ТОПОНИМДІК АНЫЗДАР

Қазығұрттың басында кеме қалған,

Ол «әулие» болмаса, неге қалған?

Жетім бота үстінде жатып қалып,

Ойсылқара жануар содан қалған.

Қазығұрттың басында кеме қалған,

Ол «әулие» болмаса, неге қалған?

Қыршаңқы тай үстінде жатып қалып,

Қамбар ата жаунар содан қалған.

Қазығұрттың басында кеме қалған,

Ол «әулие» болмаса, неге қалған?

Тышқақ тана үстінде жатып қалып,

Зеңгібаба жануар содан қалған.

Қазығұрттың басында кеме қалған,

Ол «әулие» болмаса, неге қалған?

Қотыр тоқты үстінде жатып қалып,

Шопаната жануар содан қалған.

Осындай ырыммен түрлі жануарлардың атын келтіреді екен.

Қазығұрттың басында көп «әулие»,

Мінсең аттай желеді айыр түйе, –

деген мақалдар да бар. Қазығұрттың басы түйенің өркешіне ұқсаған. Оның себебі: басқа таулардың бәрін топан суы басып кеткенде, Қазығұртты су баспаған соң, басқа таулар намыс қылып Қазығұртпен ұрысамыз деп, жиылысып келген екен. Бәрінің үлкені Ордабасы деген тау Бадам суының Қазығұртқа қараған күнбатыс жағында болған.

Ордабасы балама айт,

Қызыл сеңдей қызыма айт,

Еншілес інім Қаңғыраққа айт,

Сізден арғы Қараққа айт! –

деген даусын естіп, қалғандары бір-біріне солай айқайлаған дейді. Барлық таулар келсе, біздер көп болып кетеміз ғой, ұрыс қылмай-ақ қоялық деседі. Әдейі әуре болып келген соң, тым болмаса, қылышты бір сілтеп қалайық деп, қылышты сілтегенде, Қазығұрттың басы айрылып қалыпты дейді. Қазығұрттың басы түйенің өркешіне ұқсаған себебі осыдан екен дейді қариялар.

173. ҚАЙДАУЫЛ, ШЕРУКЕ

Жазы қоңыржай, шөбі бітік, су көзі мол осы өңірге Көкше мен Шыңғысты жайлаған байлар да таласа келіп, жазда жайлауда отырады екен. Осылайша келген Шыңғыс ауылының бір жігіті Шеруке атты қызға ғашық болады. Күз түсіп, ел көшкенде екі жас бірін-бірі қимай қоштасады. Жігіт Шерукеге: «Қор бекіп, қыс түскенше келіп қайтуға серт берейін», – дейді.

Жігіт берген уәдесімен қайта оралып келгенде бұл өңірде қыс қаһарына мінген екен. Ақ түтек боранда адасып, сүйгенінің ауылын таба алмай аласұрған жігіт: «Қайда ауыл Шеруке?» деп сүйгенін шақырумен болады. Қыз ауылын іздеп Шерукені шақырған жігіт дауысынан тау жаңғырып ел дүрлігіпті. Жігіт ғашығының ауылын таппай, боранда үсіп өледі. Сүйегін таппаған жігіттің тау жаңғыртқан дауысын естіген ел кейіннен осы өңірді «Қайдауыл-Шеруке» деп атап кетіпті.

174. ҚАЙНАР

Бір күні Баян сұлу жылқыдан келген Қозы Көрпешті күймесіне салып ап, даланы сейілдеуге кетеді. Олар мас көңілімен шапқылай беріп, күймеге шеккен тұлпарлары бұрлығып барып тоқтағанда ғана айналасына қараса құс қанаты талатын қумедиян шөл далаға келгенін бір-ақ біледі. Көп өтпей тұлпарлары ыстық соғып, шөлден өледі.

Өздері де әбден қаңсып, сілесі қатады. Баян сұлуды арқалап тілі кеуіп келе жатқан Қозы бір жерге келгенде құм үстіне екпетінен түседі. Баян сұлу құмға көз жасын төгіп, өлеусірей өксік атып құмды тырмалай береді. Кенет бір кезде жасын төгіп тырмалаған жерден бұрқ етіп бір бастау су қайнап шығады да, лезде екеуінің үстін басып кетеді. Екеуі осы бастаудан шөлдерін әбден қандырып алады. Баянның Тәңірге төккен көз жасынан құдіретше қайнап шыққан бұл бұлаққа «Қайнар» деп ат қояды, сөйтіп, қазіргі Қайнар бұлақ пайда болады.

175. ҚАЛАМҚАС

Ертеректе Қарқаралының осы қазіргі таулы аймағын Өкін ауылы деп атайды екен, себебі Өкіннің ері Қамай атамыз ерте дүние салыпты. Ал шешеміз ержүрек, қайсар мінезді, сол заманның әмеңгерлік заңына көнбеген кісі болса керек. Қайынаға-қайындарынан ауылын бөлек тігіп, Өкін ауылы атанып, балаларын тәрбиелеп отыра беріпті.

Сол Өкін шешемізден өрбіген ұрпақтан Кесік деген кісі ширақтау адам екен. Жаздай жақын-жуығын жинап аң аулап, күнелтіпті.

Кесіктің бір ұрпағы Еселбайдан Байгелді, Қозыбақ, Шағырбай, Қаламқас, Жанбибі, Жаукен деген балалары болған. Қаламқас көбіне жұртына беделді Байгелдінің үйінде тәрбиеленеді.

Бір жылы қыс қатты болып, ел қатты күйзеледі. Көлі жоқ, малы аз елге бірлі-жарымды қақпанмен алған киіктің еті талғажау етуге жетпейді. Күйзелген бала-шаға қамынан басы қатқан Байгелді тумалары Шағырбай мен Қозыбақты және Ақжігіт, Байжігіт деген балаларын шақыртыпты да ақылдаса келіп, киік аулайтын «апан» қазуға келіседі. Сол күндердегі осы ауылдың отырған жерін әлі кезге дейін Байгелді төбе дейді. Төбенің басына шыққанда Темірқазық пен терістік шығыстың аралығында үлкен сор бар, әлі күнге дейін сол жерді халық «қызыл сор» деп атайды. Қызыл сордың батысында шығысқа және терістікке созылған екі ұзын жол бар. Екеуінің қиылысатын жері ашық қуыс, бейнебір қақпа дерсің. Бұрын сол жерді «Қуауыз» деп атайды екен. Оңтайлы тұсты байқап жүрген Байгелді апан қазуға осы жерге келеді. Шағырбай бастаған бірнеше жігітті қамыс қиып әкелуге жібереді. Апан құдықты қаздырып болып, Шағырбайлар әкелген қамыстан үшкірлеп жебе жасап, көмеді. Осы жер қазуда Қаламқастың қайратына ел таң қалады.

Киік аулайтын күні апанға бір жігітті қолына кездік беріп түсіреді де, қалғандары киік қуушыға көмекке, айқайлаушы болып жан-жаққа тарап кетеді. Сөйтіп, елдің көбі қызылға қарық болады.

Осылайша өйтіп-бүйтіп күн көріс жасап жүрген елге бір жылы саудагерлер келеді. Байгелді бастаған жігіттер олармен келісім-шарт жасасып, бірге кетеді. «Бала-шаға, кәрі-құртаң өзіңе аманат», – депті кетіп бара жатып Байгелді қарындасы Қаламқасқа.

Олар кеткен соң ауылдың азық-түлігі азаяды. Әйелдердің жылап-сықтауы көбейеді. Қаламқастың есіне ағасының кетердегі айтқан сөзі түсіп, бір күні ол ағасы Байгелдінің Қаракөк атына ер салады. Ондағы ойы апанға барып барлау жасап келу еді. Кешке ауыл түгел орнына отырған соң Қаламқас үйді-үйді аралап шығып, ертең ертемен киік айдайтынын айтады.

Түнімен ұйықтай алмаған Қаламқас ерте тұрып, құрбы-құрдастарын оятады. Олар көліктік аттарына екі-үштен мінгесіп, Қуауызға беттейді.

«Ажалды күні ақ киік, тайсалмай түсер апанға» деген осы-ay», – деп қыздар олжаларын артып, ауылға бет алады. Бірі Қаракөкке мініп оқ бойы алда кетіп бара жатқан Қаламқасты мақтайды, екіншісі Қаракөк атты мақтайды: «Мұндай киікті қойша айдаған жүйрік атты бұрын естігенім жоқ», – дейді. Әкелген киіктерді Қаламқастың өзі үйді-үйге қылдай бөліп береді. Ыстық сорпа ішіп, жас етке тойған кәрі-құртаң сол күні Қаламқасқа алғысын жаудырды.

Арада ай өтеді, әкелген киіктің еті де азаяды. Ауылды қайтадан көңілсіздік басады. Жұрттың қыңқылы, жылаған баланың дауысы көбейген сайын, Қаламқастың да көңіл-күйі жүдей түседі. Амалы таусылған ол тағы да киік аулауға шығатынын айтып үйді-үйге хабарлайды.

Ертесінде әдеттегідей қыздардың бәрі ерте тұрады. Келіскен уақытында орындарына барады. Аяздың беті бері қарағандықтан ба, киіктер табыны көбейіп алыпты, ана жерден, мына жерден топырлап қашып жатыр. Киік бір жерден қашса, екіншісіне қосылады, ол үшіншісіне қосылады, жүйріктігі болмаса қарақұйрықтай емес, аңғал жануар ғой. Бірақ бұрынғыдай жондары қызарып көрінбейді, тым арық, біріне-бірі жығылып, бүрсең қағады. Қаламқас әр жерден орғи қашқан табын-табын киікті қайырып, алдыңғы тобын апанға салып, опыр-топыр қылады. Қаламқас бір бүйірге қашқан екінші бір тобын дүркірете қайырып, апанға қарай жосылтып келеді. Тіпті екпінімен апанға тақап келіп калғанын өзі де байқамаған болса керек. Көзді ашып-жұмғанша, Қаракөктің апаннан секіргенін жасырынып отырған қыздардың көзі шалып қалады. Алдыңғы екі апанның ернеуінен асып, артқы аяғы құдық түбіндегі киікке тірелгенсін, бір-екі ырғып апаннан шыққан Қаракөк осқырынып айналып, ойқастап келіп, не болды дегендей тұра калады. Апанның ішіне құлаған Қаламқасты қыздар тысқа шығарады. Ақырғы рет көзін ашқан аяулы апамыз: «Киіктің бірін тастамай ауылға апарып, бөліп беріңдер, елге, ағатайыма сәлем айт», – депті де сол жерде мәңгілікке көзін жұмыпты.

Қысылғанда көпшілікке басшы бола білген, бір ауылды аштықтан арашалаған Қаламқасты бүкіл ел болып жоқтайды. Жарасын жерлер алдында денесін жууға келген келіншектер байқапты, аттан құлағанда текенің мүйізі бүйірін тесіп өткен екен. Қаламқасты апанның шығыс жағындағы төбеге жерлейді. Сол кезден бастап сол жер «Қаламқас» деп аталып кетіпті.

176. ҚАЛДАН СЕРІН МЕН ХАНАБАД ТУРАЛЫ АҢЫЗ

Баяғы өткен заманда, дін мұсылман аманда, Ташкент деген қалада, оңтүстігі Шыршықтың күнбатыс жақ жағада Ханабад деген хан болыпты. Бір жағы тоғай жер болыпты, бір жағы Шыршық жар болыпты. Шыршық пенен тоғайына мал толыпты. Бір жағы адыр жантақты, сусыз шөл болыпты. Бір жағы батпақ, ылайсаң көл болыпты. Күншығысы таулы ор болыпты. Терістігі жон болыпты, батысы Сыр мен сор болыпты. Қатыны ерке сор болыпты.

Күндердің күнінде қалмақ ханы Қалдан шерін (Серін болу керек) көп қолмен баса көктеп келіп қапты. Алты күн аңдысып, алты апта айтысып, алты жыл атысып ала алмапты. Ханабад ханның қамалының беріктігін білген Қалдан шерін ақырында Ханабад ханының ерке тотай азғындаған әйелі ханымға астыртын адам салып, сый-сыяпат беріп, айтқанын істеуге уәде жасапты.

Ханабадты алсақ, хан сарайында сенің айтқаныңды орындаймыз деп серт беріпті. Бұл сертке сенген Ханым ханның сырын әшкерелеп айтып береді:

– Шыршық өзенінің бас жағында Бозсу деген су бар. Сол Бозсу мен Шыршықтың түйіскен жерінде құбыр бар. Хан ордасына сол құбыр арқылы су келеді. Соның амалын тауып, суын бітеп, суын тоқтатсаңдар хан ордасындағы хауызге су келмей, су қоймасы сусыз қалып, хан әскері шөлдеп, шұбырып, далаға шығады. Сол кезде тарпа бас салып, хан әскерін жеңген соң сарайға кіре аласыңдар, – депті ханым.

Қалдан шерін Шыршықтың оңтүстік жағындағы Қарабай-Қосқорғаннан түйемен, атпен, есекпен сабан тартқызып, құбырдың ауыз тесігінен суға қосып сабанды ағыза беріпті. Сонда қаппен де, бос күйінде де ағызыпты. Сумен араласқан сабан жібіп жентектеліп, біріне-бірі кептеліп, Бұжғын төбе деген жерге жеткенде, жер астындағы құбыр жарылып, су Шыршық өзеніне қарай аунап ағып кетіпті. Сол күннен бастап хан ордасына су келмей қойыпты. Арадан бірнеше күн өткеннен кейін хауыздағы су саси бастапты. Ханабадтың әскері шөлдеп, далаға шұбырып шығыпты. Аңдып жатқан Қалдан шеріннің әскерлері ұмтыла шауып, тобын жазбай, ұзатпастан ұстап алып, қырып тастапты.

Содан соң хан сарайына кіріп, Ханабад ханды байлап алыпты. Ханабадтың жалғыз ұлы бар екен. Ол бір тұлпар тайға мініп қашыпты да кетіпті. Ханабадтың әйелі Ханым жаңа хан Қалдан шерінмен хан ордасында қалыпты. Су бұзған Бұжғын төбе сол күннен бастап Бұзғын төбе, яғни бұзылған төбе атанып кетіпті.

Қалдан шерін Ханабад ханның ордасын бұзып, сарайына енген соң, Ханым сұлуды шақырып алып, Ханымның түп мақсатын сұраған екен. Сонда Ханым:

– Бұрынғы күйеуім Ханабад қырық биенің сүтіне шомылдырып, алпыс алабас ала сирақ саулық қойды сойып, жілік пашайының сыбырлақ майына палау жасап беретін. Оны пісіретін аспазы қазанға күрішті санап салатын да, кәкпірмен қозғап, аударып, төңкеріп пісірген соң күрішті тағы да санайтын. Сонда бір күріш жарылып кетіп не көбеймейтін, не азайып жоғалмайтын. Ет пен майдың салмағы да кемімейтін. Ал, енді сен алпыс атан түйенің сүтіне шомылдырып, отыз ор қоянның бүйрек майына палау жасатып бересің. Сонда бұрынғы ханның аспазындай аспаз табасың. Соның істегенін бұл аспаз да істейді, – депті.

Мұны естіген Қалдан шерін:

– Еркектің қасы әйел болар ма? Ей, опасыз қатын, сен сүйткен байыңа не жақсылық істедің? Ал енді бізге не жақсылық істермін дерсің? – деп қынабынан қылышын ала ұмтылған екен. Ханым «жалғызым» деп шалқасынан құлай кетіпті. Мұны көрген Қалдан шеріннің бас қолбасшысы Зал:

– Сабыр етіңізші, мұның сыры бар көрінеді. Соны анықтаған соң өлтірерміз, – депті. Сонда барып Қалдан шерін ашуын басып, қылышын қынабына салыпты да:

– Билігін саған бердім, тексеріп анықтарсың да, жазаларсың, – депті. – апарып бір зынданға тастап, не айтар екен, бақылаңдаршы, – деп қарауыл қойыпты. Есі құшын жиып алған Ханым былай депті:

– Құндыз як...

Бұл не сөз деп, Зал сұрастыра келсе, Ханабад ханның Құндыз атты жалғыз баласы болыпты. «Як» тәжік тілінде «жалғыз» деген сөз екен. Ханымның «Құндыз як» дегені «жалғыз Құндызым» дегені екен. Ол шешесінің опасыздығына шыдай алмай, бетіне түкіріпті де, өзінің тұлпар тайына мініп, Шыршықтың Жаман кешу деп аталатын бір кешуінен тайымен жалдап өтіп, тоғай аралап, оңтүстікке қарай жүре беріпті. Бір күн жүріп, ертесіне сәскеде ойлы-қырлы бір жерге келіп, тұлпар тайынан түсіп, көкке шалдырыпты.

Сол шақта қой жайып жүрген ақ сақалды бір кәрия келіп, бала мен тұлпар тайға қарай беріпті. Баланың жүзінен хан баласы екенін, бір нәрсеге өте ызалы екенін, астындағы тайының тұлпар тұқымынан екенін шамалап, сұрау сұрапты:

– Кім боласың, қайдан шықтың, қайда барасың, қайсы ханның баласысың? Айт шыныңды, мен ата тұтынайын. Ашулы аласың болса, ақыл айтайын. Жортқан жолыңа жөн сілтейін, жолдаушы болайын, – депті. Сонда бала:

– Орны толмас опасыздық...алданған сатқын ана...азап тартқан ата...кемдік етіп, кекті қуған бала...өзім жалғызбын..Құндыз як, – деп сазарып отыра кетті.

– Балам, ата кегін аларсың, халқыңа басшы боларсың, акнаң ауыр азабын тартар. Оңтүстікті қой, шөл далаға, тау-тасқа кез боласың, шығысқа тарт, – деп екі қолын жайып батасын берді.

Сонымен Құндызек күншығысқа қарай бет алды. Кешке таман бір төбеге барып түнеп шықты. Ертесіне сәскелік жерге барғанда, шүйгін шөпке кездесіп, тұлпар тайын оттатып алды. Содан шөбі шүйгін болғандықтан, «Шүйгін төбе» атаныпты. Кіші бесін кезінде бір көлге жетіп, екі мергенге жолығыпты. Олармен бірге екі күн жүріп, аң аулап, құс атады. Үшінші күні құсы таусылған соң ілгері қарай жүреді. Бұл жердің құсы бірде бар, бірде жоқ болғандықтан, «Бардан көл» деп атап кетеді. Одан шығып бір қара көреді. Соған қарай бет алып жүріп барса, үлкен бір төбе екен. Алыстан қарасын көргендіктен, мұны «Қара төбе» деп атап кетеді.

Тағы да ілгері қарай жүрді. Алдынан үш-төрт адам жолығады. Олардан жөн сұрап еді, жөнді жауап бермеді. Тек қана біреуі «Қытай» дегендей ашулы үн қатты. Баланың ұғымынша «Қытай төбе» болды да, сол атпен аталды. Жолаушылардың бәрі де Қалдан шеріннің артынан іздеп келе жатқан елшілері екен. Нақ сол шақта, қалмақтарға қытайлар соғыс ашып, соны хабарлауға келе жатқан беті екен. Енді біраз жүрген соң ақ сақалды, ақ шашты кәрияға қарсы келеді де, «Ақ ата» екен ғой деп сәлем беріп өте шығады, тағы жүреді. Жұма намазын оқып шығып келе жатқан бір топ өңкей ақ шашты, ақ сақалды, ақ сәлделі шалдарға кез болып, атынан түсе қалып, сәлем беріп, қолын қусырып тұра береді. Баланың әдептілігіне риза болған Сексен ақсақал қолын жайып бата береді. Міне, сол жер «Сексен ата» аталып қалыпты.

Не керек Ханабадтың жалғыз баласы Шыршық өзенінің шығыс түстік бетімен күн шығысқа кете береді. Барып-барып аяғы Іскендір Зұлқарнайынның атына қойылған жердің үстіңгі жағынан «Жаман жар» деген жар кешуден Шыршықтың терістік бетіне өтіп, сол бала Қазығұрт тауына қарай кетіпті. Қайда жүргені белгісіз. Әлі жоқ.

