ТОПОНИМДІК АНЫЗДАР

Содан ол көлге үлкен көпір салдырады. Күн батқан соң, кеш қарайып қалған кез болатын. Ол өзі салдырған көпірден өтіп, арғы бетті көрмекші болады. Көпірден өтіп, жұмысына ырза болып, ел көшпекші болған жерді көріп қайтады.

Ертеңінде ертемен тұрса ханның аузы бір жағына қарай қисайып кеткен екен. Бұны көріп хан да, қара халық та қорқып, таң қалады. Ол ауыл молдаларынан жөн сұрайды Сонда молдалар бұны көріп, жағаларын ұстап, таң қалысады.

Ауыл имамы ханға:

– Сен ата-бабаларымыздың жерін аяққа бастың, олардың әруақтарын қорладың. Киелі жердің мазасын алдың. Содан аруақтар су бетіне, жер бетіне шығып жүрген. Сен көпірден өткенде, саған істеген аруақ немесе шайтандардың ісі бұл, – деп айтады.

Содан бұл көпір «Шайтан көпір» деп аталып кеткен. Сол ауыл да «Шайтан көпір» ауылы деп аталып келеді. Көпір осы кезге дейін сақталған. Бірақ мола болған жер ауыл емес, зират орнына айналған. Алайда адамдар кеш батса, сол көпірден өтуге, жанына жолауға қорқады.

348. ШАЙТАН ҰРШЫҚ

Бір уақытта мұнда хан сарайы болыпты. Мол дүниенің буына мастанған хан қарауындағы халық туралы мүлдем ұмытып, күні-түні сауық-сайран, қызық-думан құрыпты. Жаратқан ие ханның азып-тозған халқын көріп, салтанатты сарайын тас-талқан қылады да, сен малғұнға керегі осы деп, ақымақ ханның өзін тас шайтанға айналдырыпты. Түн болса-ақ ақымақ ханның бұрынғы қыз-қырқындары шайтан болып, сандарын шапалақтап, сан-сапалақ болып шыға келеді екен де, «Шайтан тасты» мазақ қылып, жанында ұршықша айналып жүреді екен.

349. ШАЛДАБАР

Ертеде қырғыз бен қазақ елінің шекарасында орналасқан ауылға бір орыс қолөнершісі келіп қоныстаныпты. Әр түрлі бұйымдарды ауыл адамдары сол орыс шалдан сатып алады екен. «Егер құрал-сайманнан мұқтаж болсақ, барлығын сол жақтан табуға болады» – деген сөз көп ішіне тарап кетеді.

– Әй, осындай кетпенді қайдан таптың? – десе:

– Бұл кетпеннің үлгісі шалда бар.

Сұраушыны сол орыс шалға жіберетін көрінеді. Содан былай бұл ауыл «Шалдабар» деп аталып кетеді.

350. ШАҢТИМЕС

Ертеректе Шилібай деген бір бай болыпты деседі. Шилібай бай мал-жаныма жайлы жер осы болар деп қоныстанған екен. Байдың үйір-үйір жылқысы, табын-табын қара малы бар екен. Түйелері мен қойлары да өте көп болса керек. Осыншама байлық Шилібайға біткенімен, Алла оны бір перзентке зар қылыпты. Шилібай мен бәйбішесі күнде Аллаға жалбарынып бала тілепті.

Күндерің күнінде жылап-сықтап жүргенде Құдай тілектерін беріп, Шилібай елу жасқа толғанда бәйбішесі жүкті болып, тоғыз ай, тоғыз күн өткенде толғатып перзент әкеліпті. Ол қыз болса керек. Қыздың атын ақылдасып Назым қойыпты. Көптен аңсаған армандары орындалып ерлі-зайыптылар қатты қуаныпты. Маңайындағы би, болыс, сұлтандарды шақырып, ат шаптырып, көкпар тартқызып, бәйге тіккізіп, қыруар мал сойып, той жасапты.

Күндердің күнінде уақыт өте келе Назым бой жетеді Ол өте сұлу болыпты деседі. Қалың өскен шашы тізесінен төменге түседі. Аққұба реңді келбетіне қиылған қара қасы мен майысқан ұзын қалың кірпігі жарасып тұр. Сөйлегенде үлбіреген жіңішке еріні мен оймақтай ауызы арасынан көрінген біркелкі тістері күріштей аппақ, белі тал шыбықтай. Нәзік біткен саусақтарына таққан алтын, гауһар тасты жүзіктері күнмен шағылысып жалт-жұлт етеді. Құлағына таққан сырғасы, қолындағы күміс қалың білезігі, мойнына таққан алқасы, қос бұрым етіп өрген шашына таққан шашбауы, үстіне киген желбіректі сәнді көйлегі мен қаптырма тағылған камзолы өзіне жарасыңқы, әрі Назымның сұлулығын асыра түскен тәрізді.

Шилібайдың мақсаты елу жас төңірегінде көрген қызын көзінің тірісінде оңды қолға ұзатып, құтты орнына қондырмақ. Назымға сырттай ғашық болып жүрген бозбалалар аз емес-ті. Жалғыз қызы болғандықтан, Шилібай ерікті өзіне берген болатын. Шилібайдың үйіне жан-жақтан құда түсушілер ағылып жатты. Құда түсіп жатқандардың ішінде қызды тоқалдыққа алмақ ойы бар алпыстан асқан шалдар да, өзіне емес байлығына қарайтын шығар деген оймен келіп жатқандар да бар.

«Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, тепсе темір үзетіндер, домбырамен ән шырқап, өзін суырыпсалма ақындығымен таныстыра келгендер, мергендер мен балуандар қыздың көңілінен шыға қоймады.

Күндердің бір күнінде Назым айықпас дертке шалдығып, әке-шешенің басына қара бұлт төнгендей болды. Күні-түні қыздың қасынан шықпай, аңдумен болды. Төсек тартып жатып Назым сұлу дүниеден өтіпті. Шилібайдың жүзі қара түнек басқандай, отырған жерінен қозғалмай, қабағы түйліп:

– Құдайдың маңдайыма жазған соры бес елі екен. Не жаздым мен осынша қайғыға душар болатындай, не жазғаным бар еді? Не, не жаздым? – деп мұңайып қала берді деседі.

Қызының бейітін шаң тимесін деп биік таудың басына жерлепті. Сондықтан осы тау ел аузында «Шаңтимес» аталып кетіпті.

