ТОПОНИМДІК АНЫЗДАР

243. ҚЫЗЫЛТАС

(ІІ-нұсқа)

Осыдан алпыс жылдай бұрын екі ғашық осы жартаста кездеседі. Оларды халық Назды қыз бен ақын жігіт дейді. Екеуі де бір-біріне ертеден ғашық екен. Бірақ ғашық жігіт сүйгеніне көпке дейін жақындай алмапты. Оған қыз да қатты налиды екен. Бірде назды қыз жартасқа келіп, тасқа қарап, тілдесіп отырады: «Қандай керемет тас, табиғаттың сұлулығы, табиғаттың даналығы, әсемдігі тек бір өзіңе ғана аян». Бұл уақытта: «Кіммен сырласып тұрсың, Назды қыз?» – деген дауыс шығады. Артына жалт қараған қыз:

– А, ақын жігіт сен бе едің, өзің мына қызыл тастың жанында не істеп жүрсің?

Сонда ақын жігіт:

– Тілін тапсаң, жақсылап мұңдассаң, тас та сағап сырын айтар, – деген екен.

Сонда қыз:

– Иә, Қызыл тас қандай сыр, қандай мұң айтты өзіңе, – дейді. Жігіт тұрып:

– Сен ғашығыңды, сыңарыңды тек осы тастың маңайынан табасың, – дейді.

Міне, осылай екеуі бір-бірін түсініседі. Иә, көп күтіп, армандаған сәттің туғанын екеуі де білді. Жігіттің қолын созып, жақындай бергені сол еді, ауыл жақтан «аттан» салған аттылы адам шауып шығады. Аттылы екі ғашыққа жақындай келіп: «Ай, қарақтарым-ай, кешіріңдер мені, ақын жігіт, менімен жүр. Бір жауыз отаныңа соғыс ашты», – деген екен. Жігіттің созған қолы сұлқ түсті. Сөйткен ғашықта бір-біріне жақындай алмай, басын иіп қана қоштасты. Қөзі жасқа толы қыз бұрыла беріп, жүгіре жөнелді. Қатты налыған жігіт тасқа бір ауыз өлең жазған екен:

Мінекей, дәл он сегіз келдім жасқа,

Аттандым қанды майдан арпалысқа.

Махаббат дәмін татпай кетсем өшіп,

Шапағат қалсын іні-қарындасқа.

Міне, сөйткен жігіт соғыстан оралмапты деседі.

244. ҚЫРҒЫН МОЛА ТАРИХЫ

Кете руы мен адай руының арасында шиеленіс болған да, соғыспен аяқталған. Көтерілістің негізі бір-бірін барымтасудан басталған. Кете руының басшысы Дербісәлі деген кісі адайлардан алты мың, жеті мың қойын айдап кетеді. Адайлар қарымта қайтара алмаған. Кетелерден қорқып, өз беттерімен өмір сүре берген. Кейін Дербісәлі өлгеннен кейін малдарымызды кейін әкелеміз деп қол жинай бастайды.

Сөйтіп, басшысы яғни қолбасшысы Шайтанқара атты адай үш мың қол жинайды. Шайтанқара жинаған қолымен кетелерге қарай жылжиды. Кетелер жайбарақат өмірлерін сүріп жатады су жағасында. Шайтанқара әскері «Қосшағыл» тауына келіп тіреліп, төменге көз жібереді. Кетелер тып-тыныш. Сол кезде адай әскерінің бір адамы Дербісәлі бейітіне қарап, бейіт жаны долданып, буырқанып жатыр. «Абзалы бармай-ақ қояйық», – дейді.

Шайтанқара оның сөзін елемей, әскерін бастайды. Қаперсіз жатқан кетелердің қой, түйе, жылқыларын айдай жөнеледі. Кетелер малдарын қолдан бермейміз деп қуып береді. Кетелердің жалпы саны мың қаралы. Бұрын Дербісәлі еліне айтып кеткен екен: «Жауды оң жағынан қуып отырыңдар. Сарытөбеге жеткен соң екі жағынан қуыңдар. Сөйтіп қораға қамаңдар», – деген екен. Қопа өз-өзінен былқылдап жатқан су екен. Адайлар сол Дербісәлі батырдың айтқанын орындайды. Қуып әкеліп, Қопаға қамайды. Сол жерде үлкен соғыс болады. Екі жақтан да үлкен шығындар болады. Бірақ кетелердің саны одан сайын көптеу. Олар сол қопаға аттарымен батып кетеді. Батпағандары қырылады.

Сол себепті сол жердің суын «Батпақты» деп атаған. Қазір де солай аталады. Сүйінқара деген кісі сол қопадан өтіп келіпті. Өйткені ол атын жүз жылқы, елу түйе, бірнеше жүз қой беріп сатып алған екен. «Сен қалай аман келдің?» – деп сұрағандарға: «Арзан қолдар қалды, қымбат қол келді», – деп жауап берген екен дейді.

245. ҚЫРЫҚ ҚЫЗ

(І-нұсқа)

Бір байдың сұлу қызы жоңғар жігітіне күйеуге шығуға бара жатқанда, жолда қар жауыпты, қыс басталып кетіпті. Олар осы тауларда қыстауға қалады. Орман ағаштарын жарып, жерді тақырлатып, сарай салуға кіріседі. Қырық қыз бен қырық жігіт жалпақ тастарды тез-ақ жинап, сарай іргесін тұрғызады. Осы қырық қыздан тау үстінде қырық мөлдір бассейн қалған. Осы жерді кейіннен халық «Қырық қыз» деп атап кеткен.

246. ҚЫРЫҚ ҚЫЗ

(ІІ-нұсқа)

Сонау жоңғар шапқыншылығы кезінде Өгем ауылында Мансұр деген патша өмір сүріпті. Ол еліне көптеп қызмет көрсеткен екен. Өз елі үшін отқа да, суға да түсуге дайын болады. Бірақ оның бәйбіше-тоқалдарынан ешқандай ұлы қалмапты. Соған патша көп қайғырады екен. Керісінше, қырық қызы болады.

Күндер өте жоңғарлар сол елге шабуыл жасап келе жатыр деген хабар келеді. Бұны естіген хан қара қолды жинап, жауға қарсылық көрсетуге дайындалады. Сонда да оның жауды жеңе аламын-ау деген сенімі болмайды. Сондықтан ол қырық қыздарын, әйелдерін бұл елді тастап көшуіне бұйрық береді. Ханның айтқаны екі болмай орындалады. Олар жолға аттанып кетеді. Бір-екі күн жүріп асқан соң, сонда түнеуге шешім қабылдайды. Таңертең жолға шығарда жаудың қуып келе жатқанын байқайды. Содан олар елдерінің талқандалғанын сезеді. Араларында жаудан сақтайтын еркек кіндіктілердің жоқтығынан олар қашудың амалы жоқ екенін түсінеді. Содан араларындағы қария ана Құдайға құлшылық етіп, жалбарынады:

Бізді жауға жем қылғанша, осы жерде тас болып қатып қалайық, – деп өтінеді.

Құдай ана сөзін қабыл алады. Оларды үйімен, қазан-ошағымен қоса бәрін тасқа айналдырады.

Содан осы жер «Қырық қыз» тауы деп аталып кеткен.

247. ҚЫРЫҚ ҚЫЗДЫҢ МОЛАСЫ ТУРАЛЫ

Қорқыт өз заманында данышпан, білгір, әрі шешен адам болған екен. Оның білгіштігі соншалық өзінің қай уақытта өлетінін алдын ала болжап, өлімнен қашқан екен. Ол ағаштан қобыз жасап, оны түйенің мойындығымен қаптайды, оған жылқының қылынан қос ішек тағады. Сөйтіп өміріне өнерден жұбаныш тауып, Сырдарияның бойында қобызын тауып жүреді. Сол қобыздың үнінің кереметтілігі сонша ұшқан құс, жүгірген аңның бәрінің зейінін өзіне аудартқан. Оның сазды әуені барлық жерге естіліп тұратын болған. Сол Қорқыт қобызының сазды үні күндердің күнінде самал желмен бірге ілесіп Аралға да жетеді. Осыны естіп аралда тұратын қырық қыз Қорқытты көрмек болып жолға шығады. Осы қырық қыздың біреуі ақсақ еді. Осы ақсақ қызға жанындағы қыздар оған «сен қал, әйтпесе бізге ілесіп жүре алмайсың, шаршайсың» дейді. Бірақ ақсақ қыз олардан қалмай соңдарынан ілесіп отырады.

Аралдан Сырдарияға дейін жазық, құм, шөлейт. Қырық қыз қобыздың үні шыққан жаққа қарай жүре береді, жүре береді. Сөйтіп олар Сырдарияға жеткенше шөлге, аштыққа шыдай алмай бір-бірлеп әр жерде өле береді. Ең соңында ақсақ қыз ғана бәріне төзіп, Сырдарияға жетіп, Қорқытты көрген екен. Ақсақ қыз осы Сыр бойында біраз жыл өмір сүріп, өз ажалымен өледі. Осы қырық қыздың моласы Арал мен Қармақшы аудандарының аралығында қазір де бар. Ал ақсақ қыздың моласы Сырдарияның бойында. Бұл молалар қырық қыздың моласы немесе «Ақсақ қыздың» моласы деп аталады және аңызға айналып кеткен.

248. ҚЫРЫҚ ҚЫЗ, ҚАРАТАС

Бұрынғы жаугершілік заманда жау шапқыншылары елден тысқары Қарабау суына шомылып, алаңсыз серуендеп келе жатқан қырық қызды көріп, соңдарынан қуса керек. Сонда қыздар Құдайға: «Елімді, жерімді жауға таптатқанша, мына жауды да, бізді де тасқа айналдыр», – деп жалбарынған екен дейді. Қыздардың тілегі қабыл болып, жау әскері қара тасқа айналады. Ол жер қазір Қаратас деп аталады. Ал қыздар әсемдене тізілген қайталанбас ескерткішке айналған деседі.

249. ҚЫРЫҚ ШІЛТЕР ҚОРЫМЫ

Баяғы өткен заманда Шілтер деген бір әулие кісі болыпты. Құдайға құлшылықтан жазбаған, істеген ісі ақ, көңілі судай пәк, ниеті адал, сөзі түзу адам екен. Бір күні жолаушылап келе жатып қасындағы қырық кісісімен бірге Қазығұрт тауының етегіне келіп түседі. Дәм ішіп, дамылдағаннан кейін бесін намаз оқуға кіріседі. Намаз оқылып жатқан кезде таудан түскен қарақшы дұшпандар әулиені серіктерімен қоса өлтірмекке бекініп тап береді. Шілтер мен қасындағы қырық жолдасы намаздарын бұзбай оқи береді. Намаз үстінде әулие Алладан былай деп тілепті:

– Иә, Құдайым, бізді жау қолына түсіре көрме, жау қолына түскенше тас мүсінге айналдырып қатыра гөр, – деп тілейді.

Жарықтық қасиетті Шілтердің тілегі қабыл болып, серіктерімен бірге тасқа айналып, қатып қалады.

Сонан көпшілік бұл жерді Қырық Шілтер әулиенің жері деп атап кетеді. Осы жерде біріне-бірі қарама-қарсы үш бұлақ ағып жатыр. Үшеуінің дәмі де үш түрлі, емі де үш түрлі. Біреуі іш ауруларына, екіншісі көз ауруларына, үшіншісі құлақ ауруларына дәру.

250. ҚЫРЫҚҚҰДЫҚ

Төрт би төренің тұсында алман-салыққа шыдамаған бір бөлім ел Алтайдан Боғдаға көшіпті. Бәйтіктен өтіп қалың қамысты сортаң жерге келген ел судан қатты қысылыпты. Сол кезде бір ақсақал ауыл басы бірден құдық қазуды айтыпты. Сондағы қырық ауыл қазған қырық құдықтың бәрінен су шығып мал мен адам суға жырғапты. Кейін бұл жер «Қырыққұдық» атаныпты.

251. ҚЫРЫҚҚҰДЫҚ, АЛА АЙҒЫР

Қарабайдың жылқысы жоңғарды кесіп өтер кезде Айғайқұмда біразы қырылғаннан кейін жалғасты қақ даладан өту мүмкін болмайды. Осы кезде Қарабай Қодарға: «Егер сен осы қақ даладан жылқымды шөлден қырмай аман өткізсең, қызым Баянды саған беремін», – деп уәде бергеннен кейін Қодар қуанышы қойнына симай күні-түні өліп-талып қимылдап қырық жерден құдық қазады. Қарабайдың жылқысы осы қырық құдықтан су ішіп шөл даладан аман өтеді, кейін Қодар қырық құдық қазған осы жер «Қырыққұдық» аталып кетеді.

Қарабайдың уәдесін алғанымен Қозы Көрпештің күймеде Баян сұлумен көңіл қосып ойнап-күліп жүргеннен хабар тапқан Қодар Қозыға өзінің шақ келе алмайтынын біліп, оны араққа уалытп, өле мас болғанда оны жекпе-жекке шақырып, өлтірмек болады. Сөйтіп ол Баянға өзінің ерлігін көрсетіп, оны өзіне қаратуды ойлайды. Осы жоспарының ретін әдейі келтірген Қодар Қозыны айрықша сыйлайды да, араққа тартынбай бас қойған Қозыға бір кезде: «Сен нағыз жігіт болсаң, мен қазған қырық құдықтан қырық аяқ су іш» деп өзі дайындап қойған қырық қатынның қолымен Қозыға қырық аяқ арақ бергізеді. Арақты Қозы ішкен болып Баян сұлу ішінен байлап берген жіңішке шанаққа қоя береді. Аздан соң ол мас болған бейнеге еніп, сенделектеп шығады да, өзіне сайланған қатерлі бөгеттен аман құтылып алыстап кетеді. Мұның қашқанын білген Қодар оның артынан алты құлаш ала айғырмен қуалайды. Қозы Қодардың өзіне жау болып келе жатқанын білсе де, оның өзіне тиіспей, мініп келе жатқан айғырын атып қалғанда, оғы айғырдың аузынан кіріп, артынан бір-ақ шығады, ала айғыр сол арада қалады. Міне осы ара кейін «Ала айғыр» аталып кетеді.

252. ҚЫРЫҚТАС ТАУЫ

Баяғыда, яғни жаугершілік заманда, қалмақтар қазақ жеріне көз тігіп, шабуыл жасаған кезде елдің бәрі қырылған. Сонда хан өзінің қырық қызын қаштырып жіберген. Қазір сол бекіністің орны әлі күнге дейін бар деп айтады.Сол қамалдың қазіргі орнының жан-жағьнда қырық тас бар көрінеді. Сол қырық тас ханның қырық қызы екен. Олар ел-жұртын, әке-шешесін жоқтап, жылай-жылай қырық тасқа айналған.

253. МАЙҚҰЛАҒАН ТАУЫ

Ертеде бір Қытай елінен бір тыңшы, қашқын қашып, осы қазіргі екеуміз отырған тауда қонып, осы тауда өмір сүріп жүріпті. Оны ешкім білмейді екен. Сосын бір күні жайлауда отырған бір үйге келіп, түнде бір қарын майын ұрлап қашып бара жатқанда, аяғы тастан тайып кетіп, майы құлап жарылып тастарға жағылып қалыпты. Содан кейін қашқын ұсталыпты да, жаңағы болған жағдайды халық біліп қойып, осы таудың атын «Майкұлаған» тауы деп атапты.

254. МАЛАЙ ҰШҚАН

Бұрынғы заманда осы Қаратаудың ең биік шыңында жалғыз бүркіт өмір сүріпті. Ол жылда балапандарын алғызып қояды екен. Сол жылы ол екі балапанын адамзат баласына алдырмауға серт байлап, күні кешке дейін жандарында болыпты. Алам деп қызыққан бір бай сол балапанды алуға ұмтылыпты. Өзі ала алмаған бай сол балапанға түнделетіп, бүркіт жоқта малайын жұмсайды. Малай ұзын арқанды тауға қағып, сонымен өрмелеп шықпақ болады. Малай қанша бүркіттен қорықса да, арқанның мықтылығына сенеді. Ол өрмелеп шығып, енді ұяға таяу қалғанда бүркіт келіп қалыпты. Малайға білдірмей, тіпті жердегі байға да сездірмей арқанды қиып жіберіпті. Малай сонша биіктен құлап, мерт болған екен. Содан бері бұл тау «Малай ұшқан» аталыпты.

255. МАЛИКЕ БҰЛАҒЫ

Ертеде Қарқаралы уезіне қарап тұрған шақта Нарманбет деген Қайдауыл-Шеруке өңірін жайлаған. Нарманбет бір сайлауда Қарқаралы уезіне барғанда, елдің қастандығымен қымызға у қосып берілген. Жаны қиналып жатқанда:

– Дұғай, дұғай сәлем де,

Малике сынды әйелге,

Бір тостаған сары қымыз

Көлденең тұрды көмейде, – деп осындай өлең жолымен Маликеге тапсырыстар беріп, Маликені еркек бағалы адам тұтқан. Содан бері бұл жерлер Малике бұлағы деп атанған.

256. МАМАБАЙ ТОҒАНЫ

Ертеректе, қолхоз құрылысы әлі берік беки қоймаған жағдайда, шағын ауылдың күнбатыс жақ қырқасында егін егу, халық ризығын молайтуға деген жұрттың ынта-жігері өте қызу болатын. Егін алқаптары бірнеше сай-өзек айғыздап бөліп жатады. Бұл өзек жыра, терең сайларға қыста қар мол түсіп, көктем суы жаз ортасына дейін жайылып жататыны егінге де, малға да қолайлы еді. Ауылдан бес-алты шақырым жердегі терең бір сай бойынан тоған тарту, топырақ үйіп, қар суын бөгеу ниеті қолхоз басқармасында күн тәртібіне төтенше қойылса керек.

Осы жұмысты кім бастайды дегенде ауыл белсенділерінің бірі Мамабай отағасы игі істі қолға алуға әзір екендігін білдіреді. Содан ауылдың ер азаматтары тайлы-таяғы қалмай қолына күрек алып, әлгі сай бойынан тоған бекітуге жаппай шықса керек. Көлденеңі екі-үш жүз метрлік тоған да жұрттың қауырт еңбегі нәтижесінде биіктетіліп, жан-жағы сида тал, таспен көмкеріліпті. Сөйтіп көктем суын ұстайтын тоған-бөгет пайда болды. Осы тоғанды ауыл адамдары Мамабай тоғаны деп атағаны бұл өңірдегі жұрттың әлі есінде.

257. МАРҚАКӨЛ

(І-нұсқа)

Ерте кезде көлдің орнында кең жазық дала болыпты. Бұл жерде алуан түрлі әсем жасыл шөптер өскен екен.

Оны жайлаған бір байдың жүйрік аты бір орнында тұра алмай, қатты мазасызданыпты. Бір кезде су атқылап шығады. Атқылаған су шөптерді, ағаштарды басып, жоғары көтеріліп, тау баурайына дейін жетеді. Ауыл көшіп үлгере алмай, байдың бір көген қозы-марқалары су астында қалып қойыпты. Осыдан барып пайда болған көл «Марқакөл» деп аталыпты.

258. МАРҚАКӨЛ

(ІІ-нұсқа)

Бұл оқиға ертеде болған. Таулардың арасындағы жазықта кішкентай ғана таза бұлақ сылдырап ағып жататын. Әкесі мен ұлы бағатын қойлар осында су ішуге келетін. Олардың отарында бір кішкентай марқа қозы болушы еді. Бір күні сол қозы бұлақтан су ішуді ойлайды. Кенет оны су тарта бастайды. Мұны көрген бала марқаны құтқаруға жүгіреді. Бірақ қанша тырысқанымен шамасы келмейді. Содан соң көмекке әкесін шақырады. Олар екеулеп тартып жүріп, ақыры қозыны құтқарады. Сол кезде бұлақтан су атқылап кетеді де, бүкіл жайылымды басады. Сөйтіп көл пайда болды. Содан бері бұл көл Марқакөл аталып кетті.

259. МАСАТ АТА АҢЫЗЫ

Ертеде елін дау мен жаудан қорғай, жердің шетінде, желдің өтінде, тұлғасына батырлығы, батырлығына парасаты жарасқан Масат деген адам өмір сүріпті. Оның тағы бір қасиеті ған атқан оқ, шапқан қылыш өтпейді екен.

