ТУГАН ЖЕР ТУРАЛЫ ШЕЖИРЕ

ШЕЖІРЕЛІК ДАСТАНДАР

«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН

ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚ ФОЛЬКЛОРЫ

ТУҒАН ЖЕР ТУРАЛЫ ШЕЖІРЕ

Жазайын қолға қалам ап,

Мекен жерді аралап.

Кетпесем де Жұңгоның

Барлық жерін тамамдап.

Өзім тұрған өлкесін

Көрсетейін саралап.

Қазақ өскен ауылы,

Алтайымнан барандап.

Кей өзеннен секіріп,

10. Кей тауларын жағалап.

Кімнің барын айтайын,

Жасаған мұнда паналап.

Не кәсіппен тұрғанын,

Мал-басын қалай амандап.

Әр халықтың өзіндік

Қасиетін тарамдап.

Қарамекен делінер,

Қарт бабамның жері екен.

Сақ, үйсін, көк түріктер

20. Мұнда болған ел екен.

Сол қонған кешегі

Ерентаудың белі екен.

Қоныс шалған осыдан

Асан ата ер екен.

Сонан келіп қазекең

Ірге тепкен төр екен.

Орта жүздің баласы,

Арғын, найман ағасы,

Керей, уақ елімен

30. Қоңырат, қыпшақ тарады.

Абылай хан тұсында,

Үш жүзің саған қарады.

Абылай хан кеткен соң

Тозып кетіп барады.

Тозған елге қашан да

Әркім шеңгел салады.

Қай күштісі қайырып,

Бағындырып алады.

Ебін тапқан ептісі

40. Біріне кеп жағады.

Соның бәрі заманның

Адамға айтар амалы.

Амалы азы аптығып,

Арып-ашып қалады.

Амалдысы сытылып,

Күй табады шамалы.

Жәнібек пен Қабанбай

Елін бастап амалдай.

Алтай тауын көбелеп,

50. Тәңір тауын межелеп,

Көшіп кеп ірге қосыпты,

Осы өлкені жағалай.

Сонан бері ғасырдан

Үші өтіпті табандай.

Сол бір мекен жерімді,

Дария, өзен, көлімді.

Үлкен-кіші қаламды,

Биік тау, ойпат даламды.

Пақыр Ақыт жазуға

60. Қолға қалам алады.

Бұлғын, Шіңгіл бойлары

Өр Алтайдың жері екен.

Сартоғай мен Шәкүрті

Жуанғанныңелі екен.

Өндірқара, Зағұба

Қара бұлғын, дүре екен.

Төре-қара қоныстас

Бәрінің жері сол екен.

Бітеу менен Сойылты,

70. Қарамағай дөң екен.

Жетіарал мен Көкағаш

Шұбап біткен ел екен.

Осы өзеннің аяғы

Үліңгір үлкен көл екен.

Неше керей қыстайды,

Жұтатып малды тастайды,

Қысылғанда амалсыз

Қыс Құбыны жастайды.

Құбы деген құм екен,

80. Панасы жоқ шөл екен,

Онан ары көз салсам

Боғда тауың тұр екен.

Арманты, Ебі жоғары,

Көдесі жоқ томарлы.

Көктемесе осы жер

Қысқы малға обал-ды.

Бұлғын, Бәйтік басыңда,

Қалқаңсол тұс қасыңда.

Ажы, Боғда, Алатау

90. Моңғұл тұрар осында.

Шіңгілдің бойын өрлесең,

Қобдаға барып асасың.

Мінер жаққа бұрылсаң,

Делуінді басасың.

Қобданың жері Делуін,

Тезекке елдің көнуін.

Қарекеті қашанғы

Мал соңынан еруің.

Ұланқұсы, Сақсайды

100. Желі соғып қақсайды.

Отыны жоқ, суы жоқ

Оны несін мақтайды.

Далакөл, Тұлба – екі көл,

Ортасында жалғыз бел.

Аралықта қаңғырып,

Сандалып жүр қайран ел.

