Абиш Кекилбаев. Туранбике ханшайым.

Қорлығым жоқ көрмеген.

КАЛАФ

Әкем келді, Пекинге,

Анам байғұс көз жұмды бұл дүниеден,

Дедің бе осы, Скирина?

Шының ба бұл?

СКИРИНА

Өтірік айтсам,

Өрем қабайын осы жерде.

КАЛАФ

Бейбақ анам, Бейшара әкем. (жылайды).

СКИРИНА

Асығыңыз, ханзада,

Сіз бір ауыз сөз жазғанша

Қайдағы пәле қайдан тап болады деп,

Құтым қашып барады.

Табылмас деп қағаз, қалам,

Алып, келгем мінеки.

(Калафқа ұсынады)

О байғұс шал баласынан

Хат алып, көңілін баспаса,

Хан сарайға жар салып,

Масқара қылар түрі бар.

КАЛАФ

Әкел тезірек қағазыңды,

(Жаза түсіп ойланып қалады).

Не істемекпін, дұрыс па есім?

(Сәл ойланып, қағазды лақтырып жібереді).

Скирина, жүгір, бар,

Әкем қазір Алтаумға жолығып,

Бәрін айтып, тарқатсын де мүдәсін.

СКИРИНА

(абыржып).

Не дейді?

Бір ауыз сөз жазбайсыз ба одан да?

КАЛАФ

Ағарып қалды атар таң,

Диуанның алдын көргенше,

Аты жөнім шыға қоймас аузымнан

Хасанға жар бола тұра,

Мені бүйтіп мерт қылуға

Қайтып дәтің шыдайды?

СКИРИНА

(онан сайын абыржып).

Қайдағыны айтасыз-ау, ханзада,

Тағы не пәле бұныңыз?

(жалтарып кетіп).

Әділманың желге ұша ма бар ойы?

(Дауысын көтеріп)

Жарайды. Әкеңізге айтайын

Бірақ, осынша қорлық көріп сіз үшін

Қияметтің қыл көпірін қырық өтіп,

Алдыңызға келгенде

Бұлай деп ойламап ем?

(Жүзін бұрып әкетіп).

Әділманың айласы

Алпыс түйеге жүк еді,

Асты-ау мынау одан да.

(Кетеді).

КАЛАФ

Әлгі қызметшінің айтып қойғаны

Мұндай абырой болар ма.

Жаңа осында Скирина

Әкең Пекинде, анаң өлді деп,

Ант-су ішті-ау, рас па екен.

Қайда барсаң қорқыттың көрі

Қазулы тұр алдыңда.

(Екінші есікке қарайды)

ЖЕТІНШІ КӨРІНІС

Калаф, Зелима.

ЗЕЛИМА

Ханзада, –

Туранбике мені жіберген,

Ханшайымның өзі жүрер жолменен

Зорға жеттім осында,

Өзіңізге, бір жақсылық айтқалы.

ҚАЛАФ

Қалай сенем бұныңа?

Ханшайымның қара тастай жүрегі

Қайтып бұлай жібіп жүр.

ЗЕЛИМА

Оныңыз рас, алдияр.

Тасбауыр ханша жүрегін

Балқытқан бір өзіңіз.

Сенбейсіз бұған, әрине.

Рас, рахымсыз ханшайым,

Жек көрем деп жер тепкілеп бағуда.

Бірақ, сізге ғашық болып қалғаны

Көзі бардың көрініп тұр бәріне,

Бұл сөзімде болса өтірік зәредей,

Осы тұрған жерімде

Жерге сіңіп кетейін.

КАЛАФ

Болса болар,

Мынауыңыз жақсы хабар.

Аржағын да айт, кідірме.

ЗЕЛИМА

Ханшайым асқақ емес пе,

Апшыны қуырған асаулығы да сондықтан.

Манағы серттен шыға алмасын біліп жүр.

Ертең тағы Диуанда

Жер болса егер осыдан

Өліп кетер түрі бар.

Тынығайын азырақ.

(Сәкіге отырады)

Басым да әбден дал болды,

Ұйқы да енді құтыла алмас қашқанмен.

(Ұйықтап кетеді)

СЕГІЗІНШІ КӨРІНІС

Калаф ұйқыда. Труффальдино.

Труффальдино аяғының ұшымен басып кіріп, мына бейбақ ұйықтап қапты, бұ да құдайдың бергені де, енді, әмиян алтын қалтаға өзі түсіп тұр дейді. Бір динарға белгісіз бір сиқыршыдан бір тылсым тамыр алыпты; ұйықтап жатқан кісінің жастығының астына тастаса сол бойда сөйлеп қоя береді екен, не сұрасаң да айтатын көрінеді т.с.с. Ұрлана басып Калафтың қасына барып жастығының астына қолындағы тамырды тығады, сосын кері шегініп, анадай жерге барып, әртүрлі күлкілі қылық көрсетіп тұрады.