351. ШАҢЫРАҚКЕМІР ЖАЙЛАУЫ

Бұл жерде Оспан деген байдың жазғы жайлауы болған. Жаз келе Оспан өзінің көптеген туған-туыстарымен, малымен осы жайлауды мекендейді. Бұл жердің шөбі қандай! Осы шөптен жеген жылқының құлындары тайдай, бұзаулары өгіздей, қозылары тоқтыдай болған, ал маңайында әр түрлі жидектер молынан кездескен.

Оспан бай туыс, көршілері арасында ең беделді, ауқатты болған, онымен қоса әрі адал болған, кедейлерге талай көмегін тигізіп отырған. Оспанның ауылы тату-тәтті, тыныш өмір сүріп жатқанда, ұжымдастыру кезеңі басталды.

Көптеген ауқатты адамдардың, солардың ішінде Оспанның байлықтары, малы тартылып алына бастады. Оған қоса ашаршылық басталды. Ауыл қалған мүліктерін жиып көше бастады, көптеген адамдар тамақ татпай, шетінен қырылды. Бір күні ауылда жейтін еш нәрсе табылмай, тұрғындар киіз үйлерін құлатып, шаңырақтарын кеміре бастаған. Бұл сұмдық бірнеше күн бола берді. Басқа жақтан орнында шаңырақтары кемірілген киіз үйлерді көрді. Содан бұл жайлау «Шаңырақкемір» деген атауға ие болған.

352. ШАРБҰЛАҚ

Бірде Ысмайыл ата өзінің диқандарына осы маңнан тегістеу жер тауып, қауын егуді тапсырады. Диқандар пірлерінің айтқанын екі етпей, етектен жазықтық жер тауып, қауын еккен. Еккен егін түгел көктеп шығады. Бірақ аздан кейін су тапшылығын тарта бастайды. Осыны есіткен Ысмайыл ата диқандарға еріп, қауындыққа барған. Жер құнарлы, егін тегіс шыққан, тек су жоқ. Ысмайыл ата ауылдың ішін аралап, Қаракемер деген төбеге шығып, айналаға көз тастап алады да, егістіктің шығыс жағына келіп, жер қыртыстарын және саралап барып, қолындағы асатаяғымен төрт жерді түртіп қалады. Сол төрт тесіктен атқылап бұлақ шығып, бір құлақ суға айналып, айналаны ылғалға айналдырады. Осы төрт бұлақтан (Шар бұлақ) шыққан су бүкіл алқапты суландыруға жетеді. Ысмайыл ата енді бұл бұлақтардың суы қанша атқыласа да, еш уақытта таусылмайтынын айтып, Тұрбатына қайтып кетеді. Сол заманнан бері осы ауыл «Шарбұлақ» аталып келеді, суы бүгінге дейін таусылған жоқ.

353. ШӘРБАН ТЫҚҚАН ТАС

Осы өңірде ертеде Дәулетбек би деген ауқатты адам болыпты. Сол кісі Шәрбан есімді қызды тоқалдыққа айттырып, жаз жайлауы кезінде қалың малын береді. Көп ұзамай алған екен.

Бірақ Шәрбанның сүйген жігіті Айтжан аса талантты әнші болыпты. Кедейліктен Шәрбанды ала алмаған Айтжан көп қиындықты бастан өткереді. Шәрбанмен қисынын тауып кездесіп, бір күні алып қашады. Сондағы екеуінің паналағаны мына жартас болыпты. Айтжан күндіз ауылда болып, түнде тамақ әкеліп, екі ғашықтың өмірі осылайша өтіп жатыпты. Жан-жақтан аңдушы болғандықтан, жартастан шыға алмайды. Ақыры қыс тақала ол жерден ұзай алмаған екі ғашық, амалсыз ажырасады. Шәрбан қайта Дәулетбек биге барады.

Сөйтіп, ғашықтар тағдыры өкінішті аяқталады, Айтжанның Шәрбанды жасырған жері содан бері «Шәрбан тыққан тас» аталып кетіпті.

354. ШӘРІПБЕК ТАУЫ

Казақстандағы тың игеру жылдарында Шәріпбек деген совхоздың директоры болыпты. Өзі жалқаулау, жұмысқа жоқ, ісінде берекесі шамалы Шәріпбек күнделікті жұмыстың барлығын орынбасарына тапсырып, өзі «ауданға кеттім», «қалаға кеттім» деп машинасына отырып алып, совхоздан екі шақырым жердегі шоқының биігіне шығып, ұйықтайды екен. Ауыл болған соң, аңшысыз бола ма, совхоздың бала-шағасына дейін аңшылардың дүрбісін сұрап, Шәріпбекті бақылайды екен. Ол орнынан түскенше көпшілік сыр білдірмепті. Арада бір жыл өткенде жұмысы ауысқан Шәріпбекті совхоз тұрғындары келеке қылып, істеген ісін бетіне басып, әжуаға айналдырады. Ал ауылдың сыртындағы жаңағы шоқыны көпшілік «Шәріпбек тауы» атап кетіпті.

355. ШӘУІЛДІР

(І-нұсқа)

Ат шаптырым алыстан мұнарта, қарауыта көрінетін Төрткүл дүниеге аты мен даңқы жеткен "Ұлы жібек жолының" күре тамыры болған Отырар қаласының кішігірім таудай болып үйілген үйінді орны. Отырар қаласының солтүстік беткейінде Арыстанбаб деген әулиенің күмбезі бар. Ақшеңгел кей-кейде сыңсып, бір түрлі мұңды әуенмен жылайды. Сол жерге "Шейіт болған қыз" жерленген, сол қыздың моласының үстінде ақ шеңгел өскен деседі.

Отырар ханы Қайырдың інісі әскер басы болады. Әскербасының жалғаннан арттырған жалғыз қызы Дүр болады. Дүр өнер-білім алу үшін ағасы Кайыр ханның қолында жасайды. Дүр өте сүйкімді, көрікті, құралай көз, киғаш қас, сүмбіл шаш, талшыбықтай бұралған көркіне ақыл-парасаты сай болып өседі. "Әскербасына жасаған ием жалғыз қыз берсе де, дүниенің тұтас байлығына пара-пар қыз берген",- деседі.

Кайыр ханның ұлы Шәміл Дүрменен түйдей құрдас екен. Екеуі де балалықтың бал күндерін өткізе береді екен. Шәмілді көрген қариялар: "Ер тұлғалы, батырға лайық кейпі бар". Бұл өзі Қайырдан өткен хан болар дейді.

