***
«Ойды ой қозғайды» демекші, адам ойлана берсе, қайдағы бір ұмыт болған оқиғалар еске түседі екен...
1947 жылы Сафи Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаттығына ұсынылды. Сонда жер-жерге барып еңбекшілермен кездесу өткізген-тұғын. Қайда барса да халықтың өзіне деген ілтипатына марқайып қалатын. Әсіресе, Құлсарыда өткен кездесуді айтсаңшы. Кездесуге Құлсары халқының тайлы-тұяғына дейін келген бе дерсің, жиналыс болатын үлкен клуб аузы-мұрнынан шыға лық толды. Бірінен соң бірі сөйлеген халықтың ықыласында шек жоқ. Бірақ, бәріне бірдей сөз қайда, кезегі келмей қалғандар да болды. Кездесу аяқтала бергенде көпшілік ішінен бір жігіт ұшып тұрып, рұқсат сұрамастан саңқылдап сөйлеп ала жөнелді.
Құрметті Сәке! Сіз ұйымдастыру қабілетіңіз бен іскерлік шеберлігіңіздің арқасында осындай құрметке бөленіп отырсыз. Сіз осы қалпыңызбен бір романның кейіпкері болуға лайықсыз. Сондықтан, мына жиылған әлеуметке сіз туралы кітап жазам деп уәде етем.
Сафи оның кім екенін кездесуден кейін білді. Мектепте мұғалім екен. Аты—Ермек. Фамилиясын білуші еді, әттең-ай ұмытып қалыпты. Сол кісі халық алдында берген уәдесін орындады ма, орындамады ма, о жағын бұл білмейді. Ермек деген мұғалім бұл туралы кітап шығарыпты дегенді бұрын-сонды естімепті. Соған қарағанда жазылмаған сияқты. Ал, неге жазылмады, о жағы Сафиға әлі күнге жұмбақ. Әлде мүмкіншілігі болмай қалды ма екен? Мейлі ғой, «жазам дедің де, жазбай кеттің» деп жазғырар бұл емес. Кітап жазам деп көпшілік алдында білдірген ықыласының өзі неге тұрады. Бұның депутат болып сайланғаны, халықтың осындай ықыласының арқасы емес пе?
... Ұшақ ішінде отырып, сонау бір жалындаған жастық шағына сапар шегіп кеткен қарт Сафидың ойына тағы бір оқиға түсе кетті.
Ал, Алматыны бетке алған әппақ ұшақ жерден қараған адамға қалт-құлт еткен жалғыз нүкте боп көрінеді...
Ұмытпаса 2000-ыншы жылдың оныншы наурызы болар. Иә, иә, оныншы наурыз. Бұл күннің ұмытылмайтын себебі бар. Бір 160 інісі газет қағазына басылған бір бет жарнаманы беріп жіберіпті. Қағаздың ашық жеріне: «Сәке! Сізді аса құрметтеумен елу үш жыл сақтаған жәдігерді өзіңізге қайтардым. 10.03.2000 ж.» деп жазып, қолын қойыпты. Ол халықты 1947 жылғы ақпан айының 16-сы күні өтетін сайлауға шақырған насихат қағаз екен. Осы насихат қағаз Сафидың 38 жасының куәсіндей боп жеке архивінде әлі сақтаулы. Бұл үшін аса бір қастерлі насихат қағазды қарт Сафи кейде қолына алып, жазуына үңіледі. Онда бұның өмір жолын баяндай келе, мынадай мінездеме берілген екен:
«Басшы болған жерлерінде Ленин-Сталин ұлы партиясының сенімді ұлы Өтебаев жолдас өзін Ленин-Сталин типті қайраткер, еңбекшілер бұқарасын сүйікті Отанымыздың игілігі жолындағы жанқиярлық еңбекке ұйымдастыру қолынан келетін қайраткер етіп көрсете білді. Жас маман Өтебаев жолдас басқарған мұнай промыселдары Ұлы Отан соғысы жылдары елімізге жоспардан тыс мыңдаған тонна мұнай беріп, даңқты совет армиясын жанармаймен үздіксіз қамтамасыз етіп отырды.
Партия мен үкімет Өтебаев жолдастың еңбегін жоғары бағалады, оны «Екінші дәрежелі Отан соғысы», «Құрмет белгісі» ордендерімен және «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен наградтады.
Облыс еңбекшілері үлкен сенім көрсетіп, Өтебаев жолдасты 1938 жылы бірінші шақырылған Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты етіп сайлады. Сол жылы, Гурьев облысының большевиктері оны ҚК(б)П Гурьев облыстық, комитетінің пленум мүшесі етіп сайлайды.
Большевиктік іскерлік, өзіне және басқаларға талап қоюшылық, маңызды мемлекеттік шараларды практикада іске асыруда табандылық, саяси-идеялық, көрегендік Өтебаев жолдасқа беделі өсуіне көмектесті. Жылой ауданының еңбекшілері өздерінің сайлау алды жиналыстарында Сафи Өтебайұлы Өтебаевты №107 Жылыой сайлау округі ойынша Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаттығына кандидат етіп тағы да бірауыздан ұсынды.
Өтебаев жолдас өзінің барлық күшін Отанымыздың ұлы социалисты құрылысына, халыққа қызмет етуге жұмсауда. Міне, сондықтан да ол Қазақ республикасының мемлекет билігінің жоғарғы органына сайлануға лайықты өкіл. Жас, қажырлы, Ленин -Сталин партиясының ісіне ақырына дейін берілген, қазақ халқының адал ұлы Сафи Өтебайұлы Өтебаевтың Қазақ ССР-ның халық шаруашылығын онан әрі өркендету ісіне, соның ішінде Гурьев облысының және облыс шаруашылығының шешуші саласы—мұнай
өнеркәсібін онан әрі өркендете беру ісінде қажырлы еңбек істейтініне күмән жоқ, халық сенімін ол абыроймен ақтап отырды.
Сайлаушы жолдастар! Коммунистер мен партияда жоқтар одағының кандидаты С.Ө.Өтебаев жолдасқа дауыс беріңіздер!»
Сөйтіп, Сафи екінші мәрте депутат болды. Ол осы депутаттық мәртебесін халық мүддесі үшін жұмсады.
***
Соғыстан сілелеп шыққан ауыл халқының еңсе көтерер халі жоқ. Жоспар орындалмағандықтан колхозшылар еңбекақы алып көрген емес.
Сафиды осы мәселе көбірек мазалаушы еді. Ол халықтың еңсесін көтерудің жалғыз жолы ауылшаруашылығын дамыту деп ұқты.
Тынымсыз жүгірістің арқасында аудандағы азғантай малдың жағдайы біржақты боп қалған сияқты. Малдың көпшілігі Атырау жақта салынған қыстауда. Енді бірқатары Қарақұмның бір пұшпағын жайлап жатыр. Жаз шыға сол мал Жем бойына қарай жайыла көшеді. Осындай күтімнің арқасында мал басы көбейе бастаған. Мал көбейе бастағандықтан, шабындық пен жайылым көлемін арттыру мәселесі өткір сезіле түсті.
Егіннің де көлемі мен түсімін арттыратын кез келген. Осы екі мәселе туралы Сафи қанша жерден бас қатырып ойланса да түбегейлі бір шешімге келе алмай-ақ қойды. Мәселенің бәрі судың тапшылығына тіреле береді. Шіркін су... су болса осы өлкені мыңғыртып малға толтырып, егінді жайқалтып тастамас па еді.
Аралтөбе маңына тоған салу туралы ой Сафидың басына міне осы кезде келді. Аралтөбе Қосшағылдан 120-130 шақырым жерде, Жемнің жоғары жағы. Сол маңда ауқымды табиғи ойпат бар. Егер Жемді сол тұстан буып, әлгі ойпатқа су толтыра алса, Аралтөбе малға да, жанға да жайлы қоныс болар еді-ау.
Аудан көлемін сан рет шарлаған Сафи бұл өлкенің ойы мен қырын бес саусақтай біледі. Әлгі ойпатты да талай мәрте көрген. Бірақ, сол ойпатқа су келтіру туралы ой бұрын басына келмепті. Дұрысы, ойлауға мұрша болмапты. Енді уақыттың өзі осы қажеттілікті еске салып тұр. Алайда, тоған жасауға ауданның күші жетпейді. Облыс тарапынан, одан қалды республикадан көмек керек.
Бұл кезде облыстық партия комитетінің бірінші секретары қызметіне Сәлімжан Ғалиев деген кісі келген. Жаңадан келген секретарды білетін жұрт «адамгершілігі мол, білімді адам» деуші еді. «Халық айтса, қалып айтпайды» дегендей, жұрттың айтып жүргені рас екен. Оған анада қабылдауында болғанда көзі жете түсті. Сафимен бірге облыс басшысының қабылдауында аудандық Кеңес төрағасы Есім Айсин мен аудандық ауылшаруашылық мекемесінің бастығы Шапиқ Ізбасов та болды.
Бұлар тоған жобасын жасағанда мал шаруашылығын дамытумен қоса, егін көлемін арттыру, аудан халқы үшін көкөніс өсіру жағын да қамтыған болатын. Оны суландыру әлгі ойпатқа қол боп жиналуы тиіс Жем суы арқылы жүзеге аспақ. Ал, ойпатқа бірнеше миллион текшеметр су жинап алуға болар еді.
Сафи облыс басшысына осы ойын түгел жеткізді. Ғалиевтің бір жақсы қасиеті адамның сөзін бөлмей, мұқият тыңдайды екен. Сол әдетімен бұның сөзін аяғына дейін тыңдап алды да:
Су мәселесі тек Жылыой ауданы ғана емес, бүкіл облыстың мұқтажы. Ал, анау Маңғыстау ауданының жағдайы сіздерден де жаман. Біз де су тапшылығын білмей отырған жоқпыз. Бұл облыс бойынша ең көкейтесті мәселе. Сондықтан да, біз мұны үкіметке арнайы мәселе етіп қойғанбыз. Ол жақтан біздің осы сұрауымыз бойынша, жақында Нұртас Дәндібайұлының өзі келмек. Сонда өз көзімен көріп, танысады. Бір шешімін содан кейін айтады. Соны күтейік. Сіздерге рахмет, жоқ-жоқ деп алақан жаймай, нақты ұсыныспен келіпсіздер. Мына жобаңыз көңілге қонады. Солай емес пе?—деп манадан бері әңгімеге құлақ қойып үнсіз отырған облыстық атқару комитетінің төрағасы Сабдық Шәріпов пен облыстық ауылшаруашылық мекемесінің бастығы Рафаэль Ахметовке қарады.
Мана Сафи ауданда су тапшылығын жою жөнінде жобамыз бар дегесін бұны тоқтатып қойып ол екеуін шақыртып алған еді. Ол екеуі де бірден түсініп:
Қолдауға тұратын жоба,—десті бірауыздан. —Олай болса бұл жобаны әлі де нақтылай түсіңіздер. Министрлер Кеңесінің төрағасы (ол кезде Советінің председателі деп орысша айтылады—Н.С.) Нұртас Оңдасынов жолдас келгенде қолына ұстатайық,—деп облыстың бірінші секретары Сәлімжан Ғалиев сөзін аяқтады.
***
Ақтөбе облысының Байғанин ауданы Жылойдың іргесінде жатыр. Сол жылдары ауданды Кәрім Ержанов деген азамат басқаратын. Сафи оны сырттай таниды. Арғын руынан екенін де естіген. Бір күні сәрсенбінің сәтінде Сафи Байғанин ауданын бетке алып жүріп кетті. Онымен бірге аудандық Советтің төрағасы Есім Айсин мен Шәрипа да келе жатыр. Кәрім бұларды құрметтеп қарсы алды. Сый-сияпат көрсетті.
Келгендегі мақсатым,—деді Сафи әңгіме үстінде,—біз көршіміз ғой, ауыл аралас, қой қоралас жатыр. Сондықтан өзіңізбен кеңірек таныса келдім. Мынау Шәрипа сіздің қарындасыңыз. Арғын. Сіз маған сонда қайынаға боп шықтыңыз. Ал, енді қайынағаға айтар бұйымтайым бар.
Ay, күйеу бала, айт бұйымтайыңды,—деді Кәрім.
Айтсам, жуық арада облысқа Нұртас Оңдасынов келмек. Мен оған ауданда жайылым жердің тым тар екенін айтып, көрші аудандардан уақытша пайдалануға жер сұрамақпын. Сонда Ойыл жағасынан жер бөлуге сіз қарсы болмаңыз. Менің қолқам осы. Өзімнің қарақан басыма ештеңе керек емес, Жылыойдың малын жаятын өріс іздей келдім,—деп, Кәрімге «бұған не дейсің?» дегендей сұраулы жүзбен қарады.
Кәрім болса:
Біздің ауданның табиғаты да өздеріңе ұқсас қой. Жайылым бізде де көп емес. Бірақ, күйеу бала жұмыс қып кеп тұрса, бермеске амалымыз кәні,—деп сөз аяғын әзілге бұрып жіберіп еді.
Көп ұзамай Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасынов Ақтөбе, Гурьев облыстарын аралап көрді. Жылойға келгенде Сафи аудан жағдайын баяндай келе, тоған жөніндегі жобаны алдына жайып тастады.
Жобаны бір кездері су инженерлері институтында оқыған Нұртас Дәндібайұлы да қолдайтынын білдірді. Бірақ, мұндай ірі жобаны салу үшін Мәскеу қаулы шығаруы керек екен. Нұртас Ондасынов мұны аяқсыз қалдырмауға уәде етті. Ал, өз қолынан келетін шаруа—Сам, Ойыл жерінен Жылой ауданына жайылымдық жер бөліп бергізді. Өріс кеңігесін аудандағы мал шаруашылығы айтарлықтай дами бастады. 1951 жылы ауданда мал саны 207 мың басқа жетті.
***
Ал, Аралтөбе тоғанын салу мәселесі содан 7-8 жыл өткесін ғана шешімін тапты. Республика үкіметі мұны Мәскеуге мәселе етіп қоя білді. Бұл кезде Сафи Гурьев экономикалық ауданының Халық шаруашылығы кеңесінің төрағасы болатын. Облыстағы барлық өндіріс осы Халық шаруашылығы кеңесіне қарады. Сафи ендігі жерде ауылшаруашылығымен айналыспайтын болса да, баяғы орындалмай қалған Аралтөбе тоғаны жобасын ұмытқан жоқ. Бір мәрте өндіріс мәселесімен Мәскеуге барғанда одақтық мұнай комитетінің төрағасы Байбақовқа ойында жүрген жоба туралы әңгімелеп берді.
Мұнайшылар жан төзгісіз жағдайда жұмыс істеп жатыр. Оларға құнарлы тамақ керек. Олар көкөніс жеуі керек. Ал, өзіңіз білесіз, көкөніс деген Ембі бойында аса қат қой. Тоған салудағы мақсат мұнайшылар үшін арзан көкөніс өндіру,—деп мұнайшылардың мүддесін баса айтқан-тұғын.
Байбақов тоған салу жобасына қарсы болмаса да, ә дегенде қолдай қоймап еді. Бір күні Гурьев Халық шаруашылығы кеңесіне оның өзі телефон шалды.
Сафи Утебаевич, анадағы жобаңыз Қазақстан республикасы тарапынан да ұсынылып жатыр ғой. СССР Министрлер Кеңесі сол тоған туралы қаулы шығаруы мүмкін. Соның алдында СССР Министрлер Советінің төрағасы Алексей Николаевич Косыгин жолдастың өзі сізді қабылдап, сөйлесіп көрмек. Сондықтан, тезірек Москваға келіңіз,—деді.
А.Н.Косыгин өзіндік ой-пікірі бар, білікті басшы-тұғын. Н.С. Хрущев билік басына келе сала бір облысты ауылшаруашылығы және өндіріс саласы етіп екіге бөліп, екеуіне бір-біріне бағынбайтын екі бастық тағайындағанда осы Косыгин қарсы болған еді. Бірақ, Н. С. Хрущев дегенін істеп тынды ғой.
Осы тоған аса қажет пе?—деп Косыгин алдына кеп отырған Байбақов пен Өтебаевқа кезек қарады.
Меніңше, бұл өте қажет нәрсе деп ойлаймын,—деді Байбақов,—бұл ең әуелі мұнайшылардың тұрмысын түзеу үшін керек.
Ал, тоған салынғаннан кейін бұл бізге қанша пайда келтіре алады?
Бұл сұраққа Сафи жауап берді. Талай жылдан бері көкейінде жүрген ой емес пе, оның қаншалықты пайда келтіретінін, тоған маңына тек қана көкөніс қана өсіріп қоймай, аудан мал шаруашылығын дамытуға септігі тиетінін дәлелдер келтіріп айтып беру Сафи үшін аса киын шаруа емес еді. Бұл екеуін тыңдап, пайдасына көз жеткізген соң, А. Н. Косыгин «Аралтөбе маңына тоған салу жөнінде» қаулыға қол қойды.
Сафи елге сонда бір қуанып қайтып еді. Тоған жобасын жасауға Жылой ауданындағы тиісті мамандар барын салған болатын. Жобаның жоғары жақтан қолдау тапқанын айтып, Сафи оларды да бір қуантып тастады. Алайда, тоған құрылысы жанданып, алғашқы құбырлар салына бастағанда үкімет пен партия Сафиды Ақтөбе, Орал, Гурьев облыстарының басын біріктірген Батыс Қазақстан Халық шаруашылығы Кеңесінің төрағасы етіп, Ақтөбеге жіберді.
Сөйтіп, республика тарапынан қойылған мәселе шешімін тауып, құрылысы енді бастала бергенде бәрі де аяқсыз қалып қойды. Бұл кезде Нұртас Оңдасынов та Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінен босап, зейнет демалысына шығып жатқан-тұғын.
Сөйтіп, Үкімет қаулысы қат-қабат шаруалардың арасында ескерусіз қала берді. Бұл облыс үшін ең бір өкінішті жағдай еді.
***
Басшылық қызметте жүріп жақсымен де, жайсаңмен де араласты ғой. Солардың ішінде адамдық асыл қасиетімен де, іскерлік қабілетімен де есте қалған екі адам болды. Олар—Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов пен Сәлімжан Фазылұлы Ғалиев болатын. Нұртас Дәндібайұлы облысқа басшы боп 1955 жылы келді. Сол жылы ол облыстық Советтер атқару комитетінің төрағасы, ал, 1956 жылдың қаңтарынан облыстың партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінде болды. Ал, Сафиды Жылойға Круглов жіберді. Артынша өзі де кетіп, орнына осы Сәлімжан Галиев келді. Сәлімжан адамгершілігі мол, өте мәдениетті адам еді. Онымен кейінгі жылдарға дейін араласып тұрды. Мәскеу ауруханасында емделіп жатқанда көңілін сұрай барғаны бар.
Ол өр көңіл адам еді. 1949 жылдан 1950 жылға қараған қыс болар, сол жылы қыс қатты түсіп, қырық градус саршұнақ аяз сықырлап, табан аудармай тұрып алды. Қар тізеден жауған. Сол жылы облыста адам айтқысыз жұт болды. Бірақ, соңғы жылдары Жылой ауданы мал қыстатуға мән беріп, бірнеше жерден қыстау салып алғандықтан жұттан аз шығынмен шықты. Ал, облыс бойынша алғанда көп мал қырылды. Бірақ, бұл туралы кейінгі кезде шығып жатқан энциклопедиялар жұмған аузын ашпайды. Жұт болған жылы Сәлімжан Ғалиев үкімет алдында малдың есепсіз қырылғаны жөнінде жауап берді. Ол сонда аудан басшыларын қорғай сөйлеп еді-ау.
Бұған аудан басшылары кінәлі емес,—деп еді сонда.—Малдың жұтқа ұшырауына мына біз—облыс басшылары, республика басшылары кінәлі. Үйткені, мал өсіруге жағдай жасай алмадық. Су жеткізе алмадық. Мұндай күрделі жұмысты атқаруға ауданның күші жетпейтін еді. Олар қолдан келгеннің бәрін істеді. Сондықтан, оларды емес, біреуді кінәлау керек болса, бізді кінәлаңыздар,—деп қасқайып тұрып алды ғой сабаз. Сөйтіп, хатшылық қызметтен өзі кетті. Осыны Сафи өз көзімен көрді ғой. Оның ер көңіл азаматтығына сонда бір тәнті болғаны бар. Одан Сәлімжан Ғалиев жаман болған жоқ, өмірден ақ, адал күйінде кетті. Қызметтес болған адамдардың жүрегіне шуақ құйып кетті. Сафи сондықтан да оны ұмыта алмайды. Әр кез еске алып отырады.
