СӨЗДІК
Абад, абат /п/ – халқы жиі қоныстанған қызу, думанды, базарлы жер; елді мекен; бай, берекелі орын
Ажам /а/ – парсылар; араб еместер, шетелдіктер
Азар – қорлық, азап
Ағза /а/ – адам денесінің мүшелері; кейбір мәтіндерде жүрек деген мағынада алынған
Ақ – Хақ деген сөздің х әрпі түсіп, қысқартылып айтылатын түрі. Хақ /а/ – шындық, күмәнсіз ақиқат; Алла Тағаланың 99 есімінің бірі
Анда /т/ – сонда; андан соң /т/ – кейін, содан кейін, сонан соң
Анлар /а/ – олар
Анша – сонша
Арзымайды – тұрмайды, тең келмейді
Асан /а/ – жеңіл
Асандық – жеңілдік
Аслан /а/ – асылы
Аслас /а/ – қате; пиғылы жаман, пейілі тар адамның іс-әрекеті.
Ахир /а/ – соңғы; Алла Тағаланың 99 есімінің бірі; жандының бәрі, бүкіл әлем дүниесі, ғарыш жоқ болып кетсе де Алла Тағала жоқ болмайды, ол – мәңгі деген мағынаны береді.
Ахират, ахирет, ақырет /а/ – ақырет күні. Мұсылмандардың ұғымы бойынша бұл күні қияметтің болуы, Алладан өзгенің жоқ екендігі, өлгеннен кейін сұрақтың қойылатындығы анық сезіледі. Пенделер тірі кезінде істеген күнәларына жауап беретін күн. Ары таза, күнәсі жеңіл болса, Алланың жақсылығын сезіп, ауыр болса, қабір азабын тартатын күн; о дүние деген ұғым; ақырзаман, дүниенің соңы.
Ахун /п/ – діни ұстаз, жетекші; Ислам діні қызметкерлерінің лауазымы, мүфтиден кейінгі діни атақ; білімді, сауатты адам
Ашық, асық /а/ – ғашық, сүйікті
Ашықтық /а/ – ғашықтық, махаббат
Әд, хәд /а/ – шек, шекара
Әдиса – таңғажайып оқиға; хикая; сөз; сыр
Әдірес – жұқа, қымбат мата
Әзел /а/ – мәңгілік, бақилық; басында, әуелде
Әжеп – ғажап
Әзірет, хазірет /а/ – ұлы мәртебелі, мырза деп патшалардың, хандардың, әмірлердің, діни қайраткерлердің атына, титулына қосылып айтылып, жазылатын құрметті атақ
Әйла /т/ – жасау, істеу
Әладдауам /а/ – ылғи, үнемі, кілең
Әләйһиссалам /а/ – оны Алла жарылқасын! Пайғамбарлардың атына жалғаса айтылатын сөз. Қысқартылған түрі – ә.с.
Әлпез – құрал; жол; түр
Әлқисса /а/– сонымен; қысқасы, қысқаша айтқанда
Әмма, һәмма – бәрі, барлығы
Әсірет /а/– қасірет
Әтказ /о/ – бас тарту, айну, безу
Әуара /а/ – әуре; әуре болу; есуас
Бад, бәд /п/ – жаман, нашар
Байбатша – бай баласы; мырза
Бақал /а/ – ұсақ-түйек сатушы; саудагер
Бәдән /а/ – дене
Бәдпиғыл – ниеті жаман, қара ниетті
Бәни /а/ – ұл, ұрпақ
Бәни Сайб [Сайб – ру аты] – Сайб ұлдары, Сайб ұрпағы, халқы, Сайб руы
Бәһра /т/ – ләззат; ғанибет; ғибрат
Бейқарар – мазасыз, тыныштықсыз; қайғылы; ессіз
Бейхал /а/ – көңілсіз
Бек /т/ – өте, тым; феодал, ел билеуші бай
Биабан /п/ – құлазыған шөл дала, жапан түз
Биқисап /п.а./ – өте көп, сансыз, өлшеусіз
Бипаздау – әдемілеу, мәнерлеу
Бисмилла /а/ – Алланың атымен. Мұсылмандар әрбір игі істі, әрекетті осы сөзбен бастайды
Биһұш /п/ – көңілсіз; ессіз болу, естен танып қалу