Ал баяғы опасыз Ханымның тексеру, жазалау билігін қолына алған бас уәзір, қолбасы Зал жалғыз бала Құндызектің кеткен ізі-тосын сұрастырып білген соң, Ханым сұлуды ертіп алып, іздеуге кіріседі. Бұлар да түс мезгілі болған шамада қой жайып жүрген шалға жолығып, «Бұл қай жер» деп сұрайды.

– Құндыз як...

– Не дейсің? Құндыз як? ..Ол кім?..Ол қайда?.. – деп Ханым еңіреп жылай береді. Қойшы шал бұл жерде көп жылдан бері қой жаятынын, осыдан он шақты күн бұрын дәл осында бір баланың келгенін, аты Құндыз як екенін баяндайды. Оның жол бағытын айтып берген соң, Зал мен Ханым бетті күншығысқа аударады. Кештетіп бір төбеге жетіп, жатып дем алады. Аттарын шалдырады. Екеуінің де бозбалалығы ұстап, бірімен бірі жанасады. Сол күннен бастап ерлі-зайыпты адамдай болып кетеді. Бұлар да талай-талай төбеге кезігеді. Өздерінше ат қояды. Соңынан осы жерлер солар қойған атпен аталып кетеді. «Ат тұяғы жеткен жер» деп, бір төбеге «Тұяқ төбе» деп ат қояды. Кесірлі әйел болғандықтан астындағы айғыры зорығып өледі. Сол төбені «Айғыр сойған» депті. Екеуі жалғыз атқа мінгесіп жүре береді де, ішіп-жейтін тамағын, қалтасындағы ақшасын тауысып алады. Сол жерді «Шонтай төбе» атайды.

Азып-тозып Шыршықтың терістік бетіне өтіп, қазақ даласына ене бастайды. Сонда Зал тұрып:

– Мына жерге су шығарып, ел қондырса, егін салса қандай болар еді деп армандайды. Ай жарымдай жүріп, баланы таба алмай, көңілдері өксіп қайтып келсе, Қалдан шерін тас-талқан болып, ашуланып отыр екен. Ата мекен еліне қытайлар шабуыл жасап, өздері сияқты зар жылатып жатыр екен. Орнына Залды хан көтеріп, өзі еліне асығыс жүріп кетті.

Мұнда қалған Зал мен ханым өздері алғашқы қосылып, мейірін қандырған жері Тойтөбеге ел-жұртты жиып, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, ат шаптырып, бәйге тігіп, балуан күрестіріп, би билетіп, жыр айтқызып, күй тартқызып бір-біріне қосылды. Осы тойға аттылы да, жаяу да шұбап бара берген. Кедей сорлыда не көлік болсын, көбіне жаяу барған. Содан сынақ ретінде: «Той төбе ақымаққа не деген жол» деген мақал қалыпты. Баяғы «Той болған төбе» Тойтөбе атаныпты. Хандық пен ханымдық қолына тиген Зал мен Ханым өз армандарын іске асыру үшін Шыршық өзенінен Келес өзеніне қарай арық қаздырып, су шығармақ болыпты. Мыңдаған адамды аяусыз істетіпті. Арық шабылып біткен соң Шыршыққа бөгеу салып су қойса, Зал қаздырған арықтан су сарқырап ағыпты да, Ханым қазған арықтан су ақпай қойыпты. Ызасы келген Ханым маған қастық істегенсіңдер деп мыңдаған еңбекшілердің басын кесіп, қанын ағызыпты. Содан Ханым қаздырған арық «Қан арық» атанып кетіпті. Отанына, ел-жұртына, адал жұбайына опасыздық істеген Ханым ақырында халық қаһарына ұшырап, жынданып өліпті.

177. ҚАЛҚАМАН

Ертеде Қалқаман деген жігіт болыпты. Әке-шешесі ерте қайтыс болып, әр туысқанының үйінде жүріп ер жетті. Жастайынан көргені жетімдік, жоқшылық болғандықтан ба, Қалқаман өз қатарынан әлдеқайда ересек көрінетін. Ол ұзын бойлы, екі иығына екі кісі жігіт мінгендей өте сымбатты еді.

Осы ауылда Ақан, Жақан деген екі ағайынды жігіт болды. Мінездері ұр да жық, содыр болатын. Олардың аттарын естігенде, бесіктегі бала да жылауын қоятын. Солардың Ақжібек деген қарындасы болған. Өте сымбатты, сұлу еді. Ақжібекке қанша ынтазар болса да, жігіттер ағаларынан қорқып батпайтын. Қалқаман да Ақжібекке ғашық болса да, бір жағынан, ағаларынан қорықса, екінші жағынан, қызды алып қашқанда паналайтын ешкімі жоғын ойлап, іштен тынып қоятын.

Бір күні таңертең ауыл іші у-шу болып жатыр. Қалқаман Ақжібекті алып қашыпты, енді сорлының күні не болар екен. Ана содыр екі ағайынды Қалқаманды өлтіреміз деп, алақандарына түкіріп отырған көрінеді.

Үшінші күн өтті. Қалқаман мен Ақжібектен ешқандай хабар жоқ. Құтты бір жер астына түсіп кеткендей. Арада бір апта өткенде ағалары: «Қалқаманға қояр шартымыз бар. Соны орындаса, бәрін де кешеміз. Орындай алмаса, өз обалы өзіне», – деп ағайындарға хабар салады. Ол шарты не екенін ешкім білмесе де, көнбеске амал қалмайды. Сонда Ақжібектің ағалары: «Қалқаман алдымнан шауып өтсін, мен оны атамын, егер аман құтылса, сөзім – сөз. Егер құтыла алмаса, маған ешкімнің өкпесі жоқ», – дейді. Қыздың ағалары құралайды көзге атқан мерген екенін білетін ауыл адамдары қатты сасады.

Көрші ауылда Қалқаманның Қаражігіт деген досы болатын. Ол да Қалқаман сияқты тақыр кедей еді. Бар байлығы – құмай тазысы мен бәйге аты болатын. Бұл хабарды естіген Қаражігіт ауылға келіп, ағайындардан Қалқаманмен кездестіруін сұрайды.

Қалқаманға Қаражігіт: «Тумасақ та туғандай едік, басыңа ауыр күн туғанда үйде жата алмадым. Өзің де білесің, Ақан мен Жақан құралайды көзге ататын мергендер. Олардың оғынан құтылу мүмкін емес. Бар үмітім астымдағы атымда. Талай жүйрікті шаң қаптырып еді. Олардың оғынан бір құтқарса, осы бәйге күреңім құтқарар», – дейді. Осыған пәтуаласқан Қалқаман Қаражігітті Ақжібектің ағаларына жібереді. Белгіленген уақытта бір Аллаға ғана жалбарынып, Қалқаман Ақан мен Жақанның алдынан шауып өтеді. Осы сәтті күткен олар да оқ атып үлгереді. «Шын жыласа, соқыр көзден де жас шығады» дегендей, бүкіл ауыл, жора-жолдас болып, тілеген тілеулер қабыл болып, Қалқаман қос мергеннің оғынан аман қалады. Қанша сотқар болса да, берген уәделерінде тұрып, Ақан мен Жақан Қалқаман мен Ақжібекті қосып, өз алдарына отау етіп шығарады. Сол оқиға болған жазық дала қазір үлкен станция болды. Ол – «Қалқаман» станциясы деп аталады.

178. ҚАЛМАҚҚЫРЫЛҒАН

Жаугершілік заманда қазақ пен қалмақ жиі соғысқан екен. Содан Ақшимен тауларында қалмақтар қазақтар бергі жағында, екі жұмадай ма, одан да көп уақыт па соғысады. Бір күні қалмақтар тау үстіне шығып, ағашты айналдырып белгі береді. Онысы екі жақ та демаламыз дегені. Содан бір күні таудың үстінен қара құс ұшады. Оны қалмақтар бүгін қазақ соғысады дегенге болжайды. Түні бойы ұйықтамай, соғысқа дайындалады. Ертеңгісінде соғыс басталып кетеді. Қазақ пен қалмақ бір-біріне тойтарыс бере алмайды, Ақшимен таулары дөңгелене орналасқан. Ортасында 500 әскер сыярлықтай орын бар екен. Күн батыс жағынан ғана кіретін жол бар. Сол орында қалмақтың бес жүз қолы орналасыпты. Сол тауларды Малайсары батыр басқарған қазақтың қолы қоршап алып, қалмақтарды ешқайда қатынастырмай қояды. Қалмақтар таудың ішінде аштан қырылып өледі. "Қалмаққырылған" деп аталуы осыдан екен.

179. ҚАЛМАС ТАУ ТУРАЛЫ АҢЫЗ

Бір жазда қалың жаңбыр жауып, жер дүние алай-түлей дауыл болып тау басына жай түседі. Құдайдың құдіреті ме, жай түсісімен жаңбыр тыйылып, күн шығып, кемпірқосақ қанат жайған екен. Бірнеше күндік жаңбырдан қабағы ашылған күн көзін көрген жұрт қатты қуаныпты. Тек сол күннің түнінде мал күзеткен күзетшілер қорқынышты бір жағдайдың куәсі болыпты. Түннің бір уағында тау күңіреніп, құлақ тұнарлық шу пайда болыпты. Байлауда тұрған мал біткен әзірейіл келгендей шулап буаз малдар іш тастап, табын-табын жылқы біткен дүркірей қаша жөнеліпті. Бір мезетте шу сап тыйылып, Мәжен байдың қорасына басынан аяғына дейін малына киінген бет-жүзі көрінбейтін бір келіншек келіп кіреді. Келіншек аяғын басқан сайын күмістің сыңғырындай сыңғыр естіліп, күзетшілердің құлағын тұндырып барады. Сасқанынан абдырап олар қимылсыз қалады. Келіншек қораға кіріп байлауда тұрған жүйрік аттарды жетегіне алып кете барады. Жайда бөтен көрсе оқыранып тұратын бәйге аттары иесіне ергендей монтиып кете барыпты. Ат жетектеген бейне тау бөктеріне еніп жоқ болады.

Барлығын көріп тұрған күзетшілер аттандап байды оятады. Жедел тауға барса ат та жоқ, адам да жоқ. Күзетшілеріне сенбеген бай күзетке өзі шықпақ болады. Бір түн күтеді жоқ, екі түн күтеді жоқ. Ай жаңарады-ау деген түні өткенде болған жай тағы да қайталанып, малына киінген келіншек сылдырап тағы да қораға келеді. Жетегіне байлауда тұрған бірнеше малды алып, келіншек тауға еніп жоқ болады. Абдырап қалған бай түк ете алмайды.

Ай жаңарған сайын құпия келіншек таудан түсіп қорадан мал алып жөніне кетіп отырады. Жайдан-жай малынан айрылып қала берген соң таудан түскен кесірден құтылмаққа бай басқа жаққа тұра көшеді. Бірақ қайда барса да мал шығыны болып байдың басы қатады. Біресе барымта, біресе аштық, енді бірде қасқыр шауып, мал қатары тіптен азаяды. Әбден қалжырап бұрынғы мекен еткен жеріне, қазіргі Қалмас таудың бөктеріне қайта келеді.

Бірде бай ұйықтап жатып түс көреді. Түсінде баяғы келіншек келіп бұған: «Сен малыңды құрбандыққа шалу білсең, барлығы аман болар еді. Сараңдығыңмен мал киесін кетірдің. Өзің құрбандық шалып жетім-жесірді тойдыра білсең, малың шығынсыз болады. Ал олай етпесең, мен сенің соңыңнан қалмаймын», – деп сылдыр етіп ғайып болыпты. Содан былай қарай бай құрбандыққа мал шалып, аш отырғандарды айына бір рет тойдыруды әдетке айналдырыпты. Бұдан соң мал қарасы көбейіп, от пен су апатынан жаудан аман-есен болыпты. Бұның сыры неде деп сұраған балаларына әкесі: «Құрбандыққа мал шалмасам, тау соңымнан қалмайды», – деп жауап береді екен. Содан бері бұл тауды Қалмас тау деп атайды екен.

180. ҚАМБАР ТӨБЕ

Қаратаудың теріскейінде, Сарысу мен Қоңыр құмының аралығында Шайырлы деген далада Көкдомбақ дейтін төбе бар. Мұны бұл күнде Қамбар төбе дейді. Қамбар батыр сонда өлген. Өлу себебі: Қамбар арқада жүріп, Сырдағы Орақ батырдың баласы Қайқы батырдың аулына келеді. Қайтуында нағашысы Қайқы батырдың жылқысын айдап қашқан, өзі кедей екен. Қайқы батыр Қоңыр құмында қуып жетіп, Сарысудың жиегінде соғысқан. Қамбар Қайқыны құлатқан. Сонда Қайқы:

– Менің өлігімді соңымда келе жатқан жолдастарым тауып алады. Сен де тірі қалмайсың. Өйткені найзамның ұшын суғарған едім. Денеңе найзам тиді, сен де өлесің, – дейді. Сөйтіп, жылқыны тастап, ертерек еліңді тап деген кеңес береді. Қамбар соның айтуы бойынша жылқыны тастап жүріп кетеді. Кешкілік Домбалыққа жетіп, сол төбеде денесі уланып өлген. Төбеге ел бар ма екен деп қараған. Содан бері Көкдомбақ Қамбар төбе деп атанған деседі.

181. ҚАМЫРЛЫ ӘУЛИЕ

Қалмақ жаугершілігінде ұрыс даласын тастап, кері шегінген қазақ сарбаздары ығыса-ығыса бір қыратқа арқа тірейді.

Осы жерде ғайыптан пайда болған бір әйел қырдың төбесінде отырып нан пісіріп, ерлерді тамақтандырады. Бойларына әл-қуат жинаған жауынгерлер кенет бұрынғыдан әлдеқайда күшті сойыс көрсете бастайды. Жауды тықсыра қуып, жеңіске жетеді. Алайда мән-жайды сезіп қалған қалмақтар түн ішінде бір жансызын жіберіп, әлгі әйелді өлтіреді. Қатты қазаға ұшыраған ел үш күн, үш түн аза тұтып, мейірімен батырлардың басын қосып, ықыласымен бойларына сарқылмас жігер берген қасиетті Ананы сол қырат басына арулап жерлейді.

Кейіннен бұл жер "Қамырлы әулие" деп аталып кетеді. Алладан рақым күткен адамдар сол жерге барып, зиярат жасап, басына түнейтін болады.

182. ҚАНДЫҚҰДЫҚ

Бұрынғы кездерде әйелдер балаларын соңдарына ертіп, құдыққа су алуға барады екен. Сол кезде құдыққа баланың көлеңкесі түсіп тұрған деседі. Ал өзінің көлеңкесін қызық көрген бала ұстамақшы болғанда, құдық баланы тартып алатын болған. Бұл құдықтың таң қалдыратындығы сол, ол тек қана бала атаулыны ғана тартып алған. Сондықтан да, бұл бала атаулыға қауіп, яғни өлім әкелетін болғандықтан, халық бұл құдықты «Қандықұдық» деп атап кеткен. Содан кейін бұл құдықтан ешкім су алмайтын болған. Бірақ, ақсақалдардың айтуынша, бұл құдық әлі де бар деседі.

183. ҚАНЖУҒАН

Лама-Доржы қолы Ташкентті шауып, Жолбарыс пен Саурықты өлтірген мезгіл. Жетісудан кешігіп жеткен Райымбек батырдың қолы жоңғарларды талқандап, кейін қайтып бара жатқан. Жау жеңілгенмен, оның дала кезіп жүрген қарақшылары жолдарында кездескен бейбіт ауылдарды тонап, елді әбіржуге салып жатқан заман ғой. Осындай бір топ Кейкі батырдың ауылына кезігеді. Абыр-сабырда қол жинай алмай қалған Кейкі батыр жақын төңірекке ат шаптырып, жүзге жуық жасақ жинап, қалың жауға қарсы тұрады. Өз елі, өз жері, өз намысы үшін аянбай соғысқан қазақ жасақтарының саны бірте-бірте кеми береді. Ал жоңғарлар қолы бірнеше есе көп болатын. Кейкі батырдың өзі де жараланады. Дәл осы кезде Ташкенттен қайта оралып келе жатқан Райымбек Хангелдіұлының жасағы осы маңға жетіп қалған. Олар болып жатқан мына қырғынды көріп жоңғарларды сыртынан қоршай ұрыс салады. Райымбек батырдың жігіттері өліспей беріспейміз деп шайқасқан жоңғарлардың қолын біржолата жойып жібереді. Соңынан осы шайқасқа куә болған ел әлгі жердегі қантөгісті еске алып, бұл мекенді Қанжуған деп атап кетіпті.

184. ҚАПАЛ ТАУЫ

Ертеде қалмақтар тоқалдыққа күң етіп, Сатқан деген сұлуды алты айлық іште қалған баласы аяғы ауыр күйінде бірге алып кететін көрінеді. Тобықты ішінде Көтібар батырдың тоқалы қалмақ еліне күң болып Сатқан сұлу барғаннан кейін ханның бәйбішесі қазақтың сұлу келіншегі ноқталаған тайлақтай тұрса басқа, отырса орыннан тұрғызбай, от жағып, қазан асып, ас-судың соңына салып қояды. Сөйтіп жүргенде әйтеуір аман-есен босанып, бір ұл бала туады. Анасы: «Қапылыста туған нәрестем едің, арғынның әруағына сиындым, егер аман болып өсірсем, туған елін, ағасын және тобықты руын іздеп табар», – деп баланың атын Қапал қояды. Баланы да шешесімен бірге от жаққызып, су әкелгізіп, жеті-сегіз жасына дейін шешесінің тәрбиесін көрген бала күнде анасының алдында отырып, «Елім-ай» деген өлең тыңдап, қазақша тілі шығады. Анасының сүтімен қоректенген бала үлкен болып, дембелше батыр келбетті өседі. Баланы бұзау баққызады. Он үш-он беске келгенде жылқы бағуға жібертеді. Шешесі Сатқанның сұрауы бойынша бай тоқалының айтқанын екі қылмай Қапалды батырлар арасына жылқы бағуға жібереді. Міне осылай Қапал өсіп, ер жете келе шешесіне келіп ақылдасады. Сонда екеуі таудың етегінде отырып: «Осы Алатаудың ар жағында сенің елің жетпіс үй тобықты бар. Онда туған ағаң бар, сол ағаңды барып тауып ал», – деп Қапалдың құлағына салып, есіне түсіре береді.

Бір күні шешесі Сатқан отырып Қапалға: «Жылқыдағы буаз кер биені көрдің бе?» – дейді. Қапал: «Апа, мен ол биені күтіп, құлындатсам екен», – деп, шешесіне айтатын көрінеді. Сол кер биеден кер құлын туады. «Сол құлын өскесін өзің ат қылып мініп, мына таудың ар жағындағы еліңді табасың, құлыным, құлыншағым Қапалым», – деп елін, жерін, жұртын сағынып, анасы ботадай боздап жылай береді. «Апа, апатайым, жыламашы. Мен өскеннен кейін сені тастамаймын, бірге алып кетемін. Ел, жұртыма кетем», – дейді Қапал.

Қапал да өседі, жігіт болады. Анасы күннен-күнге қуанады. Анасына кер биеден туған кер құлынды ат қылып мініп келеді. Жетекке алған байдың жүйрік атын шешесі Сатқанға әкеледі. Бірақ шешесі: «Мен бармаймын, егер мен кетсем, мына қалмақтар бұзық шығарады. Сен өзің мына асудан асып, білгізбей өзің осы түріңмен еліңе аттанып бар. Қару-жарағыңды мен дайындап қойдым. Қылыш, мылтық сайманың, садағың дайын. Әкеңнің әруағына сиын. Алла жар болса, еліңді табарсың. Сары батыр ағаңа жетерсің».