Ғалиев Гурьевке Шымкенттен келді. Өзі Қостанай облысының тумасы. Сафидан бір жас кішілігі бар. Қазақтың әдет-ғұрпын білетін, соны құрметтейтін. Бір жылы Сафи киіз үй көтерді. Асып-тасқандықтан емес, тас үйдің ыстығынан ығыры шығып, киіз үйге шығуға мәжбүр болды. Бақсай ауданында уық, кереге жасайтын үйші ұста бар екен, соған 1200 сом ақша төлеп, киіз үйдің сүйегін жасатты.
Киізді аудандағы «Живсырье» мекемесіне бастыртып, оны да сатып алды. Бәтима, Нұрыш апалары ши орады. Салиқа жеңгесі басқұр тоқыды, Нұрзила жеңгесі бау тоқыды. Қали ағасы балташы, ұста еді ғой, ол арбаның ағаш дөңгелегінен шаңырақ жасады.
Барлық дайындық жұмысы бітіп, үй тігілді. Оның сән-салтанаты жарқырап сонда көрінді. Әсіресе, оралған ши мен басқұрдың, баудың қызылды-жасылды оюы көзді арбап шыға келді. Ауданға бір келгенде осыны көрген Сәлімжан:
Апырай, Сәке, мынауыңыз ғажап қой, ғажап қой,—деп үйге бір кіріп, бір шығып, сүйсініп қалып еді.—Қазақтың қолы осындай үйге жетер ме екен енді, жетпес пе екен? Әй, қайдам! Мұндай үй басатын ұста-шеберлер таусылып бара жатыр ғой. Мынадай уықты кім иеді, анадай керегені кім түйіп, қызыл ала, көк ала етіп шиді кім орайды? Анадай басқұр енді тоқыла ма?
Сәлімжан сүйсініп тұрып, киіз үйдің болашағын да ойлап еді-ау.
***
Сафи Жылой ауданына бірінші хатшы болып келгендегі мақсатын бір сәтке де естен шығарған емес. Ол—Қаратон, Мұнайлы, Төлес алаңдарын aшy, Сөйтіп маң дала Маңғыстауға қарай жақындай түсу еді ғой.
Ауданда мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы жұмыстары, шынын айтқанда, Сафидың көп уақытын алып кетті. Дегенмен, 170 ол Жылыойдың басты байлығы мұнай өндіруді көзден таса еткен жоқ. Осы жылдары Құлсары, Қосшағыл кәсіпшіліктерінде жаңа кен орындары ашылып, өнімге өнім қосты.
Ал, аталған үш алаңды зерттеу шарықтау шегіне жеткен еді. Төлес, Мұнайлы алаңдарын зерттеу 1929-1930 жылдары басталса, Қаратонға барлау бұрғысы 1900 жылы-ақ түскен болатын. Содан бері бұл алаңдар барлаушылардың назарынан қалып көрген емес. «1949 жылы Қаратон, Төлес кен орындары мұнай беретін болсын» деген СССР Министрлер Кеңесінің И.В.Сталиннің өзі қол қойған қаулысы шықты. 1947 жылы Қаратондағы Тоғызбай Дәулетов бригадасы қазған №11 ұңғыдан мұнай шықты. Келер жылы Мұнайлы, Төлес кен орындары да алғашқы мұнайын аспанға шапшытты. Алайда, мұнайдың қара жерді қақ айырып шығуымен іс бітпейді ғой. Алынған өнімді тиісті жерге жөнелту үшін толып жатқан өндірістік базалар, мұнайшылар тұратын үйлер, тар табанды теміржол салу қажет. Бұлардың бәрін былай қойғанда, Қосшағылдан Қаратон мен Мұнайлы кен орындарына мұнай, су құбырлары, электр желілері тартылу керек. Бір киын жері бұл аландар бір бағытта емес, бірі Ақтөбе жақ бетінде болса, екіншісі Каспий теңізі жағында-тұғын. Екеуінің арасы тым қашық. Мұнайлы Құлсарыдан 60 шақырым, Қаратон 100 шақырым қашықта жатыр. Жұмыстың соншалықты ауқымды екенін осыдан-ақ білуге болады. Қосшағыл мен Құлсарыда жүздеген құрылысшылардың, құрастырушылар мен дәнекерлеушілердің басын біріктіретін құрылыс-монтаж конторлары құрылды. Бірақ, осыншама жұмысшыға тез арада үй-жай тауып беру мүмкін емес еді. Жаңа кен орындарын іске қосу бұған да қарап тұрған жоқ еді. Құрылыс заттары жетіспей жатты. Сондықтан да Сафи Жылыой аудандық партия комитет! атынан одақтық мұнай министрі Байбақовқа: «Мұнайлы және Қаратон кен орындар белгіленген мерзімде іске қосу үшін көмек беруіңізді сұраймын» деп хат жазуға мәжбүр болды.
Хат қолына тиісімен Байбақов он күн ішінде Мәскеудегі үш бас басқарманың бастығын Жылыойға аттандырып жіберді. Олар: мұнай министрлігінің құрылыс бас басқармасының бастығы генерал Папировский, мұнай өндіру бас басқармасының бастығы Сидоренко, мұнай құбырларын тарту бас басқармасының бастығы Виноградов болатын. Олар келген соң құрылыс жұмысының қарқыны шұғыл артып сала берді. Жан-жақтан құрылыс заттары тасылып жатты. Жылойға келген осы үш бас басқарманың бастықтары құрылыс басынан кеткен жоқ. Өндіріске араласу аупарткомның міндеті емес, десе де Сафи қаулының дер мезгілінде орындалуына бел шешіп кірісті. Сөйтіп, Қаратон, Мұнайлы, Төлес кен орындары 1949 жылдың желтоқсанында өндірістік мұнай бере бастады. Ембі мұнайының жаңа тынысы ашылды.
...Атыраудан Алматыға қарай бағыт алып, кең аспанның төрінде қалықтаған ұшақ ішінде отырып, сонау жылдарға сапар шегіп кеткен қарт Сафи Мұнайлы және Қаратон кеп орындарын жанталасып жүріп, қайткенде мерзімінде іске қосқан кезді бүге-шігесіне дейін ойлағысы келмеді. Үйткені, дәл сондай қиындықты бұдан да қиын уақытта Құлсарыда жүргенде, Комсомолда жүргенде бастан кешіп еді ғой. Ол үшін ең маңыздысы қайткенде де Байбаковты көндіріп, Жылыойға басты-басты үш бас басқарманың бастықтарын алдыруы еді. Мұның бәрі қазір тарихқа айналды.
Ал, Алматыны бетке алған әппақ ұшақ жерден қараған адамға қалт-құлт еткен жалғыз нүкте боп көрінеді...
***
Бұл Сафи коммунисліктің рахатын да, азабын да тең тартты ғой. Әрине, азап дей алмайсың, бірақ, бұны ылғи да бір жауапты жұмыстан екінші бір жауапты жұмысқа ысырды да отырды. Мүмкін, бұл жас маман ысылсын дегені шығар. Барған жерін тірілтіп, енді жолға қоя бастадым дегенде, жұмыс ауыстырып, тағы бір ақсап жатқан немесе алдында қыруар міндет тұрған жерге басшы боп бара жатқаны. 1949 жылдан 1950 жылға қараған қыста облыста жұт болып, жаппай мал қырылғанда Жылойдың малы аз шығынмен аман қалып еді ғой. Міне, бұл тынымсыз жүгірістің арқасында болған нәтиже емес пе еді. Сол жылдары ауданда мал басы көбейіп, жаңа кен орындары ашылып, қыруар жұмыстар тындырылды. Осы істі басқарып отырған адам қашанда жоғарының назарына тез ілігеді. Сафи да солай, әрі бұл бірінші рет емес.
1951 жылдың жазы еді, маусымдық қарбалас жұмыста жүрген бұны облыстық партия комитетінің бірінші секретары Сейітжан Палымбетов шақыртып, «Қазақстанмұнай» бірлестігіне басшы етіп ұсынып отырғанын, оны Қазақстан компартиясы орталық комитеті де қолдайтынын айтты. Бұл Сафи үшін аса қуанышты хабар еді. «Төлес, Мұнайлы, Қаратон кен алаңдары ашылып, өндірістік мұнай бере бастағалы Маңғыстау мұнайына деген үміт күшейіп, сол үміт қол созым жерде тұрғандай сезіле беретін. Енді сол арманына бір табан жақындаған да сияқты.
Сафидің бір қасиеті қай жерде, қай ортада жұмыс істесе де уақыт өткен сайын сол адамдармен жақындаса түсетін. Тіпті, кейбірімен бауыр да боп кететін. Сондықтан ба екен, сол жерден ауысып, басқа жұмысқа бару Сафи үшін оңай емес. Бұл жолы да қимастық сезім кеудесін керней жөнеліп еді. Жылой халқын қанша жерден қимаса да, ежелгі арманын орындауға мүмкіндік туып тұрғанына қуанды. Бірақ, бірінші хатшы алдында ұстамдылық танытып, «алақайлап» кеткен жоқ. Бар болғаны:
Мен коммунистпін ғой. Сондықтан, үкімет пен партия қайда жұмсаса да дайынмын,—деді бұл.
Облысқа Ғалиевтан соң келген Сейтжан Полымбетовтің бұдан 3-4 жас кішілігі бар. Қызылорда облысы, Шиелі ауданында туған. Мамандық жағынан Сафидан алыс емес, Алматы кен-металлургия институтын бітірген. Бірақ, бар өмірі партия саласында өтіп келе жатыр. Ол Қазақстан коммунистік партиясы ОК-нің аппаратында нұсқаушы, Қарағанды облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, Жезқазған қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан КП ОК хатшысының көмекшісі, бөлім меңгерушісі, республиканың Жергілікті өнеркәсіп министрі, Алматы халық шаруашылығы кеңесінің төрағасы, Министрлер Кеңесінің Техникалық бақылау мемлекеттік комитетінің төрағасы, ҚазКСР кәсіподақтар кеңесінің төрағасы, Министрлер Кеңесі ауыр өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі сияқты сан-салалы қызметтерді атқарған тәжірибелі партия қайраткері еді.
Ол Сафидың бетіне лып етіп шыға келген қуаныш табын табанда аңғарып қалды да, әңгіменің төтесіне көшті.
Сәке, тездетіп Москваға жүріп кетіңіз. Мұнай министрі Байбаков жолдас сізді қабылдамақ. Біз ұсынуын ұсындық, енді мәселе сонда шешіледі.
Сейітжан әңгіме осымен бітті дегендей орнынан тұрып, бұған қолын ұсынды.
***
Дәл осы уақытта Қазақстан жылына 1200-1400 мың тонна мұнай беріп тұрды. Бірақ, бұл көлем соғыстан соңғы дамып келе жатқан ел экономикасына сай болмай шықты. Үкіметті де қанағаттандырмады. Бүкілодақтық мұнай өндірісімен салыстырғанда Қазақстанның үлесі 2-3 процент қана болатын. Өндірілген мұнай көлемінің соншалық аздығы мен Ембі мұнайының қымбат болғаны себеп болды ма, одақтық министрлік қаржы жағынан үнемі сараңдық жасайтын. Мұнай өндірісінің барлығы одақтық министрлікке қарағандықтан республика да қаржы бөліп жарытпады. Міне, осындай қиыншылықтан шығудың жалғыз жолы қайткенде жаңа мұнай көздерін ашып, өндірісті жандандыру еді. Сафидың мұнай саласына қайта оралуы осындай жағдайға тұспа-тұс келген-тұғын.
Байбақов Сафиді Москваға келген күні-ақ қабылдады. Институтта бірге оқыған ежелгі достар министрліктің кабинетінде жылы жүздесті.
Бұл қалай?—деп күле қарсы алды ол. — Өзіңіздің мұнай инженері екеніңізді ұмытып, партия жұмысына араласып кетіпсіз ғой.
Коммунист болған соң, партия жұмсаған жаққа баруға міндеттісің. Ол жағын өзіңіз де жақсы білесіз.
О жағы түсінікті ғой.
Өмірлік мақсатым мұнай өндірісі болғанмен, Жылойға бауыр басып қалыппын.
Жоқ, Сафи Утебаевич, мамандардың қайда, не істеп жүргені біздің есебімізде ғой. Соғыс дедік, соғыстан кейінгі кезең дедік, әйтеуір қайда керек болсақ сонда баруға мәжбүр болдық қой. Енді соғыстың аяқталғанына да алты жылдан асып барады. Енді мұнай өндірісімен табанды түрде жүйелі айналысатын уақыт келді. Жаңа ғылыми негізде. Сондықтан басшылыққа кімді қоямыз дегенде, Қазақстан республикасы партия ұйымы мен облыстық партия комитеті сізді ұсынып отыр. Мен бұл ұсынысты қуана қабыл алдым.
Николай Константинович, сенім білдіргеніңізге көп-көп рахмет. Партия мен өкіметіміз сенім білдірсе, сол сенім үдесінен шығуға тырысамын ғой. Менің де ойым—мұнай өндірісін дамыта түсу емес пе? Егер мен осы бірлестікке басшы боп барған күнде Маңғыстауды зерттеуге мүмкіндік бола ма?
Сафи Утебаевич, сіз не деп тұрсыз? Біз бірлестікке өзіңізді таңдағанда міне, нақ осыны көздеп отырған жоқпыз ба? Біздің ойымыз да осы. Ал, Маңғыстау туралы сіздің ойыңыз қалай?
Маңғыстауды іске қоспайынша Қазақстан Бакудың деңгейіне жете алмайды.
Ендеше, Қазақстанды Бакудың деңгейіне мына тұрған сіз жеткізуге тиістісіз. Айтпақшы, жақында «Қазақстанмұнай» бірлестігіне бірнеше станок, техника, құрал-жабдықтар бөлдік,—деді Николай Константинович.
Сафи тәтті қиялға беріліп, осы сәт үнсіз қалды. Әне бір жылдары Маңғыстау даласын зерттеу туралы айтып, Жылыойға бірінші хатшы еткенде ол жерге бәрібір қолы жетпейтінін алғашқыда аңғара қоймапты. Басқа аудан боп, бөлек отырған Маңғыстау түгілі Қаратон мен Мұнайлыны, бұл екеуінің арасында жатқан Төлес кен орындарының өзін Мәскеуге хат жазып жүріп мерзімінде іске қосылуына атсалысып еді ғой. Енді міне, нағыз мүмкіндік деп осыны айт. Бірақ, Сафи мыңдаған шақырымға созылып жатқан сусыз даланың талай қиындығын бастан кешетінін ойлаған жоқ. Оның ойында бір ғана Маңғыстау тұрды.
Осы былтыр ғана (1950 ж.) жайылымдық-мелиоративтік трест Маңғыстау даласын зерттеп, 6 млн. 245 мың га жерге байқау жүргізген болатын. Сонда есінде қалғаны: жайылым әлгі жердің 75,1%-ін, құмдақ—5,5%-ын, сор—10,2%-ын, аңғар, жар, егістік алқап— 6,4%-ын, тақыр—0,6%-ын алып жатыр екен. Ал, сулы жердің үлесі бар болғаны— 1,3%, басқалай пайдасыз, қолайсыз жерлер 0,89% қана екен. Маңғыстау жері осындай қолайсыз болғанына қарамай, табаны тола байлықты ғасырлар бойы басып жата беріпті. Енді бұлар осы байлықты іздеп, елсіз, сусыз далаға аттанып кетпек.
Сафи Утебаевич, олай болса сіз Орталық комитеттің шешімін күтесіз,—деп Николай Константинович оның ойын бөліп жіберді.
***
Сафи Мәскеуде бір аптадай кідіріп қалды. Ештеңемен айналыспай, қам-қарекетсіз құр жатқаннан ауыр нәрсе жоқ қой. Министрлікке күн сайын бір рет барып, хабарласып қояды. Тағы бір барғанда... Байбақовтан естіді, бұл осыған дейін үш-төрт сөгіс алған адам боп шығыпты. Ол туралы басқа түгілі өзі де білмейді екен. Соны Орталық Комитеттегілер дабыра ғып, «Мынау бір кілең сөгіс алған адам болды ғой, сондай адамды қалай ұсынып отыр» деп қарсылық білдіріпті. Баяғы Кругловтың кесірлі қаулысын алып тастадым деп еді бірде Сейтжан Палымбетов. Мынау қайдан жүрген сөгіс? Сафи секем алып, бұл сөгістің қай сөгіс екенін есіне түсіре алмай ұзақ ойланды. Біреуі Кругловтан қалған шығар. Ал, екіншісі жұт болып, мал қырылғанда, өзімен қатар жұмыс істеп жүрген бірнеше ауданның бірінші хатшылары орындарынан алынғанда бұл аман қалып еді. Сонда шамасы, бұған сөгіс беріп, жабулы қазанды жабулы күйінде қоя салған ғой. Ал, сонда үшінші, төртінші сөгіс қайдан жүр? Бұл білмейтін не қылған сөгіс? Әйтеуір, жеп қойған қылмысы жоқ. Баяғы артық жазды деген сөз жала боп шықты. Ал, мынаған тәуекел! Дегенмен, министрмен кездескелі бері қоздап жатқан қиялына тосқауыл болуы мүмкін.
Орталық Комитеттің қаулысы шыға қоймаған соң Сафи мазасызданып, елге қайтуды ойлана бастап еді. Жылыойда да бітпей жатқан шаруа көп. Келешек істелуі тиіс жұмыстардың жобасын да жасап қойған. Бірақ, сол күні кеше ғана қасарысып отырған Орталық комитет жібіп сала берсін. «Сафи Өтебаев «Қазақстанмұнай» бірлестігінің бастығы боп бекітілсін» деген қаулыны шығарды да берді. Бұл 1951 жылғы тамыздың 13-і еді. Осы қаулы бойынша министрлік бұйрық жазды. Бұ не ғажап?
Сөйтсе... оның бәрін Сафи кейін естіді ғой.
Сөгісі бар екен деген себеппен бұның мәселесін қарауды кешеуілдете бергесін сол кездегі Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов Сталинге «Өтебаевты «Қазақстанмұнай» бірлестігіне басшы етіп ұсынып отырмыз. Ұсынысымызды қолдауыңызды сұраймын» деп телеграмма соғыпты. Ал, Сталин «поддержать предложение» деп қолын қиғаштап қоя салған.
Мұны республика орталық комитеті ауыр өнеркәсіп жөніндегі бөлім бастығы Тарыбай Шәукембаев деген кісі кейінірек айтып беріп еді. Ал, анау сөгістерді кім бергені жұмбақ күйінде қала берді.
***
Қазіргі тарихшылар Маңғыстау даласының зерттелуі мен мұнай-газ өндірісінің дамуын негізінен төрт кезеңге бөліп жүр. Оның бірінші кезеңі 1887-1949 жылдар, екінші кезең 1950- 1957 жылдар, үшінші кезең 1957-1961 жылдар, төртінші кезең 1961 жылдан былай қарай. Міне, осы төрт кезеңнің соңғы үшеуінде Сафи Өтебайұлының жүріп өткен жолы ап-анық сайрап жатыр.
Ана басы мен мына басы мыңдаған шақырымды алып жатқан маң далаға бұрғылау станоктарын алғаш әкелген «Қазақстанмұнай» бірлестігі, оны басқарған Сафи Өтебайұлы еді.
Сафидың анық есінде, сол 1951 жылы Маңғыстауда мал басы 500 мыңнан сәл асатын. Өзге өндіріс көзі жоқ, өзімен өзі боп тып-тыныш жатқан өлке еді. Біріне бірі жақын қонған ел жоқ. Ел жоқ болғандықтан жол да түспеген. Көктем шыға Күн шыжғыра бастайды. Жазда тіпті аптап, Күн тас төбеңе көтерілгенде лүп еткен жел болмай, дүние өртеніп тұрады. Ал, кейде жазық далада, не аспаннан түскені, не жерден шыққанын білмейсің, күтпеген жерден жел тұрып кетсе, борпылдақ топырақ көкке көтеріліп, көзді аштырмайды. Осындай далада бір тамшы су жоқ. Малшылар шыңырау құдықтарын өздері ғана біледі. Оған сеніп, жолға шығуға болмайды. Егер адасып кетіп, құдықты таба алмай қалсаң біттім дей бер, аптапта ауызды бақадай ашып, шөлден өліп қалуың әп-сәтте.
Жазда мұнда бір тамшы жаңбыр жаумайды. Ал, күзде жаңбыр жаумаса екен дейсің. Өйткені, сапарлап жүрсең жаңбырдан соң ұшы-қиыры жоқ батпақтың ортасында қалдым дей бер. Жаңбыр тіпті қыста да төпеп беретінін қайтерсің. Мидай далада қыбырлаған тірі жан болмайды. Мұндай жұмбағы көп, әрбір табиғи құбылысы қауіп-қатерге толы өлкеге тәуекел ету бір ерлік те, оған бел шешіп сапар шегу екі ерлік еді.