Қайырды дұшпандары жеңудің әдісін ойлайды. Қайырхан мен інісінің ұйымшыл, халқының ұйыған ынтымағын жек көреді, «әскері мықты, бұны жеңу үшін күш емес, айла керек» дейді.

Сол кезде Шәміл жігіт болып бой түзеп, Дүр бой жеткен қыз болып қалған екен. Оңы мен солын анық ажырата алмайтын бозбала жігіт пен бойжеткенді қанды шеңгелдеріне түсіруді мақсат тұтады. «Аңдыған жау алмай қоймас» дегендей, хан сарайынан опасыз жан табады. Қайырхан өзі саятшылап кеткен екен. Кеткенін білген жау пәк жандарды алдап-арбап, шарап ішкізеді екен. Екеуі естерін жиған соң, ұят шоғына бидайдай қуырылады екен. Бұл хабар ханға да жетеді. Намыс отына түскен хан, Сарыкөлден інісін суыт алдырады. Інісі де "Бұл не деген сұмдық, қазақ халқының дәстүр-салтында жоқ масқаралық» деп күйзелді.

«Күнәһардың бірі сіздің, бірі менің перзентіміз, екеуін де жас боран етіп жазалау керек» дейді. Қайырхан сабырлы қалыпты: «Осы іске көңілім сенбейді» деп, Шәміл мен Дүрді алдырады, екеуі де болған істі мойындайды. Үкім шығарылып, туысқан аға, қарындастың қылмысына лайықты жаза қолданылады. Қала халқының бәрі күн батыс жаққа тұрып, екіге бөлініп тұрады. Қақпа аузында жазалаушы әскер атқа мініп, қылышын қолына алып, сап түзейді. Қылмыскер екі жас жүгіріп атқа мініп, қала ішінен шауып шығуы керек.

Алдымен Шәміл көз ілеспес жылдамдықпен жұлдыздай ағызып өте шығады. Жазалаушының қылышының біреуі иығына, біреуі санына тиіп, қып-қызыл қаны саулап кетеді де, жоқ болады. Оның артынан Дүр де ақ жамылып ағыза өтеді. Шәмілдің басын ала алмаған бас кесерлер, Дүрдің басын алады. Қыздың денесін алып, Арыстанбабқа тастайды. Қызды сол жерге жерлепті. Ал Шәміл ұшты-күйді жоқ болады. Ел жиналып, есін жиған соң, ескі елді мекен Отырардың атын «Шәміл-Дүр» депті. Келе-келе бұл Шәуілдірге айналыпты.

356. ШӘУІЛДІР

(ІІ-нұсқа)

Ертеде Бұзық қаласын (қазіргі Темір ақ қорға, Бозықтөбе) Мұрындық атты хан билепті. Ол өте қатал, айтқанынан қайтпайтын, бір беткей жан екен.

Бірде қаладағы Беген өзенінен су тартылып, қала тұрғындары бір тамшы суға зар болыпты. Сол кезде Мұрындық хан: "Кімде-кім қалаға су жеткізетін болса, соған қызымды беремін"- деп жар салыпты.

Мұрындықтың Дүрия есімді айдай сұлу қызы бар екен. Көркіне ақылы сай Дүриядан қаланың бар кәрі-жасы тегіс үміткер болып, олар қалаға су әкелу жұмысына бар ынтасымен жұмылыпты. Алайда су жеткізу ешқайсысының қолынан келмесе керек.

Сол ауылда Мұрындықтың жылқысын бағатын Шәміл есімді көрікті, батыр тұлғалы жігіт бар екен. Шәміл мен Дүрия бір-бірін өте жақсы көріпті. Бірақ сезімдерін жария етуге бірінің кедей жігіт, екіншісінің бай қызы екендігі бөгет болыпты. Расында, тігерге тұяғы жоқ, сіңірі шыққан кедейге қай бай қызын берсін. Осыдан барып Дүрия әкесіне Шәмілді ұнататынын айтуға аузы бармайды. Айтқан жағдайда, сүйген жігітінің мойнына қыл арқан түсетіні анық.

Ханның қалаға су әкелу туралы жарлығын естігенде, Шәміл қатты қуанады. "Дүрияға қосылудың бірден-бір жолы осы",- деп ойлайды.

Ол үлкен кетпен жасатыпты. Арыс өзенінің жағасына келіп, тездетіп іске кіріседі. Күн-түн демей арық қазады. Тек бір өкініштісі, он бес шақырымдай жүргенде кетпен бір қатты затқа соғылып, сабы сынып кетеді.

Кетпеннің сабы тораңғыл ағашынан жасалған екен. Ызаланған Шәміл сынған сапты бес бөліп, лақтырып жіберсе, ол бес таяқша болып жерге шаншыла түседі де, біраз уақыт өткесін, көктеп шығады. Кейін сол жерде бес ағаш өсіп тұрады. Содан халық ол жерді "Бестораңғыл" деп атап кетеді.

Шәміл кетпенін қайта саптап, жұмысын жалғастыра береді. Отыз шақырымдай арық қазып, Бұзық қаласына су алып барады. Шөліркеген халық суға қанып, шатыққа бөленеді.

Алайда Мұрындық хан өзінің уәдесін орындамайды. Қызын алып, Отырар қаласына қарай қашады. Бірақ оны Шәміл Отырарға жеткізбей, қуып жетіп, Дүрияны күшпен тартып алады.

Содан кеткен екі жас ну орманды паналап, күн кешеді. Аң аулап, жеміс-жидекті қорек етеді. Мұны естіген хан ашуға мініп, арттарынан әскерін жіберіп, екеуін табанда өлтіртеді.

Міне, осы екі ғашық паналаған жерді жұрт "Шәміл мен Дүрияның ауылы" деп атап кетіпті. Уақыт өте келе бұл атау қысқартылып "Шәмілдүр", артынан дыбыстық өзгерістерге ұшырап "Шәуілдір" атанған деген сөз бар.

357. ШЕКІЛ ҚОНҒАН

Баяғыда Қарқаралы уезі, Темірші болысына қарасты №10 ауылда Шекіл деген есепші болыпты. Ол кісі ауа райының қандай болатынын ерте болжап, қар қашан түсіп, қашан еритінін, қыс аяғындағы қайтарма суықтар қай күндері болатынын дәл айтады екен.

