Шықтың самғап сексен беске, жан аға.
Қуат берсін жанға Аллаһ Тағала.
Кәрі Каспий толқынынан нәр алып,
Самғай берер сен бір шаңқан шағала.
Өзіңді емес, қамын ойлап басқаның,
Отыз жылдай мұнай көшін бастадың.
Қиын-қыстау белестерден өткізіп,
Жолға салып, қыр асырып тастадың.
Аға деген көп қозының марқасы,
Інілердің лақ боп ойнар жартасы.
Дөңгелентіп қыздарменен билесең,
Шәрипадай жеңгеміздің арқасы.
Жақсылардың ағаттығын көз көрмес,
Соңдарынан сыпсыңдаған сөз ермес.
Атыраудың асыл тұқым серкесі,
Кәрілікке мойын сұнбас, сыр бермес.
Халқың сүйді, құтты болып қадамың,
Қадірледі тұңғыш мұнай маманын.
Сақтап қалды от ішінде мақтадай
Дауылдатқан, жалын атқан заманың.
Артын ойлап, артық дәулет жимайтын,
Үлкен-кіші пір тұтатын, сыйлайтын.
Жұмыс бабы шалыс басқан адамға
Жаза беру жаныңызды қинайтын.
Балта жүзді балық құйрық бұрғылар
Шақпақ тасты жаншып өтіп, ұн қылар.
Су тартады, суырып жердің өкпесін,
Бір кездегі өзің қазған ұңғылар.
Төл туындың—Маңғыстаудың мұнайы
Өзен болып ағып жатқан ұдайы.
Мұнайшылар сағынышпен күтеді,
Ұшқан құспен сәлем жолдап дұғайы.
Мұнай тегін түптей қалса біреулер,
Айналып кеп бір өзіңе тірелер.
Ел-жұртыңның құрметіне бөленіп,
Ақылшы боп арамызда жүре бер.
Қашанда да биік тұрар шоқтығың.
Оқшауланып жүрген кезің жоқ бұрын.
Бұны жазған бір кездегі өзіңнің
Көп боқтайтын жаман інің боқмұрын.
Аспан асты, жер үсті екі аралықта ілінген алып ұшақтың ішінде отырған қарт Сафи осыны ойлап, көңілі босап кетсін. «Айналайын-ай, жүз жаса! Жүз жаса, Рахмет бауырым! Сақышқа да сол жүзді тілеймін» деді іштей.
Ал, Алматыны бетке алған аппақ ұшақ жерден қараған адамға қалт-құлт еткен жалғыз нүкте боп көрінеді...
***
Мәскеу сол жылдары өте көп мұнай талап етті. Сүйте тұра мұнайшылардың азын-аулақ талабын орындай қоймайтын. Өктем мінезін ашықтан-ашық көрсететін. Жоғары лауазымды кейбір шенеуніктер: «Бұл өңірде мұнай жоқ, үкімет қаржысын босқа шаштыңдар» деп зілді сөз айтқанда өзіңді кәдімгідей-ақ кінәлі сезініп қаласың.
Тіпті, СССР мұнай өндірісі министрінің бірінші орынбасары Сәбит Атаевич Оруджиев Жетібай мен Өзенде мұнайшыларға арнап қалашық салуды қолдай қоймады. Оның ойы басқа еді. Мұнайшылардың Өзенде вахталық әдіспен жұмыс істегенін қолдады. Сол үшін Өзенде қала емес, вахталық ауыл салу керек деген пікір айтты. Бірақ, әрбір ауысым сайын мыңдаған адамды тасымалдап отыру, жұмыс ырғағына нұқсан келтірер еді.
Қазір Жаңаөзенде шамамен 40-45 мың адам тұрады. Осынша халық жиналатынын Сафи әлдеқашан білді ғой. Осындай аса қажет қажеттіліктер ұзақ уақыт дәлелдеу мен табанды талап етудің арқасында шешімін тауып жатты.
Орталық көп жағдайда жергілікті жағдаймен санаспайтын. 1970 жылдан бастап Қазақстанның мұнай өнеркәсібі тікелей Мәскеуге бағынатын болды. Бұл кезде Мұнай өнеркәсібі министрі В.Д.Шашин еді. Сол В.Д.Шашин ойда жоқта мінез көрсетті. «Өндірістік мұнайы азайып кетті» деп Гурьевтегі «Ембімұнай» комбинатын жауып тастамақшы болды. Екі бірлестік болмасын деп талап қойды. Оның ойы Доссор мен Мақаттағы екі мұнай басқармасын Ақтаудағы «Қазақстанмұнай» бірлестігі қарамағына беру екен. Егер, В.Д.Шашиннің осы ойы орындалар болса, сонау Ақтауда отырып өндірісті басқару қиын боп қалар еді. Басқарудың әлсіреуі өндірілетін мұнай көлемінің күрт кемуі деген сөз. Не істеу керек? Мына министр соны біліп істеп отыр ма, әлде білмей істеп отыр ма? Қалай да бір әрекет қылып, тосқауыл қою керек.
Сафи шешуге тиіс мәселеге табан астында кірісіп кететін әдетімен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің І-секретары Д.А.Қонаевқа телефон шалып мән-жайды жеткізді. Бұл туралы Д.А.Қонаев та хабардар екен. Ол бұны Мәскеуге шақырды. Мәскеуде тоқайласар жер—Қазақстан елшілігі.
Сафи белгілеген мерзімде елшілікке жетсе, Қазақстан басшысы одақтық Мұнай министрі В.Д. Шашинді осында кездесуге шақырып қойыпты.
— Ал, Сафи Утебаевич, уәжіңді айт!
— Айтсам, «Ембімұнай» комбинатын жабу деген өте қате пікір,—деп Сафи сөзін, ә, дегеннен қарсы пікір айтудан бастады.—Біз «Теңіз» алаңына терең бұрғы салып жатырмыз. Геологтардың болжауынша «Теңізде» үлкен мұнай қоры бар. Еділ мен Жайық арасынан мұнай табылды. Кеңқияқ та солай. Оларға да бұрғы салып жатырмыз. Осындай қыруар жұмысты Ақтауда отырып басқаруға бола ма? Біз «Қазақстанмұнай» бірлестігін неге Ақтауда құрдық? Маңғыстауды басқару үшін емес пе? Сондықтан, «Ембімұнай» комбинатына тиіспей, сол күйінде қалдыруыңызды сұраймын.
Дінмұхамед Ахметұлы «Бұған не дейсің?» дегендей В.Д.Шашинге көз тікті. Ол үндей қоймағасын:
— Меніңше, Сафи Өтебаевичтің айтып тұрғанының жаны бар. Ана жағы Ақтөбе, мына жағы Орал жері, басқару оңай емес. Неге, сол шап-шағын комбинатқа шүйліге қалдыңыз? Бұл керек десеңіз көсеміміз Владимир Ильич Ленин қолдаған «Ембімұнай» қой,—деді.
Валентин Дмитриевич сонда ғана езу тартты. Сөзге сараң адам ба, әлде қазақтың ойлағаны болғанына ызаланды ма, «Жақсы, қалсын» дегенді ерін ұшымен әрең айтты.
Сөйтіп, тарихы тым тереңде жатқан «Ембімұнай» комбинаты сақталып қалды.Сол жылдары комбинатқа жаңа басшылық келді. Директоры Бөлекбай Сағынғалиев, бас геологы Жолдасқали Досмұхамедов, бас инженері Құмар Балжанов болды. Бұлардың барлығы Мәскеу мұнай институтын бітірген, біраз жыл мұнайда жұмыс істеген тәжірибелі мамандар еді. 45-55 жас шамасындағы нағыз жұмыс істейтін шағы. Олар «Теңіз» алаңына «Қазақстанмұнай» бірлестігінің бұйрығымен бұрғы салып, үлкен мұнай көзін ашты. Сол үшін үшеуі де ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. Ақтөбеден «Жаңажол», «Кеңқияқ», Қызылордадан «Құмкөл», Оралдан «Қарашығанақ» кеніштері ашылды. Мұның бәріне «Қазастанмұнай» бірлестігінің ықпалы болды.
Сафи бір ғылыми конференцияда жасаған баяндамасында теңіз қайраңына да бұрғы салуды қозғаған-тұғын. Оның бұл ойы да орындалды. Қазақ геологтары мен шетел геофизиктері Каспий қайраңына зерттеу жүргізіп, «Қашаған» алаңын ашты. Оған қазаққа аты мәлім мұнайшылар Балтабек Қуандықов, Жақып Марабаев басшылық жасады.
***
Сафи 1951 жылы Гурьевтегі «Қазақстанмұнай» бірлестігіне басшы боп келіп еді ғой. Міне, осы кезде Қазақстан жылына бар болғаны 1 млн. 200 мың тонна мұнай өндіретін. Ал, содан жиырма жылдан соң, яғни, 1970 жылы Маңғыстау жылына 10 млн. 300 мың тонна мұнай беретін жағдайға жетті (1965 жылы бергені 355 мың тонна). Оған «Ембімұнай» комбинаты мен Кеңқияқты қосып айтқанда «Қазақстанмұнай» бірлестігі 15 млн. тонна мұнай өндіретін жағдайға жетті.
Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан кейін қазақ мұнайына шетелдік инвестиция тартылды. Осының арқасында елімізде мұнай өндіру қарқын алып келеді. Қазір Қазақстан мұнайшылары жылына 55-60 тонна млн. мұнай өндіреді.
Міне, осының бәрі Атыраудан Алматыға қарай самғап бора жапқан ұшақ төрінде отырған Сафидың көз алдынан көлбеп өте берді.
Ал, Алматыны бетке алған аппақ ұшақ жерден қараған адамға қалт-құлт еткен жалғыз нүкте боп көрінеді...
1971 жылы мамырдың 15-інде зейнет демалысына шықты. «Қазақстанмұнай» бірлестігі сол күні таратылды. Таратылған бір бірлестіктің орнына «Маңғыстаумұнай», «Ембімұнай» деген екі бірлестік құрылды. Одақтық мұнай министрі В.Д.Шашин осы «Ембімұнай» бірлестігін жауып тастап, Қазақстанның бүкіл мұнайын «Маңғыстаумұнай» бірлестігі арқылы билегісі келді ғой. Ол осы бірлестікке басшы етіп Тимонин Виталий Иосифовичті тағайындады.
— Сенің киімдеріңді жуып, шабаданға аударып салып әрең үлгеретін болдым ғой,—деп Шәрипа күлетін.—Алматы кетесің, Мәскеу барасың.
Үйде тұрмайсың. Балаларың көрмейді сені. Кілең шауып жүресің. Командировкадан келсең, өндіріске кетесің.
— Енді маған не қыл дейсің, Шәрипа-ау,—дейді бұл қолын жайып.
— Жасың болса жақындап қалды. Басқа бір жеңілдеу жұмысқа ауыссаңшы,—деп Шәрипа бұның зейнетке шығатын жасқа келгенін сонда бір ескертіп еді.
Сафи жасының 62-ге қарағанын сонда ғана аңғарғандай, оңаша қап терең ойға шомғаны бар. Қырық жыл өмірін қазақ мұнайын дамытуға жұмсапты. Басқа кезді айтпағанда 1951 жылы өндірілген мұнай көлемін 1970 жылы он есеге көтеріпті. Бұл аз ба, көп пе? Қанша мұнай өндірсе де Мәскеудің оқпан өңешінен өте беріпті. Енді қанша өндірсең де лақылдатып жұта бермек. Бұл қуаныш па, өкініш пе? Сафидың бір қуанатыны сол мұнайдың арқасында ен далаға тіршілік барды. Жол төселді, электр желісі тартылды. Қала салынды. Соның бәрі қазақтың игілігі үшін жасалды. Сафи осыған шүкіршілік етеді.
Шәрипаның әлгі сөзінен соң бұл сылқ түсіп, зейнет демалысына шығуға бел буды. «Ендігі қалған өмірімді балаларымның қасында, тыныштықта өткізейін» деп түйді.
***
Сөйтіп алғаш рет Сафидың иығы жұмыстан босады. Жұмыстан босаған соң талай тарихты бастан өткерген Маңғыстау жерін армансыз аралап көрмек болып еді ғой. Расында Маңғыстауда Сафи араламаған жер жоқ. Бірақ, бұл өлкенің қай жеріне барса да, соның бәрінде ойында тек мұнай болды. Қазақ мұнайын әзірбайжан мұнайынан асырам деген ежелгі арманы басқа ой ойлатпады. Әйтпесе, Маңғыстау, Атырау алабы тарихқа бай жер екенін іші сезеді. Әсіресе, үш жүз алпыс екі әулие өткен өлкенің жөні бөлек. Сол әулиелердің қайсыбірін айтып, қайсыбірін аралап тауысарсың, жарықтық о дүниеге көшкендеріне талай ғасыр болса да Маңғыстаудың қазақтікі екенін дәлелдеп жатыр ғой, әрқайсысы. Бәрі де қазаққа ыстық, бөле-жара айтуға болмайды. Соның ішінде тарихы тым әріде жатқаны Шақпақ ата екен. Шақпақ ата—есіміне қатысты жер асты мешіті Шиліқұдық жерінде жартастан қашалып жасалған. Ол 9-10 ғасыр сәулет өнеріне жатады. Демек, Шақпақ ата да сол уақытта өмір сүрген деуге болады. Одан әрі Шопан ата, Сұлтан ене, Есен ата, Бекет ата... осылай кете береді.
Ал, одан беріде XVII ғасырда өмір сүрген Манағы мен оның шешесі Күйкенге қатысты оқиға қалмақ шапқыншылығын еске түсіреді. Бұны «Манашы ұлы Тұяқбай» дастанынан көреміз. Қазіргі Бейнеу станциясының маңында Манашы сайы мен Күйкенұшқан тауы бар.
Жалпы, Маңғыстау тарихқа бай өлке. Ата-бабаларымыз осы бай тарихты тас бетіне жазып кеткен. Дастан қып айтқан. Жер-су атауы қып қалдырған. Бұл тарихты тек көзбен көру керек.
Осылай ой түйген Сафи «Маңғыстаумұнай» бірлестігіне басшы боп енді ғана келген Тимонин Виталий Иосифовичтен машина сұрап алып, Маңғыстаудың шығыс жақ бетін аралап та келген-тұғын. Ендігі бағыт оңтүстік.
Сүйтсе, бұған екінші мәрте көлік берілмейтін болып қапты. «Кім бермей жатыр?» десе, «Голыдев бермей жатыр» дейді. «Не боп қалыпты?» десе, «Пенсияға шыққан соң жатпай ма тыныш» депті.
Гольцев Григорий Федорович дегенді осы бірлестіктің автокөлік бөлімінің меңгерушісі етіп сүйрелеп жүрген басқа емес, осы Сафи емес пе еді? Тіпті, өкпесін құрт жеп, жұмысқа жарамай қалғанда жұмыс орнын сақтап, ауруханамен өзі келісіп, емделуіне жағдай жасады да ғой. Сүйткен, Гольцев сипағанды білмеген сиырдай осқыра қарайтын көрінеді. Сафи ашуланғаны сонша, Тимониннің үстіне рұқсат сұрамастан кіріп барды.
— Не боп қалды, Сафи Утебаевич?—деді Тимонин бір жайсыздықты сезіп.
— Мен осы Маңғыстауда 1951 жылдан бері жүрмін. Оның алдында да бұл өлке маған бөтен емес. Бірақ осы кезге дейін тек мұнайды ойлай беріппін. Мен енді Алматыға көшем. Соған дейін тарихи орындарды көріп, халықпен араласқым келеді. Ал, анау ақымақ, подлец Гольцев «пенсияға шыққан соң жатпай ма тыныш» деп, маған машина бөлмей қойды,—деп Сафи Гольцевті тұздықтап әкесінен сыбап жіберді.
Жә, Сафи Маңғыстауда жаяу қалайын деп тұрған жоқ қой. Бұны осында жұмыс істеп жүрген басшы-қосшының бәрі сыйлайды. Сыйлағаны сол—астындағы атын түсіп беруге бар. Тек, анау жақсылықты білмейтін Гольцев сияқтылар болмаса.
Иә, алды машинаны, барар жеріне барып келді. Бірақ, Сафидың көкірегінде бір түйін тұрып қалды. «Е-е, Сафи,—деді сонда ол өзіне өзі.—Енді сен қол астыңдағы кез-келген машинаға мініп жүре беретін, кез-келген самолетке отырып ұша беретін бірлестік басшысы емессің. Сен енді пенсионерсің. Соны ойла!»
— Шәрипа, үйде қанша ақша бар?—деді содан үйге келісімен.—Машина алайық. Әйтпесе, мына түрімен бізді жаяу қалдыратын түрі бар бұлардың. Қанша бар, қарашы!
— Он мың сом!
— Он мың сом?
Сафи машине сатып алу туралы шешімге келгенде ойына «Волга» оралып еді. Енді қайтті? Он мың сомға «Волга» алса, ертең қалай күн көреді? Әрине, бірлестік басшысы боп жүргенде ақшасы жеткілікті еді. Бірақ, Москвадан, Алматыдан мұнайды тексеріп төтенше қонақ көп келетін. Соған банкет жасайды, үйге қонақ етеді... Бәріне өз қалтасынан төлейді. «Үйде он мың сом ғана қалыпты-ау» деп ойласа кәне! Отыз бес жыл мұнайда басшы қызметте жүріп, ақыр аяғында он мың сомға қарап қалыпты деген не сұмдық.
Сафи әрі ойлап, бері ойлап бес мың сомға «Москвич» алмақшы болды. Өзен қаласы бойынша мұнайшыларға сатылатын көлік кезегіне тұрды. Бірақ, қала әкімі Ибаш Жанболатова кезексіз алуға рұқсат етіп, Сайлау деген геолог өз кезегін берді.
Сөйтіп, Сафи 62 жасында жекеменшік машинаның иесі болды.