Бөксеру – жарып жіберу, бір жерін тістеп алу
Бұл – мата; зат, нәрсе; дүние-мал
Білән, бірлән, бірлә, илән /т/ – мен; бірге
Гөзәл /т/ – сұлу, әдемі
Гүзер /п/ – лаж; шығу; пәледен құтылу
Ғадалат /а/– әділет
Ғадалет /а/ – оқиға, хикая
Ғадиса /а/ – әдиса, таңғажайып оқиға; хикая; сөз
Ғазал /а/ – соңғы екі жолы ұйқасып келетін шығыс халықтарының лирикалық өлең өлшемі
Ғазабат /а/ – азап
Ғазиз /а/ – қадірлі; қымбатты; аяулы, ардақты
Ғайбат /а/ – өсек, жала сөз; өтірік сөз
Ғам /а/– қам, уайым
Ғанибет /а/ – олжа, баға жетпес, қолға түспес, жарастық
Ғарық болу /а/ – суға кету, бату; суға түсу
Ғарзуғам /а/ – кездейсоқ жағдай; күтпеген жерде пайда болған олжа
Ғаріп, қарып, кәріп /а/ – бейшара, мүсәпір, міскін
Ғау /п/ – айқай, шу
Ғаяр – аяр, мекер, алдамшы, сиқыршы
Ғейіш-ғишрат /а/ – сауық-сайран
Ғұлман /а/ – жас жігіт, бозбала; діни ұғым бойынша жұмақта қызмет көрсетуші мәңгі жас, сұлу жігіт, бозбалалар
Ғұнша /п/ – гүл
Дарбаза – қораның, мекен-жайдың сыртқы үлкен қақпасы
Дахи – және, тағы да
Дәпін, дәфін ету /а/ – жерлеу, арулап қою; көму
Дәргаһ /а.,п./ – Құдай құзыры; қақпа, есік; салтанатты сарай
Дәркар /а.,п./ – керек, қажет; іске жарайтын
Дәрткеме – құмар ойыны
Дәрулмәлік /а/ – патша сарайы
Дәсмия /п/– байлық, қор; күш-қуат; сайман, құрал
Дегеш /т/ – деген
Дерлер /т/ – дейді
Диан-диан /п/ – азды-көпті
Динар /а/ – алтын ақша; Ирак, Иордания, Алжир, Ливия, Йемен, т.б. елдердегі ақша өлшемі
Диуана, дуана – ризығын көктен тілеп, кәсіпсіз жүретін адам; дәруіш
Дүр – інжу, гауһар; зор, атақты, әйгілі
Дықат – дақ мағынасында алынған
Ділла, ділда, тілла, тіллә – алтын ақша; кейде алтын, зер мағынасында да қолданылады
Ерүр [т] – еді
Жад ету /п/ – еске алу, есте ұстау
Жаллад /а/ – жендет, жазалаушы; баскесер
Жаппар /а/ – құдіретті, күшті; Алла Тағаланың 99 есімінің бірі
Жауаһыр /а/ – жауһар сөзінің көпше түрі
Жаһаннам /а/ – діни ұғым бойынша дүние салғаннан кейін күнәға батқандар баратын жер. Аллаға сенімсіздік білдіріп, оған құлшылық етпегендер жаһаннам отында мәңгі жанады.
Жәдугер /а/ – жәдігөй, залым, сұрқия; сиқыршы
Жеһ /п/ – құдық, шұңқыр
Жиелік /т/ – жейік
Жөйіт – жөһүд, яхуди, еврей; Мұса пайғамбардың үмбеті
Жұптылық – ерлі-зайыптылық; серіктік
Жүгірік – жүйрік
Жүдә /п/ – өте, тым, тіпті; бөлек, өзге
Зина /а/ – нәпсіқұмарлық, жезөкшелік; неке бұзушылық
Зина бала – некесіз туылған бала
Зияда /а/ – өте, тым, қатты; үлкен; жақсы; артық
Зияпат /а/ – біреудің немесе бір нәрсенің құрметіне берілетін қонақасы, салтанатты кеш; банкет; құрмет; сый-сияпат
Зият /п/ – артық, жақсы
Зұлмат /а/ – қараңғылық, қара түнек; зобалаң
Зұлзалат, Зұлжалал /а/ – жоғары мәртебелі; Алла Тағаланың 99 есімінің бірі
Изһар ету /а/ – таныту, көрсету; нық, ашық; ауыспалы мағынада: қайтыс болу