Оны алам деп келген талай жаудың меселі қайтып, діңкесі құриды. Сонан кейін олар әр түрлі айла, сан қилы шарғы ойлайды.

Ақыры, Масаттың жауынгерлікте қолға түскен жап-жас тоқалына жол табады. Сол тоқалмен жаудың жансызы әуес болады. Оған жас тоқал Масаттың осал тұсын айтып қояды. Сөйтсе, Масат таң намазына ұйып отырған кезде оның алпыс екі тамыры иіп, тұла бойы пенделік қалыпқа түсіп, бусанып кететін көрінеді. Тіпті, ол намаз кезінде Масат мекен ететін қара тас баланың еңбегіндей болып, былқылдап жатады екен.

Сонан соң әлгі жансыз Масаттың осы осал тұсын пайдаланып, таң намазы кезінде оның басын шауып түсіреді. Сол кезде алдына домалап түскен басын Масат жерге түспестен етегіне салып алып, жас баланың еңбегіндей болып былқылдап еріп жатқан көк тастың үстімен жүгірген екен дейді. Оның соңынан бұл сұмдықты көріп тұрған Масаттың құлынды биесі де кісінеп ілесе жөнеледі. Масат тұтасып жатқан көк тастың жиегіне жете бергенде әлдеқандай бір құдірет күшімен аспан күңіреніп, қара жер қақ айрылады да, оған етегіне басын салған қалпы алдымен Масат, соңынан биесі кіріп кетеді.

Осы аңыздың көрінісі күні бүгін көк тасты аландайдың үстінде сарнап жатыр. Алшыңдап аттап басқан Масаттың да, құлынды биенің де іздері, шашыраған қып-қызыл қанның дақтарына дейін сол қалпында сақталған. Тіпті сол сұмдық оқиға күні кеше ғана болғандай. Сонан ел жаңағы жерді Масат ата деп атап кетеді.

260. МАТАҚ

Матақ деген кісі батыр болған. Ол – Қожан батырдың немере інісі. Қожан батыр, кезінде көңілі толмай, Абылайдың өзіне қарсы шыққан адам. Матақтың әскерін елші келіп, қазіргі Қарқаралы ауданының Матақ кеңшарының төңірегінде тоқтатқан. Ол жер бұрын Бекіжамал деген емші әйелдің атымен аталушы еді. Ол кісі сол жерде жерленген көрінеді. Матақ батыр өлерінде: «Мені сол әйел жатқан төбеге жерлеңдер», – деп айтқан. Сонда серіктері: «Әйел жатқан жерге сізді қалай жерлейміз?» – дегенде, Матақ батыр былай депті:

– Мені сол төбеге жерлесеңдер болды. Осы жер мен өлгеннен кейін Матақ атанып кетеді, – депті. Содан бері ол жер қазірге дейін Матақ атанып келеді.

261. МӘНІ ТАУЫ

Ертеде жоңғар-қазақ шапқыншылығы кезінде қазақтың өрімдей жас қызын алып кетеді. Сол қыз жоңғардың келені болады. Дүниеге ай десе ауызды, күн десе көзі бар Мәні атты қызды дүниеге әкеледі. Шешесі Мәніні қазақы тәрбиелеп, қазақтың барлық әдет-ғұрпын санасына құйып өсіреді. Қайткен күнде де Мәніні қазақтың жеріне асыруды ойлайды.

Бірде жоңғар еліне тұтқынға қазақ жігіті түседі. Шешесі осы қазақ жігіті мен қызын қашырып жіберуді ойлайды. Сәті түсіп, қызын қазақ жігітіне аманат етіп туған жеріне аттандырады. Ұзақ жол жүреді. Қазақ жерінің шекарасына да жетеді. Мәні қыз: «Туған жеріме ақ, пәк күйімде барайын», – деп Ырғыз өзеніне суға шомылып алуға рұқсат сұрайды. Қыз қазаққа тән биязылықпен қазақ жігітіне күлімсірейді. Ал жігіт бір талдың түбіне күте тұруды ойлайды. Қыз суға түсіп жатқанда ащы бір дыбыс шығады. Жігіттің жүрегі ұшып өзенге жақындағанда айдаһарды көреді. Қаһарға мінген батыр жігіт айдаһардың ішін жарып жібереді. Қызды алып, таудың басына шығарып, басына тас үйеді. Содан бері сол тау – Мәні тауы деп аталады.

262. МӘНІ ТӨБЕ

Ертеде қазақ елін қалмақтар шауып, мал-мүлікпен бірге сол ел басшысының сұлу әйелін олжалап, бір батырына қосыпты. Сол әйелден дүниеге қыз бала келіп, он жетіге келгенде анасы дүние салады.

Елін, жұртын бір көруді арман еткен анасы көз жұмарда қызына қалайда қазақ еліне қосылуын өтінеді. Жолын өзі айтып береді: «Бізбен бірге жеті жасар бір баланы ала келіп. қол-аяғын кісендеп қозы бақтырып қойған. Сол бала ержетті, түр-тұлғасы батырға ұқсайды, балаға жағдайды түсіндіріп, қалғанын өзің келістіріп елге қашыңдар, ең соңғы да, ең қымбат өтінішім осы», – деп көз жұмады. Қыз ана аманатын орындауға бел байлап жігітке сөз салады. Менің одан асқан арманым жоқ, бірақ қол қысқа деп жігіт мұңаяды. Сонымен қыз бір күндері қару-жарақ, ат жағдайын ұйымдастырып, екеуі ел қайда деп қашады.

Қыз бен жігіттің астарына мінген сәйгүліктеріне ешкім жете алмай әкесінің аты ғана жететінін сезген қыз жігітке: «Әкемді өзім тоқтатам, сен артыңа қарамай кете бер», – дейді. Жігіт шыдамай артына қараса, қыз әкесіне садағын кезеп тұр екен. «Бір қате іс болар» деп жігіт қыздың жанына келіп: «Әкеңді атпа», – деп қолқа салады.

Айтқанын тыңдамай кейін келген жігітке қатты налыған қыз: «Бекер келдің, атпай-ақ өзім тоқтатар едім, енді не болғанын көрерсің», – дейді.

Жақындап келген әкесі қолын теріс жайып: «Көзің көргенді қолың ұстамасын», – деп бата беріп, қайтып кетеді. Қуғыншыдан құтылған екеуі біраз дем алу үшін осы төбенің етегінде жағасы тал мен ну қамысқа толы жойқын суға шомылып салқындау үшін екі бөлек жерге кетеді. Бір уақытта шар еткен қыз дауысы естіледі. Жігіт тез келсе, жылан оранған қыз талықсып жатыр екен.

Сонда қыз: «Қалмақтың қарғысы жаман деген рас еді. Әкемнің қарғысы орындалады, енді мен саған жоқпын. Осы жерге мені жерле, ешқашан менің атымды атаушы болма, осы өтінішімді орында», – деп көз жұмады.

Жігіт қыздың өтінішін орындап, осы жерге жерлеп, сұраған кісіге мәні бар ғой деп жауап беріпті, содан бері Мәні төбе деп аталған дейді.

263. МЕҢДІБОЛАТ

Ертеде бір байдың ай десе аузы, күн десе көзі бар сұлу Меңді есімді қызы болыпты. Оған кедей баласы Болат атты жігіт ғашық болған. Екі жастың кездесіп, сырласып жүргенін сезген әкесі қызын басқа біреуге беруге бел буған екен. Оны естіген қос ғашық Меңді мен Болат өмірлерін сол төбенің басына барып қиған екен.

264. МЕРЕТ САЙЫ, МЕРЕТ БҰЛАҒЫ

Ертеде атақты бір байдың еліне жау тиіп, ел үдере көшіпті. Құлазыған шөл далада бірнеше күн жол жүрген адамдар шөлдеп шаршай бастайды. Безерген сұр далада таңдай жібітер су жоқ. Шаршап шалдыққан ел адамдары не істерлерін білмей дағдара бастайды. Байдың елден асқан сұлу Мерет деген қызы болады. Дағдарған елді көрген Мерет былай деп жар салады: «Бүкіл ел болып су іздейік. Көп болып шөлден құтылудың амалын іздейік», – дейді.

Шаршап шалдыққан көш ілгері жүре береді. Бір уақытта биік құз басына келіп тоқтаған көш құз түбінен жылт еткен сәулені байқап қалады. Біреулері су-су деп, енді біреулері «қой, бұл жерде қайдан су болсын, көзге елестеген болар» деп шулай бастайды. Мұны естіген Мерет қыз басына шығып су екеніне көзі жеткен соң: «Халайық, Құдай біздің көз жасымызды көрген екен. Енді бұл суға жету үшін жол салу керек. Ел жігіттері қайда? Кірісіңдер іске! кім суға бұрын жетсе, соның жары боламын», – дейді. Жұрт іске кіріседі. Биік құз тастарын ойып, жалғыз аяқ жол салады. Ақыры құз түбіндегі бұлақ суына жетеді. Қуанған ел адамдары Мерет сұлуды бұлақ басына алып келеді. Суды мерейі қанғанша ішкен Мерет: «Уһ, жеттім бе, жетпедім бе», – деп содан сол сай бұлақ Мереттің атымен аталады. Бұлаққа баратын жол өте тар. Суға келген түйелі адам төмен түскенше төмендегі кісі жоғары шыққанша, жоғарыдағы күтіп тұратын көрінеді.

265. МҰҢЛЫ, ШАЛҚАЯ ЖӘНЕ ҚУ ТАУЛАРЫ

(І-нұсқа)

Ертеде бұл өлкені Құл атты бір еңбекқор кісі мекен етіпті. Ол кезде Тама елі Сарысуды жайлап, қыста малын Шуға айдап, cap далада сағымда көшіп, мал соңында өмір етіп, күн кешіпті. Құл болса қысы-жазы көшпепті, тау бөктеріне саздан саман илеп құйып, үй, қора салып алып, байлардың кәрі-құртаң, арық-тұрақ малдарын ақыға алып бағып, үнемі көшпей отырыпты. Малға қажетті отын-шөпті тау қойнауынан, бұлақ маңайынан маңдайынан тер төгіп, қол орақпен орып, керегінше жинап алыпты.

«Бейнет – түбі зейнет» деп, еңбегінің рахатын көріпті. Өз еңбегін адал кәсіп, ақ нәсіп деп түсініпті. Оның мекен-жай, жұртын ел бүгінде «Құлдың ағаш үйі» деп атайды. Құл малдан зәрушілік көрмесе де, ішіп-жемі мол болса да, басқа жағынан кедей екен. Перзент деп бауырына басқаны – жалғыз қызы болыпты. Қыз күн санап, бой түзеп, ер жете беріпті. Құлдың жалғыз қызына ешкім мал беріп, құда түсе алмапты.

Қазіргі «Қу» аталатын тауды жайлаған елде түбі керей ме, әлде кедей ме, бір жас бозбала ер жетіпті. Жорықта жолдан табылған ба, әлде жортуылда қолға түскен бе, ол да белгісіз, бір байдың қолында ер жетіпті. Әлгі асырап алған ата-анасы түбі шикі жасқа бозбала қалыпқа жетсе де, түбі не боларына сенбей, матап мал беріп, қыз айттырмайды.

Жайлауда өтетін айт пен той, кыз ойнақ, көкпарларда мүңлы қыз бен шерлі жігіт кездесіп, бір-бірін сүйіп, ұнатысыпты. Қыз тимекші, жігіт алмақшы болыпты. Алайда жігіт ол кездегі қазақ салты, «қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз күйеу болмайды» дегенді желеу етіп уәдені келер күндерге байлапты. Туысшылап Қараөткел, Атбасар жерлерін аралап, қалың керейден пана тауып, қызға қалың жинапты.

Күзде ер жеткен баласы бар бір бай құда түсіп, қалың төлеп, көктемге салым жайлауда қызды алмақшы болыпты. Қыз бен жігіт болса, күзгі көшершілікте уәде байласып, бәтуаласқан екен. Қыста кедей-керей жігітінің тіршілігінен тама елі де хабардар болыпты. «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге жайылар» демекші бұл хабар Шудағы құдаларға да жетіпті. Ақыры олар ерте көктемді күтпей-ақ қыстың соңында малын айдап, қалыңдығын алмаққа Құлдың үйіне келеді.

Мұңлық қыз бір тату, сыйлас құрбысы арқылы сүйгеніне хабар жібереді. Құл мен Мұңлы тауларының арасы қыста қар қалың түсетін Ыспанбет, Пырна деп аталатын өзендер, көлікке жүру қиын, ұйық жерлер. Шалқая жатқан беткейлермен жүру жолы үзақ. Алайда жігіт алыс та болса жақын жолды таңдайды.

Хабар естіген күнін қоса есептегенде, үш күн өткенде жігіт уәделі жерге жетеді. Жігіт келгенде ауылда ас берген той емес, өлім шығып, аза оқылып жатқан қаралы жиынға тап болады. Сөйтсе кұдалардың қайтатын мезгілі жетіп, құдалар қызды әкететін шақ туғанда Мұңлық қыз құрбыларымен қоштасуды желеу етіп, сыртқа шығып, құз басынан қарауыл қарайды. Әрі тосады, бері тосады, көп тосады. Сүйгенінің қарасы көрінбейді. Төмендегі тау етегінен «жүреміз, бол, түс» деген сияқты айқай естіледі. Сол кез Мұңлық қыз белгісіз, танымайтын басқа біреуге баруды, Керей жігітімен келіскен антты бұзуды ар көріп, өзін кұздан баурайдағы өзенге тастапты. Тау бетіндегі көк тастардан қыз денесі парша-парша болып, жан тәсілім етіпті. Содан бері қыз құлаған құз «Мұңлы тау» аталып кетіпті. Бауырынан ағатын өзен «Мейірімсіз көктас» атаныпты. Шалқая жатқан алыс адырлар «Шалқая тауы» делініпті. Мұңлық қызды сүйген әлгі шерменде жігіт өз мекеніне қайтып келіп, тау қойнауында қу аршаларды құшақтап қайғыдан күйреп, қурап өліпті. Сол тау бүгінде «Қу тауы» деп аталады.

266. МҰҢЛЫ, ШАЛҚАЯ ЖӘНЕ ҚУ ТАУЛАРЫ

(ІІ-нұсқа)

Шошақтың шөлінде Темеш елінің он мың жылқы айдаған бір байы жоңғар шапқыншылығы тұсында өмір сүрген. Бай аты ел жадында қалмапты. Күнде қырқысқан, күнде шабысқан елдің есінде сол Темеш байының Жұлдыз атты ару қызының есімі де қалмады. Оның жаужүрек ұлдары да болса керек. Қайратты жігіттер елін, жерін, қыруар малын, ауыл ортасының ұры-қарысынан қорғай білсе де, түйілген жұдырықтай жұмыла келіп бас салған жоғарлар ел іргесіне тигенде қанша қайрат көрсеткенмен қалың жау қапысын тауып, бәрін де қырып салады. Байдың жалғыз қызы Жұлдыз ғана аман қалады.

Айдаса – жаудыкі, ысқырса – желдікі дейтін жылқы малы жоңғарлардың талауына түскенде Жөгі – кедей елінің жас батыры тастемір өз жасағымен он мың жылқыны жаудан айырып, иесіне қайтарады. Осындай батырдың ерлігін таныған Жұлдыз қыз тастемірге ғашық болып, жігіт те оған құлай беріледі.

Ұлдарының қазасын азалап, ел тілеуімен екі жастың қосылуына алғаш ыңғай берген Темеш байы кейін Жөгі-кедей батыры тастемірдің бір мініне бола қайта айныпты. Жігіт астындағы жалғыз тұлпарынан басқа тігерге тұяғы жоқ жарлы екен. Қыз үшін беретін қалың малы болмай, мыңдаған жылқы айдаған байдың жалшысы болуға арланып, өз елінен кетіп қалады. Бірақ ол Жұлдызға бір ыңғайлы сәтте алып қашуға уәде береді.

Пейілі тар байды табиғаттың өзі жазалапты. Арқа қысы қашаннан қатал. Сол бір жылы ерте түскен қыс қалың ақ көрпесін жауып тастап, көбесі қыс бойы бір сөгілмей, көк мұз болып құрсалып жатып алады. Жылқы тебінуге тым қалың қар онша бой бермейді. Ол аз болғандай ұйытқыған боран толассыз соғып, қасқырдай жан-жақтан ұлығанда есі шыққан мал Шошақты шөлдің қыратты тауларынан ықтасын іздеп, ығып, быт-шыты шығады. Қайыруға әл бермей кеткен жылқысын іздеген бай әбден есі кетеді. Сонда ғана ол бармағын тістеп, баяғы Жөгі-кедей батыры тастемірге ат шаптырып, кісі салып шақыртады. Бірақ бұл кезде батырдың тағы да жауға қарсы аттанып кеткені белгілі болады.

Апта бойы толассыз соққан боран Шошақтың шөлін жып-жылмағай тегістеп тастардай құтырына ұлиды. Жалғыз-жарым күте-күте шаршаған Жұлдыз қыз жылы киініп, тұлпар мініп, жігітті өзі іздеп шығады. Боран ару қызды да аямапты. Жол азығы таусылып, астындағы аты боранға ұшқан соң Жұлдыз омбы қарды тырмалап жүріп бір қыраттың басына шығады. Ол өз жігітін осы жерпден күтуге, осы жерден табысуға уәделескен екен. Аз күтті ме, көп күтті ме, кім білсін...

«Күннің жаманы кетер» деп атам қазақ айтқандай алты ай бойы соғатын боран болмайды ғой, ол да әлсіреп, екпіні басылып, Шошақтың шөлін тұтас жапқан ақ қар, көк мұз көктем шыққан соң жылға-жылғада, өзек-сайларда жусаған су болып ағады. Жер бетін алқызыл қызғалдақтар жабады. Есі кеткен ел сонда ғана қолда қалған азын-аулақ малына өріс іздеп, көшіп қонған кезде жұттан қалған, қырылған Темеш байының теңкиіп-теңкиіп жатқан жылқыларын көреді. Он мың жылқы аз емес қой, күн ысығанша қарға-құзғынның жемі болады.

Қызғалдақ теріп ойнаған ауыл балалары бір күні әлде қалай төңіректен биіктеу тау басына шыға қалады. Олар Тобылғылы, Аршалы таудың басында қолында қамшысы ғана қалған Жұлдыз қыздың әлі біліне қоймаған денесі үстінен шығады. Жарын күткен сорлы қыз уәдесінде тапжылмай тұрамын деп боран өтінде ұшып өліпті. Осыған орай бұл тау Мұңлы атанып кеткен.

Жөгі-кедей батыры тастемір де серігіне жете алмады. Жоңғар жауларымен бір айқаста қаза табады. «Батыр бір оқтық» деген осы да. Көп ұзамай Аңырақай айқасында жауын жеңіп, елдігін сақтап қалған қазақ жігіттері өз батырының кегін алады.

«Бай бір жұттық» деген аталы сөздің шындығы сол жылы тағы да алты алашқа аян болыпты. Жаз шыға Темеш байы өзінің он мың жылқысы ығып кеткен алқаптарды аралағанада сүйектері ақ қаңқа болып қурап жатқанын ғана көреді. Қалың жылқы қырылған соң атырап қу сүйектер шашылып жатқандықтан Қулы тауы атанады. Жалғыз ғана Қаражал айғырымен аман қалған бай қу таяғын ұстап қалған соң, мал ашуы – жан ашуы дегендей есінен ауысып, қияли болып кетеді. Қаражал айғыр табылған жерді қазіргі Қаражал қаласы, кеніші болса, ол күндері Шалқия аталған елді мекеннің атануы шал қиялы деген сөзден қалыпты.

