жаншып барады. Халі мүшкілге айналды. Соған көмек бер, – дейді.

– Оған қандай амал бар? – дейді Ата жылан, – бәлкім, өзің айтарсың?

– Халыққа қызмет көрсетіп жүріп, бір дәулетті жаннан алған түйменің көзіндей алтыным бар, – дейді Сәді.

– Ол алтынды не қыламыз?

– Менің жобалауымша, алтынға қызықпайтын хан жоқ. Сол алтынды сенің үңгіріңнен алдым деп ханға барайын. Ол сеніп өзі келер, сол кезде жанын жаһаннамға жіберерсің, – деп өтінді дүкен ұстаған абзал жан.

Сәдінің айтқан уәжі де, ақылы да көңіліне қонған Ата жылан:

– Момын халық үшін келісімімді бердім, – деді.

Таң қараңғысында қағылған есікті хан өзі тұрып ашты. Өйткені, Шолпан есімді көңілі ауған келіншек осы кезде келетін. Бірақ есік аузында нәзікеш қылықты келіншек емес, қол-аяғы күстенген ұста тұр еді. Оның бас бармағының астынан алтынның сәулесін көрген хан оның жымын білдірмей төргі бөлмеге алып келді.

– Қане, қайдан алдың? – деді ол бірден. Сәді ұста болған жайды айтқансып отырып:

– Ордалы жылан сізді оңаша келсін деп жатыр, – деп қалды. Мынау сөзге көзі қарауытқан хан сол сәтте-ақ үңгірге жалғыз аттанды.

Үңгірдің көзіне барғанда Ата жыланның тілінен зәр шашырап:

– Сен өз зауалыңды өзің іздеп таптың! – деді. Өлмеші болып уланған хан таң бозымен:

– Бұл жерден көшеміз! – деп жар салды. Хан туыстары, төлеңгіттері өре түрегелді. Ақ отау керегесіне дейін буылып, түйіліп, атандар шөгеріліп, өркешіне арқан тасталды. Барлық жүк теңге артылды. Көш ілгері жылжыды.

Хан қызылдың қарсы бетіндегі бұлаққа жеткенде.

– Шөлдеп барам. Мені күймеден түсіріңдер! – деді. Уәзірлері кенеттен дерт құшқан ханекеңді көтеріп әкеліп, бұлақ жағасына жантайтты.

– Ары таман бара тұрыңдар, – деді хан. Сол сәт мұздай бұлақ суынан түршіккен денесіне жылан уы тез тарап, соңғы демі шығып кетті.

Қозғалыссыз жатқан ханның денесін аударыстырып, көтеріп әуреленген бас уәзірдің көзіне жылан шаққан жер түсті.

– Ойбай-ай! – деп айқай салды бас уәзір, – ханымыздан айрылдық! Мынау бұлақ – «Жыланды бұлақ» екен. Жақындамаңдар! Қане, бұл жерден тез көшейік!

Дарқан даланың маңғаз халқына өкшесін батырған зәлім ханның ажалы солай жетіпті. Сәді ұстаның білгірлігінің арқасында ордалы жыланға өзі барып түскен ханның жан тапсырған жері «Жыланды бұлақ» аталып кеткен.

136. ЖЫЛТЫР КҮЗЕГІ

Epте заманда Жылтыр деген он жеті мың жылқы біткен бай сол жерде күз айларында тұрыпты. Сол Жылтыр бай байлығына масаттанып, бір дәруіштен: «Мен қашан өлемін?», – деп сұрапты. Сонда дәруіш: «Тақсыр, сіз аштан өлесіз», – дейді. Жылтыр бай оған сенбейді. Арада біраз уақыт өтіп, дәруіш Жылтыр байдың ауылына келсе, бай тамақ іше алмайтын ауруға шалдығыпты. Сонда дәруіш тұрып: «Сіз байлықты көтере алмадыңыз, мына ауруды Алладан сұрап алдыңыз», – деген екен. Жылтыр бай жетпіс жастан асқан шағында қайтыс болыпты. Міне, сол жердің аты «Жылтыр күзегі» деп осы күнге дейін аталады.

137. ИТКЕ БИ

(І-нұсқа)

Ол кездері қазаққа тән жайлау, қыстау, көші-қон рәсімінің шектелмеген шағы. Содан Итекең іргелі ауылды әдеттегідей келесі қонысқа өзі бастап шығады. Бұрындары денсаулығы мұқалып, сырқаттанып жүрген екен. Ел қамы, су қамы, жер қамы деп биекең бойын бойлаған дертке әу бастан оншалықты назар аудара қоймаған, сірә. Содан, көш түзеле, жолай бидің денесі ауырлап бей-берекесі кетеді. Әрине, ел бастаған ер азаматтың хал-күйі баршаның көңіліне кірбің келтіреді. Мұны қалай сезінбесін, Арқаға әйгілі Итке би болған соң ол да сезінеді. Сонда өрен-жаран, туған-туыстарына өсиет етеді:

– Сендер абыржымаңдар, көш бағытынан тағы айырылмасын. Бұл дүниеде мәңгілік кім болған, дәм-тұзым таусылған жер бұйырсын. Және де естеріңде болсын, о дүниеде ара қашықтық ұғымы жоқ. Сол себепті жер қойнауына берілген соң-ақ туған-туыс фәни жалғанда қауышып жатады, – дейді.

– Биеке, о не дегеніңіз, бөтен елде атыңыз шықпай атаусыз қаласыз, – деген біртумаларға:

– Ештеңе етпейді, мен жерленген соң, ол жердің аты Итке аталар, сірә, – деп сендіреді.

Кешікпей биекең көзін мәңгілік жұмған екен. Бірақ қос атқа тең жасалып, мәйіт көшпен бірге біраз сапар шегеді. Сөйтіп, Итке ауылы Жуантөбе жазығына жетіп, Айса көлді маңайлай бере ат басын тіреп, биекеңді соңғы сапарына шығарып салу рәсіміне кіріседі. Ақылдаса келгенде, кішігірім өзеннің жар қабақтың иірілісі үстінен бой көтерген тастақ төбешік баршаға ұнайды. Міне, сол сәттен Алла тағала ардақты бидің қалауын қабыл қылған жер аты тап бүгінге дейін Итке атанады.

138. ИТІКЕ

(ІІ-нұсқа)

Орта жүздің қуандық және қаракесек руларының арасында келіспеушіліктер болыпты. Мұны кейбір байлар пайдаланып, екі елді қақтығысқа итермелейді. Ол кезде Қаз дауысты Қазыбек би жас бала кезі. Билік қуандық руының Итіке деген бидің қолында екен. Сонда Итіке қартайып өлер шағында: «Мені екі елдің шекарасына жерлеңдер. Өйткені мені асып екі ел жауласпайды», – деген екен. Сол Итіке жерленген жер қазір Киевка селосының күншығыс жағында жеті шақырым жерде. Жер аты қазір Итіке деп аталады.

139. КӘЛКЕН

Кезінде «Тұздыкөл» деп аталатын көлдің жағасын жайлаған бір байдың Кәлкен атты жалғыз қызы болады. Қыз бой жетіп, көрші рудың бір жігітіне ғашық болады. Екі жас көңіл қосып, үйленбекші болған кезінде қыздың әкесі қарсы болып, қызын үйінде қамап ұстап шығармаған екен. Сондағы себеп – жігіт бір байдың жылқышысы екен. Сүйгеніне қосыла алмаған Кәлкен сұлу көп қайғырып, құсадан қайтыс болады. Ал үш күн өткеннен соң, бай судың жиегіне барса, мөлдіреп жатқан көл қара суға айналыпты. Еш нәрсенің мәнісін түсіне алмаған бай бәйбішесіне айтып, жалшыларына суды батпақтан тазартуды бұйырады. Онысынан түк шықпай байдың өзі де, адамдары да батпақтың арасынан шыға алмай өледі. Жалғыз қызының көз жасынан қорықпаған бай азаппен жаһаннамға аттанған жерді халық «Кәлкен» деп атап кеткен екен.

140. КЕЛІН АУЫЛЫ

Біздің төңіректе осыдан бір ғасырдай бұрын ірі бай өтіпті. Оның олпы-солпылау жалғыз баласы бар екен. Ұлы ержеткен соң әр жерден қыз атастырып көреді, бірақ ешқайсысы да «менің қызымды ал» демейді. Баласын қыз таңдауға өзіндей байлардың да ауылына жіберіп көреді, ешбірі дұрыс қарсы алмайды. Сонда бай:

– Балам, жақсы көрер қызың бар ма? Соны алып берейін, – дейді.

Сонда баласы:

– Пәленше бай ауылында пәлендей деген егіншінің қызы бар, мен соны ұнаттым, – дейді.

– Ол сені ұната ма, балам? Ол әйтеуір тәуір қыз болса, бай неғып қағып түспей жүр? Мен барып байқайын, – дейді.