Мұның бәрін Сафи білді ғой. Бірлестіктің бас инженері Наум Исакович Гершман мен бас геолог Николай Александрович Калинин екеуін кабинетіне шақырып алып, әңгімелескенде осы мәселенің бәрі бүге-шігесіне дейін тегіс айтылған еді. Ал, «әуелі қай алаңдарға бұрғы саламыз» дегенге келгенде әуелі ауызға ілінгені—Төңірекшың, Прорва, Боранкөл болды. Олар осы үш алаңға барлау жүргізуді «Маңғыстауды игерудің кіріспесі» десті. Ал, негізгі жұмыс, олардың ойынша Маңғыстауда болуы керек.
...«Қазір ғой зымырап машина жүріп тұр, пойыз қатынап тұр, ұшақ ұшып тұр,—деп ойлады әуе кемесінің үстінде жайланып отырған қарт Сафи.—Ал, ол кезде... қаймықпай қалай бардың сол жерге? Елсіз, сусыз жерге тәуекел деп кете беретін барлаушылар мен мұнайшылар нағыз жүрек жұтқан батырлар екен ғой».
...Ал, Алматыны бетке алған әппақ ұшақ жерден қараған адамға қалт-құлт еткен жалғыз нүкте боп көрінеді...
...Бас мамандармен болған әңгімеден соң бірлестік бастығы Төңірекшыңды бетке алып жедел аттанып кетті. Онымен бірге бас геолог пен бас инженер де жолға шықты. Олар бұрғы түсетін алаңдардың жер жағдайын көріп қайтпақ. Сосынғы әрекеттердің барлығы осыған байланысты болмақ. Ал, жедел аттану себебі, бұрғылауды күз түспей бастап қалу. Егер ұйымдастыру жұмыстарын күннің ыстықтығына қарамай жаңбырсыз жазда бастамаса, ертең күз түсе лайсаңда қалып, жұмыс келесі жазға дейін мандымай қоятыны анық еді.
Олар Маңғыстау даласына аяқ іліктірген соң, манадан бері үнсіз отырған бас инженер, ойына не түскенін қайдам, кенет су жөнінде әңгіме бастап жіберді.
Айтпақшы, Сафи Утебаевич, ертең барлаушылар мен бұрғышылар келгенде су мәселесін қалай шешу керегін ойландыңыз ба?
Біздің осы аттанысымыздың өзі соны анықтау емес пе? Әрине, ішкі болжам деген болады ғой. Судың проблемасын туғалы көріп келе жатқан осы араның тұрғынымын. Соғыс басталардың алдында осы Қосшағылда су болмай, тұрғындар мұнай құбырымен келетін мұнай сасыған суды да ішті. Соны да көрдік. Енді ондайға жол бере қоймаспыз.
Біз экспедицияда жүргенімізде көбіне малшыларға неғұрлым жақын жүруге тырысатынбыз,—деді Николай Александрович.
Олардың өздері ғана білетін құдықтары болады.
Онда малшы жүрген жерді ғана бұрғылаймыз ба, қайтеміз?—деп бас инженер күліп жіберді.
Жоқ, сіз күлмеңіз, Наум Исакович,—деді Сафи.—Николай Александрович өте дұрыс айтып келеді. Бізге алғашқы кезде суды сондай құдықтардан тасып ішуге тура келетін сияқты. Сондықтан, мәселен Төңірекшыңның маңайында қандай құдықтар бар екенін, олардың тұрған орнын, су мөлшерін, қашықтығын белгілеп қарта жасап алған жөн шығар. Сіз, Николай Александрович, осы жағын өз мойныңызға алыңызшы.
Бас геолог басын изеп келіскен ыңғайын білдірді.
Сіз білесіз бе, Наум Исакович,—деп Сафи енді бас инженерге бұрылды.—Малшыларды кейде геолог па дерсің. Олар қандай жерден тұщы су, қандай жерден ащы су шығатынын дәл білетін болған. Қараңызшы, кешелі бері осы өңірден адам атаулыны кезіктірген жоқпыз. Мына жерге құдды бір жүздеген жылдан соң алғаш рет біз ғана келіп тұрған сияқтымыз. Жоқ, олай емес, мен білсем Маңғыстаудың малшы шарламаған пұшпағы жоқ. Малдың аузына ілігетіндей от болса болды, соның жайымен әлі күнге дейін көшіп-қонып жүре береді. Көшкенде де кездейсоқ, бейберекет емес, өздерінің белгілі бір бағыты, тұрақтау уақыты бар. Сондықтан, олар жүріп өткен жерде міндетті түрде құдық болады. Әрі ол шыңырауды қай малшы болса да көздің қарашығындай сақтайды.
Тереңдігі қандай болады екен?
Тереңдігі ме, тереңдігі бес-алты құлаштан бастап, одан әрі кете береді.
Осыдан соң үшеуі де өз ойларымен болып, үнсіз қалды. Кішкене брезентті машина дала қоңызы секілді шайқалақтап, Үстіртке де келіп жетті. Бұйырғын мен жусан өскен, арагідік адыраспан, изен, жантақ араласқан кең дала. «Төңірекшың» деген осы жер екен. Сафи оның атына бұрыннан қанық болғанмен, келіп тұрғаны осы. Осыншама кеңдіктен тіпті көзің тұнып, басың айналады. Сафидың ойынша таулы жер адамның көкірегін қысып тастайды. Ойға тұсау салады. Ал, мына дала... кең дала... тіпті шетіне де шегіне де ой жетпейді. Далада туып, далада өскен адамның шетінен ақын, шетінен әулие болатыны осы кеңдіктен емес пе екен.
Екі күн Үстіртті аралағанда жолда мал баққан екі-үш малшы кездесті. Олардан басқа қыбырлаған жан көзге түспеді. Арасы алшақ жүретіні соншалық малшылар бірін-бірі танымайды, білмейді.
Сафи бастаған топ сапар барысында бірнеше ескі шыңырау құдыққа белгі салды. Кеше Сафи ойлағандай, бұрғышылар мен монтажшыларға суды енді осы құдықтардан тасып беруге тура келеді. Олар келгенше кейбір құдықтарды аршып, суын молайтып қою керек. Одан басқа амал жоқ. Ең жақын деген Құлсарының өзі бұл жерден 150 шақырым қашықта жатыр.
Ең қиын, ең жауапты, ең жанталасты жұмыстар әлі алда. Жұмысшылар тұратын баспана мен сонау Құлсарыдан техникалық жабдықтарды жеткізу соның ең біріншісі.
***
Осы Маңғыстауда көлеңкенің өзі елу градус ыстық дейді, сол рас па?—деп Сафи әне бір жылы Сырым Жиенбаевтан сұрағаны бар еді. Соны неге сұрағанын қайдам, күннің соншалық ыстық болатынын Сафи көрмей, білмей жүрген жоқ. Маңғыстау мен Жылыой бір біріне іргелес жатқан аудандар. Көрші ауданның жағдайын содан-ақ шамалай беруге болады.
Ал, Сырым Маңғыстаудың жағдайын жақсы білетін адам. Соғыстың алдында ма екен, сол ауданда бірінші хатшы болған. Ол Сафидың әлгі сұрағына сұрақпен жауап қатты.
Сен әуелі Маңғыстаудан көлеңке таба аласың ба?
Екеуі қатар күліп жіберді. Сонан соң бұл әңгімеге қайтып оралған жоқ.
Иә, сол жылдары халық «Өлі қолтық» деп атап кеткен Маңғыстауға баруға тәуекел ететіндер некен-саяқ еді ғой. Кейбіреу Каспийдің осы түбегінде тіршілік жоқ шығар деп ойлайтын.
1950 жылдың аяғында Қазақ ССР Ғылым академиясының көшпелі сессиясы академия президенті Қаныш Сәтбаевтың басшылығымен өтті. Сонда Үстірт пен Маңғыстауға геологиялық барлау жұмыстарын кең көлемде жүргізу мәселесі сөз болды. Бұл жұмысты академия сессиясының ұйғарымынсыз-ақ әлдеқашан бастап кетуге болатын еді. Әрине, қиын. Бірақ, қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдаланып, Маңғыстауға барлау бұрғысын салам деген ұсыныс болса, оған кім қарсы тұрар еді? Маңғыстау даласына баруға «Қазақстанмұнай» бірлестігін Сафидың алдында басқарған Федоров тәуекел ете алмады. Оның «өлі қолтықтан» жүрексінетіні академия сессиясынан кейін тіпті айқын аңғарылды. Ол Маңғыстауға барудан түрлі сылтау айтып, ашық бас тартты. Алыс деді, техника жетпейді деді, алғашқы барлау ұңғыларынан түк те тамбады деді, әйтеуір Федоров ала шапқыннан қашып, басқа бір тыныш жұмыс тауып тынды. Маңғыстаудың алыс екені де, техниканың жетіспейтіні де рас қой. Сондай-ақ, нәтижесіз бұрғылаудан соң қайтпай қалған мыңдаған сом қаржыға жауап беру де керек. Міне, осы кезде «Қазақстанмұнай» бірлестігін жергілікті маманға басқарту қажет болды да, таңдау Сафиға түсті. Ал, Маңғыстауды қолға алу оның ежелгі арманы ғой. Сол жылы (1951 ж.) тамыздың 13-інде бірлестікке басшы боп келе сала, қос бас маманмен ақылдасып ап, Төңірекшыңға қарай кідірмей тартып кетуінің себебі де осы еді.
Төңірекшың маңын көзбен көріп қайтқан соң Сафи бұрғылау қондырғыларын сол алаңға тасымалдауға нұсқау берді. Құлсарыдан Төңірекшыңға дейінгі екі аралық жүз елу шақырым. Жүз елу шақырым жолсыз дала, әсіресе мұнара секілді жүкті тасығанда жеткізбей ығырыңды шығарады. Мұнаралар мен бұрғылау станоктары бөлшектеніп, мәшине қораптарына салынды. Кейбір бөлшегін трактормен сүйретіп апаруға тура келді. Тіпті, кей жағдайда баяғыша түйе де іске жарап жатты.
Бұрғылау станогы демекші, сол жылдары Оралдың ауыр машине жасау зауыты терең бұрғылауға арнап мұнарасы елу үш метрлік станок шығара бастаған. Анада Байбаков соның бірнешеуін «бірлестікке бөліп отырмыз» деп еді. Уәдесінде тұрыпты. Енді сол су жаңа станоктың үшеуін бұлар ырым қып жаңа нүктелерге орналастырмақ. Осы үш станок пен басқа да толып жатқан құрал-жабдықты тасымалдап жүргенде бір айға жуық уақыт сырғып өте шықты. Ал, мұнараны құрастыруға тағы да төрт айдай уақыт қажет болды. Ал, бұл кезде бұрғышылар бригадасы жасақталып, жұмыс орындарына да жетті. Бұрғышылар бригадасының бригадирлері Тоғызбай Дәулетов, Әбдірахман Серкебаев, Далапқали Боқаевтар жаңа станокпен терең бұрғылау жұмысына кірісті. Кейін осы үшеуі де «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Тоғызбай мен Далапқали «Еңбек Қызыл Ту» орденімен қоса Ленин орденін кеудесіне тақты. Бұл үшеуінің де жасы Сафимен қарайлас, тәжірибелі бұрғышылар болатын. Тоғызбайдың бригадасы мұның алдындағы Қаратондағы №11 ұңғыны қазып, мол мұнайдың көзін ашқан. Демек, бұлардың қай-қайсысына да сенуге болады. Дегенмен, осы мұнаралар басында бір-бір жауапты адам бекітілді, олар бұрғы жұмысының тежеліп қалмауын, құрал-жабдықтан тапшылық көрмеуін қадағалады. Бұрғышылар да Маңғыстаудың алғашқы мұнайын көруге асықты. Бірлестіктің жаңа бастығы Сафидың да алғашқы мұнайдан үміті зор еді, ол Төңірекшыңнан фонтан шапшыды деген хабарды қашан естимін деп үнемі елеңдеумен болды. Бірақ, еңбек ақталған жоқ. Төккен тер тағы да зая кетті. Төңірекшың осынысымен бір нәрсені айқындай бастады. Ол—Маңғыстау мұнайының тым тереңде жатқаны еді.
***
Маңғыстаудың кең даласын зерттеуді ұлғайта түсу туралы «Қазақстанмұнай» бірлестігінің ұсынысын Мәскеу қолдаған соң, сол 1951 жылдың күзінде түбекке бір топ барлаушы-геолог аттанып кетті. Оны басқарып отыру үшін шағын кеңсе құрылған еді. Оған тәжірибелі мұнайшы Константин Николаевич Тулин тағайындалды. Ал, бұл кезде Төңірекшыңда қазу жұмысы жүріп жатқан-тұғын.
Дегенмен, Маңғыстау даласын игерудің үнемі сезіліп тұратын алғашқы қиындығы алдан шыға келді. Ол—Гурьевте отырып мың шақырым жердегі жұмысты басқарудың оңай болмайтындығы еді. Сонымен қатар, барлаушыларды құрал-жабдықпен дер кезінде қамтамасыз етіп отыру да қымбатқа түсетін түрі бар. Сондықтан, бұрғыланатын, зерттелетін алаңдарға жақын жерден материалдық-техникалық база дайындау қажеттігі туды.
Сафи алыстан басқарудың қиын болатынын бірлестікке басшы боп тағайындалғаннан-ақ сезіп еді. Бірақ, ол туралы ойлауға мұрша қайда? Қайткенде де, Маңғыстауға қатысты жұмысты тезірек бастап жіберу қажет болатын. Ішкі түйсігіне сенген Сафи сол күнгі қиындықтарды ғана шешуге әрең үлгеріп отырды. Арқаны кеңге салып, ертеңді ойлап отыруды уақыт көтермейтін.
Енді сол қиындықты шешетін кез туды. Сол себепті кеше бірлестік басшысы мен бас геолог Маңғыстау даласымен тереңірек танысу үшін жол жүріп кеткен-тұғын. Сафидың да, бас геолог Николайдың да діттегені Форт-Шевченко. Одан қолайлы жер мынау еді деп екеуі де айта алмайды.
Бүгін бұл екеуі Маңғыстау ауданының орталығы Таушыққа келе жатыр. Кешелі бері машина ішінде теңселіп, таусылып болмайтын дала жолына қараудан-ақ шаршаған. Сафи өз ойымен өзі болып үнсіз отыр. Николай да солай.
Соңғы кездері Сафидың қолынан Маңғыстаудың қартасы түспейді. Картаға қарап отырып ойлайтыны, бұрғылануға тиісті алаңдарға баратын жол жағдайы. Алаңдардың ешқайсысына төтелеп бара салатын жол жоқ. Бәрі де шалғайда жатыр. Форт-Шевченкоға апаратын жалғыз жолдың өзі Маната асуы арқылы өтеді. Патша заманында Каспийдің мол суы батыстан жел соқса осы Манатаға жетіп жығылады екен. Бірақ, қазір теңізде ондай мол су жоқ. Судың азаюы осы жағынан мұнайшыларға тиімді болғанмен, екінші жағынан тағы бір қиыншылық туғызды. Гурьевтен Форт-Шевченкоға мың шақырымнан аса жол жүріп баруға тура келетіндіктен құрал-жабдықтарды теңіз арқылы жеткізбек болып еді. Бірақ теңіз деңгейінің едәуір төмендеп, Гурьевтегі бұрынғы кеме тоқтайтын айлақтан 40-50 шақырымға алыстап кеткені осы кезде еске түсті. Сафидың манадан бері ойлап, басы қатып келе жатқаны да осы. Егер, Форт-Шевченкоға дейін су жолын пайдаланамыз деген тоқтамға келетін болса, Гурьев жақ беттен жаңадан айлақ (причал) салынуы тиіс. Оған қосымша күш қажет. Оны қайдан алуға болады? Сафи ойлана келе, қайткенде де айналма қара жолдан екі есе қысқа, әрі арзан су жолын пайдалану қажет деп шешті. Су жолы қысы-жазы бір үзілмейді. Ал, қара жолмен көктем мен күздің лайсаңында, қыстың боранды күндерінде жүру тіпті де мүмкін емес. Ал, оған тәуекел ету қияметке өз еркіңмен мойынсұну деген сөз. Ал, құбыр тасығыш ауыр машиналарға Маната асуы аса қауіпті.
Сафи не ойласа да алдынан не түрлі қиыншылық андыздап шыға берді. Оның осы ойын:
Сафи Утебаевич, Түбіжік алаңына келіп те қалдық,—деп, бас геолог бөліп жіберді.
Сафи сонда аңғарды, қаптай өскен итсигек сұйылып, жер қара қотырлана бастаған екен. Сәлден соң машина бір тал қылтанағы жоқ, қап-қара алаңқайға тап болды. Бұ не ғажап? Бірақ, бұл көзін мұнаймен ашқан мұнайлы өлкенің перзенттері үшін аса таңсық та емес. Бұл жер астынан шығып жатқан мұнай ғой. Осыдан-ақ Маңғыстау табанының шылқыған мұнай екенін аңғара беруге болады. Мұнайдың жер бетіне осылай шығып жататынын ата-бабалар ежелден-ақ білген емес пе...
... Ұшақ ішінде тарих боп тым алыста қалған жастық жылдарына сапар шегіп кеткен қарт Сафидың ойына «мұнай» сөзінің қайдан шыққаны туралы бір ғалымның жазған болжамы түсіп кетті. Сонда ол «мұнай сөзін қазақ білмеуші еді, Сабыр Шәріпов оны нефть-жермай деп жазды» депті. Ол аз болса, «мұнай деген сөз мұң май деген сөзден шыққан» деп соғыпты.
...Ал, Алматыны бетке алған әппақ ұшақ жерден қараған адамға қалт-құлт еткен жалғыз нүкте боп көрінеді...
Ойпырмай, осы Сафи мұнай сөзін жеті жасында әкесіне еріп Доссор кәсіпшілігінде жұмыс істейтін ағаларына барғанда естіп еді ғой. Сонда бұл Қазан төңкерісінен бұрынғы уақыт емес пе еді? Бакуде оқып жүргенде әзірбайжандардың мұнайды мұнай дейтінін естіген. Сонда бұл түбі бір түркі сөзі болып тұр ғой. Түркі сөзі болғанда да осы Атырау, Маңғыстау даласын мекендеген қазақтар мұнай сөзін ежелден-ақ пайдаланған. Оған дәлел, Жылой жерінде Мұнайлы деген жер бар. Оны қайда қоясың. Ал, осы Мұнайлы атауы бұдан әлденеше ғасыр бұрынғы жазбаларда жүр. Сонда қалай, оны Сабыр Шәріпов нефть деп жазды екен дей қазақтың сөзі емес деуіміз керек пе? Бұл қате. Мұнай деген сөз қазақтың ежелден келе жатқан төл сөзі.
Оған Түбіжікте жер бетіне қарайып мұнай белгілерінің шығып жатқаны дәлел. Мұндай белгілерді Форт-Шевченко сапарында Қарасаз-Таспас алаңынан да кездестірді.
Бірнеше күнге созылған осы сапардан Сафи шаршап келсе де, көңілді еді. Маңғыстау даласын өз көзімен көрді. Түбіжікте, Қарасаз-Таспаста мұнайдың әлгіндей жер бетіне шығып жатқанына куә болды. Бұл оның Маңғыстау мұнайына деген сеніміне сенім қосты.
***
Ол бір үмітке толы жылдар еді ғой. Қарбалас жұмыс кейде ненің не екенін де аңғартпастан ертеңге қарай дедектетіп әкететін кез. Бүгінгі жұмысты мезгілінде орындап тастамасаң, ол ертеңгі қарекетке қосылып, мәселені қиындатып жібереді. Міне, осындай шақта кейде нар тәуекел деген жалғыз ауыз сөздің өзі дәтке қуат болды ғой.
Сафи Форт-Шевченко сапарынан соң өзі ойлағандай Жайықтың теңізге құйылысынан причал салу мәселесін көтерді. Осы жұмыстарға қабаттасып Маңғыстау даласына аттанып кеткен геолог-барлаушылардың алғашқы ақпары түсе бастады. Ол ақпар бойынша, Түбіжік, Қарасаз-Таспас, Қазан, Құсайын алаңдарына бұрғы салынуы тиіс. Иә, сол жылдың соңында осы алаңдарға бұрғы жүзі де тиді емес пе? Бірақ, Ембінің ескі кәсіпшіліктерінде жұмысын істеп, үйреніп қалған жерінен, шебер бұрғышыларды елсіз, сусыз жерге алып баруға көндірудің өзі қыруар уақытты алды ғой. Ал, Маңғыстауға тек шебер бұрғышыларды жіберу қажет болды. Сондықтан, ондай бұрғышылар Ембінің бүкіл кәсіпшіліктерінен іздестіріліп, әрқайсысымен жеке-жеке сөйлесіп, көндіру жұмыстары жүргізілді. Олардың ішінде Дүйсен Үсенов, Ғабдолла Тоқсанбаев, Салық Рысқалиев, Ғафиз Әбдіразақов, Петр Тарабрин сияқты, бұрғылаудың қыр-сырын меңгерген шеберлер бар еді.