Калаф сөйлеудің орнына, қол-аяғын қимылдатады. Труфалъдино оны әлгі шөпшің әсері деп біледі. Әр қимылы, мағынасы бар шығар дап ойлап, Калафтың әр қимылын әріпке жорып, сол әріптерден қызық бір сөз құрастыр енді дегеніме жеттім-ау деп мәз-мәйрам шығып кетеді.

ТОҒЫЗЫНШЫ КӨРІНІС

Калаф әлі ұйқыда. Бетіне перде жапқан, қолына ши ұстаған Әділма кіреді.

ӘДІЛМА

(өзімен-өзі)

Құртып болды-ау амалымды,

Біле алмасам да аты-жөнін,

Бұл сарайдан қашырудың

Қамын істеп көрейін.

Өзім құшам қалайда

О, махаббат, падишасы ақылдың,

О, құштарлық оянатын бейуақ,

Не кедергі кездессе де,

Жар боп жүрген жазмышым

Ең ақырғы басым тіккен

Осы сыннан сүріндірме!

Уа, жайсаң махаббат,

Шарапатыңды маған да қи,

Құтқара көр құлдықтан мынау!

(Калафтың бетіне жарық түсіріп, қарап тұрады)

Жан асылым жатыр ұйықтап,

Жүрек шіркін сен де тынық, дүрлікпей

Айналдым-ау кірпігіңнен.

Қайтып ашам көзіңді!

Уақыт зырлап барады,

Асықпасқа шара жоқ.

(Шырағын қойып, даусын шығара тіл қашады)

Бейтаныс жігіт, басыңды көтер!

КАЛАФ

Бұл кім тағы?

Не іздеп келдің?

О, сабазым, маза берші аз ғана!

ӘДІЛМА

Ашуланба, асылзадам?

Сескенердей немене бар сонша бір?

Мен бір жүрген бейбақ әйел,

Есіміңді сұрап мазаламан ел құсап,

Шаруам жоқ кім екеніңде.

Өзім кіммін, білесің-бе?

Құлағың сал, ханзада.

КАЛАФ

Неге жүрсің бейуақта,

Мені алдау оңай емес,

Асыл бикеш, ұмытпа оны.

ӘДІЛМА

(елжіреп)

Ханзада мұнша қатыгез болар ма,

Мен бе сені алдайтұғын?

Скирина мұнда келген шығар,

Сұрады ма хат бер деп?

КАЛАФ

Иә.

ӘДІЛМА

Сен, әрине, берген жоқсың.

КАЛАФ

Иә. Ондай есуас мен емес.

ӘДІЛМА

Жарылқаған екен жасаған

Сұмырай күң келді ме анау,

Атыңды айт деп сұрады ма?

КАЛАФ

О да келді.

О да кетті

Құр қол қайтты екеуі де.

Сен де солай қайтасың.

ӘДІЛМА

Секемшіл-ақ екенсің,

Тағар айыбыңды артынан тақ,

Сөзді тыңда әуелі.

(Сәкіге отырады)

КАЛАФ

(қасына отырып)

Жарайды, тілегіңді айт

ӘДІЛМА

Киіміме қара да,

Кім екенімді айтып бер.

КАЛАФ

(оған қарап)

Сөзің, жөнің тегің тектен емессің,

Ал киіміңе келгенде

Төмен етек күңсің бір.

Шама шығар шамам сірә

Мана Диуанда көргенмін,

Мүсіркегем сыртыңнан.

ӘДІЛМА

Бұдан бес жыл бұрынырақ

Есігімде жүргеніңде

Мен мүсіркеуші ем мына сені.

Бүгін мана Диуанда көргенде

Опық жедім, сол кез түсіп ойыма.

Сол уақта-ақ менің бейбақ жүрегім

Сезіп еді-ау сенің асыл сүйегіңді.

Қолымда қайрат бар кезде

Тигізіп ем шапағат.

Патша тұқым жас қызға

Не керегін сол кезде

Сездіріп ем көзіммен.

(Пердесін сыпырып тастайды)

Ал, қара, кәне? Мен кіммін?

Таныдың ба, жоқ па?

КАЛАФ

(таңырқап)

О тәңірім! Әділма ма?

Жұрттың бәрі өлді деп жүрген

Хорасанның ханшайымы Әділма?

ӘДІЛМА

Иә. Сол алтын тажды, алтын басты Әділма,

Бұғау киіп, күң болып

Отыр міне алдыңда

(жылайды)

КАЛАФ

Бүкіл ел боп жылау айтып,

Жоқтап жүрген Кейқуаттың сол қызы

Кісендеулі күң боп маған жолықты.