Ертеңіне ертелеп әлгі ауылға егінші үйіне барып түседі. Пәлендей атақты бай түскен соң, егінші байғұста не жан қалсын, бәйек болады. Бай осы үйдің қызын айттырып келгенін айтады. Шал ештеңе айтпай, сыртқа шығып кетеді. Қызына «сені бай айттыра келіпті» дегенде, әкесіне «асықпа, жауабын өзім беремін» дейді. Ол ішке шай ала кіріп, құйып беріп, үндемей отыра береді. Шыдамы таусылған бай қызды сынамақ болып:

– Қарағым, мен сізді айттыра келіп едім, – дейді.

– Өзіңізге ме, балаңызға ма? – деп қарсы сұрақ қояды қыз. Бай:

– Өзіме десем не дер едің, балама десем ше? – дейді.

Сонда қыз:

– Өзіңіз тым кәрісіз, отырған орныңыздан тік тұра алмайсыз. Балама десеңіз бір жөн, оны тәрбиелесе, жаман адам болмас, – деп жауап қайтарады. Бай қуанғанынан:

– Қарағым, балама алып бермекші едім, – дейді шынын айтып.

Бай диқанға:

– Қызыңды бер, құда болайық, – дейді. Ол:

– Қызым болады десе, – деп қарсы емесін білдіреді.

Сонымен бай мен диқан бірі қызын беріп, енді бірі келін түсіріп, құда-жекжат болады.

Бір күні қыс аяғы кішкене жыли бастағанда, «жылқыларды ертеңнен бастап жайылымға айдаңдар, қыс бітті, көктем келді» деп бұйырады. Жылқының түгел айдалуын баласына тапсырады. Сонан ауылда қарбалас басталып, жылқыны үйір-үйірге бөліп, жайлауға айдауға дайындалып жатқанын бай келіні байқап, күйеуінен:

– Не істеп жүрсіңдер? – деп сұрайды.

– Әкемнің жарлығы бойынша ертең жылқыларды жайлауға айдамақшымыз, мен соны сол жаққа түгел жеткізіп қайтамын, – деп жауап қайтарады.

– Тез, атама айт, жылқыларды жайлауға екі күннен кейін айдасын. Алда қарлы қалың боран бар, сол өте айдасын. Әйтпесе, малдан да, адамнан да шығын болуы мүмкін, – деп қаупін айтады. Бұл сөзді бай баласы жедел әкесіне жеткізеді. Оны естіген бай қатты ашуланып:

– Мен сені есейді, ержетті деп жүрсем, әлі келін етегіне оралып жүр екенсің ғой. Жылқыларды дәп қазір, бүгін айдап кетіңдер, – деп зәрлене бұйырады.

Бай айтқан соң «Жаппарқұлда жан бар ма», жылқышылар бір жағынан ренжісе де, бір жағынан қуанады. Қуануларының себебі, жайылымға барса, бие байланып сауылады, балалары да, өздері де қымызға қарық болады. Жайылымға шығу үшін өте тиімді.

Байдың ескі-құсқысын киген малшылар жылқыларды иіріп, айдай бастайды. Бай баласы бастаған олар малды ауылдан ұзатып кеткен кезде күн суытып, жел тұрып, қар жауа бастайды. Бірте-бірте жел күшейіп, қар қалың жауып, кәдімгі боранға ұласып, үскірік аяз болады. Қалшылдап біресе ішке, біресе сыртқа шыққан бай амалсыздан келінінен:

– Ауа-райы қашан дұрысталар екен? – деп сұрайды. Сонда келіні:

– Ата, енді болар іс болды. Олар ендігі көк жонға жетсе керек. Жарау биелер мен айғырлар көк жоннан асып, сай-сайға ықтаған болар. Малдың нашарлаулары ықтасынға жетпей, шығынға ұшыраған болар. Адамдар аман болса жарар еді-ау, – дейді. Бай сонда:

– О, Алла, менде не өшің бар еді, баламды, малымды алғанша неге менің өзімді алмайсың, менің енді нем қалды? – деп өкіре жылап құлайды. Келіні атасына басу айтып, былай дейді:

– Ата, боран қонағанға тоқталады, біз ертең бір-бір ат мініп, оларға көк жонда жәрдемге барамыз. Малдың да, адамның да терісін сонда ажыратуға болады. Ертең бір қара тайды жетектей кетейік. Қалған сөз сол жерде айтылады.

Бай түнімен ұйқы көрмей, таңды әзер атырады. Ертесіне бірнеше аттылар қонды қара тайды жетекке алып, жайлауға кеткендердің артынан жортып, сәске кезінде жетеді. Келіні жол-жөнекей:

– Ата, балаңызды көк жоннан табамыз. Тапқан кезіңізде тиіспестен маған хабарлаңыз, – деп өтініш етеді, – балаңыздың тірі қалуы не қалмауы алдымен Жер-Анаға, сонан соң біздің іс-әрекетімізге байланысты.

Бай көк жонға жеткен соң, әр төбені шұқшиып қарап, теңкиіп жатқан жылқыларды көреді. Соның арасынан баласын тауып, айқайлап келінін шақырады.

– Келін, бала мұнда жатыр екен, – деп еңіреп аттан түседі. Келіні:

– Тиме, ата, тиіспеңіз, – деп ол да жақындай береді, – ата, балаңыз тірі қалсын десеңіз, сабыр етіңіз. Сәске түсте Жер-Ана жылынады, мына қар ери бастайды. Жерде дүмпу білінеді, сол кезде балаңыз қимылдаса, тірі қалады, көз ашпаса, айырылдық, – дейді. Бай не істерін білмей жылай бастайды. Келіні:

– Үмітсіз шайтан, біз тірі қалады деп үміттенеміз, – деп қарын тазартып, – жылу Жер-Анадан келеді. Мен үстіңе тонымды жабайын, отағасы, көзіңді аш. Алла, әбиір бер, – деп жалбарынады жерді ұстап тұрып.

Сәске түспей бай баласы аяғын созып, көзін ашады. Келін:

– Тірі екен. Тез тайды сойып, терісін сыпырыңдар, – деп бұйырады. Терісі сыпырылған кезде енді теріні керіп тұрып, сота таяқпен ұрып:

– Мына тонды жерге жайып, теріге орап, басын ғана шығарып жатқызыңдар. Сөйтіп, тағы бір тон жауып тастасаңыздар. Денесіндегі бар суығын сорып алады, сізбен бірге ауылға қайтады. Басқа кісілердің де аман не жаман екенін енді ажыратуға болады, – дейді көрегенділікпен.

Көзін ашқан, қимылдағандарды тон терімен орап, атпен елге жедел жеткізіп, ыстық-ыстық сорпа беріп терлетіңіздер. Сонда денсаулықтары жақсы болып қалады.

Адамнан шығынның аздығына қуанған бай малынан көп айрылғанына қайғырады. Енді не істеу керегін келінімен ақылдасып көреді.

– Енді суық жоқ, жылына береді, – деген келіннің сөзін медеу тұтып, бар жылқышысын жинап, малды түгендеп, сонан соң жайлауға айдап керегін көп ұзамай бар көшті бастап, өздерінің де келетінін ескертеді.

Сол оқиғадан кейін бай жайлауға көшер алдында келінімен ақылдасып барып іс істейтін болады. Басқалары бай ауылы демей, келін ауылы деп атап кетеді. Өзгелер сол келін ауылы көшті ме, көшсе біз де қимылдайық деп көшіп жүрді. Бертін келе «Келін ауылы» деген атпен ұжымдастыру кезеңіне де жеткен екен. Бүгін де кейбіреулер «Келін ауылы» деп атайды.

141. КЕЛІН ТӨБЕ

Ілкі заманда қазақ даласына калмақ шапқан деседі. Ер азаматтар жау қолынан өліп, ел еңсесі түседі, сол кезде ел ішінде Ақшабақ есімді келіншек бар екен. Қауым елді ақылмен бастайды. Қашқан ел Қаратаудан асып, Сырға жетеді. Сыр жағасындағы қалың тоғайға кіріп, қалмақ қолын адастырып кетеді. Әлігі келіншек дариядан өтіп, аз күн тынышталған елге: "Кетпен ұстауға жарайтын жұрт топырақ тасып төбе үйсін, төбе басына шыққанда дарияның арғы басы көрінетін болсын!"- дейді. Ел екі етпейді, төбені үйеді. Келіншек күнде өрмелеп төбе басына шығып қарауыл қарайды. Келе жатқан жауды күншілік жерден таниды екен. Жау төбесі көрінсе ауылға хабар қылады да, жұрт тоғайға сіңіп құтыла берген. Осыдан кейін Ақшабақтың есімі, беделі ен далаға жайылып, халықтың оған деген құрметі үдей түседі. Осы мекенде диханшылық дәуірлеп, ел тып-тыныш мамыражай заман кешкен. Бір күндері қырағы келіншекке бүйі түйіп өледі. Жұрт оны ардақтап, арулап осы төбеге көмген екен. Содан бұл төбе "Келін төбе" аталып кетіпті.