Әрине, осындай қыруар жұмысқа қыруар қаржы жұмсалады. Егер сол қыруар қаржы қайтарым бермесе жауапты болатын адам біреу-ақ. Ол—«Қазақстанмұнай» бірлестігінің басшысы Сафидың өзі. Оның сол кездегі тәуекелге мініп берген бұйрығын көзжұмбайлық деп түсінгендер де болды. Бірақ, бұл көзжұмбайлық емес еді. Мұнай өндірісі дегеніміз, бұрғылап кеп қалсаң сылқылдап мұнайдың аға бастауы емес. Кейде апталап, айлап еткен еңбек, жұмсалған қаржы зая кететін кездері болады. Төңірекшың соның бір мысалы. Бұл Сафиға да оңай тиген жоқ. Ал, бұрғыны жүргізген бұрғышылардың тіпті ұнжырғасы түсіп кетті. Ал, кейбір мамандар осыдан соң-ақ қатты түңіліп, Маңғыстауда жұмыс істеу мүмкін емес дегенді айта бастады. Алайда, Төңірекшың Маңғыстау мұнайының тым тереңде жатқанын сол кездің өзінде дәлелдеп жатқан еді ғой. Сафи Маңғыстау мұнайынан бәрібір үмітін үзген жоқ.
***
Төңірекшың дегеннен шығады ғой, осы алаңды терең бұрғылау енді ғана басталып еді. Мезгіл шілде айы. Нақ осы кезде СССР Мұнай министрінің бірінші орынбасары Сәбит Атаевич Оруджев облысқа келе қалды. Ол облыс басшыларымен кездескен соң Жылыой ауданындағы мұнай кәсіпшіліктерін көргісі келетінін білдірді.
Сафи Утебаевич,—деді ол.—Сталин қол қойған Совминнің қаулысы бойынша іске қосылған кәсіпшіліктерді аралатсаңыз.
Сафи министр орынбасарының қай кәсіпшілік туралы айтып тұрғанын біле қойды. Ол бұдан бес жыл бұрын іске қосылған Қаратон, Мұнайлы кәсіпшіліктері ғой.
Сәбит Атаевич, сіз біздің Маңғыстау түбегіне қарай тереңдеп бара жатқанымызды білетін боларсыз, егер уақыт боп жатса бұрғы жүзі енді ғана тиген жаңа алаңдарды да көре кетсеңіз.
Сафидың бар ойы Мәскеуде жайлы орында отырған министр орынбасарының бұрғышылардың өте қиын жағдайда жұмыс істеп жатқанына көзін жеткізу еді. Министрдің орынбасары бұл ұсынысқа қарсы болған жоқ.
Сол жылдары (1954 ж.) аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы боп Өтеп Балғымбаев келген-тұғын. Төңірекшың осы ауданның аумағында болғандықтан Өтеп бұлармен бірге жүрді.
Төңірекшыңда үш мың метрлік ұңғы қазу көзделген еді. Сол үшін бұл бригадаға өндіріске жаңадан енгізілген УЗТМ-5 станогы берілген.
Бұлар бұрау басына жеткенде бұрғышылар жұмысын бастап кеткен екен. Бригадир Тоғызбай Дәулетов жұмыстың жақсы басталғанын, жаңа станоктың алымды екенін айтып жатыр. Ал, жататын жері, ішер тамағы туралы сұрақ қойылғанда бөгеліп-ақ қалды. Жағдай мәз емес болатын. Бұрғышылар әлі күнге вагонда тұрып жатыр. Ауызсу тапшы. Кейбір техникалық құрал-жабдықтар жетіспей қалса, жұмыс апталап тұрып қалу қаупі бар.
Сафи мұның бәрін жасырған жоқ. Жұмысшылардың өздеріне айтқызды. Олардың айтқанын өзі де толықтырып жатыр. Оның бір қасиеті келеңсіз жағдайды жасырып қалу дегенді жаны сүймейді.
Шындық айтылуы керек. Шындық айтылса ғана кемшілік жойылады.
Осы әңгімеден министрдің бірінші орынбасары тиісті қорытынды шығара білді.
Мен техникалық құрал-жабдықпен көмектесіп тұрайын, ауызсу табуды Сафи Утебаевич мойнына алсын,—деді ол табан астында міндет бөлісіп.—Ал, ет, сүт сияқты азық-түлікті аудан басшысы Утеп Балғымбаевич өндіріп беріп тұрсын.
Ауызсу мәселесі Сафиды өндіріске араласқалы қинап келе жатыр. Оны бұл ешқашан елеусіз қалдырған емес. Әрбір жаңа алаңға аяқ басқан сайын алдынан нөмірі бірінші қиындық боп шыға беруші еді. Осы қиындықты қалай жеңеміз деген ой, сондықтан да, Сафидың жатса-тұрса есінен кетпейді. Онсыз да Төңірекшың маңына қосымша станок орнатып, су шығаруды ойлап жүр еді, министрдің орынбасары осы ойын тап басқасын не тұрыс, қысқа мерзімде ол да орындалды. Оған дейін ауызсу таситын арнайы машина бөліп қойды.
Ал, Өтеп Төңірекшың маңайына мал фермасын орналастырды. Сөйтіп, мұнайшыларды етпен, сүтпен қамтамасыз етті.
***
Жылдан жылға Маңғыстау төсі дүбірге тола берді. Жайықтың құйылысындағы айлақ (причал) асығыс салынса да, сол себепті кейбір кемшілігі болса да Форт-Шевченко бағытындағы су жолы жанданып, «Өлі түбекте» тіршілік тынысы сезіле бастады. Ол кей жағдайда қоршаудағы Ленинградқа өмір жолы болған Ладоға көліне ұқсайтын.
Маңғыстау даласына шабуыл басталып кеткенімен әзірге оның нәтиже бола қойған жоқ. Бірақ, үміт зор. Сафи да, өзге бас мамандар да Маңғыстау дегенде құлақтары түрік. Елеңдеп хабар күтеді. Алайда, жақсы хабардың зарықтырып барып жететін әдеті ғой, бұлар қанша жерден елеңдесе де Маңғыстау жақ тым-тырыс. Әрине, Маңғыстау сияқты жол түспеген, электр желісі тартылмаған ауданда айналасы бірер жылда бұрқ етіп мұнай шыға қалмады деп ренжуге де болмайды. Сол себепті барлау-бұрғылау көлемін ұлғайтуды бірлестік күн тәртібінен түсірген жоқ. Оған Форт-Шевченкода құрылған шағын кеңсенің шамасы жетпейтін болғандықтан, тиісті өндірістік базалар, тұрғын үйлер салу үшін қаражат бөліне бастады.
Маңғыстауға қатысты бөлінген әрбір қаржының артында «Осының қайтарымы бола ма, болмай ма?» деген зілді сұрақ тұрушы еді. Ол сұраққа түптің түбінде бір өзі жауап беретінін ойлағанда Сафидың дегбірі қалмаушы еді. Бірде үміт басым түссе, енді бірде күдік иектеп алатын.
1952 жылғы наурыз сондай үміті мол, күдігі де баршылық айдың бірі еді. Бір күні Түбіжіктен мұнай алынды деген хабар дүңк ете қалды. Бірақ, қуаныш ұзағынан болмады. Жер бетіне шыққан мұнайдың көлемі болар-болмас еді. Әрі соның өзі ауыр мұнай боп шықты.
Форт-Шевченкодан 15-20 шақырым жердегі Құсайын алаңы мен геофизиктер мұнай шығады деп белгілеп берген Қарасаз-Таспас алаңынан алынған мұнай көңіл көншітерлік емес еді.
Жығылғанға жұдырық демекші, Төңірекшың мұнайдан да, газдан да хабар бермей, безірейіп жатып алды. Бұрғыланған ұңғының мұнай бермеуі деген қып-қызыл шығынға бату деген сөз. Нәтижесіз әрбір ұңғы жүз мың сом ақшаны желге шашқанмен тең. Ал, Сафи басшы боп келгелі бері қанша ұңғы қазылды десеңізші. Бәрі де суалған сиырдың желініндей боп-бос. Тамбайды. Сонда қалай, Маңғыстауға жұмсалған миллиондар солай құмға сіңген судай құрдымға кете бере ме? Жо-оқ, Маңғыстау табанында мұнай бар екеніне Сафи күмәнданбайды. Ол үшін тағы бірер миллионды жұмсауға бар. Бірақ оған Мәскеудегі министрлік адамдары қалай қарайды?
«Қазақстанмұнай» бірлестігінің сейсмикалық партиялары ұзақ зерттеуін қорытындылай келе Маңғыстаудың шығысында мұнай мен газдың мол қоры бар екенін мәлімдеді. Бұл барлау-бұрғылау бағытын Форт-Шевченконың шығысында жатқан Жетібай мен Өзенге қарай бұру деген сөз. Екі аралық 200-300 шақырым. Бұрғышы-барлаушыларды басқару, оларға жағдай жасау, құрал-жабдық жеткізу бұрыннан да қиындай түспек. Оның үстіне Маңғыстау мұнайының тым тереңде жатқанына Сафидың көзі жетті. Неше жылдан бері бұрғылаудың нәтижесіз бола бергені содан ғой деп ойлап қояды. Осыдан кейін-ақ ол жеңілдеп сала берді. Басына тың ойлар үйірілді. Терең бұрғылауды жолға қою үшін Форт-Шевченкодан трест құру керек. Сафидың бұл ойын Одақтық мұнай министрі Н.К.Байбақов та, оның бірінші орынбасары С.А.Оруджев те қолдады. Сөйтіп, 1957 жылғы қаңтар айында министрдің бұйрығымен «Маңғыстаумұнайгаз барлау» тресі құрылды. Ол Форт-Шевченкода орналасатын болды. Сафи тресті басқаруға сол тұста Байшонас кәсіпшілігінің директоры боп жүрген Орынбай Бердіғожинді тағайындады. Орынбайды Сафи іс тетігін білетін маман ретінде жақсы танитын. Отызыншы жылдардың басында Лаврентьев ашқан Гурьев мұнай техникумының алғашқы түлектерінің бірі. Оқуынан гөрі тәжірибесі мол азамат. Ембінің бұрғылау-барлау жұмыстарының талайын абыроймен атқарған адам. Сафи оны трест басқаруға шақырғанда осы біліктілігіне аса мән берген-тұғын. Өзінен бір-ақ жас кішілігі бар Орынбаймен құрдас, замандас ретінде сөйлесті. Ал, бас геологтік қызметке жас жігіт Валентин Петрович Токаревті бір жағынан үгіттеп, бір жағынан міндеттеп отырып жіберген өзі емес пе? Валентин Петров Грозный мұнай институтын 1952 жылы бітірген жас маман болатын. Келіншегі Нина Ивановнаны да күйеуімен бірге осы трестке геолог етіп жіберді.
Сафи жаңадан құрылып жатқан осы треске жауапкершілікті сезіне білетін мамандарды жіберуге тырысты. Өйткені, жер шалғай, бірлестік басшылары жиі барып тұра алмайды. Сафидың треске бас мамандарды талғап, таңдап жүргенінің себебі сол. Жалпы алыс алаңдардың бәріне ең мықты, сенімді ақтайтын азаматтарды аттандырып отырды. Сондықтан да, треске бас инженер етіп Есенғалиев Бақытжанды өз қолымен тағайындады. Бақытжан отызға енді ғана аяқ басқан жас жігіт болатын. Ол Мәскеудің Губкин атындағы мұнай институтын бітірген, бұған дейін Сағыз кәсіпшілігінің бастығы боп жүрген-тұғын. Оның бұрғылау техникасы мен технологиясын жақсы білетінін Сафи бірнеше рет аңғарып қалған-ды.
Содан кейін не болып еді? Иә, трест басшылары тағайындалып бола сала, Қызан алаңында 2500 метрге терең бұрғы салып, бірақ түк таппай салы суға кетіп отырған бұрғышыларды, олардың станоктары мен құрал-жабдықтарын жер түбінде жатқан Жетібайға тасу басталды. Жол қашық, екі жүз елу шақырым шамасы.
...Алматыны бетке алған әппақ ұшақ жерден қараған адамға қалт-құлт еткен жалғыз нүкте боп көрінеді...
Сол ұшақта ұшып бара жатып өткен өміріне саяхаттап кеткен қарт Сафи сол бір тасымал жұмысын ойлағысы келген жоқ. Жүрегі әбден шайлығып қалған.
Өйткені, сол кездегі тасымал жұмысының өте қиындығын айтып шығу былай тұрсын, ойлап тауысудың өзі біраз уақытты алады. Қырық бір метрлік темір мұнараны жабыла сүйреген оншақты трактор... басқа да толып жатқан станок, әртүрлі құрал-жабдық... таусылып болмайды. Тиісті жерге жетіп те болмайды. Ол сонымен тынса жақсы ғой. Соның соңын ала бұрғышыларға арнап тұрғын үйлер салу, оған үлгермесе жертөле қазу, шағын өндірістік базалар, механикалық шеберханалар, гараждар мен қоймалар, дүкендер мен асханалар салу. Оған тағы да құрылыс заттарын тасу. Тасығанда әуелі Гурьевтен Форт-Шевченкоға су жолымен, одан әрі үш жүз 194 шақырымға машина, тракторлармен жеткізу. Жолдың жоғын айттық қой. Дөңгелекті көліктер қай жер жүруге ыңғайлы болса, сол жермен салып ұрып тарта беретін. Ондай жолдың қиындығы шаш-етектен еді.
Айтпақшы, ауызсу тасымалы ше? Апырмай, соған қалай тәуекел еткеніне қазір өзі де таң қалады. Хажы-Тарханнан (Астрахан) Еділ суын баржымен Форт-Шевченкоға жеткізуге бұйрық беріп еді ғой. Сол үшін мың текшеметр су сиятын резервуарлар жасатып еді-ау. Ал, Жетібай мен Өзен асып кеткен барлаушы-бұрғышылар мен құрылысшыларға ауызсу тауып беру бірлестік басшыларын сең соққандай сергелдеңге салып қоймап па еді? Бірақ, мәселе табан астында шешіле қалды. Сонда ғой осы Сафидың су шаруашылығы мамандарына көмек сұрай барғаны. Олар бұның қолқасын жерге тастамай,осы арадан су шығады деп бірнеше нүктені белгілеп берді де, бұрғышылар сол араға бұрғы салып кеп қалып еді, жер астынан тұщы су сылқ-сылқ күліп шыға бастады.
Сол жылы (1957 ж.) жазда Жетібай мен Өзенде бірнеше жерге бұрғы жүзі тиді.
Иә, бұл Маңғыстау жүздеген, мыңдаған адамды бірде үмітке, бірде күдікке салып қойған өлке болды ғой. Маңғыстауға алғаш аяқ басқан 1951 жылдан бастап, «Маңғыстау мұнай-газ барлау» тресі жұмысын бастап кеткенге дейін міне, тура алты жыл өмір өтіпті. Бұдан кейін тағы да нәтижесіз қанша жыл өтпек. Оны Көк Тәңірі—Құдай мен, жер асты жаратылысы мұнай білмесе, адам баласы болжам айтуға да тайсалып қалды. Жетібай мен Өзен Сафидың соңғы үміті. Егер де осы екі алаң мұнай бермесе... білмеймін Сафидың халі не болатынын.
***
Бүгін ойлап қараса барлық мәнді өмірі өткен ғасырда қалып қойыпты. Сол ғасырдың ортан белінде өмір сүрген қажырлы азаматтың маңдайалдысы-тұғын. Көпті бастап қазақтың мұнай тарихын жасауға қатысты. Жақсы ма, жаман ба, оның батасын ұрпақ береді. Өзінше ойласа, өткен өмірі мәнсіз емес. Отаншыл болды. Соған шүкіршілік етеді.
Дүниедегі қызықтың бүгін бәрі
Саған салқын тартқандай, сен—бір кәрі.
Болсам деген талапты ұмытқан соң,
Құр кеудеге өмірдің несі дәрі?
—деп Абай айтқандай бұның-дағы ендігі ермегі сол баяғы өзі жүріп өткен жолға қайта-қайта қарағыштай беру. Өткен өмір—тарих. Кейде зер салсаң пәлен жыл қозғалмаған тарихқа шаң тұра бастайды екен. Шаң тұра бастағасын оны тани қою да қиындай береді екен. Әйтсе де Сафи үшін мұнай тарихы жадынан өшірілмек емес. Өйткені бар өмірі, талабы, ынта-ықыласы сол мұнайға арналмап па еді.
Иә, құрылуына өзі мұрындық болған «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресі 1958 жылы Қазақ ССР-інің геология және жер қойнауын қорғау министрлігіне қарайтын Батыс Қазақстан геологиялық басқармасының бағынысына көшті. Мейлі ғой, қайда бағынса да осы трест Сафиды белбаласындай ерекше сезімге бөлейді. Сафи бұл кезде Гурьев халық шаруашылығы кеңсесінің төрағасы-тұғын. Бұл оның мұнайдан алыстағаны емес, қайта бұл мұнаймен бірге облыстағы бүкіл өндірісті басқару деген сөз. Әрине, қайда жүрсе де Сафидың бүйрегі мұнайға бұра береді ғой. Гурьев халық шаруашылығы кеңесінде төраға боп отырғанда қайта қолы ұзара түсті. Содан ба екен, Маңғыстау мұнайын ашуға деген үміт те үлкен. Бірақ, мақсатқа жетер жол даңғыл емес қой.
Жетібайдағы №1 ұңғыға бұрғы 1959 жылы қаңтардың 24-інде түсті. Сафи бұл күнді де ұмытпайды. Өйткені, әрбір бұрғы, мейлі ол мұнай берсе де бермесе де, мұнайшы үшін өз перзентіндей.
Ал, ата-ана өз перзентінің туған күнін ұмыта ма? Ата-ана әр баласынан үміт күтетіні сияқты, бірлестік басшысы Сафи да, бұрғыны жүргізіп жатқан трест бастығы Орынбай Бердіғожин де, бас инженер Бақытжан Есенғалиев те, бас геолог Токарев те осы ұңғыға үміттене қарады. Бірақ...
Бұрғы екі мың метрден әріге кеткен. Жер қойнауынан шыққан жыныстарға қарағанда бұрғы жүзі жерасты мұнай теңізіне жақын қалған сияқты. Дәл осы кезде сайманы түспегірдің тұтылып қалғаны. Ескі ауру ғой. Сафи оның қалай тұтылып қалғаны туралы айта алмайды. Айта алмайтыны, қалай тұтылып қалғанын көрген жоқ. Сонау бір жылы Мақатта сайман осылай тұтылып қалғанда торы атпен шауып келіп, бас салып бас-бошқа кірісіп кеткеніндей, осында жүрген мамандар да бас-боштың неше атасын көрсеткен шығар тау. Бірақ, кейде мыңқ етпей қатып қалатын саймандар болады. Ондай кезде тұтылған бұрауды жылы жауып тастағаннан басқа амал жоқ. Осы бұрауды жүргізіп жатқан басшылар Орынбай мен Бақытжанды, тіпті, бригада мастері Жігер Мұқатовты жерден алып, жерге салғаннан іс оңала ма? Олар сайманды қасақана тұтылдырып тастаған жоқ. Қайта олардың күндіз-түні ойлағаны осы бұрғының қамы, осы бұрғының мұнай қабатына аман-есен жетуі ғой. Жоқ, Сафи оларды кінәлай алмайды.
«Егінші жылда арманда, балықшы күнде арманда» демекші, мұнайшы ұңғы сайын арманда болып жүрген кез. Төккен тер, еткен еңбек бұнда да зая кетіп, одан сәл кейін басталған №2 ұңғыға үміт артқан-ды. Сол үміт 1960 жылғы ақпанның соңында жылт ете қалды. Бұл ұңғыны Салық Рысқалиевтің бригадасы қазып жатқан болатын. Бұрғы жүзі 1715 метрге жеткенде әдеттегідей мұнай сіңген жыныс шыға бастапты. Бұрғышылар қолдан қолға өткізіп, әлгі жынысты бір-бір иіскеген. Содан соң «уралап» қоя берген. Ол жынысты Сафи да иіскеп көрді. Иә, мұнайдың иісі. Сол жыныс Мәскеуге де, Ленинградқа да жөнелтілді. Енді олардың да Маңғыстау мұнайын алуға деген күмәні қалмады. Бірақ, №2 ұңғыны одан әрі қазуға болмайтын еді. Өйткені, мұнай шығарып, сынап көруге дәл сол кезде қажетті заттар жоқ болатын. Цемент те, компрессорлық құбыр да жеткізілмеген.