267. МҰҢЛЫҚ

Сарыбайдың жетімегі Қозыға қызы Баян сұлуды бермеймін деген Қарабай Балталы-Бағаналыдан көшіп, Ертісті өрлеп өр Алтайға келеді. Одан жоңғардың шығысын кесіп өтіп, Ерентауын асып оңтүстікке өтеді. Қозы Көрпеш Қарабайдың елін осы жоңғарды кесіп өтер кезде қуып жетеді. Ол Қарабайдың Тазша қойшысына кезігіп, онымен сырласып оның таз кебі мен киім-кешегін киіп алып, қойын бағуға қалады, қойшыны елін тауып жанын бағуға құтылдырып жібереді. Ол Баян сұлуға өз жайын ұқтырып сырласа алмай, көп тарығады. Өзінің ит қорлықпен өтіп бара жатқан өміріне налиды. Ас ішпей азаптанады. Күндіз қойды қоя беріп, бір биік шоқыға шығып алып, қобыз тартып, Баян сұлуға арнап өлең айтады да, Тәңірге жалбарып, мұң-шерін төгіп жылайды екен. Баян сұлу мұның кәдігін сезіп, өзінің екі сенімді қыз досын соңынан түсіріп күнде бақылатады. Оның Тәңірге төккен мұң-шері мен Көрпеш екеніне көздері әбден жетеді. Сонымен Қозы көрпеш пен Баян сұлу екеуі ақыры бір-бірін анық танып, осы биік төбеде алғаш қауышады. Олар болашақтарының не боларын айтып, осы биікте көп мұңдасыпты. Әрі өздері көп мұңдасқан осы бір тауды олар махаббат мұңдарына куә ғып «Мұңлық» деп ат қойған екен.

268. МҰРЫНТОЛАҒАЙ

Морейдың шығысындағы Шоқпартас ауылының солтүстігінде салмаланған қара адыр бар. Осы адырдың солтүстік мұрыншағындағы піл жон доңғылдың үстінде алыстан қарағанда тақия іспеттес болып көрінетін бір биік төбе бар. Бұл төбені «Мұрынтолағай» деп атайды.

Атам заманда осы өңір қойны құт, елі лықсыған киелі жаннат мекен болған екен, сол тұста бұл елдің Көкше батыр атты атақты ханы болыпты. Оның Алай және Толай деген екі ұлы болыпты. Күндерде бір күн Көкше хан жан үзгелі жатып екі ұлы мен уәзірлерін шақырып алып, ақтық арызын айтады:

– Мен өлген соң кіші ұлым Толағай менің орныма хан болады, ал Алай сен жасақ иесі бол, өйткені сенің ақылың шолақ, ашуың қатты, інің Толағайдан жөн сұра, ақылына ақыл қос... – дейді де көз жұмады. Сөйтіп ұлы Толағай хан болады. Бірақ көп өтпей ағасы Алайдың ішіне арамдық ұялап, ниетіне жамандық кіреді. Ол әкесінің хандықты өзіне бермеуін әділдік емес, деп інісі Толағайдан хандықты тартып алмақ болады.

Бір күні Толағай аңнан енді келгенде Алай орданы қоршап алады да, «хандықты тапсыр» деп інісіне күш көрсетеді. Ағасының мына ақымақтығына шыдай алмаған Толағай оған қарсы шығып ағайынды екеуі орда ішінде үш күн үш түн соғысады. Ең соңында, Толағай ауыр жараланып, аз ғана жасақпен қоршауды бұзып шығады да, алыс тауға келіп мекендейді. Ол жарасы жазылған соң жетесіз ағасына кек алмақ болады. Сөйтіп, ол сайланған қолын бастап, ордаға жақындағанда орда маңының өлікке толып, қан сасып жатқанын көреді. Ұғыса келе сырттан келген күшті жаудың бейуаз елді қырып, орданы ойрандап, Алайдың басын кескенін біледі. Толағай бұған қатты кектенеді, тозғыны шыққан елдің басын құрап айналасы құлама бір дараға келіп бекінеді. Сонымен олар шашау шыққан жауды жойып олардың қару-жарағын қолға түсіре береді. Сөйтіп, жау ойсырай береді. Бірақ жау Толағайдың бекінісін біле алмай сандалады. Бір күні Толағайдың бір шарлаушысы жау қолына түседі, қинауға шыдамай сатқындық істеп, жауды бекініске бастап келеді. Сонымен жеті сөтке соғысқанда Толағайдың жасақтары қырылып бітеді. Ең соңында, Толағайдың қасында Ұшқат батыр атты жалғыз серігі ғана қалады. Қарсы жақ та қырылып бітеді. Ең соңында Толағайдың қасында Ұшқат батыр атты жалғыз серігі ғана қалады. Қарсы жақ та қырылып бітеді. Бір кезде қарсы жақтың бекінісінен еңгезердей біреу екі қолын желкесіне қойып, бұларға қарай жанұшыра жүгіреді. Ол жүгірген беті анадайға келіп жерге маңдайын үш рет тигізіп тізерлеп отырған беті белінен сапысын суырып ап екі құлағын кесіп-кесіп алады да, бұларға қарай лақтырып жібереді. Пышағын тамағына көлденең ұстаған беті моңғол тілінде: «Толағай батыр бар болсаң бері шық, айтайын арызым бар» деп бір тоқтайды. Одан: «Мен саған бағындым, енді сенің құлақ кесті құлың болуға көндім, антым әне алдыңа тастаған екі құлағым, құп көрсең өзің кеп қолымнан сапымды алып, мені орнымнан тұрғызып ал. Егер құп көрмесең мен өзімді бауыздап тастаймын» дегенде сеніп кеткен Толағай оған бармақ болады. Сол кезде Ұшқат батыр орнынан ұшып тұрып: «Міне, іздеген Толағайың мен боламын, шын пейіліңмен бағынсаң құп алдым» деп алдына жетіп барып қолынан сапысын ала бергенде қапысыз тұрған қайран ерді әлгі жау қақ жүректен бір-ақ салады. «Толағай, сенің қаныңды іштім. Енді мына кең әлем менікі» деп орнынан тұра бергенде алдына арыстандай атылып барған Толағайды көрген жау қатты сасып қалады. Осы кезде Толағай оған: «Өз етіңді өзің кесіп ант беріп, сұрқиялық істеген сендей жауызды көрмедім. Енді сенің басыңда артық тұрған мына нәрсе екен» деп мұрнын шауып түсіреді. Кеңсірігімен түскен теректің тошынындай мұрынды қазандай қара тасқа шаптай салады. Жаны мұрнының ұшында тұрған әлгі жау жалманынан түседі.

Кейінгі ұрпақ дәл осы төбені «Бұрын шабылған Толағай төбесі» деп атайды. Уақыттың өтуімен «Мұрынтолағай» деп аталып кетеді.

269. МЫРЖЫҚ

Шаншардың Нұрбике деген әйелі болған. Бертіс би қарадан шыққан хан аталған.

Мыржық деген жоңғардың батыры болған. Жоңғар шапқыншылығы кезінде Мыржық он мың әскерімен Бертіс би әскерлерімен соғысады. Бертіс өзінің ұлдары Еспембет, Әуез, Өмірзақ, Қоқандарға жер алып беремін деп көп жылдар бойы жоңғарлармен соғысады. Екі жақтан да көп шығын болады. Содан бір күні жоңғардың батыры Мыржық қолға түседі. Сонда Мыржық Бертіс биге былай депті: «Мына үш қызымды (Күнсұлу, Нұрсұлу, Айсұлу деген қыздарын) сен бірдей ал. Мені өлтіретініңді білемін, сізден сұрайтын аманатым, тек осы жерге менің атымды қалдыр».

Содан Мыржықты қалмақтың ханы, батыры Шәйірғалды тауының басына жерлеген.

270. МЫРЖЫҚ ТАУЫ

Бұл тау Мыржық деген қалмақ батырының есімі екен. Мыржық деген қалмақ батыры бастаған жау елге маза бермеген кез болса керек. Қазақтан Алшағыр батыр қол бастап жауды жеңіпті. Жеңілген қалмақ батыры Мыржық жараланып өлер алдында: «Мына тауға менің атымды қой», – деп ақырғы тілегін білдіріпті.

Бүгінде ақ қайың, шынар терек өскен, сылқылдап сексен бұлақ ағатын «Мыржық» тауының етегінде «Мыржық» ауылы бар.

271. МЫРЗАКЕЛДІ

Ақ патша заманында сол таудың баурайында бір ауыл қоныстаныпты. Ауылдың болысы жақсы адам болса керек. Малы көп, үйір-үйір жылқы, қойы, түйесі болыпты. Халыққа да жайлы «қонақжай» болыпты. Бір күні сол кісіге қонаққа Ақ патшаның өзі келіпті дейді. Болыс той жасап балуан күрес, бәйге, жаяу жарыс, көкпар тартқызыпты. Аста-төк ет, саба-саба қымыз, халық ығы-жығы, той қырық күнге созылыпты. Патшаны аң аулатып, құс салғызып, ауылдың табиғатын аралатыпты. Қазақтың қонақжайлығына, мейірбандығына тәнті болған патша еліне кетіп бара жатып артына қарағанда, ауылдың іргесіндегі тауға көзі түседі. «Мына таудың аты не?» – деп сұрайды. Жұрт білмейді. Патша: «Ол тауды «Мырзакелді» деп атаңдар», – дейді. Содан бері тау Мырзакелді аталып келеді.

272. НАЙЗА КЕСКЕН

Ертеде бір тайпа елдің жылқысын жау алып, мінуге ат болмай, Ес батыр (шын аты Есей) мен Дос батыр (шын аты Досберген) екеуі жылқыны жаяу қуыпты. Сонда қолдарындағы найзаның сабы ұзын болған соң сабын кесіп қысқартып алған дейді. Сол жер найза кескен деп аталса керек. Жау жеткізбей қашып отырған, сонда Дос батыр жауырыншы екен. ... Содан олар қуғыншы кері қайтты деп ойлап, сол жерде тоқтап жылқы сойып, тамақ істеп жатқанда үстерінен түскен Дос батыр мен Ес батыр Қайықбанның қақторысы деген керемет жүйрік атты қолға түсіріп, жауды ойсырата жеңіп, жылқыны аман-есен алған деседі.

273. НАЙЗАТАС

Байдың баласы он жасқа толғанда әкесі қылышын туған күніне сыйға тартады. Бала ойнап қылышымен тауға шығып кетеді. Сол кезде найзағай жарқырап, жаңбыр жауып, қатты дауыл соғады. Баланы найзағай ұрыпты деп әке-шешесіне хабар жеткізеді, бірақ бала бір үңгірге тығылып қалып, екі күннен кейін табылады да, сол үңгірге «Найзатас» деген атау береді екен.

274. НАЙСАП АТА

Хазіреттің белгілі мүриттерінің бірі – Әли-Құсшы ата көзі тірісінде әулиелікке жеткен адам болса керек. Бірақ, жас кезінде саятшылық құрып, аң аулаған дейді. Сондықтан да, оны ел Құсшы атап кеткен. Бір күні ол құс салуға шығады. Бір жерге келген кезде қолындағы құс ұшып барып, бір бейіттің үсітне қоныпты. Құсын шақырса келмепті. Сол сәтте ат үстінде тұрған Құсшы ата:

– Ей, Найсап, құсымды ұшырып жібер, – дейді.

Осы кезде бейіттен үн естіліпті:

– Баяғыдан бері ескерусіз жатыр едім, Найсап десең де, ел енді ескеріп мені білетін болды-ау. Рахмет пақырым. Сені де маған Алла жіберіп тұрған шығар, – деп үстіндегі құсты ұшырып жіберіпті. Сол өңірде Найсап ата атымен аталатын елді мекен де бар.

275. НАРӨЛГЕН

Ертеде Балқаш көлінің маңында, бетпақ далада бір кемпір болыпты. Оның біраз малы болады. Ол малының арқасында күн көріп, жан сақтаған екен. Бірде кемпірдің барлық малы келіп, жалғыз нары келмей қалады. Кемпірдің баспаған тауы, бармаған жері жоқ, барлық жерді іздейді. Бірақ нарын таба алмайды. Содан нардың жоғалғанына екі күн өтеді. Өзі келер деп тосқан кемпір тосудан жалығып, өзі іздемек болады. Ол таңертен тамағын дайындап, жолға шығады. Сол күні аспанды қара бұлт торлап, дала күңгірттеніп тұрады. Кемпір жан-жағын бір шолып мал жайылатын жайылымға қарай бет алады. Ойы қайтсе де нарын табу болады.

Аспанды қара бұлт торлап, қатты жаңбыр жауған күні нap түйесін іздеп шығып, кемпір қатты қорыққан екен. Найзағай шатыр-шұтыр ойнап, күн күркіреп, кемпірдің зәресін алады. Жаңбыр басылған соң, кемпір жайылымға қарай беттейді. Жайылымнан күнделікті жайылып жүрген малдарын көреді. Барлығы түгел, нары да малдарының қасында жайылып жүреді. Нары кемпірдің көзіне оттай басылды. Кемпір нарының табылғанына қатты қуанып, үйіне қайтпақшы болады. Бірақ, қайтадан жаңбыр жауып, сол жерде жаңбырдың басылғанын күтіп, біраз кідіреді. Ол нарының басын ұстап біраз тұрады. Сол кезде найзағай жарқылдап, күн күркіреп, одан сайын күшейеді. Кемпір қорқып, нарын босатып, артқа қарай тартына береді. Нарының табылғанына қуанған кемпір үйіне тез жетіп алайын деп, аяғын жылдам басып ұзап кетеді. Күннің күркіреген дауысынан қорыққан кемпір екі құлағын басып алып, артына қарамай кетіп бара жатқанда, нарының боздаған аянышты дауысын естиді. Артына шошына қараса, нарына найзағай түскен екен. Осы жерде нар өлгендіктен «Нарөлген» деп атапты.

276. НАРШӨККЕН

Бірде Асан қайғы бабамыз Қарқаралыны аралап келіп, Наршөккен деген тауға қонған екен. Нарын шөктіріп, дем алып алған соң былай депті:

Айналасы аққан бұлақ екен,

Жағалай біткен құрақ екен.

Басынан аң, бауырынан ел

Кетпейтін мекен екен, –

деген екен. Сол кезден бастап, бүгінгі күнге дейін бұлтпен теңесіп тұрған тауды «Наршөккен» дейді.

277. ОЙ ТҮНДІК ПЕН БЕЛЕҢДЕ

«Ойтүндік пен Белең» дегендегі «белең» қай жер? Бұрынғы заманда Түркістанда Талмас ата деген әулие болған. Үш қатыны болған. Бәйбішесінің аты – Болған, тоқалының аты – Белең. Ана кенже тоқалының аты – Ақбикеш. Болған ана Сарысудың бер жағында, Белең ана Сарысудың аяқ жағында, Ақбикеш Қаратауда, Сауысқандық асуына маңайлас. Үш қатынды үш жерге қондырып, өзі құс салады екен. Ертең ертеменен Қаратаудағы Ақбикештікінен шығып, Сарысуды жағалап, Белең анаға түстеніп, күн бата Болған анаға қонады екен. Ертең ерте аттанып, жолда Белең анаға түстеніп, күн бата барып, Ақбикешке қонады екен.

Өмірін құс салумен өткізіпті. Құсқа құмарлығы сондай: «Қаршығам ұлым, ителгі қызым» дейді екен. Бәйбіше, тоқалға кезек аудармай қонып, өмірінде Белең анаға қонбаған екен. Бір күн Болған анаға қонуға келе алмай, Белең анаға қонып қалыпты. Болған ана Белең анаға қонып қалғанына долданып, ессіз болып, суға с..п жіберіпті: «Шомылатұғын суын арамдайын» деп. Су түсі сарғылтым болып, Сарысу атанғаны сондықтан деседі. Болған ана, Талмас ата молалары Сарысу бойында, екеуі бір жерде болған дейді. Көмілген жері Болған ана аталып қалған. Белең ана өзі мекен қылған жайында, Сарысу бойында қалған да, «Белең» атанып, бұрынғылар «Сарысу» демейді екен, «Белең» деп айтады екен.

Ұлытау, Кішітаудың о жақ, бұ жағынан жеті өзен Сарысуға құяды: «Жеті Кеңгір» дейді. Сол өзендер құйған жерді «Қаражар» дейді. Сонан төменгі жерді «Белеңнің бойы» дейді. Ақбикеш Қаратауда өліпті. «Басымды Темірқазыққа қаратпа, аяғым Әзірет Сұлтанға қарай созылады. Күнбатысқа да қаратпа, аяғым Талмас атаға қарай созылады!» деп өзінен тікесінен-тік тұратұғын қылып көмдірген. Моласын да шошақ қылдырған.

278. ОҚЖЕТПЕС

(І-нұсқа)

Бұдан жүз жыл бұрын ба, әлде мың жыл бұрын ба, кім біледі, Арқаның Көкшетауының бауырындағы бір алаңқыда әрі батыр, әрі асқан аңшы бір кісі мекендепті. Кәсібі бүркіт салып, аң аулау болыпты. Ол кезде Көкшеге ауып келген «Оралдың ақ иығы» атты орасан күшті бүркіттер мекендейді екен. Батыр аңшы бір күні аң аулап келе жатып, қазіргі «Оқжетпес» аталатын, бейне алып күшті дәу қолмен текшелеп үйіп қойғандай үшкір найзаланған биік тас таудың шың басына бір бүркіт адам тәрізді жәндікті бүріп қона бергенін көріп қалыпты. Сол арада: «Апырмай, мұның жемі адам тәрізді ғой», – деп ойлайды да, жалма-жан садағын ала салып, бүркітті көздеп тартып жіберіпті. Зулаған оқ үшкір таудың ортасынан аса, көзделген шың тасқа жетпей жерге түсіпті. Құтқара алмайтынын сезген батыр аңшы көңіліне жаман ой түсіп, дереу үйіне жүгіріп келсе, әйелі зарлап жылап отыр екен. Жаңағы бүркіттің бүрген жемі батыр аңшының жалғыз баласы екен. Ашына күйінген батыр аңшы: «Ең болмаса, қызымның сүйегін көмейін» деген оймен «Құлап өлсем, жаным артық па», – деп тәуекелге бел байлап, құс болмаса бұрын адам шықпаған найза тауға шығып, қызының сүйегін алып, түбіне жерлепті. Ал тас тауға «Оқжетпес» деп ат қойған екен.

279. ОҚЖЕТПЕС

(ІІ-нұсқа)

Ертеде Қарауыл ауылдарының бірінде елдің көркі, бірақ дұшпандардың көз құрты болып апалы-сіңлілі үш қыз өмір сүреді. Үшеуі де бірінен-бірі өткен хас сұлулардың өзі болады. Орталарындағы жалғыз бауырлары Оқжетпес беті қайтпас батыр болып өседі. Үш апасын қызғыштай қорғап, қамқоршы бола біледі.

Әбден өшіккен жау қапылыста баса көктеп, елді шауып, үш ару мен бауыры Оқжетпесті анталап қоршауға алады. Төртеуі шегіне атысып, кейін жылжи береді. Бір кезде ту сырттарына қараса, сыңсып тұрған жасыл орман, бау-бақша, мөлдір көл, көгілдір тауларды көреді. Құс жыртылып айрылады. «Туған жердің мұндай балауса бағын арам ниет дұшпандардың қара табанына қалай таптатамыз, қасиетті топырағымызды қалай ойрандатамыз, өзімізді қалай қорлатамыз?» – деп қайраттанған Оқжетпес пен оның үш ару қарындасы қатарласып, жауға қасқая қарсы тұра қалады да, шапса алмас қылышы майырылатын, сүңгітсе қара найзасы қайырылатын, атса оғы асып түсе алмайтын қамал тасты тік қаптал құзар шыңдарға айналып кетеді.

280. ОҚШЫ АТА ТӨБЕСІ

Бұл аңыз боп жеткен тарихтың ескі сілемін шежіре етіп айтады екен қарттар.

Айқасты кезең куәсі болған төбелер,

Ашты да сырын, ашады әлі үнемі.

Атып ап үйрек, әкеліп беріп кемпірге,

Бұйырған екен түстікке даяр етуге.

Үйректе біліп ерекше артық сыр барын,

Ойлапты Оқшы екі жүз жасқа жетуге.

Арманның бәрі толқымай іске асқан ба?

«Семіз қаз еті тұрғанда мұны қайтер», – деп

Өзі жеп кемпір, құмайға қалдық тастарда.

Иілмей басы иірімнен өршіп өтті де,

Оқшы үшін ұрпақ зұлымдыққа кекті ме?

Кемпір мен Құмай екі жүз жылдай

Жауыздың рухын нақ сондай жасапты.