142. КЕЛІНШЕКТАУ

(І-нұсқа)

Ертеде аты шыққан әйгілі бай болыпты. Әлгі бай аузы уәлі, ақылы мен дәулеті парапар болыпты. Жан дегенде жалғыз қызы бар екен. Қызы бой жетіп, тана көзі талайдың ішіне шоқ түсіріпті. Ақыры теңі табылып, бай жалғыз қызымнан аярым жоқ деп, екі жаққа батасын беріп, жасауын бөліпті. Отаудың үзік, дөдегесі ақ марқаның жүнінен басылып, бау-басқұры жібек жіптен тоқылыпты. Шаңырағын алтынмен аптап, уығын күміспен қаптапты. Бар жиһазын түйеге артып, риза бол деп, әкесі керуеннің бас жібін қызына ұстатқан екен. Керуен аяңдап Қаратаудың қыр арқасына көтеріліпті. Қызы дүниеге бір табан жақын білем, сол арада түйелерді жасауды қайыра бір көзбен өткізіпті. Сөйтсе итаяғы жай өрік ағаштан шабылған екен. Мұны көрген қыз: «Әкем сараңдық жасап, итаяғымды күмістен соқтырмапты», – деп күйеу жігітті ауылына әкесінің үйіне қайтарып жіберіпті. Күйеу жігітті күміс итаяққа жұмсаған екен. Бар дәулетін, бар жоғын арттырып жіберген ақылды әкесі осы сөзді естіп қатты ренжіпті. Әкеңді аямайды екенсің деп қынжылыпты. Қызына «тас жүрек екенсің, тас бол» деп теріс батасын беріпті. Сол кезде қарғыстың дөп даритын уағы білем, шөп жатқан түйелер, бұйда тартқан қалыңдық солайымен тұрған-тұрған жерінде тасқа айналып қалыпты деседі.

143. КЕЛІНШЕКТАУ

(ІІ-нұсқа)

Сонау ерте заманда Қаратау бөктерінде бір бай өмір сүріпті. Байдың Айсұлу есімді жалғыз қызы болыпты. Қыз өте сұлу, сымбатты екен. Байдың дүниесінің молдығы, қыздың сұлулығы жан-жаққа тез тарап, қыз 15 жасқа келгенде айттырушылар тұс-тұстан ағыла бастапты. Перзентін өте жақсы көретін бай тек қызының қалауы бойынша тұрмысқа шығатынын айтып, келушілерге қатаң ескертіпті. Жігіттерді асықпай таңдаған қыз ақыры біреуіне тоқтап, әкесінің батасын сұрайды. Бай уәдесінде тұрып, қызына қырық күн ойын, қырық күн тойын жасайды.

Той өткен соң бай қырық түйеге жасау артып, қызын жолға шығарады. Айсұлу ауылдан ұзап «Балды су» өзеніне келген кезде көшті тоқтатып, сандықтардағы жасауларын шетінен тексере бастайды. Сөйтсе, барлық бұйымдар таза алтыннан жасалыпты да, тек жалғыз итаяғын ғана ағаштан жасаған екен. Қызы әкесіне тез адам жіберіп, итаяқты да алтыннан жасауын талап етеді. Қызының сәлемін естіп, қатты ашуланған бай: «О, жақсылық түсінбеген қасиетсіз қызым, тас бол!» – деп қарғаған екен. Сол замат Айсұлу да, шұбаған көш те түгел тасқа айналып кеткен көрінеді. Кейін бұл жер «Келіншектау» аталып кетіпті.

144. КЕМЕ ҚАЛҒАН ШЫҢЫ

Баяғы өткен заманда Құдайдың жаратушы екендігін ұмытып, жер бетіндегі адамзат азып-тоза бастайды. Осындай жағдайды көзімен көріп жаны күйзелген Нұх пайғамбар елді қаншалықты түзу жолға салам десе де болдыра алмайды. Күндердің бір күнінде Құдайдан Нұх пайғамбарға хабар келеді: "жердің бетін топан су басады, қырық күн жаңбыр жауады, азғындардың бәрі суға қарық болады, сен кеме жасап, әрбір жан-жануардың, аңдардың түрлерінен жұп-жұбымен сол кемеге салып ал". Нұх пайғамбар көп уақыт еңбек етіп, үлкен, мықты кеме тұрғызады. Жан-жануарлардан кемеге отырғызады. Дәл сол сәттен бастап жаңбыр жауа бастайды. Қырық күн жауған жаңбырдан жер қырық құлаш су көтеріледі, ол су қырық күнге дейін қайтпайды. Мерзімі жеткен кезде су басылып Нұх пайғамбардың кемесі бір биік таудың басына келіп қайырылған екен. Сол тауды халық "Қазығұрт" деп, кеме қайырылған шыңын "Кеме қалған" деп атап кеткен.

145. КЕМПІР ӨЛГЕН

Қаратаудың күнгей бетінде бір кемпір өмір сүріпті. Оның жалғыз лағы болыпты. Ол бір күні лағынан көз жазып қалып, соны іздеуге шығады. Кенет жаңбыр жауып кемпірдің үсті әбден малшынған соң, бір үңгірге кіріп, паналамақ болады. Үңгірдің іші терендеу болса керек, не керек кемпір сол үңгірдің ішінен шыға алмай қайтыс болады.

Сол оқиғадан кейін бұл үңгірді сол өңірдегі халық "Кемпір өлген" деп атап кетіпті.

146. КЕМПІРТАС

Әлімсақта жергілікті тұрғындар бұл жерде ерекше жылқы тұқымын өсіріпті. Бұл аттардың бағасы қымбат болып, оларды ең батыл жігіттер көздің қарашығындай күзетеді екен. Алайда соған қарамастан күнде бір жылқы жоғала беріпті. Түнде күзет қойылса да, бәрі ұры келгенше ұйықтап қала беріпті. Ақыры солардың арасынан жас батыр түнде ұйықтап қалмау үшін білегін кеседі. Түн ортасында жер айырылып, содан түрі қорқынышты кемпір шығады да, жылқылардың ішінен ең семізін таңдап, өзімен бірге жер астына әкетеді. Жас жігіт көргенін ақсақалдарға айтып, көбірек қару жинап, халқын сиқыршыдан құтқаруға бел байлайды. Жігіт түнде мыстанның келер уақытын күтеді де, жерден шыққан бетте алыса кетеді. Жігіт мыстанмен түнімен алысып, әбден шаршайды. Кемпір де әлсірейді. Өйткені таң білінісімен күші қайтатын. Таң атқан кезде кемпір жердің астына түсіп үлгермейді де, күн шапағы жердің жігін жауып, мыстанның жарты денесі мен басы тасқа айналып қатып қалыпты. Үлкендердің айтуынша, жер бетінде жаманшылық көбейсе, ол тіріледі екен. Сондықтан тасқа ақ ниетпен келу керек.

147. КЕҢЕСТАУ

Атадан егіз болып туған екі жігіт өздерінің кенже інілерінен қалған жесірге дауласады. Алдында жесірді берер ағасы, соңында інісі болмағанынан кейін екеуі сұлу келіншекті бір-біріне қимай, арадан жік туады. Шешімін таба алмай өзара бір-біріне көз алартқан ағайынды жігіттердің арасындағы таласты байқаған ауылдың ақсақалдары бұл дауды шешпекші болып тау басында жиналады. Жағалай жайғасқан жұрт алдында екі жігіт және арысынан айырылған жас жесір өздерінің тілектерін айтады. Әмеңгерлікке ие болмақшы болған жігіттер ұзақ айтысады. Ақыры істің насырға шауып бара жатқанын байқаған жиналған жұрт дауды шешіп, төрелігін Қонысбай қарияға айткызады. Манадан бері үнсіз отырған дана қарт осы ауылдың ақыл тоқтатқан, абыройлы азаматы болып және осындай дауларда әділдігін айтатын әділ қазылардың бірі болған еді. Екі жақтың арызын тыңдап болғаннан кейін ол:

Алалық болса, ағайын,

Татулық отын жағайын,

Маздап жансын осы от,

Араға бірлік салайын.

Татулық керек өмірде,

Ақ тілек болсын көңілде,

Алшақ болса арамыз,

Жан-жағыңа қараңыз.

Қадалған көп көздер бар,

Соның бәрін санаңыз.

Өз көңіліңмен қарасаң

Бәрі жақсы, бәрі дос.

Айналайын Жоламан,

Айналайын Еламан,

Ақылыма құлақ тос.

Анталаған жауыз бар,

Іштен тынған қасың бар,

Жаны ашыған досың бар,

Арада бірлік болсын деп.

Екі егіз айырылмай,

Мәңгілік болсын серік деп.

Жасымасын көңілі,

Қажымасын өмірі.

Жақыным мен бауырға

Тартсын оның бүйрегі.

Деп қараған көңілге,

Жаны ашыған жарың бар,

Осыны алғаш есіңе ал.

Жесір алсаң үстіңе,

Сыйламас жарың ешқашан.