Бәлкім тасымал жұмысының жолға қойылмауына Маңғыстаудағы он жылға жуық нәтижесіз бұрғылаулар да әсер еткен болар. Сол себепті одан әрі қазу тоқтатылып, жер қойнауынан шыққан жынысты зерттеу басталды. Ал, қажет заттар Гурьевтен тасымалданып, тоқтап қалған ұңғыны қайта жүргізіп кеп қалғанда, Сөйтіп бұрғы 2007 метрге жеткенде №1 ұңғы сияқты бұның да сайманы тұтылып қалсын. Бұл 1960 жылдың қазан айы еді. Сайман тұтылып қалса да ұңғыдан су аралас мұнай аға бастады. Бес сағатта бір текше метр сұйықтық шықты. Оның үштен бірі таза мұнай. Маңғыстаудың алғашқы мұнайы. Бірақ, қоп-қою, ұйып қалған қан дерсің. Тіпті, шелекке құйып алсаң дip-дip етіп төгілмейді. Төбежіктен алынған ауыр мұнай сияқты. Бірақ, от тигізсең дереу жана бастайды. Жана бастайтыны түсінікті. Мұнай ғой. Ал, бұл бәтшағар неге қоп-қою? Сүйтсе, оның құрамындағы парафин 22-24 пайыз боп шықты. Демек, бұл жеңіл мұнайдың қатарына жатады. Құрамында күкірті жоқ, тотықпаған. Алайда, отыз градус жылылықтың өзінде қоюлана қалады.
Ал, Құлсары мұнайының қоюлануы минус 47 градус. Ал, енді осыны ғажап демей көріңіз! Маңғыстауға шабуылдың басталғанына тұп-тура тоғыз жыл. Сол тоғыз жыл мызғымай жатып алған Маңғыстау қарғаның саңғырығындай мұнай берді. Демек, қолға «қарға тышты». Енді Маңғыстау мұнайының толассыз аға бастайтын күні де алыс емес. Сонда тоғыз жыл бойы торыққан көңіл бір жадырамақ, тоғыз жыл бойғы төгілген тер мен жұмсалған қаржы өтелмек.
Айтса айтқандай, содан екі-үш ай өтпей-ақ, 1961 жылты қаңтардың бесінде тағы бір жаңалық болды. Жетібайдың шығыс жағында жетпіс шақырым жердегі Өзеннен газ шықты. Ол Ғазиз Әбдіразақовтың бригадасы қазған №18 ұңғы болатын.
Осыдан соң-ақ, бұрғышы-барлаушылар жұмысқа ерекше бір екпін қосты. Сөйтіп, Маңғыстау мұнайы адамға мойын ұсынды. Ол 1961 жылғы шілденің 5-і болатын. Жетібайдағы №6 ұңғыдан сол күні тұңғыш рет Маңғыстау мұнайы атқылады.
Бұл хабар мынау тұрған Гурьевті ғана емес, шығысындағы Алматы мен батысындағы Мәскеуді дүр сілкіндірді.
Сафи жеткенде шапшыған қара май елу үш метрлік мұнарадан асып түсіп, адам шошырлық алапат күшпен күңіреніп жатыр екен. Ұңғының айналасы кілкіген мұнай көлі. Мұндайдың талайын көрген, талай рет мұнай нөсеріне шомылған Сафидың өзі мына құдірет күшті көргенде кәдімгідей сескеніп қалды. Бірақ, ол көпті көрген тәжірибелі мұнайшы емес пе? Тек, бұл ғана емес, осында да мұндай мұнай фонтанын баса алатындар да бар ғой. Күрделі жұмыстар жөніндегі шебер Дүйсен Үсенов фонтанды басуға тәуекел етіп шыққан еріктілерді басқарып, жауып тұрған мұнай жаңбырының астына кірді. Бұлардың бәрі батырлар еді. Бейбіт өмірдің батырлары! Олар—Оңғар Қабжанов, Сайлаубай Ысмағұлов, Қайып Азанбаев, Қантөре Қуанышбеков, Найзабек Толтырбаев, Бідан Қалиев, Бисенғали Бәжіков, Ермұқан Таужанов, Шәкірат Саханов, Жолдас Тоқжанов, Қасықбай Науанов, Хасен Тәжиевтер еді. Бұрау басындағы жалғыз трактордың тракторшысы Николай Рассветов пен осы ұңғыны қазған Николай Петровтың бригадасы да фонтанды басуға қатысты. Бұдан басқа да жүздеген адам фонтанды ауыздықтауға жұмылды.
Мәңгілік қыспақтан шығарға жол тапқан мұнай бұрқағына бұлар үшінші күні сағат түскі он екілерде өліп-талып бұғау салып еді. Содан екі күннен кейін ғана Бакуден апаттық бригада келіп жетті. Олар мұндағы бұрғышылардың фонтанды жоғарғы техникалық деңгейде, дәл бұғаулай алғанына таң қалысты.
«Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресіне сол жылы техникалық сауатты, Москва мұнай институтын бітірген Халел Өзбекқалиев басшы боп келген-тұғын. Халел Өзбекқалиев бұрғышының көмекшілігінен бастап, барлық сатыдан өткен жалындаған жас жігіт болатын. 31 жаста еді. Соған қарамастан білікті, тәжірибелі.
Мұнай фонтанының аса қауіпті екенін, кез-келген сәтте өрт шығып, дүниені шыжғырып ала жөнелуі мүмкін екенін еске ала беріп қайтейік. Ал, осы ой шапшыған мұнай астында жанталасып жұмыс істеп жүргендердің жүйкесін жүндей түтумен болып еді ғой.
Бірақ, солай болса да бұл соншалықты қуаныш, үлкен жеңіс еді. Осы жеңіске жету үшін мұнайшы қауым он жыл тынымсыз әрекет етпеді ме?
Нәтижесіз әрбір жыл үшін жоғарыдан сөз естіп, келер жылға қаржы бөлдіруге көндіру, дәлелдеу оңай ма екен? Ал, ол келесі жылы тағы да солай... Тіпті, ғалымбыз деп жүрген кейбіреулер Маңғыстаудан түңілген жоқ па еді. Анау Чочиа деген ВНИГРИ директорының орынбасары: «Маңғыстауға енді қаржы бөлмеу керек» деп те соқты ғой. Осы сияқты қарсы тұрғандардың сөзін ести беру Сафиға оңай болған жоқ.
Кейбіреу «Маңғыстауды мен аштым» деп кеудесін ұрады екен. Рас, Маңғыстауды ашуға мыңдаған адам қатысты. Мыңдаған адам еңбек етті, тер төкті. Солардың бәрі Маңғыстауды ашушы. Бірақ, соның бәріне жауапты, яғни, соның бәрін ұйымдастырып, талай жыл арман болған жұмыстың тоқтап қалмауына жоғарыны көндіріп отырған кім екенін ұмытпай, еске алып отырған жөн ғой.
Сонымен, Жетібайдағы №6 ұңғыдан шапшыған мұнай ауыздықталып, фонтандық арматура қойылғаннан кейін, мұнайдың тәуліктік мөлшерін анықтауға мүмкіншілік туды. Ұңғы тәулігіне 400 тонна мұнай берді. Ілеспе газдың өзі 100-150 мың текшеметрге жетті. Қысым 150-200 атмосфера болды.
Сонау соғыстың алдында Құлсарыда №61 ұңғыда ашық фонтан болып еді ғой. Ол ұңғының сонда бергені тәулігіне 100-150 тонна. Қысымы жүз атмосфера еді. Салыстыра бер. Бұл енді Маңғыстау мұнайының Сафи ойлағандай шындыққа айналғаны емес пе?
***
Сөйтіп Маңғыстау даласы дүр сілкінді. Жәй бұрғышыдан бастап бүкіл Ембі мұнайын басқарып отырған Сафи Өтебаевқа дейін қуанды. Олардың жүзінде шаттық ойнады.
Маңғыстау былайғы жұртқа әу баста қыбырлаған тірі жан жоқ, қаңырап бос жатқан дала болып көрінетін. Сүйтсе, онысы бекер екен. Қайдан шыққанын қайдам, көкке шапшыған мұнайдың қысылып шыққан ащы дауысы естілісімен сол маңға аттылы-жаяулы адамдар қаптап кетті. Олар фонтан басылғасын да тараған жоқ. Қап-қара боп жарқырап жатқан мұнайды алыстан тамашалап, айнала жағалап жүрді де қойды. Қойын бағып, қойыртпағын ішіп жүрген жерден мұнай шапшып шығады деп ойламаған олар бәріне таңғала қарайды. Ал, неше жыл қу медиенде жүргендей сезінген геологтардың таң қалысы оның арғы жағында. Олар таңғалса, қара жерден қара май шапшығанына емес, «бұл маңда да сонша көп адам тұрады екен-ау» деп таңғалады.
Міне, сөйтіп Маңғыстау мұнайының сыры ашылды. Ол тым тереңде жатыр екен.
Көп ұзамай, 1961 жылдың аяғында, дәлірек айтсақ қазанның 10-ында Өзендегі №1 ұңғыдан 1248-1261 метр тереңдіктен мұнай атқылай бастады. Оның тәуліктік өнімі 80 тоннаға жетті. Бұны әрине Жетібайдағы №6 ұңғының тәуліктік өнімімен салыстыра алмайсың. Дегенмен, бұл да қанағат тұтуға болатын өнім еді.
Осыдан соң-ақ, тұс-тұстан «мұнай фонтан боп атты, мұнай көрінді» деген хабар дүңк-дүңк естіле бастады. №2,13,22 ұңғылардан 202 күшті мұнай атқылады. Енді Жетібай мен Өзенде мұнай атқылап жатқаны жаңалық болудан қалды. Солай болуға тиісті сияқтанды.
Ал, Сафи болса сонау елуінші жылдың басында-ақ солай ойлайтын. Бірақ, бір қателескені, қас қылғандай мұнай жер бетіне оңайлықпен шыға қоймады. Кешеуілдей берді. Ал, ендігі жағдай мүлдем басқаша. Маңғыстауда мұнай да, газ да бары айқын дәлелденді. Енді тек оны игеру керек.
***
Тәңірі мұнай сияқты жерасты байлығын қиын жерге жаратқан ғой. Оны алу, игеру де оңай болмаған. Сондықтан, мұнай шықты екен деп бас салып ана басы мен мына басы мыңдаған шақырым болатын қу медиен далаға құбыр тартып, жол төсей бастамайсың ғой. Әуелі мұнайдың қорын анықтап алу керек. Жоғары жақтың қоятын талабы осы. Ал, Сафи болса Маңғыстау даласының мұнайы шөбере-шөпшегіне дейін жететініне күмән келтірмейді.
Дегенмен, талаптың аты талап, Жетібай мен Өзен алаңдарының мұнай-газ қорын анықтау үшін терең бұрғылауды екі-үш есе арттыруға пәрмен берген болатын. Көп ұзамай-ақ тиісті деректер қолға тиді.
Жетібайда 147 миллион тонна мұнай, 32 миллиард текшеметр газ қоры бар екен. Ал, Өзендегі мұнай қоры одан бірнеше есе артық, 600 миллион тонна мұнай, 6 миллиард текшеметр газ.
Міне, саған Маңғыстау байлығы... Ал, қолмен ұстап, көзбен көріп тұрған байлықты қалай игеруге болады?
...Қарт Сафи иллюминаторға үңіліп қарап еді, будақ-будақ ақша бұлттар тым төменде аунақшып қалып бара жатыр екен. Ұшақ бейнебір бір орнында тұрып қалған сияқты, ал ұшып бара жатқаныңды бұлттарға қарап қана аңғарасың. Осы көрініс қарт Сафиды тағы да Маңғыстау даласына алып келді.
Ал, Алматыны бетке алған әппақ ұшақ жерден қараған адамға қалт-құлт еткен жалғыз нүкте боп көрінеді...
1951 жылдан 1961 жылға дейінгі он жыл уақыттан кейде бір белгі қалмағандай көрініп кететіні бар. Бақандай он жыл. Осы он жылда «өлі қолтықта» жұрт елең етерлік бір өзгеріс болмапты. Мына, тақымындағы ұшақ сияқты бір орында тұрып қалғандай сезілетін. Ал, сол 1961 жылдан кейін ше, әсіресе Бүкілодақтық Халық шаруашылығы Советінің төрағасы Дмитрий Федорович Устиновтың қаулысынан соң Маңғыстауда жылда... жылда емес-ау, ай сайын өзгеріс болып жататын еді ғой. Ал, сол өзгеріс өзінен өзі бола салып па екен?
1963 жылы одақтық мұнай комитетінің төрағасы Н.К. Байбақовқа телефон шалғаны есінде.
Николай Константинович,—деп амандық-саулықтан соң оны өзіне қарата сөйлеп еді.—Тұтастай Маңғыстауды айтпағанда, Жетібай мен Өзендегі мұнай қорының өзі бұл өлкені қорықпай өндіріске айналдыруға болатынын айқындап тұрған жоқ па? Сондықтан мен Қазақ ССР-і, Батыс Қазақстан Халық шаруашылығы Советінің председателі ретінде Бүкілодақтық Халық шаруашылығы Советіне Маңғыстау мұнайын жедел игеру туралы ұсыныс қойғым келеді.
Маңғыстау мұнайын жедел игеру дейсіз бе?
Иә, жедел игеруге...
Сафи Утебаевич, жалпы мұндай ұсынысқа біз қарсы емеспіз. Бірақ, ұсыныспен жіті танысып шығуым керек қой.
Мен де соны айтайын деп отырмын, Николай Константинович. Менің ұсынысым дайын ғой. Соны алып өзіңізге баруым керек боп тұр.
Келіңіз...
Келгенде, осы ұсынысты Дмитрий Федоровичтің алдына бірігіп қойсақ деген ой бар.
Әуелі, ұсынысты көрейін, келіңіз,—деді Байбақов, әңгімені одан әріге созып жатпай.
Содан бұл әдеттегідей Шәрипа жуып, үтіктеп, шатын шабаданға салып қойған бір киер киімін алып Мәскеуге жүріп кетсін. Обалы не керек, Н.К.Байбақов пен оның орынбасары С.А.Оруджев бұның жасап әкелген ұсынысын толық қолдайтынын айтты. Егер шынымен де осы ұсыныстардың тым болмаса біреуі орындалмай қалса, мұнайды игеру ойдағыдай жүзеге аспас еді. Соны білетін олар ұсынысқа көз жүгірткеннен-ақ мәселенің мәнісіне түсіне кетті, сөзге келген жоқ.
Ертеңіне Байбақов екеуі Дмитрий Федорович Устиновтың қабылдауында болды. Басқа уақытта сұсты көрінетін Устинов бұл жолы күлімсірей қарсы алды. Байбақовтың кіммен бірге келетінін біліп отыр ма, сөзін Маңғыстаудың жайын сұраудан бастады. Маңғыстаудың жайы Сафиға белгілі ғой, биыл Өзен кен орнындағы мұнай мен газдың қоры жайлы Мемлекеттік комитетке есеп берген. Сонда айтқаны көкірегінде әлі сайрап тұр. «Өзенде осы уақытқа дейін 25 барлау ұңғысы бұрғыланды. Барлық қазылған жер 36,6 мың метр...»
Мұндай мәліметті журналын ашып қалса, Устиновтың өзі де бірден есіне түсіре қояр еді, бірақ Қазақстаннан келген өкілді сөйлеткісі келді ме, сөзін бөлмей мұқият тыңдады.
Сафи мән-жайды баяндап болған соң мұнай комитетімен бірігіп жасаған ұсыныстарына көшті. Олар мыналар еді:
Бірінші, Шевченко қаласында «Маңғышлақнефть» бірлестігін құру.
Гурьев пен Шевченко қаласының арасы тым қашық. Ал, Жетібай мен Өзен оның да арғы жағында. Жұмыс көбейген сайын Гурьевтен басқару мүмкін болмауға айналды. Ал, Маңғыстау жолсыз, сусыз мидай дала. Осы мидай далада күні ертең үлкен өндіріс жұмыс істейтін болады. Демек, ол өндірісті қоян-қолтық араласып отырып басқару керек.
Екінші, мұнайшы-жұмысшылардың айлық жалақысын көбейту.
Маңғыстауда жұмыс істеу кімге де оңай емес. Сусыз жер. Ел жоқ. Табиғаты қолайсыз аймақ. Сол себепті бұл ауданға жұмысшы келе қоймайды. Ал, «өлі қолтықты» тірілту үшін мыңдаған жұмысшы күші керек.
Үшінші, Мақат-Шевченко теміржол құрылысы аяқталды. Оны одан әрі Жетібай арқылы Өзенге жеткізу жобасын жасап, құрылысын неғұрлым жылдам бастап кету. Бұл толып жатқан жүк тасымалдау мен жол қатынасын былай қойғанда, ең әуелі осы екі алаңның алғашқы өндірістік мұнайын тасымалдау үшін қажет.
Төртінші, Шевченко қаласынан Жетібай арқылы Өзенге жоғары вольтті электр желісін тарту. Ол үшін Шевченкодағы электр станциясының қуатын арттыру. Электр станциясына қосымша 25 мың киловольт қуат беретін двигательдер болу.
Әрине, кәсіпшілікті іске қосудан бастап, басқа да толып жатқан жұмысты атқаруға, қыл аяғы Күн бата сала Кең даланы бүркеп алатын қараңғылықты жарық етуге де электр қуаты қажет.
Бесінші, Өзенде тұрғын үйлер салу.
Күні ертең осында жұмыс істейтін мыңдаған жұмысшыны тұрақтандыру баспана мәселесіне тікелей тәуелді.
Алтыншы, «Шевченко-Жетібай-Өзен» асфальт жолын салу.
Жетінші, мұнай өндіру кәсіпшіліктеріне қажетті түрлі өндіріс базаларын салу.
Сегізінші, мұнай және су құбырларын тарту.
Егер осы ұсыныстар қабыл алынып, қаулыға қол қойылар болса, Маңғыстау даласы ұлы дүбірге толғалы тұр. Отан орасан зор күш, аса көп қаржы қажет. Осы қыруар жұмыс өзімен бірге ауыр машақат әкелетінін де біліп отыр. Көңілінде үміт те күдік те бар. Үміт болатыны мол мұнай көзі ашылды. Оны игеруге Үкімет те мүдделі болып отыр. Ал, егер бұл ұсыныстар өтпейтін болса, орталық бір тамшы да мұнай ала алмайды.
Бүкілодақтық Халық шаруашылығы Кеңесінің төрағасы Сафидың ойын түсінді. Сөйтті де, бұл ұсынған ұсыныстың барлығын қабылдап, қаулы шығарып берді. Бұл 1963 жылғы желтоқсанның 12-сі болатын.
Сафидың сондағы қуанғанын айт!
***
Аспан асты, жер үсті екі аралықта ілінген алып ұшақтың ішінде отырған қарт Сафи содан соңғы оқиғаларды ойға алғаны сол екен,жүзі жадырап сала берді.
Ал, Алматыны бетке алған әппақ ұшақ жерден қараған адамға қалт-құлт еткен жалғыз нүкте боп көрінеді...
Бұған дейінгі дәтке қуат еткені тәуекел ғана еді, енді ежелгі арманға жетудің бар мүмкіндігі қолында тұр.
Сонда Сафи елге жетісімен облыстық партия комитетімен келісе отырып, «Маңғышлақнефть» бірлестігін құруға кірісіп кетіп еді ғой. Оның бастығы етіп тәжірибелі мұнайшы Чеплаков Степан Федоровичті тағайындады. Бірлестіктің штаты белгіленді. Бірлестік ішінен «Өзенмұнайгаз» басқармасы құрылды. Отан Рахмет Өтесінов директор болды.
Рахметті басқармаға директор етіп тағайындағанда Сафи оның білімі мен тәжірибесін бағалаған еді. Ол 1951 жылы Мәскеудің мұнай институтын бітіріп келісімен Мақат, Комсомол, Қошқар кәсіпшіліктерінде цех бастығы, бас инженер, директор боп өндірісте шыңдалды. Одан соң біраз жыл партиялық жұмыста өзін көрсете білді. Аудан басқарды, облыстық комитетте өндіріс жөніндегі бөлімге меңгеруші болды. Сафидың оған бір риза болатыны, Маңғыстау дүбірі естілісімен-ақ аптап соққан далаға тартып кетті. Әкесі Өтесін Жайлыбаев та мұнайшы еді. Ол осы бір кәсіпке сонау Қазан төңкерісінен бұрын-ақ араласқан. Мұнайдың ең ауыр жұмыстарын атқарған адам.