Ол кісіні көрген кейбір қарттар: «Ол түнде тұрып шықтың түсуін, сиырдың жүнін сипап байқайтын. Далаға күл үйіп қойып, желдің бағытын, күшін бақылайтын», – дейді.

Көрші елдер Шекілден қысқы ауа райы қалай болатынын арнаулы адамдар жіберіп біліп тұрады екен.

Атақты «Доңыз жұты» деп аталатын жылы қар жауар алдында Шекіл қазіргі Қасым атындағы ауылдың жері «Қарасораң» деген таудың бауырында отыратын Егізбай, Семізбай деген кісілерге келіп: «Биыл қыс қатты болады. Бұрынғылар «жұт жылы жақсы адамдардың қасында бол, биік таудың басында бол» деген екен. Сендерді жақсы көруші едім. Тауларың да биік еді. Мен биыл сендердің тауларыңның басына қыстап шығайын», – деп рұқсат сұрапты. Олар рұқсат етеді. Шекіл қар жаумай тұрып малдарын айдап Қарасораңға көшіп келеді де, тау басындағы бір шұңқыр, жылы жерге екі киіз үй тігіп, біріне адамдар, бір үйіне малдары тұратын етіп әзірлейді. Отын жинап алады. Қыстан алып шықсам деген тәуір малдарын алып қалып, кәрі құртаң, нашар малдарын сойып алады.

Шекілдің болжауындай қар ерте түсіп, онан кейін қалың жаңбыр жауып қатып қалады. Жер беті көк айнадай болып, қатты жұт болады. Қыс бойы жел қай бағыттан соқса да қарды жұмсартып, таудың басын қап-қара етіп қағып кетіп отырыпты. Шекілдің малдары қыстан дін аман, күйлі шығыпты.

Егізбай, Семізбай тау бауырындағы өлкеде малдарына қарды қазып шөп аршып беріп жатады. Балалары әкелеріне ренжіп, Шекілді қуып, тауға өз малдарымызды жаямыз десе, әкелері «балалар, біздің уәдеміз бар еді. Бар малдарың қырылып қалса да Шекілді қозғамаңдар», – деп көнбейді.

Сәуір ішінде бір күні Шекіл келіп: «Енді ұзамай қар кетеді. Қатқақта еліме жетіп алайын деп көшкелі жатырмыз. Сіздерге рахмет, рұқсат беріңіз», – депті.

Айтқанындай Шекіл көшіп өз аулына барған күні тұманданып, оңтүстіктен жылы жел соғып, қар ериді. Сол жер осы уақытқа дейін «Шекіл қонған» деп аталады.

358. ШЕРҚАЛА ТУРАЛЫ АҢЫЗ

(І-нұсқа)

Шетпе маңында «Шерқала» деп аталатын тау бар.

Ерте кезде бұл жерде адайлар мен түркімендер арасында қырғын соғыс болған. Адайлар түркімендерден қорғану үшін таудың басын паналаған. Түрікмендер бұл тауды қоршап алған. Адайлар таудың басын тесіп, сол жерден су алып отырған. Мұны біліп алған түрікмендер екінші жағынан тесіп, адайлар су алғанда арқанды қиып тастап отырған. Сусыз қалған адайлар тау басында қырылып қалған. Содан бастап бұл тау шерлі, зарлы қала деп аталып кеткен.

Кейбіреулер бұл аңызда шерлі болатын түрікмендер екен дейді.

359. ШЕРҚАЛА ТУРАЛЫ АҢЫЗ

(ІІ-нұсқа)

Баяғыда түрікпен-қазақ қырғынында осы ұшпаға түрікпендер орналасып алып, жаугершілік жасаған. Бұл ұшпаның жан-жағы тегіс тас, өтетін жері, жолы болмаған. Тек бір ғана жолы – ішінде су алатын түрікпендердің тіршілік еткен көзі үлкен шыңырауы болған. Жоғарыдағы жауға ештеңе істей алмай, құруға жақын қалған қазақтар ақыры амалын тауыпты. Олар шыңыраудан қауіпсіздеу бір шетін тесіп, сол жерден түрікпендердің су алуға түсірген қауға, шелегін кесіп тастап тұрған. Ақырында шөлден қырылып, қаталаған түрікпендердің жартылай қолы «Шерқаланы» тастап қолға түскен екен. «Шерқаланы» түрікпенше алынбайтын қамал дегенді білдіреді екен. Бертінге дейін «Шерқала» тауы Маңқыстау қазақтарының «киелі» деп санайтын жерінің бірі. Сондықтан олар әрі-бері өткенде сол жерге садақаға мал сойып, пәле-жәледен құтылу үшін түнеп шығатын болған.

360. ШОЙЫНДЫ КӨЛДІҢ ЖАСЫБАЙ КӨЛІ АТАЛУЫ

Қалмақтардың мындаған қолы қазақтың басын көтертпей шабуыл жасағанда, қазақтың көптеген батырлары, соның ішінде Жасыбай батыр Баянауылды азат етуге аттанады.

Жасыбай жасағы Ақкелін, Көкдомбақ тауларының түбінде қалмақтың он мың негізгі күші саналатын әскерін жеңеді. Өкшелей қуған Жасыбай жау тосқауылдарын бұзып-жарып, Шойындыкөл тұсындағы асудан асады. Тауға шығып, жан-жағына қарап, жау көрінбеген соң тынығып алмақ болып, маңдайының терін сүртіп, сауыты мен дулығасын шешеді. Сол кезде бір тастың тасасында бұғып жатқан қалмақтың Құба мергені көздеп тұрып, садағын тартады. Аңғал батыр Жасыбай құлап түсіп, басын қайта көтереді де: «Ердің құнын Олжабай жоқтасын, басыма Малайсары белгі орнатсын, қасымда қалған жетімдерге қарт Бөгенбай көз салсын», – дейді.

Сөйтіп, әйгілі батыр қапыда көз жұмады. Қалың қол қайыса, аза тұтып, Жасыбай батырдың сүйегін жартасты таудың төбесіне қояды. Олжабай, Бөгенбай, Малайсары батырлар қабыр басына белгі ретінде үш түп жас қайың егеді. Сол қайыңдар әлі өсіп тұр. Сол жер «Жасыбай асуы» деп аталады. Үш батыр Шойынды көлді ескерткіш ретінде «Жасыбай көлі» аталсын деп ұйғарады. Содан бері бұл көл «Жасыбай көлі» аталады.