***
Сафи үшін мұнайшылар арасынан кету оңай болған жоқ. Әсіресе, мұнай өнеркәсібінен қол үзу жанына қатты батты. Қолына қондырған сүйкімді құсты абайсызда ұшырып алған баладай қамықты. Бірақ, өтер уақыт өтіп кетті. Енді Сафи өткен өмірдің зая болмағанына шүкіршілік айтатын қартқа айнала бастағандай ма қалай? Ара-тұра Гурьевтегі Қазақ ғылыми-зерттеу геологиялық барлау мұнай институтына жұмысқа тұруды ойлап та қояды. Өзі басқарған бірлестікте кішігірім қызмет істеуге де болатын еді, бірақ «Пенсияға шығысымен Алматыға көшем» деген жоспары бар. Оның үстіне Алматыда тұратын күйеу баласы Сәбит Оразбаев пен қызы Света әке-шешесінің астанаға көшіп келуін қалады.
— Алматыға көшіп келіңіздер. Мұнда ауа-райы жақсы ғой,—деді олар.
Света Сафи мен Шәрипаның тұңғышы. 1939 жылы шілденің 2-сінде туған. Жастайынан музыкаға бейімі болды. Сафидың ойы оны да мұнайшы қылу ғой. Бірақ, мұғалімдері «Светаны музучилищеге беріңіздер» деп кеңес берді. Сөйтіп, музучилищеде оқыды. Одан кейін консерватория... Сонда жүріп тұрмысқа шықты. Күйеу бала Сәбит Оразбаев театр институтын бітірген. Әуеліде әртіс деген соң жеңгелері: «Ойбай-ау, әртістен басқа дұрыс адам табылмап па?» деп қарсы болды. Бірақ, Сафи Шәрипа екеуі: «Актерлік те құрметті мамандық. Жалпы өнер адамының жаны нәзік, адамгершілігі мол болады. Бірін бірі ұнатып тұрса, біз қарсы болмайық» деп, ақ батасын берген-тұғын. Света мен Сәбит бұлардың сенімін ақтап, жақсы отбасы болды. Света жиырма бес жылдан астам дирижер қызметін атқарды.
«Қазақстанға еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» деген құрметті атақ алды.
Ал, Сәбит өнерімен халқын қуантты. Үлгілі отбасына ардақты әке болды. Адамгершілік қасиетін көріп Шәрипа екеуі тәнті болды. Алматыға келсе Әділ, Жанар атты қос жиені «аталап, әжелеп» алдарынан жүгіре шығады.
Содан кейін Сафи мен Шәрипа көп ойланған жоқ, тәуекел деп жолға жиналды.
***
Сафи Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1-хатшысы Д.А.Қонаевтың алдына осымен екінші рет жеке шаруамен келіп отыр. Жеке шаруамен бастық жағалау бұның салтында жоқ еді. Бұрын бастық жағаласа мұнай мен мұнайшының жайын айтып жағалаушы еді ғой. Сол үшін берісі Алматы, әрісі Мәскеу... талай сабылған. Барған адамына салмақты салып отырып, шаруасын тындыртқан. Е-е, Маңғыстау солай бой көтерді емес пе? Ол кезде сескенбей қай бастығыңа да кіріп барушы еді ғой. Енді мына бір жеке шаруасы түскір... бетке шіркеу боп отырғанын қарашы.
Дінмұхамед Ахметұлына ана жолы Алматыдан пәтер сұрай кірді. Обалы не керек, Димекең сөзге келген жоқ, бұған осы күні тұрып жатқан Амангелді көшесіндегі нөмірі 55 үйдің қырық екінші пәтерін,бергізді. Су жаңа пәтер. Бір айыбы төртінші қабатта. Бірақ, алпыс жас деген немене ... алақандағы сынаптай жүгіріп тұрған кез.
Үйлі болып, көңілі бір жайланып еді сонда. Енді Димекеңе жеке шаруамен кірмеспін деп көңіліне бір түйіп қойған. «Ат баспаймын деген жерін үш басады» демекші, енді міне, тағы да Димекеңнің алдында отыр...
Пәтер алып, Алматыға біржола орныққан соң Сафи үйге сыймайтын әдет тауып еді. Төртінші қабатта, төрт қабырғаға қамалудың несі жақсы дейсің? Жұмыс іздеп көріп еді, алдынан өзінің зейнеткер екені шыға берді. Баяғыда мұның орынбасары болған адамдар мұнда үлкен-үлкен мекеме басқарып отыр ғой. Дегенмен, солардың өзі жұмыс тауып бере алмады. Барса, «Сіз пенсиядасыз ғой» деп, сылтау айта бастайды. Жолы болмаған аңшыдай үйге салы суға кетіп келеді сосын.
Сафи Дінмұхамед Ахметұлына осы мұңын тегіс айтып шықпақшы болып оқталып келіп еді, бірақ тереңнен толғап отыра алмады. Әңгімені қабырғасынан қойды.
— Мен демалыстан шаршай бастадым. Маған жұмыс керек. Соған көмектесіңіз. Бұрынғыдай бірлестік бер демеймін. Жәй, қатардағы инженерлік жұмыс болса болды.
— Сені пенсияға бекер шығарған екенбіз,—деді Димекең әдемі әзіл қашыра күліп.—Істеймін десеңіз қызмет табылады ғой. Қай жерде бос орын бар екенін байқап көрдіңіз бе?
Қазақ мемлекеттік ғылыми-техникалық ақпарат институтында деректірдің орынбасарлығы бос дегенді осының алдында Ғарай Сағымбаевтан естіп еді. Ғарай Мемлекеттік жоспарлау комитетінің бірінші орынбасары, Сафи оны жақсы таниды.
— Маған сол институт деректірінің орынбасары болса болды, —деді Сафи шынын айтып.
Дінмұхамед Ахметұлы сөзге келген жоқ. Орталық комитеттің кадр жөніндегі бөлім меңгерушісіне тапсырма беріп еді, ол Сафиды неше күн сандалтқан істі әп-сәтте жайғап тастады.
Сафи Орталық комитеттен шыққан бойда Мемлекеттік жоспарлау комитетінің бастығы Кетебаевқа келді. Қайдан естігенін қайдам, ол бұл жөнінде құлағдар боп отыр екен.
— Осы орынды өзіңе тіке келіп сұрауыма да болатын еді. Бірақ пенсионер адамды жұмысқа алып жатыр деген сөзге қалмасын, зияным тиіп кетпесін деп, Бірінші хатшының өзінен сұрап алдым. Сенің абыройыңды ойладым. Мені қабылдайсың ба, қайтесің?—деді Сафи.
— Сәке-ау, сізді қабылдамағанда...
...Бұл 1971 жылдың соңы болатын.
***
Денсаулығы мықты адамға үйде жата бермей жұмысқа ерте кетіп, кеш келген де жақсы екен ғой, Сафи мына жұмысқа құлшына кірісті.
— Сәке,—деп еді өткенде Мемжоском төрағасы Кетебаев,— институтқа өндірістік база салып беруіміз керек еді. Екі жарым миллион сом әлдеқашан бөлінген. Сол құрылыс басталмай жатыр. Соған кірісіңіз, сізден одан басқа жұмыс сұрамаймыз.
— Жарайды.
Мемжоском төрағасының өндірістік база деп отырғаны төрт қабат ғимарат еді. Жоба бойынша бірінші қабатта баспахана мен асхана орналасады. Екінші қабатта 420 адамдық мәжіліс залы. Одан басқа институт қызметкерлері үшін жүзден аса жеке бөлме.
Сафи әуеліде «екі жарым миллион сом деген немене, келесі жылы бітіріп тастаймыз» деп тау қопарар талаппен кірісіп кетіп еді, жо-оқ, олай емес екен, «әр елдің салты басқа, иті қара қасқа» демекші, Алматыда бүгін берген құрылысшыны ертең қайта алып қоятын бір жаман әдет бар екен. Бастауын жедел бастап кеткенмен, жұмыс әлсін-әлсін тоқтап қала берді. Сол жылдары Алматыда «Қазақстан» қонақ үйі, «Медеу» мұз айдыны, «Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесі», Орталық мұражай сияқты әйгілі құрылыстар жүріп жатқан-тұғын. Құрылысшылар осыған байланысты жетіспеді ме, әйтеуір, 1972 жылдың алғашқы айларында басталған ғимарат құрылысы 1977 жылы әрең бітті.
Осы құрылыс жұмысын басқара жүріп, Сафи институт тапсырмасымен әр облыстан бір-бір институт филиалын құрды. Жолын тауып институтқа жиырма шақты машина алып берді
Сонау жастық шақтан бастап, зейнет демалысына шыққанға дейінгі өміріне ойша сапар шегіп кеткен қарт Сафидың қиялын «Ата, шәй ішіңіз» деген аса бір ілтипатты нәзік дауыс бөліп жіберді. Жалт қараса, ізетпен шәй ұсынып тұрған стюардесса қыз екен. Жас қыздың жанарынан жанына соншалықты жақын, жақын бола тұра бейтаныс бір ұшқын жалт етті. Сол-ақ екен, бұның жүрегі елжіреп сала берсін. Құдай-ау, соншалық іңкәр, соншалық ізгі осы бір көзқарасты бір жерде, бір заманда көрген сияқты ғой. Қайдан көріп еді? Қартайған деген осы ма, кейде бастан кешкеніңді еске түсіре алмай қиналып отырғаның.