Өскен деген жалғыз сай,

Шұбарайғыр қыстайды.

Кейде аман шығады,

110. Жұтатып кейде тастайды.

Қамалып сонда жүргені

Жақсы қоныс таппайды.

Жерімнен кет деп қоқилап,

Қорлығы жаудың өткені.

Сол қорлыққа шыдамай,

Бөкенің ұзап кеткені.

Бөке, кеттің алысқа,

Шыдай алмай намысқа.

Серікке ерттің қаманы

120. Бір тұратын қонысқа.

Жалпақ, Шіңгіл, Көктоғай,

Аталасың Өр Алтай.

Қазағыңды, тұрғыным,

Қоярмын қайтіп мақтамай.

Ертістің басын өрлесең,

Көктоғай, Шіңгіл жерлесең.

Күздігүні болғанда,

Үйрек-қазы сыңсыған,

Сән берген ерен елге есен.

130. Бір-бір атын мінген ел,

Мал аралап жүрген ел,

Тамашаға болып мас,

Тірлігін осы сүйген ел.

Қанатсыз ғана құс тектес

Тынымсыз көшіп жүрген ел.

Көшумен өткен өмірі

Көмбей әлі іргені ел.

Күзді қуып, қыс келер

Дегенді ойлап білмеді ел.

140. Тәуекелге білегін

Ат үстінде түрген ел.

Өлімнен басқа көргенін

Сайран деп қана білген ел.

Сонымен жұтап тарығып,

Сонымен тозып жүрген ел.

Біле тұрып тағдырын,

Осыған етек түрген ел.

Кетермісің осылай,

Атанып құстай жүрдек ел?!

150. Қашқырты, Құсты, Қайырты,

Жайлауы судың аралы.

Астаушадан асқан соң,

Тараған неше салалы.

Шағандара қиюлы

Аюды бар балалы.

Тамаша неткен мекенсің,

Жазғы салқын самалы.

Қаранор мен үш төгіс

Ертіске таман қарасаң,

160. Жүзіңді жұпар шалады.

Таусылмайтын санасам

Биігің мен аласаң.

Өсіп осы саяңда,

Қалам алып сайраған

Кім десеңдер, жарандар,

Пақыр Ақыт – балапан.

Қарашора, Секпілтай,

Шаңқан, Шіңгіл малға жай.

Шағанғол мен Күрмеуті

170. Шығысын орап Шіңгілдің,

Қалқаға тұрар жақындай.

Сарсүмбе Қабам, Жеменей

Жазатын келді кезегім.

Салбырты, Сауыр даласы

Ертіс жердің сарасы,

Он екі өзен қосылып,

Атанған Ертіс сабасы.

Жіңішке басы екі айыр

Ертіс деген өзеннің,

180. Бір басынан асуға

Қобдаға таман кезендім.

Қызығын көріп қызыл тіл,

Жел сөзді тізіп безендім.

Қайқайыста қыран бар,

Жері қандай сынаңдар.

Суының құмы сары алтын,

Балығы жүзіп бұраңдар.

Түстігінде Күрті бар,

Таралаң сайы, Сүпті бар.

190. Шеміршектің құйғаны,

Қыран бойы ну бәрі.

Қос өркешті ботадай

Балбағай тауы тұлғалы.

Баурайында сол таудың

Мешіт салған, медресе

Қазірет атаңжұрты бар.

Құлынсыз, Мөңке, Ақсала,

Өрмегейті, Ушілік.

Мекендеп оны Мәми жүр,

200. Өзгелер көшер қымсынып.

Құлынембес, Сарыгер

Мал шөп басын шалып жер.

Үштас, Арал жайлауын

Мекендеген қалың ел.

Буыршын, Қаба, қатарсың,

Бидайдың дәмін татарсың.

Күз болғанда егіннің

Қызығына батарсың.

Қаба деген бір өзен,

210. Басы жетеу шалқайған.

Жылғаларын жылыстап

Ағады бұлақ әр сайдан.