ӘДІЛМА

Тап солай!

Тында ендеше,

Бастан қалай бақ тайғанын айтайын,

Менің сорлы ағайым

Тасбауыр ханша Туранбикеге

Есі кетіп ғашық болып

Түсті Диуан алқасына.

(жылайды)

Қалаға кірер қақпада

Оның да басы шаншулы,

Солай мерт болды сорлы ағам!

Бұ қасіретке қайтып қана шыдайын.

(еңкілдеп жылайды)

КАЛАФ

Естігенмен сенбеп едім,

Бүгін енді көзім жетті, шын екен.

ӘДІЛМА

Хас батыр, әкем Кейқуат

Шыдамай мұндай қорлыққа

Шар болаттай шарт сынып,

Пекин патша жеріне

Тұтқиылдан бас салды.

Сайқал тағдыр жер соқтырды қапыда,

Талқан болды әскері.

Алтаумның бір әулекі ұлығы

Әулетімізді түгел құртпақ болыпты.

Найзаға ұшты үш ағам,

Анам мен бізді, қыздарды

Өкіріп аққан өзенге

Өлтірмекке лақтырды.

Алды жұмсақ Алтаум

Көріп қалып бұларын

Құтқармаққа қылды әмір,

Опат болды бәрі де,

Тірі қалған жалғыз мен.

Хан Алтаум қара күң қып сайлады.

Қан сапырған ханшайымның қолына

Ақ сүйегім бор кемікке айналып,

Алтын басым босағаға байланып

Содан бергі жүріс осы.

Аспандаған ақ шаңырақ

Аяққа түссе ақ шаңдақ

Соның бәрін істеткен

Осы жауыз Туранбике қар..

(Жылайды).

КАЛАФ

(көңілі бұзылып):

Қасіретің қабырғама батады-ақ,

Хас асыл ханшайым.

Бірақ, басындағы алтын дәуренді

Қилы күнге тап қылған

Әуелі ағаң, сосын аңғал әкең де

Ұшықтыра түсіпті,

Алаңғасар іс қылып,

Аяғанмен, не келеді қолымнан?

Тәж бенен тақ тағы түссе қолыма,

Азаттық алып берейін.

Ал, қазір мынау әңгімең

Қозғап отыр көкейдегі көп шерді.

ӘДІЛМА

Аты-жөнім, ата-тегім аян болды өзіңе,

Қалтарыста бүгіп қалған сырым жоқ.

Көкейдегі ынтықты

Хан басыммен аузым барып айта алман.

Айта келдім, асылзадам.

Ғашық болам деп ғарып болған падишам,

Сұмырай қыздың көңілге алған сұмдығын.

КАЛАФ

Айт, Әділма,

Көңіліңе алған сөзіңді.

Көмейіңе ірікпе.

ӘДІЛМА

Айтармын-ау, бірақ сен

Жаңағы келген күндердей мені де бір арбаушы

Әзәзіл санап жүрмесең.

КАЛАФ

Айтарыңды, Әділма тез айтсаңшы,

Не демексің мен сүйетін қыз жайлы?

ӘДІЛМА

(Жүзін бұрып әкетіп)

О, жасаған, жар бол өзің!

(Калафқа)

Тыңда ендеше –

Жеңілген соң шамырқанып

Шатырлап тұрған Туранбике

Ататын таң саз бере

Жолықтырмақ ажалға.

Көрсетері осы, Ханзада,

Көңілің кеткен ханшаның.

КАЛАФ

(Зығырданы қайнап атып тұрады)

Өлтірмек пе? Мені ме?

ӘДІЛМА

Иә, сізді, асылзадам,

(орнынан бұ да ұшып тұрып)

Осы үйден шыға бергенде

Жиырма қанжар жиырма тұстан шап беріп,

Жайратып салмақ ойлары.

КАЛАФ

(тықыршып)

Онда айтайын күзетке...

ӘДІЛМА

(оны тоқтатып)

Не бітірем деп ең онымен,

Ханшайымның қан шеңгелі торлаған

Қанды қақпан аяғыңның астында.

Ол жауызға қарсы шығар қол қайсы,

Бекер әуре болмаңыз.

КАЛАФ

(өзін-өзі ұмытып)

Бейбақ Калаф! Қайда барсаң

Құрдым қабір аран ашқан.

Жазған әкем Темір байғұс,

Жақсылыққа жеткізе алмай

Жер жабыспақ сорлы балаң.

(Бетін басып, есірік халде тұрып қалады)

ӘДІЛМА

(қуанып, жүзін бұрып әкетіп)

Калаф, Темірдің ұлы Калаф,

Жолым, мұндай болар ма!