Иләһ /а/ – Құдай, Құдірет, Тәңір; иләһи, иләһим – Құдайым
Иншалла /а/ – [ин шаа Алла: ин – егер, шаа – қалау] Алла қаласа, Алла ұнатса
Ирам /а/ – байсалдылық; тыным
Ислам /а/ – Құдайға берілу, Құдайға құлшылық ету; VІІ ғасырдан бастап араб елінен дүние жүзіне кең тараған, ықпалды, соңғы дін
Итпарас – итке табынған
Йақ – жоқ
Катта, кәттә – үлкен
Касат – қастық
Кәлима /а/ – сөз; әңгіме; тілін кәлимаға келтірді, яғни кәлима шаһадатты айтты
Кәлима шаһадат /а/ – куәлік сөз. Алла Тағала мен оның елшісі Мұхаммедке сенім, иман білдіретін шарт
Кәниз, кәнизак – хан сарайындағы қызметші қыз
Кәпір /а/ – пұтқа табынушы, көпқұдайшыл; шындықты мойындамаған; Ислам дініндегілер Аллаға сенбеген бүкіл мұсылман еместерді кәпір деп атаған
Кәр /а/ – жүз мың
Кәрім /а/ – жомарт, мейірімді; Алла Тағаланың 99 өзіне ғана лайықты есімінің бірі
Кемер – белбеу
Керкүдан – керік; мүйізтұмсық
Көдек, гөдек /п/ – сенгіш, аңғал; жасөспірім бала, сәби
Көнтек – малдың терісінде болатын қышыма, қотыр
Көрістан – бейіт, зират, мола деген мағынаны береді
Крилса (о) – дәліз, есік алды
Күмет /о/ – бөлме, үй
Күнәһ – күнә
Кірай /о/ – өлке, аймақ
Қам – қайғы
Қарар /а/ – тыныштық; келісім
Қасап, қасапшы – малды сойып сатып кәсіп етуші
Қасат болу /п/ – зиянға ұшырау; банкрот болу
Қатира /а/ – бірыңғай заттың тәртіппен тізілген тізбегі; қоса, қабат, мәрте
Қатра /а/ – тамшы
Қатыл /а/ – өлген
Қатыл ету /а/ – өлтіру
Қимат – қымбат
Қисса /а/ – тақырыбы әр қилы, сюжеті шытырман, қара сөз үлгісінде айтылатын шығарма. Қисса көптеген шығыс халықтарының әдебиеті мен фольклорында кездесетін жанр
Құда, Құдай /п/ – бүкіл ғаламды жаратушы, Алла Тағала, Құдірет.
Құдірет /а/ – керемет күш, ғажайып қасиет; Құдай, Алла, Тәңірі, Жаратушы
Құран /а/ – мұсылмандардың ұғымы бойынша Алла Тағаланың сөзі жазылған, Ислам дінінің негізгі ереже, уағыздары толық көрініс тапқан ең басты қасиетті кітап
Құрдам болу – құрсант болу: қуанышты, шат көңілді, шадыман
Қылап – әділетсіздік; қиянат
Қылуа – машық болған әрекет, қылық
Қысас /а/ – қас, өш
Қышлақ /т/ – қыстақ
Лағыл – қызыл түсті асыл тас
Лазым /а/ – белгілі, анық, мәлім
Лә иләһа илла Аллаһ, Мұхаммед Расул Аллаһ /а/– Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі – мұсылмандарда иман білдіретін куәлік сөз
Ләб /п/ – ерін
Ләп /п/ – сөз
Лоқтыр /о/ – доқтыр
Мағлұм /а/ – белгілі, анық, мәлім
Мазарат – қабір, бейіт, зират
Малул /а/ – шер, мұң, қайғы; қайғылы
Мард /п/ – ер адам, ержүрек, батыр
Мардтық /п/ – батырлық; бекзаттық; адамгершілік
Махфуз, мақпуз, мағбұз /а/ – сақталған, жадында ұсталған; тағдыр, пешене; Құран Кәрім бойынша адамдардың тағдыры жазылып тұрған орын; Лаухул Махфұз [лаух /а/ – тақта] –Құранның 85 – “Буруж” сүресінің 22-аятында көрсетілгендей Жерде болған және болашақта болатындардың бәрі жазылған, барлық қасиетті кітаптардың түп негізін сақтаған жазба, тақта