Ал, Алматыны бетке алған әппақ ұшақ жерден қараған адамға қалт-құлт еткен жалғыз нүкте боп көрінеді...
Иә, иә, бозбала шағы... ақ шағаладай аппақ стюардесса қыздың көзінен жалт етіп жоғалған әлгі бір ұшқын бұны тағы да бозбала шағына сүйрелей жөнелді...
Иә-иә, бозбала кезінде жүрегін дүрсілдеткен от қой ол. Ах, тапты! Он бес жастағы ұяң қыз—Шәрипаның жанарынан көріп еді ғой сол отты.
«Құдай-ау, Шәрипа...» Шәрипа екеуінің махаббатын Мерекенің газетінде жұмыс істейтін әнебір журналист жігіт майын тамызып жазған жоқ па еді. Сол мақаланы бұл жүз рет... жоқ мың рет оқыған шығар. Оқыған сайын өзін тастап, ана дүниеге аттанып кеткен қайран Шәрипасын сағына еске алады. Кейде көз алды бұлдырап, ыстық жас келіп те қалады. Сол журналист жігіт мұның көкейінде лаулап жанып жатқан сезімді қалай дөп басып, дәл бейнелеген десейші. Жас Сафидың алып ұшқан ғашық жүрегін суырып алып газетке қондырған да қойған. Ал, ол жүрек газет бетінде бүлк-бүлк соғып тұр.
Керім. Сол Шәрипа Сафидың анасы Рахима әжейді өз анасындай күтіп, бағып-қақты ғой. Енесінің көзі бұлдырап, табан жолын көруден қалғанда «Әжемді Москваға апарып емдетейік» деп қоймай қойған осы Шәрипа емес пе? Сонда Света әлі кішкентай, екі айлық шақалақ. Сафи жұмыстан демалыс алып, Мәскеуге жиналғанда «Мен де бірге барайын, сен әжеме қарай алмассың» деп құрттай Светаны құшақтап өзі бірге шыққан-тұғын.
Пароходпен Қажы-Тархан қаласына барып, одан пойызбен Мәскеу жетіп, Ленин атындағы көз зерттеу институтына қаратты ғой шешесін. Операция жасады. Ауруханадан шыққан шешесі жарық дүниені қайта көріп, Өтебай шаңырағына Шәрипаны келін қып түсірген Құдайға мың алғыс айтты. Қуанды. Бұл Сафидың Шәрипаға деген құрметіне құрмет қосты. Сафи шешесін«әже» деуші еді. Әжесі 1870 жылы туған, В.И. Ленинмен құрдас. Он бір құрсақ көтеріп, сегіз баланың азамат болғанын көрді. Кенже ұл Сафиолланың балаларын сүйіп, о дүниеге армансыз кетті.
Кенже ұлдың Шәрипадай адал жар тапқанына қуанды.
Сафидің тресте бас инженер боп жүрген кезі. Сонда осы Света екі жаста болар, әжесін жетелеп жүруге жарап қалған.
— Сафижан,—деді бір күні кейуана,—сен болсаң мынандай жауапты қызметтесің. Кәмөнессің. Келін де жұмыста. Мен болсам міне, жетпіске келдім. Егер өле кетсем, құран оқытпауың мүмкін. Мен не де болса, анау ауылдағы ұлдарға барайын. Солардың қолында өлейін. Сендерге өкпем жоқ. Сендерге ризамын.
Сафидың Қали, Қаби ағалары Құлсарыда тұрушы еді. Кейуана кеудені қысқан қаладан қашып, даланы аңсады да тұрды. Ақыры 1956 жылы ақиретке Қалидың үйінен аттанды. Оған Құлсарыдан топырақ бұйырды.
***
Жас кезінде жеті ата туралы әңгімеге аса мән бермепті. Тек бертін келе «Жеті атасын білмеген — жетесіз» дегенді естіп, өзінің қайдан шыққанына үңіліп, тексеріп көргені бар. Бұл жөнінде қайта Қабидың ұлы Болат пысық па деп қалды. Бәрін тап-тұйнақтай етіп жазып жүр екен. Жазып жүргенін ана жылы бұған көрсеткені бар.
Руы Есентемір екенін біледі ғой, тәйірі руын білмейтін қазақ болушы ма еді? Оның ішінде Тағашы, Тағашының ішінде Әжімбет. Осыған кеп тұрып қалатын. Кейін білді, одан әрі шежіре былай жалғасады екен... Әжімбеттен Үштаз, Үштаздан Бекетай, Бекетайдан Қоңыр, Қоңырдан Баспай, Баспайдан Өтебай...
Сафи бір сәт әкесі мен бауырлары туралы ойлап кетті.
...Әкесі Өтебай 1860 жылы жарық дүние есігін ашыпты. Оның әкесі Баспай кедей шаруа екен. Сафи Баспай атасын көрген жоқ, ал әкесінің кедей тұрмысын сезініп өсті. Әкесі біраз жыл байдың малын бағып, шөбін шауып күнелтіпті. Бір жылдары Жылыой жаққа барып көпестердің қайығын айдап, балығын аулап нәпақа айырған да көрінеді. Кенже баласы Сафи ес біліп, өздері қарттыққа аяқ басқанда ғана, туған жері—Қызылқоғаға оралыпты. Содан соң азын-аулақ мал ұстап, қалт-құлт тіршілік кешті. Бұл кездің шет жағасын Сафи өзі де көрді.
Өтебай он бір перзент сүйді. Бірақ, өсіп, өркен жайғаны—Ғұсман, Айша, Омар, Қали, Бәтима, Қаби, Нұрыш, Сафи атты сегіз бала. Қазір сол сегіздің жетеуі ана жақта. «Топырағы торқа, иманы жолдас болсын, марқұмдардың!»
...Атыраудан Алматыға қарай самғаған жайлы ұшақ ішінде ой кешіп отырған қарт Сафи тағы бір мәрте бет сипап, әруақтарға іштей дұға етті.
Ал, Алматыны бетке алған әппақ ұшақ жерден қараған адамға қалт-құлт еткен жалғыз нүкте боп көрінеді...
Бәрі-бәрі көз алдында. Күні кешегідей-ау, кешегідей. Тек Ғұсман ағасы ғана көмескі. Ол бұл дүниенің бейнетінен ерте құтылып, ана дүниеге озғанда бұл бар болғаны он жаста екен ғой. Содан бері, құдай-ау, сексен бес жыл өтіпті. Жадынан өшіріле бастайтын реті бар екен-ау. Көмескі болса да Ғұсман бұған жас жігіт болып елестей береді. Омар, Қали, Қаби... олар жарық дүниемен жасарын жасап, асарын асап барып қоштасты ғой.
Ал, Ғұсман... үлкен ағаның бейнесі мәңгі-бақи жас қалпында қалды. Ол Доссорда тарталыцик боп жүріп 1919 жылы отыз жасында қаза тапты. Баяғыда өзі Бакуге оқисың деп үгіттеп апарған Уәли осы Ғұсманның ұлы. Бірақ, сол Уәлидің өзі соғыста хабарсыз кетті.
Ал, Омар 1894 жылы туған. Сегіз жасынан әкесінің қасында жүріп еңбекке араласты. Патшаның қара жұмысын көрген көзі ашық адам. 1917 жылы патша тақтан құлаған соң, елге келіп 1919 жылдан бастап Доссор кәсіпшілігінде әуелі тарталыцик, одан соң мұнара құрастыратын ағаш шебері болады. Кейін темір мұнара шыққанда, соны құрастыру жұмысында жүрді. Өмекең бұдан соң Нармонданақ, Байшонас, Құлсары кен орындарын игеруге, Иманқара, Қойқара өңірлерін барлауға өз үлесін қосқан. Мұнараны бір кәсіпшіліктен екінші кәсіпшілікке қолдап көшіріп жүргенде (1928 ж.) қолы мен иығын сындырып алып, алты айдай жұмыстан шеткерілеп қалғаны бар.
1924 жылдан бастап коммунистік партияның мүшесі. Өле-өлгенше партиялық жарнаны өзі апарып, өткізіп тұрыпты. Партиялық билетін «бөтен қолға беруге болмайды» деп әйелі Күміске де ұстатпайтын көрінеді.
Сафи 1920 жылдан бастап осы Омар ағасының қолында оқыды.
Өмекеңнен он екі бала тараған. Соның бесеуі ата жолын қуып мұнайшы болды. Олардың ішінде жарқырап көрінгені Аслан Омарұлы болды. Әкесінен аумай қалған бала. Мұрны, аузы сол Өмекең... Апырмай, қалай ұқсаған. Көзі де... шашы да... Аслан 1952 жылы туды. Қазақ политехникалық институтын бітірген.
Еңбек жолын 1971 жылдан Өзен кен орнында оператордың көмекшісі болудан бастады. Ақылды да іскер ұл өз мамандығын тез игеріп, инженер-геолог, басқарманың геология бөлімінің бастығы болды. 1991 жылы Қызылорда облысындағы Құмкөл мұнай бірлестігінде бас геолог болып ауысты. Одан кейінгі жұмысы—Құмкөл-Хари кейін бірлескен кәсіпорнының вице-президенті.
