ТОКСАН УЙЛИ ТОБЫР

БАТЫРЛАР ЖЫРЫ

«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН

ЖҮЗ ТОМДЫҚ

ТОҚСАН ҮЙЛІ ТОБЫР

Басы

Сөйле десең біздерге,

Не сөйлейін сіздерге.

Көп те сөзім жоқ еді,

Айтпай бойым кездерге.

Қара да таудың үлкені,

Қызыл жібек қырмызы,

Олар да қалар бір күні.

Ақ төстерін аңқытып,

Ақ құс қайтар күз күні.

10. Қызыл турам дәм болса,

Аямайды қарындас

Қырық күншілік жаз күні.

Кімнің малы бар болса,

Қызығын көрер аз күні.

Бұрынғы өткен заманда

Ер Қамбар деген бар екен,

Әзімбай деген бай екен.

Солардан қалған сөзімді

Баян қылып айтайын.

20. Он хан үйлі оят бар,

Қырық сан үйлі қият бар,

Алпыс үйлі арғын бар,

Жетпіс үйлі жебір бар,

Тоқсан үйлі тобыр бар.

Он сегізде жасы бар,

Жалғыз өскен басы бар,

Адал қара дегенде,

Қара да тұлпар аты бар,

Әуелі Құдай себепші

30. Он түлік бәрін асыраған,

Қамбар деген бин ер бар.

Құлағыңды салсаңдар,

Сол уақытта ноғайда

Әзімбай деген бай болған,

Төрт түлікке сай болған.

Ішкендерін сұрасаң,

Шекер менен шай, бал болған.

Байлығы шалқар көл еді,

Көп ноғайдың бірі еді,

40. Алты ұғлы бар еді,

Алтауы бірдей бөрі еді,

Ең кішісін сұрасаң,

Алшыораз мырза дер еді.

Алты ұғлы ішінде,

Жалғыз туған қыз Лазым

Алтауымен бір еді.

Алтын күйме ішінде,

Ақ сұңқар құстай қолында,

Жауған қардан ақ еді

50. Қыз Лазымның еттері.

Адам пенде көрмеген

Пердесін ашып беттерін.

Еш пендеге айтпаған

Ғашықтықтың дерттерін.

Баян да қылып айтайын

Құдайдың берген көріктерін.

Табаны жерге тимеген,

Маңдайы күнге күймеген,

Күймеден басқа нәрсеге

60. Жорға екен деп мінбеген.

Шықпаған өзі саяға,

Салмаған көзін ұяға.

Лазым сынды сұлудың

Айтайын енді жайында.

Емін-еркін ер жетті,

Күйеуге бермей күн өтті.

Ат шаптырды Әзімбай

Он екі баулы өзбекке.

Ат кекілін өрмекке,

70. Шақырғанның мәнісі,

Лазым деген сұлуды

Сүйгеніне бермекке.

Ноғай салған шабарды,

Есіткен соң хабарды.

Аз да кетіп барады,

Көп те кетіп барады.

Алтын тақтың үстінде

Би де кетіп барады.

Сақал-мұрты ағарған

80. Шал да кетіп барады.

Самайынан бит аққан

Таз да кетіп барады.

Сексен қойға ат алған,

Он бес қойға мата алған,

Селдір моншақ сықақ қой,

Жарлы да кетіп барады.

Бай тойына барғалы,

Жетсе Лазым алғалы.

Шара бар ма Құдайға,

90. Қалың борышқа қалғаны.

Сәске кезі болғанда,

Ауылда тұрып қыз Лазым,

Қудай мойнын толғады,

Барамын деп ойлады.

Алтыннан қамыт доғасы,

Қамқа тонын киіпті,

Шора алтыннан жағасы.

Шидүлкесі күмістен,

Боз арқаны жібектен,

100. Қызметкерлер тез жеккен.

Жегіп алды қос қара ат,

Киіп алды қос манат.

Киіп алып қос манат,

Қос арғымақ арланып,

Көкарал шаһар қалаға

Лазымжан келді қырындап.

Алтыннан қосқан терезе,

Кілтін Лазым ашады,

Алтын менен гауһарды

110. Әзімбайдай атасы

Көшесіне шашады.

Базарға таш шакүбандар,

Жаяу жүрген шикандар,

Алтынды арба Лазымның

Көп жаяулар басады.

Белдем-белдем бел асар,

Бектарға садақ жарасар.

Сәскеге келген қыз Лазым,

Бесінге шейін аралап,

120. Тал мойнына бір перен,

Таба алмаған миясар.

Кешкі бесін болғанда,

Ауылға табан қыз Лазым,

Қайтамын деп тұрғанда,

Әкесі Әзімбай сөйлейді,

Сөйлегенде не дейді:

– Жиып алдым өзбекті

Көкарал шаһар қалаға.

Көрсін деп сені шақырттым,

130. Лазым сынды баламға.

Өтіп кетсе күніңіз,

Ішің толар заяға.

Көп өзбекті шақырттым,

Келсін деп өңкей сабазға.

Келсін деп сірә айтпадым,

Бурыл сақал қақпасқа.

Ноғайым жаман болды ма,

Біреуі саған жақпасқа.

Ақылсыз бала тудың ба,

140. Бір ер таңдап таппасқа.

Өтіп кетсе күніңіз,

Балам, бір күн зарларсың,

Ішің толар заяға.