361. ШОЛАҚТЕРЕК

Текесте қыста қалың қар жауып, әр түлік мал шөп тауып жей алмай жұтапты. Малдың қырылғаны да аз болмаса керек. Сонда малын осы тоғайға алып келіп ағаштың шырпысын қырқып, қабығын аршып азықтандырғанда біраз жан сақтаған екен. Көктемге шыққанда сол үңгірдің қалың тоғайы шұнтиып шолақ болып қалыпты. Міне осыдан «Шолақтерек» атанған екен. Бұдан ілгері бұл өңір «Сары арда» деп аталыпты.

362. ШОЛАҚТЕРЕК ӨЗЕНІ

Шолақтерек өзені ертеректе қалың жыныс тоғай болыпты. Бұл араны Өтеген, Өтеуіл деген ағайынды екі жігіт қоныс етіпті. Ол кезде қыста тері киім, жазда жарғақ киеді екен. Бір күні Өтеуіл малын өрістетіп шықса жаңбыр жауып кетіпті, қусырынып, белін белбеумен буынып алған жарғақ тонының сыртқы етегі жаңбырда былбырап жұмсап созыла беріпті. Өтеуіл созылған етектің артығын кесіп тастай беріпті. Кешке үйіне қайтқанша етегінің бірталай жерін кесіп тастап теңестіріп болған екен. Таңертең тұрып қараса жарғақ тонының су болған етегі кеуіп қысқарып кеткенін бірақ біліпті. Сонда ол жеңгесіне: «Мына тонның қысқарған етегіне бір нәрсе жалғап теңестіріп бер» десе, жеңгесі әзілге айналдырып: «Илеген дайын жарғақ жоқ, сол күйінше кие бер» депті. Өтеуіл жеңгесінің сөзі бойынша ұзынды-қысқалы түрінде киіп алыпты. Содан бастап оның ақылының кемдігіне қарай жеңгелері атын тергеп «Шолақ» атап кетіпті. Сол маңдағылар да осылай атапты. Кейін келе бұлар қоныстанған жердің тоғайын ел «Шолақтың терегі» деп, одан «Шолақтерек» атанып кетіпті.

363. ШОМ ҚАЛҒАН

(І-нұсқа)

Отар маңайындағы Қопа өзенінің бойында көшіп жүрген қазақтар қоқандықтардың қысымына шыдамай, олардың салықшыларын өлтіріп, тірі қалғанын масқаралап, қуып жібереді. Қаһарланған қоқан ханы қазақтарды жазалауға қисапсыз көп әскер жібереді. Қоқандықтар қазақтардың еркектерін өлтіріп, әйел мен балаларын тұтқынға алып, мал-мүлкін талан-таражға салады.

Қазақ елі де намысқа тырысып бағады. Осы кезде шапырашты руынан ер жүрек батыр Сұраншы Ақылбайұлы шығып, аман қалған жігіттерден аз ғана қол жинап, қоқандықтарға тойтарыс беруге қамданады. Сан жағынан басым жауды бетпе-бет ұрыста жеңу қиын екенін білген Сұраншы жасағымен түн қараңғылығын жамылып қоқандықтардың шебіне тақау келеді де, жігіттеріне әр жерден көп қылып от жағып, у-шуды көбейтуді бұйырады. Содан соң қоқандықтарға «еркімен берілсін» деп елші жібереді. Қоқандықтар қаптаған атты көріп, азан-қазан болып жатқан шуды естіп, Сұраншы көп әскер жиған екен деп шошиды. Осы сәтті күтіп тұрған Сұраншы қолымен лап қояды. Жау бытырап қашады, тіпті түйелерінің қомдарын тастай салып зытады. Содан бері осы жер «Шом қалған» деп аталады.

364. ШОМ ҚАЛҒАН

(ІІ-нұсқа)

Қалмақтар қалың қолмен жорыққа шығып, соғыс салуға келгенде кеш батып, қас қарайып кетеді де, сол маңайға түнеп, ертесіне шабуыл жасамақ болады. Қалмақ қолының көп екендігін білген қазақ әскерінің қолбасшылары ақылдасып, айла жасауға кіріседі. Сөйтіп, кең жазық даланың әр жерінде түнде от жағады. Жау жатқан жерінің қарсы жағында лаулап жаққан от көбейеді. Қалмақтар оны көріп, қатты үрейленеді. Қазақ қолы тым көп боп көрінеді. Осы әдісті қолданған қазақ қолы таң қараңғысымен тұс-тұстан атойлап шабуылға шығады. Жау алды-артына қарамай зытады. Олардың қосында қалған шом мен қомға байланысты сол жерді қазақтар «Шомқалған» атап кетіпті.

365. ШІДЕРЛІ, ӨЛЕҢТІ, АҚ КӨЛ

Бұрынғы ескі уақытта Асан қайғы деген адам болғаны бәрімізге мәлім. Асан қайғы еліне жақсы жер іздеп елінен кеткен екен.

Жер-жерді аралап келе жатып, бір кең жайылып жатқан өзенге келді. Өзен айналасына қарап тұрып: «Пай шіркін-ай, бұл жерде шідерленген ат семіретін жер екен, бірақ адамдары арамзалық еп болады екен», – деп ары жүріп кетеді. Қайғы бұл өзенге Шідерлі деп ат қояды. Қазір Шідерлі поселкісі құрылды.

Ары келе жатып тағы да бір өзенге жетеді. «Суы мен шөбінің шулап, өлеңдетіп тұрғанын қарашы, бірақ елі босқа сөз сөйлеп, өсекшіл, бұзық ел болады екен», – дейді де, – шөп-суы өлеңдетіп тұр ғой, бұл өзеннің аты Өлеңті болсын», – деп ары қарай кете беріпті. Қазір ол жерде Өлеңті совхозы құрылды. Өлеңті қазір үлкен совхоз. Мал және егін шаруашылығымен айналысады.

Асан қайғы осымен тоқтамай ары қарай кетіпті. Осы Өлеңті мен Шідерлінің суларының аяғы үшінші бір көлге құйылады екен.

Асан жүре-жүре сол көлге де жетіпті. Көлге қарап тұрып: «Суының қардай аппақ, тап-тазасын-ай, бірақ та айналасында шөбі аздау екен», – депті. Сөйтіп, бұл көлге Ақ көл деп ат қойыпты. Бұл үш көл бар аймаққа Исабек, Исақ дегеннің тұқымы тоқтап, орын алыпты.