Айтпақшы, осы Асланның туған ағасы Есенгелді (1949 жылы туған) Жаңаөзенде тұрып жатыр. Сол Есенгелді бір ұлының атын Сафи қойыпты. Сол бала Сафи—ата Сафидың 90 жасқа толуына арнап былайша өлең жазыпты.
Қабыл болсын батаңыз,
Ардақты біздің атамыз.
Осы өлеңді шығарған,
Сіздің сүйікті Сафи атты балаңыз!
Кішкентай бала Сафидың бұнысына қарт Сафи не десін, «Бәрекелді,—дейді.—Менің жасыма кел» дейді.
Омардан кейін Қали ағасы дүниеге келген. Ол Бәтимамен егіз еді. Олар XIX ғасырдың соңын ала 1900 жылы туған. Қали ағасы Ғұсманға еріп он алты жасында Доссорға барған. Алғашында ол да ең ауыр жұмыс—тарталыцик болыпты. Доссорда ФЗУ ашылған кезде соны оқып, ағаш шебері мамандығын алады. Осы мамандығы оған өле-өлгенше нан болды. Ал, Бәтиманың мектеп-интернатта бес-алты жыл аспаз болғаны бар. Бұл екеуінің де балалары мұнайшы мамандығын игерді.
Айтпақшы, Ғұсман қайтқан соң, жесірі Ағибашты «аға өлсе жеңге мұра» деген ғұрыппен Қалиға қосады. Сол Агибаш Қалидан екі қыз туды. Сафи сол Агибаш жеңгесінің парасаттылығын құрметтейді ғой. Қалекеңе кейінірек үйленуге рұқсат етті. Содан ол Нұрзила атты әйел алып, одан Әзберген деген ұл көрді. Оның алдында Қалекең Қаби інісінің Борис атты 1940 жылы туған ұлын алған болатын. Бористың жолы құтты болды, соңынан Әзберген інісі ерді. Ол екеуі де мұнай саласында көп еңбек сіңірді.
Қалекең 1979 жылы 79 жасында көз жұмды.
Сафидың Айша атты үлкен апасы ертеде Орынбор жақ бетте Жылқысай деген жерге ұзатылған екен. 1924-25 жылдары күйеуі қайтты ма, елге оралды. Елге келген соң Қабдіқадір Айтуаров деген кісіге күйеуге шықты. Ұлы Бисен соғыста хабарсыз кетті.
Қабидың Сафидан бес жас үлкендігі бар, 1904 жылы туған. Ол еңбек жолын 1928 жылы Мақат мұнай кен орнында мұнара құрастыру бригадасында ағаш шеберінің көмекшілігінен бастап еді. 1930— 35 жылдары Доссорда жер астынан мұнай тартатын қондырғыларды жөндеу жұмысына ауысады. 1935 жылдан бастап кәсіподақ, партия ұйымдарында қызметте болып, 1948 жылы қайтадан өндіріске оралады. Құлсары терең бұрғылау конторы деректірінің орынбасары, Қаратон, Тереңөзек, Қарсақ, Қызылқұдық, Алтыкөл, Боранкөл, Прорва барлау учаскелерінің бастығы сияқты жауапты жұмыстар атқарды.
Әйелі Салиха екеуі он бала тәрбиеледі.
Қаби әнші еді, әсіресе «Зілқараның әнін» аңыратқанда еріксіз таңдай қағасың. Ақтық сапарға шығарып салар митингіде аудан басшысы сөйлеп, «Қабекеңнің Зілқарасы-ай!» дегенде осы Сафи жылап жіберіп еді ғой.
Қабекеңнің мұнайшылық жолын ұлы Болат жалғастырды. Ол Мәскеудегі Губкин атындағы мұнай институтын бітірді. Ол да басқа дипломды мамандар сияқты әуелі оператор боп Құлсарыда еңбек жолын бастады. Содан ол Боранкөл, Қарарна, Қарасор, Прорва терең бұрғылау учаскелерінің аға инженері, содан соң бастығы болды. 1964-72 жылдары Биікжал өте терең бұрғылау экспедициясының бас инженері қызметін атқарды.
Ол Атырау, Орал, Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау облыстарындағы қырық шақты алаңдарды бұрғылау жұмыстарына қатысқан. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Болат Маңғыстаудағы «Арман» және Батыс Қазақстандағы атышулы Қарашығанақ мұнай-газ кенорындарын алғашқы ашқандардың бірі. Жер қойнауын барлау жұмыстарының үздігі.
Болаттың ұлдары Қуаныш (1962 жылы туылған) пен Марлан (1964 жылы туылған) да әкесіне тартып, Мәскеудегі И.М.Губкин атындағы мұнай, химия, газ өндірісі институтын бітірді. Олар да еңбек жолын Маңғыстау, Атырау облыстарында мұнайшы боп бастады. Қазір олар Қызылорда облысының Қызқия, Арысқұм, Майбұлақ, Қоныс, Бектас кен орындарында абыройлы еңбек етіп жүр. Берік (1960 ж.) пен Бекұлан (1973 ж.) атты ұлдары да мұнай саласында.
Сафи апалары мен ағалары туралы айтса, ерекше шабыттанып, әрқайсысының отбасына тоқталып, олардан тараған ұрпақты аты-жөніне дейін тізіп атап айтып отырады.
Әсіресе, Нұрыш апасы қиын өліммен көз жұмды ғой. Әкесі Өтебай әуелі оны Еркеқара деген немере інісіне қыз қып береді. Еркеқара болыс болған адам. Нұрышты сол кісі ұзатады. Бірақ, барған жерімен тұзы жараспады ма, Доссорға қайтып келді. Кейінірек екі бал асы бар бір кісіге күйеуге шығады. Өзімен бірге еріп келген Сағима атты кішкене қызды «ана балалармен сыйыспас» деп, не сезгенін қайдам, Сафидың қолына табыстап кетіп еді. Көп ұзамай Құлсарыда тұрып жатқан үйінен өрт шығып, күйеуі де, өзі де, анау екі бала да сол өрттің ортасында қалыпты.
Сафи бұл туралы ойласа жүрегі ауырады. Ал, Сағима Сафи мен Шәрипаның тәрбиесінде болды. Бой жетті. Күйеуге шықты.
Міне, Өтебай әкесі мен Рахима шешесінен тараған ұрпақ осылайша өмірден өз соқпағын тауып, соңына ұрпақ өргізіп, өркен жайып келе жатқан үлкен әулет. Көпшілігі ата кәсіп—мұнайшылық мамандықтарын қалаған. Болат інісі пысық қой, санап кеп қалса, Өтебаевтардың барлығы жиылып мұнай өндірісіне 800 жылдан аса жұмыс істеген боп шығыпты. Әрі ол жыл сайын көбейе де бермек. Үйткені, Өтебайдың немере, шөберелері қазір де мұнайда еңбек етіп жүр... Қарт Сафи енді балалары туралы бірауық ойға шомды.
Тұңғышы Света. Одан кейін 1941 жылы Шәрипа жарық дүниеге Әділ деген ұл әкелді. Сафи сол Әділден үлкен үміт күтетін еді. Шешесі оқушыларға сабақ беріп тұрғанда ол артқы партада тыңдап отырады екен. Жеті жасқа толмай жатып әріп таныды, өздігінен оқи бастап еді. Құдай өзі берген баланы жеті жасында өзі алды. Ол 1948 жыл еді. Бұл Сафиды үлкен қайғыға салып кетті. Бұның көз жасын көрді ме, Құдай Шәрипа екеуіне Әбіл (1945 ж.), Мақсот (1952 ж.) атты қос ұл берді. Шүкір ғой, екеуі де жоғары білімді, мұнай мамандығын алды. Әбіл келіншегі Асыл екеуі Өзен кен орнында мұнайшы болып, жиырма жылдай еңбек етті. Ал, Мақсот екі институт бітірген. Жиырма жылдай мұнайшы болды. Қазір Атырау қаласында КТК мекемесінде жұмыс істейді. Гөзел атты келіні бұны көрсе, иіліп сәлем беріп тұрғаны.
«Құдайға шүкір» дейді Сафи кейде немере-шөберелері туралы ойланғанда. Міне, қазір де сол шүкіріне басып отыр.
Бұл Аққұдайға Сафидың еш өкпе-реніші жоқ. Қайта осы бір өсіп-өніп жатқан ұрпағын көргенде Тәңірге мың да бір алғысын айтады.
Света мен Сәбиттен Әділ, Жанар атты екі жиен сүйді. Екеуі де өнерлі, музыкант. Сол Әділ жиеннен Айша деген сүйкімді жиеншар көрді. Сол Айша қазір Лондонда музыкалық академияда оқып жатыр. Одан кейін туған ұлдың атын ұлы нағашы атасының құрметіне Сафи қойыпты. Кішкентай Сафи қазір мектепте оқып жүр.