Әнсіз әңгімесі

Лазымның һешкімді жаратпағанының мәнісі сол екен: Қамбарды жарлы деп шақырмай қалған екен.

Сонда Лазым сөйлейді,

Сөйлегенде не дейді:

– Айғыр емен, ат емен,

Жал-құйрығым сүздіріп,

Базарыңа салғандай.

Он екі баулы өзбекті

150. Сынап келдім, ата-еке.

Тал бойыма бір берен,

Таба алмадым жарастық.

Жамандарға көз салсақ,

Жақсы жолдан адастық.

Мұсылман аз, қалмақ қау,

Бір күні келер бетпақ жау.

Даңқымыз кеткен һәр жерге,

Елде туған бір ер жоқ,

Жекпе-жекке шығарға,

160. Жауға шығар бір ер жоқ,

Қынабы алтын көк алмас,

Тасты кесер жібек қай?

Назар көзім салмаймын,

Һеш теңдікке алмаймын

Ақылы жоқ немені.

Әзімбай бұл жауапқа бөгелді,

Ақылды туған қыз Лазым

Ауылға қарап жөнелді.

Әзімбай асқан ақылды,

170. Желмаядай бақырды.

– Он екі баулы өзбекте,

Келмей қалған кім бар? – деп,

Шақырушыны шақырды.

Шақырушы сонда сөйлейді:

– Он екі баулы өзбекте

Келмей қалған мен көрдім

Қара тұлпар малдарды.

Өңкей тобыр ел көрдім,

Кемпір менен шалдарды.

180. Шақырсам да келмес деп,

Әзімбай оған бермес деп,

Лазымжан оған тимес деп,

Шақырмадым бұл тойға

Он сегіз жасар Қамбарды.

Ақ сұңқар құс дабысты,

Дұшпаннан алған намысты.

Қамбар кедей деген сөз,

Ел құлағы елу ғой,

Естіп атыр дабысты.

190. Ит жүгіртіп, құс салып,

Жерінің аңын тауысты.

Балдағы алтын ақ берен

Орай белге алады.

Қыран қара бүркітті

Тұғырысына қонады.

Әзімбайдың еліне,

Шалқып жатқан көліне,

Қамбар қиял ойлайды,

Бір күні соған барсам деп.

Әнсіз әңгімесі

Әзімбайдың аулының қасында бір көлі бар еді, оған адам бендесін жібермейтін еді, құлан, киік көп болатын еді. Қамбар қиял ойлады: “Мені жарлы деп шақырмай қалды, мен сол көлге барып, құлан, киік атып қайтайыншы», – деп [ойлады].

200. Бүтін туған тұлпарын

Батырың алды шалдырып,

Ұйқысын алды қандырып,

Шоқытып ерің жөнелді,

Томаша көрсе секіртіп,

Жабынғымен ырғытып,

Ауыздықпенен кергітіп,

Жерінің аңын үркітіп,

Тау қазындай шаңқылдап,

Ұшқан құстай сұңқылдап.

210. Қара айдарменен келеді,

Қара қасқа тұлпарға

Қамбар салды өкпені.

Көргенім жалған болмаса,

Кешегі жүрген қыз Лазым

Иық ішік жамылып,

Беті оттай қабынып,

Аяр тұрман тағылып.

Алтын құман қолында

Таң намазы дәретке

220. Лазымжан шыққан сықылды.

Балалы қаздай бағланып,

Тоты құстай жайқанып,

Келбетін көрсең сұлудың,

Түймені көр де басын көр.

Қаламды көр де қасын көр,

Қарды көр де етін көр.

Қар үстіне қан тамса,

Қанды көр де бетін көр.

Толықсыған сұлуды

230. Көзіменен көрсе де,

Қайрылмастан жөнелді

Он сегіз жасар Қамбар ер.

Үстіндегі кигені

Бүрмелі торғын көйлегі.

Бара жатқан Қамбарды,

Лазым сұлу көздеді,

Шын батырға кез келді.

Мінген аты Қамбардың,

Аласы жоқ қара еді,

240. Жал-құйрығы дара еді.

Жаудан қашқан кісідей

Қамбар кетіп барады.

Аш белдерін қынады,

Ер екенін сынады.

Лазым сұлу көксейді

Ғашықтық кіріп дертіне.

Ер Қамбардың артынан

Баруға көңлі ұқсайды.

Көңіліндегі намысты,

250. Ақылын сұлу тауысты.

Ер Қамбардың артынан

Шақырып салды дауысты.

– Қара қасқа атты Қамбар-ай,

Қара атыңда жал бар-ай.

Біздің үйге түсе кет,

Шай-самауыр іше кет.

Қанша мейман түссе де,

Күткендей біздің әл бар-ай.

Артынан Лазым келеді,

260. Жүгіріп басып ентігіп,

Ары қалды төгіліп.

Ақ өткелдей өткелден

Өте шықты ер Қамбар,

Үзеңгісі суға көміліп.

Ар жаққа шығып шешінді,

Лазымның айтқан әр сөзі

Өкпе аузына тығылды,

Лазым (жерге) салды тепкіні,

Қамбарға қылды өкпені.

270. “Қарамастай өзіме,

Не болды менің жүзіме.

Ақ бетіме салды ма

Жаппар бүгін сепкілді.

Көшсе көшті бермейді,

Қом майысқан түйелі.

Ақ шалғынға қонады

Саумалы бар биелі.