Таудай көрген ұрпағың,

Жерінер ата мұрадан.

Кезің өтті ағайын,

Тоқал алар жаңадан.

Тұсау салма басыңа,

Марқұм болған ініңнің

Зарлап қалған жарына, –

деп екі ағайын Жоламан мен Еламанға ақыл айтып, татуластырып, келіндері Айбибінің басына бостандық алып беріпті. Міне осындай қым-қиғаш, шым-шытырық оқиғаларға толы даулар әділ жолмен осы таудың басында шешіліп отырған. Сондықтан осы тау әлі де болса «Кеңестау" деген атқа ие болып келеді.

148. КЕҢЕС ТАС

Баяғы өткен заманда бір байдың аналық түйесі жоғалыпты. Бошалап барып боталаған түйенің ботасы қолда тұрғандықтан бай мен соның ел-жұрты түйені ұрлады деген шешімге келеді. Жан-жаққа іздеушілер жіберіп, сұрау салады. Ақыры соңында түйені алтайшылық жерде жатқан Арыстан батырдың алғандығы анықталады. Барын бас салып тартып алайын десе, батырдан қаймығады. Сөйтіп, баршасы жиналып, ақыл-кеңес қылады. Елдегі белгілі би Мәмбетті бір топ адаммен батырға жұмсайды. Бірақ адуынды арыстан бидің айтқан төрелігін құлағына да қыстырмапты. Тағы да бірнеше күн бойына жиын жасап, Арыстанмен көңілі жақын дос көрші елдің Қорамса деген батырына міндеттейді. Ат терлетіп алтайшылық жолды алты күнде жүріп барған Қорамсаның сапары да сәтсіз болыпты. Енді ел тығырыққа тіреледі. Беті қайтқан бай өзінің қасына сенімді-сенімді деген ауылдың бес-алты ақсақалдарын ертіп, таудың беткейіндегі үңгірдің жанында жатқан тастың түбіне келіп, кеңес қылады. Сонан жасы жеткен қария, ақылы асқан дария қарт адам былай деп ұсыныс білдіреді: «Түйенің ботасын Арыстан батырдың ауылының жанына алып барып бурасанға қыл-бұрау салып шыңғырту керек. Ботасының даусын естіген түйенің боздары хақ. Боздаған түйенің даусынан батырдың ұйқысы бұзылады, мазасы кетеді. Ол тәсілді бірнеше күн қатарынан қолдансақ, түйемізді еріксіз қайтарып беруге тиісті».

Қарияның осы айтқанын жөн санаған көпшілік дәл солай етіпті. Ақырында айтқаны келіп, түйелерін қайтарып алған екен дейді. Ал, жаңағы кеңес құрған үңгірдің аузындағы тасты көпшілік содан бері «Кеңес тас» деп атап кетіпті.

149. КЕРТІНДІ

Ерте заманда Кертінді атты жігіт сүйген қызын алып келе жатады. Қыз бесікте жатқанда, біреуге айттырылса керек, қыздың сүйген жігітімен кеткенін естіген, құда түскен жігіт жағы артынан қуғыншы жібереді. Қуғыншылар жастарды бүгінгі «Кертінді» деп аталатын жердегі жартасқа тығылып жатқандарынан тауып алады да, жігітті сол жерде мерт қылады. Жігіт сол жартастағы тасқа қашап «Кертінді» деп жазып кетіпті. Бүгінде сол жердегі елді мекен «Кертінді» есімімен аталады.

150. КЕРТІНДІ – ҚОЛАҢ

Ертеден қазақтың Сарыарқа аймағының орталығындағы Нұра, Ертіс өзендері арғын елінің біраз ұрпағының мекен-жайына айналған. Міне, сол заманда осы күнгі Нұра ауданының орталығы болып отырған Қаратал ауылынан 20 шақырымдай оңтүстік бағытында, жолда дәл Нұра өзенінің жиегінде Қолаң атты кішкентай төбе бар. Міне, сол төбенің маңында Кіші жүз аталарымыздың бір ұрпағы өте бай, мыңдап жылқысы бар адам келіп жайлайды екен.

Сол байдың төрт-бес ұлдарының ортасында бұла болып өскен жалғыз қызы, баласының кенжесі екен. Қыздың аты – Қолаң. Осы Қолаңға Кертінді деген әрі сері, әрі әнші жігіт бір тойда кездесіп, бірін-бірі ұнатады. Жасырын кездесіп, бірінсіз-бірі тұра алмайтын жағдайға ұласып, ғашықтық сезім билейді. Екеуі қосылуға уәде байласады. Қолаңды әкесі өз елінде бір байдың баласына айттырады, бірақ Қолаң болашақ күйеуін жақтырмайды екен. Қолаңның ағаларының әйелдерінде бір жеңгесі Қолаңды өте жақсы көреді екен де, соған Қолаң бар сырын жасырмай айтады екен. Жеңгесі жасырын Кертінді екеуін елге білдіртпей жолықтырып отырса керек. Ал, екінші бір жеңгесі бұларды күндейді екен. Солай уақыт өте береді. Бір күндері шілде айында күйеуі ұрын келеді. Оның келетінін жеңгесі арқылы Кертіндіге хабарлайды. Ауылына күйеуі келген күні, түскілік мезгілде Қолаң мен Кертінді тоғай арасында кездесіп тұрғанда қыздың болашақ күйеуі үстерінен шығады. Оған қарсылас жеңгесі айтса керек. Бұл кезде Қолаң мен Кертінді құшақтасып тұрса керек, соны пайдаланып Кертіндінің ту сыртынан келіп кездікті жүрек тұсынан салып алады. Сол жерде Кертінді тіл тартпай өледі. Міне, осы уақиғадан кейін екі ел арасы шиеленісіп, «жесір дауы» басталады да, соңында Қолаңның өліміне әкеп тірейді.

151. КЕРТІНДІ ЖІГІТ ПЕН ҚОЛАҢШАШ АРУ

«Қолаң жарқабағы» атанған жерді Нұра өңірін аққошқар руынан шыққан он жеті мың жылқы айдаған Сабақбай атты бай қоныстаныпты. Осы байдың бойжетіп отырған айдай сұлу Қолаңшаш атты әрі әнші жалғыз қызы болған екен. Осы өңірдегі менменшіл деген атына сай талай жігіттердің ішінде әлгі қызға сөз салмағаны жоқ екен. Бірақ жүрекке әмір жүре ме? Қолаң қыздың өз жүрегінің қалауы, өз сүйгені бар екен. Ол осы елге кірме болып келетін найман руынан шыққан Сабақбайдың жылқышысы Кертінді атты сері жігіт екен. Бірінің жүрегінен бірі жол тапқан екі ғашықтың арасындағы махаббат оты лаулай түскен.

Қолаң сұлуды бесікте жатқанда атастырған Жүніс атты байдың баласы бар екен. Күн артынан күн, ай артынан ай, жыл артынан жыл өтіп, қызды ұзататын болып, күйеу жігіт жолдастарымен келіп түседі. Осыдан хабардар болған Қолаңшаш Кертіндіге жасырын хабар жібереді. «Тағдырым таласта тұр. Мен сендікпін, не көрсек те бірге көрейік, тез жет», – деп хат жазып жібереді. Сол күні түнде Кертіндіге хабар жетіп, Қолаңды алып қашады.

Қыздың қашып кеткенін құдалар жағы естіп, ашудан не істерлерін білмей, қыздың әкесіне бас салады. Ұят пен намыстан өртенердей болып отырған Сабақбай: «Тауып алып, қашқындарға не істесеңдер де өз еріктерің», – деп, құдаларға билікті береді. Күйеу жағы жан-жаққа қуғыншылар аттандырады. Аса алысқа ұзай қоймаған қыз бен жігіттің үстінен түседі. Қуғыншылар мен арыстандай арпалысқан Кертінді қызды қашырып, өзі қолға түседі.

Қанына қарайған күйеу жігіт пен нөкерлері Кертіндіні сол жерде ат құйрығына байлап өлтіреді. Кейін осы жер «Кертінді» деп аталған. Қолаңшаш қыздың жағдайына келетін болсақ, ғашығынан айырылып зар еңіреген бейшара мұңлық басы ауған жаққа безіп кетеді. Өстіп жүріп бір таудың тасасында әбден шаршап, талықсып ұйықтап кеткен екен. Ұйықтап жатып түс көреді. Түсінде Кертінді екеуі кішкентайлы болып, шілдеханасын жасап жатыр екен дейді. Бетіне тамған суық тамшыдан тітіркеніп оянған Қолаңшаш, оянғанына өкініп, содан соң жерге «жақсы түс, жарым ырыс» сенің атың «Жақсы қарт» деп жылай-жылай атына мініп жүріп кетеді. Шөлден қалжыраған Қолаңшаш алдынан жарқыраған айдын көл шығады. Әбден шаршап, шөлдеген қыз сақтықты ұмытып кетіп, су ішкенде маңдайындағы маржан алқасын көлге түсіріп алыпты. Сүйгенінің сыйға тартқан ақтық белгісі Маржан алқамды түсіріп алдым деп өкініп жылай отырып, бұдан былай сенің атың «Маржанкөл» аталсын деп қайғылы дауыспен айғайлаған екен. Осы дауыс одан әрі жаңғырып қыздың тілегін еліне жеткізген дейді.