Жанардан Әсет, Тайыр атты балалар өсіп келеді. Әсет «Болашақ» бағдарламасымен оқып жатыр. Ал, Тайыр жақында Италияға виолончельден байқауға түсіп, қырық талапкердің ішінен бірінші орын алып келді. Айтпақшы, бұл тоқсан жасын атап өткенде Айша да, Тайыр да музыка тартып, жиылған қонақты тәнті етіп еді.
Мақсоттан Гүлнар, Элмира, Елдар атты немерелері бар.
Әбілден Асқар деген немере сүйді. Ол Қазақ көлік және коммуникация академиясын бітіріп, 1996 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің түлегі Жәзира есімді қызды Өтебайдың қара шаңырағына келін етіп түсірді. Шәрипа қайтыс болардың алдында «ата-әжемді күтемін» деп, атасының қолына келіп еді. Содан бері атасының жағдайын жасап, күтіп-баптап, осы үйде тұрып жатыр. Қазір Асқар да, Жәзира да өз мамандықтары бойынша жұмыс істеп жүр. Бұл екеуінен Надира, Қуат атты екі шөбере бар. Екеуінің де атын өзі қойды. Қазір екеуі де «аталап» шауып жүр. «Иә, Құдай, көрсеткеніңе шүкір, арманым жоқ!» дейді күбірлеп.
***
Сафи Атыраудан көңілі жайланып, аса бір қанағаттанарлық сезімге бөленіп қайтып келе жатыр. Жо-оқ, бүкіл облыс боп, республика боп бұның мерейтойын атап өткеніне ғана емес, көптен бері көңілінде жүрген бір шаруаны тындырғанына қуанышты.
Сол жұмыс көкірегінде түйін боп тұрып алып, қайда барса да тарқатылмай қойып еді. Сол тарқатылды. Көңілі жайланды.
...Анада Қызылордада тұратын Болаттың баласының үйінде болғаны бар. Сонда әңгіме арасында Болат:
— Өтебай атамыздың басын қарайтуымыз керек,—деп ұлы Қуанышқа әңгіме айтып отыр екен. Болаттың осы сөзі Сафиды елең еткізді.
— Ау, мен ше? Мен оның туған ұлымын ғой. Жо-оқ, әкемнің басын.өзім қарайтуым керек,—деп бұл намыстанып қалды.
Көкірегіндегі тарқатылмай қойған түйін осы болатын...
Сонау 1931 жылы Сафи Баку институтының бірінші курсын бітіріп каникулға келгенде әкесі екеуі арбамен Қызылқоғаға барып келіп еді ғой. Әкесін ақырғы рет көруі сол екен, екінші курсты бітіріп келгенде әкесі байғұстың топырақ құшқанына жылға жуықтап қалыпты. Көзінен жасын сығымдап әке сүйегі қойылған қабірге барғаны есінде.
Доссордағы сол қабір басына Омар ағасы ағаштан белгі қойған екен. Бірақ, ол құлап қалып, Қали құлпытас қойыпты. «Өтебай Баспайұлы, руы Есентемір. 1860-1931 жыл. Белгі қоюшы баласы Қали» деген жазуы бар еді. Басқа түк жоқ, жәй төмпешік боп қана жатқан. Талай рет басына барып дұға етіп жүр ғой. Сонда басын қайта көтеруді талай ойлады. Бірақ, бейітті жаңартуға болмайды деген ескіден қалған сөзден қаймыға беруші еді. Әйтпесе, бес-алты мың кірпіш анадай қызмет істеп жүрген Сафиға бұйым емес.
Тойдан соң Маңғыстаудың тасына тапсырыс берді. Тасқа тапсырыс бергенін, қарап отырмай, «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалының директоры Нұрпейіс Мақашевке айтып еді:
— О не қылған тас?—деп ол таң қалды.
— Әкемнің басын көтерейін деп сұрап едім,—деді бұл шынын айтып.
— Сәке-ау, о не қылғаныңыз,—деп Нұрпейіс сол арада күйіп-пісті.—Біз тұрғанда неге сұрайсыз? Керегі жоқ, сұрамаңыз. Өзіміз салып береміз.
Сөйтіп, Нұрпейіс барлық шығынды өз мойнына алды.
Құрылысшылар кірпіш қалап жатқанда Сафи әкесін енді ғана жерлеп жатқандай көңілі босап, көзіне жас келіп қалды. «Қайран, әкем!»
— Бұрын неге салмадыңыз?—деді Нұрпейіс бейіт құрылысы біткен соң.
— Комсомол болдық, коммунист болдық. Ондай адамда ақыл бола ма?
... Сафи әке атын ұятқа қалдырған жоқ. Халық бұған риза болғанда «Атаңа рахмет!» деуші еді. Тоқсан бес жасқа келсе де әкенің алдында бұл әлі бала. Осыны ойлап кәрі кеудені шаттық кернеп ала жөнелді.
Осы сәт әппақ ұшақтың дөңгелегі дік етіп жерге тиді де, әудем жер екпіндете жүгіріп барып, бері қайырылды. Сафи сонда ғана ұшақтың Алматыға аман-сау келіп қонғанын аңғарды. Осы жаңа ғана Атыраудан бауырын көтеріп ұшып шығып еді, енді міне, табанының астында Алматы жатыр. Су жаңа әуе лайнері бұны көзді ашып-жұмғанша Алатау бөктеріндегі қалада тұратын шөберелеріне алып келді. Осы екі арада бұның көз алдынан бүкіл өмірі елес беріп өтіп еді.
Сафи ұшақтан түсіп, әуежай бекетіне бет ала бере «Уай, өмір-ай, тоқсан бес дегенің Атыраудан Алматыға самолетпен ұшып келгендей-ақ уақыт екен-ау!» деп ойлады да, ауыр күрсінді.
Ал, дәл осы кезде қос шөбересі - Нәдира мен Қуат «аталап» анадай жерде жүгіріп келе жатты.
Аса қадірлі Сафи Өтебайұлы!
Мағыналы да мазмұнды ғұмырыңыздың бір асқары—90 жасқа толуыңызбен шын жүректен құттықтаймын.
Еліміздің мұнай өнеркәсібінің тарихына Сіздің есіміңіз алтын әріптермен жазылуға лайық. Осы салада еңбек еткен 40 жылдан астам уақыттың ішінде Сіздің республикамыздағы Құлсары, Комсомол, Прорва, Кеңқияқ, Қаратон, Жетібай, Өзен мұнайлы алаңдарын ашуға, халық игілігіне жаратуға қосқан үлесіңіз зор. Сіздің майталман мұнайшы мамандар тәрбиелеуге сіңірген еңбегіңіз де сүбелі.
Құрметті Сафеке, абыз жасыңыз құтты болсын, деніңізге саулық, әулетіңізге амандық тілеймін, ұзаққа жасай беріңіз.
Нұрсұлтан Назарбаев,
Қазақстан республикасының Президенті
Аса құрметті Сафи Өтебайұлы!
Сізді өміріңіздегі айтулы оқиға—90 жылдық мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын!
Өміріңіздің 60 жылдан астам уақытын мұнай-газ саласының құрылуы мен дамуына арнаған Сіз Гурьев облысы Мақат мұнай кәсіпшілігінің бұрғылаушысы мен барлаушысынан бастап, Қазақстан мұнай шығару өнеркәсібі бірлестігінің бастығына дейін үлкен еңбек жолынан өттіңіз.
Экономиканың қайта қалыптасуы кезеңінде, әсіресе, Қазақстанның мұнай өндіру базасындағы жетіспеушіліктер сезіліп тұрған соғыстан кейінгі жылдарда тұңғыш рет осы маңызды істі қамтамасыз ету үшін «Қазақстанмұнай» бірлестігінің бастығы лауазымы Сізге тапсырылды.
Парызды терең сезінушілігіңіз, жоғары кәсіби шеберлігіңіз, тамаша ұйымдастырушылық қабілеттеріңіз ерекше еңбексүйгіштігіңізбен және адами қасиеттеріңізбен астасып, биік табыстарға жетуіңізге мүмкіндік берді және республика басшылығының, мамандардың, Сізбен еңбек еткен барша адамның құрметіне бөледі.
Қоғам игілігіне қосқан Сіздің сүбелі үлесіңіз Ленин орденімен, Октябрь Революциясы орденімен екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен және Құрмет грамоталарымен, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері және КСРО-ның құрметті мұнайшысы құрметті атақтарымен аталып өтті. Сіз төрт рет республиканың және бұрынғы КСРО-ның Жоғарғы заң органының депутаты болып сайландыңыз.
Бүгінде құрметті демалыста, Қазақтың Қ.И.Сәтбаев атындағы техникалық университеті студент жастарының тәлімгері бола отырып, Сіздің өміріңіз, Сіздің толқынның өмірі Отанға мүлтіксіз қызмет етудің жас ұрпақтар үшін жарқын үлгі екенін көрсетудесіз.
Тоқсан жылдық мерейтойыңыз күні, аса құрметті Сафи Өтебайұлы, Сізге мықты денсаулық, туған-туысқандарыңызға бақыт пен құт-береке тілеймін!