Маһ, маһи /п/ – ай
Мәдам /п/ – әрқашан, әрдайым
Мәліш /о/ – ұсақ-түйек
Мекем /а/ – мықты
Мехнат /а/ – қиыншылық, азап
Мисле /а/ – мысалы, мәселен
Мият – көңілге медеу, сүйеніш, тірек
Мөһір /а/ – мөр
Мұғада, мұддаға /а/ – мүдде, мақсат, ой
Мүптала /п/ – душар болу, бірнәрсеге ұшырау, жолығу; кіріптар болу, азап шегу
Мүдіуәр – басы айналу; біреуге тәуелді болу
Мүкәммал /а/ – дүние-мүлік, қазына-байлық
Мүләйім /а/ – сырттай қарағанда қулық-сұмдық дегеннен жаны таза, күнәдан пәк, жуас; екі жүзді
Мүмін /а/ – Ислам дініндегі адам, мұсылман
Мүрдәр /п/ – лас, былғаныш; арамдалған; жемтік, өлімтік; жансыз дене
Мінәсіп /а/ – лайықты, жарасымды
Набут /п/ – жоқ болып кеткен; жойылған
Набут қылу /п/ – өлтіру, жою, құрту
Нағыра /п/– музыка аспабы; ұрыс барабаны; дауыс, айғай
Назарат /а/ – керемет сұлу көрініс
Нала қылу – дауыстап жылау, зарлау; қайғы-қасірет шегіп күйіну, қиналып қамығу, ренжу
Налыс, налаш /т/ – қайғы-қасірет, мұң-шер
Нам /п/ – кісі аты, есім
Нама /п/ – жазылған хат; кітап
Намарт, нәмарт /п/ – тексіз; нашар; қайырымсыз, қорқақ; жексұрын
Наслихат – насихат
Науада – егер
Наубайшы – нан пісіруді кәсіп еткен адам
Науша – ұзын бойлы; ашаң; жас жігіт
Нәби Шайбан – ру атауы
Нәйеті – ең ақыры, тіпті, тым болмаса
Нәнке – матаның түрі
Нәпақа /а/ – қаражат; азық; пайдаланатын нәрсе
Нәубет /а/ – апат; өлім
Нығмет /а/ – ырыс, игілік; сыйлық; рахаттық; бақыт; шапағат; Құран Кәрімде баяндалатын бір жәннаттың аты
Оңласын – оңдасын
Ошал /т/– сол
Палбасы – балашушыға берілетін ақы
Пардоздау /п/ – әдемілеу, ажарлау; сәндену
Пәрмен /п/– бұйрық; күш-қуат; екпін
Пәруардәр, Пәруардигар /п/ – Жаратушы, Жасаған, құдіретті Құдай
Пәтүніс /о/ – таба, леген
Пәтшағар /п/ – оңбаған, жексұрын; бұзық, тентек
Пәуеске /о/ – күйме
Пұл – ақша
Пұрсат /а/ – мұрсат; сәт, орай
Рабб /а/ – тақсыр; ие, еге, қожа, патша; Алла Тағаланың 99 есімінің бірі. Мағынасы: жоқтан бар етіп, толықтырып асыраушы, тәрбиеші, бүкіл әлемнің қожасы, патшасы.
Раушан – анық, ашық
Рахман /а/– мейірімді, рақымды; Алла Тағаланың 99 есімінің бірі
Рахмат /а/– рақым, мейірім
Сабах /а/ – күн сәулесі, таң, таңсәрі; ертемен
Сағыр /а/ – кішкентай, жас
Сақи /а/ – жомарт, ақ көңіл, ақ пейіл; қайырымды; шарап құюшы
Сардар /п/ – сарбаздардың басшысы; қолбасы
Сарпай /п/ – той үстінде тартылатын сый-кәде
Сахар /а/– ертемен; таң, таңертең; сәресі, таң атып келе жатқан мезгіл
Сахат /а/ – дені-бастың саулығы
Сауыр – малдың белдеме мен сан үсті терісінен жасалатын былғарының қалың түрі
Сәна – қайғы; тілек-өтінішті білдіретін -шы, -ші орнына қолданылатын жұрнақ: бар-сәна [баршы].