Сары батырды тобықты руы Сары мырза деп атайды екен. Бұл кезде жетпіс үй тобықты мен матай руы жауласып, Қисық бидің тұсында еліне Қисық хан атанған матай руы тобықтыны Қапал тауынан қуып, Аягөз өзенінің бойымен жарма Шыңғыстау, Қарауыл, Жидебай, Ақ келін, Қамбар батырдың жері Абыралы жерінде жетпіс үй тобықты бір ата қарауыл атанады екен. Қапалдың туған ағасы Сары батыр сонда болады. Қапал батыр іздеп келсе, елі орнында жоқ, орнын сипалап, матай руларының кәрия ақсақалдарынан ағасының жөнін сұрап, ағасын іздеп Шыңғыстауға, Аягөз, Жарма, Ертіс өзеніне қарай шаба жөнеледі. Біраздан кейін жолаушылар Сары ағасының үйін табады. Келсе ағасы ұйықтап жатыр екен. Атын ат байлауына байлап, қару-жарағын, садағын кереге басына іліп, Қапал да ағасының жанына ұйықтайды. Жеңгесі Қапалды көрісімен таниды. Екеуі қатар ұйықтап жатыр. Сарыдан Қапал аумайды. Сары ояна келіп, інісін танып «ой, бауырымдап» екеуі бірін-бірі құшақтап көріседі. Шешесі Сатқанның хал-жайын айтып, тірі екенін білдіреді. Сөйтіп ағалы-інілі екеуі Сары батыр мен Қапал батыр қалмаққа қайтадан шауып, соғыс ашып, қалмақты жеңіп, қазаққа жеңіс әпереді. Шешесі Сатқанды күңдіктен босатып, еліне әкеледі. Дерегес тауының бір шоқысы сол кезден бастап Қапал батырдың атына қойылып, Қапал тауы атанады.

185. ҚАРА КЕЛІНШЕК, АҚ КЕЛІНШЕК ТАУЛАРЫ

Таңыбай батыр Әбілмәмбет ханның тұсында қалмақтарды қууға қол жинап, қуысқан екен. Киікті станциясынан Қызылшоқыға дейінгі жерлерді қалмақтар мекендеген. Олар осы кезде қазақтарға маза бермегендіктен, халық қол жинап оларды қуған екен. Соғысты Таңыбайдың досы Наймантай басқарған еді. Осы соғыста Наймантай батырдың екі баласы қайтыс болады. Соғыста жеңіп, ауылына оралады. Жеңгеннен кейін оларға қалмақтың қыздарын таңдау керек болады. Ол тандау Наймантай мен Таңыбайға беріледі. Наймантайға берілу себебі, оның соғыста екі баласы бірдей қаза табады. Таңыбайдың таңдауы, оның бірінші әйелінен балалары болмайды. Тандар кезде екі қызды екі түрлі тау басына шығарады. Бір қыз қара, екіншісі ақ болғандықтан, тау аттары «Ақ келіншек», «Қара келіншек» аталуы сол себептен.

186. ҚАРА ҚҰДЫҚ

Бұл құдықтың үстінде үлкен тас жатқан. Қазақ ауылы осында мекендегенде бірде мүлдем су болмай қалған. Содан халық та, мал да сусыз өмірге төзе алмай, жан-жаққа көше бастаған. Көбісі қырылып қалған. Тек осы жерде жасы 80-нен асқан қария үш ұлы және келіндерімен қалған. Қария маңайда кішігірім шалшық су болса да деп, маңайды аралап жүрген. Содан ауылдан алыстап кеткен қария жаңағы қарақұдық үстіндегі таста демалып отырған. Бір сәтте аяғына сұп-суық заттың білінгенін сезіп төмен қараса, аяқ астында бақа жүр екен. Шал бақа болған жерде су да болады деген оймен тастың маңайын қарайлай бастайды. Содан тасты орнынан қозғалта алмасын біліп, үйіне қайтады. Үйіне келсе, келіндері үйдегі ақырғы бір тостаған сумен қарияға шай қайнатып тосып отыр екен. Содан қария ұлдарын ертіп, жаңағы қара құдық қасына келеді. Үш ұлы тасты бар күштеріне салып итереді. Қария да оларға көмектеспек болып таяп келгенде, үлкен кеспе тас қарияның үстіне ауып кетеді. Балалары тасты қайта орнына итермек болады, бірақ ештеңе шықпайды. Ал тастың астында бұлақтың көзі бар екен. Міне, сөйтіп қария өз өлімімен үш ұлы және қалған ауылын сақтап қалған екен. Осы қара құдықтың басындағы тас қарияның бейіті болып қалған. Осыдан шөлдеп сапардан келе жатқандар осы қарақұдық басынан шөлін басып, ақтық байлап, Құран оқып өтеді екен.

187. ҚАРА СУ

Кезінде шағын ауылда Сарыбай атты бай тұрыпты. Жасы алпыстан асқан. Байдың иелігіндегі мал ауыл тұрғындарынан да көп болған. Бай сараң болған.

Көктем келіп, өзен, көлдерде сең жүріп жатады. Байдың иелігіндегі жаңа туған құлыны өзенге түсіп кетеді. Бай құлынды құтқармақшы болып, суға құлынның соңынан түсіп кетеді. Біраздан соң жағаға құлынды шығарады, бірақ өзі жағаға шығуға шамасы келмей батып өледі. Байдың жаман ниетінен бе, судың түсі қара түске айналып кетеді. Содан бері ол суды ешкім пайдаланбай, «Қара су» болып аталып қалады.

188. ҚАРАҒАЙ ҚАҚҚАН

Тарақ бұлағының батысына қарай созылып жатқан үлкен жол бар. Ертеде бір жиыннан Құнанбай жолаушылап, осы жота етегінде отырған Керей руының аталы байларының бір үйінде болған. Енді бірде Қараменде би ел аралап келе жатып, қазіргі Балықты бұлақ өңіріне тоқтап шалдырған екен. Болжампаз қария бұл келешекте көп ел өтетін, жиі осы бұлаққа тоқтайтын мекен болады деп «Қарағайқаққан» деп ат берген. Қарағайдың бір сынығын жонып, бұлақтың басына белгі қылып қаққан.

189. ҚАРАҒАНДЫ

Баяғыда бір бай болыпты. Оның өзге малына қарағанда ұсақ-тұяқты көп екен. Ішіндегі бір қара қойды қасиетті деп, отар-отар малының берекесі деп атайды екен. Бір күні мал өрістен қайтқанда, қара қойдың жоқ екені анықталады. Әккі қойшылар байға қойдың далада қоздап қалуы мүмкін екенін жеткізеді. Байдың жігіттері кешқұрым мезгілде отар жайылған орындарды сүзіп шығуға аттанады. Шамалы уақыттың ішінде қас қарайып кетеді. Ай сәулесінің жарығымен қарайып көрінген нәрселердің қайсысына барса да, барлығы қараған болып шыға береді. Әбден шаршаған жігіттердің бірі: “Қайда барсаң қараған, бұл өзі қарағанды жер екен ғой”, – деп кейіс білдіріпті. Сонан осы жердің аты Қарағанды аталып кетеді.

190. ҚАРАҒАНДЫ - АҚШОҚЫ

Баяғыда бір бай болыпты. Оның өзге малына қарағанда ұсақ-тұяғы көп екен. Ішіндегі бір қара қойды қасиетті деп, отар-отар малының берекесі деп атайды екен. Бір күні мал өрістен қайтқанда қара қойдың жоқ екені анықталады. Әккі қойшылар байға қойдың далада қоздап қалуы мүмкін екенін жеткізеді. Байдың жігіттері кешқұрым мезгілде отар жайылған орындарды сүзіп шығуға аттанады. Шамалы уақыттың ішінде қас қарайып кетеді. Ай сәулесінің жарығымен қарайып көрінген нәрселердің қайсысына барса да, барлығы қараған болып шыға береді. Әбден шаршаған жігіттердің бірі: «Қайда барсаң қараған, көрсек. Малға жайлы болса, мекен етерміз, жайсыз болса, тағы да көшерміз», – деген ұсыныс айтады.

Бәтуаға келген көш сол жерге барып орын тебеді. ІІІалғыны мол, шөбі бітік, ағып жатқан өзені бар жайлы мекен малға жұғымды болып, олар тез көтеріледі. Бір жыл қоныстап шыққаннан кейін төл егізден болып, жаңағы жердің құтты мекен екендігі байқалады. Риза болған халық:

– Шоқым шоқы-ақ екен. Жарайсың! – дейді. Сонан жаңағы биіктің аты «Ақшоқы» аталып кетіпті.

191. ҚАРАЖАЛ

Бір заманда Солтүстік Қазақстан өңірінде бір бай қазақ өмір сүріпті. Бірақ шалдың байлығын басып қалатын ұлы болмапты. Байдың өте сұлу Ажар деген қызы болыпты. Ажар бала кезінен ұл балалармен асық ойнап, ұлдың киімін киіп, түнде жылқы күзететін жігіттермен күзетке шығатын. Бір күні Жаппас атты жылқышы жігітпен танысып, екеуі бір-бірін жақсы көріп қалады. Бірақ Ажардың әке-шешесі оны басқа адамға күйеуге бергелі отырыпты. Сонда Ажар мен Жаппас ата-аналарынан басқа алыс жаққа қашуларын тура көріпті. Бір кеште екі сүйікті жар ең жақсы аттарды таңдап, көрінбей оңтүстік жаққа қарай қашыпты.

Ажардың ата-анасы жіберген қуғыншылар оларды Атасу өзенінің бойында қуып жетіпті.

Амалы жоқтығынан «қара бет» болып қайтқысы келмеген Ажар Құдайға жалбарынып, жер астына кіріп кеткенін ұсыныпты. Қуғыншылар дәл қуып жеткен сәтте екі қашқын жер астына өздерінің аттарымен кіріп кетіп, тас болып қатып қалыпты, тек аттардың жалдары жердің бетінде қалыпты. Содан бері жер аты Қаражал атаныпты.

192. ҚАРАҚАЛПАҚТЫҢ ҚЫРЫҚ ҚЫЗЫ

Өткен замандардың бірінде Қарақалпақта өте күшті бір балуан патша әкімшілік еткен екен. Ол өзінің ең жақсы көретін сүйіктісі үшін Түркістан мен Малғұзар деген таудың түйіскен жерінде әсем алтын сарай салдырған. Бұл сарайға құштары үшін жылдам-жылдам келіп тұратын. Күндердің бірінде патшаның бұл жерге келетінін білген бір қас жауы түн қатып жүріп, сарайды қоршап алып, құпия сырын ашпақ болады. Ол түні патша болмай, қырық қызымен қырық қыздың бастығы көрікті сұлу Қаншайым ғана бар екен. Өздерінен саны артық аңдушы дұспанымен майдандасады. Ұзақ уақыт алысып, әбден қажып, шаршаған қырық сұлу жау қолына түсіріп қор еткенше, бізді тас қылып қатыра ғой деп Құдайынан тілепті.

Содан қырық қыз тас тізбегі пайда болып «Қырық қыз» атанып кеткен екен.

193. ҚАРАСЕРКЕ, ЖЕТІМСЕРКЕ, КӨКСЕРКЕ, МҰҢЛЫҚ

Баяғыда бір бай қуаңшылық болған бір жылы малын алысқа отарлатып кеп Көксерке тауларына малын үшке бөліп орналастырады. Сол жылы қыста қар қат-қабат қалың жауып әлгі таудағы малға ақсүйек жұт жүреді. Малшылар таяғын ұстап қалады. Тек аяққы тауға қыстаған малдан қой бастайтын қара серке бар бір топ мал, ортадағы тауға қыстаған малдан лақ күнінде жетім қалған жалғыз бөрте серке, басқы тауға қыстаған малдан көк серке бастаған аз ғана тұяқ қалады. Апаттан есі шығып, байдың қаһарына есеңгіреген үш қойшы жазға салым көксеркенің жанындағы тауға санаулы малдарымен келіп күңірене бас қосып, мұң шағысып жылаған екен. Сонымен аяққы тау Қара серке, ортаңғы тау Жетім серке, басқы тау Көксерке аталыпты да, үш қойшының бас қосып мұң шағысқан тауы Мұңлық аталып кетіпті.

194. ҚАРАТАУ

Баяғы өткен заманда бір бай өлкелерінің бірінде бір қауымдық ел-жұрт өмір сүріпті. Қанша заман өткенін кім білсін күндердің бір күнінде жетібасты жаламауыз сол өңірде пайда болыпты дейді. Сонан елге қырғидай тиіп күн сайын қырық қой, қырық жылқы, бір жігіт, бір қызды жеп отырыпты. Әбден зәрезап болған ел жаңағы жалмауыздан құтылудың жолын іздейді. Жапанды шарлап келе жатқан бір саудагерлер оңтүстік өлкеде Дәубек деген батырдың бар екендігін хабардар етеді. Жетібасты жалмауызды бір жеңсе сол ғана жеңеді дегенді айтады. Оның еліне жету үшін өте ұзақ жүру керек. Шөлді, құмды жерлерді басып жүру керек. Әбден бір қалжыраған шақта, алыстан тау сілемі көзге шалдығуы мүмкін. Жаңағы дәу сол тауды мекендейді.

Ел болып жиналып бір батырды басшы етіп, қырық жігітті қосшы етіп жолға аттандырады. Олар арада күн жүріп, ай жүріп құмды далаға кездеседі. Шаршайды, қалжырайды, сусайды. Күндердің бір күнінде көкжиекке көз тігіп келе жатқан жаңағы жігіттердің бірі:

– Қара тау, Қара тау, – деп айқайлап жібереді. Барлығы жаппай жаңағы жаққа назар салса, сағымданған таудың сұлбасынан көзге шалынған сияқты болады. Сол сағымды бетке алып жүрген жолаушылар ақыры тауға жетіпті. Ол батыр жеті басты жалмауызды өлтіріп елге тиыштық орнатады.

Сонан жаңағы дәу мекендеген тауды ел «Қаратау» деп атап кетіпті.

195. ҚАРАШ ҚАЗҒАН

Ұбақ-шұбақ көш келеді. Түйеге де, жылқыға да, өгізге де жүк артылған. Жүк үстінде жас балалар мен кемпірлер. Боздаған бозінген мен жас сәбилердің үні араласып естіліп, тұла бойыңды шымырлатады. Адамдардың жүзі жабырқау. Жалпақ даланың шегі сияқты.

«Көрер көзге қаншама кең болсаң да, пейілі тар байлар сені бізге қимады-ау, сидырмады-ау», – деген жолаушылардың бәріндегі мұң, өкініш сияқты.

Осылайша бірнеше күн бойы ілбеген көш әлі келеді. Көлік үстіндегі адамдар да қалжыраған. Жасы да, кәрісі де ауыздарын шүберекпен таңып алыпты. “Әже, шөлдедім!”, “Апа, су!” – деп ұсақ балалар шу-шу етеді. Шолғыншылар көш басшысына: “Алда құдық жоқ, түстік жерге дейін қарадық,” – дейді.

Су шығадау деген жерден құдық қазу керек. Шөлдеген жұрт бір-бірінен ауыз жібітерлік қасық су сұрап жүр. Сабыр сақтаған әйелдер азаматтарға қараса, сары уайымға салынғандары сарнап, безектеуде. «Әйел ерге қарайды, ер жерге қарайды» дейтін мақал осындайда еске түседі.

Көш тоқтады. Су шығады деп жерден үміттеніп, қазып-қазып түк шығара алмай ер адамдар кінәлі жандай төмен қарады.

Сол кезде жасынан ер балаша киініп, асық атып, ат құлағында ойнап өскен көш басшысының жалғыз қызы Қараш өздері тұрған белдің етегіне түсіп, нән кетпенді құлаштай бір көтеріп, жүзін жерге сіңіре ұрып жіберді. Он шақты жігіт іштен шыққан сары топырақты сыртқа тасып тұрды. Бір кезде “Су шықты” деген сөз ауыздан-ауызға таралып, даланы жаңғыртады. Шөлдеген әйел-бала құдыққа қарай жүгірісті...

Сол заманнан бастап сол жер “Қараш қазған” деп аталады.

196. ҚАРҚАРА

Кезекті қанды қырғыннан кейін қолға түскен қалмақ қызы Қарқара сұлуға қазақ батырлары таласып, бірімен-бірі келісе алмай, алакөз бола бастайды.

Дулаттан шыққан Қарасай батыр, албаннан шыққан Таубұзар батыр өзара дүрдараз болып, сұлу қызды әркім өзі иемденіп, өзі құшпақшы болып, үлкен дау-дамай басталады. Сонда қалмақ қызы тұрып:

Өзі сұлу, өзі шешен

Қазақ еді менің шешем.

Қолымды егер босатсаңдар,

Тағдырымды өзім шешем, – дейді. Қолын шешкен соң, қыз ру басына апаруды өтінеді. Сонымен Сырымбет бабаға келеді. Қалтасынан үш түсті маржанды алып, қыз Сырымбет бабаның алдына қояды. Ақ, қызыл, қара маржанға қарап тұрып Сырымбет баба:

– Түсіндім, балам, қызыл маржаның канды қырғында қолды болыпсың. Қара маржаның – әке-шешеңнен айрылып, каралы болыпсың. Ақ маржаның – мені ақтаңыз дегенің ғой, балам. Айтарыңды айт, – дейді.

– Уа, Сырымбет бабамыз,

Біз де сіздің балаңыз.

Сенбесеңіз айтайын

Қазақ еді анамыз.

Қазақ, қалмақ соғысып,

Қанға бөкті даламыз.

Қайтсек тату боламыз?

Қара қалмақ қол жиып,

Қару-жарақ мол жиып,

Қайта келсе қыруға,

Қарсы карап тұруға

Келер ме еді шамаңыз?

Жау да дертпен бірдей ғой,

Бар ма табар дауаңыз?!

Сонда Сырымбет:

– Әкең – қалмақ, шешең – қазақ, көргені азап болса, еліңе барсаң, сенің де көргенің мазақ болады. Әйел заты болсаң да, ер-азаматпен тең екенсің, ақыл-ойға кең екенсің. Ел татулығын ойлаған қызым, өзіңде қандай шешім бар? – дейді.

– Рас, шешемнің менсіз көргені тозақ. Мен тұтқынға келіп өзім түскен едім. Анам: «Сенің атаң – қазақ. Тегім бұзылмасын десең, қазақ еліне барып, бір қазақтың етегінен ұста» деген. Менің шешемді алған қалмақтың атақты батырларының бірі Ақанас болатын. Ақанас үш ағайынды нояндар тұқымы. Бұлардың арғы тегі Шыңғыстың тұқымдары, Шағатайдың ұлдары. Олардың екеуін сіздер өлтірдіңіздер. Ал Ақанас болса үркіп, елімен көшіп, жерлеріңізді өздеріңізге тастап кетті. Ал маған жар болғысы келген жігіттің сауыты болсын басында, шоқпары болсын қолында, қылышы болсын белінде, арманы болсын жерінде. Мен сондай азаматқа тиемін.

– Белінде қылышы дегенің,

Жауға шабар ел болсын дегенің.

Басында сауыт болсын дегенің,

Ақылға кең болсын дегенің.

Қолында шоқпары болсын дегенің,

Жүректі болсын дегенің.

Жері арманда болсын дегенің,

Жерің елді болсын дегенің бола, қызым, –

деп түйген Сырымбет баба ақылды қыздың сөзіне дән риза болыпты. Сөйтіп қызды атағы шығып жүрген албан батыры, мыңбасы Таубұзарға қосады. Бірақ батыр кедей екен.

– Қарағым, тақырға қар, батырға мал тұрмайды. Бөрі азығы мен ер азығы жолда деген. Мал жиып береміз, батыр жарлы болғанымен, арлы болады, – деп тоқтатыпты ру басы.

– Қалауымды берсеңіз, жер беріңіз. Өзгені өзіміз құрастырып алармыз, – дейді қыз.

– Қарағым-ау! Батыр қоныссыз ба еді?

– Сырымбет баба, атыңызды атағаным өзімді сіздің қызыңыз санағаным болсын. Қоныстың да қонысы бар Сонысы бар, сорлысы бар. Оның да құласы бар, торысы бар. Малға жайсыз қоныс – дау мен ұрыс. Малға жайлы қоныс бақ пен ырыс.

– Оның дұрыс. Бірақ қазақ ерге қыз бергенмен, жер берген емес.

– Жерсіз ел, елсіз ер болмайды.

Ер – елдің баласы, жер – елдің панасы.

Ер – елге ортақ, жер – ерге ортақ.

Батыр елдің серкесі, сұлу елдің еркесі.

Көсеусіз от жанбайды,

Көсемсіз ел оңбайды емес пе?

Қыздың бұл сөзіне тоқтаған Сырымбет:

– Анадан ұл тумаса да,

Қыз туған екен.

Ана жолын жоғалтпас,

Ақылы асқан із қалған екен.