Ақ бетіме салды ма

Бес бармақтап күйені.

280. Ақ бетім менің оңды ма?

Кедейдің соры болар ма?

Айнамды алып көрейін,

Опа, ендік жағайын.

Қайрылып енді келмесе,

Кедейдің сорын ұрайын”.

Сары алтыннан бар еді,

Алты бірдей пердесі

Қыз Лазымның бар еді.

Пердені қолға алады,

290. Пердеге жүзін салады.

Өз көркінен қыз Лазым

Талып түсіп қалады.

Жеңгесіне иіртті,

Алты ұршық ақ жібек

Жеңгесіне иіртті,

Өзі құрды өрмекті.

Қамбардың жүзін көрмекке,

Далаға шықты көрнекке.

Белсенген білек көрінер

300. Сырдың құба талындай.

Түрген балтыр көрінер

Ақ киіктің таңындай.

Қасы қара көрінер

Құралайдың көзіндей.

Екі емшегі көрінер

Сау қайыңның безіндей.

Ғашықтықтың дертінен

Тоқиды өрмек ерінбей.

Қара қасқа тұлпарың,

310. Маңдайында ағы бар.

Келетұғын Қамбардың

Кешкі мезгіл шағы бар.

Бір жағында бес құлан,

Бір жағында бес құлан,

Теңдеп алған аңы бар.

Қызыл алтай бір түлкі,

[Ты]мақтығы ердің тағы бар.

Құдайдың берген Қамбарға

Атадан артық бағы бар.

320. Сипай-сипай қамшылап,

Жаңбырдай тері тамшылап,

Он құланмен шоқытып

Келе жатыр жануар.

Лазым қақты өрмекті,

Қамбардың жүзін көрмекке,

Далаға шықты көрнекке.

Көк алмасын суырып,

Заманасын қуырып,

Ат үстінен өрмекті

330. Қиып шауып барады.

Балалы арқар баурында,

Баласыз арқар зарлайды.

Алты құлаш ақ өрмек

Алты жерден қыз Лазым

Ашуланып турайды.

Дәті қатты сірі еді,

Данышпан өзі ақылды,

Өткізбен деп қапылды.

Артынан жаяу жүгіріп,

340. Қамбарды Лазым шақырды.

– Қара қасқа атты Қамбар-ай,

Қара атыңда жал бар-ай,

Қараның қары қыстар-ай.

Айтпасам да білмейсің,

Дәнемені көрмеген,

Жалаңбұт өскен заңғар-ай.

Артыңға сенің қарасам,

Кедейден қалған сорың бар.

Өзің барсаң оқисың

350. Бес намазың қазасын.

Көрген жерден таныдым

Сүйегіңнің тазасын.

Аялым жаман болмаса

Есітсеңіз назасын

Саған ғашық болғаным

Қалмақтың берер деп едім

Жалғыздықтың жазасын.

Сонда Қамбар сөйлейді,

Сөйлегенде не дейді:

360. – Сен жеріңге жет, – деді,

Ноғайдың бәрі бек, – деді.

Әзімбайдай әкеңе

Көп тобырым қаңғырып,

Барып тамақ жеп пе еді.

Алыста жатып есіттім,

Өзімді кедей деген соң,

Сүйегімнен өтті енді.

Бір тілегім Құдадан –

Қалмақ алса олжаға,

370. Мінгізіп салса арбаға,

Артықша туған Лазымды

Алсам да сонда теңімді.

Лазымжан және сөйлейді:

– Ақ өткелдің ар жағы

Жайма біткен қызыл тас.

Он сегізде Қамбар жас,

Шақырсам да қайрылмайсың,

Көңілімді қылдың мұнша мас.

Бір күні келер қалмақ нас,

380. Аялым жаман демесең,

Алты ұғыл ішінде

Мен бір туған қалам қас.

Көп тобырдың ішінде

Сен бір туған көк алмас.

Аламын деп бір күні

Жиналып келер қалмақ нас.

Жауабым жаман демесең,

Меніменен ақыл қос.

Қамбар тартып жөнелді,

390. Көп сөйлесіп Лазымның

Тарқатпады іңкәрін.

Ауылға қайтқан секілді

Құртып сол күн діңкәрін.

Әнсіз әңгімесі

Қамбар менен Лазымның сөйлесіп тұрғанын Әзімбайдың бір баласы көріпті. Қыздың ағасы Әзімбайдың баласы: – Көрдің бе кедей Қамбар менен Лазымның сөйлесіп тұрғанын, алып кел мұнда, басын баудай кесейін, қанын судай ішейін, құнын өзім өтейін, – деді. Сонда қыздың кіші ағасы Алшыораз айтты ағасына: – Лазым сүйсе Қамбарды, мал алмай-ақ берелік. Біреуі “берелік” деп, біреуі “бермелік” деп сонда төбелесіп қалды.

Сөйлескенін көрген соң,

Ғашықтығын білген соң,

Ауылда тұрып көріпті

Қыз Лазымның ағасы,

Әзімбайдың баласы.

Қызғанып айтқан сөзіні

400 Антұрғанның қарашы.

– Артықша туған Алшыораз,

Сүйегінен бұ алған шын қораш

Қарай қойшы кедейді,

Лазымжанға не дейді.

Кедей қанды Қамбар-ай,

Алып келші өзіме,

Бір көрсетші көзіме.