Осы жолы дегеніме көнбесе,

Турандотқа бұйырмайды бәрібір,

Қимылдап қалар кез осы.

КАЛАФ

(Сол баяғы есірік халде)

Нәлет тағдыр...

Бастан бағың бір қайтса,

Қалмайды екен көрсетпейтін қорлығың.

Өліп, өшіп сүйгендегі

Көретіні бұл болса,

Қырық нарға жүк болды ғой

Қырсығы бұл сорлының.

япырай, дәл мұнандай перизат

Болар ма екен осыншама қанішер?

(Жиренішпен)

Әй, ханшайым, сен де алдап тұрсың-ау!

ӘДІЛМА

Сенбесіңді біліп едім әуелден,

Тыңда ендеше, бейсауат жүрген падиша,

Туранбике қыз шешпек болып жұмбақты,

Сарайында әрі-бері сандалды.

(қызынып)

Шеше алмасын білгеннен соң долы қыз

Құтырған иттей арсылдап жүр әркімге.

Ақша беті көк талақ,

Ауып кеткен көздеген,

Бағанағы Диуандағы сиық жоқ,

Енді көрсең естен танып қалар ең,

Басып мына ашуын

Жар болуға көніп қалар ма екен деп

Асылзадам, жатып келіп мақтайын,

Кетті бәрі заяға.

Жауыз ханша аярлыққа басты енді,

Онысынан іс шықпаса,

Анау азбан құлдарына өлтіртпек

Дүниеде бұрын-соңды

Бұндай зұлым тумаған

я қыздан, я ұлдан.

Өліп-өшіп сүйем деп,

Өлексе боп қалмақсың.

Саған да түсті ажалдың

Абжыландай құрығы.

Жаным ашып ескерткелі келіп ем,

Жаудай көріп, сыртқа тепсең қайтейін.

(жылайды)

КАЛАФ

Сүйтіп мынау патша қойған

Қалың нөкер ортасында

Қанға батып қала берем.

Бас пайда, олжа тұрғанда

Міндет еске түсе ме

Қызметші манағы

Солай демеп пе еді осы.

Құры бүйткен қу өмір,

Бақ іздеген бос далбаса.

Уа, тас жүрек Туранбике,

Өліп-өшіп сүйіп ем,

Не шарт салсаң – көніп ем,

Көргенім сонда осы ма?

(ызалы)

Құры, итшілік қу өмір,

Бағы құрсын бүйтіп босқа сабылтқан.

ӘДІЛМА

Асылзадам, бұл зұлматтан арашалар адам бар,

Алдында тұрған Әділма ол,

Жаным ашып жаңа осында келерде

Алтын беріп, аузын алдым күзеттің.

Сені ажалдан өзімді бұғаудан

Құтқармаққа бел будым.

Анау қалған елімде

Қазына бар тығылған:

Сорлы әкемнің адал досы Әлімгер

Құтқармаққа қол жіберген осында.

Ат дайын, ал, кәнеки, қашайық,

Әлімгердің әскерін ап,

Қайта орнатам тағымды,

Сосын саған кигіземін тажымды,

Міне басым, міне қолым – серт осы.

Егер мені қаламаса жүрегің,

Татарда не көп, сұлу көп,

Ең сұлуын құс қып қондыр қолыңа.

Сені ажалдан құтқара алсам,

Өзім бұғаудан азат болсам –

Басқа тілек жоқ менде.

Қайтарсаң қайтар ықласымды,

Басыңдағы қатерді бірақ ұмытпа.

Ал, ханзада шешімге кел,

Таң бозарып барады.

КАЛАФ

Аяулы, Әділма.

Басыма күн туғаны рас,

Бірақ сенімен бірге

Барласқа қашар жайым жоқ.

Хан Алтаум бұдан соң

Су аяқ сұм деп қалар.

Сені алып қашып қасыма,

Ыққасын қайтып аттайын.

ӘДІЛМА

Ықыласын сен емес,

Турандот аттап отырған.

КАЛАФ

Аттай берсін ол мейлі,

Аттай алман мен бірақ.

Жүрегіме жүрер емес әмірім,

Сүйген жарым өл десе егер,

Өлімге де пейілмін.

Қаша бер өзің,

Мен осында өлемін.

Бұдан арғы өмірдің не мәзі бар.

Туранбикесіз бұл тірлікте жүргенше,

Соның, мейлі, ассын тағы мерейі.

ӘДІЛМА

Шының ба айтып тұрғаның?

Ендеше сен қыз сүйем деп

Көр соқыр боп қалыпсың!

КАЛАФ

Я ажал, я махаббат,

Басқа алаңым жоқ менің.

ӘДІЛМА

Білем, білем зұлым қыздың

Менен сұлу екенін.