Бірлестікті аяғынан тік тұрғызып жіберу үшін бұдан басқа да ондаған басқармалар мен кеңселер құрылуы керек еді. Соның бірі «Өзен бұрғылау-пайдалану» кеңсесі. Оған директор боп Нәсіпқали Марабаев тағайындалды. Нәсіпқали сонда 27 жаста еді. Жас болса да мұнай өндірісінің қыр-сырын меңгерген, әжептәуір ысылған маман болатын. Мәскеудің мұнай химиясы және газ өнеркәсібі институтын бітіріп келгеніне бес жыл болған. Институттан кейінгі еңбек жолын бұрғышылықтан бастап, кәсіпшіліктің бас инженеріне дейін көтерілген жігіт. Сафиға ұнайтыны, өзі жас болса да өз кәсібін үздік меңгеруімен қатар, істі шебер ұйымдастыра білетіндігі еді.
Сөйтіп, Шевченкода Маңғыстау мұнайын игеру үшін құрылған болашағы зор бірлестік қаз-қаз басып алғашқы жұмысын бастады.
***
Батыс Қазақстан Халық шаруашылығы кеңесінің мәселе етіп қойған ұсынысының бірі Маңғыстауға барған жұмысшылардың айлық жалақысын өсіру туралы еді ғой. Бүкілодақтық Халық шаруашылығы Кеңесінің төрағасы Дмитрий Устинов бұл ұсынысты жауапсыз қалдырған жоқ, қолдап қаулыға енгізді. Бұдан былай жұмысшының негізгі жалақысына 70%-дық үстеме қосылатын болды.
Бұл «Өлі қолтыққа» жан бітіру үшін жұмысшы жинау әрекеті болатын. Маң даладан мұнайдың табылуы оның бір кезеңі де, оны игеру ең жауапты екінші кезеңі. Егер елсіз, сусыз жерге жүмысшы жинай алмасаң, неше жылғы бейнеттің зая болғаны. Мұнайды игеру үшін екі күш керек. Бірі—білім күші, екіншісі—білек күші. Осы екі күш қосылса, игерілмейтін мұнай жоқ. Ал, осы екі күшті әлгіндей көтеріңкі жалақымен жинамасаң, «жапалақ ұшпас жапан түзге» жұмысшыны құрғақ насихатпен апара алмайсың.
Сафиды күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырған тағы бір нәрсе бар. Ол—білім күшінің тапшылығы. Иә, білек күшін жоғары жалақы беріп, қайдан да болса табасың-ау. Ал, тапшы боп тұрған техникалық сауатты маманды қайдан аласың? Осы ой оны «Қазақстаннефть» бірлестігіне бастық боп келген 1951 жылы-ақ мазалай бастаған-тұғын. Сол себепті бірлестік атынан мұнайшы мамандығына оқытатын жоғары оқу орындарының ректорларына хат жазып, қазақстандық талапкерлерді байқаудан тыс қабылдауға өтініш жасаған болатын. Ондай оқу орындары негізінен Ресейде, Татарстанда, Башқұртстанда, Әзірбайжанда ғана бар. Сафи өтініш хатын бірлестік атынан жіберуін жіберіп қойғанымен, ректорлардың бұл мәселені өздігінен шеше қоюына күмәнмен қарады. Сол себепті осы мазмұнда хатты КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Алексей Косыгинге жолдауға тура келді. Обалы не керек, бұл ұсыныс та жерде қалған жоқ. Жылына жүз баланы байқаудан тыс оқуға қабылдау туралы қаулы қабылдады. Бұл деген енді бес жылдан соң Маңғыстау мұнайын игеруге жыл сайын сауатты жүз инженер келеді де тұрады деген сөз. Білім байлығы дегеніміз міне осы! Бұл байлық мұнай байлығынан да қымбат. Ойпырмай, бүгін ойлап қараса, бұл жер астындағы байлықты іздеп қана қоймапты, жұдырықтай жұмыр бастың ішінде жасырынып жатқан білім бұлағына да жол аша біліпті ғой. Өйткені, Одақтық Министрлер кеңесі шығарған қаулы содан жиырма жыл бойы күшін жойған жоқ.
Міне, ерте бастан ойланған әрекет «Маңғыстаумұнай» бірлестігін құру кезінде жеміс бере бастады. Әлгі қаулы бойынша оқуға байқаудан тыс қабылданған балалар содан бес жылдан кейін институтты бітіріп, елге топ-тобымен келіп жатқан еді. Көкіректерін арман кернеген сол жастардың дені аты жер жарып тұрған Маңғыстауға бет алды. Жан-жақтан құйылып, Маңғыстауға жиылып жатқан мыңдаған жұмысшыны басқарып, өндірісті тоқтаусыз жүргізіп тұру үшін мықты басшылық керек екені онсыз да түсінікті ғой. Сафи бірлестік құру барысында, міне, осы жағына аса мән берді. Өзі толық білмейтін адамға жауапты жұмыстың тізгінін ұстатып жіберген жоқ.
Бірде... осы бірлестік жасақталып жатқан кез еді ғой, облыстық партия комитеті бір адамды бірлестіктің кадр бөліміне басшы болуға ұсыныпты. Ол адам осыған дейін бір ауданда партия қызметкері екен. Анкетасында солай жазылған. Аты-жөнін бұрын естімеген. Танымайды. Танымаған адам туралы не деуге болады? Оның үстіне ол жергілікті адам емес. Ал, бұл болса кадр бөлімінің басшысы етіп осы жерде туып-өскен адамды қойғысы келеді. Оның мынандай себебі бар. Осы қызметке жергілікті адамды алса, ол адам жұмысқа өзі білетін жергілікті адамды көбірек тартады. Ал, жергілікті адам бұл арадан өлсе кетпейді. Әрі Маңғыстаудың табиғат жағдайы мен жер жағдайының қиыншылығына кәтепті қара нардай төтеп береді.
Егер қолайлы маманды өзі таппаса, онда обкомның ұсынысын қабылдауға тура келеді. Сафи осыны ойлап кабинетінде жалғыз отыр еді, жақында ғана өз қолымен «Өзенмұнай» басқармасына бастық етіп қойған Рахмет Өтесінов келе қалды. Рахмет бұл кезде өндірісте де, партия жұмысында да тәжірибе жинақтап, оңы мен солын танып қалған азамат. Өзі сол жылы 37 деген мүшел жасқа толған шағы. Ендеше, неге ақылдасып көрмеске?! Ақыл жастан деген ғой.
Мына кісіні танисың ба?—деді алдында жатқан анкетаны Рахметке қарай ысырып. Рахмет анкетаны көз жүгіртіп оқып шықты да:
Танимын, аудандық партия комитетінің қызметкері ғой.
Танысаң, осы адамды обком бізге кадр бөліміне ұсынып отыр. Ал, мен жергілікті жігіттердің бірін қойғым келіп еді. Сен бір іскер жігіт таба аласың ба? Бірақ, өзі де, анкетасы да мынадан мықты болуы керек,—деп алдында жатқан анкетаны нұсқап қойды.
Рахметтің кімнің кім екенін танып қалған кезі ғой, Сафидың сұрағына көп ойланып жатқан жоқ.
Егер маған салсаңыз, Алым Жаңбыршинді ұсынар едім. Ол өзі осы Маңғыстаудың тумасы.
Сен маған оның артықшылығын айт?
Артықшылығын айтсам, мынау партия мектебін сырттан бітіріпті. Ал, Алым КазГУ бітірген. Соғыс көрген. Мына кісі аупарткомның бөлім меңгерушісі болған екен. Ал, Алым Жаңбыршин болса, қазір қалалық партия комитетінің II хатшысы. Ал, оның алдында Маңғыстау ауданында партия-кеңес жұмысын атқарған.
Тұра тұр, Алым дегенің анау күйші жігіт пе?
Иә, соның дәл өзі.
Ол Алым, «Маңғышлақмұнайгазбарлау» тресінде, тереңнен бұрғылау бөлімінің бастығы боп жүр еді ғой.
Міне, өзіңіз де біліп жүр екенсіз, ол өндірісте де тәжірибесі бар. Ал, обком ұсынған мына кісі өндіріс бетін көрмепті.
Дұрыс, мынауың жөн екен,—деді Сафи риза боп,—осы жігітті шақырайық. Бірақ, хатшылығын тастап, бірлестікке келер ме екен?
Неге келмесін, біле білген адамға Маңғыстауды игеруге қатысу бақыт емес пе?
Ерте ме, кеш пе, өндірістен біз де кетеміз. Биыл елу бес жасқа толады екенмін. Енді пенсияға шығуға да көп уақыт қалған жоқ. Менің алаңдайтыным—жергілікті жастардан тұрақты кадр дайындап кету ғой. Түсініп отырсың ба? Сырттан келгендер түбі кетіп қалады ғой. Сонда еліміздің мұнай өндірісін ақсатпай ұстап қалатын өз балаларымыз болуы керек,—деді Сафи тереңнен толғап.
Иә, Сафи кадр бөліміне осындай стратегиялық ойды іске асыра алатын адам іздеп еді ғой. Десе дегендей, обком мен қалкомның келісімімен бірлестіктің кадр бөліміне қызметке келген Алым Жаңбыршин Сафидың осы ойын жүзеге асыра білді. Сол жылдары мұнай мамандарын көбейту мақсатында Сафи ҚазССР Министрлер кеңесіне хат жазып, өз елімізде де мұнай факультетін ашу туралы ұсыныс түсірген болатын. Осыдан соң Алматыдағы политехникалық институтта мұнай факультеті ашылды.
Ал, Алым Жаңбыршин Сафи Өтебаевтың бұйрығымен институттағы қабылдау комиссиясының тұрақты өкілі болатын. Осы факультетке Маңғыстау балалары да жіберіліп жатты. Олардың алаңдамай білім алуы үшін Сафи институтқа алпыс адамға арналған жиналмалы ағаш жатақхананың екеуін жіберді. Оны сол кезде оқыған студенттер ұмыта қоймаған шығар.
Міне, қазақтың мұнайын игеруге қазақ балалары осылай тартылды. Бірақ бұл да аздық етті. Сондықтан Әзірбайжаннан, Татарстаннан, Башқұртстаннан, Краснодардан, Ставропольдан мыңдаған білікті мамандар мен тәжірибелі инженерлер шақырылды. Ал, осы мамандар Маңғыстауға берерін беріп, аларын алып болған соң елдеріне қайтқанда инженерлік жоғары білім алып үлгерген қазақ балалары өндірісті әрі қарай алып кетті ғой.
Осыған қатысты бір жайды ойласа, қарт Сафи бүгінге дейін толқып, өзінің дұрыс істеген сол ісіне дән риза болып қалады. 1971 жылы Кеңес дәуірінің қызығын да, қиындығын да қатар тартып келіп, зейнет демалысына шыққанда сол балалар бұның орнын басты ғой. Бұл зейнет демалысына кеткенде білікті мамандарға деген тапшылық күн тәртібінен түсіп қалып еді-ау...
Аспан төсінде еркін көсілген әппақ әуе лайнерінің ішінде отырған қарт Сафи, міне, осыны ойлап аса бір рахаттанған, өз ісіне аса бір қанағаттанған сезімге бөленді.
Ал, Алматыны бетке алған әппақ ұшақ жерден қараған адамға қалт-құлт еткен жалғыз нүкте боп көрінеді...
Кезінде өзі жіберген жиналмалы жатақханада жатып оқыған балалар бүгінде қазақ мұнайын басқарып жүр. Оған мысал ретінде Нұрлан Балғымбаевты айтсақ та жетіп жатыр.
***
Көзің жетіп тұрған нәрсені біреудің мойындамай қойғанынан өткен азап бар ма? Ал, көзің жеткен нәрсеге сенбей қойғандар, күндердің күнінде өзінің жеңілгенін мойындап жатса одан өткен жеңіс жоқ қой.
Сафи сондай қуанышты күй кешіп жүр. Маңғыстауда ойлаған адамның басы айналатын өте көп мөлшерде мұнай табылғанын Одақ көлемі тегіс мойындап болды. Алтын басты, күміс қолды мамандардың жан-жақтан құйылып келіп жатқаны соның бір ғана дәлелі. Мойындамаса келе ме?
Өзен кенішінен жиырма шақырым жерде Қарамандыбас алаңы Өзеннен кейінірек ашылды. Бірақ, сол кездің өзінде Өзен мен Қарамандыбас—екі алаңның бір ғана мұнай теңізінің үстінде тұрғаны анықталмап па еді?! Ал, сол екі алаң сыйып кеткен жерасты мұнай теңізінің көлемі қандай еді?
Оны естігендер еріксіз таңдай қағысып, бас шайқасады. Оның көлемін айтпас бұрын атақты Доссорды еске түсірейік. Оның астында жатқан мұнай көлінің көлемі бар болғаны бір-ақ шақырым. Ал, Өзен мен Қарамандыбастың астындағы мұнай теңізі қырық шақырымға созылып жатыр.
Өзен мен Жетібайдағы мұнайдың есептелген қоры Баку мұнай қорынан әлдеқайда асып түседі. Ал, Татарстан мен Башқұртстаннан бірнеше есеге көп.
Міне, осындай байлығы бар жерді Құдай қазақтың ақ ниеті үшін берген. Бергенде де қазақ байғұс әбден есін жиған соң өзі игеріп алсын, оған дейін бұл түбекке ешкім қызықпасын деп күннің райын қолайсыз қып тастаған. Сол жалғыз Тәңірінің әмірімен халық ол жерге «Өлі қолтық» деген ат берген. Ол атау жанындағы жеті жұртқа жетіп жатқан. Көп адам осы атаудың өзінен қорқып, бұл маңға аттап аяқ баспаған.
Бұл қиял емес, қиялға бергісіз шындық. Тәңірдің тілеуі бойынша Маңғыстаудың мұнайын қазақтың баласы ашуы керек-тұғын. Бірақ, 1951 жылға дейін Федоров деген біреу алғашқы ашу құрметіне ие болып кетуі мүмкін еді. Бірақ, көк Тәңірі Федоровтың жүрегіне қорқыныш енгізіп, Маңғыстауға деген кежегесін кейін тартқызып қойды. Мәскеуде отырғандардың санасына «Маңғыстауды ашуды жергілікті адамға жүктеу керек» деген ой салды. Ал, көк Тәңірі бұны 1909 жылы жарық дүниеге келтіріп, атын Сафиолла деп Адам Атаның есімін қойғызып, осы ұлы іске дайындап, дамылсыз шыңдап жатты. Құданың құдіреті деген міне, осы!
***
1963 жылы желтоқсанның 12-сінде Бүкілодақтық Халық шаруашылығы Кеңесі Маңғыстауға қатысты Сафи ұсынған жеті мәселе бойынша арнайы қаулы қабылдады дедік қой.
Сол жеті ұсыныстың дәл осы кезде біреуі ғана іске асып еді. Яғни, «Маңғыстаумұнай» бірлестігі жасақталды. Енді бұлар сол 214 қаулының қалған бөліктерін жаппай іске асырудың алдында тұрған. Бірақ, қалай іске асырады? Ол үшін одақтық басшыларды осында—Маңғыстауға шақыру керек деп шешті. Келсін. Көрсін. Сосын шешім шығарсын. Ал, Мәскеуден шыққан бұйрық алыстағы Маңғыстауға әлсіреп жететіні әлімсақтан белгілі.
Сафи сонан соң одақтық министрлерге Батыс Қазақстан Халық шаруашылығы Кеңесі мен Батыс Қазақстан Өлкелік партия комитетінің атынан шақырту хат жазды. Осы хатты қабыл алып, одақтық министрлер 1964 жылғы мамыр айының ортасында Маңғыстауға сау ете қалсын. Олардың келетінін алдын-ала естіген Сафи Батыс Қазақстан Өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы Мұхамбет Исеновпен бірге Ақтөбеден Шевченкоға ұшып келді. Сафидың ойынша, қыруар мәселе осы жерде шешілуі керек.
Келісілген күні Шевченко қаласындағы арнайы дайындалған тақыр алаңға қонақтар мінген ұшақ келіп қонды. Жалпы қарасы елу шақты адамды одақтық мұнай комитетінің төрағасы Николай Константинович Байбақов пен мұнай-газ өнеркәсібі құрылыс министрі Алексей Кирилович Кортунов бастап келіпті.
Міне, енді олар бірнеше жеңіл машинаға бөлініп мініп Жетібай, Өзен бағытымен жолға шықты. Сафи жолдың нашар екенін, сол үшін басшылардан сөз еститінін біліп келеді. Бірақ, Сафи Маңғыстаудың қиын жағдайына қонақтардың көзін жеткізу үшін жолға машинамен шыққан жөн деп тапты. Ал, өзіне келетін сөз.... Жә, мәселе оңынан шешіліп жатса, сөз деген немене?! Николай Константинович одақтық мұнай комитетінің төрағасы болғанымен, өзіне баяғы бірге оқыған Колясы емес пе? Сафиға ол әлі күнге солай көрінеді. Ал, Николай бұған қалай қарайды? Ол жағын ойламапты.
Бұл кезде бұлар мінген машиналар Қарақия ойпатына түсіп келе жатыр еді. Қарақия—дүниежүзіндегі ең терең ойпат. Теңіз деңгейінен 132 метр төмен жатыр. Ұзындығы—35 шақырым. Өзенге қарай өтер тұсының ені шамамен 25 шақырым.
Қонақтар тым-тырыс. Қайда қарасаң да көз жеткісіз жазық дала. Дала төсіне мың тарау боп түскен жолдың қайда апаратынын біліп болмайсың. Тіпті, бұл жерде жол дейтін жол да жоқ. Мәшине ізі кең даланы өрмекшінің торындай торлап тастаған. Борпылдақ топырақтан ұшқан шаң кеңсірікті ашытып барады. Күн болса ыстық. Жаз сияқты. Машина әйнегін бұлар жолға шығысымен-ақ қымтап жауып алды ғой. Бірақ, қайдан тесік тапқанын қайдам, бұлар бәрібір мәшине ішінде де көкала шаңға көміліп отыр. Осы кезде қонақтардың жүзіндегі ренішті тез-ақ байқауға болар еді. Осылай Қарақия қырқасына көтерілгенше ешкім ләм-мим тіл қатқан жоқ. Көкала шаңның ішінде тіл қату мүмкін де емес. Оның үстіне қонақтар быршып терлеп, қозғала алмай отыр. Қырқаға көтерілген соң да біршама уақыт мәшине есігін ашу мүмкін болмай қалды. Қаладан шығысымен бұларды өкшелеп қалмай қойған бұрқылдақ шаң қырқаға көтеріліп тоқтай қалған мәшинелерді айналсоқтап, біразға дейін сейілмей қойды. Ал, ойпат жақта қатарласа қозғалған машиналар көтеріп кеткен шаң сол күйінде тұтасып тұрып қалыпты. Бұл кейбір мәскеуліктер үшін әрі қорқынышты, әрі қызық көрініс еді.
— Біз сенің бүйтіп қинайтыныңды білмеппіз,—деді Николай Константинович ренжи сөйлеп.—Немене, самолет дайындап қоюға болмайтын ба еді?
— Үйтуге де болатын еді, бірақ...—деп мүдірді Сафи,—мұнайдың қандай жерде шығып жатқанын өз көздеріңізбен көріп кеткендеріңіз жөн ғой.
— Иә, көріп тұрмыз,—деді Николай Константинович. Даусында зіл бар. Оның зіл сала сөйлеген осы сөзін елемегендей Сафи өздері келген жақтан бастап қолымен ауаны бір сызып өтті де:
— Міне, дәл осы жерден теміржол мен асфальт жол өтуі керек. Сонымен қатар, электр, байланыс желілері, мұнай, су құбырлары салынуы тиіс. Олар салынған соң сіздер шаңнан басқа ештеңесі жоқ кең даланы көре алмайсыздар. Ол кезде, сіздер кешіріңіздер, маған сондай даланы көрсет деп жалынсаңыздар да, бұйырсаңыздар да мен көрсете алмаймын. Өйткені мына дала енді бес жылдан соң мүлде басқа кейіпке енеді,—деп шабыттана сөйлеп кетті.
Осыдан соң тана қонақтардың жүздері жылып, үсті-бастарын қата бастады.
Қалай болғанда да Сафидың есебі түгел еді. Мәскеуліктер Маңғыстау мұнайшыларының қандай жағдайда жұмыс істейтінін, мұнайды өндіріп, оны тасымалдаудың оңай емесін өз көздерімен көрді. Олар енді осы көргендерін өмір бақи ұмыта алмайды. Тіпті, жүрген жерлерінде айта жүретін болады. Николай Константиновичтің де ойы осы екен, ол Сафиға қарап былай деді:
— Сафи Утебаевич, сіз енді бұл жерге не істеу керегін айтпасаңыз да болады. Біз түсіндік. Көп ұзамай керек заттарды ала бастайсыздар. Ал, енді осы жерден кейін қайта берсек те болатын шығар.