Құйғытып қыруар құйындай жаудың жортқанын,

Көріпті Оқшы кезеңнің ауыр тоқпағын.

Ғұмырға тұғыр бола ма, сірә, жыл саны,

Отанын қорғау абзал қасиет жас мәні.

Қызылорда облысында орналасқан бұл төбені осы аңыз арқасында «Оқшы ата» деп атап кеткен дейді.

281. ОРДАБҰЗҒАН

Ықылым заманда бір жалпақ жайлы мекенде жыландар ордасы өмір сүріпті. Олардың патшасы Әбжылан деген болыпты. Өсіп-өніп көбейе келе мекендеген жерлері тарлық ете бастайды. Осыны сезген жылан патшасы өздерінің сарбаздарын жинап алып былайша бұйрық береді:

– Уа, сарбаздарым, біз жыл санап емес, күн санап көбейіп келеміз. Қазіргі мекеніміз аздық ететін түрі бар, сондықтан бізбен көршілес жатқан адамзат ауылына шабуыл жасап, жерін тартып алайық. Патшаның жарлығы екі болған ба, жиналған жыландар жақын жерде орналасқан бір байдың ауылына түнделете еніп, көп адамдарды шағып, өлтіріп кетеді. Ертесінде бай халқын жинап алып:

– Әр үйде қанша май болса, соны жинаңдар, қыздырып апарып жыланның ордасына құямыз. Олардың патшасын тауып алып өлтіруіміз керек. Сонда күйген жыландар өледі, қалғандары жер ауып басқа жаққа кетеді, – дейді. «Айтылған сөз атылған оқпен тең» дегендей, тапсырылған істі орындауға кіріседі.

Қыздырып құйған майдан жыландардың көпшілігі өлгенімен патшасы аман қалыпты дейді. Сол күні түнде қалған жыландар патшасының айтуымен бай ауылына шабуыл жасап, барлығын қырып салады. Тек қана еті тірі бір жігіт қашып шығып, Самарқан қаласына кетіп қалады.

Арада көп жылдар өтеді. Жаңағы жігіт саудамен айналысып, әжептәуір дәулет жинайды. Шаңырақ көтеріп, түтін түтетуді ойлана бастайды. Бір күні базарға барса алтыннан құйылған құмыраны бір саудагер арзандау бағаға сатып отыр екен. Қызыққан жігіт оны сатып алып үйіне келеді де, төсегінің бас жағына қойып, ұйқыға кетеді. Түннің бір уағында жаңағы құмыраның ішінен шыққан сұр жылан жігітті шағып өлтіреді. Сөйтсе, бұл жылан баяғы жылан ордасының патшасы екен. Кейін келе халық сол жыландар мекендеген жерді «Ордабұзған» деп атап кетеді.

282. ОРТАУ

Бұрынғы заманда жөн-жоба білетін, үлкен-кішісі бір ауыз сөзіне тоқтайтын Күшікбай деген кісі өмір сүріпті. Талай малдарын ұрыға алдырып, оның есесін қайыра ала алмай жүрген кездердің бірінде ақсақал таңғы намазды оқиын деп түзге шықса, ауылдан бір шақырым қашықтықта бір қос пайда болғанын көреді. Бұл қойдың күзем жүнін қырқып, ел қыстаққа жиналған кезі болса керек. Таңғы намазын оқып болған ақсақал баласын жіберіп, өзінің атқосшысын шақыртады. Атқосшысы келген соң ақсақал: «Бар да, ана қостың жағдайын біл. Ел болса келіп жолықсын де, ал жау болса шауып алыңдар!» – дейді.

Атқосшы қасына сенімді екі жігітті ертіп алып, аттарына мініп, қосқа келеді. «Кім бар, ей!» деп дауыс шығарады. Үйден жасы жиырма бес шамасында, еңгезердей, бүркіт тұмсықты, шүңірек көзді, екі иығына екі адам мінердей жігіт шығып, бұл кісілерге сәлем беріп, үйге түсулерін сұрайды. Бұл кісілер үйге түспей, одан: «Елсің бе, жаусың ба?» деп сұрайды. Ол: «Елмін!» деп жауап береді. «Ал, егер ел болсаң, ауыл ақсақалына жүр!» –дейді. Олар жігітті ертіп, ақсақалға келеді. Жігіт есіктен кіре дауыстай сәлем беріп, екі тізесін бүгіп, екі қолын кеудесіне басып, ақсақалға таяла тоқтайды. Сәлемдесіп болғаннан кейін, ақсақал жөн сұрайды. Сөйтсе, бұл жігіт өз еліне өкпелеп, сүйген жарын қолдың қысқалығымен қалың малын төлеп ала алмай, басқаға айттырып қойғаннан соң, бір түнде басы ауған жаққа өзі бір атқа, қызын екінші атқа мінгізіп қашып шығып, қонған жері екен.

– Төменгі Қарпық деген елденбіз, атым – Ортау, кәсібім – ат үсті жылқы күзету, – деп жігіт әңгімесін тоқтатады. Ақсақал сәл ойланып тұрып, пішініне қарап, «осы жігіт өзіме күш болатындай екен» деп:

– Біздің елде қалуға қалайсың? – дейді. Жігіт екі көзін ақсақалдан алмай:

– Атай, батаңызды беріп, еліңіздің бір шетіне қондырсаңыз, бір әжетіңізге жарармын! – деп күрсініп жібереді. Ақсақал тез барып, лашықты көшіріп әкелуді бұйырады. Өзі алтын қанат ақ боз үйді дайындатады. Жігіттер көшіріп әкеп, кигіз үй тігіліп, мал сойылып, ауыл адамдары жас отаудан, жас келіннің қолынан ас ішіп, астан соң ақсақал шын ниетімен бата беріп: «Сен енді менің балам бол», – дейді. Содан бастап Ортау жігіт осы ауылдың мал шаруашылығына бас-көз болып, кірісіп кетеді.

Бұрын дәндеп алған ұры-қарылар талай түн жамылып келіп, мал ала алмайды. Осыдан бастап, Ортау жігіттің аты барлық елге тарай бастайды. Содан бір қатты жаугершілікте жақ ұртынан қарағай сапты найзаның ұшы кіріп кетеді, тіспен тістеп қалғанда, сап түбінен қараған найзаның ұшын қолымен суырып алып, қалтасына салып қояды. Жауды жеңіп, ауылға қайтқанда, ел ағалары бұған ризашылығын білдіріп: «Нағыз батырдың жұмысын істедің, сен енді батыр Ортау боласың!» – дейді. Содан ол батыр Ортау атанады.

Талай-талай қиян-кесті заман өтеді. Ақсақал Күшекең қартайып қайтыс болады, ал Ортау батыр болса, жас егделеп қалады. Күшікбай қайтыс болар шағында ауыл адамдарын жинап алып, Ортау батырға батасын беріп: «Осы ауыл, енді, Ортау ауылы болсын, сен осы елдің қалғанына ие бол!» – деп өсиет айтады. Содан бастап осы мекен «Ортау ауылы» атанып кетеді.

283. ОТАУТАС

(І-нұсқа)

Ертеде Боранбай деген байдың ай десе аузы, күн десе көзі бар сұлу Гүлжәмила деген қызы болған екен. Қыз өзін айттырған күйеуін менсінбей, байдың жылқышысымен сөз байласып қашады. Қызының батасын бұзып қашып кеткенін естіген Боранбай артынан қуғыншыларын жібереді. Ақыры Гүлжәмила мен жылқышы жігітті ұстап алған қуғыншылар оларды үлкен төбенің басынан лақтырып өлтіріпті. Содан бастап осы төбе Отаутас, екі жастың отауы деп аталған екен.

284. ОТАУТАС

(ІІ-нұсқа)

Баяғыда бір байдың жалғыз қызы болыпты. Сол қызға бір шал құда түседі екен. Бірақ қыздың сүйген жігіті бар екен. Тойға дайындық жүріп, әне-міне болайын деп жатқанда, жаңағы қыз өзінің жігітімен қашып кетеді екен. Бұған ашуланған бай: «Екеуін қуып жетіп, бауыздап өлтіріңдер!» – дейді. Қыз бен жігіт қашып бара жатқанда қуғыншылар жетіп қалады. Сонда қыз Құдайға жалбарынып: «Е, Құдай, өзің мыналардан құтқара көр!» – дейді. Сонда үлкен тас қақ айырылып, қыз бен жігіт тасқа кіріп кетеді де, тас жабылып қалады. Бұл тастың «Отаутас» аталу себебі осылай.

285. ӨЛІ СУ

Баяғы бір заманда бұл жерде бір сараң бай болыпты. Сол сараң бай осы суға батып өлген екен. Сол уақыттан бастап әлгі қарғыс атқан жерде еш тіршілік болмапты. Бұл күнге дейін шабақ та, шаян да жоқ. Қан сұрағандай өмір түнеріп, қызыл түске боялып жатады. Бұрынғы жылдары бұл судың сырын білмеген екі ауыл қонағы суға кетіп қалыпты. Тіпті қысты күні бетіне жалған қабыршық қатады. Сол себепті біздің ауыл ол жерді Өлі су деп атайды.

286. РАЙЫМБЕК БҰЛАҒЫ

Жоңғар шапқыншылығы тұсында Райымбек батырдың бір ісі ел есінде мәңгі сақталған. Ол өз сарбаздарымен қазақ жерін қалмақ жаулап алушыларынан қорғаған екен. Ауыр шайқастар өтіп жатыпты. Бірде дұшпандарды қуып келе жатып, Райымбек жасағы құмға шығып кетіпті. Оларды шөл қинайды. Сөйтіп олар су іздей бастайды. Ұзақ іздепті, бірақ еш жерден су көзі көрінбейді.

Жауынгерлер әлсірей түседі. Сонда Райымбек найзасын бар күшімен жерге шаншып жібереді. Қайта суырып алғанда, жерден шапшып су шығады.

Сол бұлақ Алматы облысының Қарақастек ауылында күні бүгінге дейін бар. Халық оны қасиетті бұлақ деп санайды да, құрметтеп «Райымбек бұлағы» деп атайды.

287. РАХМАН БҰЛАҒЫ

Алтай тауының шалғай түкпіріне жол тартқан жаралы бұғыны аңшы қуа беріпті. Алыстап кеткен бұғының соңынан қуып жеткен аңшы оның буы бұрқыраған батпақта бұлаққа шомылғанын көргенде қайран қалады. Бұл бұлақтың емдік қасиеті бар-ay деген ойға келеді.

Кейін бұл бұлақ осы аңшының есімімен «Рахман бұлағы» деп аталған. Суға шомылған әлгі бұғы жарасынан тез жазылып кеткен дейді.

288. САМАЙ

Сүйіншіқара батырдың ауылын үш мың қолмен түркімендер шауып, батырдың екі қызы Айсалқам, Жансалқам мұңын шағып адай мен таздың балаларына мынадай өлең жазып жіберген екен:

Барсаң сәлем айта бар сегіз арыс адайға,

Екінші сәлем айтайын құнан арыс шабайға,

Үшінші сәлем айтайын қара таздың ішінде

Төремұрат, Өтен, Басықара, Бәкенге,

Және де сәлем айтайын Хан қожасы Самайға.

Сол Самай таздың қожасы таздың Төремұрат, Өтен, Нарынбай батырлармен сөзге келіп қалып:

Қатулансам, қара таз,

Қазаныңды қиратармын! – деген екен.

Соған таздың батырлары ашуланып Самайды келер жолын аңдумен болады. Бірде аңдушыларға жалғыз кездесіп қалып, Самайды қуады. Шұбарши елді мекені жағында «Самай Қарасу» деген жер бар. Қарасуға жете бергенде Төремұрат найзамен шаншиды. Найза тиген Самай Қарасуға құлайды. Самай өте үлкен денелі кісі екен. Оның майы суға ақтарылып түседі, судың бетін май алып кетеді.. Батырлар сол судың үстімен жүз мың жылқы айдап өткізеді. Қожалар Қарасудан самайдың тек бір бармағын ғана тауып алып, бір төбеге апарып жерлейді. Басына шошақ там салады. Қорымда Самай қожаның құлаған тамы және бірнеше балбал тастар бар.

289. САРЖАЛ МЕН ҚОСШОҚЫ

Саржал мен Қосшоқы апалы-сіңілі болады. Анасыз жастайынан әкесінің қолында тәрбиеленеді екен. Бой жетіп туған ұясынан ұшамын деген Саржалға әкесі қатты өкпелейді. Ол қыздарын ешкімге де бергісі келмейді. Содан бір күні Саржалға апасы Қосшоқы көмектесіп, екеуі қашып бара жатқанда, әкесі көріп қойып арттарынан үлкен тас лақтырып, «Тас боп қат», – дейді. Содан бері сол тас үлкен тауға айналыпты.

290. САРЖАН ҚАШҚАН

Саржан батыр Кенесарының жүз адамының басы болған. Кенесары қашып қырғыздың қолына түсіп, Наурызбай бастаған қазақтар қашып, оны орыстар қуып, олар осы жолдың түбіне келіп ұйықтап жатады. Кенесарының Саржан батыры келе жатыр деп Бодық естиді. (Ол кезде Саржан алпыс жаста, кәрі деп есептеледі екен.) Ол Саржанды мен көрейін деп қасына нөкер ертіп келе жатады. Саржан нөкерлері ұйықтап жатып, ат дүбірін естіп орыстар екен деп тұра қашады. Саржан: «Тоқтаңдар!» – деп нөкерлерін тоқтатыпты.

– Бұлар орыстар емес қазақтар, – дейді.

– Оны қайдан білдіңіз? – дегенде, Саржан бір төбеден асқаннан кейін:

– Мен барып біліп келейін. Олар орыстар болмаса керек еді, – деп кері қайтып бара жатса, төбенің басында таудай болып Бодық батыр тұр екен.

– Сені батыр деп естіп сынамаққа келдім, жолымды бер, – деген екен. Сонда Саржан қасқайып тұра қалыпты. Бодық оның қамытын күл парша етіп, уатып тастапты. Намыстанған Саржан жалғыз жебенің оғымен Бодықты атайын деп көздеп жатқанда, Бодық:

– Сен мені өзіңе тигізе алмайды деп ойладың ба? Мен сені сынамаққа істедім. Өзің таудай болғанмен, ақылың жоқ екен. Батыр болсаң тұра қал, тағы бір атайын, – деген екен. Сонда Саржан: «Менен қателік кетті» деп кешірім сұрапты. Содан осы жер «Саржан қашқан» деп аталады.

291. САРЫ СЕРКЕ

Бостан мал фермасының Сары серке деген жері бұрын «Шилісай» деп аталған. Бұл сайдың құрғақ ашасының ауызын Қозы деген бай ұзақ уақыт қыстап келген екен. Ол кісінің малы әр жылы қыстауға орналасқанда ғайыптан бір сары серке пайда болады екен. Бір жылы қыстауға қонғаннан кейін қорада жатқан малдың ішінде әлгі сары серке пайда бола кетіпті. Қозы оны барып ұстағанда, қозғалмай тыныш тұрыпты. Ол серкені сипап тұрып шашын сипаған екен, серке емес теке болып шығыпты. Сонда текеден тіл шығып: «Қолың толды ма?» деген екен. Қозы бұдан қатты шошып, Елсін құмына көшіп кетіпті. Сол жылы әлгі байдың қойы жұтап қалыпты. Кейін таныстары Қозыны мазақтап, «Сары серке» деп жүріп, Шилісай «Сары серке» деп аталып кетіпті.

292. САРЫ-АПАҢ

Сары балуан елсіз шөлде кетпенімен суын мөлдіретіп, құдықты ойып алады екен. Бір күні сол сияқты түскі аялдамада құдық қазған Сары төрт кезге жеткенше су шығара алмай қиналады. Ақырында екі сағатқа жетпей, алты-жеті кез шыңырау қазып, су шығарып алыпты. Құдық қазғанда су шыға қоймаса Сары айтқандай «су азар болса анау қырдың астында шығар» деген мәтел біздің елде осы күнге дейін сақталған.

Сары балуанның үрім-бұтағы осы күнге дейін топ басы балуан. Жиын-тойда Сарыдан шыққан балуан бәйгіні «тәубесіз» алады. Сары тұқымы бір ауылнай ел болып жүрді, осы күні екі колхозға бөлінген. Сарыдан туған қыздың аты Сары-апа екен. Бір жылы көп малға су жетпей, құдық суы тапшы болған соң Ескелді мен Жақсы Бөкембайдың аралығындағы бір ат жон төбенің Баянаула жақ іргесінен Сары-апа шашын түйіп тастап, жалғыз өзі құдық қазған екен. Екі метрге жетпейтін жерден тасқындаған өзендей мол, мыңға іркілмейтін су шыққан. Бұл құдық осы күнге дейін сол қалпында, өйткені тура көк тасты ойып алған, ернеуі балғамен ұрып тұрса да мұжылмайды. Жалғыз осы құдық Едігенің, Шоң-Торайғырдың неше мыңдаған малына бір елі орта түсіп, кеміп көрмепті. Осы күні ол құдық Сары-апан аталады, дұрысы «Сары-апаң».

293. САСЫҚ ЖАРТАС

Қалмақтар мен қазақтардың арасында болған соғыста тарақтының Байғозы батыры, керней, қаракесек Жарылғап батырлары қалмақ жасауылдарына шабуыл жасап, екі жақ айқасады. Қазақ сарбаздары жеңіске жетеді. Қалмақтар қырғын тауып, жеңіліске ұшырайды. Жаз бойы қалмақтардың көмілмей қалған денесі сасып, сол себепті ол Сасық жартас атанған.

294. СОНАЛЫ

Аңыз бойынша бұл жерде айдай алмай, шайнай алмай отырған бір шылқыған бай адам тұрыпты. Байлығының көптігі сонша байлыққа қарамай ол бай ешкімге өмірі ештеңе беріп көрмеген, қайыры жоқ қара жүрек адам екен. Оның бұл сараңдығын естіген бір кейуана өз көзімен көрмекке жолға шығады. Бір күні әлгі байдың үйінің тұсына жарапазан айтады. Бай үйінен дыбыс жоқ. Кейуананың дауыстағанына үйден «Кет, жоғал әрі, қайыршы!» деген жауап келеді. Сонда үйге кейуана кіріп келіпті де, төрде жатқан байға қарап, «Тұр, орныңнан» деп қаһарлана айғайлайды. Бай кейуананың көзінен от көріп шошып кетеді де, орнынан атып тұрады. Сонда кейуана: «Құдай жолына садақа бересің бе?» – дейді. Бай басын шайқайды. Ол енді беліне дейін жерге кіреді. Кейуана сұрағын қайталайды. Бай тағы бас шайқайды. Сонда кейуана: «Әй, сараң, мейлі бермесең берме. Бірақ ел қарғысы, көз жасы жібермейді. Малыңның елге пайдасы жоқ, жоғалсын ендеше!» – депті. Бай жерге түгелімен кіріп жоқ болыпты да, оның малы сонаға айналыпты. Содан әлгі көп сона осы жерді жайлап алған екен.

295. СҰЛУКӨЛ

Ертеде Жетіру жағалбайлы руының бір атақты байының Сұлу есімді көркіне ақылы сай қызы болыпты.

Сұлу ел ішіндегі жігіттерді көзіне ілмей, бір кедей жігітке ғашық болады. Әкесі қызын кедей жігітке бергісі келмейді. Әкесінің шешіміне қарсы болған қыз көлде қайықпен серуендеп жүргенде, суға кетіп өледі. Бай қызының суға батып кеткен жеріне дейін тас төсеп, жол салып, көлдің ортасына белгі қояды. Көлдің атауы бұрын басқаша болса керек. Кейін көлді жергілікті халық Сұлукөл деп атап кеткен.

296. СЫНТАС

Ерте заманда бір байдың қызы ерке, шолжаң болып өссе керек. Бай бойжеткен қызына жасау жасайды. Қызым риза болсын деген оймен бар байлығын жасауға жұмсапты. Көп кешікпей көрші елдің баласы құда түседі. Қыз ұзатылады. Көш үлкен керуен болады да жолға шығады. Көш ұзап кеткенде бай соңынан кісі жібереді. «Қызым жасауына риза ма екен?» деп адам жұмсайды. Сонда қызы: «Қайдан разы болайын, сырығым сырланбады, босағам борланбады» деген екен. Мұны естіген әкесі кетіп бара жатқан көштің соңынан: «Қара тас болғыр» деп қарғаған. Сол мезетте көш үлкен қара тасқа айналыпты. Белес-белес құм төбелерінің арасынан биіктігі 80 метрдей тас алыстан айқын көрінеді. Ол түйе үстінде отырған қыз бейнесіне ұқсайды.