Өстіп жүріп Қолаңшаш бір таудың тұсында астындағы аты зорығып өледі. Бұл жер менің қайғылы жағдайға ұшырауыма себеп болды. Көңілсіз қалдым, осы жерде жалғыз серігім атым өлді, енді сенің атың «Жаман қарт» болсын дейді. Барар жер, басар тау қалмаған соң Қолаңшаш баяғы Кертінді өлген төбенің төменгі жағындағы Нұра өзеніне төніп тұрған жарқабақтан құлап мерт болған екен. Содан бері бұл жарқабақ енді «Қолаң жарқабақ» деп аталып кеткен екен.

152. КЕСКЕН ТЕРЕК МОЛАСЫ

Бетпақтың даласында құла түзде киік жайылымында осы мола ағараңдап көрінеді. Моланың кесегін түйе сүтіне илеген.

Байдың жылқысын бағатын жылқышы әке жауын жауып, аяғы мұздақ болып, қанатын жаза алмай қырат үстінде жүрген зәулім құсты ұстап үйіне әкеледі. Құсты байға сауғаға салып аңшы болады. Әкесі баласы кескен терек құсты көріп байға беруден тоқтады. Кескен терек деп ат қойылуы жолдас балалары ойнауға келгенде үйдегі сұлайып жатқан баласына: «Кескен теректей болып жата бермей сыртқа шық, жолдастарың келіп тұр ғой» деп айтудан аталып кеткен. Құсты Еділ-Жайық бойындағы құсбегілерге барып баулытады. Сол құсбегінің қызына үйленеді. Кескен теректің ажалы ашулы отырған құсты аңға кеш арасында қосудан, әрі аңды көрмей ашулы құс егесіне шабумен бітеді.

Ал Сейдуалы Жақыпұлы баяндаған аңызда бай ауылының жанындағы саудагер 10-15 құс алып келеді. Елгезер сұрай келген Кескентеректің әжесі құстарды көріп атасына айтады. Атасы: «Түйе алады ма, жылқы алады ма, бір құсын айырбасқа ал», – деп келінді қайта жібереді. Келін айтқан сөзге саудагерлер келіседі. Келін құстардың үстіне мініп, мінгенде басын бұқпаған көкала құсты алады. Кескентерек құсты алып, баулиды. Әкесі бір жаққа кеткенде келініне құс ұяластарының даусын есітті ме екі-үш рет аңға алып шықпасын деп тапсырады. Кештетіп үйіне келген Кескентерек тойға келгендерден Бетпақтың үстімен қырық шақты киіктің суатқа қарай бет алып бара жатқанын хабарлайды. Үйіне жүгіре келген Кескентерек келін ескертпесіне қарамай екі кештің арасында киікті көрмесе де, құс өзі биіктен көрер деген ниетпен құстың томағасын шешіп ұшырады. Құс айналып-айналып ұшып егесін тебеді. Кескентерек уақиғасы осымен аяқталады.

153. КЕТПЕН ТӨБЕ

Ертеде осы өңірді мекендеген Темірбек деген алып-балуан адам болыпты. Оның мінген тұлпары Текес өзені суына қанбайды екен. Сондықтан Темірбек Текес өзені суын Қапшағай қыстаңынан бөгеп, Текес аңғарын көлге айландыру арқылы тұлпарының сусынын қандырмақ болыпты. Ол сайланып Аттың тауына шығып, Кетпенмен бір шауып алып лақтырғанда, Кетпеннің сабы сынып, лақтырған тас-топырағы Қапшағайға жетпей жол ортаға түсіп қалыпты (қазір Аттың тауы мен Қапшағайдың аралығы 80 шақырым келеді). Содан бұл топырағы тау болып орнапты да «Кетпен төбе» аталып кетіпті.

154. КИЕЛІ КӨРКЕМ ТАУ

Есірген қалмақ әскерлері бірде кішкене ғана панасыз ауылды шауып, мазалап тыныштық бермейді. Айдарлысын құл, тұлымдысын күң етуге байлап, матап әкетіп бара жатады. Тұтқындарды көш биік таудың басына әкеліп тоқтатады. Көш ішінде Көркем атты атына заты сай сұлу қыз болыпты. Көркем қалмақтарға қор болғысы келмей, түн ішінде әлгі биік тауға шығып, жартастан құлап өледі. Ертесіне ертемен тұрған күзетшілер Көркемнің мәйітін тауып әкеледі. Содан бастап әлгі тау "Киелі Көркем тау" деп аталып кетеді.

155. КӨГЕРШІН

Бұрынғы өткен замандарда қаржас руынан шыққан Тасбас деген бай өмір сүріпті. Өзінің малы соншалықты көп болған, тіпті көрші отырған айдабол руының ауылын Торайғыр көлінің арғы шетіне қуып тастауды ойластырады. Содан бір себеп тауып, қуып жібереді. Көпшілік ауыл тұрғындары бұған келіспей, қарсылық білдіреді.

Тасбастың апасы Көгершін айдабол руының келіні еді. Көгершін бұл жағдайды естіген соң, татуластыруға асығады. Жақын жерде ат болмаған соң, маңайда жайылып жүрген түйені ұстап мінеді. Бірақ ол тез арада жете алмайды. Сол кезде Көгершін құсқа айналып, ұшып барады. Көгершін ұшып өткен жерден соғысушылардың қолдарынан сойыл, шоқпарлары түсіп, татуласа бастайды. Әлгі Көгершін құс үлкен жартасқа отырып, тасқа айналады. Ел бұл соғысудын себепсіз екенін түсініп, татуласа бастаған екен. Елдің қарғысы Тасбасқа тиіп, тас болып қатып қалған екен. Торайғыр көлі мен Жасыбай көлінің арасында бір жалғыз тас тұр, сол тасты қазіргі кезде «Тасбас» тасы дейді.

Торайғыр ауылының жанында тас түйе тұр, ол Көгершіннің мінген түйесі екен.

156. КӨЗ ҚЫСТАҒЫ

Баяғыда бір кісінің баласы болмапты. Бір күні бата алуға Шекшек Боқайды үйіне шақырады. Әйелі күйеуіне: «Қой сояйық» десе, күйеуі қойды қимай ешкі әкеп, Боқайдан бата сұрайды.

– Тақсыр, келініңіз ешкіні қомсынды, қой неге соймадық деп күйеуімен ұрсысып жатыр, – дейді. Боқай: «Бәлі, бұларға Өз, Көз деген екі ұл аз ба екен», – депті. Кейін сол Көз – Көз қажы деген атқа ие болып, халқына қадірлі болған деседі. Руы – әлтөбет. Қазір Жамбыл ауылының аумағында «Көз» деген қыстақ бар.

157. КӨЗАТА БҰЛАҒЫ

Бағзы замандардың бірінде Қазығұрт тауын әрі әулие, әрі емші адам мекендепті. Ол емші болғанда көз ауруын ғана жазады екен. Сондықтан зағип болғандардың барлығы осы емшінің дақпыртын естіп дертінен айығу үшін арнайы іздеп келіп, емделіп жүріпті. Бірақ бір ғажабы шын ниетімен емделуге келген сырқаттардың барлығы айығып кететін көрінеді. Жанары ашылып, жарық дүниенің келбетін көрген пенделер емшіге шексіз алғыстарын жаудырыпты. Өмір бар жерде өлім де бар демекші күндердің күнінде дәм-тұзы таусылған емшіге ажал жетіп, көз жұмады. Жақсылығы жалпақ дүниеге жайылған әулиенің қонағасына шегі мен шеті жоқ дүйім жұрт жиналыпты. Ақ жуып арулап, Қазығұрттың баурайына әулиені жерлейді. Арада қырық күн өткенде әулие мазарының дәл жанынан жерді жарып бұлақ ағып шығады. Бір ғажабы осы бұлақтың суынан ішіп, беті-қолын жуған адам көз ауруынан құлан-таза айығатын болыпты. Сөйтіп халық бұл бастауды «Көзатаның бұлағы» деп атап кетеді.

158. КӨЗДІҚАҚ

Ерте заманда осы төңіректі мекендейтін байдың жалшы әйелдерінің бірінде ата-бабасынан келе жатқан асыл тастары болыпты. Інжу дей ме, меруерт, маржан дей ме, жақұт дей ме, әйтеуір ерекше қадірлеп жан көзіне керсетпей, ұстап келе жатқан асыл бұйым тастар болса керек. Кедей болғанмен, дүниенің қадір-қасиетін білетін жандар аз ғой. Қай заманда кедейде күн болған кім қадірлеген, өзі болса да затты, текті бір әйел еш адамға көрсетпей буып-түйіп, өзімнен ұрпақ қалар соған тапсырамын деп жасырын ұстап жүреді екен.