— Жо-жоқ, Николай Константинович, сіздер әлі түкті де көрген жоқсыздар. Егер осы жерден кері қайтып кетсеңіздер, кейін өкінесіздер. Оның үстіне жарты жолдан кері қайту—біздің халқымызда жаман ырым. Қарақияның қағарына ұшыраймыз,—деп Николай Константиновичке құрмет көрсетіп, машина есігін ашты.
Ал, Алексей Кирилович Кортунов жол бойы жан-жағына таңдана қарап, басын шайқаумен болды.
***
Дәл осы кезде Өзен алаңында жалғыз тапал барақтан басқа ештеңе жоқ болатын. Маңғыстаудың бар шаңын көтеріп жеткен қонақтарды елсіз далада құлазыған жалғыз барақ қасында «Өзен-мұнай» басқармасының бастығы Рахмет Өтесінов қарсы алды. Мұнайдың не екенін, оның қалай игерілетінін білетін маман үшін осы көріністің өзі көп жайттан хабар беріп тұр еді.
— Өзен кеніші қазірдің өзінде жылына он миллион тонна мұнай беруге дайын,—деді Рахмет қонақтарға кәсіпшіліктің жай-күйін баяндап тұрып.—Естеріңізде болса, қазір Румыния 15 миллион беріп тұр. Бакудың беріп тұрғаны 20 миллион. Өзен кеніші одан көп бермесе, кем бермейді. Тек кәсіпшілікті тезірек іске қосу керек.
Рахмет бұдан соң ауызсу мәселесінің қинап тұрғанын, бірақ қаржы бөлінсе Сауысқан құмынан табылған тұщы суға құбыр тартуға болатынын баян етті. Кездесу барысында жұмысшылар да мәскеулік басшыларға ауызсу тапшылығын айтып, соны тезірек шешіп беруді өтінді. А.К. Кортунов өзіне қатысты мәселе айтылған соң орнынан тұрып, жаңа ғана Рахмет айтып өткен Өзеннен 50- 60 шақырым жердегі Сауысқан тұщы суын төрт-бес айда жеткізіп беруге уәде берді. Техникалық су алу мақсатында (ұңғыдағы мұнай қысымын бірқалыпты ұстап тұру үшін жер астына айдауға) 150 шақырым қашық жатқан теңізге дейін құбыр тарту да осы кездесу барысында шешімін тапты.
Қонақты құт көрген қазақ емеспіз бе, осы жолы Жаңаөзен қаласының қазығы қағылды. Осы рәсімге қонақтардан Н.К.Байбақов пен А. К. Кортунов жергілікті мамандардан Сафи Өтебаев, Рахмет Өтесінов, Мұхамбет Исеновтер қатысты.
Сафидың ойынша кезек күттірмес мәселе—жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту. Қалғандарының бәрі—екінші кезекте. Мейлі, ол мұнай болса да. «Құдай теңгермегенді мұнай теңгереді» десе де, мұнай деген байлық адамнан қымбат емес қой. Мұнай адам баласы үшін өндіріліп жатқан жоқ па? Адам аман болсын деп ойлайды Сафи. Қазір өлген-тірілгеніңді білмейтін соғыс кезі емес. Бүгінгі жұмысшыға жоғары жалақы, демалуға жайлы орын керек.
Қонақтармен бірге әлеуметтік мәселелерді талқылап болған соң, Сафи кім үшін де елең етерлік өте күрделі мәселенің шетін шығарды. Ол өндірілген мұнайды тасымалдау мәселесі болатын. «Маңғыстау мұнайының құрамында парафин мол болуы себепті (24%) оны тасымалдаудың өзіндік ерекшеліктері бар. Мұнай құрамында 24% парафин бар дегеннен-ақ мұнайшылар бұл шындықты дереу түсіне қояды. Үйткені олар 24% парафині бар мұнайдың 30 градус жылылықтың өзінде тоңазып, қоюлана бастайтынын жақсы біледі. Міне, осындай мұнайды тиісті жерге диаметрі 500мм құбырмен жеткізу үшін әрбір жиырма екі шақырым сайын мұнайды арнайы пешпен қыздырып отыру керек. Әйтпесе диаметрі жарты метрлік құбырға мұнай қатып қалуы әп-сәтте.
Осылай сатылап қыздыра отырып, Өзен мұнайын Шевченкоға жеткізу үшін екі араға он екі пеш салынуы тиіс екен. Міне, осы бір қызық технологияны біздің жобалаушылар жасап отыр. Бұл одақ бойынша осы Маңғыстауда іске аспақ».
Мұнай мамандары Сафидың бұл баяндамасын әсерлі әңгіме сияқты беріле тыңдады. «Бұл технология аса қымбатқа түспей ме?» деп ешкім де сұрақ қойған жоқ. Үйткені парафин дегеніміз химия өнеркәсібі үшін бағалы шикізат екенін олар жақсы түсінеді. Оның үстіне қыздыруға босқа жанып жатқан газ пайдаланылады.
— Маңғыстау деген тозақ емес, тұнып тұрған байлық екен ғой,—деп Байбақов жиналыстан жадырап күліп шықты.
Сафидың ойға алғаны орындалып, қонақтарды құрметтеп шығарып салды. Олар Мәскеуге емес, екі-үш күн аралаған Маңғыстауда жүзеге асуға тиісті жұмыстарды жан-жақты талқылап, нақты шара белгілеу үшін Алматыға жол тартты.
***
Н. К. Байбақов пен А. К. Кортунов қасына елу шақты мамандарын ертіп Маңғыстауға келіп кеткелі де бір жылдан асып кетті. Осы екі ортада Бүкілодақтық Халық шаруашылығы кеңесінің төрағасы Дмитрий Устиновтың қаулысымен салынып жатқан Шевченко-Өзен теміржолының құрылысы 1965 жылы шілденің бірінде соңғы шегесін қақты. Ал, 1964 жылғы қазанның бірінде Сауысқан құмының тұщы суына кенелген Өзен кәсіпшілігінің жұмысшылары бұл күнде қызу жұмыс үстінде. Теміржолдың біту қарсаңына бір эшелон мұнай дайындалуы тиіс. Тәйірі, бір эшелон мұнай деген немене, ол Өзен сияқты кәсіпшілікке сөз бе? Бірақ, қолды байлаған ол емес, мұнай алуға дейінгі дайындық жұмыстары ғой.
Міне, енді Сафи көптен күткен күн де келді. Көптен дейді-ау... көптен болғанда осы күнді тура 14 жыл күтіпті ғой. «Биссимилла» деп Маңғыстау даласына аяқ басқанда қылшылдаған қырық екі жаста екен. Енді ел ағасы болар жасты еңсеріп, елу алтыға келіпті. Рас, осы 14 жылда бұлар тек Маңғыстаумен ғана айналысқан жоқ қой. Ескі Ембі кәсіпшіліктерін былай қойғанда, Боранкөлді, Прорваны, Кеңқияқты ашты. Оларды өндірістік жүйеге түсіріп, тоқтаусыз мұнай беретін жағдайға жеткізді. Бірақ, 1965 жылғы 10-ыншы шілденің орны бөлек. Өйткені Маңғыстаудың алғашқы мұнай эшалоны Гурьев мұнай айыру зауытына осы күні жөнелтілген еді.
Сафи бұл күнді Маңғыстау мұнайының туған күні деп атады.
Жұрт алыс сапарға қимасын аттандырып жатқандай, көз алдынан өтіп жатқан мұнай құйған цистерналарға қол бұлғап ұзақ тұрды.
***
Сафи Өтебаевтың көңілін аулағың келсе, өзі туралы ештеңе айтпай-ақ қой. Сұрама да. Оның көңілін аулағың келсе, елуінші жылдан жетпісінші жылға дейін Маңғыстауда не істелгенін айт. Сол туралы сұра. Сонда оның көңілі жадырап сала береді. Өйткені, сол жылдары жасалған жұмыстың қайсысын алсаң да, соған Сафи Өтебаевтың қатысы бар. Қатысы болғанда жәй ғана көптің бірі емес, сол іске себепші болған, ықпал еткен. Ондай жұмыс Маңғыстауда толып жатыр ғой, қайсыбірін айтарсың. Басқаны былай қойып, БХШК-нің төрағасы Дмитрий Устинов қол қойған 1963 жылғы желтоқсанның 12-сіндегі қаулыны алайықшы. Егер құлаққа ұрған танадай тыныштық құшағында жатқан даланы дүрсілдетіп, Шевченкоға қарай пойыз өтсе, ол пойыз одан әрі Жетібай арқылы Өзенге бағыт алса, ол - осы қаулының күші. Егер Маңғыстаудың кеш батса тас қараңғы түнекке айналып жататын даласы электр нұрына бөленіп, мұнда да ел бар екенін білдіріп тұрса, ол да сол қаулының ықпалы. Егер әлгі теміржолды бойлап асфальт жол салынса, сол жолмен ерсілі-қарсылы көлік жүріп тұрса, ол да сол қаулының әсері. Құдай-ау, оның бәрін санап тауысу мүмкін бе? Бәрін айт та бірін айт, осының бәрін мәселе етіп көтеріп, оны Байбақов пен Оруджев екеуіне қолдаттырып Д.Устинов қаулыға қол қойғанша жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген басқа емес, осы Сафи Өтебаев емес пе? Рас, бұл істерге мыңдаған адамның қолы тиді. Еңбегі сіңді. Жалғыз мен істеп едім деуден немесе мен болмасам бұлай болмас еді деуден аулақ. Олай деуге ар-ожданы жібермейді. Тек, осы ұлы істерге себепші болғанын ойлағанда бір серпіліп, бір жасап қалады. Өмірді босқа сүрмегеніне көзі жете түседі. Мына жұрт қазір біле ме, білмей ме... Мұнайдың қат-қабат шаруасын шеше жүріп, сонау Железноводскіден жазда мұнайшылардың балалары демалу үшін, қыста мұнайшылардың өздері емделу үшін санаторий салдырып еді ғой...
Әппақ бұлттардан да биікте ілініп тұрғандай болып сезілетін жайлы ұшақ ішінде отырған қарт Сафи кенет өзінен-өзі мырс етіп күліп жіберді. «Апырау, Железноводскідегі сол санаторий есіне қайдан түсіп отыр? Әлдеқашан ұмытылып қалған нәрсе. Мұнайдың бұдан да басқа қыруар жұмыстарының арасында, бәтір-ау, бір санаторий деген немене?»
Қарт Сафи солай ойлағанымен күндіз-түні бұрау басынан шықпайтын мұнайшылар үшін бұл зор демеу болатын.
Онсыз да күндіз-түні ойлайтыны мұнай болған Сафи 1965 жылы тағы да өндірістің ішіне сүңгіп кетті.
Ал, Алматыны бетке алған әппақ ұшақ жерден қараған адамға қалт-құлт еткен жалғыз нүкте боп көрінеді...
***
Кеңес Одағы Компартиясы Орталық комитетінің 1965 жылғы пленумы өндірісті басқару мәселесін талқылап, Халық шаруашылығы кеңестерін тарату жөнінде қаулы қабылдады. Одақтық министрліктер қайта құрылып, өндіріс тікелей Мәскеуге қарайтын болды. Қазақстанда да мұнай министрлігін ұйымдастыру қажеттігі туды. Сонымен қатар, «Қазақстан мұнайын басқаратын бірлестік қай жерде құрылғаны дұрыс?» деген сұрақ тұрды. Осыған байланысты Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаев Алматыда мәжіліс өткізді. Оған Сафи да шақырылған болатын. Мәжілісте осы мәселе көтерілгенде Қазақстан мұнайының жағдайын бес саусақтай білетін Сафи пікір білдірмей тұра алмады.
Д.А.Қонаевтың не ойлағаны барын қайдам, осы мәселе туралы Сафидың пікірін тыңдауға айрықша құлықты екенін танытты.
— Қазақстан мұнайының дені—Маңғыстауда. Сондықтан болашағы мол кен орындарын игеруді тездету үшін мұнайды мұнай шығып жатқан жерден басқарған дұрыс. Ол үшін Батыс Қазақстанда жұмыс істеп жатқан мұнайға қатысты құрылымдардың басын біріктіріп, Маңғыстаудан бірлестік ашуымыз керек.
Мәжіліске қатысып отырғандардың бұл туралы қандай пікір айтқаны есінде жоқ. Бірақ, ешкім қарсы болмады.
Сөйтіп, Маңғыстауда жаңадан «Қазақстанмұнай» бірлестігі құрылатын болды. Жаңа бірлестікке басшылық жасауды Д.А.Қонаев бұған сеніп тапсырды.
«Маңғыстаумұнайгаз» бірлестігі осы «Қазақстанмұнай» бірлестігіне қосылды. Ал, Гурьевтегі бұрыннан бар «Қазақстанмұнай» бірлестігі енді «Ембімұнай» комбинаты болып атын өзгертіп, жаңадан жасақталған «Қазақстанмұнай» бірлестігіне бағынатын болды. Қазір кейбіреулер Сафи Өтебаевты «Маңғыстаумұнайгаз» бірлестігін басқарып еді деп тарихты бұрмалап, жұртты шатастырып жүр. Ол дұрыс емес. «Маңғыстаумұнайгаз» бірлестігінің құрылуына ықпал еткен өзі екені рас, отан бірінші директор етіп Чеплаковты тағайындауға өзі ықпал етіп еді ғой. Бұл жұрт сөйлей береді екен-ау.
Сонымен, 1965-70-жылдары Сафи басқарған «Қазақстанмұнай» бірлестігі Маңғыстауда үлкен құрылыстар салды. Бұйығы Маңғыстау төсі дүбірлі еңбекке толды. Жаңадан елді мекендер ашылды. Жапан далаға жан бітті. Мыңдаған ұңғы қазылды. Ондаған өндіріс бой көтерді. Онда 18 300 жұмысшы жұмыс істеді. Маңғыстау сол жылдары ешкімді жатырқаған жоқ. Кез-келген адамға жұмыс табылатын. Соның бәрі «Қазақстанмұнай» бірлестігіне қарасты болды. Сол жылдары 150 шақырымдық жоғары вольтты Шевченко-Өзен электр және байланыс желілері, су құбыры тартылды. Қаптаған өндірістік нысандар бірінен соң бірі бой көтеріп жатты. Резервуар парктері, насос станциялары, т. б.
Осы жұмыстарға әлгінде айтқан он сегіз мыңнан астам жұмысшы араласты. Бірақ, олардың көбі бүгінде бұл өмірде жоқ. Олар Маңғыстаудағы сол ұлы құрылыстың кірпішін қаласқанбыз деген тоқ көңілмен кетті бұл дүниеден. Ана дүниеде де иманы шалқысын марқұмдар, олардың қорықпай Маңғыстауға келгенінің өзі бір ерлік еді ғой. Олардың балалары да, немерелері де, тіпті үрім-бұтағы Маңғыстауды біздің мұнайшы әкеміз, атамыз, бабамыз гүлдендіруге үлес қосқан десе артық болмайды. Иә, Маңғыстауға жан бітіріп, ел жинаған мұнайшылардың ерен еңбегі. «Оның басында кім тұрса да, атасына рахмет» дейді бүгінгі ұрпақ.
Ал, енді ойдан ой шығады, осы Маңғыстаудың кіндік әкесі КСРО-дің орта машина жасау министрі Ефим Павлович Славский деп бөліп айтатындар бар екен. Осы пікірді айтуға жұрт неге құмар екенін Сафи түсіне алмайды. Рас, атом өндірісі мамандары Маңғыстау жеріне 1958 жылы мұнай барлаушыларынан жеті жыл кейін келді. Одақтық мәні бар уран шикізатын іздеді. Оны тапты да. Табылған шикізатты іске асырды. Теңіз суын тұщытатын қондырғы—АЭС салды. Бүгінгі Ақтау қаласының іргетасын қалады. Онда да жалғыз уран рудасына емес, сонымен қатар мұнайдың молдығына сеніп кірісті жұмысқа. Мұнайшылар болса, Шевченко қаласын газбен қамтамасыз етті. Олар сол газды пайдаланып, азот, полиэтилен зауыттарын салды. Олар мұнайшыларға, мұнайшылар оларға зор көмек көрсетті. Бірлесіп бір мақсат үшін жұмыс істеді. Олай болса, Маңғыстаудың немесе Ақтаудың кіндік әкесі мынау еді деп бір адамды, болмаса бір министрлікті бөле-жара айтуға болмайды. Маңғыстауды маңғыстау қылған мұнай, оны өндірген Ембі мұнайшылары. Соны ұмытпау керек...
Алматыға қарай бет түзеген алып әуе лайнерінің жұмсақ орындығына шалқайып отырған қарт Сафи көзін жұмып еді, Өзеннің алғашқы мұнайын темір жол арқылы аттандырған күн еске түсіп кетті.
Ал, Алматыны бетке алған әппақ ұшақ жерден қараған адамға қалт-құлт еткен жалғыз нүкте боп көрінеді...
Бірақ, ол Маңғыстау мұнайының тамшысы ғана еді ғой. Теңізді тамшылап тасып тауыса аласың ба? Теміржол тасымал мәселесін шешпейтіні о бастан-ақ белгілі болды емес пе? Пойыздар күндіз-түні жүріп-тұрғанының өзінде жылына 1 млн тонна ғана мұнай тасуға әрең үлгереді. Мұнай тасымалының ең төте жолы құбыр ғой. Ал, құбыр құрылысы оңайлықпен біте қоя ма? Сондықтан Өзен-Жетібай мұнайын теңіз арқылы тасымалдау ойластырылды. Алайда, табиғат қорғау мекемелері бұған қарсы шықты. Теңізге мұнай төгіліп, су ластанады деді. Оны мұнайды басқарып отырған басшылар түсінбейді емес, жақсы түсінеді. Теңіз жағалауына танкер тоқтайтын айлақ салуға бірлестіктің тез кірісіп кету себебі сол емес пе еді?! Оған үш-төрт ай уақыт кетті ғой. Теңіз тасымалын жолға қою үшін айлақтан басқа да алуан түрлі құрылыстар, мәселен, теңізге жақын жерге резервуарлар паркі мен одан әрі Өзенге дейін құбыр тартылуы тиіс еді. Ал, ол құбыр туралы Сафи алғаш рет Байбақов пен Кортунов Өзенге келгенде айтқан болатын. Ұзындығы 141,6 шақырымды қосы құбырдың әрбір жиырма екінші шақырымына мұнайды қыздырып тұратын пеш салынуы тиіс. Міне, осы құбыр 1967 жылғы қазанның 1-інде іске қосылды. 520 миллиметрлік осы құбырмен жылына 8 миллион тонна мұнай айдауға болар еді. Иә, сол қазан айының бірінде мұнай тасымалының екінші тынысы ашылғандай болды. Сол күні төрт мың тонна мұнай құйылған алғашқы танкер Мақаш қалаға жол тартты.,Сондай танкерлер Қажы-Тарқан мен Волгоград қалаларына бағыт алды.
Бірақ, танкерлер де Маңғыстаудың мол мұнайын тасып үлгере алмайтын еді. Сол себепті ондаған ұңғыны қолдан тоқтатып қоюға мәжбүр болды. Ал, мұнай беріп тұрған ұңғыны тоқтатып қою деген қып-қызыл шығын. Оны қайтадан жүргізу оңай емес. Мұнай құрамындағы парафин ұңғы тоқтаған кезде дереу қата бастайды. Соның өзінде мұнай өндіру жылдан-жылға ұлғайып келеді. Мысалы, Өзеннен 1965 жылы 334 мың тонна мұнай өндірілсе, 1966 жылы ол 1 млн 400 мың тоннаға жетті. Ал, осыдан бір жыл өткесін, 1967 жылы өндірілген Өзен мұнайы 3 млн 800 мың тоннаны құрады. Ал, енді бұған Жетібайдың өнімін қосыңыз. Ол аз десеңіз, 1965- 66 жылдары мұнай мен газ берген басқа да ұңғылар бар ғой. Сағит Бағаутиновтың бригадасы қазған Теңгедегі №1 ұңғыдан газ шықса, Шектібай Бармақов бригадасы қазған Қарамандыбастағы №5 ұңғы мұнай берді. Тасболаттағы №1 ұңғы 1966 жылы қара алтынды ақтарды да салды. Бұлардың соңын ала Оймаша, Шығыс Жетібай, Ақтас, Дөңге алаңдары мұнай мен газ беріп жатты. Маңғыстауда мұнай ағатын шүмек көбейді. Бұл бұдан бұрынырақ жоспарланған Өзен-Гурьев-Самара ысытып айдау құбырын салуды тездетті. Оның құрлысы теңіз тасымалын жолға қойысымен-ақ басталып кетті.