Қалаған жеріңді ал,

Той жасап, тай соям

Елді жиып алдында

Сол жерге атыңды қоям, –

дейді. Қыз таудан құлап аққан өзен жағасын көрсетеді де, Сырымбет бабасына «осы жерге батырдың есімін қойсақ қайтеді» дейді. Сонда Таубұзар батыр сөзге араласады:

– Ердің аты екі қойылмайды. Бұл сенің еншің, сенің атың қойылсын. Елім де, жерім де, суым да, тауым да, жарым да «Қарқара» болсын. Мен ер болсам сол ел, сол жердің қорғаны болайын, – дейді.

Сол кезде Сырымбет баба:

– Ей, Қарқара,

Басыңнан базарың тарқамасын.

Көңілің ешқашан ортаймасын,

Бақ орнасын халқыңа.

Көркіңе арың сай,

Өзіңе жарың сай,

Малыңа жерің сай.

Бердім осы жерге «Қарқара» атын!

Жұптарың нық болсын,

Жақсымен орта толсын.

Алған жарың Қарқара,

Әулетіңе құт болсын! – деп, сұлу қыз бен батыр жігітке кезек-кезек ақ тілек тілеп, батасын беріпті. Әлгі өңір содан бастап «Қарқара» атаныпты.

197. ҚАРҚАРАЛЫ

Жоңғарлар шабуылы кезінде жаудың бір түмен сарбазы қазіргі қаланың батыс жағында қорған салып, бекінеді. Олардың мақсаты – өздерінің Ертіс бойындағы қолы әлсірей ме, соған қолғабысқа аттану болса керек. Бұл кезде казақ сарбаздары орталық, терістік жақтан жоңғарлар қолын әлсірете бастаған және Абылай қалмақтың ханы Қалдан Цереннің қолына түсіп, кейіннен достасып, соғыспау туралы келісімге келген. Осы кезді пайдаланып Шаншар абыздың екінші әйелі Нұрбикеден туған Тілеуке, Бертіс хан қол жинап, түстік Сыр бойынан келіп Қарқаралыға бекініп жатқан жоңғарларды жойып, елді осы жаққа орналастыруды қолға алып, бекіністі тазартудың қамына кіріскен. Жер жағдайын жетік білмегендіктен, жоңғарлар алдымыздан қауіп жоқ деп ойлаған. Жағдай ойлағаннан басқаша болып шықты. Бертіс қолы Қарқаралының батыс жағындағы Шоқпартас маңындағы орманға орналасып, жауды сезіктендірмей желке жағынан шабуыл жасау үшін тауға барлау жұмысын жүргізіп, Шоқпартастан Суық бұлаққа қарай асатын шұбырынды жол тапқан. Осының нәтижесінде жаудың желке жағынан шабуылдауға толық мүмкіндік туған. Күтпеген жерден қалың қолдың үрейі ұшып, берекесі кеткен жоңғар қолы қаша жөнелген. Жоңғар қолын көп шығынға ұшыратып, жаудың ізіне түсіп, түстікке қарай қуып жіберген. Сөйтіп, Қаракесек руын осы маңға, Балқантауға дейін орналастыруды жоспарлап, ол оңтүстікке елге қарай қайтып, елді көшіруді ұйымдастырған. Бұл кезде Қарқаралы деген атау жоқ. Бертіс бұл мекенді жоңғарлардан тазартқан соң, қазан айының соңына қарай көшпенді Қоңырат деген тайпа келеді. Бұл тайпа сан жағынан көп Арғынмен туыс ел. Жоңғарлар шабуыл жасауға мүмкін деген маңайдан қашқақтап жүретін болса керек. Қысқа аяқты мал деп сиыр, қой асырап бақпайды, өйткені ол елге жау бет алып келе жатқанда бұл екі түлік бөгет болады және жау қолында қалып қояды деген есебі көрінеді. Жаудан жалтарып кету үшін жылқы, түйе малын көптеп өсірген. Қоңыраттықтар «ұзынқұлақ» арқылы Арқаның шұрайлы жері жаудан тазартылды дегенді естіп, қыстап шығу үшін таудың күншығыс жағына көптеген киіз үй тігіп, өздерінен өрген рулар ауыл-ауыл болып отырған. Сол жылы қар өте қалың түскен, қар түсе тауда қаптап жүрген арқар, елік, бұғыларды көргенде көздері тұнған. Садақпен аң аулауға барайын десе, бара алмайды. Тау басы мен биік жондар қара болып жатқанымен, тау етегі өте қалың оспақ көбік қар болған. Тауға шықпақ болғанда аттары қарға көміліп, жаяу шығайын десе өздері де қарға көміліп, бойламаған.

Сол кезде көктем де өте кеш шыққан, жаз шыға ол кезде аң ауланбайды. Дала тағысы киелі болады, төлі жетім қалса қырсыз болады деген ұғым қалыптасқан. Сөйтіп, бұл тауда басы қара, етегі қарлы – «Қарқаралы» деген атау пайда болған. Арғындар ішіндегі Қарақожа әулетінен тараған Қаракесек руы келе бастағанда алдымен «Қара-қарлы» тауына әлтөбет руы келіп қоныстанған. Бұлар келе бастаған соң, қоңыраттықтар Есіл бойына қарай Балталы-Бағаналы елімен сүйек шатыстығы болғандықтан көшіп кеткен.

198. ҚАРҚАРАЛЫ АТАУЫ ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ

Көрші тұрған екі ауыл байлары өздерінің балаларын тумай жатып атастырып қояды. Бірде ауылдар арасында келіспеушіліктер туып, атастырылған қыз бен жігітті айырып алып кетеді. Қыз өте сұлу болады, ал жігіт нағыз батыр болып өседі. Арада жылдар өтіп екеуі кездеседі, екі ғашық бір-бірінсіз өмірдің қисыны болмайтынын түсініп, ауылдарынан қашып кетеді. Мұны сезген қыз әкесі қуғыншы жіберіп, жігіттің өліміне себепші болады. Сонда мұндай сұмдықты көрген қыз шыдай алмай өз-өзіне қол жұмсайды. Сүйгенінің кеудесіне құлағанда, қыздың ауыр бас киімі қарқара жерге құлапты. Осыдан Қарқаралы атауы шыққан.

199. ҚАРЛЫҒАШ ҚЫЗ ТУРАЛЫ АҢЫЗ

Белгісіз бір заманда Торғай облысында Тасыбек деген бай тұрыпты. Оның сегіз ұлы және бір бойжеткен қызы болыпты. Ұлдары батыр, қызы сұлу әрі ақылды, сонымен қатар құралайды көзге атқан мерген болыпты. Жеңгелері оны Ақеркеш деп атайды екен. Көркіне мінезі сай өнерлі қыз туралы әңгіме елде жата ма, ол туралы естігендер құда түсіп, байдың есігін тоздырады. Ерке әрі ақылды қыз олардың бірін ұнатпайды. Бірі кәрі шал, енді бірі байдың ақымақ ұлы...

Күндердің күнінде аң аулап, серуендер жүрген бойжеткен тау аралап, ән салып жүрген Тәліп атты жігітті кездестіріп танысады. Екеуі бірін-бірі ұнатып сөз байласады. Бұл кезде байлыққа құныққан әкесі қызды еріккен бір шалға тоқалдыққа беремін деп сөз байлап, Қарлығашқа айтпай оны атастырып қояды. Бұны естіген Қарлығаш ызаға булығып, Тәліпке айтып екеуі келісе отырып қашуды жөн көреді.

Таң ата жұрт байдың қызының кедей жігіт Тәліппен қашып кеткенін біледі. Әкесі аттандап сегіз ұл мен өзгелерге: «Не өлі, не тірі әкеліңдер екеуін», – деп әмір береді. Іздеуге сегіз ұлы да аттанады. Іздеп-іздеп таба алмай бос қайтады. Ал бұл уақытта қол ұстасқан қос ғашық Есіл асып, Нұраға жеткен еді. Бұны естіген бір суайт олар тығылған жерге тура алып келеді. Келе салысымен ешқандай сөзге қарамаған әке екі ғашықты сол жерде атып, жайратып кетеді. Қос ғашық жаны жоқ тек тәні бірге көл жағасында қала береді.

Ертеңіне екеудің денесін тапқан осы елдің адамдары биікке мола орнатып екеуін екіге бөлместен сол жерге жерлепті. Бүгінде ол қырат Қарлығаш биігі деп аталады. Махаббат жолында қиындық көргендер зиратқа барып тәу етеді екен. Жазықсыз қос ғашықтың рухы көмектеседі деген сенім бар.

200. ҚАТЫНАДЫР

Жұт жылдары халық басқа жаққа үдере көшсе керек. Сол жерде тек бір әйел ғана мал-жанымен қалып, қыстап шыққан. Жаз шыға жұттан әзер аман шыққан тұрғындар көшіп келсе, әйел адырда барлық малын аман сақтап қалыпты. Содан сол адыр Қатынадыр деп аталып кетіпті.

201. ҚАТЫН ҚАМАЛ

Ақтабан шұбырынды кезінде ауылдың ер азаматтары соғыс даласында жүргенде жаулардың бір бөлігі үйде қалған қатын-қалаш, бала-шағаға шабуыл жасапты. Қолға түскен қорғансыз бейшараларды топырлатып айдап апарып, сол мандағы бір жартасқа қамапты. Сөйтіп, жазықсыз бейбақтардың көз жастарын сорғалата, ебіл-дебіл, улап-шулағандарына қарамастан, сол жерде бәрін қойша бауыздап, қырып салған екен...

Содан қып-қызыл қанға бөккен әлгі жота күреңітіп, мәңгіге қуарып қалған деседі. Ал қырғын болып өткен жартас "Қатын қамал" деп аталып кеткен көрінеді.

202. ҚАШҚАНТАС

Ертеректе бір қаракесек жігіті ел аралап Алтай жеріне барса керек. Сауықшыл жігіт найманның ірі байының қызына ғашық болып, қыз келіскен соң, алып қашады. Бірақ қыз әкесі қарсы болса керек, көп ұзамай арттарынан қуғыншы да шығады. Қуғыншылардан қара үзіп кеткен жігіт пен қыз осы бір ну тоғайлы, жақпар тасты жеке, оқшау орналасқан тауға келіп паналайды. Қуғыншылар итаршы болып іздегенмен, таба алмай еліне қайтыпты. Сөйтіп, қуғыннан құтылған екі жас сол жерді мекендеп, бақытты өмір сүреді. Қыз бен жігіттің жанына арашашы болған жер «Қашқантас» атаныпты.

203. ҚОЗМАЛДАҚ

Жошы хан Созақты өзінің астанасы еткенде, Саңғыл би қазіргі "Қозмалдақ-Сызған" аталған жерге келіп өзінің соңынан ерген елді ертіп келіп ат шаптырым екі үлкен саздың Шығыс жағынан келіп туын қадап аттан түсіп, «Малдақтандар» депті (ол түрікше түйенің белін шешіп демалыңдар деген мағына берсе керек).

Жорықтан әбден арып-ашқан, жойқын көштен әбден шаршаған ел бел шешіп, көк-орай майсан сазға жайғаса бастайды. Саңғыл би өзінің соңындағы ерген елін аралап келе жатып, елдің ауыр халін көреді. Бұдан әрі жорыққа ілесе алмасына көзі жетеді.

"Жоқ, болмайды екен, енді елімді тынықтырып, ес жиғызбасам, ұрпақ қалмауы мүмкін" деген ойға келеді. Бірнеше күн демалған ел тағы да әлде нені күтеді. Басбұлақтың үстінгі жағындағы теп-тегіс сазға шатырын тіккен Саңғыл би шатырдан үш күн, үш түн шықпайды. Созақтан Жошының шабарманы келгенде ғана бір-ақ шығып, көшіп жүрген елін жинайды. Ел тағы да көшеді екенбіз деп ойласа керек. Сонда биік дөңнің басына шығып тұрып: - Уа! Халайық. Енді көшті мәңгі тоқтатамыз. Барлығың үйлеріңді жөндеп "қоз" салыңдар - дейді.

Ол кездерде бұл екі саздың жанынан үлкен-үлкен екі өзен ағып жатса керек. Ал ол өзендердің жағасы қарайып жатқан тауға дейін қалың жыныс, тоғай, сәмбі талдарға сыңсып тұрған екен. Міне, сол кезден бастап бұл жер "Қозмалдақ" атаныпты.

204. ҚОЙЛЫБАЙ ҚЫРҒЫНЫ

Абылайдың немересі, Қасым төренің балалары Кенесары мен Наурызбай қазіргі Орынбор, Челябинск орталығындағы Бреда станциясының маңындағы қазақтардан алыс-салық жинап, бірқатар көнбеген қазақтарды күшпен өзіне қосып алып, қарулы жасақ жинайды. Тек қазақтар ғана емес поселкедегі орыс шаруаларына да зәбір жасай бастайды. Кене мен Наурызбайдан жапа шеккен орыстар қолдарына қару алып, Бредаға бекінеді. Қанша қамаса да Бреданы басып ала алмайды. Мұнан кейін Кенесары, Наурызбай Бреда поселкесін алудың амалын ойластырады. Қазақ үйлерінен мысық жинайды. Түнде ел ұйқыға кеткен мезгілде елу мысықтың құйрығына майға батырған шүберек байлап, оған от тигізіп поселкеге қоя береді. Майға малған шүберек лаулап жанып, жаны ышқынған мысықтар үй-үйдің түкпір-түкпіріне ыршып тығылып, поселкені өрт алады. Ұйқыдағы халық төсегінен жалаңаш-жалпы шыға қашып, поселке азан-қазан болады. Осы кезеңді күтіп тұрған Кене ханның әскерлері жусатып қырып салады. Бірлі-жарымдай болмаса, поселке түгел дерлік жанып кетеді.

Бұл сұмдық хабар тез тарайды. Кенесары, Наурызбайға патшадан құралды әскер шығады. Мұны есіткен Кене хан да дайындалып, жасақтарын соғысқа әзірлей бастайды. Бірақ қару-жарағы сай тегеурінді әскерлерге төтеп бере алмай шегініп қаша бастайды.

Осы күні сол Кенесары, Наурызбай өртеген Бреда станциясын қазақтар «Күйік» деп атайды.

Кене сол қашқан бетімен жолшыбай бейбіт елді тонап, өзіне еркімен қосылғанды ертіп, жоғарыда айтылған Жантай, Толыбай саласына келіп аялдайды. Артынан қуған патша солдаттары жағалбайлы руынан Қойлыбай дегенді басшыға алып, ізіне түседі. Қойлыбай жасында найза ұстап, талай жортуылға шыққан батыр адам екен. Бірақ бұл кезде жасы жетпістен асып, сексенге жуықтаған кезі екен. Сонымен Қойлыбай бастаған әскер Жантай, Толыбай қос өзекте жатқан Кене ханның әскеріне шабуыл жасайды. Кененің әскерлері шегіне ұрыс салады. Ақырында бір-бірін алалмай екі жағы да бекініс жасап жатып алады. Орыс солдаттары түнде күзет қойып, сай бойына шатырын тігіп, бекініс жасайды.

Кене мен Наурыз бастаған әскер орыс әскерлерінің елеусіз ту сыртынан келіп тиіседі. Биқұт жатқан орыстар кәпелімде сасып қалып, тым-тырақай қаша жөнеледі. Қойлыбай қоста жалғыз қалады. Биік төбенің басына шығып жалғыз отырады. «Менің жасым ұлғайған кісімін, менде не шаруа бар», – деп ойласа керек. Наурызбай бастаған топ жалғыз отырған Қойлыбайды жан-жағынан қамалап, найзаға шаншып, тік көтеріп, әскерге тастап жібереді. Мұның үстіне Кене хан келіп: «Бала, мұның қате болды. Жасы жеткен зиянсыз шал еді», – депті дейді.

Қазір ол жер Қойлыбай төбесі аталады. Соғыс болған сай «Қойлыбай қырғыны» аталады.

205. ҚОНТАЙШЫ

Осы арада қалмақтың қонтайшысы тұрыпты. Елге әйгілі бір емші қалмақ ханының ажалын бүйіден болады деген екен. Ол үнемі бүйіден қашып, сақтанып жүреді екен. Сөйтіп қонтайшы атанып кеткен осы таудың үстіне жайлауға шығыпты. Өйткені өте салқын жерде бүйі жүрмейді де, болмайды да деп сенген. Бірақ қайдан келгені белгісіз сол жайлауда ханды бүйі шағып, содан жан тапсырыпты. Осыдан соң бұл тау Қонтайшы атаныпты.

206. ҚОҢЫРӘУЛИЕ НЕМЕСЕ ӘУЛИЕ ҮҢГІРІ

Алла тағала пиғыл-пейілі бұзылған халықты топан суына қарық қылғанда, өмір бойы өз бастарына пайда іздемей, біреудің жоғын жоқтап, қауіп-қатерден сақтандырып күн кешкен ағайынды Қоңыр, Қыран, Құлан деген үш адам: «Нұх пайғамбардың кемесіне мінсек, ауыр болып кетер, қырсығымыз тиер», – деп екі тақтайды құрап мініп, суға ағып жүре беріпті. Аллаға бәрі мағлұм, мейірімі түсіп, су қайтқанда оларды Баянаула тауынан шығарыпты.

207. ҚОҢЫРҚҰЛЖА

Бұл құзы өте биік тау. Баяғыда бұл тауда арқарлар өте көп болған. Әрине, дала болған соң арқар деген болады емес пе? Бірақ Қоңырқұлжаның арқарлары өте сирек кездесетін түрі болған. Осы тауды ылғи мекендеп, аралап жүретін Сәбит атты аңшы болған. Ол өте мерген, ұшқан құсты жібермейтін болған. Оған бірде бір бапкер айтыпты: «Сенің өлімің өзің асыраған қоңыр қозы немесе арқардың текесі баласынан болады». Сәбит кішкентай арқарды өлтіруге аяйды да, оны өскен соң соям деп жүре береді. Бірде балалары онымен ойнаймыз деп арқарды тордан шығарады. Осыдан ол тауға қашып кетеді. Сәбит бапкердің сөзін ұмытып кетеді. Ол далаға үйренбеген, оны қасқырлар жеп қойған шығар деп жүре береді. Бірде Сәбит тағы аңға шығады. Ол арқарларды атып жүріп, баяғы өзі асыраған арқардың баласын көреді. Ол қашып кеткелі үш жылдай болып қалған. Арқар еңгезердей болып, көздері от шашып тұрғандай. Сонда ғана Сәбиттің есіне бапкердің сөзі түседі. Ол не болса да осыны құртайын, ол менің ажалыма жеткенше деп соған көздей бергенде көзіне күн шағылысып ата алмай қалады. Ал арқар болса жым-жырт жоқ болады. Сәбит не болса да мен оны атамын деген оймен құздың биігіне шыға береді. Биік таудың басына жетіп, ауылдың үстінен қарап, жерінің сұлулығына сүйсініп түрғанда артынан оқыранған дыбыс шығады. Бұрылып қараса, баяғы арқар өзіне шабайын деп тұрған сияқты. Қорыққан Сәбит мылтығын да алып үлгермей сасып қалады. Екеуі бір-біріне қадала қарап тұрады. Бір сәтте арқар оқталып Сәбитке тап береді, ал Сәбит атып үлгереді. Бірақ биік құздың басында тұрған екеуі де құздың басынан құлдырай төмен сырғиды Осылайша, бапкердің айтқаны орындалып, Сәбит те, арқар да мерт болады. Міне, арқардың түсіне және осы болған аңызға байланысты «Қоңырқұлжа» атауы пайда болған дейді.

208. ҚОҢЫРАТ

Ерте кезде осы өңірдің терістік шығысында қатыгез бір бай өмір сүріп, көптеген жалшылар ұстаған екен. Қайырымсыз да қатал байдың жылқыларын байлап, бие сауып жүретін пысық бір жігіті бар екен. Бір күні ұзын желідегі құлынның біреуі буынып өлгенін жігіт байқамай қалады. Мұны естіген бай ерттеулі тұрған атына міне сала жігітті желіні айналдыра қуып жүре сабап, қызыл қанға бояп, үлкен жарақатқа ұшыратады. Көп жалшының бірі кешке өз үйіне алып барады. Бітеу жара болып, денесі ісініп кеткен жігіт айдан аса жатып, әрең жазылады. Содан кеудесін кек кернеген жалшы қаңғырып өлсе де, байға қызмет етпеуге бел байлайды. Содан бай баласының ел арасындағы қара жарысқа түсу үшін жаратып, кермеге байлап қойған қоңыр атын бір түнде мінеді де, Балқаш көлін бетке ұстап тартып береді. Ондағы ойы көл жағасындағы балықшыларға қосылу, не болмаса көлді жағалап отырып арғы жақтағы Ұлы жүз өтіп кету еді. Ертеңіне ізіне түсіп жабыла қуған қуғыншыларға қарасын да көрсетпей, елсіз даламен тартып кетеді.