297. СЫРДАРИЯ

Ерте заманда үлкен дарияның жағасында көшпенді халық өмір сүріпті. Осы елді асқан айлакер бір хан басқарыпты. Оның әйелі керемет сұлу болыпты. Хан әйелімен ақылдаспай, ешбір шешім қабылдамайды екен.

Бір жолы хан шапқыншылардың шабуылын тойтарып, ұрыс кезінде жаудың біраз адамын қолға түсіріпті. Хан тұтқындарды дария жағасындағы ескі лашыққа қаматады.

Түнге қарай, таза ауада сейілдеп қайтуға шыққан хан әйелі нөкерлерімен сол маңнан өтіп бара жатқанда әңгіменің қызығына беріліп кеткен көрінеді. Қызды-қыздымен ханша өзінің көрші ауылдағы бір жас жігітті өте жақсы көретінін, таяуда сол жігітпен оңаша кездескенін айтып қояды.

Мұны естіген тұтқындар: "Сен ақылды әйелсің, оған еш дау жоқ. Бірақ ішкі сырыңды жұртқа жайып жібердің, бұл - сенің үлкен қателігің. Енді бізді босатпасаң, хан алдында сені әшкерелейміз!"- дейді.

Сол сәтте ханша: "Өз әйелін тәрбиелей алмаған ханды халық қалай құрметтесін" деп ойлап, тұтқындарды босатып жібереді.

Содан бастап әлгі дария "Сырдария" деп аталып кетіпті.

298. ТАЗТАУ

Бұрынғы заманнан бері қарай Тарбағатай тауының етегінде көшіп-қонып жүрген қазақтардың белгілі емес, аталған таудың бір биік шоқысы турасынан айтылатұғын ертегісі тұқым-тұқымдарын қуалап біріне-бірі айтып, ауыздарынан тастаспай, жан сақтайтын дұғадай-ақ болып келе жатыр. Және мұндай ертегі қылып шығарған таудың атын қазақтар айтады «Тазтау» деп, яғни тақыр тау болған соң.

Және Тазтаудың өзі басқа қатар тұрған шоқыларының бәрінен де биік, шоп-шошақ болып көрініп тұрады. Өзі бек ғайбат әдемі, беткейлерінде ешқашан көрімсіз бір артық болып жатқан тастарын, жалғыз теп-тегіс болып жатқан бетін көкпеңбек болып жауып жатқан тып-тинақ әдемі шөбі көктем менен жаз күндерінде таудың беткейлері парсы жұртының қымбат кілеміндей болып жатады. Тазтаудың ұшар басы алыстан бөрік секілді болып көрініп тұрады. Со көрінген басында қазақтардың ертегі қылып айтуынша осы уақытқа шейін бір батыр тұрады екен және со биік басында бір кезде Айдағұл деген бір батыр тұрған екен, таудың беткейінде өзінің тастан салған үйінде.

Айдағұл жаяу жүрмейді екен. Ұшып жүреді екен жан-жағындағы қазақтарды сақтап. Не қыламын десе де оған қиын емес екен. Қисапсыз көз жетпейтін байлығы бар екен.

Жыл сайын көктем уақытында айтылмыш батырдың қадыр құрметі үшін қазақтардың бәрі де осы күнге шейін тасаттық беріп, құрбан шалу рәсім болып қалған. Мұндай рәсім болғанының мағынасын қазақтар айтады. Бір мезгілде малдарға қатты өлім тиіп, көп малдар қырылыпты. Дәл осы уақытта бір құрметті ақсақал шалдың түсіне кіріп, Айдағұл аян беріп айтады: «Таңертеңменен тұр дағы үлкен-кішілеріңді жиып алып ертіп барып Тазтаудың етегіне әрқайсыларың бір қойдан құрбан бергейсіңдер» деп. Әлгі шал таңертең тұра салып, кәрі-жасын жиып алып, бір-бір қойдан алысып, Айдағұлдың айтқан жеріне қарай жөнелісті. Барысып ертеден кешке шейін Тазтаудың бауырында қызық-тамаша қылып, кеш болған соң ат шаптырысып қайтысты. Сонан кейін малдың өлімі пышақ кескендей тыйылып қалды. Дәл сол күннен бері қарай жыл сайын қазақтар құрбандық беріп тұрады Тазтаудың бауырында Айдағұл батырдың құрметі үшін.

Және осы уақытқа шейін қазақтар сенеді Айдағұл батыр мал-мүлкіменен бүгінге шейін тұр деп және олар айтады Тазтаудың шетіменен жүрген жолаушылар және бұл таудың айналасында тұрған қазақтардың бәрі де айтады: «Түн болған мезгілде адамның даусы шығады», – деп. Дәл таудың ішінен ол қазақтың амандығын сұрап дұға қылып жатқан Айдағұл деп біледі. Жылда құрбан шалатын жерлері ғайбат дала төбе болып, үюлі жатқан отындары менен жыл сайын рәсімдерін қылып, көктем уақыттарында тамаша етіп жатады ықыластарыменен даярланысып күні бұрын еркек-ұрғашылары намаз оқып, ораза тұтып, жас жігіттері жақсы киім тіккізіп, жүйрік аттарын оңдап тастасып.

Және Айдағұлдың қасында бір кемпір бар деп айтады. Кейбіреулер оның қатыны деп біледі. Кейбіреу бір сиқыршы деп біледі. Дәл осы уақытқа шейін екі ру ел қазақтарының арасында талас болып келеді. Найман-Мұрын менен Тума-Тоқмақ дегендердің қайсысына жоғары айтылмыштың анық сенбектері турасынан.

Көкпекті қаласына жақын жерде «Өртентау» деген жер бар. Сол таудың солтүстік күнбатыс жағында Базар-Бағас деген суларына шейін мидай даласы бар. Дәл сол даланың ортасында тұрған шоп-шошақ құбасы бар. Оны қазақтар «Кіндіктөбе» деп атайды.

Және қазақтар айтады сол жалғыз тұрған төбені кемпірдің ұршығы деп. Жоғары айтылмыш кемпірдің бес ешкісі бар екен, әрдайым өзі бағып жүреді екен. Бір күнде кемпір өзінің ешкілерін жайып отырып Тарбағатай тауына шығып отырады. Аяғын Алтай тауына қарай созып салып. Дәл сол мезгілде далада жайылып жүрген ешкісінің біреуіне қасқыр тиіп, тиген заманда ешкісін айырып алмақшы боп қолындағы иіріп отырған ұршығын қасқырға қарай тастайды. Сол тастаған ұршығы барып түседі. Осы күні биік төбе болып қалған мидай дала ішіндегі жер енді сол төбенің өзі, кемпірдің ұршығы дүр.

299. ТАЙ АТҚАН

Бұл аңыз Қозы Көрпеш-Баян сұлу жырындағы Сарыбай мен Қарабай оқиғасына ұқсайды.

Осы Тай атқан жеріне бір ауыл көшіп келгенде осы жерде үйірден қалып қойған ба, әйтеуір белгісіз бір шұнақ құлын жүреді. Ауыл қоныстанып, сол жерді мекен ете бастайды. Ал шұнақ құлын болса, осы маңайдан ешқайда кетпей, ауыл маңын маңайлап жүреді екен. Оған ауылдың халқы да үйреніп, жем-шөп беріп жүреді. Ауылдың балалары оған мініп, тіпті кей уақыттарда үйдің қасына әкеп, байлап та қойып жүрді. Ол өсіп, жетіліп шұнақ құланымыз, шұнақ тай аталды. Ол ешқандай үйірлерге қосылмай, тек адамды маңайлап жүреді. Бірде осы ауылға ұрылар түседі. Жылқы жануарларының сезімі соншама, жаңағы шұнақ тайымыз ауылдағы үйлердің маңына келіп кісінеп, оқыранып, жерді тарсылдатып, үй иелеріне белгі беріп, оларды оятып, ұрылардан аман сақтап қалады. Ұрыларды ұстап, оларға өз жазаларын береді. Осыдан кейін халық бұрынғыдан да қатты жақсы көретін болды. Көрші ауылдан келген ұрылар осы тайға тіс салып жүрді. Тайдың көзін құртпақшы болып, айла ойластырады. Бірде сол ауылдың қоңқа айғыры бір адамды шайнап тастайды, міне осыны пайдаланып, бұл істі шұнақ тайға жауып, істі тындырмақшы болады. Сөйтіп ұрылар қасына бірнеше қария ертіп келіп, көрші ауылдың қасындағы көже апаннан су ішіп тұрған шұнақ тайды атады. Ауылдың бәрі осы жаққа жүгіріп келсе, бәрі кеш екен. Шұнақ тай көже апанның қасында төрт аяғымен дем алып жатқан жылқы құсап отырып мерт болған екен. Осыдан «Тай атқан» деген жер атауы пайда болған.

300. ТАЙ АТҚАН ШҰНАҚ

Адамбай Тұрсын деген байдың тұқымы осы жерді мекендеген. Үлкен бабаларында жасы қартайып, орта жастан асқан шағына дейін үш әйел алса да, бала көрмейді. Содан төрт әйел алады. Осы әйелі екіқабат болып, құлан етіне жерік болады. Өзінің елінің үлкен, кішісін жинап, құлан етін іздестіруді сұрайды.

Елдің үлкендері: «Бұл құланның етін бір тапса осы елдің ақыны, әрі мергені Сары мерген тауып қалар», – дейді. Содан бай Сары мергенді шақыртып: «Өзің әкелсең, өзіңе айғыр үйір жылқы және астыңа жақсы жүйрік ат беремін», – деп уәде етеді. Мерген өзінің аты мен қасына он бір жасар баласын ертіп, жолға шығады. Бірнеше күн жүріп, аңшы мерген сол жайлауда қос шоқыға кездеседі. Бұл шоқыны мекендеген құланның бар екендігін аңға шығып жүргенде біледі екен. Баласына сары Мерген жолда: «Анау қос шоқыда құлан болуы мүмкін, аңға шығып жүргенде осы маңнан бір құланның тезегін көргенім бар еді. Негізі осы шоқыны мекендейді. Сен анау шоқыға қарай қашыр, содан мен осы шоқыда қарауылда отырып атармын», – дейді.

Баласы екінші шоқыға қарай шауып кетеді. Тауды аралап келе жатса, алдынан құлан қашады. Құланның беті тура екінші шоқыға қарай беттеп барады. Сол екі арада әкесі құланды көріп, қашып келе жатқан құланға қарсы мылтығын кезеп, атып қалады. Оқ құланның маңдайынан тиіп, құлан құлап түседі. Еліне баласынан хабар жіберіп, көлік алдырып, құланның етін еліне жеткізеді. Ауылға әкелген соң құланды сояйын деп жатқанда қараса, құланның құлағы шұнақ та, өзі тайдай ғана кіші деген екен.

Содан жаңағы құлан мекендеген қос шоқыны құланның құлағы шұнақ, өзі тайдың үлкендігіндей ғана болғаны үшін «Тай атқан шұнақ» деп шоқыны атап кетіпті. Содан бай өзінің айтқан уағдасы бойынша айғыр үйір жылқысы мен жүйрік атын беріп, қызметіне риза болады.

301. ТАЛДЫБҰЛАҚ ӨЗЕНІ

Осы маңды билеген Ажарбай деген байдың Нұрай атты аса көркем қызы балиғатқа жеткенде: «Кімде-кім осы даланы суландырса, соған тұрмысқа шығамын» жеп шарт қойыпты. Көптеген жігіттердің әрекеті іске аспаған соң Қазығұрт баурайында қой бағып жүрген Алдай атаның балаларының бірі Кендібай «тәуекел» деп жолға шығады. Ол көп қиыншылық көріп жүріп, Сырдария бойына жетіп, қолындағы месіне су толтырып, кері қайтады. Ұзақ жолда таусыла бастаған местегі су да жігіт межелі жерге жақындағанда сүрініп кетіп төгіле бастайды. Жігіт енді месін қолтығына қысып, ауылына келіп, болған жағдайды айтып, месті төңкереді. Ішінде қалған қос уыстай су жерге жата қалып ұйқыға кетеді. Мұны көрген жұрт жігітті аяп, үн-түнсіз тарапты. Келесі күні және аяушылық білдіріп, Кендібайға келгенде нағыз ғажаптың үстінен шығады: кешегі қос уыс су төгілген жерден бір бұлақ су шығып, бағытын Келеске бұрып толқып барады екен, ал Кендібайдың кеше қадай салған таяғы зәулім ағаш болып өсіп кетіпті. Нұрай сұлу сөзінде тұрып, Кендібайға тұрмысқа шығады. Сөйтіп, махаббаттың күші шөл даладан су шығарып, бау өсіріпті.

302. ТАЛШЫҚ

Ертеде бір жасы жеткен әйел күйеуінен айрылып, екі қызымен жалғыз қалыпты. Үй отағасы қайтыс болған соң әйелдің жағдайы нашарлап, бір бойжеткен, бір кішкентай қызының жағдайын жасап, қияға қондырар халі қалмаған екен. Өз беттерімен өскен қарлығаштай майысқан бойжеткен мен сіңлісі өз күндерін өздері көріп, әлек болады.

Күндердің бір күнінде ел арасында әлгі әйелдің үлкен қызы отбасылардың ала жібін аттап, ақырында аяғы ауыр болып қалды деген сыбыс тарайды. Жұрттың айтқан өсегіне, кенедей жабысқан аяусыз атаққа ие болған бойжеткеннің шыдамы таусылып, ақыр аяғында ауыл сыртындағы төбешікте өсіп тұрған үлкен талдың бір бұтағында өмірін қиып, асылып қалған екен дейді.

Айлар өтіп, жылдар өтіп, әлгі әйелдің екінші қызы да бой жетеді. Үлкен қызына кенедей жабысқан атақ бұл қызының да өміріне маза бермейді. «Әпкесі қаймаққа малынып отырған отбасылардың шырқын бұзған, сіңлісі де әпкесінен алшақтамай сондай болады» деген сынды әңгімелер екінші қызының да мазасын алып, тіпті үйден шығуға да шамасы болмайды. Төзімі таусылып, күнін көре алмаған бұл бойжеткен де әпкесінің жолымен әлгі талдың бұтағына барып, өзінің де өмірін қияды екен. Мұндай қайғыға душар болған әйел өз үйінен, өз жұртынан безіп, алыс жаққа кете барады.

Бұл жерге кектенген әйел соңғы сөздерінде осы жердің барлық талдарын қарғап, мұңын шалып кетеді. Есінен ауысқан әйелге көңіл бөлмеген жұрт күнделікті қызу тіршілігін жалғасытар береді. Күндер өтіп, күз келеді. Табиғаттың заңы бойынша ағаштар қурап, қыс келіп, аппақ көрпені жамылады. Бірақ бар пәле көктем келгенде анықталады. Жыл сайын бүршік атып, гүлдей жайнайтын ағаштар тіршілігі жоқ тастай қурап, қатып тұра береді. Көктем өтіп, шыжыған жаз да келеді. Ал әлгі ағаштар бүршік атар емес. Қолдарынан келгенін бәрін жасаған жұрт көңілдерін үзіп, жасар шаралары қалмайды. Әйел болса, тау кезіп, жылдар өтіп, қыздарының өмірі қиылған талдың қасына келіп, қайтыс болған екен. Сол күннен бастап жұрттың ағаштары гүлдеп, олар ну орманның ортасында өмір сүріпті. Дегенмен, ең қызығы, екі қыздың өмірі қиылған талдың бір бұтағы бүршік атпай бүгінге дейін қурап, құрғап тұр екен дейді.

303. ТАРБАҒАТАЙ

Ертеде осы тауды қазақ жерін жаулап алған қалмақтар мекен етіпті. Бірақ түнделікте бұл жер дамылдауға, қоныс қылуға өте жайсыз екен. Қаптаған суыр түні бойы ащы дауыстарымен шаңқылдап маза бермепті. Қалмақтар суырды «тарбыға», ал тауды «тай» деп атайды екен. Сонан осы биікті «Суырлытау» яғни «Тарбағатай» деп атап кетеді. Таудың осы атауы күні бүгінге дейін сол қалпында сақталған.

304. ТАСТӨБЕ

Ертеде асқан бай болады. Байдың ай десе аузы, күн десе көзі бар жалғыз қызы болады. Бай қызын бір кәрі байға атастырып қойып, ержеткен соң бермекші болады. Ал қызының өзінің сүйген жігіті болады, бірақ жігіт кедей. Ал бай қызының кедей жігітпен қосылуына қарсы болады. Қыз әкесінің қарсылығына қарамастан, өз бетімен сүйген жігітіне кетпек болып, жүгін жиып жолға аттанады. Бай қызына ашуланып, “тас болып қатып қал” деп қарғайды. Қыз тас болып қатып, тауға айналады. Содан бұл тасты тау – Тастөбе атанады.

305. ТАСТЫ

Ертеде Тасты деген жер болыпты. Ол жерде ақ, көк, жасыл неше түрлі тастар көп болып, үйіліп жатады екен. Сондықтан да ол жер «Тасты» деп аталыпты. Ол жердің әдемілігі соншалық, әр түрлі тастардан салынған үйлер, қақпалар, гүл сарайлар адам көңілін гүл жайнатып, әлдебір әсемдікті паш ететін еді. Бұл елдің халқы да ерекше жандар екен. Ешқайсысы бір-біріне дауыс көтеріп сөйлемейтін болыпты. Жігіттері шетінен өнерлі, келіндері ибалы, қыздары әдепті, балалары өте әсем, тәртіпті екен. Кішкентай балаларға дейін өнерге, әсемдікке құштар екен. Олар орман-тоғайлардағы әртүрлі аң-құстардың тілін де біледі екен. «Соғыс, қиянат» деген сөздерді өмірі естімепті.

Сол жерде Айқап деген жігіт пен Жұлдыз деген қыз өмір сүріпті. Айқап ағаларынан қалыспай аңға шығып, таудан-тасқа ортекедей орғыған, құралайды көзге атқан мерген болыпты. Жеңгелері сондықтан да Айқапты: «Мынау таудан-тасқа секірген ешкі тәрізді екен», – деп, оған «Ешкі» деп ат қойыпты. Ал Жұлдызды жүрген жерін таза ғып жинап жүргендігіне байланысты «бұл өзі сандықтай тап-сұйнақтай екен» деп, оны «Сандық» деп атапты. Көңілдері жарасым тапқан Айқап пен Жұлдыз отау құрады. Олардың Деркүл атты қыздары дүниеге келеді. Деркүл сұлу, әдемі, қолаң шашы тілерсегін соққан, сөзге сараң болса да, өткір сөйлейтін бойжеткен екен. Күндердің күнінде сол елдің келбетіне, байлығына, мәдениеттілігіне қызығып, көрші елдерде көре алмаушылық туыпты. Сөйтіп, олар ауыз біріктіріп, Тасты жерін жаулап алуға соғыс жариялапты. Ешкі батыр халқын жинап алып: «Ей, халқым, біз соғыс пен қиянатты көрмей өсіп едік, міне енді көрші елдер бізге соғыс жариялады. Соғыс ұрпақты құрту, жастарды жетім-жесір ету, балаларды құл қылу болса, қиянат дегеніміз ауыздарындағы астарын тартып алу, не болмаса киім кигізбеу деген сөз. Ұрпақсыз қалмау үшін біз соғыста жеңіп, елімізді аман алып қалуымыз керек. Сол үшін жағалай жатқан тастардан қорған соғуымыз қажет. Ал, Сандық сен болсаң, мына келіндерді басқарып, кемпір-шалдарға бас-көз болып, сарбаздарға тамақ дайындаңдар», – дейді. Соғыс ұзаққа созылып, ел ішінде ашаршылық басталады, тіпті қара судың өзін де үнемдеуге тура келеді. Сандық әжеміз қорғанды жағалай жүріп, сарбаздарға қараса, қырылып жатқан ұрпақтарды көріп, жаны түршігеді. «Апырмай, мына ұрпақтар нақақтан-нақақ не үшін қырылып жатыр? Біз ешкімге қиянат жасамаған сияқты едік қой, бұлар не үшін өлуге тиіс?