Басын баудай кесейін,

Қанын судай ішейін,

410 Құнын өзім өтейін.

Алшыораз сонда сөйлейді:

– Мінген атым көк пе еді,

Айтуға аузың еп пе еді.

Лазым сүйсе Қамбарды,

Шақырып алып берелік,

Мал алмай-ақ тек, – деді.

Ай, ағалар, ағалар,

Ер қолынан мал тайса,

Өзен-суды жағалар.

420. Бектер мінген бедеу ат

Темірменен тағалар.

Қалмақтан қысым келгенде

Көп ноғайдың баласы

Сонда бір ер сағалар.

Ағасы сонда сөйледі:

– Мінген атың көк пе еді,

Айтуға аузың епседі.

Жалғыз атты кедейге

Лазымжанды беруге,

430. Өз бойыңа еп пе еді.

Мінген аты аладай,

Алаға тоқым салады-ай.

Сөздерден сөз ашылып

Алшыораз бенен ағасы

Бақандасып қалады-ай.

Әнсіз әңгімесі

Мұның елінде қалмақтың ханы Мақтым хан деген хан бар екен. “Әзімбайдың Лазымжан деген сұлу қызы бар” деген Мақтым ханның құлағына түскен екен. Келмембет деген шабарын шақырып алды. – Бұл бізге лайық қыз екен. Сен Әзімбайға бар, – деді. Қасыңа тоғыз қалмақ ерт, – дейді, – бізге лайық қыз екен, – дейді.

Он сегіз жасар Қамбар-ай,

Берен туған жандар-ай.

Сол күндегі қалмақта

Мақтым хан деген хан бар-ай.

440. Ерлер атын суарар-ай

Лайы жоқ бұлаққа-ай,

Ат шаба алмас құмаққа-ай.

Әзімбайдың қыз Лазым

Бар дегені бір күні

Қалмақ ханы Мақтым хан

Түскен екен құлаққа.

Мақтым ханның бар екен

Келмембет деген шабары.

Шақырып алды қасына,

450. Келмембет барды басына.

– Ай, Келмембет, Келмембет,

Әзімбайға бар, – деді.

Әзімбайдың қыз Лазым

Бізге лайық жар, – деді.

Әзімбай берсін сол қызды,

Құлағына сал, – деді.

Хан жарлығы қайтар ма,

Патша екі айтар ма?

Тоғыз қалмақ қасында,

460. Жез қалқаны басында,

Ойын ойнап Келмембет,

Сырнайларын тартып,

Келе жатыр шайтандай.

Ат құлағын теңдесті,

Қалмақтар қылды кеңесті,

Әзімбайдың аулына

Келіп бір қылды сөйлесті.

Қалмақтың кең қаласы,

Жауаптың болды таласы.

470. Үйден шығып сөйлесті

Әзімбайдың бір ортаншы баласы.

– Ол, ол болсын, ол болсын,

Жеке басың қол болсын,

Түн ұйқысы қалғандай,

Қабақтарың қатыңқы.

Түнше бұлт жүргендей

Атыңның жалы жатыңқы.

Қара шекпен қынамал

Атусыз оғы құрулы.

480. Қалмақтарға ұқсайсың,

Сұраймын, – деді, – жол болсын.

Сонда тұрып Келмембет:

– Және бір сөзім, және бар,

Жантақты жерде сонар бар.

Әзімбайдың қыз Лазым,

Қалап келген бала бар.

Арғымақ ат бізде бар,

Алтын жабдық сізде бар.

Піскен қауын сізде бар,

490. Алмас пышақ бізде бар,

Тілдіргелі келгенмін.

Қоңыр үйрек сізде бар,

Көк қаршыға бізде бар,

Ілдіргелі келгенмін.

Қыз Лазымды бермесең,

Патшаны қабыл көрмесең,

Он екі баулы өзбекті

Бүлдіргелі келгенмін.

Аузы кетпейді тілектен,

500. Қылыш кетпейді білектен,

Сол сөздерін айтқан соң,

Сөз сүйектен өткен соң,

Ерліктің түсті салтына,

Ақылдаспай қартына.

Ер қаруы – бес қару,

Таңдап алып Алшыораз,

Мініп алған сықылды

Қозы күрең атына.

Япырмай деп ақырып,

510. Апырмай деп шақырып,

Өлтіріпті тоғыз қалмағын,

Өлтіріпті доңызды.

Кедей ұғлы Келмембет

Өлтіруге қимады.

Қолынан қылды көрімді,

Құлағын кесіп құнтитты,

Мұрнын кесіп шұнтитты,

Ернін кесіп жымпитты,

Жал-құйрығын күзеген

520. Байталдайын сымпитты.

Тоғыз қалмақ өлтіріп,

Кедей ұғлы Келмембет

Мақтым ханға жөнелді.

Әнсіз әңгімесі

Тоғыз қалмақты өлтіріп, Келмембеттің құлақ-мұрнын кесіп “ханыңға сәлем деп айт” деп қоя берді. Келмембет ханына қайтты. Мақтым хан: –Неғылып келдің, бөрі болып келдің бе, түлкі болып келдің бе? – деп сұрады. – Бөрі болғаны да құрысын, түлкі болғаны да құрысын, құлақ-мұрнымнан айрылып, күлкі болып келдім, – деді. Мақтым хан айтты: – Тоғыз қалмақ өлсе, тоғыз қатын буаз шығар, – деді. – Қайтадан жүз кісіменен бар, – деді. Келмембет жүз кісіменен ноғайға келіп еді, ноғай қорықты. “Қалмақ көп, [көп] жылағанша, қыз жыласын”, – деп, Мақтым ханға бермекші болып, Келмембетті жіберді.