Үшінші күні түс кезінде жалшының өзі де, аты да қалжырай бастайды. Шілденің ыстығы, бетті шарпыған аңызақ жел таңдайды кептіріп жүргізбейді. Көрмеген жердің ой-шұңқыры көп дегендейін, арқаның өлкелі көк қасқа баласы болмаса да Қоңырат шоқының терістік етегіне келеді. Бай жомарт еспесі сияқты жерлерді, суларды білмегендіктен, бар үміті алдынан бұлдырап көрінген жалғыз шоқы болады да, соған жетсем су табылар, көлге де жетермін деп, қоңыр атты қақпалап, соған қарай жылжи береді. Бірақ үлкен үмітпен зорға жеткен шоқы маңайынан су табылмайды. Ат бұдан әрі жүруге жарамай, шөлдеп, жерге өзі де жата кетеді. Қайыра басын көтеруге шамасы келмейді, сөйтіп сол жерге мәңгі тас болып қатады.

209. ҚОС ЖІГІТ

Бірде тұтқынға түскен екі жігітті шақпақ тасқа байлап суға батырған. Арада бірер жыл өткен соң тағы тұтқындарды батыруға келсе, алдында батырған жігіттерді байлаған тастары таудың жағасында тұр. Тастарда қанмен: «Егер сен тағы біреулердің өмірін алу үшін осында жіберсең, сенің де ажалың осыдан келеді» деп жазылып тұрған. Содан олардың хандары қорқып, ендігәрі Қос жігітке ешкімді батырмайтын болған.

Бірақ бәрібір сол ханның өмірі осы Қос жігітте таусылған. Бірде ол осында шөлдеп келе жатып жауынгерлерімен келген. Бәрі су ішіп жатса хандары таяуға қорқып отырған. Бірақ қысып тұрған ыстық пен шөлге шыдамай, суға түседі. Содан қорқыныш әбден сейілгеннен кейін ол шомылуға кіріседі. Судың ортасында аппақ бұлт қалқып жүреді. Ол соған дейін жүзіп барып, оны алмақ болғанда, оның ішінен жылан атып шығып, ханды шағып алады. Ешкімге айқайлай да алмай сол жерде мерт болады

210. ҚОС ҚЫЗ

Бірде осы қос қыздың маңайын бай мекендеген. Ол үйленбек болып, көрші ауылға барады, өзіне қалыңдық іздейді. Өзі сондай сараң болады. Содан ол көрші ауылда тұратын кедей шалдың он сегізге әлі келмеген, он екіде бір гүлі ашылмаған егіз қызының бірін алмақшы болады. Ал қыздар болса оған барғысы келмейді. Қыздар әкесіне барып жылап, өздерін оған бермеуін өтінеді. Қария амал таба алмай, байға барады. «Сен тек менің өлімімнен кейін ғана қыздарымның бірін аласың», – дейді. Осы сөзі үшін бай оны өлімші етіп сабап қоя береді. Шал жылап осы қос қыздың қасына келіп, басқа амал болмағаннан кейін суға кетеді. Ал екі қызды бай алмақшы болып жатады. «Енді сендер жетімсіңдер, ешкімге керектерің жоқ, енді сендердің әкелерің де жоқ», – деп екеуін де әкетпекші боп жатады. Ал екі қыз әкесі батып кеткен суға келіп жылап отырады. Қараңғылық түсіп, тып-тыныш болып тұрған кезде судың үстінде ақ киімде әкелерінің мүсіні шығып, екеуін өзіне шақырады. Екі қыз бастарындағы шашбауларын тастың үстіне қойып, қызыл бауларын соның қасына байлап, әкесі көрінген немесе елестеген жаққа қарай суға кіріп кетеді. Оларды тосып отырған байдың құлы олардың суға шомылуға түсіп, қайтпағанын айтады. Осыдан бастап ай толғанда, кешке таман судың маңайына келсең, сықылықтап күлген қыздардың күлкілері естіледі дейді.

211. ҚОСЕСТЕК

Қазақ көшпенділеріне бір табын малды айдап кету мақсатымен келген башқұрттар шабуыл жасайды. Жекпе-жек тартыста қазақтар малдары қайтарылып алынды. Қашып құтылып бара жатып, башқұрттар өздерінің бір өлген кісісін тастап бара жатып: «Қош, Естек!» деген екен.

212. ҚОСКЕМПІР

Морей ауданы Шоқпартас ауылында «Қоскемпір» деген жер бар. Айтуларға қарағанда бұрын бір ауылда жасы құралыптас екі кемпір болыпты. Бір жылы қыста әлгі екі кемпірдің біреуі өліп, басқа жерге апаруға екі кемпірдің біреуі өліп, басқа жерге апаруға келмей осы араға жерлеген екен. Сол жылы жазда ел көшіп, дәл әлгі кемпірдің зиратының басынан өтіп бара жатқанда енді бір кемпір балаларына әзілдеп:

Кейін мен де осы маңда өліп қалып, осы кемпірдің қасына жерлеп қос кемпір атандырып жүрмеңдер, – дейді. Айтқандай-ақ бір жылы жазғытұрым ел көшкенде аяқ астынан күн райы бұзылып алай-дүлей боран болады. Боранда өгізге артқан жүгімен әлгі кемпір адасып кетеді. Ертесі күн ашылғаннан кейін ауыл адамдары іздеп барса, әлгі кемпір бұрынғы өлген кемпірдің бейітінің басына барып үсіп өлген екен. Содан ауыл адамдары: «Бұл да болса Құдайдың бұйрығы» деп кемпірді сол араға жерлеген. Сонымен бұл ара «Қоскемпір» аталады.

213. ҚОСМОЛА, ҚАРЖАН

Ертеде қазақтың Қаражан, Сарыжан деген батырлары, қарындастары Қаржан осы жерлерді мекендепті. Үй алдында үлкен төбе болса керек, батырлар үйде болғанда туын төбеге тігіп қояды екен. Олардың туы төбеде желбіреп тұрғанда ешқандай жау батып келе алмайды. Күндердің күнінде батырлардың жолаушылап кеткенін пайдаланып, жау елді шабады, малын айдап, әйел, бала-шағаларын тұтқындап әкетуге айналғанда батырлар келіп қалады. Жау бәрін тастай қашады, батырлар қуа жөнеледі. Бірақ, жаудың күші басым болып, олар жау қолынан мерт болады.

Халқы екі батырды екі таудың басына жерлейді. Қос батырдың құрметіне тау аты Қосмола аталады. Қос батырдың қарындасы Қаржан ағаларының мерт болғанын көрген соң, жаумен айқасқа түсіп, көп жауды өлтіріп, кегін қайтарады, өзі де жау қолынан қаза табады. Халқы қызды да таудың басына жерлейді. Қыздың қансырап құлаған жерінен арқырап су шыққан екен деседі. Содан Қаржан өзені пайда болыпты.

214. ҚУ ӨЛКЕСІ

Ертеде осы өлкеге бір бай көшіп келеді. Оның тепсе темір үзетін арыстандай үш ұлы болыпты. Күндердің күнінде, жылдардың жылында қалың жұт келіп, ел аштан, аурудан қырыла бастайды. Соның ішінде байдың үш ұлы бірінен соң бірі шешектен қайтып келмес сапарға аттанады. Үш құлынының өлімі байдың қабырғасын қабыстырып, жүрегін қан жылатып, өзегін өртейді. Сонда бай: «Сонау кіндік қаным тамған туған жерім, асыл мекенімнен саған пана іздеп келіп едім, Балқантау! Сен мені алдадың! Не деген қу едің!» – деп азаланады.

Міне, содан бастап Балқантау баурайын «Қу» деп атап кеткен екен.

215. ҚУ ТАУЫ

(І-нұсқа)

Ертеде Балқан тауында қоныстап, жайлы өмір сүріп жатқан қаражан руының ішіндегі бошан рулары таудың тұрғындары болыпты. Қазақтардың шұрайлы жерлеріне көз тіккен жоңғарлар қауіп төндіре бастайды. Қарулы әскер, екі жақты қиян-кескі соғыс болады. Батырынан айырылып, еңіреген жас, жесір, жылап шырылдаған торғайдай нәрестенің дауысы, қырылған адамдардан ру басы шегініп, тықсырыла бастайды. Сезіктенген әскер басылары Балқантаудың үңгіріне келіп паналайды. Бошан руынын ру басы былай деген: «Ей, жоңғар батырлары! Менің алпамсадай, асқар таудай еңгезердей отыз ұлым бар. Сендер тұрмақ, Құдай да менің балаларымды өзіне алып кете алмас. Алса өкпесі қабынсын!» – деп күпіршілік, астамшылық етеді. Екі қабаттан он бес-он бестен садақтарын кезеп тұрған алпамыстарын ойрандатып, өлтіріп ойсырата жоңғар әскері жеңіске жеткен. Ұлдарынан айырылған әке тұрған жерінде мынадай сөздер айтқан-мыс: «Құдіретті Тәңір, Құдайға күпіршілік жасадым. Балқантау мекені маған құтты қоныс болмады. Бұл тау менің отыз ұлымды жұтқан қуарған қу тау екен». Осылайша Балқанның бір бөлігі Қу тауы деп аталған.

216. ҚУ ТАУЫ

(ІІ-нұсқа)

Бір күні Бертіс бидің бір ұрпағы айтыпты: «Мына жер Шаншар атаның балаларының мекендеген жері. Кейінгі ұрпаққа «Шаншардың қуларының мекендеген жері» деген ат қалсын, ақ деген сөзін алып тастап, Қу деп қояйық», – депті. Бертіс би: «Бұдан былай Аққу тауы емес Қу тауы аталады», – депті. Содан кейінгі ұрпақтарына: «Тауым да қу, жерім де қу, тасым да қу, өзім де қу, қайда қусаң онда қу», – депті. Қу тауының басында шошайған тастар көп екен. «Қызылтас қутыңдап тұр, шошайып тұр» деген содан шыққан деген әңгіме де бар.

217. ҚҰЛ МЕН ҚЫЗ

Баяғы заманда бір байдың қызы болады. Қыз бір күні өзінің қол астында жұмыс жасайтын құлына ғашық болып қалады. Құлдың аты аталмайды. Тек құл деп аталып жазылады. Құл да қызға ғашық болып, бір-бірін сүйіп қалады. Бірақ қыздың әкесі құлға қосылуын құптамай, қарсы болады да, құлды өлтіруге бұйрық шығарады. Бұны естіген қыз құлға бірге қосылып кетейік деп талап қояды. Құл бұл сөзіне қатты қуанып, екеуі қашпақ болып дайындалады.

Түн ішінде екеуі бір жерде кездесіп қашып кетеді. Қызының құлмен қашып кеткенін естіп, бай қатты ашуланып, соңынан ұстап әкелуге адамдар жібереді. Артынан қуғыншылар келе жатқанын естіген қыз бен құл тоқтамастан, аялдамай әрі қарай қаша жөнеледі. Ал қуғыншылар болса қыз бен құлға жетіп қалады. Бар амалы қалмаған қыз бен құл оларға қарсы шығамыз деп аялдайды. Құл қызға: «Мен осы жерде қалып жауларымызбен шайқасам, сен тоқтамастан әрі қарай қаша бер. Уақыт өткеннен кейін артына қара, егер көп шаң көрсең менің қаза болғаным, ал егер бір шаң көрінсе менің жауларды жеңіп саған келе жатқаным», – дейді. Қыз бұл сөздерге келіспей: «Бірге шайқасамыз, мен сенің жанында болам», – деп жылайды. Ал құл болса, қыздың сөзің тыңдамай, қоштасып жауларына қарай шаба жөнеледі. Қыз сол жерде жылап қала береді. Қыз жігіттің айтқанын жасап, әрі қарай қаша жөнелді. Біраз уақыт өткен соң қыз артына қараса, көп шаң қызға қарай келе жатыр екен. Қыз болса болашақ жарының қайтыс болғанын іштей сезеді де, биік жартастан секіріп, сол жерде мерт болады.

Сол оқиғадан кейін халық құл өлген жерді “Құл” деп атап, қыз секіріп өлген жерді “Қыз” деп атап кетеді.

218. ҚҰЛАН ҚОРЫҚ, ЖОРҒАБЕЛ

Баяғыда Ақтөбе деген шаһарда Махмұт деген хан билік жасап тұрыпты. Оның Жұпар атты әйелі болыпты. Бір күні әйелі күйеуіне назданып: «Маған құланның еркегі мен ұрғашысын ұстатып, сыйға тартшы», – депті.

Махмұт хан құба жоннан бір еркек, бір ұрғашы екі құланды ұстатып, оларды жан-жағын қоршап, арнайылаған жерге жіберіп, әйелінің өтінішін орындапты. Бұл құландарды бір уәзір күтіп бағатын болыпты, ал құландар қамауда жайылған жері «Құлан қорық» деп аталыпты.

Қамаудағы құландар төлденіп, олардың саны көбейіп, қорыққа симай, бір күні дуалды үш жерден бұзып, құба жонға қашып кетіпті. Қорықшы тулаған құлан үйірін тоқтата алмаған соң: «Құландар қашып кетті, оларды ұстау мүмкін емес» деп Махмұт ханға хабар береді. Хабарды естісімен Махмұт Байшұбар деген жорғасына міне салып, бірнеше жігітпен құландардың артынан кетеді.

Бір кезеңнің үстінде құланға жетіп қалған Байбаш жорға болдырып құлайды да, зорығып өледі. Құландар сол бойда қашып кетеді. Ал Махмұт ханның Байбаш (Байшұбар) жорғасы өлген кезең содан кейін «Жорғабел» атаныпты.

219. ҚҰЛАНӨТПЕС

Ертеде бір хан өмір сүріпті. Ол ханның жалғыз ұлы болыпты. Ханның ұлы саятшылықты жақсы көріпті. Бір күні ханның ұлы нөкерлерімен аң аулауға шыққанда, бір үйір құлан көреді. Ханның ұлы бастаған нөкерлері құландарды қуа бастайды. Бір уақытта қуғын кезінде бір ақсақ құланды қуып кетеді. Оның астындағы аты жүйрік болса керек. Ал нөкерлерінің аттары шаба алмай аптығып, өздері тоқтап қалады. Ақсақ құлан бір кезде ханның баласының атына қарсы шабады. Сол уақытта хан баласын тісімен тістеп құлатып, таптап өлтіреді. Хан ордасына қайтып барған нөкерлер баласының өлімін естіртуге қорқып, күйшіге ханға айт, естірт деп әмір береді. Күйші ханға келіп, малдасын құрып, баласының өлімін өзінің домбырасына қосып айтып естіртіпті. Бұл хабарды естіп қаһарланған хан баласының өшін алмақшы болады. Ол өз әскеріне екі жақтан ұра қаздырып, (біреуі кейіннен Нұра деп аталған, екіншісі Құланөтпес деп аталып кеткен) құландарды айдап, өлтірген.

220. ҚҰЛАНӨТПЕС, ҚОСАРАЛ

Ерте заманда Алшағар деген кісі өмір сүріпті. Ол өте бай адам болыпты. Содан оның үлкен егістігіне құландар жайылып, түсе берген екен. Бай өзінің халқын жиып алып, құландарды өлтіріңдер деп жар салады. Құландар күнде өзен бойына келіп, құландарды өзеннен өткізбей, ұрып-соғып өлтіріпті. Содан өзен атын Құланөтпес деп атаған екен.

Құланөтпес өзенінің бір әсем жері бар. Оны бұрын Темеш руының Жангелді деген кісісі қоныстаған екен. Бұл жердің бір ерекшелігі екі аралдан тұрады. Аралдарды қара су бөліп тұрады, жағалай талдар өскен. Мұның атын Қосарал деп атаған.

221. ҚҰЛДЫҢ АСУЫ

Өткен замандарда қарт Қаратаудың күнгей бетін жайлаған Нарынбет деген бай болыпты. Өз заманына лайық өмір сүрген Нарынбет байдың мыңғырған малы «Талдысу» өзенінің бойын алып жатады екен. Бай өзеннің «Күркіреу» деп аталатын сағасында он екі қанат ақ үй тіктіріп, жаздың қызығын көреді екен. Исі қазаққа аты танылған Нарынбеттің үйіне Сыр бойынан, Арқа жақтан жолаушылар жиі келіп тұрса керек. Сол замандағы өнерімен алашқа танылған сал-серілер, акын-жыршылардың және ел ағасы болып жүрген билер мен болыстардың бай үйінен дәм татпағаны кемде-кем. Жалғанды жалпағынан басып, шалқып өмір сүрген Нарынбеттің перзент атаулыдан Балайым деген жалғыз қызы болыпты. Байдың осы қызын айттырып алмаққа ниеттенгендер көп болса керек. Оларға қыз әкесі:

– Ниеттеріңе рахмет, Құдайдың берген жалғыз қызы болғандықтан, дәл қазір бәлен дей алмаймын, көз алдымда еркін ойнап-күліп жүргенін қалаймын. Әр нәрсенің өз уақыты бар, – деп, сөз салғандарға ыңғай танытпайды. Ешнәрседен таршылық көрмеген Балайым қатарының алды болып, бой жетеді. Көркіне ақылы сай ару қызды ауыл-аймақ қатты құрметтейді. Жастайынан молда оқуынан хат таныған Балайым оңы мен солын ерте танып, айналасындағылардың қадір-қасиетін бағалайтын дәрежеге жетеді.

Нарынбет байдың малын бағып, жұмысын істейтін малшы-жалшылардың арасында Садық деген жігіт бар еді. Ол әке-шешесінен ерте айрылыпты. Ес білгелі байдың босағасында жалшылықта жүреді. Садықтың мінезі тұйық, көп сөйлемейтін, есесіне қандай жұмыс болса да қажуды білмей, апырып-жапырып тастайтын еңбекқор болыпты. Басқа жалшылар сияқты байдан еңбегіне ақы сұрап, артық жұмыска міндетсіну дегенді білмепті. Нарымбеттің жылқыдағы күллі асауын үйрету де Садықтың міндеті екен. Ауылдағы жиын-тойларда балуандар сайысында талай топ жарған Садықты ел-жұрт мақтан тұтады екен. Жастардың «Ақсүйек», «Алтыбақан» сияқты ойын-сауықтарында Садық пен Балайым бір-біріне іштей құштар болып жүреді екен. Қанша құштар болғанымен, Садық өзінің жалғыздығы мен кедейлігінен жасқанып, Балайымға ойындағысын айта алмай қиналады. Балайым да Садықты ұнатқанымен, екеуінің қосылуына кедергінің көп болатынын сезіп, іштен тынып жүреді. Екі жас бірін-бірі аңсаумен жүргенде араларындағы ғашықтық сезім күн өткен сайын күшейе түседі.

Жаз бітіп, жұрт күзеуге көшер алдында ауылда шілдехана болады. Шілдеханада Садық пен Балайым оңаша кездеседі. Жігіт ұзақ уақыттан бергі іштегі құсасын тарқатып, қыз алдында ақтарылады. Қыз да көңіліндегі жан сырын жайып салады. Аңсаған армандарына жеткендей болған қос ғашық ел жайлаудан көшер күні түн ауа көзге көрінбей қашып кетуге уағдаласады. Уағдалы уақытта екеуі таң асқан жүйріктерге мініп, Талдысу өзенін бойлай жұрттан жырақтайды. Нарынбеттің малын күзететіндер ауылдан суыт аттанған екеуді байқап қалып, дереу байға хабар береді. Хабар жетісімен бай қызын сұрастырады. Қыз жоқ болып шығады. Дүрліккен ауыл Садықтың да жоқ екендігін анықтайды. Ашу-ызадан жарылардай болған бай шабарманын жинап:

– Құдай маған жалғыз қызды мені масқара етіп, жерге қарасын деп берген екен. Әр ауылдың бай-мырзаларын өзіме тең көрмей жүргенімде, қызым есік алдындағы құлақкесті құлыммен қашты деген сұмдық қой! Тез жетіп, ұлдың сазайын беріңдер, – деп жиырма жігіт жібереді.