Бірақ, аппақ пейілімді

Таптамас деп келіп ем.

Маңайыңа жуытпадың қайтейін,

Бір өзіңнің тірлігің

Жатсам-тұрсам көкірегімнен кетпейді,

қашайықшы, ханзада,

Ең болмаса, құтқарсайшы басыңды.

КАЛАФ

Әділма, енді сөз бітті.

Өлсем өлем осында.

ӘДІЛМА

Жақсылықты білмейтұғын

Бұнша неткен жазған ең.

Бір сен үшін онда мен де қаламын.

Барісібір мен азатпын,

Ол күн енді алыс емес.

Жасаған ием жар болса,

Бұл өмірдің дәмін талай татармын

(жүзін бұрып)

Тас түйін ыждаһатым,

Тайсалмас махаббатым

Жеңер түбі бәрібір.

Солай Темірдің баласы,

Калаф деген ханзада! (даусын көтеріп)

Бейтаныс ханзада, хош бол! (кетеді)

КАЛАФ

Бұл неткен түн қым-қуыт,

Жан-жағымнан қаумалаған әзәзіл!

Шапағатынан дәме қылған асылым,

Кесепатын аямапты басыма,

Бейшара анам, бұ дүниеден

Бағы ашылмай өтіпті.

Сорлы әкем мен жазған құлым басына

Төнген тағы заманақыр.

Өшкенім жанар, дегенім болар

Деп күткен мынау атар таң

Ахиретке аттанатын таңым де.

О, тас жүрек Туранбике

Бағанағы атыңды егер айтпасаң,

Басыңа зауал төнді деп,

Сұқақтаған сұмпайы күң

Білген екен бірдеңе...

Әне күн де шықты ұясынан

(жарық түседі)

Қайғы еміп, қажығанмен не қайран,

Абжылан қыз, араныңды аш.

Сімір менің бейкүнә аққан қанымды.

ОНЫНШЫ КӨРІНІС

Калаф. Бригелла, нөкер.

БРИГЕЛЛА

Алдияр тақсыр, сын сағат та кеп жетті.

КАЛАФ

(шамырқанып):

Солай ма? Ендеше әлгі

Істе зұлым ханшайымның әмірін,

Қу жендет, міне басым, шапшы кәні,

Бүйткен өмір құрысын.

БРИГЕЛЛА

(таңырқап):

Ол қайдағы әмір?

Не айтып тұрсың?

Диуанға ертіп әкел дегеніне

басқа ешқандай әмір естіген емен.

Алдияр патша, сақалын тарап боп,

Диуанға беттеді.

КАЛАФ

(буырқанып):

Кәне, барсақ барайық.

Бірақ, оның көре алмаспын қарасын

Тура келген ажалдан

Тайсалатын жай бар ма,

Кеттік ендеше.

(қылышын лақтырып тастайды).

Қажеті не қарудың.

Қаруы жоқ бейшараны бейкүнә

Мерт қылғанын, білсін енді зұлым қыз.

(ашулы шығып кетеді).

БРИГЕЛЛА

(аң-таң):

Бұны не дүлей соғып жүр?

Ой, осы қатын оңбағандарды ма?

Түні бойы ұйқы бермей,

ақылынан алжастырған ғой.(Қарауылға).

Әй, көзіңе қара!

Баста кәне, Диуанға! (Кетеді).

Барабан дабылы шығады

ШЫМЫЛДЫҚ.

Сахнада екінші көріністегідей Диуан. Сахна түбінде қытай тәңірісі мүсінделген михрап пен екі әулие; михрап залдан үлкен шымылдықпен бөлінген. Перде ашылғанда Алтаум төрде тақта, ғұламалар өз орындарына жайғасқан. Алтаумның бір жағында Панталоне, бір жағында Тарталъя. Нөкер де екінші пердедегідей орналасқан.

БІРІНШІ КӨРІНІС

Алтаум, Тартелья, Панталоне, Ғұламалар, нөкер, соңынан Калаф қосылады. Калаф жан-жағына алақтай қарап, абыржып кіреді Алтаумға тағзым етеді.

КАЛАФ

(өзіне-өзі).

Қайранмын? Андаған ажал арасынан

Аман-есен қалай өттім?

Қалай жеттім?

Қанжар салмақ түгілі

Қолы тиген бір жан жоқ.

Әлде Әділма алдаған ба?

Әлде тентек ханшайым

Аты-жөнімді естіп ап,

Өзгертті ме бұйрығын.

Ендеше құрыдым.

Мейлі мынау қырық аунақшып,

Ит жығыс түсіп, ит сілікпемді шығарған.

Көп күдік пен көп үміттен

Өлімінің өзі артық.

АЛТАУЫМ

(Алтаум дағдарып тұрып қалады).