Қалай келдім қара нар,

Тай тұяқты жамай бар.

Дабылдарын бөктеріп,

Сауыттарын төңкеріп,

Аузы түкті қалмаққа

Көп ноғай сөйтіп жаранар.

530. Мінгізді бедеу атына,

Кигізді қамқа тонына.

Бермесең деп бір қызды,

Үзіпті жаннан үмітті.

Берді Лазым деген соң,

Мақтым хан сонда қуанды.

Қуанғанның белгісі,

Қамқа тонға сыймады.

Көп қалмақтар жиналды,

Он бір ләшкер аттанды.

540. Үш мың алпыс топ алып,

Зеңбірекке оқ салып,

Жүрген жолын тазартып,

Көкарал шаһар қаламға

Көп қалмақ келіп орнады.

Атын жайды даламға,

Шапқынды салды саламға.

Қолқа сала келіпті

Лазым сынды баламға.

Мақтым хан қылды хандықты,

550. Ноғайдың көңілін тауыпты.

“Әзімбайдың қыз Лазым

Көремін”, – деп бір күні

Қалмақтың қаны Мақтым хан

Қылған екен жарлықты.

Қорыққаннан Мақтымды

Күйеу қылып сақтайды.

Жаңғыз адам Лазымға

Сөз айтуға батпайды.

Ақылменен біледі,

560. Түрлі киім киеді.

Зер жапасы басында,

Алты жеңгесі қасында,

Аузы түкті қалмаққа

Келе жатыр үстіне.

Торғынды жібек бөз болды,

Алтынды түйме жез болды.

Аузы түкті қалмаққа

Нақ сәскеде кез болды.

Сұлулығын көрген соң,

570. Ұстайын деп ұмтылды

Қыз Лазымның білегін.

Алдыменен патшадан

Тілеп алды тілегін.

– Ғадатлі туған Мақтым хан,

Алдыңға келді жалғыз жан.

Жігіт үйден, қыз тыстан

Ұстаушы еді білекті.

Шыныңменен тілесең,

Берермін деген тілекті.

580. Сексен күндей той қылып,

Сексен күндей ойын қылып,

Үш сексен күн дегенде

Жігіт қызға жатқызып,

Бұйрық дәмін татқызып,

Алтын-күміс артқызып,

Ұзатушы еді атамыз.

Бұрынғы-соңғы жол қылып,

Бұл сөзіме құлақ сал.

Сыртта тұрған жеңге[ге]

590. Лазымжан барды жүгіріп.

Өз білегін қимайды,

Бір жеңгесінің білегін

Қалмаққа берді білегін.

Алдыменен патшадан

Тілеп алып тілегін.

Қайтадан тауып алыпты

Алтыннан соққан күймесін.

Ноғайдың биі кеңесті,

Кеңескенде не десті:

600. – Ұшырдым көлден Лазымды,

Береміз, – дейді, – Лазымды.

Асырап жатқан тобырды,

Ол да туған пері еді-ау,

Ғалиден соңғы ер еді.

Қалмаққа қиған Лазымды,

Қамбарға қисақ болмай ма?

Ат-айғырдан мың жылқы

Іріктеп алып өңкей би,

Алып жүрді тартуға.

610. Қалмақтан ноғай қорықты,

Күн-түн қатып жүргенде

Мінген аты зорықты.

Ит жүгіртіп, құс салып

Жүргенде батыр Қамбар жолықты.

– Ассалаумағалейкүм,

Артықша туған билерім,

Қайғылы болып тұра ма

Қатын-бала, елдерің?

Толықты ма милары?

620. Қалмақтан қысым көргендей

Қабақтарың қатыңқы,

Жолыңыз болсын, билерім.

Сонда билер сөйлейді:

– Жақсы айтасың, Қамбаржан,

Үміт үзген бола ма

Төрт түлік жиған малдардан.

Қайғы-қасірет көп болды

Кемпір менен шалдардан.

Сізді іздеп келіппіз,

630. Қалмақтан қысым көріппіз.

Сонда Қамбар сөйлейді:

– Ой ойласам, билерім,

Бәрің бірдей бектерім,

Әзімбайдай байыңа

Көп тобырым қаңғырып,

Барып тамақ жеп пе еді?

Алыста жатып есіттім,

640. Өзімді кедей деген соң

Сүйегімнен өтті енді.

Бір тілегім Құдадан –

Қалмақ алса олжаға,

Мінгізіп салса арбаға,

Артықша туған Лазымды

Алсам деп сонда тегін.

– Жақсы айтасың, Қамбаржан,

Алуға жатыр Лазымды

Мақтым хандай ханыңыз,

650. Ішке толды зарымыз.

Тартып алып ол кетсе,

О да сіздің арыңыз.

Тәуекел қылып барыңыз,

Алла оңғарса, қыз Лазым

Болмай қалмас жарыңыз.

Қамбар сонда сөйлейді:

– Асырап жатқан тобырым,

Желігіп жауға мен кетсем,

Айналмай келіп тозар ол

660. Мынау жаулық заманда.