Е, Алла тағала, бұлар неге нақақтан-нақақ өледі,

Мына жауға кім қарсы келеді? – деп екі көзінен жас парлап, екі қолын жайып, Аллаға жалбарынады: «Сен мені өзің жаратқансың, енді менің тілегімді қабыл ал! Мына ұрпақты жазықсыздан-жазықсыз қырғызба. Мына жау өте алмасын, мені соған қарсы қорған қыл!» – дейді. Алла ана тілегін қабыл етіп, үлкен қорған тасқа айналдырады. Соны көріп тұрған Деркүл көзінің жасын төгіп: «Е, Алла, мен де сенің пендеңмін ғой, менің тілегімді қабыл етіп, мені де мына ағатайларыма, ең құрмаса шөлін қандыратын сусынға айналдырып, бұлақ етші», – деп өтінеді. Сол мезетте Деркүл арнасы толқындаған кең өзенге айналады. Бәйбішесі мен қызының тілектерінің қабыл болғанын көрген Ешкі атамыз жүрегі езіліп, артына қараса, қара құрттай қаптап келе жатқан жауды көреді. «Апырмай, мына жаумен кім соғысады, шынымен ұрпағымыз құрығаны ма? Е, Алла, біз неліктен осы жағдайға ұшырадық? Қара ниетті жау біздің жерімізді таптап өтпекші ме? Мені де осы жауды өткізбейтіндей шың-құзға айналдыра көр», – деп Аллаға жалбарынады. Ешкі батыр екі аяқты аң түгілі, қос қанатты құс ұшып өте алмайтындай биік тауға айналады. Бұны көрген жау, бетін кері бұрды. Міне, сөйтіп тұтас бір әулет арқасында Тасты жерінің ұрпағы аман қалды. Ешкі атамыздың жаудан қорғанып, тасты қалап қорған салыңдар деген сөзінен Тасты жері «Тасқала» атанып кетіпті. Осы жердегі Ешкі батыр тауы сол кездегі Айқап атамыз екен де, Сандық тауы Жұлдыз әжеміз екен. Осы таудың етегіндегі Ақтау – әжеміздің кимешегі, жанында ағып жатқан бұлақ – көз жасы екен. Деркүл қазіргі Деркуль өзені екен. Екі жағалауында созылып жатқан қалың тоғай Деркүл апамыздың қос бұрымы екен. Ел арасында Ешкі тауға келіп, аруағына сиынып, Қобыланды батыр түнепті деген сөз бар.

306. ТАТУСАЙ, АЙРАНЖАЛ

Орақтың, қала берді бүкіл Тоқтауылдың басшы адамдары, ағайынды Қабыл мен Маты өзара болмашы жағдайда өкпелеседі. Өкпе арты үлкен араздыққа ұшырайды. Ел жақсылары татуластыра алмайды. Іс сотқа барады. Сот ағайын арасындағы өкпе деп тауып, қылмысты істі аяқсыз қалдырады.

Бірақ өкпе ажырамайды, туыстар бірін-бірі көрмей, қыңыр қалпында жүре береді. Үш жыл өтеді. Күндерде бір күн ағайынды екеуі малдарын жайып жүріп, Құмдыадырдың баурайындағы кішкене сайдың жағасында кездеседі. Сағынысқан туыстар сол жерде ұзақ уақыт құшақтасып амандасады. Отырып, үш жылғы әңгімелерді шертеді. Аттанар алдында Қабекең:

– Осы бір кішкене сайдың аты «Татусай» болсыншы, – дейді. Содан былай Борлыкөл мен Майлысай арасындағы кішкене сай «Татусай» атанады.

Сол жылы күздігүні Қабекең малын Татусайдың бойына жайып жіберіп, інісінің үйіне барып тұрады екен. Барған сайын келіні Тікіш (менің әжем) қатық айран беретін болыпты. Бірде Қабекең: «Мен осы үйге күнде келемін. Келген сайын келін маған қатық береді. Осы бір кішкене жалдың аты «Айранжал» болсыншы», – депті. Содан былай Татусайдың батыс жағындағы жал «Айранжал» атанады.

307. ТАШ КЕШУ, НАРЫНҚҰМ ДЕГЕН АТАУЛАРДЫҢ ТАРИХЫ

Нарын деген 170 жастағы қалмақ кемпірі. Елін бастап Қытайға көшкен. «Үш жылдай мал төлдемесін, ер-әйел бала таппасын, жан басы бір-бір тас кірпіш ала жүрсін» деп әмір еткен. Еділден тас кірпішті тастап өткен. Атты қазақтармен соғысқанда «қырық жастан жоғарғы адам, ер, әйел алда отырып соғыса берсін. Көшті тоқтатпасын. Қырықтан жоғарғы қарттар ұрпақ үшін құрбан болсын» деп әмір еткен.

308. ТӘТТІ АУЫЛЫ

Ілгеріде бір бай перзентке зар болған екен. Әбден қартайған шағында сүйікті әйелі жүкті болыпты. Күні жетіп қалса керек. Бір күні әйелі өзен аңғарында жүріп босанып қалыпты. Босанған баласы қыз болған екен.

Бай қуанып ұлан-ғайыр той жасапты. Сөйтіп сол өзеннің атын «Қызтуған» деп қойыпты.

Бай сол ауылдың игі-жақсыларын шақырып, қызының есімін Тәтті қойған екен дейді. Бірақ сол қыз шілде айларында өзенде шомылып жүріп, батып кетсе керек. Ел жадында сақталған осы екі атау осы күнге дейін бір аңыздың желісімен келеді. Ал кейбір кісілер бұл жердің Тәтті аталу себебі, мұнда ең бірінші орыс қызы Татьянаның қоныстануы десе, енді біреулері күнделікті қолданылып жүрген судың тәттілігінен дейді.

309. ТЕКЕС, АҒАЯЗ

Есте жоқ ертедегі заманда тайпалар арасындағы болған жаугершілік кезінде қырғыздың Манас батыры мен қытайдың Әлмамбет батыры бірлесе отырып жоңғардың Текес есімді батырымен соғысыпты. Қиян-кескі соғыс барысында Манасты жеңе алмаған Текес батыр сиқыршысы Ағаязға айла істеттіріп, үлкен аңғарға біткен тоғайды сиқырмен қалың қолға айналдырып, Манас батырға төтеп береді екен. Бұл айласын сезе қойған Әлмамбет батыр қалың тоғайға сиқырмен өрт қоя беріпті. Нәтижеде Текес пен Ағаяздың қалың қолын жеңіпті. Қырғын соғыстан кейін халық үлкен өзенді жоңғар батырының атымен «Текес» атапты да, жоғарғы аңғарындағы тармақ өзеннің атын «Ағаяз» атап кетіпті.

310. ТЕМІРЛАН

Отырар іргесінде көз жұмған Әміршінің сүйегін жанашыр серіктері сырт жанға көрсетпей, өлгенін айтпай, "әмірші науқастанып келді" деген желеумен алып бара жатып, осы күнгі Темірлан деген жерге келгенде қалың әскер Темірдің қайтыс болғанын біліп қойып, сыр ашылған көрінеді. Міне осыдан барып ол жерді "Темірлан" атапты деп баяндайды. Оның Темір емес, Темірлан атану себебі әскер ішінде Темір арқылы лаң шықты, шу шықты дегенді білдіреді дейді.

311. ТЕМІРЛАННЫҢ ОРЫ

Алтынемел бекетіне алты шақырымдай жерде дәл Алматы қаласына қарай жүретұғын почта жолының үстінде бихисап үлкен уа белгілі мидай даламенен жүріп кеткен ор – қаһарлы мәшһүр Орта Азия жайдарын жаулап алған Темірланның, кейбір жерлері жер болып өсіп кеткен. Осы күнде белгісіз де боп қалған, неше уақыттар өткен соң бұ айтылмыш оры, мұсылмандардың айтуынша, Балқаштан Іле суына шейін барса керек. Осы ор турасынан мағынасын тұрмыс жайындағы қазақтар әлі ұмытқандары жоқ өздеріне ие болған адамының істегеніне көре һәм біздерге әр нешік мағынадарын көрсетіп берген еді.

Төменде жат айтылмыш:

“Темірланның бастап жалғыз-ақ баласы бар еді. Оны әрдайым атқа мінгізіп, жалғыз жүргізуші еді ешқашан нөкер, яки жолдас бермейінше. Темірланның мұндай қылғанының себебі мынау деп айтады: Жалғыз баласы болған соң, соның өзіне «рәуіш атқа мықты, шыдамды, ширақ болсын жас балам» деп тілеуші еді дейді. Бір күні жас бала өзінің жақсы көретұғын атына мініп алып, далаға шығып кеткен. Елден алыс далаға барып, бір топ құланға кез келіп, қаю құландармен бірге шауып кете берген мидай елсіз далаға шығып. Сол жерде аттар со қадары баланың быт-шытын шығарған, жалғыз оның үзеңгісінде аяғының басы ғана қалған, баласы құрыған.

Сансыз қолдарының адамдарын шақырып алған және қанша баскер адамдарын шақыртып, со қадары жастары бірдей қыздары да шақыртып алған. Оларды қатарлап қойып, бір еркек бір қыздан Балқаштан Ілеге шейін. Берген еркектерге кетпен, ұрғашыларға күрек, бұйырған: «терең қып ор қазыңдар» деп, егерде оның әмірін тез орнына келтірсе, оларды бір-біріменен қосып қоюға уағда қылған. Қашан қисапсыз үлкен ор даяр болған соң, бұйырған өзінің баскер адамына: «атқа мінісіп, сол жайдағы бар құландарды орға айдаңыздар» деп, тым болмаса осылайша қып өзінің жақсы көретұғын баласының құнынан бір нәрсе таппас па екен деп. Қалай айтылды, солай өздерінің бас иелерінің қалағанын орнына келтіріп, әр тараптан бар құландарды айдап, орға келтірген. Айтады, бірақ құтылып кеткен бір ақсақ құлан ғана деп. Өңгелері орға түсіп, қырылған екен. Сол құландарменен Темірланның баласының мінген аты да өлген. Сол өлген аттан тапқан екен оң үзенгісінде қалған баланың аяғын ғана. Соны тапқан соң Орта Азия жұртының үкім иесі риза болған дейді.

Темірланның баскерінен құтылған ақсақ құлан турасынан қазақтар өлең қылған. «Ақсақ құлан - Жошы хан, жүрегім жаман шошыған», яғни Темірлан дегені. Мұндай шығарғандары қазақтардың көрсетіп тұрады қаһарлы Темірланнан қорыққандарын. Міне, осылайша» деп тәмам еткен бихисап үлкен Темірланның оры турасынан.

312. ТЕМІРХАН ӘУЛИЕ ЖӘНЕ ҚОЖАМ

Бұрын ағалы-қарындасты екі әулие болыпты. Ағасының аты Темірхан, қарындасының аты Айшамхан екен.

Күндердің бірінде екі әулиенің қастас дұшпандары оларды өлтірмекші болады. Темірхан әулие қара нарға азық-түлігін артып, қарындасын мінгізіп, өзі тұлпарына мініп алыс жолға сапар шегеді. Бірақ оның жаулары да өкше ізіне түсіп қуады.

Темірхан әулие қуғыншы жауларымен соғыса қашып, кеш бата Бостан сайына ілініпті. Күн батып кеткендіктен Бостан сайын өрлеп қалың мәуелі терек өскен бір жасаңды жерге келіп түнепті. Қазір бұл жерді әулие түнеп аттанған жер «Жай Қожам» дейді.

Жай Қожамға түнеп аттанған екі әулие Бостан сайын өрлеп, Дүңгенжайлақ арқылы Ақтас сайының басынан түсіпті. Ақтас суының басына келіп демалып, ағасы шөмшек теріп, қарындасы нан илеп, түстік тамақтың қамына кіріседі. Тұлпарын арқандап қояды, қара нары алысырақ барып жайылып тұрады.

Дәл осы мезетте қуғыншылар келіп басып қалады. Қара нар жау қолында қалады. Сонда Темірхан әулие қолын жайып тұрып «тасқа айнал» дегенде қара нар тасқа, илеп отырған нан ақ тасқа айналыпты.

Қазір Ақтас сайының су басында қара нар сияқты жалғыз өркешті қара тас, судың шығыс жақ беткейінде шашылып жатқан ақтас бар болып, ел оны әулиенің тасқа айналған илеген наны мен қара нары дейді. Сондықтан бұл жер «Ақтас Қожам» деп аталыпты. Ақтас сайының аты да осыған негізделіп қойылған екен.

Темірхан әулие сол кезде қарындасын мінгесіте қашып жаудан құтылып шығыпты. Қызыл қораны өрлеп, мұздық тақтайының батыс қыратын қыраттай қашып, бір жерге келгенде жан-жағы түгел қамау-қамау жартас болып жол таба алмай қалады. Қуғыншы жау да жетіп оларды қоршап алады. Сол кезде қара жер қақ айрылып әулиелер жер астына түсіп кетіпті.

Кейін бір моллаға түсінде Алла аян беріп: «Сен Темірхан әулиенің жатқан жеріне басына күмбез орнат» депті. Әулиенің жатқан жерін нұсқапты. Әлгі молла күмбез орнатып, өлгенше сол күмбезге қарапты.

Қазір де Қожамда екі күмбез бар, біреуі ағасы Темірханның, енді бірі қарындасы Айшамханның қабірі дейді. Және бір тас үйілген шоқы бар, оны «Тұлпаршоқы» дейді. Ол жерге әулиенің тұлпары өлген екен.Күмбез орнағаннан кейін бұл жердің аты «Қожам» (әуелде әулиенің бейіті, күмбезі делінеді екен) қойылып ел сиынатын болған.

Ислам дініндегі ұлттардың бәрі де Қожамды құрметтейді. Жайшылықта Қожамға келгендер Құран оқымай өтпейді. Әсіресе қазақ халқы Қожамның тұсынан өткенде әйелдер аттан түсіп жаяулап өтеді. Ерлер ат үстінде үзеңгіден оң жақ аяғын шығарып, дұға оқып, иман айтып өтеді.

313. ТЕРЕКТІ

Ерте заманда Ермек деген батыр елінде еншілеп кеткен бір бәйге атын қайтарып алмақ болып, жолға аттанғалы жатқанда, жолдасы тұрып: «Енді біз қай жерде кездесеміз?» деген екен. Сонда Ермек: «Егер мен күрең бәйгімді алып қайтсам, осы тұрған жеріміздің жол жиегінде бір теректен қиған таяқты шаншып кетем, ол менің олжалы қайтқандығымның белгісі болмақ» деген екен.

314. ТЕРІСАҚҚАН

Қазақ даласын хандар әулеті билеп тұрған заман. Сол заманда халыққа жауыздығымен белгілі Айтық деген хан өмір сүріпті. Ханның төрт ұлы болыпты дейді аңыз. Хан бір күні ұлдарын жинап алып:

– Мен асарымды асырып, жасарымды жасап болдым, дәм-тұзым таусылар уақытым да жетті. Мен өлгеннен кейін осы билеп отырған жұртымды қанап, ауыз болып, елдің малын жесеңдер де байлығым мен атағымды сақтап қалуға уәде беріңдер, – дейді.

Үлкен ұлдары әкесінің сөзін құп етіп, уәдесін береді. Сонда кенже ұлы тұрып:

– Мен халқымның малын жеп байығанша, өмір бойы тақыр кедей болып өткенім артық. Маған арам байлықтың керегі жоқ, – деп әкесі мен ағаларына қарсы шығады.

Оған ашуланған әкесі үлкен ұлдарына кенже ұлын өлтіруді бұйырады. Ағалары інісінің кол-аяғын байлап, ел ішіндегі өзеннің біріне лақтырып жібереді. Інісі сол өзеннің тұңғиығына батып көз жұмады. Сол кезден бастап, төртінші өзен үш өзеннің ағып жатқан бағытына теріс ағатын болды. Сол себепті қаланы Терісаққан деп атап кеткен дейді аңыз.

315. ТОҚТАМЫС

Тоқтамыс қырық шақты адамымен аталмыш бұлақтың жағасында дем алады. Іштерінде екі-үш сарбазы жансыз боп шығып, Тоқтамыс пен ұйқыда жатқан жолдастарын шетінен бауыздап қырып салады. Ертеңіне азанда сол елдің дихандары осы жағдайдың үстінен түсіп, ішіндегі шала жансар бірінен "Тоқтамыстың қолы едік" дегенді ғана ұғып, бәрін жерлепті. Содан бастап ол жер "Тоқтамыс" атаныпты.

316. ТОЛАҒАЙ

(І-нұсқа)

Бұрынғы өткен заманда апайтөс Арқаның бел ортасында бір қауымдық жұрт өмір сүріпті. Жағалары жайлауда, жандары рахатта тамаша ғұмыр кешкен. Шұрайлы жерден қоныс алған малға да, жанға да бай өлкенің тұрғындарында: «Бізде барлығы да бар. Бірақ сол мал-жанды қорғайтын батырымыз болса екен”, – деген бір ғана армандары болыпты. Күндердің күнінде бір отбасында алтын айдарлы алып бала дүниеге келіп, ел-жұрты болып үлкен той жасайды. Сол нәресте жыл санап емес, күн санап ержете бастайды. Туған-туысқандары да көркейіп келе жатқан баланы өз атымен атамай көз тимесін деп, Толағай дейтін болыпты. Сөйтіп баланың аты Толағай атанып кетеді. Күндердің бір күнінде жер қуаңшылық тартып, жаңбыр болмай, ел күйзеліске ұшырайды. Халықтың басына түскен ауыртпалық Толағайды да қатты мазалапты. Сонан бері Толағай Дана деген қарт ақсақалға барып, ақыл сұрапты. Сонда қарт айтқан екен:

– Қарағым Толағай, біздің жеріміз жазық, бұлт үйіріліп тоқтайтын тауы жоқ. Жаңбырдың болмауы сол себептен, – дейді. Толағай айтқан екен:

– Ата, сіз рұқсат етсеңіз, мен барып бір жерден тауды арқалап алып келсем болмай ма? – дейді. Сонда қарт айтқан екен:

– Шырағым Толағай, елді ойлап егіліп тұрсың-ау! Тау арқалап әкелу оңай болмас, дегенмен ондай талабың болса, оңтүстік өлкеде Алатау деп аталатын алып таулардың ақсақалы бар, рұқсатты сонан сұрарсың, – деп батасын береді. Сөйтіп, тауды арқалап әкелуге сайланған Толағай сапарға шығыпты.

Арада ай өтеді, жыл өтеді. Бір күндері Ақ басты Алатауға жетіп, “Ассалаумағалейкум” деп сәлем беріпті, өзінің талап-тілегін айтыпты. Маңғаз Алатау талапты ерге зор қошемет көрсетіп, етегінде орналасқан бала тауды Толағайға арқалатып қоя береді. Алғашқыда аяғын ширақ басқанымен иығына түскен салмақ еңсесін езіп, бірте-бірте әлсірете бастайды. Арада көп уақыттар өтеді. Арқасында тау, әлсіреген, қансыраған Толағай елінің шетіне іліге бере тізесі бүгіліп, құлап түседі де ұйқыға кетеді. Арқасындағы тау болса батыр жігітінің үстінен басып қалыпты. Сонан сол Толағай күні бүгінге дейін тау астында ұйықтап жатыр дейді. Ал, жаңағы Бала тауды ел «Толағай» деп атап кетіпті.

317. ТОЛАҒАЙ

(ІІ-нұсқа)

Бұрынғы заманда бір үлкен алып бар екен. Бұл алыптың екі баласы болыпты. Кіші баласы Ертістің суына шомылып жүріп суға кетіпті. Алып үлкен баласымен қанша дамыл таппай қиналып іздесе де, баласының сүйегін таба алмапты. Сонда Алып Ертісті бөгеуге ойлап, баласын ертіп алып Тарбағатай тауларына келіпті. Бұл тауларда бұлар Толағайды иығына көтеріп өздерінің ойлағанын орнына келтіруге Ертіске қарай жүріпті. Жол үстінде бұлар Қалба тауының етегіндегі өздерінің үйлеріне қонуға тоқтапты. Әкесі баласына айтыпты: «Бүгін сен жалғыз жат. Қатыныңмен жолықпа», – деп. Баласы әкесінің өсиетін тыңдамаған себептен таңертең әкесіне қолғабыс қыла алмай Толағайды Ертіске шейін апара алмапты. Әкесі қайғыланып Толағайды Қалба тауларында тастап кетіпті.