Құрметпен, Қазақстан республикасының Премьер-Министрі Нұрлан Балғымбаев.
Ардақты Сафи аға!
Ата қоныста бағзы үрдістің, баба кәсіптің бағы өтіп бара жатқан тұста ел-жұртыңызға жаңа кәсіп тауып берген тарихи топтың көшбасшысысыз.
Сіз барлаған мұнай барлаушылары мен өндірушілері бір ғасыр ішінде ұлан байтақ қазақ даласының түкпірінен түгел дерлік байлық тауып, ел әулетіне асыруда. Бүгінде самсаған сары қолға айналған қара алтын өндірушілердің Бас Сардары әлі Өзіңізсіз.
Көп жылдық еңбегіңіздің жемісі тәуелсіз Қазақстанның маңдайын жарқыратып, қалған дүние алдындағы бірден-бір бет жүздігіне айналып отыр. Еңбек жанды, ер мұратқа жетті деген осы.
Әлі де ұзақ ғұмыр жасап, көксегеніне жеткен халқыңыздың көсегесі көгергенін көре беріңіз.
Деніңіз сау, мерейіңіз үстем болғай!
Інілік ізетпен,
Әбіш Кекілбайұлы,
Қазақстан республикасының мемлекеттік хатшысы.
Махамбет БАТЫРБАЕВ,
«Қазмұнайгаз» ҰМК-нің тете президенті
Қазақтың тұңғыш мұнай инженері Сафи Өтебайұлының 95 жасқа толу мерейтойында сөйлеген сөзі.
Қадірлі қонақтар! Құрметті мұнайшылар!
Тәуелсіз мемлекетіміздің экономикалық қуатты күші болып табылатын мұнай өндірісінің түп-төркіні әріде жатыр.
Осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын, Қарашүңгіл мұнай алаңындағы №7 ұңғыдан, 40 метр тереңдіктен мұнай фонтаны атқылап, тәулігіне 25 тоннаға дейін өнім беріп, бұл аймақта үлкен мұнай қоры бар екендігі дүние жүзіне жария болды.
Сөйтіп, Қарашүңгілден басталған «қара алтын» көші атадан балаға жалғасып, кейінгі ұрпаққа мұра болып келеді.
Бұл жердегі буырқанған байлықтың «иісін» күні бұрын сезген еуропалықтар қазына іздеуді тоқтатпастан өз дегендеріне жетті. Алғашында, жер астынан үздіксіз шығып жатқан, отқа құйсаң жанатын, қолға ұстасаң жұғатын, қара майдың соншалықты қымбат екендігін жергілікті халық түсіне қоймады.
Қара жерге қара ағашты қазықша қағып, терең өзек бойымен мұнай ағызған, оны тері меске құйып, түйеге теңдеп теңізге тасыған Tiршілікке араласуды ағаларымыз пендешілікпен күн көру деп ұғынса, кейін бұл өндірістің өмір екенін тез түсінді. Біреу атымен, біреу арбасымен жалданып жүріп, бұл саланың қыр-сырын қабылдап үлгерді.
Осылайша жеті қат жер астынан жарып шыққан қазынаның игерушісі өзге болғанымен, иесі өздері екенін ұғынған ел, мұны атадан балаға жалғастыруға, жастарды осы іске тартуға бел буды. «Маңдайынан тер емес, май сорғалаған мұнайшы ағаларымды көргенде олардың бейнетін жеңілдетуге бел будым»—деген Сафи аға, сол кезде ол жас жігіт болатын.
Жас жігіттің қиялы күн санап қанаттанып, ер жетуге талпындырды. Бұл құбылыс кез келген жанның пешенесіне жазыла бермейтін, өресі жете бермейтін құбылыс. Олай болса, Сафи Өтебайұлын көптің арасынан дара туған, көп арасында қайталана бермейтін, Жаратушының ерекше назары ауған пендесі деп білеміз.
Бұғанасы қата қоймаған Сәкеңнің оқи жүріп, өндірісте еңбек етуі талпыныс пен білмекке құмарлықтың қуаты болатын.
1927 жылы Ембі тарихында алғаш рет биіктігі 41 метрлік, айналып қазатын алғашқы бұрғылау қондырғысы өмірге келді. Бұл Сафи ағаның алғашқы табысты еңбегі, жеңісті жолы болатын. Өз кәсібіне деген құштарлық батар күн мен атар таңнан қуат алып, оқысам, білсем деген талпыныс 30 жылдардың басында Бакуге қарай жетеледі.
Арман-қиялы тағы да адастырмады, осында 5 жыл оқыған Сафи Өтебайұлы студенттің арасында жалғыз қазақ болып, еліміздің тұңғыш мұнайшы-инженері атанды.
Ел мен жерге деген махаббат, «Елге бару—борышым» деп табандылық танытуы, жалғыз Сәкеңнің абыройын үстем еткен жоқ, бүткіл қазақ халқының мерейін көтеріп тастады.
Саналарында қазақ деген ұғым тек дала мен мал болып шегеленген талай жұрт, осы жолы Қазақтың қайсарлығын да, намысы мен мәрттігін де мойындады емес пе?! Осылайша жүрегінің түбінде мұнайшылардың тұрмысын түзетемін деген үмітін ұялатқан Сафи ағаның қиялы сертке айналды, ал мұндай азаматтың сертке тұрмауы мүмкін емес еді.
Ембі даласында бірінен соң бірі жаңа кен алаңдары ашылды, соғысқа дейін мұнай өндіру көлемі бірнеше есеге артса, соғыстан кейінгі жылдары оның көлемі 1 млн-нан асты. Мұны місе тұтпаған мұнайшы қауымы Прорва, Боранкөл, Маңғыстауға бұрғы салуды қолға алды. Өйткені, соғыстан қалжыраған еліміз үнемі мұнайшылардан қара алтын өндіруді сұрап отырды. Әйгілі ақын Асқар Тоқмағамбетовтің «Мұнайшылар мұнай бер, соны Сізден сұрайды ел» деген жыры сол халықтың атынан айтылған сөз екенін баршаңыз жақсы білесіздер.
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда Сафи Өтебайұлы Мәскеуде оқуда болатын. Оны бітірісімен Сафекең Құлсары кәсіпшілігінің директоры болып тағайындалды. Ол кезде Құлсарыда бірнеше ұңғы ғана бар еді. Сафекең барысымен тұрғын үйлер, мектеп, аурухана, жатақхана, өндірістік базалар салуға кірісті. Тез арада бұрғылау қондырғылары орнатылды. Жұмыс қолы аз, жастар майданда еді. Кәсіпшілік басында тұрып, тәулік бойы жұмыс істейтін бригадалар құрылды. Мұнайшылардың ерен еңбегінің арқасында 1942 жылы тәулігіне 800 тонна мұнай өндіріле бастады.
Ел басына күн туып, жауға қарсы барлық күш біріктірілген тұста, Сафи Өтебаев та қалыс қала алмады. Москвада әскери комиссариатқа барып, өз еркімен майдан өртіне сұранады. Құжатындағы «мұнайшы» деген жалғыз ауыз сөз, Сафекеңнің майдан өртінде емес, тылдағы өндіріс ортасында «отқа орануына» мәжбүр етті. Сөйтіп, ол басқыншыларға қарсы жанкешті соғысты тылдан, өндірістен жалғастырды.
1945-51 жылдары Сафи Өтебаев Жылой аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жұмыс атқарды. Осы жылдары жаңадан Мұнайлы, Қаратон, Төлес, Тереңөзек мұнай кен орындары ашылды.
Аудандық партия комитетінде де алғырлығымен көзге түскен Сафекең тәжірибелі басшы ретінде «Қазақстанмұнай» бірлестігінің басшысы болып тағайындалды. Ол бұл жерде де 6 жыл абыройлы еңбек етті.
Мол тәжірибесі бар, іскер ұйымдастырушы, әрі белгілі мұнай маманы Сафи Өтебайұлы Маңғыстау мұнайын игеруге аттанды. Екі жылдан соң-ақ барлаушылар Жетібай және Өзен кен орындарының зор болашағы барын дәлелдеп шықты.
Сафи Өтебаев бірлесе, ынтымақтаса жұмыс істей білді. Біреудің қате кемшіліктерін жолдастық ниетпен шешуге тырысты. Қандай істе болсын төзімді, ойындағысын тайсалмай айтатын батыл басшы болды.
1957-1965 жылдары Сәкең Батыс Қазақстан Совнархозының басшысы ретінде Гурьев, Маңғыстау, Орал, Ақтөбе облыстарын басқарды. Осы жылдары «Маңғышлақмұнай» бірлестігі құрылып, оның орталығы Шевченко қаласы болды, жаңа кен орындарына теміржол, электр желілері, су құбырлары тартыла бастады. Ал 1964 жылы 2 барак қана тұрған жерде Өзен қаласы бой көтерді.
Жылдар мен тағдырлар астасып кеткен бұл кезең Сафи Өтебайұлының тағдырындағы ерекше уақыт дер едім.