Жалпы ұзындығы 1500 шақырым. Құбырдың диаметрі 1020мм болды. Осы құрылыстың 711 шақырымдық алғашқы кезеңі, яғни Өзен-Атырау аралығы 1969 жылы іске қосылды. Бұл техникалық жағынан дүниежүзіндегі теңдесі жоқ ғажайып құбыр болды. Егер ыждағаттап жаза білген адам болса, осы құбыр бойындағы өмірдің өзі ондаған кітапқа жүк болар еді.
***
Мұнайшының әрбір жұмыс күні қатерге толы. Ойламаған жерден апат болуы мүмкін. Ол апат кейде адам өмірін жалмап та кетеді. Болмаса жарымжан қып тастайды. Жер астында қандай тылсым күш барын білмейсің. Қанша жерден техникалық қауіпсіздікті сақтағаныңмен кей жағдайда құбырдың бір жерінен саңлау тауып немесе прокладканы жыртып кетіп, әйтеуір сыртқа атқылап, шапшып жатады. Ал, ол кез-келген секундта от лап ете қалуы немесе басқа бір адам ойламаған қауіпке ұласып кетуі мүмкін. Апатқа кейде инженерлердің салақтығы немесе жауапсыздығы ғана емес, бұрғышының көңіл-күйі де себепкер болып жатады. Қысқасы, оның мың түрлі себебі бар. Ондай қауіп-қатердің талайын көрді ғой Сафи. Сол апаттардың қақ ортасында да жүрді. Біледі. Түсінеді апат қандай болатынын. Сондықтан күн сайын ұйқыға бас қояр кезде ұңғыдан апат шықпауын тілеп жатады. Ал егер апат бола қалса жауапты кісілерді не жазғырарын, не жазғырмасын білмей дал болады. Баяғыда осы Құлсарыда өрт болып, он бес күн отпен арпалысып жүргенде, апырмай, осы НКВД адамдары бұны жауапқа тартып әурелеген жоқ па? Сонда бұл трестің бас инженері еді. Бас инженер болып не жазыпты сонда? Түк кінәсі жоқ. Жер астының дүлей қысымы прокладканы жыртты да кетті. Сол үшін бас инженер кінәлі. Осы әділдік пе? Қоя той, әділдікті ойлап жүрген НКВД жоқ. Өрт сөндіріп жүрген адамды былай алып шығып, жауапқа тартып... Әй, хайуандық қой ол.
Сондықтан апат болған жерде инженерді салған жерден күстәналай жөнелу Сафиға жат.
Бір күні әне бір ұңғыда кішігірім апат болып, сол үшін инженерді орнынан Сафидың қолымен алып тастауға тура келді. Алып тастағанда, апат жасағаны үшін деп, жоғары жақ солай ұйғарып отыр. Солардың қысымын енді бірлестік басшысы орындауы керек. Ал, бұл Сафиға оңай тимейді. Адам баласына қылдай қиянат жасап көрмеген Сафи әлгі инженер сүмірейіп алдына келгенде тіпті қиналып кетті.
— Айналайын-ай, апаты құрғырды қалай байқамадың? Жазым деген аяқ астында ғой, байқасаң етті?!
Қазір барған соң жерден алып, жерге салатын шығар деп жүрегі ұшып келген инженер аң-таң. Зіркілдеген бастық емес, мейірбан ағасының алдына келіп отырғандай. Әуелден-ақ қызметімен қоштасып келген инженер мынандай мейірбан бастықты көргенде үміттеніп қалып:
— Енді байқаймын, кешіріңізші,—дей берді.
— Менің кешіріміме қарап тұр ма бұл бәле. Енді қалай байқайсың, орныңнан кетейін деп тұрсың? Жоғары жақ солай ұйғарып отыр,—деді Сафи да басқа жол таппай дағдарып.
Анау-мынау емес, білдей бірлестік бастығы біреу үшін сонша қиналғанын көрген әлгі инженер енді өзі мойынсұнып:
— Сәке-ай, қойсаңыз қоя салыңызшы қолыңызды. Сізді қинағанша бұрғышы боп-ақ кетейін,—деді.
Сол инженер қызметінен солай айырылып еді.
Бірақ, бірлестік бастығы ол жігітті кейінірек қайтадан инженер қып қызметін көтеріп қойды... «Адамның тағдыры деген ойыншық емес,—деп ойлайды кейде қарт Сафи.—Қисайған ағашты одан сайын қисайтпай, түзеп қойса, абзалы сол ғой».
Аты-жөнін ұмытып қалыпты, баяғыда комсомол хатшысы болған, одан партия ұйымын басқарған бір кісі есіне түсіп отыр. Сол партия ұйымының бастығы әлдеқандай кінәлі боп қалған партия мүшесін күліп отырып партиядан шығаратын. Ол кезде партиядан шығып қалсаң біттің ғой. Сондай оқиғаны бірнеше рет байқап қалған Сафи әлгі партия ұйымын басқарушы жігітке бірде адам тағдырына соншалық жеңіл қарағаны үшін кейіп тастағаны бар. Ал, ол арсыздың беті қалың екен, бұның кейісті сөзін де шыбын шаққан құрлы көрмей, сақ-сақ күледі. Сүйтсе, ол сөзбен жеңе алмағанын сол сақылдаған күлкісімен жеңеді екен ғой.
***
Жиырмасыншы ғасыр жүр Маңғыстауда Мұнаралар басына шырақ тасып,—деп, әне бір жылы Төлеген Айбергенов Маңғыстауға келген бір сапарында Маңғыстау мұнараларын осылай жырға қосып еді ғой. Асқақ рух боп өлеңге іліккен сол алаулардың күндіз-түні жанып жатқаны сәндік үшін бе екен? Бәрі де сол амалсыздықтың, асығыстықтың кесірі. Теория бойынша ілеспе газды әуеге жағып жіберуге болмайды. Мұнайды алмас бұрын ілеспе газды өңдеп, пайдаға жарататын зауыт салып алу керек. Ал, іс жүзінде барлығы басқаша. Басқаша болатыны, жоғарыдан мойынға қиып салынған жоспар бар. Сол жоспар өлтіріл орындалуы тиіс. Әуелі зауыт салып, мұнайды содан кейін тана игеру керек. Бірақ, оған мұрша қайда! Мұрша болмағандықтан, ілеспе газды биік құбырлар арқылы әуеде жағып жіберуге тура келеді. Ал, биік құбыр басында от боп жанып жатқан газ өндіріс басшыларына қып-қызыл он сомдықтар отқа оранып жатқандай боп көрінеді. Бірақ, сол үздіксіз жанып жатқан «он сомдықтарды» игеру үшін зауыт салынуы керек.
Осы самсаған шамшырақ 1969 жылы Мәскеуден арнайы келген мұнай министрі Валентин Дмитриевич Шашиннің көзіне түсті. Сол жолы оның қасында Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары Ефремов, «Мұнайгазқұрылыс» министрі А.К.Кортунов, Мұнай өңдеу министрі В.Федоров бар еді. Олардың қасында мұнай саласына қатысты бірталай маман еріп жүрді.
Сонда ғой, өндірісті аралап көрген қонақтардың көзіне әуелі осы самсаған шамшырақ түскені. Ал, түнде бұл оттар алыстан көрініп, Өзен алабын ғажайып бір әсемдікке бөлеп тұрар еді. Қонақтар отпен өрілген Өзен түніне қайта-қайта таңырқай қарасты.
— Бұл біздің ішімізді удай ашытып жүрген өте маңызды мәселе,—деді Сафи қонақтар Өзен басындағы кеңсеге келген соң.—Қанша газ әуеде босқа жанып жатыр. Жақпасқа амал жоқ. Бір байлықты алу үшін екінші байлықты ысырап етуге тура келеді. Ал, соны ысырап етпеу үшін бізге газ өндеу зауыты керек.
Сафи осыны айтып қонақтарға жағалай көз жүгіртіп шығып еді, олар бұның ауызша айтқан сөзін ұйып тыңдап отыр екен. Олардың әлде де тыңдай түсетінін байқаған ол сөзін жалғастыра берді.
— Егер осы зауытты іске қосып, жер қыртысына сығымдалған газ айдауды жүзеге асыра алсақ, мұнай өнімділігі арта түсер еді. Ал, бұдан артылған газды тұрмыста қолдануға болады.
Шевченко енді ғана бой көтеріп келе жатқан жас қала. Болашақта оған да көп газ керек. Жалпы, жер бетіне табиғи қысыммен мұнайдың жартысы өздігінен шығады. Қалған жартысы қысым әлсірегендіктен жер астында қалып қояды. Міне, сығымдалған газды ұңғыға айдау осы сарқынды мұнайдың 5-10%-ын жер бетіне көтеріп шығара алса, бұның өзі үлкен табыс.
Сығымдалған газды жер астына қайта айдау әдісін өздеріңіз де жақсы білесіздер. Ал, ол әдіс Өзен кеніші жағдайында қалай іске асуы керек? Сол туралы кеңірек білгілеріңіз келсе, осы әдісті зерттеп жүрген Рахмет Өтесінов міне, алдарыңызда тұр. Сондықтан біз сіздердің осы келгендеріңізді пайдаланып, Өзенге газ өңдеу зауытын салу туралы ұсыныс жасағымыз келіп тұр. Бұл ұсынысты сіздер де қолдайды деп сенемін,—деп сөзін аяқтады.
Сафи газ өңдеу зауыты туралы пікірінің дұрыстығына кәміл сеніп еді. Лауазымды қонақтар алдында еркін көсіліп, сөйлеп тұрғаны да содан болатын. Ұсыныстың дұрыстығында сөз жоқ, алайда осы дұрыс пікірді мәскеулік лауазымды қонақтар қалай қабылдар екен? Кенет В.Д.Шашин сұрақ қойды:
— Сафи Утебаевич, сіз газ өңдеу зауытының қанша тұратынын білесіз бе? Сафи қапелімде не дерін білмей, бір сәт оның бетіне қарап тұрып қалды да:
— Газ өңдеу зауытының қымбат екенін білеміз, Валентин Дмитриевич,—деді Сафи қызына сөйлеп.—Сонда зауыт қымбат екен деп, ілеспе газды жағып жібере береміз бе?
Мұнда бүгін ешкім болмағанымен, ертең мұнай игеру құлашын жайған соң, айтпады демеңіз, осы өңірге адам сыймай кетеді, сонда оларға газ керек емес пе, жұмыс орны керек емес пе? Мынадай байлықты босқа жағып жіберген қылмыс қой. Жо-жоқ, зауыт салмай болмайды.
Айта берсек, осы «өлі қолтықтың» асты толы қазына. Мұнда Менделеев кестесіндегі барлық элементті кездестіруге болады. Кезі келгенде сол байлықты игере бастағанда оларға да көп мөлшерде газ керек. Бірақ, Сафи көкіректе маздаған осы бір көп ойын қалай айтып тауыссын. Оның үстіне Одақтың мақсаты қалай да мұнай өндіру, әрі оны көбірек өндіру болып тұр ғой.
Комиссия мүшелері Өзенде газ өңдеу зауытын салуға қарсы болған жоқ. Бірақ, табан астында келісім бере де қоймады. Бұл мәселенің өте күрделі екенін айтып, Мәскеуге барған соң Министрлер Кеңесінде қараймыз десті. Көп ұзамай СССР Министрлер Кеңесінің «Өзен газ өңдеу зауытын салу туралы» қаулысы шықты. Сол жылы күзге салым жылына 2,5 млрд. текше метр газ өндіретін зауыт құрылысы басталып кетті. Оны тоғызыншы бесжылдықта аяқтау КПСС XXIV съезінің директиваларында арнайы көрсетілді.
Иә, сол зауыттың бірінші кезеңі бұл зейнет демалысына шығып кеткен соң, 1973 жылы іске қосылды. Соның өзінде зауыт жылына бір миллиард текшеметр газ өңдеп, өндіріс пен ауылшаруашылығын өркендетуге ұлан-ғайыр көмегін тигізді. Атап айтар болсақ, Шевченко қаласында азот, полиэтилен зауыттары салынды. Содан бері зауыт үздіксіз жұмыс істеп келе жатыр. Бұған қалай қуанбассың. Қуанады ғой.
***
Өзен алаңының табанында анау-мынау емес, қырық шақырымдық мұнай теңізі кілкіп жатыр дедік қой. Бірақ, осы көл-көсір байлық оңай алынбайтын болып шықты. Тасымалдау да жатқан бір машақат. Құрамындағы 24% парафин 32 градус жылылықтың өзінде қоюланып, қата бастайды.
Арнайы апандарға құйылып қойылған мұнайдың үстімен қыстың күндері тіпті, түйе де өте беретін еді. Күрекпен ойып алып, қи жинағандай текшелеп жинап қоюға да болады. Міне, бүкіл елді дүр сілкіндірген Өзен мұнайының осындай қиыншылықтары өндірісті кәдімгідей тежеп тастаған-тұғын.
Өндіріс басшыларының басын қатырып қойған тағы бір мәселе, мұнай қысымының бара-бара кеми беретіндігі еді. Бұрын қысымды көбейту үшін жер астына су айдаушы еді ғой. Ал, Өзенде сонша көлемде техникалық су жоқ. Су табылған күннің өзінде оны жер астына ысытып айдау керек. Ал, сонша көлемдегі суды қалай ысытасың? Осы мәселе әсіресе тікелей осы өндірісте жүрген Рахметті көп ойға сала беретін. Ақыры ол жер астына сығымдалған газды қайта айдау әдісін ұсынды. Өзен мұнайын игеруде бұдан басқа да шешімін таппаған мәселе жетіп артылады.
Сол себепті де, 1969 жылы Шевченко қаласына бірлестіктің мұрындық болуымен Бүкілодақтық ғылыми-техникалық конференция шақырылды. Оған Мәскеуден, Ленинградтан, Бакуден, Татарстаннан, Башқұртстаннан ғалымдар мен осы саланың білікті мамандары жиналды. Осындай құрметті қонақтар келгенде жергілікті жерге қатысты нақты мәселелер шешіліп қалатынын білетін Сафи бұған тыңғылықты дайындалды.
Конференция болатын күні таңертең қонақтар мәжіліс залына уақытында топтасып кеп отыра бастады. Ұйымдастыру жұмыстарында жүрген жігіттер де әбжіл қимылдап, ғылыми мәслихат ойдағыдай өтуі үшін барлық жағдайды жасап қойған. Сафи да ерте келді.
Бірақ, неге екені белгісіз, Рахмет кешіге берді. Өзеннен келуі тиіс еді. Ол кешіккен сайын бұның дегбірі қаша берді. Өзінен кейінгі маңызды баяндаманы Рахмет жасауы керек. Неге кешігіп жатыр? Не болды оған? Таңертең аздаған жаңбыр жауып еді. Бірақ, қазір жол жақсы, сәл жаңбыр жауса былжырап жататын баяғы кез емес, асфальт төсеп тасталған. Себелеп өткен жаңбыр машинаға бөгет бола ма, тәйірі?
Сафи сағатына қарағыштап, Рахметті ұзақ күтті. Уақыт болса өтіп барады. Амал жоқ, конференцияны ашып, баяндамасына кірісті. Мінбеде баяндама жасап тұрып та алаңдап, залға қарағыштай беріп еді-ау. Неге екені белгісіз, жүрегі өрекпіп, ойынан Рахмет шықпай қойды. Ол білікті маман, іскер басшы ғана емес, Сафиға туған бауырындай жақын боп кеткен-тұғын.
Иә, сол баяндамада Сафи қысымды арттыру үшін жерасты қабатына су айдау әдісін қолданып, Құлсары мұнайын 70%-ке арттырғанын еске алды. Ал, осы әдісті парафині мол Өзенге қалай қолданамыз? Егер қолдана алған күнде мұнай өндіруді қаншаға арттыруға болады? Міне, баяндама осы мәселені қозғайды. Ал, Рахмет жер астына сығымдап газ айдау әдісі арқылы өнімділікті арттыру тақырыбына баяндама жасауы керек.
Құдай-ау, сол бір сәт еске түссе төбе құйқасы шымырлап қоя береді. Сондықтан да ойлағысы келмейді ғой. Бірақ, қанша ойлағысы келмесе де ой деген жүйрік емес пе? Ойлайды, ойлайды да бір өкініш жүрегін күйдіріп ала жөнеледі.
Баяндаманы бітіріп қалып еді, біреу мінбеге жақын келіп, алақандай қағазды алдына қоя берді. Сафи оған еріксіз көз жүгірткен. «Рахмет аварияға түсіп қалыпты. Жетібайда» деп жазыпты. Бұл сонда не боп, не қойғанын білмей, естен танып қала жаздады. «Мүмкін емес, мүмкін емес». Ішкі дүниесінен тағы бір дауыс шығады: «Мүмкін, бәрі де мүмкін. Тез жет!» Баяндаманы осы арада шолақ қайырған Сафи мінбеден түсе салып, сыртқа жүгірді...
Дайын тұрған машинамен ұшып отырып Жетібайдың ауруханасына жетті. Рахметтің апатқа ұшырағаны рас екен. Жүзі боп-боз боп, қозғала алмай төсекте жатыр. Тұла бойының қақсап ауырғанын білдіргісі келмей ме, тістеніп екі қолымен темір кереуеттің екі жақтауын қысып ұстап алыпты.
Сол сәт Өзеннен әкесі Өтесін келді ойбайды салып. Үсті-басы дәкемен таңылған Рахметті шыр айналып жүгірді ғой сонда: «Әй, Құдай, сенен соңғы тілегім, осы жалғызыма садаға болайын, мені ал, мен-ақ өлейін. Жалғызымның жанын қалдыр» деп.
Әйелі Сақыш келді жылап-еңіреп.
Сафи тез есін жиып, Бакуге телефон соқты. Бірге оқыған курстасы Бахтияр Мамедоғлы Әзірбайжан республикасының мұнай өндірісі министрі. Рахметтің атын естіген Бахтияр Мамедоғлы қолдан келген көмегін аямауға уәде берді. Сол Бахтияр Мамедоғлының көмегімен келесі күні Бакуден хирургтер ұшып келді. Білікті хирургтер Алматыдан да жеткен болатын. Содан Рахмет Алматыда жеті ай жатты ғой. Бұл екі арада қарт Өтесін шынымен де өзін садақа етіп, о дүниеге аттанды. Содан ба, әлде Рахметтің өмірден күдер үзбеуінен бе, әлде хирургтердің мықтылығынан ба, әлде елдегі жәутеңдеген төрт баланың тілеуі ме, әйтеуір Рахметтің жаны қалды. Рахмет өзі ер мінезді жігіт қой. Апатқа ұшырап, арбаға таңылып қалса да мойыған жоқ.
Кім Құдайдан сынақ бер деп сұрайды,
Ал Құдекең күші барды сынайды.
Тезге салып майыстырып бұрайды,
Ондай сынға күшті ғана шыдайды,
—деп өзі жазғандай, тағдыр салған тепірешке мойымаудың өзі ерлік қой. Ал, Рахметтің әйелі Сақыш ше? Қазақтың әйелі осы Сақыштай-ақ болсын. Рахмет арбаға таңылғанда бар болғаны 38 жаста болатын. Міне, содан бері 35 жыл өтіпті. 35 жыл мүгедек жанның көңіліне қаяу түсірмей келе жатыр. Сафи осыны ойласа болды, Сақышқа ішінен мың мәрте алғыс жаудырады. «Рахмет тағдыр салған тауқыметке төтеп берсе, мақсатқа жету жолында шаршамай, қажымай келе жатса, ол әуелі Аллаһ, қала берді осы айналайын Сақышжанның арқасы. Қазақ қыздары міне, осы Сақыш Қарабалинадан үлгі алсын» деп тебіренеді кейде Сафи. Сақыштың аялы алақаны мен ізгі махаббатынан қайраттанған Рахмет өмірден де, мұнайдан да күдер үзген жоқ.
Арбаға таңылып жатып-ақ парафині мол мұнайды өндіру жолдары мен ілеспе газды пайдаланудағы жаңалықтар жөнінде оннан аса ғылыми мақала жазып, орталықта шығатын ғылыми журналдарға жариялады. Романы бар, повесі бар, өлеңі бар, барлығын қосқанда оншақты кітап жазды. Шығармаларына мұнайшылардың өмірін арқау етті. Бірнеше орден, медальмен марапатталған. Төрт баланың әкесі.
Айтпақшы, осы Рахмет Сафиға арнап өлең жазып еді-ау. Бұл сексен бес жасқа толғанда өзі аузымен оқып берген. Қалай еді? «Шықтың самғап сексен беске, жан ата...» Иә, дәл осылай басталатын.
Telegram bot
Вконтакте