Бәріңіз бірдей, ағалар,

Қайтарыпты билерді,

Жеті күн беріп уағда.

Әнсіз әңгімесі

Билер қайттылар. Билердің қайтқанын Мақтым хан көрді. Мақтым хан көрген соң айта салды: – Мен әуелі хан едім, екінші күйеу болдым, – деді. – Маған неге ойын-сауық қылмайсыңдар? Сонда билер айтады: – Рас, тақсыр, сіздің алдыңызға лайық адамымыз жоқ, – деп жауап беріп, билер айтады: – Мына жақта кедей Қамбар деген адам бар, шақырсақ келмейді, сіз соны шақыртып алсаңыз екен, – дейді. Мақтым хан айқай салды. Пұшық Келмембетті шақырып алды. – Қамбарға сен бар, – дейді, – қоржынның екі басына ділләні бөктер, – дейді. – Қамбар тобырына тамақ қылсын, келіп шайымды құйсын, – деп, Қамбарға Келмембетті жіберді.

Даланы артып молықты,

Күн-түн қатып жүргенде,

Мінген аты зорықты.

Ит жүгіртіп, құс салып

Жүргенде батыр Қамбар жолықты.

– Ассалаумағалейкүм, қай ісіңе

670. Қаһар қылса Алламыз,

Құдай қаласа, қайратым

Алмаспын жаудан бір мінат.

Көргенім сені жоқ еді,

Естігенім бар еді,

Жолыңыз болсын, Келмембет.

Сонда Келмембет сөйлейді:

– Біздің падиша ақылды,

Қамбар, сізді шақырды,

Қылсын деді тойымды,

680. Құйсын деді шайымды.

Менмендігін қылмасын,

Үлестіріп ділла берейін

Өңкей тобыр жандарға.

Барамын деп хандарға

Тоғыз күн берді уағда.

Ділланы алып сол жерде,

Тобырдың көңлі бітеді.

Қара қасқа тұлпарды

Қамбар ерің күтеді.

690. Төрт шамшырақ жақтырды,

Аяғын арқан қияр деп,

Жібектен арқан тақтырды.

Ащы тері шықсын деп,

Таң асырып шаптырды.

Жолдасына сенбей,

Шешесіне бақтырды.

Қалмақтарға барарға

Батыр Қамбар ентікті.

“Қанжығам қонды болсын”, – деп,

700. Байлады батыр дабылды.

Қара қасқа тұлпарға

Арпа-бидай асатты.

Қалмақтарға баруға

Батыр Қамбар ынтықты.

Алты көш жерден деміккен,

Күндік жерден кезіккен,

Мойнына ілді бір қара

Аузы түзу мылтықты.

“Ата алмасам, маған серт,

710. Атуыма шыдамай,

Дүміңнен сынсаң саған серт”.

Соғуына келгенде

Сом балтаны тауысқан.

Суаруға келгенде

Көлдің суын тауысқан.

Беліне алды бір қару,

Балдағы алтын қылышты.

Қалмаққа қылар хайланы,

Көрер ерлік пайданы.

720. Құдай десең қайранды,

Шаншып алған сықылды

Болаттан соққан найзаны.

Қыздар тағар қос қалта,

Ішке жағар ақ малта,

Аш беліне қыстырды

Болаттан соққан айбалта.

Тойғызды кедей тамақты,

Ойлады батыр талапты.

Шіреніп тартса сынбаған,

730. Шыққан оғы қайрылмаған.

Шаншып алған сықылды

Болаттан соққан найзаны.

(– Ақша бетке қар жауса)

Қара жерге қар жауса,

Ақша бетті сабалар.

Жақсы аттан жығылса,

Жаман адам табалар.

Қазанатлыққа барамыз,

Тілектес болып тұрыңдар,

740. Қалмаққа ойран саламыз,

Бізді де тапқан аналар.

Анасы сонда сөйлейді:

– Барсаң, Қамбар, көресің

Көкарал шаһар қаланы.

Өлтірерсің қалмақты

Есебі жоқ немесін.

Майданға кіріп кеткенде,

Есіңе алмай кетерсің

Өзіңді тапқан анаңды.

750. Жаппар Хақ-ай, Жаппар Хақ,

Падиша құрар алтын тақ,

Құдай да тақ, сен де тақ,

Сақтаушы болғын жалғыз Хақ.

Атқушы менің мергенім,

Шілеңгірім, зергерім,

Көзімді ашып көргенім.

Көп тобырда, қанеки,

Жолдас болып ергенің?

– Екіталай жер болса,

760. Ердің ісі жөн болар,

Қаса батыр майданда

Диірмендей дөңгелер.

Иіліп сәлем қылысқан,

Ибаменен тұрысқан.

Тәңірім мені сақтасын

Осы барған орыстан.

Тілектес болып тұрыңдар,

Ақ жаулықты жеңгелер.

Күндіз жүрсем құрдасым,

770. Түнде жүрсем мұңдасым,

Бір төсекте сырласым,

Халқым үшін барамын

Қалмақтарға бір басым.

Қынабынан лықсыған

Тасты кесер алмасым.

Қара қасқа тұлпарға

Бестен жүген жүгендеп,

Шұғаменен терліктеп,

Жібектен айыл шалады.

780. Күн тимеген бауырдан,

Жел тимеген сауырдан,

Орай бұттан алады.

Ақ білектің зарпынан

Тау жаңғырып қалады.