Бір кездері Қазақстанның бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаев Сафи Өтебайұлымен ақылдаса отырып, мұнай орталығын құрды және Сәкеңнің ұсынысымен ол Маңғыстауда орын тепті. Осылайша, 1970 жылы еліміз бойынша 15 миллион тонна мұнай өндірілді. Қазақтың мұнайды танып, оны тапқан мезгілі мен өндіруді осындай межеге жеткізуі аралығындағы ұлы жолдан өткен Азаматын елі мақтан етеді, ертеңіне үлгі етеді.
Сафи ағаның жергілікті жастарды білімге тарту, оларды оқуға жіберіп, маман дайындау мәселесінде белсенділігін айтуымыз керек. «Әке-шешелеріңнің қолы жетпеген үмітті сендер ақтаңдар» деп, Мәскеуге қазақ жастарын көптеп аттандыруы «өз байлығын халықтың өзі игеруге тиісті» деп, мұнай өндірісінің келешегіне оқыған, еңбекке серпін әкелетін жастарды тартуды түпкі мақсат етті.
Сол жастар, ағалар салған жолды жалғап, бүгінге жеткізді. Сәкең салған сол жолдан қарапайым мұнайшы да, мұнайшы министрлер де өтті. Сол жол арқылы ерлікке толы еңбектің үлгісі жасалды, ол елге аңыз боп тарады. Сол жол арқылы Қазақстанның бүгінгі мұнай өндірісі қалыптасты. Ағалар салған сара жол қазақ мұнайын әлем саудасына шығарды. Осындай маңызды істердің көш басында болып, «қара алтынды» өңірдің мәртебесін арттыру жолында толымды табыстармен көзге түсіп, құрметке бөленген үзеңгілес ағаларымыз Таумыш Жұмағалиев, Жолдасқали Досмұхамбетов, Жетпісбай Есенжанов, Өтеп Балғымбаев, Қуаныш Құдабаев есімдері кейінгі ұрпақ жадында мәңгілік сақталары сөзсіз.
Абзал ағалар жүріп өткен жол—кейінгі ұрпақ үшін үлкен мектеппен пара-пар десек, Бөлекбай Сағынғалиев, Рахмет Өтесінов, Саламат Мұқашев, Темірхан Сарбуфин, Табын Өржанов, Құмар Балжанов, Мақаш Балғымбаев есімдері де мұнай өндірісі саласында мақтанышпен аталады. Ізбасар інілері Нәсіпқали Марабаев, Нұрлыхан Бекбосынов, Роберт Бердіғожин, Нұрлан Балғымбаев, Равиль Шырдабаев, Ұзақбай Қарабалин, Ләззат Қиынов есімдері де бүгінгі күні атап өтуге әбден лайық.
Өткен ғасырдың қарынға құйып тасыған қара алтыны, бүгінде қанша мемлекетті қиып өтіп, құбырлар арқылы сыртқа шығарылуда. Осыдан жүз жыл бұрын келешекті ешкім болжай алмады, ал осыдан 10 жыл бұрын Қазақстанда 50 миллион тонна қара алтын өндірілетініне, яғни өндіріс бірнеше есеге артатынына сенген адам кемде-кем болатын.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы Қазақстан халқына жолдауында «Қазақстандық бизнестің қалыптасу процесі аяқталып келеді. Ол ішкі ғана емес, сыртқы нарықта да күш сынасу үшін пісіп-жетілді. Біз ендігі жерде шаруаларымызды да Қазақстанның ғана емес, сондай-ақ әлемдік нарықтағы бәсекелестік күреске дайындауымыз керек» деген болатын. Бұл әңгіме сөз жоқ мұнайды барлау, қазу, өндіру, тасымалдау секілді қара алтын өндірісіне де қатысты.
Елбасының экономиканы қуаттандыру барысында ұстаған саясаты бұл күндері өз шешімін табуда. Кең байтақ Қазақстанның қай бұрышына қарасақ та, ірі-ірі өндіріс ошақтары бой көтеріп, ел мүддесі үшін еңбек ырғағын еселей түсуде. Қызылордадағы «Құмкөл», Батыс Қазақстандағы «Қарашығанақ» кәсіпорындарының дүниеге келіп, ерен еңбек үлгісін көрсетулері сөзіміздің дәлелі.
Қазір Қазақстанда құрлықты қоспағанда, судың үстінде геофизикалық шараларды жүзеге асыратын қуатты кәсіпорын қалыптасты. Өз бетінше теңізде бұрғылау жұмыстарын жүргізе алатын компания құрдық. 2015-жылға дейін мұнай өндіріле бастауға тиісті Каспий қайраңын игеру жұмыстарына қатысу үшін Ұлттық компания нақты әрекеттерді қолға алып отыр.
Ғасыр жобасына бағаланған Каспий құбыры қазақ мұнайын сыртқа шығаруды тездетіп, Қазақстанның мұнай өндірісінің дамуына үлкен септігін тигізіп отыр.
Кеңес өкіметі тұсындағы алты алыптың бірі атанып, жылына 15 млн тонна «қара алтын» өндірген Өзенмұнай кен орны мен атақты Ембі кен орнының қосылып, ірі бірлестік болып құрылуы—ел экономикасын қарышты дамытуға қосқан тағы бір зор үлес болды.
Бұл айтылып отырған жайлардың бәрі соңғы он жылда жүзеге асқан жаңалықтар болғанымен, жүздеген жылдар бойына созылған мұнай өндірісінің заңды жалғасы, 10 жыл 100 жылдың жүгін арқалағанымен, солардың тәжірибесі мен жетістігінен бастау алады.
Олай болса бүгінгі таудай табыс, ел елеңдеп күткен ертеңгі келешек Сафи ағалар салған соқпақтың арқасы екені даусыз.
Бүгінгі тоқсанның бесеуіне келсе де халқына, еліне жаны ашып, өндірістің келешегіне алаңдап, ағалық ақылын айтып отыратын абзал ағаның кеңестерін, біз әрдайым басшылыққа алып отырамыз.
Жеті қат жер астындағы қазына байлықты халық игілігіне айналдыру үшін толарсақтан саз кешіп, маңдайларын күн тескен, қарлы боранға да қыңқ етпеген, қасқайып ілгері тартқан қажымас қара нардай азаматтар өсіп шықты, олардың ұрпақтары әке жолын жалғап, өз еліне қызмет етіп жатыр. Бір өкініштісі, Шарипа анамыздың осы күнге жете алмай кеткендігі. Бірақ апай Сәкеңнің осындай биікке көтерілуіне, абырой беделінің артуына мол мүмкіндіктер жасап кетті.
Сіздердің өмірлеріңіздің өзі өзгелерге өнеге. Бір-біріңізге деген сыйластық, жарасымдылық, кішіге деген мейірім, адамгершілік қасиеттеріңіз көпке кезінде үлгі болды, бүгінгі ұрпақ та сол жарасымды өмірді жатырқамай, жандарына жақын тұтады.
Құрметті Сафи Өтебайұлы!
Ұзақ жасаудың сырын өзіңіз бір әңгімеңізде «адал еңбек еттім, жұртқа қолымнан келгенше жақсылығымды аямадым, өз кәсібімді шын қадірледім» деген едіңіз. Жолыңызды кейінгі буын жастарға берсін дегім келеді. Себебі, Қазақстанның келешегі кемел, оған Сіз секілді елі мен жерін қадірлей алатын, өз ісін терең сезіне алатын іскер жандар ауадай қажет.
Ежелден қойны-қонышы қазынаға толған, жер үсті шежіре-жырға бөленген Атыраудай қасиетті аймақта дүниеге келген Сафи Өтебаевтың жоғарыда тілге тиек болған парасаттылығы, кәсіби шеберлігі, елім, жерім үшін деп толғанған ерен еңбегі, оның әрбір қадамынан байқалып тұрды. Сол кездегі ірі мемлекеттік марапаттар—Ленин, Октябрь революциясы, П Дәрежедегі Отан соғысы, екі бірдей «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендеріне, көптеген медалдар мен құрмет грамоталарына ие болды.
Қазақстан мұнайының 100 жылдығына орай, егемен еліміздің тұңғыш президентінің қолынан, мемлекеттік ең үлкен наградасы «Отан» орденін иемденді. Мұның бәрі Сәкеңнің ел алдындағы адал еңбегі үшін берілген әділ баға деп түсінемін.
Ақтау қаласы мен Жылой ауданының құрметті азаматы атануыңыз да халықтың өзіңізге деген ыстық ықыласы.
Қымбатты Сафи Өтебайұлы! Сізді бүгінгі мерейтойыңызбен құттықтап, деніңізге саулық, басыңызға амандық тілеймін. Кейінгі ұрпаққа үлгі болар осындай мағыналы өмір жасыңыз үшін бүкіл қазақстандық мұнайшылар қауымы атынан үлкен алғысымызды айтып, ризашылығымызды білдіремін. Аллаһ Тағала бас амандығының арқасында бүгінгі өмір қуанышын халқыңызбен бірге, әлі де алаңсыз көре беруге жазсын!
Жастан жасқа шығып, ағайын-туыс, дос-жолдастарыңыздың ортасында аман-есен жүре беруге Аллаһ нәсіп етсін!
Telegram bot
Вконтакте