Садық пен Балайымның кеткен бағытын хабаршының нұсқауымен дұрыс болжаған қуғыншы топ көп ұзамай қос ғашықты үлкен асудың тұсында қуып жетеді. Қуғыншылардан құтылмасын білген Садық Балайымды алға оздырып, өзі сәл кідіреді. Реті келсе тіл табыспақ болады. Осы қуғыншы жігіттермен талай барымтаға бірге барғанын, біразының бала кезден бергі достары екендігін ойлайды. «Менің жайымды түсінер, жамандыққа қимас», – деп үміттенеді. Бірақ олай болмай шығады. Өңкей жарауға мінген жігіттер сөзге келместен Садыққа ұмтылады. Садық болса қаша ұрыс салады. Жиырма жігітпен жалғыз айқасқан Садық осы асуда қаза болады. Мұны көріп тұрған Балайым қиянатқа шыдамай, өзін-өзі өлтіреді. Содан бері бұл асу «Құлдың асуы» аталыпты.

222. ҚҰМҰЯН

Отырар қаласы тұсында опат болған. Оның тарихы жауға берілмеген нендей сыры бар деп дұшпандар әбден зерттеген. Бір жігітті диуана етіп жіберіп, жансыз ретінде ұстапты. Ол жігіт сол қаланың бастығының қызымен көңіл косқан екен. Ол қызға үйленген соң қаланың жер асты кұбыры арқылы суландыратынын, сағасының қай тұста екенін біліп, сырын ашқан екен. Дұшпандары бұл құпияның сырын білген соң сағасынан суды бекітіп, хала халқын қырған екен. Содан ол қала Құмдағы ұя деп аталыпты.

223. ҚҰНАНБАЙ

Бес Мейрам ішінде қаракесектен тарайтын сарым мен керней руының арасында жер таласы болып, оған билік айтуға аталған ру басылары Байсейіт пен Жанқұтты билер аға сұлтан, тобықты Құнанбайды шақыртады. Қазіргі Шет ауданындағы Батыстау елді мекені маңайындағы кең алқапқа киіз үйлер тігіліп, үлкен дайындықпен Құнанбайды қарсы алады. Алты қанат орданың төрінен орын алған Құнанбайға Байсейіт би кештеу кіріп, сәлем береді. Оның олпы-солпы, қораштау киінген тұлғасына көңілі толмаған Құнанбай берген сәлемін алмай, қораш киімін тілге тиек етіп, намысына тиеді. Сонда шалт мінезді Байсейіт Жақсы Жанқұттыға қарап: «Ақыр заман боларда жалғыз көзді дәу шығады деуші еді, мынауың сол емес пе?» – деп тік кетеді. Осы сөзге, бір көзінің жоқтығын айтқанға намыстанған Құнанбай билік айтудан бас тартып, атқа қонады. Шығарып салуға ере шыққан Жанқұттыға: «Апырау, жердің үстімен келіп, астымен кетіп барамын-ау», – деп өтінішін айтады. Жақсы Жанқұтты болса: «Құнеке, ренжімеңіз, сіздің бұл жерге келгеніңіз ізсіз қалмас, түбі осы өлке Құнанбай өлкесі аталар», – деп басу айтады. Шынында да сол өңір кейін «Құнанбай қыстағы» деп аталып кетеді.

224. ҚҰНАНБАЙ ЕСПЕСІ

Бірде Жақсы Жәкең, дуанбасы Құнанбай, ақын Шортанбай бас қосып, әңгіме өткізіпті. Келген ел көп, барлығы тыңдаушы. Ел жайы, жер жағдайын айтып болғаннан кейін халықтың өсиет тыңдар қалпын сезген Жанқұтты былай депті:

– Ақыным, маған бір ой келіп отыр. Қарадан шығып хан болмаған Құнекеңді қалың қазақ қадір тұтып сыйлайды. Мен осы жолы Құнекеме Кертанаш тұлпарды мінгізейін деп отырмын. Сен елді жиі аралайсың ғой, естімегендерге айта жүр – мына Есбергеннің еспесін бұдын былай Құнанбай еспесі деп атайық. Жиналған жұрт бізден сөз дәметіп отыр. Құнанбай, Шортанбай, Жанқұтты осы жерде бас қосыпты деген аты қалсын, болашақты болжай отырып үшеуіміз үш ауыз әңгіме қалдырайық. Ақыным, сен баста.

Шортекең сәл ойланып отырып:

– Жәке, келер заманның адамдары аласа туады,

Ата-анасымен қарсыласып таласа туады.

Жақсылықтан шошынар,

Жамандыққа қосылар,

Әзәзілден досы бар

Ақырзаман адамы

Сұрасаңыз осылар, – депті.

Құнанбай былай дейді:

– Жасы қырыққа келсе де, сақал-мұрты болмайтұғын,

Бар дүниенің байлығын алса да, көңілі тоймайтұғын

Өмірі ұрыс-керіс.

Ниеті, пиғылы теріс болады екен болашақтың адамы.

Сонда Жақсы Жәкең тұрып:

– «Ал» десең топтың алдын бермейтін,

«Бер» десең бетіңді көрмейтін,

Өткенінен керектісін ұға алмайтын,

Ақылы аз, тойғанға мәз болады екен болашақтың адамы, – депті.

Осы нақыл сөз ел ішінде ауыздан-ауызға өтіп, кеңінен тарап кеткен екен.

Сонымен жақсылар сөз айтқан жаңағы жер «Құнанбай еспесі» деп аталып кетеді.

225. ҚҰНДЫЗДЫҢ ҮҢГІРІ

Осыдан бір ғасырдай бұрын Бесарық өңіріндегі су коймадан 14 шақырым жердегі елді мекенде аса көрікті Құндыз есімді қыз ата-анасымен бірге тұрып жатады. Сол кездегі салт бойынша Құндыз көрші рудың Кенжебек деген жігітіне айттырылып қойған еді. Өсе келе Құндыз айттырылған жігітін қаламай, замандасы Ербол деген жігітті ұнатады. Құда түскен жері Құндызды келін етіп түсіруге дайындалып жатқанын біліп, Құндыз ата заңын аттап, қалаған жігітімен қашып кетуге бел байлайды. Ол кезде қыздарды малға сататын кез еді.

Бір түнде Құндыз Ерболмен қол ұстасып қашып шығып, өзеннің шығыс бетіндегі Күйкентай жартасына қарсы беттегі таудың қиясындағы үңгірге жасырынады. Бұл үңгірдің аузына шиесабақ өсіп, сырттай қараған кісіге байқалмайтын. Осы үңгірдің іші жарты бөлмелі үйдей, табан жері тегіс адам тұруға колайлы еді. Осы үңгірде Ербол мен Құндыз бірнеше ай жасырынып жатады. Құндыздың Құдайберген деген інісі түнде тамақты таудың солтүстік бетіндегі жартас қуысына жасырып кетеді. Оны Ербол барып алып келіп тұрады.

Ерболдың туыстары атан айыбын төлеп, қалың малын беріп, Құндызды үш айдан кейін келін етіп түсіреді. Сонымен ел арасы бітімшілікке келеді. Сол таудың қиясындағы үңгір осыдан бастап "Құндыздың үңгірі" деп халық аузында аңызға айналыпты.

226. ҚҰТТЫБАЙ

Ертеде бұл өңірді Үсен деген адам қоныс еткен екен. Одан кейін әрбір ру басына жер бөлінгенде бұл жер Құттыбай деген кісіге бөлініпті. Ол өзі бала жастан өткір тілді, батыр адам екен. Жерді өз меншігіне алысымен Үсен деген кісіні «өз бөлісіңе жер ал да, кет!» деп көшіріп жіберіпті. Ең алғашында ауыл «Бес ағаш» деп аталған екен. Өйткені бұлақ басында бес ағаш қана өсіп тұрыпты ( қазір ол жерде екі ағаш қана өсіп тұр). Құттыбай осы бұлақ басына шымнан үй салып, кейіннен кірпіштен салған, қазір үй орнында ештеңе жоқ.

Содан өзіне қараған туыс, жекжат, руластарын жинап, үй салып, мал өсіріп, егін салып, өз алдарына бірталай адам болып өмір сүріпті. Ол кезде жер таласы, ру таласы жиі-жиі ауыл арасында болып тұрыпты. Міне, осындай жағдайларда араға Құттыбай батыр жүреді екен. Сөзге де шешен, тапқыр кісі болыпты. Бұл кісінің руы – қояныштағай. Бұл кісіден екі бала туған: бірі – Лақ, бірі– Сарт. Бұл кісі туралы әңгімелеуші адам Сарт деген баласының баласы (Құттыбайдың немересі).

Құттыбай батыр қазақ пен қалмақ ұрысында ел ішіне жау келгенде қолына ту ұстап, ат үстінде жүрген кісі екен. Қалмақ шабуылында аяғына садақтың оғы тиіп, тізеден төмен аяғы салбырап қалғанда, аяғына қараса тудан айырылып калады екен, аяқ бірдеме болар жігіттеріне мына құрғырды салбыратпай аттың ер тоқымына байлап тастаңдар деп бұйырып, өзі тудан айырылмай ақыры қалмақты жеңіп, туды аман алып қалыпты. Содан «Құттыбай батыр» атаныпты, жер аты да осы кісінің атымен аталыпты.

227. ҚЫЗ АСУЫ

Көп биіктің ішінен тек үстіндегі кішкентай бейітімен ерекшеленетін бұл асу «Қыз асуы» деп аталады. Тас қорымның астында жатқан қыздың кім екені белгісіз. Тек бұл туралы әдемі аңыз-әңгіме ғана ұрпақтан-ұрпаққа ауысумен келеді.

Ертеде Ертіс бойындағы елдің сұлу қызы мен Аягөз елінің бір жігіті көңіл қосады. Қыз ата-анасынан рұқсат алмай, жасырын түрде ауылдан қашып шығады. Дәл осы тауға жеткенде қыздың артынан батыр ағасы қуып жетіп, әуелі қарындасын садақ тартып өлтірген. Ал жігіт атының жүйріктілігімен қашып құтылған. Осы оқиғадан кейін бұл «Қыз асуы» деп аталыпты.

228. ҚЫЗ ӘУЛИЕ

(І-нұсқа)

Бірде екі ғашық қыз бен жігіт осы тауларды айнала серуендеп жүрген. Қыз бүгін түсінде осы жерді көргенін, сосын осында барайық дегенін айтып келе жатты. Түсінде осында ақ гүл теріп жүр екен. Өзін осы жердің әулиесімін деп «емін-еркін ән айтып жүрмін» деп әңгімесін аяқтап, қыз тоқтап қалады. Содан қыз «осы шоқпар тастың артына барып келейін, сен осында күте тұр» деп кетіп қалады. Жігіт болса қызды ұзақ тосады, бірақ қыздың келетін түрі жоқ. Сонда жігіт қызды байқайын деп барса, қыз жоқ. Тек тігінен тұрған шақпақ тас қана жалпағынан жатқанын байқайды. Әрі-бері карап қызды таппайды. Қызды осы шақпақ тас басып қалғаны оның ойына мүлдем келмеп еді. Содан ол қыз ойнап, тығылып жүрген шығар деген оймен сол қызды басып қалған шақпақ тасқа отырады. Сол отырғанда төмен қарап, жүрегі тоқтап қала жаздайды. Сөйтсе, қыздың көйлегінің бір шеті тастың астынан шығып тұр екен. Сөйтіп, кыз түсінде көргендей осы тастың әулиесі болып қалыпты. Жігіт осы тасты әулие деп ылғи келіп ақтық байлап, Құран оқытып жүрген екен.

Міне, осы аңызға байланысты «Қыз әулие» атауы пайда болды дейді.

229. ҚЫЗ ӘУЛИЕ

(ІІ-нұсқа)

Тикаша өзенінің оң жоқ жағалауында қазақтың белгілі байы Оразымбидің тұрағы болған. Оның 13 жасар жалғыз ғана қызы болыпты. Ол қыз ерекше қасиеттерге ие болған. Бір күні қыз ойнап жүріп ауру адамның үстінен атап өтеді. Әлгі адам сол күннен кейін орнынан тұрып жүріп кетеді, соған риза болған адам қызға рахметін айтады. Байдың қызы 15 жасқа келгенде, ол түсінде “аян” алып көріпкелге айналады. Бір күні қыз әкесіне жеріндегі қазақтардың үлкен қасіретке ұшырайтынын айтады. Қызының түсінен қорыққан Оразымби қызына бұл нәрсені айтуға тыйым салады. Бір жылдан кейін әлгі қыздың айтқаны келіп, елді сүзек ауруы жайлайды. Осы қасірет тек халықты ғана емес, байды да тұмшалайды. Оның қызы дәл осы аурумен қатты ауырады. Оразымбидің айналасындағылар қорқып басқа жерлерге көшіп кетеді. Бай тек өзіне жақын адамдарымен осы жерде қызымен қалып қалады. Қызын қатты сүйген әке қызына бөлек үлкен киіз үй тіктіріп, қызын соның ішінде үш жыл емдейді. Дегенмен қызы бұл аурудан айыға алмай, көз жұмады. Әкесі қызының барлық заттарымен әлгі киіз үйді қоса өртейді.

230. ҚЫЗ ӘУЛИЕДЕН ШЫҚҚАН ҚАСИЕТТІ БҰЛАҚ

Осыдан екі-үш ғасыр бұрынғы жаугершілік кезінде елін қорғауға тепсе темір үзетін жас Ерсін батыр да аттанады. Жас жігіттің артында әке-шешесі мен бауырларынан басқа кішкентайынан атастырып қойған қалыңдығы қалады. Уақыт жылжып өте береді. Ел ішіне қауіп төндірген жау жеңіліп, ұрысқа кеткен сарбаздар қайта оралып келе бастайды.

Алайда қалыңдығы сарғая күткен батыр жігіт оралмайды. Жүрегіне үміті мен сенімін қатар сиғызған жас сұлу бір күні жеңгелерінен мынадай әңгіме естиді.

«Үсіктас» деген жерде төбесінде тесігі бар Тесіктау атты тау бар екен. Сол таудың тесігіне алғаш рет шықкан адам тілегін айтса орындалады екен. Содан жатса, тұрса сүйген жігітінің аман-есен оралуын тілеген қыз осыдан кейін-ақ сол тауға баруды армандайды.

Жалғыз қызының тілегін қабыл алған әке-шешесі шағын көшті жабдықтап, қызын жолға ақ тілек пен батасын беріп, шығарып салады. Екі-үш күндік жолды артқа тастаған жас қалыңдықтың көші Тесіктауға екі шақырымдай жер қалғанда, кеш түсіп қалады. Қасындағы көш бастаушысы бүгін осы араға түнеп, тауға ертең ертемен шығуды ұйғарады. Бұл ұсыныс көңіліне ұнамаса да, қалыңдық амалсыз көнеді.

Таңсәріден тұрған серіктері қызды оятпақ болып, қосына барса, қыз о дүниеге аттанып кеткен екен. Әлдеқашан суып қалған өлі денені орнынан қозғағанда жер астынан қайнап шығып жатқан бұлақты көреді. Ұзақ жол жүріп, арманына екі шақырым қалғанда, жолын бөгегеніне өкінген қалыңдықтың серіктері әлгі ғайыптан пайда болған бұлақты «қыздың көз жасы» деп есептеп, «Қыз әулие» бұлақ деп атап, қыздың денесін еліне алып қайтады.

231. ҚЫЗ БАЛҚАШ

– Қарақтарым, біздің Балқаш туралы, оның неліктен осылай аталғаны жайында әркім әр түрлі аңыздар айтып жүрген көрінеді. Соның бірі мынадай, – деп көпті көрген, көпті естіген кәрия орнынан бір қозғалып қойып, әңгіме бастады.

...Баяғыда осы тұста мыңды айдаған бір байдың ай мен күндей, ақылы асқан, келбеті жарасқан сұлу қызы болыпты. Қыздың аты Балқия екен. Ата-анасы, ауыл-аймағы еркелетіп, оны «Балқаш» деп кетіпті.

Қыз Балқаш айдай толып, кемеліне келіп бой жеткен шақта жастайынан айттырып, қалың малын тегіс төлеп бітірген бай «құда қамдана берсін, келінімді биыл күз аламын» деп қыздың әкесіне сәлем айтыпты.

Қыз бесікте жатқанда құда болып қойған күйеуінің тілі сақау, жарым естеу жігіт екен. Ұзатылу хабары Балқашқа төбесінен тас түскендей болып тиеді. Ас ішпей, ұйқы көрмей, санадай сарғайып сола бастайды. Мұны сезген ата-ана, ағайын туған: «Жас өседі, жарлы байиды» деген, күйеу бала әлі жас, бір байдың еркесі, өсе келе есі кіріп, ел ағасы болып кетеді. Ақ батаны, шариғат жолын бұзуға болмайды», – деп қызды жұбатады, күнде ойын, күнде думан жасап, көңілін бөлмек болады. Қайғы-қасірет жүрегін кернеген Балқаш мұның біріне де назар салмайды.

Жадыраған жаз өтіп, қоңыр салқын күз түседі. Күйеу-құдалар келетін мезгіл де таянады. Қыз деген безіп қаңғырып өлсе де, есуас сақауға бармауға бел байлайды. Өзімен көңілі жарасқан, осы ауылға ертеден сіңісіп кеткен, әкесінің нағашыларының баласы Ерден деген жігітке Балқаш жатып жалынады.

– Қайтсең де мені мына пәледен құтқар. Өле-өлгенше алдыңнан шығып, айтқаныңды екі етпейін, өлсең көріңе бірге түсейін, – деп қиылып отырып алады. Паналар жер, бетке ұстар елі жоқ қайраңдаған жалғыз жігіт не істерін білмей қатты қысылады.

Ақыры, өзі сүйген қызын жатқа қиғысы келмеген ер көңілді жігіт бір түнде атпен қызды алып қашады. Барар бағыты бұдан бір жыл бұрын жау алған жылқыны іздеп жүріп кез болған қалың қамысты үлкен көл. Мұз қатқанша соның жағасында жасырынып жатып, қысқа қарай оның ар жағына Ұлы жүз еліне өтіп кетпек.

Екі жас түн малынып, тау бөктерлеп келіп, қамыстарының құрағы күректей, сабаулары білектей, толқыны жар соқтырған үлкен көлге де келіп жетеді. Аттарын арқандап тастап, қамыстан күрке жасап алып, мұздың қатуын күтіп жата береді. Бұлардың қайда кетіп, қайда қойғанын білмеген ауыл адамдары елден-елге кісі шаптырып, сұрау салып сабылысады.

Ерден күндіз аң аулайды. Балқаш жартасқа шығып, ұшқан құсқа, асыр салып ойнаған шабақтарға қарап жалғыз отырып ел думанын сағынады. Қатері мол болашағын ойлап зарлана ән салады.

Бұл көлдің біз жатырмыз жағасында

Өмірдің өлімменен арасында.

Шабақтай мынау жүрген сайрандаған,

Туған ел, қайран жұртым каласың ба?

Уа, шіркін, құс боп ұшсам қанат бітіп,

Балық боп су астына кетсем зытып,

Қолында дұшпанымның пенде болмай,

Өлсем арман қылмас ем жайын жұтып.

Қабыл боп зарлағанда қылған тілек.

Ар жаққа аман өтсек ұстап білек.

Армансыз бұл жалғаннан болар едім,

Жүрсем де ел қыдырып қайыр тілеп,

Аққу қаз, біз ғаріпті көрдім деме,

Шетінде жатыр сонау көлдің деме.

Қор етіп, көрінгенге мазақтатып,

Құдай-ау, шыбын жанды бердің неге?

Күндер өте су салқындап, көлдің қататын мезгілі де жақындай бастады. Екі жас мұны асыға күтіп, жүректері алып ұшты.