Сәруақ – таң алдындағы алагеуім кез
Сәрһұш /п/ – естен тану
Сәйір /а/ – сейілдеу; көңіл көтеріс, қыдыру
Сәурік – жаңадан үйір ала бастаған жас айғыр
Ситше /о/ – сиса
Сиясат /а/ – салтанат; алаң, ашық жер; өнер; мәтіндерде үкімет орны деген мағынада да қолданылған
Сиясатты /а/ – ақылды, өнерлі; айбатты, дұшпанға үрей көрсететіндей
Сұбхан /а/ – мадақтау, мақтау, пәктеу, дәріптеу
Сұбхан Алла /а/ – Аллаға мадақ! [Құран Кәрімде бұл мадақ 93 мәрте кездеседі]
Табиат /а/ – мәтінде тағдыр деген мағынада қолданылған
Табиб /а/ – дәрігер, емші
Табиғ /а/ – мінез-құлық; әрбір адамның өзіне ғана тән ерекшелігі, қасиеті
Таға – аға; нағашы
Тағала /а/ – бәрінен жоғары, ең жоғары мәртебелі; Алланың 99 есімінің бірі
Тағат /а/ – шыдам, төзім, сабыр; құлшылық
Тағриф /а/ – түсіндіру, таныстыру
Тақыт, тахыт – ою-өрнектеліп, безендірілген, арқасы және жақтауы бар мүлік [қазіргі диван тектес]; тақ; монархтың отыратын орындығы, билікке ие болу белгісі
Тауфиқ /а/ – ынсап, қанағат; жәрдем, көмек; табыс; бақыт
Таш – жақын, жуық
Тәліп /а/ – үлгі, сабақ, мысал
Тәмсіл /а/ – әсер; пікір; өсиет
Тәнсін ету – таң қалу
Тәсір /а/ – әсер
Төгірек – төңірек
Төрік [торг] /о/ – саудалау, сауда
Уа /а/ – және
Урот /о/ – мәтінде бұл сөз ауыспалы мағынада пайдаланылған: әкесінен қалған мал-мүлікті шашып-төкті, ысырап қылды, рәсуа етті
Ұғыл – ұл
Ұзыр (ғұзыр) айту – кешірім сұрау, ақталу
Ұстад – ұстаз, ақылшы
Үлпат – жақын, үйір
Үр – [хор деген сөздің фонетикалық өзгеріске түскен түрі] – діни наным бойынша жұмақта болатын мәңгі жас, өте сұлу қыздар
Үшбу /т/ – осы, мына
Фаған /а/ – зарлау, айқайлау; қасірет шегу
Фазыл /а/ – артық, ең жақсы; көргенді, өнегелі, абзал; адам аты
Фаррар /а/ – қашқын, дезертир
Хазірет /а/ – жоғары мәртебелі. Пайғамбарлардың, имамдардың, белгілі әулиелердің есіміне қосылып айтылатын құрметті атақ
Хайла, қайла /а/ – айла, ылаж, шара; құлық; тәсіл, амал
Хақ /а/ – шындық, күмәнсіз ақиқат; Алла Тағаланың 99 есімінің бірі
Халал /а/ – шариғат бойынша рұқсат берілген; адал, таза; заңды; некеленген; некелеп алған жұбай
Халас /а/ – құтылу, арылу, құтқарылу
Халас ету – босату, ажырату, азат ету
Хале тон – бағалы тон, шапан
Халиф, халифа /а/ – Ислам орнағаннан ХІІІ ғасырға дейін араб елдерінде дін мен үкімет билігін бір қолға ұстаған мемлекет билеушісі
Хараж /а/ – шығын; төлем; садақа; салық; алғашында мұсылман мемлекеттерінде тұрып жатқан басқа дін өкілдері ғана төлеуге тиіс жер салығы.
Харам /а/ – шариғат бойынша тыйым салынған, яғни ішіп-жеуге, қолдануға жарамайтын нәрсе [Құран Кәрімде бұл түсінік 71 жерде қолданылған]; таза емес, заңсыз
Харами /а/ – арамза, жүзіқара, жауыз
Хасыл /а/ – нәтиже, қорытынды; арманына, мақсатына жету; хасыл болды – тілегі орындалды
Хауыз /а/ – бассейн, су қоймасы
Хош – көңілдің жан сүйсінерліктей жай-күйі, ықылас-зауқы
Хүкім /а/ – үкім, бұйрық
Хүкімет /а/ – әміршілдік, үкім
һауа – ауа
һәмма, һәммасы – барлығы
һәр, һәрбір, һәрне, һеш – әр, әрбір, әрне, еш
Шад хиррам /а. п./ – өте қуанышты, көңілді
Шартық – тарттырғанда ен тамыры толық үзілмей, шала үзілген еркек мал
Шашма – бұлақ
Шерістан – қайғы, уайым әлемі, рахаты жоқ тіршілік, бақытсыздық мағынасында қолданылған
Шерік – әскер, сарбаз
Шеттік – кимешектің жағасына қадайтын әшекейлі күміс
Шом – түйенің беліне жүк батпас үшін қабаттап салынған киіз, ескі-құсқы киім, т.б.
Шоры – кәнизәк, күң
Ықыраж /а/ – салық, төлем, шығын
Імкан, імкән /а/ – мүмкіндік
Ішкері – ішке таман, ішке қарай
Telegram bot
Вконтакте