366. ЫРЫС СЫРДА

Қызылорда сулы жер, нулы жер деп бұрынғылар айтқан екен. Сулы жер атасы болыпты. Сан мыңдаған адам ұлы ерні кезеріп шөлдегенде, жаны қиналып жүргенде өксігін Сырға келіп басыпты дейтін еді бұрынғы қариялар.

Қазақ елінің басына ауырмалдық түсіп, көңіл жұбаныш қонысынан, малынан айрылып шұбағанда, «Ақтабан шұбырынды», «Алқакөл сұламаға» душар болғанда, жаяулықтан табаны ойылып жазаланғанда Арал-Сырға келіп жанына жұбаныш тапқан екен деседі Сыр елі.

Сыр елінде судың қасиетін дәріптейтін толып жатқан аңыздар бар. Өйткені бұл өлкенің тіршілігі суға байланысты ғой.

...Бұрынғы заманда Қарақұм мен Қызылқұмда байларға жалданып жүрген Ағыбай, Арынбай деген ағайынды екі жігіт болыпты. Күндерде бір күн әлгі екі жігітке бір айдаһар тап болып жұтуға оңтайланыпты. Сол кезде екеуі айла таба қойып, аузын ашқан сайын айдаһарға бір қойдан беріп отырып, қойды тауысады... Екі жігіт байлардың ызғарынан қорқып, беталды Құла түзге қаңғып кетеді. Екеуінің де барар жер, басар тауы жоқ, келешегі бұлдыр. Сөйтіп келе жатса бұлардың алдынан ақсақалды, ақ киімді шал шығып жөн сұрайды. Жігіттер сырын жасырмай, қариядан ақыл сұрайды. Қария бұларға мынадай кеңес береді.

– Балалар, сендердің ақ жүректеріңде арамдық жоқ, бірақ оны бай шіркіндер білуші ме еді? Енді сендер осы беттеріңнен аумай жүре берсеңдер, оттай жанған Қызылқұмнан шығып, нулы жерге – сулы жерге кез боласыңдар. Ол жерде адал еңбектеріңді аямай тіршілік етсеңдер, жер сендерден байлығын аямас, – депті. Жігіттер:

– Баба, ол қандай жер, аты не? – деп сұрапты. Қария:

– Ол жер аты – Сыр, – депті де ғайып болыпты.

Бақыт іздеген жігіттер арып-ашып «өлдім» дегенде Сырға жетіпті. Сырдың шырын суын мейірлене ішіп-ішіп қанып алған соң ел іздейді. Сырды жағалай отырған көп ауылға келсе, бұлар егіншілердің ауылы екен.

Олар да егіншілерге қосылып егін салып, Сырдың суын ішіп, балығын жеп күнелтеді. Еткен адал еңбектері өнімді болып, ұзамай әлгі екеуі мал-малданып, жан-жанданыпты дейді.

Бұл Сыр елінің су туралы ескі аңызы еді, енді судың түпсіз ырысқа айналғаны жайында Сыр бойында сан аңыздар шықпақ, халық шығарған судай мөлдір, Сырдай терең мағыналы ел ертегілерін жинау біздің жастарымыздың борышы. Ел аңызынан үлгі аларлық мағына көп.

367. ЫССЫҚ КӨЛ ТУРАЛЫ АҢЫЗ

Баяғыда осы күнгі Ыссық-Көлдің орнында жан-жағы таумен қоршалған үлкен қала болыпты. Бұл қаланың тұрғындары суды кілттеулі тұратын құдықтан ішеді екен. Кілт дуананың қолында болады екен.

Бір күні бір қыз өзінің сүйгенімен құдық жанында кездесуге уәде етіп, кілтті сұрап алып құдыққа келгенде, абайсызда кілтті құдыққа түсіріп алып, өзі қорқып қашып кетеді. Құдықтан суы асып төгіліп, бүкіл қаланы су басып, үлкен көл болады. Қала көлдің астында қалыпты дейді. Осы кезге дейін сол қала бар екен деген аңыз бар.

368. ЫСТЫҚКӨЛ ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ

Ыстықкөлдің пайда болуы жайында ел аузында көптеген аңыз-әңгімелер бар.

Әлқисса, есте жоқ ерте заманда қазіргі тау аңғарындағы толқынды көлдің орнында, үлкен әрі әдемі шаһар болыпты. Күндердің күнінде жеті жұттың бірі – зілзала болып, қаланы құлатып, адамдарды жаппай қырғынға ұшыратады. Леп-лезде жер опырылып, пайда болған шұңқырға су толыпты. Сөйтіп, әлгі шаһардың орнында үлкен көл пайда болыпты.

Ал оның алдында, бір топ бойжеткен қыздар от жағу үшін тезек теруге кетеді. Тек осы қыздар ғана қауіп-қатерден аман қалыпты. Апаттың болғанын білген олар әр күн сайын көл жағасына келіп, жақындарын жоқтап, жылап қайғырады екен. Олардың көздерінен аққан жастары көлге тамыпты. Сол жастардың төгілгені соншалық, әлгі көл ащы болып кетіпті. Әлгі қыздардың қайғы-мұңы көп ұзамай көлдің атауына себепкер болады. Ыстық (жас секілді) көл.

Ақсақалдардың айтуына қарағанда, көл мінезі қайғырған қыздардың мінез-құлықтарымен, көңіл-күйлерімен үндес екен. Бірде сұп-сұр болып толқынын тулатса, бірде тынық ойға батқандай.