Балам, абыржыдың сонша неге,

Жеңімпаз деген желпініп кірмес пе?

Шеккен азабың,

Тартқан тауқыметің

Таусылады бүгін бәрі.

Бағың жанып, маңдайың ашылатын

Арманды таңың атты, міне.

Туранбикедей жар таптың.

Өткен түнде үш дүркін ол

Диуанға келмеймін деп,

Күйеуге шығуға көнбеймін деп

Кісі салып тілек қылды.

Қабыл алмадым бірін де,

Енді абыржыр ештеңе жоқ,

Абыржыса қызым абыржыды,

Ал сен енді

Қасқайып тұрып қарсы ал оны.

ПАНТАЛОНЕ

Рас осы, алдияр. Менің өзім сарайының алдына барып ханшайым не айтар екен деп екі рет күттім. Асығып-үсігіп киініп, әлдеқайда жүгіріп кетті. Күте-күте оңғаным сонша, жағымның жағыма тимей қалшылдап тұрғаны мынау. Абыржитын ештеңе жоқ. Кісі дегеніне жетіп бағы жанайын деп тұрғанда осынша салбырар ма?

ТАРТЕЛЬЯ

Таң алдыңда мен де барғам. Жарты сағат бойы жібермей жалынып-жалпайды. Қырсығып, қайдағыны айтып көнбей қойдым.

(Жүзін аударып әкетіп).

АЛТАУМ

Мұнша кешіккеніне жол болсын.

Диуанға тез жетсін деп

Кісі де жаңа жібергем.

Келмесе, күштеп әкеледі.

Еркелігін ендігі

Көтеретін жайым жоқ.

Әне, өзі де келеді екен.

Тым тұнжырап кетіпті-ау өзі.

Қысылғаннан қып-қызыл.

Көтер, балам еңсеңді.

КАЛАФ

Мың да бір алғыс, алдияр!

Алайда, бейшара аруды

Еңіретіп құшам-ау деп

Еңсем түсіп тұрған жай бар.

Қинамас та ем қыз байғұсты

Онсыз, бірақ, бұл пәниден

Не опа табам, не қызық көрем.

Бәлкім, ханшайым, ертеңгі күн

Өліп-өшіп сүйетінімді көрген соң,

Көңілі бітер де көндігер.

Менен рахым күткен адам

Сарай маңын паналаған

Алдамшы еркектер мен

Жас әйелді жағаламас

Ақылы өтер, арашасы жүрер

Бір өзі болар ханшайымның.

Дақ түсірмен махаббатқа,

Соңыма да сөз ерткізбен,

Соны көріп есті ханшам,

Кекті ұмытып, кетер сүйіп.

АЛТАУМ

Әй, құлдарым,

Тез бітіріңдер жабдықты

Енді бұл үй ғимаратта

Қиылады жаңа неке

Тыйылады баяғыдан бергі

Зар жылатқан тауқымет.

Жиылады халқым тегіс,

Есіктің бәрін ашыңдар.

Ұлан-асыр той жасаңдар,

Құрбандықты шалыңдар.

Сахна төріндегі шымылдық түріледі, михраб пен қытай әулиелері көрінеді.

ПАНТАЛОНЕ

Уа, бас ұлық, әне қараңыз, ханшайым келе жатыр. Жылап келе жатқаны көш жерден белгілі боп қалды.

ТАРТАЛЬЯ

Нөкері де түгел қара жамылыпты.

Жаназаға ұқсап кетті-ау мына той.

ЕКІНШІ КӨРІНІС

Әлгілер, Турандот, Әділма, Зелима, Труффальдино, азбан құлдар мен күңдер. Қайғылы шеру тартылып, нөкерін ерткен Туранбике кіреді. Екінші пердедегі жөн-жосықтың бәрі істеледі. Туранбике тағына отырып жатып, әулиелер мен алтарьдың неге тұрғанына таңырқаған кейіп байқатады. Калаф сахна ортасында тұр.

ТУРАНБИКЕ

Бейтаныс жігіт, менің қара жамылғаным

Жағып барады-ау жаныңа.

Құрбандық та шалыныпты,

Иә, басыма менің күн туып тұр.

Кешегі істеген масқараңның

Қайтарам деп есесін

Амалым жоқ жасамаған.

Зая кетті бәрі де.

Енді міне тағдырдың

Дегеніне көнбес шарам қалмады.

КАЛАФ

О, Туранбике

Қасірет қамап, қабырғаңыз қайысып,

Көңіліңіз пәс болғанда

Көкірегі желденетін

Көркіме мақтан мен емес.

Бірақ, асыл тектім,

Ақ пейілін, адал көңілін

Жолыңызға салған асық жанның

Бақ орнатсаңыз басына,

Жан ауырып, жарадар болар несі бар.