Бір күні іңірде арқандаулы аттар осқырып, аласұрады. Қосынан көйлекшең жүгіре шыққан Ерден екі атты бір топ қабанның қамап тұрғанын көреді. Пілтелі мылтық мұндайда қару бола ма! Қос жанында жатқан сойылды ала жүгіреді. Қаруын әрлі-берлі сербеп, қабандарды қуып шығамын деп жүргенде, бір көкжалы Ерденді қарыстай азуымен іреп өтеді. Жігіт құлап қалады. Екі ат арқанын түбінен жұлып ойнақтап шыға бергенде, қабандар солардың соңынан кетеді.

Бағанадан бері безек қағып, маңайларына бара алмай жүрген Балқаш, жүгіріп келіп қызыл қанға боялып жатқан Ерденді құшақтайды. Сүйемелеп қосқа әкеліп қараса, қабанның езуі Ерденнің шабын жарып кеткен екен. Киіз тоқымды отқа күйдіріп жарасына басады, күл себеді, қолынан келгеннің бәрін істеп, Ерденнің жаны үшін арпалысқа түседі.

Бұл екеуі осылай азап пен ажал арпалысында жатқанда, жер сағынып, шыбыннан булығып тұрған сәйгүліктер босаған бетте ел қайдасың деп тартып береді. Жылқыға қосылып, арқан сүйреткен аттарды жылқышылар ұстап алып ауылға әкеледі. Ел жиылып, ат сабылып, әбігер қайтадан басталады. Арқан сүйреткен аттардың ізімен қуғыншылар жолға шығады.

Жарасы денесіне жайылып, өн бойын қанды ірің кеулеп кеткен Ерден бұл күндері әлі азая бастаған еді. Қыршын жас көп ұзамай қайтыс болды. Жапан түзде жан жолдасынан айрылып, қыз Балқаш ботадай боздап жалғыз қалады. Еңіреген өксігін басып, егін жинағаннан кейін қостың жанындағы майда құмды қазып, астына қамыс төсейді. Ерденді ақ жуып, өз киімімен арулап қояды. Жас қабырды құшақтап ұзақ жылаған Балқаш енді өзіне қабыр қазады. Оның да астына қамыс төсеп үлкен пышақты өткір қайрап, қабырдың басына қояды. Содан кейін дәрет алып, көлге түсіп шығады да, жартастың басына көтеріледі. Жан-жаққа шыр айнала қарап, өмірмен ақырғы рет қоштасады.

Айырылдым айдалада Ерденімнен,

Соңынан қолын ұстап ергеніммен.

Болған соң тағдыр солай шара бар ма?

Көп еді көрмегенім көргенімнен.

Басыма тумай жатып түскен тұзақ,

Қақ жарып жас жүрекке салған сызат.

Көрсетпей рахатын жастық шақтың,

Кетуге жібермейді-ау елден де ұзап.

Қош, сау бол елім-жұртым, ата-ана,

Айдын көл, туған өлке, жалпақ дала.

Мен кеттім жас жанымды құрбан етіп,

Таба алмай өз ортаңнан ешбір пана.

Аққу-қаз қабырыма келе кетші,

Ғаріптің не болғанын көре кетші.

Тәнімді қарға-құзғын шұқымасын,

Сабалап қанатыңмен көме кетші.

Күн батар алдында қыз Балқаш жартастың басында осылай зарлап отырған кезде иек артпадан бір топ атты сау ете түседі. Қыз олардың ішінен өз туыстарын, өзінің сақау күйеуін таниды. Қолға түсіп, пенде болмас үшін өзіне өзі өлтірерлік қару қабыр басында қалған. Оған жетіп үлгере алатын емес. Не істеу керек? Аналар болса аттарын матап тастап, қосқа барды, одан шығып жартасқа келе жатыр.

Балқаш жартастың суға төнген бір биігіне шықты да, көлге бір-ақ секірді. Жар соғып, көбік шашып жатқан асау толқын абзал аруды құшағына қысып, тереңге қарай алды да кетті.

Міне, содан бері әлгі көл «Балқаш қыз түсіп өлген көл», «Балқаш қашып барған көл», ақырында Балқаш көлі болып аталып кетіпті, – деп кәрия әңгімесін аяқтады.

232. ҚЫЗ БЕН ҚҰЛ

Ертеде Балпан атты малы мыңғырған бай болыпты. Оның бір сұлу қызы және малын бағатын Талайлы атты құл болыпты. Талайлы мен байдың қызы сөздері жарасып, бірін бірі ұнатады. Бірақ байдың екеуін қоспайтынын білген екі жас сөз байласып қашуға бел буады. Бір күндері қашып кетудің сәті түседі де, екеуі жол азықтарын алып, екі жүйрік атпен қашады. Соңдарынан қуғыншылар шығып, бір төбенің баурайында қуып жетеді. Сол жерде Талайлы мен байдың қызы сөз байласады: Талайлы қуғыншылармен шайқасуға қалады да, байдың қызы қаша береді. Егер бір шаң көрінсе, онда ол талайлы болғаны, демек күтуге болады. Ал көп шаң көрінсе онда қуғыншылар болғаны. Демек Талайлы қаза тапқаны. Онда байдың қызы өз қамын жасауға келіседі. Талайлы өте қарулы, көп жаугершілік көрген адам екен. Күші басым жауға берілмей, оларды жеңе бастайды. Қуғыншылардың ішінде біреуінде мылтық болып, сол жерде Талайлыны атып өлтіреді. Келесі төбеде күтіп тұрған байдың қызы көп шаңды көріп, Талайлының өлгенін біледі. Сол төбенің етегіндегі айдын көлге секіріп, сол жерде суға кетіп қаза табады. Сол Талайлы өлген төбе «Құл» деп, ал байдың қызы қаза тапқан су «Қыз» деп аталады.

233. ҚЫЗЕМШЕК

Ертеде бір жолаушы жолаушылап келе жатып, бір таудың тұсындағы құдық басына келіп демалады. Құдықтан су ішіп демалып алып, жан-жағына көз салады. Қасында жаңағы тауға ұқсас екінші тауды көреді. Екі таудың бір-біріне ұқсастығын қыз баланың қос анарына теңейді. Әлгі жолаушы демалып тыныққаннан кейін жолай көрші ауылға соғады. Ауылға кіре берісте бір қарт кісі жолаушыдан жөн сұрайды:

– Ей, жолаушы, қайдан келесің? Сонда жолаушы өзінің қайдан шығып, қайда барғанын, қайда демалғанын, қандай тау кездестіргенін, оны неге теңегенін әңгімелеп береді.

Міне, содан ел арасында осы екі таудың жаратылысының ұқсастығына байланысты қыз баланың анарына теңеп, «Қыз емшек» деп атап кеткен екен дейді.

234. ҚЫЗЕМШЕК ЖАЙЛЫ АҢЫЗ

Ерте өткен заманда Созақ өңірінің Бетпақ деген шөл даласын мекендеген Уанас деген бай болыпты. Уанастың негізгі байлығы түйе түлігі екен. Уанас түйесін суатқа келгенде және тақырда жусап жатқанда түгендейді екен. Түйелері суатқа келіп ішкенде судың деңгейінің қаншалықты төмендігіне және жатқан кезде тақырдың ашық қалған орнына қарап пәлен кем түйе жоқ деп анықтайтын болған. Уанастың әйелі Түлкібайдың қызы Әйгелек сұлу екен. Әйгелек сұлу ұзақ мерзім бойында перзент көтермей, ерлі-зайыпты екеуі бір перзентке зар болып, әулиеге ат атап, қорасанға қой атап, ас береді. Астан кейін екеуі әулие аралап, ел кезіп кетеді. Етектерін шеңгел жыртып, табандарына тікен кіріп, өкшелері тілім-тілім болған ерлі-зайыыптылар күндердің күнінде азып-тозып Баба Түкті Шашты Әзіз әулиеге келіп түнейді.

Жол азабынан шаршаған, әрі әулиеге жалынып жалбарынған екеуі түннің бір мезгілінде ұйықтап кетеді. Әйгелек сұлу түс көріп, түсінде қолына екі алтын сақина салып, оның бірінде асыл тастан орнатылған көз ерекше жарқырап тұр екен. Осы кезде Уанас та түс көріп, қуанып оянады. Әйгелекке түсін айтып: «Уа, сүйікті жарым, түс көрдім, бір ерді жабдығымен тауып алдым. Ердің үстінде келісті қызыл қоржын бар екен. Осыларды жинастырып, қапқа салып алыппын. Осы мезгілде даусыңды естіп оянып кеттім», – дейді. Ерлі-зайыптылар бір-біріне көрген түстерін айтып, қуанғаннан таңды атыра алмайды. Енді, қуаныштары қойнына сыймай еліне қайтады.

Уанас пен Әйгелектің келгенін біліп, ел-жұрты жиналады. Келгендерге шындарын айтпай, қайынатасы Түлепең ауылында болып қайттық дейді. Болған сырды ешкімге айтпай, Аллаға жалбарынумен күндерін өткізеді. Күндердің күнінде Әйгелек жүкті болып, ай-күні жетіп толғатады. Уанас ат шаптырып, атақты Апақай тәуіпті алдырыпты. Жетіқоңырдың бір құмын халық Апақайдың құмы дейді екен. Апақай тәуіптің қамқорлығында болған Әйгелек ай-күні жетіп, арыстай ұл, күндей нұрлы қыз туады. Ұлына Кескентерек, қызына Күлжамал деген ат қояды. Кескентерек пен Күлжамалдың дүниеге келгеніне арнап Уанас ел-жұртына ұлан-асыр той жасайды. Ұлы ер жетіп, қызы бойжетіп көрікті болып өседі. Кескентеректің кеудесі алпамсадай болып, мінезі батыр шалыс, жау десе тықыршып, ұрысқа шыққанша делебесі құрысып отырады екен. Ол қатыгез, мейірімсіз болып өседі екен.

Күлжамал болса 15-ке келгенде толықсып, аузы оймақтай, пісте мұрын көрікті аспандағы аймен тең дегендей нағыз сұлудың өзі болған. Көркіне ақылы сай ару болып өседі. Күлжамал жаймашуақ мінезімен, сұлу көркімен асқақтаған ақылымен ауылының мақтанышына айналады.

Уанастың қозы-лағын бағатын Еркін деген баланы он жасар кезінде Ташкенттің саудагері сатып кетеді. Еркін жиырма жасқа жеткенде «аттың құлағында ойнайтын» әбжіл әрі батыр жігіт болып өседі. Ол небір асау жылқыға шалма тастап тартқанда орнынан қозғала алмай тұрып қалады екен. Еркіннің қажырлығына риза болған Уанас оны жылқышыларға басшы етеді.

Күлжамалды елінің атақты байы баласына атастырады. Қоныбайдың баласы Мондының мұрны пұшық, көріксіз екен. Халық оны «Мондыпұшық» деп келекелейді. Күлжамал мен Еркін алғашқы кезде ойларында сүйіспеншілік пікірі болмағанымен бірін-бірі іштей жақсы көреді. Күлжамалды Мондыға атастырған күннен бастап, Еркін мен Күлжамал бірін-бірі қимайтындығын, ғашық болып қалғандығын сезеді. Бірақ Еркін өзін Күлжамалдың теңі емеспін деп қорлайды. Күлжамалға ғашық болу Уанас сияқты қожасына сатқындық, қиянат жасағандық болып көрінеді. Еркіннің осы жайын сезген Күлжамал өзінің жақсы көретіндігін, сәті келген күні онымен қалуға ықтияр екендігін айтады. Еркін алғашқыда қорыққанмен ғашығынан айрылғысы келмейтіндігін айтып қалуға келісім береді.

Уанас пен Әйгелек қызы Күлжамалды атастырғаннан кейін баласы Кескентерекке қалыңдық іздей бастайды. Елімен көршілес отырған найман руының Әлмембет деген байының Айғаным деген сұлу қызын айттырып құда түседі. Күлжамал мен Еркін әкесі мен шешесінің ағасы Кескентеректің құдалығына баратын күнін асыға күтеді. Өйткені, осы күні қыз бен жігіт қашпаққа уәделескен еді. Құдалыққа баратын күн де жетеді. Уанас ауылының сыйлы адамдарын ертіп, бәйбішесі мен Кескентеректі қасына алып құдасының ауылына аттанады.

Күлжамал Еркінді шақыртып алып:

– Мен сені сүйемін, Монды пұшыққа қор етпе, бүкіл ғұмырым өтсе ризамын, қашатын күн келді, әзірлен, – дейді. Еркін өзі бағатын жылқыдан таңдап, екі арғымақты әкеледі. Күлжамалдың жолға алған ас-тамағын қоржынға салып, жолға шығады. Олар үш күн, үш түн суыт жол жүріп, Қаратаудың Созаққа жақын тұсындағы Балықшы әулие маңына келіп, бір үңгірге аялдап демалады. Екі жас үңгірдің ішінде тынығып, ғашықтық ләззатының рахатына бөленеді. Екеуі де осы бақытты сәттер таусылмаса екен деп тілейді. Ұзақ жол жүріп шаршаған екі ғашық әлден уақытта ұйқының құшағында жатады. Қатты ұйықтап жатқан Күлжамал түс көріп, шошып оянады. Түсінен қорыққан ол Еркінді тұрғызып,

– Жолға шығайық, кетейік, – деп жалбарынады, – түсімде бір қора бұлт келіп, екеуміздің басымызға төніп, алдымен сенің, кейін менің басымды жерге кіргізіп жіберді. Ағам Кескентерек мейірімсіз, қатыгез еді. Сол келіп екеуміздің ажалымызға жетіп жүрмесе екен, – дейді. Күлжамалдың зарына басу айтқан Еркін:

– Осында біраз күн демалайық. Кескентерек қаншама қатыгез болғанымен туған бауырын ажалға қимас, – дейді. Амалы таусылған Күлжамал жауыз ағасынан қорыққанынан есі шығып, етегімен тас теріп, тау қойнауының екі бетінің аралығына төге береді.

Уанас құдалықтан ауылына келгенде қызы Күлжамалдың жылқышымен қашып кеткенін біліп ашу шақырады. Баласы Кескентерекке: «Жарау аттан таңдап мініп қуыңдар. Тірі болса өздерін, айтқандарыңа көнбесе өлтіріп, бір белгісін алып келіңдер!» – деп әмір етеді. Әрқайсысы қос ат мінген Кескентерек бастаған қуғыншылар Қаратаудың Суындық асуындағы Балықшы әулие қойнауында тығылып жатқан Күлжамал мен Еркінді қолға түсіреді.

Күлжамал мен жылқышы жігіттің жылап тұрғанын көрген Кескентерек ашуға булығып, есі шығып: «Тірі болса, тірідей» деген әкесінің айтқан сөзін естен шығарып: «Екеуін де бауыздаңдар!» – деп ақырады. Жендеттеріне: «Алдымен жылқышыны, кейін қызды бауыздаңдар!» – деп бұйырады. Күлжамал ағасына жалынғанның пайдасыз екендігін сезіп:

– Бауырым едің, алдымен мені бауызда, Еркіннің қиналғанын көрмейін, – деді. Еркін болса:

– Алдымен мені бауыздаңдар, Күлжамалдың жан ашуын көрмейін, – деп жалыныпты. Бірақ Кескентерек айтқанынан қайтпайды. Әмірін орындатады. Жендеттер тау қойнауының батыс бетіндегі жартастың үстіне апарып, алдымен Еркінді, кейін Күлжамалды бауыздаған екен. Жартастың бетінде аққан қанның ізіндей екі жолақ белгі бар. Оның қара қошқыл қызылы жігіттің қаны екен десе, ақшыл қызыл жолақты қыздың қаны екен дейді.

Әкесінің талабына сай қыз бен жігіттің өлгендігін анықтайтын белгі ретінде қыздың емшегін, жігіттің «еркектігін» кесіп, қоржынға салып алады. Елге қайтқан сапарынан бірер күн өткенде қуғыншылардың қоржынынан сасыған иіс шығып, жүруге мүмкін болмаған соң Кескентеректің әмірімен жігіттің «еркектігін» қоржыннан алып лақтырып жібереді. Жігіттің «еркектігін» лақтырған жердегі тасты халық сыпайылап «Қотантас» десе, қыздың емшегін лақтырған жердегі қос төбешікті «Қыземшек» деп атапты.

Баласы Кескентеректің мінезінің қатыгездігін білетін шешесі жанындай жақсы көретін қызын жазым етер деп шыдай алмай ауыл арасында қызы мініп жүретін атқа мініп, ешкімге білдірместен баласының артынан қуып кеткен екен. Халық «Қыземшектің» теріскей батыстағы тақырды «Қатынның моласы» немесе «Қатынның ұңғысы» дейді. Шешесі осы жерге келгенде аты жүруге жарамай қалып, өзі шөлден өлген екен дейді халық аңызы.

Кескентеректің атасы Әлмембет құсбегі екен. Бүркіт салып, аң аулайды. Күйек баласы Кескентеректің (атасы Әлмембет) аңшылыққа құмар екенін сезген Әлмембет тұғырда тұрған бүркіттің біреуін таңдап ал дейді күйеу баласына. Кескентеректің қалыңдығы Айғаным да бүркіттің сырын жақсы біледі екен. Кескентерек бүркіт таңдауды қалыңдығымен ақылдасады. Түнде келіншегі орнынан тұрып бүркіттер тұрған орынға барады. Тұғырда тұрған үш бүркіт келіншекке жалт қарағанда, ортадағы бүркіт мойнынан үш рет айналдыра бұрып қарағанда көзінен от шашып тұрады. Келіншегі Кескентерекке: «Ортадағы қоңыр балақ бүркітті таңдап ал», – деп кеңес береді.

Кескентерек келіншегі айтқан бүркітті алып, елге келеді. Қыранын сол кездегі саятшылармен ақылдасып баптаған. Кескентерек алғашқы сонарды сағына, асыға күтеді. Күткен күн де келіп жетеді. Алғашқы ақша қар даланың бетін тегіс көмкереді. Таңертең сонарға жүрмекші болып дайындалып жүрген сүйікті жұбайына келіншегі келіп, бүгін сонарға шықпауын өтінеді. Олай дейтін себебі қыран ашулы, ұяласын сағынғандықтан түнде бірнеше рет қатты-қатты шаңқылдаған болатын. Ақылды ару әбден бабына келген қыранның осы қылығынан қауіптенеді. Бірақ Кескентеректі көндіре алмаған соң, жаны жамандықты сезген ару оны қалай да тоқтату мақсатында көршілес ауылдағы жақын аталарының өлгелі жатқанын, қорада бура шайнаған атанның жағдайының нашар екенін көлденең тартады.

Бірақ Кескентерек алған бетінен қайтпайды.

Ата өлсе қойылар,

Атан өлсе сойылар,

Мұндай қансонар қайдан табылар, – деп сонарға шығып кетеді. Амалы таусылған ару сүйікті жарына соңғы ескерту айтады: «Киікке салсаң, егіз ордалыға сал (екі мың шамасында). Құланға салсаң, қалың үйірге сал», – деп кеңес береді.

Сонарда жүрген Кескентерекке бір топ ақбөкен кездеседі. Қолындағы қыранның томағасын алып, топқа жібереді. Киіктердің ісін тез бітіргеннен кейін құмары қанбаған әрі ашуы тарқамаған қыран көкке самғап көтеріледі. Бүркіттің пейілінің бұзылғанын байқап, әрі асыл арудың айтқаны есіне түскен Кескентерек сақтық жасап, аттың бауырына тығылып отырады. Бүркіт сорғып келіп, атты ұрып ұшырып жібереді, қайталап келіп егесін соққанда, Кескентеректің мойын омыртқасы үзіліп кетеді.

Баласының келетін мерзімінен көп уақыт өтіп кеткенін сезген ата Уанастың қораның жанында шыдамсызданып жүргенін көрген келіні: «Ата, бір қиын жағдай болды ма, балаңыздан хабар алмасаңыз болмас», – дейді.