Жоғары өзен Буыршын,

Ағашы қалың тыныссың.

Ел ырысын тонайтын

Ұры-залым құрысын.

Қалутан, Шұңқыр, Үштасты

Суарған сол Буыршын.

Мекені еді аз елдің,

220. Айранындай жайлаудың

Берекесі ұйыйтын.

Қарамайлы, Қаптығым,

Ойпаты жоңғар жаттығым.

Раноты жайқалған

Мақтанышым шаттығым.

Жазығына Сауырдың,

Құты болған малыңның,

Қазақ-қалмақ қоныстас

Бірге тіккен ауылын.

230. Мұз сәлдесі алынбас

Сауыр сенің тауыңның.

Қостолағай, Орқы мен

Қарамайлы, Санбұлақ,

Даласында аң қуып,

Мергендер жүр салдырап.

Майлы, Барлық, Орқашар,

Тарбағатай таулары.

Еміл бойы қалың ну

Құлыстайдың аңғары.

240. Жайырда жүр жайылған

Қойымен бірге аңдары.

Тоқта – Барлық тоқтайды

Алакөлге барғалы.

Астыңда екен оң бетің

Ел ырысы арналы.

Егінің мен кендерің

Секілді соның тармағы.

Жазығыңның жалтаңы

Саясы кем жаздағы,

250. Болғанымен халқыңа,

Мол несібе арнайды.

Майтау, ырыс тауысың,

Жетсін саған дауысым.

Жың, Тақия жерінде

Тұздың кені ағылсын.

Тянь – Шанды сағалап,

Сайрам көлін жағалап,

Ілеге асып жетейін,

Алма-өрігін саялап.

260. Батысың Құлжа қаласы,

Іле дария сағасы.

Алма иісі аңқыған

Жеріңнің бар даласы.

Сүйдің, Қорғас, Шапшалың,

Алқаптасың шап-шағын.

Күредегі Жиаңжүнге

Бағынады бастарың.

Тоғызтарау, Нылқың бар,

Есепсіз қалың жылқың бар,

270. Текес, Күре, Күнесте

Жасаған көрші ұлтың бар.

Сібе, дағұр, торғауыт,

Ханзу, дүңген, ұйғыр бар,

Өзбек, ноғай, қазақтан

Бауырмалдық құлқың бар.

Бау-бақшалы мұң мекен

Астықа қамба, шырпың май.

Мал кіндігі боларлық

Тауларыңның тұрқы бар.

280. Сол тауларды сағалап,

Өзендерін жағалап,

Албан, қызай, жалайыр,

Қаңлы руы таралад.

Арасында аздаған

Керей, уақ саналад.

Қызылөзен, Сауан көл,

Шөбің шүйгін, суың мол.

Тасырқай, Манас, Ұлужан

Жазайын бәрін бір-ақ жол.

290. Құтыби, Санжы жанасты,

Үрімжіге қарасты.

Байырғы мекен Жемсары

Үш Фукаң, Сантай алапты.

Мори, Шонжы, Сандоба

Боғда бойын жанапты.

Сол екен Еренқабырға

Елге ырыс құйған сарапшы.

Сол өлкенің бәріне

Малшы қазақ тарапты.

300. Аратүрік, Құмылың,

Жағышын қалмақ Сұмының

Күн бетің Баркөл Пышансың,

Тауыпсың жердің тұғырын.

Тоқсұн мен Тұрпан егінші

Қоймаған судың түбірін.

Жер астынан жүлгелеп,

Жалғаған судың кіндігін.

Қара шәрі, Көкілік

Көрмеген жүр өкініп.

310. Өр Алтайдан кеткен соң,

Бөке барған бекініп.

Ұсақтал, Күміс, Көрлаң бар,

Дария үлкен арнаң бар.

Бүгір, Лоптың жазығы

Өсіріп малын сайрандар.

Онан ары Кұшарсың,

Байығаның ұшарсың.

Саудадан қатты сүрінсең,

Таза кебінді құшарсың.