Көп жылдар өтеді. Жалшы әйелдер қартаяды. Бір күндері тезек теріп жүріп, аузы толы қапты еңкейтіп, тізерлеп арқалаймын дегенде көйлегінің етегі аяғына оралып, түйіншегін шашып алады. Өмірі жалшылықпен өткен ата-бабалары, не өзі немесе ұрпақтары қызығын көрмей, текке құрыған асылдың уайым-қайғысымен әйел жерді шұқылап зарлап жылай беріпті. «Тым болмаса осы асыл тастарымды нашардың қамын ойлайтын әділетті адал жандарға кез қыл», – деп тілейді. Әлгі әйелдің зарлы үні жердің тамырын босатып, көз жасы жер қыртысына қорғасындай сіңіп отырыпты.

Сөйтіп жер астының суымен ұласыпты. Содан бері әлгі жердің суы қайнап бетіне шығып жататын болыпты. Халық сол бұлақты «Көздіқақ» деп атап кетеді.

159. КӨКЕН АСУЫ

Көкен ірі тұлғалы, кең маңдайлы, жанары отты, ат жақты, қараторы келген, жүзі сұсты кісі болған. Бірде Көкен батырға Қызылқұмдағы ауылдарды жау шапқаны жөнінде тосын хабар жетеді. Бұл кезде батырдың ауылы "Жеті төбеге" іргелес Шөгірлі деген жерде отырады екен. Ел шетіне жау келсе, батыр қалай шыдап жатсын! Маңайындағы елдің ер азаматтарына хабаршылар жіберіп жинап, жауға қарсы аттанады. Жолай жау шауып кеткен қазақ ауылдарының үстінен өткенде бықсуы басылмаған киіз үйлерді, қан жоса адам денелерін көріп дауыс салып жылаған аналар мен қарттардың, аш-жалаңаш шулаған балалардың зарлы үндері сай-сүйектерін сырқыратады. Сол кезде Көкен бастаған қарулы жасақты ақ киімді, ақ сақалды қария аса таяғын көтеріп тоқтады.

- Ей қара ормандай қарақтарым, бұл не заман болды?! Кешегі хан Абылай кезінде қара сарттар бұлай басынбаушы еді ғой. Қараңдаршы енді қарүйлеріңді отын етіп, қарындастарыңды қатын етіп, бауырларыңды байлап алып кетті. Жүректеріңде от, кеуделеріңде намыс болса, ел-жұртыңның кегін алып қайтыңдар!- дейді көзінен жасы сорғалап.

Сонда Көкен батыр қолын көтеріп, зор даусымен жасағына қарап сөйлейді:

- Сарбаздарым, абыз қарт аталық сөзін айтты. Аялаған аруларымыз аңырап, жау шапқан жеріміз қаңырап жатса, несіне еркек атанып жер басып жүреміз. Не өліп, не жауды жеңіп қайтуымыз керек. Қылышпен келген жау қылыштан өлетін болсын!

- Серт! Серт!- десіп, сарбаздары да қостай жөнеледі. Болашақ ұрыс алаңына жан-жағы биік шағыл құмдармен қоршалған, ұлтаны сусымалы құм, аумағы ат шаптырым кең ойпатты тандайды да, Сырғақұлы Айтбай батырға:

- Сенің қолың жауды алыстан тосып алып, бір бүйірден айқайлай тиісіп, қаша ұрыс сала осылай қарай ойыссын. Қоқандықтардан ұзап қашпаңдар, қызбалыққа салынбандар. Сенің қолың осы ойпатты кесіп өте бергенде, жаумен бетпе-бет кездесеміз. Қалған жасақ екі жақтан тиіседі. Ыстық күнде қан сорпа боп терлеген жау аттарымен сусымалы құмда шаба алмасы анық. Ал батыр, жолың болсын! Сарбаздарыңмен тез аттан!- дейді. Айтбай да, өзгелері де Көкеннің мына тапқырлығына іштей сүйсінеді.

Қоқандықтардың қолбасшысы өздерінің қапыда "қақпанға" түскендерін ұғып, жан таласа қимылдайды. Көкен батыр осы кезде зор даусымен айқай салып "Е, әруақ! Алатау батырдың әруағы қолда!"- деп, атқа қамшы басады. Кәкен сарбаздары да тайсалған жоқ. Тоғыз ағайынды Көкен жайында жұрт: "Назардың тоғыз баласы тізе қосып тиіскенде, жау аман қала ма"- дейді екен әзіл-шынын араластырып. Осы ұрыста да үлкен ағасы Танабайдан бастап інілері: Қоныс, Жақсылық, Сағындық, Санбай, Ералы, Жанәлі, Мыңбайлардың екпінді қимылдары көпшілікті тәнті етеді. Ал, бұрыннан аты шыққан Мәмек батырдың ұлы Тайлақ, Сырғақ батырдың ұлы Айтбай, Шағалақұлы Қылышбайлар да тарландығын танытады. Айқас соңында Көкен Қоқандық қолбасшымен жекпе-жек кездесіп, оны да жайратады. Осы жеңістің құрметіне Қызылқұм арасында шекараға жақын бір биік құм "Көкен асуы" деп аталады.

160. КӨКСУ, АРАСАН, ТАМШЫБҰЛАҚ

Ертеде Текесте бір кедей жігіттің жақсы аты болыпты. Өзінде мың жылқысы болса да, кедейдің жалғыз жақсы атына қызғаныш білдіріп бір бай таласыпты. Жігіт атын бермеген соң оның үстінен биге шағым жасайды. Би мен бай астасып, жігітті қудалап, жазалауға кіріседі. Бұл өңірде тұрақтап тұру мүмкін болмасын білген жігіт сүйген жары Гүлсімай деген қызбен екеуі қашып Көксудың басы Арасан мен Аршалы өңіріне барып мекендейді. Гүлсімайды тоқалдыққа алмақ болып құдаласқан қаусаған шал өз жайына қала беріпті. Жігіт пен қыз бір күні аң аулап тау басына шыққанда бұларға бір алып айдаһар кез болып, мылтық, қылышымен қарсыласқанына қоймай жігітті жұтып қойыпты. Мұны көріп шошынып қашқан қыз қорыммен еңіс құлап домалайды. Бұл құбылысты көріп отырған бір аңшы жігіт жалма-жан жетіп барып, қызды құтқарады, есіне келген соң қызды ел ішіне алып жүрмек болғанда қыздың мініп жүрген аты қашады. Атты ұстамақ болып аңшы жігіт артынан кетеді. Сол кезде қыз ауыр қиялға батады. Басына келген ауыр қайғы-қасыретке, сүйкімді де сүйікті жарының артында қалғанына құсаланады. Дүниеде тірі жүруім қажетсіз деген тұжырымға келеді де, өзін құзар шыңнан тастап, дүние салады. Әлден уақыттан соң атты ұстап аңшы жігіт келсе, қыз жоқ, іздеп жүріп қыздың сүйегін тауып алады. Өкініш білдірген аңшы жігіт қыздың сүйегін жерлеп ауылына қайтады. Осы арада қызға арнап, «Гүлсімай» деген әнін шығарыпты:

Ауылым көшті Көксудың аңғарына,

Сұлудың сөз айтайын заңғарына.

Құлан текті домалап құлап түсіп,

Не болдың Аршалының аңғарында.

Ойпырым-ай, Гүлсімай,

Көрген күнің құрысын-ай.

Меңіреу шал мейман боп жүр өз алдына,

Қайранмын қалқатайдың хал-жайына.

Өмірден жарық көрмей өткеніңді,

Құдайдан сұрап көрдім жалбарына.

Әттең, шіркін Гүлсімай,

Көрген күнің құрсын-ай.

Гүлсімай, Гүлсімай,

Көрген күнің құрсын-ай.

Осы оқиғаға байланысты айдаһардың денесімен Көксу арасаны пайда болыпты. Қыздың көз жасымен Тамшыбұлақ, одан Көксу өзені пайда болыпты.

161. КӨМЕКБАЙ ТӨБЕ

Көмекбай батыр бір жорықтан ауырып келіп, ұзақ уақыт сал болып жатқанда бір жерде жақсы емші бар деп естиді. Батырды туыстары емшіге апара жатқанда, жолда сол төбенің үстінде қайтыс болады. «Батыр үйде туып, түзде өледі» деп ағайындары сол төбеге жерлепті. Содан сол төбе «Көмекбай төбе» деп аталған.