Уанас атына мініп, баласының ізімен шаба жөнеледі. Уанасқа алдымен әр жерде домалап жатқан киіктердің жансыз денелері ұшырайды. Біраз жүргеннен кейін өлген атына таяу жерде баласының өлігін көреді. Бүркіті баласының жүрек бауырын алып жеп отыр екен. Бұл көріністен қатты тебіренген әке бүркіттің топшасын қырқып қоя береді. Ондағы ойы аштан қиналып өлсін дегені еді. Ауылдан келген ағайын-туыстарымен ақылдасып, алып жүруге болмайтындықтан Кескентеректің денесін өлген жеріне, төбенің үстіне жерлейді. Бұл төбе бұдын былай «Кескентеректің төбесі» деп аталыпты. Уанас баласының қазаға ұшырағанын естірпекші болып келіннің отауына келгенде қаралы киім киіп отырған келінін көріп, оның білгірлігі мен сезімтал қылығына риза болады.

Арадан бір жыл өткен соң Уанас баласының қабірінің басына барып ас береді. Кескентеректің қабірінің үстінде отырған табан аяқ бүркітті көріп Уанас: «Әттең, ашу үстінде сені қатал жазаладым. Егеңді әлі ұмыта алмай жүр екенсің ғой, сорлы», – деп қамығып көзіне жас алады.

Ақылды ару Уанас пен Кескентеректен ұрпақ қалмайтындығын ойлап күйінеді. Бір күні атасының кіші дәретке барғанын байқап қараса, дәреті Уанастан аулақтау түсіп, әрі көпіршіктеніп қалғандығын байқап «Атамда әлі қуат бар екен» деп жас қызды айттырып, алып береді. Уанас жас тоқалынан ұл көреді. Уанас баласына «әмеңгерлік» жолмен Кескентеректің жесірін некелестіріп қояды. Зарығып көрген ұлынан бала-шағасы болып, Уанастың ұрпағы жалғасын табады.

Уанастың тақыры мен Кескентерек қыратының үстінде қалықтап ұшып жүрген қоңыр балақ бүркіт сол Кескентеректің бүркітінің ұрпағы екен дейді аңыз.

235. ҚЫЗЖЫЛАННЫҢ ҮҢГІРІ

Ертеде бір аңшы тау арасымен келе жатып бір үңгірді көреді. Аңшының аты – аңшы, үңгірге үңіліп қараса, сұлулығын сипаттауға тіл жетпейтін бір қыз үңгір ішінде тырдай жалаңаш боп отыр екен. Таң қалған аңшы қызға сырт киімін шешіп беріп, киіндіріп атының артына өңгере отырғызып ауылына алып келеді. Қызбен көңіл қоспақ боп ниетін білдіреді қыз келісімін беріп көне кетеді.

– Бірақ, – дейді қыз, – менің бір ғана шартым бар. Көнсең сендікпін, көнбесең мені қоя бер, – дейді.

– Шартың не? – дейді аңшы. Сонда қыз:

– Мен барлық жұмысты жасаймын, бірақ тандырға нан жаппаймын, – дейді. Аңшы бұл шартына көніп, қыз екеуі үйленеді. Бір күні аңшы түн ортасында оянып кетсе қасындағы әйелі жоқ, азанда тұрып қараса, шелектердегі судан түк қалмаған. Келесі түні бұл оқиға қайтадан қайталанады. Дәті таусылған аңшы үшінші түні қызды аңдымақ болып көз ілмейді. Түн ортасы болды-ау дегенде қыз жыланға айналып барып, судың барлығын ішіп қояды. Ертеңінде аңшы не істерін білмей, бір палшыға барыпты. Палшы қыздың жылан екенін, сиқырмен қызға айналғанын айтады.

Сөйтіп аңшы бұл пәледен қалай құтыларын білмей, басы әбден қатады. Бір күні әйеліне:

– Маған нан жауып берші, әлі сенің қолыңнан нан жемедім, – дейді аңшы. Қыз:

– Келіспеп пе едік, мен нан жаппаймын, – деп қарсылық білдіреді. Аңшы қояр да қоймай қызға нан жаптырады. Нанды тандырға қоя алмай қиналған қызды аңшы итеріп тандырға салып, бетін қатты етіп жауып тастайды. Сөйтіп, қыз жылан тандырға жанып өледі. Аңшы қыз жыланнан осылайша құтылған екен. Ал қызды тауып алған үңгірді ел «Қызжыланның үңгірі» деп атап кетеді.

236. ҚЫЗКЕНІШ

Ертеде Еділ деген өзеннің бойын мыңғырған малы бар бір бай мекен етіпті. Жаз жайлауы да, қыс қыстауы да осы Еділ екен. Сол байдың сұлулығы жаннан асқан жалғыз қызы болыпты. Бойжетіп сылаңдаған сұлу бозбалалардың аузынан түспейтін әңгімеге айналады. Бірақ қыз көңілі «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» демекші сол өңірдің жас батыры Едігені қалап, ұнатады. Батыр да сұлуды жақсы көріп, қыз әкесінен ағайындары арқылы сөз салады. Бай да бұл істі мақұл көріпті.

Күндердің бір күнінде «қымызды кім ішпейді, қызға кім құда түспейді» демекші, сұлудың жаңғырығы жеткен қалмақ ханы айттырып алмақ ниетімен кісі жібереді. Хабар жеткеннен кейін ел болып ақылдасады. Қалмақ ханына ұзатайын десе қыздың көңілі қаламайды, бермейін десе, екі ел жауласып, шапқыншылыққа ұшырауы мүмкін. Ақырында бай Едігені шақырып алып:

– Сендер елден жырақ кетіңдер. Көңілдерің қалаған жерден қоныс алыңдар. Қалмақ ханына қызым ұзатылған деп хабар жіберемін, – деп батыр жігітті басшы етіп, жетпіс жігіт қосшы етіп, жасау дүниесімен ұзатады. Күздің қарасуығы болса керек. Бір биік таудың тұсына келгенде, қар жауып, соңы боранға ұласады. Байдың қызы бұйрық беріп, үлкен сайға жас үй салғызыпты. Сонан бұлар сол жерді ұзақ уақыт қоныс қылыпты. Кейін ел сол өңірді «Қызкеніш» атап кетіпті.

237. ҚЫЗКЕТКЕН

Ор өзенінің саласы Тамдының бойына шекті руы жаз жайлауға көшіп келе жатқанда, Тамды өзенінің бойына тоқтап, дем алады. Сол кезде шекті руынан бір қыз суға батып кетеді. Оны құтқармақшы болып ұмтылған бес қыз бірін-бірі тартып суға кеткен. Сол уақыттан бері жайлау Қызкеткен атанған екен.

238. ҚЫЗҚҰЛАҒАН ШЫҢЫ

Ерте кезде ауқатты бай адамның сұлу қызы болады. Бай қызы кедей жігітпен көңіл қосады. Қызды жас кезінде бай жігітке аттастырған екен. Қыздың ұсынысына әкесі қарсы болады да, ертеңіне ұзатпақшы болады.

Сұлу қыз ауыл жанындағы терең шыңырауға құлайды. Сол шың «Қызқұлаған» деп аталған екен.

239. ҚЫЗТӨККЕН

Қаратаудың теріскей бетіндегі қай өңірді алып қарасаңыз да шежірелі, тарихты. Сол тарихи оқиғалар ғасырлар көшімен бірте-бірте аңызға айналуы да ғажап емес. Біздің өңірдегі осындай көненің бірі – Қыземшек аңызы.

Сонау Қырғыз Алатауынан алып, Қаратаудың етегін қусыра өтетін Шу өзенінің арғы бетінде, яғни Жуантөбе ауылынан 60 шақырымдай Жезқазған жолында Қыземшек атты қалашық бар. Қалашық аты осы жер атымен аталған. Енді осы атау турасында болатын негізгі әңгімемізге көшейік.

Бұрынғының қариялары әңгімешіл келетін еді. Солардың соңы арамызда әлі де баршылық. Міне, құймақұлақ кісілердің бірі – Сызған ауылы Басбұлақта тұратын Бектұрсынов Құлпен көкеміз екен. Осы жерде туып өскен.

– Шу бойындағы Жуантөбе ауылынан Бетпақдалаға шығатын үлкен жолдың бойында Бұзау болыстың қыстауы бар. Бұл кісі біздің өңірдегі кіші жүз таманың үлкен бір атасы. Осы қыстаудан ары Қотантас қағы. Міне, осы маңда үлкен жол мидай жазықта томпиып тұрған екі төбешіктің ортасынан өтеді. Ел аузындағы Қыземшек осы шынында да айна жазықтықтағы екі төмпешік, қыз кеудесі секілді, – деп бастады Құлпен қария.

Ертеде Уанас деген өте бай кісі болған екен дейді аңыз. Малында есеп жоқ көрінеді. Бетпақдаланы еркін жайлаған бай жазда малын әйгілі Қотантас қағына суғарады екен. Малының көбі түйе болса керек, түгелдегенде қақтың суына қарап тұрады екен. Егер түгел болмаса:

– Түйе түгел емес қой, қақтың суы мызғымады, – деп іздестіреді-міс.

Уанаста бір ұл, бір қыз болады. Ұлының аты – Терек. Оны жұрты Терек мырза дейді екен құрметпен. Қызы зерек болса керек, малға салған жалшыларын сол басқарыпты. Сөйтіп жүріп қыз бір жалшы жігітке ғашық болып қалыпты. Ойнап-күліп жүріп жүкті болып қалыпты. Бай құлына қыз бермесі белгілі. Білген соң жаза тағы дайын. Амалы таусылған екеуі ебін тауып елден қашып шығады, Қаратауды бетке алған бұлар Түркістанға асатын Суындық аңғарына іліккенде артынан жалғыз атты қуғыншы да көрініпті. Қуғыншының ағасы екенін біліп, қыз көзінен қанды жас ағып, Алладан медет сұрайды. Құрсағындағы жазықсыз нәресте атынан бүкіл әулие-әмбиелерге жалбарынады. Сонда қыз құлағына: «Қызым, ана беттегі таудың тасын етегіңмен әкеліп, қуғыншының алдына төге бер, кемінде үш рет төк. Сонда сайдың аузы бекіп, қуғыншы өте алмайды», – деген тылсым үн келгендей болады. Жанұшырған қыз тұра ұмтылады. Сонда тасты бір-ақ рет төгіп үлгеріпті дейді. Ашудан көзіне қан толып кеткен Терек мырза аяғына жығылып сұраған кешіріміне құлақ аспайды. Екеуінің де аяқ-қолын байлап, сайдың шығыс жағындағы сылдырама тасты таудың басына апарып бауыздап жіберіпті. Онымен қанағаттанбай, қарындасының ішіндегі баласын жарып алып, оны да шалады. Сол таудың әлгі сылдырама тасында әлі күнге қара, қызыл, ақ жолақ жатыр. Қара жолақ жігіттің, қызыл жолақ қыздың, ақ жолақ бейкүнә нәрестенің қаны деседі... Қатыгез Терек қыздың екі анарын кесіп алып, қоржынының екі басына салып алыпты да, жүріп кетіпті. Қанша уақыт жүргенін кім білсін, Шу өзенінен өтіп, Бетпақтың жазығына шыққанда жолдың екі шетіне лақтыра салыпты. Міне, ол екі төбеге айналған көрінеді.

Бұл оқиға есіткен елді дүр сілкіндіреді. Содан келген бетте Терек мырза бөлек отау тіктіріп жатып қалады. Теректі тұрғызуға ешкім де келмепті. Бір күні мырзаның қыран бүркіті шаңқылдап маза бермейді. Терек аңға шығуға жиналады. Сонда әйелі:

– Мырза, бүркітіңіз бөтен мінез танытып тұр. Егер аңнан тоят алмаса алмағайып, – деп күйеуін жібергісі келмепті. Бір бет Терек әйел сөзін тыңдамай, нөкер ерітпей жалғыз кетеді. Бетпақта киік аз ба, кім білсін, қыранның құмары қанбай аласұрып шарықтайды. Екеуі бірде Терек шырқау биіктен бүркітінің өзіне қарай құйылып келе жатқанын көріп, аттың бауырына паналайды. Теуіп түскен бүркіт аттың белін үзіп жіберіпті. Баласының жалғыз кеткенін есіткен әкесі артынша-ақ жігіттерін алып іздеп шығады. Келсе бүркіт Терек мырзаның жүрегін суырып жеп отыр екен дейді. Мырзаны арулап қойғаннан кейін әңгіме бүркітке тіреледі. Сонда Уанас бай:

– Құдай есебін тауып тып-типыл етті. Енді мына байлығым кімге қалады? Таласып тармаспай маңдай термен тапқан еңбек ақыларыңды бөліп алыңдар. Ал, мына бүркіт баламның қолбаласы еді. Өлтіруге көзім қимай отыр. Осылай ұшырып жіберсем, ертең тағы біреуді майып қылуы мүмкін. Мені тұяқсыз қалдырдың, өзің де тұяқсыз өт, – деп саусақтарын түгел кесіп, тобанаяқ күйінде ұшырып жіберіпті. Сол бүркіт үйренген аймағынан кетпей көп жыл жасапты-мыс.

Енді әлгі қыздың төккен бір етек тасына келейік. Оқиғадан кейін күңіренген ел үшеуін арулап, осы тас төгілген жерге жерлепті.

Түркістанға асатын Суындық асуы тоғыз жолдың торабы. Дәл осы жерде кісі бойы төбешік тұр. Міне, «Қызтөккен» төбе осы. Жүргіншілер жарылқаушы рухқа айналған бейкүнә ана мен нәрестеге зиярат етіп, дұға оқып өтетініне куә болғанмын.

240. ҚЫЗЫЛ КЕНІШ

(І-нұсқа)

Бағзы бір заманда Қуке және Қонтажы деген екі хан өмір сүріпті. Қукенің Нежде деген сұлу қызы болған. Қонтажы болса соған ғашық. Көп кешікпей олар құда түсуге қам жасайды. Керуендерге базарлықтарын артып алып, керуен жолға шығады. Қонтажы өте бай болған. Қуке хан онымен құда болатынына өте қуанады. Көп кешікпей Нежде өзінің туған үйінен бірінші рет алыс сапарға шықты. Бас аяғы елу түйеге жүк артылып, сексен адам керуен құрамына енеді. Онымен қоса бір қазақ, бір қалмақ батырын жібереді.

Олар Кент тауының бауырына келгенде күн суытып, боран соғады. Батырлар тоңғаннан кейін бір-бірімен күресуге бел байлайды. Олар ұзақ алысып, ақырында қазақ батыры қалмақтың белін сындырды. Мұны көрген хан қызы ашуға мінеді. Бірақ ол көп кешікпей, қазақ батырына көңілін білдіреді. Одан соң хан қызы бұдан әрі бармаймыз, осы жерде қыстаймыз дейді. Оның сөзін екі етпейтін керуен мүшелері сарай салу қамына кіріскен. Сарай құрылысы біткеннен кейін оны Қызыл-Кеніш деп атау ұйғарылады.

241. ҚЫЗЫЛ КЕНІШ

(ІІ-нұсқа)

Аңыз айтады, ерте-ерте ертеде қазақ пен қалмақтын ауылдары аралас, қойлары қоралас, қоңсы болыпты дейді.

Күндердің күнінде қазақтың Аюке деген ханы өзінің әлпештеп өсірген Етрежеп атты ару қызын қалмақтың Қонтажы деген ханына ұзатпақ болады. Ол кезде Аюке хан Еділ бойын ендей жайлап жатады екен. Уәделі уақыты жетіп, келіскен мерзімі келген кезде Қонтажы хан өзінің қалыңдығын алып келу үшін Қабыл-зайсан деген бас батырын Аюке ханға аттандырыпты. Кешікпей-ақ, Қабыл-зайсан қырық жігітімен Аюке ханның еліне жетеді.

Аюке хан қияндағы жат жұртқа бұйырған жалғыз қызының ұзатылу тойын аста-төк етіп өткізеді. Той өткен соң Аюке хан Едіге атты батырын басшы етіп, қызы Етрежептің көшін жолға салады. Атажұрты мен ардақты ағайынын артқа қалдырған Етрежеп қош-қошын айтып, жат жұртқа кете барады.

Содан Етрежептің көш-керуені талай күндерді өткеріп, Кент тауына жеткенде Арқаның қысы ерте түсіп, даланы көк кіреуке мұз құрсап қалады. Мінген аттарының шашасын мұз қиып, жүк артқан атандарының табаны тайып, көш-керуен амалсыз тізгін тартады. Қазақ батыры Едіге мен қалмақ батыры Қабыл-зайсан ақылдаса келіп, Кент тауының ішінен тебін-қорығы қалың, ықтасыны мол қойнауды таңдайды да, сол жерді қыстап шықпақшы болады. Жай ғана қос тігіп, қотан жасап қыстап шығуды місе тұтпайды.

Ел-жұртынан ажырап, аңырап келе жатқан хан қызының көңілін аулау үшін Кент тауының қызыл тасынан қырық жігітке сарай соқтырады. Күні бүгінге дейін сол сарай «Қызәулие» деп аталады.

Содан қырық қыз жанында, қырық нөкер маңында Етрежеп кең сарайда сайран салып, Арқаның ұзақты қысын өткеріп жатады. Сонарлы күнді құр жібермей Кент тауының қойдай өрген аңын аулайды. Ашық күндерде сейіл-серуен құрады. Сөйтіп жүргенде Етрежеп пен Едіге бірін-бірі ұнатып, көңіл қосады. Етрежеп содан жүкті болады.

Мерзімді уақыты жеткенде Арқаның көктемі туып, жол ашылады. Хан қызының көш-керуені Қонтажының елін бетке алып жолға шығады. Ай жүріп, апта жүріп, күндердің бір күнінде Етрежептің көш-керуені Қонтажы ханның еліне жетеді. Елге келген соң, айы-күні толғанда Етрежеп босанып, алпамсадай ұл табады. Ұлдың атын Сына деп қояды.

Жаттан жаралып, іште келген Сынаны Қонтажы хан жек көреді. Бойы өсіп, бұғанасы қатпай-ақ қаршадай Сынаны қой соңына салады. Бірақ жастайынан пісіп-қатып, қиындықтан ширап өскен Сына ерте есейеді. Сегіз жасында жақ тартып, садақ иеді. Оның иген садағын өзінен басқа ешкім тарта алмайтын болады. Жойқын күшіне таңырқаған жұрт оны Сына батыр деп атайды.

Бір күні Сына батыр ауыл шетінде қыдырып жүріп, өзі жасаған сегіз қырлы оғын атып көреді. Шырқай шығындап, зырқырай ұшқан жебе Қонтажы хан отырған киіз үйдің есігіне келіп қадалады. Қонтажы хан бұл оқиғадан секем алады да, ордасына көріпкел ақылгөйлерін жинап жөн сұрайды. Олар сегіз қырлы оқтың Сына батырдың оғы екенін танып, оның қылығын жаман ырымға балайды да, түптің-түбінде бұл жау болып шығады екен деп жориды.

Сол жерде Қонтажы хан Сына батырды алдыртады да, қол аяғын байлатып, бұдан былай садақ тарта алмауы үшін жауырын шеміршегін сыдыртып тастайды.

Сына батыр Қонтажы ханның бұл қиянатын кек тұтып, іштей жауығып алады. Мұның бәрін көзі көріп, біліп жүрген Етрежеп ханым бір күні оңашада баласы Сынаға ақыл береді: «Сенің түбің қазақ еді, бұл бетіңде жат жұрттың ортасында жазым боларсың, есің барда еліңді тап», – дейді. Анасының ақылына құлақ асқан Сына батыр орайын тауып, Қонтажы ханның қанатты қара тұлпарына мінеді де, қазақ даласын бетке алып тартып кетеді. Содан, Сына батыр аман-есен ел-жұртымен табысады. Жан аяспас достар тауып, ер азамат болып өседі. Жасақ жиып қол бастап, жауды жеңіп, кек алып, батырлығымен даңқы шығады.

242. ҚЫЗЫЛТАС

(І-нұсқа)

Ертеде қазақ, қалмақ арасындағы шиеленіс кезінде қазақ жауынгерлері қалмақтарды шығыстан батысқа қарай қуып тастайды. Кешкілік мезгіл еді. Шаршап-шалдыққан жауынгерлері елге қайтып келе жатады. Олар күн сәулесіне шағылысқан тау етегіне келіп аялдайды. Күн сәулесіне шағылысқан таудың әсемдігіне, әдемілігіне жауынгерлер сүйсіне қарайды. Содан халық арасында қызара батқан, күнмен шағылысқан тауды «Қызыл тас» деп атап кеткен деген аңыз бар.