369. ЫСТЫҚКӨЛ ҺӘМ МҰНЫҢ ҚАЙДАН ШЫҚҚАНЫН БАЯН ҚЫЛАТҰҒЫН ҚАЛМАҚТАРДЫҢ БҰРЫНҒЫДАН АЙТЫЛЫП ҚАЛҒАН СӨЗДЕРІ

Пішпек шаһарынан Пржевальскі (Қаракөл) шаһарына қарата пошта жолыменен жүріп, Боамскийдің сайынан өтіп жол жүріп сапар шеккен бір адам Ыстықкөлдің жағасына барыпты. Бұл көлдің қабағының қатарында анда-санда ғана жерде бұрысырақ болатұғын бір жол бар екен уа бұл жолдың оң жағында осы көлдің жасылсымақ сулары қала беріс болады екен. Бұл таудағы көлдің көлемі недәуір үлкен һәм теңіздің суының бетінен 300 футтай (яғни 1285 жарым кездей) биік жатады. Бұл көлдің ұзындығы – турасынан 80 шақырымдай, көлденеңі – 40 шақырымдай болады. Ыстықкөлде балық көп болады. Бұл балықтың белгілісі кейінгі дүр: сазан, османи һәм алабұға, уа бұлар көлдің жағасындағы халықтарға үлкен пайда келтіреді. Мұндағы халықтар көлдің жағасынан мұз қыстыгүні көп жерге шейін қатқан соң балықты көп ұстайды. Ыстықкөлге таудан шығатұғын үлкен Қаракөл деген өзен һәм өзге жүз шақты ұсақ өзендер құйса да, Ыстықкөлдің өзені жыл сайын орта түсіп, саязданып бара жатыр. Ләкін бес жылдың ішінде көлдің қабағынан бір сажын төмен түскені байқалыпты.

Әсіресе, жаздыгүні күн батардың алдында көлдің сулары толқымай тыныш болып тұрғанында көлдің беті айнадай жарқырап әп-әдемі, келісті болып көрінеді. Мұның айналасын кедір-бұдыр таулардың шоқырлары қоршап тұрады уа бұл таулардың төменгі жағында көп қарағайлар өседі. Төбесінде әрдайым қар жатады. Көлдің сулары желді һәм желсіз тыныш күні толқығанда көлдің қабағындағы тұрған үлкен жартастарды жұлып, домалатып түбіне алып кетеді уа бұл толқынның күрілдеген дауысынан жүз адамның дауыстары да естілмейді. Мұндай толқын болғанда жардың жайдақ жерінен көлдің түбінен бұрынғы заманда адамдардың қолымен жасалғанға ұқсас жез, мыс, қоладан һәм тастан жасалған нәрселер шығып, шойын қазандардың сынығы, қола құмғандар һәм кішкене тостағаншаға ұқсас ыдыстар, күйдірген һәм бір жағын көгертіп боялған түп-түзу төрт бұрышты кірпіштер, тастан жасалған қатындардың сүгіретінің сынығы һәм ғайри нәрселер де шығып қалады.

Оқымысты орыстың адамдары бұл шыққан нәрселерге һәм өзге белгілеріне қарап бұлайша деп ойлады: Бұрынғы өткен замандарда бұл орында жер қатты сілкініп, жердің астынан жарылып атқып шыққан көп судан Ыстықкөл пайда болса керек дейді, уа бұл суға өзекте тұрған шаһар адамдарыменен ғарық болса керек дейді. Енді бұл көлдің жағасындағы отырған қазақтар, әсірісе, қалмақтар әрдайым көп толқыған көлдің толқынынан бек қатты қорқып, не болса соған иланатұғын надан болған себепті өздерінің тұқым-тұқымдарына бұл көлдің қайдан шыққанын білдірмек үшін әртүрлі хикаялар айтады уа бұл хикаялардың біреуін бір кәрі қалмақтың айтқан сөздерінен жазып алған себепті оқушыларға біз төменде баян етіп жазамыз.

Бұрынғы өткен заманда, Құдай тағала қалмақтарды бөтен халықтардың қол астына қаратпағанда, ортасынан жақсы әділетті қалмақты сайлап алып өздерін өзі билеп тұрғанда, осы уақыттағы Ыстықкөлдің орнындағы бұрынғы гүлдеп тұрған өзекте Сибо деген қалмақтардың руы тұрғызған қалмақтың бір әдемі жақсы шаһары тұрады екен. Шаһарда ұжмақтың бақтарындай бақтары, таңғажайып тоғайлары бар екен. Шаһардың жанындағы мұндай тоғайлардың ішінде жердің үстіндегі қалмақтардың бір қасиетті жақсы адамының моласы тұрған себепті ол тоғайды қасиетті деп құрмет қылар екен. Бұл қасиетті адам опат болған соң денесін терең шұңқырға салып, адамдар шұңқырды толтырмаққа жерден бір уыс топырақтан алған мезгілде бұл адамның аузы ашылып су аға бастапты, уа бұл аққан суды сол жерде тұрған поптар қасиетті су деп мәлім қылыпты. Себебі сол дүрки бұл суды бағзы бір ауруларға аңдаусызда шашыратып сепкенде кешікпестен жазылып кетіпті, уа бұл қасиетті адамның аузынан шыққан су шұңқырға тастаған топырақты сырғытып тастап тоғайдан асып, уа бәлкім шаһарды да қаптауға жақындағанда қалмақтар қорыққанынан жан-жаққа бытырап қашып кетіп «құтқара гөр» деп жалбарынып дұға оқыпты. Сонда Жаратушының өзі келіп қасиетті әулиенің жатқан қабірін құдық қылып қоладан жасалған қақпақпенен қиюластырып жауып, құлыппенен мықтап тұрып бекітіп қойыпты дейді, уа мұның кілтін сол жерде тұрған қасиетті адамның бір жақын досына табыс қылыпты. Ешқашан бұл кілтті бөтен адамға берместен, күнәлі һәм аурулары бар адамдарға осы сулардан су беріп тұр деп бұйрық қылыпты. Артылған су жерге сіңіп кете беріпті. Мұнан соң құдай көкке ғайып болыпты һәм құдайдың мұндай рақым етіп жақсылық көрсеткеніне халайықтар жалбарынып дұға оқыпты. Құдайдан кереметті кілтті алған қалмақ қатын балаларыменен өлгенге шейін тоғайға барып тұрып, жалғыз өзі құдықты билеп тұрыпты. Бұл қалмақ өлер мезгілінде кереметті кілтті өзінің үлкен баласына беріпті. Бұл өлерінде өзінің тұңғыш баласына беріпті. Осылайша болып, кілт көп жылға шейін бір атадан бір атаға беріліп отырыпты. Рас, бұзақы адамдар бұлардан кілтті тартып алып, дәрежеге мініп, халыққа құрметті боламыз десе де құдайдың өзі жәрдемші болған соң кереметті кілтті ұстап жүрген қалмақтың тұқымдары өз қолдарынан шығармай ұстап қалыпты. Бұл қалмақтың тұқымынан еркек адам қалмаған соң бұлардың тұқымынан кереметті кілтке ие болып он еі жастағы бір Нуда деген қыз қалыпты. Бұл қыздың әкесіне келген сопы адамдар қыздың әдемілігіне көз айырмастан қарап таңғалады екен. Әкесі өлерінде көзінің қарашығындай қылып сақта деп қызға кереметті кілтті тапсырып, осалдық қылсаң құдайдың қаһарына жолығарсың деп қорқытып кетіпті. Нуда әкесінің ықтиярын тұтуға уағда беріп, үш-төрт жылдай аман-есен құдықты бағып билеп тұрыпты. Енді мұнан соң Нуда әулие құдыққа келіп жүрген бір сопының 20 жастағы Дада деген баласына әуелі жай көңілі түсіп, ақырында өзін-өзі тоқтата алмай ғашық болып, көз айырмастан қарайтұғын болыпты. Нуда бар көңілімен әкесіне берген уағдасын бұзып, Дадаға тимек болыпты. Күндерде бір күн Нуда ғашықтықтан шыдай алмай Дадаға сырын айтпақ үшін әулие тоғайға көріспекке шақырыпты. Дада көп сұратпастан-ақ сол түні уағда қылған жерге келіпті. Нуда ғашығына жолығуға барайын деп түнде құдықтың аузын құлыптап жатқанда Нуданы сақтандырмақ үшін қола қақпақтың астындағы су бұрқырап, сарқылдағанын есітсе де өзінің ғашығын ойлап бұл судың не себептен бұрқылдағанын аңғармапты. Қашан тоғайға барып Дадаменен жолыққанда мұның турасында есінен шығып кетіпті.