Онан да сол бақытты

Бірге көрсек қайтеді.

Ғашықтарға жүрер болса кешірім,

Бұндай сөзіме сізден ғафу өтінем.

АЛТАУМ

Уа, балам, ханшайымның

Жөнге көшпес жайы жоқ.

Бүйтетін жөні баяғыда-ақ болған-ды.

Ақ некені қиялық,

Ал, шаттанып, қалайық!

ТУРАНБИКЕ

Сәл сабыр етіңіз,

Неке қашпас ешқайда.

Масайратып барып

Масқара еткенге не жетсін?

(орнынан тұрады)

құлағың сал, халайық!

Кәне, Темірдің ұлы Калаф,

Шық көзіме көрінбе!

Сұрағаның осы ғой.

Бар, ізде өзіңе басқа әйел!

Туранбике жеңсе, міне, осылай жеңеді.

КАЛАФ

(есінен тана жаздап):

Байғұс басым!

АЛТАУМ

(аңырып): Тәңірім-ау, не дейді мынау

ПАНТАЛОНЕ

Қалай-қалай қырқып түсті қырсық қыз!

Солай емес пе, бас ұлық.

ТАРТАЛЬЯ

Берджингаузен ?

Төбеден түскендей дөп жауап болды мынауы!

КАЛАФ

Құрыды, бітті бәрі де,

Өз басымды өзім жұттым мінекей

Сүйемін деп, махаббатты күйреттім.

Бүйтіп масқара болғанша

Кеше қателессем.

Онда мұндай тауқыметті тартар ма ем.

Сен, Алтаум, шартты бекер өзгерттің,

Аты-жөнім болғаннан соң әшкере,

Қу басымды қырыққанда жендет сұм,

Қызыңыздың қанар еді қан аңсаған ындыны.

(Жылайды).

АЛТАУМ

Калафжан, қан жылап тұр

Менің де кәрі жүрегім.

Кенет келген кесепат болды мұнысы?

ТУРАНБИКЕ

(Зелимаға сыбырлап):

Ет-жүрегім елжіреп,

Жидіп барад көкірегім.

Бұдан арғы қасіретке

Төзе алатын түрім жоқ.

ЗЕЛИМА

Онда бас и,

Халықтың да кете бастады тынышы!

ӘДІЛМА

(өзімен-өзі):

Өмір мен өлім өрелескен сағат бұл!

КАЛАФ

Өң бе, түс пе?

Ақыл-есім орныңда ма осы менің?

Уа, безеріп біткен без бүйрек қыз,

Өліп-өшіп сүйген адам өзіңді,

Өлік болып, баудай түсіп жатпаған соң алдында.

Ашығып тұр ма араның,

Міне, ендеше бұл пәниден

Баз кешкен Калаф ханзада

Көз алыңда үйіреді иманын.

Қанжарын суырып, қарпалып өлмек болады.

ТУРАНБИКЕ

(шап беріп ұстай ап):

Жоқ, Калаф! Таста бұны!

АЛТАУМ

Шыны ма екен мынасы?

Калаф (таңырқап)

Көксегенің өлімім емес пе, еді

Көрмейсің бе соны енді?

Әлде меңдей бақталайсыз бейбақты

Қу тірлікке қор қылмақ па ең?

Жақсылығың болсын, жарықтығым,

Жабыса көрме қолыма!

Шарапатыңызды маған емес

Әкем Темір Пекинде жүрген көрінеді

Соған істе, ханшайым.

Таж бен тақтан айырылып

Тақсірет тартқан тас маңдай бір сорлы еді,

Соған тисін шарапатың.

Ал, мен мынау сүм дүниені

Талақ еттім бір жола.

(Өзін-өзі өлтірмекке ұмтылады).

ТУРАНБИКЕ

Жоқ, Калаф, өлтірткізбен,

Өлмейсің сен.

Сертіңнен без мен үшін!

Жеңілген мен.

Басымды ием.

Ал, Зелима, бар да байғұс шал менен

Сөзіне мәрт құлынан

Сүйінші сұра, көңілін бас

Сонда отыр анаң да.

ЗЕЛИМА

О, жасаған!

Қазір, қазір, барам, барам!

Шығып кетеді.

ӘДІЛМА

Құрыды бәрі, құрыдым мен.

Өлгеннен басқа шарам қалмады,

Барлық үміт, барлық арман

Адыра қалды мінекей

ТУРАНБИКЕ

Калаф, естіп ал енді,

Жеңе алғам жоқ мен сені,

Бүгін түнде ашынып тұрып

Әділмаға аты-жөніңді

Өзің айтып қойыпсың.

Маған мұны сол айтты.