318. ТОПАР

Ертеде Топар, Жандар деген екі ағайынды жігіттер болған екен. Екеуі де әрі өжет, әрі батыр екен. Ол кезде қалмақтар жаулай бастаған екен. Қалмақтар мынадай шарт қойыпты: «Бұқа мен бұқаны сүзістірейік, айғыр мен айғырды төбелестірейік, балуан мен балуанды күрестірейік, егер де осы үшеуі де жеңіске жеткен болса, жерді бейбітшілік жолымен тастап кетеміз» деген. Сонда қазақтардың бұқасы да, айғыры да, балуаны да жеңіске жеткен екен. Содан осы сайыс болған жер Топар деген кісінің құрметіне қойылған екен.

319. ТОРАҢҒЫЛЫ ӘУЛИЕ

Ертеде ғайыптан ба, әлде көктен бе бір бала пайда болады. Бұны біреулер қыз екен дейді, біреулер ер бала екен дейді. Бірақ негізінен ер бала көрінеді. Сол бала жас кезінде қайтыс болып, сол жерге жерленеді. Кейін баланың бейіт басына Тораңғылы ағашы пайда болып, дарақ болып өсіп шығады. Бала бейітінен қасиетті жағдайлар көрініп, халық баланы әулие бала деп жориды. Сонымен сол бейітті «Тораңғылы әулие» деп атайды. Тораңғылы ағашының бір бұтағын кесіп, не шауып алған адамдар көрер көзге зардап шегіп ауырғандары байқалады. Содан кейін бір де бір адам бұтақ алмайтын болған.

320. ТӨЛЕЙ ТОҒАЙЫ

Осы жерлерде бір уақыттарда, шынында да, биік қараған ормандары өсіпті. Бүкіл айналаны байлығына сараңдығы сәйкес келген бай иемденіпті. Оның мыңдаған бас қой, түйелері мен қонды үйір-үйір жылқылары болыпты. Оның үлкен қазандарында күні-түні хош иісті ет қайнап жататын. Бұл астан байдың әйелдері, бала-шағасы мен малайлары ғана дәм тата алады екен. Байдың дүние-мүлкі жеткілікті еді. Тек ол жомарт жүрек пен қайырымдылықтан жұрдай, қызғаныштан үнемі жүрегі сыздап жүретін жан еді. Бірде қыстың орта кезінде сұрапыл боран соғып тұрғанда адасқан үш адам шаршап шалдығып жүріп байдың үйіне тап болады. Жаурап, қатты жел өтіп тотыққан олар байдан көмек және пана сұрайды. Бірақ сараң бай малайларына қонақтарды аулақ қуып жіберуді тапсырады.

Әлсіреген, үміті үзілген жолаушылар бай ауылынан көп ұзамай, қинала-қинала көз жұмған. Оларға соңғы баспана болған шоқ қарағай еді. Қар тоқтап, долы жел бәсеңдегенде қоныстағы адамдарды үрей билейді. Шоқ қарағай өскен жер қатқақ жалаң құмға айналады. Үш биік құм төбе үш молаға ұқсайды. Шоқ қарағай тып-типыл болып, бұлақтар кеуіп қалады, бос қалған құдықтардың қабырғалары опырыла құлап, қарғыс атқан жерден тіршілік те жойылады.

321. ТӨРЕҚҰМ

Бұрынғы кезде Сыр өзеніне жақын жатқан бір сілем құмның дәл түбінен дарияға қарай қара жол өтеді.

Бір жолы сол соқпақпен келе жатқан топ аттылардың ішінен біреу Құмшоқының қасына жеткенде: "Па, шіркін, мына құм қалай әсем үйілген, құмның төресі десе де болғандай екен-ау!"- депті таңданысын жасыра алмай. Сол сол-ақ екен, әлгі жігіттің қасындағы кісілер: "Бәрекелді, өте тауып айттың, құмның төресі Төреқұм десе, дегендей-ақ!"- деп қуаттай жөнеліпті.

Кейін сол жер "Төреқұм" деп аталып кетіпті.

322. ТӨРЕСАЙ ЖЕРІ

Ертеде ел ауыл арасындағы жер дауы, жесір дауы, мал дауына билер төрелік жасап, дұрыс-бұрыстығын солар шешіп айтып отырған. Әрине, олар осындай кесім жасап төрелігін айтатын жерді де өздері таңдап, белгілейтін болған. Осындай орынға кез-келген жерді белгілей бермейтіндігі тағы белгілі. Сондай төрелік айтатын жер «Төресай» аталып кеткен дейді.

Осы Төресай атауы жайында да әрқилы аңыз-әңгіме бар. Бұл шындыққа саяды. Айтушылар бұл атаудың екінші бір шығу тегін сайдың бай табиғат көркімен байланыстырады. Едірей тауының ішіндегі сайдың ең көріктісі, әсем жер болғандықтан, сайдың төресі екен деп риза болысқан. «Төресай» атауы содан шыққан дейді.

323. ТӨРЕТАМ

Өткен ғасырда Кіші жүзден шыққан Жәрімбет деген кісі өзінің ұрпақтарын Қармақшы ауданына қарасты Төретамға қоныстандырған көрінеді, бір шеті сонау Жалағаш ауданы, «Жаңа талап» қолхозынан бастап, мына жағы «Қараң», «Жеті асар» маңы, «Сырдария» өзенін жағалап Дерментөбе, Сартоғай, Елшібай, Төретал, солтүстігі «Келіншек жалын» (қазіргі Байқоңыр) Жәрімбеттен тараған Әлен, Бұрқыт балалары мекен еткен. Олар Сыр бойын жайлаған, кейін қыстау салған. Ол заман Сырдария өзені ол шеті мен бұл шетіне көз жетпейтін толқыны аспанға атқан кез болса керек.

Бір жаздың жаймашуақ күнінде суға кетіп, ағып бара жатқан бір кісіні осы елдің азаматтары судан шығарып, ат шаптырып жан-жаққа хабар жібереді. Көп ұзамай көп адам келіп, өз адамдарын жинап, биік төбенің басына үй, там салдырып жерлеген екен, рулары төре болып шыққан екен.

Содан бері Төретам аталып кеткен. Үй, там жолаушылап бара жатқан кісілерге ық-пана болған. Жергілікті халықтан «бұл үй, там кімнің тамы?» деп сұрағандарға «Төренің тамы» деп жауап береді екен.

324. ТӨРТКҮЛ ЖАЗЫҒЫ

Ертеректе бұл жазықты бір бай иемденіп, мекен етіпті. Бай үш әйел алса да бір де бірі бала көтермепті. Төртінші әйелін алғанда бір қыз тауыпты. Қызды әйелдердің барлығы да жақсы көріп, ортақ мәпелеп тәрбиелепті. Қыз бойжетіп, сол маңдағы бір кедейдің ақылды баласына ғашық болып, тимек болады. Бұл жағдайды білген залым әкесі: «Менің қызым кедейге тие ме» деп намыстанады да қызын сабап өлтіріп қойыпты. Кейінгі кезде қыздың төрт шешесі қызды еске түсіру мақсатында жазықтың төрт бұрышына әтейілеп жемісті бақша орнатыпты. Жеміс-жидек ағаштары жетіліп аппақ қардай болып гүл ашады. Бұл жерді көрген жұртшылық содан бастап «Төртгүл» деп атап кетеді. Кейін келе «Төрткүл» болып өзгерген делінеді.

325. ТӨРТКҮЛ ТӨБЕ

Баяғыда қай ғасыр екені белгісіз бұрынғы Қарасора (қазіргі Кеңес Арық) ауылында бір үлкен аждаһа пайда болыпты. Ол елге тыныштық бермепті. Малды малдай, адамды адамдай қырыпты. Ауыл адамдары әбден сасыпты. Осы ауылда бір молда болыпты. Ол әбден бұл аждаһаны сиқырмен дуалап, бірнеше ғасырға сиқырлап қатырып қойған екен. Содан сол молданың құдіретінің арқасында ауыл тыныштық тауып қалыпты. Сол аждаһаны ауыл сыртындағы Төрткүл деген төбеге қырға көміпті. Оның аты осы күнге дейін Төрткүл төбе деп аталуда екен.

326. ТҰМСЫҚ

Осы жерде жеті қат жерді тесіп шыққан мөлдір бұлақ болыпты. Бірақ бұл бұлақтың айналасы жан маңайлатпас саз батпақ екен. Бір күні бір үйір бұқа келіп су ішпек болса керек. Бір бұқа ең жақын келіп, балшыққа түсіп кетеді. Батып бара жатқан бұқаның денесі көрінбей кетіп, тек тұмсығы батпай қалып қояды. Содан бір адамның малы жоғалып, іздей келгенде осы бұлақ маңайынан табылады. Сұраған адамдарға тұмсықты бұлақтың қасынан таптым деп жауап беріпті. Тұмсықты бұлақтың келе-келе балшығы азайып, елге қоныс болыпты. Содан бері бұл жер Тұмсық деген атауға ие болған екен.

327. ТҰРСЫНБИКЕ ТАУЫ, ЖАҚСЫҚЫЛЫШ ТАУЫ, ЖАМАНҚЫЛЫШ ТӨБЕСІ

Жақсықылыш, Жаманқылыш Шора ханның баласы деседі. Тұрсынбике Асан қайғының қызы, Абаттың қарындасы деседі. Ағайынды екі жігіт Шора ханның баласы Жақсықылыш пен Жаманқылыш Тұрсынбикеге ғашық болыпты. Екі орта телегей теңіз су болғандықтан ғашықтар бір-біріне қауыша алмапты. Екі жігіт атпен жағалап, күндіз-түн жүріпті. Тұрсынбике бау қамыстан шом байлап, салы ағызып, ортаға шам жағып, белгі беріп суға түскен көрінеді. Салыны арман-бермен жел айдап ағыза беріпті. Жаманқылыш Жақсықылыштың аттары терең суға түспей, салыдағы Тұрсынбикеге қауыша алмапты. Салыны жел айдап, таудың етегіне келіп қайырлап тоқтап қалыпты. Қасында жолдасы жоқ Тұрсынбике күзгі қара суықта жаурап, салы үстінде өліпті. Жаманқылыш Тұрсынбикеге қауышуға ант етіп, атты кештіріп жақындай түсіп келгенімен бір жетідей су үстінде арман-бермен өте алмай ылдиға түсіп кетіп, су жұтып өледі. Жақсықылыш та атты дүздіріп кештіріп кейін қайтпайды. Бұл батыс бетті жағалап жолды ұзартып алып, бұл да су жұтып өледі.

Абат батыр қарындасы Тұрсынбикенің осындай халге душар болғанын сезіп, атын мініп, найзасын суға бойлатып биік-биікті жағалап, өткелден-өткелге атты дүздіріп өтіп келсе, таудың етегінде салы қайырлап, үстінде қарындасы Тұрсынбике өліп жатқан үстінен шығады. Өз басы шаққа келген Абат батыр Тұрсынбикені ауылға алып қайтуға мүмкіндік таба алмайды. Сол тауға апарып қарындасын жерлейді. Сол тау Тұрсынбике тауы аталып қалады.

Енді Тұрсынбикенің батыс бетін жағалап, атты судан кештіріп дүздіріп келе жатып, таудың етегінде жас жігіт өліп жатқанын көреді. Абат батыр өлікті жерлеп, Жаманқылыш төбесі атандырып кетеді.

Абат батыр шаршап, су үстінде күндіз-түн жүріп, елге қайтуға кіріседі. Найзасын суға бойлатып, тайыз жерді кешіп, терең жерден дүзіп отырады. Тауға жақындап, енді құрғақшылыққа шығам дей бергенде, таудың етегінде сұлу жас жігіт өліп жатқан үстінен түседі. Бұны да Абат батыр қолтықтап әкеліп, тау басына жерлейді деседі. Бұл тауды Жақсықылыш тауы атандырып кетеді. Бұл үш ғашықтар бір-біріне қауыша алмай телегей теңіз судан жол тауып жүре алмай, күзгі қара суықта су ортасына түнеп өліпті.

328. ТҮЛКІБАС

О баста бұл жер Майлыкент аталған екен. Осы Майлыкент өңірінде Түлкібас деген әулие кісі өмір сүріпті. Кезінде елге көп жақсылығы тиген, әр түрлі ауруларды емдеп, жазыпты. Өзінің әулиелігіне қарамай ол кісі өте қарапайым болғанға ұқсайды. Бірақ, ел ішінде оған сенбейтін, күле қарайтын адамдар да бар екен. Қасиетті Түлкібас оған еш мән бермеген. Бір күні Түлкібас әулие қазіргі Түлкібас ауданының орталығы “Ванновка” мен “Азаттылық” колхозының шекарасында орналасқан Қосемшек деген төбенің етегіндегі өзенге түйесін суғармақ болып жетелеп бара жатады. Сол кезде оған сенбейтін, сол ауылдың біраз адамы артынан әжуалай қарап, күліп тұрады. Бұған шыдамаған Түлкібас әулие артына қарап, әлгі адамдарға түкіріп қалыпты. Сол сәтте олар езіліп кетіп, барлығы он екі адам бір-бір бастауға, бұлаққа айналады. Осыдан бастап ел оның қасиеттілігіне сене бастайды. Кейіннен ауырған адамдар қасиетті әулиенің түкірігі бар деп, сол бастаудан су ішетін болыпты.

Сонымен Түлкібас әулие өмірінің соңына дейін жұртты емдеп, елге көп жақсылық істеген. Өлер алдында ол кісі былай деп айтқан екен: “Мен өлген соң мені Қосемшектің жоғары төбесіне жерлеңдер. Үстіне үш дәу тас әкеліп, біреуін оңға, біреуін солға, біреуін аспанға қаратып қойыңдар”, депті. Оның бұл тілегін халқы өзгеріссіз орындапты.

Күндердің күнінде осы елге жау шабады. Бірақ елге жақындағанда жаудың аттары аяқтарын алға баспай қойыпты. Әбден әуреге түскен жау аттарын алға бастыра алмаған соң кері қайтады. Естіген ел аң-таң қалады. Кейін Түлкібас әулиенің үстіндегі оң жаққа қарап тұрған тастың жоқ болғанын көрген жұрт бұл кереметтің сырына түсінгендей болыпты.

Тағы бір жылы қатты қуаңшылық болады. Көктен бір тамшы тамбай ел ашаршылыққа ұшрайды. Сол кезде бүкіл ел жиылып, елдің беделді бір адамын басшылыққа алып Түлкібас әулиенің басна келіп жалабарынады. Әлгі елдің беделді кісісі: «Егер осыдан көмектессең, атыңды өмір бойы ұмытпаймыз», – дейді.

Сол кезде қабірінің үстіндегі аспанға қарап тұрған тас домалап түсіпті. Тастың үлкендігі сонша, сол тастан бірталай адам мерт болалы. Дәл сол мезетте аспанды бұлт торлап, жаңбыр сіркірейді, артынша ақ жауынға айналады.

Содан соң жұрт уәде бойынша сол өңірге Түлкібас атын беріпті.

329. ТІЗЕБҮККЕН

Жуантөбенің Бетпақдала жақ бөктерінде «Тізебүккен» атты ботаның көзіндей мөп-мөлдір бұлақ бар. Әрі өтіп, бері өтіп жүргенде «не себепті «Тізебүккен» атанды екен? деп қайран қалушы едік. Бірде осы өңірдің көне көз бір қариясынан бұлақтың не себепті «Тізебүккен» атанғанын сұрадық. Сонда көнекөз қарт ойлы жүзін Бетпақтың меңіреу жазығына бұрып былай деп еді:

– Қарашаның бұлтындай жалғасы шұбаған қалың көшті көз алдыңа келтір, шырағым. Көштің маңдайы Сарыарқаға қараған... Түн түнегі түріліп шөже торғайдың әлсіз шырылы «таң келеріні» мәлімдеген шақта моншақтай тізілген түйе керуені тағы да жолға шығады. Алды-артында үміт блып елес берер бұдыры жоқ иесіз дала осынау тіршілік қамшысы айдап келе жатқан керуеншілерге қырыстанып, міз бақпастан сазара түседі... Керуеншілер тілін түсінген үнсіздікте зарыққан үмітпен дамыл-дамыл алға қарайды. Маңдай тіреп, тізгін тартар мекенді.. тізе бүгер орынды сағынышпен еске түсіреді. Тағаты таусыла асығады, аңсайды... Бірақ өмірдің өзі сияқты мына жол, мынау дала жеткізер ме. Тіршілік атаулының діңкесін құртып, тандырын кептіріп, қайратын сарқа түседі. Керуеншілердің емешесі құрып, ентелеп сонда да алға ұмтылады. Осылайша қажыған көңілді әлсіз үмітпен жұбатып, жылға бергісіз ұзын сары көктеменің бір күнін тағы да батырады. Мұндай сәтте діңкесі құрып титықтаған керуен жер бетінде ұмыт қалғандай құлазып, тағы да елсіз, күнсіз сары даланы түнек етеді. Ұзақ жүріп келіп дамыл алады. Түйелердің бұйдасын тартып, тізесін бүктіреді. Міне, шырағым, аттың жалы, түйенің қомында ғұмыр кешкен қазақ атаңның осындай бір тыныс алып, тізе бүккен жері болар бұл бұлақ, – деп қария сөзін аяқтайды.

330. ҰЙҚЫДАҒЫ БАТЫР

Бұрынғы өткен заманда адал тірлігімен тіршілік еткен бір қауым жұрттың шайқасына келіп, бір жеті басты айдаһар орын тебеді. Елге қаһарын төгіп, күн сайын жеті басына жеті жылқы, жеті сиыр, жеті қой және жеті адам алып отырыпты. Бұл жаңағы айдаһардың күнделікті тамағы екен. Осындай қахатшілік заманнан ел әбден ығыр болады. Күндердің бір күнінде құрмалдыққа белгіленген мал-жанды апара жатқан топқа бір жолаушы қарсы кезігеді. Бойы ересен биік, алып мүсінді тұлғалы адамның келбетіне сүйсінген жігіттер уақиғаны бастан-аяқ баян етеді. Сонда жаңағы батыр ел үшін айдаһарды өтірмекке бел буып, қолына алмас қылышын алып жалғыз өзі кетеді. Ашуланғанда айдаһардың аузынан от-жалын шығады екен. Айқасқа түскен батыр жеті баспен жеті күн арпалысады. Жетеуін де жеңген ақ алмасымен ажал қаптырған батыр қатты қалжырап ұйқыға кетеді. Шала-жансар жаны қалған айдаһардың бір басы соңғы күшін жинап, ұйықтап жатқан батырға от сеуіпті. Соның салдарынан жаңағы батыр тасқа айналып кеткен екен. Сол кезден бастап халық сол тасты «Ұйқыдағы батыр» деп атап кетеді.

331. ҰМСЫН ТҮСКЕН

Жаздың бір жайдары кезі еді. Шағын ауыл үлкен бір қарбалас үстінде. Әр тұстан әзіл-оспақ, күлкі, балалардың көңілді шуы естіледі. Дөңгелете тігілген жеті-сегіз киіз үйдің ортасындағы шағын қотанда орнатылған тайқазанда буы бұрқырап ет пісіріліп жатыр. Қазандық басында екі-үш жас келіншек еттің дұрыс пісілуін бақылап жүр. Бір кезде балалардың: «Келді, келіп қалды», – деген қуанышқа толы дауыстары естілді. Киіз үйлерден жүгіре-жүгіре шыққан адамдар қара жолдың үстімен шаңдата жарысқа түскендей жүйткіп келе жатқан төрт арбаны көреді.