Сай суындай сарылдап,

Манат тоны дарылдап,

Шапқан сайын батырың

Алты қырменен артылып,

Жер бауыры тартылып,

790. Үстіндегі ер Қамбар

Әруақ қысып барады.

Көбігі шығып сауырдан

Тер тамшылап барады.

Қара қасқа тұлпардың

Естіген соң дүбірін,

Лазым тосып тұр екен,

Ер Қамбардың алдынан

Тоты құстай таранып.

Қамбарға айтып бір сөзді

800. Лазым сұлу жаранып.

– Қалмақтар келіп орнады

Көкарал шаһар қалаға.

Үкім қылып көп тұрар

Сіздей ғаріп балаға.

Көп кешігіп келмегеш,

Ішім толды заяға.

Қалмақтар келіп топ атты,

Батыр Қамбар келе ме деп,

Көп ноғайды тоқтатты.

810. Қалай келмес деп едім

Тарыққандай кезімде,

Ақылым қалай, ер Қамбар,

Қалмақтың ханы Мақтым хан

Үш сексен күн тоқтаттым.

Сонда Қамбар сөйлейді:

– Қара қасқа тұлпарым

Қызғаннан соң тұрмайды,

Оқ жыландай зырлайды.

Лазымға қарап сөйлейді:

820. – Қара қасқа тұлпарым

Қазған ордан секірді.

Келмеді деп көп ноғай

Бекер маған өкінді.

Мен бір ғаріп баламын,

Бір сапарға барамын.

Жол үстінде айалмен

Сөйлесем болар кесір деп,

Жетіп келді ләшкерге.

Ақ таяқ екен падишаның,

830. Келмембетке кез келді.

Әнсіз әңгімесі

Мақтым ханның қарауылшысы пұшық Келмембет Қамбар батыр соған кез келді. Келмембет Қамбарға сәлем берді: – Әй, Қамбар, – деді. – Сені Мақтым хан қазір өлтіреді, – деді. – Сен тоғыз күн уағда берген едің, бүгін он күн болды деп. Мен сенің бір шыбындай жаныңды сұрап алайын, – деп ханға кетті.

Келмембет кірді ханына,

Ара түсіп Қамбардың

Бір шыбындай жанына.

– Алдияр, бас хандарым,

Жаныңа келді Қамбарың.

Мұндан бұрын бар ма еді

Сенен сұрап алғаным?

Бір сұрай келдім Қамбардың

Көкіректегі шыбын жандарын.

840. Бере алмасаң бір тілек,

Төгіледі менің арларым.

Сонда Мақтым хан сөйлейді:

– Базардан алып келген ақ ирек,

Иректің аты безбүйрек.

Алып келсең еді Қамбарды

Жағасынан сен сүйреп.

Немене деп отырсың,

Бес байталға алған бедірек.

Көп сөйлемей шық, – деді,

850 Шығып кетші тез, – деді.

Келмембет тұрып жөнелді,

Есікке барып қайтадан,

Мақтымға берді жауабын.

– Хан емессің, қабансың,

Тамам ханнан жамансың.

Хан емессің, қасқырсың,

Қаса албасты басқырсың.

Достарың келіп табалап,

Дұшпаның келіп басқа ұрсын!

860. Хан емессің, қабансың,

Тамам ханнан жамансың.

Қамбар сені өлтіріп,

Дегеніне келтіріп,

Сүйегіңді қасқыр кемірсін,

Майыңа қарсақ семірсін.

Келмембет тұрып жөнелді,

Тұра алмады ер Қамбар,

Өзі тоқтап іркіліп.

Бір кісідей көрмеді

870. Он мың ләшкер, көп шерді.

Ақ сауыттан шығарды

Қарыс сүйем түгіні.

Ер нұсқасын көрген соң

Келмембетке атын ұстатып,

Мақтымға Қамбар кез келді.

Кіріп үйге келгенде,

Айбатына шыдамай,

Мақтым хан қорыққан сықылды,

Тұра келіп көрісті.

880. – Батыр Қамбар сенбісің,

Алдияр тақсыр біз, – деді.

Әнсіз әңгімесі

Мақтым хан Қамбарға қышқырды: – Сен өлмеймін деп келдің бе? Сен тоғыз күн уағда берген едің, бүгін он күн болды дейді. (Және) Қамбар Мақтым ханға айтады: – Рас, тақсыр, – деді. – Мен үйден шығып келе жатсам, бір ақ төс тазы қызыл түлкіні алып жатыр екен, оған бір қара төбет зорлық қылып жатыр екен. Екеуі маған келіп жүгінділер. Мен төресін бердім: «Әй, ақтөс тазы, сенің күнде алған түлкің ғой, мынау қара төбет итке бер», – дедім. Үш күнім өтті және келе жатсам, бір ақ сұңқар қуды алып жатыр екен, оған бір құладын зорлық қылып жатыр екен, о да маған келіп жүгінді, оны да құладынға алып бердім алты күнім өтті. Және келе жатсам, бір ителгі кекілікті алып жатыр екен. Оған бір қара қарға зорлық қылып жатыр екен оны да қара қарғаға алып бердім, тоғыз күнім өтті. Оныншы күн сенге келіп тұрғаным, – дейді.

Сонда Мақтым хан сөйледі,

Сөйлегенде не деді:

– Ақтөс тазы мен, – деді,

Қара төбет сен, – деді,

Таласқаның қыз, – деді.