Айдай әлем естісін,

Әділдікті аттап өтер жайым жоқ.

Сенің абзал жүрегің,

Айбының мен келбетің

Жеңді мені, жеңілдім.

Асқақ басың иілмей,

Асқақ өтер ер сенсің.

Жұбыңа алсаң, жұбайына мен әзір.

ӘДІЛМА

(өзімен өзі таусыла):

Бейбақ басым, сорладым.

КАЛАФ

Сен мендіксің бе?

О, дүние, не естіп тұрмын мен!

АЛТАУМ

(тағынан түсіп):

Қызым ... Құлыншағым

Сенен тартқан азабымды пәлен жыл

Кештім осы сөзіңе.

ПАНТАЛОНЕ

Той болады екен!

Ғұлама мырзалар, жол беріңдер.

ТАРТАЛЬЯ

Кәне, кәне, ығысыңыздар.

Ғұламалар бәрі ығысады.

ӘДІЛМА

(жұлынып ілгері шығады):

Тас жүрек қыз, тайтанда енді,

Масайра сен де, жексұрын жігіт.

Ал, ханшайым, біліп ал –

Хас дұшпаның мына мен.

Сен үшін емес бәрін де

Ханзаданы қолыма

Қондырмақ үшін істегем.

Бұдан бес жыл бұрын сүйгем оны мен.

Саған жақсылық қылған боп барып,

Бүгін түнде қашайық деп азғырдым,

Жерден алып, жерге салып

Жамандадым өзіңді.

Көнбеді ол бәрібір.

Абайсызда айтып қойды аты-жөнін,

Біліп алған соң мұны сен,

Қуып шығар деп айтып ем.

Өйткен күнде, мендік болар еді ол.

Оңғармады жолымды

Енді маған бір өлім.

Ханшайым боп туған басым

Қара күң боп қашанғы жүрем есікте.

Әкемді сенсің жалмаған,

Апамды сенсің жалмаған,

Бауырымның бәрін жұтқан өзіңсің,

Енді сүйген боздағымды

Басып алдың бауырыңа.

Әділманың осы азабы жетеді.

Бір патшадан қалған тұяқ

Осы жерде құрысын!

Калафтың қанжарып көтеріп ап, өзіне оқтайды.

Күйеуіңнің көкірегінен

Мен өлсін деп жұлып алған

Қанды қанжар, қадал маған.

Күң мен күнді еш қылғанша

Мынау ел жұрт алдыңда

Қата қалам қарналып.

(өзін-өзі өлтірмекке оқталады).

КАЛАФ

(оны тоқтатып):

Жоқ, Әділма!

Қой мұныңды!

ӘДІЛМА

Тұрма жолыма!

(жыламсырап).

Жібер қолымды, өлемін!

(қанжарға жабысады)

КАЛАФ

(қанжарын жұлып ап)

Жоқ, өлмейсің сен.

Мына мені ажалдан

Арашалап қалған өзіңсің.

Сен болмасаң ханшайымның

Рахымы түспес те еді.

Бостан босқа жазғыра берме,

Туранбикеден басқа жанды

Сүйген болсам, сүйер едім бір өзіңді.

ӘДІЛМА

(өксіп):

Жоқ, жоқ, тең емеспін саған мен.

ТУРАНБИКЕ

Әділма, саған не болған?

ӘДІЛМА

Көлгірсіме, аяр қыз!

Көңілімдегі соңғы үміттің

Көзіне өзің су құйдың.

Ең болмаса, енді маған

Еркіндік бер кетейін.

Төзем тағы жүзіне.

Қажып жүріп, налып жүріп,

Күйінгеннен тілім тисе,

Кеш онымды, кешіре көр.

Ит тірлік кейде ұмыттырса

Тәңіріні көктегі,

Кеше көр ол күнәмді!

Тұрғандардың бәрі жылайды.

ТУРАНБИКЕ

Тойымызға кіреуке түсер кірбің жоқ.

Калаф мені сүйгендіктен

Пида қылды жанын да.

Уәзірі құтқармаққа патшасын

Қыл тұзақтан қашқан жоқ.

Еліндегі уәзірі

Өзі таққа міне салмай

Патшасына тәж сақтаған.

Байғұс қария баласы үшін

Тайсалмады әлімнен де.

Күң қылмай, құрбы қып сыйлаған

Сыр бүкпеген әйелім

Опасыздық істеді.

Көк тәңірісі кеш енді

Еркектерді осынша

Жек көріп, жер құштырған

Күнәкар мынау пендеңді.

Қиянатым болса, кеш оны да

(ілгері шығып)

Ал, абзал еркектер

Бәріңнен де айналдым.

Иланыңдар мен бейбақтың

Имандай шын сөзім бұл!

ШЫМЫЛДЫҚ.