320. Ақсу, Жаркент, Шая еді,

Түйелі базар Бай еді.

Ақ күрішің асықтай

Астық пен малға сай еді.

Маралбасы, Қағылық,

Қарашар, Мәкіт, Шақылық.

Жеті шімен делінер

Егін кесте сапыры.

Құмды алқап қияр Хотаным,

Ұлан байтақ Отаным.

330. Тарымның құмы астыңда

Бәріңнің бірдей қатарың.

Атұш, Ақши, Ақтауым,

Қажетсіз сені мақтауым.

Қорғаны болып жатырсың

Батыс-түстік жақтаудың.

Пәйзауат, Мекіт, Тасқорған

Тараған бәрі Қашқардан.

Соның бәрін Үрімжі

Бір орыннан басқарған.

340. Шыңжаң өлке жерің бар,

Тоғыз дәутай елің бар.

Бағраш, Баркөл, Үліңгір,

Сайрам атты көлің бар.

Жетпіс екі шәнің бар,

Жарасқан ұлттық сәнің бар.

Жаз, қыс, көктем, күзінде

Түрленіп тұрар тауың бар.

Қалуын, Қорқыс, Арасан

Науқасқа дауа қарасам.

350. Қасиетті бұлақтар

Алыссынбай бара алсаң.

Он үш ата ұлтың бар,

Әрбір дінде жұртың бар.

Мал өсірген, егін сап

Әр кәсіпке құнтың бар.

Он үш ата құтайдың

Хан болғаны қытайым.

Хан болмаса қытайым

Елдік кетіп жұтаймын.

360. Онан кейін дүңгенім,

Көбінде барсың жұңгоның.

Сауда қылып, егін сап

Бәріне де көнгенің.

Егін егер ұйғыр бар,

Алман берер салтың бар.

Қолөнер, саудаң қалмаған,

Жан бағарлық шартың бар.

Қайда жүрсің, қазағым,

Қоныстың тартқан азабын.

370. Көшуменен күнелткен

Қызығын көрмей қаланың.

Он төрт сұмын моңғұлың

Бәріне салған алманын.

Қазан алман, лау ат

Батырған елге салмағын.

Салмағыңды ойлаумен

Қысуда кетті бармағым.

Бір туысқан қырғызым,

Мекен қылған қыр жүзін.

380. Таңда тауда түрілген

Өзіңмен бір түндігім.

Сібе деген елің бар,

Шапшал деген жерің бар.

Келеміз бағып көтеріп

Шығыныңды сенің бар.

Дағұр деген бір елің

Мекендер Іле кең жерін.

Өзіңді билей алмадың

Сары уаң салып шеңберін.

390. Құла шегір орысым,

Алысқа тастап қонысын.

Келесің кеулеп қалаға

Таппақ боп дәулет сонысын.

Он сан дейтін ноғайым,

Орысқа бейім нобайың.

Сауда қыл әділ қашанда

Демесең елді тонайын.

Өзбек едің өз ағам,

Бытыраңқы жер шамаң.

400. Әрбір жерді мекендер

Кезікті сондай бір заман.

Тәжік, туыс қайдасың,

Мекендепсің тау басын.

Бүркіттің биін билеген,

Бүркіттей қыран болғасын.

Мәнжуге біткен ақсүйек,

Зарлатқан елді тақсыр деп.

Билеген елді кім айтқан

Жәбірлеп ылғи басқа ұр деп.

410. Бітірсең әділ жұмысты,

Ел көзін айтпан жас тұр деп.

Сенің де күйің тозады-ау

Төрелерің асты деп.

Шыңжаң өлке жерімді,

Жасаған мұнда елімді.

Өлең етіп аз ғана

Сыпырдым маңдай терімді.

Білмегенге айтайын

Ақыт пақыр жөнімді.

Жетпей қалған жеріне

Алмассың шешіп тонымды.

Жаңылып айтсам жалпыңа,

Тосамын өз жөнімді.

Аяқсыз-бассыз аз сөйлеп,

425. Тоқтатайын жырымды.