Он мың ләшкер балуанға

Бола алмассың сен, – деді.

Ақ сұңқар құс мен, – деді,

890. Құладын құс сен, – деді,

Таласқаның қыз, – деді.

Он мың ләшкер балуанға

Бола алмассың тең, – деді.

Ителгі құс мен, – деді,

Қара қарға сен, – деді,

Таласқаның қыз, – деді.

Он мың ләшкер балуанға

Бола алмассың сен, – деді.

Батыр Қамбар сөйлейді:

900. – Бір атпадың, екі аттың,

Екі атпадың, үш аттың,

Үш атпадың, төрт аттың,

Аш белімнен кесе аттың.

Бір атқаныңды айтайын,

Келмембетті жібердің,

Қылсын дедің тойымды,

Құйсын дедің шайымды.

Екі атқаныңды айтайын,

Ақ төс тазы сен болдың,

910. Қара төбет ит мен болдым,

Қайткенде сенен кем болдым?

Үш атқаныңды айтайын,

Ақ сұңқар құс сен болдың,

Құладын құс мен болдым,

Қайткенде сенен кем болдым?

Батыр Қамбар қызынды,

Ердің түгі жығылды.

Сыртыменен сүйретіп

Үй жапсарын бұзады.

920. Падишаны аты қара көк,

Ұрысты қалмақ тек қан тілеп.

Ұрысуға ойланып

Мақтым ханменен сөйлесіп,

Қалмаққа берді бір кезек.

Мақтым хан алды қол оқты,

Қамбарға қарап көзеді.

Сол уақытта Қамбардың

Бәтуажа бабасы

Қалмақтың оғын қаңғыртып,

930. Тигізбестен демепті.

Қамбар алды садақты,

Атайын деп қол оқты.

Сыртынан шықты атқан оқ,

Жай отындай жайнады.

Семіздігі сонша екен,

Төбенің басын майлады.

Оны көрген қыз Лазым

Жүгіріп жайып құшағын,

Қолына алып келеді

940. Алмас мойын пышағын.

Оны көріп қыз Лазым,

Мойнынан алған сықылды

Бұрынғы салған бұршағын.

Қарағай найза батырлап,

Мылтық оғы шатырлап,

Әрекет пенен зеңбірек

Тұс-тұсынан атылды.

Атқан оғы жұлдыздай

Көп қалмақты қырады.

950. Хайла етерге білмеді қалмақ ит,

Жиды жүз салдатты.

Алдына салып айдады,

Біреулерін шапқылап,

Біреулерін шанышқылап.

Қырып шықты божайлап.

Қалмақтар қашып жөнелді,

Қызыл қанға боялды.

Атқа мініп Алшораз,

Келмембетпен екеуі

960. Ер Қамбарға қосылды.

Үшеуі басын қосқан соң

Ләшкер қашты даңғырап.

Алдына шығып қайырды,

Дұшпанның көңілін майырды.

Ұстап алып өлтірді

Жанарал, кінәз, майырды.

Ғали мінген Дүлдүлдей,

Тұлпарменен шабысты.

Үш күн, үш түн атысып,

970. Бірін қоймай тауысты.

Көрсетті ерлер азарды,

Байтақ жатқан даланы,

Сол бетімен қызғаннан,

Шауып қайтқан сықылды

Семей деген қаланы.

Он нарға қан құстырып,

Бір-біріне бірін қостырып.

Алтын менен гауһарды

Түрлі кілем үстінен

980. Қара жерге бастырмай,

Алтыннан тіккен отауға

Ер Қамбарды кіргізді.

Аяқтарын кем басып,

Беті оттай қабынып

Балалы қаздай баптанып,

Тоты құстай жайқанып,

Қамбарға қарап сөйледі,

Лазым [сұлу] сағынып:

– Бәрак Алла, арыслан,

990. Қалмақтарға бардыңыз,

Ойран-бүлік салдыңыз.

Сіз майданда болмасаң,

Төгіле жазды арымыз.

Асқармысың, таумысың,

Аруанамын, нармысың,

Қайыңмысың, талмысың,

Шекермісің, балмысың,

Уағда сөзде бармысың,

Құдай қосқан жармысың?!

1000. Шақырып алды Қамбар қасына,

Дәулет құсы қонды басына.

Сабырдың түбі – сары алтын,

Жетермін деген осы ма.

Беліндегі белдікті

Тастаған ерлер шешініп,

Тоқтаған көңіл бекініп.

Әзімбайдың елінен

Атан-түйе айдатып,

Көп тобырын көшіріп,

1010. Бәрін мұнда алдырды.

Тоқтатқан Қамбар сабырды.

Тілеген тілек қабыл-ды,

Елші салып ноғайдан,

Көп тобырын алдырды.

Көрді сонда анасы,

Анасы менен баласы

Көп тобырға көрісті.

Көкарал шаһар қаласын,

Қамбар ерді қарашы

1020. Ақылының данасын.

Әзімбай Лазымды ұзатты,

Байлығының белгісі –

Кез жарым қылып соқтырды

Алтыннан түйе бұрауын.

Қамбар мен Лазым қосылды

Ашықтық жолы ошал-ды,

Бар да мінді бір атқа,

Жоқ та мінді бір атқа,

Жаманменен жүрсең,

Қаларсың деген ұятқа.

Дегеніне келтіріп,

1032 Батырың жетті мұратқа.