Нуда өзінің сүйікті ғашығын құдықтың қасына алып келіп қасиетті орындықтардың біреуіне отырып сөйлесе бастапты. Құдықтағы су шұрқылдап, сақылдап тасып жатса да жас адамдар неке турасынан жақсы сөздер сөйлесіп отырып мұны байқамапты. Нуда Дадаға қатын болып құдықтың кілтін бұған берем деп уағда беріп, бетінен сүйіп ант ішіп саған ғұмырым бойынша адалдық пен ынтымағыңнан шықпаймын дегенде, байқаусызда шатыр-күтір етіп маңайындағы тауларды сілкіндіріп құдықтың қола қақпағы құдықтан кернеп атқыған судың күшіменен аспанға ұшып кетіпті.

Әулие құдықтан дамыл қақпай аққан су ертеңінде тоғайды да, қаланы да ғариқ қылыпты. Мұнан кейін ешкім бұлардың қай жерде екенін көрсете алмапты. Енді Ыстықкөлдің біресе мына жерінен, біресе ана жерінен адамның қолыменен істеген нәрселерін судың жағасына шығарып тастапты, құдай тағаланың бұйрығын тыңдамай бұзған адамдарға ғазап көрсеткенін көңілге түсірмек үшін.

370. ЫСТЫҚКӨЛ ТУРАДА

Халық арасында айтады екен, қалайшасынан Ыстықкөлдің көл болып өсіп кеткен турасынан, осы күнде айтылмыш көлдің орнында бұрынғы заманда бек үлкен таулардың арасында тұрған қала екен. Бұл қаланың халықтары суды өзінің қақпағы бар құдықтан алып тұрады екен. Бұл құдықтың кілтін бір әулие адам ұстап тұрып, кімде-кімге су керек болса, кілтін әулиенің қолынан алып, суларын алып болған соң, өзін қайтадан жауып, кілтін әулиенің қолына беріп кетеді екен. Осындай болып бірнеше жыл өтіпті. Бір күні бір қыз өзінің асық болған жігітіне құдық басында жолықпақшы болып уағда қылып, әулиеден келіп кілтті алып барып құдық ішіне кілтін түсіріп алып, қорыққанынан жоқ болып қашып кетіпті. Сонан соң су құдықтан тасып шығып, бүкіл қаланы басып, көл болып кетіпті. Осы күнде көлдің астынан қалалардың бар болған белгісі көрініп тұрады. Кісі қайран қалғандай-ақ жоғарғы айтылғандардың бәрінің дәл келіп тұрғаны, одан 6 жылдың ішінде Бретон жұрттарының софыларының кітабында айтады екен, Ғайса пайғамбардың тұсында халық араларында айтылып жүреді екен, бір қаланың Ыстықкөлдей болып судың астында қалғаны. Бұл арада үлкен дарияның жағасында ойпаң жерде екен, бұлардың бір үлкен құдықтары бар екен, құдықтың кілтін сақтық қылып, құдықтан шыққан су қаланы басып қалмасын деп, патшасы қолына сақтайды екен. Бұл қаланың халықтарының бәрі де күнәға жуық бек бұзық екен. Бұлардың ішінде бек әдемі көркем патшаның қызына да кепті, өзінің әкесінің істерін бағып жүрген бөтен жұрттың бір адамына асық болып. Қаланың патшасының қызы онымен қашпақшы болып, бір түн қараңғы болып жаңбыр жауып, боран болып тұрған мезгілде, әкесінің ат баққышы екі атты таңдап, ат қорасынан алып шығыпты, сонда қыз әкесінің жастығының астынан құдығының алтын кілтін ұрлап алып, екі асықтар құдықтың аузын ашып, кілтін дарияға тастап жіберіпті арттарынан қуғыншы болмасын деп. Әлгі құдықтың суы тасып шығып бүкіл бұзықшылықпен күндерін өткізіп келе жатқан қаланың халықтарының бәрін де басып қалып, құдай тағала олардың күнәсіне бәрін жоқ қылып жіберіпті. Егер де байқап қарағанда, жоғарғы айтылғандардың екеуінің де мұндай болмағына себеп болған құдықтар және сөздердің мағынасы бір-біріне бек келісіп ұқсайды. Соған қарағанда бұрынғылардың ондай-мұндайлары не турадан болса да осы күнгі адамдардан артық көрінеді һәм екі бірдей қаланың жоқ болып кеткені құдықтардың кілттерінің жоғалғаны және қыздардың асық болғандары. Жоғарғы айтылған екі түрлі халықтардың араларында болса, бірінің сөзі бірінен артық та емес, кем де емес, болмаған нәрсе секілденіп көрініп тұрса да, әлбетте бұл айтылған оқиғалардың анығын біліп, рас-өтірігін айыруға осындай таңсық сөздерді қарап көріп жүрген білімді адамдардың қолынан келсе керек.