162. КӨСЕГЕНІҢ КӨК ЖОНЫ, ХОРЕН

Әйгілі Қамбар батырдың мекені Үсіктас аймағы болған. Ал, қыз Назымның ауылы Құмкент шаһарының маңындағы Қызыл көлдің жағасы екен. Назымның сұлулығы қазақ елі түгілі көршілес елдерге де аңыз болып тарайды. Назым Әзімбай деген байдың жалғыз қызы екен. Ол жайында Хорен атты қалмақтың да батыры естиді. Хорен Назымды көрмей-ақ ғашық болады. Қасына нөкерлерін ертіп, Әзімбайдың аулына келіп: "Қызын маған берсін"- деп кісі жібертеді. Бірақ қызын бермек түгілі келген кісіні ұрып, соғып қуалайды. Қатты ашуланған Хорен «Келісіміңді өзің бермейінше, бұл жерден кетпеймін!» деп, ауылының қасына шатырын тігіп, жатып алады. Әзімбай қашанғы шыдасын, Қамбар батырды шақыртады. Қамбар батыр Хорен қалмақты Үсіктастың (солтүстік) шығыс жағындағы көкпенбек болып жатқан жазық далаға соғысуға шақырады. Осы жерде үлкен соғыс болып, Әзімбайдың ауылы қалмақтардан азат болады. Батырдың соғысқан жері содан бастап "Көсегенің көк жоны" деп аталып кетіпті.

Ал, Хорен қалмақ шатырын тігіп жатқан жер "Хорен қалмақ" деп аталыпты.

163. КҮЙГЕНТАС

Қоңырат кенішінің кең карьері басталатын күні шығыс жақ шетінде екі оба болатын. Тастары әдейі күйдірілгендей кара күрең, қожыр-қожыр болатын. Осы қос обаның күн жақ бетіндегі қорым таста жыланның ордасы бар еді. Кеніш ашылған кездерде жыланнан аяқ алып жүргізбейтін. Жазда киіз үйлердің кереге көгіне оралып, тіпті төсек орынға кіріп кететін. «Ордалы жылан өзі тегін жерде болмайды», – деген қауесет те ертеден ел аузында. Ол үнемі қазыналы жерде болады деседі. Осындай қауесетке бой ұрып, ерте заманда-ақ ордалы жыланның жайын әркімдерден сұрай берген Қарабай сияқты бір дүниеқоңыз байсымақ әркімді мазалай берсе керек.

Ел болған соң ішінде талай-талай ақылды да, маңғаз адамдар да, сөзуар, алаяқ, жылпостар да болатыны белгілі ғой. Сондайлардың бірі - Сарыжалақ атанған адам осы байды қара жерге бір отырғызсам-ау деп жүргенде өз-өзінен ыңғайы келе кетеді. Күйгентас туралы байдың өзіне тікелей айтпаса да ел арасына мынадай лақап таратады.

Күйгентастың обасының бетіндегі кесек тастардың астында қалмақтардың тығып кеткен көп алтыны бар дейді. Қалмақ хан кезінде бір айналып соғамын, соған дейін күзетші болсын деп өзінің асыранды жыландарын әдейі қалдырып кетіпті. Содан бері ол жыландар өсіп-өніп ордалы жыландарға айналса керек. Бұл жыландар түрғанда ол алтынды ешкім ала алмайды дейді. Мүны естіген байдың мазасы кетіп қалай да осы төбедегі алтынды алуды армандайды. Бірақ қалай аларын білмейді. Біраз уақыт өткен соң алтынды алудың ыңғайы да айқындала бастайды. Бірнеше ондаған түйе баялыш, көкпекті апарып ордалы жыланның үстіне үйдіріп өртеу керек. Тас қызғаннан кейін жыландар отқа жанып қырылады. Содан кейінгісі оңай. Бай мұндай ақыл-кеңес берген адамдарды құрмет тұтып, қуанып алтынды алған соң, оларды да жарылқамақшы болады. Сөйтіп жалшыларына бірнеше күндей баялышты шаптырып, бүкіл обаның маңайын отынмен сірестіріп жауып тастайды Тамашаны көруге маңайдағы естіген ел тайлы-тұяғымел түгел жиналады. Бұған одан сайын масаттанған бай алшаңдай басып, баялышты үсті-үстіне үйгізеді. Бір кезде тас қызып жыландар күйе бастайды. Ысылдаған үндері тұтасып ызыңға айналады. Шиырып атылған жыландар жайнаған шоқты бұрқылдатып, жан-жаққа атыла бастайды. Айналаны күлімсі жаман иіс қаптап кетеді. Жиналған елдің жүрегі түршігіп, денелері тітіркеніп, бет-бетімен қаша бастайды. Обаның қасында жалшы жігіттерімен байдың өзі қалады. Көк ала түтін, қоңырсыған иіске қарамастан ертеңгі кешіне дейін сол маңайдан кетпей қойыпты. Түнде қайтып келген жігіттердің бір қатары күндізгі көріністен шошынып ауырып қалады. Сопы-молдалар мұны «ордалы жыланның кесапаты, енді кесірі басқаға тиеді», – деп елді шошытып, үрейлендіріп қорқытады. Сөйтіп, маңайындағы ел көшіп кетеді.

Жалғыз ауыл қалған бай үш-төрт күннен кейін тас суыған шығар, білейін деп, қасына жігіттерін ертіп өртенген шоқыға келсе күйген жыландардың иісі бүкіл алқапты алып, маңайына жолай алмапты. Сөйтіп алтын алам, қазынаға кенелем деп елден жалғыз қалған нысапсыз байдың ауылына жау шауып, малдарын алып кетіпті. Міне, қос обаның тастары осылай күйдірілген дейді айтушы қариялар. Бірақ жыландар тегіс қырылмағандықтан, өсіп-өніп, көбейіп кеткен.

164. КҮЛДӘРІ

Күлдәрі өте ақылды, келбетті қыз болыпты. Өзінің ұнатқан адамына қосыла алмағандықтан осы қара суға кетіпті. Содан бұл Күлдәрі кеткен су Күлдәрі деп аталады.

Ал енді Күлдәрі туралы басқа да аңыздар бар. Бір кісінің Күлдәрі деген өзі сұлу, өзі ақылды жалғыз қызы болыпты. Күндердің бір күні әкесі Күлдәріні су алып келуге жібереді. Күлдәрі шелегін толтырып кетуге бет ала бергенде, өзен жақтан зор дауыс естіледі, бұл әупілдек деген құс еді. Сол уақытта қыз шошып, су толтырған шелегінің ауырлығынан суға құлап кетіпті. Содан бұл қара су Күлдәрі деп аталған деген аңыз бар.

165. КҮЛДІР ОЙЫ

Шөлтөбенің басына Сәңкібай шығып, жылқыларына қарап тұрғанда, қасына Қыдыр ата келіп: «Мына кең жазықты алып жатқан жылқыларыңа көзің тоя ма?» – депті. Қырағы көзді, қалың қасты, қаяу сақалды, ширақ денелі қарт оң қолының салалы саусақтарын жаза нұсқап, «Анау жер ояңдау», – деген. Сол жер тақырға айналып кеткен дейді. Оны Күлдір деп атайды.

166. «КҮМІС ҚОРҒАН» ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕ

Бұрын осы араны, Сырдарияның бойын қоқандар мекендеген, билеген. Ақмешітте Қоқанның билеушісі тұрған. Бек бір өзбекті осы жерге басқарушы етіп тағайындайды. Оның кеңесі «Күміс қорған» болған жергілікті халықты жинап алып, айнала дуалмен қоршатады. Өзі қырық нөкерімен қорғанның ішіндегі сарайды тұрғызады. Дуалдың үстіне .. жүргізіп, оның әр жеріне тесік қойған. Қырық нөкер сол тесіктен сыртты бақылап қарауылдап тұрған. Қорғанның дарбаза жағы күміспен өрнектелген. Сондықтан «Күміс қорған» деп атаған. Дарбазаның қарауылы елдің адамы болған. Жергілікті халыққа ауыр салық салған. Арнаулы алым-салық жинаушы адам тағайындалған. Бектің халыққа қорлығы күшейе түседі. Ол енді мынандай да бұйрық шығарған: «Кім де кім үйленетін болса, келіншекті әуелі маған әкеліп түсірсін». Әйел алған адам әйелімен қоса бір қой сойысымен әкеліп беретін болған. Бір жетіден кейін өзінің еліне қайтарамын деген.