Қос ат жегілген сәнді арба ауылдан бір шақырымдай жердегі бұлақтың басына тоқтайды. Бұл келе жатқандар ауылға келін әкеле жатқандар еді. Бұлақ басына түскен келін қасындағы серік қыздарын ертіп ауылға беттейді. Ауылдан домбыра тартып, ән айтқан бір топ қыз-келіншек жастарға қарсы жүрді. Орта жолда бәрі қосылып әзілдесе күлісіп ауылға келеді. Сегіз қанатты ақ үйдің тұсына жас келінді қоршай жақындап келген жастарға ақ жаулықты аналар шашу шашады. Жас келінге қарт ана отқа май құйғызды да, оң аяғымен аттатып, ақ ордаға кіргізеді. Кейіннен осы жас келін түскен бұлақ басы «Ұмсын түскен» аталыпты.

332. ҰРАНҚАЙ ТАУЫ

1928 жылдардағы ұжымдастыру кезінде Кеңес үкіметі байларды қонфискациялап, жасырғаны бар ма деген күдікпен бұл төңіректе де қатты тексеру жүргізіпті. Тексеруге келген екі шолақ белсенді тау басында көне моланың барын біле тұрса да, оны байлардың қоймасы, олардың жасырған дүниесі осында деп, моланы қаздыртыпты. Бір-екі метр тереңдіктен кейін үлкен тасқа кезігіп, оны жылжыта алмапты. Тексерушілер: «Ертең түйемен тартамыз», – деп қайтып кетеді. Сол түні екі жігіт бірдей түс көреді. Түстерінде қыз бен жігіт: «бізді мазаламаңдар» деген екен. Ертеңінде екі жігіт қорқып, мола жаққа аяқ баспапты. Сөйтсе, бұл жерге жаугершілік тұста қалмақтың Ұран есімді қызы мен Қай есімді ұлы қатар жерленіпті. Содан тау «Ұранқай» деп аталып кетіпті.

333. ҮКІЛІ БЕЙІТ

1915 жылдары Кәрібай деген сарбас мекендеген. Сол Кәрібайдың үлкен қызының тойын жасап ұзатқалы отырғнада қыз тосаттан ауырып қайтыс болады. Кәрібай қызын сол жерге қояды. Мезгілсіз қазаға қабырғасы қайысқан ата-ана қызының шоғы мен үкісін қабырғасына шанышқан ағашқа байлап қояды. Содан бастап бұл жер «Үкілі бейіт» атанған.

334. ҮКІЛІ ҚЫЗ

Ертеректе Қарауыл - Жасық елінде Маман деген байдың жалғыз қызы бар екен. Ұл бала болмаған соң қызды ерекше тәрбиелеген. Ерке қыз серілікке салынып, еркектерше киініп, садақ атып, ержүректігімен елді тәнті қылыпты. Сонымен қатар бөркіне үкі қауырсынын қадап жүреді екен.

Бір күні Опан қыз жігіттермен көкпар додасына түсемін деп, аттан жығылып аяғын сындырады. Төсек тартып жатып:

Опан қыз өзім атым әкем қойған,

Тойыма қуаныштан қошқар сойған, – деп әндетеді. Әннің қайырмасы «Алла-ay, аяғым-ау» деп бітеді екен. Кейіннен жайлау сол қыздың атына берілген дейді.

335. ҮШБАСТАУ

Ерте заманда бұл арада бір көл болыпты. Көл маңы көк жайсаң, қара құйрық, құлан, бұғы сияқты аңдардың мекені екен. Аққу, үйрек, қаз қатарлы құстар да осы арада өсіп-өніпті. Солтүстіктен оңтүстікке баратын жыл құстары ұзын сапардан қанаты сайран салып жалғасты сапарына бет түзейді екен.

Бір ақсақалды кария күнелтудің жолын іздеп қызын ертіп сапарға шығыпты. Әкелі-балалы екеуі қағыр далада қаңғырығы түтеп, су таба алмай кария өлуге айналыпты. Олар кенеттен көлді көріпті. Қыз үш тостаған алып суға жөнеліпті, ол су алып қайтып келсе, әкесі әлдеқашан жан үзіпті. Қыз әкесін құшақтап жылай беріпті. Осылайша үш күн, үш түн жылап есінен таныпты.

Қанша уақыт өткені белгісіз құстардың сайраған дауысынан есін жинаған қыз қараса үш тостаған қойған жерден үш мөлдір бастау пайда болыпты да бір-біріне қосылып, ен далаға қарай ағып жатыпты.

336. ҮШОБА

1932 жылы ел аш. Тігерге тұяқ, ішерге ас жоқ. Тамақ іздеп, қайыр тілеп ел кезген жұрт ауылдан-ауыл кезіп жүр. Беттеген жерге жете алмай жол шетінде аштан бұратылып өлгендер қаншама. Сондай күй кешкен ауылдардың бірі Жалтыр ауылы. Әбден ашыққан ауыл адамдары қорек іздеу мақсатымен жан-жаққа бытырап кете бастайды. Сонда ауылда «өлсем де өз үйімде өлем, жолда қаңғырып өлмеймін» – деп, Бестай деген кісі ғана әйелі және баласымен бірге қалған екен. Бір ауылдан сол жалғыз үй қозғалмай қалады. Ақыры аштық бітеді. Азапты қыс өткен соң, тірі қалғандар елдеріне орала бастайды. Жұртта қалған жалғыз үйге келсе, Бестай әйелі, баласымен бірге өліп қалыпты. Мұндай аянышты өлімге бар ауыл қайғырады. Сөйтіп, үшеуін сол күйімен жерлейді. Ауылдың сыртындағы үш бейіт сол аштықтың белгісіндей шошайып әлі тұр. Содан бері Жалтыр ауылы «Үшоба» атанған екен. Бірақ 1960 жылы совхоз болып құрылып, оған өзінің «Жалтыр» деген аты қайта қайтарылған болатын.

337. ХАН ҚАШТЫ ЖЕРІ

Бөкейханның баласы Асан төре бейіті әлі күнге Бесоба мен Тоқтар ауылының екі ортасында тұр. Асаннан Бек пен Абай туған.

XVII-XVIII ғасырлардың орта кезінде қалмақтар шапқыншылық жасаған кезінде Асан төре Бесобаның Қарағандыға шыға берісіндегі Жаңа ауыл деп аталатын жерін жайлаған. Асан көзі тірісінде екі баласына жер таңдап ал деген.

Бек Сөк деген інісімен жер қарап Қоңырқұлжаға келеді. Ол кезде пілтелі мылтық тек дуан басшысында болады екен. Сол мылтықпен жолға жүйрік ат мініп, Сөк пен Бек шығады. Асан төре төрт жүз-бес жүзден жігіттерді ат үстінде әскер есебінде ұстапты. Бек, Сөк екеуі Қоңырқұлжаны аралап келе жатса, Әулие бұлақ басында отырған қалмақтың 10-15 кісілерін көреді. Бек аттан түсіп, Сөкке атты беріп: «Сен көрінбе, мен басшысын атамын», – дейді. Тастың қуысында көрінбейтін жерден пілтелі мылтықпен ортасында отырған үлкен басшысын атып қалады. Бек өте мерген болыпты. Басшысы қолма-қол оққа ұшады. Иесіз тауда мұндай болады деп ойламаған қалмақтар улап-шулап атқа міне салып, жан-жаққа шауып, атқан кісіні іздейді. Бек тас қуысында тығылып бәрін көріп отырады. Қалмақтар сол жерде «Орынбай» асуы деген жерге басшыларын қуысқа көміп кетеді. Қазір ол жер «Хан қашты» деп аталады. Сөк болса Бек өлді деп атты жетектеп қаша жөнеледі. Содан 75 шақырым жайлауға шауып келіп, Бекті қалмақтар өлтірді деп аттандайды. Асан төрт жүз сарбазды атқа қондырып: «Жер, көкті сүзіңдер, қараңдар, тірі деп сүйінші сұрап келген кісіге жер, қыстау берем, алдына мал берем», – деп жар салады. Жігіттер Қоңырқұлжаға келіп, тау-тасты, орман тоғайды сүзеді. Сол кезде таудың қуысында арқардың құлжасын атып алып, етін қақтап жеп отырған Бекті көреді. Мұны көрген Мұңсызбай деген есігінде жүрген жас жігіт астындағы тайыменен жетпіс бес шақырымдағы Асан отырған жайлауға шаба жөнеледі. «Тірі-тірі» дегенге тілі келіп құлап түсіпті. Тай болса қолма-қол өліпті. Асан төре Тоқтар ауылының жанындағы қыстақты «Мұңсызбай» деп атайды.

338. ХАНТАҒЫ

(І-нұсқа)

Ертеректе қол астындағы халықтың мұң-мұқтажымен санаспаған қатыгез, мейірімсіз хан өмір сүріпті. Елдің жағдайын ойлап, олардың тұрмыс-тіршілігіне көңіл бөлетін ешкім болмаған соң, жұрт аштыққа ұшырап, адамдардың арасында жұқпалы ауру тарапты.

Осы кезде әміршінің құлағына: "Ойбай, хан аулына қара құрт қаптап келеді"- деген хабар жетеді. Бұл тажалдан құтылу үшін қаһарлы хан биік жотадан өзіне арнап тездетіп тақ салуға бұйрық береді. Тақ әзір болған кезде хан сонда ауысып алады да, төменге күзет қояды. Ханға ең сенімді даяшыдан басқа ешкім қатынамайтын болады. Сөйтіп, келе жатқан пәленің амалын таптым деп ойлаған хан емін-еркін өмір сүруге кіріседі. Бірақ өкінішке орай, әлгі тамақ әзірлеуші даяшының бөркіне жабысып келген қара құрт ханды шағып өлтіреді.

Бұқарадан бөлініп, өзінше жан сауғаламақ болған ханның ажалы осылай жеткен деседі. Ал әміршінің тағы тұрған жер кейін "Xантағы" аталып кетсе керек.

339. ХАНТАҒЫ

(ІІ-нұсқа)

Қаланы қалмақтар мен торғауыттар, ойраттар басып алған кезде халықтың ашу кегінде шек болған жоқ. Бүтін қазақ даласы ант-су ішіп, атқа мінді. Басқыншы ханға да жан керек. Ол халық қаһарынан корқып, Түркістаннан жиырма-отыз шақырым жердегі таудың биігіне шығып, хан тағын орнатты. Тауды айнала әскермен қоршап, күндіз-түні күзет қойдырып, елге билік жүргізді. Бірақ Қалмақ ханның өмірі де жеңісі де ұзақ болмады. Оны сол таудың басында, шатырында шарап ішіп, мас болып жатқанда қарақұрт шағып өлтіреді. Содан бастап хан шатырын тіккен тау «Хантағы» аталады.

340. ШАҒЫРАЙ

Ертеде осы Тікенектің бойын мекендеген Шоңайбай деген байдың жылқысын найман Шағырай ұры барымталап алып кетеді. Сонда Шоңайбайдың баласы Рақымжан соңынан қуып барып, Шағыраймен бетпе-бет кездеседі. Ақыры соққыдан Шағырай өліп, оның сүйегін таудың етегіне көмусіз тастап кетеді. Сөйтіп, сол тау «Шағырай тауы» деп аталып кеткен.

341. ШАЖАҒАЙ

Ұлы жүз, Жетісу бойының Шажы деген өндірдей жас жігіті сүйгеніне қосыла алмай, өз елінің шынжыр балақ, шұбар төстерінен зәбір көрген соң, өкпелеп Арқаға көшіп келіпті. Арқа елі Ұлы жүздің жүдеп, жабырқап келген бір жігітін жалғыз екен деп бетке қақпай, жарлы екен деп қомсынбай, қолтығынан пана, қойнауынан мекен жай беріпті. Көп түкірсе, көл емес пе? Шажы аз жылда-ақ ақ төбедей үй тігіп, ақ бөкендей қой айдап, Арқаның бір аруымен жарасқан екен. Өзінің де халыққа қадірі артып, ел-жұрт санасатындай ақыл-парасаты мол азамат болып есейсе керек. Ол бітістірген рулар мәңгіге дос болып, айтқан төреліктері жүйесін тауып, естіген құлақтың айызын қандырады екен.

Күндердің бір күнінде Шажының атақ-даңқын естіген Ұлы жүздің ер-азаматтары аяққа жығыла келіп, Шажыдан елге қайтуын өтінеді. Сонда Шажы: «Мен өз елімде отырмын. Туған жердің сауыры тарлық етіп еді, Арқасына жылжып қоныс тепкен екенмін, оның несі айып!» – депті.

Шажы ұзақ жасап, сексеннен асып дүние салғанда Орта жүз, Ұлы жүз болып күңіреніп, осы өзеннің бойына арулап қойған екен. Халықтың қалауымен, ел ақсақалдарының пәтуасымен ардақты азаматтың есімін ұрпақтың есінде қалдыру үшін осы өзенді «Шажы» деп атапты. Алайда қадірлі қарияның есімін атай салудан қымсынған кейінгі ұрпақ Шажы ағай деп кетсе керек.

342. ШАЙТАНКӨЛ

(І-нұсқа)

Баяғыда бір байдың Сұлушаш деген қызы болыпты. Байдың есігінде жүрген Тезек деген құлы Шұнақ деген күңімен қосылып, одан Алтай туады. Ол ер жетіп, Сұлушаш екеуі бір-бірін сүйеді. Бірақ бай қарсы болады. Алтайдың Қайсар деген досы, Сұлушаш үшеуі елден қашады. Олар Қарқаралының маңайындағы Жиренсақал деген жерді мекендейді. Сол жерде аң аулап, құс ұстап, күндерін көреді. Бір күні Алтай құс аулап жүріп, құзға кездеседі. Сол құзға бүркіт ұя салған екен. Алтай одан бүркіттің балапанын алмақшы болады. Бірақ жолы болмай шыңырауға құлайды. Сұлушаш Тескен таста сырнай тартып отырады. Біраздан соң артынан ырылдаған дауыс естіледі, қараса артында арыстан тұр екен. Содан қорыққаннан көлге құлап өледі. Қайсар Сұлушашты іздеп осы жерге келсе, көлдің бетінде қыздың көйлегі, тақиясы жүзіп жүреді. Ол да сол көлге құлап өледі. Содан кейін бұл көл «Шайтанкөл» атаныпты.

343. ШАЙТАНКӨЛ

(ІІ-нұсқа)

Ерте уақытта екі жолаушы Қарқаралының ну орманын аралап жүріп, бір маралға кез болыпты. Сол маралы өздерінің тазыларын қосады. Содан әлгі маралды тазылар қуа жөнеледі. Екі жолаушы олай да ойлайды, бұлай да ойлайды. «Бұл не сұмдық? Сағым ба, шайтан ба?» деп таңырқап тұрғанда, иттердің дауыстары естіледі. Ол дауысты қуып, екі жолаушы жобалап келсе, әлгіндегі марал бір көлшікке түсіп тұрған екен. Жаңағы маралды алып, ауылға аттанғалы жатып, «Бұл не зат, сағым ба, шайтан ба?» деп ойлайды. Содан бері бұл Қарқаралы маңындағы «Шайтанкөл» атауы осыдан қалған екен.

344. ШАЙТАНКӨЛ

(ІІІ-нұсқа)

Бір күні кешке қарай тау басындағы көлге барса, дыбыс шығады, ағаш арасынан бақылап тұрса, адам бейнелі біреулер суға шомылып жүр екен. Егделеу еркек бейнелісінің барлығы: «Әплит, әплит» деп бәйек болып жүрген сияқты. Әлгілерге білгізбей, шегініп кетіп қалады. Ертесіне елсіз алаңда тағы келеді, сөйтсе әлгі ібілістер тағы шомылып жүр екен. Әйел бейнелі егделеу біреуіне: «Жәплит, жәплит» деп бәйек болып жүр екен. Сонда Жиренсақал әулие: «Бұл өсіп өнетін ібіліс екен ғой. Әплиті – әкесі, Жәплиті – шешесі ғой» деп шыдай алмай дұға оқып, айқайлап жіберіпті: «Малғүндар! Енді кездессеңдер, маймылға айналдырып жіберемін!» деп ақырған. Әулие одан кейін де көлге бірнеше рет барған және түнеген де екен, бірақ шайтандарды қайтып кездестірмеген. Содан кейін ол шағын көл «Шайтанкөл» атанып кеткен екен.

345. ШАЙТАНКӨЛ

(ІV-нұсқа)

Баяғыда бұл көлді әулие мекендеген, суына беті-қолын жуған деп жұрт киелі су санапты. Жұма сайын қожа-молдалар бастаған байлар келген екен. Жағасында Құдайға арнап мал сойып, Құран оқытады. Шаншар ішінде Торсықбай дейтін қу болған. Бірде сол әлгіндей топтың үстінен шығады, құрбанға шалынған малдың мол етінен қарбыта асап, сары қымыздан сылқыта жұтармын деп жұтынады. Бірақ жуандар жыртық шапанды кедейді табаққа жолатпайды. Бұған қорланған қу ішінен «тұра тұрыңдар, бәлем!» деп кете барады.

Бір күні әлгілер көлдің басына тағы жиналады. Шартық қарын шүй желкелер мол табақты алдарына енді ала бергенде жақын жерден үрейлі үн шығады. Артынша тастардың бірінен сақалы сала құлаш, шашы жалбыраған бір мақұлық селтиіп шыға келеді. Үрейі ұшқан қожа-молдалар күбірлеп дұға оқиды, бірақ әлгі пәле тайсалмайды, дауысын құбылтып, құтырынып жақындай береді. Сол кезде қатты үрейі ұшқан бір бай орнынан ұшып тұрып, көзі алақтап:

– Ойбай, шайтан! – деп төмен қарай зыта жөнеледі. Қорқып отырған жұрт орындарынан қопарыла тұрып, тым-тырақай қашады. Оларды шайтан боп үркітіп жүрген Торсықбай ешкі терісінен жасаған кепті шешіп тастап, «пісмілда» деп, жайрап қалған асты қолға алады. Содан бері әулиекөл осылай Шайтанкөл болып аталып кетіпті.

Ал бұл туралы орыстар басқаша айтады. Бірде аңшылар атып алған бұғыны кейін бір айналып кеп алмақ боп осы Шайтанкөл жағасына қалдырады. Қайта келгенде көлді таба алмай: «Шайтан алғыр-ай, қайда кетті?» – деп іздесе керек. Бертінде шіркеудегі поп көлді бұрынғысынша атайық деп тақтайға жаздырып қойса, жұрт оны аулаққа лақтырып тастап, «Шайтанкөл» деп атапты.

346. ШАЙТАНТӨБЕ

Бір күні Шонай жылқы жайып жүріп, шаңдатып келе жатқан көп арбаны алыстан көреді де, ағасы Игілікке хабарлайды. Өзі подвоттың алдынан шығып, амандық-саулық сұрасып, өзен жиегіне арбаларын доғарыстырып, қастарында жүреді. Кіре тартатын солдаттар – орыстар. Бүгіл бекетіне суға түсіп, тамағын ішіп, арағын ішіп, аттарын шалдырып, үш-төрт сағат тынығатын әдеті. Бұрынғысынша аттарын тұсап, жатаған төбенің өзекшесіне отқа қоя беріп, өздері тынығады. Бұл уақытта Игіліктер жасырынып келіп аттардың тұсамысын ағытып, жаяу өзек бойымен айдап отырып Қаратұмсықтың қалың шиіне кіреді де, қалың тал арасына байлап кеткен өз аттарына мініп, ұрлаған жылқыларын қуып кетеді. Орыстар дем алып, жүруге ыңғайланып, өзекте жайылып жатқан аттарына келсе, біреуі де жоқ. Ол уақыттағы орыстардың бәрі қазақшаға судай. Сонда біреуі тұрып: «Әй, мына шайтан төбе біздің аттарымызды жұтып қойған ба?» – депті. Содан бастап бұрын атаусыз топыдай ғана төбешік «Шайтантөбе» атанып кеткен.

347. ШАЙТАН КӨПІР

Ерте заманда ел билеуші хан болған екен. Ол тек өз айтқанымен, өз білгенімен жүреді екен. Содан ол бір күні кезінде мола болған жерді жойып жібереді. Сол моланың жанында ауылды екіге бөлген көл бар екен.

Хан сол мола болған жерге ел қондырып, егін екпекші болады. Елдің молдалары, діндарлары ол жерге көшпеуін, тиіспеуін өтінеді. Бірақ хан өз айтқанынан қайтпайды.