Ылажсыздан соған халық көнген. Осы елде Түлкібай деген батыр жігіт болған екен. Бір күні Түлкібай келіншек алып, оны бекке апармай өз үйіне түсіреді. Оны бекке біреу хабарлайды. Бек ашуланып: «Түлкібайды алып кел!» – деп қайтарып жібереді. Ол кеткесін халықты жинап алып: «Мен бекті өлтіремін, сонан соң дарбазаны ашамын, сол уақытта сендер дарбазаға жетерсіңдер», – дейді. Түлкібай үстіне шекпен киіп, шекпеннің ішіне қылыш тығып алады. Барғаннан кейін бек: «Иә, Түлкібай, қызды сен неге маған әкелмей, үйіңе апарасың? Енді мен сенің басыңды аламын», – дейді. Түлкібай сол кезде қылышын алып, оның нөкерлерінің басын алады. Сосын барып дарбазаны ашады. Сонан соң жинаған халық келіп, бектің бар әскерін қырады. Өліктерді санаса бір нөкер жоқ. Ол нөкері дарбазаның қарауылының кілт салатын сандығы болса керек, сол сандыққа жасырады. Нөкер оған көп алтын бермекші болды. Адамдар тарағасын ол өзбекті қарауыл келіп шығарып жібереді. Ол өзбек Ақмешіттегі Бекке барып, болған істі айтады. Елге әскер шығарып, Түлкібайды өлтіреді, онан кейін осы жердің жергілікті халқы Жантөре деген кісіні бек сайлапты. Соның артынан орыс солдаттарын алып келіп, Қарақұмның үстіменен Қарауыл төбе деген жерге орналастырады. Орыс солдаттары жасырынып Қарауыл төбемен келіп Күміс қорғанның арасын өлшейді. Сосын жердің астымен қазып келіп, Қоқан қорғанының астына оқ дәрі төгеді. Сөйтіп білтеменен от қояды. Қорған бұзылады. Қорған бұзылған кезде солдаттар келіп кіреді. Қоқандықтардың өлгені өліп, өлмегені Сырдария арқылы өтіп Бұқараға қашып кетеді. Орнында төбе ғана қалады.

167. КІЛЕМЖАЙҒАН

Кенесары Қасымұлының бір кездерде Арқадан ығысып, Кіші жүз жеріне келгендігі тарихтан белгілі. Сол кезеңдерде Кенесары күндес әйелдерінің қияс әрекетінің нәтижесінде кіші әйелі, атақты батыр Жанқожа Нұрмұханбетовтың қарындасына зәбір көрсетіп, бұрымын кесіп, танауын тіліп, елден шығарып жібереді. Жанқожа батыр қарындасынан барлық мән-жайды сұрап, әбден қаныққан соң, айналасына хабар беріп, қалың қолмен аттанады. Бұл хабарды естіген Кенесары әрі ел арасының бұзылуынан сақтанып, әрі Жанқожа қолының айбарынан сескеніп, қазіргі Әйтеке би ауданының кейіннен Кілемжайған аталған жерінде кілем жайып, Жанқожаны зор құрметпен қарсы алыпты деседі. Міне содан бері сол жер «Кілемжайған» аталады.

168. КІТӘН ҰШҚАН

Ертеде Қаратауда Кітән деген жігіт өмір сүріпті. Тау арасында жылқы бағып, мал ұстап күн көреді екен. Оның желден жүйрік сәйгүлік аты болыпты. Бірақ сол елдің байлары зорлық жасап сәйгүлігін тартып алып: «Қартаудың құз жартасты бигіне ұя салған қыран бүркіттің баласын әкеліп берсең, атыңды қайтарамыз» деген шарт қояды. Алайда жігіт таудың шың құзынан байқаусызда құлап кетіп, жан тапсырады. Кейіннен соны көрген халық бұл жерді «Кітән ұшқан» деп атап кетіпті.

169. КІШІ АЙДАҺАРЛЫ, ҮЛКЕН АЙДАҺАРЛЫ ТАУЛАРЫ

Кенесарының Ағыбай деген батыры болыпты. Дараттан шыққаннан кейін қас қарая бір таудың етегіндегі бұлағы бар жергe келіп бел шешіп демалады. Тамақтанып отырғанда, алыстан жылтыраған нәрсені көреді. Әскердегі батырлардың бірі шыны дейді, біреуі от дейді. Таң атқаннан кейін көреміз деп келіседі. Таң атады. Кенесарының астында «Қызыл ауыз» деген тұлпары болады. Таңертең Кенесары қараса, кешегі жылтырақ төңкеріліп кетіп бара жатқан айдаһар болып шығады. Жанында Ағыбай батыр болыпты, бірақ сылтауратып баруға жүрегі дауаламапты. Кенесары айдаһарға қарай жүріп кетеді. Тақалғанда «Қызыл ауыз» тұлпар осқырынып жүрмей, кейін шегіншектей береді. Аттан түсе сала айдаһармен алысады. Айдаһар құйрығымен жерді сабалап, шаңды бұрқыратып, аузынан от шашады. Әскердің бәрі оянып қоршап қарап тұрады. Шаңнан ештеңе көрінбейді. Бір уақытта жел тұрып шаңның бәрін алып кетеді. Кенесары көрінеді, қылышының қанын жүн-жұрқамен сүртіп тұрады. Айдаһар үшке бөлініп жатады. Айдаһардың басын қанжығасына байлап алып, атына мініп әскеріне тіл қатпастан, бұлақтың басына барып ұйықтайды. Қатты шаршаса керек. Тамаққа оятса тұрмайды. Ертеңінде тұрып оразасын ашқанда, батыр үндемей түнеріп отырғанда әскері ыңғайсызданып, бастарын төмен салып отырады. Мұны сезген Кенесары:

– Ей, бауырларым! Сендерге өкпем жоқ, тек мына «Көсеге болмаса» (Көсе дегені Ағыбай батыр), – дейді. Әскері атқа қонып, мына жердің атын не деп қоямыз дегенде "Екі тау, бірі үлкен, бірі кіші. Етегінде екі бұлақ бар. Үлкен тауды – «Үлкен Айдаһарлы», кіші тауды – «Кіші Айдаһарлы», бұлақтарды «Алтын бұлақ», «Күміс бұлақ» деп атап кетеді.

170. ҚАБАНҚҰЛАҚ, ӘНКЕЙ

Алаша ханның Домбауыл деген бек қуатты құлы бар екен. Өзінің байын ақ көңілімен қызмет қылатындығына, һәм ерлігін Жошы хан бек жақсы көреді екен. Домбауыл да Жошы ханды жақсы көреді екен. Жошы ханның өлгенін естіген соң ант ішіпті: «Құланның бірі қалғанша қырармын», – деп. Домбауылдың екі жүйрік аты бар екен. Біреуі – Қабанқұлақ деген, біреуі Әнкей деген. Сол аттарының бірін мініп, бірін жетектеп алып, Жошы ханды өлтірген құлан жатқан аралға қарай жөнеліпті.

Құландар Домбауылды көрген соң-ақ Бетпақ даладан өте Шуға қарай қашқан екен. Домбауыл қуып жетіп, қыра беріпті. Соншадан бес-ақ құлан тірі қалып, қорқып сол бесеуі де Шудан өтіп кетіпті. Ол бес құлан өткен жерді осы күні «Бес құлан» деп атайды. Бес құлан деген жерден бес шақырымдай арада таудың бауырында Қабанқұлақ деген аты зорығып өліп, ол араны «Қабанқұлақ» қойыпты. Онан әрмен бес шақырымдай барған соң, екінші аты – Әнкей ұшып өлген екен. Ол араны «Әнкей» деп қойыпты. Осы күні сол араны Әнкей атайды.

171. ҚАЗАНБАС

Жошы өте ақылды, парасатты адам болса керек. Маңайына әр елден қашып-пысып келген адамдарға пана болып, жер беріп, алдына мал салып, өзінің адамы етіп отырған екен. Кіші жүздің төртуыл руынан шыққан Қазанбас бала кезінде Жошының қозысын бағып жүріп, ұйықтап калады екен. Осы жалқау баланы жақтырмаған ел Жошекең осы құлын неге құтыра береді деп пыш-пыштаса, оны естіген Жошы: «Олай демеңіздер, құл емес, ұл деп айтыңыздар», – деп отырады екен. Содан басы қазандай баланы Қазанбас атап кетеді. Кейін осы Қазанбастың баласы Ыбырай Кеңес үкіметі орнағанда белсенді болып, Жошы қыстауын «Қазанбас» ататып жібереді.

172. ҚАЗЫҒҰРТ ТАУЫ

Халық арасында Қазығұрт тауы хақында бұрыннан қалған аңыз бар. Қарт адамдардың айтуларына қарағанда, құдай баста жерді, көкті жаратқанда, Қазығұрт тауы да бірге жаралған.

Өзі аласа тау болса да, жер жүзіндегі таулардың қасиеттісі. Ілгеріде жер жүзін топан суы басып кеткенде, жалғыз осы Қазығұрт тауы аман қалған екен. Қазығұрт тауының басында, күнбатыс жағында азырақ тегіс жер бар. Ол жер Нұқ пайғамбардың кемесінің орны дейді.

Қазығұрттың басында бір үңгір болса керек. Ол үңгірдің үстіне ағаш шаншып қойған Қазығұрт атаның моласы дейді екен. Басқа жерлерді бұлт басса да, Қазығұрттың басын бұлт шалмайды екен. Егерде Қазығұрттың басына бұлт шөгіп, көрінбей қалса, қариялар Қазығұрт қарасын киді деп, қатындар күлпарасын киеді екен. Сол уақытында жұрттың бәрі даладағы нәрселерін үйге қояды екен, Қазығұрттың басын жапқан бұлт жаумай кетпес деп, қазақтардың бұрынғы замандағы ақындары Нұқ пайғамбардың кемесінен қалған жануарлар туралы мынаны айтады екен: